Тіл мен сөйлеу


Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 148 бет
Таңдаулыға:   

КІРІСПЕ

«Стилистика және тіл мәдениеті» пәнінің мақсаты мен міндеттері - студенттердің тіл мәдениеті мен стилистика туралы жүйелі теориялық білім алуына оны тәжірибе жүзінде жүзеге асыруға негізделеді. Бұл пәнді оқытудағы мақсат - студенттерге лингвистикалық стилистиканың бағыттары және негізгі ұғымдары туралы, әсіресе функциональдық стильдер мен тіл ярустарының стилистикалық мүмкіндіктері туралы білім беру, кез-келген мәтіннің қай стильге жататынын ажырата білуге үйрету. Іс қағаздарының, ғылыми еңбектер және баспасез бетіндегі материалдарға тілдік тұрғыдан талдау жасап, әр стильге материалдар жазуға дағдыландыру осы курстың мақсаты болып табылады.

Мәтіндегі фонетикалық немесе грамматикалық қателерді болдырмаудың жолдарын көрсете білуге үйрету, ауызша және жазбаша жұмыстарды орындау үстінде шәкірттердің тіл тазалығын, анықтығын дәлдігін сақтап, әр сөз, сөйлемді өз орнымен жұмсап, стилистикалық норманы сақтап, қазақ тіл мәдениетін көтеруге үлес қосуды мақсат етеді.

Бұл пәнді үйретудегі міндет теориялық лекция оқу мен тәжірибелік сабақ өткізу арқылы жүзеге асырылады. Бұл міндетті орындау барысында екі түрлі талаптың орындалуы қажет:

- білімді меңгертуге қойылатын талап. Бұл талап бойынша қазіргі қазақ тіл мәдениеті мен стилистиканың жүйесіндегі маңызды мәселелерді ғылыми түрғыдан зерттеу ісі мен оқытудың жаңа технологиясын меңгертуге көңіл бөлінеді;

- білімді қолдануға қойылатын талап. Бұл талап бойынша нақтылы контекст ыңғайында нұсқаулар, ұсыныстар, ақыл-кеңестер айтылып, оларды студенттердің орындаулары талап етіледі.

Болашақ қазақ тілі мамандарының шешен де тартымды сөйлеу білуі, ойын қағазға анық та түсінікті түсіре білуі пәннің ғылыми және тәжірибелік мәнін көрсетеді.

Студенттердің терең білім алуы үшін бірқатар пәндердің кейбір тақырыптарын меңгеруіне тура келеді.

«Стилистика және тіл мәдениеті» пәні тіл ғылымы ішінде төмендегі пәндермен байланыстырыла оқытылады. Фонетикамен дыбыс жүйесі, орфоэпиялық нормаларды сақтау, орфографиялық қателерді жібермеу басшылыққа алынады. Лексикология - сөз, сөздік қор, сөздердің мағыналық реңктерін ажырату құбылыстарымен танысады. Грамматика - сөздің құрамы, сөз тіркесі, сөйлемді тілдік единицаларды жазу, сөйлеу барысында дұрыс қолдана білуге үйретеді.

Жанама пәндермен тікелей байланыста оқытылады: студенттер әдебиет теориясы, философиядан, логикадан, педагогикадан, психологиядан т. б. пәндерден түйген танымдық білімдерін тіл мәдениеті мен стилистиканы ойдағыдай игеруіне ықпал етері анық.

Осы пәндерді игеру жолында студент өзінің білімінің дағдылық, іскерлік қабілетін дамытып, ана тілінің қасиетін тереңінен танып, оның қыр-сырын меңгеріп, өз бойына ана тіліне деген сүйіспеншілігін дарытып, тіл мәдениетін өркендетуге үлес қосары сөзсіз.

СТИЛИСТИКА ЖӘНЕ ОНЫҢ АНЫҚТАМАСЫ

Тіл білімінде стилистиканың жалпыға бірдей қалыптасқан анықтамасы жоқ. Мұның бір себебі өзінің қалыптасуы барысында тіл білімінің бұл саласы әр түрлі бағыттардың құрамында дамыды. Алғашқы кезде көркем тілді зерттеу аясында дамыса, соңғы кездері оның зерттеу нысаны әлдеқайда кеңейіп, тармақтала түсті.

Барынша жалпы мәнінде алсақ, стилистика тілдің мәнерлі құралдары туралы, сонымен қоса тілдік құралдарды сөйлеудің мазмұнына, қарым-қатынастың мақсатына, жағдайы мен саласына сәйкес қолдану, яғни тілдің қызмет ету заңдылықтары туралы ілім деп анықтауға болады. Қарым-қатынастың анағұрылым жинақталған, әлеуметтік мәнге ие болған ондай салаларына ғылыми, көркем, публицистикалық, ресми және тұрмыстық салалар жатады.

Кейде стилистиканы тілдің мәнерлегіш құралдары туралы ілім деп те анықтайды. Ондай жағдайда стилистиканың функционалдық жағы ескерілмей, ол тек тілдің стилистикалық боямалы құралдарын зерттейтін болып шығады. Сонымен қатар, стилистиканы функционалды стильдер туралы ғылым деп қана қарау да жеткіліксіз, өйткені стилистика ілімі тілдің стилистикалық қорын (ресурстарын) зерттеуден бастау алады, әрі стилистикалық қор функционалды стильдерді қалыптастыруға да уақыт өте келе белсенді қатысады.

Сонымен, жоғарыдағы анықтаманы жалпы стилистикаға тән анықтама деуге болады. Жалпы стилистика зерттеу бағыттарына қарай іштей тармақталады.

1. Контекстен тыс түрде тілдің стилистикалық қорын зерттейтін саласы - құрылымдық стилистика.

2. Тілдің әртүрлі қарым-қатынас саласында қолдану заңдылықтары туралы ілім - функционалды немесе қолданымдық стилистика.

3. Көркем әдебиет стилистикасы.

4. Нормативті, практикалық стилистика.

Құрылымдық стилистика тілдік құралдардың стилистикалық сапа-қасиеттерін олардың нақты қолдану жағдайына қатыссыз тұрғыда зерттесе, қолданымдық стилистика, керісінше, тілдік құрылымдардың қызмет ету ерекшеліктерін олардың белгілі бір жағдайларда (мысалы, белгілі бір жанрлық ерекшелікте, ауызша, жазбаша т. б. ) қолдануымен байланысты қарастырады. Көркем әдебиет стилистикасы тілдік құралдардың ерекше салада, ерекше жағдайдағы қолданысын: көркем шығармада өнер тудырушы, өнер құбылысы ретіндегі қолданысын, яғни көркем шығармадағы өмірін зерттейді. Ал, практикалық стилистиканың міндеті - стилистикалық тілдік мәдениетті қалыптастыру. Бұған негіз болатын тілдің стилистикалық қорын және оның қызмет ету заңдылықтарын меңгеру, мұның өзі сөз қолданудың стилистикалық нормаға сәйкес дағдысын қалыптастырады.

Бұлардың ішінде тілдің стилистикалық қорын зерттейтін құрылымдық стилистика саласы - әріден келе жатқан дәстүрлі сала. Оны сипаттама стилистика десе де болады. Ол тілдің стилистикалық бояуға ие құралдарын, тілдік тұлғалардың (дыбыстан мәтінге дейінгі) мәнерлегіш мүмкіндіктерін, мағыналық-қолданымдық реңктерін зерттейді. Жазушы тілінде қолданылатын көріктеуіш-бейнелеуіш құралдар да осы стилистиканың синонимдік қатары - оның негізгі зерттеу аймағын құрайды. Бір сөзбен айтқанда, жалпыхалықтық тілдік қордың (байлықтың) стилистикалық құрамын зерттейді, ал ол стилистиканың негізгі базасын құрайды.

Филология ғылымында стилистика, стиль сөздері ертеден қолданысқа ие. Ресейде ХІХ, тіпті ХҮІІІ ғасырдан стилистиканың жекелеген аспектілеріне арналған зерттеулер шықты (мысалы, әртүрлі көркем шығармалардың не жазушылардың тілі, стилі туралы), теориялық сипаттағы еңбектер де жарық көрді. Алайда, ғылыми пән ретінде стилистика ХХ ғасырдың 20-30 жылдарынан қалыптаса бастайды, ал оның бір тармағы болып саналатын функционалды стилистика 50 жылдардан бастап белсенді түрде зерттеу объектісіне айналды.

Стилистика, стиль ұғымының мәні тілдің қолданысымен, қызмет ету жағдайымен тығыз байланысты. Бұл мәселеге көңіл бөлу ХІХ ғасырдың аяғы ХХ ғасыр басындағы тілші ғалымдардың еңбектерінен бастау алады: В. Гумбольд, Ф. де Соссюр, А. А. Потебня, И. А. Бодуэн де Куртенэ, Е. Д. Поливанов, Л. П. Якубинский, Р. О. Якобсон, В. В. Виноградов, Г. О. Винокур.

Функционалдық-стилистикалық зерттеулер, әсіресе, өткен ғасырдың 60 жылдарынан, тіл ғылымының тілдің құрылымын зерттеуден оның қызметін (тілдің тұрақты күйінен даму жағдайын) зерттеуге ауысуынан бастап белсенді жүргізіледі. Стилистиканың қалыптасуы әдеби тіл нормасы мәселелерін зерттей бастауға да тығыз байланысты (чех ғалымдары: В. Матезиус, В. Гавренек, Э. Косериу және орыс ғалымдары В. В. Винаградов, Г. О. Винокур т. б. еңбектері) .

Стилистиканың қалыптасуына тіл ғылымының «ұсақ» бірліктерді зерттеуден «ірі» бірліктерге ден қоюы да (дыбыстардан - мәнге қарай) әсерін тигізеді.

Стилистиканың дамуына әдеби тіл, тіл мәдениеті мәселелерін зерттеу де өзіндік үлес қосты.

Бұқаралық ақпарат құралдарының дамуына байланысты стиль, сөз мәдениеті мәселелері одан әрі өзекті бола түседі.

Мәтін лингвистикасы, прагматика стилистикалық зерттеулердің кейбір жаңа бағыттарын туғызады. Ю. С. Степанов: Қазіргі уақытта ұлттық мәдениетті, тілді және психологияны зерттеу стилистиканың (тіл ғылымының бір саласы ретінде) пайда болуымен одан әрі нақтылана, айқындала түсті, [1, 21-б. ] - дейді.

Стилистика, сонымен, өзінің сипаты, мәні жағынан - функционалды сипатқа ие (оның даму тарихы соны дәлелдейді) . Бұл теориялық ғылым бола тұра, оның қолданбалы, тәжірибелік маңызын жоққа шығармайды. Керсінше стилистиканың дамуы (функционалды стилистиканың) тілді оқыту әдістемесіне, басқа қолданбалы салалардың дамуына ықпалын тигізеді. Лингвостилистика тілдік теорияның іргелі мәселелерін зерттейді (мыс., тілдің әлеуметтік табиғаты, оның құрылымдық және функционалдық аспектілерінің байланысы, қызмет ету заңдылықтары, тіл мен ойлаудың байланысы) .

Тіл ғылымы тарихындағы ұлы жаңалықтардың бірі - тілдің қос қырлығының (жүйелілігі мен қызмет ететіндігі, қозғалмалылығы) ашылуы болды. Тіл осы екеуінің бірлігінен тұрады. Мұның бір жағы - құрылымдық-жүйелік жағы, жеткілікті дәрежеде зерттелсе, функционалдық жағы (сөз тудырушылық аспектісі) енді ғана зерттеле бастады.

Тіл - өте күрделі, көп қырлы құбылыс. Сондықтан оны бірден тұтастықта алып зерттеу мүмкін емес, жеке бір қырынан келіп: логикалық, құрылымдық-жүйелік, психологиялық т. б. зерттеуге болады.

ХХ ғасыр тіл ғылымының үлкен жетістігі деп тілдің жүйесін, оның құрылымдық ұйымдасуын жан-жақты қарастыруын айтуға болады. Бірақ бұл тілдің кейбір мәнді белгілерін анықтауға жеткізе алмады. Соңғы кездері тілді зерттеуде коммуникативтік-функционалдық бағыт кең өріс алып, тілдің функционалдық жағына, сөйлеуге, мәтінге көңіл бөліне бастады.

Шынында, тілді тек жекелеген бірліктердің жүйесі деп анықтау жеткіліксіз, өйткені жеке тілдік бірлік болсын, не, тіпті, тілдің тұтас жүйесі болсын әлі коммуникативтік қызмет атқармайды. Жеке тілдік тұлға мен жүйеде ол мүмкіндік түрінде ғана қатысады. Бұл маңызды әлеуметтік қызметтің нақты жүзеге асуы тіл шынайы қарым-қатынас процесінде қолданысқа түскенде ғана мүмкін болады. Тек осы жағдайда тіл ақпарат тасушы жүйе түрінде көрінеді.

Тілді жүйе мен оның қызметінің (қолданымының) бірлігі ретінде түсіну ғана оның қатысымдық табиғатын толық түсіндіре алады. Мұнда қызмет ету дегенді тек тілдік жүйені сөйлеу актісінде пайдалану ғана деп түсінбеу керек, сонымен қатар тілді жалпы қарым-қатынас процесінде пайдалану деп түсіну керек, яғни қарым-қатынастың мақсаты мен міндеттерін орындау үшін тілдің көптеген сыртқы факторлардың әсерімен қолданысқа түсуі дегенді білдіреді. Бұл сөйлем - айтылымының мағыналық жағын байытады.

Сөзде заттардың (олардың әртүрлі топтарының) белгіленуі, ұғымының бейнеленуі қарым-қатынас үшін, тілдің қатысымдық мүмкіндіктерін жүзеге асыру үшін әлі де жеткіліксіз болады. Қарым-қатынас процесінде контексте сөздердің жалпыланған мағыналарын нақтылау жүріп жатады. Өйткені тілдік тұлғалардың (тіпті, сөздерді) сөйлеушілер шамамен бірдей мағынада қолданады. Сондықтан сөйлеу кезінде (әсіресе, жазба түрдегі) «сөз азабы» деген туады (ол ақын, жазушыларға ғана тән емес) . Ауызша сөзде дәлсіздіктердің, оғаш құрылған сөйлемдердің болуы сондықтан. Қарым-қатынастағы мұндай кедергілер вербалды емес амалдардың (ым, мимика) көмегімен игеріледі.

Сөйлеу (ауызша болсын, жазбаша болсын) - шығармашылық процесс, ол аз дәрежеде автоматтандырылған және әртүрлі салада бірдей болмайды. Тілдік қатынаста стандарт, әрине, негіз, тірек қызметін атқарады, бірақ толыққанды, тиімді қарым-қатынас жасау үшін тілдің бұл қасиеті жеткіліксіз. Өйткені шынайы қарым-қатынастың алдын-ала болжап болмайтын нәзік иірімдері толып жатады.

Сөйлеу қызметінің шығармашылық сипаты туралы Л. В. Щерба былай деп жазды: «Сөйлеу процесінде бұрын айтылғанды немесе естігенімізді жиі қайталасақ та, алайда . . . сөйлеуде бұрын естімеген тұлғаларды, сөздерді жиі қолданамыз, қолданып қана қоймаймыз, үнемі жаңа тіркесімдер жасап отырамыз» [2, 24-б. ] . Тілдің қолданысы тілдік тұлғалардың мағынасын синтагматика қағидалары бойынша жай қоса салу деген емес, сондықтан сөз (сөйлеу) оны құру үшін пайдаланылған тілдік тұлғалардың мағыналарының механикалық қосындысынан тұрмайды. Өзара түсінісу қарым-қатынас контексінде пайда болатын «жаңа қолданымдардың» көмегімен (солардың негізінде) жүзеге асады. Мысалы, тілдегі жаңа қолданыстар: метафора, метонимия т. б. (сөздердің, тіркестердің жаңа мағыналары) тіл жүйесінде алдын ала белгіленбейді, сондықтан белгілі бір кезеңге дейін ешкімге белгісіз болады, алайда тыңдаушы адам оны бірінші рет естігенде оның мағынасын бірден түсінеді (контекстегі белгісіз сөздерді түсіну тілдің осы қасиетіне негізделеді) .

Сөздің шығармашылық аспектісі айтылғанның (жазылғанның) ерекше мәнерлілігіне, әсерлілігіне байланысты, ал бұның өзі стилистикалық құбылысқа жатады. Тіл жүйесінің «құпиялылығы» - оны шығармашылық тұрғыдан пайдалану мүмкіндігінде жатар.

Тіл мен сөз (сөйлеу), дәлірек айтқанда, тілдің жүйелік (құрылымдық) және қолданымдық аспектілері өзара бірлікте, бірақ бірдей емес. Қолданыс кезінде тілдің бай шығармашылық мүмкіндіктері ашылады. Олар тілден тысқары шексіз жағдаяттар мен әсерлерге байланысты әрдайым жаңадан туындап отырады. Тіл жүйесінде алдын ала қалыптастырылған мағыналық мазмұн электронды есептегіш машиналары (ЭЕМ) үшін, әрине, тиімді, бірақ ол тілдегі шығармашылықты жоққа шығарады. Шынында, табиғи тұрғыдағы тіл мен ойлау тілдегі осы жалпыланғандық пен қалыптылықты (стандарттылықты) әрдайым еңсеріп отырады. Тілдің жоғарыдағы белгілері (дайын үлгі, стандарттылық) - бұлар әрі қажетті, әрі пайдалы да, бірақ олар тілді қолдану процесінде кедергілер де жасайды.

Тілдік жүйенің коммуникативтіктілігі толық көлемінде тек қарым-қатынас процесінде ашылады. Тілдік құралдардың барлық стилистикалық-мағыналық реңктігі, мәнерлілігі, стилистикалық әсері, орындылығы, қажеттілігі тілдің қолданысында ғана айқындалады. Сөйтіп, тілдің стилистикалық феномені, яғни тілдегі стилистикалық мән о бастан функционалдық сипатқа ие. Тілді танып білу және оны сипаттау үшін жүйелілігіне қоса оның функционалдық аспектісін де ескеру керек. Сондықтан тіл грамматикасымен қоса жұмсалым грамматикасы (функционалды грамматика) да пайда болып дами бастады.

Қорыта келгенде, функционалды стилистика тілдің қарым-қатынастың әртүрлі салалары мен жағдаяттарында қолдануының заңдылықтарын зерттейді, басқаша айтқанда, ол үшін тілдің функционалды аспектісі арнайы зерттеу пәні (предметі) болып табылады. Бір сөзбен айтқанда, стилистика тілді қоғам тарапынан қолдану заңдылықтарын зерттейді.

Стилистиканың даму бағыттары мен түрлері, шектес ғылымдармен байланысы

Қазақ тіл ғылымында стилистиканың бағыттары бойынша М. Балақаев, М. Томанов, Е. Жанпейісов, Б. Манасбаев, Р. Сыздықова, М. Серғалиев, Б. Шалбай т. б. еңбектері бар. Қазақ тілі ғылымында стилистиканың екі бағыты бар: бірі - қазіргі стилистиканың орталық бағыты - функционалдық стилистика, екіншісі - ресурстар стилистикасы. Тіл ресурстар стилистикасы сөздердің мәтіннен тысқары күйіндегі қызметін айқындайды.

Стилистиканың жалпы стилистика, салыстырмалы-салғастырмалы стилистика, ішінара стилистика, дара стилистика, экспрессивті стилистика, көркем әдебиет стилистикасы т. б. бағыттары бар.

Дара стилистика - автордың не жеке шығарманың немесе бір жанрдың стилистикасын зертеудің нысаны. Дара стиль жеке адамның ақыл-ойын бірініші кезекке қояды. Р. Әміров ауызекі сөйлеу стилін дара стиль ретінде қарайды. Дара стиль жазушының, ғалымның, деректі сөйлеушінің т. б. стилі. Дара стиль - танымдық-стильдік, аналитикалық-синтездік іс-әрекет қызметі. Автор дара стильдің прагматикалық аспектісіне жету үшін еңбегін, шығармашылық қабілетін концептуалды энциклопедиялық масштабта көрсетеді. Көріктеу, шеберлік тәсілдері көркем әдебиет стилінде ғана кездеспейді, барлық стильде коммуникактивті-прагматикалық, эстетикалық мақсатпен пайдаланылады әрі экспрессивті стилистикада жан-жақты көрініс табады.

Орыс тілі ғылымында экспрессивтік стилистика теориясының аспектілері Т. Г. Винокур, О. А. Лаптева, А. П. Сковородиков, К. А. Долинин, Т. Г. Хазагеров еңбектерінде жан-жақты сөз болып жүр.

Стилистиканың даму бағыттарының пайда болуына психология, когнитивті психология, гносеология ғылымдары ықпал етті. Адамның тілді еркін меңгеруі, шығармашылық түрде қолдануы, ойлау стилі мен жеке стильді қалыптастырады. Е. С. Кубрякова «адамның ой-санасы ментальды процестермен тікелей байланысты когнитивті ғылым-таным, ойлау, елестету, тапқырлық бірнеше ғылымдардың тоғысуын талап етеді» [3, 34-б, ], - деген еді. Гносеология - білім, логика, таным мәселелерінің жиынтығын қарастырады, адамның әлемді тану мүмкіндіктерінің заңдылықтарын және шындық, көзін жеткізу танымының критерийлерін оқып үйретеді. Адам сөзін ақиқат пен жалғанға құруы белгілі прагматикалық мақсатын қамтамасыз ету үшін қолданады.

Стилистика өзінің зерттеу саласында шекаралық деңгей ұстамайды, басқа ғылымдармен өзара байланыста болады. И. Р. Гальперин лингвистиканың құрылымдық негізінің «шайқалуына» стилистиканың әсер еткендігін айтады: «Именно стилистика начала расшатывать основы структурной лингвистики» [4, с. 145] . М. Н. Кожина, Л. Г. Лузина, Д. Н. Шмелев және т. б. стилистика психолингвистика, әлеуметтік линвистика, прагматика саласында зерттеу керектігін дәлелдеді.

Прагмастилистика - стилистиканың жаңа бағыты

Өткен ғасырдың 70 жылдарына дейін лингвистика тарихи және құрылымдық тұрғадан зерттелініп келген болатын. Лингвистика ғылымының осы зерттеу бағытына қозғау салған прагматика мәселесі болды.

Прагматика - грек сөзі, «іс-әрекет» деген мағынаны білдіреді. Бұл терминді өткен ғасырдың 30-жылдары семиотиканың негізін салушы Ч. Прис пен Ч. Моррис енгізген болатын. Прагматиканың лингвистикадағы жаңа зерттеу бағыты ең алдымен «прагматика табиғатын» негізгі межеге алып отырады. Прагмалингвистика - субстанционалдық және функционалдық қасиеттің нысаны. Субстанционалдық қасиет - зат, құбылыстың жаратылысынан өзіне тән қасиеті болса, онда функционалдық қасиет заттың сыртқы құбылысын сипаттайды. Осы екі қасиеттің негізінде лингвистиканың екі бағыты бөлініп шығады. Бірі - ішкі лингвистика, екіншісі - сыртқы лингвистика. Сыртқы лингвистиканың ең басты межесі - адам. Ішкі лингвистика, сыртқы лингвистика сияқты екі ғылым тоғысынан прагмалингвистика және оның салалары қалыптасты.

Прагмалингвистика ақиқатқа негізделген коммуникация бағытында тілдің субстанционалдық-функционалдық қасиеттерін, қарым-қатынасын оқып үйретеді; белгілі тұлғалардың нақтылы сөйлеу ситуацияларында вералды және вералды емес тілдік тәсілдерді пайдаланып отырып, пікір алысып, ой бөлісуін үйретеді. Реалды ақиқатқа құралған өмір ситуацияларында адам қандай жағдайда таңбалар арқылы өзінің ой-пікірін тыңдаушыларына немесе оқырманына жеткізе алатындығын үйретуді мақсат етеді. Прагмалингвистиканың зерттеу нысаны толық тану үшін сөйлеу тіліндегі дискурс пен мәтіннің мазмұндық-ақпараттық мәнін ашу керек. З. Ш. Ерназарова былай дейді: «прагматиканы динамикадағы мәтін - дискурсты оны дүниеге келтіруші адаммен байланысты қарастыратын ғылым деп айтуға болады» [5, 122-б. ] . Прагмалингвистиканың теориялық негізі дискурс пен мәтінде толық өз межесіне жетеді.

Дискурс көп мағыналы термин лингвистикалық философиялық, психологиялық, тарихи зерттеулерде қолданылып келеді. Дискурс сөзі «ауызша сөз», «ақылды ойлану» деген мағынада айтылған. Дискурс терминінің жан-жақты кеңеюіне, әртүрлі сипатқа ие болуына Д. Ван Дейктің мектебінің ықпалы тікелей әсер етті. Н. Д. Арутюнова: «дискурста - сөз, өмірдің ортасынан ойып алынған сөз» [6, 21-б. ], - дейді. Дискурс пен мәтінде пресуппозиция, коммуниканттардың стратегиясы мен тактикасы т. б. айтылым ерекшеліктері прагматикалық мақсатқа сай құрыла отырып, стилистикалық амал-тәсілдерді таңдайды.

Мәтінді субстанционалдық тұрғыдан ғана емес, қатысымдық-функционалдық тұрғыдан зерттеу прагматика мен стилистиканың бірлесуін қажет етеді. Ғалым Б. Шалабай: «Мәтінді зерттеу тұрақты күйдегі тілді емес «әрекетті тілді» зерттеуден барып пайда болады», [7, 131-б. ] - дейді. Мәтін - когнитивті-функционалдық сөз әрекетінің жазбаша түрдегі көрінісі.

Қазақ тілі ғылымында стилистикаға қатысты жазылған еңбектерде жеке сөздің, сөз тіркесінің, сөйлемнің стилистикалық мағынаға ие болуы тұрғысынан ғана қарастырылып келді. Мәтіндегі немесе сөз авторының қолданысындағы стилистикалық амал-тәсілдердің «өн бойында» бөлінбес бөлшегі ретінде жүретін прагматика мәселесі туралы сөз бола қойған жоқ.

Прагмастилистика - стилистика ғылымының жаңа бағыты. Кез-келген айтылым адресаттарға ақпарат берумен қатар, оның қабылдануына ықпал ететін тілдік бірліктерді таңдайды және оның реакциясын тудырады. Адресант пен адресат арасындағы қарым қатынас аясындағы тілдік бірліктердің ықпал ету және әсер ету мақсатынан туындаған туынды прагмастилистика деп аталады. Прагмастилистика ғылымның пайда болуына когнитивті лингвистика, психолингвистика ықпал етті. Мәтіннің табиғатын, болмысын толық саралау үшін тілдің мәтіндегі «мінезін», «іс-әрекетін» де қарастыру керек. Мәтінде автордың өз қалауымен алынған тілдік бірліктерімен қоса, коммуниактивтік ниеті, пиғылы мен қатар белгілі мақсатқа құралған ойлау стилі де қатысады. Мәтіннің толық табиғатын тануда стильдік амал-тәсілдердің қандай мақсатпен қандай ниетке құралып тұрғаны контекстік және ситуациялық қарым-қатынаста мән-мазмұны нақты ашылады.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Тіл кемістігі бар балалардың тілін дамыту
Логопедия ғылымы. Логопедия ғылымының пәні, зерттеу объектісі, мақсат-міндеттері
Сөз мәдениеті Сөйлеу мәдениеті
Тіл кемістігін топтастыру
Тілдік қатынас негіздері
Жоғары сынып оқушыларының көпшілік алдында сөйлеу мәдениетін қалыптастыру
Тіл кемістігінің себептері және жүргізілетін түзету жаттығулары
Сөйлеу тіліндегі ақаулықтар туралы
Тіл кемістігі және оның себептері
ӘДЕБИ СӨЙЛЕУ НОРМАЛАРЫ
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz