Тәрбиенің инновациялық, интерактивті әдістері және тәрбие технологиясы
Педагогика және тәрбие жұмысының әдістемесі пәні бойынша лекциялар
Лекция№1
Қазіргі жағдайдағы білім берудің басымдылық ролі
Лекция жоспары:
1.Заманауи мәдениеттегі білім берудің орны мен ролі.
2.Қазіргі білім беру парадигмасы: нәтижеге және жеке тұлғаға бағдарлануы.
3.Мұғалім мамандығының ерекшеліктері.
4.Қазіргі кездегі орта білім берудің дамуындағы негізгі тенденциялар.
Лекция мәтіні:

XXI ғасырда кәсіби еңбектің интеллектуализациялау тенденциясы белгіленіп, университеттік білім берудің маңыздылығы көтерілді. Өйткені қазіргі кезде әлеуметтік-экономикалық құрылымдағы, іскерлік, экономикалық, әлеуметтік қатынастары жүйесінде қоғам болашақ маманды дайындаудың сапасына жоғары талап қоюда. Осыған орай жаңаша ойлайтын маманды қалыптастыруға бағытталған университеттік дайындаудың жаңа парадигмасы өзекті болып келеді де, яғни қоғамның осы кездегі қалыптасуының талаптарына жауап беретіндей жоғары оқу орындарындағы білім беру студент тұлғасы дамуының жоғарғы деңгейін жеткілікті түрде қамтамасыз ету қажеттілігі туындайды. Қоғамның жаңа типін құру барысында, жаңа құндылықтар жүйесіне бағытталған, білім берудің негізгі мақсаты жоғары шығармашылық мүмкіншілігі бар болашақ маман тұлғасын қалыптастыру болып табылады. Бұл сонымен бірге педагогикалық кадрларды дайындаудың проблемасын одан әрі өзекті етеді. Біздің қоғамымызда адамдық қатынастардың жалпы гуманизациясының, жаңа ұрпақтың рухани қалыптасуының, білім берудің түбегейлі жаңаруының бағдарламаларының жүзеге асуы көп жағдайда мұғалім тұлғасымен байланысты болатыны баршамызға мәлім. Соның ішінде педагогикалық іс-әрекетте тұлғалық фактор жетекші болады, өйткені адам-адам жүйесінде әсер етудің эффектісі әсер етудің өзіндік мүмкіншілігі бар адамды жетілдірудің деңгейімен анықталады. Қазіргі кездегі педагог егер жоғары оқу орнында оқыту үрдісі барысында онда үнемі өзін-өзі дамыту қажеттілігі қалыптасқан болса алдына қойылған міндеттерді іске асырады. Сондықтан да, классикалық университеттік білім беру жағдайларында болашақ педагогикалық кадрларының кәсіби өзін-өзі дамытуды қалыптастыру проблемасына ерекше назар аударылады.
Әлемдік білім беру кеңістігіне кіруге бағытталған білім берудің жаңа жүйесінің қалыптасу процесі білім беру парадигмасының ауысуымен сипатталады: дәстүрлі субъект-объектіліктен гуманистікке, тұлғаға бағытталған субъект-субъекттілікке. Осыған байланысты айтатынымыз, ХХ ғасыр соңынан бастап білім беру жүйесі білім берудің гуманистік парадигмасына сәйкес дамиды. Онда маңызды құндылығы болып адамның тұлғасы қарастырылады, яғни оның барлық потенциалды мүмкіншілігін дамыту болып табылады. Осы тұрғысынан қазіргі маманның білім беру сферасында үздіксіз білім алуға, шығармашылық тұрғысынан өзін-өзі жетілдіруге дайындығын айтамыз.
Сондықтан да болашақ маманның өзін-өзі дамытуын зерттеу жұмысы адам дамуының негізгі философиялық, психологиялық, педагогикалық теорияларын талдауды айқындайды. Зерттеудің екінші маңызды жағы - белгілі бір методологиялық ұстаным мен тұлғаның өзін-өзі дамытудың зерттеу әдістемесін таңдау. Болашақ маманның өзін-өзі дамытудың проблемасы үш тұрғыдан қарастырылуы керек, оларда оның мағынасы ашылуы тиіс: философиялық, психологиялық, педагогикалық. Философиялық зерттеулерде осы проблема адамды дамыту тұрғысынан қарастырылады. Психологиялық зерттеулерде тұлғаның дамуы мен өзін-өзі дамыту тұрғысынан зерттеленеді. Педагогикалық зерттеулерде болашақ маманның кәсіби дамуы тұрғысынан қаралады. Философиялық, психологиялық, педагогикалық зерттеулерде қарастырудың келесі бір негізі - болашақ маман-педагог адам ретінде, тұлға ретінде, маман ретінде кәсіби өзін-өзі дамытудың субъектісі ретінде болуы.

Философиялық, педагогикалық және психологиялық ғылымда адам тұлғасының қалыптасу проблемасы бойынша білім қоры жинақталған. Оларға философтардың жасаған адамның гуманистік тұжырымдамасы жатады. М.М. Бахтин, В.С. Библер, Н.А. Бердяев, Л.В. Коновалова, О.Н. Крутова, М.К. Мамардашвили, А.Г. Шварцман, т.б. пікірінше адам тұлғасының ерекшелігі, өзгешелігі мен өзіндік құндылығы ерекшеленеді, адамның рухани дамуы, өзінің өмірлік орнын айқындау мен экзистенционалдық таңдауға дайындығы анықталады. Ресей педагогикасы мен психологиясында адамның мәні адам өз өміршеңдігінің субъектісі ретінде және өзін-өзі дамытатын шығармашыл тұлғаның субъектісі ретінде қарастырылады: Б.Г.Ананьевтің, А.Г. Асмоловтың, Л.С. Выготскийдің, О.С. Газманның, Э.В. Ильенкованың, Н.Б. Крылованың, Л.Н. Куликованың, А.Н. Леонтьевтің, В.Н. Мясищевтің, С.Л. Рубинштейннің, В.И. Слободчикованың және т.б. еңбектерінен көруге болады. Қазақстандық зерттеушілердің еңбектерінде білім беру сферасында тұлғаның этномәдениеттік қызығушылықтарын іске асыру туралы Л.Гумилев, Н.Джандильдин қарастырған. Адам тұлғасының дамуына қазақ халық педагогикасының әсері туралы ғылыми-педагогикалық негіздерін Сәдуақас Қалиев қарастырған, тұлғаға әсер етудің эстетикалық тәрбиенің заңдылықтары мен ерекшеліктерін С.Ұзақбаева, Ә.Табылды зерттеген. Оқушы жастардың тұлға ретінде қалыптасып, дамуына қазақ халқының көркем мәдениетінің даму рөлі туралы М.Балтабаев зерттеген. Философияда тұлға әлеуметтік және биологиялық сипаттамалары бар адам ретінде анықталады. Әр адам, тұлға бола тұра, бір жағынан, жеке болады, екінші жағынан - әлеуметтенген болады, яғни әлеуметтік маңызы бар қасиеттерімен сипатталады. Әлеуметтік сипаттамалар маңызды болып анықталады: дәл солар өмірдегі жетістікті анықтайды. Кезкелген адамның әлеуметтік түрі болады. Тұлғаның түрі қоғамның түрімен анықталады.
Психологтар үшін тұлға - психиканың сапасы, ол адамның қоғамда дамуының нәтижесі ретінде анықталады. Тұлға психикалық ұйымдастыру түрлері иерархиясының жоғары ерекше деңгейі ретінде, өмір мен іс-әрекет субъектісі ретінде, қоршаған ортаны және өзін-өзі өзгертетін адам ретінде, индивидтің бір әлеуметтік қасиеті ретінде, әлеуметтік байланыстар мен қатынастарды дамытудың және болмысының жеке формасы ретінде қарастырылады.
Педагогиканы тұлғаның өз қасиеттерінің, процестерінің, жағдайларының, өзінің психикалық мүмкіншіліктерінің реттеушісі ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Одан басқа, тұлға ұғымы басқарудың, өзін-өзі басқарудың, өз қабілеттерін, қажеттіліктерін, сезімдерін реттеудің тұлғалық деңгейі туралы көзқарастарды кіріктіреді.
Осыған орай әрі қарай қарастыруды талап ететін негіздемелері ретінде келесі тұжырымдамаларды айтамыз: педагогикалық процестің тұтастығы, адам мәдениеті мен адамгершілігінің қайта жаңаруы ретіндегі тәрбиенің тұтастығы, аксиологиялық көзқарас. Оларды тұлғаға-бағдарлаушылық білім берудің ғылыми негіздерін өндіріп, біріктіреді. Оның мәні - болашақ маман тұлғасының өзін-өзі дамытуына және әлеуметтенуіне бағытталған, индивидтің тұлғалық қызметтерін дамытуға бағытталған педагогикалық жүйенің бағдарлануында. Біздің көзқарасымыз бойынша, тұлғаға-бағдарлаушылық көзқарасы оқыту процесі барысында әр студенттің тұлғасы дамуы үшін ыңғайлы білім беру ортасын жасауға бағытталған.
Өзін тұлға ретінде қабылдайтын болашақ маман қоршаған адамдарды қабылдауға деген өзіндегі мүмкіншілігін ашады (әріптестерін, балаларды, оқушыларды және т.б.), оларды өзіндей көреді және олардың жеке ерекшелігін сыйлайды. Педагогикалық және психологиялық білім берудің негізгі міндеті - оқушыларды өздігінен ойлауға, проблемаларын шешуге, яғни тұлғалық өсуін қамтамасыз ету үшін өз қасиеттерін қолдануға үйрететін педагог-психологты тәрбиелеу.
Білім берудегі тұлғаға-бағдарлаушылық көзқарас маман тұлғасының шығармашылық дамуы мен тәрбиесін қамтамасыз ететін ең тиімді формаларының, әдістерінің және тәсілдерінің іздестіру аспектісінде орындалатын оның субъектілерінің тұлғалық қызметтерін дамыту мен толық көрініс беру үшін жағдайлар жасаудан тұрады. Педагогты дайындау олармен алдағы педагогикалық жұмыстың субъект іс-әрекеті барысында қалыптасатын тұлғалық-бағдарлаушылық мән-мағыналардың және субъект іс-әрекетімен айқындалатын күрделі үрдісі ретінде қарастырылады.
Тұлғаға бағытталған көзқарастың білім беруге деген мақсаты сырттай берілген қасиеттерді қалыптастыру деп қаралмайды, оның негізгі мәні тұлғалық мүмкіншілікті ашу және демеу, тұлғаның рухани және моральдық мүмкіншіліктерін анықтау, оларды өзін-өзі дамытуға кіріктіру деп қарастырылады.
3.Мұғалім мамандығының ерекшеліктері.
1.Білім беру ісінде қазіргі кезеңде үлкен өзгерістер жүруде:
:: Білім беру жүйесінің жаңа ұлттық моделін құрастыру;
:: Білім беру ісін халықаралық стандарттарға сәйкестендіру;
:: Халықаралық білім беру жүйесіне интеграциялану;
::Білім беруді ақпараттандыру, компьютерлендіру, технологияландыру
және т.б. іс-шаралар мемлекет тарапынан көтеріліп жасалуда.
Педагог деп бiлiм беру ұйымдарында, сондай-ақ бiлiм беру бағдарламаларын iске асыратын басқа да ұйымдарда бiлiм алушылар мен тәрбиеленушiлердi оқытуға және тәрбиелеуге байланысты бiлiм беру қызметiмен айналысатын қызметкерлерді атаймыз.
Педагогикалық мамандық бұл білім алу барысында пайда болатын білім, іскерлік, дағыдылардың жиынтығымен сипатталатын және кәсіби-педагогикалық міндеттерді шешуге бағытталған белгілі бір біліктілікке ие болатын педагогикалық кәсіби топтың іс-әрекетінің бір түрі.
Педагогикалық мамандықтың негізгі мақсаты - қоғамдық мақсаттарды түсіну және өз тәрбиеленушілерін осы мақсаттарға жетуіне жағдай жасап, бағыттау.
Мұғалім мамандығының негізгі ерекшеліктері:
- гуманистік сипаты;
- ұжымдық сипаты;
- адаптивтік (бейімдеуші) сипаты;
- шығармашылық сипаты;
- қарым-қатынас жүйесінде болуы;
- мұғалім тұлғасының үлгі, өнегелік сипаты және т.б.
Мұғалім мамандығы табиғаты жағынан гуманистік (адамгершіліктік) сипатқа ие мамандықтардың бір түрі. Оқыту барысында мұғалім адаптивті (бейімдеу) және гуманистік мақсаттарды жүзеге асырады. Адаптивтік мақсаты ол оқушыны, тәрбиеленушіні үйретумен, социомәдениеттік жағдайлардың нақты талаптарына дайындайды, бейімдейді. Педагог өзінің тәрбиеленушісін белгілі бір әлеуемттік жағдайларға дайындап, қоғамның қойып отырған талаптарына үйретеді. Ал гуманистік мақсаты оқушының жеке тұлғасын дамытып, шығармашылық дербестігін шыңдауға мүмкіндік жасау. Мұғалім мамандығы бір уақытта жеке тұлғаны қалыптастырушы, әрі оны басқарушы мамандық болып табылады. Оның басты мақсаттарының бірі жеке тұлғаны қалыптастыру, дамыту болғандықтан ол адамның интелектуалдық, эмоциональдық, физикалық дамуын басқарып, оның рухани әлемінің негізін қалыптастыру.
Мұғалім мамандығының бір ерекшелігі ол адам-адам жүйесінде жұмыс жасауы. Бірақта ол осы жүйеде жұмыс жасайтын басқа мамандықтармен салыстырғанда оның еңбегінің нәтижесіне тек бір өзі ғана ықпал етпеуімен ерекшеленеді. Яғни, жеке тұлғаның қалыптасуына мұғалім, отбасы, орта және т.б. әсер етеді. Сондықтан мұғалім мамандығы ұжымдық бастау алады.
Мұғалім мамандығы шығармашылық сипатқа ие мамандықтардың бірі. Мұғалім үнемі ізденіс, шығармашылық үстінде болуы тиіс. Шығармашылық педагогикалық іс-әрекеттің ұйымдастырылуы мен оның мазмұнын тиімді құрастыруға ықпал етеді. Мұғалім шығармашылығы педагогикалық міндеттерді тиімді шешуіне мүмкіндік жасайды.
Мұғалім мамандығы қарым-қатынас жүйесінде болуымен ерекшеленеді. Басқа мамандықтарға қарағанда мұғалім мамандығы қарым-қатынас жасау іскерлігін жоғары деңгейде игеруді талап етеді. Қарым-қатынас арқылы мұғалім тұлғаға ықпал етіп, оның тәрбиелі болуы мен білімінің қалыптасуына жағдай жасайды. Қарым-қатынас, яғни сөз мұғалім еңбегінің басты қаруы.
Мұғалім тұлғасы үлгі, өнегелік сипатқа да ие. Мұғалім өзінің тек беретін білімі мен тәжірибесі арқылы ғана тұлға қалыптасыру процесіне әсер етпейді, сонымен бірге оның жеке басының өзі оқушы тұлғасына ықпал жасайды. Сондықтан мұғалім әрқашанда бала алдында адамгершілігі мол, тәрбиелі, адам жанын түсінетін, терең білімді еліктеу үлгісі болуы керек. Мұғалім мектептен тыс уақыттарда өзінің сөзі мен ісі бір жерден шығып жатуына назар аударуы керек.
Педагогикалық мамандықтың негізгі мәні оның іс-әрекетіне байланысты болып табылады. Мұғалімдер әлеуметтік іс-әрекеттің ерекше түрін атқарады, яғни адамзат жинақтаған мәдениет пен тәжірибені аға ұрпақтан жас ұрпаққа беруге бағытталады, оларды қоғамдағы белгілі бір әлеуметтік рольдерді меңгеруге дайындайды.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Педагогика. 2015. Әлқожаева. Н.С.
2.Педагогика. 2016. Дүйсенбаев. А.Қ.
3.Педагогика. 2014. Усманов.Ә.Ә. Сәрсенбаева.М.Б.
4.Дидактика. 2013. Әмірова.Ә.С.
5.Педагогиканың философиясы және әдіснамасы. 2016. Таубаева.Ш.Т.
6.Педагогика. 2015. Дүйсенбаев. А.Қ.
7.Педагогика. 2014. Каракулов. К.Н.
Лекция№2
Қазақстандағы білім беру жүйесі
Лекция жоспары:
1.Білім беру жүйесі туралы түсінік.
2.ҚР білім беру жүйесіндегі құзыреттілік ұғымы.
Лекция мәтіні:
1.Білім беру жүйесі туралы түсінік.
Білім беру жүйесі - сабақтастығы бар білім беру бағдарламалары мен әр түрлі деңгей мен бағыттағы мемлекеттік білім беру стандарттары жүйесінің, оларды әртүрлі ұйымдастыру құқықтық формадағы, типтегі және түрдегі білім беру мекемелерінде іске асырушы тармақтардың, сонымен бірге білім беруді басқару органдары жүйесінің жиыны.
Бiлiм беру жүйесi қоғамның әлеуметтiк-экономикалық дамуында жетекшi роль атқарады, сондай-ақ оны әрi қарай айқындай түседi. Ал бiлiмнiң қалыптасып, дамуының жалпы шарттары философияның негiзгi мәселесi - рухтың материяға, сананың болмысқа қатынасы тұрғысынан зерттелетiн iлiм таным теориясы деп аталады. Таным теориясының басқа ғылыми теориялардан түбiрлi айырмашылығы - ол бiлiмнiң қалыптасуы мен негiзделуiнiң жалпы ұстанымдарын, объективтiк қатынастарды қалыптастырады.
Орыс педагогы К.Д.Ушинский айтқандай, қазіргі заман талабына сай, әр мұғалім, өз білімін жетілдіріп, ескі бірсарынды сабақтардан гөрі, жаңа талапқа сай инновациялық технологияларды өз сабақтарында күнделікті пайдаланса, сабақ тартымды да, мәнді, қонымды, тиімді болары сөзсіз. Бұл жөнінде Қазақстан Республикасы Білім туралы Заңының 8-бабында Білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі - оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу деп атап көрсеткен. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев жолдауында айқандай: Болашақта өркениетті дамыған елдердің қатарына ену үшін заман талабына сай білім қажет. Қазақстанды дамыған 50 елдің қатарына жеткізетін, терезесін тең ететін - білім. Сондықтан, қазіргі даму кезеңі білім беру жүйесінің алдына оқыту үрдісін технологияландыру мәселесін қойып отыр. Оқытудың әртүрлі технологиялары сарапталып, жаңашыл педагогтардың іс-тәжірибесі зерттеліп, мектеп өміріне енуде.
Қазіргі білім беру жүйесінің мақсаты - бәсекеге қабілетті маман дайындау. Мектеп - үйрететін орта, оның жүрегі - мұғалім. Ізденімпаз мұғалімнің шығармашылығындағы ерекше тұс - оның сабақты түрлендіріп, тұлғаның жүрегіне жол таба білуі. Ұстаз атана білу, оны қадір тұту, қастерлеу, арындай таза ұстау - әр мұғалімнің борышы. Ол өз кәсібін, өз пәнін , барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүйетін адам. Өзгермелі қоғамдағы жаңа формация мұғалімі - педагогикалық құралдардың барлығын меңгерген, тұрақты өзін-өзі жетілдіруге талпынған, рухани дамыған, толысқан шығармашыл тұлға құзыреті. Жаңа формация мұғалімі табысы, біліктері арқылы қалыптасады, дамиды. Нарық жағдайындағы мұғалімге қойылатын талаптар: бәсекеге қабілеттілігі, білім беру сапасының жоғары болуы, кәсіби шеберлігі, әдістемелік жұмыстағы шеберлігі.
Осы айтылғандарды жинақтай келіп, жаңа формация мұғалімі - рефлекцияға қабілетті, өзін-өзі жүзеге асыруға талпынған әдіснамалық, зерттеушілік, дидактикалық-әдістемелік, әлеуметтік тұлғалы, коммуникативтілік, ақпараттық және тағы басқа құзыреттіліктердің жоғары деңгейімен сипатталатын рухани-адамгершілікті, азаматтық жауапты, белсенді, сауатты, шығармашыл тұлға.
Нәтижеге бағытталған білім моделі мен басқарудың жаңа парадигмасы аясында жекелеген ұғымдар мен нормаларды және тиімді педагогикалық технологияларды меңгеру үшін педагогтардың кәсіби мәдениетін дамытуға бағытталған оқу қажеттіліктері туындылап отыр.
Біліктілік арттыру жүйесінде педагогтардың оқу қажеттіліктері нақты білімнің мәнін түсінуге, соның нәтижесінде өзіндік іс-әрекетке енуге және жеке өміріндегі тәжірибені жетілдіру мақсаттарына байланысты қалыптасады. Осы заманғы мұғалім оқуға үлкен потенциалдық мүмкіндіктермен келеді.
Сондықтан олардың функционалдық сауаттылықтарын кәсіби шеберлікпен ұштастыру үшін нәтижеге бағытталған білім беру үлгісінде мақсатты түрде білім беретін, қалыптастыратын, дамытатын андрогогикалық процесс қажет. Басқаша айтқанда ересектерге арналған, жалпы және кәсіби білімнің қажеттілігін дамыту, ғылым, білім мен мәдениет жетістіктері арқылы адамдардың жалпы мәдениеті мен әлеуметтік белсенділікті дамытуға бағытталған танымдық іс-әрекетке ынталандыру үшін білім беру. Қазіргі білім беру парадигмасы білікті адамға бағытталған білімнен мәдениет адамына бағытталған білімге көшуді көздейді. Бұл білім беруді жаңаша ұйымдастыру - оның философиялық, психологиялық, педагогикалық негіздерін, теориясы мен тәжірибесін тереңірек қайта қарауды қажет етеді. Сондықтан бүгінгі күні еліміздің білім жүйесінде оқыту үдерісін тың идеяларға негізделген жаңа мазмұнын қамтамасыз ету міндеті тұр.
Білім сапасын арттыру және нәтижеге бағытталған үлгіге беталуы барысында мұғалімдер мемлекеттік стандарт берілген нәтижелерге жетуде кәсіби шеберлікпен меңгерген зерттеу біліктері мен дағдылары нәтижесінде проблеманың шешімін таба алатын, ақпараттық- коммуникативті мәдениеті жоғары тұлғалық-дамытушылық функцияны атқарады. Қазіргі заман адамның осы құзыреттілікті меңгере отырып тек кәсіби икемділігін оңтайландыруды қамтамасыз ету ғана емес, іске асырылу мүмкіндігін үнемі оқып-үйрену және өзін-өзі жасау талабын қалыптастыра алады.
Қазақстандағы білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жобасында Қазақстанда оқитындарды сапалы біліммен қамтамасыз етіп, халықаралық рейтингілердегі білім көрсеткішінің жақсаруы мен қазақстандық білім беру жүйесінің тартымдылығын арттыру үшін, ең алдымен, педагог кадрлардың мәртебесін арттыру, олардың бүкіл қызметі бойына мансаптық өсуі, оқытылуы және кәсіби біліктілігін дамытуды қамтамасыз ету, сондай-ақ педагогтардың еңбегін мемлекеттік қолдау мен ынталандыруды арттыру мәселелеріне үлкен мән берілген. Осыған байланысты қазіргі таңда еліміздің білім беру жүйесіндегі реформалар мен сыңдарлы саясаттар, өзгерістер мен жаңалықтар әрбір педагог қауымының ойлауына, өткені мен бүгіні, келешегі мен болашағы жайлы толғануына, жаңа идеялармен, жаңа жүйелермен жұмыс жасауына негіз болары анық. Олай болса, білімнің сапалы да саналы түрде берілуі білім беру жүйесіндегі педагогтардың, деңгейіне байланысты. Дәстүрлі білім беру жүйесінде білікті мамандар даярлаушы кәсіби білім беретін оқу орындарының басты мақсаты - мамандықтарды игерту ғана болса, ал қазір әлемдік білім кеңістігіне ене отырып, бәсекеге қабілетті тұлға дайындау үшін адамның құзырлылық қабілетіне сүйену арқылы нәтижеге бағдарланған білім беру жүйесін ұсыну - қазіргі таңда негізгі өзекті мәселелердің бірі. Жалпы алғанда құзырлылық ұғымы жайлы ғалым К.Құдайбергенова Құзырлылық ұғымы - соңғы жылдары педагогика саласында тұлғаның субъектілік тәжірибесіне ерекше көңіл аудару нәтижесінде ендіріліп отырған ұғым.
Құзырлылықтың латын тілінен аудармасы сомпетенс белгілі сала бойынша жан-жақты хабардар, білгір деген мағынаны қамти отырып, қандай да бір сұрақтар төңірегінде беделді түрде шешім шығара алады дегенді білдіреді деп көрсетеді. Бұл жайлы Б.Тұрғанбаева ... өзінің практикалық әрекеті арқылы алған білімдерін өз өмірлік мәселелерін шешуде қолдана алуын - құзырлылықтар деп атаймыз деп анықтаса, Ресей ғалымы Н.Кузьминаның көзқарасы бойынша, Құзырлылық дегеніміз - педагогтың басқа бір адамның дамуына негіз бола алатын білімділігі мен абыройлығы.
Латын тіліндегі компетенс сөзін ғалым К.Құдайбергенова Құзырлылықты білімін, біліктілігін, дағдысын, тұлға мінез-құлқын, ең бастысы тұлға мүмкіндігін бағалаудың критерийі мақсатында қарастыру құзырлылық маңызын толық аша алады. Олай болса, құзырлылық, нәтижеге бағдарланған жаңа білім беру жүйесінің сапалық критерийі ретінде әлеуметтік және өмірлік көзқарастарды есепке алу қажет деп жазса, Б.Тұрғанбаева Құзырлылыққа бағытталған оқыту үрдісінде тәжірибелік жолмен мәселені шешу мүмкіндігі молаяды. Осы жағдай біліктілікті арттырудағы екінші үлгіге көшірудің негізі бола алады. Өйткені,құзырлылыққа бағытталған үлгіде білім алушылардың өздерін ұйымдастыру - басты мақсаты деп көрсетеді.

Қазақстан Республикасының 12 жылдық білім беру тұжырымдамасында педагог кадрлардың кәсіби-тұлғалық құзыреттілігін қалыптастыру басты мақсат екендігін атай келе, 12 жылдық білім беруде педагог төмендегідей құзыреттіліктерді игеруі міндетті деп көрсетілген.
1. Арнайы құзыреттілік - өзінің кәсіби дамуын жобалай білетін қабілеті.
2. Әлеуметтік құзыреттілік - кәсіптік қызметімен айналысу қабілеті.
3. Білім беру құзыреттілігі - педагогикалық және әлеуметтік психологияның негіздерін қолдана білу қабілеті.
Ендеше құзыреттілік дегеніміздің өзін қазіргі заман талабына сай педагог қауымының өзін -өзі өзгерте алу қабілеттілігі деп түсінуге болады. Білім саясатындағы түбегейлі өзгерістерді күнделікті оқу үрдісінде берілетін тапсырмалардан бастау қажет екендігі айқын көрсетілген. Студенттер оқытушы қауымнан тек білімге ғана емес, өмірге үйрететін қабілеттілікті қажет етіп отыр. Демек, болашақ педагогтеріміз осы ақпараттық қоғамнан қалыспай: жедел ойлаушы, жедел шешім қабылдаушы, ерекше ұйымдастырушылық қабілетті, нақты бағыт- бағдар беруші болып шығуы - бұл қазіргі заманның талабы. Міне, құзыреттілік қалыптастыру дегеніміздің өзі болашақ мұғалім - қазіргі студенттердің шығармашылық қабілеттерін дамыта отырып ойлаудың, интеллектуалдық белсенділіктің жоғары деңгейіне шығу, жаңаны түсіне білуге, білімнің жетіспеушілігін сезінуге үйрету арқылы ізденуге бағыттауды қалыптастырудағы күтілетін нәтижелер болып табылмақ. Мұның өзі өз кезегінде қазіргі ұстаздардан шәкіртті оқытуда, білім беруде, тәрбиелеп өсіруде белгілі бір құзіреттіліктерді бойына сіңірген жеке тұлғаны қалыптастыруды талап етеді.
Мұндай құзыреттіліктің қатарына мыналар жатады:
* бағдарлы құзіреттілік (азаматтық белсенділік, саяси жүйені түсіну, баға бере білу, елжандылық, т.б);
* мәдениеттанымдылық құзіреттілік (ұлттық ерекшеліктерді тани білу, өз халқының мәдениеті мен өзге ұлттар, әлем мәдениетін салыстыру, саралай білу қабілеті);
* оқу-танымдық құзіреттілік (өзінің білімділік қабілетін ұйымдастыра білу, жоспарлай білу, ізденушілік-зерттеушілік әрекет дағдыларын игеру, талдау, қорытынды жасай білу);
* коммуникативтік құзіреттілік (адамдармен өзара қарым-қатынас тәсілдерін білу, мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінде, халықаралық қатынаста шетел тілінде қатынас дағдылары болуы);
* ақпараттық-технологиялық құзіреттілік (ақпараттық технологиялармен, техникалық обьектілер көмегімен бағдарлай білу, өз бетінше іздей білу, таңдай, талдай білу, өзгерте білуді жүзеге асыра білу қабілеті);
* әлеуметтік-еңбек құзіреттілігі (әлеуметтік-қоғамдық жағдайларға талдау жасай білу, шешім қабылдай білу, түрлі өмірлік жағдайларда жеке басына және қоғам мүддесіне сәйкес ықпал ете білу қабілеті);
* тұлғалық өзін-өзі дамыту құзіреттілігі (отбасылық еңбек, экономикалық және саяси қоғамдық қатынастар саласындағы белсенді білімі мен тәжірибесінің болу қабілеті).
Аталған құзыреттілік қасиеттерді тұлға бойына дарытуда педагог қауымның арнайы әлеуметтік білім беру құзыреттіліктерінің жан-жақты болуы талап етіледі. Егер педагог өзінің кәсіби өсу жобасын дұрыс жолға қоя отырып, өзінің кәсіптік қызметіне нақты берілу арқылы тұлғаның алған білімін өмірде қолдана білетіндей тапсырмалар жүйесін ұсына алатын жағдайда болғанда ғана студент құзыреттілігін қалыптастыруға мүмкіндік табады. Бір сөзбен айтқанда, тұлғаға бағытталған білімдер жүйесі білім стандартына сай тұлғаның жан- жақты дамуына негізделген, алған білімін өмірдің қандай бір жағдаяттарына қолдана алатындай дәрежеде ұсыну педагогтің құзыреттілігіне байланысты болады.

Лекция№3
Педагогика адам туралы ғылым жүйесінде
Лекция жоспары:
1.Педагогика ғылымының қалыптасуы мен дамуы.
2.Педагогика - қазіргі адамтанудың саласы.
3.Педагогиканың объектісі, пәні және қызметтері.
4.Педагогиканың негізгі категориялары (тәрбие, оқыту, білім беру, педагогикалық үдеріс), олардың өзара байланысы.

Қандай да болмасын ғылым салаларының дамуы қоғамның өмірлік мұқтаждығынан, талабынан туады. Педагогиканың пайда болуы қоғамның жас ұрпақты тәрбиелеудің тиімді жолын табу мақсатынан және де өндірісті дамыту талабынан туған. Тәрбие ұрпақ пен ұрпақты байланыстыратын дәнекер болып саналады. Педагогика ғылымы ұзақ тарихи даму жолынан өтті.
Алғашқы педагогикалық ой-пікірлер ертедегі шығыс елдерінің (Мысыр, Вавилония, Унді, Қытай) философиялық жүйесінде дамып, кейін біртіндеп өз алдына жеке ғылым болып дами бастады. Ежелгі дүние философиясы ертедегі шығыс елдерінің қорытып жиыстырған білім мұрасын дамытқан еді. Сократ, Платон, Аристотель, Демокрит саясат, тәрбие, мемлекет, жеке адам тәрбиесінің мақсаттары мен мазмұны және ерекшелігі сияқты педагогикалық мәселелерді қарастырады. Феодалдық қоғамда (орта ғасырда) тәрбиеге деген көзқарас мүлдем өзгерді. Ерте дүние педагогтары ұсынған адамның рухани және дене күштерінің қатар дамуы көзқарасының орнына "о дүниелік өмірге" дайындауды ұсынған пікірлер қалыптасты.
ХУ-ХУI ғасыр педагогикасы орта ғасыр педагогикасын сынады. Адамның жеке басының тәрбиесін оның дамуы ойшылдарды толғандырды, мәдениет пен педагогикалық бағыт "гуманизм" деп аталды (Ф.Рабле, Т.Мор, Т.Кампанелла).
Гуманистер жаңа дәуір үшін жаңа адам қажеттігін дәлелдеді.
Феодализмнен капитализмге өту дәуірінде дін шырмауындағы ғылымдар дамып, жеке бөлініп шыға бастайды. Осы кезде педагогика да өз алдына ғылым ретінде бөлініп шықты. Сол ғасырда педагогиканың жеке ғылым ретінде мәртебесі чех халқының ұлы педагогы Ян Коменскийдің (1592-1670) "Ұлы дидактика" еңбегімен беки түсті.
Батыс Еуропада ағылшын философы Джон Локк (1632-1704) "Тәрбие туралы ойлар" деген еңбегінде тәрбиенің психологиялық негіздеріне, адамгершілік тәрбиесіне көбірек көңіл бөлді. Ол баланы "таза тақтаға" теңеді. Францияда Жан-Жак Руссо (1732-1778) баланы табиғат арқылы, табиғаттай жетілдіре тәрбиелеуге көңіл бөліп, баланы жазалауға қарсы болды, қатаң таяқ тәртібіне қарсы "еркін тәрбие" идеясын ұсынды. Швейцарияның педагог-демократы И.Песталоцци "Лингард және Гертруда" деген еңбегінде білім беруге демократиялық көзқарасты, тәрбиенің гуманитарлық сипатын балаға шын пейілмен көңіл бөлуді жақтады.
Ресейде революциялық-демократияшыл ойдың негізін салушылар:
А.Н.Радищев, В.Г.Белинский, А.Н.Герцен; XIX ғасырдың 60-ы жылдарында Н.Г. Чернышевский, Н.А.Добролюбов; XIX ғасырдың екінші жартысында демократияшыл тәрбиенің идеяларын ұсынушылар: Н.И.Пирогов, К.Д.Ушинский, Л.Н.Толстой, т.б. болды.
Н.К.Крупская (1869-1939) кеңестік педагогика ғылымын дамытуға зор үлес қосып, еңбек және политехникалық білім беру, идеялық-саяси тәрбие мәселелерін ғылыми-теориялық негізде талдады. Н.К.Крупскаяның айырықша көңіл бөлген мәселелерінің бірі - оқыту теориясы. Сонымен қатар кеңес мектебінде оқушылардың өзін-өзі басқарудағы мақсаты мен міндеттерін белгіледі. Оның еңбектерінде отбасы тәрбиесі, балалардың қоғамдық ұйымдарының қоғамда алатын рөлі және міндеттері көрсетілді.
Көрнекті кеңес педагогы Антон Семенович Макаренко (1888-1939) жастарды қайта тәрбиелеудегі өзінің бай тәжірибесіне сүйеніп, оқу-тәрбие жұмысын жүргізудің жүйелі теориясы мен әдістемесін құрды.Макаренконың тәрбие мен оқу жайлы еңбектері, оның жеті томдық педагогикалық шығармаларында жинақталған. Олар: "Ата-аналар кітабы", "Балаларды тәрбиелеу жайлы дәрістер , "Тәрбие жұмысын ұйымдастыру әдістемесі", "Кеңестік мектеп тәрбиесінің мәселелері", "Педагогикалық поэма", "Мұнара үстіндегі тулар". Бұл енбектерінде Макаренко тәрбиенің мақсаттары мен міндеттерін, әдістері мен негізгі принциптерін, балалар ұжымы мен оқушыға қойылатын бірыңғай педагогикалық талаптарды зерттеп, жинақтады.
Көрнекті педагог Василий Александрович Сухомлинский (1918-1970) өзінің педагогикалық жүйесінде әрбір оқушының жан-жақты дамуының, дара ерекшеліктерінің, бейімділігінің, қызығушылығының, тағы басқа қабілеттерінің жетілуіне бағытталған оқу-тәрбие процесін ұйымдастырды. "Павлыш орта мектебі, "Балаға жүрек жылуы", "Ұжымның құдіретті күші", "Мектептің жас директорымен сырласу", "Ұлыма хат", тағы басқа құнды еңбектері арқылы В.А.Сухомлинский жас ұрпаққа тәрбие мен білім берудің ұлы ісінің жалғастырушысы болды.
Қазақстанда ағартушылық идеяны көтергендердің бірі - Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов (1835-1865). Ағартушы-ғалым қазақ даласындағы оқу, мектеп ісін ғылыми негізде құрып, оқу білімінің табиғат сырларын ашуға бағытталуын, туған халқының алдыңғы қатарлы мәдениетті елдерді қуып жетуін аңсады. Діни бағыттағы медреселер мен ел билеуші әкімдер, тілмаштар дайындайтын мектептердің мақсатын сынай келіп, жалпы білім беретін мектептердің ашылуын көздеді. "Тек ақиқат білім ғана адамға күдік туғызбайды, ол өмірді бағалауға, тұрмыс құруға үйретеді', - деді Шоқан.
Қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы Ыбырай Алтынсариннің (1841-1889) демократиялық-ағартушылық бағыты оның педагогикалық көзкарастарынан айқын көрінеді. Бүкіл өмір жолын мектеп ашуға, қазақ, балаларын оқуға тартуға, дүние ғылымдарын үйретуге, оқу құралдарын жазуға, тәлімгер-ұстаз дайындауға, оларға ғылыми әдістемелік басшылық жасауға, өз кезеңіндегі қазақ халкының қоғамдық өміріндегі саяси-әлеуметтік мәселелерді жан-жақты қамтып, жазуға жұмсады. Ы.Алтынсарин қазақ жастарының мамандық алуына жол ашты.Торғайда - қоленер, Қостанайда - ауыл шаруашылығы училищелері, Ырғызда - қазақ қыздарына арнап мектеп-интернат ашылуына зор ықпал жасады.
Қазақ халкының ұлы ойшыл ақыны Абай Құнанбайұлының (1845-1904) поэтикалық шығармалары мен "Қара" сөздері педагогикалық ой-пікірлерге толы. Табиғаттық санадан тыс, тәуелсіз өмір сүруі, өмір ақиқатының түйсікпен қабылдануы, адамдар жаратылысының бірдей еместігі, ғылымның ақылмен, жан құмарымен алынатындығы оның көрінісі. Ақынның педагогикалық көзқарасының қоғамдық қатынастар тұрғысындағы пікірлері, жастарды халқының әдеп-ғұрпы, салт-санасы, дәстүрінен тәлім-тәрбие алуға шақыруы дүниежүзілік педагогика классиктерінің ой-пікірлерімен үндеседі.
Ағартушы-педагог Ахмет Байтұрсынов (1873-1937) мол педагогикалық мұра калдырды. А. Байтұрсынов бүкіл саналы өмірін қазақ қоғамында білім-ғылымның дамуына, мектеп ағартушылық ісінің жанданып, кемелденуіне бағыштайды. Ол ауыл мектебінде, семинарияларда бала оқытты, оқу-тәрбие жұмыстарын жетілдіру саласында көп ізденді.
А.Байтұрсынов оқытудың дидактикалық принциптерін ғылыми тұрғыда белгілеп берді.
А.Байтұрсынов ұсынған жаңа әліпби 1913 жылдардан бастап мұсылман медреселері мен орыс-қазақ мектептерінде қолданыла бастады. Қоғам алдына ол қазақ даласында оқу-ағарту ісі дұрыс жолға қойылсын, ол үшін ауыл мектептерінде балалар қазақша сауат ашатын болсын, оқу ана тілінде жүргізілсін деген талаптарды бастаушы болды.
Міржакып Дулатов (1885-1935) Ы.Алтынсариннің ұстаздық идеяларын әрі қарай дамытып, А.Байтұрсынов сияқты оқу-тәрбие мәселелерін ғылыми тұрғыдан қараған, шәкірттердің жаңа бағдарламалар арқылы білім алуына, мұғалімдердің ғылыми дидактикалық қағидаларға сәйкес сабақ жүргізуіне ерекше мән берген педагогтардың бірі.
Жүсіпбек Аймауытов (1889-1931) педагогика, психология саласында құнды ғылыми-зерттеу еңбектерімен қатар, бірнеше оқулықтар, оқу құралдарының авторы болған ірі тұлғалардың бірі. "Тәрбиеге жетекші" атты еңбегінде (1924 ж.) педагогиканың дидактика саласын ғылыми негіздеген.
Қазан төңкерісінен кейін тәлім-тәрбие ғылымына терең үңілгендердің бірі - Мағжан Жұмабаев (1893-1938). Оның "Педагогика" атты еңбегі соңғы кезеңдегі ана тілімізде жазылып, ғылыми әлемді елең еткізген туынды болды.
Қазақ педагогика ғылымының тұңғыш профессоры Шәрапи Әлжановтың (1901-1938) тәлім-тәрбие саласында әр түрлі тақырыптың төңірегінде жазған жиырмадан астам еңбегі жарық көрді. Ол "Ес және есте сақтау меселелері, "Ой мәселелері", "Дағдылану мәселелері атты еңбегінде (1936 ж.) шәкірт психологиясының жас және дара ерекшеліктері жайлы сөз қозғайды, сол салада жүргізілген сараптамалық зерттеулердің нәтижесін оқырман назарына ұсынады.
Қазақтың белгілі педагогы Әбдіхамит Сембаевтың (1905-1989) қаламынан сексеннен астам қомақты ғылыми-педагогикалық еңбектер шықты. "Қазақстанда Советтік мектептің даму тарихы" (1962 ж.) атты монографиялық еңбегінде мектептердің көптеп ашылуын, оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдардың жасалу жолдарын, мұғалім кадрларын даярлау ісіндегі қол жеткен табыстарды нақтылы деректермен ғылыми тұрғыда дәлелдеді..
Қ.Бержанов (1924-1976) - педагогика ғылымдарының докторы, профессор. Педагогика ғылымының дамуына елеулі үлес қосқан ғалым-ұстаз. Қорыта айтқанда, Қазақстанда педагогика ғылымы XX ғасырдың екінші жартысынан бері тез қарқынмен дамыды.

Педагогика бұл - адамзат ғылымының ең ежелгі және қоғам дамуының ажырамас саласы болып табылады. Себебі: педагогикалық білім ұғымы ұрпақты білімге дайындау немесе тәрбиелеу мен байланысты адам әрекетінің ерекше аймағына кіреді. Педагогика барлық ғылымдар сияқты философия ғылымы аясында қарастырылды. Ежелгі грек философтары Гераклит, Демокрит, Фальс, Сократ, Аристотель, Платон, т.б. ғалымдарының педагогикаға қосқан үлесі зор. Педагогика деген ұғым көне грек елдерінде б.э.б. 2,5 жылда пайда болған дейді. Педагогика деген сөз, яғни термин, көне грек тілінен шыққан, ол балаларды ертіп жүру, баланы жетектеп мектепке апаруы деген сөз. Анығырақ айтатын болсақ, "Педагогика" термині гректің екі сөзінен: "пайс" - балалар және "эгейн" - баланы басқару, тәрбиелеу, жетектеу, бағу ұғымдарынан шыққан. Адам өмір бойы тәрбиеленеді және қайта тәрбиеленеді. Педагогика - бала жайындағы ғылым, олай болса ол ұрпақ тәрбиесі жайындағы ілім. Адам баласының ұрпағы үнемі жаңарып, өзгеріп отырғандықтан, педагогика ілімі де үнемі өзгеріп отырады. Қазіргі кезде тәрбиенің ықпал жасау аясы кеңейе тусуде. Сондықтан "педагогика - бала тәрбиесі жайындағы ғылым", -деп шек қоюға болмайды. Педагогиканың ғылыми таным саласы - тәрбие. Педагогика қоғамдық өмірдегі тәрбиенің мәні мен рөлін анықтайды. Педагогика - жалпы адам тәрбиесі жайындағы ғылым. Ал тәрбие - жастарды әлеуметтік өмірге және еңбекке даярлап, оларға қоғамдық тарихи тәжірибені үйрету процесі.
Әрбір ғылымның өзіне тен зерттейтін саласы және ғылыми ұғымдары бар. Мысалы, философиядағы ұғымдарға "болмыс", "материя", "қозғалыс"; саяси экономияда - "қоғамның өндіргіш күштері мен өндірістік қатынастары", ал педагогикада - "тәрбие", "білім беру", "оқыту"жатады.
Тәрбие дегеніміз - адамдарды қоғамдық өмірге және өнімді еңбекке дайындау мақсатын көздеп, жаңа ұрпаққа қоғамдық-тарихи тәжірибені беру процесі. Тәрбие ұғымы кең мағынада әлеуметтік қоғамдағы құбылыс ретінде барлық тәрбие салаларын, атап айтсақ: отбасы, мектепке дейінгі мекеме, оқу тәрбие орындары, еңбек ұжымы, ақпарат құралдары, баспа орындарын қамтиды. Біздің мемлекетте бұл салалар қоғамдық, мемлекеттік мақсатқа қызмет етеді. Кең мағынада деген ұғымда бүкіл сыртқы әсерлердің, адамды қоршап тұрған, табиғи және әлеуметтік ортаның, тәрбиешілердің мақсатты іс-әрекеттерінің ықпалымен адамды қалыптастыру.
"Тәрбие" ұғымы тар мағынада "Тәрбиеші тәрбиелейді", кең мағынада "Өмір тәрбиелейді' деп қолданудың тәрбие жайлы ұғымды анықтауда зор мәні бар.
Тәрбие - тар мағынада жеке тәрбиелік міндетті шешуге, жеке адамның белгілі бір қасиетін қалыптастыруға, мәселен, эстетикалық талғамын тәрбиелеуге бағытталған жұмыс.
Тәрбие жаңа ұрпақты өмірге, еңбекке дайындау арқылы қоғамның алға қарай дамуын қамтамасыз ететін процесс. Тәрбие - педагогикалық кең мағынада қоғамның арнайы бөлінген адамдары - мұғалім, педагог, тәрбиешілердің басқаруымен жүргізілетін мақсатты үрдіс. Олар арнайы тәрбие жұмысын ұйымдастырып, жеке адамның қалыптасуына ықпал жасайтын жиынтық факторларды пайдалана отырып, әрекше әдіс-тәсілдерді қолданады.
Тәрбие жайлы әр түрлі теориялар мен пікірлер айтылып келеді. Тәрбиені ересек адамдардың балаларға ықпал жасауы деп түсіндірулер де бар. Бұл жағдайда бала енжар объект түрінде қарастырылады. Ол педагогикалық процестің субъектісі бола алмайды, яғни, өздігінен ойланып, белсенді іс-әрекет жасай алмайды. Бұдан тәрбиеге бір жақты анықтама беру байқалады.
Білім беру - табиғат пен қоғам жайында жинақталған білім жүйесін жеке адамның меңгеруі және оны өмірде тиімді етіп қолдана білуі.Білім беру ұғымын педагогикаға тұңғыш енгізген И.Песталоцци.
Білім беру - оқыту мен тәрбие жұмысын біріктіретін және жеке бастың дамуына ықпал жасайтын процесс. Оқыту - білім берудің негізгі жолы. Оқыту екі жақты, бір текті процесс:
1.Оқытушы оқушыларға білім беріп, іскерлік, дағдыға үйретеді.
2.Оқушы таным міндеттерін жете түсініп, жаңа білімді, іскерлікті, дағдыны игереді және оларды өмірде колданады.Ал адамның білім алуы тек оқыту процесінің нәтижесі емес, оның; білім алуына көпшілік ақпарат құралдары кино, радио, телехабар, т.б. ықпал жасайды.
Сонымен бірге адамның "жетілуі", "дамуы", "өзін-өзі тәрбиелеу" ұғымдары да педагогиканың зерттейтін мәселелері саласын толықтырады.
Жеке адамның дамуы - бұл ішкі және сыртқы, басқарылатын, басқарылмайтын және факторлардың ықпалымен жеке адамның қалыптасып жетілу процесі. Жеке адамның дамуы мен жетілуінде мақсатты түрде жүргізілетін тәрбие және оқыту шешуші рөл атқарады.
Жеке адамның қалыптасуында өзін-өзі тәрбиелеудің маңызы зор. Өзін-өзі тәрбиелеу - адамның саналы түрде, белгілі бір мақсат көздеп өзінің бойына қалыптастыратын қасиет, мінез-құлық дағдысына бағытталған жұмыс. Негізгі педагогикалық ұғымдар - тәрбие, білім беру, оқыту біріне-бірі тәуелді, табиғи байланысты. Бұл ұғымдар жастарды өмірге, тәжірибеге дайындаудың басты құралы.

Педагогика тәрбие туралы ғылым. Педагогика өзінің атауын гректің "paidagogas"-баланы жетектеуші сөзінен алған. Ең алғашқысында бұл сөз құл қожасының баласын мектепке жетектеп апарушы дегенді білдірсе, кейін келе ол тәрбие туралы ғылымның аты ретінде қалды. Тәрбие - қоғамның кейінгі ұрпақтарда өзін қайта көрсетумен байланысты атқаратын негізгі қызметтерінің бірі. Әрбір келешек ұрпақтың қоғамдағы орнын табуы ең алдымен өткен ұрпақтардың жинаған әлеуметтік тәжірибесін меңгеру деген сөз. Өсіп келе жатқан балалардың әлеуметтік тәжірибені игеруі үшін - делдал - ұстаз, мұғалім керек.
Педагогика нысаны - қозғалыстың мақсатты бағдарланған іс-әрекеттері үрдісінде дара адам дамуына себепкер болған болмыс құбылысын айтамыз.
Педагогика пәні. Білім білімдену процесі тек педагогиканың ғана меншікті зерттеу аймағы емес, оның зерттеуімен философия, әлеуметтану, жантану, экономика және де басқа ғылымдар шұғылданады.
Педагогика ғылымының қызметтері. Дербес ғылым реттінде танылған педагогиканың қызметтері оның жоғырыда аталған пәндік сипатымен сабақтас, яғни табиғи бірлікте іске асырылуы қажет теориялық және технологиялық міндеттер.

Педагогика гректің пайс - балалар, эгейн - баланы басқару, тәрбиелеу, жетектеу ұғымдарынан шыққан. Ертедегі Грекияда өзінің қожайынының баласының қолынан ұстап, жетектеп, мектепке ертіп апаратын құлдарды педагогтар деп атаған.
Қоғамның даму формацияларының әр кезеңінде педагогика сөзі (ұғымы) кең, жалпы мағынада қолданыла бастады. Білімнің жетілуіне байланысты балалардың тәрбиесі туралы ғылым пайда болды.
Негізгі педагогикалық ұғымдар - тәрбие, білім беру, оқыту біріне-бірі тәуелді табиғи байланысты. Бұл ұғымдар жастарды өмірге, тәжірибеге дайындаудың басты құралы.
:: Тәрбие - адамзат баласының ғасырлар бойы жинақтап, іріктеп алған озық әлеуметтік тәжірибесін жас ұрпақтың бойына сіңіру, аға ұрпақ пен жас ұрпақтың өзара бір-бірімен әрекеттесу процесі.
:: Оқыту - оқушы мен мұғалімнің белгілі бір дидактикалық міндеттерді шешуге бағытталған мақсатты түрде өзара әрекет жасау процесі.
:: Білім беру - ғылымдар жүйесінен білім алу және танымдық іскерлік пен дағдыны қалыптастыру, соның негізінде жеке бастың көзқарасын, адамгершілік және т.б. жағымды қасиеттерді қалыптастырып, жеке адамның шығармашылық қабілетін дамыту.
:: Даму - адамның физикалық және рухани күш жігерінің сандық және сапалық жағынан тізбектеле, яғни бірізді өзгеруінің объективті процесі.
:: Өзін-өзі тәрбиелеу - адамның өз бойында өзі қалаған, өзіне ұнаған қасиеттер мен қабілеттерді, мінез-құлықтарды, әдеп пен әдетті, дағдыларды қалыптастыру мақсатында саналы, мақсатты, белсенді жұмыс істеуі.
:: Өздігінен білім алу - адамның өзін қызықтырған сала бойынша білімдерді іздестіруі мен меңгеруіне өзбетінше мақсатты түрде, белсенді жұмыс істеуі.
:: Қайта тәрбиелеу - осыған дейін қолданылған тәрбие әдістері мен тәсілдері, формалары нәтиже бермеген жағдайда, тәрбие әдістері мен тәсілдерін, формаларын түбегейлі өзгертуі.
:: Қалыптасу - ішкі және сыртқы, басқарылатын және басқарылмайтын, барлық факторлардың ықпалымен адамның әлеуметтік тірі жан иесі ретінде дамып жетілуі.

Лекция№4
Педагогикалық зерттеудің әдіснамалық негіздері мен әдістері
Лекция жоспары:
1.Педагогика ғылымының әдіснамасы мен педагогтың әдіснамалық мәдениеті туралы түсінік.
2.Педагогика әдіснамасының деңгейлері.
3.Ғылыми-педагогикалық зерттеудің мәні мен мазмұны.
4.Мұғалімнің зерттеушілік іс-әрекетінің әдістері.
5.Нақты педагогикалық зерттеуді ұйымдастыру және өткізу әдістемесі.

Педагогика әдіснамасы - педагогика теориясы, педагогикалық құбылыстарды қарау принциптері, зерттеу әдістері туралы білім жүйесі, алынған білімді тәрбиелеу, оқыту, білім беру тәжірибесіне енгізу жолдары. Әдіснаманың теориялық жағы негізгі педагогикалық заңдылықтардың анықталуымен байланысты, ғылыми ізденудің бастапқы алғышарты ретінде, дүниетану қызметіне еніп, педагогикалық зерттеудің қандай философиялық, биологиялық, психологиялық идеялардан құрылғанын анықтап, алынған нәтижені дәлелдеп және қорытынды шығарады.
Педагогиканың әдіснамасы оның негізін, базалық сипатын анықтайды. Әдістеме негізінде педагогиканың тұтастай және оның құрылымдық құрамдас бөліктерінің ғылыми бағытының мәні анықталады. Осыған сүйене отырып, педагогиканың теориясы мен практикасының өзекті проблемаларын зерттейді.
Педагогиканың әдіснамасын түсіну үшін мына мәселелерді қарастыру қажет:
- әдіснама және педагогиканың әдіснамасы ұғымдары;
- педагогика әдіснамасы негіздері;
- субъект ұстанымы тұрғысынан педагогикалық болмыстың сапасын бағалау және таным әдіснамасы негіздері.
Педагогика әдіснамасының мәні туралы түрлі көзқарастар бар. Кейбір зерттеушілер әдіснаманы: теориялық қызметтің құрылымы, логикалық ұйымдастырылуы, әдістері мен құралдары туралы; басқалары, - таным әдістерін қалыптастыру қағидалары мен рәсімдері және шындықты тану және қайта құру әдістерін ... жалғасы

Ұқсас жұмыстар
Пәндер
- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.
Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz