Бір көзімен немересін күзетіп, Бір көзімен жұртты аңдиды сұр кемпір



Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 62 бет
Таңдаулыға:   
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ
МИНИСТРЛІГІ
ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ

Филология факультеті
Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы

ДИПЛОМДЫҚ ЖҰМЫС

Тақырыбы: Т. ӘБДІКӘКІМҰЛЫНЫҢ ПОЭТИКАСЫН ОҚЫТУ ӘДІСТЕМЕСІ
6B01701 - Қазақ тілі мен әдебиеті

Орындаған:_________________________ __________ Асанғожа А. Ә.

Ғылыми жетекші:
аға-оқытушы _________________________________ Шортанбай Ш. А.

Қорғауға жіберілді:
Хаттама № , _________ 2023ж.
Кафедра меңгерушісі __________________________ Темірболат А. Б.

Норма бақылаушы ___________________________ Бисенбаев П. Қ.

Алматы, 2023
РЕФЕРАТ
Зерттеу жұмыстың тақырыбы: Т. Әбдікәкімұлының поэтикасын оқыту әдістемесі
Дипломдық жұмыстың көлемі: бет
Дипломдық жұмыстың мақсаты мен міндеттері:
- Т. Әбдікәкімұлының шығармашылық көркемдік ерекшелігін
анықтау;
- Ақын шығармашылығы хақында зерттеуші- ғалым тұжырымдарын
саралау;
- Кімді және нені, қайда оқыту керек?! дейтін сұрақтарға лайықты бағаны алып үлгерген автор туындыларына алдымен соны саралау жүргізіп, игерілуге тиісті материалды жан-жақты зерттеп, поэтикалық пайымдардың арқалаған идеялық мазмұнына тоқталу;
- Әр тарауға бөлінген тақырыпшалардағы ойды кең көлемде, кемеріне жеткізіп ұғыныңқы да ықтиятты мәлімдеу.
- Сол арқылы ұсынылған идеяның дұрыстығына көз жеткізу, зерделеу мәнісі мен жай-жапсары толық ашылған тақырыптың іс жүзінде жүзеге асуына ықпал ету;
- Белгіленген жоспардың үдесінен шыққан деп танылуы тиісті жұмысқа теориялық білімді практикамен ұштастырып, қоғамдық көзқарастарға да барлау жасау міндеттелінеді.

МАЗМҰНЫ
Кіріспе ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...
1 Т.ӘБДІКӘКІМҰЛЫНЫҢ ПОЭТИКАСЫН ОҚЫТУ ӘДІСТЕМЕСІ ... ... ... ..
1.1 Т.Әбдікәкімұлының поэзиясындағы тақырыптық идеялық ерекшелік ... ... .
1.2 Әбдікәкімұлының шығармашылығындағы таным аспектілері ... ... ... ... ... .
2 Т.ӘБДІКӘКІМҰЛЫНЫҢ ПОЭТИКАСЫН ОҚЫТУ ӘДІСТЕМЕСІ ... ... ... ...
2.1. Жоғарғы оқу орындарында Т.Әбдікәкімұлының поэтикасын ... ... ... ... ... .
оқытудағы өзекті мәселелер ... ... ... ... ... ... .. ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...
2.2. Т.Әбдікәкімұлының поэтикасын оқытудағы нәтижелер ... ... ... ... ... ... .. ... .
Қорытынды ... ... ... ... ... ... .. ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі: ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... .

КІРІСПЕ
Зерттеу жұмысының жалпы сипаттамасы. Қазақ сөз өнерінің көрнекті тұлғасы - Тыныштықбек Әбдікәкімұлының поэтикасы хақындағы зерделеу жұмыстың бағыты - ақын шығармашылығын жоғары оқу орындарында және мектептен кейінгі білім беру ордаларында оқытудың әдістемесін қалыптап ұсынады. Әйтсе де, ең басты екпін ақын поэтикасының сан қырлы аспектілерін жарқыратып көрсету мен ақынның заман шындығын жырлаудағы қаламгерлік орны мен рөлін, туындыларындағы идеялық, тақырыптық, мазмұндық, көркемдік ерекшеліктері мен осы жолдағы ізденістерін ашып, саралап, өлеңдері арқылы талдап көрсету.
Қазіргі қазақ әдебиеті - көптеген арналармен тоғысқан, толыққан әдебиет, әсіресе поэзия. Жалпы ағартушылық немесе әдебиетші қауым арасындағы дискуссияларда бұл қарама-қайшылық тудыруы мүмкін көзқарас. Алайда, сөз өнеріндегі ішкі және тысқарғы мәнін тесе қарап, тексеруші сын барда, осынау алмағайып уақыттың зерделеуінен өткен, талғап оқитын кірпияз оқырманға етене жақын, қаузаған тақырыбы - туған халқынан көп алыс емес әрі тарихи қойнауларынан сусындап, өсіп шыққан дәстүрлі жаңашылдықпен өзін әлдеқашан мойындатқан қаламгерлер қашанда болсын бар. Біздің делінетін кезеңге аға буын өкілдері қатарынан орын алатын есімдер деп атап өткім келетіні: Н. Оразалин, Ұ. Есдәулет, Г. Салықбаева, Ж. Елеусіз, К. Ахметова, О.Тұржанова, Ж.Әскербекқызы, И. Оразбаев, Т.Көпбаев, Ж.Ерманов, М.Шаханов, Н.Мәукенұлы, Ж. Жақыпбаев, Б. Ноғай, С. Нұржан, Е. Ашықбаев, М. Ақдаулет, Т. Медетбек, С. Ақсұңқарұлы, Ш. Сариев, Т. Досымов, Ғ. Жайлыбай, Ә. Қайран, Ж.Әбдіраш, К.Мырзабек, Д. Стамбеков, Т. Рахимов, С.Тұрғынбеков, Ж. Бөдеш, С. Адай және Т. Әбдікәкімұлы.
Ұлттық жадыны сақтау, мәдениет құрамды салт дәстүрді, оның ішінде ең қастерлі деп тілді, тіл арқылы өмір сүріп, мекендейтін жерді сақтау қазақ әдебиетіндегі әрбір қаламгер үшін мәңгілік тақырып. Қазақ ақындарының ішінде осы заманғы тілұстарту шеберлігі жағынан, лириканың бай бояулары дәстүрлі жаңашылдықпен дербес үндесетін Тыныштықбек жырлары оқ бойы озық тұр. Ақынның шығармашылығы жөнінде абыз жазушы Әбіш Кекілбайұлы Бұл - менің бұрын-соңды көрмеген де, естімеген де қаламгерім. Өлеңдері көзіме, дәлірек айтсам, көңіліме оттай басылды. Ойыма қай-қайдағы оралды. Көз алдыма нелер келіп, нелер кетпеді?.. Басқасын қойғанда, ырғағымен, әуезі, көз тастасы мен сөз саптасының өзі талай-талай жайттарды жадыма салды. деп тебіренген болса, жазушы әрі аудармашы Әуезхан Қодар арифметикалық есепке көнбейтін, ауыз екі деңгейде айта салуға жарамайтын, әрқашанда тек түбегейлі терең зерттеуге тұратын поэзияның үлгісі деп атап көрсеткен.
Тақырыптың өзектілігі: Өнер - адамнан адам даярлайтын эстетикалық категориялық мазмұнды жинақтаушы жүйелі кешен. Оның халықтық сипатын, тектік тұрпаты мен қандай элементтерден түзіліс тауып отырғанын белгілі бір көзқарас аясында қалыптауға келмейтіндігінен түрлі сыни сараптамалардың, әр қалай бағалаулардың болары хақ. Дипломдық жұмыстың тақырыбына мүйізі қарағайдай ғалымдармен құпталып қойған, осы уақытқа дейінгі мерзімде жарық көрген бірнеше диссертациялардағы {Ержанова Сәуле Баймырзақызының Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ поэзиясының көркемдік тұтастығы мәселелері, Қабош Батырболат Айболатұлының 2006 жылы қорғаған Қазіргі қазақ поэзиясының түрлік-бейнелілік ерекшеліктері (1980-90 жылдар лирикасы әдеби үдеріс контекстінде) атты диссертациялары мен Өтеген Оралбайұлының Қазіргі қазақ поэзиясы: Дәстүрлі арналар және көркемдік сабақтастық атты монографиялық еңбек} идеялық сабақтастық өрбіп отыр. Нақтырақ айтсақ, біздің зерттеу нысанымыз болып отырған Т.Әбдікәкімұлының шығармашылығындағы көркемдік ерекшеліктер хақында арнайы тоқталып, тарқатып айтылған зерттеу еңбектері атап өткендей педагогика саласы қамтып қарастыратын ендігі дүние - оның өзі жауап беретін үш сұрақ айналасында болмақ. Яғни, кімді және нені, қайда оқыту керек?! дейтін сұрақтарға лайықты бағаны алып үлгерген автор туындыларына алдымен соны саралау жүргізіп, игерілуге тиісті материалды жан-жақты зерттеп, поэтикалық пайымдардың арқалаған идеялық мазмұнына тоқталып өтпекпіз. Тарау бойынша кезең-кезеңімен Т.Әбдікәкімұлының шығармашылығының құндылығы айқындалып отырады.
Диплом жұмысының жаңашылдығы: Тақырыпқа сәйкес методологиялық тиімді әдіс-тәсілдерді ұсына отырып, оқу үдерісіне автордың туындыларын енгізудің стратегиялық нақты қадамдарын жобалаумен ерекшеленіп, ақын туындыларын оқытуға лайықтығын зерттеушілер еңбегінен үзінді келтіре отырып, жан-жақты саралау жүргізеді. Идеяны бекітуге алдымен өзіндік көзқарас арқылы қол жеткізу ғылыми заңдылық. Осы орайда қаламгер және әдебиет, заман талаптары сынды әдеби үдерістердің молыға түскен көп ілкі танымдық мәселелерін терең ұғынып, дәлдік негіздеме үшін теориялық тұрғыда мынадай ғалым еңбектері басты назарда: Ахмет Байтұрсынұлы Әдебиет танытқыш, Әдебиеттану терминдер сөздігі, М.Әуезов Әдебиет туралы, З. Қабдолов Сөз өнері, З.Ахметов Поэзия шыңы - даналық, Өлең сөздің теориясы, Қ.Жұмалиев Әдебиет теориясы, Әлем алманағы және т.б.
Зерттеу нысаны: Ақшам хаттары (1993), Ырауан (2000), Бесінші маусым жұпары (2017)
Диплом жұмысының міндеті:
- Әр тарауға бөлінген тақырыпшалардағы ойды кең көлемде, кемеріне жеткізіп ұғыныңқы да ықтиятты мәлімдеу.
- Сол арқылы ұсынылған идеяның дұрыстығына көз жеткізу, зерделеу мәнісі мен жай-жапсары толық ашылған тақырыптың іс жүзінде жүзеге асуына ықпал ету;
- Белгіленген жоспардың үдесінен шыққан деп танылуы тиісті жұмысқа теориялық білімді практикамен ұштастырып, қоғамдық көзқарастарға да барлау жасау міндеттелінеді.
Зерттеу әдістері:
- Герменевтикалық талдау; поэтикалық талдау, мәтіндік интерпретациялау, сипаттама, контекстік талдау.
Диплом жұмысының құрылымы: Дипломдық жұмыс кіріспеден, екі бөлімнен және пайданылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

Әдебиет терминдері:
Поэтика -
Сугневтивті әдіс -
Постмодернизм -
Ақ өлең - (ағылшын.blank verse - ақ өлең) - силлабикалық және силлабо-тоникалық өлең жүйесіндегі ұйқассыз Еуропа халықтарының поэтикалық жадында ақ сөзінің белгісіз, аяқталмаған, толықтырылмаған деген ұғымдардың семантикалық эквиваленті ретінде қолданылуына байланысты.
Абыз - түркі халықтары тәңрі сенімінде болған көне дәуірдегі бірегей мәдени-әлеуметтік жүйенің өкілі. Профессор Қ.Жұбанов: Қазақта ескі кездегі шамандарды абыз деп атаған.
Еркін өлең -
Элегия -
Герменевтика -
Автология - сөздің тура мағынасында қолданылуы. Сөздің өзіндік тура мағынасы және туынды мағынасы болады. Әдетте поэзияда сөзді туынды, ауыспалы мағынада қолдану жиірек кездеседі. Алайда төтелеп, тура мағынасында айтылатын сөздер де аз болмайды. Мысалы, Абайдың:
Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім, -
Дегендегі уысыма түспеді деген сөз тіркесінде ауыспалы мағына бар.
Ассоциация (әдебиетте) - сезім-әсер жалғастығы негізінде туатын тәсілі. Адамның өмір құбылыстарын көріп-сезінгенде алатын әсері қалайда ой-санасында бұрыннан ұялаған ұғым-түсініктермен байланысып, соларға орайлас қабылднады.
Градация -
Гротеск -
Гнома * -
Дидактикалық поэзия -
Дактиль -
Дидактикалық фольклор. Фольклордың бұл түрі өзінің құрамы жағынан біркелкі емес. Мұнда оу баста дидактикалық мақсат емес, танымдық, ғұрыптық қызмет атқарған

1.1 Т.Әбдікәкімұлының поэзиясындағы тақырыптық идеялық ерекшелік
Тыныштықбек Әбдікәкімұлы - 1953 жылы 20шілдеде бұрынғы Шығыс Қазақстан облысы, қазіргі Семей облысының, Абай ауданы, Қарауыл аулында дүниеге келген. Өлең жазуды ерте жастан меңгерген ақынның шығармашылық жолында Ақшам хаттары (1993), Ырауан (2000), Алқоңыр дүние , Бесінші маусым жұпары (2017) атты жыр жинақтары мен көшпелі таным турасында Хас Сақ Аңқымасы атты екі томдық кітабы жарық көрген. Ырауан атты жинағы хақында зерделеудің алды деп, абыз жазушы Әбіш Кекілбаевтың жазған мақаласын айтуға болады. Мақалада ақын поэзиясының ішкі қатпарларына дейін барлау жасылынған және ендігі қазақ поэзиясының биік белесі ретінде таныстырылады. Әбіш Кекілбаевтың Күн тұтылған бір әлем жүрер іште атты мақаласынан үзінді келтірер болсақ, жазушы:
Бұл - менің бұрын-соңды көрмеген де, естімеген де қаламгерім. Өлеңдері көзіме, дәлірек айтсам, көңіліме оттай басылды. Ойыма қай-қайдағы оралды. Көз алдыма нелер келіп, нелер кетпеді?..
Басқасын қойғанда, ырғағымен, әуезі, көз тастасы мен сөз саптасының өзі талай-талай жайттарды жадыма салды.
Біруақ Алматының көктайғақ көшесінде жаңа ашылған гастрономия дүкенінің алдында шыны жайманың ар жағында тойған торайлардай торсия жайғасқан білем-білем шұжықтарға - "буржуйдай семіз колбасаларға" мадақ жыр оқып тұрған сүмбі талдай ұзын, қайыңның қабығындай жұқалтақ, сөзі сүңгідей суық та өткір, көңілі мартен пешіндей лапылдап тұрған Төлеужан Ысмайылов, біресе есіктен қыз алдына келген ұялшақ жігіттей сыптия киініп, сыпайы кіріп, сыздиып тұрып, сыздана сөйлейтін Тоқаш Бердияров, біресе өлеңін алдыңа жайып салып, өзі құмарта сорған ащы "Беломордың" көк түтінінің арасында, онсыз да қысыңқы көзін одан әрмен сығырайтып жымсия күліп, дымыңды қаралай құртатын Жұмекен Нәжімеденов, бірауық сырт тұлғасы сексеуілдей шып-шымыр да, мып-мығым, бірақ ауызын ашса, көмейі көрініп, ақ қауырсындай үлпілдеп, ақ періштедей елпілдеп тұратын Төлеген Айбергенов көз алдыма келгендей болды. Өзі өлеңдеріне Мұқағали Мақатаевтың сөздерін көп қыстырады екен. Бірақ, жаны дүлей болғанмен, жырларында жортаққа ұрынбайтын, жорғасынан жаңылмайтын Мұқағалидың бастан-аяқ жайма-шуақтығы жоқ.
Абай мен Махамбетке де тәу ететіні сезіліп тұр. Абайды абыржытқан алаң дүние мен Махамбетті ашындырған қараң дүниеге өкпесінің қара қазандай екендігі қатты аңғарылды. Бірақ, біреуінің күңгірт күңіренісі мен екіншісінің өрепкіген өжеттігіне сүліктей жабысып қалған ештеңесі байқалмайды. Кей-кейде сонау алпысыншы жылдардағы Еркін Ібітановтың жағасы жайлау, жайдарман көңіл, жайбарақат айта салар аяқасты тапқырлығы көзге ұрады.Ара-тұра әзелгі Өтежан Нұрғалиевтың жоп-жорта аңқауси қалатын, кейінгі Өтежанның әп-әдейі қитықтана сөйлейтін сайқымазақтығы қылаң береді.
Алайда, бұл әлгілердің ешқайсысын сол қалпында қайталамайтын, қазақ өлеңінде ара-тұра ұшырасып қалып жүрген талай-талай соны соқпақтарды соңына дейін жеткізіп, айдын жолға айналдыра алған аршынды, сонысымен де көзіңе сойқан елестейтін айбынды ақын. Бұрын-соңды болмаған ақын...
Қазақша айтқанда, біртүрлі ақын.
Қазақтың "біртүрлі" дегені мақтағандықты да, масаттанғандықты да білдірмейді. Бірақ, тосырқағаны мен таңырқағанын жасыра алмай, амалсыз мойындағанын аңғарта алады. Түптей біліп, түбегейлі түсіне алмай жатқандығын да сездіртеді.
Тынышбек Әбдікәкімовті де біреу ұғар, біреуі ұқпас, біреу құптар, біреу құптамас, бірақ ол ешкім елемей кете алмас, ескермей қала алмас, айрықша нысаналы ақын. [1] - дейді.
Мәдениеттанушы Әуезхан Қодардың саралауы былайша өрбіген: Егер қазақ арасында ешбір сыртқы ықпалға түспеген бір ақын болса, ол - Тыныштықбек. Осыған байланысты ол таза ұлттық негізде әлемдік деңгейге апаруға лайық дүниелер жазады. Сондықтан бұл енді үлкен құбылыс, шынымен де біраз әңгімеге арқау болатын, диссертация қорғауға тұратын биік өлшемдегі поэзия. Тіпті, аударма жағынан келетін болсақ, қалай аударуды білмеймін, аударуға еш көнбейтін поэзия. Осымен де оның ұлттық құндылығы асады. Өйткені ол - арифметикалық есепке көнбейтін, ауыз екі деңгейде айта салуға жарамайтын, әрқашанда тек түбегейлі терең зерттеуге тұратын поэзияның үлгісі. [2] - дейді.
Зерттеуші-ғалым З.Ахметов Өлең сөздің теориясы атты еңбегінде: Поэзия - сөз өнері, көркемдік шеберліктің теңдесі жоқ озық үлгісі. Оның үстіне поэзияның аса маңызды әлеуметтік, қоғамдық құбылыстарды бейнелеп көрсете алатын зор мүмкіншілігі бар. Ол - айналамыздағы дүниені, өмірді танып-білудің күшті құралы, біздің қоғамдық ой-санамыздың, көркемдік, эстетикалық сезіміміздің үлкен, өнімді саласы. - деген. [3]
Әйгілі ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы Әдебиет танытқышында сөз өнері адам санасының үш негізіне тіреледі деген. Әуелі - ақыл, онан соң қиял және көңіл деп бөлген. Ақыл ісі - аңдау, яғни нәрселердің жайын ұғу, тану, ақылға салып ойлау, қиял ісі - меңзеу, яғни ойдағы нәрселерді белгілі нәрселердің тұрпатына, бейнесіне ұқсату, бейнелеу суреттеп ойлау, көңіл ісі - түю, талғау.
Тілдің міндеті - ақылдың аңдауын аңдағанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түюін түйгенінше айтуға жарау. [4]
Тыныштықбек поэзиясындағы шұрайлы тілдің көркемдігінің көп қырлы, сан салалы, жоғары санатты болып сезілетіні, әсіресе әдеби жанрдың лирикаcынан деп білеміз. Өйткені, сұңғыла ғалым З.Қабдоловтың Сөз өнері еңбегінде атап көрсетініндей: лирика - (грекше lira - ежелгі гректер үніне қосылып ән салған музыка аспабы) - әдебиеттің Аристотель заманынан бері келе жатқан дәстүрлі тегінің бірі, шындықты адамның ішкі көңіл-күйіне бөлеп, ойы мен сезіміне астастыра суреттейтін терең психологиялық шығармалардың түрі. Көбіне өлеңмен жазылады.
Лирикалық шығармаға ақынның ішкі дүниесінің сыртқы себептермен, жалпы ақиқат шындықтың әсерімен аса қатты толқынуы, автордың өз басының алуан-алуан нәзік түйсіктері, күйініш-сүйініші тән болып келеді. Ақын басынан кешкен сезім, ақын басында болған түрлі-түрлі толғаныс - субъективті нәрсе; бірақ, сонымен қабат кәдімгі обьективті дүниенің әсері. Ақынның көңіл күйі әрқашан өзі өмір сүрген қоғамдық ортаның хал-жайына байланысты, өзін қоршаған шындықтың саяси-әлеуметтік сырымен сабақтас. Ол қуана шалқыса да, жабырқай толғанса да, - лирикада сол өз кезінің шындығы мен сыры жатады. Оқушы әрбір лирикалық кездің жай-жапсарын аңғарып отырады. [5]
Қ.Жұмалиев Әдебиет теориясы атты еңбегінде лириканың табиғаты туралы былай деген: В.Г.Белинский лириканы өте жоғары санайды. Поэзияның жаны - лирика - деп бағалайды. Егер эпостық жанрда жазылған шығармаларда зат, өмір құбылысы объективтік дәрежеде суреттелсе, оған автор өзінің қарым-қастысын көрсетпеуге тырысса, лирикада керісінше субъект, яғни автордың өзі, бірінші орынға шығады. Суреттеп отырған өмір құбылысы автордың жан толқыны, дүние тануымен мидай араласып кетеді. Біз бұл лирикалық суреттеулерден заттың не құбылыстың картинасын көріп қоймаймыз, оны жан-жүйемізбен сезінеміз.[6]
Ырауан - ырушы, тілуші, жырушы, өткір: острый, резкий, проходящий, пронизывающий, проникающий, өткір яғни Жүз: лезвие; Лик; ағын, өзен, қараңғылықты іреуші, ырыушы Жарық; Күннің ғаламдық Кемпірқосағы (кем бір қосақ) ; Таң Жарығы; Күн; Күн Нұры. деп түсініктеме қойылған кітаптың өн бойында абыз Әбіштің айғақтауынша, идеологиялық бұғаулар мен адам санасындағы кілтипандарды шешуге қайраттана кіріскен ізденімпаз ақынның стильінде өзгешелік бар.
Тыныштықбек поэзиясын тақырып бойынша топтастырсақ, туған өлкесіне арналған табиғат суреттері көрініс тапқан өлең күрделене келіп, Отанға деген сүйіспеншілікті насихаттаушы патриотизмдік бағытта жалғастық тапқандай дерсің. Туған жердің табиғаты, тіпті ғашықтық лирикасында өзіне тән ерекшеліктермен сыршыл құбылады, өзімен біртұтастандырып жіберген жымдастыру бар. Одан әрі молыға түскен данагөй лирика ойлануға шарт қоятын өмірсүйгіш өреңіз бен қиялсүйгіш жаныңыздың шын жасырылған жаңа биік мәресі. Биіктікті бағындыру былай тұрсын, көз ұшында манартқан сағымын жазбай тану керек. Сол сағымнан тура басқан міскін-мұңыңыз тілсіз тұңғиықтана айлананы алыстан шолып, төменге қызықтау үшін қарайды-мыс. Әр жылдары жарық көрген жинақтардың байсал тартқаны, тарамыстана кемелдік кезеңінде жазғанынан реттілік байқалады. Эволюциялық даму жолында ақынның алғашқы жинағының бастапқы бөлімдері табиғат лирикаларынан, махаббат маздағынан және түрлі толғамдардан тұрады.
Сондағы тіркестер:
Шегірткенің інжулі шырылынан
Моншақ теріп алар ма ед қарындасқа!
Көкіректің маздатып қарашығын,
Қос көбелек зиреге таласуын!
Төңірекке төгілген төл үніне,
Төсеп отыр тұмсығын бала суыр.
Мендегі сөз - құлынды, көз - боталы,
Бұл дәурен қайталанса жазда тағы!..
Қыз - Көктем көл басына асығады,
Бұрымы бұлт ішіне тарқатылып...
Дем алармын желіні сыздап таңның,
Қозы бұлттар жамырап емген кезде.
Жұлдыздар да түрткілеп түйсігімді,
Түсініксіз діріл бар бойда аздаған.
Қақпақылдап тынымсыз жел-уақыт,
Қаңбақ-күндер келмеске домалаған.
Бүгін аспан боталап, Тау тамсанды,
Бүйен-сайға құйылып уыз тұман.
...Бір ашылып есігі, бір жабылып,
Тау ішінде жалғыз үй есінеген.
...Томпаңдап, байғыз үнін тыста күшік,
келеді тұмсығымен ұстағысы...
Қарекет те молайып бірер есе,
Уайымнан ұп-ұзын шідер есем...
Сенің өзің қайтер ең,
көтерем бұлт,
өрісте жиі-жиі үйелесе?!
Қараторы сұлу түннің мойнында -
- жалғыз түйір Ай-моншақ.
Күннің нұры кәдімгідей қалшылдап,
Тартылады қаламымның ұшына!..
Метафора арқылы балама бейне мен балама болып алынған нәрсенің сипат белгілері негізгі айтпақ нәрсеге телініп отырғанын аңдауға болады. Мұндай үлгілер Тыныштықбекте жетіп артылады.
Жұрт ешқашан ұққан емес тірі жүрген Шайырын.
Жаз көзінен сорғалайды мұңдай жасыл қайырым.
Мұнарадан Ай жылайды,
Шашы әлемге жайылып...
Коллекционер кәрі Тарих сурет жинап босқа әлек...
Ағып жатқан қан түрінде жалтылдайды кешкі Өлең!
Поэзияда тек тіл, сөз ғана көркем емес, ой да көркем, бейнелі. Өлең тіліне көркемдік сипат дарытатын, қуат беретін сол ой-сезім тереңдігі, өткірлігі, әсерлілігі. Поэзия өмір шындығын асқан ойшылдықпен, ерекше сезімталдықпен ашып көрсетеді, бейнелеп суреттейді десек, тіл, сөз әлгі ақындық, көркем ой-сезімді жеткізудің құралы ғана. [7]- деген З.Ахметовтың дегеніне құлақ түрсек, Ақындар атты үзінді келтіріп отырған өлеңде автор:
Ең ақырғы пайғамбар да көтере алмас тулар бар!.. - деп қыруар ойдың санаға салмақтығын меңзейді.
З.Ахметовтың Тыныштықбекте ерекше сипат алған портреттік суреттеудің алғышартындай жазғанында ақиқат бар:
Адамның келбет-кейпін, яғни портретін суреттеуде өлең тілінің ұлттық бояу-нақышын әлсіретпей, қалыптасқан әдіс-тәсілдердің ұтымды жақтарын орнымен пайдалана отырып, адамның кескін-келбетін, портретін, тілдік мінездемесін, кейіпкердің жан сырын көрсетуді, психологизмді жаңа биікке көтеру шарт. Поэзияда мұның, әрине, ерекше қиындығы бар, үйткені, ол үлкен жаңашылдықты керек етеді.
Т.Әбдікәкімовтың портреттік суреттеулеріне бір ауық кезек берсек, әлгі психологизмнің қатпар-қатпар мінездік бұлғаңы мен ұлттық бояу қабысып-ақ тұр:
Қаңтар
Және
сылқым Орман, бұраң бел,
қасы-көзін сүрмелейді қыраумен.
Анау - Ертіс, мұздан байрақ көтерген.
Жағасында оқшырайған мынау - Мен!..
Сорлы шеке - қара мәрмәр, теп-тегіс.
Соңғы сәуле...
Сезсе соны өкпеміз.
Көздің жауы - қылмыс сөзіндей қып-қызыл.
Күннің нұры - көк теңіз.
Жаның сенің - жараланған сыбызғы.
Жаңа туған жусандай елегізе,
Жүрегіме бір жұмбақ шер емізем.
Кезіп шыққан секілді сөз алабын,
Бір сезімнен құпия бозарамын.
Біреу ақырын ішімнен жылады енді,
Қайда барып шығарсам күнә-демді?...
Бұл лириканы асқақ меңгерген ақынның дүр поэтикасының шетін қыры ғана. Көркемдік эстетикалық талғамның үдесіне және мазмұндық түйін өлеңнің екінші жолына келетін қазақ поэзиясының ерекшілігіне орай мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.
Деректі - дерексіз ұғымдардың кейіптеу тәсілімен қарама-қарсы контраст үйлесімге жұмылдыра жырланады.
Қысқы түн элегиясы атты өлеңде:
Мына түннің азабын - ай,
Арқа - басы қыраулы!...
Қансыз-сөлсіз ерінімен қалай-солай ұнауды
Үйретпекші болды саған?...
Ал, шатырда мысықтар
Ғашықтардың мұңлы әуенін сары аязбен ұшықтап...
Тау басында оқып отыр Ай бозғылтым дұғасын. деп келетін өлеңдегі арқа-басы қыраулы түн азабына қоса, тау басындағы Айдың бозғылтым дұға оқуы, сары аязбен мұңлы әуені ұшықталған ғашықтарға шатыр үстіндегі сары мысықтардың қандай қатысы барын біліп те болмайсыз. Романтикалық әсерге ие көрініс бедерлі бейне жасап тұр.
Қабош Батырболат Айболатұлының 2006жылы қорғаған Қазіргі қазақ поэзиясының түрлік-бейнелілік ерекшеліктері (1980-90 жылдар лирикасы әдеби үдеріс контекстінде) диссертациялық жұмысында қазақ поэзиясындағы ырғақ концепсиясының әдеби терминін ұлғайтып қарастырып, аталған кезеңдегі бір топ ақындар лирикасына (Т.Әбдкәкімов, Г.Салықбай, Ұ.Есдәулет, Б.Серікбаев, Н.Мәукенұлы) барлау жасайды. Солардың ішінде, біздің зерттеу нысанымыз Тыныштықбек поэтикасы да жіті зерттелген. Аталған жұмыстың басты ерекшелігі мен ғылыми айналымға енгізілуге ұсынылған жаңалығы толымды емес ұйқастың сол қалпында кетік ұйқас деп аталып, қолданыла алуына, яғни өнімді, табиғи ұйқас деп ұйқастың жаңа түрі деп танылуына еркін өлең (верлибр) жазатын Әбдікәкімовтың шығармашылығын зерделеу арқылы ықпалды мәселе көтерген.
Ғылыми зерттеу жұмысының мәнді түйіні ретінде дәстүрлі сабақтастықты алға тартатын ғалым Тыныштықбек поэзиясындағы философиялық иірілімдер, өміршең мазмұндылық пен образдарының тым көне де жаңашыл сипаттағы көркемдік бағытына тоқталып, стиль даралығының өзектілігі заманауи үлгіде өрілген поэтикалық тілінде деп біледі. Тақырыптың ауқымдылығын меңзеген зерттеуші айтқандайын, материал тек ақынның ақындығын зерделеуге бағытталып отырғанымен, жайып салған ғылыми шындықтың мәнді табыстары үшін оны жүзеге асыру міндеті тұр. Ақынның шеберлігіне шүбә келтірмейтін аргументтер мен мазмұндық-идеялық, салыстыра зерттеу мен аналитикалық талдауда келтірілген көптеген үзінді мысалдар дәлел бола отырып, ақын поэтикасы cөз қолданудың, құбылтудың, түрлендірудің, ауыстырудың барлық түрін меңгерген деп те мәлімдейді:
Жаңашылдықты дәстүр жарастығымен өзектес құбылыс екеніне тағы да ден қояр болсақ, қазіргі қазақ поэзиясындағы Жұмекенмен табиғаты туыс күрделі ақынның бірі - Тыныштықбек Әбдікәкімовтың поэзиясы, сөз жоқ, жаңа бір дара құбылыс. 1993жылы Ақшам хаттарыатты поэзиялық жинақ шығарып үлгерген ақын - қазіргі қазақ әдеби сынының назарын ерекше аударып отырған қалам иесі. Оның себебі - Тыныштықбектің дүниені қабылдау, ойлау жүйесінің бұрыңғы-соңғы ешкімге ұқсай бермейтін өзгешелігі, дүние пайымының, танымы мен сезімінің даралығы, аса нәзік те күрделі поэтикалық әлемі. Ақынның бұл тараптардағы ерекшелігін қадари-қалімізше талдауды келесі - үшінші тараудың еншісіне қалдырып, қазір тиісінше оның өлең ұйқастарының ерекшеліктерін байыптауға тырысып көрелік.
Сөзіміздің басында дәстүр жалғастығын тілге тиек еткенбіз-ді. Ол дәл осы тараптан, ақынның ұйқас құрау ерекшеліктерінен де көрінеді. Ақынның оқырманға алғаш ұсынған топтамасынан Боранды түнде атты өлеңін алып қарасақ, Жұмекен ұйқастарының моделін жазбай тануға болады:
Қап-қараңғы үрейдің арқасындай,
Мына түннен азырақ қорқасың да,
Күлген сайын сырттағы күрең боран,
Жын жылайды пешіңнің қолқасында.
Сені қоса жылата жаздағаны-ай!
От ойнағыш қап-қара көзде ғана.
Боздайды кеп көшеде боз бағана.
Бар-ау сенің өткенге өкінерің?..
Сыртта боран сәт сайын екіленіп,
Кейде адамша күрсінсе,
Кейде үнсіз
Терезеңді жалайды, мекіреніп.
Киелі өлең өзекте өлтіріліп,
Ай жоғалар аспанда, жер түгілі!..
Жатыр неге қыңсылап сендік жүрек -
Көз ашпаған бір мұңның бөлтірігі!.. {37, 14б.}.
Негізгі әңгімеміз ұйқас турасында болуға тиіс болса да, оқып отырғанда еріксіз көңіліңді бұрып әкете беретін мағынасы қалың бейнелілік пен сәл мұңды да суретті мазмұн жан дүниеңді баурап әкететінін байқамай қаласың. Өлеңнің сол әсерімен оның толымсыз, кетік ұйқастарымен жазылғаны қаперіңе де кірмейді, мазмұндылық пішіннің жатықтығына айналып кеткен. Ғылыми тілмен айтсақ, ұйқастың мазмұнға қызмет етуінің нағыз үлгісі осы. Академик З.Қабдолов ең басты критерий көркемік тұрғысынан келгенде ұйқастың шартты нәрсе ғана екенін ескерте келіп, былай деген еді: Ұйқас - ұйқас үшін тұрмауы керек, яғни ұйқас өлеңнің пішініне ғана емес, мазмұнына қызмет етуі іздену осы тұрғыдан болуға тиіс {2, 280 - 281 б.б.}
Шеберлікпен сөз жаратуға қатысты пайымда ғылыми көзқарастағы дәлел мен дәйекті қатар тосқаны біздің байыптап білуге ұмтылып отырған мәселе - тақырып пен идеяны да төңіректейді. Ерекшелігі деп қасаң қағидадан бас тарта отырып, өлең құрылысына айқындау жүргізсе, мазмұнды жақтайтын пікірге иек сүйейді.
Тұрсынжан Шапай: Қазіргі қазақ өлеңі де бүгінде небір сезім реңін, көңіл-күй ауанын, ой иірімін, болмыс бедерін, өмір суретін беруге төселді. Қилы көрсемдік тәсілдер - жыр жарағы, ақын өрісі. Соның ішінде, әсіресе ұйқас барынша нәзік тартты. Тым кінәмшіл, кірпияз. Артық-кем, ауыс-жаңсақ бір дыбысты да көтермейді. Олпы-солпы тұрған әр ұйқас ақынның профессионалдық кемелдігіне, ақындық әдебіне сын. Қазіргі қазақ өлеңінің өресі ұйқасты ақын қажырының тегеурінін танытар, оның өз өнеріне деген көзқарасын бағамдатар жауапкершілік таразысына айналдырды.
...Қысқасы, жігі білінбес, кетігі көрінбес шымыр, қоладан қорытып құйғандай тұтас та сом ұйқас қазіргі қазақ өлеңін өлең ғып тұрған негізгі бір көркемдік тұтқасы.. - деген.[7]
Ал, Ө.Оралбайұлының Қазіргі қазақ поэзиясы: Дәстүрлі арналар және көркемдік сабақтастық зерттеуінде оның шығармашылығына қатысты бастаулар жайлы былай дейді: Ақындарды бір-бірімен салыстыру әдеби процестің негізгі бағытын бағамдау үшін керек болғанмен, ол өзін ақтамайтын шарт. Қандай ақын болса да, бір қарағанда бір-біріне ұқсас болып көрінгенімен, шындап зер салғанда ол бір-біріне мүлде ұқсамайды. Мысалы, Қасым Аманжоловтың поэзиясына ұқсастықты бір кездерде Ғафу Қайырбековтен көруге болады деген пікір болды, бірақ Аманжоловтың албырт та адуын ой ағысы Ғафуда сыр мен сезімге көбірек бөленіп, басқаша түрленіп шықты.
Сондай-ақ, Жұмекен Нәжімеденовтің жұмбақ та ойлы өлеңдерін бүгінгі Тыныштықбек Әбдікәкімовтен көрген пікірлер де поэзия сынында көбірек қылаң береді. Шынында, екеуінің жұмбақ сырға құмарлығы мен терең ой, тілсіз сезімді берудегі ұқсастықтары кейде тақырыптық, кейде жанрлық, кейде логикалық, кейде идеялық жағынан ұқсас болып көрінгенімен, екеуі мүлде бөлек, дара-дара ақындар. Әрине, Әбдікәкімов Нәжімеденовті өзінің ұстазы санайтыны белгілі, бірақ ол Жұмекен жырларының екінші данасы емес, өз данасы, өз қолтаңбасы бар талантты ақын.
Жалпы Тыныштықбек Әбдікәкімов секілді ақындар, өкінішке орай, поэзиямызда аз. Терең, ойлы, ішті, ізденімпаз ақын. Кейбір пікірлері әдебиет пен дүниетанудың арасында болса да, жанымызға жақын. Өйткені, ол ой тоқырауына ұшырамаған қаламгер. Қазіргі қазақ поэзиясындағы шын мәніндегі азаматтық әуен мен әлеуметтік көзқарасты дер кезінде және биік дәрежеде көтеріп жүрген ақын ретінде ол қазақ әдебиетінің бірталай жүгін көтерісіп келеді. Ашық айтады, ащы айтады: Бүгін ел бұзылса, табады шайтан өрнек кесапатының мейлінше құтырған кезеңі. Ал, ондайда төменшіктеп, қайғы жейтін баяғы Абай заманындағы періште қазір мүлде жоқ; періштеліктің бәрі құрып бітудің аз-ақ алдында. Айталық, бүгінгі шайтанаттың бір көрінісі - ақпараттық экспансия әлеметі, соның ішінде әйдігі - интернет шайтанөрнектігі. Соның өзі жебір өрмекшінің орта бөлігі жәндіктерді өзіне ерекше еліктіре аларлық қандай да бір сәуле шығарып тұратын шым-шытырық тор секілді декен пікірі әрі тосын, әрі ойланарлық. Ойланып қарағанда, жаһанданудың жаушысы болып келген әлемдік ақпараттың бас жүйрігі - интернет жүйесінен аларымыз көп, алар пайдамыз да мол, бірақ табар зиянымыз да жетерлік. Мұны ақынның көңілі жазбай танып отыр.
Қазақ поэзиясында қазір ақпараттық, немесе жаңалыққа құмарлық ағысымен туған өлеңдер басым бола бастаса, ол да интернеттің әсері. Көк жәшіктің ішіндегіні талмай жұтып, талғамай алып жатқан оқырман енді поэзиядан таза мәліметтік нышан іздейтін болса, онда поэзияның ұтылғаны. Мәлімет пен ақпарат тіліндегі жырлар көбейген сайын өлеңнің шын оқырманы азая түседі. Бұл поэзия үшін өсу мектебі емес, қайта өшу мектебі болып кете ме деп қорыққан ақын бұған баса мән беріп, өз байламы мен толғамы бірде басып, бірде ашып, бірде жасып айтады.
...күнделікті өмірдің мәліметін өлеңге түсірген шығарма қажет емес.
Бұл тұрғыдан келгенде ақын Жарас Сәрсектің: Алпысыншы жылдан кейін қазақ әдебиетінде теңіздік тереңдікті алып келген Жұмекен Нәжімеденовтің буыны болды. Қазіргі тілде интеллектуалдық поэзия деп аталып жүрген сол тереңдік сол тұстан басталып, Тыныштықбек Әбдікәкімовте көрініс берді деуі орынды.[8]
Яғни, келтіріп отырған көзқарастар ешқандай қайшылық туғызбайтын, Тыныштықбек поэзиясын ұлықтау мәніндегі стильдік даралықты ескере отырып, дәстүрлі жаңашылдықты айғақтайтын көзқарастар.
Интеллектуалдық поэзия - оқырманы ең аз, тыңдарманы одан аз поэзия. Бірақ, ол - поэзия дейді ақын Есенғали Раушанов.
Поэзиядағы прозаизм - күрделі ойларды ішкі цензурасыз жеткізуге бейім.
Белгілі ғалым-сыншы Тұрсынжан Шапай Ой түбінде жатқан сөз еңбегінде: Өлеңдегі сөз бейне бір қанат біткендей, көз алдымызда құбылып, өзгеше ажар тауып биіктеп сала береді. Ырғақ пен өлшем құдіреті. Сөздердің бір-біріне сәуле шашқан, өз ара ерекше қарым-қатынастағы инверсиялық түзілім-қатары адам көңілін құлақ күйіндей тербеп, әлдебір тұнық әсерге, сиқырдай арбаған тылсым аңсарға аударады. Өлеңдегі сөзден, әйтеуір, қияпаты бөлек, сыры ғажап әлдене күтесің. Біз, тегінде, өлеңдегі поэтикалық мағынадан бұрын, өлеңнің өз сымбатына ғашықпыз.
Қара сөзбен айтсаң, түкке тұрмайтын жүдеу ой, болмашы қисын өлеңге келгенде кәдімгідей жан бітеді, ойнайды, оқылады. Шымыр ұйқаспен шегенделгенде, таптаурынның өзі тамылжып кетер еді. Өйткені, үйлескен, өзара сыңғыр қосқан жарасымның өзінде оқшау мағына бар. Сұлулық бар. Ырғақпен толқындап, ұйқасы ұнасқан сөздердің келісімінде де сондай сыр жатыр. [9] - дейді.
Өлеңдердегі мағыналық тұтастықта поэтикалық тіркестерге назар аударсақ:
Күдігімнің қап-қара күйігіне
жанарыңнан жап-жарық жан тамады!;
Жинасам да жаз бойы хаттарыңды,
Жыртық көңіл онымен жамалар ма?...
Көзге күйік болмасын, түсінерсің,
Түнге ағызып жіберем хаттарыңды.;
Түйсік өшіп заматта, тіл күрмеліп,
айқай салар Үнсіздік ортамызда!...
Жазулы ақшам хатын көкейдегі,
Жарқанат қанатымен шимайлаған
..Тексергенде Дүниенің ақ-қарасын,
Ақиқатты көрмес көз - тек сора-су.
Мен Өзіңе жүгінем сондай кезде де,
Сенсің - досымнан да қымбат бақталасым.
Оң жағыма жайқалтып Күн дарағын,
Сол жағыма жайқалтып Түн дарағын,
Есіл-дертіме еркелігін де жиып алып мың баланың,
Саған ғана періштелік махаббатпен құлданамын.
Алдияр Оқырманым менің,
Арманыма, адалдығыма... ел сенбей бір,
Табалай кеткенде өңшең бейпіл,
Өлер болсам, өңменіме сұғылып семсердей мұң,
Сөзден және Сенің қолыңнан өлсем деймін.
Мүмкін, бозқасқасы да ақылымның бошалар мың.
Мүмкін, қара тасына да көңілімнің қашалар мұң.
Сөз сүйегін өлшеме, мұңды өлшегін.
Кемеңгер көрген кісілерден қалған талдау мен сараптаусыз бұл өлеңдер бірден оқи қалғанда, адамды абдыратып жіберуі ғажап емес. Өйткені, ой мен ішкі сезім ағынындағы асаулық еш бұғауға көне қоймайды.
Барша сыртқы әлемнің сұлбасы ұқсастыққа сұранып, келесі көрініске теңгеріліп тұрғандай болмағы да тұман түскен даланың өз сөзіндей Тұман атты өлеңі де сөз құбылтудың ерек үлгісі.
Алғашқы шумақтан-ақ:
Желмен бірге ұша алмай Көк жүзінде,
Жербауырлап өксіген бұлт-бауырым!.. - деген екі тармақ бойындағы аспаннан суырылып түскен едәуір тосын, беймарал да жанды бұлт бейнесі кейіптеудің хас үлгісі.
Әлде, бұл боз-боздауы...үлек пері?..
Әлде, бұл боз-қамыққан жүрек демі? - тұманды тұмандата жырлаудағы осындай сұрақтастық, әрине әлгі айтқан кескіндемелік өнердің қымсынбай қатар сап құрай білген дара жарасымынан. Қамыққан жүрек демі - боз деген ағарған ғайып түсіне сәйкес, үлек-пері де мамыражай мендік құбылысына сай ұқсатым. Тұманды түсініп әлек ақын ары қарай:
Не болса да, әр тұстан жыртып-тесіп,
Сойдияды қаланың сүйектері. - дейді. Боз мамықтан ғимараттар иіні менмұндалап тұрғанын кейіптеу тәсілі арқылы суреттеуде, бұдан өтіп мұндай шынайы жазар болмас дегің келеді.
Көңілдегі пысқырып көк ат тірі,
Салбырайды түйсіктен сағат тілі.
Жын ба, мұң ба, белгісіз... түршігесің,
Тұман іші аңғарсаң қанаттыны.
Боз тұман мүлгіген меңіреу кеңістік ішінде ай нұрын ұстап, мінсе де - қызыққа тоймас адамзат жаратылысына тән көңілдегі көк ат жаратуға шақ тіркес көне эпостардағы қалыпты сюжет. Салбырайды түйсіктен сағат тілі - деу уақыт пен кеңістіктің өлшем бірлігіндегі шектеулі мен өтпелі мезеттер қарсаңындағы айырым белгі әрі бейнелі сөздердің сәтті шыққан тіркесі. Тұманның иендегі сүреңі сананы толық иелене алмастығы ақиқат нәрсе, адам-уақытқа да айнала білмек. Лирикада көрініс тапқан маңызды философиялық үдеріс бар: индукция мен дедукияның адам ойын бағыттау үшін керекті құбылыс. Мұндағы:
Бозалатып алғандай бұлаңдап Ес,
Көзді көктей өте ме жыланды елес?..
Не Құдайы танылмас, не құмайы,
Өз ішіңді көресің, тұманды емес... - деген шумақта, жан иіріміндегі күрделілеу келген пейзаждық мұнартуды адамның ішкі әлеміне еніп кеткендей аудара салу арқылы ақын жалпыдан жекеге көшкен. Бірден емес, әрине. Өлең тұмандағы айқынсыздық ақыры адам ішіне сыйып тұрғанындай етіп аяқталып, ақын нараду адам - табиғат деп біріктіре қарастырғандағы мәнін парықтауымызға болады. Бұл өзі парықтауға келетін көзқарас. Өлеңнің тұла бойында сақталған ұқсатым сұраулар тек қана адастыру әрекеті емес, мүмкін адастыру...Ең бастысы, адам өз ішінде адаспағаны, тұманға алдыртпау керектігіне Алтайдың Кербұғысы Оралхан Бөкейдің Қар қызы хикаятындағы қар символикасымен ұштаса қалғандай әсер етеді. Тыныштықбекті сол өңірдің, сол ауа мен қысты өткерер аймақтың тұрғыны десек, онда осыны да мықтап ескергеніміз жөн.
Галактика - зер шымылдық,
Желбірейді ғарышта...
Мен - ішіндемін Елдің нәп-нәзік үмітінің,
Қалың ұйқысының сыртындамын.
Бүкілғарыштық түндей Мұң -
- Жаным түкпіріндегі құбылыс...
Күн - әлі де мейірімді.
Үлкен Пір.
Сағымында жылқы текті жын мөңкір.
Бір көзімен немересін күзетіп,
Бір көзімен жұртты аңдиды сұр кемпір.
Жау құлағы бар, қалғысы келетін жастығымның астына да жасырынып,
Терезем түбінен қара Қала түріндегі ғасыр ұлып...
Сонсоң, ұяты қаймақтанған сүт ішем.
шексіздік бар ішімде!
Мұңымның сөлін ішкен ем.
Жаутаңдарменен келеді ұғысқым.
Осы даламның бесінші маусымды аңсайтын әр жапырағы да,
Қорымдардағы ойлы топырағы да,
Аян аңқыған әр жұтым ауасы да,
Әр тамшы суының тау ағыза алар санасы да,
Көктекті қасқырларының жертекті иттерден алған азулы жарасы да,
Сол иттердің қу сүйек үшін өзара таласы да,
Ата жаудың осы Далаға ынтыққан баласы да -
- Отаным менің киелі!
Жығылсам, тұрып аламын, бір тал шиіне де сүйеніп!
Сүйемін мен Оны,
Махаббатымның қуатынан кетсе де жүрегім тұншығып, ми өліп!
Тән ғылымын ғана мадақтайды академиялық мінбелер,
Жан ғылымы - сенің ғана жадыңдағы мұңлы да гүлді Өнер.
Қара да тұр әлі,
Барша қаладан құдайдай аңқылдап, Дала сөйлейтін күн келер!..
Өлең тақырыбын жазбаса да, не туралы айтылғанын сөзсіз ұғынуға болатын жырлардың көпшілігінде, тұрмыстық жағдайды бейнелеуде болсын, табиғатты суреттеуде болсын, ұлттық зер бірден көзге түседі. Зердесін бөліп қараған мәселе мен толғантқан тақырып төңірегінде Тыныштықбек екі-үш өлеңмен шектелмейді. Тіл туралы, ел туралы, қала мен ауыл жайлы, ақындық, ақ өлең, сөз хақында жазғандары жазыла-жазыла ақынның басқа өлеңдерінде міндетті түрде сыр айтады.
Ой шоршыған көз жасына
Қиянаттың дауысы
Тырнақ тіреп,
Қараңғыдан саған шылым ұсынды...
Сонда барып сұлуыңның сұмдығына түсіндің!
Бәрі бітті!..
Мұңлы ертектің сынық қанат үніндей,
Ғұмыр бойғы өкініштің тұзы өртеніп діліңде...
Тек жұлдыздар сызып жатты тағдырыңның есебін.
тегінде, мына қатыгез тірлікте,
Саған деген өз мейіріміме жылынам.
Ыңылдағаным да - ырым ән.
Кигізе алмай әуре боп жүрм ғой басыңа,
тәж тоқып жүрек нұрынан!..
Солай ұшқан - қалың Ой-қарлығашым,
Қанатымен де самбырлап Ар дұғасын!
Алақандай көзі бар санамызда,
Айқайлайды миллион жаралы ұғым!
Суға түскен бейнең түгілі,
Уға түскен көлеңкеңді де өбер ем!..
Періштелер демінен жаратылған
Сені
Қорғай алар ма жан-ғаламым?!
Ақиқаттың өзін де еңіретер,
Білмейсің ғой, сен әлі Жалған күшін.
жаңа туған алқоңыр бөкендей бір
Өзің үшін
Көктегі Көкеңдеймін.
Мына қасқыр қоғамға жем болмауды,
Қалай саған үйретсем екен деймін...
Бұл қоғамдық құбылыс. Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі деген тәмсілді хас бүркіттің балапанын баптауы сынды, тіпті соған алаң шеккен аталық дәстүр-баян.
көзден тағы мөлдір сөз мөлтектеді.
Әңгіме - тақырыптық идеялық ерекшелік туралы болуы керек болса, мұндағы сөз қандай, сезім қандай, ұғым қандай, сөз арқылы нендей бейнелердің қандай қасиетін ұқтырғысы бар?! Сезіп тұрғаның төзіп жүргендігің болса ше?! көзден тағы мөлдір сөз мөлтектеді.
Анығы, айтылмаған сөздің жасқа айналары белгілі ғой. Соны осылай алмастырған.
Бәрі айдан анық тұрған қарапайым ақиқатқа кеп тіреледі. Жүректің нұрынан тоқылған тәжді басыңа кигізе алмай әуре болып жүрм ғой дейтін атаның қаншама өлеңі балауса өскіннің бойтұмарына айналмақ. Есігінен бостандық шұғыласы қонғалы қазақ поэзиясында арнайы ұрпақ үшін атқарылған еңбек болса, болар. Бірақ, дәл Тыныштықбек поэтикасындағыдай ертегіленген-мұң-образ-ұстаным-ұғым дардың біркелкі тұғыры болмаған. ...үнемі қайғырамын ел мен сені деуінде ақын уақыт аксиомасында маңызды екі тақырыпты бір тармаққа сыйдырып тұрғандығын байқаймыз. Ел тәуелсіздігі кім үшін?! Өзі ғана жасайтын кезеңде, ындын құдығына құлап кеткен құлқын мен бұғаусыздығын білсе де, шер тоқып жүретін қала кептерін де жыр еткен ақынның назарынан тыс ештеңе қалмағандай көрінеді.
Ақылды адамның мүлкі әлем деген Шәкәрімше, Тыныштықбек ақынның өлеңдерінде дүниелік заттардың сипаты мен әлемнің когнитивті бейнесі шоғырланғаны, оның өлеңденіп отыратын өлкесі, тұрағы қала мен дала, Семей болуы, тіпті, ғарыштану концепсиясы, ғашықтық ғазалдарындағы ессіздікті ең бір ұтқыр тәмсілдермен бақытқа бұйырта жырлауы, таптаурын көзқарастарға үлкен қарсылық мәні, табиғатнамасы ретінде от, су, ауа, аспан денелерінің тылсым түрленістерінің әсем құбылтулары, өз ұлтына деген сүйіспеншілігіндегі айқын мәселелермен жаралылық, пендауи бастың әңгімесі де қарапайым ұлылық болса, дәруішке айналған ой әлемі, жүрегінде жүріп жататын ғарасат майданы мен жарға деген іңкәрлігі, болмыс пен мінездер аллеясында іштегі күн тұтылған бір әлемнің әлі талай Әбіштердің біртүрлі ақындарды ашуына сеп болады деп білеміз. Ақынның немересіне арналған өлеңдері Әуезхан Қодарша айтқанда, аңыздандыруы қазақ поэзиясындағы сөз киесінің ежелгі рухтасын, Тәңір демі екендігіне айқын дәлел. Қазіргі қазақ поэзиясы арқылы тұтас ұрпаққа деген төгілген мейір махаббат бар. Адамзатты сүй, бауырым деп - Абай өткен ғасырларда айтып өткен болса, алмағайып замандарда қазақ баласының барша жұртқа пана бола аларын тарихтан жазбай танимыз.
1.2 Әбдікәкімұлының шығармашылығындағы таным аспектілері
Т.Шапай: Өлең - поэзияның заттық болмысы. Белинский өлеңді поэтикалық ойдың қажетті формасы, ақын талантын бәрінен бұрын айғақтар көрсеткіш деп қараған.[9]
Өлең арқылы дүниенің жұмбақтығы арта түседі, себебі шын өлең оқылған сайын өзі ашқан жаңалығын парасатты танымға алмастырады емес пе?! Қоғам диалектикасында үйлесімділік жасампаз құбылыс.
Ғалым тағы да:Ақын да, оқырман да субьект ретінде қоғам дамуының, өмір орайының, белгілі бір кезеңдік шектегі әлеуметтік-психологиялық факторлардың тікелей тірі сауалы, жанды жауабы. Сол өзгерістердің хаттап тізген жиыны ғана емес, - ұғым - түсініктер аясы мидай араласқан, бояулары алмасқан тіршіліктің, бір ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Ғабит мүсірепов қазақ солдаты роман
Озат педагогикалық тәжірибе мен инновация
Абай жолы эпопеясындағы монологтың көркемдік қызметі
Қазақ кеңес прозасындағы замана шындығы (М. Әуезов, С, Ерубаев, С. Сәдуақасов т. б. )
Хикая, оның жасалу жолы
Ахмет Байтұрсынов өмірі мен шығармалары
Т.Ахтановтың өмір жолы және шығармаларының көркемдік қасиеті
Д.Исабеков повестеріндегі ұлттық мінез сипаты
Мұхтар Әуезов шығармаларындағы ұлттық тәрбие мәселесі
Д. Исабеков прозасындағы замандас бейнесі
Пәндер