Кредиттік технологияға көшу


Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 46 бет
Таңдаулыға:   

1-апта

1-сабақ. Тәуелсіз Қазақстан

  1. Жаңа сөздер.

Бұлтартпас, жүгенсіздік, дүрбелең, жапсары, ұстаным, тегеу-рінді, құлшыныс, табандылық.

  1. Жоғарыдағы сөздермен бірнеше сөз тіркес-терін құраңыз.

Үлгі: тегеурінді билік, бұлтартпас дәлел, . .

  1. Мына сөздер мен сөз тіркестерінің орысша баламасын беріңіз.

Отаршылдық саясат, жүгенсіздікке қарсы күрес, түбірлі өзгерістер, саяси жүйе, экономикалық дербестік, демократиялық дербестік, демократиялық ұстанымдар, мемлекеттік нышандар, қоғамның саяси кемелденуі, еліміздің халықаралық абыройы.

4. Мәтінді оқыңыз .

Жер бетінде 200-ге жуық мемлекет, бес мың тілде сөйлейтін этностар бар. Солардың ішінде азаматтық пен тәуелсіздіктің баға жетпес парқын ұзына тарихында қастерлеп, сарғая күтіп, сол үшін қисапсыз құрбандыққа барғаны қазақ халқындай-ақ болар.

Азаттықтың ақ таңына ешқандай байлықтың да, биліктің де балама бола алмайтынын арғы аталарымыз - ер түріктер көк тасқа қашап жазып кеткен. Түркі қағанатының тағдырына апат төндірген ауыр кезеңді бейнелейтін мына сөздер осының бұлтартпас айғағындай:

Бірлесе ілгері шаптың,

Бірлесе кейін шаптың,

Барған жеріңде не игілік таптың

Қаның судай ақты,

Сүйегің таудай жатты.

Бек ұлдарың құл болды.

Сұлу қыздарың күң болды.

Білмегенің үшін, жамандығың үшін.

Күлтегін

Жат елдің, жат өркениеттің уысына ілінген ұлттар мен ұлыстар үшін азаматтық даяр күйінде әлдеқайдан келе қалмайды. Қазақ халқының отаршылдық саясатқа, үстемдік пен жүгенсіздікке қарсы күресі ХVІІІ ғасыр аяғында Сырым Датұлы көтерілісімен басталып, ХІХ ғасырда Исатай мен Махамбет, Кенесары мен Жанқожа бастаған ұлт-азаттық қозғалыстары арқылы жалғасын тапты. Ол 1916 жылғы ұлы дүрбелеңге ұласты. ХХ ғасыр аяғында 1986 жылдың желтоқсан оқиғасымен тарихқа енді. Әр ғасырда 4-5 ұрпақ дүниеге келетінін ескерсек, қазақ халқының 10 буын ұрпағы азаттық үшін күрес туын қисайтпай көтеріп келген екен. Ендеше 1991 жылдың 16 желтоқсанында жарияланған Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі әділеттің, ақиқаттың, имандылықтың салтанаты.

Қазақстанның тәуелсіздік алуы ел өмірінде тарихи түбірлі өзгерістердің жүзеге аса бастауына негіз болды.

Еуразия қос құрылығының жапсарына қанатын кере жайып, жүздеген ұлттың еркін дамуына төрт-бес ғасыр бойы тосқауыл болып келген алып империя ХХ ғасырдың соңғы онжылдығы басталар-басталмастан күйреп түсті. Тәуелсіздік жолына бет бұрған халықтар бірінші кезекте өздерінің саяси жүйелерін анықтап алуға ден қоя бастады. Бұл үрдіс барысында “Қазақ КСР Президенті қызметін дайындау және Қазақ КСР Конституциясына (Негізгі заңына) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заңына сәйкес 1990 жылы 24 сәуірде Республика Жоғарғы Кеңесі Қазақстанның тұңғыш Президенті етіп Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты сайлаған соң, Қазақстанда саяси және экономикалық дербестігін түбегейлі нығайтуға бағытталған белсенді қадамдар басталды. Кешікпей-ақ, сол жылдың 25 қазанында мемлекет басшысының бастамасымен елдің жоғарғы заң шығарушы органы Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларацияны қабылдады. Декларацияның алғашқы баптарының өзінде-ақ Кеңестік Одақтан Қазақстанның еркін шығу хақы (правосы) өзінде сақталып қалатыны, сондай-ақ Қазақстанның ұлттық мемлекеттігін сақтау, қорғау және нығайту жөнінде шаралар қолданатыны тайға таңба басқандай, нық сеніммен жазылған. Декларациядағы осы ұстанымдар 1991 жылы 16 желтоқсанда ҚР Жоғарғы Кеңесі қабылдаған “Қазақстан Республикасы мемлекеттік тәуелсіздігі туралы” Конституциялық заңында толығымен сақталынады.

