Көркем шығарманы талдау жолдары


Мақсаты:Көркем мәтінмен жасалатын жұмыс түрлерін, ерекшеліктерін ұғындыру
- Көркем мәтін түрлері
- Көркем мәтінмен жұмысты ұйымдастыру жолдары
Негізгі ұғымдар: мәтін, көркем мәтін, әдеби талдау, мазмұндау, көркем мәтін түрлері, жанр
Жазушы көркем туындының болмысын танытатындай, ондағы оқиғаларды бір‑бірімен байланыстырады. Ондағы кейіпкерлер тіршілік кешеді, еңбек етеді, бір‑бірімен қарым‑қатынасқа түсіп, тартысқа да барады. Соңында уақыт пен кеңістікке сіңісіп, орнығады. Осы кезде ең бірінші көзге түсетіні - автор баяндайтын оқиға. Ол жекелеген эпизодтардан құралып, шығарманың тақырыбын, идеясын, жанрлық ерекшелігін ашады. Автор өз шығармасында өмірдің әлеуметтік‑қоғамдық жағдайын, бір кезеңдегі адамдардың өмірін суреттейді. Көркем шығармада адам, адамгершілік, табиғат, атамекен, махаббат мәселелері сипатталады. Яғни, әдебиет - заманның рухани, адамгершілік, моральдық жағын ашып, көркем бейнелейді. Көркем мәтіннің осындай ерекшеліктері әдебиет сабақтарында игертіледі. Оқушы көркем шығарманы тек өтілген материал, баға алу үшін қажет міндетті оқу деп түсінбеу керек. Көркем шығарманы оқушы жан дүниесімен ұғып, одан алған әсерін, көркем танымын одан әрі қолдана алуы керек. Яғни, көркем дүние оқушы жанына эстетикалық жарасымды ықпал тудырып, таным көкжиегін кеңітуге, мінез қасиетін қалыптастыруға жәрдем етуі, ойға шақыруға тиіс.
Көп ретте көркем шығарма, оның ішінде көлемді туынды үстірт қана өтіледі. Оған себеп біріншіден, шығарманың ауқымдылығы, мазмұнының көпқырлылығы, мәтіннің психологиялық жағының күрделілігі; екіншіден, шығарманы оқып‑үйренудегі уақыттың аздығы, бір сарынды әдіс‑тәсілдердің қолданылуы. Көркем мәтінге барудағы жол - мазмұнды игеруден басталады. Көркем мәтіннің мазмұнын меңгертудің бірнеше жолдары бар.
1) Шығарманың таңдап алынған тұстарын, яғни мейілінше әсерлі тұстарын мазмұндау. Бұл мәтінді үстірт оқу дегендік емес. Оқушы шығарманы толық оқығаннан соң, оның ең қызықты тұстарын есіне көбірек сақтайды. Осы дағдыны пайдаланып, мұғалім оқушыларға шығарманың маңызды сәттері бойынша сұрақтар қойып, оқушылардың жауабын тыңдайды. Сол тұстардың мазмұнын ашуды сұрайды. Оқушы әңгімелеу барысында, өзінің мазмұндайтын бөлігін неғұрлым қызықтыра, өз сөзімен беруге талпынады. Мұның өзі оқушының мәтіннен алатын әсерін қалыптастырады. Осындай әсерлі тұстарды басқа шығармалардан табуға ұмтылады. Соның арқасында көркем мәтін оқуға деген ықыласы қалыптасады.
2) Логикалық тізбекті мазмұндау. Бұған шығарманың мазмұнын қуалай отырып, жүйелі мазмұндауды жатқызамыз. Бұл оқиғаларды ретімен, ішкі байланыстарын сақтай отырып, мазмұндауға да жол салады. Екінші бір тиімді жағы көркем шығарманы сыныпта мазмұндатқанда, тек бір оқушыдан ұзақ‑сонар сұрай алмайсыз. Осы кезде сөйлеп тұрған оқушының жауабын тиянақтатып, әрі қарай екінші оқушының жалғастыруын сұрағанда, ол сол тоқтаған жерден әрі іліп әкету керек. Бұл сабақ үстінде оқушының ықыласты отыруына, бір‑бірін тыңдауына, ой қосуына дағдыландырады. Бір жағынан бірінің мүдірмей бастап, соны екіншісінің кідіріп қалмай, жалғастырып әкетуі жарыс секілді әсер етеді.
3) Бүкіл мазмұны немесе жекелеген эпизодты шығармашылық түрде мазмұндау. Мұнда ең маңыздысы оқушының өз көзқарасын, ойын айта білуі. Оқушы мәтін мазмұнын сақтай отырып, оны өз атынан немесе кейіпкердің біреуінің атынан жеткізеді. Бұл тәсіл оқушының ой‑өрісін ұштайды, шығарма мазмұын жақын қабылдауға, кейіпкерді айқын елестете алуға шақырады.
4) Автор тақырыбына өзінің қиялын (фантазиясын) қоса отырып мазмұндау. Бұл оқушының шығармашылық белсенділігін өсіреді. Мәселен, ортаңғы сынып оқушыларына белгілі бір мәтінді мазмұндатқызу үстінде, оларға тқмендегідей сұрақтар қойып, ой‑қиялдарына қозғау салуға болады:
- егер көп уақыттан соң, сен осындағы кейіпкердің орнында болатындай жағдайға кездессең, не істер едің?
- Осы шығармадағы ең қызықты оқиғаға не қосар едің?
- Егер сен автор болсаң, шығарма оқиғасын қалай аяқтар едің?
Яғни, оқушы мәтін мазмұнын айту үстінде тек автордың дайын дүниесін баяндап тұрғандай емес, өзі соған қатыып отырғандай жанды әсер алады. Бұл әрі қарайғы көркем мәтінді терең талдауға апарады.
Ғ. Мүсірепов өзінің суреткерлік жолында қазақ халқы өмірінің әр алуан жақтарын суреттеп, өткен тарих пен жаңа қоғам бейнесін көркем бейнеледі. Жазушының шағын жанрдағы туындылары Тулаған толқында, Көк үйдегі көршілер, Өмір ертегісі, Алғашқы адымдар, Үздіксіз өсу, Кездеспей кеткен бір бейне қазақ әдебиетіндегі толымды көркем дүниелер болды. Кездеспей кеткен бір бейне повесінде Еркебұлан мен сол ортаның жуандары арасындағы тартыс көрінеді. Жалпы, қай жанрда болсын тарихи тұлға туралы шығарма жазу қаламгерден дәлдікті қажет етеді. Жазушы шығармасында Сәкен өмірінің әр қилы оқиғаларға толы сипатын ашқан да, соның аясында қоғамдық‑әлеуметтік тартысты көрсетеді. Бұл жөнінде зерттеуші Р. Бердібай: . . . шығарма кейіпкері Еркебұланды бірнеше қиын‑қыстау, сын кезеңдерден көреміз. Оның өмірі ылғи тартыс үстінде, әрбірі қаһармандыққа барабар асу, тосуларда өтеді. Алған мақсатынан таймайтын, ісінің әділдігіне нық сенген, өз өмірін халық тәуелсіздігі жолында бағыштаған ер көз алдымызға келеді, ‑ дейді. Осы хикаяттағы Еркебұланның әрекеттерін Сәкенің қоғамдық қызметтері жайлы мағлұматтармен байытып, Тар жол, тайғақ кешу романымен байланыстыруға болады. Шығарма оқиғаларын топтап, бас кейіпкер Еркебұланның айналасында жинақтай мазмұндауға болады. Әдебиеттану әдіснамасындағы күрделі мәселенің бірі - мазмұн мен пішіннің бірлігін басшылыққа ала отырып, талдау тәсілдері мен жолдарын табу.
Мақсаты: Көркем шығарманы талдау бойынша жасалатын жұмыс түрлерін, ерекшеліктерін ұғындыру
- Көркем шығарманы талдау жолдары
- Бағдарлаушы әңгіменің мәні
Негізгі ұғымдар: мәтін, көркем туынды, әдеби талдау, талдау түрлері, бағдарлаушы әңгіме, образ, проблемалық әдіс.
Талдау сөзінің алғашқы терминологиялық мағынасы - зат пен құбылысты танып, білу дегенді білдіреді. Талдау әдісі - бұл әдеби талдаудың ғылыми негізделген әр түрлі жолдары мен тәсілдерін іздестірумен айналысатын сала. Әдеби шығарманың мазмұнын меңгергеннен кейін оған талдау жасалады. Әдеби талдау кезінде көркем мәтінді кез келген бөлшектерге бөліп, жіктеуге болады. Мәтінге талдау жасай отырып, біз суреткердің ой‑мақсатын, дүниетанымын білуге ұмтыламыз. Талдау жасағанда мәтіндегі әрбір шағын, жеке элементтер де назардан тыс қалмау керек. Әдеби талдау үстінде көркем шығарманың мазмұн‑пішіні, кейіпкерлер қатынасы мен тілдік құралдар ашылады. Әдебиетті оқытудағы басты мәселе - шығармаға, яғни көркем мәтінге талдау жасау. Әдіскер Т. ақшолақов көркем шығармаға талдау жасаудың төрт түрлі әдісін көрсетеді. Олар: образ бойынша талдау; проблемалы талдау; тұтас талдау; тақырыптық талдау.
а) Образ бойынша талдау кезінде оқушылар адамды танып‑біле отырып, сол кейіпкер бойындағы ұнамды, адамдық қасиеттерді білуге талпынады. Әрине, шығармадағы қандай орталық кейіпкердің барша қасиеті жеке‑дара ашылмайды. Себебі, автор өз кейіпкерін мәтіндегі әр алуан іс‑әрекеттермен, оқиғалармен, басқа кейіпкерлермен байланыстырады. Яғни, бас кейіпкер шығармада қанша алғы орында көрсетілгенімен, ол басқа кейіпкерлермен қарым‑қатынасқа түсіп, іс‑әрекет үстінде байланысып отырады, сол арқылы толыққанды ашылады. Сондықтан, көркем шығармадағы бейнелер жүйесін өзара тұтастыру қажет.
ә) Шығарма талдаудағы келесі әдіс - проблемалы талдау. Көркем шығармада сан тарапты әрекеттер баяндалып, көптеген қарама‑қайшылықты, талас пікірлі оқиғалар туындап жатады. Осыған байланысты жазушы көтерген проблеманы танып‑білу керек. Ол үшін оқушыны ізденіс‑толғанысқа бастайтындай, туындының идеялық‑эстетикалық қуатын танытатындай жұмысқа бастау керек. Осыған байланысты оқушының алдына проблемалық ситуация ұсыну қажет. Мәселен, С. көбеевтің Қалың мал, М. Әуезовтің Көксерек т. б. шығармалары өтілгенде тап тартысы, бай мен кедей мәселесі, табиғатты қорғау, жаратылыс байлығын сақтау, халықтық ғұрыптың сақталуы жайлы проблемалы сауалдар әзірлеп, оқушылардың бүгінгі күн тұрғысындағы көзқарасын айтқызуға, ой бөлісуге шақыруға болады. М. Әуезовтің повесінде Құрмашқа әкесі қасқырдың бөлтірігін әкеліп береді. Құрмаш енді сол бөлтіріктің айналасынан шықпай, тамақ беріп, қасына алып жатады. Осылайша өскен бөлтірік бірте‑бірте тағы мінезін білдіре бастайды. Күн өте ол үлкейіп, өседі, ауылдан ұзап кетіп қалып жүреді. Қыс түсе, ол тіпті қасқырларға қосылып, малдарға шауып, ауылдың мазасын кетіреді. Сөйткен Көксерек бірде малды бағуға шыққан Құрмаштың өзін мерт етеді. Ауыл болып қасқырды ұстау әрекетіне кіріседі. Осы тұста жемін тартып жеуге үйренген даланың жыртқышы қасқырды кінәлаймыз ба, жоқ оны қолға әкелген адам әрекетін жөнсіз санаймыз ба? Осы шығарманы С. мұратбековтің Жабайы алма повесімен, қырғыз жазушысы Ш. айтматовтың . . романымен салыстыруға болады. Мәселен, С. мұратбековтің Жабайы алма повесіндегі бір эпизодта иттің киесі жайлы әңгімеленеді. Қысқаша айтсақ, ауылдың сырт жағындағы биік алма ағашының түбін бір ит мекендейді. Бірде ол ауыл ішіне кіріп, Бүбітай деген әйелдің аулада тұрған қазандағы сүтін ішіп кетеді. Бұған ашу шақырған Бүбітай күрек алып барып, иттің апанын ішіндегі көзін ашпаған күшіктерімен бірге, көміп тастайды. Ит қайтып келгенде, бітелген апанды көріп, тұншығып өлген күшіктерін аршып алып, ғайып болады. Енді сол алма ағашына жақындауға сескенетін балалар оған емін‑еркін баратын болды. Ағаштың ең биігіндегі алманы сілкіп түсірем деп, Бүбітайдың Сыпатай деген баласы құлап өледі, шешесі Бүбітай есінен айырылады. Міне, шығарма сюжетіндегі осындай оқиғаларды талдау үстінде жыртқыштар өмірі, олардың адамға тигізер пайдасы мен зияны, халық сеніміндегі кие тұту ұғымы туралы ой өрбіту керек.
б) Тұтас талдау . Бұл шығарманың желісіне сай жүргізіледі. Мұнда көркем шығарманың бөлімдері бойынша ондағы оқиғаның дамуына сай автор ізімен жүре отырып, талдау жасалады. Мұның тиімді жағы шығармадағы оқиғаны, іс‑әрекетті жан‑жақты, жүйелі қарастырға мүмкіндік береді. Көбіне көлемді мәтіндерді талдағанда, ондағы оқиға реті ауыстырылып, қалыс қалдырылып немесе толық баяндалмай жатады. Бұл талдау осындай мәселеде реттілікті сақтап, оқиға барысын автор баяндауынан ауытқымай жүргізуге көмектеседі.
в) Тақырыптық талдау . Бұл да ұтымды әдістердің бірі. Талдау кезінде көркем шығарма жан‑жақты, терең қарастырылады. Яғни, бір көркем мәтінді іштей бірнеше тақырыптарға жіктеп, әрқайсысына атау беріп, сол ретпен талдау жүргіземіз. Бұл көркем мәтіннің тарауларын, ондағы оқиғаны топтап қарастыруға көмектеседі. Мәселен, Ер Төстік ертегісін бойынша Ер Төстіктің достары, Ертегідегі жағымсыз қаһармандар т. б. түрде тақырыптық жіктеулер жасауға болады. Ал, эпостық жырларда батырларды, арулар бейнесін, хандар мен тұлпарлар бейнесін топтап, тақырыптық үндестік жасауға болады. Мәселен, Жырдағы батырлар бейнесі, Жырдағы әйелдер бейнесі, Жырдағы тұлпарлар бейнесі деп топтап, екі жырдың ұқсастығын салыстырып, жыр мазмұнын толық игеруге болады.
Көркем мәтінді талдау ‑ әдебиеттегі өзекті мәселе. Көркем шығарманы оқудың түрлі кезеңдері бар. Мәселен, мәнерлеп оқу, түсініп оқу, ықшамдап оқу, тұтас оқу, баяндаушының жағын өзгертіп оқу.
Оқу - шығармашылық еңбек. Мәтінді түгел оқығаннан кейін, оны талдауға әзірленеміз. Алдымен, мұғалім кіріспе немесе бағдарлаушы әңгіме жүргізген жөн. Мысалы, мектептің ортаңғы сыныптарында мәтін бөлім бойынша оқытылады. Алдымен, шығарманың бір бөлімі сыныпта оқытылып, мазмұндалады да, қалған бөлімдері үйде оқуға беріледі. Ал, жоғары сыныпта көркем мәтін тұтас оқытылып, талдану керек. Яғни, оқушы мәтінді алдын‑ала оқып, мұғалімнің кіріспе әңгімесіне дейін біліп отырғандары жөн. Бағдарлаушы немесе кіріспе әңгіменің бірнеше түрлері бар:
- қысқаша әңгіме арқылы мұғалім мәтінді түсіндіреді де, оның бас кезі сыныпта оқылады;
- маңызды эпизодтарға мұғалім айырықша көңіл бөле отырып, қысқаша әңгімелейді;
- көркем мәтін кейіпкерлерін топтай отырып, танытады. Мінездеме беру үлгісін көрсетеді;
- шығарманың басты‑басты проблемаларын алдын‑ала атап, оқушылар көңіл аударуға тиісті мәселелерді бөліп көрсетеді.
Барлық оқушы мәтінді үйде толық оқығанымен, оның оқиғасын есте сақтап, тақырыбы мен проблемасын, басты образдарын жете ұғына бермейді. Бағдарлаушы әңгіме осы мәселелердің болмауына септігін тигізеді. Осы жұмыстың негізінде көлемді шығарманың мазмұнын игеру, оқу, кімнің қалай түсінгенін байқап, басты оқиғаларды бөліп алу жүзеге асырылады. Мұнда сұрақ‑жауап әдісі қолданылады. Бағдарлаушы әңгіме көбіне күрделі, сюжеттік шығармаларға қолданылады (роман, повесть, әңгіме, поэма, драмалық шығармалар) . Мысалы, М. Әуезовтің Қорғансыздың күні әңгімесі кезінде жалпы жазушының шығармашылығында сол кезеңнің жиырмасыншы жылдары қорғансыздар, жетімдер тақырыбы болғаны айтылады. Қаламгердің . . жылдардағы прозалық шығармалары жөнінде Зерттеуші‑ғалым С. Қирабаев: Ол алғашқы шығармаларынан‑ақ, шындықты бұлтақсыз, күрделі күйінде бейнелей алуымен халықтық негізді берік қалады. Характер жасау, образ шындығы, сурет байлығы, тіл шеберлігі, психологизм молдығы тұрғысынан қарағанда, Мұқаң жеткен биік те басын сол дәуірден, сол шығармалардан алады, ‑дейді. Жазушы Жетім әңгімесінде қорғанышсыз қалған жетім баланың аянышты өмірін, мейірімсіз жамағайындарынан көрген зәбірін суреттейді. Бұған қоса, СДөнентаевтың Көркемтай әңгімесінің сюжетіне шолу жасалып, Қорғансыздың күні шығармасында жалғыз Ғазиза емес, зағип шешесінің де, кәрі әжесінің де қорғансыз қалған ауыр тағдыры туралы айтылып, бұл шығармалардың басын қосып тұрған ортақ сюжет арнасы ашылады. Ал, өлең, мысал, қысқа әңгіме кезінде тақырыптық түсінік беру жеткілікті. Оқушыларға мәтінді жеке бөліктерден тұтас, кешенді талдауға дайындау қажет. Мәселен, көркем мәтіннен эпизодтарды бөліп алуға үйрете отырып, оларға жоспар құруды, шығарма бөліктеріне ат қоюды тапсыруға болады. Одан соң шығарма құрылымының ерекшелігін ашқызып, автордың идеясын, кейіпкерлер жүйесін, шығарманың тіл көркемдігін айқындаймыз.
Көркем шығарманы талдау үстінде қаламгердің тіл шеберлігі де ашылады. Мәтін тілін шартты түрде екіге бөлеміз: жазушы тілі және кейіпкер тілі. Шығармадан алынған бейнелі көркем сөз оқушылардың тіл байлығын еселеп, сөздің мәнін ұғуға, эстетикалық талғамын оятуға әсер етеді. Мәселен, Қорғансыздың күні әңгімесіндегі қарт ана: Кешегі баламнан қалған жалғыз көзім бұл жылаған сқң, бізде не тақат тұрады. Бұны жылатқан соң, қуарған қу өмірдің не бағасы бар? Жыластық: аяғында сонымен қойдық, ‑ дейді. Жазушының өзі кейіпкерінің осы бір сабырлы, бойұсынса да, қатал тағдыр тәлкегінің ойыншығы болмаған өр алпын қостап отырады. Әңгімесін аузымен тоқтатса да, көңілінде соның аяғын тағы да созып, түкпірлеп ойлап, қайғының қат‑қабат шыңына ақылмен кіріп отыр. Кемпірдің жүзінде үлкен сабыр бар, сынбаған ажар, қажымаған қайтар, кең салқын ерлік бар. Шығармадағы Ғазизаны автор: Көрген көзге алғашқы жерден‑ақ сүйкімділігін сездіретін уыз жас. Жалғыз‑ақ ұяң, жұмсақ қарайтын қара көзінде және ылғи шытынаған, кірбіңдеген қабағында қалың уайымның салған ізі бар. Пішіні мұңды, жүдеу, ‑ деп суреттейді. Суреткер сұм заманның шынайы суретін бере отырып, екі дай өмірдің қарама‑қайшылығын, әлдінің әлсізге жасаған қиянат‑зорлығын көркем бейнелейді.
Мақсаты: Оқушылардың әдеби-теориялық білімдерін қалыптастыру, жанр түрлеріне байланысты мағлұмат беру
- Әдеби-теориялық білім негізі
- Жанр түрлері
- Лирикалық шығармаларды оқыту ерекшелігі
Негізгі ұғымдар: Әдеби-теориялық білім, жанр, әдеби тек, эпос, лирика, көркем туынды, логикалық бірлік.
Әдеби жанр (французша ‑ тек, түр) термин ретінде шартты түрде екі мағынада қолданылады. Біріншісі, әдебиеттердің қалыптасқан тектері эпос, лирика, драма; екіншісі, әдеби туындылардың түрлері ‑ әңгіме, повесть, роман, поэма, комедия т. б. Жанр - даму үстіндегі құбылыс. Әрбір тарихи дәуірде белгілі бір жанрдың түп негізі сақтала отырып, өзгеріске ұшырайды. Жанрлар туады, дамиды, өзгереді, жаңадан пайда болады. Поэзия ‑ әдебиеттің көне саласы. Поэзиялық шығармада сезім басты орында тұрады. Лириканы оқыту әдебиетті оқытудың басты талабынан туындайды.
Дәстүрлі түрде алғанда әдеби тек үшке жіктеліп, әрқайсысының белгілі бір қызметі қалыптасады.
Эпос болмысты белгілі бір уақыт пен кеңістік аясында, оқиғалар шеңберінде, сюжеттік желі негізінде суреттейді.
Лирика адамның ішкі сезім‑күйін, әр түрлі эмоционалдық жағдайын бейнелейді.
Драма кейіпкерлердің тікелей қатысуымен олардың арасындағы тартыс, қақтығыстарды әлеуметтік‑психологиялық сипатта беруімен ерекшеленеді.
Осылардың ішінде лирика өмірдің алуан түрлі құбылыстарына ақынның көзқарасын, күйініш‑сүйініш сезімін, толғаныс‑тебіренісін көрсетеді. лириканы талдау оқырманды өнерді эмоциялық‑эстетикалық жағынан түсінуге баулиды.
Әрбір әдеби туындының жанрлық табиғатына әр алуан. Эпикалық шығармада қаламгердің өзін қоршаған дүниені көркемдік пен суреттеуміне қатар, өмір шындығын әдеби образға жинақтап, олардың өзара қарым-қатынастарынан туған қат-қабат оқиғалар арқылы ашылса, лирикада өмірдің түрлі құбылыстарынан туындаған ой-сезімдерді ақынның тікелей бейнелеуіне бағытталады. Драмада алғашқы екеуінің мүмкіндіктерін өз бойына біріктіреді. Яғни пьесадағы түрлі кейіпкерлердің мінездері өздерін-өздері тікелей көрсетуі арқылы ашылады.
Әдебиет тектерінің тұрақтылығын былай түсіндіруге болады. Адам нақты бір қоғамдық жағдайларда дамиды, белгілі бір әрекеттер, ойлар мен толғаныстар арқылы өзін-өзі танытады. Эпос, лирика, драма өзара ұштаса отырып, халықтар өмірінің тұтастай дәуірін қамтитын аса күрделі қоғамдық үрдістерді бейнелеуден бастап, бір ғана адамның толғаныс-толқыныстарын көрсетуге дейінгі адам санасы мен өмірді терең де жан-жақты суреттеуге шексіз мүмкіндіктер ашады.
Жанр - даму үстіндегі ұғым. Әрбір тарихи дәуір әр түрлі жанрдың түп негізін сақтай тұра, оның табиғатына өз ерекшеліктерін енгізеді. Мұндай ерекшеліктер, бір жағынан, әр әдебиеттің ұлттық сыр-сипатымен тығыз байланыста болса, екінші жағынан әр жазушының әлеуметтік орта мен әдеби процесті атқарар роліне алар орнына байланысты. Жнарлық дамудың өзі - тірі поцесс. Жанрлар туады, өседі, өзгереді, жоғалады, жаңадан пайда болады. Бұл да әр әдебиеттің тарихи тағдырлары мен ерекшеліктеріне ұштасып жатады.
Жанр - нақты тарихи түр. Қазақ эпосы бр кезде батырлар жыры түрінде көрінсе, кейін аралық сипаттағы лиро-эпосқа көшті, одан келе жанрлық табиғатына мүлде жаңартқан жаңа сападағы поэмаларға ауысты.
Дәстүрлі түрде әдеби тектер үшке бөлініп, әрқайсысы сөздің белгілі бір қызметіне сай келеді де, оның эстетикалық ерекшелігін белгілейді.
1. Эпос, болмысты белгілі бір ауқымда, көлемде, уақыт пен кеңістік аясында және оқиғалар шеңберінде, сюжеттік желі негізінде қамтиды.
2. Лирика, жеке адаманың ішкі дүниесін, сезімнің қалыптасып, өзгеруімен, мұң-қиялымен, көңіл ауанымен, қайғғы-қуанышымен ашып көрсетеді.
1. Драма, сөздік әрекеттерді эмоционалды ерікті ұмтылысымен, әлеуметтік-психологиялық сипатымен, ішкі еркіндігімен және сыртқы шектеулілігімен, қысқасы екі жақты экспрессивті -сюжеттік қатынастарымен танытады. Сол арқылы әдебиеттің бұл тегі өз бойында лирика мен эпостың сипаттарын ұштастырады. Кең суреттейтін, адам мінезін мүмкіндігінше терең ашып, жан-жақты танытатын іргелі, күрделі жанр.
Эпостың туу, қалыптасу тарихы адам санасының алғаш ояну дәуірлеріне тамыр тартып жатыр.
Белинский эпикалық шығарманың ерекшелігі, мәселен, драмадағы басты нәрсе - адам болса, эпостағы басты оқиға екенін ескертеді. Бұдан шығатын қорытынды- эпос жан-жақты жанр: эпикалық шығармада адамның өмір жолы кеңінен баяндалады, оның басынан кешкен тағдыр мен тіршілік толық жинақталады, ол жасаған оқиғалар молынан суреттеледі, ол жасаған іс-әрекеттер тұтас бейнеленеді, адамдар арасындағы қарым-қатынастар әр қырынан айқын көрсетіледі. Өмір шындығын қамту, адам мінезін ашу мүмкіндіктеріне қарай эпикалық жанр 3 түрге бөлінеді. 1/ шағын көлемді эпикалық түр. 2/ орта көлемді эпикалық түр. 3/ кең көлемді эпикалық түр. Қандай эпостық шығарма болсын, бәрібір осынау 3 түрдің біріне жатады.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz