Ежелгі дәуір әдебиетінің мәселелерін тереңдете қарастырған ғалымның жұмыстары сан - салалы


МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ . . . 3
1. А. ҚЫРАУБАЕВА ‒ Б. КЕНЖЕБАЕВТЫҢ ҒЫЛЫМИ МЕКТЕБІНІҢ КӨРНЕКТІ ӨКІЛІ
1. 1 А. Қыраубаеваның шығармашылық ғұмырнамасы . . .
1. 2 А. Қыраубаева ‒ әдебиет тарихын зерттеуші ғалым . . .
2. АЛТЫН ОРДА ДӘУІРІНДЕГІ ӘДЕБИ ЖӘДІГЕРЛЕРДІ ЗЕРТТЕУДЕГІ А. ҚЫРАУБАЕВА ЕҢБЕКТЕРІ
2. 1 Алтын Орда дәуіріндегі әдеби мұралардың ерекшеліктері, жүйеленуі . . .
2. 2 А. Қыраубаеваның «Махаббатнаме» дастанын аударудағы еңбегі . . .
2. 3 Ғалымның Алтын орда дәуіріндегі әдебиетті зерттеудегі тұжырымдары мен пайымдаулары . . .
ҚОРЫТЫНДЫ . . .
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР . . .
КІРІСПЕ
Жұмыстың жaлпы сипаттамaсы. Ұлттық әдебиеттану ғылымының дамуында өзіндік орны бар дарынды ғалым, ұлағатты ұстаз Алма Мүтәліпқызы өмірінің жартысын ұстаздыққа және қазақ әдебиетін, әсіресе ежелгі дәуір әдебиетін зерттеуге арнады. Ғалымның ежелгі дәуір әдебиетіне, оның ішінде Алтын Орда дәуірі әдебиетінің жауһары саналған «Махаббатнама» дастаны, «діни қисса» атанған «Рабғузи қиссаларын» зерттеуі ұстазы Б. Кенжебаевтың әдебиеттегі ғылыми концепциясын дәлелдеуге ұмтылуы мен ғалым ретіндегі ізденгіштігі мен ұлтқа қызмет етудің үлгісін көрсетуі болды.
А. Қыраубаеваның «Қазақ әдебиетіндегі шығыстық қисса-дастандардың түп-төркіні мен қалыптасуы» деген өз заманында әлі толық ашылмаған тақырыпта докторлық диссертация жұмысын орындауы шын ғалымға тән қайсар мінезін, мықты рухын көрсетеді. Бұл көлемді зерттеу еңбегінде «Мың бір түн», «Тотынама», діни, «Шахнама» желілері, сондай-ақ Орта Азиялық сюжеттер бойынша нәзира үлгісімен жазылған қазақ дастандары зерттелінді. Кең көлемді бұл зерттеудің ұшқыны ғалым көңілінде кандидаттық диссертация жұмысының арқауына айналған «Махаббатнама» дастаны мен «Рабғузи қиссаларын» зерттеп жүргенінде байқалған. Әл-Фарабидің, Ахмет Иассауидың, Ахмет Иүгінекидің шығармашылықтары «Ислам дәуіріндегі әдебиетте», Жүсіп Баласағұн мен Махмұд Қашқари «Қарахан әдебиетінде» қарастырылса, «Алтын орда дәуіріндегі әдебиеттің» үздік шығармалары ретінде «Махаббатнама», «Қисса-Жүсіп», «Жұмжұма », «Қисса-әл-әнбия», Сайф Сараидың «Гүлстан би-т-түркиін» келтіре талдайды. Қазақ қисса-дастандарының түп-төркінін ежелгі әлемдік мифтермен байланыстыра қарауы, нәзирашылдық дәстүрінің ХІІІ-ХІV ғасырларда түркі әдебиетіне келуін ғылыми тұрғыдан пайымдауы, ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында шығыстық желідегі қисса-дастандардың дамуын көрсетуі мен қалыптасқан сюжеттік арналар бойынша оларды топтастыра қарастыруы тың ғылыми қорытындылар мен жаңалықтарға құрылған байыпты зерттеу болды.
Ғалымдығымен қатар үлкен жүректі ұстаз бола білген Алма Қыраубаева өмір жолында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде дәріс жүргізді. Қазақ ұлттық университетте ұстаздық қызмет атқарып, қазақ әдебиетінің ертедегі дәуірлерінен дәріс оқыған кезінде «Қазақ әдебиетіндегі қисса жанры» (арнаулы семинар сабағының бағдарламасы. ҚазМУ, 1980), «Қазақ әдебиеті» (дайындық бөліміне арналған бағдарлама, 1983), «Махаббат нама» (студенттерге көмекші құрал. 1983), «Қисса жанрының өзіндік ерекшеліктері» (студенттерге көмекші құрал. ҚазМУ, 1985), «Абайдың поэмалары» (дайындық бөліміне арналған көмекші құрал. ҚазМУ, 1985), «Ежелгі әдебиет» (хрестоматия, 1991), «Ежелгі әдебиет» (жоғары оқу орындарына арналған оқулық, 1996, 1999), т. б. секілді жоғары оқу орындарындағы филология факультететі қазақ тілі мен әдебиеті бөлімінің шәкірттеріне арналған оқу құралдарын, бағдарламаларын шығарды. Әсіресе, ғалымның ежелгі дәуір әдебиетінен хрестоматиялық оқу құралын құрастырып, студенттерге ұсынылуы уақыттың өзі талап еткен маңызды жаңалық болды. ХІХ ғасырда Ыбырай Алтынсарин, ХХ ғасырдың басында Ахмет Байтұрсынов негізін қалап кеткен ұлттық білім беру жүйесін ары қарай жалғастырған ұлы ұстаздардың бірі Алма Қыраубаева болды. 1993 жылы Алматы облысы Қарасай ауданында қазақ гуманитарлық мәдениет лицейін ашты. Бұл гуманитарлық лицейдің басқа мектептерден басты айырмашылығы мұндағы білім беру, тәрбие жұмыстарының барлығы да мемлекеттік стандартты сақтай отырып, ұлттық дәстүр бағытында жүргізілді. 90-жылдардың соңында ауыл балаларының білімін тереңдетіп, жоғары деңгейге көтеріп, ой-өрісін кеңейту мақсатында мектеп ашуы да жас ұрпақтың келешегіне бейтарап қарай алмайтын ұстаздың үлкен ұмтылысы болатын. Мектеп, лицей-гимназияға арналған оқулық жазып, жариялауы да ұлтын сүйген жүректің ұлтына деген адалдығы.
Зерттеу жұмысында көрнекті ғалым, ұстаз, филология ғылымдарының докторы Алма Мүтәліпқызы Қыраубаеваның ғылыми зерттеулерінің мәнін ашуға, басты ғылыми бағыттары мен ұлттық әдебиеттану ғылымына әкелген жаңалықтары зерделенеді.
Зерттеу жұмысының өзектілігі. А. Қыраубаеваның ғылыми мұраларын қарас- тыру арқылы ғылымдағы дәстүр мен жаңашылдық мәселесі, Б. Кенжебаев тәрізді аға ұрпақ өкілдерінің ғылыми ой-қорытындылары мен орта буын ғалымдарының ғылыми ізденістері, сабақтастығы, тұжырымдары қалай ұштасты және ежелгі дәуір әдебиетіне қатысты бүгінгі әдебиеттану ғылымы- ның алдында қандай көкейкесті мәселелер бар деген сұраққа жауап ізделінеді. Бұл әдебиеттану ғылымында өзекті мәселе. Зерттеу жұмысы тақырыбының өзектілігін осымен байланыстырамыз. А. Қыраубаеваның ғылыми еңбектерін зерттеу арқылы қазақ әдебиеті тарихындағы ежелгі дәуір әдебиетінің зерттелу тарихын, негізгі бағыттары мен ізденіс арналарын, әлі де зерттелуге тиісті өзекті мәселелерін тануға болады. Ғалымның зерттеулерінде Алтын Орда дәуіріндегі әдебиеттің дамуын аударма-нәзиралық шығармалар және тыңтума әдебиет деп екіге бөліп, зерттеу жұмысында соған қатысты әдеби нұсқаларды жан-жақты талдауы мен кейбір туындылардың аудармасын жасауы қазақ әдебиеті тарихының орта ғасырлар кезеңімен, сол уақыттағы әлем әдебиетімен сабақтасып жатқанын нақтылы дәйек-дерекпен орнықтыра түседі.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Ғалым А. Қыраубаеваның ғылыми мұрасы мен ұстаздық жолы туралы аға ғалымдар, тұстастары мен шәкірттері тарапынан бірсыпыра естеліктер, мақалалар жазылды, қазіргі уақытта да жазылу үстінде. Онда ғалымның еңбектеріне, қарым-қабілетіне, ұстаздық-адамдық қасиетіне баға беріледі, ғылыми бағыты мен ізденістеріне шолу жасалып, оң пікірлер айтылады. Ғалымның жекелеген еңбектеріне баспасөз бетінде сын мақалалар жарияланған. Алайда, бұл мақалалар мен естелік еңбектер тұтасымен алғанда А. Қыраубаеваның зерттеу жұмыстарының маңызын тануда қолданатын басты ақпараттардың бірі де бірегейі саналғанымен, ғалымның ғылыми мұрасы әлі де толық зерттеуді қажет етеді. Соңғы өткізілген шараға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Абай ғылыми зерттеу институты және қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының ұйымдастыруымен 2022 жылы 26 мамырда өткен филология ғылымдарының докторы, профессор, әдебиеттанушы-ғалым, ұстаз Алма Мүтәліпқызы Қыраубаеваның 75 жылдығына арналған «профессор Алма Қыраубаева: ғылыми мұрасы және ұстаздық ұлағаты» атты республика- лық ғылыми-теориялық конференцияны айта аламыз. Ғалымның шәкірттері жасаған бұл шарадан да бөлек ғалымның бүкіл шығармашылық мұрасына тұтас, жүйелі зерттеу қажет.
Зерттеу нысаны. Ғалымның жарияланған монографиялық зерттеулері мен әр алуан жинақтарда, баспасөз бетінде басылған мақалалары, диссертация жұмысы мен авторефераты, соған қатысты еңбектер зерттеу негізіне алынды.
Зерттеу пәні. Ежелгі дәуір әдебиетінің көкейкесті мәселелері, әлемдік әдеби байланыстар көрінісі, халықтық әдебиеттің танымдық-эстетикалық тағылымы.
Зерттеу жұмысының мақсаттары мен міндеттері. Диссертация жұмысының негізгі мақсаты белгілі әдебиеттанушы А. Қыраубаеваның ежелгі дәуір әдебиетін зерттеудегі негізгі ғылыми ұстанымдары мен ой-тұжырымдарын тану, жүйелеу және бүгінгі әдебиеттану ғылымының дамуындағы маңызын айқындау мен бағалау болып табылады. Осы мақсатқа жету жолында мынандай міндеттерді орындау алға қойылды:
- ғалымның ежелгі дәуір әдебиетін зерттеудегі өзіндік дүниетанымы мен көзқарасының қалыптасуын анықтау;
- ғалымның негізгі ғылыми бағыттарын айқындау және жүйелеу, оның негізділігі мен өміршеңдігін таныту;
- А. Қыраубаеваның ғылыми ой-тұжырымдарының әдебиеттану ғылымының дамуындағы орны мен маңызын көрсету;
- «Рабғузи қиссалары» туралы зерттеудің монографиялық сыр-сипаты мен ғылыми тереңдігін ашу;
- Хорезмидің «Махаббатнама» дастанына жан-жақты талдау жасаған ғалымның еңбегінің мән-маңызын анықтау;
- қазақ әдебиетіндегі шығыстық қисса-дастандардың түп-төркіні мен қалыптасуы туралы зерттеулердің әдебиеттану ғылымындағы негізгі қорытындыларын айқындау;
- қазақ әдебиетінің тарихының бастауы біздің заманымызға дейінгі уақыттардан басталады деген ғалымның ғылыми ізденісінің басқа ғалымдар еңбектерінде жүйеленуін көрсету.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор А. Қыраубаеваның ежелгі дәуір әдебиетін қарастырудағы ғылыми ой-тұжырымдары зерттеу еңбектері негізінде айқындалып, қорытылып беріледі;
- ежелгі дәуір әдебиетіндегі дәстүр жалғастығы мен оның әлем халықтары әдебиетімен байланыстылығы, өзара ықпалы мен заман, ортаға орай өзгерісі туралы А. Қыраубаеваның ғылыми талдауларының құндылығы көрсетіледі;
- «Рабғузи қиссалары» туралы күрделі зерттеудің негізгі ғылыми тұжырымдары мен сипаты сараланады;
- Хорезмидің «Махаббатнама» дастанының әлемдік көркемдік дүниетаныммен қатысы және шығарманың стилі мен тілі анықталады;
- қазақ әдебиетіндегі нәзира дәстүрінің көрінісі қисса-дастан жанры ХІІІ - ХІV ғасырларда туып, ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында кеңінен дамыды деген А. Қыраубаеваның ғылыми қорытындысының негізі сараланып көрсетіледі;
- қисса-дастандардың мифтік негізі, тұрақты сюжет желілері, оның шығыс, әлем халықтары әдебиетімен байланысы А. Қыраубаева зерттеуі негізінде анықталып, оның ғылыми негізділігі, жаңалығы мен маңызы белгіленеді;
- қазақ әдебиетінің тарихы біздің заманымызға дейінгі дәуірден басталады деген ғылыми концепциясының негізділігі мен өзге әдебиеттанушы ғалымдар тарапынан өрістетілуі жүйеленеді;
- А. Қыраубаеваның ежелгі дәуір әдебиетінің нұсқаларын аударудағы еңбегі бағаланады.
Зерттеу әдістері. А. Қыраубаеваның ғылыми мұрасын зерттеуде талдау, жинақтау, салыстыру - салғастыру, қорыту әдістері қолданылды.
Зерттеу жұмысының әдістемелік және теориялық негіздері. Жұмысты орындауда ежелгі дәуір әдебиетінің өзекті мәселелерін, әдебиет тарихының негізгі жайларын зерттеген танымал, білікті әдебиеттанушы ғалымдар:
М. Әуезов, Ә. Марғұлан, Б. Кенжебаев, Ә. Қоңыратбаев, Қ. Жұмалиев,
Е. Ысмайылов, Ы. Дүйсенбаев, З. Қабдолов, Р. Бердібаев, М. Мырзахметұлы,
Х. Сүйіншәлиев, Ә. Дербісалин, Ш. Сәтбаева, Н. Келімбетов, М. Жолдасбеков, С. Қасқабасов, М. Жармұхамедұлы, Т. Кәкішұлы, М. Мағауин, М. Бөжеев,
М. Ғұмарова, А. Сейдімбек, Б. Омарұлы, С. Негимов, Ө. Күмісбаев,
Ж. Дәдебаев, Қ. Әбдезұлы, Б. Майтанов, Н. Сағандықова, С. Әшімханова,
Т. Тебегенов, А. Жақсылықов, Қ. Мәдібай, Б. Жақып, З. Сейітжанов,
З-Ғ. Бисенғали, Ө. Әбдіманұлы, Ж. Тілепов, Д. Ысқақұлы, Б. Әзібаева,
Ш. Ыбыраев, А. Егеубай, Т. Еңсегенов, т. б. негізгі еңбектері басшылыққа алынды. Сондай-ақ ежелгі, орта ғасыр әдебиеті мәселелерін қарастырған шетел, түркі ғалымдарының сүбелі зерттеулері пайдаланылды.
Зерттеудің ғылыми-тәжірибелік мәні. Зерттеуде белгілі әдебиеттанушы ғалым А. Қыраубаеваның ғылыми мұрасы ғылыми тұрғыдан қорытылады. Еңбектің ежелгі әдебиет мәселелері мен қисса жанрының тууы, қалыптасуы жайларын тануда маңызы зор. Алдағы уақытта көне дәуір әдебиетінің өзекті жайларын қарастыратын зерттеулерде ғалымның қорытылған ғылыми ой-тұжырымдарын пайдаланудың теориялық-практикалық маңызы жоғары. Зерттеуді ежелгі әдебиет тарихын оқытуда оқу құралы ретінде, арнайы курста пайдалануға болады.
Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар.
- А. Қыраубаева - Алтын Орда дәуірі әдебиетін зерттеуші;
- Алтын Орда дәуірінде түркі халықтарының әдебиеті аударма-нәзиралық шығармалар және тыңтума әдебиет үлгісінде және әлем, шығыс халықтары әдебиетімен байланыста дамыды деген қорытындының ғылыми негізі көрсетілді;
- «Рабғузи қиссаларының» діни сипатымен қатар ондағы аңыз-әңгімелердің дүниетанымдық-тәрбиелік құндылығы анықталып, түп-төркіні ертедегі шумер жазуларымен, көне араб-парсы әдебиетімен, Құран, Библиямен, Фирдоуси дастанымен, басқа да әлемдік мәдениет-әдебиет үлгілерімен байланыстығы дәлелденді;
- қисса-дастан жанры қазақтың шығыс елдерімен рухани байланысын, бай мифологиясынан, діні, халық тарихы, адамдық мұраттарынан жан-жақты мағлұматтар беретін көркем дүние екені А. Қыраубаева зерттеуі негізінде анықталды.
Зерттеу жұмысының сыннан өтуі мен жариялануы. Диссертациялық жұмыстың теориялық мәні мен мазмұнның тұжырымдарын құрайтын мәселелері бойынша ғылыми-практикалық конференция материалдарының жинақтарында баяндамалар жарияланды.
Зерттеу жұмысының құрылымы. Зерттеу кіріспеден, негізгі екі тарау мен қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
- А. ҚЫРАУБАЕВА - Б. КЕНЖЕБАЕВТЫҢ ҒЫЛЫМИ МЕКТЕБІНІҢ КӨРНЕКТІ ӨКІЛІ
1. 1 А. Қыраубаеваның шығармашылық ғұмырнамасы
Халықаралық Жамбыл сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор Алма Мүтәліпқызы Қыраубаева ұлттық рухтағы қажырлы, бірегей ғалым Б. Кенжебаевтың үміт артқан, сенімін ақтаған дарынды шәкірттерінің бірі болды. Ұлттық танымды тереңдету, қазақ әдебиеті тарихын ежелгі түркі халықтарының ортақ мұраларынан бастау және оны ғылыми негіздеу - басты ғылыми ұстанымдарының бірі еді. Ежелгі дәуір әдебиеті нұсқаларының қазақша сөйлеуіне, бүгінгі білімгерлердің, ғалымдардың қажеттілігіне асуына айрықша еңбек сіңірген. Ғылымды ұстаздықпен сабақтастырған, ғылым жолында шәкірттер тәрбиелеп, ежелгі дәуір әдебиетінің мәселелеріне жас ғалымдарды жұмылдыра білген принципшіл, ұлағатты жан, білімді шәкірт, адал ұстаз бола білген. Бұл ретте ол Б. Кенжебаев концепциясын жаңа ғылыми зерттеулермен тереңдете, орнықтыра түскен көрнекті ғалым, жоғарғы, орта мектептерге арнап терең танымдық мәні бар, ежелгі дәуір әдебиетінің тылсым сырларын ашқан тамаша оқу құралдарының авторы, ұлттық мақсат-мүддедегі ұлтжанды жаңашыл ұстаз болды. Т. Кәкішев: «Бейсекеңнің Алмашыл болатын себебі қазақ әдебиетінің тарихын сонау Орхон-Енесей жазбаларынан тарату жөнінде ғылыми концепция жасап, Қазақ университетінің қазақ әдебиеті кафедрасының күшімен 1967 жылы «Ежелгі дәуірдегі әдебиет» нұсқалары деген хрестоматия шығарып, оның сүбелі шығармасы атақты Хорезмидің «Мұхаббат намасы» болған еді. Оны қазақшалауға, яғни қазақтардың түсінуіне ғана емес, Алтын Орда заманында жасалған ортақ мұраны зерттеуге Бейсекең жастарды көп тартқан уақытта Алмаға да сенім артқан екен. Оны 1969 жылы жазған «Мұхаббат нама» деген мақаласын Алма Қыраубаевамен бірлесіп жазғанын «Әдебиет белестері» деген жинағында айрықша атап көрсеткені айқын дәлелдейді» [1, 10 б. ], - дейді ғалым.
А. Қыраубаева ХХ ғасырдың 60-жылдары ұлттық әдебиеттану ғылымында қарқынды дами бастаған ғылыми концепцияға бар ғұмыры мен қажыр-қайратын, тынымсыз ізденісін арнады. Ғылыми ұстанымын көп жылдық зерттеуінің нәтижесінде дүниеге келген «Ғасырлар мұрасы» кітабына жазған алғы сөзінде қысқа да нақты білдірді:
- ХІІІ-XIV ғасырларда қазіргі Қазақстан, Орта Азия жерлерінде, Еділ бойында түркі тілінде сөйлейтін көптеген ежелгі тайпалар аралас өмір сүрді. Бұл кездерде түркі тайпалары әлі де жеке-жеке халық болып қалыптаспағандықтан, сол кезде олар жазып қалдырған әдеби ескерткіштер қазіргі түркі тілдес халықтардың ортақ мұрасы болып есептеледі. ХІІІ-XIV ғасыр ескерткіштері түпкі бастаулары тереңде жатқан қазақ әдебиетіндегі ежелгі дәуірлердің бір арналы бұлағы;
- ХІІІ-XIV ғасырлардағы түркілердің тарихи-әлеуметтік жағдайы, әдебиетінің өзіндік сипаты, «Рабғузи қиссалары», «Махаббатнама» ескерткіштерінің идеялық-көркемдік ерекшеліктері, ежелгі әдебиет дәстүрінің ХІХ-ХХ ғасырлар басындағы қазақ әдебиетіндегі көрінісі - ұлттық әдебиеттану ғылымының өзекті мәселелерінің бірі;
- ХІІІ-XIV ғасырлар ескерткіштерінің әдеби сипатын айқындау шығыс әдебиеттерін дәуірге бөлу саласында әдебиетшілерді көптен толғандырып жүрген ғылыми ізденістермен үндес. Көне мұралардың кең ауқымда зерттеле бастауы жер жүзі мәдениетіндегі бағдарластық қарым-қатынастардың жаңа проблемаларының бетін ашып отыр. Соңғы уақыттарда Шығыс Ренессансы мәселесі жан-жақты сөз болып талқылануда. ХІІІ-XIV ғасырлардағы түркі әдебиеті осы көне шығыстан, жер жүзі мәдениетінің сол дәуірдегі дамуынан бөлек, тұйық жатқан құбылыс емес, солармен тығыз байланыстағы дәстүрлі әдебиет;
- ХІІІ-XIV ғасырлардағы түркі әдебиеті Алтын орда мемлекеті туғызған, сол территорияда ғана жасалған әдебиет емес, ХІІІ-XIV ғасырларда, Алтын орда дәуірінде өмір сүріп, Сыр бойында, Хорезмде, Каспий маңында, Египетте, тағы басқа жерлерде тіршілік құрған түркі тілдес халықтар жазып қалдырған әдеби ескерткіштері, қыпшақ, оғыз сияқты ру-ұлыс тайпаларының жасаған ортақ әдебиеті [2, 3-4 бб. ] .
А. Қыраубаеваның бұл ғылыми концепциялары «Қиссас-и Рабғузи» мен «Махаббатнаманың» идеялық-көркемдік ерекшеліктері» атты кандидаттық диссертациясына өзек болып, ғылыми тұрғыдан негізделіп, өз шешімін тапты. «Рабғузи қиссалары» туралы, әсіресе сол тұста, бұл діни кітап, қажеті шамалы деген пікір барынша үстем болып тұрғанда, белгілі ғалым Н. М. Малаевтың бұл кітапта діни нанымға тікелей қатысы жоқ, жер бетіндегі тірлікке бағытталған әңгімелер де бар, ондай туындылардың дидактикалық-танымдық мәні зор деген ғылыми тұжырымында басшылыққа ала отырып, тыңғылықты зерттеу жұмысын жүргізіп, «Рабғузи қиссалары» ХІІІ-XIV ғасырдағы Алтын Орда дәуірі әдебиетінің жинағы әрі өз дәуірі әдебиетінің негізгі ерекшеліктерін аңғартатын құнды мұра деген қорытынды жасауы - жеңіл айтыла салған пікір емес, көп жылдық зерттеудің, салыстыра тексерудің дәлелденген түйіні болатын. Шындығына келгенде, «Рабғузи қиссаларын» құнды әдеби мұра деп дәлелдеу жоғарыда академик Р. Нұрғали айтқандай, ғылыми концепцияны практикалық-ғылыми тұрғыдан негіздеуге ұмтылыс болатын.
А. Қыраубаева зерттеуіндегі өзіндік сипат - сабақтастық, жүйелілік. Тоқтаусыз ізденіс сапары мен ғылым бастауында кезіккен, көзі жеткен шындық іздері кейін арналы зерттеуге айналып жатуы заңдылық болып табылады.
А. Қыраубаеваның толысып, кемеліне келген шақтағы ғылымға құлаш ұруынан осы жай аңғарылады. Бұл тағы да тың тақырыпқа беталыс еді. Үлкен арналы желіге бағытталған күрделі зертттеуіндегі ғылыми тұжырымдардың алғашқы белгілері кандидаттық диссертациясында-ақ көрініс берген. Ол ежелгі дәуір әдебиетінен біздің бүгінгі әдебиетімізге ұласқан дәстүр жалғастығы, соның негізінде қазақ дастан-қиссаларының қалыптасуы мен даму арналары, оның ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басындағы көрінісі болатын. «Қазақ әдебиетіндегі шығыстық қисса-дастандардың түп төркіні мен қалыптасуы» деген тақырыпта дайындаған докторлық диссертацияда А. Қыраубаева шығыстық сюжеттегі қисса-дастандардың генезисі мен дамып-қалыптасуын айқындау үшін сол уақытта ұлттық әдебиеттану ғылымында әлі терең айтыла қоймаған, бірақ айтылуы қажетті мәселелерді жаңа көзқараспен шешуді алдына мақсат етіп қояды. Бұл тақырып А. Қыраубаева зерттеуіне дейін айтылмады, қарастырылмады десек дұрыс болмас еді. Шығыстық желідегі қисса-дастандардың жалпы мәселелері М. Әуезов, С. Мұқанов, Е. Ысмайлов және де Қ. Жұмалиев, Б. Кенжебаев, М. Ғабдуллин, Б. Шалабаев, Х. Сүйіншәлиевтердің еңбектерінде, қисса-дастандарды арнайы зерттеп, танып-білудің маңыздылығы мен қажеттілігін талдап көрсеткен М. Бөжеев, З. Ахметов, М. Ғұмарова және де Ә. Қоңыратбаев, Ы. Дүйсенбаев, Р. Бердібаев еңбектері шыққан болатын. Бұл кездері қисса-дастандарды әр қырынан қарастырған Ш. К. Сәтбаева,
Н. Келімбетов, Ө. Күмісбаев, С. Қасқабасов, Б. Әзібаевалардың маңызды зерттеулері жарияланды. Қисса-дастандарды көпшілік оқырманға таныстыру мақсатында 70-жылдардың екінші жартысынан бастап, алғы сөзі мен ғылыми түсініктері жазылып жинақтар (1976, 1986, 1990, 1994, 1995 жж. ) жариялана бастады. Кітаптардың шығуында ғалымдар Ү. Субханбердина, Б. Әзібаева,
С. Қасқабасов, К. Матыжановтар елеулі еңбек сіңірді деп білеміз. Профессор
Т. Кәкішовтың жеке кітапханасынан алынып пайдаланылған Пекиндегі «Ұлттар баспасынан» шыққан (1986) қазақ қиссаларының 12 томы да
А. Қыраубаеваның зерттеуіне тың мүмкіндіктер ашты. Осындай күрделі де қомақты жұмыстардың бұған дейін атқарылуы А. Қыраубаева жұмысына ғылыми-әдістемелік негіз болды. Осы күрделі зерттеулердің құяр арнасы - бір: ежелгі әдебиетке жаңа көзқараспен келу, оның бүгінгі қазақ әдебиетімен байланысын, түр төркінін таныту екенін байқаймыз. Қисса-дастан жанрын зерттеу арқылы ғалым қазақтың айнала шығыс елдерімен рухани байланысының бұрыннан болғанын, ондағы мифтік желілер мен әр алуан мифтік кейіпкерлердің көне замандағы «Гильгамеш», «Авеста» туындыларымен, одан өзге де ежелгі мифтермен, ежелгі Вавилон-Ассирия мәдениетімен байланысып жатқанын салыстыра-салғастыра тексерулер арқылы дәлелді баяндайды.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz