Фольклор - сөз өнері



Жұмыс түрі:  Курстық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 23 бет
Таңдаулыға:   
Кіріспе
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Курстық жұмыс XVIII-XX ғғ. басындағы Қазақстан тарихының фольклорлық деректеріне қатысты сұрақтарды камтиды. Жұмыс 25-бетте жазылған және кіріспеден, екі негізгі бөлімнен, қорытынды және қолданылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
Өзектілігі. Тарихи деректану саласында зерттелмеген, әрі өзектілігі артып отырған ғылыми мәселенің бірі қазақ фольклорымен байланысты. Дала өркениеті тудырған фольклор мәліметтеріне деректік талдау жасау, көшпелілік болмысқа тән тарихи ой-сана мен тарихи таным өрісін, оның табиғатын және құрамдық бөліктерін, әлеуметтік-мәдени қызметін тануға жол ашады. Тарихи ертегілер, жыр-дастандар, тарихи әңгімелер, аңыз, әпсаналар, қария сөз, шешендік, билер сөзі және басқа да ауызша айтылып, халық жадында сақталған мұралар фольклорды құрайтын ішкі деректерге жатады. Қазақ фольклорында үлкен деректік қор бар. Ол деректемелердің тарихи шындықты суреттеудегі ерекшеліктері ғылымда қарастырылмай келеді. Алайда, XVIII-XX ғғ. қазақ фольклорының тарихи мәліметтерін сын көзқарас тұрғысынан тексеру, нақты ғылыми тәсілдермен шындыққа сәйкес келетін ақиқатын анықтау қазақ фольклорын деректік тұрғыда зерттеуді жаңа деңгейге көтеретін келелі мәселе.
Зерттелу деңгейі,тарихнамасы
Ш.Уәлиханов - қазақтың тұңғыш деректанушы ғалымы. Қазақ фольклорын ғылыми талдау ісі Ш.Уәлихановтан басталды деуге болады. Ол ғасырлар қойнауында дүниеге келген ауыз әдебиетінің үлгілерін жинаумен қатар, оларға талдау жасап, ғылыми қүндылықтарын да көрсете білді. Мысалы, Қазақ шежіресі деген еңбегіндегі қазақ халқының даму ерекшелігіне сай, ел арасына кең тараған тарихи деректер тобына жататын аңыз-дастандар туралы осыны айтуға болады.
Аса көрнекті фольклортанушы, педагог ғалым, қоғам қайраткері, Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің де ғылыми жолы қазақ фольклорын зерттеумен байланысты. М.Ғабдуллиннің қазақ фольклортануында аса бағалы үлес болып қосылған қабырғалы еңбегі Қазақ халқының ауыз әдебиеті болды. Аталған еңбектің ғылыми мәні ерекше. Жоғарғы оқу орнының студенттеріне арналған оқу кұралы ретінде жазылған осы еңбек 1958 жылы жарыққа шыққан болатын. 1948 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институты Қазақ әдебиеті тарихының фольклорға арналған бірінші томын шығарған. Мұнда дәстүрлі ауыз әдебиеті жанрлар және дәуірлер бойынша жүйелеп баяндалды. Бұл том қазақтың дәстүрлі фольклорының тарихын кең қамтып, байыппен бағдарлаған құнды еңбек болып қалғаны мәлім. Алайда, фольклортану тарихы мен оның оқу құралын жазу принциптері бір емес және М.Ғабдуллин аталған еңбегінде көп жанрларды, тақырыптарды қайта қарап, олардың анықтамаларын, дәйектемелерін өзінше тұжырымдаған, бұрынғы зерттеулерді орынды пайдалана отырып, тыңнан ізденген, жаңадан жазған.
Рахманқұл Бердібай - Қазақстандағы аса ірі фольклортанушы. Оның Жыршылық дәстүр (1983), Қазақ эпосы (1982), Сарқылмас қазына (1983), Эпос мұраты (1997), Айтыс әлемі (2000) сияқты ғылыми монографиялары қазақ фольклорын зерттеудің тынысын кеңейтіп, жаңа биікке шығарды. Қазақ фольклористикасының тарихы атты ұжымдық еңбектің жетекшісі, әрі авторларының бірі.
Қазақ халық ауыз әдебиетін зерттеу саласына ғалым 1970 жылдары келді. Бұл тақырыпқа кеш келсе де, фольклордың бүкіл ерекшеліктерін тез меңгерген ғалым халық ауыз әдебиеті шығармаларын жаңа методология тұрғысынан зерттеу үлгілерін ұсынды.
Е.Бекмаханов өзінің Қазақстан XIX ғасырдың 20-40-жылдарында деген еңбегінде мұрағат деректерімен қатар фольклорлық деректерді де -- тарихи жыр-дастандарды, өлеңдер, әңгімелер, естеліктер, мақал-мәтелдер, т.б. молынан пайдаланған. Принципті маңызы бар үлкен мәселеге, атап айтқанда - тарихи (этнографиялық) дерек ретінде тұтас алғанда фольклор туралы мәселеге және оны ғылыми пайдалану әдістеріне қысқаша тоқталып кеткен. Фольклордың Қазақстан тарихының дерегі ретіндегі маңызын, зерттеуші қазақ халқының XIX ғасырдың екінші жартысына дейін жазба әдебиетінің болма- ғандығымен, сондықтан тарихи ірі оқиғалардың ауызша тарих айту дәстүрі арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіліп отырғандығымен түсіндіреді. Фольклордың ғылыми құндылығы туралы Е.Бекмаханов: ... сан алуан оқиғалардың бірін қалдырмай баяндайтындықтан, талайлардың атын атап, түсін түстеп беретіндіктен, іші не қилы деректерге толы болатындықтан бұл фольклор дегеніңіз тарихшы үшін, әсіресе қоғамдық қатынастар саласын зерттейтіндер үшін шын мәнінде баға жетпес қазына, -- дейді.
Осылай, Е.Бекмаханов фольклорлық деректердің қазақ тарихы үшін деректік маңызы мен ғылыми құндылығын жоғары бағалай отырып, олардың деректік ерекшеліктері мен кемшіліктерін де көрсетіп берді.
Курстық жұмыстың мақсаты:
- XVIII-XX ғғ. қазақ фольклорын тарихи дерек ретінде зерттеу
Курстық жұмыстың міндеттері:
Фольклорлык деректердің теориялық негіздерін, статусы мен маңызын зерттеу
Қазақстанның жаңа заман дәуірінің фольклорлық деректеріне талдау жасау
Бұхар Жырау толғауларындағы тарихи деректерді зерттеу
Курстық жұмыстың пәні - XVIII-XX ғғ. қазақ фольклорындағы тарихи деректер.
Хронологиялық шеңбері. Курстық жұмыста қарастырылған уақыттық ауқымы XVIII-XX ғғ. шектелген. Зерттелуге алынып отырған осынау мерзім шегі Қазақ тарихындағы оқиғаларға байланысты фольклордағы жыр-толғаулар, аңыздар, дастандар, эпостардың шығу кезеңін қамтиды.

1-БӨЛІМ. ФОЛЬКЛОРЛЫҚ ДЕРЕКТЕРДІҢ ТЕОРИЯЛЫҚ СИПАТТАМАСЫ

1.1 Фольклорлық деректердің статусы мен теориялық негіздері

Фольклор - ағылшын сөзі, халық даналығы деген ұғымды береді. Алайда, бұрынғы КСРО-дан басқа өркениетті елдерде фольклор кең мағынада түсініледі. Оған халық музыкасын, халық биін, халық өлеңін, халық театрын, халық әдебиетін, халық қолөнерін, ырымдар мен ғұрыптарды, салттар мен нанымдарды жатқызады. Сол себепті ол елдерде фольклор сөзімен қатар көбінесе этнография сөзін қолданады, ғылымын этнология дейді. Ал, бұрынғы КСРО-ны және социалистік лагерьді құраған елдерде фольклор терминімен тек халық әдебиетін, дәлірек айтқанда халықтың ауызша туып, ауызша орындалатын шығармаларын атау орныққан.
Бұл дәстүр XIX ғасырдың екінші жартысында Ресейде, XX ғасырда соған қараған халықтардың ғылымында орын тепті. Қазақ ғалымдары да осы үрдісті қолдап, фольклорға халық әдебиетін (мұндаға дейін ақындар поэзиясын да) жатқызу дәстүрін енгізді де, екі атауды аралас қолданып келеді. Бірақ халық әдебиеті деген атау әлем қабылдаған фольклор ұғымын толық бере алмайды. Мысалы, көркемдігі нашар, өнер деңгейі жоқ ауызша орындалатын шығармалар толық мағынада сөз өнері, яғни әдебиет бола ала ма? Сол сияқты алуан түрлі ырымдар, салттар мен нанымдар, бата, алғыс, қарғыс, арбау, жауын шақыру, күн жайлату, жарапазандар өз мағынасындағы әдебиет бола қоймас. Ендеше, халық әдебиеті дегеннен гөрі өркениетті мемлекеттер қолданатын фольклор терминін қабылдап, орнықтыру жөн сияқты. Ал, халық әдебиеті ұғымын синоним ретінде көркем фольклорды, яғни өнер қасиеті бар шығармаларды сипаттау үшін қолданған орынды болмақ.
Фольклор - синкретті, көпфункциялы руханият. Ол әрі танымдық, әрі эстетикалық қызмет атқарады. Фольклор тәрбиелік мақсатта да пайдаланылады. Сонымен бірге фольклордың утилитарлық (қолданбалы) функциясы да бар, яғни ол белгілі бір жағдайда тұрмыстық қажетті өтейді. Фольклордың ең маңызды функциясы - эстетикалық және сейілдік. Фольклор қызметінің мұншалықты көп болуы, бір жағынан, оның синкреттілігінен туындаса, екінші жағынан, әр жанрдың әр дәуірде әр түрлі міндет атқаруына және фольклорлық шығармалардың орындалу мақсатына байланысты. Утилитарлық және тәрбиелік мақсат көздеген фольклорлық шығармалардың көркемдік сапасы эстетикалық және сейілдік функция атқаратын туындылардың поэтикалық деңгейінен төменірек болады. Егер бірінші топтағы шығармаларда нені айту керек деген мақсат алға қойылса, екінші топқа енетін туындыларда нені және қалай айту керек мәселесі бірінші кезекте тұрады. Осы уақытқа дейін біз фольклорды тек сөз өнері ғана деп ұғынып келдік. Бұл түсінік фольклордың аясын тарылтады әрі сөз өнерінің эстетикалықэмоциялық қасиетін төмендетеді.
Өнер дегеніміз - өмірді, оқиғаны, құбылысты немесе сезімді көркем түрде бейнелеп, қайта жаңғырту. Олай болса, арбау, алғыс, қарғыс, немесе әр түрлі ырымдар мен нанымдар болмысты, я болмаса сезімді көркем түрде бейнелеуді, жаңғыртуды мақсат тұтпайтындықтан сөз өнері бола алмайды. Бұған қоса, өнер болу үшін шығарманың поэтикасы, композициясы, іс-әрекет атқаратын кейіпкерлері, олардың қақтығысы, т.б. қасиеті болуы керек. Осы тұрғыдан келгенде, ұлттық сөз өнерімізді үш түрге бөлуге болады: фольклор, ауыз әдебиеті (ақын, жыраулар поэзиясы) және жазба әдебиет. Бұлардың үшеуіне де ортақ белгілері болумен бірге әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері бар.
Фольклордың үш сипаты бар: а) фольклор - ежелгі дүниетаным және көне мәдениет, әрі мұра; ә) фольклор - тұрмыстың бір бөлшегі; б) фольклор - сөз өнері.
Фольклор - көп заманның, бірнеше дәуірдің, әр түрлі қоғамның жемісі, сондықтан ол көпқатпарлы, көпсатылы және көпмағыналы, көпқырлы.
Ежелгі замандарда пайда болған ырымдар мен ғұрыптар, діни ұғымдар мен мифтер, - бір жағынан, фольклор, өйткені олар сол тұстағы адамдардың ауызша шығарып айтқан әңгімелері және іс жүзінде атқарған ырым-кәделері. Бұл тұрғыдан қарағанда, олар - екінші жағынан, сол дәуір қоғамының мәдениеті болды, себебі сол замандағы адамдар атқарған ырым-кәделер мен айтылған әңгіме-мифтер сол қауым үшін мәдени рөл де атқарды. Үшінші жағынан, әр түрлі ырымдар, ғұрыптар, діни нанымдар мен мифтер алғашқы қауым адамының дүниені танып-білу процесінде қалыптасқан руханият еді. Олар, - түптеп келгенде, сол бір көне дәуір адамдарының дүниетанымы еді.
Қазақ фольклорында осы айтылғандардың барлығы кездеседі десе де болады. Атам заманда ғұмыр кешкен ата-бабаларымыздың әрі дүниетанымы, әрі рухани мәдениеті болған діни нанымдар мен әр түрлі ырым-кәделер, мифтер түрінде өмір сүрген ежелгі фольклор бізге мұра болып та жеткен. Солармен бірге әр кезең қоғамында пайда болған басқа да көптеген ұғымдар мен түсініктер, мифтер мен әңгімелер де фольклорлық дүниелер болып, сол әр заманның белгі-бедерін, түсінік-пайымын да сақтап келген. Солардың бәрінің басы фольклорда қосылады. Алғашқы қауымға тән дүниетаным мен діни нанымдардың қазақ фольклорындағы көрінісі болып анимизм, тотемизм, магия, табу, сондай-ақ рулық қауымның дамыған тұсында қалыптасқан шамандық түсініктер мен аруаққа табыну есептеледі.
Анимизм - адамзаттың ең ерте кезеңінде пайда болған нанымның бірі. Бұл наным бойынша дүниедегі нәрсенің бәрі жанды, өлі мен тірінің, адам мен табиғаттың бір-бірінен еш айырмасы жоқ. Алғашқы қауым адамы өзін табиғаттан, жан-жануардан бөлмеген, яғни адам мен табиғаттың теңдігі туралы заң қалыптасқан. Адам өзін қоршаған ортадағы нәрсенің бәрі адам сияқты жанды нәрсе, олар адамша тірлік етеді, сондықтан олармен адам тікелей араласа алады, оп-оңай бір-біріне ауысады, құбылып бірі-бірінің кейпіне ене алады, тілдеседі деп нанған. Мұндай анимизм фольклорда, әсіресе, миф пен ертегіде жиі кездеседі: адам оп-оңай аңның, немесе басқа бір нәрсенің түріне енеді; я болмаса, хайуан адам кейпіне ауыса алады, ол адамша сөйлейді; немесе адам мен жануар үйленіп, бірге ғұмыр кешеді.
Тотемизм - адам, ру-тайпа белгілі бір жануардан, өсімдіктен, немесе желден, күн сәулесінен, я болмаса басқа бір ғажайып нәрседен туады деп илану және сол бабасының керемет қасиеттері ұрпағына дариды деп түсіну. Бұл пайым Шыңғыс ханның күн нұрынан жаралғаны, Төстіктің анасы төстік жегеннен туғаны, Қобыландының шешесі қабыланның жүрегіне жерік болуы, Алпамыстың әулиеден, ал Едігенің пері қызынан тууы сияқты мотивтерге негіз болған. Кейбір ертегілерде кейіпкердің атасы - аю, қасқыр сияқты жыртқыш аңдар болып келеді. Енді бір мифтерде адам мен тылсым өкілдерінің үйленіп, олардан туған бала ғажайып күштің, немесе басқа бір керемет қасиеттің иесі болады. Осындай тотемистік ұғымдар ордалы жыланды, немесе ақ жыланды көрген, оларға жақсылық істеген кейіпкерлердің жан-жануар тілін білетін, я болмаса зор бақытқа кенелетін адам жайындағы ертегілерде де бой көрсетеді.
Магия - алғашқы қауымда пайда болып, кейін әр түрлі өзгеріске ұшырап, әлі күнге дейін ел арасында сақталған сөздің, немесе басқа бір ісәрекеттің керемет қасиеті бар деп, олардың құдіретіне сену. Сөз, я болмаса бір іс-әрекет, ырым арқылы басқа адамға, затқа, аңға әсер етуге болады деген түсінік фольклорда кең тараған. Көптеген мифтер мен ертегілер осы магияны арқа тұтады, ондағы кейіпкерлер бірін-бірі оп-оңай, сыйқыр, немесе дұға арқылы, я болмаса ишара, ниет көмегімен-ақ аңға, құсқа, хайуанға, өсімдікке, т.б. затқа айналдырып жібереді. Мұндай шығармаларды былай қойғанда алғыс, қарғыс, бата секілді фольклор жанрлары түгелімен осы магияға негізделген. Магия пайдалы (оңды) және зиянды, тікелей және шалғай болып та келеді.
Табу - дүниеде зиянды күш көп, солардан аман болу үшін әр түрлі ырым, жоралғы жасалған, олар атқарылмаса, бақытсыздық болады деп сенген алғашқы қауым адамдары неше түрлі тыйым ойлап тапқан. Тыйымның түрлері фольклорда ғана емес, күнделікті тұрмыста да жиі кездеседі. Мысалы, бүйірді таянбау, шашты жалбыратпау, есікті кермеу, түнде суға бармау, қасқырдың атын атамау, ай сәулесінің астында ұйықтамау, т.т. Мұндай тұрмыстық тыйымның көбісі ескі діни нанымдармен байланысты болса, еңді біразы елдің өмір тәжірибесінен туындаған. Ал, фольклорда кездесетін табу - кейіпкерлердің тағдырына әсер ететін тыйым. Көп жағдайда ертегінің, дастанның қаһарманына белгілі бір тыйым салынады, алайда, ол тыйымды бұзады, соның кесірінен кейіпкер бір пәлеге тап болады. Ер Төстіктің жаңа түскен келіншегі Кенжекей қайын атасы Ерназарға Сорқұдықтың басына қонбасын деп, тыйым салады. Алайда, Ерназар оны тыңдамайды. Ақырында, оны жалмауыз кемпір ұстап алып, сүйікті ұлы Төстікті беруге мәжбүр етеді. Осылай тыйымды бұзып, сорға ұшыраған Төлеген, Мамай, Едігенің әкесі, т.б. қаһармандар тағдырында ежелгі табудың, яғни алғашқы қауым адамының дүниетанымы жатқанын айғақтайды.
Шамандық - алғашқы қауым ыдырап, рулық қоғам қалыптасқан тұста етек алған табиғатқа, аспан әлеміне табыну және адам арасында ерекше кереметке ие, дүниенің барлық сырын білетін, тылсым күштермен араласып жүретін айырықша жан, ғажайып кісі болатынына сену. Бұл наным бойынша әлем құрылысы вертикалді: аспан әлемі, жер беті, жер асты болып келеді; сондай-ақ жаһан - төрт бұрышты жазық түрінде болады. Сонымен бірге осы үш әлемді, төрт бұрышты түгел шарлай алатын адам бар, оның қолынан келмейтіні жоқ деп ұғынған. Ол бақсы (шаман). Оның басты міндеті - адамдарды аурудан, апаттан сақтап қалу, қара күш иелерімен ымырасыз шайқасып, адам баласын қауіптен құтқару, т.т. Осылардың бәрі қазақтың көне мифтері мен ертегілерінде, ырым мен әдет-ғұрпында, әпсана мен хикаяттарында мол ұшырасады. Ер Төстіктің жер астына түсіп кетуі, содан соң жер бетіне шығуы, Қорқыттың дүниенің төрт бұрышын шарлауы, Күнікей қыздың Күн астында, Айбарша сұлудың Ай астында болуы, - бәрі ежелгі шамандық наным жемісі. Фольклорлық шығармадағы бас кейіпкердің керемет көмекшілері - қолынан келмейтіні жоқ шаманның елесі. Ал, ертегілердегі жалмауыз кемпірдің ғаламаттығы, жер мен көкті тіреген алып бәйтеректің биіктігі, сондай-ақ сыйқырлықты пайдаланып, кейіпкерлерге кейде зияндық, кейде жақсылық істейтін бақсының өзі, міне, бұлар да шамандық ұғым белгісі.
Фольклор - тұрмыстың бөлшегі. Фольклор - адам тіршілігінің өн бойында қолданылып, әр саласында пайдаланылатын дүние. Ол күнделікті өмірде утилитарлық функция орындайды, яғни тұрмысқа қызмет етеді, қажетті бір істі атқарады. Сол себепті фольклордың біраз бөлігінде саналы көркемдеу болмайды. Осындай фольклордың қатарына тұрмыстық функция атқаратын ғұрыптық және үйлену салтына әрі жерлеу рәсіміне байланысты жанрлар жатады. Мысалы, сәби дүниеге келгенде жүзеге асырылатын әр түрлі ырым-кәделер мен соларға қоса орындалатын ғұрыптық өлең-жырлар, тілек-баталар, дұғалар, сол тәрізді сәбиді қырқынан шығару мен бесікке салу кезінде атқарылатын ырымдар мен айтылатын шарапатты сөздер, тұсау кесер мен сүндет той кезінде орындалатын кәде-жоралғылар мен өлеңдер, - бұлардың бәрі міндетті түрде орындалуға тиісті фольклор. Ол ырымдарсыз, шапағатты тілек-батасыз, ақтілеулі дұғасыз аталған шаралар жүзеге асырылмайды. Демек, бұл тұста фольклор - тұрмыстың бір бөлшегі, тіршіліктің қажетті ісі болып көрінеді. Осы сияқты үйлену салтындағы ырым-кәделер мен жар-жар, сыңсу, беташар секілді жырлар, ал адам қайтыс болғанда міндетті түрде айтылатын естірту, көңіл айту, жұбату, жерлеу рәсімі бойынша айтылуға тиісті жоқтау, - адам өмірінің әр кезеңінде таза тұрмыстық, утилитарлық қызмет атқаратын фольклор. Бұларсыз үйлену тойы, жерлеу рәсімі болмайды. Ендеше, фольклор - тұрмыстың өзімен біте қайнап, қосылып кеткен руханият.
Фольклордың бұл түрінде ежелгі дәуірдің пайым-түсінігі, діни ұғымы мен нанымы, дүниетанымы толық пайдаланылады. Бірақ бұл жағдайда олар әдейі қолданылмайды. Керісінше, көне заман ұғымдары емін-еркін, табиғи түрде, ешбір күдіксіз араласады. Көбінесе, олар көркемдік міндет атқарады, алайда, бұл көркемдік мақсатты емес, ол да адам болмысы мен сезімі сияқты табиғи.
Егер фольклорды кең мағынада қолдансақ, халықтың қолөнері, үй жабдықтары мен жастардың әшекейленген киімдері, бұйымдары, аттың әбзел-тұрманы, оюлар, сырмақтар, т.б. үнемі қолданыста болатын әдемі заттар, кәдімгі халық әндері мен күйлері, өлеңдері мен жырлары сияқты, - елдің мәдени мұрасы, олар да тұрмыстың бір бөлшегі ретінде тіршіліктің сәнін келтіріп, мәнін арттырады. Демек, бұлар - фольклордың утилитарлық яғни қолданбалы түрлері болып саналады.
Фольклор - сөз өнері. Өнер болу үшін ең әуелі көркемдік қасиет және орындаушы мен тыңдаушы болуы керек. Қазақ қоғамында фольклор осы үш шартты түгел орындаған, тіпті, одан да кең ауқымды қамтыған. Фольклор - әрі әдебиет, әрі театр рөлін атқарды, оның шығарушылары әрі орындаушылары - жыршы мен ақындар, сондай-ақ тыңдаушылары мен көрермендері болды. Сондықтан фольклор өзіндік көркем әдіс, бейнелеу тәсілдер мен көркемдеуіш құралдар жасап, орнықтырды. Бұл процесте ол ежелден келе жатқан ұғымдар мен нанымдарды, мифтер мен басқа да ескі жанрларды пайдаланып, оларға басқа сипат дарытты, эстетикалық міндет артты. Сөйтіп, алғашқы қауымға тән мифтік сананың жемісі көркем құралға айналды, бейнелілікке және метафораға негіз болды. Осы жолда көркемдік шарттары қарапайымдылықтан күрделілікке ойысты, саналы, мақсатты қиял пайда болып, ғажайыптық сипат алды, утилитарлық функция эстетикалыққа ауысты, осының нәтижесінде фольклор поэтикасының қалыптасуы, оның кейінгі заманда әдебиетке енуі, әдеби поэтикаға негіз болуы - заңдылыққа айналды. Көркем фольклорлық жанрлар туып, қалыптасты, ертегілер, жырлар, дастандар ең алдымен эстетикалық, сейілдік, содан соң тәрбиелік, т.б. мақсат тұтты. Фольклорды өнер етіп көрсететін басты белгілері мыналар: романтикалық әдіс пен типтендіру, тұтастану процесі, кейіпкерлерді суреттеу тәсілдері, жалпылық пен формулалықтың қатар жүруі, импровизацияның айырықша көрінуі, шығармалардың тұрақты композициясы мен өзіндік стилі, фольклорлық уақыт пен кеңістік, әлеуметтік утопия, т.т. Бұлар фольклорды сөз өнері етіп, әдебиетке жақындатса, енді бір ерекшеліктер бұл екеуін алшақтата түседі. Мәселен, фольклордың байырғы ұғымдармен, түсініктермен, әдет-ғұрыппен байланысы, фольклорлық сана мен ойлау, индивидтік тілдің жоқтығы, даралық портреттің болмауы, іс-әрекеттің біржақты әрі дереу істелуі, кейіпкердің ғажайып туып-өсуі, оның ғаламат қасиеттерге ие болуы әдебиетке тән емес. Бірақ бұл айтылғандар фольклордың өнер екенін жоққа шығара алмайды. Оның үстіне, фольклордың шындықты суреттеуі, тарихты қамтуы, қиял мен болмыстың ара-қатынасын өзгеше өруі, сондай-ақ фольклор шығармаларының орындалу мақсаты мен мәнері, тыңдаушылардың фольклорлық туындыға, ондағы ісәрекеттерге көзқарасы, - бұлар да фольклорды сөз өнері ретінде көрсете алады.
Сонымен, фольклордың өзіндік табиғаты оның теориясына да өзгеше сипат береді. Фольклор теориясы ең алдымен оның әр кезде атқаратын әртүрлі қоғамдық-тұрмыстық міндеті мен танымдық, тәрбиелік және эстетикалық функцияларынан, мақсаттарынан туындайтын мәселелдерді қарастырады. Бұлардың ішінде ең бастылары, әрине, фольклорлық дәстүрмен тығыз байланысты. Фольклорлық дәстүр дегеніміз - қалыптасқан шығармашылық әдістің жалғастығы, ал әдебиеттегі дәстүр дегеніміз - бұрынғы тәжірибені жаңғырту болып табылады. Дәлірек айтар болсақ, фольклордағы дәстүр - бұрынғы тәжірибені өзгертпей қабылдау әрі жалғастыру, ал әдебиеттегі дәстүр - бұрынғыны сол қалпы ала салу емес, соны өзгерте дамыту. Сол себепті де әдебиетте даралық сипат басым болады да жеке автор өзінен бұрынғыны қайталамайды. Мәселен, Абайды алайық, ол өзіне дейінгі бүкіл ақын-жыраулардың мұрасын бойына сіңірген. Асан, Шалкиіз, Бұқар, Дулаттар болмаса Абай да болмас еді. Бірақ Абай оларды сол күйінде қайталаған жоқ, олардың мұрасын бойына сіңіріп қана қоймай, ол өзі қабылдаған нәрсені елге қайтадан, мүлде жаңарған түрінде берді ғой. Міне, әдебиеттегі дәстүр дегенді осылай түсіну қажет. Ал, фольклордағы дәстүр мұндай мақсаттан аулақ, онда бір шығарманың ертеде айтылған нұсқасы жаңадан жырланғанның өзінде алғашқыдан алшақ кетпейді. Фольклорда варианттылықтың болатын бір себебі - осы.
Фольклор теориясының маңызды бір мәселесі - көркемдік әдіс, соған байланысты кейіпкерді суреттеу тәсілі. Осы тұрғыдан келгенде, фольклор романтикалық типтендіру әдісін қолданып, кейіпкерді суреттеуде дәріптеу мен әсірелеу сияқты тәсілдерді пайдаланады. Мұнда уақыт пен кеңістік өзгеше көрінеді. Мәселен, эпикалық уақыт әдеттегіден басқаша, сондай-ақ кеңістік те болмыстағыға сәйкес бола бермейді, бұларда шарттылық, мақсатты қиял үлкен рөл атқарады. Эпикалық стиль мен тұрақты формулалар фольклор шығармасына өзіндік баяндау тәсілін жүктейді. Көнелік сипат пен жаңаның, қиял мен ақиқаттың аралас жүруі - фольклорға тән ерекшеліктің бірі. Оларды зерттеуші жақсы ажырата білуі тиіс. Фольклорлық шығармалардың композициясы біртектес болып келеді де, оқиғалар бір кейіпкердің маңайына шоғырланады, сөйтіп іс-әрекеттер бір бағытта өтіп жатады, ал уақыт кері шегерілмейді.
Осы айтылғандардың бәрі сөз өнеріне айналған көркем фольклорға қатысты. Фольклор теориясы дегенде, бұлардан басқа да аспектілер бар екенін айту керек. Солардың бастылары: сюжеттердің контаминациясы, жанрлардың синкреттілігі, фольклордағы импровизацияның рөлі мен орны, фольклордың тарихқа, шындыққа қатынасы, ұлттық ерекшеліктер мен типологиялық сюжеттер, фольклорлық сана мен орындаушының арақатынасы, т.т. Міне, осы қасиеттері арқылы фольклор әдебиетке жақындайды, бірақ ол - әдебиет емес. Ежелден келе жатқандықтан фольклор жоғарыдағы өнерге тиесілі белгілерді әдебиеттен бұрын өмірге әкелген, пайдаланған. Сол себепті де фольклор - әдебиеттің бастауы деп түсініледі, ол - әдебиеттің өзі бола алмайды. Әрбір фольклорлық шығарма - дәстүрге негізделген, халыққа кең тараған, варианттары бар, ауызекі айтылатын, авторсыз туынды. Ал, әдебиет туындысы - авторлық мәтін, онда автордың қайталанбас қолтаңбасы, өз стилі бар, оның варианты болмайды. Автордың әр кейіпкері - дара, өзіне ғана хас мінез-құлқы бар, сөйлеу машығы бар тұлға. Жалпы, фольклордың жинақтау мен шарттылықты пайдалану мүмкіндігі авторлық әдебиетке қарағанда әлдеқайда мол екендігі - бұл күнде мойындалған ақиқат.

1.2 Фольклордың деректік маңызы мен объективтілігі

Ауыз әдебиеті - фольклор әр түрлі тарихи дерек көздері арасында қазақ халқының өткен өмірін бейнелеу жағынан теңдесі жоқ деректер тобын құрайды. Тарихымызды қамтитын хронологиялық шеңберінің кеңдігі, беретін мәліметтерінің молдығы, көлемінің көптігі жағынан фольклор басқа дерек көздері арасында ерекше орын алады.
Фольклор -- халық өмірінің белгілі бір кезеңінде пайда болмай қоймайтын барлық халықтарға тән табиғи құбылыс. Ол туралы белгілі фольклортанушы ғалым С.Қасқабасов: Фольклорлық ойлау, фольклор- лық дәстүр, фольклорлық шығарма - міне, осының бәрі тарихта болатын нәрсе, оны аттап өту мүмкін емес. Бұлардың бәрі тарихтың белгілі бір кезеңінде болуы тиіс, сол дәуірдің жемісі, адамзат мәдениетінің бір сатысы деп танылуы керек, -- дейді [1].
Дегенмен, әр халықтың өзіндік даму ерекшеліктеріне байланысты фольклордың бір халықтарда ерте, бір халықтарда кеш пайда болуы, біреулерінде ұзақ уақыт тарих айтудың негізгі түрі ретінде сақталуы, біреулерінде жазба тарихқа жол беруі мүмкін. Академик Ә.Марғұланның айтуынша: Ғасырлар бойы айтылып келген ертегі-жырды, аңызды, әңгімені ең алғаш шығарып таратқан көшпелі түрік тілдес елдер [2]. Ол: Сақ, ғұн, үйсін, қаңлы заманынан басталады [3]. Ал, ол тайпалардың қазіргі Қазақстан жерінде б.з.д. IV-І ғасырларда мекендегені және қазіргі қазақ ұлтының өз негізін солардан алатындығы тарихтан белгілі. Олай болса, фольклор қазақ халқының кемінде 2,5 мың жылдық тарихының дерек көзі болып табылады деп айтуға болады. Себебі, халқымыздың өмір салтының ерекшелігіне байланысты оның мыңдаған жылғы тарихы негізінен сол ауызша тарих айту арқылы, яғни фольклор арқылы бүгінге жеткен.
Егер, филология ғылымдарының докторы, зерттеуші С.Қасқабасовтың сөзімен айтсақ: Фольклор адам тіршілігімен тікелей байланысты, оның болмысының бір бөлшегі. Сондықтан ол адам өмірінің барлық жағын бейнелейді, шаруашылығынан, тұрмысынан, әдет- ғұрпынан, салт-санасынан толық мәлімет береді... халық тарихындағы маңызды оқиғаларды қамтып, солардың негізінде жаңа шығармалар туындап, тарихи қайраткерлер жайында әңгімелейді... Фольклор халықтың өзінің тарихқа қатысын, көзқарасын танытады, маңызды оқиғалар мен көрнекті тұлғаларға берген халықтың бағасын, қарым-қатынасын көрсетеді [4].
Демек, фольклор -- халық өмірінің айнасы, оның ажырамас серігі, халықтың саналы іс-әрекетінің барысында жасалған, тарихпен ілесе пайда болып отырған объективті дүние. Сондықтан, профессор Б.Кенжебаев: Тарих пен ауыз әдебиеті бір-біріне жәрдемші, бірін-бірі толықтырушы. Халықтың ауыз әдебиетін дұрыс, терең ұғыну үшін оның тарихы қандай қажет болса, тарихын дұрыс, жете, толық білу үшін ауыз әдебиеті де сондай қажет -- деп жазды [5]. Бірақ, ғалымның айтуынша, тарих пен фольклор бірдеи емес. Тарихшы оқиғаны нақты, ешбір қоспасыз жазады. Ал, ақын әрбір тарихи оқиғаны өз тұрғысынан алып, әрлеп, әсірелеп жырға қосады.
Қазақ халқының тарихы көбінесе ел жадында сақтзлып келеді. Ол аңыз, әңгіме, хикая, жыр түрінде тарады. Сондықтан бізде жазбалардан гөрі, ауызша айтылып жүрген аңыз-жырлар мол. Қазақ тарихының бірқатар мәселелері сол аңыз, жырлардан шығады [6].
Өз тарихын төлтума деректерінің негізінде зерттеу мүмкіндігіне енді ғана ие болған қазақ тарихшылары үшін тарихымыздың дерек көздері ретінде фольклордың маңызы ерекше. Мысалы, ҚР ҰҒА мүше-корреспонденті Р.Бердібаев: Тарихтың хатқа түспеген кезеңдеріне келгенде, кейде фольклор мұрасы бірден- бір құжатты тіректің орнына жүретіні оның мәнін еселеп артгырады, -- деп, фольклор деректерінің маңызын жоғары бағалайды [7].
Дегенмен, ауыз әдебиетінің мәліметтері басқа да деректер сияқты өздерін-деректанулық талдаудан өткізуді, яғни ондағы ақпараттардың шынайылық деңгейін анықтауды қажет етеді. Ол туралы, әдебиеттанушы ғалым Т.Сыдықов: Әдебиет - тарих емес, тарихи күрес, оқиғалардың айнасы, сәулесі ғана. Сондықтан тарихи мәліметтерді алып сонымен тұп-тура шығуын одан талап етуге болмайды. Кейде дәл келсе, кейде тарихшы шындықтан аулақтап кетуі мүмкін. Олай болуы заңды. Өйткені оқиғаны өзінше түсініп, өзінше баяндауы -- ауыз әдебиетінің өкілдеріне жалпы тән нәрсе, -- десе, Мәлік Ғабдуллин кезінде: Ауыз әдебиеті тарихи фактілерді негізге ала отырып, оны ақындық қиял арқылы құбылтып жырлайды, суреттеп көрсетеді. Кейде асырып, кейде өзгертіп елестетеді. Сондықтан ауыз әдебиетін тарихтың өзі, оның документі деуге болмайды, -- деген ой айтқан [8].
Ауыз әдебиеті туындыларының осындай ерекшеліктерінен шыға отырып, оларды ғылыми талдау мақсатында біраз жұмыстар атқарылды. Ол ең алдымен фольклорды халқымыздың асыл мұрасы ретінде жинау, жүйелеу және жариялау жұмыстарынан басталған еді. Бұл іспен өз кездерінде Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, В.Радлов, Г.Потанин, Ә.Диваев, т.б. айналысты. Фольклор жинау ісі кеңестік кезеңде де жалғастырылды. Қорытындысында ҚР ҰҒА Орталық Ғылыми кітапханасының қолжазба қоры мен М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының тексталогия және қолжазба бөлімінде фольклордың мол қоры жинақталды. Соған байланысты аталған институт ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Тарихи поэтика пәнінің зерттеу нысаны
Айтыс өнерінің психологиялық табиғаты және этномәдени құндылықтарды дамытудағы рөлі
Фольклор және әдебиет
Қазақ фольклорының тарихы және фольклористика ғылымы
Ауыз әдебиетінің жанрлық құрамы
Ауыз әдебиеті
ФОЛЬКЛОР ЖАНРЛАРЫНЫҢ ТЕОРИЯСЫ
Ауыз әдебиетінің түрлері
Фольклор ұғымы. Ауыз әдебиеті түрлері. Совет фольклоры
Қазақ әдебиетіндегі сал - серілер поэзиясының тарихы
Пәндер