Қажыбай Мәндібайұлының діни қызметі


МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ
1 Қажыбай Мәндібайұлының өмір сүрген кезіндегі руханият жағдайы
1. 1 ХХ ғасыр ортасындағы Қарағанды өңірінің діни-рухани қайраткері
1. 2 Қажыбай Мәндібайұлының білім алуы мен шығармашылығы
2 Қажыбай Мәндібайұлының діни қызметі
2. 1 Әл-Фараби еңбектерін араб тілінен тәржімалаған қазақ қайраткері
2. 2 Қажыбай Мәндібайұлының ғұлама-қайраткерлермен хат алмасуы: талдау
ҚОРЫТЫНДЫ
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаттамасы.
ХХ ғасыр қазақ тарих сахнасында үлкен өзгерістер дәуірі орын алды. Ғасырлар бойы қалыптасқан жартылай көшпелі-отырықшы елдің салт-санасы, дәстүр-ғұрпы формациялары ауысуымен бірге жаңа қалыпқа иеленді. Ол өзгерістер ұлттық ауқымнан шығып, еуразиялық құрлықты қамтыған жаңа мемлекеттің - КСРО-ның дүниеге келуін тарихқа таңбалады. Қос құрлықтың ортасындағы қазақ даласы дәстүрлі өмір салтын ауыстырып, діни-рухани, мәдени өміріне де өзгерістер енгізуге мәжбүр болды. Әлбетте, кешегі патшалық үкімет пен кеңестік саясатты кінәлап жазылған тарих жетерлік. Бірақ, тарихты өзгерте алмаймыз. Өз дәуірінің лайықты бағасын ала алмай, қоғам тарапынан ескерусіз кеткен ардақтыларымыз қаншама. Тіпті, зерттеу зерделеу ісі қарқындап отырған қазіргі таңда да кейбір тұлғаларымызды лайықты деңгейде бағалай алмай отырғанымыз рас. Бұл ғылыми зерттеу жұмысымызда Қажыбай Мәндібайұлының да осы күнге дейін есімі, еңбегі еленбей келген арда азаматтарымыздың бірі екенін айтқымыз келеді. Зерттеу екі тарудан тұрады. Бірінші бөлімде Қажыбай Мәндібайұлының өмір сүрген кезіндегі руханият жағдайы қарастырылады. Яғни ол кісінің білім алуы, шығармашылығы және ұстанымдары жайлы болса, екінші бөлімде, Қажыбай Мәндібайұлының діни қызметі және Әл Фараби еңбектерінің араб тілінен аудармалары жайлы және ғұлама-қайраткерлермен алмасқан хаттарына талдау жасалмақ.
Зерттеу жұмысының өзектілігі.
Адамның бойындағы өз сенім-нанымына деген рух қайнарының түпсіз терең құпиясы ашылып болған емес. Болмас та. Кешегі кеңестік солақай саясаттың дін мен ділден, тіл мен тіннен айырған шағы да олай ете алмады. Жүрегіндегі ең ыстық сезім - Ұлы Жаратушының бар екеніне сенуден, танудан тайынбау қаншалықты қиын соққанмен, сағы сынбаған жандар болмай қалмаған. Алла Тағала алдында ой дүниесі тазалығын аялап, ғұмырын шариғат жолына ғибадат жасауға бағыштап, имандылыққа ілтипатты жамағат кеудесіне шынайы мұсылмандық ақидасын сеуіп өтуші Қажыбай қажы Мәндібайұлы - осындай киелі кісі еді.
Қажыбай қажының өмір дерегіне, қолда бар архив деректеріне қарап отырып, тәнті болмасқа амалың қалмайды. Қазақтың басына қара бұлт төнген өткен ғасырда, зұлмат пен зобалаңның нақ ортасында жүріп, ислам дінін дәріптей білген қажының қайраткерлігін әрбір қазақтың білгенін қалаймыз. Қызыл империяның қанды шеңгелі дінді уысында ұстап тұрған кезде Қазақстаннан жалғыз өзі қажылық сапарға барып келген азаматтың бірі еді. Коммунистер заманында молда атанып, дінді насихаттау - екінің бірі басын бәйгеге тігіп бара бермейтін іс екені белгілі. Жасырып намаз оқығандарды абақтыға қамап, итжеккенге айдап жатқан кезеңде Қажекең Құранды көкке көтеріп, Қарағандыдағы кішкене мешітті сақтап қалды. Бұл, әрине, дінге, Алла Тағалаға шын берілген жанның қолынан келер іс екені даусыз. Қажекең қазағы аз Қарағандыда дінді насихаттаумен қатар, бұрынғы өткен ғұламалардың еңбегін араб тілінен аударып, кирилл қарпіне түсіруде көп еңбек сіңірді. Белгілі ғалым Ақыжан Машанимен шығармашылық байланыста болды. Хат жазысып тұрды. Ұдайы бірге жұмыс істеу арқылы қазақ руханиятын еселеуге зор үлес қосты. Әбу Насыр әл Фарабидың еңбектерін аударып, Ақыжан Машанидың қолына ұстатты. Бұл сол кезде енді-енді аяғынан тұрып келе жатқан қазақ қоғамының рухани байлығын еселеуге қосылған үлкен үлес еді. Қажыбай Мәндібайұлы араб тіліне жетік болған. Қажылық сапары барысында араб патшасының алдында арабша еркін сөйлей білген. Ол дәуірде, қазір де қазақ арасында араб тіліне жетік жандар аз екені белгілі. Және Қажекең араб тілінен еркін аударып, сапалы аударма жасаған. Қажылық сапарында, тек қана, қажылық жасап қана емес, араб тілінің құрылымын қатар зерттеген көреген адам еді. Сол сапардағы естелігінде «Дүниені аралаған, оны қызықтаған, білім мен ғылым үшін керек-ақ. Бірақ, сол жерлерде жүргенде өзіңнің еліңе жететін, өзіңнің жеріңе жететін ешқандай мемлекет жоқ. Қ. Мәндібайұлының соңында қалған мұрасы кейіннен Қарағанды облысы Ақтоғай ауданының тұрғыны Мұхаммедқали Жандығұловтың ескі сандығынан табылды. Қарағандыдағы қажы ауылдағы молдаға өз қолжазбаларын аманаттап тапсырып кеткен екен. Оған да бірден бір себепкер - сол кеңестік атеистік қуғын-сүргін. Қалалы жердегі көзіқарақты қажының жазбаларын атеистер үйіне тінту жүргізе отырып, жойып жіберетін болған. Қажекең сондықтан да құнды қолжазбаларын алыс ауылдардағы дос-таныстарына жіберіп отырған екен. Кеңестік кезеңде дін ұстанған жандарды қыспаққа алу тек мұнымен ғана тыйылмаған. Қажыбай сынды қажылардың жұртшылық алдындағы зор беделін төмендету үшін белгілі органдар түрлі жалалар жауып, арандатулар ұйымдастырып та отырған. Бірақ, соған қарамастан дін мен ұлт руханиятына адал қызмет еткен азаматтардың еңбегі бүгінге жетіп отыр. Қажыбай Мәндібайұлының мол мұрасы үлкен зерттеу жұмыстарын қажет етеді. Қажының соңында қалған рухани мирасты зерделеп шығу болашақтың үдесінде. Терең зерде иесінің қайраткерлігін бағалау ісі келешек ұрпақ қолындағы іс.
Зерттелу деңгейі.
Әдебиеттер
Зерттеу жұмысының нысаны пен пәні.
Диссертация жұмысының нысаны ретінде өз дәуірінің лайықты бағасын ала алмай, қоғам тарапынан ескерусіз кеткен ардақты қазақ қайраткері Қажыбай Мәндібайұлы қазақ жеріндегі ислам дінінің түбегейлі жоқ болып кетпеуіне ат салысқанын басты нысан ретінде қарастыратын боламыз.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері.
Диссертациялық жұмыстың басты мақсаты - Қажыбай Мәндібайұлының осы күнге дейін есімі, еңбегі еленбей келген арда азаматтарымыздың бірі екенін және де лайықты бағасын беру арқылы қазақ жеріне сіңген еңбегін кеңінен таратқымыз келеді.
Осы мақсатқа сай, төмендегі міндеттер қарастырылады:
- Қажыбай Мәндібайұлының өмір сүрген кезіндегі руханият жағдайын қарастыру;
- Қажыбай Мәндібайұлының білім алуы мен шығармашылығына шолу жасау;
- Әбу Наср әл Фараби еңбектерін араб тілінен тәржімалаған қазақ қайраткері екенін дәлелдеу;
- Қажыбай Мәндібайұлының ғұлама-қайраткерлермен жазысқан хаттарына талдау жасау.
Зерттеу әдістемесі. Бұл зерттеу жұмысын теориялық білімге негізделген сапалы зерттеу деп қарастыруға болады. Зерттеу барысында деректерді талдау арқылы, тақырыпқа қатысты ақпараттың барлық түрін алуға тырыстық. Жиналған мәліметтер талданып, талдау мен синтез нәтижелері дедукция, индукция әдістері қолданыла отырып пайдаланылды. Және Қажыбай Мәндібайұлының діни қызметінің қоғамда қандай роль атқарғанын көрсету барысында классификациялау әдісі қолданылды.
Жұмыстың құрылымы. Диссертациялық жұмыс кіріспеден, екі бөлімнен, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
1 Қажыбай Мәндібайұлының өмір сүрген кезіндегі руханият жағдайы
1. 1 ХХ ғасыр ортасындағы Қарағанды өңірінің діни-рухани қайраткері
Қажыбай Мәндібайұлы өмірге келген уақыт Кеңес империясының коммунистік-атеистік жүйесі салтанат құрып тұрған кез. Құдайға сену қудаланып, дін қызметкерлерінің жойылып бітуге жақын қалған уақыты. Қазақ халқының салт-дәстүрлері мен ғасырлардан келе жатқан наным-сенім жүйесін көзінің қарашығындай сақтап, атадан балаға жалғап келе жатқан ауылдық жерлерді айтпағанда ірі қалалар мен аудандардың барлығында партия комитетінің «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» болып тұрған заман еді. Ауылдық жерлердің өзінде «шолақ белсенділер» өз ағайынын аңдып, сол заманның тілімен айтқанда «ескіліктің қалдықтарымен аяусыз күрес жүргізіп отырған» күрделі кезең. Көненің көзі болған, талай құнды дүниелерді әріден білетін, көзі ашық, дін ілімін жоғары деңгейде меңгерген асылдарымыз атылып, асылып, айдауға айдалып болып, атеизмнің дәурені жүріп тұрған дәуір болатын. Кеңес империясы күйреп, атеизмнің аты ғана қалатын, қазақ халқы өз тәуелсіздігін алып, тілі мен діні, салт-дәстүрлері қайта оралатын заман келетіндігіне сенім қалмаған шақтың шарықтау шыңына жеткен кезі.
Мұхаммед пайғамбар, ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын: «Бір заман келеді, ол заманда дінді ұстап тұру қолда шоқ ұстағанмен бірдей болады» дегеніндей, дінді насихаттау былай тұрсын, оны күнделікті өмірде ұстану мұң болған заман еді.
Қажыбай Мәндібайұлы - ХХ ғасырдың заңғар тұлғасы, дін қайраткері, ұстаз, ағартушы ретінде еңбектерін болашаққа бағыттаған. Ол дін қайраткері ғана емес, аудармашы да болған. Қажыбай қажы Ислам дінінің ерекшеліктерін, қасиетті күндері мен кештерінің мәнін ашып, сондай берекелі сәттерде не істеп, қандай тілек тілеу керектігін де ұрпақтарына аманат еткен.
Қажыбай Мәндібайұлы - 1960-жылдары Қарағанды қаласы Киров аудандық мешітінің бас имамы болған. 1961 жылы сексеннен асқан жасында Мәскеуден арнайы делегациямен Меккеге қажылық сапарға барған жалғыз қазақ. Дін оқуын оқыған, араб тілін жетік меңгерген ғұлама адам болған. Белгілі фарабитанушы Ақыжан Әл-Машанимен хат жазысып, әл-Фараби еңбектерін қазақ тіліне аударуға тікелей еңбек сіңірген азамат.
ҚажыбайМәндібайұлы 1891 жылы Нұра өңірінде дүниеге келген. 1959-1976 жылдар аралығында имам болған. Кейбір деректерде«1896 жылы дүниеге келген» деп жазылған. Ол - Әл-Фараби еңбектерін зерттеп, зерделеп, арабшадан қазақшаға тікелей тәржімалаған алғашқы аудармашылардың бірі.
Қажыбай қажының араб тілін жетік меңгергендігін сол уақыттағы Қазақстанның қазысына жазған хатынан байқауға болады. Ол кісі хатта былай деп жазған:
العالم الفاضل محقق من المتأخرين قاضي قازاغستان ساكن اغا
Аса құрметті ғалым, Қазақстанның қазысы Сәкен аға деп басталатын хат алдымен арабша кейін өз ана тілінде мәселелер қозғаған.
Қажыбай қажының біздің қолымызға жеткен қолжазбаларын қарап отырсақ, өз қолымен жазған күнделіктерінде, барлығы десек болады, арабша мысалдар, пайғамбар хадистері міндетті түрде келтіріледі. Мысалы мынадай хадисті келтіре отырып, аудармасын да жазып отырған:
الذي يرفع رأسه ويخفضه قبل الإمام إنما ناصيته بيد شيطان
«Мағнасы, кімде кім басын имамнан бұрұн көтерсе болмаса имамнан бұрұн сәждеға барса хақиқат ол адамның маңдайы шайтанның қолында» (Қажыбай қажының қолжазба-күнделігі, 9-бет)
Бұдан бөлек Али ибн Абу Толибтың мынан өлең жолдарын да келтіріп отырған:
يَا مَنْ بِدُنْيَاهُ اشْتَغَلْ
وَغَرَّهُ طُولُ الأَمَلْ
الموت يأتي بغتة
ً والقبر صندوق العمل
«Қазақстанның Қазысы» деп отырғаны -Сәдуақас Ғылмани. Қажыбай Мәндібайұлының сонау 1962-жылдары сұлу жәдидпен өріп жазған естелігі ақтоғайлық ақсақал Қалижан Жандығұловтың соңында қалған ескі сандығында сақтаулы.
Қарағандының шәрі, жазушы Серік Сағынтай ағамыз Қажыбай қажы туралы былай дейді: «Оңашада ой кешсең, қазір мүмін-молдасопы боп кеткен ақсақалдар сонау 60-70 жылдары «Алла жоқ!» деген атеистер екені есіңе түседі. Солардың көзі тірісінің дені қазір сақалын сауып, уағыз айтып жүр. Аман жүрсін. Ал, бұл кісі - Қажыбай Мәндібайұлы сол «атезим ауылында» мүфти қазіретке арзу айтып, Меккеге сұранады».
Қажыбай қажының қысқаша өміржолына тоқтап кетсек. Қажекең 1896 жылы Шерубай-Нұра мен Есіл өзендері аралығында орналсқан Жолболды бабасының ата-қонысында өмірге келген. Сәкен Сейфуллиннің 1916 жылыжергілікті қазақтардың ақ патшаға қарсы көтерілісінде Ақмоладан шығып, Нұраның бойында орналасқан елдің жағдайы жайында «Тар жол, тайғақ кешу» кітабында «Ең шеткі поселкеден шеткі қазақ аулына мені орыс Жәмшіге әрең апарды. Апарып, тез түсіріп қайтты. Бұл ауыл - біздің Тоқа деген елдің Жолболды деген ауылы. Маған жақын ауыл еді… Мен Көпбай отағасының үйіне кіріп отырдым. Ағайын болған соң және алыс жерден келе жатқан соң, мені күтті. Қаланың хал-жайын сұрады» деп жазғанжерлері осы Қажыбай қажының бабасының қонысы болатын.
Дін исламға, мұсылманшылдыққа, діни сауаттылыққа, рухани білімге деген құштарлығы әкесі Мәндібай мен анасы Гүлсімнен дарыған екен. Бұл жөнінде Қажыбай қажының Құдай берген төрт баласының кенжесі, медицина ғылымдарының кандидаты, доцент Малина Қажыбайқызы былай еске алады. «Әжеміз оңтүстік аймаққа танымал дін уағыздаушы Кенже қалпенің қызы екен. Ескіше оқып, тәрбиесін санасына сіңіріп өскен, араб, парсы тілдеріне жетік анасы баласына да үйретіпті. Жарымен бірге хақ дін жолын ұстанған атамыз Меккеге қажылыққа барған адам. Әкемді 7 жасынан-ақ Ақмоладағы татар медресесіне оқуға беріпті» дейді.
Аталмыш медресені бітірген соң, ауылдағыанасы мұрындық болып ашқан мектепте дәріс берген, орысшаға да жүйрік жас жігіт бұдан бөлек ауылдық советтің, колхоздың төрағасы, азық-түлік комбинатының директоры, Нұра аудандық атқару комитеті кадрлар бөлімінің меңгерушісі, Мемлекеттік банк қызметкері болады. Советтік жүйенің дүрілдеп тұрған әрідінге қарсы саясатына қарамастан Алланың бұйырған парызына беріктігін, діни біліктілігін білетін мүдделес адамдар Қарағанды өңіріне аты мәшһүр Балақажы дүниеден өткенде кезде, осы кісінің орнына имам болуға өтініш жасайды. Алла Тағаланың қалауымен дұға-тілектері қабыл болып, имам болады. Өмір жолының соңына дейін, сексен жасқа келсе де 20 жыл Қарағанды мешітінің аймақтық бас имамы қызметін атқарды. Жергілікті халық абыз қажыны әулиедей қадыр тұтып өтті.
Мұхамед пайғамбардың с. а. с.
«Дінді жеңіл жеткізіңдер, қиындатпаңдар» деген хадисіне амал ете отырып, ислам шариғатының негізгі таным-түсініктерін жамағат көңіліне қонымды болу үшін діни ережелерді, бес уақыт намаз, ораза, айт намаздары кестелерін жер-жердегі діндарларға «Мүбәрак қолдарыңызбен таратыңыздар, халықты дін жолына шақырыңыздар» деп хаттар жазып, жіберіп отырған.
Қажыбай қажы өміріндегі ең маңызды оқиға, ол әр мұсылманның асыл арманы болған қажылық сапары еді. Қажекең 1961 жылы Меккеге қажылыққа барады. Ойға жиған-тергенін өлең сөзбен бірге қара сөзбен де өрнектей білген қаламгерлік қабілетін сол сапардан жазған естелігі анық аңғартады. Оған төмендегі үзінділер айғақ.
«…Барлық адам баласының түпкі атасы Адам ғалейһи-с-саламнан бастап, Алла Тағала қанша пайғамбар жіберсе, сол пайғамбарлардың өмір сүріп, халықты Ислам дініне шақырған, тарихи орында, Аллаға намаз оқып, құлшылық істеудің тарихи орыны болғандықтан және мүмкіндік те болып, шамасы келген адамға Қағбатоллаға бір қабат барып, оны қажы күнінде тауаф етіп, жеті қабат айналу фарыз болғандықтан, бірнеше жылдан бері қарай баруға құмар болып жүруші едім. Сол талаппенен үстіміздегі жылы, 1961-ші жылы, януар айында Мүфти хазіретке - Қазақстан қазиына арыз бердім. Сол берген арызым қабылданып, 11 май күні Қази Ғылманұлынан «14 майда Мәскеуде болыңыз, қажыға барасыз» деген телеграмма келді.
…Бізді автобуспен Меккеге алып жүрді. Қажылардың «ләббайка-ләббайка» деген әдеттегі айтуға тиіс болған дауыстап айтатын дұғалардың дауыстары көкке шығады. Көздерінен жастары ағып, Қағбатолаға шын жүректен, махаббатпен келе жатқан адамдар.
… Майдың 22-сі. Зулхижжа айының 8-і тәрдие, яғни шек күні таңертең тұрған соң, күн көтерілген соң Қағботалланы тауаф етіп, айналуға келдік… Аллаға сыйынып, тауаф етіп жүре бастадық. Екі сағат шамасында жеті қабат айналып та болдық. Мақам Ибраһим да екі рәкаат намаз оқып, Алладан тілек тіледік. Дүниеден қайтыс болған адамдарға, тірілерге Алла үшін достары, барлық арғы аталарымыздан тараған адамдарға дұға жасадық…»
2 Қажыбай Мәндібайұлының діни қызметі
2. 1 Әл-Фараби еңбектерін араб тілінен тәржімалаған қазақ қайраткері
Әбу Насыр әл-Фараби қазақ топырағынан өнген дана екенін әлемге әйгілеп танытқан атақты ғалым, академик Ақжан Машанидің Қарағандыға арнайы іздеп келіп, үйінде айлап жатып, араб, парсы, түрік тілдеріндегі шығармаларын бірге талдап, ана тіліне аудару жолдарын ақылдасып-кеңесуі жайдан-жай еместігі анық. Ғұламаның дін-исламға қатысты еңбектерін түпнұсқа тілде оқып, іліміне терең бойлауы баурағаны хақ. Тұлғаларды тұлғалар таниды, бір-бірінің қадірін біледі деген осы. Екеуі хат жазысып тұрған. «Ақыжан інім, хатыңды алдым. Фарабидың қандай тақырыптағы еңбегін аударайын. Қанша уақытта бітірейін» деген хаттары сыйлас, сырлас адамдар болғанын танытады.
Ғұламаның екінің бірі зерделей бермейтін еңбектерін ұғыну, тоқуы - «Жүректің көзі ашылса, хақтықтың түсер сәулесі. Іштегі кірді қашырса, Адамның хикмет кеудесі» дейтін Абай сөзін еске түсіреді. Алладан жіберілген қасиетті Кітап аяттарын жүрек тазалығымен қабылдап, ғылымдардың шырағын жағу құдіретіне ғибадат етіп, ардақтаған ұлы данышпанды қадір тұтуы да осыдан болса керек.
Ғылым дегенде де, сонау оныншы ықылымда ілім таратқан Әбу Насыр Әл-Фараби еңбектерін зерттеп, зерделеп, арабшадан қазақшаға тікелей тәржімелеген екен. Ел арасында Фарабиды қазаққа оралтқан Ақыжан Машани деп танылғалы не заман. Сол А. Машанидің Фараби әлемін ашуынаҚажыбай қария септігін тигізген-дүр. Сөзіміз тиянақты болуы үшін Қажыбайдың А. Машаниғажазған хатын келтірелік (бұл хат ақтоғайлық қария Қалижан Жандығұловтың сандығынан табылған. Алматыға жолданған хаттың көшірме нұсқасы да болуы мүмкін. Қалай болғанда да, хат адресатқа жеткен. Оны кейінгі хаттар нақтылайды. ) :
«Досым Ақыжан!
Ассаламуалейкум уа рахматуллаһ уа баракатуһу.
Сіздің 17/Х жазған мактубыңызды (хатыңызды) уақытында алсам да түрлі шақырулар, қызмет жағдайым уақытымды бөлгізбей, бүгін ғана көңілімді бөліп хат жаздым. Сіз сұратқан екі парақ жазуды оқып, қарап, Фарабидің өз заманында жеке дара, өнер-ғылымда өзіндік тіс қаққан адам екеніне сенімім бекіді. Қысқаша айтқанда, ол екі беттің түсінігі мынау:
Сол заманның бір ғалымы, Абу Исхақ Ибраһим бин Ғабдуллаһ асфадари деген ғалым айтады: «Мен жұлдыздар ғылымын (астрономия) зерттеп білуге, оны кеңейтуге құмар болып, сол жайында жазылған кітаптарды сеніммен көп уақыт қарадым. Бұл ғылымның құралдары (обсерватория тағы басқаларының жарыққа шығуымен байланысты) : Ғалым кітаптарды реттеп, ашу жөнінде еш күмәнданарлық жағдай жоқ қой деп сенсем де, соңынан көп мәселеде көріктеніп, әуелгі заманның ғылымдарының, хәкімдерінің кітаптарынан қарастыра бастадым. Солардың кітаптарынан менің ауруыма ем табыла деп ойладым. Бірақ, олардың да кітаптарын тексеріп қарап, олардың жазғандарында қанағаттанарлық ештеңе таппадым.
Анық дегенім күмән болып, сенгенім күдікті болып шықты. Енді бірнеше заман өткен уақытта, ғылымдағы күмәнді мәселелерді шешіп, оны қайсы дұрыс емес, қайсы туралы Әбу Насыр Әл-Фарабиға жолығуды ойлап жолықтым. Оған тілек қойып мұңымды айтып, Ғалым Нажмуддин осы мәселелерді ашып беруін өтіндім. Фараби бұнымды қабылдады. Мәселелердің тегін заңдарымен танысып түсіндірді. Бұл жайында көп айтылып, тартысып та қалып отырдық. Ақырында Фараби кітап жазып, күдікті мәселелердің біразын ашып берді. Айқын дәлелдермен шындыққа көзімді жеткізіп, мақсатыма жеткендеймін. Әбу Исһақ Ибраһим Ғабдуллаһтың бұл сөздерінен, бағалануына қарағанда Фарабидің өте-мөте астрономия ғылымында өзіндік ғалым екендігі анықталды. Екіншіден, сіз Фарабидің араб тілінде кітапты қазақшалап беруге бола ма депсіз. Ол жайында мен сізге мынандай сұрақ қоямын:
Ол кітап ғылымның қай саласында жазылған, әдебиеттен бе, болмаса, басқа өнер ғылым пән кітабы ма, оны қай пәннен жазылған, көлемі неше бет? Егер қазақшалауда тіліне аударған күнде еңбекақы мөлшерінің есебі қандай болмақ, осыларды жазып жіберсеңіз, соңынан жауап қайырамын. Үшінші, сіздің өзіңіздің «Білім және еңбек» журналында басылған мақалаңыз жайында соңынан хабарлармыз. Бұл күнде әлі қолыма түспеді.
Тілеуқор ағаңыз Қажыбай Мәндібайұлы,
7 қараша, 1969 жыл. » деп қол қояды.
Осы хаттан-ақ Фарабиды «қазақша сөйлеткен» Машанидің арғы жағында Қажыбай Мәндібайұлы тұрғанын аңғаруға болады. Әлбетте, хаттың түпнұсқасы сақталған. Оған қоса, Ақыжан Машани мен Мәндібайұлының тағы бірер хаты ұрпақтарының қолында тұр . . .
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz