Қазақ жерінде полиция жүйесінің пайда болу тарихы


Ақпан төңкерісіне дейінгі Қазақстан Ішкі істер органдары және оның даму тарихы
Мазмұны
Кіріспе
1 тарау. 1917 жылға дейінгі Қазақстан Ішкі істер органдарының даму тарихы.
1. 1. Қазақ хандығы тұсында ішкі істер органдарының қызметін жүзеге асырған мемлекеттік қызметкерлер.
1. 2. Қазақ жерінде полиция жүйесінің пайда болу тарихы.
1. 3. Қазақстан милициясы туралы түсінік. Қазақтың атақты генералдары мен тұңғыш заңгері.
2 тарау. 1917 жылға дейінгі Қазақстан Ішкі істер органдарының қызметінің ерекшеліктері.
2. 1. Қазақстан Ішкі істер органдарының қызметінде туындаған мәселелер.
2. 2. Қазақстан Ішкі істер органдарының қызметінде қолданылған заңнамалар.
3 тарау.
Қорытынды.
Қолданылған әдебиеттер тізімі.
«Нормативтік сілтемелер, анықтамалар, ақпараттар тізбесі, қысқартулар, символдар, арнайы терминдер»
АНЫҚТАМАЛАР
Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары (бұдан әрі - ішкі істер органдары) адамның және азаматтың өмірін, денсаулығын, құқықтары мен бостандықтарын, қоғамның және мемлекеттің мүдделерін құқыққа қарсы қолсұғушылықтан қорғауға, қоғамдық тәртіпті сақтауға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған құқық қорғау органы болып табылады.
Полиция- (ағылш. police ; гр. politeia -мемлекеттік істерді басқару; басқарма; фр. Police , от көне грекше: ἡ πολιτεία - мемлекет, қала) - қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыспен күресу, мемлекет пәрменін орындату, халық пен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық және мемлекеттік құрылысты қорғау міндеттері жүктелген мекемелер мен лауазымдардың және әскерилендірілген жасақтардың жиынтық атауы.
Генерал-Губернатор - 1) патшалық Ресейдегі жергілікті жоғары әкімшілік лауазым. 1719 ж. енгізілген. Бастапқы кезде құрметті атақ ретінде қолданылды. 1775 жылғы губ. реформаға сәйкес жергілікті әкімш. жұмыс Генерал-Губернатор-ға тапсырылды. Ол бірнеше губ-дан тұратын генерал-губернаторлықты басқарды. 1782 жылғы патша жарлығы бойынша Генерал-Губернатор жергілікті әкімш. жұмысқа және полицияға басшылық етті, сот үкімін бұзуға, оны жүзеге асырмай тастауға еркі болды, соғыс окр-ның қолбасшысы қызметін қоса атқарды. 1796 ж. Генерал-Губернатор қызметі уақытша доғарылды. 19 ғ-дың 2-жартысында империяның бірқатар аймақтарында Генерал-Губернатор қызметі қайта қалпына келтіріліп, Мәскеу, Варшава, Киев, Түркістан, Дала, Иркутск, Финляндия, Амур өңірі генерал-губернаторлықтары құрылды. Патша өкіметінің отаршылық саясатын жүзеге асыруда шет аймақтардағы Генерал-Губернатор-лар маңызды рөл атқарды. 1917 жылғы Ақпан рев-сы нәтижесінде патша өкіметі құлағаннан кейін Генерал-Губернатор қызметін Уақытша үкімет тағайындаған комиссарлар, кей жерлерде бірнеше адамнан тұратын к-т (мыс., Түркістан к-ті) атқарды. 2) Ұлыбритания, Франция, т. б. елдерде губернаторға қарағанда жоғары қызмет. 3) Ағылшын доминондарындағы жоғары билікті иемденуші.
Кіріспе
Зерттеу жұмысымның өзектілігі. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының Ішкі істер органдарының даму және қалыптасу тарихы көптеген зерттеу әдебиттерінде тек 1917-1918 жылдардан бастап бастау алады. Оның өзінде де тәуелсіздікке дейінгі, яғни 1991 жылға дейінгі тарихи материалдар Ресейлік тарихпен араласып кеткен. Осы тұрғыда 1917 жылға дейін Ішкі істер органдарының даму тарихы немесе жалпы Ішкі істер органдары болған жоқ па деген сұрақ туындайды. Осы сұрақтың шешімін табу мақсатында, дәлірек айтқанда тәуелсіз Қазақстанның Ішкі істер органдарының 1917 жылға дейінгі тарихын жарыққа шығару бағытында біз «Ақпан төңкерісіне дейінгі Қазақстан Ішкі істер органдары және оның даму тарихы» тақырыбын таңдап алдық.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында Қазақстан аумағындағы құқық жүйесі толығымен жалпыимпериялық жүйеге көшіп, тұтастай алғанда, құқықтық жүйенің, оның ішінде сот жүйесі мен құқық қорғау органдарының қатаңдатылуына әкеліп соқты.
Қазақстан аумағы Ресей империясына қосылған сәттен бастап патша өкіметі жалпыимпериялық құқықтық жүйені енгізу бойынша бірқатар шаралар қабылдады. 1822 жылы Сібір өлкесін басқару енгізілгеннен кейін, онда Қазақ мемлекетінің Кіші жүз аумағы кіретін Омбы облысын ерекше басқару ұсынылды.
Бірінші дүниежүзілік соғыс кезеңінде Қазақстанда әкімшілік-полициялық езгі жыл өткен сайын күшейтілді. 1916 жылғы 9 қыркүйекте өткен Министрлер кеңесінде Сібір, Дала және Түркістан өлкелерінің облыстарында полициялық күзет енгізу туралы мәселе қаралды. Уезд бастықтары мен учаскелік приставтардың «бұратаналарды» болмашы теріс қылықтары үшін «Түркістан өлкесін басқару туралы ереженің» 64-бабында көзделген жаза қолдануға құқығы болды. Заңдарда уездік полицияға қоғамдық «өзін-өзі басқару орындарынан» іріктеп алынған адамдар тарапынан көмек берілді, олардың өздері де тәртіпті қорғау жөніндегі алғашқы шаралар қолданатын еді. Петропавл, Семей, Верный, Орал қалаларында қалалық полиция басқармалары құрылды. Полиция билігіне тергеу ісін жүргізу үшін кең өкілеттіктер берілді. Қазақстанда әскери дала соттарының желісі ұлғайтылды. Жергілікті қазақ бөлімдерінен әскери-жазалау күштері ұйымдастырылды.
1917 жылы ақпанда Ресейдің Петроград қаласында ақпан буржуазиялық-демократиялық революциясы орын алып, монархиялық билік құлатылып, қоғамдық-саяси жағдай түбірімен өзгерді. Құрылған уақытша үкімет қазақ халқының 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне қатысушыларға кешірім жариялады, оларды жазалауды тоқтатты. Сондай-ақ, көтерілісті ұйымдастырушыларға да кешірім берілді. Қоғамда азаттық келісім орнатуға жағдай туғызылып, кең көлемде саяси бостандықтар берілді (сөз, баспасөз бостандығы, саяси партиялар құру, т. б. ) . Ұлт-азаттық қозғалысының жетекшілері демократия, бостандық және теңдік орнаған кезде ұлттық автономия құрудың уақыты келді деп сенді. Әлихан Бөкейханов жетекшілік еткен интеллигенция өкілдері Уақытша үкімет құрамында жауапты қызметтер атқарып, ұлттық-демократиялық Алаш партиясын құруға кірісті.
1 тарау. 1917 жылға дейінгі Қазақстан Ішкі істер органдарының даму тарихы
1. 1. Қазақ хандығы тұсында ішкі істер органдарының қызметін жүзеге асырған мемлекеттік қызметкерлер
Қазақ хандығы құрылғаннан бастап хандар мен сұлтандар сарайында оларға арнайы дәрежедегі адамдар тобы қызмет етті. Бұл әлеуметтік қауым -Төлеңгіттер деп аталды. Төлеңгіт деген атаудың шығу төркіні туралы қысқаша былай деп айтуға болады. Атақты тарихшы-түркітанушы Лев Гумилев «Қиял патшалығын іздеу», «Көне түріктер» деп аталатын еңбектерінде VIII-ші ғасырдың өзінде Алтай тауы мен Орхон өзені аралықтарын мекен еткен түркі тілдес Төлеңгіт (Телеңгет) деп аталатын ұлыс болғандығы туралы жазады. IX-XI ғасырларда салт-дәстүрі түркілік Төлеңгіттер Алтай бойын қоныстанған ұлыс еді. Бұл олардың әуелгі ата қонысы болатын. Айналасындағы туыс тайпалар секілді Төлеңгіттер де көшпелі және жартылай көшпелі өмір салтын ұстанып, мал және егін шаруашылықтарымен айналысты. Бәрінен бұрын Төлеңгіттер жауынгерлікке машықтанған ер халық болды. Бірақ, олар сан жағынан аз еді.
Шыңғысхан құрған мемлекет құрамындағы Төлеңгіттер туралы тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас Омарбеков мынадай пікір білдіреді: «Алғашқы орта ғасырларда Алтайда өзіндік тайпа бірлестігін құрған төлеңгіттер… моңғолдарға қызмет ету барысында ыдырап кетті». Осыдан кейін Төлеңгіт ұлысының ыдырауының басты себебі-олардың Шыңғысхан мемлекетінің қоластына кіруінен бастау алатындығын аңғару қиын емес. XVI-XVIII ғасырларда Жоңғар мемлекетінің, одан кейін Ресей империясының құрамына кірген Төлеңгіт тайпасы шегіне жете ыдырады. Соның нәтижесінде тарихта Төлеңгіт деген атау ғана қалды.
Шыңғысханнан өсиет алған ұлдар мен немерелері және моңғол баһадүр-қолбасшылары қай өңірге барса да, қандай жерлерді жаулап алса да, өздерімен бірге Төлеңгіттерді ала барған. Алтын Орда мемлекетін құрған хан Бату хан сарайын қорғаушыларды Төлеңгіттер деп атаған. Сонымен, Төлеңгіттер деген сөз XIII ғасырға дейін жеке ұлыс болып келген, кейін Шыңғысхан мемлекетінің құрамына кіріп, көпшілігі хан жасауылы болып хан сарайында қызмет еткен Төлеңгіттерден бастау алады. Тарихшы ғалым Ермұхан Бекмахановтың пікірінше «Төлеңгіт» деген сөз қазақ сөзі емес, ол Алтай қалмақтарының «Теленгет» деген сөзінен алынған. Кейін, Алтын Орда ыдырап, бірнеше шағын мемлекеттерге бөлінді. Мысалы қазақ жерінде, Ақ Орда мемлекеті пайда болды. Ал XV ғасырдың 2-ші жартысында Шыңғысхан ұрпақтары болып келетін Керей мен Жәнібек басқарған қазақ хандығы құрылды. XV-XVIII ғасырларда хан мен сұлтандардың төлеңгіттерінің атқарған қызметтері өте ауқымды болды. Мысалы, олар хан мен сұлтандардың жеке бастарын қорғады, зекет, соғым және басқа да алым-салықтар жинады, сот биліктерін орындады, хан мен сұлтандар сарайларын қорғады, елшілік қызмет атқарды, сонымен бірге хан әскерінің негізгі бөлігі төлеңгіттерден тұрды.
Төлеңгіттер хандар мен сұлтандардың бұйрығынан басқаны орындамайтын ерекше мәртебеге ие болды.
Егер кәзіргі заман тілімен айтсақ, Төлеңгіттерді - сол заманда мемлекеттік қызметкерлер дәрежесінде болды дегеніміз дұрыс болар еді. Өйткені, олар мемлекетке, яғни, қазақ хандығына және мемлекет басшылары немесе хандарға қызмет етті.
Осы жерде хандар мен сұлтандар айналасына төлеңгіттер қалай топталды деген сұрақ туады. Деректерге жүгінсек, олар хан сарайына негізінен мынадай жолдармен жинақталған:
1. Хандар мен сұлтандардың әскерін құрайтын, олардың сарайы мен жеке бастарын қорғайтын, алым-салық жинап, елшілік қызмет атқаратын адамдар сайдың тасындай мықты, ержүрек, қайратты да қажырлы адамдар болуы керек еді. Міне осындай адамдар әртүрлі рудан таңдап алынды. Сол хан сарайына әр рудан жинақталған осындай адамдар Төлеңгіттер деп аталды. Төлеңгіттер енді өздері қызмет ететін хан мен сұлтандардың таңбасын, яғни, Төре таңбасын алды. Хандар мен сұлтандардың сарайларында қызмет ететін Төлеңгіттердің бұрынғы руына қайтып оралуына құлқы да болмады.
Төлеңгіттердің хан сарайында топтастырылуында Абылай ханның рөлі ерекше болғандығын атап айтқан жөн. Абылай ханның сарайын қорғаушы Төлеңгіттердің саны өте көп болған. Олар Абылай хан сарайында ұлан (гвардия) қызметін атқарған. Бұл жерде айта кететін бір жайт - хан Абылай тек Арғын руының өзінен бір мыңдай жігіттерді хан сарайына Төлеңгіт қызметіне алған. Қазіргі кездегі Қазақстандағы Найман төленгіті, Албан төлеңгіті, Жалайыр төлеңгіті, Үйсін төлеңгіті, Керей төлеңгіті дегендердің арғы бабалары сол аталған рулардан таңдап алынғандар деп түсінгеніміз жөн.
2004 жылы Орал қаласынан басылып шыққан Төлеңгіттер тарихынан «Тәбәрік» атты кітапта (авторлары- М. Кенжеғалиев және Т. Әліпқали) «. . елдегі әнші, палуан, мерген, зергер, тігінші және басқа да өнерлі отбасыларын хан-сұлтандар өз сарайларына көшіріп алып, Төлеңгіттер қатарына қосқан»-, деп көрсетілген. Біздіңше Төлеңгіттердің құралуына байланысты мәселеде бұл пікірді де жоққа шығаруға болмайды. Себебі, хан сарайының даңқын көтеру үшін ондай өнерлі адамдар әр уақытта да керек болған. Жұртшылыққа белгілі Төлегеннің серігі төлеңгіт Шеге Базарбайдың сарай ақыны болған.
2. Төлеңгіттердің екінші бөлігі жаугершілік заманда тұтқынға түскендер еді. «Олар негізінен жаугерлік замандарда сырт елдерге жорық жасау барысында қолға түсіп, билеушілердің жеке иелігіне берілген соғыс тұтқындарынан тұрды». Осыдан келіп Қалмақ төлеңгіті, Қарақалпақ төлеңгіті, Қырғыз төлеңгіті, Сарт төлеңгіті, Ноғай төлеңгіті, Түрікпен төлеңгіті деген атаулар пайда болған. Мысалы алтайлық түріктер немесе қалмақтар XVIII ғасырда Қазақстанда Қалмақ төлеңгіттерінің негізін құраған. Олар негізінен қазақ - жоңғар соғыстарында қолға түскен тұтқындар еді.
Бұл жерде жоңғарлармен соғыста қолға түскендердің арасында VIII-XIII ғасырларда Алтай тауы аймағында мекен етіп, кейін Шыңғысхан империясының құрамына кірген Төлеңгіт ұлысының ұрпақтары болуы мүмкін екендігін де жоққа шығаруға болмайды. Өйткені XVIII ғасырда сол Төлеңгіт ұлысының ұрпақтары Жоңғар мемлекетінің қол астында болған.
XVIII ғасырдың 2 жартысында (әсіресе 50-70 жылдарда) хандар мен сұлтандардың айналасында Төлеңгіттер саны мейлінше көбейген. Біздіңше оның басты екі түрлі жолы болды. Біріншіден Жоңғарлармен соғыс әскер қатарын төлеңгіттермен толықтыруды қажет етті. Сондықтан әр рудан жігіттер жиналды. Екіншіден соғыста қолға түскендер төлеңгіттер қатарын көбейтті.
Кейбір зерттеушілердің қазақ жеріндегі Төлеңгіттерді - қазақ төлеңгіті (әр рудан жинап алынған) және Алтай төлеңгіті (бір кезде Алтай тауы аймағында өмір сүрген Төлеңгіт ұлысының жоңғарлармен соғыста қолға түскен ұрпақтары) деп бөлу себептері осыдан.
Осы жерде Төлеңгіттердің ешқашан да құл болмағандығын және ешуақытта да құл қызметін атқармағандығын айтуға тиіспіз. Тарихшы А. И. Левшин былай деп жазады: «Мы не составляем особых классов из Толенгутов или прислужников ханских или невольников. Первые принадлежат вообще к простому народу и пользуются одинаковыми с ними правами». «Төлеңгіттердің өз ырқымен басқа қожайынға бөлініп кетуіне немесе ешкімге де тәуелді болмай бөлек көшуге құқығы бар», - деп жазады Е. Бекмаханов.
Абылай хан 1762 жылы Давыдовқа жазған хатында былай дейді: «Мен өз Төлеңгіттерімді қазақтардан кем көрмеймін, себебі олар менің басыбайлы жалшыларым емес…«Сөз жоқ, бұл жерде әңгіме қазақ Төлеңгіттері туралы болып отырған жоқ. Біздіңше, Абылай хан айтып отырған бұл Төлеңгіттер - біз жоғарыда көрсеткен Алтай Төлеңгіттері, яғни жоңғарлармен соғыста қолға түскен Төлеңгіт ұлысының ұрпақтары. Біріншіден, Абылайдың XVIII ғасырдың 50-ші жылдарында жоңғарларда ойсырата жеңгені тарихтан белгілі. Екіншіден, Абылайдың өзі Төлеңгіттерді «менің басыбайлы жалшыларым емес» деп отыр. Олай болса Төлеңгіттер хандар мен сұлтандарға жартылай ғана тәуелді болуы мүмкін.
Сонымен бірге, Төлеңгіттер ешуақытта, ешкімге алым-салық төлемеген.
Төлеңгіттердің жері туралы айтатын болсақ, хан-сұлтандардың қарамағында көшіп жүретін болғандықтан, олардың өз жері болмаған. Бірақ, Төлеңгіттердің өз малдары болған және ол малдарға төрелердің таңбалары басылған. Сондықтан да Төрелер мен Төлеңгіттердің таңбалары бірдей.
Төлеңгіттер атқарған қызметтердің ішінен елшілік қызметті ерекше атағанымыз жөн. Мысалы, 1730 жылы Әбілқайыр ханның Кіші жүздің Ресейдің құрамына өз еркімен қосылуы туралы өтінішін Петербургке алып барып, патшайым Анна Иоановнанын қабылдауында болған елшіліктің құрамында Бақбек деген Төлеңгіт болған. Сол сияқты Орта жүз ханы Сәмеке 1732 жылы Орта жүздің Ресей құрамына өз еркімен қосылуы туралы Петербургке жіберген елшілік құрамында да Қашақ есімді Төлеңгіт болған. 1748 жылы Тевкелев Орскіге келген кезде губернатор И. И. Неплюев пен Әбілқайыр ханды келістіру мақсатында жүргізілген келіссөздердің басында да Төлеңгіттер жүрген.
1757 жылы сұлтан Жәнібек Петербург қаласына сапар шеккен кезде орыс үкіметі олардың жолына ақша төлеген. Мысалы, сұлтанға күніне 50 тиын, старшинаға-20 тиын, төлеңгіттерге-10 тиын, тілмаштарға-5 тиын, ал солдаттарға-3-ақ тиын төлеген. Осының өзі Төлеңгіттердің хан сарайындағы алатын орнын анық көрсетіп береді.
Нұралы ханның Ресейдегі аманатта жүрген балаларының жанында да Төлеңгіттер болған. 1791 жылы Орынбордың әскери губернаторы А. Пэутлинг Кіші жүзде хан билігін қайта орнатып, Ералыны хан етіп тағайындағаннан кейін батыр Сырым Датұлының А. Пэутлингке жазған хатын алып бара жатып, кең далалықта ұсталған қазақ жігіті, өзін Шералы сұлтанның Төлеңгітімін деп таныстырған.
Тарихшы А. И. Левшиннің пікірінше хан-сұлтандардың жасақтары негізінен «хандар мен сұлтандардың ордасымен бірге көшіп-қонып жүретін, оларға тәуелді төлеңгіттерден жиналған». Бұл жағдай әсіресе Кенесары ханның сарайында анық байқалады. Көтеріліс барысында Кенесары хан төлеңгіттерді әскери күш ретінде пайдаланған. Соның нәтижесінде Кенесарыға қосылған көтерілісшілердің саны 20 мыңға жеткен. Мұнда Төлеңгіттер негізінен әскери жасақшы қызметін атқарған. «Тіпті, көтеріліске қосылған кейбір жеке қазақ рулары өздерін «Кенесары төлеңгіттеріміз» деп атады. Бұның өзі уақытша болса да, төлеңгіттердің әскери күш ретінде беделінің өскендігін көрсетеді» (Е. Бекмаханов) .
Жалпы, Кенесары хан Төлеңгіттердің құқығын барынша күшейткен. Хандықтағы маңызды тапсырмаларды «Кеңесары эмиссарлары» - Төлеңгіттер орындайтын болған. «Төлеңгіт Алданазар Жанитаев былай дейді: Кенесары ханның Төлеңгіті болғандықтан, мен кімнің үйі болмасын, кедергісіз қонып, керек кезінде көлікті де пайдалана алдым».
Тарихшы ғалым И. Кенжалиевтің көрсетуінше 1836-1837 жылдарда Бөкей ордасында халық батырлары Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған көтерілісшілер құрамында да Төлеңгіттер болған.
Осының өзі Төлеңгіт деп аталатын әлеуметтік қауымның қазақ халқының әлеуметтік теңдігі жолындағы күреске өзіндік дәрежеде үлес қосқандығын байқатады.
Қорыта айтқанда, қазақ халқындағы Төлеңгіттер деп аталатын әлеуметтік қауым әртүрлі қазақ руларынан және жаугершілік заманда қолға түскен басқа да халықтардың өкілдерінен құралған. Олар Төрелерге, яғни Шыңғысхан ұрпақтарына адал қызмет еткен мемлекеттік қызметкерлер.
ХIХ ғасырдың бірінші жартысында Қазақ хандығы ыдырағаннан кейін бұрынғы хандар мен сұлтандар сарайындағы Төлеңгіттер жеке руға біріге бастаған. Осыдан келіп Қазақстанның барлық жерінде Төлеңгіт руы пайда болады.
Хан тұсында "билер кеңесі" де жұмыс істеді. Оның құрамына ірі тайпалардың басшылары кірді. Хандықтың басқару жүйесінде "билер кеңесі" маңызды рөл атқарды. Олар төрт негізгі функцияларды атқарды: 1) әскери басшылық; 2) әкімшілік билік; 3) сот ісі; 4) ақсүйектердің билігін білдірді. Билер қоғам басшылығының белсенді мүшелері болды.
Тарихи деректерге сүйене отырып, зерттеушілер қазақ билерінің іс қарауы қоғамдық іс-шара ретінде қаралып, қандай дау болса да билердің шешімі бүкіл жұртшылықты қанағаттандырғанын көрсетеді. Жалпытанылған пікір бойынша билер сотының мынадай қайталанбас ерекшеліктері болған:
1) Қылмыстық жауапкершілікке тарту 13 жастан бастап жүзеге асқан. Қазақтардың арасында «он үште отау иесі» деген ұғым қалыптасқан.
2) Билер институтының қоғамдық қызметі мен құқықтық бағыт-бағдарын айқындауда өзіндік дала конституциясы ретінде танылған «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Жеті жарғы» құқықтық ережелері құнды болды. Егер де даулы істерді қарау барысында шешім шығаруға қатысты мәселелер осы аталған заңдарында қаралған болса, онда соларда көрсетілген ережелерге сүйенген.
3) Сонымен қатар, билер сотының шешімі әрқашан да әділеттікке негізделіп, олардың кескен үкімдері мен шешкен даулары өзіндік құқықтық норма сипатына ие болған. Сол арқылы жаңадан туындаған дау-жанжалды, нақты бір қиын істі шешкен ереже, қағида, нақыл сөздер норма, сот прецеденті ретінде ел арасына тарап, келешекте орын алған ұқсас сот істерінде, дау-жанжалдар туындағанда қолданылған. Сондықтан да, қазақ билерінің адал қызметіне арқау болған прецедент ұғымының мәнін ашып, арнайы тоқтала кеткеніміз жөн. Бүгінгі күні прецеденттік құқық шеңберінде екі түрлі бұтақ қалыптасқан: жалпы құқық және әділет құқығы. Мінеки, көріп отырғанымыздай, қазіргі кезде құқықтық мемлекет деп танылған батыстық елдердің қолданып жүрген сот прецеденті ұғымын қазақ билері өз заманында түрлі дауларды шешуде шебер пайдалана білген.
Белгілі заңгер С. Зимановтың көрсетуінше, қорғаушы болуға Тәуке ханның «Жеті Жарғысының» талаптары барлық ниет білдірген адамдарды қатыстырған. Қорғаушылар барлық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, айыпкерді қорғау құқығына ие. Егер қаралған іс бойынша куәгер болатын адамдар жоқ болса, ант, яғни жан беру рәсімі іске асырылады. Жан беруге дауласушылардың құқы жоқ. Айып тағылған адам үшін аймаққа, руға, елге танымал адамның оның кінәсіздігін көрсетіп, өз атынан ара түсуі және қорғауы. Жан беру рәсіміне беделсіз, елге танымал емес адамдар жіберілмейді. Себебі сенімсіз адамдардың жан беруі әділетсіз билік шығаруға жол ашуы әбден мүмкін.
«Жеті Жарғыға» сай қазақ билері құқық бұзушыларға жаза белгілеуді жасаған қылмыстың ауырлығы мен қауіптілігіне байланысты жан жазасы, мал жазасы, ар жазасы деп белгілеген. Жан жазасы атынан көрініп тұрғандай, қылмыскер өлім жазасына кесіледі, бұл «қанға қан, жанға жан» ұстанымының жүзеге асу көрінісі. Сонымен қатар, көтеріліс жасап, бүлік шығарғандар, еліне опасыздық жасағандар өлім жазасына кесілген. Үкім түрлі жолдармен орындалған (ат құйрығына байлап жіберу, садақпен ату, арқанмен қылқындырып өлтіру т. б. ) .
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz