Көркем әдебиеттің тілі


Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 111 бет
Таңдаулыға:   

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті Тіл және әдебиет теориясы кафедрасы

З. Тасмағамбетова

ӘДЕБИЕТТАНУҒА КІРІСПЕ

Оқу-әдістемелік құрал

Қостанай, 2018

КБЖ 83. 3(5 қаз) Т22

Авторы: Тасмағамбетова Зейнат Жансұлтанқызы, тіл және әдебиет теориясы кафедрасының аға оқытушысы

Рецензенттер:

Айсенов А. Б. - филология ғылымдарының кандидаты, ҚР ІІМ Ш. Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы тілдер кафедрасының бастығы

Қайыпбаева А. Қ. - филология ғылымдарының кандидаты, тіл және әдебиет теориясы кафедрасының доценті

Оразбаева А. С. - филология ғылымдарының кандидаты, тіл және әдебиет теориясы кафедрасының аға оқытушысы

Тасмағамбетова З. Ж.

Т22 Әдебиеттануға кіріспе. Оқу-әдістемелік құрал. - Қостанай: А. Байтұрсынов атындағы ҚМУ, 2018. -101 бет.

ISBN

«Филология» мамандығының білім алушыларына арналған

«Әдебиеттануға кіріспе» пәні бойынша оқу - әдістемелік құрал кредиттік технология жүйесімен білім алуда қосымша құрал ретінде ұсынылып отыр. Оқу-әдістемелік құралда пәннің типтік оқу бағдарламасына сәйкес студенттерге тәжірибелік сабақтарға дайындалуға көмек беретін оқу материалдары, түрлі мазмұндағы тапсырмалар, тест сұрақтары, анықтамалық мәліметтер жинақталған.

КБЖ 83. 3(5 қаз) Т22

А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттiк университетi Оқу- әдiстемелiк кеңесiмен бекiтілген, 20 маусым 2018 ж., хаттама № 4

ISBN

© З. Тасмағамбетова

©А. Байтұрсынов атындағы атындағы Қостанай мемлекеттiк университетi

МАЗМҰНЫ

Кіріспе 4

  1. Әдебиеттану ғылымы және оның салалары. 5
  2. Әдебиет және эстетика. Сөз өнері жайлы ұғым 8
  3. Әдебиеттану ғылымының туу, даму және қалыптасу кезеңдері 11
  4. Қазақстандағы әдеби-эстетикалық ойдың даму тарихы 15
  5. Көркем әдебиеттің образдылығы. Образ және образдылық 23
  6. Көркем образ түрлері. Оның жасалу жолдары 26
  7. Тақырып пен идея 29
  8. Мазмұн мен пішін 32
  9. Сюжет пен композиция 33
  10. Әдебиеттегі тек пен түр 37
  11. Көркем әдебиеттің тілі. Құбылту (троп) пен айшықтаудың (фигура) түрлері, көркемдік қызметі 45
  12. Өлең құрылымы мен өлшемдері 57
  13. Көркемдік әдіс. Әдеби ағымдар мен бағыттар. 61
  14. Қаламгер және стиль 65
  15. Көркем әдебиеттің даму заңдылықтары. Әдеби процесс 66

Өзін-өзі тексеруге арналған тест сұрақтары. 72

Қосымшалар. 89

Қолданылған әдебиеттер тізімі 101

КІРІСПЕ

«Әдебиеттануға кіріспе» курсында әдебиеттанудың болмысы мен бітімі (әдебиет туралы жалпы түсінік, әдебиеттану және оның даму кезеңдері, образ және образдылық) ; әдеби шығарманың сыры мен сипаты (әдебиеттегі мазмұн мен пішін, көркем әдебиеттің тілі, сөз сарасы) ; әдеби дамудың мағынасы мен мәні (әдебиеттегі тек пен түр, әдеби бет пен бағыт) толық сипатталады.

«Филология» мамандығы бойынша оқып жатқан студенттерге арналған оқу - әдістемелік құрал кредиттік технология жүйесімен білім алуда қосымша құрал ретінде ұсынылып отыр. Оқу-әдістемелік құралда оқу процесiнiң мазмұнын тереңiрек ашу үшiн бағдарлама бойынша оқу материалдары іріктеліп ұсынылған және әрбір тақырыптың соңында студенттің білімін толықтыру мақсатында түрлі тапсырмалар, анықтамалық мәліметтер берілген.

Бұл мәліметтер тақырып бойынша қысқаша бағыт-бағдар, мағлұмат берiп қана қоймай, студенттiң өзiнiң ой-өрiсiн одан әрi дамытып, ойлану, iздену қабiлетiн жетiлдiруге ықпал ететiн механизм болып табылады. Сондай-ақ, студенттердің материалды қаншалықты игергенін өздігінен тексеру үшін тест тапсырмалары ұсынылған.

Пән бойынша ұсынылған қосымша материалдар студенттiң берiлген тақырыпты неғұрлым терең игерiп, айқын түсiнуiне көмек көрсету мақсатын көздейдi. Тақырыпты терең меңгеру үшiн дайындалу барысында тек дәріс тезистерiмен шектелiп қою жеткiлiксiз. Бұл ретте студенттiң тақырып бойынша өз бетiмен iзденiп, ұсынылған әдебиеттер бойынша қосымша жұмыс iстеуi қажет болады.

Оқу - әдістемелік құрал «Әдебиеттануға кіріспе» пәнiнiң типтiк оқу бағдарламасы негiзiнде, тиiстi әдiстемелiк талаптарға сай жасалған.

1 Әдебиеттану ғылымы және оның салалары

Әдебиеттану - сөз өнерін зерттейтін ғылым. Әдебиет табиғатына тән ең қарапайым қағидалар, ілкі түсініктер «Әдебиеттануға кіріспе» деп аталатын арнаулы пән арқылы талданып, тексеріледі.

Әдебиеттану туралы ғылым, негізінен, үш ғылыми салаға бөлінеді: әдебиет теориясы, әдебиет тарихы және әдебиет сыны.

Әдебиет теориясы көркем әдебиеттің болмысы мен бітімін, әдеби шығарманың сыры мен сипатын, әдеби дамудың мағынасы мен мәнін байыптайды. Әдебиеттің өзіне тән ерекшелігін, оның қоғамдық қызметін, көркем шығарманы талдаудың принциптері мен әдістемесін, әдеби жанрлар мен оның түрлерін, өлең жүйелерін, тіл мен стиль, әдеби ағым мен көркемдік әдіс мәселелерін зерттейді.

Зейнолла Қабдоловтың айтуынша, кез-келген көркем шығарманың байыбына бару үшін бес түрлі нақты сұраққа жауап іздеп табу керек:

  1. Қандай оқиға болды?
  2. Қалайша болды?
  3. Кімдердің басында болды?
  4. Болған оқиға қалай баяндалған?
  5. Ол оқиғаға автордың көзқарасы қандай?

Бұл сұрақтарға жауап беру, бір жағынан, оқыған романның байыбына барғысы келген кісінің эстетикалық талғамының дәрежесіне байланысты болса, екінші жағынан, оның теориялық толғамының мөлшеріне байланысты. Себебі, бұл сұрақтарға жауап берген адам өз мүмкіндігінше әдебиеттің нақты теориялық мәселелерін қозғайды:

  • бірінші сұраққа жауап беру арқылы шығарманыңтақырыбы мен идеясынсөз етеді;
  • екінші сұраққа жауап беру арқылы шығарманыңсюжеті мен композициясынсөз етеді;
  • үшінші сұраққа жауап беру арқылы шығармадағытип пен характер жайынсөз етеді;
  • төртінші сұраққа жауап беру арқылы шығарманыңтілі мен суреткердің стилінсөз етеді;
  • бесінші сұраққа жауап беру арқылысуреткердің дүниетанымы мен көркемдік әдіс мәселесінсөз етеді.

Ал осылардың бәрін тек әдебиет теориясын білген адам, сол арқылы өз заманының талабы дәрежесінде өзінің эстетикалық талғамын қалыптастырған адам ғана істей алады.

Әдебиет теориясының ережеге айналған эстетикалық қағидалары мен қисындары әдебиет тарихы арқылы табылып, тексеріліп, жүйеленген ұшан-

теңіз әдеби деректерді терең талдау, пайымдау нәтижесінде қорытылған толғамдар, түйін-тұжырымдар.

Әдебиет тарихы - жеке алғанда, бір елде, жалпы алғанда, бүкіл адам баласының тарихында көркем әдебиеттің қалай пайда болғанын, қалай қалыптасқанын, қандай жолдармен дамығанын зерттейді. Әр халықтың көркемдік даму сапарын (ауыз әдебиетінен жазба әдебиетке дейінгі) саралайды, сын көзімен сұрыптайды. Сонымен қатар әр дәуірдің әдеби нұсқасына тарихи тұрғыдан қарап, оның сапасын сол тұстың сана сатысына, ой өрісіне байланыстыра тексереді. Олай болмаса, ауыз әдебиетінің нұсқалары болсын, жеке жазушылар творчествосы болсын, әділ бағаланып, әдеби дамудағы өзіне лайық орнын алуы мүмкін емес. Әдебиет тарихын зерттеушілерге ең басты талап дәл осы тұрғыдан қойылады.

Мысалы, ежелгі әдеби нұсқалардың эстетикалық құны мен ғылымдық мәнін бағалау үшін тек тарихтық тұрғы, яғни көне мұраға деген тарихи көзқарас керек. Орхон жазуындағы жырларды бүгінгі биік талғаммен өлшесек, олардың эстетикалық құны, әрине, мықты емес. Ал тарихтық тұрғыдан тексеріп, таным тарапындағы мәнін, ғылымдық маңызын бағаласақ (ежелгі дәуір жыры - ХҮ ғ. Доспамбет толғауы - ХІХ ғ. Махамбет өлеңі - ХХ ғ. Мұқағали өлеңі), қазақ өлеңінің ғасырлар бойы қандай жолмен сатылап дамығанын топшылаймыз.

Бұл - қазақ поэзиясының есею, жетілу барысындағы мың белгінің бірі ғана. Әдебиеттің барлық қалыптасу, даму тарихын жан-жақты талдап, түсінуде әдебиет тарихының атқарар қызметі зор.

Әдебиет теориясының толғамдары әдебиеттің тарихын негізге алумен бірге, әдебиеттің сынымен тығыз байланысып жатады.

Әдебиет сыны өз тұсындағы әдебиеттің тірі процесіне араласып, әдеби туындыны жан-жақты талдайды, оның идеялық-көркемдік құнын белгілейді, өз кезінің эстетикасы үшін мәні мен маңызын анықтайды.

Бір жағынан, жазушыға жазғандарының бағалы қасиеттерін, ерекшеліктері мен кемшіліктерін көрсетіп, оның творчестволық өсуіне тікелей қолғабыс жасайды.

Екінші жағынан, оқырманды оқығандарының байыбына барып, оны жете түсініп, дұрыс бағалауға баулиды.

Сыншы - қалың оқырманның өскелең талабы мен талғамының жаршысы, әдеби құбылысты жалпы мемлекеттік мүдде тұрғысынан пайымдайтын қоғамдық ой-пікірдің озғын өкілі.

Сын тек жазушы үшін ғана емес, оқырман үшін де жазылады. Ол көркем шығармаға қосалқы комментарий емес, өз алдына жеке шығарма болып табылады.

Әдеби сында көркем шығарманы бағалаудың жолдары, тәсілдері, шарттары, критерийлері бар. Көркемдік критерий әдеби шығарманың кемшілігін ғана қазбалау емес, ең алдымен, әдеби шығарманың бағалы жағын көре білу. Сынның ең қиын міндетінің өзі - осы. Кез-келген шығармада болатын үлкенді-кішілі кемшілікті табу бәрінен оңай, ал шығарма несімен

жақсы екенін белгілеу, оның нағыз поэтикалық сұлулығы мен сырлылығы неде екенін анықтау бәрінен қиын.

Әдебиет туралы ғылымның негізгі үш саласы (теориясы, тарихы, сыны) өзара тығыз бірлікте болады, әдебиеттің теориясын түсінбей тұрып, тарихы жайлы әңгіме қозғау; тарихын білмей тұрып, сынын өрбіту мүмкін емес. Шын мәніндегі әдебиет сыншысы немесе әдебиет зерттеушісі әдебиеттанудың үш саласына да жетік, білімдар әдебиетші болуы шарт. Мұндай әдебиетшіліктің озық үлгісін орыс ойшылдары В. Г. Белинский, Н. Г. Чернышевский, Н. А. Добролюбов көрсеткен: олар әдебиеттің данышпан сыншылары ғана емес, тамаша тарихшылары және терең теоретиктері де бола білген.

Әдебиет туралы ғылымның негізгі салаларынан басқа жанама тараулары да бар. Олар - текстология, историография және библиография . Бұл тараулар ғылыми мақсат үшін керек.

Текстология - әдеби туындылардың мәтінің зерттеп, танудың принциптері мен әдістемесін жинақтайтын арнаулы ғылыми пән.

Текстология:

  • көркем шығарманың тұрақты түпнұсқасын белгілейді;
  • автор қолымен жасалған ақтық редакциясын анықтайды;
  • әр алуан вариантын өзара салыстырады;
  • әр басылымын автографпен салыстырады;
  • мәтіннің автор еркінен тыс қысқарған жерлері немесе бөгде қолмен орынсыз өзгертілген тұстары болса, қалпына келтіреді;
  • түпнұсқаны көшіріп басқандар мен әріп терушілер тарапынан кеткен емле қателері болса да түзеп отырады.

Текстология үш бөлімнен құралады:

  1. Текстің туу сыры. Түпнұсқадан транскрипцияға дейін тексереді.
  2. Текстің тұрақтану тарихы. Автордың алғашқы ой қазығынан ақырғы жөндеуіне дейін зерттейді.
  3. Текстің басылу түрлері. Әр нұсқаның терілуінен бар туындының рет- ретімен түзілуіне дейін бақылайды.

Бұл бөлімдердің қай-қайсысында да көркем әдебиетке деген әділ көзқарас, асқан жауапкершілік жатады.

Историография - әдебиет теориясының, тарихының, сынының ғасырлар бойғы тарихи дамуы туралы дәйектемелер мен деректер, мәліметтер мен материалдар жинағы. Жоғарыда аталған үш салаға қатысты қандай арнаулы мәселе болсын, оны зерттеудің көлемі мен тереңі, мәні мен маңызы сол мәселенің историографиялық материалының мөлшері мен мазмұнына қарап белгіленеді.

Библиография - көркем әдебиеттің өзіне және әдебиет туралы ғылымға байланысты көрсеткіштер мен анықтамалар, шолулар мен сілтемелер жиынтығы. Әдебиет пен әдебиеттану тарапындағы қандай арнаулы зерттеулер болсын, оған қажет нақты материалдардың (мәтіндер, сын-мақалалар, зерттеу еңбектер) бәрін библиографиялық көрсеткіштер мен анықтамалар арқылы іздеп тауып, пайдалануға болады.

☺?! Тапсырмалар

  1. Соңғы уақытта оқып шыққан көркем шығармаға қатысты 5 сұраққа жауап жазып, байыбына жетуге тырысыңыз.
  2. Ұсынылған үлгі бойынша өз мысалдарыңызды келтіріп, қазақ өлеңінің сатылап дамуын топшылаңыз:

Күлтегін ескерткіші

Доспамбет

Махамбет

Мұқағали

Күлтегін ескерткіші:

. . . Тәңірі жарылқап, құтым-бағым бар болғандықтан, нәпақам бар болғандықтан өлімші халықты тірілттім. Жалаңаш халықты тонды, кедей

халықты бай қылдым. Аз халықты мол қылдым . . .

Доспамбет:

Екі арыстан жау шапса,

Оқ қылқандай шаншылса . . .

Бетегелі Сарыарқаның бойында,

Соғысып өлген өкінбес!

Махамбет:

Боз орданы тіктім деп,

Боз ағашты жықтым деп,

Халық ханым дегенге Көтере берме бұтыңды,

Көпірте берме ұртыңды,

Күндердің күні болғанда,

Өзіңнен мықты табылса,

Ту сыртыңнан жармай алар өтіңді . . .

Мұқағали:

Шеше, бақыттысың! Жыламағын.

Жай түсіп жатқанда да құламадың.

Тәңіріңнен мен едім ғой сұрағаның, Сондықтан жыламағын, жыламағын!

  1. Б. Алдамжаровтың «Жампоз жанр көтерер жүк» мақаласымен танысып, көтерілген мәселеге қатысты өз пікіріңізді білдіріңіз.
  2. «Атрибуция» терминіне түсініктеме беріңіз, атрибуциялық әрекеттерге мысал жинаңыз.
2 Әдебиет және эстетика. Сөз өнері жайлы ұғым

«Әдебиет» деген сөздің түп төркіні арапша атаудан шыққан, «сөз, асыл сөз» деген мағынасы бар. Әдебиет - өнер, көп өнердің ішінде сөз өнері. Мүсіншінің құралы - саз-балшық, суретшінің құралы - бояу, әншінің құралы - үн, бишінің құралы - қимыл болса, әдебиетшінің құралы - тіл.

Өнердің көп салаларының ішіндегі ең бір қадірлісі әрі қасиеттісі - көркем әдебиет. Оның өнердің өзге түрлерімен бірлігі бола тұра өзгешелігі де мол. Сөз өнері сурет пен музыка секілді жалпыға бірдей жетімді деу қиын: сөз - бояу немесе дыбыс емес, барлық халыққа бірдей және бірден түсінікті бола алмайды. Әр ұлттың өз тілі бар және әдеби шығарма сол тілде ғана туады. Бұл жағдай - көркем әдебиеттің халықаралық өрісіне біраз бөгеу, тіпті тұсау екені рас. Бірақ, есесіне, әдебиеттің тілі музыка тілінен гөрі нақты, театр тілінен гөрі затты. Бейнелеу, сәулет, мүсін өнерлері затты, нақты болғанымен жансыз, қимылсыз, ал әдебиет кез келген шындықты қимыл, қозғалыс үстінде құбылта, құлпырта көрсете алады. Дәл осы тұрғыдан алғанда, сөз өнерін - бар өнердің басы, өнер атаулының ең қиыны және күрделісі, ең жоғары түрі деуге болады.

Суреткер болу үшін адамға тума қабілет, табиғи дарын қажет. Суреткер сипатын оның азаматтық рухынан, қоғамдық бітімінен бастаған жөн. Тума көркемдік қабілет кез келген кісіде бар. Олай болмаса, кез келген кісі өнерді де, көркем әдебиетті де жан-жүрегімен қабылдап, сезіне, түсіне алмас еді. Дегенмен материалистік эстетика нағыз суреткерге тән бірнеше ерекшеліктерді тізіп, талдап, сол арқылы талант табиғатын сипаттайды.

Біріншіден, сезім . Нәзік сезімталдық. Өзін қоршаған өмірден әрқашан тың құпиялар іздеп, айрықша әсер алу, көз алдындағы құбылыстарды ерекше сезіну, нәзік түйсіну, сезінген-түйсінген шындығына бейтарап қала алмай, тербеле тебірену - бәрінен бұрын ақынға тән қасиет. Ал суреткер, - ең алдымен

- ақын.

Бұл ерекшелікті «Гетенің қазасына» деген өлеңінде Баратынский дәл суреттеген:

Жасыл шөптің тілін ұғып кезінде Жапырақтың сәл дірілін сезінген,

Жұлдыздармен жымындасқан, ымдасқан, Жал толқынмен ақылдасқан, мұңдасқан. Жаратылыс-табиғатпен бір туған

Жан еді ол кеудесіне нұр тұнған, Одан бүгін қалған адам сыры жоқ!

Екіншіден, бақылау . Жіті бақылағыштық. Нәзік сезім көреген, дәл бақылаумен ұштасып жатады.

Үшіншіден, қиял . Шығармашылық фантазия. Бақылап білген, сезген шындықты кең өріске шығаратын қанатты шығармашылық қиял - таланттың серігі. Мұның өзі ойдан шығара білушілік. Ал ойдан шығару жоқ жерде жалпы әдеби шығарма болуы мүмкін емес.

Төртіншіден, интуиция . Өлең - ішкі терең, табиғи тербелістің, тебіреністің нәтижесі. Өлең жазуда белгілі ереже, амал, тәсіл жоқ.

Бесіншіден, өмірбаян . Тәжірибе молдығы. Тіршілікте көрген-білгені, ұққан-түйгені көп адамның таланты да күшті, мықты. «Өмірі мазмұнды кісінің творчествосы да мазмұнды» болатынын Ибсен біліп айтқан.

Алтыншыдан, парасат . Сананың саралығы. Шын талантқа шындықтың парқын білетін сарабдал сана, мол парасат керек.

Жетіншіден, шеберлік . Нағыз маман суреткерге тән кәсіби шеберлік болмаған жерде суреткерлік даналық та жоқ. Даналық - еңбек сүйгіштік. Өнердегі шын шеберлікке апарар жол - шыдамды еңбек, дилетанттыққа - шыдамсыз шалағайлық. Шын шебер шеберленген сайын қинала, терлей түсуге тиіс. Ал шеберлік шексіз.

Сегізіншіден, шабыт . Шабытсыздық - қабілетсіздік, қабілетсіздік - дарынсыздық, дарынсыздық - талантсыздық. Суреткердің шабыты кең көлемдегі халық мүддесіне негізделуге, ақиқат өмірге тамыр тартуға тиіс. Сонда өнер өзінің биік мағынасын табады.

А. С. Пушкин: «Ең арғы жағы геометрияға да шабыт керек».

Станиславский: «Нағыз шалқар шабыт, творчестволық құлшыну мен құштарлық суреткердің өнердегі өзін сүюінен емес, өзіндегі өнерді сүюінен туады».

Суреткер бітімін, талант табиғатын байыптағанда оның жеке басының дара қасиетін, оның рухани жан дүниесін, әлеуметтік кейпі мен моральдық кескінің, дүниетанымы мен қоғамдық қызметін, білімі мен мәдениетін де ескеру қажет.

В. Белинский: «Ақын бәрінен бұрын адам, содан соң өз жерінің азаматы, өз дәуірінің перзенті».

Суреткердің қоғамдық қызметін пайымдау оған тән дүниетаным, күрделі және әр қилы көзқарас мәселесін қоса қозғау болып табылады. Суреткердің дүниетанымы мен әлеуметтік көзқарасы - эстетиканың ең негізгі мәселелерінің бірі.

Адам баласы дүниені ғылым арқылы танып-біледі. Табиғат пен қоғам құбылыстарының заңын ашатын, мәнін түсіндіретін - ғылым, теория. Алайда адамға өмір мен күрес үшін ойлы бас қана емес, ерік, құштарлық, сезім де керек. Осы арада шындықты дәлелдейтін ғылыммен қатар оны көзге көрсететін көркем әдебиет те өзінің қоғамдық рөлін ойнай бастайды.

Әдебиеттің қоғамдық мәнін айтқанда, ең алдымен, оның таным тарапындағы маңызын атау шарт. Кез-келген көркем шығарма оқырманға бұрын беймәлім өмірді, шындықты, бейтаныс заманды, адамды танытады.

З. Қабдолов: «Бальзакты оқымай француз тұрмысын, Толстойды оқымай орыс өмірін, Абайды оқымай қазақ тіршілігін білем деу ағат».

Бальзактың атақты «Адам әжуасы» - ХІХ ғасырдың алғашқы жартысындағы француз қоғамының көркем тарихы мен сырлы шежіресі. Романдағы мыңдаған адамдар тағдыры, тартысы, арақатынасы арқылы Бальзак капитализмнің адам айтқысыз қорқаулығын, алтынның аздырғыш күшін, ақшаның адамды аңға айналдырар сұмдығын, сайып келгенде, буржуазияның бұзық та бүлдіргіш табиғатын тасқа таңба басқандай танытады. Мұның бәрі көркем әдебиеттің өмір танытудағы маңызын дәлелдейді. Әдебиет адамдарға өмірді танытып қана қоймайды, олардың сол өмірге көзқарасын қалыптастырады, мінез-құлқына ықпал етеді, бүкіл тұрмыс-тіршілігіне әсер етеді.

Әдебиеттің таным тарапындағы мәні де, тәрбие саласындағы мәні де орасан күрделі әрі шешуші сыры - эстетикалық мәніне негізделген. Әдебиеттің күллі қоғамдық-өзгертушілік қасиетін түсіну үшін, оның эстетикалық табиғатын қажет.

Жан тебірентер, адамды баурап алар әсем әсер жоқ жерде шын мағынасындағы өнер туындысы да болмайды. Әдеби шығарма адамның бүкіл ой-қиялын, сыр-мінезін түгел баурайды: қуантады, сүйіндіреді, таңдантады, күйіндіреді, жылатады, күлдіреді . . . қысұасы, адамның көңіл-күйінде сан-сапа құбылыстар туғзып, із қалдырады. Бұл - әдеби шығарманың эстетикалық әсері.

Әдебиеттің халықтығы - тарихи категория. Адамзаттың жалпы көркемдік даму тарихының әр кезеңінде бұл ұғым әр сипатта болды. Әр ұлттың тарихи тағдырына сай, туған топырағына, өскен ортасына лайық мінез-құлқы, әдет-

ғұрпы, салт-санасы қалыптасатыны мәлім. Мұның бәрі әр ұлттың өзіне тән өзгешеліктерін - сыртқы түріндегі ғана емес, ішкі сырындағы айрықша сипаттарын да белгілейді. Бұл өзгешеліктерді суреткер іздеп тауып, өз шығармасында суреттеп көрсетуге тиіс.

Шын мәніндегі өнерде халық даналығының таңбасы жатады. Өнердің жасампаз күші оның халықтан туып, халық қажетіне жарауында жатыр. Жер бетінде халық бар болса, халық өмірімен біте қайнаған, халық мақсатына қызмет ететін өнер де болады. Әдебиет пен өнердің халықтығын осы тұрғыдан таныған жөн.

Халықтық деген ұғымды тұңғыш рет ХІХ ғасырдың басында Вяземский П. А. ұсынды. Әдебиеттің халықтығы туралы топшылауларды тұрлаулы түсінік етіп қалыптастырған В. Г. Белинский болды. Оның пікірінше, әдебиеттің өзі, бәрінен бұрын, «халық санасы», «халықтың рухы».

Халықтық - әдеби шығарманың терең мазмұнында жатқан түсінік. Халықтық шығарманың тақырыбынан, белгілі бір тақырып арқылы алға қойған мақсатынан бастап, көркемдік шешімге дейін баратын қаһарманның мінезін, дүниетанымын, іс-әрекетін қамти келе автордың тілі мен стиліне, бағыты мен әдісіне, эстетикалық идеалына көшетін ұғым.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Әдеби туынды және оның мазмұны мен құрылымы.Әдебиеттің көркем шығарманың көркемдеу құралдары мен тілі.Өлең сөздің теориясы. Шығармашылық әлемі және әдеби жанрлар мен олардың түрлері
Әдебиеттің көркем шығарманың көркемдеу құралдары мен тілі. Шығармашылық әлемі және әдеби жанрлар мен олардың түрлері. Әдеби дәстүр мен жаңашылдық. халықаралық әдеби байланыс
ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІН ОҚЫТУ ӘДІСТЕМЕСІ
Әдебиеттің көркем шығарманың көркемдеу құралдары мен тілі; өлең сөздің теориясы; шығармашылық әлемі және әдеби жанрлар мен олардың түрлері; әдеби үдеріс (процесс), әдеби әдіс, бағыттар мен көркемдік тәжірибелер
КӨРКЕМДІК ӘДІС ЖӘНЕ БАҒЫТ
ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы әдебиет
Шығармашылық әлемі және әдеби жанрлар мен олардың түрлері
Стиль мен шығармашылық ерекшелік
Көркем әдебиеттің табиғаты, ерекшелігі және мәндері. Әдебиет теориясындағы әдеби шығарма, орта және автор мәселелері. Әдеби туынды және оның мазмұны мен құрылымы
Ежелгі түркі тілді ру-ұлыстарымен бірге жасаған көркем сөз өнерін түсіндіру
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz