Әлеуметтік мобильдік теориясы


ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИЕТІ
ФИЛОСОФИЯ ЖӘНЕ САЯСАТТАНУ ФАКУЛЬТЕТІ
ӘЛЕУМЕТТАНУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ЖҰМЫС КАФЕДРАСЫ
(MSPZ 1103) ӘЛЕУМЕТТАНУ ПӘНІ БОЙЫНША
ДӘРІСТЕР ТЕЗИСІ
МАМАНДЫҚТАР:
2022-2023 оқу жылының күзгі семестрі
Компьютерлік инженерия (6B06103), Деректер туралы ғылым (6B06107), Табиғи-техногендік қауіп-қатерлер (6B05206), Геодезия және картография (6B07301), Туризм (6B11101), Мейрамхана ісі және қонақ үй бизнесі (6B11103)
2 КРЕДИТ
Алматы, 2022
1-дәріс. Әлеуметтану ғылымы, оның объектісі мен пәні
Дәрістің жоспары:
- Әлеуметтану ғылым ретінде. Әлеуметтанудың құрылымы
- Әлеуметтанудың атқаратын қызметтері
- Әлеуметтанудың пәні, объектісі, басқа қоғамдық ғылымдармен байланысуы
Дәрістің мақсаты: әлеуметтанудың ғылым ретіндегі пәні мен объектісін, міндеттері мен атқаратын қызметтерін және басқа қоғамдық ғылымдармен байланысын қарастыру.
Адамзат баласын ерте заманнан-ақ әлеуметтік мәселелер толғандарған. Қоғамның құрылымы (бай мен кедей, адамның проблемалары) туралы алғашқы ойларды антикалық философтар айтқан (Платон, Аристотель) . Әлеуметтанудың ғылым ретінде пайда болғанына көп болған жоқ. Басқа қоғамдық ғылымдармен салыстырғанда анағұрлым жас ғылым. 1839 жылы француз математигі, философ Огюст Конт «Социология» (Әлеуметтану) терминін ғылыми айналымға енгізді. Социология термині латынның societas - қоғам, гректің logos- оқимын, зерттеймін деген сөздерінен шыққан.
Әлеуметтану - қоғам туралы ғылым. Әлеуметтану ғылымы қоғамның даму заңдылықтарын, қоғамдағы әлеуметтік құбылыстарды, әлеуметтік процестерді, әлеуметтік байланыстарды, әлеуметтік институттарды, әлеуметтік қатынастарды зерттейді. Зерттеу барысында нақты фактілерді жинап, оны талдап, соның негізінде ғылыми қорытындылар жасайды.
Әлеуметтанудың мәні - қоғамды жетілдіру, жетілдіруге қатысу. Яғни статистикалық материалдар, социологиялық зерттеулердің нәтижелері негізінде тиімді басқару үшін оптимальды шешімдер шығару; немесе әлеуметтік проблеманы көрсетіп беру.
Қоғам - көптеген ғылымдардың объектісі болып табылады. Әлеуметтану қоғамды зерттейтіндіктен, қоғамды зерттейтін басқа ғылымдармен тығыз байланысады: тарих, экономика, саясаттану, дін, мәдениет, психология, т. б. ғылымдар. Бұл ғылымдардың қоғамды зерттеу әдістері, теориялары ортақ. Мысалы, психология, экономика, саясаттану, антропология, миграциология, дінтану, этнография сынды ғылымдар бір-бірінің теориялық базасын толықтырып отырады. Бұл ғылымдардың шығу тегі бір. Көптеген қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар әлеуметтік философияның аясында пайда болған. Әлеуметтік философия - философияның бір саласы. Ол нақты бір тарихи оқиғаларға сүйене отырып нақты қорытындылар жасайды. Алайда бұл ғылымдардың зерттеу пәні әртүрлі болады. Зерттеу пәні осы ғылымдарды бір-бірінен ерекшелеп тұрады. Мысалы, психологияның пәні - тұлғаның ішкі жан-дүниесі, сапасы болса, әлеуметтану - тұлғааралық қатынастар, қарым-қатынас, коммуникация, рольдік қатынастарды зерттейді. Саясаттану азаматтық қоғамды қарастырса, әлеуметтану сол азаматтық қоғамды құраушы адамдар арасындағы байланыстар, адамның көзқарасы, мотивтерін қарастырады.
Әлеуметтану - эмпирикалық ғылым, яғни тәжірибеге сүйенеді. Сондықтан кейбір жаратылыстану ғылымдарымен де байланысады: математика, статистика, география, т. б.
Әлеуметтану - қоғам мүшелері арасындағы әлеуметтік байланыстарды қарастырады. Әлеуметтану адамның қоғамда алатын орнын анықтайды.
Сонымен, әлеуметтанудың зерттеу объектілері -
Біріншіден - қоғам. Әлеуметтануда «Қоғам» адамдар арасында болып жататын алуан түрлі қарым-қатынастардың күрделі жиынтығын білдіреді. Кез-келген қоғам экономикалық, саяси, әлеуметтік және рухани салалардан тұрады.
Екіншіден - жеке адам. Жеке адам да, қоғам да барлық әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар объектісі болып табылады. Әлеуметтану жеке адамның биологиялық, әлеуметтік және психологиялық ерекшеліктерін сипаттай отырып, кешенді зерттеледі.
Үшіншіден - әлеуметтік топтар мен страталар. Әлеуметтік топтар мен страталар адамдардың әлеуметтік рөліне, атқаратын қызметіне, әлеуметтік мәртебесіне байланысты жіктелуі. Мысалы, сіздер «қай топтың мүшесіміз?»-деген сұраққа жауапты осы әлеуметтану пәнінен ала аласыздар.
Төртіншіден - әлеуметтік институттар. Әлеуметтік институттар адамдардың мақсатына, атқаратын қызметтеріне, әлеуметтік байланыс түрлеріне қарай ресми түрде әртүрлі ұйымдарға мүше болуы. Сіздерде «мен қандай әлеуметтік институтқа мүшемін?» - деген ой туындауы мүмкін. Сіздер қазір отбасы, білім инстиутына мүше болып отырсыздар.
Бесіншіден - әлеуметтік процестер. Әлеуметтік процестер адамдар арасындағы қарым-қатынас, өзара байланыс негізінде әртүрлі бағытта қалыптасады. Экономикалық, саяси, мәдени, ұлттық, инновациялық, тағы да басқа процестерді атауға болады.
Әлеуметтанудың зерттеу объектісіне талдау жасау, бұл ғылым саласының қарастыратын мәселелерінің аясының кеңдігін көрсетеді.
Енді әлеуметтанудың пәніне тоқталайық:
Бірінші: Жалпы теориялық әлеуметтану алуан түрлі әлеуметтанулық теориялардың жиынтығы. Яғни қоғамды, адамды зерттеудегі жалпы деңгейде қолданылатын теориялар.
Екінші: Орта деңгейдегі не арнайы әлеуметтанулық теориялар қоғамның негізгі салаларын терең зерттейтін әлеуметтанулық ғылым саласы. Алпыстан аса орта деңгейдегі әлеуметтанулық терориялар қалыптасты. Олар отбасы, экономика, саясат, мәдениет, тағы басқа мәселелерді терең зерттеуге бағытталған.
Үшінші: Микро әлеуметтану нақты ұйымдар, әлеуметтік институттар деңгейіндегі мәселелерді қарастырады. Бұл бөлім нақты әлеуметтанулық зерттеулерді қамтиды.
Әлеуметтану бір сөзбен айтқанда қоғамды зерттейтін ғылым, яғни, қоғамды макро, мезо- және микро- деңгейлерде зерттейді.
Макро деңгейде: қоғамды тұтастай қарастырады;
Мезо деңгейде:
- жекелеген институттар шеңберінде. Мысалы, отбасы, білім, мәдениет саласы, экономика, әскери сала, қызмет көрсету саласы, т. б.
- әлеуметтік топтарды зерттейді. Мысалы, жастар, жұмыссыздар, этностар, кәсіпкерлер, т. б.
- әлеуметтік процестерді зерттеу: урбанизация, кедейлік, БАҚ, әлеуметтік жанжалдар, қозғалыстар, т. б.
Микродеңгейде: адамның күнделікті іс-әрекеті, қоршаған ортамен байланысын, жүріс-тұрысын зерттеу, яғни тұлғалық деңгей.
Әлеуметтанудың құрылымы:
- Теориялық әлеуметтану (қоғамдағы фундаментальды мәселелер)
- Эмпирикалық немесе қолданбалы әлеуметтану (әлеуметтік құбылыстарды зерттеу. Неге, не себепті деген нақты сұрақтарға жауап алуға болады) .
Әлеуметтанудың атқаратын қызметі, қоғам үшін маңыздылығы:
- теориялық-танымдық (әлеуметтану ғылымы аясында қоғамды танып білуге болатын жаңа теориялар шығады) ;
- мәдени-ағартушылық;
- дүниетанымдық (белгілі-бір дүниетанымды қалыптастырады. Дүниетанымы қалыптасқан адамды әдетте, әлеуметтік-психологиялық тұрғыда тұрақты адам дейміз) ;
- әлеуметтік-болжамдық;
- басқару;
- әлеуметтік қайта құру.
Сонымен, әлеуметтану ғылымының зерттеу пәні - қоғамның әлеуметтік өмірі, адамның іс-әрекетінің нәтижесінде пайда болған барлық құбылыстар мен процестер. «Әлеуметтік» деп адамға қатыстының барлығын айтамыз. Әлеуметтік өмір деп отырғанымыз адамдар тұрақты қауымдастықтарының арасындағы байланыстар. Әлеуметтік қауымдастықтың 7 түрі бар:
- Әлеуметтік қабаттар, таптар: жұмыссыздар, жұмысшылар, қызметкерлер, кәсіпкерлер, әскерилер, байлар, кедейлер, феодалдар, ақсүйектер, т. с. с.
- Әлеуметтік-демографиялық (жасы, жынысы) : әйел, еркек, бала, қарт, жастар
- Әлеуметтік-территориялық: ауылдық, қалалық, солтүстік, оңтүстік, т. с. с.
- Әлеуметтік-этникалық: ұлттар, халықтар, этностар, диаспоралар, ру
- Әлеуметтік-кәсіби: дәрігерлер, мұғалімдер, әскери, инженер, т. с. с
- Діни қауымдастықтар: исламдық, буддизм, секталар, т. с. с
- Тұлғааралық қауымдастықтар немесе қызығушылықтары бойынша бірлескен топтар: отбасы, достар, спорт, субмәдениет өкілдері, т. с. с
Әлеуметтану осы қауымдастықтар арасындағы байланыстарды зерттейді. Қалалық пен ауылдық, кәсіпкер мен жұмыссыз, ұлттар мен дін, т. б. осы байланыстарды объективті түрде, ғылыми зерттеулерге сүйене отырып түсіндіреді. Сонымен қатар әлеуметтану, қауымдастық деңгейінде ғана емес, осы қауымдастықтарды құрайтын жекелеген индивидтер арасындағы байланыстарды зерттейді.
Тексеру сұрақтары:
- Әлеуметтану ғылымына алған ақпараттар негізінде өзіңіздің анықтамаңызды беріңіз.
- Әлеуметтанудық басқа ғылымдар саласынан ерекшелігін анықтаңыз.
- Әлеуметтанудың зерттеу объектілеріне талдау жасаңыз.
- Әлеуметтаудың құрылымын сипаттаңыз
- Әлеуметтанудың атқаратын функцияларының өзара байланысын көрсетіңіз.
Әдебиет:
- Бринкерхоф Д., Уейтс Р., Ортега С. Әлеуметтану негіздері: Оқулық. 9-басылым. Ұлттық аударма бюросы. Астана, 2018 жыл
- Әбдікерова Г. О. Әлеуметтану. Оқу құралы. Алматы. Қазақ университеті, 2011 жыл
- Биекенов К. Ү., Биекенова С. К., Кенжакимова Г. А. Әлеуметтану: Оқулық. Алматы, 2016 жыл
- Садырова М. С. Әлеуметтану: өзекті мәселелер. Алматы, 2014 жыл
- http://elib. kaznu. kz/book/ - пән бойынша әдебиеттердің электронды нұсқалары базасы
2-дәріс. Әлеуметтану ғылымының тарихи қалыптасуы мен дамуы
Дәрістің жоспары:
- Әлеуметтану ғылымының пайда болуына әсер еткен тарихи жағдайлар.
- Огюст Конт - әлеуметтану ғылымының негізін қалаушы. О. Конттың әлеуметтанулық ой-пікірлері.
- Герберт Спенсер - әлеуметтанудағы органикалық бағыттың негізін. қалаушы, әлеуметтік эволюционизм теориясының авторы.
- Эмиль Дюркгейм - әлеуметтік факт және аномия теориялары.
- Карл Маркс - теңсіздік теориясы.
- Макс Вебер - әлеуметтанудағы іс-әрекет теориясының негізін қалаушы.
- Әлеуметтану ғылымындағы негізгі теориялар.
Дәрістің мақсаты: Білім алушыларға әлеуметтану ғылымының шығу тарихымен, пайда болуына әсер еткен факторлар және ғылымның қалыптасуына үлесін қосқан негізгі ғалымдармен және олардың негізгі еңбектерімен таныстыру. Сондай-ақ әлеуметтану ғылымындағы негізгі теориялармен таныстыру.
Әлеуметтану ғылымының пайда болуына әсер еткен тарихи жағдайлар:
- Франциядағы үш революция (1789 ж., 1830 ж., 1848 ж. ) ;
- Жаратылыстану ғылымдарының дамуы (физика, химия, биология) ;
- Англиядағы, Франциядағы капитализмнің дамуы;
- Урбанизация, қалалардың өсуі;
- Әлеуметтік философиялық ойдың дамуының жаңа сатысына өтуі.
Огюст Конт (1798-1857) - француз математигі, философ, әлеуметтанушы, әлеуметтану ғылымының негізін қалаушы, позитивист ғалым. Ғылым әлеміндегі позитивизм бағытының авторы. О. Конт әлеуметтануды қоғамдық ғылымдардың арасындағы ең маңыздысы деп түсінген. Конттың айтуы бойынша, әлеуметтану - физиканың әлеуметтік қатынастарды зерттейтін саласы. О. Конт: «Физиканың аспан денелерін, жер қыртысын зерттейтін салалары бар, сонымен қатар физиканың жануарлар мен өсімдіктер әлемін зерттейтін саласы органикалық физика деп аталады, ал физиканың адам әлемін зерттейтін саласын әлеуметтік физика деп атауымыз керек. Әлеуметтік физика қоғамдық құбылыстар мен процестерді зерттеуі керек».
О. Конттың негізгі еңбегі - «Позитивті философияның рухы». Осы еңбекте Конт «қоғамға әлеуметтану керек пе?» деген сұрақ қойып, әлеуметтанудың не үшін керектігін былай түсіндіреді:
1. оқиғаны білу үшін оны бақылау керек
2. жағдайды болжау үшін оны түсіну керек
3. жағдайға шара қолдану үшін оны болжау керек
Конттың айтуы бойынша, түрлі жанжалдар, соғыстар қоғамды ыдыратады және осындай жағдайды болдырмау үшін әлеуметтану қажет. Әлеуметтану қоғамды ыдырататын келеңсіз жағдайлардың алдын алып отыруы керек. Ол үшін түрлі ғылыми әдістерді қолдануы керек. Әлеуметтану ғылымы үшін бақылау әдісі тиімді. Болып жатқан оқиғаны бақылаудың нәтижесінде оқиға туралы ортақ бір заңдылық ашылып, оқиғаға ненің әсер еткені білініп, себеп-салдарлық байланыс анықталады. Әлеуметтану ғылымы пайда болғанға дейін адамдар бұл сұрақтардың жауабын қайдан іздеген деген сұрақ қояды Конт. Конт жауап берген: « . . . дін мен философиядан іздеген. Бірақ уақыт өте келе қоғамды тануға арналған мұндай әдістер ескірді. Қоғам өзгеріп келе жатыр. Адамзат баласы жаңа дәуірге қадам басты. Индустриялық қоғам орнайды. Техника қарыштап дамиды, еңбек құралдары күрделене түседі. Алдымызда орасан зор ғылыми ашылулар, жаңалықтар күтіп тұр. Осы жағдайда ғылыми көзқараспен ойлау, әр нәрсенің себебін ғылыми тәжірибелерге сүйене отырып түсіндіруіміз қажет. Ғылымның дамуы адамға, оның өмір сүру жағдайына деген көзқарасты түбегейлі өзгертеді. Жаңа заманды, индустриялық қоғамды орнату үшін жаңаша ойлайтын адамдар керек. Ал, қоғамды өзгертетін, жаңаша ойлайтын адамдарды қайдан аламыз? Ол үшін мемлекетте позитивті (яғни ғылыми) саясатты іске асыру керек. Ол үшін білім мен отбасылық тәрбиені қолға алу керек. Халыққа, оның ішінде жұмысшыларға, олардың отбасына білім беру керек. Білім бәріне ортақ, қол жетімді болуы керек».
О. Конт баланың білім алуын екі кезеңге бөледі:
Бірінші кезең, отбасылық кезең деп аталады. Бұл кезеңде баланың бойында әлеуметтену (әлеуметтену дегеніміз адамның қоғамға енуі, қоғаммен араласуы), оқу, эстетикалық даму, шаруаға икемделу, жыныстық жетілу процестері іске асады.
Екінші кезеңде бала мектеп пәндерін игеруі керек. Олар: математика, астрономия, физика, химия, биология, әлеуметтану.
Баланың толыққанды білім алуы үшін отбасының маңызы зор. Әлеуметтік жағдайы қалыпты отбасыда бала адамгершілік тұрғысынан жетіледі, дамиды.
О. Конт адамзаттың интеллектуалды дамуын үш кезеңге бөледі:
1. Теологиялық кезең (мифология, діннің үстемдік құруы) ;
2. Метафизикалық (философиялық) кезең. Бұл кезеңде адамзат баласы әр нәрсенің қыр сырын абстрактілі түрде түсіндірді. Логикаға сүйеніп түсіндіруге тырысты;
3. Позитивті, яғни ғылыми кезең. Бұл кезеңде адамзат ғылыми тәжірибелерге, эксперименттерге сүйеніп тұжырым шығара бастады.
Г. Спенсердің эволюциялық тұжырымы
Герберт Спенсер (1820-1903) - ағылшын антропологы, философы. Еңбектері: «Негізгі бастамалар», «Психология негіздері», үш томдық «Әлеуметтану негіздері», «Әлеуметтану зерттеу пәні ретінде», «Этика негіздері» және т. б.
Әлеуметтанудағы органикалық бағыттың негізін қалаушы, әлеуметтік эволюционизм теориясының авторы. Ол «Әлеуметтану негіздері» атты еңбегінде қоғамды Ч. Дарвиннің эволюционизм теориясының желісімен түсіндіруге тырысты. Табиғатта тірі қалу үшін күрес болатыны тәрізді, қоғам ішінде де үнемі тап күресі (бай мен кедей арасындағы күрес) болып жатады. Спенсер қоғамды үлкен тірі ағзаға теңеді. Ауылшаруашылығы қоғамның ас қорыту жүйесі, сауда саттық - қанайналым жүйесі, армия - ағзаның қорғаныш қабаты, яғни тері. Ал, транспорт пен жолдар - қоғамның жүрек, қантамыр жүйесі деп түсіндіреді қоғамның құрылысын Спенсер.
Г. Спенсердің айтуы бойынша қоғам дәстүрлі, аграрлы қоғамнан индустриалды, дамыған қоғамға аяқ басты.
Дәстүрлі қоғамда жер игеру, қол еңбегі, халықтың ауылдық жерде тұруы, қатаң әскери тәртіп, коллективизм, мәжбүрлеу, биліктің атадан балаға мұраға қалуы, адамның іс әрекетін басшылар қатаң бақылауға алу тән.
Индустриалды қоғамда өнеркәсіп дамиды. Қалалар қарқынды дами бастайды. Индвидуализм, сөз бостандығы, коммерциялық келісімдер, кәсіпкерлік, халықты сыртқы күштерден қорғау, адамның дамуына жағдай жасау, халықтың белсенділігі жоғары болуы сияқты жағдайлар орын алады.
Спенсер жеке бостандық пен еркін бақталастық ұстанымдарын насихаттады. Қоғамның жаратылыстық дамуына кез-келген араласушылық әрекеттер өте жағымсыз жағдайларға ұрындырады деп есептеді.
Спенсер қоғам өміріндегі мемлекет ролін шектеуді жақтады. Ол тіпті мемлекет кедейлерге көмектесу, немесе болашақ ұрпаққа тәрбие беру сияқты әрекеттерден де бас тартуы қажет деп есептеді.
Спенсердің эволюциялық даму заңы үш негізге сүйенеді. Бұлар: зат, қозғалыс және күш, яғни мағынасы кез-келген затты белгілі бір күш қозғалысқа келтіреді.
Эволюция кез-келген затты біртектіліктен көптектілікке, айқынсыздықтан айқындылыққа әкеледі.
Эволюция жүйелер теңдігіне жеткенде тоқтайды. Егер жүйелер теңдігі бұзылса қоғамның жіктеліп, шашырауы басталады. Осыдан кейін жаңа эволюциялық үрдіс басталады. Сөйтіп қоғам дамуы үздіксіз қайталанып отыратын теңдік бұзылу жинақтау кезеңдерінен тұрады.
Спенсер эволюциялық үрдістің үш түрін бөліп шығарды. Бұлар бастапқы жаратылыстық, жаратылыстық және жаратылыстан жоғары. Бастапқы екеуінде қоғам табиғаттың бір бөлшегі ретінде дамиды. Ал жаратылыстан жоғары, бұл айқын дамыған ақыл-ой мен еңбек тәжірибесіне негізделген даму үрдісі.
Әлеуметтік институттар - адамдардың бірлесіп сүруін қамтамасыз ететін өзін-өзі ұйымдастыру тетіктері.
Спенсер әлеуметтік институттарды бес түрге жіктеді.
- Үй-жайлық институттар, бұлар отбасы, некелік қатынастар, бала тәрбиесі, туыстық, көршілік қарым-қатынастар.
- Рәміздік институттар, бұлар адамдар арасындағы күнделікті өзара түсіністікті қамтамасыз ететін дәстүр, талғам, рәміз және т. б.
- Саяси институттар, бұлар топтар арасындағы жанжал-егес негізінде пайда болды. Соғыс пен егестер қоғамның топтық құрылымы мен саяси ұйымдардың пайда болуына әкелді. Бұл топқа мемлекет, құқық, әскер, полиция және т. б. кіреді.
- Діни институттар, бұлар қоғамның рухани бірлігін қамтамасыз етеді.
- Кәсіби-өнеркәсіптік институттар, бұлар қоғамдағы еңбек бөлінісінің нәтижесінде пайда болды. Бұған өнеркәсіп орындары, кәсіподақтар және т. б. материалдық өндіріс аймағындағы ұйымдар кіреді.
Спенсер әлеуметтік құрылымның мынадай белгілерін көрсетті:
- Қоғам қашанда өсіп отырады, яғни адамдар саны, байлық, қор көбейіп отырады.
- Қоғамның өсуі, оның құрылымының күрделенуіне әкеледі.
- Әлеуметтік құрылымның күрделенуі, қоғам бөліктерінің атқаратын қызметтерінің жекеленуіне әкеледі.
- Келесі кезекте қоғам бөліктерінің арасындағы қарым-қатынас күшейеді.
- Қоғамдық тұрақтылық, оның бөліктерінің қызметтерінің тұрақтылығы арқасында қамтамасыз етіледі.
Эмиль Дюркгейм (1859-1917) - француз әлеуметтанушысы. Негізгі идеясы - қоғамда қалыптасқан құндылықтар мен нормалар, әлеуметтік факт, коллективті сана, яғни, адамдардың жасаған іс-әрекеті, жалпы әлеуметтік процестер қоршаған ортаның әсерінен туындайды. Аномия теориясының авторы. Аномия - қоғамның психикалық күйі. Аномиялық жағдай экономикалық кризис кезінде, қоғам модернизацияланғанда туындайды. Аномиялық жағдайда халық арасында суицид (өзін өзі өлтіру), ұсақ қылмыстар, ұрлық, жезөкшелік, әлімжеттік сияқты оқиғалар көбейеді.
Э. Дюркгеймнің айтуы бойынша әлеуметтану нақты статистикалық фактілерге сүйеніп тұжырым жасайтын ғылым. Ол статистикалық мәліметтерді талдап, француз қоғамындағы суицидтің орын алу себептерін анықтап, «Суицид» атты еңбегін жазған. Қоғам өзгеріп, дәстүрлі құндылықтар жойыла бастағанда адамның өзіне өзі қол жұмсау фактілерінің көбірек болатындығын анықтаған. «Суицид» еңбегінде Э. Дюркгейм суицидтің үш түрін көрсеткен:
1. аномиялық (қоғам өзгеріп, дәстүрлі құндылықтар жойыла бастағанда)
2. альтруистік (біреу үшін жанын қию)
3. эгоистік (өзінің қамы үшін) .
Марксизм тұжырымының негізін қалаушылар К. Маркс (1818-1883) және Ф. Энгельс (1820-1895) болды.
Марксизм басқа ғылыми бағыттардан, өзінің таптық қарсылыққа бағытталуымен ерекшеленді. Егер басқа ілімдер өмір сүріп тұрған қоғамдық жүйені жаңартуға бағытталса, марксизм бұл жүйені түпкілікті жоққа шығарды.
К. Маркс пен Ф. Энгельс тұңғыш рет қоғамдық дамуды жіктеуді іске асырды. Олар қоғам дамуын бес қоғамдық-экономикалық формацияға бөлді. Бұлар: ерте дәуір, құл иелену дәуірі, феодалдық дәуір, капиталистік дәуір және коммунизм. Әрбір формация тарихи дамудың келесі кезеңі болып табылады. Бір дәуірден келесі дәуірге өткенде шаруашылық әдіс, саяси жүйе, әлеуметтік ұйымдасу және т. б. қоғамдық көрсеткіштер өзгеріске түседі.
Формацияның өмір сүруі өндірістік күштер мен өндірістік қатынастар арасындағы теңдікке, келісімге тәуелді. Бұл екеуінің арасында қайшылық туса, әлеуметтік төңкеріс іске асырылады.
Әлеуметтік құрылымды, Маркс, қоғамның таптарға бөлінуі деп түсіндірді, қоғамның таптарға бөлінуінің себебі еңбек бөлінісі мен жеке меншік.
Үстемдік етуші тап негізгі өндірістік құралдарды, еңбек бөлінісі мен заттық құндылықтарды өз бақылауында ұстайды. Белгілі бір тапқа жату тегі адамның қоғамдағы орнын айқындайды.
Қоғамның басқа мүшелері үстемдік етуші тапқа өз еңбек күшін сатып өмір сүреді.
Екі таптың экономикалық мүдделері қарама-қайшы болғандықтан, олардың арасында таптық күрес пайда болады. Таптық күрес қоғамдық дамудың қозғаушы күші болып табылады.
Қоғамдық тап біртекті, айырмасыз тобыр емес. Таптың өз ішінде де өмір үлгісіне, діни сеніміне, ұлтына және т. б. ерекшеліктеріне қарай айырмашылықтар болады.
К. Маркс пен Ф. Энгельстің әлеуметтік конфликт теориясы батыс қоғамына үлкен әсер етті.
Макс Вебер (1864-1920) неміс социологы. Еңбектері: «Протестанттық этика және капитализм рухы»; «Негізгі әлеуметтік түсініктер»; «Әлеуметтік-ғылыми және әлеуметтік-саяси танымдардың объективтілігі». Вебердің пікірінше «барлық қоғамдық институттар, құрылымдар, мінез-құлық нысандары оларға адамдар берген мән-мағына нәтижесінде реттеліп отырады. Адамның субъективті мәні жалпыға айналып үлгілі түр (идеальды тип) пайда болады. Әлеуметтану дегеніміз адамдардың әлеуметтік әрекетін реттеп отыратын осы үлгілі түрлер туралы ғылым. Әлеуметтік әрекет кезінде даралық өз «Мен» дегенін іске асырады. Міне осы жерде әлеуметтану жаңағы «Мен» деген тұрғыдағы әлеуметтік әрекеттің қоғамдық үлгіге сәйкес болуын қамтамасыз етеді».
Әлеуметтану ғылымындағы негізгі теорияларға шолу
Құрылымдық-функционалды теория
Негізгі өкілдері: әлеуметтанудағы классикалық кезең өкілдері - О. Конт, Г. Спенсер, Э. Дюркгейм; сондай-ақ Т. Парсонс, Р. Мертон, Э. Гидденс, т. б. ғалымдар дамытты.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz