ДУЛАТ БАБАТАЙҰЛЫ ШЫҒАРМАЛАРЫ ТІЛІНІҢ ЗЕРТТЕЛУІ



Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 56 бет
Таңдаулыға:   
Жоспары
КІРІСПЕ
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
1. ДУЛАТ БАБАТАЙҰЛЫ ШЫҒАРМАЛАРЫ ТІЛІНІҢ ЗЕРТТЕЛУІ
1.1 ХІХ ғасырдағы зар заман ақындары шығармашылығындағы тілдік ерекшеліктер
1.2Дулат Бабатайұлы шығармашылығы тілінің көркемдік ерекшелігі мен көркемдік тәсілдері
2. ДУЛАТ БАБАТАЙҰЛЫ ЕҢБЕКТЕРІНІҢ ТІЛІН МЕКТЕПТЕ ОҚЫТУ
2.1 Дулат Бабатайұлы шығармашылығындағы перифраздар қолданысы
2.2 Дулат Бабатайұлының шығармаларын орта мектепте оқытудың тиімді жолдары (Перифразды оқыту)
Қорытынды
Пайдаланған әдебиеттер тізімі

КІРІСПЕ
Дипломдық жұмыстың өзектілігі: Дулат ақынның әро шығармасындағы сезімталдық күйімен , пайым парасатылығының молдығымен, шындыққа тура қарауы, айрықшы әділеттілігі арқылы ойын әсерлей, бұрын соңды қайталанбаған формаға түсіріп барып бейнелейтін көркемдік шеберлігімен, жеке болмысымен артында қайталанбас сөз қалдырған бірегей ақын, XIX ғасырдың жыр жүйрігі Дулат Бабатайұлының өлең өрнегі жайындағы дипломдық зерттеу жұмысы аясында перифраз атты басты өлшемді негіз етіп ұстануымыз ақын шығармашылығының көркемдік тұсын жаңаша бағытта ашу.
Дулат шығармашылығындағы перифразадар туралы дипломдық жұмыстың өзектілігін бағалау кезінде бірнеше аспектілерді қарастыруға болады:
Тілдік икемділік және коммуникациялық дағдылар: қазіргі ақпараттық қоғамда өз ойлары мен идеяларын дәл және мәнерлеп жеткізе білу маңызды. Перифраза бойынша дипломдық жұмыс оқушының қарым-қатынас дағдыларын жақсартуға көмектесетін перифразды дамытудың тиімді стратегиялары мен әдістерін зерттей алады.
Лингвистикалық және стилистикалық аналитика: Перифразаны зерттеу тілдік құрылымдарды, әртүрлі өрнектерді және олардың стилистикалық қызметін талдауға мүмкіндік береді. Бұл лингвистикалық зерттеулерге және тілдік өрнектің ерекшелігін түсінуге қатысты болуы мүмкін.
Перифразаны оқыту : перифразаны оқыту әдістемесін зерттеу және тиімді оқу материалдарын әзірлеу тілдік білім беру саласында өзекті болуы мүмкін. Жұмыс перифраз дағдыларын дамыту үшін практикалық жаттығулар мен тапсырмаларды әзірлеуге бағытталуы мүмкін.
Әдебиет пен публицистикада перифразаны қолдану: жазушылар мен журналистердің перифразаны бейнелеу, эмоционалды жүктемені арттыру немесе ерекше стиль жасау үшін қалай қолданатынын зерттеу әдебиеттану мен журналистикаға қатысты болуы мүмкін.

Дипломдық жұмыстың мақсат-міндеті: Зар заман ақындарының бірі Дулат Бабатайұлының шығармаларының көркемдік-эстетикалық мәнін ашу және ақын тіліндегі перифраздық бірліктердің қолданысын анықтап, оны орта мектеп оқытудың тиімді жолдарын ұсыну.
Осы мақсатқа жету негізінде зерттеуіміздің алдына мынадай міндеттері қойылды:
-ХІХ ғасыр ақындарының тілдік ерекшелігін анықтап, ұқсастығы мен айырмашылығын ажыратуы,
- ХІХ ғасырдың І жартысындағы отаршылдар енгізген аға сұлтандық ел билеу жүйесіндегі қоғамдық-әлеуметтік жағдайлардың Дулат шығармашылығындағы суреттеуі мен ақынның отарлық езгіге қарсы ой-танымдарының идеялык-көркемдік мәнін ашу;
- қазақ әдебиеті тарихында жаңа әдеби тектер мен түрлерді тудыру, поэзиянын көркемдік-эстетикалык сапасын арттыру, жаңа жазба әдебиет сипаттарын дүниеге әкелу сияқты көркем өнердегі Дулат шығармашылығының маңызын сол дәуірдегі қоғамдық, әлеуметтік, тарихи жайлармен байланыстыра қарастыру;
-Дулат шығармашылығындағы тілдік оралымдар мен перифраздық бірліктердің қолданысын анықтау
- Ақын өлеңдерін орта мектепте оқыту әдістемесін жасау.

Дипломдық жұмыстың зерттеу нысаны. Дипломдық жұмысты зерттеу барысында Д.Бабатайұлының жыр жинақтары Замана сазы, Өсиетнама, Сұраншы батыр, 5 ғасыр жырлайды секілді ақынның шығармашылығы негіз болды.
Дипломдық жұмыстың зерттеу әдістері. Дипломдық жұмыс жазу барысында алға қойған мақсаттар мен міндеттерге жету үшін өлең-дастандардағы көркемдік жүйелерге, ұлттық белгілерге, образдардың сұрыпталу ерекшелігі мен сомдалу дәрежесіне үңіліп, көтерілген идеялардың мәнділігіне назар аударылып, перифраздардың қолданысын анықтауға кешенді тілдік талдау әдіс-тәсілдерді қолданылды.
Зерттеудің теориялық-әдіснамалық негіздері. Жұмысты жазу барысында қазақ әдебиеттануындағы іргелі еңбектер, жалпы шығармашылыққа қатысты зерттеулер басшылыққа алынды.
Тарихы жоқ нәрсенің теориясы да болмайды. Дулат Бабатайұлы шығармаларының поэтикасы енді ғана сөз болып отыр десек, онымыз шындыққа сыйымсыз болар еді. Дулат сынды дүлдүлдің дүбірінің көзі қарақты филолог-зерттеушілердің назарын өзіне аудармауы мүмкін емес-ті. Оған кешегі кеңестік кезеңнің өзінде қазақ әдебиеттану ғылымының, қазақ тіл білімінің ғалымдары: А.Байтұрсынұлынан бастап М.Әуезов, С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, З.Ахметов, С.Қирабаев, Х.Сүйіншәлиев, Қ.Өмірәлиев, Р.Сыздықова, С.Қасқабасов, М.Жармұхамедұлы, З.Ахметов, С.Негимов т.б. зерттеушілердің әр кезеңдерде жазған еңбектері куә. Әрине, кеңестік жүйе бардың өзін бүкіл шындығымен танытуға кері ықпал еткен жайлары да бар. Дегенмен, дарабоз ақынның өзгеше өлең өрнектері тың сипатпен бедерленіп, бағаланып отырды. Бүгінгі жаңа заман талабы, қоғамдық-әлеуметтік қажеттілік сөз зергерінің туындыларын жаңа көзқарас тұрғысынан қайта қараудың, бүгінгі күннің өзекті мәселелерімен үндестігін ашудың көкейкестілігін бекіте түседі. Сол себепті қазақ әдебиеті тарихының үлкен бір белесінің өлшеміне айналған Дулаттың өміршең өлеңдеріндегі өзгешелікті поэтикалық шеберлік тұрғысынан талдаудың мәні мен маңызы да арта түсуде. Мұнда жеке автордың шығармашылық әлемі ғана емес, әдебиеттегі жаңа бір арнаның ашылуындағы айырықша сипаттар да танылмақ.

Дипломдық жұмыстың құрылымы: Зерттеу еңбек кіріспеден, екі тараудан, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
1. ДУЛАТ БАБАТАЙҰЛЫ ШЫҒАРМАЛАРЫ ТІЛІНІҢ ЗЕРТТЕЛУІ

1.1 ХІХ ғасырдағы зар заман ақындары шығармашылығындағы тілдік ерекшеліктер

Қазақ халқының әдебиеті мен мәдениетінде, тарихы мен өнерінде ақтаңдақ тұстар өте көп. Ақтаңдақтар - қазақ әдебиетінің тарихын зерттеудің жеке бір проблемасы емес, оның бүкіл даму жолын түгел қамтыған күрделі мәселе [1, 3б.]. Осындай халық жадында жүрген ақтаңдақтардың бірі - зар заман поэзиясы.
Халық әдебиетіндегі болжам өлеңдерден бастау алатын зар заман жырларының көп таралған кезі - отаршылдық дәуірі. Себебі, бұл қарағай басын шортан шалған күнді дөп басып айтқан болжамдардың айна қатесіз келіп, ақырзаман дегеніміз, осындай- ақ болар деп, әрі-сәрі күйге түскен кезең. Асанқайғы бірнеше ғасыр бұрын топшылаған, Бұқар бабамыз қолмен ұстап, көзбен көргендей атын атап, түсін түстеп берген жат жерліктердің нөпірі асқар беліміз бен шалқар көлімізді нысанаға алып ағылғанда, қазақ жұрты тағы бір зобалаңның мекеніне айналды. Қайғы мен шерді қоса саулатып, зар мен запыранды қоса ақтаратын заман келді. Ғасырлар қойнауынан сыздықтап басталып, елдің мұңы мен мұқтаждығын қозғаған зар заман күйі нағыз бабына келді. М.Әуезов айтқандай: Қазақтың көптен күткен сұмдығының бірі осы еді, осы да іске асуға айналды. Жерлері алынуымен қатар, әуелі қазақ даласын айнала сызып, шеткі қалаларды салды.
Артық жерге Ресейдің қара шекпен мұжықтарын әкеп қондырды. Бұрынғы хан, бұрынғы би, бұрынғы елдің қамын ойлайтын түзу адамның бәрі шетке қағылып қалып, қыбыр еткен іс болса, барлығы да орыс қуатымен, орыс қолымен істейтін. Бір законнан соң, екінші закон шығып, ел тіршілігінің шеңбері тарыла бастады. ... Сайлау, билік, жүріс-тұрыс, көші-қон түгелімен ел ықтиярында емес, елдің үстінен қара бұлттай түйіліп тұрған жаттың ықтиярында болды [2, 144б.].
Бұл тарихи кезең туралы С.Мұқанов та: Осындай қолдан күш, бастан ерік кеткен кезде, қайғыдан тұншыққан халықтың зарынан туған көркем әдебиетін зар заман әдебиеті, - деп жазған еді [3, 121б.]. Ал соңғы жылдары ғалым М.Мырзахметов зар заман әдебиетін орыс отаршылдығына қарсы туған сипатына қарап: Отаршылдық дәуірдегі әдебиет [4, 183б.] - деп атауды ұсынады. Ғұлама ғалым М.Әуезов: Зар заман деген - XIX ғасырда өмір сүрген Шортанбай ақынның заман халін айтқан бір өлеңінің аты. Шортанбайдың өлеңі ілгергі, соңғы ірі ақындардың барлық күй-сарынын бір араға тұтастырғандай жиынды өлең болғандықтан, бүкіл бір дәуірде бір сарынмен өлең айтқан ақындардың барлығына зар заман ақындары деген ат қойдық, - дейді [2, 192б.].
М.Әуезов жүйелеуіндегі зар заман әдеби ағымы мынадай мәселелерді ажыратудан барып айғақталады:
1.Зар заман ақындары деп кімдерді айтамыз?
2.Зар заман ақындарының басын қосатын күй
қайсы?
3.Зар заман ақындары қандай мәселелерді
көтеріп, нені толғаған?
Зар заман ақындарының алғашқы буыны Абылай заманынан басталса, арты Абайға келіп тіреледі [2, 192б.]- дей тұра, автор оның алғашқы өкілі ретінде Асан қайғыны атайды. М.Әуезов арғы заманның Сыпыра жырау, Қазтуғаны, бергінің Алаша Байтоқ жырау, Базар жырауы, Досқожасы болсын, зар заман дәуірінен үлкен орын алатынын айтып, оларға тоқталмауымыздың бір себебі, олардың шығармалары жарытып қолға тимей отырса, екінші себебі, бұлеңбекте Қазақ елінің әдебиет жұрнақтарын сыртқы түрі мен мағынасына қарап, арнаулы жіктерге бөліп, әр түрінің орнын көрсетуді мақсат еттік, - дейді [2, 193б.]. Сондықтан да болар, Асанқайғыдан кейін Бұқар жырауға ауысады.
Зар заман ақындарының көпшілігі XIX ғасырдың орта кезінен бері қарай, Исатай, Махамбет, Кенесарылар қозғалысының артынан шығады. Қалың қазақтың ұйқысын шайқап шыққандай болып, Орта жүзді, Кіші жүзді түгел оятқан Исатай-Кенесары қозғалыстары қайғылы халмен біткен соң, елдің тауы шағылып, иығы түскен, бұрын болымсыз үміт болса, белгісіз келешектен күткен аз гана сәуле болса, барлығы да жаңағы ерлердің жолсыз жорығынан соң суалып біткендей болады. Сондықтан XIX ғасырдың орта кезінен кейін зар заман күйі қалың елге түгел танылады [2, 195б.]. Бұл жөнінде Қ.Жұмалиевтың, Б.Сүлейменовтің, X.Досмұхамедұлының, X.Сүйіншәлиевтің, Қ.Мәдібайдың, Б.Омарұлының еңбектерінде өте жақсы айтылған.
Сонымен, қазақ елінің рухани тұрғыдан отаршылдық қысымнан құтылуға жол іздеу осы кезеңдегі қазақ ақындарының жырына айналмай тұра алмады. Өткен замандағы Асанқайғы, Бұқар, Махамбет, Дулат, Шортанбай, Мұрат, бергіде хакім Абай бастаған жаңа бағыт ақындары туындыларындағы отаршылдық езгіге қарсылықтан туған сарынды анық байқамау мүмкін емес. Бұл ортақсарын әр кезеңдегі әр түрлі саяси-әлеуметтік өзгерістер тұсында өмір сүрген ақын-жыраулар поэзиясында түрлі реңктегі көркем образбен бейнеленсе де, олардағы басты сарынды айқындаушы бір-ақ шындық бар. Ол отаршылдық саясаттан туындап отырған ел билеу жүйесіндегі әділетсіздікке қарсы батыл үн қатқан ақындар поэзиясындағы басты сарында жатыр. Поэзиядағы басты сарын - отарлаушы әкімдер жүргізіп отырған қатыгез саясат пен ел билеуші жергілікті сатымпаз атқамінерлердің отаршылдармен тіл табысып, ортақтасқан әрекетіне қарсылықтан туындап жатқан табиғи наразылықтың көрінісі демеске болмайды.
Қазақ халқының тарихында болған ірі белестерде әдебиет те бір биікке көтеріліп, сол дәуірдің тынысын түсіне алған ой-пікір көсемдерін шығарып отырған. Айталық, Ноғайлы бірлестігінің құрылуы мен ыдырау кезеңі осы тарихи жағдайларға толғана білген ақылман жырауларды бұл күнде аты аңызға айналған Сыпыра мен Асан қайғыны берсе; қазақ-қалмақ арасындағы соғыстар байырғы жырларды қайта жаңғыртып жырлаған, не жаңадан эпостық жырлар туғызған ірі ақындарды берді. Қазақ халқының қайта бірігу дәуірі-XVIII ғасырдың тарихи жағдайлары Бұқар жырауды берді. Бұл ақын-жыраулар қазақ халқының елдігін, сыртқы жаулардан қорғануын уағыздаған, - дейді әдебиет зерттеушісі Қ.Өмірәлиев [5, 14б.]. Ендеше, зар заман дәуіріндегі ақындарды қайраткерлік деңгейге көтерген отарлаушылардың ойраны десек, қателесе қоймаймыз. Сонау Әз-Жәнібек ханның тұсында-ақ Асанқайғы бабамыздың:
... Ай, Жәнібек, ойласаң,
Қилы-қилы заман болмай ма?!
Суда жүрген ақ шортан,
Қарағай басын шалмай ма,
Мұны неге білмейсің?! - деп, ерте кезде-ақ келе жатқан қатерлі отаршылдық қауіптен сескеніп, ескерту жасап, болжаған аталы ой- толғанысын қалайша терістей алмақпыз. Осы сарынның өзекті сілемі Сыпыра жырау жырларында табы жатса, келе-келе Асан қайғының тарапынан жұмбақтала айтылып, одан Бұқар жыраудың шешім айтуы да тегін емес. Бұқар жырау:
Қарағай судан қашықтап,
Шөлге біткен бір дарақ.
Шортан шөлге шыдамсыз,
Балықтан шыққан бір қарақ.
Ойлама шортан ұшпас деп,
Қарағайға шықпас деп,
Күнбатыстан бір дұшпан
Ақырда шығар сол тұстан...
Шынына келсек, шортанның қарағай басына шығуы мүмкін емес сияқты. Судағы шортан таудағы ағаштың басына қалай шықпақ? Бұл істің байыбына барып, терең ойлап зерделеу - мүмкін емес нәрсе де мүмкін болатындай. Бұл әдебиет айнасына түсіп, халықтың ой-санасынан орын алған шындық еді.
Кезінде Асан қайғы мен Бұқар жырау қауіптенген заманның орнай бастағанына тірі куә болған зар заман ақыны Мұрат Қазтуған деген толғауында:
Азамат ердің баласы,
Жабыққанын білдірмес.
Жамандар мазақ қылар деп,
Байтоқтың басы патшалар
Батуға жалғыз аса алмас.
Көкжалдар көзін салар деп,
Мен заманнан қорқып барамын.
Кейінгі өскен жас бала
Кіріптарда қалар деп,
Күндердің күні болғанда,
Обалы маған болар деп, - терең философиялық толғанысқа түсіп, ел жағдай мен жер жағдайын байланыстыра жырлап, ата- дәстүрінің үзіліп, ата-қонысының қадірі кетіп, қазақ жерінің бар байлығын алып, талан-таражға түсетінін айтты. Ақынның Мен заманнан қорқып барамын деуі де бүгінгі күнмен үндестігін тауып, болашақ үшін де қайғырып, жанының күйзелгенін көреміз. Сондай-ақ, сол заманның бұзылған түрін көрген Шортанбай:
... Кәпірді көрдің піріңдей,
Тілмәшті көрдің жеңгеңдей.
Дуанды көрдің үйіңдей,
Абақты тұр қасыңда,
Қазылған қара көріңдей - деп толғаса, ыза мен өшпенділік кеудесіне сыймаған
Мұрат:
Әуелі жеңіп орыс Еділді алды,
Сарытау, Аштарханның жерін алды.
Артынан Еділден соң Нарынды алды,
Тоғайдың ағаш, қамыс, талын да алды - деп, ашына жырлады. Бұл қауіп - патша өкіметінің қазақ елін орыстандыру саясаты. Бұл отаршылдық саясаттың күшейе беруі - халықтың ұлттық рухани мәдениетінен де, дінінен де айыру қаупін туғызды.
Себебі, шұрайлы және күнделікті кәсібінен, ыңғайлы жерлерден ығысқан халық, ендігі жерде қайтадан көшпелі өмір салтына ден қойған-ды.
Осы орайда, М.Әуезовтің: Сыртқы өмірдің осы сияқты себептерінен қазақтың ойына уайым араласқан, көңілі жабығып, сөзінен, өлеңінен, өңінен, еркелік, еркіндіктің бәрі де арыла бастап, оның орнына арман, зар-шер, қайғы басқан [6, 27б.] - деп жазған сөздерін атап өтпеуге болмайды. Расында да, қазақ деген халық ұйысып, ел болғаннан бері қуаныш- шаттықпен қатар қайғы-қасіретті кешудей-ақ кешкен.
Ең көнеден жеткен сөздердің астарына зер салсаңыз, қазақтың басындағы зар естіледі. XVI-XVII ғасырларда кең өріс тауып, Бұқар шығармашылығы арқылы өзінің ең биік өрлеу дәрежесіне көтерілген жыраулық дәстүр XIX ғасырдың 30-80 жылдарында осы кездегі Дулат, Махамбет, Сүйінбай шығармалары арқылы реалистік әдеби әдістің дамуына даңғыл жол ашты.
Дулат - өз шығармаларында аға сұлтандық дәуірдің қайшылықтарын терең ашып көрсетіп, қазақ елінің патшалық Ресейге бодан болуына батыл наразылық білдірген реалист ақын болды. Бұл жөнінде ғалым X.Сүйіншәлиев былай дейді: Дулат - өзі жасаған заманға, отаршыл зорлығына, ол қауымға қызмет еткен әкімдерге, аға сұлтандық билікке түбегейлі қарсы шыққан, халықтың тәуелсіздігін көксеген әрі күрескер, әрі реалист ақын [7, 327б.]. Оның шығармаларының арқауы - өмір шындығы. Демек, зар заман ақыны Дулаттың ащы сөздері орынды ой айтумен, шындықты айтуға жұмсалады. Дулат ақын:
Аға сұлтан қазының,
Ел сілкінді ісінен.
Ауылдың атқамінері,
Жемтікке қонған күшіген.
Өзі тойса, мәз болды,
Ел іргесін сақтамай.
Сол кезде ел басқарушы аға сұлтандардың бұқара халықтың қамын ойламай, тек қара бастың қамын қамыттап отырған озбырлық әрекеттерін ақын шынайы суреттейді:
Майырдың алса бұйрығын,
Борбайға қысып құйрығын,
Ел пысығы жортады.
Өзі елді қорқытып,
Онан өзі қорқады.
Дулат өлеңдері отаршылдық езгіге қарсы халықтық ниеттен туғандықтан, ел әкімдерін сынағанда, жай озбыр, зорлықшы, елді сорушы деп қана сынамайды, қазақ елін патша өкіметінің езгіге салуына себепші, елді сатушылар деп сынайды. Дулат ақын:
Шен-шекпенге құмартқан,
Қанталап көзі мұнартқан,
Саудалап елін тиынға,
Құмартып ұлық сиына,
Бек дегенің бек емес,
Хан жалшысы нөкері -
десе, зар заман ақыны Шортанбай:
Орыс - бүркіт, біз - түлкі,
Аламын деп талпынды.
Орыстан қорлық көрген соң,
Отырып билер алқынды...
Арқаның жазын қашырған,
Жылқының етін жемес-ті.
Жағаласқан мынау жау,
Кетірер сонда сиқыңды, - деп арғы-бергі тарихты қозғаған зар заман ақындары бар шындықты алға тартады.
Осы секілді отаршылдық ойранын жеріне жеткізе суреттеген Сүйінбай Аронұлының бірқатар шығармалары да зар заман әдебиетіне жақын. Оның шығармаларында өз кезінің саяси-әлеуметтік жағдайының бірталай шынайы шындықтары шертілген. Сүйінбай ақын:
Сүйінбай Алатаудай атым дардай,
Жатқанымда болдым ғой шөккен нардай.
Еңбегімнен екі ауыз сөз қалмастан,
Көктемдегі жер тартты кеткен қардай.
Ақылымды қараңғы қалған басып,
Саукүнімде құдайым еске салмай.
Ауру билеп, бойымнан әлім кетті-ау,
Бауырсаққа илеген кескен нандай - деп толғаса, ұлы ақынның өзегін өртеген уайым- қайғысы, асқақ арманы, биік мұраты - бәрі осы бір ауыз өлеңнің ішіне сыйып кеткендей сыңай танытады.
Сүйінбай шығармаларының зар заман ақыны Дулат шығармаларымен үндесетін жерлері бар. Бұл ең алдымен тақырып ұқсастығынан көрінеді. Дулат Бараққа: Құрық бердің ұрыға,
Момынды алдың қырыңа -
десе,
Сүйінбай Тезекке:Зар жылатып момынды,
Өрістен малын аласың, - дейді. Біздің айдарынан жел ескен ақ көңіл ата-бабамыз досына қандай нәзік, қандай мейірімді болса, дұшпанына соншама қатал, айтқанынан қайтпас қара емендей қатты болғаны бүкіл тарихымыздан белгілі.
Олар жел жетпес тұлпарына мініп алған соң, ешкімді де елемепті, өздерінен басқа тірі жан бар екен-ау демепті. Қияқтай мұрттары көкке шаншылып, дүниенің біраз жерін шарлап, біраз бөлігін жаулап та алыпты. Сол сайыпқыран бабамыз өздерін Көк бөрінің ұрпағымыз деп санайтын көрінеді. Сондықтан аса қасиетті бөрінің басын жалауларына, найзаларына, садақтарына қадаған. Осы ретте ақын Сүйінбайға жүгінсек, ол:
... Тутүсіріп жауалған,
Шапырашты батыр бабамыз.
Бөрі басы ұраным,
Бөрілі менің байрағым.
Бөрілі байрақ көтерсе,
Қозып кетер қайдағым, - деп қызыл екей Сүйінбай жер бетіндегі күллі қазақтың ұранын салып тұрғандай көрінеді. Қаратаудың басынан көш келеді деп басталатын Елім-ай жыры халқымыздың басынан өткен ауыр, азапты, қиян-кескі шақты жан-жақты толғаса, мұндай қара түнек күндерді ұмытуға болмайтынын Елім-ай, елім-ай дейтін қайырмасы арқылы терең сезіндірсе, Бөрілі менің байрағым жыры сонау зар заман төрінде ақындардың елді атқа қондыруға шақырған ұранды сөздерін бүгінге жеткізіп тұрғандай. Аталған кезең әдебиетіндегі келесі бір шындық - ата-баба кәсібінен айырылып, дініміз бен дәстүріміздің бұзылуы. Шортанбай ақын осы бір шындық хақында былай дейді:
Ақсақалдан әл кетті,
Алмайды оның кеңесін.
Старшын қойған болыпты,
Қайдағы пысықсынған немесін.
Заман кетті Қырымға,
Егер поэтиканы зерттеуді көркем-әдеби шығарманың мазмұндық, құрылымдық, көркемдік сапаларын бір-бірімен тығыз оайланыстыра сөз ету екендігін мойындасақ, бұл әрі әдеби, әрі тілдік тұрғыдағы, солардың ортасынан шыққан әмбебап сипаттағы өзгеше талдау барысында кең ашылмақ. Шығарманың тілін жан-жақты қарастырмай, әрине, әдеби туындыны толық түсіну мүмкін емес. Себебі егер әдебиетті зәулім сарайға теңесек, оның көз тартар күмбезді бейнесін құрайтын материал тіл екендігіне дау жоқ. Бірақ көп жағдайда әдеби шығарма мазмұн, тақырып, идея тұрғысынан жиі талданып жатады да, оның көркемдік сапаларына елеулі түрде назар аударыла бермейді. Осыдан келіп ақынның я жыроаудың не айтқаны баяндалады да, оның қалай айтқаны ашылмай қала береді. Ал, шыңдығына келсек, өнерпаздардың шеберлік қырлары мен суреткерлік сырлары осы қалай айтуына қарай бағаланбақ. Тарихи тамырларын сонау ежелгі дәуір әдебиетінен тартатын философиялық, дидактикалық сарындағы жыр үлгілерінің туған кезеңін, мотивін анықтауда, әрине, осы тіл жүйесінің атқарар қызметі ерекше.
Сондай-ақ, ауызша шығып, көбінде ауызша таралып жататын қазақ поэзиясындағы дарынды тұлғалардың дара қолтаңбасын дәл анықтап белгілеуде де өлең-сөздің жоғарыда аталған үш сипатын тұтас тану жеке туындыгердің стилін ажыратуда да жетекші рөл атқарады. Бұл - қазақ дәстүрлеріндегі суырыпсалмалық қасиет арқылы өлең дарыған өрен акындардың айшықты сөзді табанда тауып айтар тағылымың дәріптеп, сөз иесінің өнер биігіндегі өзіне лайық орнын анықтаудың бір жолы. Көбінде фольклорды жадына тоқып өскен ұрпақтың сол дәстүрді сақтай отырып, өзінше қосқан жаңа үлесі қандай деген мәселені анықтау барысында да адастырмас темірқазық белгі осы поэтикалық өрнектер болары сөзсіз.

1.2Дулат Бабатайұлы шығармашылығы тілінің көркемдік ерекшелігі мен көркемдік тәсілдері

Кез келген өнер туындысының өміршеңдігінің өзегін екі арна бірлігі құрайды: бірі - туындыгердің ақыл-ой даралығы туғызған ешкімге ұқсамайтын бөлек бітімі; екіншісі, сол туындыға көшкен өнерпаздың ыстық ықыласты сезімі мен жүрек жылуы. Бұл сезім мен ой тіл арқылы сыртқа шығады.
Әрине, қарапайым, қарабайыр, жай айтыла салған сөз емес, ұйқас пен ырғаққа құрылған, құлақтың құрышын қандыра шымырлатқан әуезді, әуенді сазды дыбыстармен көмкерілген, осы сыртқы үндестік бірінен-бірі туындап жататын мазмұндық ішкі үйлесіммен жарасым тауып, табиғи ажарын үстей түскен жерде нағыз хас өнердің көркем нәтижесі өмірге келеді. Әдетте, сөз құдіреті деген ұғымның өзі ақынның сиқырлы әлемінсіз, шалқар шабытынсыз болмайтыны белгілі. Ендеше осы ғажап құбылыс - таза өнер туындысының кепілі. Поэтика туралы сөз де тек іші мен сырты келісті өрілген шығармалар хақында болатыны, сондықтан халық ойынан шыққан оралымды жырлардың уақыт тезінен сүрінбей өтіп, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуының себебі сол шығармадағы терең ойға барып тіреледі.
Өлең сөздің басқа өнер түрлерімен ортақ белгісі - адам жанын тебірентуі десек, сол тебіреністі туғызатын нәрсе - сөз сұлулығы, сөз киесі. Бұл жайында Ахмет Байтұрсынұлының мына пікірінде соншама дәлдікпен берілгеніне таң қаласыз: - "Сөзден құрастырып пікірлі әңгіме шығару үшін жұмсалатын зат - сөздер. Топырақтан иленіп кірпіш жасалған сияқты, дыбыстан құралып сөз жасалады. Кірпіштен қалап түрлі үй жасау сияқты, сөздер бірігіп, түрлі әңгімелер айтылады. Үйдің түрлі болып шығуы балшықтан, кірпіштен, әсіресе қалауынан болатыны сияқты, әңгіменің түрлі болып шығатыны тілдің дыбысынан, сөзінен, әсіресе сөздің тізілуінен. Балшық жаман болса, кірпіш жақсы болмайды, кірпіш жақсы болмаса, үй жақсы болып шықпайды. Бұл рас. Бірақ кірпіш жақсы болса да, қалауы жаман болса, онан жақсы үй шықпайды. Сол сияқты, тілдің дыбысы жаман болса, дыбысының қосылуы жақсы болмаса, сөз құлаққа жағымды болып шықпайтыны рас. Бірақ тізуі жаман болса, дыбысы жақсы сөздерден де жақсы әңгіме шықпайды.
Сондықтан өлеңнің мәнісінің биік болуы кірпіштің қалануында. Құрылыстық жобаның сапалы болған секілді, өлеңнің де әдемі болып шығуы сөздің шебер ұйқаспен орналасуы мен ақынның ішкі жан дүниесін оқырманға ашық пікірлеуінде: қаншалықты сәулеткер қиялға жүйрік болса, соншалықты ғимарат та сәулетті, әсем болып шығатыны сияқты, неғұрлым жазушы қиялға бай, пікірге шебер болса, соғұрлым шығарған сөз пікірлі, әсерлі, әдемі болып шықпақ. Жақсылап үй сала білу үшін сәулет өнерпазы үй салуға ұсталатын заттардың сыр-сипатын, қасиетін жақсы білу тиіс; оларды тиісті орнына жұмсауын жақсы білу тиіс".
Ғалымның меңзеп отырғаны, әрине, шығармадағы объективтілік пен субъектінің, яғни ақынның өзара қарым-қатынасынан туындап жатқан өнердің өзіндік ерекшелігі. Сөз өнерінде, ондай бірлік ой мен тілдің ажырамас тұтастығынан танылады.
"Ақын ойы - көптің ойы, ақын сөзі - көптің сөзі. Оның өз ойым деп айтқаны жалпы жүрттың көкейінен шықса, ақын мүратының ақталғаны. Ақынның ғұмыры да осыменен өлшенбек".
Дулат жыраудың поэтикасы дегенде әдебиеттанудағы өлең өлшемдеріне қойылатын талаптардың өзара жымдасып, жоғары деңгейде үйлесім тауып жатқанына куә боласыз. Ойы бай, талғамы биік Дулат сынды өнер иесінің өзіне дейінгі дәстүрді дамытумен шектелмей, өзіндік жаңа соқпақ салуы заңды. "Авторлы поэзия тілінің лексика мен грамматика саласында да жалпы поэтикалық мүмкіншіліктерінің бай түсетінін ескерсек, жыраудың ауыз әдебиеті тіліндегі біршама консервативтікті, дәстүрлі-тілдік шектеушілікті бұзып, оның құрсауынан босап шыққанын көреміз". Ақынның өлең түріне, мазмұнына қосқан жаңалықтары қазақ тілінің бай да қазыналы лексикасын қаншалықты ұтымды қолдануынан айқын көрінеді.
Дулат өлеңдерінің ерекшелігі тақырыбының ауқымдылығымен, реалистік сипатының айқындылығымен, адамгершілік ақындық мүддесінің биіктігімен байланысты танылады. Дулат ақынның тілі бай, ойы терең болуының сыры нақтылық пен дәлдікке, даралық пен дәйектілікке мейлінше мән беруінде. Сондықтан да ақын тілінің лексикасы ұлттық рухты шыңдаудың құралы ретінде қолданысқа түскен. Дулат тілі алмас қылыштай өткір, алдаспандай айбарлы, сыншылдық мән реңкін айқын танытатын лексика. Ол ел-жайына, халық мүддесіне, ұлт келешегіне өзінің ортасы мен айналада болып жатқан түрлі құбылыстарға өткір сын, терең пайыммен қарай отырып дәл бағасын береді. Ащы сөз ақиқаттың айнасына айналады.
Сол себепті Дулат шығармаларында ақын туып, ғұмыр кешкен Семей - Аягөз маңайларындағы ономастикалық атаулар жиі ұшырасады. Ел мен жердің бүтін бірлігін жырына арқау еткен ақынның шындыққа суарылған өлендерінде туған өлкенің бір тұтас бейнесі шебер жасалады. Бірақ Дулат өлеңдерінде қой үстіне бозторғай жұмыртқа салаған бейбіт дала көрінісі емес, керісінше отаршылдықтың құрсауылы қамытын киген, сұлулығы мен сәнінен айырылып бара жатқан атамекеннің аласапыран дауылына тап келген талайсыз тағдырлар бейнесі, ұлаңдары мен батырларын ансаған халық кейпі ашық жырланады.. Ақын өлеңдерінде Аягөз, Сандықтас, Ақжайлау, Сарыарқа, Сыр, Бұхар, Қаратау, Түркістан, Куан, Арыс, Келес, Талас, Шу, Түран, Тарбағатай, Алатау, Көксала, Бақанас т.б. секілді топонимикалық атаулар негізгі ұстанған өнерпаздық кредосына игілікті қызмет етеді. Жер мәселесін жырлау арқылы ұлттық, халықтық намысты жанып, жігерін шыңдайды. Бұл орайда, ол сахара даланың кешегісі мен бүгінін, қазіргісі мен ертеңін салыстыра отырып сарабдал байламдар жасайды.
"Шын дарынға өзі өмір сүріп жатқан заманның мақсат-міндетін жете ұғыну аз, ақыл-парасатың, көрегендігің жетсе, оның нұрлы болашағын көре, сездіре жазу шарт". Ең ғажабы сол, дана ақынның болжамдарының ғасырдан аса уақыт аралығында айна қатесіз жүзеге асып жатуы.
Ақжайлау мен Сандықтас -
Атамның қонған қонысы.
Түн асса тұтам түгі өскен, -деген өлеңінде ақын осындай жер жаннатының бірте-бірте кері кетіп бара жатқан кейпіне қарай отырып әулиелікпен болжам жасайды: "Қаларсың бір күн Сандықтас, Құлан жортпас бел болып, самалың салқын соғатын сары ызғырық жел болып", - деп жырлайды.
Тарбағатай тауының сүлу табиғатын көркем тілмен бедерлейді: "Тарбағатай тауынан тоқсан сала қосылып, тоғыз өзен түйісіп, ақтың төмен жосылып"...Жекелеген өлең толғауларымен қатар, үлкен дастандарында да Дулат ақын "туған жер - тұғырың" деген айқын идеяны әрдайым ескеріп, қамтып отырады. Еспенбеттің ес жиып елін іздеуінде де осындай терең сыр бар.
2. Дулат Бабатайулы өлендерінде ономастикалық атаулар да жиі ұшырасады. Оның арнау өлендері де жалпыламалықтан арылып, қоғам дерті, жекелеген нақты адамдардың мінез-құлқы, болмыс-бітімі тұрғысынан сараланатындықтан, сол қоғамдағы өмір сүрген Барақ, Ешен, Сүлеймен, Ақтан сияқты замандастарымен бірге ел тарихына қатысты шығармаларында Ақсақ Темір, Абылай, Әбілмансүр хан, Хан Кене, Еспембет, Ер Қосай, Қабанбай, Ақтамберді, Саббас, Сасан, Әбілпейіз хан, Жолымбет, Ақтайлақ, Құттыбай, Нарынбай, Байғара, Сәтімқұл би, Құлмамбет, Жанғүлы, т.б. тарихи тұлға есімдері кездеседі. Сондай-ақ, Найман, Сыбан, Жолымбет, Байжігіт, Төлеңгіт, Қалмақ, Төре, Арғын, Қаракерей т.б. ру, ұлт атаулары қоса қолданылған.
3. Елжандылық, ұлтжандылық рухы, әрине, ел, жұрт, алаш, қазақ секілді жалпы ұғымдардың кездесуіне мол мүмкіндік береді. Әрі патша, атқамінер, сұлтан, қазы, бай, кедей, би, болыс, старшын, хан, дуан, ұлық, бек, батыр, аға сұлтан, сопы, пір, абыз, падыша, майыр т.б. әлеуметтік терминдердің жиі қолданылуы да өлең тақырыбы мен мазмұнына лайық алынып отырылады. Көптің мүддесі билеуші мен отарлаушы топтың өкілдерін қатыстыра сөз болуы заңды.
Дулат өлендерінде этнолингвистикалық терминдердің ішінде жиі ұшырасатындары - туыстық атаулар. Ел мәселесі, Отан мәселесі отбасының мүддесімен тығыз бірлікте қаралып, көптің өмірі айналасындағы жақын жандардың тіршілігімен орайласа қаралады. Ата-ана, қарындас, немере, шөбере, әке, үлан, бәйбіше, жеңге, ақсақал, абыз, шеше, әже, т.б. атауларды оның әр өлеңінен кезестіреміз:
Бәйбіше -- тантық,бай - сараң,
Бозбаласы - бошалаң,
Қырсыға туды қыз балаң, - деу арқылы заман мен адамның арасындағы байланыстардың бірлігін танытады.
4. Ақын сөзі - замана айнасы. Сондықтан Дулат жырау өлеңдеріндегі тұрмыстық лексика, көшпелі тірлік кешкен, төрт түлік малды шаруашылық кәсібіне айналдырған, табиғатпен етене жақын халықтың басқа да түрлі шаруа кәсіптеріне байланысты сөздер қоғамның өмір тынысын танытуда үлкен маңызға ие. Өлең мәтіндерінде кездесетін қақпан, жемтік, құрық, егіс, терлік, бұйда, аспап, сайман, кетпен, балта, ара, қысқыш, балға, келі, бесік, тұғыр т.б. түрмыстық сөздер Дулат өмір сүрген аймақтағы жергілікті тұрғындарға түсінікті диалектілер - керсен, бұл, үме, кілендей, сінелі, жүремете, жобалаң, шайырлы, тарлаулары, ызу, іш құста т.б. да ерекше атаулар бар. Дулат өмір сүрген дәуірдің ерекшелігімен байланысты қолданылып, бүгінде тарих еншісіне көшкен көнерген сөздер: архаизмдер мен историзмдер болуы әдебиет пен қоғамның арасындағы тығыз байланысқа куә болады.
Мәселен тобышық, шөңгел, қолаба, алал сопы, күскен, көбен, қаразы, т.б. Ғайып ерен, қырық шілтен, әулие жар, имам, молда, алла, тәңір, шариғат, намаз, ораза, т.б. діни сөздердің қолданылуы, ұлттық таным негізінде туған ой арналарымен қабысып жатыр. Кірме сөздер қатарында араб, парсы тілінен еніп, лексикаға әбден кірігіп кеткен арман, жар, асыл, фәни, дүние, бақыт, ақыл, қаріп, қайғы, намыс, тағдыр т.б. сөздермен қатар, орыс отаршылдығының әсерінен ауысқан майыр, солдат, шен, Сібір, кіреші, старшин, болыс т.б. терминдер жиі ұшырасады. Қоғамдық-әлеуметтік жағдай ел басына түскен ауыртпалық жауынгерлік рухы биік жұрттың сөз қолданысындағы наркескен қылыш, найза, дөдеге, селебе, семсер, оқ, мылтық, шеп, сапы, сауыт, сүңгі, берен, кіреуке, адырна, дабыл соғу, ұран шақыру, жекпе-жек, сынды жауынгерлік лексиканың қолданылуын қажет еткен. Олай болса, бұл атаулардың жай заттық үғымда емес, Д.Бабатайүлының өлеңдерінің поэтикалық сипатын даралауда ерекше маңызды рөл атқаратын тілдік құралға айналғаны аңғарылады. Дулат ақынның, нысанасына ілінген кез келген заттық атау өзіндік мақсатқа қызмет етуге жұмылдырылады.
Бірі - күшін сарп етті.
Дене қанға боялды,
Қанқұмар қылыш қаршетті.
Осындағы қылыш адамды-адам өлтірудің құралы, жауыздықтың символы. Автор осы көріністе Ер Еспембеттің қалмақ батырын жеңгені туралы айта тұра, қанға себеп болған қылышты "қанкұмар" деп кінәраттайды. Адам жаны қиылған кезде гуманист ақын оны тітіркене суреттейді. Мүндағы жеңіс-жеңіліс арақатынасы - жалпыадамзаттық деңгейден қарағанда салыстырмалы түрде ғана уақытша құбылыс. Себебі, өлім бар жерде өмір мәні бәрібір толық бола алмайды дегенді ұқтырады дана сөз.
5. Поэзиялық шығармалардағы сөздердің қолданыс аясының кеңеюі, абстрактылы ұғым атауларының мол әрі орынды кіріктіріле отырып, өлең тілінің ауызекі сөйлеу тілінен өзгешелене бастауы, сол шығарманың поэтикалық көркемділігінің арта түсуіне бастайды.
Бұл тұрғыдан келгенде Дулат өлең-жырларында өзіне дейінгі ақындарда қолданыла бермейтін, қолданылса да Дулаттағыдай ой екпінін өзіне үйіруді көздемеген біршама жаңа сипатта қолданылған сөздер бар: зерде, сана, сыр, мұрат, рух, бақ, бақыт, сор, азат, сый, қайғы, ой, кек, қадір, қасиет, қайрат, қуат, жаһаннам, т.б. Мысалы: Ұйқы беріп қайғы алам; кеудем - ақыл сарайы; Бекзадалық белгісі - қиянатқа баспайды деген өлең жолдарында бүл сөздер поэтикалық түрдің үйтқысына айналып, тосын ойдың тірегі болып тұр.
Бір ғана ақыл сарайы тіркесінде қаншама тереңдік, жаңалық бар. Осындай елең еткізер ерекше суретті сөздер ақынның қайталанбас қолтаңбасын дәлелдей түседі.
6. Қолданылу өрісі аса кең болмағанмен, ақынның айтыр ойына айырықша реңк дарытып түрған дисфемизм сөздер де үшырасып қалады. Қоғам дертін, заман өртін, адам азғындығын ашына жырлаған азулы ақын аузынан, әсіресе, сын, мысқыл, әжуа сөзбен айтылатын налыс толғауларда от жалын бүріккендей қатқыл сөздер де төгіліп кетеді. Жоғарыда айтылғандай, ездің есерлігін әшкере етіп айту үшін: есек жар, дамбалын тастап қыз кетті, сойкан төлеңгіт, нәлет келтірді, ләпсінді тый, қу заман, сұм басшы, сұмырай, қатын, кәпір, сары орыс, аузы түкті кәпір, итше ілініп ылықты, т.б. сөздер - жұмсалады. Эмоциялық-экспрессивтік реңкі жағымсыз бүл сөздер қайнаған қанның, кеудені қысқан ащы өксіктің айғағы. Бұлар да өз дәрежесінде образдылық тудыруға, тыңдаушы сезіміне түрткі жасауға мүрындық болады.
Ердепелді бұзғышты
Сұқсыр деп сұмырай қызғышты...
Аяғы пәле дауболып...
Қырт пен мылжың айғайын...
7. Ақылға бағынған, сұлулыққа ұмтылған, сыры терең, арыны шу асаудай асқақ, намысы алдаспандай өткір, Тарбағатайдай өр де еңселі поэзияны тудырған Дулат Бабатайұлының өлеңдегі өзіндік өрнек нақыштары қалыпты сөздерден сұлу сарай тұрғызған шеберлігінде. Осы бағытта оның ауыспалы мәндегі сөздерді қиыстыра, қиюластыра қолданып, поэзияның идеялық-эстетикалық мұрат жолында қызмет етуіне жұмсағаны көрінеді.
"Ақын-даралық. Ақындық қуаты неғұрльм кең болған сайын дүниетаным зеректігі де соғүрлым мол... Ақын әлемі кең, оның өмірге, өнерге іңкәр жүрегі өзін қоршаған буырқанған дүниемен бірге соғады". (5,87) Осы ішкі жан толқынысы тың сүрлеулерге бастайды, Бүған Дулат ақын шығармашылығында өмірге келіп, өлең-өнердің мәртебесін көтерген жаңа амал-тәсілдер куә.
"Жалпы поэзияға тән қасиет - айтылып, баяндалып отырған нәрсе жайында ұғым, түсінік беру емес, оны бейнелі түрде сипаттау, суреттілік десек, осы ерекшелік лирикалық өлеңдерден айрықша байқалады".
Дулат ақын тілінің лексикасын талдауда оның өз заманында әдеби тілді жетілдіріп дамытудағы, қалыптастырудағы қосқан үлесі қандай деген мәселеден алшақ кете алмасымыз анық.
Бұл жерде ақын өлеңдеріне талдау жасау барысында айқындалғандай, сөздердің ауыспалы мағынада қолданылуы, тұрақты тіркестердің ақын идеясына көрік беріп қана қоймай, өзгеше өлшем таразысына айналуы арқылы серпінді ой, түгырлы байлам жасағанын көреміз. Мүндағы сөздердің образды, айшықты түрле колланылуы поэтикалық лексиканың өрісін көрсетіп отыр. Тектік, мағыналық бағытында қарастырылатын сөз қазынасы Дулат поэтикасын ашуда маңызды рол атқарады.
Д.Бабатайүлының қазақ поэтикалық тілін дамытуда реформаторлық еңбегі оның шығармашылығына талдау жасаған зерттеуші ғалымдардың қай- қайсысының да еңбегінде айтылған.
Әсіресе, қазақ тілінің сөздік қорында бұрыннан бар сөздерді логикалық ішкі байланыс түрғысынан тіркестіру арқылы жаңа жол салған, сара суреткердің дара жолы ауыс мағыналы сөздерді белсенді қолданудан көрінеді. Мәселен, ол жыр арнасы, улы тіл, жырмен елді жетелеу, толқынды теңіз заман, құнсыз сөз, ой көзі, жырдан алқа тағу, әділетке шөлдеу, ар сату, сәулеттің сағымы, тоқыраған көңіл, тілі мұқалу, қалың өң, көкірегі көзді, ойын тербету, жетімдіктің арқаны, биік сана, ұйқы беріп қайғы алу, айланың түйіні, параның ыдысы, көңілдің құтысы, тура жол, т.б. толып жатқан сөздер мен сөз тіркестері - құрамындағы әр ұғымның суреттілігі, бейнелілігі ақын зердесінің бөлекше екенінің куәсі.
"Шын поэзияны жасайтын ақында сұлулықты жан жүрегімен танитын, оны образды сөзбен бере алатын сезімтал шабыт болу керек". Ал, суреткерлік, әрине, жаңашылдық пен сабақтастық айқын танылады. "Бірақ, жаңашылдық өмірдегі ең басты және мәнді мәселені көтере білумен ғана емес, шеше білумен, бұрын ешкім ашпаған жаңаны көркемдік тұрғыда аша білумен өлшенеді. Бұл жаңалық мазмұнда ғана емес, формада да өзгеріс тудырады". Мылсалы: Жерге қонбай ұша аламс, Көк еркесі қыран да. Сәулетіңнің сағымы, Бұтағына шынардың, күнді әкеп іліп қойғандай. Жағымсыз сөз әркімге, жұмсайтұғын малайым. Күннен-күнге өрледі, шыққан күндей бағы да. Қарамен жазылған сөздердің мағынасына зер салсақ, олардың тың образ жасауға ұйтқы болып, ақын ойын көркемдеп жеткізудің құралы болып тұрғанын көреміз. Әсіресе, сап толғау, налыс толғау, ойламалдау сипатындағы өлендерде бірде баяндауыш, бірде лирикалық қаһарман атынан сөйленетін үзақ та мәнерлі толғаныстардың әсерлігіне, эмоциялық қуатын арттыратын мүндай сөздердің ақын поэзиясында жиі үшырауы оның жазба әдебиетінің бастауында тұрып, жаңа түрпатты сөз соқпағын салауына негіз қалаған. Дулаттың поэзиясындағы мұндай "образдылық - әрі интеллектуальдық қасиеттің, әрі ақындық қабілеттің жемісі".
8. Сөздің әрін ашып, нәрін қордаландыратын лексикалық арналар қатарында фразеологизмдер (тұрақты тіркестер) кездеседі. Мүнда ақын Дулат өзіне дейінгі тіл байлығын емін-еркін, талғам сүзгісінен өткізіп түрлендіре қолданады. Сондықтан да оның өлеңдеріндегі түрақты тіркестер мағыналық, құрылымдық, сапалық жағынан өзгерістерге де үшырайды. Мүндай тіркестердің жасалу жолы, құрылымы түрленеді. Оларды былайша жеткізуге немесе топтастыруға болады.
1. Атау тұлғалы сын есім + зат есім тіркестер: кең қолтық, қас дұшпан, ер жүрек, қоян төс, асыл сөз, асқар тау, алқа көл, жүйрік ой, ақ көңіл, ақ пейіл, т.б.
2. Есім сөзбен - етістікті тіркестер: қуат беру, сөзді езу, тұяқ серпу, судай тасу, жаудай талау, кеудеге шырақ жағу, қазықтай қағу, тоят тілеу, араны ашылу, тауын шағу, мидай былығу, сөзін жерге тастамау, көзінен арман төгу, судай төгілу, бордай езілу, жүн қылу, көзі мұнарту, сүттей ұю, аузын айға білеу, басына бақыт қону, арқасы жауыр болу, жоннан таспа тілу, тауаны шағылу, көзі тою, су жұқпау, құрақ ұшу, шыр біту, қолдан күш кету, құлаққа кірмеу, тасы өрге домалау, қаймағы бұзылмау, бел шешу, жанын қоярға жер таппау, аузын бағу, бағы таю, арқасына бату, көзі ашылу, отпен ойнау, т.б. Фразеологизмдер өлеңнің бояуын қалыңдатып, сезімдік әсерін арттырудың тілдік құралы ретінде оның поэтикалық сапасын да жоғары деңгейге көтереді. "Ал көркем әдебиетте, әсіресе, поэзияда ең бейнелі, ең көркем, ең үйлесімді сөздер арқылы адамның ішкі дүниесін мейлінше тәпліштеп, барынша толық жеткізуге мүмкіндік бар". Сондықтан поэтикалық образдар жасауда фразеологизмдердің рөлі айқын әрі нақты. Мысалы: Қас батыр қарутағынса; Ел ұйтқысы шайқалып, төгіліп судай аққандай; Сараң байға бақ түрып; Момынды алдың қырыңа; Таңдайға дәмі үйіріліп; Даугердің тауын шақпаса; Мынау азған заманда, сөздің кетіп байлауы; Бесіктен белі шықпаған, Жасы өсіп бас болды...
9. Қазақ халық ауыз әдебиетінде көп қолданылатын тілдік ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің тарихы мен зерттелуі
Дулаттың шығармашылығындағы өзгешелікті поэтикалық шеберлік тұрғысынан талдау
«Зар заман» ағымы ақындарының әдеби мұрасы
Ақын Дулат Бабатайұлы
Азаттық жырының ақтаңгері
Зар Заман Ақындары туралы ақпарат
Зар заман өкілдері мен шығармашылығы
Дулат Бабатайұлының өмірі мен шығармашылығы Еспенбет поэмасының халықтық сипаты
Шортанбай шығармашылығын жан-жақты талдау
ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ ТАРИХЫ. ПӘННІҢ ОҚУ-ӘДІСТЕМЕЛІК КЕШЕНІ
Пәндер