Тәуелсіз Қазақстанның ең жаңа тарихындағы аса маңызды қадам болып табылатын осынау тарихи шаралардан кейін демокра-тиялық ұстанымдарға және адам хақы мен еркіндігін сыйлауға негізделген тегеурінді президенттік билік мемлекеттің саяси жүйесінің тұғыры бола бастады.

Кешікпей-ақ, Қазақстан халықаралық аренаға шыға бастады. 1992 жылы 3 наурызда Қазақстан Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болды. Елтаңба, ту, елұран сияқты мемлекеттік нышандар белгіленді.

Тәуелсіздіктің әр күні, әр айы тарихи мән-маңызы айрықша жауапты шешімдерге толы болды. Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасу мен дамуын айқындау, президенттік басқару нысанына тән мемлекет құрылысын саралау, заң шығару және сот билігін реформалау, әлеуметтік және экономикалық жүйені жаңғырту, ол үшін нормативтік базаны айқындайтын стратегиялық міндеттерді жүзеге асыру сияқты тарихи толымды істер ерекше құлшыныспен және тәуекелі мол табандылықпен қолға алынады.

Әсіресе, саяси реформалар, қоғамның саяси кемелденуі, демократиялық құндылықтарды өмірге орнықтыру бағытында ғасырларға бергісіз кезеңдер артта қалды. Әлемдік өлшемдерге жауап беретін Ата заңымыз қабылданды. Кеше мәңгі мұзтаудай көрінетін кеңестік Компартия елеске айналып, көппартиялық жүйе дүниеге келді. Идеологиялық бірізділік пен монополияның не екенін бүгінгі жас ұрпақ бұқаралық ақпарат құралдарынан ғана біледі. Есесіне олар “сөз бостандығы”, “шығармашылық бостан-дық”, “адам хақы”, “пікір алуандығы” тәрізді құндылықтарды жазбай таниды. Елбасын бүкілхалықтық сайлау арқылы анықтау әлеуметтік санаға біржола сіңді. Шекарадағы перде ысырылып, адамдардың таяу - алыс елдерге сапар шегуі күнделікті үйреншікті тіршілікке айналды.

Тәуелсіздік тұсындағы Қазақстанда ұлтаралық келісім мен ынтымақтың тамаша үлгісі орнықты. Конституцияның баптарын мүлтіксіз сақтау және Президент Н. Ә. Назарбаевтың қажырлы еңбегі арқасында әрбір этностың емін-еркін күн кешуіне, өз тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін, ұлттық ерекшеліктерін құрметтеуге мүмкіншілік туғызылуда. Жүздеген ұлттық-мәдени орталықтар жұмыс істеуде, газет-журналдар жарық көруде, тарихи отандары-мен байланысы нығаюда. Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ғана 80-ге жуық ұлт өкілдері білім алуда. Қазақстан халықтарының татулығы мен ынтымағы еліміздің халықаралық абыройын арттырып, оған деген сеніміне қуат беріп отырғаны сөзсіз.

Бүгінгі таңда Қазақстан саяси және әлеуметтік әділеттіліктің, экономикалық еркіндіктің берік іргетасына негізделген Заңның күші үстем мемлекет болуға түбегейлі бет бұрған. Бүкіл қазақстан-дықтар болашаққа қарай ойдағыдай алға басудың сенімді кепілі осы деп біледі.

Қазақ халқына қайғы мен қасіреттің ашылмастай қалың бұлтын үйірген отарлық жүйе мен тоталитарлық тәртіп ХХ ғасыр соңында тарих тозаңына айналып, уақыт қойнауына сүңгіп кете барды. Сәтімен басталған ХХІ ғасыр Тәуелсіз Қазақстанның болашағын одан әрі нұрландыра түсері кәміл.

5. Әр абзацтың негізі идеясын анықтаңыз. Әрқайсысына дәл келетінін айтыңыз .

  1. Қазақстан халықтарының татулығы.
  2. Егемендік туралы декларация.
  3. Ер түріктің сөздері.
  4. Елдегі саяси реформалар.
  5. Отаршылдыққа қарсы күрес.

6. Сөйлемдердің мазмұнын мәтіннен мысалдар келтіріп ашыңыз .

  1. Тәуелсіздік үшін қисапсыз құрбандыққа барған халық қазақ халқындай-ақ болар.
  2. ХХ ғасырдың соңғы онжылдығында кеңестік империя күйреді.
  3. Қазақстандағы саяси жүйе түбегейлі өзгерді.
  4. Қазақстанда ұлтаралық ынтымақтастықтың тамаша үлгісі орнады.

7. Сөздер мен сөз тіркестерін оқыңыз. Мағынасын ашып, түсіндіріңіз.

Этнос, демократиялық ұстанымдар, халықаралық арена, президенттік басқару нысаны, стратегиялық міндеттер, идеологиялық бірізділік, пікір алуандығы, тоталитарлық тәртіп.

8. Екі бағанадан сөз тіркестерін құрастырыңыз.

отаршылдықтүбірлімемлекеттікзаңстратегиялықсаясидемократиялықэкономикалықсөзұлтаралық:
  1. отаршылдық
  2. түбірлі
  3. мемлекеттік
  4. заң
  5. стратегиялық
  6. саяси
  7. демократиялық
  8. экономикалық
  9. сөз
  10. ұлтаралық
жүйеұстанымдербестікміндеттерсаясатшығаруегемендікөзгерістеркелісімбостандық:
  1. жүйе
  2. ұстаным
  3. дербестік
  4. міндеттер
  5. саясат
  6. шығару
  7. егемендік
  8. өзгерістер
  9. келісім
  10. бостандық

9. Осы сөз тіркестерімен сөйлем құрастырыңыз.

10. Төмендегі сызбадан сөздерді пайдалана отырып, мәтінді толықтырыңыз.

Қазақ халқының отаршылдық саясатқа, үстемдік пен … қарсы күресі XVII ғасырдың аяғында-ақ басталған. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін тәуелсіздік жолына бет бұрған халықтар ең алдымен өздерінің … жүйелерін анықтап алуға ден қоя бастады. Елтаңба, ту, әнұран сияқты мемлекеттік нышандар … Тәуелсіздіктің әр күні тарихи мән-маңызы айрықша жауапты. … толы болды. Елде саяси реформалар, қоғамның саяси кемелденуі, … құндылықтарды өмірге орнықтыру қарқынды түрде жүзеге аса бастады. Тәуелсіздік тұсындағы Қазақстанда ұлтаралық келісім мен ынтымақтастықтың тамаша үлгісі…

Зат есім: Зат есім
Сын есім: Сын есім
Етістік: Етістік
Зат есім:

шешімдер

жүгенсіздік

Сын есім:

демократиялық

саяси

Етістік:

орнықты

белгіленді

11. «Азаттықтың ақ таңы» деген тақырыпта сұхбат құрастырыңыз .

2-сабақ. ҚазАқстан - Азия барысы

  1. Жаңа сөздер.

Тектілік, алғырлық, жасқану, тәкаппар-лық, айлалылық, серпінді, қаймықпау, босаң-сымау, көрегендік, талғампаздық, кемеңгерлік, қадір-қасиеті.

  1. Сұрақтарға жауап беріңіз.
  1. Қандай мемлекеттерді барысқа теңейді, не үшін?
  2. Қандай Азия барыстарын білесіз?
  3. Қазақстанның Азия барысына айналатынына сенесіз бе? Әңгімелеңіз.

3. Жоғарыдағы жаңа сөздермен бірнеше сөз тіркестерін құрастырыңыз.

Үлгі: адамның тектілігі, ештеңеден қаймықпау, . .

4. Мәтінді оқыңыз.

Бүгін біз зор мүмкіндіктер табалдырығында тұрмыз. Азияның ең кедей елдерінің кейбірінің отыз жыл ішінде қайыршылықтан оңалып, индустриялы мемлекеттерге айналғанын сіздердің көпші-лігіңіз білесіздер. Алғашқылары Корея, Тайвань және Индонезия және Таиланд қосылды. Біздің ұлы көршіміз - Қытай жоғарғы қарқын танытып отыр. Бізге достас Ресей де жуық арада ұлы елдің жаңа келбетіне ие болады деп шынайы үміт артамыз және оған сенімдіміз.

Осыдан қырық жыл бұрын Сингапур өз тәуелсіздігін алған кезде, жан баласына шаққанда 200 долларға жетпес табысы бар әлемдегі ең кедей елдердің бірі еді. Бүгінгі таңда сингапурлық-тардың жан басына шаққанда 20 мың доллардан асатын табысы бар. Өзінің халқы, этникалық құрамы жөнінен және басқа да көп-теген параметрлері бойынша бізге ұқсас ел Малайзия да 20 жылға жетпейтін уақыт ішінде өз азаматтарының өмір сүру деңгейін
10 есе арттыруға қол жеткізді. Осындай табыстардың нәтижесінде бұл елдер күллі әлемде Азия Жолбарыстары ретінде танылып отыр.

Қазақстан өзінің күллі мүмкіндіктерімен нақ осындай нәтиже-ге қол жеткізе алмайды дейтін себептер бар ма? Ондай себептер жоқ. 2030 жылға қарай Қазақстан Орталық Азия Барысына айналады және өзге дамушы елдер үшін үлгі болады деп сенемін.

Бізде жолбарыстар жоқ, ал тауларымызда тіршілік ететін қар барысы дүниежүзілік қауымдастыққа онша таныс емес.

Жануарлар әлемінде Жолбарыс туыстас болғанымен, Барыстың өзіндік ерекшеліктері де бар.

Бұл - өзіне тән тектілігімен, бұлалығымен, алғырлығымен, жасқануды білмейтін тәкаппарлығымен, батылдығымен, айлалылы-ғымен дараланатын Барыс болмақ.

Ол ешкімге бірінші болып шабуыл жасамайды, әрі тікелей соқтығыстардан бойын тартатын болады. Бірақ өзінің еркіндігі мен тұрағына, ұрпағына қатер төнген жағдайда, ол бұларды басын тігіп, бойындағы барын салып қорғайтын болады. Ол сыптай да серпінді болуға және семіздік пен жалқаулыққа бой алдырмауға тиіс: әйтпеген күнде ол қатаң табиғи ортада өмір сүре алмайды. Ол қауіпқатерден қаймықпауға, тоқшылықтан босаңсымауға тиіс.

Ол өз ұрпағын баулыған кезде: оны баса-көктей келген қонақтардан қорғай отырып, аузындағы дәмдісін соның аузына тосуға, оның саулығына, өресі мен пайымына нәр беруге тиіс, сөйтіп кез келген ортадағы қатаң бәсекелестік жағдайында ерте сақайып, өз бетінше дербес өмір сүруге жетелеп, көрегендік танытады. Ол өзі ішетін тұнық судың лайланбауын, ол өз аясында тіршілік ететін табиғат пен тыныстайтын ауасының жақсаруын қатаң қадағалап отырады.

Ендеше қазақстандық Барыстың бойына дамудың алдындағы қатарлы үздік деңгейіне үстелген батыстың талғампаздығы да, шығыстың кемеңгерлігі де, төзімділігі де тән болуға тиіс.

Дегенмен, 2030 жылғы осындай Қазақстан өзінен-өзі пайда болмайды. Оны біз өз қалауымызбен және табысқа жетуге талпын-ған ерік-жігеріміз арқылы тұрғызамыз. Сауатты әрі гүлденген экономика құрмайынша, біз қуатты мемлекет пен Қарулы Күштер құра алмаймыз, демографиялық экологиялық және әлеуметтік міндеттерді шеше алмаймыз, әрбір адамның жеке басының қадір-қасиеті мен әл-ауқатын арттыра алмаймыз.

Осындай болашақтың іргесін тұрғызу үшін және алған бағы-тымыздан ауытқымау үшін бізге өзіміздің нені қалайтынды-ғымызды білу керек. Сондықтан ұзақ мерзімді кезең жайында айтқан кезде біздің еліміздің мұраты ұлттық біртұтастық, әлеу-меттік әділеттілік тән әрі күллі халқының экономикалық әл-ауқаты артқан тәуелсіз, гүлденген және саяси тұрақты Қазақстанды сомдау деп санаймын.

Ел Президентінің

Қазақстан халқына Жолдауы

5. Мәтін мазмұны бойынша сұхбат құрыңыз.

Бір-біріңізге сұрақ қойып, жауап беріңіздер.

6. Мәтін мазмұны бойынша төмендегі құрмалас сөйлемдерді аяқтаңыз.

  1. Бізде жолбарыстар жоқ, …
  2. Қар барысы ешкімге бірінші болып шабуыл жасамайды, …
  3. Салауатты әрі гүлденген экономика құрмайынша, …
  4. Қазақстанның ұзақ мерзімді кезең жайында айтқан кезеңде мұраты мынадай: …

7. Сөйлемдердегі ойды таратып айтыңыз.

  1. Барыс өзіне тән тектілігімен, бұлалығымен, алғырлығымен, тәкаппарлығымен, батылдығымен, айлалылығымен дараланады.
  2. Барыс серпінді болуға, семіздік пен жалқаулыққа бой алдырмауға тиіс. Әйтпесе ол қатаң табиғи ортада өмір сүре алмайды.
  3. Ол өз ұрпағының өресі мен пайымына нәр беруге тиіс, сөйтіп кез келген ортадағы қатаң бәсекелестік жағдайында өз бетінше дербес өмір сүруге жетелеп, көрегендік танытады.
  4. Барыстың бойына батыстың талғампаздығы да, шығыстың кемеңгерлігі тән болуға тиіс.

8. Мәтіннен туынды зат есім мен туынды сын есімдерді тауып, олардың жасалу жолдарын түсіндіріңіз.

9. Мына сұрақтарды талқылаңыз.

  1. Соңғы он жыл ішінде қазақстандық Барыс қандай дәрежеге жетті деп ойлайсыз?
  2. Қазақстан Азия Барысына айналу жолында өз мүмкін-діктерін толық пайдалана алып жүр ме?

10. «Мен өзім 2030 жылғы Қазақстанды қалай елестетемін?» деген тақырыпта ауызша ақпарат дайындаңыз.

3-сабақ. Қазақстан жаһандану дӘуірінде

1. Сұрақтарға жауап беріңіз.

а) Жаһандану дегенді қалай түсінесіз?

ә) Қазақстанға жаһандану не әкеледі деп ойлайсыз?

2. Мына сөздердің мағынасын білесіз бе?

Жаһандану, ақпарат, тұжырымдама, көші-қон, ағын серпінді, салдары, бәсеке, назар, шоғыр, баламалы, басымдық, қолданбалы, білікті, үздік, секіріс, бастамашылдығы, ұмтылыс.

3. Сөйлемдерді оқыңыз. Қарамен берілген сөздерге мағы-насы жақын сөздерді белгілеңіз.

1) Жаһандану дәуірінде біртұтас ақпараттың (хабардың, сәлемнің) еркін қозғалысы дамиды.

2) Әлемде елеулі көші-қон (айырбастың, бір жерден екінші жерге көшудің) өзгерістері жүріп жатыр.

3) АҚШ пен Канадаға мигранттар ағыны (толқыны, ағысы) күшейді.

4) Жаһанданудың бір белгісі - халықаралық валюта рыногы-ның серпінді (біртіндеп, серпілмелі) дамуы.

5) Интеллектуалдық өнімнің еркін қозғалысы жаһанданудың салдары (міндеті, нәтижесі) болып табылады.

6) Білім мен ғылымды дамытудың жаһандық үрдістеріне жіті назар (көңіл, ақыл) аударуымыз керек.

7) Массачусетс, Калифорния және Токио институттары әлемдегі ең үздік (үлкен, озық) институттардың бірі.

4. Мәтінді оқыңыз.

Осы заманғы әлем жаһандану кезеңін адамзаттың біртұтас ақпарат және коммуникациялар кеңістігінде жан-жақты бірігу, бүкіл планетаның біртұтас экономикалық рыногқа айналуы дәуірін бастан кешуде.

Жаһандық қоғам әлдеқайда ашық бола түсуде: капиталдың, қаржылардың, адамдардың, ақпараттың еркін қозғалысы осы заманғы «шекараларсыз әлем» тұжырымдамасының негізіне айналды.

Жаһандануға қандай факторлар жәрдемдесуде?

Бірінші кезекте, бұл тараулардың елдер мен экономика сектор-лары арасындағы қозғалысы. Сауда-саттықты өрістету экономи-каның дамуы мен өсуі үшін стратегиялық тұрғыда қажет. Жаһан-дану жолындағы екінші қадам капиталдардың еркін қозғалысы. Мысалы, соңғы 20-жылдарда дамушы елдерге тікелей шетелдік инвестициялардың ағыны жүздеген есе өсті. Үшіншіден, адам-дардың кедергісіз қозғалысы. Бүгінде әлемде елеулі көші-қон өзгерістері жүріп жатыр, Батыс елдерінде, әсіресе Еуропалық Одаққа, АҚШ-қа, Канадаға мигранттар ағыны күшейді. Төртінші-ден, жаһандану факторларының бірі халықаралық валюта рыногтарындағы валюталық операциялардың серпінді дамуы болып табылады. Әлемдік валюта жүйесі үш революцияны: реттеудің алынып тасталуын, интернационалдануды және инновацияны бір мезгілде бастан кешті. Бесіншіден, ақпараттың, интеллектуалдық өнім мен идеялардың еркін қозғалысы жаһандану факторларының бірі және салдары болып табылады. Интернеттің, электрондық поштаның, халықаралық телефон қызметтерінің, ұялы телефон мен электрондық конференциялардың қарай дүние әлдеқайда өзара байланысты бола түсті.

Өзіміздің алдымызға стратегиялық міндет - таяудағы 10 жылда елімізді әлемнің бәсекеге барынша қабілетті 50 елінің қатарына шығару міндетін қоя отырып, біз ғылым мен технологияларды дамытудың, білім беруді дамытудың жаһандық үрдістерін жіті назарда ұстауға тиіспіз.

Бұл үрдістер қандай екен?

Әлемдік деңгейдегі өте маңызды технологиялар шоғырына ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, қасиеттері алдын ала белгіленген жаңа материалдардың алынуы, биотехнологиялар, энергия үнемдеу, энергияның баламалы көздерін жасау жатқызылады.

Білім беру саласындағы жаһандану да бірқатар үрдістерімен сипатталады. Білім ақпараттық қоғамда құнның негізгі көзіне айналып барады. Білім беру ұғымының өзі өзгеруде және кеңеюде. Білім беру барған сайын көп ретте мектепте және тіпті жоғары оқу орнында оқумен бірдей түсінілуден қалады. Жеке тұлғаны функ-ционалдық әзірлеу тұжырымдамасынан жеке тұлғаны дамыту тұ-жырымдамасына көшу жүріп жатыр. Ақыр соңында білім берудің халықаралық интеграциясы дамуда. Білім беру ұлттық басымдық категориясынан әлемдік басымдық категориясына өтуде.

Технологиялық тұрғыда дамыған елдерде ғылыми талдамалар жүйесінде маманды оқытумен ғана емес, сонымен бірге техника-лық, жаратылыстану және гуманитарлық ғылымдар саласында іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізумен айналысатын ғылыми кешендер болып табылатын университеттер ерекше рөл атқарады. Қазақстанға индустриямен тығыз байланысты, қуатты білім беру, зерттеу және ғылыми-өндірістік кешендер болып табылатын элиталық университеттер қажет. Осы тәжірибені ескере отырып, Астанада халықаралық деңгейдегі жаңа университет құру туралы шешім қабылданды. Уақыт өте келе Алматыда да жаңа университет құру жоспары бар. Елдің осындай деңгейге көтерілуге қабілетті қазіргі бар аса университеттердің әлеуетін зерттеу керек. Біздің университеттердің құрылымында химия, физика, химиялық технология, экономика саласындағы жоғарғы білікті мамандар болуы тиіс. Мамандардың осындай байланысы Массачусетс, Калифорния және Токио институттарының әлемдегі үздік инсти-туттарға айналуына мүмкіндік берді.

Барлық жоғары оқу орындарында математикалық бағыттағы қолданбалы кафедраларда дәріс беру деңгейін сапалық тұрғыда өзгерту керек. Мәліметтерді талдаудың математикалық әдістерін бәрі де - инженерлер, экономистер, заңгерлер, құрылысшылар, мемлекет қайраткерлері меңгеруі тиіс. Әлемдік практика көрсеткеніндей, кадрлардың математикалық әзірлігінің жоғары деңгейі барлық салаларда сапалық секірісті қамтамасыз етеді.

Білімді, салауатты адамдар - бұл ХХІ ғасырда адамзат дамуының негізгі қозғаушы күші. Реформалардың алдыңғы шебінде жастар болуы тиіс, нақ осы жастардың күш-жігерімен бастамашылдығы, олардың болашаққа ұмтылысын көп ретте біздің бастамалар табыстылы-ғының кепіліне айналды.

Н. Назарбаев

  1. Мына сөздер мен сөз тіркестерімен сөйлем құраңыз.

Жаһандану кезеңі, ақпараттың еркін қозғалысы, экономиканың дамуы, шетелдік инвестициялар, валюталық операциялар, интеллектуалдық өнім, бәсекеге қабілетті, жеке тұлғаны дамыту, ұлттық басымдық, қолданбалы зерттеулер, ғылыми-өндірістік кешен, элиталық университет, математикалық әдіс.

6. Төмендегі абзац атауларын мәтінге сәйкес нөмірлеңіз.

а) Жаһанданудағы математиканың маңызы

ә) Білім беру саласындағы жаһандану

б) Жаһандану факторлары

в) Элиталық университеттер

7. Мына сөйлемдердің мазмұнын мәтіннің көмегімен ашыңыз.

1) Бүгінгі таңда бүкіл әлем жаһандану кезеңін бастан кешуде.

2) Жаһанданудың дамуына бірнеше факторлар ықпал етеді.

3) Ғылым мен технологиялардың дамуының әр түрлі үрдістері бар.

4) Жаһандану дәуірінде ғылыми кешен болып табылатын университеттер ерекше рөл атқарады.

8. Жаһандану сөзімен бірнеше сөз тіркестерін құраңыз .

Үлгі: жаһандану дәуірі, жаһанданудың маңызы, . . .

9. а) Мәтіннен етіс тұлғалы етістіктерді теріп жазыңыз, олармен сөйлем құрастырыңыз.

ә) Қатыстық сын есім мен зат есімдер берілген екі қатардан сөз тіркестерін құрастырыңыз.

1) Шетелдік, елеулі, Еуропалық, халықаралық, электрондық, стратегиялық, жаһандық, ақпараттық, техникалық, қуатты, білікті қолданбалы.

2) Пошта, білім, инвестия, Одақ, технология, валюта, ғылым, міндет, үрдіс, өзгеріс, маман, кафедра.

10. Баспасөз материалдарын пайдалана отырып, «Жаһан-дану және жастар» деген тақырыпта сұхбат құрыңыз.

ОСБЖ

Қазақстанның бүгіні мен ертеңі

1. Мәтінді оқыңыз.

Қазақстанның бүгіні мен ертеңі

Біз жүйелік экономикалық реформалардың күрделі кезеңінен өтіп, ТМД-ның басқа елдерінен көп нәрседе алда келеміз. Бүгінде Қазақстанда нарықтық экономиканы еркін дамыту үшін негізгі жағдайлар жасалған.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Кредиттік оқыту жүйесіндегі ерекшеліктер
Көпдеңгейлі білім беру жүйесі шетелдік үлгіден ұлттық ерекшелікке
Кредиттік оқыту технологиясының негізгі жағдайлары
Oқытy тexнoлoгиялapын қoлдaнy әдіcтeмecі
Қазақстанда жоғары білім алудың қазіргі жүйесі мен даму тенденциялары
Жоғары білім беруді әлеуметтік институт ретінде қарастыру
Педагогикалық қызметтің инновациялық бағыттылығы - білім берудегі оқытушылардың кәсіби қызметінің көрсеткіші іспеттес
Қоғамның даму тенденциясына сай бүгінгі білім жүйесінің дамуы
Оқыту технологиясының жалпы сипаттамасы
Біртұтас педагогикалық процестің теориялық мәні
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz