Қазақ киносындағы түс көрудің режиссерлік интерпретациясы



Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 46 бет
Таңдаулыға:   
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРЛІГІ
МӘДЕНИЕТ КОМИТЕТІ
ТЕМІРБЕК ЖҮРГЕНОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ӨНЕР АКАДЕМИЯСЫ

ӨНЕРТАНУ ФАКУЛЬТЕТІ
КИНО ТАРИХЫ МЕН ТЕОРИЯСЫ КАФЕДРАСЫ

Қорғауға жіберілді
Кафедра меңгерушісі________

ДИПЛОМДЫҚ ЖҰМЫС
Тақырыбы: Қазақ киносындағы түс көрудің режиссерлік интерпретациясы

БББ: 6B02150 - Өнертану Кинотану

Орындаған: Қамашбек А. И
Ғылыми жетекші: Джумабеков Е. Ф., өнертану магистрі

Алматы 2023

МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ
1 Кинематограф және психоанализ: түс көрудің тарихи-теориялық тұжырымдары ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... .
1.1 Психоанализдағы түс көрудің теориялық тұжырымдары ... ... ... ...
1.2 Кинематограф тарихында экрандық түс көру көркемдік құрал ретінде ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..
2. Қазақ көркемсуретті киносындағы түсті экрандаудың режиссерлік интерпретациясы ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..
2.1. Қазақ киносындағы экран арқылы түс берудің режиссерлік тәсілдері ... ... ... ... ... ... .. ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... .
2.2. Қазақ киносындағы кейіпкерлердің ішкі әлемі мен бейнесін ашудағы түс көрудің интерпретациясы ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...

ҚОРЫТЫНДЫ ... ... ... ... ... ... .. ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... .
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ ... ... ... ... ... ... ... . ... ...
ҚОСЫМША А. ФИЛЬМОГРАФИЯ ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... .

КІРІСПЕ
Дипломдық жұмыстың жалпы сипаттамасы
Таңдалып отырған дипломдық жұмыс түс бейнелерді ұғыну, оның концептуализациясын зерттей отырып, түс қөруді кинематографта қолданудың стратегиясын ашады. Қазақ көркемсуретті киносындағы түс көру элементінің сипаттық ерекшеліктері зерттеліп, әлемдік мысалдарға, психология, социологиялық пәнаралық зерттеулерге сүйене отырып жұмыс жасалған. Визуалды, салыстармалы, теориялық талдау арқылы қазақ кино өнеріндегі түстің режиссерлік интерпритациясы қарастрылды, мәдени және тарихи контексттердің қазақ киносындағы түстің бейнесі мен символикасын қалыптастырудағы үлесі анықталады.
Дипломдық жұмыстың өзектілігі
Мәлімделген тақырыпты таңдаудың алғышарттарының бірі, түс көру кинорежиссерлердің практикасында бар элементтердің бірі болып табылса да, қазақ кино теориясының шеңберінде тақырыптың жеткілікті түрде қамтылмауында. Батыстағы дискурстарда онейрикалық шындық туралы түсініктің сұлбасы қалыптасқан. Әлемдік мысалдармен айтар болсақ, түс көру көркемдік құрал ретінде экранда көріп жүрген, жиі қолданыстағы режиссерлік тәсіл. Қазақ киносында аталмыш тәсілді қолданатын режиссерлер қатары толығып жатқан болса, туындылардағы түсті нысана етіп, саны-сапасы категориясын байқап-бағамдап, теория тұрғысында қарастырған зерттеушілер қатары кең емес.
Бүгінде жаратылыстану ғылымы және гуманитарлық пәндер негізіндегі зерттеу нәтижелеріне жүгіну арқылы түс феноменінің пәнаралық объект ретінде зерттелу тенденциясын айқын байқай аламыз. Түс көру кинематографпен қоса психология, философия сынды әртүрлі ғылымдардың назарын аударып келген феномен. Пәнаралық тұрғыдан түстерді түсінуге бет бұрған онейрология терминін мәдениет, психоанализ, сондай-ақ, көп жағдайда түстің психоанализдік теориясына негізделген, немесе керісінше, оны жоққа шығаратын философиялық концепцияларды қарастыру қажеттілігі бар. Зерттеу жұмысы түс көру физиологиясы мен түсті түйсіну мәселелеріне тоқталмайды, заманауи қазақ кинематографындағы түсті репрезентациялау мәселелері көтеріледі. Оның ішінде түс көру мотиві арқылы автордың идеясын ашу мәселесі қарастырылған. Әртүрлі фильмдерде түс мифологиялық, ақпараттық, сәуегейлік, символдық, психологиялық, философиялық т.б. көркемдік қызметтер атқарады. Кинематографта кеңінен қолданыла бастаған түс көру тәсілінің өзге тәсілдерге қарағандағы көркемдік қуаты, көркемдік кеңістігі мен мүмкіндігі мол, кейіпкер психологиясын бейнелеуде спецификалық кең ауқымы, мағыналық, эстетикалық, философиялық, психологиялық, символдық міндет-қызметі мен атқарар рөлі зор екендігінде. Әсіресе, кейіпкердің ішкі жан дүниесін, толғанысын, әртүрлі жағдайдағы көңіл-күйін, эмоциялық сезімдік құбылыстарын сипаттайтын түс көру мотиві режиссердің қиялы мен ойлау деңгейін де танытады.
Қазақ киносындағы түстердің режиссерлік интерпретациясын зерттеу тақырыбының өзектілігі бірнеше аспектілерде бой көрсетеді: бірегей көркемдік тәсілдер мен тың көзқарастарды ашуға мүмкіндік береді, көрерменнің кейіпкер жөніндегі түсінігін кеңейтуге және сол арқылы кинематографиялық тәжірибесін байытуға көмектеседі, түстер психологтар үшін қызықты зерттеу объектісі болып табылады, және аталмыш тақырып төңірегіндегі зерттеу материалдары адам психикасының символикасын және оның мәдениет пен қоғамға қатынасын түсінуге ықпал етуінде. Кинематографтағы түс көруді кейіпкердің бейнесін тереңдету мақсатында оның әртүрлі авторлық формаларында интерпретациялау өткен шақтың киноклассиктері мен көрнекті теоретиктерінің қызығушылығын тудырып келді. Алайда қазақ киносында, кеңестік кезеңдегі де, тәуелсіздік кезеңіндегі де, түс тақырыбы режиссердің кино кейіпкерінің ішкі әлемін терең ашудағы құралы және заманауи кинодағы фактор ретінде, зерттеулерде көрініс таппаған, іргелі еңбектерге негіз болмаған. Түс көрудің кино теориясында қазақ ғалымдарымен көп зерттелмеуіне байланысты зерттеу жұмысы қазақ киносындағы түс көруді феномен ретінде сыни, салыстырмалы психология, социологиялық пәнаралық зерттеулерге сүйене отырып саралауға бағытталған.
Диплопдық жұмыстың зерттелу деңгейі
Аталмыш дипломдық жұмыстың теориялық негізі ретінде философтардың, кинотеоретиктердің, өнертанушылардың, психологтардың, киносыншылардың, Қазақстандық, ТМД, Еуропа және АҚШ-тың экрандық өнер зерттеушілерінің жұмыстары алынды.
Бейсананың психоанализдегі негізгі түсінігі мен түстің функциялары келесі іргелі еңбектерде зерттелген: 3. Фрейд Толкование сновидений [1], O психоанализе [2], Художник и фантазирование [3], Н. Мальком Состояние сна [4], А. Адлер Сны и их толкование [5]. М. Ямпольскийдің еңбегінде Память Тиресия [6] Зигмунд Фрейд ілімінің ХХ ғасырдың басындағы көркемдік ағымдардың дамуына әсерін М. Канда зерттеді [7]. Режиссер А. Тарковскийдің шығармашылығы С.Кудрявцев, И. Михалкович, П. Богданов, В.Рудневалардың еңбектерінде қарастырылады.
Сондай-ақ психоанализды кинематографпен байланыстыра отырып зерттеулер жүргізген, бірқатар еңбектерінде атап өткен кеңестік философ және психоаналитик Виктор Мазиннің келесі жұмыстары назарға алынды: В. Мазиннің Введение в Лакана, П.Пепперштейнмен қосылып жазған Толкование сновидений, және Лакан в кино, Сновидения кино и психоанализа сынды еңбектері қарастырылды.
Кино туралы жазылған көптеген кітаптардың ішіндегі теориялықтары аз. Теориялық еңбектер арасында классика ретінде сөзсіз танылғандар тіптен аз. Қазақ көркем киносындағы түс тақырыбы бұрын ауқымды зерттеулер нысанына айналмаған және қазақ кинотануында жүйелі түрде зерттелмеген. Кеңестік кезеңдегі де, тәуелсіздік кезеңіндегі де фильмдердегі түс элементі режиссердің көркемдік құралы ретінде зерттеліп, отандық кино зерттеушілерінің еңбектерінде көрініс таппаған.
Дипломдық жұмысты зерттеудің нысаны
Әлемдік кинематографиядағы түстің орны.
Дипломдық жұмысты зерттеудің пәні
Қазақ киносындағы түсті интерпретациялаудың мәні
Дипломдық жұмыстың мақсаты
Қазақ киносындағы түсті әлем киносы мысалдармен салыстырмалы қарастыра отырып, режиссердің кейіпкерді тереңдетудегі және көркемдік шешім ретіндегі аспектілерін анықтау.
Дипломдық жұмыстың міндеті
Түсті психоанализтеориясы тұрғысынан қарастыру;
Әлем тарихындағыэкрандық түстің орнын зерттеу;
Қазақ кино өнеріндегі режиссерлік тәсіл үшін түс феноменінің үлесін анықтау;
Қазақ киносында кейіпкерлерді ашудағы түстің рөлін режиссерлер шығармашылығы мысалында өзара талдау;
Дипломдық жұмыстың жаңалығы
Психоанализдегі түстің алғышарттары, түрлері, даму бағыты анықталды.
Әлемдік кинематографтағы түстің орны және оныңинтерпретациялануы режиссерлердіңжұмыстары негізінде талданды.
Қазақ кинорежиссерлерінің түспен жұмыс істеу ерекшеліктері салыстырмалы сараланды.
Ұлттық кинодағы кейіпкер бейнесі тереңдеп, оның ішкі әлемі түс арқылы көрініс тапқан туындылар режиссерлерлік әдіс негізінде қарастырылды.
Дипломдық жұмыстың әдістемелік негіздері
Зерттеу жұмысында жүйелік тәсіл қолданылып, теориялық және практикалық әдістер арқылы жұмыс жасалды.
Зерттеудің практикалық бөлігінде материалды жинау, материалды зерттеу жүргізілді. Фильмдер қаралды, режиссерлермен кездесулер, кинематографистермен сұхбаттар, мұрағат деректерімен жұмыс жасалды.
Зерттеудің теориялық бөлімінде жинақталған материалдар талданды Теориялық әдіс тақырыпқа анализ жасаудағы жан-жақты салыстырмалы түрдегі талдаудығы өнертанушылық, аналитикалық әдісті қамтиды.
Дипломдық жұмыстың құрылымы
Қазақ киносындағы түс көрудің режиссерлік интерпретациясы деп аталатын бұл дипломдық жұмыс - кіріспе, екі негізгі тарау, төрт тарауша, корытынды, пайдаланылған әдебиеттер тізімі, фильмографиядан жене косымшалардан тұрады.

1 КИНО ӨНЕРІНДЕГІ ТҮС КӨРУДІҢ ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ
1.1 Психоанализдегі түс көрудің теориялық тұжырымдары
Түс концептінің санқилы мағыналы болуы, оны сипаттаудың әртүрлі тәсілдерінің пайда болуына алып келеді. Бүгінде жаратылыстану ғылымы және гуманитарлық пәндер негізінде зерттеу нәтижелерін синтездеу арқылы түс феноменінің пәнаралық объект ретінде зерттелу тенденциясын айқын байқай аламыз. Мәдениетте пәнаралық тұрғыдан түстерді түсінуге бет бұрған сәтте онейрология термині екінші рет дүниеге келеді. Онейрикалық кеңістікті біз түстерді сипаттаушы және зерттеуші аймақ деп анықтаймыз. Онейрикалық шындықты теория тұрғысынан саралауға ұлы австриялық ғалым, психолог, психоаналитик және психиатр Зигмунд Фрейдтің түс туралы теориясы Толкование сновидений (Түс жору) еңбегі негіз болды. 1899 жылы 11 қыркүйекте аталмыш монументалды зерттеу жарыққа шыққан болатын. Алғашқы таралым 1899 жылы шығады, бірақ баспагер мұқабаға 1900-шы жылды, яғни ХХ ғасырдың басталуын, жаңа дәуірдің басталуын көрсетеді. Осылайша психикамен жұмыс істеудің негізгі құралдарының бірі - түс талдаудың ғылыми негізін - ХХ ғасыр шебінде Зигмунд Фрейд қалады және оны Карл Юнг өрбітті. Фрейд өзінің еңбектерімен гуманитарлық білім саласында түстің қарқынды зерттеле басталуына түрткі болды.
Кино саласында болса, түске 1900 жылдардың ортасынан бастап назар аударып келеді. З.Фрейдтің 1900 жылы жарыққа шыққан Толкование сновидений кейіннен 1927 жылы кинематографтың жаңа ағымы сюрреализмнің пайда болуына сеп болды, мұнда түс элементі сюжеттік желінің орнын басты деуге келеді. Ал Фрейд формалды түрде өз заманындағы өнерден алшақ болды және оның өкілдерімен контакт орнатпады. Оны сол заманда аса құрметтеген сюрреалистерді ол сұмдық маньяктарға теңеген. Оның киноға деген көзқарасы, 1925 жылы голливудтық продюсер Самюэль Голдвин фильміне бірлесіп жұмыс жасау үшін ұсынған 100.000 доллардан бас тартуы жақсы айқындайды. З. Фрейд бұл ұсынысты ойланбастан қабылдаған жоқ. Дегенмен, түс негізінен визуалды түрде қабылданса, оны білдірудің де ұтымды, оңтайлы жолы визуалды болып табылатынын ескерді Фрейд. Киноның пайда болуымен түсті көрсету мүмкіндігі де пайда болды. Адамның бір өзіне аян түс табиғаты ендігі ұжымдық игілікке айналды деуге келеді. Түсті енді экранизациялауға, сахналауға, ойнатуға болады. Фильмдерде түсті кейіпкердің психологиясын зерттеу және оның әрекеттерінің терең мотивтерін анықтау құралы ретінде қолдану 1930 жылдардан бастау алды, бұл ең алдымен психоаналитикалық теорияның сол жылдардағы популяризациясына байланысты кең таралған болатын. Жак Деррида бұл ғасырдағы гуманитарлық білімнің дамуын мына формуламен сипаттайды: кино + психоанализ = елестер туралы ғылым.
Егер де Фрейд өз замандастарының өнеріне қызығушылық танытпай, оның шығармашылығы үшін мифология, ежелгі және классикалық өнер аса маңызды болған болса, Лакан үшін мәдениеттің "түпкі тамыры" ғана емес, сонымен қатар қазіргі заманғы бейнелеу өнері, әдебиет, кинематограф та маңызды болатын. Бұл заманауи өнерге деген қызығушылық ғана емес, сонымен қатар өнердің әртүрлі ғылым салаларының ықпалында екендігінің, әсіресе психоанализбен байланысты екенінде жатыр. Лаканды сюрреалистік эксперименттердің бейсаналық процестермен байланысы ғана емес, сонымен қатар сорреалистердің әртүрлі ғылымдарға деген қызығушылығы да қызықтырды. Сюрреализм бағытымен түсті көркемдік құрал ретінде қолдану еніп, түстің кинематографқа әсері бар екенін айтсақ, кейіннен кинематографтың біздің түс көру тәжірибемізге әсері болуы мүмкін екені ескеріледі.
Психоанализ бен киноның зерттеу субъектісі ортақ - адам жаны. Кинематограф және психоанализ - өзін-өзі тану құралы. Дәл осы туралы Филипп Гарель формуласы бар (кино - бұл Люмьер + Фрейд). Кино - өз-өзіңді тану жолы. Түс - өзінді-өзің тану жолы. Философ және психолог Гуго Мюнстерберг, киноны психикалық өнер ретінде қабылдайды, егер де музыка есту қабілеті үшін, бейнелеу өнері көзге арналған болса, кино жанның жай-жапсарын баяндайды. Соның ішінде, түс және кинематограф визуалдылық, бейнелік тұрғыда туыстас келеді. Біз түстерден, ал түстер бізден жаралған, - дейді Годардың кейіпкері Бельмондо. Кино түстерден туады, - дейді Пьер-Паоло Пазолини.
Тус - адамзат санасында еріксіз түрде жүзеге асатын психологиялық процесс. Түстің анықтамасы психологиялық сөздікте: Түс көру - жеке адамға тән табиғи психологиялық құбылыс. Түстің мағынасы мен эмоцияналдық бояуы түс көрушінің тұлғалық ерекшелігіне, сол сәттегі жадайына тікелей байланысты [95]. Мұсылмандық күнтізбеде түс түсінігі былай беріледі: Жер бетіндегі әрбір адам мұны білуі шарт. Түс көру екі түрлі болады. Бірі - Алла тағаланын көрсететін түсі, екіншісі - шайтанның көрсететін түсі. Түс - Құдайдың адамға жіберетін сыйы. Алла тағаланың құдіретімен енетін түс адамға бір жақсылықтан немесе келер қауіптен сақтануға хабар берсе, шайтаннан келетін түс шым-шытырық, пайдасыз түстер. Жалпы, грек тілінен алғанда, түс сөзі шындықты жариялау деген мағынаны білдіреді. Фрейдке дейін түстер ұзақ уақыт бойы тек эзотерикалық тәжірибе аумағында ғана болды, түс керу психологиясның табиғаты туралы алашқы теориялық түсіндірме берген психоаналитик, психикалық науқастармен жұмыс істеу тәжірибесінде түсті бейсаналық құпияларды ашу үшін пайдаланды, өйткені олардың мазмұны жасырын тілектерді айқындайды деп сенді. Түстердің көмегімен науқастың табиғатын, симптомдары мен конфликттердің мотивациясын тереңірек түсінуге болады. Өз әдісін Фрейд түстердің мағынасын ашу деп атады. Өз енбегінде ол біздің санамыз жасырын немесе басып тасталған эмоцияларды түс арқылы білдіреді дейді. Дегенмен солай бола тұра оларды жасырады. Сондықтан біз, өз армандарымызды өзгерген қалпында есте сақтайтынымыз туралы жазды. Фрейд ашқан жаңалықтардың ішіндегі ең маңыздысының бірі - сананың төменгі қабатына көмілген эмоциялар түс көру кезінде, жоғарыға көтеріледі жане түстің үзіктері, есте сақтау қабаттарында, жадымызда жасырылған эмоциялар мен естеліктерді табуға көмектеседі. Оның тұжырымына сүйенсек, түс адамның бейсаналық деңгейіндегі ойларының символдық бейнесі.
Түстің шығу тегі мен адам өміріндегі маңызын түсіндіруге деген бетбұрыстар З.Фрейдке дейін де болды, бірақ ол зерттеушілер мен клиницистердің ішінде алғашқылардың бірі болып түстің логикалық теориясын құра алды, бұл түсті психотерапиялық тәжірибеде қолданудың негізу болды. Кейіннен З. Фрейд өз ісіне күмәнданған кезде, ол осы еңбекке қайта оралып, оны бүкіл психоаналитикалық ғимараттың негізгі фундаменті деп санағанын жиі атап өтті. Фрейд өзінің зерттеулерінің мақсатын былай деп сипаттайды: Мен ұзақ жылдардан бері көптеген психопатологиялық құбылыстарды, истериялық фобияларды, басқа да құбылыстарды терапевтік мақсатта зерттеп келемін. Біздің басқа терапевтік әрекеттерімізден нәтиже болмағандықтан, мен Брейер ашқан жолмен жүру, яғни науқастың түстерін жору жолы дұрыс деп санадым. Маған өздерінің ойлары мен белгілі бір мәселелерге қатысты пайда болатын сезімдерін, менің науқастарым, ездерінің көрген түстері арқылы айтып берді. Соның нәтижесінде мен, тус керудің дәл осы патологиялық идеядан, естеліктер тұңғиығына дейін жалғасатын психологиялық тізбекке қатысы бар екенін кердім. Фрейд еркін ассоциациялар әдісі деп атаған әдіс осылайша пайда болды. Фрейдтің пікірінше, түс көру ол сандырақ емес, адамның жасырын ықыласының көрініс табуы. Психоаналитик түстің негізгі функциясы - пайым цензурасының әсерінен басылған, негізінен сексуалды подтекстегі қалауларды жүзеге асыру деп санады. Бұл ойлар адамның этикалық, эстетикалық, әлеуметтік себептеріне байланысты қабылданбауы мүмкін, бұндай тілектердің өзіндік табиғаты эгоист келеді. Түстерді интерпретациялау кейіпкер кеңістігін де кеңейтуге көмектесе алады. Фрейдтің ілімін жалғастырушы әрі толықтырушы психиатр Карл Густав Юнг түс көруді адам санасынан тыс, оның рухани дүниесіндегі сана мен бейсаналықтың арасын байланыстыратын, болашақты болжайтын транценденталды құбылыс деп санады.
Карл Юнгтің айтуынша, түс көру - ұйқы кезіндегі психикалық әрекеттің қалдығы және өткен күннің ой әсері мен көңіл-күйі. Осыған ұқсас еңбек авторы П. Флоренскийдің пікірінше, түс - шынайы өмір мен о дүние арасындағы делдал, көзге көрінбейтін өмірдің бірінші баспалдағы [5, 37]. Зерттеуші Ю.М.Лотманның пікірінше, түс көру мистикалық түсініктердің көзі болып табылады, өйткені олардың көмегімен адам басқа әлемге шыға алады деген сенім бар [97].
Фрейдтің түске деген қызығушылығын ерте бастан көрсетті, ол бұл туралы 1882 жылға дейін жазған хаттарында көрсеткен болатын. Түстерге деген көзқарастың ілгері дауының келесі санаты Фройдтың Ғылыми психология жобасы атты аяқталмаған жұмысында жасалған болатын. Атап айтқанда, бұл жұмыста ол түс туралы тілектердің орындалуы тұрғысынан және түспен байланысты бірқатар басқа механизмдер жөнінде айтады. Осы еңбек Фрейдтің 1896 жылдың басындағы түс теориясын жасауына сеп болды, Түс жору еңбегі де сол жылы аяқталады, бірақ баспаға тек 1899 жылы беріледі, бірақ баспагер мұқабаға 1900-шы жылды, яғни ХХ ғасырдың басталуын, жаңа дәуірдің басталуын көрсетеді. Түс жору (The Interpretation of Dreams) еңбегінің құрылымында зерттеу жеті бөлімге бөлінетіндей етіп құрылған. Бірінші тарауда Аристотельден бастап ХІХ ғасырдың аяғындағы жұмыстарға дейінгі түс туралы ғылыми әдебиеттерге аналитикалық шолу; ары қарай түс теориясы сипатталады.
Фрейд, біздің өмірімізде кейде қайталанып тұратын әдеттен тыс жағдайларды түсіндіруге тырысады. Мысалы, бұл, біз қаламасақ та, бір жерге қайта- қайта оралу. Бұл әдеттен тыс жағдайлар, - дейді Фрейд, - яғни, біздің бейсаналығымыздың жұмысының көрініс табуы. Біз екі түрлі адамбыз - біздің Мен және біздің бейсаналығымыз. Ол бізді өзіміздің қалауымыздан да тыс іс-әрекеттерге жетелейді. Бұл басқа Мен де Мен сияқты менің өзім болып табылады. Біздің өткен өміріміздегі сағыныш, қорқыныш, қалауымыз бас көтереді. Олар, мысалы, біз жас кезімізде қандай да бір тілегімізді жүзеге асырмаған болсақ, ол уақыт өте келе белсенді бола түседі. Жиі-жиі сіз осындай құбылыстардың қайдан келетінін білмей де қаласыз. Бұл құбылыс өзінен-өзі қайталанады. Фрейдтің айтуынша, бейсаналықтың оғаш жұмысы осындай. Міне, ол сондықтан да жасырын ынтызарлық, тұлғаның екіжүзділігі, біз ұшақта автопилот арқылы ұшып келе жатқан секілді жиі-жиі өз еркімізден тыс автоматты түрде жасайтын әрекеттерді зерттеуге қызықты. түс манифесті мен зерттелетін адамның түстерін және түс туралы әрекетсіз ойларды, түстің арнайы тілінде айтылатын бейсана ойларды ажыратады. Өз әдісін Фрейд түстердің мағынасын ашу деп атады. Ол бұл әдісті қолданғанда түс көруді жаппай емес, оның бөліктерін ғана назарға алу керек деп жазды. Невроз, психопатиялық ауытқушылықтарға шалдыққан бірнеше мың науқастың түстеріне, өзінің түстеріне, таныстары мен туыстарына түстеріне талдау жасау арқылы Фрейд мынадай қорытындыға келді: Түс көру тақырыбы - көбінесе невроз негізінде пайда болатын аурудың тарихы. Менің мақсатым - түсті жору арқылы невроздар психологиясының бұдан да қиын және күрделі проблемаларын шешуге дайындалу. Фрейд психоанализінің негізінде, адамның психологиясы санаға ұқсас емес деген пікір болды. Бейсананың, иррационалды түйсіктер, әсіресе, жабайы және қозғаушы элементтері бар сексуалды түйсіктер саласына жататын психикалық өмір бар, - дейді ол.
Фрейд түстерде бейсаналықтың әрекеті туралы мәлімет болады деп сенді. Өз еңбегінде ол біздің санамыз жасырын немесе басып тасталған эмоцияларды, түс арқылы білдіреді. Дегенмен солай бола тұра оларды жасырады. Сондықтан біз, өз армандарымызды өзгерген қалпында есте сақтайтынымыз туралы жазды. Фрейд ашқан жаңалықтардың ішіндегі ең маңыздысының бірі - сананың төменгі қабатына көмілген эмоциялар түс көру кезінде, жоға- рыға көтеріледі және түстің бөлшектері, есте сақтау қабаттарында, жадыда жасырылған эмоциялар мен естеліктерді табуға көмектеседі.
Түстер - бұл ынтызарлықтың орындалуы, - дейді Фрейд. Өз еңбегінде Фрейд жас келіншектің түсі мен оны жоруды мысалға келтіреді: Жұқпалы дертке шалдыққан баласына қарап жүрген және сондықтан барлығынан тыс қалған бір жас келіншек ауруды емдеп, ол жазылған соң, үлкен қауымдастық туралы түс көреді. Оның көрген түсінде Додэ, Бурже, Древо және басқа да танымал тұлғалар бар еді. Олардың барлығы жас әйелге ізеттілік танытып, уақытты қызықты өткізеді. Келіншектің түсіндегі жазушылар, ол өңінде көрген портреттеріне қатты ұқсайды. Келіншек тек Древоның ғана портретін көрмеген, ол әйелге жуырда ұзақ уақыттан бері үйіне алғаш рет кіріп, баласының бөлмесін залалсыздандырған адамға ұқсайды. Түс жору бұл жағдайды былайша түсіндіріле алады: аздап көңіл сергітетін уақыт келді, ұзақ уақыт бойы қиналғаның жетер! деген ойды білдірсе керек.
Фрейд барлық түстер адамның қалауы мен армандарының орындалу процесінің көрінісі деп санайды. Ол өзінің кішкентай балаларының түстерін мысалға келтіреді - олар күндіз ойлаған, дегенмен қандай да бір себеппен орындалмаған армандарын түстерінде көрген. Түнде осы ойлары жүзеге асыпты немесе бір адам кешкі асқа ауыр тағамнан көп жеп қойса, түсінде су ішіп отырғанын көрген. Бұлар - қарапайым түстер.
Фрейд арман - сананың адасып жүрген, иесінің бақылауынан тыс шығарылған құбылыс деуден аулақ. Керісінше, ол армандарды бейсаналықтан туындайтын, біздің санамыздың төменгі қабатында жүретін құбылыс ретінде қабылдайды. Басында ол армандар біздің саналы іс-әрекетіміздің шағылысқан кескіні деп санады. Себебі ол долданудың, қалыптан тыс іс- әрекетті және тіпті, физикалық ауруларды символикалық кескінде көрген. Фрейд армандардың барлығы - ынтызарлықтың орындалуы екенін дәлелдеу үшін көп тер төгеді. Жүзеге асырылу - кез келген тілектің жалғыз мақсаты, сондықтан қиын түстерді де тілектердің орындалуының көрінісі деп қаралуы тиіс, - дейді ол. Фрейд кез келген түсті жоруға болады, яғни оның өз ойы болуы тиіс деп санайды. Түс жорудың мақсаты - түстің барлығын талқылау емес, оның құрамдас бөліктеріне назар аудару. Түс бөліктерге бөлінеді және тек соңында тиянақты жорылуы мүмкін. Онда арман өзін талап-тілектің сезінуі ретінде көрсетеді. Фрейдтің пікірінше, түс тек соматикалық белсенділік қана емес: бұл - ынтызарлықтың ментальды жүзеге асырылуының көрініс табуы, тиісінше, адамның талап-тілектерін, іс-әрекетін түсіну мақсатында қолданылуы тиіс.
Психоанализ атты оқулық қосымшасында В. Лейбин Фрейд бөліп көрсеткен, түс механизмдеріне назар аударады: Психиканы саналы және бейсаналы деп бөлу - психоаналитиканың негізгі постулаттарының бірі. Оның тағы бір постулатына сәйкес, саналық пен бейсаналықтың арасында цензура бар, ол өзін тапжылмас және бұлжымас күзетші рөліндегі бақылаушы инстанция ретінде көрсетеді. Адам ояу кезінде цензура тым белсенді және қатаң. Ол адамның ата-анасының, мектебінің, қоғамдық тәрбиесінің, сондай-ақ, мінез-құлықтың этикалық нормалары әсерінен бейәлеуметтік және адамгершілікке жат саналатын ниеттерін оның санасына жібермейді. Ал түс көру - басқа жағдай. Ұйқыдағы адам қазіргі жағдайдан бас тартады және оны өзінің санасынан өшіреді. Фрейдтің ойынша, ұйқы кезінде цензура толық өшірілмейді, ол біршама әлсіресе де санаға өз әсерін тигізеді. Цензураның бірінші механизмі - қалыңдату. Лейбин түс цензураларының механизмдері туралы былай деп тұжырымдайды: Қалың- датудың нәтижесінде түстің нағыз мазмұны, былайша айтқанда, оның тексті оғаш, қолайсыз, түсініксіз, адамның әдеттегі іс-әрекетінің логикасына қарама-қайшы көрінуі мүмкін. Түстің жасырын ойдың бұзылуы болып саналатын мұндай текстінің пайда болуына цензура әсер етеді. Фрейдтің пікірінше, ол цензура түс көрудегі олқылықтарға, оның материалдарын моди- фикациялау мен қайта топтауға жауап береді.
Фрейд қалыңдату дегенді түстің негізгі мазмұны, яғни оның тексті немесе адамның түсінде көз алдына шығатын картинасы, оның жасырын ойларының қысқартылуы деп түсінді. Түс көру ықшам, қысқа және көлемі жағынан шағын болуы мүмкін, ал осы тұста оның жасырын ойлары түрлі-түрлі және көрініске бай болып келуі мүмкін. Ұжымдық кескін-келбетті құрау, жаңа бөлімдердің пайда болуы, сөздердің басқаша үйлесім табуы - мұның барлығы түс көрудегі қалыңдату процесінің маңызды құралдары. Мысалы, адам кескін-келбеті анық емес, оның анасына, құрбыларына, танысының әйеліне, өзіне ұнаған көркем туындының кейіпкері мен басқа да адамдардың кескін-келбетінен құралған қызбен танысу сәтін түсінде көруі мүмкін. Орын алмастыру дегенде Фрейд қандай да бір жасырын элемент өзіне тұспал жасайтын басқа элементпен ауыстырылуын түсіндіреді. Соның нәтижесінде көрген түстің мазмұны оның жасырын ойларынан біршама өзгеше болуы мүмкін. Көрген түстің тексті бұл ойлардың өзін емес, өмірдің бейсаналықта бұрмалануын көрсетуі мүмкін, - деп жазады В.М. Лейбин.
Бейсаналықта басып-жаншылғандар немесе репрессияға ұшырағандар турасында ай- татын болсақ, Психоанализм концепциясының негізі - Фрейдтің адамзаттың психикалық процесінің бейсана табиғатына көзқарасы және либидо немесе сексуалды ынтызарлықтың мотивациялық процесс ретіндегі негізгі рөлі болып табылады. Бейсаналық саналыққа қарама- қайшы, ол шектеулі және цензураға ұшырайды. Бұл конфликт баланың сексуалды дамуының ерте кезеңінде, балаға ата-анасы, қамқоршылары және оқытушылары үйрететін әлеуметтік тәртіптер әсер ете бастағанда енді-енді басталады. Бейсаналықта басып-жаншылған құмарлық және іс-әрекеттердің бейсана мотивтері бар, сондай-ақ, тұлға өз санасынан өз еркімен шығарып тастаған естеліктер мен ойлар да осында. Мұндай репрессияға бұл оқиға адам үшін ауыр немесе жанға жарақат салатын болғандықтан орын алуы мүмкін. Сондықтан адам оны өз санасынан өшіріп тастайды. Фрейдтің пікірінше, бейсана процестердің әрекеті қайта түзелмейді немесе адамның ментальды өмірінен өшірілмейді.
Әр адамның бойында ол басқаларға айта алмайтын, тіпті, өзі де мойындай алмайтын құмарлық болады. Екінші жағынан, бізде түстердің жағымсыз жағын олардың іс-әрекетті бұзатын фактілерімен байланыстыруға толық негіз бар және соның нәтижесінде бұл түстердің бұзылу себебі, олардың орындалуы терең жасырылу себебі оларға түс көруде талқы- ланатын мәселелерге, оларда көрініс тапқан ынтызарлыққа деген қанағаттанбаушылық тән болғандықтан деп қорытынды жасауға негіз бар. Көрген түстің іс-әрекетін бұзатын шын мәнінде цензураның іс-әрекеті болып шығады. Біз егер түс көрудің мағынасын білдіретін біздің формуламызды былайша өзгертетін болсақ, жағымсыз түс жорулардың анализі бергеннің барлығын ескеретін боламыз: Түс көру, басып-жаншылған, шығарып тасталған, жасырын ынтызарлықтың жүзеге асырылуын білдіреді, - деп жазады Фрейд Түс жору еңбегінде.
Фрейдтің теоретикалық жұмысы толығымен симптомдардың пайда болуында маңызды рөл атқаратын психикалық процестердің мәнін ашуға арналды. Ол үшін науқастың адам ретіндегі тұтастығы күмән келтірмейтін. Фрейд адам психикасының мағынасын түсінуге тырысты. Саналық, саналықтың алды мен бейсаналық жүйелерінің сипаттамасы осыдан шығып отыр. Осы концепциялардың ешқайсысы үстіміздегі ғасырдың соңында өзінің құндылығын жоғалтқан жоқ. Фрейдтің түс жору теориясы бейсана түс көру психологиясының табиғаты туралы алғашқы теория, балалық шақтағы әсердің мағынасы, түс көрудің иероглификалық тілі мен өзі психоанализм деп атаған әдіс ретінде сипатталады. Фрейдтің психоаналитикалық терапиясының нәтижесінде мінез-құлықтың патологиясын тиімді емдеу ғана емес, іс-әрекетті, мінез-құлықты бақылайтын механизмдерді тауып, түсінуге де мүмкіндік пайда болды. Қазіргі эмоциялық проблемаларды түсіну үшін балалық шақтағы қиындықтар немесе басып- жаншылған эмоцияларды пайдалану теориясының процесі Фрейдтен басталады. Фрейд түсіндірген сексуалдылықтың немесе пансексуалдылықтың мағынасын қазіргі замандағы психиатрия теріске шығарған. Дегенмен адамзаттың ақыл-есінің механизмдерін түсінуге деген адамдардың қарым-қатынасына жасаған әсерінің нәтижесінде Фрейдтің жұмыстары бүгінгі таңда да революциялық деп саналады.
Түстің кейде қиял-ғажайып фильмдер секілді болып көрінуі соматикалық қоздырғыштарға қоса, психикалық бейсаналы қоздырғыштар болатынын да атап өтеді, яғни ол дегеніміз - адамның түсінде қалыпты жағдайлардан өзге де қосымша элементтердің де болатындығы.. Фрейд бұл ұстанымын дәлелдеу мақсатында өзінің бір түсін мысал ретінде келтіріп, оның әрбір элементіне толыққанды терең талдау жасайды. Фрейд Түс жору теориясында түсті және олардың қызметін бірнеше түрлерге бөліп, түс жору әдістемесін ұсынады. Фрейдтің түс қызметінің бір түрі - сығымдалу. Сығымдалу процесі дегеніміз - ол түстің астарында сіз ойлағаннан да кең ауқымды мағы- наның болуы, яғни түсті ондағы әрбір жеке элементке сипаттама бере отырып, жорығанның өзінде, оның астарында сіз ойлағаннан да басқа мағына жатуы, элементтердің әртүрлі мағына білдіруі мүмкін. Сығымдалу дегеніңіз үлкен көлемдегі мәліметтердің, қысқаша түстің астарына сығымдалып берілуі. Бұл туралы Фрейд былай деп жазады: Түсте зерттеушінің басты назарына ілінетін нәрсе, ол түс-мазмұн мен түс-ойдың астарындағы үлкен көлемдегі сығымдалу процесі, - дейді ол. Кең ауқымды және мазмұнды түс-ойлардың жанында түстердің өздері қысқа, жұпыны және ықшам болып көрінуі мүмкін. Егер түстің өзін қағазға түсірсе, жарты параққа әрең толуы мүмкін. Ал оның негізінде жатқан түс-ойларды түсіндіретін талдау нәтижесі бұдан алты, сегіз, не ондаған есе көп бет болуы әбден мүмкін. Дегенмен түс түбегейлі түсіндірілді деп ешқашан да толықтай сеніммен айтуға болмайды. Ешнәрсені назардан тыс қалдырмастан, түсті толық түсіндірдік деп ойласақ та, дәл сол түстер тағы да бір басқа мағынаны білдіруі мүмкін. Себебі сығымдаудың ауқымы мен өлшемі әрдайым белгісіз болып қала береді. Осы тұрғыда, Фрейд сығымдалу процесіне мысал ретінде өзінің Ботаникалық монография жайлы түсін келтіреді. Фрейд бұл түсінде: өзінің бір өсімдік жайлы монография жазғандығын және сол кітаптың беттерін парақтап, ондағы кептірілген өсімдіктер жабыстырылған түрлі түсті кестелері бар беттерді аударыстырып қарап отырғандығы жайлы айтып және оған талдау жасаған болатын.
Фрейд түсін былайша жориды: Бұл түстің негізгі элементі - ботаникалық монография. Ол, сірә, түс көргеннен бір күн бұрынғы әсерлерден туған; яғни сол күні таңертең кітап дүкенінің айнасынан бір монографиялық кітап көргендігін, бұл элементті талдау кезінде, оның есіне өзі жазған кокаин жайлы мақаласы түседі; кокаиннан кейін, оның ойы университеттің зертханасы жайлы мерейтойлық кітапқа көшеді, екінші жағынан - кокаинды зерттеуге үлес қосқан досы, көз дәрігері Кенигстейнге ығысады. Кенигстейнмен оның алдыңғы кеште болған, кейін үзіліп қалған әңгіме, дәлірегі, әріптестер арасында бір-бірінің кәсіби көмегіне жүгінгенде, ақысын төлеу жайындағы түрлі ойлар шығады. Түстің негізгі қозғаушысы да осы әңгіме. Цикламен жайлы монография да, қатыссыз болып көрінгенімен, оның түрткісі болып табылады. Ботаникалық монография деген күрделі ұғым ғана емес, олардың әр элементі - ботаникалық және монография жекелей алғанда, түрлі байланыстардың көмегімен түс-ойдың желісіне тереңдеп енеді. Ботаникалыққа профессор Гартнер, оның жұбайы, Флора есімді науқасы мен ұмытылған гүлдер жайлы әңгіменің кейіпкері Фрау Л-ді жатқызуға болады. Гартнер бізді қайтадан Кенигстейнмен Фрейд арасындағы әңгімеге қайта оралтады, екі науқастың есімі де, сол әңгімеде аталады. Содан соң, оның талдауы, гүл күтетін бикештен - әңгіме Фрейд жұбайының сүйікті гүлдеріне ауысады, оның екінші ұшығы бір күн бұрын көрген кітапқа - монографияға көшеді. Одан бөлек, ботаникалық деген ұғым қайсыбір гимназиялық эпизод пен орта мектептегі емтиханға, ал хоббилері туралы тақырып - сүйікті өсімдігі, артишок арқылы ұмытылған гүлдер жайлы ой ағынына байланысады. Артишоктардан бір жағы Италия туралы, екінші жағынан, оның кітапқа деген сүйіспеншілігін түсіндіретін балалық шақ жайлы естелік шығады. Ботаникалық деген ұғым, сонымен, жоғарыдағы айтылған Кенигстейнмен болған әңгімеге қатысты әртүрлі ойлар тізбегін бір-бірімен байланыстыратын түйінді пункт болып табылады.
Алғашқы зерттеулерден кейін ботаникалық пен монографияның элементтері түстің мазмұны болып қабылданып, түстің тасасындағы көптеген ойлармен байланысу нүктелерін анықтайды, демек: түс мазмұнының әр элементін оның тасасындағы ойлар анықтайды, қамтамасыз етеді; бұл екеуінің түйісетін бірнеше пункті болады деген тұжырым жасайды Фрейд. Фрейдтің түс жору теориясындағы, түс күндізгі болған жағдайлардың, адам өміріндегі ма- ңызды оқиғалардың және адамның қалауы мен армандарының орындалу процесінің көрінісі деген пікірі, қазақ дүниетанымындағы түс жору, аян беру, түске сену секілді ұғымдарымен жапсарлас болып келеді.
Түс тақырыбы қазақ ғылымында да біршама зерттелді. Түс көрудің халық ауыз әдебиетінде, фольклорда түс көру сәуегейлік қызметінде, ал жазба әдебиетте кейіпкердің психологиясын танытатын көркемдік құрал ретінде белгілі. Жазушылар өмір шындығын эстетикалық, көркемдік деңгейге жеткізу үшін кейіпкердің түс көруін сипаттауға мән береді. Ал көне миф, аңыз-ертегілер, лиро-эпостар, батырлар жырларында кездесетін түс көруді бейнелеу құралы емес, тек сол дәуірдің мифологиялық танымының дәрежесі деп қабылдаған абзал. Түстің фольклор мен көркем шығарманың сюжеті мен композициясын дамытудағы қызметі мен орны ерекше екені ғалымдардың назарын аударады. Қазақ ғылымында хронологиялық жағынан талдайтын болсақ, А.Байтұрсынұлы және Х.Досмұхаммедұлы сынды қазақ ғалымдары түс көру мотивін қарастыруды ХІХ-шы ғасырдан бастап қолға алған. Одан беріде бұл мәселе Б.Майтановтың, Г.Пірәлиеваның, Б.Әзібаеваның т.б. еңбектерінде қарастырылғаны белгілі. . Әдебиетші Х.Досмұхамедұлының пікірінше, Әрбір қазақ түсін біреуге жорытуға тырысады және осы жору сөзге әрдайым сенеді. Қыз Жібек, Қозы Көрпеш және т.б. жырларда түс көру мен оны жорудың поэтикалық суреттемелері баршылық. Түс көру адамның бүкіл жан жүйесін танып-білуге ықпал ететіндіктен, ғалымдар бұл тыл- сым көріністерді психологиялық құбылыс ретінде қарастырады. Түсте адам санасы шеңберден шығып, шетсіз-шексіз әлемді игереді, кеңістік пен уақытқа тәуелді болмайды. Сондықтан түсті көруден гөрі, оны жоруға ерекше мән беріліп отырған.
Қазақ дәстүрлі қоғамында да, түс көруге бей-жай қарамағанын, оған айрықша ден қойып, мағынасын жорығанын фольклорлық мұраларынан, ырымдар мен жоралардан көруге болады. Түсті әрдайым жақсылыққа жорып, Түс - балқыған қорғасын, оны жақсылыққа жорысаң - жақсы ниет қабыл болып, жақсылыққа айналады, жамандыққа жорысаң - жамандыққа айналуы мүмкін және Түстің мойны қылдай, қайда жорысаң сонда бұрылады, сондықтан тек жақсылыққа жоры деген ұғымдар қалыптасқан. Түстің табиғи болмысын сана астарындағы психологиялық процесс екендігін Жантану Психология ғылымы тұрғысынан зерттеген Ж. Аймауытов былай деп түсіндіреді: Адамның есі бүтін болмайтын күйлері болады. Сондай күйдің бірі - түс көру. Ұйқы дегеніміз - мерзімді демалыс, тыныс алу. Ұйықтаған адамда сана не мүлдем болмайды, не кем болады... Шырт ұйқыда жатқанда адам түк сезбейді. Бірер ұйықтап алған соң, ұйқы сергек бола бастайды, ұйқылы-ояу деген күйге келеді. Сондай кезде санамыз кіресілі-шығасылы болып, түс көрсек керек. Түс дегеніміз - ояуда көретін нәрселердің пернесі болады. Түсімізде сол пернелерді өңіміздегі екен деп ойлаймыз.
Түс көрудің адамның ойлау жүйесінде атқаратын қызметіне де бір сәт зер салсақ. Түс адам өмірінің әрбір құпия қалтарысын қалт жібермей бүкіл тарихын бейнелейтін аппарат тәрізді. Сондықтан түс көруді ұйқы кезіндегі мидың фантазиясы деуге әбден болады. Ол қиялдың ең жоғарғы түрі болып табылады.
Негізі, адамның түс көруі туралы алғашқы ұғым-түсініктері ежелгі діни наным-сенім негізінде қалыптасқан. Өйткені ешқандай ақпарат, хат-хабар жоқ кездерде түс солардың қызметін атқарған. Кез келген кезеңнің айнасы, ойлау жүйесінің сәулесі болып табылатын халық танымы, мифология, халық әдебиеті туындыларында т.б. түс көрудің алдыңғы орынға шығуы, соған елдің имандай сенуі, сол арқылы келешекті де сәуегейлікпен сезінуі, болашақты болжауы, келер қауіптерден қорғануы т.б. соның бірден-бір дәлелі болса керекті. Айталық, жаман түс көрсе, шошынып, құдайы берушілік, оны жұртты жиып отырып жору, сол арқылы түрлі қауіп-қатерден қорғану немесе жақсы түстен бір жақсылық күту т.б. Оның сан алуан көркемдік көріністері біздің төл әдебиетімізде, әсіресе көне эпостарда кестелі бейнеленген. Қазақтың ұлттық этнопсихологиясындағы түс көру, түс сатып алу, түс садақасы, түс құдайысы деген ұғымдардың қалыптасу жайына зер салар болсақ, олардың ел өмірінде белгілі бір рухани сұранысқа, табиғи талап-тілекке орай дүниеге келгендігі байқалады.
Түс садақасына қатысты оқиғалар қазақ хандарының, батырларының өмірлерінде жиі ұшы- расады. Мысалы, Абылайханның өз сарбазы Жәнібектің түсін оңға жорып, түс садақа-сын жасау арқылы жеңіске жеткені жайлы аңыз-әңгіме, кімді болса да қызықтырары хақ. Бұл аңызда түс жорудың екі түрлі шарты ескерілген. Бірі қандай түсті де жақсылыққа жору, екін- шісі - келер қауіпті құдайы, садақа беру арқылы болдырмау. Абылай ханның түс көру мен жорудағы көрегенділігі аңызға айналған. Әсіресе сәйгүлік атты түс садақасына шалып, қан шығарту арқылы болғалы тұрған ауыр жағдайды өзгертіп, әскерінің пайдасына жеңісті аударып жібергені аса сиқырлы құбылыс. Атақты қолбасшы Абылай хан тағдырындағы түстің философиялық танымдық маңызы керемет рухани байлықты құрайды. Бұл түстің жақсылыққа жорылуы негізінде, адамға қуаныш әкелетіндігінің мысалы. Сонымен қатар, түстің адам өмірінде болатын қауіпті немесе жамандық жайында хабар беретін ескертпе ретіндегі мысалдары да кездеседі. Мәселен, әйгілі билеуші Әмір Темірдің анасының түсі. Темірдің анасы Сақыпжамал баласына аяғы ауыр кезінде түс көріпті. Түсінде ол бала емес, жылан туыпты. Сол жылан көз алдында үлкейіп айдаһарға айналыпты. Алдымен ол өзінің туған анасын жұтыпты, артынша ханды жұтыпты. Бұл түсін жас келіншек үйіне кездейсоқ келген жолаушы кемпірге жорытады. Кемпір сатқындық жасап, бұл түсті жамандыққа жорып, кейін ханға барып, сенің ажалың ана әйелдің баласынан келеді деп жеткізіпті. Қатал хан келіншекті алдырып, өз қолымен ішін жарып, өлтіріп, мазардың ішіне көмусіз тастатыпты. Алайда Сақыпжамалдың туған сіңлісі, анасының құрсағында аман қалған, шалажансар, жеті айлық баланың кіндігін тісімен қиып, баланы алып кетеді. Ханның қылышы тиіп, аяғының сіңірі қиылған бала, анасынан аяғы ақсақ болып туылыпты. Бұл ұлы әмірші Әмір Темірдің анасының көрген түсінің, оның тағдырында орын алған қайғылы оқиғаның, алдын ала жасалған ескертпесі болған іспетті.
Түс жору мәселесіне қатысты қазақ ғылымында Ә. Диваевтың Түс баяны, Ф. Танталиеваның Қазақша түс жору, Түс жорудың төл кітабы атты жинақтары мен Ж. Дәдебаевтың Түс аяны және т.б. ғалымдардың кітаптары бар. З. Фрейд түсті жору мен оны талдау арқылы адамның өзіне де беймәлім жасырын жәйттерді, құпия ойларды, жұмбақ сырларды ашуға болатынын дәлелдеп берді. Фрейд түс көрудің айқын мазмұнымен қатар, тылсым астары да бар, сондықтан түс адамның бейсаналық деңгейіндегі ойларының символдық бейнесі деп білді. К. Юнг бойынша түс көру адам санасынан тыс, оның рухани дүниесіндегі сана мен бейсаналықтың арасын байланыстыратын, болашақты болжайтын санадан тыс құбылыс деп санады.
Біз көбіне түні бойы түс көріп шыққандай және таңертең тұрғанда сол түстердің басым бөлігі есімізден шығып кеткендей сезімде жүреміз. Ояна сала жадымызда сақталған түстерді толықтай еске түсіруіміз мүмкін. Алайда уақыт өте кеш жақындаған сайын түс санамыздан өше бастайды. Түс жадыда қалған әрбір жеке бөліктеріне орай талданатындықтан, түстің ұмытылу мүмкіндігі - түс жұмысының барысында жүретін сығымдалуды жоққа шығармайды. Түс дау-дамайды, үрейді барынша көрсететін жанның табиғи тілі. Түнгі сағат ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Шәкен Аймановтың өмірбаяны
Қазақстан кино өнерінің соқтықпалы-соқпалы қиын кезеңдері
Қазақ киносындағы ана бейнесіне тарихи шолу
Толықметражды «Кішкентай» көркем фильмінің шығармашылық-өндірістік көрсеткіштерін талдау
Қазақ көркемсуретті балалар киносының даму кезеңдері туралы
Абай және казіргі заман. Шокан және географиялык детерминизм.Фрейд және психоанализ. Ф. Ницше және аса кушті адам
Әрекетті вокал
Кино өнері мәдениет саласы ретінде
Түр - түс атауларының лингвистикалық тұрғыдан зерттелуі
Фильм. Фильмді басынан аяғына дейін түсіру кезеңдеріне толық сипаттама
Пәндер