Қазақ халқының салт - дәстүрлерін зерттеп, оны насихаттау



Жұмыс түрі:  Курстық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 34 бет
Таңдаулыға:   
ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ
М.МӘМЕТОВА АТЫНДАҒЫ ҚЫЗЫЛОРДА ПЕДАГОГИКАЛЫҚ
ЖОҒАРЫ КОЛЛЕДЖІ
КОММУНАЛДЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК ҚАЗЫНАЛЫҚ КӘСІПОРЫНЫ

Хореография ПЦК - сы

КУРСТЫҚ ЖҰМЫС

Тақырыбы: Салт-дәстүрлер - этикалық сананың құрама бөліктері

0403000 - Әлеуметтік-мәдени қызметі және халықтық көркемдік шығармашылығы (мамандығы)

040313 - 1 - Педагог - мәдени демалыс ұйымдастырушы, би ұжымының жетекшісі (біліктілігі)

ӘМҚ-К-19 тобының студенті: ... ... ... ... ... ... ... ... Ж.А.Дүрманова
(қолы)

Пән оқытушысы: ... ... ... ... ... ... ... ... .. А. Г. Нурадинова
(қолы)

Курстық жұмыстың бағасы: ... ... ... ... ... ... ... ... ..

Қызылорда, 2022 - 2023 жыл

МАЗМҰНЫ

І. КІРІСПЕ ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...
1.1 Салт- дәстүр

ІІ. НЕГІЗГІ БӨЛІМ
2.1 Салт- дәстүрдің шығу тарихы, дамуы және оның түрлері
2.2 Қазіргі кездегі Салт- дәстүрлер
2.3 Байырғы салт- дәстүрлер мен қазіргі салт- дәстүрлердің ұқсастығы мен айырмашылығы

ІІІ. ТӘЖІРИБЕЛІК БӨЛІМ
3.1 Салт- дәстүрлерге байланысты ойын ұйымдастыру
ІҮ. ҚОРЫТЫНДЫ

Ү.ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

КІРІСПЕ
Зерттеу тақырыбының өзектілігі: Салт- дәстүр- біздің ата- бабамыздан қалыптасып келе жатыр. Оның шығу тарихы мен түрлерін анықтау және де оның бізге қандай пайдасы бар немесе зияны бар соны зерттей отырып, тақырыпты ашу.
Мақсаты: Қазақ халқының салт- дәстүрлерін зерттеп, оны насихаттау
Міндеттері:
Жалпы хореография туралы мүмкіндігінше көбірек білу
Қандай би түрін өзіне керектігін білу
Қай жерде жаттығу жақсы екенін білу

1.1.Салт- дәстүр дегеніміз не?

Салт-дәстүр -- әр ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, өмірдің өзі туғызған ғұрыптардың жиынтығы; қауым мен қоғамда қалыптасқан мінез-құлықтың үлгілері. Күнделікті қолданыста бір мәдени топты екіншісінен айыратын және бейресми жолмен реттейтін қабылданған мінез-кұлық ережесіне немесе әлеуметтік әрекеттерді жөнге келтіретін терминге жатады.
Салт-дәстүр ұлт үшін өмір, қоғам заңы болып негізделіп, сана, тағылым, тәрбие, тіршілік ережесі ретінде ел зердесіне рухани байлық -- өнеге тәжірибесін құраған. Бұл талаптар мен ережелерді халық бұлжытпай орындаумен бірге оны құрметтемеген, сақтамаған адамдарды сол заң негізінде жазалап та отырған. Өткен заманда қазақ қоғамы үшін салт-дәстүр бұлжымас заң рөлін атқарды. Мысалы, той, наурыз көже, қыз ұзату, қонағасы, шашу, ерулік ата салты болып саналады. Салт-дәстүрдің ел арасындағы тәлімдік, тәрбиелік, халықтық мәні зор. Халықтың атадан балаға көшіп, дамып отыратын тарихи әлеуметтік, мәдени-тұрмыстық, кәсіптік, салт-сана, мінез-құлық, тәлім-тәрбие және рухани іс-әрекетінің көрінісі дәстүр арқылы танылады. Салт-дәстүр байлығы -- мәдениеттің байлығы. Мысалы, ата-ананы, үлкенді құрметтеу, байғазы, көрімдік, сүйінші, кәде сұрау, сәлем беру, ат тергеу, құрдастық қалжың, т.б. салт-дәстүрге жатады. Қазақ халқы салт-дәстүрге бай. Әдет-ғұрып, ишара, ырым, тыйым, дағды бәрі осы салт-дәстүр көрінісі.

Қазіргі таңда салт-дәстүр мәселесі алғашқы орындарды тіреп тұр. Қазақ халқында көптеген салт-дәстүрлер мен ырымдар бар. Бірақ өкінішке орай адамдардың көбісі ырым мен салт- дәстүрді шатастырады екен. Ата баба өсиеті болып келе жатқан салт-дәстүрлердің өзіндік ерекшеліктері болса, ырым жырымдар арнайы тыйымдар үшін қолданылған. Дана халықтың өзі жасаған осы әдет-ғұрып пен жөн-жосықты біліп, үйрену және өмірде қолдану - ағайынды адастырмас сара жол. Мұны отбасында ата-ана, мектепте ұстаз, көпшілік ортада ақсақалдар жастарға үйретіп, айтып отырса, ұтарымыз көп болар еді.

2.1. Салт-дәстүрдің шығу тарихы, дамуы және оның түрлері.

Ең алдымен дәстүр ұғымының басын ашып алайық. Дәстүр - иран-парсы тілінен кезінде қазақ тіліне енген сөз. Ол латын тіліндегі традиция сөзіне, қазақтың салт деген сөзіне баламалас. Бұл сөздердің мағынасы біркелкі - ұрпақтан-ұрпаққа, атадан балаға беріліп отыратын өмір сүру құндылықтары, қағидаттары, қалыптары, ережелері, яғни бұрынғылардың кейінгілерге, олардың еншісі (арапша мирас) ретінде, беретін күнделікті тіршілікте қолданатын өнегелілік, тәрбиелік, рухани маңызға ие игілікті де ізгілікті дүниетанымдық ойлары, сөздері және іс-әрекеттері. Қазақтың салт-дәстүр деген сөзі осы жерден келіп шығады.
Қазақтың салт, иран-парсының дәстүр сөздері кезінде тілімізге енген араптың әдет, ғұрып сөздерімен де мағыналас. Бұл сөздердің мағынасы - өмірде ылғи қайталанып отырғандықтан тұрақтанып қалыптасқан, бойға біткен күнделікті де үйреншікті қылық пен бейімділік.

Сонымен қатар салт-дәстүр, әдет-ғұрып дегеніміз күнделікті де үйреншікті нәрсеге айналған жалпыға бірдей қалыптасқан қоғамдық (қауымдастық) тәртіп, реттеуші ереже мен іс-әрекет. Бірақ елде, халық арасында қалыптасқан салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа сәйкес те, сәйкес емес те ниет пен пиғыл, ой мен сөз, мінез-құлық, іс-әрекет болуы әбден мүмкін. Сондықтан да Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар деген тәсілді еш естен шығармаған жөн. Олай болса, қайсыбір жеке адам, қауым, тіпті тұтас бір ел (мемлекет) өз тіршілігіне салт-дәстүрдің негізінен озығын алып жатса, ал өзгелері оның тозығын алуы ықтимал. Өкініштісі, соңғы кездері солай болып та жатыр.

Осыған байланысты бүгінгі күні және болашақта Қазақ елінің және қазақ халқының алдында тұрған ізгілікті мұраты - ықылым заманнан бері өзінің өміршең де жасампаз қасиетін еш жоғалтпай халқымызға қалтқысыз қызметін жасап келе жатқан барша озық игі салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды бабаларымыздың бізге қалдырған асыл мұрасы ретінде жаңа тарихи ахуалды ескере отыра басшылыққа алу, оларды еліміздің, халқымыздың, әрбір отбасы мен жеке пенденің жарқын болашағы үшін орынды да қисынды, оңтайлы да тиімді қолдана білу, тіпті мүмкіндігінше, адамның адамилығын арттыру бағытында жаңғырта білу. Міне, осылай болған жағдайда ғана соңғы кездегі ел- халқымыздың алдында тұрған Рухани жаңғыру жолындағы мақсат-міндетімізді осы жерде қарастырып жатқан салт-дәстүрімізбен тығыз байланыста екендігіне көзіміз жетеді.

Ал енді қазақ халқының ұлттық салт-дәстүр тәрбиесінің қыр-сырына, оның түйткілді мәселелеріне кеңірек тоқталайық. Халқымыздың ұлттық салт-дәстүрі сонау ежелгі Сақ, Ғұн, Тұран дәуірінен, кейінірек Түркі заманынан бастау алып, одан беріректе Алты Алаш, оның ішінде Қазақ хандығы орныққаннан бері қалыптасып, дамып, бүгінгі күнге дейін амен-есен жетті. Оны мың өліп, мың тірілген ата-бабаларымыз біліп те, бойына сіңіріп те келді, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізе де білді.

Дегенмен халқымыздың игі салт-дәстүрін бүгінгі және болашақ замандарда тіршілік етуіміздің рухани-өнегелілік іргетасына айналдыруға келгенде алдымыздан бірнеше күрделі мәселе кес-кестейді. Олар негізінен мыналар:

Біріншісі - бай салт-дәстүріміздің бүгінгі күнге дейін жүйелі түрде,
жазбаша нұсқада толық жинақталмағаны. Дегенмен бұл бағытта алдымен Мемлекеттік Мәдени мұра бағдарламасы аясында жарық көрген екі томдық Қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары (С.Е.Әжіғали. Алматы, Арыс, 2005, 2006) атты ғылыми еңбекті айту ләзім. Одан кейін Ағаш бесіктен жер бесікке дейін (Алматы, Өнер, 2011.) деген атпен шыққан бес кітаптан тұратын басылымды ауыз толтырып айтуға болады. Реті келгенде осы жинақтың құрастырушы авторлары Айып Нүсіпоқасұлы мен Әкімбай Жапарұлына деген шексіз ризашылығымды білдіргім келеді. Соны­мен қатар бес томдық Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі атты әмбебап энциклопедияны (Бас редакторы Н.Әлімбай. Алматы: 2011-2014) атап өту қажет-ақ. Алайда, бұл бағыттағы жасалынбақ жүйелі де кешенді жұмыс әлі алдымызда.

Екіншісі - қазақ халқының қазіргі күнделікті өмір-тіршілігіне өзге елдер
мен халықтардың, әсіресе Батыс елдердің, соңғы кездердегі бейадами сипаттағы мазмұны тұрпайы да таяз, сырты жылтыр да жалаң, алдамшы да жасанды, ел мен халықты іштей ірітуге бағытталған бейөнегелі бейрухани батыстық-модернистік кереғар құндылықтары мен салт-дәстүрлерінің, жаңашыл әдет-ғұрыптарының ендеп кіріп кеткендігі. Олай болса, үлкен-кішіге осы бағыттағы ақ пен қараны, жақсы мен жаманды, озық пен тозықты ажырату ісінің маңыздылығын баса айту өте қажет-ақ.

Үшіншісі - қазақ десе - өзімізге тиедінің керімен көптеген аты
қазақ қандастарымыздың ұлттық салт-санамызға, әдет-ғұрып, дәстүрімізге мән бермей енжар қарауы, от басы, ошақ қасы аясында бала тәрбиесінде оларды негізге алмауы жүрегімізді сыздатып, жанымызды жаралап, жүйкемізді тоздырып, көңілімізге қаяу түсіреді. Бұл жерде осылай кете берсек, ертеңгі күніміз не болар екен, қазақ болып қала алар ма екенбіз деген сұрақтар көкейімізден кетпей-ақ қояды. Осыдан келіп не істеп, не қою керек деген сауал амалсыз мазалайды.

Төртіншісі - мемлекетіміздің ресми тәрбие-білім беру ошақтарында
балалар мен жасөспірімдерге жүйелі түрде салт-дәстүрімізге негізделген ұлттық тәрбие берілмеуі, яғни сол ұйымдар мен ұжымдарда ұлттық тәрбиенің жалпы тәрбие жүйесінің күретамыры екендігінің ескерілмеуі. Осы жерде тәр­биенің негізгі үш түрге, яғни халықтық (этнотәрбие), діни және кәсіби болып бөлінетіндігін тағы да еске салған жөн. Қазақ халқының дәстүрлі ұлттық тәр­биесінің бір ерекшелігі, ол өзіне тәңіршілдік және дәстүрлі исламдық құн­дылықтарды табиғи да үйлесімді түрде сіңіре білуі. Бұл қағидат - соңғы кез­дері надандықтың салдарынан қайсыбіреулердің қазақ халқы бірыңғай не тәңіршілдікті, не исламдықты ұстануы керек деген қасаң да кереғар пікіріне тойтарыс берерлік тұжырым. Осы жерден елімізде өскелең жастарға тәлім-тәрбие беру мекемелерінде шынайы қазақылыққа (қазақымайлық емес) басымдық беру қажет деген қорытынды туындайды.

Бесіншісі - Қазақстан Республикасының Конституциясынан бастап,
барлық заңнамалық - құқықтық құжаттарда (кодекстер, заңдар, жарғылар) қоғамдық қатынастарды реттеу тетіктері ретінде халқымыздың салт-дәстүріне негізделген құндылықтары мен қағидаттарының лайықты түрде ескерілмеуі. Нақтырақ айтсақ, қазақ халқының көпғасырлық руханияттық, өнегелілік, салт-дәстүрлік, әдет-ғұрыптық құндылықтарының күре­тамырына балта шабатын кейбір заңдар, оның ішінде әсіресе соңғы кезде бүкіл ел аясында үлкен даудамай тудырған, көпке дейін жариясыз түрде қарастырылған, бірақ халықтың бала тәрбиесінің құндылықтарын қызғыштай қорғаған ел белсенділерінің арқасында қайтарылып алынған Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл атты заң жобасын айрықша атап өту қажет. Бұл жерде әңгіме мем­лекетіміздің соңғы отыз жылдық егемендік тарихында өзінің заңнамалық тә­жірибесінде шетелдік үлгілерге айрықша мән беріп, халқымыздың Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Жеті жарғы, Абай Құнанбайұлының Шар ережесі сынды шынайы Ата Заңымыздың отандық заңнамалық жүйені жарақтау ісінде қолданылмай, оларды тәрк етуі туралы болып отыр.

Аталған мұрат, мақсат-міндетімізді орындауға келгенде бірнеше іргелі де бұлжытпас қағидаттарды басшылыққа алған орынды. Алдымен бұл жерде былтыр 175 жылдығы салтанатты түрде өткізілген хакім Абайдың халқымыздың салт-дәстүріне қатысты озық та тозық жақтарына, яғни оның тозығынан қашық, озығына асық болуға арналған, әсіресе өскелең жастарға адамгершілік тәрбие беру мен көркем мінез-құлық егудің кодексі іспеттес өлеңін тағы да алға тартпақпын:

Бес нәрседен қашық бол,

Бес нәрсеге асық бол -

Адам болам десеңіз.

Еріншек, бекер мал шашпақ -

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Бес дұшпаныңыз білсеңіз.

Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рахым, ойлап қой -

Бес асыл іс, көнсеңіз.

Иә, халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан барша игі салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, ізгілікті іс-әрекеті мен өнегелі мінез-құлқын әрқайсысымыздың асыл құндылығымыз бен асқақ мұратымызға айналдыру ісі халқымыздың әрбір өкіліне ол жарық дүниеге шыр етіп келгеннен бастап ұлттық (ата-ананың от басы, ошақ қасы) тәрбие беру арқылы егілетіні бесенеден белгілі. Бұл туралы былтыр елімізде 1150 жылдығы салтанатты жағдайда аталып өткен әлемнің Аристотельден кейінгі Екінші ұстазы деген теңдессіз атаққа ие болған Әбу Наср әл-Фараби бабамыздың мына бір даналық сөзін дүйім ұстаздар қауымы естіп-білсе де, ата-аналарға бұлжытпас қағидат ретінде тағы да еске салғым келеді: Адамға алдымен білім бермес бұрын, тәрбие беру керек. Тәрбиесіз берген білім - адамзаттың қас жауы, ол түптің түбінде оны апатқа алып келеді.

Осы бағытта биыл 180 жылдығы аталып жатқан ақын, жазушы, зерттеуші-ғалым, дінтанушы, аудармашы, ұлы ұстаз-ағартушы Ыбырай Алтынсариннің еңбегі орасан зор. Оның шығармалары қазақ халқын, әсіресе өскелең жастарды шынайы кісілік пен адамгершілікке, білімпаздық пен еңбекқорлыққа, кішілік пен қарапайымдылыққа, тазалық пен адалдыққа, керек десең дін білімі арқылы имандылық (адамның Жаратушыға деген шексіз сенімі) пен ихсандыққа (адамның ішкі жан-дүниесі, руханилығы, адамилығы) шақырып, кереғар мінез-құлықтардан аулақ болуға үгіттейтін ғи­браттарға толы.

Бір өкініштісі, осы үш бірдей (оларға Ш.Уәлихановты қоссақ, төрт бірдей) данышпан да кемеңгер бабаларымыздың жоғарыда келтірілген және басқа да даналық қағидаттарын басшылыққа ала отырып іске асыруға келгенде бі­разымыздың (тіпті көпшілігіміздің) ен­жарлық танытатынымыз тағы бар.

Енді тікелей халқымыздың салт-дәстүрлік тәрбиесіне келейік. Жоғарыда аталған (және аталмаған) басылымдарда, оның ішінде Ағаш бесіктен жер бесікке дейін атты кітапта қазақ халқының ұлттық тәрбиелік маңызы орасан зор 700-ден аса жалпы қазақи танымдық, салт-дәстүрлік, әдет-ғұрыптық құндылықтары мен қағидаттары, өмір сүру ережелері, алыс-берісі, ырым-жырымы және тағы басқа мәнді мәліметтер жинақталған. Әрі қарай қолға түскен әдебиет көздерінде осы тақырып туралы айтылғандарды өз тарапымнан шартты түрде бірнеше топқа бөліп қарастырмақпын.

Бірінші топқа адам дүние есігін ашқаннан бастап, ержеткен (бойжеткен) кезіне дейінгі аралықта оларға жасалынатын тәндік-рухани, тәлім-тәрбиелік, әдептілік, әртүрлі өнерге бау­лу бағытындағы ортақ амалдар, жатады. Айталық, кіндік кесу, балаға ат қою, қалжа беру, шілдехана, бесікке салу, қырқынан шығару, бесік той, тұсау кесу, сүндет той, тілашар, баланы әртүрлі ән-күй, ойын, сайыс өнеріне баулу, ұрпақты үлкенді-кішілі, ағайын-туыстық, дос-жарандық қатынастар тұрғысынан тәрбиелеу және әдеп сақтау сабақтарына қатысты салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, ырым-жырымы, мінез-құлқы. Бұл амалдар - данышпан Абайдың Атымды адам қойған соң, қайтіп надан болайын деген ойтолғауының, яғни адамның адам болып бой түзеуіне, ой түзеуіне оның әсіресе балалық-жасөспірім кезінде оған берілетін-егілетін ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа сай көркем мінез-құлық пен іс-қимылды бойы мен ойына сіңірудің орасан зор маңызды екендігінің айшықты айғағы.

Екінші топқа қыз баланы тәрбиелеуге қатысты салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты, қағидаттар мен ережелерді жатқызуға болады. Бұл бағытта атам қазақ біріншіден, қыз үйдің құты, ауылдың көркі, береке-бірлік пен татулықтың ұйтқысы деген пәлсапалық оймен қыз баласын біршама еркін ұстаған, аялаған, мүмкіндігінше, жақсы киіндірген, қамқорлық жасаған; екіншіден, қыз баласының жат жұрттық екендігін ескеріп, барған жерінде баянды, сыйлы да құрметті болсын деген ниетпен қызға қырық үйден тыйым деген қағидатты ұстанып, көргенділікке, ізеттілікке, кішіпейілділікке, сыпайылы­лыққа, салмақтылылыққа, сабырлылыққа және т.б. тәрбиелеген, үшіншіден, бола­шақта әйел адамның күнделікті тіршілігіне қажетті деген жан-жақты тұрмыстық іскерлікке, әртүрлі өнерге баулыған. Бұл жерден қазіргі кездегі ата-аналар тарапынан қыз балаларына қазақы сипаттағы қандай тәлім-тәрбие және олар қалай беріліп жатыр деген үлкен түйткілді сұрақ туындайды.

Үшінші топқа ұл баланы тәрбиелеуге қатысты салт-дәстүр, әдет-ғұрып, қағи­даттар мен ережелер жатады. Бұл жерде әңгіме ұл балаға отбасы тәрбиесін беруден бастап, оны еңбекке баулу, ел-жұртты таныту, жігіт сыны, әртүрлі ойын-спорт сайыстары, би өнері (мысалы, Қара жорға), сақал-мұрт қою, замандастарымен, ел-жұртпен аралас-құралас болуға үйрету және т.б. туралы болып отыр. Осы жерде халқымыздың ер адамдарға қатысты Атың барда, желіп жүріп жер таны, асың барда, беріп жүріп ел таны деген мақалы еріксіз еске түседі. Бұл мақалдың астарында дана қазағымның Адамның ісі - адаммен деген терең пәлсәпалық ойы жатыр. Сонымен қатар қазіргі ержеткен жастар үйлі-баранды болған кезде, өздерінің басты міндеті - ең алдымен өзінің отбасы мүшелерін (жұбайы мен балаларын) материалдық-тіршілік жағынан қамтамасыз етуге қаншалықты құлшынысты да мүдделі және дайын деген сауалдар амалсыз ойға оралады. Айта берсе - бұл өз алдына үлкен мәселе, әсіресе қазіргі қиын-қыстау заманда.

Төртінші топқа үлкен мен кіші, ата-ана мен балалар, ерлер мен әйелдер қарым-қатынастары, ағайын-туыстық, құда-жекжаттық, дос-жарандық қатынастар мен жалпы адами мінез-құлықты қалыптастыруға қатысты салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптар, қағидаттар мен ережелер жатады. Бұл жерде әңгіме халқымыздың бір-бірімен амандасып-сәлемдесу (көрісу) тағлымы, яғни кім кіммен алдымен амандасады, қалай сәлемдеседі, Ағайынның азары болса да, безері жоқ тәмсілі, Әйтеке бидің Кісімен бірге туыспау керек, Туысқан соң - артық сөз қуыспау керек қағидаты, Мың жылдық құда институты, Досым - екінші өзім ұстанымы, Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа с.ғ.с. хадистеріндегі Пенденің сауап таразысында жақсы мінезділіктен сауапты іс жоқ. Оның дәрежесі күнделікті намаз оқып, ораза тұтқанмен бірдей, Алла қандай адамды ұнатады? деген сұраққа Алла иманды және көркем мінезді (яғни ихсанды. - О.А.) адамды ұнатады деген сарындағы тәрбиелік маңызы зор ғибраттар туралы болып отыр. Өз кезегінде, әр саналы адамның көркем (жақсы) мінезділіктің алпыстан аса көрінісінің бар екендігін білген дұрыс.

Бесінші топқа халқымыздың қонақ­жай­лылығы, дәм-тұзы, дастарқаны, адам­дардың, ағайын-туыстың, дос-жаран­ның бір-бірімен материалдық (заттай, азық-түліктей, тағы басқадай) қа­рым-қатынастарына байланысты салт-дәс­түрлер, әдет-ғұрыптар, ырым-жырымдар жатады. Айталық, әртүрлі сипаттағы той жасау, қонақасы беру, түстік беру, қонаққа бас тарту, ас-табақ тарту, күйеу табақ тарту, ерулік беру, наурыз көже, жылу айту, сауын айту, сыбаға, қалыңмал, қыз жасауы, ет асату, сүйінші сұрау, көрімдік беру, байғазы беру тағысын тағылар.

Алтыншы топқа пенденің бұл фәнидегі (өмірдегі) күнделікті тіршілігіне және фәниден бақилыққа кетуіне (өліміне, қайтыс болуына) байланысты діни ілімге негізделген салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптар, іс-шаралық амалдар жатады. Олар, өз тарапынан, негізінен исламдық қағидаттарға негізделген. Осы топқа жататын салт-дәстүр, әдет-ғұрып, амалдарға қатысты мәселелер туралы соңғы кездері біршама пікір алмасу, кейде қарама-қайшы пікірталас та орын алып жатқанын айта кету ләзім. Сондықтан бұл мәселе әлде де болса бұқара халық пен мүфтиат тарапынан айрықша байыппен жан-жақты да жүйелі талқылауды күтіп тұр.

Жетінші топқа қазақ халқының жалпы дүниетанымдық білімі мен көзқарасына қатысты мәліметтерді жатқызуға болады. Олар негізінен қазақ халқының табиғатқа: аспан әлемі, жер беті, жер асты дүниелеріне, тіршілік етіп отырған қоршаған ортаға, жылдың төрт мезгіліне, ауа райына, төрт түлік малға, сонымен қатар жалпы тылсым дүниеге және т.б. деген көзқарасы, түсінігі, түйсігі және нақты қатынасына байланысты салт-дәстүрлік, әдет-ғұрыптық, ырым-жырымдық құндылықтары мен рәсімдері жатады. Бұл жерден туындайтын басты тұжырым - көшпелі қазақ қауымының тіршілік жасайтын табиғи ортасымен, бүгінгі тілмен айтсақ, нағыз да шынайы эколог ретіндегі үйлесімді қарым-қатынасының болғандығы.

Сегізінші топқа қазақтың қасиетті де киелі бата-тілектеріне қатысты халқымыздың осы күнге жеткен бай мұрасын жатқызуға болады. Бұл жерде әңгіме алдымен бата сұрау салты, батаның түрлері туралы болмақ. Айталық, оларға ықылас батасы, ас батасы, алғыс батасы, игі бастамаларға берілетін бата, мереке батасы, сапар-жорық батасы, наурыз батасы, той батасы, ас-нәзір батасы, қарияларға берілетін бата, сәбилер мен балаларға берілетін бата, қыздарға берілетін бата, келіндерге берілетін бата, жас жұбайларға берілетін бата, шаңыраққа берілетін бата, ел мен жерге берілетін бата, күйеу бала мен қарындасқа берілетін бата, соғым батасы, жезде, құрбы-құрдастарға берілетін бата, лауазымды адамдарға берілетін бата, мал басына берілетін бата т.б. жатады. Бұл жерде қазіргі кезде ақсақалдар (үлкендер) тарапынан бата беру өнерінің біршама ақсап тұрғанын еске салғым келеді. Осыған сәйкес болашақта елімізде бата беру институтын жаңғыртуға бағышталған әрқилы тақырып бойынша әрдеңгейлі (ауыл, аудан, облыс, республика) мүшайра-жарыстар ұйымдастырылып отырса деп те армандаймын.

Қазақ халқының болашақта толыққанды ҰЛТ ретінде қалыптасып-толысып, мүмкін одан әрі шырқай даму ісінде, еліміздің әлемдік аяда қайталанбас болмысы мен бейнесін жасауда халқымыздың бағзы заманнан бергі іргетасы мен күретамыры болып келе жатқан асыл мұрасы - оның ұлттық дүниетанымы мен құндылықтары, олардың аясында игілікті де ізгілікті салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы екендігі бұлжытпас тұжырым. Олай болса, еліміздің бүгінгі және кейінгі заманның әрбір саналы өкілі мемлекетіміздің Рухани жаңғыру тұжырымдамасы аясында өз ойы мен сөзін, болмысы мен тіршілігін, іс-әрекеті мен мінез-құлқын халқымыздың өзіне тән төл құндылықтарымен, жоғарыда айтылған және айтылмай қалған қасиетті де киелі салт-дәстүрлерімен, әдет-ғұрыптарымен салыстыра, салғастыра, қиюластыра, үйлестіре отырып жүргізуі, дамытуы тиіс және бұл іс-шара амалдар оның бабалар алдындағы жоғары парызы дер едім!

Қазақ халқының салт-дәстүрлері

Той малы

Той малы (дәстүр). Жүз жылқы той малына кетіпті (М.Ж.Көпеев). Келін алуға келген қадірлі құдалар ел дәстүр салты бойынша сән салтанатымен, жөн жосығымен келіп түседі. Бұл жолдың кәде жоралары да көп болады. Соның ішінде ең басты кәдесінің бірі осы топқа арнайы әкелген той малы деп аталатын жолды дәстүр. Бұған әр құда өз дәулеті мен шамасына қарай жылқы немесе бірнеше қой әкеледі. Күйеудің абырой, беделі осы кәдеге де байланысты болады. Бұған қымбат мата, бұйым, жеміс, қант, шәй да қосылады. Әкелген мал арқылы құдалар қыз әкесінен, атасынан немесе сол ауылдағы жолы үлкен ақсақалдан бата тілейді. Батадан кейін әлгі мал сойылып, тойға жиналғандар одан ауыз тиеді. Той малы толымсыз болса қыз жеңгелері құдалардың бетіне басады. Сондықтан да той малының мүшесі түгел әрі семіз болуы қатты қадағаланады.

Дәмету
Дәметкен сары майдан кеудең құрсын (халық өлеңі).
Дәметудің әр түрі бар Ал ырымда жас келіншектердің дәметуінің жөні бөлек. Жас балалар мен келіндер ата енелері қонақтан келсе, олардан тәтті дәмететтін әдеті бар. Әсіресе, балалы жас келіндер дәметсе оның меселін қайтаруға болмайды. Өйткені, дәметіп отырып ойындағысы болмаса оның емшегі ісіп кетеді. Бұл өмір шындығы. Ал үлкен кісілер, аналар, әжелер жас келіншегі бар үйге дәметіп қалар деп қашанда қалтасына дәм тұзын сала жүреді. Бұл әркім ескере жүретін ескіден келе жатқан ырым.
Қалың мал
Қалың мал (дәстүр, кәде). Мен ат тон айыбымен қалың мал қайтартпақшы болдым ғой (С.Көбеев). Құда түсу рәсімі келісілген соң дала заңы бойынша күеу жағы қалың мал төлеуге тиіс. Бұл қазақ, қазақ болғалы бұлжымаған ежелгі дәстүр. Оның мөлшері құдалардың дәрежесі мен дәулетіне байланысты екі жақ келісе отырып шешеді. Бұрынғы кедейлер арасындағы қалың мал мөлшері бес алты малмен тынса, ірі байлар арасында екі жүз, бес жүз, мың жылқыға дейін жеткен. Би мен байлар, хан мен төрелер арасында қалың мал үстіне бес жақсы деп аталатын бес түйеге қосып бір жетім қыз (күң), аяқ жақсы днп беретін үш түйеге қоса бір еркек жетім (құл) бергендігі кейбір деректер арқылы белгілі.
Қалың малдың қырық жеті, отыз жетінің бүтіні, отыз жеті, отыз жетінің жартысы, жақсылы отыз жеті, жиырма жеті, он жеті, домалақ қалың мал, домалақ бата сияқты түрлері болған. Мұның сыртында той мал, сүт ақы, күйеу апаратын ілу, өлі тірі апаратын, тағы басқа көптеген бағалы кәде, жоралар да болады. Бұған кеңес үкіметі кезінде қызды малға сату деп қара күйе жағылып келді. Ал шындығында қыздың жасауы қалың мал мөлшерінен кем болмаған. Демек, бұрынғы дала заңында бұл ескерілген сияқты.
Әрине қалың мал құдалардың дәулетіне байланысты болған. Бұл істе әркім өз шама шарқына қарай белгілеген. Бұрынғы заманда қалың мал байлық пен мырзалықтың дәрежесін әйгілейтін көріністің айғағы болғаны шындық. ХІХ ғасырдың алғашқы ширегінде Кіші жүзде Байсақал мен Орта жүзде Сапақ құда болған. Сонда Байсақалдың қызының қалың малы бес жүз жылқы болған. Үш жүз жылқы қара малы, жүз жылқы үйге кіргізер, жүз жылқы той малына кетіпті (М.Ж.Көпеев).
Күйеуаяқ
Күйеуаяқ (ғұрып). Жігіт қалыңдығын алғаннан кейін әдеп бойынша енесін қошаметпен өз үйіне апарып салады. Ата енесі күйеу баласына ірі мал атайды. Мұны күйеуаяқ дейді.
Түйемұрындық
Түйемұрындық (ғұрып). Ұзатылып жатқан келіншек көшінің жолында отырған ауылдың адамдары (жастары, әйелдері) керуен атының ноқтасынан, не түйесінің бұйдасынан ұстап тұрып сұрайтын кәдесі. Қы3 анасы оларға кәдесін жасайды, кәде алған риза болып, бақыт тілеп батасын беріп, жол болсын айтады.
Қыз қашар
Қыз қашар (дәстүр). Былайша қыз қашар дәстүрін өткізетін үйді болыс үй дейтін көрінеді. (Х.Арғынбаев). Күйеудің келуін ұрын келу десе, қыздың атастырылған күйеуін көруі қыз қашар дейді. Бұл ұрын тойы өтетін күні болады. Ұрын той жастар үшін көңілді, думанды тойлардың бірі. Бұған жас жеңгелер мен жастар қатынасады.
Күйеуден алынатын қол ұстатар, шаш сипатар, қыз құшақтар, арқа жатар, көрпе қимылдатар тағы сол сияқты кәделер осы жолы беріледі. Екі жастың бірін бірі көріп, тілдесуі де осы тойда болады. Екеуі де бірін бірі ұнатып, қалыңдық жігітке қыз белгісі орамалын және оның іні қарындастарына да түрлі сыйлықтар береді.
Күйеу ұрын барғаннан кейін құдалық бұзылатын болса қазақ заңында өте ауыр іс. Үлкен дауға кетеді. Күйеу себепсіз бас тартса бұрынғы берілген мал қайтарылмайды және айып салынады. Батаны қыз жағы бұзатын болса қалың мал толық қайтарылады әрі айып төлейді.
Құйрық бауыр
Құйрық бауыр (салт). Құйрық бауыр жедің бе, құда болдым дедің бе (мәтел). Бұл құдалық дәстүр рәсімі болғанмен ұлт салт дәстүрінде орны бөлек жай. Екі жақ келісіп құда болған жағдайда оларға құйрық бауыр арнаулы сый әкеледі. Әкелуші әйел бауырдай жақын, құйрықтай тәтті болыңдар деп тілек білдіреді. Одан барлық құдалар ауыз тиеді. Құйрық бауыр қазақ дәстүрінде құда болудың заңды белгісі құжат болып бекітілген.
Құдалық дәстүр және оған сәйкес әдет ғұрыптар әдетте әзіл қалжыңсыз, ойын сауықсыз өтпейтіндігі әркімге белгілі. Сондай ақ осы Құйрық бауыр салтында да қалжың өлеңдер мен қағытпалар да айтылмай қалмайды. Астана қаласында қостанайлық Сәмкен Омаров пен көкшетаулық Қуантай Әблмәжінұлының құдалығында құйрық бауыр ұсынғанда Қанапия қызы Орынбасар құдағи осы қазақы салттың ажарын мынадай өлеңмен өрнектей түсті. Осы құдаларға қарап, былай деп әндетті:
Құда, құда дейсің ау, әй,
Құйрық бауыр жейсің ау, әй,
Құйрық бауыр жемесең,
Несіне құда дейсің ау, әй.
Үлкен құда, бас құда,
Кіші құда, жас құда,
Құйрық бауыр әкелдім,
Ауызыңды аш, құда.
Үлкен құда ардақты ай,
Кіші құда салмақты ай,
Құйрық бауыр асатам,
Тістеп алма бармақты ай.
Үлкен құда әнекей ау
Кіші құда мінекей ау.
Құйрық бауыр асаттым,
Кәделерің кәнекей ау!
Әр елде, әр ауылда әр салт дәстүрдің осындай өзіндік әуендері мен ән жырлары да болған. Ауыз әдебиетіндегі тұрмыс салт жырлардың мұндай үлгілерінің көпшілігі ұмытылуға айналған. Дегенмен ел ішінен оның бірнеше жақсы түрлерін әлі де табуға болады.
Балдыз қалың
Кейде қалыңдық қайтыс болатын жайлар кездеседі. Мұндайда қалың малын төлеген болса, онда сол үйдің екінші қызын алуға құқы бар. Егер ер жігіт қалыңдығына ұрын барып, ол үйдің басқа қызы болмаса төлеген малдың жартысы қайтарылады. Егер бұрынғы қалыңдығына ұрын барған күйеу енді балдызын алатын болса, онда бұрынғының үстіне балдыз қалың төлеуге тиіс. Оған түйе бастатқан бір тоғыз қосылады. Күйeу бұрынғы қалыңдығына ұрын келмеген болса балдыз қалың төленбейді.
Күйеу киімі
Күйеу киімі (салт). Әкесі күйеу, шешесі қалыңдық болмаған ба? деп бізді мінейді. Ки! деп аттанар жерде Абайға жаңағы күйеу міндетті түрде күйеу киімін киюге тиіс. Алдынан шыққан жеңгелер мен жас қыз келіншектер күйеуді киімінен танып алады. Сондықтан күйеу басқа жігіттерден салт бойынша ерекше киінеді. Бөркіне үкі тағып, қызыл шапан, биік өкше етік киеді. Бөркін көзіне түсіріп төмен қарап, кішілік көрсетіп тұрмаса айып төлейді немесе сөзге, күлкіге ұшырайды. Сол бетімен қыз келіншектердің ортасына түскен күйеу небір азапты әзіл қалжыңға төзеді. Оның мінген атын күйеу атымен күл тасы дегендей ауыл балалары мініп алып қызыққа бөленеді. Бұл да ауыл салты.
Қынаменде
Қынаменде (дәстүр). Қынаменде, жар жар мен беташар бар, өлеңсіз солар қызық бола ма гүл? (Абай). Бұл да ұлттық ғұрыпымызда салтанатты да, көңілді кештің бірі. Құда түсіп, уәде пісіп, қалың мал төлеген соң күйеудің атастырған қалыңдығын алғаш рет көруге келген тойы қынаменде деп аталады. Шығыс халықтарында қынаменде кеші қыз абыройының тазалығын білдіру үшін қалыңдықпен бірге болған күннің ертеңіне де өткізіледі. Ән, күй, би қатар жүргізілетіндіктен қынаменде жас жұбайлардың шаттық кешіне, жастардың махаббат мұратына жету символына айналған. Бұл да дәстүрге бай еліміздің тәрбиелік ережесінің бір саласы. Күйеудің бұл жолы әр жерде әртүрлі аталатынын да айта кеткен жөн.
Мұны кей жер қалыңдық ойнау дейді, кей жерде ұрын келу дейді. Бір күні күйеу байғұс ұрын келді, Қисайтып жаман бөркін қырын келді (Н.Ахметбеков). Қазақ үшін әсіресе жеңгелер мен жастар үшін бұл да бір той десе де болады. Болашақ күйеу қыз ауылына өзінше көрінбеген болып, бірақ қараңғы түсе салтанатпен, жолдас жораларымен келеді. Мұны есік көру көбінесе ұрын келу деп айтады. Күйеу осы жолы өзінің болашақ жарын көріп танысып білісіп, тілдесіп көңілін демдейді. Әрине ұрын келудің де кәде жоралары аз емес.
Сені күтіп жүгіреміз деп ентігіп қалдық деп ентікпе сұрап жеңгелері келеді, балдыз көрімдік деп тағы біреулері келеді, тағы да сол сияқты. Ұрын той өткізіліп күйеуге және оның жолдастарына құрмет көрсетіліп, сый тартылып, олар еліне қайтады. Құда түскенмен, келісім жасалғанмен күйеудің қыз ауылына ұрыннан бұрын келуге хақы жоқ. Егер келе қалса қыздың туыс туғандары (аға інілері) қазақ әдет ғұрпын бұзғаны, тәртіпсіздігі үшін оны сабап жіберетін заң тағы бар. Демек, құда түсумен бірге оның тәрбиелік ереже қағидалары тәрбиелік ғұрыптары әдеп пен тәртіпті талап етеді.
Күйеу кәделері мен ырымдары тағы бар. Олар мынандай: ұрын келу, есік ашар, ентікпе, балдыз көрімдік, күйеу табақ, сүт ақы, жігіт түйе, атбайлар, босаға аттар, сәукеле байғазы, жеңгетай, шымылдық байлар, отау жабар, кереге көтерер, уық шаншар, түндік жабар, үзік жабар, туырлық жабар, мойын тастау, ілу, қыз қашар, шашу, қыз көтерер, арқа жатар қалыңдық ойнау, қол ұстатар, шаш сипатар, көрпе қимылдатар, ит ырылдатар, кемпір өлді, бақан салар, күйеу аттандырар, т.б.
Өңір салу
Өңір салу (дәстүр). Отқа шақырумен (кей жерлерде үй көрсету немесе есік ашар дейді) бірге болып жататын ендігі бір кәде өңір салу. Мұнда ылғи бәбішелер келеді. Ниеттері келінге шашу шашып, құтты болсын айту. Шашудың сыртында өңір әкеледі. Өңір киім, бұйым деп ең құрығанда терме бау немесе жас төсекті басқалар басынбасын деп бүркіт тұяғы, үкі сықылдылар іледі. Бұлардың бәрі отау үйге қажетті, өңін ашатын нәрселер.
Келін түскен үй бұлардың күтеді. Келіннің қоржынындағы аспен бірге келген бұлдардан (мата деген сөз) алады. Бұл да өңір (Ахмет Жүнісұлы).
Өңір салу жас шаңыраққа көрсетілген құрмет және жәрдем десе де болады. Мұны соңғы кездерде үлкен адамдардың өзі естен шығарып бара жатқаны өкінішті ақ.
Шаңырақ көтеру
Шаңырақ көтеру (салт). Жас отаудың алғаш рет шаңырағын көтерудің өзі қазақ үшін тағы бір қызықты, ерекше сәт. Мұны қазақ салт дәстүрін жетік білетін белгілі этнограф жазушы Ахмет Жүнісұлы былай деп жазған: ... қазақта отаудың шаңырағын албаты адам көтермейді. Бұған баласы көп, кәрі күйеу керек. Оны қос атпен болса да алғызады. Ыңғайлы жер болып, отау өте үлкен болса кәрі күйеу шаңырақты аттың үстінде тұрып көтереді. Бұл еңбегіне ол не ат мінеді, не түйе жетектейді. Бұған малды отауды көтерткен жақ береді.
(А.Жүнісов фәниден бақиға дейін). Әдетте киіз үйдің шаңырағын ер адамдар көтереді. Ал, жас отаудың шаңырағын кәрі күйеуге көтертуде үлкен мән, ырым бар. Өйткені жасы үлкен күйеу қашанда елге сыйлы және тілектес адам. Және күйеу қартайған сайын жұртына қадыры, сыйы арта түседі. Қазақ ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақстанның мәдени мұра жобасы
Ана тілі мәдени өрлеудің аса зор тегергіші
Оқушыларға ұлттық тәрбиені берудегі халықтық тәрбиенің рөлі
Қазақта Баланы жастан
ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ АУЫЗ ӘДЕБИЕТІНІҢ САЛТ-ДӘСТҮРЛЕРІНІҢ ТӘРБИЕЛІК МӘНІ
Қазақ халық педагогикасының дәстүрлері туралы түсінік
Ана тілі сабақтарында кіші мектеп жасындағы оқушылардың қазіргі тәрбиесіндегі қазақ халық педагогикасының озық дәстүрлерін қолдану
Халық педагогикасы дәстүрлері - халық тәрбиесі
Ыбырай тағылымдарынын басы енгізуді ұмытпаған абзал
Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы
Пәндер