Қырық парыздың баяны


Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі
Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті
Факультет: Филология
Кафедра:Қазақ тілі мен әдебиеті
Реферат
Пән: «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті дамуының алғашқы кезеңі»
Тақырыбы: Нұржан Наушабаев өмірі мен шығармашылығы
Орындаған :Назарәлі А. М
Қабылдаған: Әділбекова Ж. Қ
Тобы: Фи 20-5к
Нұржан Наушабаев (1859-1919) . Ел аузында мынадай бір аңыз бар. Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин қонаққа шақырған құдаларына топырлатып көп кісі ертпей, жалғыз Нұржанды ғана алып барса керек.
-Ыбеке-ау, қанша адам ертіп әкелсеңіз де хан көтеріп, күтіп алар қауметіміз бар еді ғой. Мынау келісіңіз қалай болды, өзі? - деп құдасы таң-тамаша қалыпты. Сонда сердебені онша ұната қоймайтын ұстаз:
-Құда шақыруды қазақтың той етіп жіберетінін білемін. Той болған соң ән шырқалып, күй тартылып, ақындар айтысып, балуандар күресіп, бәйге болатыны да белгілі. Ал енді Нұржаннан әнді артық салатын әнші, күйді одан күшті тартатын күйші, айтысып бұны жеңетіп ақын, күреске түсіп жеңетіп балуан бар ма, бұл төңіректе? Оның желкүреңінен затын ат тапшы маған. Сондықтан қырқы жиылып қыр аспайтын санда бар, санатта жоқтарды топырлатпай, бір өзі мыңға татитын досымды әкелдім, - депті. Шынында да, Нұржан Наушабаев әйдік әнші, дәулескер күйші, таңды таңға ұрған жыршы, алдына айтыста жан салмаған ақын, жамбасы жерге тимеген балуан, жүйрік мініп, құс салған саятшы, - бір сөзбен айтқанда, нағыз сегіз қырлы, бір сырлы дарын иесі болған. Ол қазіргі Қостанай облысының Әулиекөл ауданында Құтпан ауылындағы әлді шаруаның отбасында 1859 жылы дүниеге келген. Әкесі Наушабай атақты Шал ақынның жалғыз қызынан туған жиені. Шешесі Қадиша Нұржан туған соң төрт-бес айдай сырқаттанып, содан айықпай, баласы бір жасқа келер-келместе қайтыс болады. Қайғылы хабарды естіп, Есіл бойынан арнайы келген Шал ақынның бәйбішесі мен жалғыз баласы «қыздан туғанның қиығы жоқ, жиеншарды бөгденің көзіне жаутақтатпай, өзіміз ешкімнен кем-қор қылмай, бағып-қағамыз» деп кішкентай Нұржанды алып кетеді. Сөйтіп, болашақ ақын нағашы әжесінің бауырында, Шалдың жалғыз ұлы Соқыр жыраудың аясында өседі. Жасында шешек шығып, екі көзі содан кеткен Соқыр жырау ертеден қара кешке дейін жырлап, түнді таңға ұрса да шалдықпайтын, хикая-қисса, дастандары бір сарқылмайтын нағыз дүлдүл жыршы екен. Нұржанның өлең әлеміндегі алғашқы ұстазы да, білімінің қайнар көзі де осы нағашысы болады. Зерек те зерделі бала жыраудың аузынан төгілген інжу-маржандарды жастайынан көкірегіне құйып, оған ере жүріп ел арасында қисса айтуды ерте бастайды. Ауыл молдасынан хат танып, сауатын да ерте ашады. Он алты жасында туған шаңырағына қайтып оралған Нұржан әкесінің Тройскідегі досы Ғалымжан татардың үйінде тұрып үш жыл медіреседе оқып, шығыс әдебиеті мен мәдениетінен мейірі қанғанша сусындайды. Орыс әдебиетінің де озық үлгілерімен танысады. Енді ол суырып салма айтыскерлігінің үстіне өлең-жырларын жазып та шығаратын болады. Ерлігі мен серілігін үлгі тұтқан «Сегіз сері» туралы дастан жазады. Заман ауанына қарай ойды астарлап жеткізетін мысал жанрын да қазақта алғашқылардың бірі болып қолданады. Нұржанның көптеген өлеңдері мен мысалдарында мақал-мәтелдер мен нақыл сөздерді молынан қолдана отырып, жақсылық пен жамандық, арамдық пен адалдық, салт-сана, өнер-білім сияқты заманауи мәселелерді көтереді. Кейбір өлеңдерінде заман ырқынан шыға алмағанмен, өмірді өзінше топшылау, соқыр сенімге бой алдырмау сарыны басым. Қайткенде де халқына адал қызмет етуді мұрат тұтады. Оның өлең-жырлары қазан төңкерісіне дейін де әлденеше рет бөлек кітап болып басылып, ақыл-нақыл сөзге толы назымдарын жұрт жатқа айтып жүрді. «Манзұмат қазақия» (1903), «Алаш» (1910) атты кітаптарының ХХ ғасыр басындағы əдебиетте өзіндік орны бар. Нұржанның Сапарғалимен айтысы негізінде «Жұмбақ айтысы» (1903) кітабы да басылып шыққан. Бұл айтыста ақындардың білімі, ой-өріс кеңдігі көрініс тапқан. Нұржан поэзиясындағы шағын жанрлардың əрқилы түрлері молынан кездеседі.
Əр заманның өзіне лайық, өзгеден ойы озық, өресі биік дара тұлғаларының болғаны тарихтан белгілі. Міне, өзі өмір сүрген кезеңдегі теңсіздікке, əділетсіздікке қарсы ақындық үн көтеріп, өзіндік көркем туындыларына өзек еткен сондай ақындардың бірі - Нұржан Наушабайұлы.
Нұржан - заманында ит жүгіртіп, құс салған, жүйрік баптап бəйгеге қосқан айтулы сері əрі бағы барда күреске түсіп балуан атанған, термелетіп жыр төккен, сөйте жүріп, əуейіленіп кетпей, салиқалы ой айтқан көшелі ақын. Бір бойына осындай алуан өнерді тоғыстырған, өз заманының өнерпазы Нұржан Наушабайұлы шығармашылығын алғаш зерттеп, ғылыми пікір айтқан С. Мұқанов, Е. Ысмайылов, Б. Кенжебаевтар болса, Шәмшиябану Сəтбаева, М. Жармұхамедов, Б. Əзібаева сынды ғалымдар оны кеңейтті. Бейсенбай Кенжебаев Нұржанның əдеби мұрасын басқа да ағартушы ақындармен салыстыра келіп:
«Нұржанның бір өзгешелігі - ол өлеңдерінің көбін бұрынғы араб, парсы, шағатай ақындарының үлгі-стилінде жазады. Парсы, ескі кітаби сөздерді, діни арабша сөздерді көп қолданады», - деп, оның бір ерекшелігін осы тұрғыдан айқындай түседі. Ал енді сан қырлы саңлақ таланттың өзіндік ерекшелігі өз заманындағы əр түрлі бағыттардағы ақындардан нендей қасиетімен дараланады, кімдермен қосыла сараланады дейтін болсақ, бұл оның дүниеге көзқарасы, өмір-танымы арқылы айқындалады. Ең алдымен, Нұржан Наушабайұлы - діни-ағартушы ақын. Ол - діни мектепте оқыған, дінге деген өзіндік танымы бар, бұл тақырыпты шығармашылығының негізгі өзегіне айналдырған жыр жампозы. Яғни Нұржан - діни ілімді көп оқыған ғұлама адам. Кезінде мұсылманша да, орысша да білім алғанымен, діни бағытты берік ұстанған. Ол дін арқылы бүкіл саяси өмірге араласып, саяси көзқарас қалыптастырып, дін арқылы ұлт теңдігіне ұмтылды, білімді уағыздады. Ақын білім мен адамгершілік қасиет дінді сүю арқылы келеді деп ұғынып, соны бүкіл жырына арқау еткен. Ақынның ұзақ жылдар тек əдеби шолуларда ғана аты аталып келуінің басты себебі діншіл ақын деген атақ тағылып, кеңестік идеологияға жат ақын ретінде бағалануы еді. Бүгінде тəуелсіз ел ретінде өткенімізге ойлы көз салып, құлақпен ғана ұғып қоймай, жүректен өткізіп, көкірекпен көріп тұрған шақта көп нəрсеге басқаша қарай бастадық.
Нұржанның мұрасын халыққа танытуда 1997 жылы бұрынғы «Алаш» атымен қайта шыққан ақынның толыққанды жинағының орны ерекше. Кезінде Нұржан ақынға əлеуметтік мəселелерді жырлауға бағыт, кеңес берген Ыбырай Алтынсарин екен. Ұлы ұстаздың ақыл-кеңестерін тыңдап, өзінің бағытын анықтап алған Нұржан ақын, кейіннен Ы. Алтынсаринге деген ризашылық сезімін білдіріп, оған өлең де арнайды:
Жұртыңнан екі жая Тіне, Қармыс,
Əр ерлер өз тұсында алған алғыс.
Бүркіттей ұя салған Римстанда,
Талпынтып балапанын ұшты бір құс.
Зəһарды балдан тəтті қылатұғын,
Халыққа қамқор ондай ер болмады тұс, -
деп, ақын Ыбырайдың күллі қазақ баласының оқып, білім алуына тигізген əсерін дəлелдей түседі. Ұлы ағартушымен арадағы достық оның тіршілік мəнін терең түсінуіне негіз болады. Ол енді өмір, қоғам, адам деген ұғымдарға өзгеше қарай бастайды.
Ақын өз заманының көкейкесті мəселелеріне белсене араласып, насихат өлеңдер жазып, əлеуметтік жағдайды сөз етіп, өзінше түсіндірмек болған. Сондықтан Нұржанның өмір сүрген ортадан түйген білік-танымын жүйелей кету оның шығармашылық болмысын ашуға үлкен септігін тигізері сөзсіз. Ақынның өмір жолының шамшырағы - өнер-білім. Ол оны өз өмірінің мəні деп түсінген. Сол себепті де өмір бойы ізденіс үстінде болған ақын əр өлеңінде өнер-білімнің пайдалы екендігін үнемі айтып отырады. Оны толғандыратын екінші бір мəселе - замана жайы. Ол дүние азған заманда əділдік, ізгілік жолы қиын болатынын анық айтады. Сонымен бірге ескідегі «еркін», «тыныш» заманды қайтып оралмайтын арман етіп аңсап, өзі арқа сүйейтін тіректі ізгілік пен адамдық қасиетіне үндейтін дүниеден табады. Осыдан келіп Нұржан шығармаларында өткенге қайта-қайта жыр арнау, сұқтану, соны егіле жоқтау басымырақ.
Нұржан - шығармаларының əлеуметтік сипаты, көркемдік стилі жағынан алғанда, сыншыл-реалист ақын. Ол таза шығармашылыққа көшкен кездегі алғашқы өлеңдерінде өз заманына мұңдана көз тастап, отаршылдық зардабын айқын аңғарған. Сондықтан да заман тозады, қоныс тарылады, ел билеген атқамінерлердің ниеті бұзылады деген сияқты уайым-қайғыға беріледі. Қазақтың шұрайлы жерінен айрылып, күштіден қысым көргенін, халықтың тіршілігі ауырлап, күн-көрісі қиындап кеткенін жырлайды. Ақынның жаны осындай тығырыққа тірелген жағдайдан шығар жол таппай қиналып, кімнен демеу күтерін білмей дал болады. Күштінің əлсізді тырп еткізбей ұстап отырғанын, қоғамның құрсаулы екенін меңзейді. Заманның теңсіздігі, жаппай етек алған əділетсіздік, əр адам өз орнын таппай, біреудің асып-тасып, байлыққа мастанып жүргенін баяндай келе, «заман-ай» деп егіледі.
Арзан менен қымбаттың,
Бағасының бір болып,
Қатар жүрген заман-ай!
Қыран құстай қыр аспай,
Қарға кіріп қатарға,
Қуды ілген заман-ай!
Тұлпар кірмей дүбірге
Мəстек шауып бəйге алып,
Озып жүрген заман-ай!
Нұржанның тақырыбы жағынан сан алуан өлеңдерінің негізгі айтар ойының бірі - адам, дəлірек айтқанда, оның адамдық қадір-қасиетіне байланысты. Ол адам бойындағы орнықты мінез, ар, намыс, əділдік сияқты қасиеттерді дəріптейді. Ал бірде жақсы мен жаманды қатар алып суреттей отырып, дидактикалық тағлымдарды алға тартады. Нұржанның адамдық, əділдік жайындағы өлеңдері өзі өмір сүрген кезі мен əлеуметтік қоғам ортасындағы шындықты нанымды бейнелеген. Қоғамдағы шындықты жырлай отырып, уақыт ағымына үлес қосады. Ақын шығармаларын оқи отырып, оның болмысын танимыз, өзі өмір сүрген қоғамдағы алар орнын көреміз. Себебі, «Ақынның өз тұлға бейнесі оны тебіренткен ой сезімдерінен, айтылып, баяндалып отырған өмірдегі алуан түрлі жағдайға, қоғамдық мəселелерге, адамның əр түрлі іс-əрекетіне оның қатынасынан, берген бағасынан айқындала түсіп, жан-жақты толық көрініс табады» деген тұжырым бұл ойымызды бекіте түседі.
Қалай дегенде де, Нұржан шығармашылығының басты желісі - діни тақырып. Ақын өлеңдерінің өзегі, айтар ойы осыған келіп саяды, көтерілген көптеген өзекті мəселелерден дін, ислам тақырыбы оқ бойы озық тұрады. Нұржан-дінге, жалпы дүниеге, өнер мен өлімнің арақатынасына диалектикалық тұрғыдан қараған ақын. Ислами білімі жетік болғанмен, ақын дінге соқыр сеніммен, ессіз фанатизммен берілмейді. Дінге қатысты өлеңдерінде «Құран-Кəрімнің» маңызын, қадір-қасиетін толық түсіндірген ақын мұсылманның парыз-уəжіптеріне де талдау жасайды əрі ол мұсылманның қырық парызын жеке-жеке талдап, көлемді «Қырық парыздың баяны» деген өлең жазады. Профессор Қ. Жұмалиев Нұржан шығармаларындағы ислам мəселелерін сөз ете келіп: «Нұржан Наушабаев бұл мəселені Əубəкірден гөрі тереңдетіп, «қырық парыздың» əрқайсысына жеке тоқтап, оның мəні мен тұтыну жолдарын өлеңмен үгіттеді», - деген бағалы пікір айтады. Ақын шығармашылығындағы ислам-ерекше əрі өзгеше дүние. Ол діннің барлық ізгі мұраттарын талдап, өзінің зерде сүзгісінен өткізіп, жалпы азаматтық құндылықтарды уағыздайды. Тақуалық пен діншілдікті құр дəріптемей, қайта дін мұраттарын ескілікке, діни дүмшелікке, тіпті қоғамдық əділетсіздікке қарсы руханият құндылығы ретінде пайдаланады.
Нұржанның діншілдігінің тағы бір себебі ғасыр басындағы қазақты шоқындыруға, христиан дінін таратуға бағытталған саясатқа қарсылығында жатқан секілді. Санасы сергек, ойы озық жан қашанда төніп келе жатқан қатерді елден ерекше сезіп, алдын алары белгілі.
Сонда да хақ жолынан адаспадық,
Бəиіт пен алуан түрлі жол ашпадық.
Пайғамбар - хақ, Жаратқан Аллаһ бір деп,
Бөтен дін ұстанғанға жанаспадық.
Ақын жер бетінде Исламнан басқа діннің түрі көп екенін, бірақ өзге дінге бой ұрмайтынын, берік ұстанған бағытынан таймайтынын айтады.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz