ӘДЕБИЕТТІК ОҚУ ӘДІСТЕМЕСІ


Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 152 бет
Таңдаулыға:   

ҚОСТАНАЙ МЕМЛЕКЕТТІК ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ

ПСИХОЛОГИЯ ЖӘНЕ ПЕДАГОГИКА ФАКУЛЬТЕТІ

МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ ЖӘНЕ БАСТАУЫШ БІЛІМ БЕРУ КАФЕДРАСЫ

Д. Х. Кушмурзина

К. Б. Шинбулатова

ӘДЕБИЕТТІК ОҚУ ӘДІСТЕМЕСІ

Оқу-әдістемелік құрал

Қостанай, 2018

ӘОЖ 372 (075. 8)

КБЖ 74. 202. 4 я 73

К 89

Пікір жазғандар: Утегенова Б. М. - педагогика кафедрасы меңгерушісі,

педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент

Қостанай мемлекеттік педагогикалық университеті

Бакраденова А. - «Мектепке дейінгі және бастауыш

білім беру» кафедрасының профессоры, педагогика

ғылымдарының кандидаты,

Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеті

К 89 Кушмурзина Д. Х., Шинбулатова К. Б.

Әдебиеттік оқу әдістемесі: 5В010200 - «Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі» мамандығының студенттеріне арналған оқу-әдістемелік құрал / Д. Х. Кушмурзина, К. Б. Шинбулатова. - Қостанай: Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің баспасы, 2018. - 152 б.

ISBN 978-601-7934-56-9

Оқу-әдістемелік құралда бастауыш сыныптың «Әдебиеттік оқу» пәнін оқытудың мәселелері, әдебиеттік оқу пәнінің білім беру жүйесіндегі маңызы, оқытылу ерекшеліктері, мәтіндермен жұмыс жасаудың әдістемесі қарастырылады.

Оқу-әдістемелік құрал болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін даярлайтын жоғары оқу орындарының күндізгі және сырттай оқу бөлім студенттері мен оқытушыларына арналған.

ӘОЖ 372 (075. 8)

КБЖ 74. 202. 4 я 73

Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің Ғылыми (ғылыми-әдістемелік) кеңесімен бекітілді

Хаттама № 7 « 31 » мамыр2018 ж .

ISBN 978-601-7934-56-9

© Д. Х. Кушмурзина, К. Б. Шинбулатова, 2018

© ҚМПУ, 2018

МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ . . . 4

ДӘРІС КЕШЕНІ . . . 7-102

I тарау. ОҚУ ЖӘНЕ ТІЛ ДАМЫТУ ӘДІСТЕМЕСІ

1. Әдебиеттік оқуәдістемесі курсының оқу пәні және ғылыми пән ретіндегі сипаттамасы . . . 7

2. Әдебиеттік оқу пәнінің мақсат-міндеттері мен базалық мазмұны . . . 22

3. Оқудың түрлері және оқу сапалары . . . 38

4. Бастауыш сыныптарда мәтінмен жұмыс жасаудың әдебилік және психологиялық-педагогикалық негіздері . . . 9

II тарау. КӨРКЕМ ШЫҒАРМАЛАРДЫҢ КЕЙБІР ТҮРЛЕРІН ОҚЫТУ

1. Бастауыш сыныптарда көркем шығармалармен жұмыс әдістемесі . . . 58

2. Сыныптан тыс оқу әдістемесі . . . 94

СЕМИНАР-ТӘЖІРИБЕЛІК САБАҚТАР . . . 103

СОӨЖ-ның ҮЛГІ ТАҚЫРЫПТАРЫ . . . 115

СӨЖ-ның ҮЛГІ ТАҚЫРЫПТАРЫ . . . 116

ӨЗІН-ӨЗІ ТЕКСЕРУГЕ АРНАЛҒАН ТЕСТ СҰРАҚТАРЫ . . . 118

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР . . . 128

ҚОСЫМША . . . 129


КІРІСПЕ

Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаев «Жаңа әлемдегі Жаңа Қазақстан» атты Жолдауының он жетінші бағытында: бүкіл еліміз бойынша әлемдік стандарттар деңгейінде сапалы білім беру қызметін көрсетуге қол жеткізуіміз үшін оқытудың әр оқушының білімі мен қабілет деңгейінің тиімділігін бағалаудың біртұтас жүйесін жасау керек, - деп көрсетті. Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңының 4-тарауының «Білім беру мазмұны», 16-бабында, 1-тармағы: «Бастауыш білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламалары баланың жеке қабілеттерін оқу ісіндегі оң талпынысы мен алғырлығын, негізгі мектептің білім беру бағдарламаларын кеңінен меңгерту үшін оқудың, жазудың, есептеудің, тілдік қатынастың, шығармашылық тұрғыдан өзін-өзі көрсетудің, мінез-құлық мәдениетінің берік дағдыларын дамытуға бағытталған» - делінген.

Еліміздің өз тәуелділігіне қол жеткізіп, саяси-әлеуметтік және экономикалық дамудың жаңа кезеңіне қадам басқан уақытта терең білім, сауатты ұрпақ тәрбиелеу - негізгі міндеттердің бірі. Әлемдік саяси аренада Қазақстан Республикасының өзіндік салмағын пайымдау оның ұлттық білім жүйесінің жоғары дәрежеде дамуымен байланысты. Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаев ел халқынаЖолдауында «Қазақтың ел болуы, ұлт тағдыры - оның келешек мектебінің қалай болып құрылуына тіреледі. » - деп атап көрсеттіЕгемендіктің тұғыры тұрақталып, мемлекеттің іргесін нығайту және қазіргі уақыттағы жаһандану жағдайында ұлттық бірегейлікті, тұтастықты сақтау, ұлттық сананың сарқылмауы, тіл мен ділдің баянды болуы үшін мектеп қабырғасында елжандылық тәрбие идеяларының санасына дарытуда әдебиеттің алатын орны ерекше.

Бастауыш сыныптың «Әдебиеттік оқу» пәні бағдарламасы көркем әдеби шығармаларды қамтыған. Әдеби шығарма, түрлі бейнелер, олардың іс-әрекеті арқылы өмірді түсінуге көмектеседі. Жазушының идеясы, көңіл-күйі шығарманың мазмұны арқылы оқушыға беріледі, сөйтіп оларда алуан түрлі сезім, ой туғызады, дүниеге көзқарасын қалыптастырады. Көркем шығарманың мұндай ерекшеліктері бастауыш сыныптарда олардың өзіндік әдістемесін қажет етеді. Бүгінгі жас ұрпаққа жан-жақты білім беру, тәрбиелеу - әрбір ұстаздың басты міндеті.

«Әдебиеттік оқу» пәнін оқыту мақсаты - қазіргі өзгермелі қоғам жағдайында өзіндік белсенділігін көрсете алатын, халқымыздың тарихын, дәстүрін, өнерін, әдебиеті мен мәдениетін ұлттық құндылық ретінде бағалап, құрметтей білетін, әдеби көркем туындыда бейнеленген құбылысты эстетикалық тұрғыда қабылдауға қажетті білім, білік, дағдыларымен қаруланған, оқырмандық талғамы терең, жан-жақты дамыған дара тұлға қалыптастыру.

«Әдебиеттік оқу» пәні бастауыш сынып оқушыларының ауызша және жазбаша тілін дамытуды, яғни сөздік қорын байытуды, байланыстыра және грамматикалық тұрғыдан жүйелі сөйлеуге үйретуді, сөйлеу мәдениетін қалыптастыруды көздейді. Ұлттық тәрбие, рухани-мәдени құндылықтар, ана тілі және қазақ халқының салт-дәстүрі негізінде сусындаған жеке тұлғаны қалыптастыруға ықпал етеді. Адамның ішкі рухани жан дүниесі байлығын ашуға, адамгершілікке тәрбиелеуге, тілі мен қиялын дамытуға мүмкіндік береді.

«Әдебиеттік оқу» пәнінің мақсаты - дұрыс, түсініп, мәнерлеп және шапшаң оқуды меңгерту, оқушыны шығарма авторының көзқарасын түсінуге жетелеу және мәтінді қабылдаушы оқырман ретінде тәрбиелеу, көркем-шығармашылық және танымдық қабілеттерін дамыту, сөз өнеріне деген қызығушылығы мен эстетикалық талғамын қалыптастыру, сөйлеу әрекетінің барлық түрлерін жетілдіру, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылық пен рухани-адамгершілік тәрбие беру.

Бастауыш сынып оқушыларына әдебиет саласынан білім беріп, жан-жақты тәрбиелеу мақсатын іске асыратын - бастауыш сынып мұғалімі. Сондықтан бастауыш сыныпта «Әдебиеттік оқу» пәнін оқыту үшін болашақ бастауыш сынып мұғалімдерініңжоғары оқу орнында кәсіби және дамытып, олардың әдістемелік шеберліктерін жетілдіретін бірден бір пән, ол - «Әдебиеттік оқу әдістемесі» пәні.

Әдебиеттік оқуәдістемесі болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін даярлауда қажетті оқу пәндерінің бірі болып табылады. Бұл пән таңдаулы пәндер қатарына жатады.

Әдебиеттік оқу әдістемесі - көне ғылымдардың бірі. Әдебиет пен әдебиетті оқыту ғылымы және пәні уақыт идеясымен байып, өзгеріп, түлеп отырады. Әдебиетті ғылым ретінде оқыту әдістемесі оқытудың теориясы мен жалпы принциптерін негіздейтін дидактика, әдебиет тарихы, теориясы, әдіснамасын қарастыратын әдебиеттану, тарих, тіл, музыка, бейнелеу өнерімен тығыз байланысты. Психологиямен әдебиеттік оқу әдістемесі екі аспектіде тоғасады.

Оқыту - екi жақты процесс, сондықтан оның сапасы өткiзiлетiн сабаққа деген оқушылардың көзқарасына, олардың таным белсендiлiктерiнiң деңгейiне, оқытушы еңбегiнiң дидиктикалық тұрғыдан жетiлдiрiлуiне тiкелей байланысты. Қазiргi жаңа технологияның басты мақсаты - баланы оқыта отырып, оның еркiндiгiн, белсендiлiгiн қалыптастыру, өз бетiнше шешiм қабылдауға дағдыландыру. Сын тұрғысынан ойлауды дамыту оқушының танымдық белсендiлiгiн, сабаққа қызығушылығын аттыруға көмектеседi.

Әдебиеттік оқу әдістемесі - ғылым саласымен тығыз байланысқан. Себебі, ғылымның қай саласын алсаңыз да теориялық және қолданбалы практикалық мәндес болады деп білсек, әдебиеттік оқу арқылы оқушыға көркем шығарманы оқытуды қалыптастыру әрі теориялық, әрі қолданбалы жүйесін бірлікте қарастырумен қатар оның өнер екендігін де ескерген жөн. Өйткені игерілуге тиісті ұғым, сөздің мәні, айтылмақ ой-түсінік оқушыға әсер етерліктей болса, ол тиісті деңгейде көңіл толқытып, тереңірек ойланады. Сондай-ақ әсер санаға ерекше ықпал етеді. Әсердің нәтижесі бір жағынан тұлғаны әрекетке итермелесе, екінші жағынан пәнге деген қызығушылықты арттырып, көркем шығарманы оқуға талпындырады.

Оқу-әдістемелік құрал Қазақстан Республикасының мемлекеттік Жалпыға міндетті білім беру стандарты (Жалпы бастауыш білім) талаптарына сәйкес студенттерде бастауыш сыныптың «Әдебиеттік оқу» пәні бойынша болашақ бастауыш сынып мұғалімі ретінде сабақтарды ұйымдастыру құзыреттіліктерін қалыптастыруға негізделеді.

Оқу-әдістемелік құралда пәннің мазмұны, мақсат-міндеттері айқындалып, теориялық материал (дәріс кешені), семинар-практикалық сабақтар, СОӨЖ, СӨЖ-ның үлгі тақырыптары, өзін-өзі тексеруге арналған тест сұрақтары, пайдаланылған әдебиеттер тізіміжәне қосымша қамтылған. Қосымшада студенттердің мәнерлеп оқуларын дамытуға арналған және көркем шығармаларды жан-жақты талдап, танымдық-шығармашылық жұмыс жасауларына қажетті әңгімелер, ертегілер, мысалдар мен өлеңдер берілген.

«Әдебиеттік оқу әдістемесі» оқу-әдістемелік құралы жаңартылған білім беру беру бағдарламасына негізделіп, оқытудың жаңа жүйесіне бағытталған болашақ бастауыш сынып мұғалімдеріне тиімді көмекші құрал болып табылады.


ДӘРІС КЕШЕНІ

I тарау. ОҚУ ЖӘНЕ ТІЛ ДАМЫТУ ӘДІСТЕМЕСІ

Тақырып 1:Әдебиеттік оқу әдістемесі курсының оқу пәні және ғылыми пән ретіндегі сипаттамасы

Жоспар:

1. Оқу пәні және ғылыми пән ретіндегі курстың сипаттамасы.

2. Әдебиеттік оқуәдістемесінің жалпы сипаттамасы.

3. Әдеби көркем шығармаларды оқытудағы дидактикалық

принциптер.

4. Әдебиеттік оқу пәнін оқыту әдістері.

Мақсаты: Әдебиеттік оқу әдістемесі пәнінің ғылыми пән ретіндегі сипаттамасымен, оның дидактикалық принциптерімен, оқыту әдістерімен студенттерді таныстыру, пәнге жалпы шолу жасау.

1. Оқу пәні және ғылыми пән ретіндегі курстың сипаттамасы.

Бұл пән элективті компонент (таңдаулы пән) болып табылады.

Курстың объектісі: болашақ бастауыш сынып мұғалімінің 5В010200 - «Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі» мамандығы бойынша ҚР Мемлекеттік стандарты талаптарына сәйкес жоғары кәсіби педагогикалық білімнің құрамдасы ретіндегі әдістемелік білім.

Курстың пәні: 5В010200 - «Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі» мамандағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік стандарты талаптарына сәйкес болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің әдебиеттік оқу әдістемесінен білім, білік және дағдыларын қалыптастыру барысы.

Курстың мақсаты: бастауыш сыныптарда әдеби шығармаларды оқытудың мәні, оның педагогикалық негіздерін ескеру мен әдістемелік мәселелерін шешу.

Курстың міндеттері:

  • әдеби көркем шығармаларды оқыту арқылы қазақтың рухани қазынасын меңгертуді түсіндіру;
  • коммуникативтік (айтылым, тыңдалым, оқылым, жазылым) дағдыларын қалыптастыру қажеттілігін ұғындыру;
  • оқу сапасымен (дұрыс, түсініп, шапшаң, мәнерлеп оқу) және оқу түрлерімен (дауыстап оқу және іштей оқу) таныстыру;
  • ауыз әдебиетінің бай жанрымен, отандық және әлемдік балалар әдебиетінің озық үлгілерімен таныстыру;
  • ақын-жазушылардың балаларға арналған шығармаларының атын, жетекші тақырыбын, басты кейіпкерлерін, негізгі мазмұнын меңгерту;
  • талданып отырған мәтіннің тектік, жанрлық сипатын білдіру;
  • әдеби-теориялық білім негіздерін қалыптастыру;
  • адамгершілік және эстетикалық құндылықтар жүйесі негіздерін қалыптастыру;
  • оқылған шығарма сюжеті ізімен немесе еркін тақырыпта әртүрлі әдеби шығармашылық жұмыс түрлерін (өлең, әңгіме құрастыру, мәтінді сахналау, мәтін бойынша сурет салу, мақала жазу, шағын үзіндіге киносценарий жазу, өзіндік ой қорытындысын жазу, т. б. ) жүргізе алуға машықтандыру;

Әдебиеттік оқу әдістемесі бастауыш мектеп мұғалімнің кәсіби дайындығының қазіргі қоғамның әлеуметтік сұранысын қанағаттандыратындай сапалық деңгейін қамтамасыз етуге бағытталған.

Жоғары кәсіптік білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкес студенттердің білім, білік және дағдыларына қойылатын талаптар:

  • ауыз әдебиеті үлгілерін іріктеп алуға, тәрбиелік, білімдік мәнін ашу;
  • балалар әдебиеті өкілдерінің шығармашылығымен таныс болуы;
  • балаларға арналған шығармалардың жанрлық ерекшеліктерін ажырату;
  • әдебиет теориясынан алған білімдерін практикада қолдану;
  • балаларға арналған көркем шығарманы іріктей алуы тиіс.

Пәнді оқыту үрдісі келесі құзіреттілікті қалыптастырады:

а) негізгі құзіреттілік (НҚ)

  • кіші мектеп жасындағы балалардың тұлғалық дамуы және қалыптасу заңдылықтарын білу;
  • қазіргі қолданыстағы бастауыш білімнің стандарты, оқу бағдарламалары және оқу құралдарының құрылымы мен мазмұнын меңгеру;
  • бастауыш сыныптардағы оқу пәндерінің оқыту әдістемесінің теориялық негіздерін меңгеру;
  • педагогикалық әрекетті үлгілеу, педагогикалық диагностика жүргізу, оқыту және тәрбиелеу үрдісін құруды жүзеге асыру.

б) пәндік құзіреттілік (ПҚ)

  • әдеби-теориялық білім қалыптастыру, талдау дағдыларын дамыту;
  • балалар әдебиеті өкілдерінің шығармашылығын талдау;
  • әдеби шығармалардың жанрлық ерекшеліктерін ажырату;
  • әдебиет теориясынан алған білімдерін практикада қолдану.

в) арнайы құзіреттілік (АҚ)

  • оқу-танымдық әрекетті оқушылардың жас және жеке ерекшеліктеріне сәйкес ұйымдастыра білу;
  • оқыту мен тәрбиелеудің қазіргі технологиясын пайдалану;
  • сабақта және сабақтан тыс уақытта оқушылардың оқу танымдық мотивациясының негізінде түйінді құзіреттіліктерді қалыптастыру;
  • бастауыш сынып оқушыларының шығармашылық және сыни ойлауын дамытуға арналған сабақтарды ұйымдастыру және өткізу;
  • бастауыш мектептің педагогикалық процесінде инновациялық технологияларды пайдалану.

2. Әдебиеттік оқу әдістемесінің жалпы сипаттамасы.

Әдебиеттік оқу әдістемесі - педагогикалық ғылымдардың саласына жататын ғылыми пән. Нысаны - мектепте әдебиеттік оқу сабақтары кезінде мұғалім мен оқушылардың өзара қарым-қатынасы болып табылады, ол педагогика ғылымы теориясының жалпы қағида ережелеріне сүйенеді. Бірақ әдебиеттік оқу әдістемесі педагогика сияқты мектеп, оқу-тәрбие мәселелерін тұтас алып қарастырмайды, тек көркем әдебиетті оқып үйрену негізінде оқушыларға берілетін білім мен тәрбие мәселелерін ғана өз шеңберінде алып баяндайды, - деп жазды көрнекті әдіскер-ғалым А. Көшімбаев. Бұдан әдебиет әдістемесі мен жалпы педагогика ғылымының өзара байланыста болатынын көреміз. Кезінде әдістеменің қолданбалы ғылым екендігін және ол жалпы дидактиканы негізге ала отырып, алуан түрге ене алатынын көрнекті педагог Ж. Аймауытов айқындап айтқан.

Ж. Аймауытов жалпы дидактика барлық пәндерге тиісті оқытудың жалпы заңдары, жолдары, оқытуға қатысты мәселелер туралы сөз ететіні, ал жеке әдістеме дидактиканың жалпы ережелерін тек пәндерді оқытқанда, қалай жинастыру, қандай әдіс қолдану туралы баяндайтынын айтады. Ол сабақ беру үйреншікті жай шеберлік еместігін, ол үнемі жетілдіруді қажет ететін үнемі жаңалық табатын өнер, - деп бағалайды.

Қазақ тілін, әдебиетті оқыту әдістемесі ғылымының тарихында А. Байтұрсынұлының көшбасшы болғаны белгілі. Ол оқудың негізі білімді өз бетінше алу екенін айтқан пікірлері әлі күнге дейін өзінің мәнін жойған жоқ. Бұл пікір педагогиканың өзекті мәселесі болып отырған оқушының өз әрекетіндегі субъектілік қызметін арттыру міндетіне сай келеді. А. Байтұрсынұлы өзінің 1928 жылы Қызылорда қаласында басылып шыққан «Тіл жұмсар» атты әдістемелік еңбегінде: «Бала білімді тәжірибе арқылы өздігінен алу керек. Мұғалімнің қызметі - өздігінен алатын . . . білімнің ұзақ жолы үшін . . . балаға жұмысты әліне шағындап беру мен бетін белгіленген мақсатқа қарай түзеп отыру», - деп жазған. Оның бұл ойы бүгінгі қазақ әдебиеті әдістемесінің де негізіне жатады деуге болады. Баланың білімді өздігінен алатын жолдарын анықтау - әдістеменің басты міндеті мен қызметі екені сөзсіз. Бұл мәселелер А. Байтұрсынұлының «Баяншы», «Әлиф-ба астары» сияқты жекеленген әдістемелік еңбектерінде де айтылған. Әдіскер ғалым ретінде А. Байтұрсынұлы бастаған істі әрі қарай дамытушылардың бірі Мағжан Жұмабаев баланы әдебиетпен таныстыруға аса үлкен мән берген. Ол жұмыстың жүзеге асырылуын бастауыш мектептен бастап мұқият дайындау керек деп танып, өзінің «Бастауыш мектептегі ана тілі» атты белгілі әдістемелік еңбегін жазды. Онда М. Жұмабаев әдіскер-ғалым ретінде төрт жылдық бастауыш мектептің әр жылына сәйкес ана тілі бойынша бала тілін дамыту үшін жаттығулар жүйесін жасап ұсынған.

Аса көрнекті әдіскер-ғалым М. А. Рыбникова «Әдістеме» дегеніміз - уақытты үнемдей білу. Оқушы үшін жігерін ақылмен жұмсау, оқу материалынан негізгі және басты мәселелерді таба білу, сыныптың еңбегін ұйымдастыру шеберлігі, оқушылардың әр түрлі жеке әрекеттеріне ықпал етуді алдын-ала ұйымдастыру», -деп әдістеме ғылымына анықтама береді. Әдістеменің жалпы құрылымы жайында В. В. Голубков былай дейді: «Қай пән бойынша болмасын барлық әдістеме оқытушы жұмысының ұсынымдарын, материалдарын және әдістерін құрастырумен өзара ұқсас, сондай-ақ олар не үшін, нені және қалай деген үш негізгі сұрақтарға жауап береді.

Әдебиеттік оқу әдістемесінің қамтитын аймағы мектептегі әдебиеттік оқу пәні сабақтары мен әдебиеттік оқуға байланысты сыныптан тыс, мектептен тыс жұмыстар және базистік оқу жоспарының инвариантты бөлігінен берілетін таңдау курстарында жүргізілетін әдебиеттік оқу сабақтарында мұғалім мен оқушының оқу-тәрбие ісінде өзара қарым-қатынасы болып табылады. Сөз өнерін, көркем әдебиеттің өзін әдебиет тарихы мен әдебиеттану ғылымында белгілі дәрежеде оқып үйрену негізінде оқушыларға әдеби білім, адамгершілік, ізгілік, имандылық, тәрбие беру мен білім-білік дағдыларын қалыптастыру заңдылықтарын ашу - оның қарастыратын басты мәселесі.

Әдебиеттік оқу пәні жеке тұлғаның, адамның рухани әлемін, оның адамгершілігін, ойлауын, көңіл-күй сезімін, тілін, шығармашылық әрекет бастауларын қалыптастыруда ерекше орын алады.

Әдістеменің даму тарихында, қалыптасу үрдісінде әдеби білім беру негізгі қағида болып табылатын оқу бағдарламалары мен оқулықтар жасау мәселелері, әдебиеттік оқу сабағын оқытуды жетілдіру сияқты мәселелер әдебиеттік оқу пәні құрылымын құрайды.

Әдебиеттік оқу пәні оқушы бойында биік эстетикалық талғамды дамытуды, өнер туындысындағы, табиғаттағы, адамдар қарым-қатынасындағы үйлесім мен әсемдікті танып ұға білуге, дұрыс бағалауға, әсерленуге, терең пайымдауға үйретеді, сонымен бірге ол көркем әдебиетке деген сүйіспеншілікті, ынта-ықыласты оята отырып, оқырман мәдениетін қалыптастырады.

Әдебиеттік оқу пәні оқушыны өнер туындысын тануда қажетті біліммен, біліктілік дағдылармен қаруландырып, онда көркем бейнені қабылдауға қажетті сезім сергектігін, шығарманы мазмұн мен түр бірлігінде, көркемдік тұтастыққа қабылдай білуді; шығармада кескінделген мінездер сырын, шығарма идеясын, жаазушы позициясын шығарма арқауына сүйене отырып ашуды; өзіндік ой толғамында дербестік, идеялық-көркемдік құндылығы жоғары туындыларды ғана қалайтын талғампаздықты, көркем туындыларды салыстыра отырып, қарастыра алу біліктерін қалыптастыруды көздейді.

Осы негізде мектептегі әдебиетік оқу пәні жеке тұлғаның үйлесімді дамуына қызмет атқаратын негізгі эстетикалық пән деген тұжырымға келеміз. Қоғамның және мәдениеттің даму өзгерістеріне сай әдебиет пәнінің бағдарламалары, оқулықтармен қатар оны оқыту әдістемелігі де жетілдіріліп отырады және ол қалыптасқан отандық әрі әлемдік тәжірибеге негізделеді.

3. Әдеби көркем шығармаларды оқытудағы дидактикалық принциптер.

Ғылымилық принципі

Оқытудың ғылымилық принципі оқушыларға әдебиеттік оқудан берілетін білімнің мазмұнының ғылыми анық, дәлелді болуын талап етеді.

Педагогика ғылымдары әр пәнді оқыту әдістері мен сол пәнді зерттеудің ғылыми әдістері өзара сабақтас, ұқсас болады деп есептеледі.

Олай болса, әдебиеттік оқудағы оқыту әдісі әдебиеттану ғылымын зерттеу әдісімен сабақтас.

Әдебиеттік оқу пәнін оқытудағы ғылымилық принципі әдебиеттану ғылымының әдеби шығармалардың тууы, тақырыбы, идеясы, жоспарлары, образдары, композициясы мен сюжеті, тілі суреттеу тәсілдері жөніндегі тұжырымдамаларына сүйенеді.

Бұл тұста Ә. Қоңыратпаевтың әдебиет . . . бір жағынан рухани мәдениет тарихы болса, екінші жағынан образдап ойлауға құрылған, сол үшін өз ерекшелігі бар құбылыс. Көркем шығарманың ішкі ерекшеліктеріне оның нақтылы тақырыбы мен идеясы, жанрлар мен образдары, типтендіру, қиялдау, композиция мен сюжеті, тілі, суреттеу тәсілдері сияқты белгілер жатады. Біздің мектептерімізде көркем шығарманың осы ішкі заңдары мен жұмыс істеу жеткіліксіз болып жүр деген пікірмен келіспеуге болмайды.

Себебі, әдебиеттік оқу сабақтарында шығармаларды оқытуда «Өлең немесе әңгімеде не туралы айтылыпты? Олар жөнінде не депті?» деген жалпы сөзуарлыққа жетелейтін тәсілден, шығарманы талдау орнына мазмұнын айтудан аса алмай, әдебиеттің сыр сипатын, болмыс бітімін анықтап, талдап түсіндіре алмай жүрген жайымыз бар. /З. Қабдолов/

Мұндай олқылықты болдырмаудың жолдарының бірі, біздің пікірімізше, оқушыларға бастауыш мектептен бастап, әдебиет теориясынан қарапайым түсінік беріп, шығармаларға талдау жасау және көркем сөз өнерін ауызша, жазбаша тілде қолдану дағдысына үйретуге мән берген жөн.

Әрине, «Әдебиеттің теориясын оның практикасымен байланыстыру - қиынның қиыны». Әйтсе де «Әдебиеттің теориялық мәселелері» . . . қатаң заң ретінде ұсынбай, теориялық талғамдарымызды жазушылық шеберлік мәселесімен, қажет жағдайда қаламгерлік өнердің қиын иірімдерімен ұштастыра, көркем шығармашылықтың психологиясымен байланыстыра жүйелеп отыруымыз керек».

Қазіргі кезде әр салалы ғылыми хабарламалардың молығуы, электрлі есептеу және компьютерлік жүйенің тұрмысқа ендірілуі жастардың өздігінен қажетті ақпараттық хабарларды іріктеп, меңгеруін, білімдерін өздігінен, үздіксіз жетілдіре беруін талап етіп отыр.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Әдебиетті оқыту әдістемесі пән ретіндегі мақсаты
Курс жұмысының зерттеу әдістері
ӘДЕБИЕТТІК ОҚУ ПӘНІНДЕ ОҚУШЫЛАРДЫҢ СӨЙЛЕУ ӘРЕКЕТІН ДАМЫТУ
ЖОҒАРЫ СЫНЫПТАРДА ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ ТАРИХИ КУРСЫН ОҚЫТУДЫҢ ТЕОРИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Бастауыш сынып оқушыларына әдеби оқу сабақтарында рухани - адамгершілік тәрбие беру
Әдебиетті оқыту сабағында танымдық қызығушылықты арттыру
Әдебиетті оқыту әдістемесінің ғылыми пән ретіндегі мазмұны
Көрнекі құралдар түрлері
12 - жылдық білім беру жүйесіне көшу жағдайындағы педагогтың кәсіби құзыреттілігі жайлы
Балалардың сөздік қорын дамыту
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz