Ауызша сөз нормаларын оқытудың психолингвистикалық негізі


Кіріспе
Дипломдық жобаның жаңалығы мен өзектілігі: Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесінің бірден бір көрсеткіші - бұл тілдің қоғамдық ортада жан-жақты қолданыс табуы екені белгілі. Ал қоғамдық ортадағы қолданыс ең алдымен ауызша тілдің коммуникациясында көрінеді. Ұлт санасындағы вербалданбаған ой алғашында ауызша түрде ғана жарыққа шығып, кейін мақсатына қарай жазба сөзге айналуы, осыған орай ауызша коммуникация жазба сөздің жүйесі мен құрылымына негіз болатынын көрсетеді. Әр кезеңнің өз дәуірлік сипатына қарай сөздің не ауызша, не жазбаша түрі жетекшілік алып отыратыны белгілі. Бүгінде мобильді байланыс жүйесінің, интернет жүйесін пайдаланатындардың ауызша сөз нормаларын негізгі норма етіп алуы, сондай-ақ БАҚ-тың ішінде теледидар мен радионың тұтынушыларының көптігі жағынан алдыңғы орынға шығуы, осы саладағы ауызша қарым-қатынас тілінің нормасы мен құрылымдық белгілері және нормасы, сондай-ақ стильдік ерекшеліктерін қарастырудың қажеттілігін көрсетеді. Қазақ тілінде сөйлей де, жаза да алатын, қазақ тілінде сөйлей алатын, бірақ жаза алмайтын, қазақ тілінде сөйлей де, жаза да алмайтын әлеуметтік топтардың ішіндегі қазақ тілі мәртебесінің бір көрсеткіші қазақ тілінде сөйлей алатын ортаның басымдығы, қазақ тілін өз ана тілі ретінде тұтынатындар санының көптігі екенінде дау жоқ. Осыған орай қазіргі қазақ ауызша қарым-қатынас жүйесі мен құрылымының, қызметі мен нормасын зерттеу және оның әдістемелік негіздерін айқындау өзекті мәселе болып табылады.
Қазақ тіл білімі, қарым-қатынас тілі, ауызша қарым-қатынас тілі ерекшеліктері әр жылдарда, әр деңгейде, әр қырынан зерттеу нысанына айналып келді. Мысалы, сөз мәдениеті, сөз этикеті, сөз мәдениетінің прагматикалық коммуникативтік аспектісі (Н. Уәли), орфоэпиялық нормалар (Р. Сыздық, Дүйсебаева, Неталиева), іскери қатынас тілі (Қ. Мұхамадиева, М. Дуанбекова), ауызша тілдің синтаксистік ерекшеліктері (Р. Әмір) ғылыми монографиялар мен және тағы басқа журналист, жазушы, мәдениет қызметкерлерінің көпшілік сипаттағы мақалалары. Алайда ауызша қарым-қатынас тілінің жүйесін, құрылымын, нормасын, қызметін, мәдениеті әдістемелік тұрғыдан зерттеу нысанына алынған жоқ.
Осыған орай диплом жобамыздың ғылыми жаңалығы төмендегідей тұжырымдарға негізделеді:
- алғаш рет оқушылардың ауызша сөзі эксперименттік тұрғыдан стенографияға түсіріліп, оқушы жастардың ауызша сөзіндегі кемшіліктерге байланысты жаттығу жинағы жасалды.
- ауызша сөз нормасының жаңартылған білім беру мазмұнына сәйкес оқытылу жүйесі талданды;
- тілдік белсенділікке жетелейтін ауызша сөйлеу нормаларының ғылыми-әдістемелік негіздері сараланды.
Диплом жобаның мақсаты: ауызша сөз нормаларын мектеп оқушыларына игерту әдістемесін жасау.
Диплом жобаның міндеттері:
-ауызша сөз нормаларын оқытудың әдістемесіне шолу жасау;
-ауызша сөз нормаларын оқытудағы дидактикалық негіздері мен оқытудың психолингвистикалық негіздерін айқындау;
- жаңартылған білім беру мазмұнына сәйкес ауызша сөз нормаларын оқытудың әдістемесі мен оқыту параметрлерін саралау;
- оқушы жастардың тіліндегі ауызша сөз нормаларын, деңгейін саралау және т. б.
Күтілетін нәтижесі: Ауызша сөз нормаларын игертудің жаңа әдістемелік негіздерін айқындай отырып, 7-8 сынып оқушыларының ауызша сөзін дамытудың әдістемелік негіздерін жасау.
Мазмұны: дипломдық жоба кіріспеден, 2 тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
Кіріспеде дипломдық жобаның ғылыми ақпараты беріліп, зерттеу жұмысының өзектілігі, ғылыми жаңалығы, мақсат-міндеттері мен күтілетін нәтижесі жайлы мәселелер айтылады.
«Ауызша сөз нормалары: зерттеулер мен негізгі концептуалды тұжырымдар» атты бірінші тарауда қазақ тіл біліміндегі ауызша сөз нормасының зерттелуі және оның қолданылу нормасы жайында теориялық ақпарат беріліп, ауызша сөз нормаларын оқытудың педагогика-дидактикалық және психолингвистикалық негізі туралы ой-пікірлер мен тұжырымдар айқындалды.
«Жаңартылған білім беру мазмұнына сәйкес ауызша сөз нормаларын оқытудың әдістемесі» деп аталатын екінші тарауда ауызша сөзді оқытудың негізгі аспектілеріне бойынша ақпарат берілді. Оқушы жастардың ауызша сөзіндегі тілдік сапаны айқындау мақсатына экперимент жүргізіліп, талданды. Сонымен қатар ауызша сөз нормаларын оқытуға байланысты негізгі білім беру деңгейінің 5-9-сыныптарына арналған «Қазақ тілі» пәнінен жаңартылған мазмұндағы үлгілік оқулық мазмұны талданды. Осы орайда мектептерде ауызша сөз нормаларын оқытудың әдістері мен ұстанымдары сараланып, оны дамытуға арналған әдістер мен жаттығулар ұсынылды.
Топ (команда) мүшелерінің нақты бөлімдер бойынша жауаптылығы туралы сипаттама: дипломдық жоба жұмысын орындаушы топ мүшелері арасындағы жұмыс жасау алгоритмі төмендегідей бөлінді:
«Ауызша сөз нормалары: зерттеулер мен негізгі концептуалды тұжырымдар» атты бірінші бөлім - Бидайбек Әмина.
«Жаңартылған білім беру мазмұнына сәйкес ауызша сөз нормаларын оқытудың әдістемесі» атты екінші бөлім - Ибраимова Азиза.
Жобаны жүзеге асыру этаптары: жұмыстың бірінші кезеңінде зерттеу мәселесі бойынша ауызша сөз нормаларының зерттелуіне, оны оқытудың педагогика-дидактикалық негіздеріне, психолингвисталық негіздеріне қатысты ғылыми-теориялық, ғылыми-әдістемелік еңбектер мен зерттеулерге шолу жасалынды.
Екінші кезеңде ауыза сөз нормасының оқытылуының негізгі аспектісіне қатысты ақпараттар берілді. Жалпы білім беру жүйесі бойынша оқу бағдарламасы, тақырыптар, сағат саны сараланды. Оқушылардың сөзсаптам жүйесін анықтау мақсатында экперимент жасалынып, талданды. Талдауға қатысты тапсырмалар мен әдіс-тәсіл түрлері енгізілді.
Жобаның перспективасы мен жүзеге асырылуы: дипломдық жоба жұмысын жүзеге асыру үшін арнайы эксперименттік-тәжірибелік база ретінде Алматы қаласындағы №149, №156 жалпы білім беретін мектептердің 7-8 сынып оқушылары таңдалынып алынды.
1 Ауызша сөз нормалары: зерттеулер мен негізгі концептуалды тұжырымдар
1. 1 Ауызша сөз нормаларын оқытудың әдістемесі мен әдіснамасына қатысты зерттеулер
Қазақ тілінің ең жоғарғы ұлттық формасы - әдеби тіл. Әдеби тіл нормалары сұрыпталу, қалыптандыру сияқты үдерістерден үнемі өтіп отырады. Себебі, тіл - жанды құбылыс. Тіл - қоғаммен бірге өмір сүреді. Қолданушылардың тілді меңгеру және қолдану деңгейіне байланысты ұлттық әдеби тілдің дәстүрлі нормалары сақталады не жойылады, дамуындағы негізгі үрдістер айқындалады не айқындалмайды, сөздің коммуникативтік сапасы артады не кемиді. Сондықтан әдеби тілдің кодификацияланған нормаларын үнемі назарда ұстап, оның қалыптануына барлық жағдай жасалуы тиіс.
Тілдің қаруы - баспа мен мектеп. Баспа мен мектепте қолданылған тіл елге ақырында сіңбей қалмайды. Мектеп пен баспаның тілі дұрыс болса, елдің тілін көркейтіп, байытып, гүлдендіреді. Олай болса, осы жаңа саланың мектептік пәннің білім мазмұнына енгізілу қажеттігі де дәлелдеуді керек етпесе керек. Бұл орайда отандық және шетелдік ғалымдардың сөз мәдениетіне қатысты еңбектеріне алдау жасалды. ХХ ғасыр басындағы Алаш арыстарының қазақ тілін оқытудағы сөз өнерін меңгертуге қатысты қағидалары; сөз мәдениетінің түрлі қырларын қарастырған отандық ғалымдар - М. Балақаевтың, Т. Қордабаевтың, Ә. Нұрмаханованың, Ә. Бұлғанбаевтың, Р. Әмірдің, Р. Сыздықтың, С. Исаевтың, Н. Уәлиевтің, Б. Шалабаевтың т. б. еңбектеріндегі түйінді пікірлер сөз мәдениетіне қатысты заңдылықтарды, категорияларды саралауға тірек болды.
Сондай-ақ қазақ тілін оқыту әдістемесі ғылымындағы ана тілінің оқушы дүниетанымын кеңейтуге, оның өмірлік дағдыларын жетілдіруге оң ықпалы мен тұлға қалыптастырушылық маңызын дәйектеген тұғырлы тұжырымдарды зерделегенде, оқушыны дара тұлға деңгейіне көтерудегі қазақ тілі пәні аясында ұсынылатын сөз мәдениетінің жаңашылдық маңызын айқындайтын өзгерістердің мәні ашыла түсті. Бұл орайда сөйлеу әрекетінің, тіл дамытудың және тілдік қатысымның теориясы мен әдістемесін негіздеген С. Рахметова, Ф. Оразбаеваның, Н. Құрманованың, А. Жапбаровтың, т. б. еңбектері орын алды [1, 6 б. ] .
Қазіргі кезде әдеби тіл нормаларының заңдылықтары айқындалып тұрғанымен, оны тиімді қолдану немесе меңгерту жағы әлі де ақсап тұр. Себебі қазақ тілін үйрету барысында айтылым үдерісіне қатысты ауызша әдеби тілдің нормаларын меңгерту мектепте, орта мектепте (кооледж), жоғары мектепте (ЖОО) қолға алынбаған мәселелердің бірі. Бұл «қазақ тілінің орфографиясы мен орфоэпиясы өте ұқсас», «айырмашылық жоқ» деген түсінікпен байланысты. Ғалымдар қазіргі қазақ тіліндегі айтылым нормалары жазылым нормаларына «жақындасу» немесе ауызша сөз нормаларының «жойылу» тенденциясы басым екенін айтып дабыл қағып отыр. Бұл мәселе біріншіден, алғашқы кезде жазбаша сөз нормаларын қалыптастыруға көп көңіл бөлінуінен ауызша сөз нормасы мәселесі елеусіз қалып келді. Ол заңды да еді. Ғасырлар бойы ауызша дамып келген тілдің айту нормалары ол кезде аса алаңдата қоймады. Мектеп, жоғары оқу орындарына арналған оқулықтарда алғашқы күннен-ақ үндестік заңдары арнайы айтылып келеді. Алайда орфоэпия жайында арнайы тақырып, түсінік тек 80-жылдардан бергі жерде ғана бой көрсете бастады. Соның өзінде жоғары оқу орнына арналған оқулықта бұл мәселе әлі күнге жабулы күйде қалып келеді. Әрине, қазақ ауызша сөзінің негізгі үндестік заңында жатқанын, үндестік заңдарын меңгеру, айналып келгенде, айту нормаларын меңгеру екенін түсіну қиын емес. Сөздерді айтудағы кемшіліктер негізінен тілдің ауызша және жазбаша формаларының арақатынасына парықтамаудан, орфоэпия туралы үгіт-насихаттың жеткіліксіз жүргізілуінен болып отыр. Мұндай тілдік жағдайды реттеу үшін, жазбаша және ауызша сөздің ерекшеліктерін оқыту әдіснамасын қайтадан сүзгіден өткізе отырып, қарастыруды талап етеді.
Ауызша сөз негіздерін зерттейтін тілтаным салалары - фонетика, просодика, интонация, сөз мәдениеті, орфоэпия екені белгілі. Бірақ қолданыстағы ауызша сөз бен ауызекі тіл, ауызша сөз бен ауызша тіл ара жігі тілтанымдық тұрғыдан ажыратылғанымен, бірінің орнына бірін қолданушылық бар. Бұл «тіл» мен «сөз» ұғымдарының мазмұнына байланысты. Аталған екі ұғымның қарастыратын мәселелерінде ұқсастық болғанымен, айырмашылық жоқ емес. Айта кетерлік жайт, ХХ ғасырдың басында Ф. де Соссюр тіл және сөз ұғымдарын ажыратып, екеуі бір бүтін емес, екеуінің зертеу объектілері, ерекшеліктері екі басқа екенін анықтайды. Осы ілім негізінде тіл мен сөз ұғымдары - парадигмалық (тіл, тілдік жүйе, ереже) және синтагмалық қатынастағы (сөйлеу, сөзді қолдану, пайдалану) қолданым екенін түсінуге болады. Профессор Қ. Күдеринова өзінің докторлық диссертациясында ауызша сөз - дыбысталған сөзді түсіну және ойды сөз ағыны арқылы жеткізуден тұратын сөйлеу әрекетінің түрі. Сөйлеу әрекетінің екі түрі бар, бірі осы ауызша сөз, екіншісі хатқа түскен сөзді түсіну және ойды жазу арқылы жеткізуден тұратын жазба сөз. Бұл екеуі бір-біріне қарама-қарсы қойылу арқылы ажыратылады деп көрсете отырып, ауызша сөз бен ауызша тіл екеуі бір емес екенін көрсетеді. Ғалым ауызша тіл - ауызша формада көрініс табатын ауызша сөздің санадағы ерекше жүйесі дей отырып, ауызша тілге тән фонетикалық, морфологиялық, лексикалық, синтаксистік жүйе болады» деп көрсетеді көрсетеді [2, 231 б. ] . Осы тұжырымдар ауызша сөз - сөйлесім әрекетінің бір түрі екенін және ол нормаланған түрде көрініс табатынын және ауызша тілде тіл деңгейлері, жүйелерінің қызметі ерекше болатынын, ауызша сөзде сөздің фонетикалық бейнесін дұрыс, сауатты, қазақ әдеби тілінің нормасына сәйкес қолдану керектігін меңзейді .
Ауызша сөздің жалпы тіл мәдениетіне қойылатын талаптарымен қатар өзіне тән нормалары да болады. Оның нормаларына сөйлеу барысында сөздерді дұрыс дыбыстау, сөздің сазын келтіріп айту тәртібі жатады. Сөйлеген сөздің әсерлі, құлаққа жағымды, көңілге қонымды болуы, оның сазды айтылуынан болса, сөздің әсерлі-әсерсіздігі адамның эмоционалды-экспрессивтілігіне, көңіл-күйіне байланысты болуы қазақ тіліндегі орфоэпиялық және интонологиялық заңдылықтармен өлшенеді.
Қазақ тілінде норманың үш түрі бар. Олар: тілдік, коммуникативтік, этикалық нормалар.
1. Тілдік нормаларға орфоэпиялық норма, орфографиялық норма, лексика-фразеологиялық норма, грамматикалық (сөзжасамдық, морфологиялық, синтаксистік) нормалар жатады.
2. Этикалық нормаларға сөз этикасы нормасы, моральдық принциптерге, мәдени-ұлттық дәстүрге негізделген тілдесу нормалары және сөз этикетінің нормалары жатады.
3. Коммуникативтік нормаларға қарым-қатынастың прагматикасына тән нормалар жатады. Бұл аталған норма түрлері ауызша және жазбаша сөзге бірдей қатысты, бірақ қолдану барысында өзіне тән нормасы арқылы да көрінеді [3, 127] .
Әдеби тіл нормасы өз ішінде кодификацияланған және кодификацияланбаған норма деп бөлінеді. Кодификацияланған норма: жазба тіл нормасы; сөйлеу тілі нормасы; ауызша тіл нормасы; мәтін нормасы; стильдік нормалар түрінде сараланады. Біздің зерттеуіміз ауызша сөздің кодификацияланған нормаларына қатысты болмақ.
Кодификацияланған ауызша сөз нормасы дыбыстау деңгейімен, лексикалық, грамматикалық және стилистикалық деңгейлермен өлшенеді. Дыбыстау деңгейінде - қазақ әліпбиіндегі әрбір әріпті дұрыс айту. Әліпбидегі әр әріптің жеке алғанда қолданылатын аты болады. Әріптердің атын білу сөзді дұрыс дыбыстау үшін, тілдің үндесімі мен үйлесімін бұзбау үшін қажет. Жазу тарихында әріптердің аты әртүрлі аталған. Мысалы, латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінде әріптердің аталуы ұлттық сипатта көрінді, яғни әріп аттары фонетикалық жағдайға тәуелсіз түрімен айтылды. Мысалы, с [сы], ж [жы], т [ты], и [ій, ый], г [гі], к [кі] т. б., ал сонор дыбыстар көбінесе [ңы], [мы], [ны], [лы], [ры] түрінде дыбысталды [3, 6 б. ] . Сонор дыбыстардың дыбысталымын есепке алмағанда 1940 жылға дейін әліпбидегі әріптер ұлттық негізде көрінді. 1940 жылдан бастап қазақ әліпбиіндегі әріптердің дыбысталуы және орфографиясы орыс грамматикасына жақындатылды. Яғни осы жылдан бастап әріптердің аталуы [бэ], [вэ], [гэ], [жэ], [зэ], [тэ], [цэ] түрінде өзгертіледі, ал 1957 жылы [бе], [ве], [ге], [де], [же], [зе], [те], [це] түрінде оқылады деген қаулы шығады (осы жылы й, ъ белгілерінің де аты өзгерді: шолақ й деген - қысқа й, жуандық белгі деген - айыру белгісі деп атауларын өзгерткен еді) . Тек 90-жылдардың басында бұл мәселе қайта қаралып, қазақ жазуындағы әріп аттары фонетикалық жағдайға неғұрлым тәуелсіз түрі ғана таңдалуы қажет, тоғыз түрленімнің ішінен г [гі], к [кі], ң [ың], м [ым], л [ыл], р [ыр], ал қалған б [бы], ж [жы], т [ты] т. б., түрінде дыбысталады деген ғылыми тұжырымдама жасалған болатын. Ал сөзді дұрыс дыбыстау үшін фонетикалық заңдылықтарды білу қажет. Сөйлеуде буын үндесімі мен дыбыс үндесімі, ерін үндесімі дағдысын қалыптастыру керек. Жалпы айтқанда, фонетикалық деңгейде сегментті (фонетика-фонология) және суперсегментті (интонология, акцентология) бірліктерді жөнімен қолдану жатады. Ал ауызша тілдің лексикалық деңгейі сөйлесім үдерісіне түсетін коммуниканттың сөздік қорын, оның синонимдік, антонимдік, омонимдік қатарларды қолдану шамасын, неологизмдер мен фразеологиялық Санамалап көрсететін болсақ: а) әр сөздің мағыналық реңктері бойынша қолдану. Кез келген сөздің (бейтарап сөздер басқа) реңктік сипаты болады. Айталық, адамға немесе жануарларға байланысты айтылатын сөз, деректі не дерексіз затқа байланысты айтылатын сөз, жалпы не жалқылықты білдіретін сөз т. б. Мысалы, мекендейді сөзі жануарға, ұлт немесе этносқа қатысты айтылады. Ал жеке адамға қатысты бұл сөз қолданылмайды; ә) мәндес (синоним) сөздерді орнымен қолдану (тәртібін, қолайын, реттілігін ескеру) . Мысалы, адамның жасына байланысты айтылатын жасар, жастағы, жасқа келген, жасаған деген синонимдік қатарлардың қолданымдық нормасы әр басқа. Адам жасының бірден жиырмаға дейінгі кезеңін сипаттағанда бір жасар, он екі жасар, жиырма жасар деуге болады, ал қырық жасар, сексен жасар деп қолдану - нормадан жөнсіз ауытқу. Отыз бен елу-алпыс жас аралығындағы адамдарды елу жастағы, елуге келген деп, жас шамасы едәуір ұлғайғанда, тоқсан жасаған, жетпіске келген деп айтқан дұрыс деп саналады; б) тұрақты тіркестердің құрамдық компоненттерін (сөздерін) қысқартпай не өзге сөзбен ауыстырмай, мәтіндегі орнын тап басып қолдану; в) термин сөзді өз мағынасы мен дефинициясына сәйкес қолдану; г) көне, сирек қолданылатын сөздердің мағынасын анық білмей қолданбау; ғ) сөздің денотаттық, коннататтық, сигнификативтік мағынасына сәйкес қолдану т. б. Грамматикалық деңгей бойынша грамматикалық категорияларды, синтаксистік конструкцияларды нормаға сәйкес қолдану. Синтаксис бойынша - ауызша және жазбаша сөздің жүйесіне сәйкес синтаксистік құрылымдарды және сөздердің байланысу амалдарын дұрыс қолдану. Морфология бойынша - жалғау мен жұрнақтардың негізгі сөзге беретін реңктік мағынасын ескеру т. б. Стилистикалық деңгей бойынша сөз дұрыстығы (әдеби тіл нормасын білу), сөз түсініктілігі (сөзді адресатты ойлап таңдау, бейәдеби лексиканы ажырата алу), сөз тазалығы (бөтен сөзден қашу, варваризмдер, кальканы білу), сөз дәлдігі (сөздердің тіркесім валенттілігін, семалар өрісін білу), сөз бедері (стильдік жағдаятқа тән қолданыстарды, стильдік маркерлі бірліктерді ажырату), сөз байлығы (гиперонимдік, гипонимдік катынастағы лексикалық бірліктерді ажырату, грамматикалық форма алуан түрлілігінің функционалдық қызметін білу) [4, 82 б. ] . Жұмысымызда біз айтылым үдерісіне қатысты ауызша тілдің дыбыстау деңгейіне қатысты талдаймыз. Себебі ауызша сөз нормаларын орфоэпия саласы реттеп отырады.
Әр тілдің орфоэпиясы сол тілдің басты фонетикалық заңдылықтарына сүйенеді. Мысалы, орыс тілінде сөздің дұрыс айтылуы екпінге байланысты болса, қазақ тілінде үндесім заңдылығына табан тірейді. Қазақ тілінің дыбыс жүйесінде әсіресе дыбыс үндестігі ерекше орын алады. Сөздерді жазылуынша айту әсіресе жастардың тілінде үйреншікті машыққа айналып бара жатқанын аңғару қиын емес. Мұны тіліміздің табиғи дамуының нәтижесі деп қарауға болмайды. Қазақ тілінің орфоэпиялық нормасы және оның маңызы туралы алғаш пікір білдірген ғалымдардың бірі профессор М. Балақаев өзінің «Қазақ тілі мәдениетінің мәселелері» деген еңбегінің алғы сөзінде былай дейді: « . . . Бірақ сөздердің айтылу нормасы және сол норманы сақтап сөйлеу мәселесі ескерілмей, елеусіз қалып келеді. Сондықтан да бізде бұл мәселе жөнінде күні бүгінге дейін ала-құлалық байқалады. Мына сөз былай айтылмайды, былай айтылады, мынасы дұрыс, мынасы теріс дегенді көп есітпейміз. Кім қай сөзді қалай айтады, қалай есітеді-бәрібір әйтеуір нобайы келсе болғаны. Бұл кемшіліктерден арылу үшін әрбір сөздің дұрыс айтылу нормасын сақтап сөйлеуді тіл мәдениетінің басты талаптарының бірі етіп қою керек» дей отырып, сөздердің айтылу нормасы құлаққа жағымды, көңілге қонымды айтылғанның бәрі - норма бәрі дұрыс. Құлаққа жат не тосаң естілетін, көңілге қонбайтын бұлдыр, оғаш түсініксіз, дөрекі айтылғанның бәрі нормаға жатпайды, дұрыс емес» дейді [5, 3 б. ] . Шындығында да, ғалымның сөзіндегі құлаққа жағымды, әуезді дегеннің ауызша сөз үшін маңызды. Себебі тілдің табиғи заңдылығы сақталса, сөз әуезді әрі әуенді болады.
Қазақ тілінде орфоэпиялық нормалардын жүйелі түрде заңдылықтарын белгілеген, кодификациялық нормасын саралаған ғалымдардың бірі -Р. Сыздықтың «Сөз сазы» еңбегінде 36 параграфке топтастырылған ауызша сөз нормасын белгілейді. Ғалым еңбегінде ырғақты топтарды дұрыс қолдану жағын баса көрсетеді.
Қазақ тілінде фраза мен идиом деп аталатын қалыптасқан тұрақты тіркестердің ырғағын сақтамауға байланысты: ашық ауыз - ашығауыз, қас пен көздің арасында - қаспеңгөздүң арасында;
Анықтауыш пен анықталатын сөздердің ырғағын сақтау: ақ ерке - ағерке, тас жол - ташшол, қара аспан - қараспан;
Күрделі етістіктер: келе алмады - келалмады, оқып отыр - оқыботұр;
Біріккен сөздер: күзді күні - күздүгүнү, шекара - шегара;
Қос сөздер: қоян-қолтық - қойаңқолтұқ;
Бір сыңары зат есім, екіншісі етістік болып келетін тіркестер: күн күркіреу - күңгүркүрөу;
Негізгі сөз бен соған қатысты шылау сездер: кешке қарай - кешкеғарай;
Көмекші есімдер (қасында, ішінде, үстінде т. б. ) : үйдің қасында - үйдүңғасында .
Ол, бұл, сол, не деген есімдіктермен келген тіркестер: ол қыз - олғыз;
О, а, я, е сияқты одағайлармен келген қаратпа сөздер: о Құдайым - Оғұдайым [6, 88 б. ] .
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz