Құтты біліктің зерттелуі



Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 24 бет
Таңдаулыға:   
Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым Министрлігі
Абай Құнанбаев атындағы Саран Жоғарғы Гуманитарлы Техникалық
Колледжі

Реферат
Тақырыбы: Ж.Баласағұни өмірбаяны және шығармашылығы.

Орындаған: ҚтӘ-9-22 студенті Аскарова Б.
Тексерген: Касимова Б.С.

Қарағанды 2023ж
Жүсіп Баласағұни өмірбаяны
Жүсіп Баласағұн (Баласағұни) -- ХІ ғасырдың аса көрнекті ақыны, есімі күллі Шығыс елдеріне мəшһүр болған данышпан-ойшыл, белгілі қоғам қайраткері. Ол замандастары мен өзінен кейінгі ұрпақтарға тек дарынды ақын ғана емес, сондай-ақ Орта ғасырдың атақты ғалымы, дəлірек айтсақ, табиғаттану, риезиет (математика), фəлəкият (астрономия), тарих, араб-парсы тіл білімі, тағы басқа толып жатқан ғылым салаларын жете меңгерген ғұлама-ғалым ретінде жақсы мəлім болған.
Ал, Жүсіп Баласағұнның есімін əлемдік əдебиет тарихына мəңгілік өшпестей етіп жазып қалдырған бірден-бір əдеби мұрасы -- Құтадғу біліг (Құтты білік) дастаны. Бұл дастан қазіргі түркі тілдес халықтардың орта ғасырдағы тарихи, қоғамдық саяси-өмірі, ғылымы, əдебиеті мен мəдени дəрежесі, əдет-ғұрпы, наным-сенімі, тағы басқа жөнінде аса қызықты əрі қыруар мол деректер беретін көркем туынды [1].
Кезінде кітапты Шығыс патшалары көшіртіп алдырып оқитын болған. Бір қызығы, бұл еңбекке əр елде əр түрлі ат берген [2; 86]:
* ирандықтар Фирдoусидің Шахнамасымен қатар қойып, Шахнамаи түркі (Түркі Шахнамасы) деген;
* Шың елінің (Солтүстік Қытай) адамдары Адабул-мүлік (Əкімдердің əдептілігі) деп, ал Машын (Оңтүстік Қытай) жұрты Айнкүл мамлакат (Мемлекет тəртібі), Шығыс елдерінің əкімдері Зийнатул-умаро (Əмірлердің сəн-салтанаты), турандықтар Құтадғу біліг (Құтты білім) деп атаған;
* дастанды зерттеуші-ғалымдар орыс тіліне де түрліше тəржіма жасап отырған: мəселен, В.В.Бартольд кітаптың атын орыс тіліне Патшаларды ақылға шақыратын білім (Знание, образующее царей); С.Е.Малов -- Бақыт кітабы (Книга счастья); А.А.Валитова --
Басқару туралы білім (Наука об управлении); В.В.Радлов -- Бақыт сыйлайтын білім (Знание, дарующее счастье); В.Томсон -- Бақытты болу өнері (Искусство сделаться счастливым); С.Иванов -- Құтты білім (Благодатное знание) деп аударған.
Бұл атаулардың қай қайсысы болса да, Құтты білік дастанының мемлекетті басқару істеріндегі моральдық-этикалық, адамгершілік мəселелеріне арналғанын дəлелдей түседі.
Ақынның өмірбаяны туралы мəліметтер
Жүсіп Баласағұнның өмірі туралы мəлімет мүлдем аз сақталған. Философ-ғалым өз өмірі мен ақындық қызметі жайындағы кейбір деректерді Құтты білік дастанының соңғы үш тарауында қысқаша түрде, үстірт қана əңгіме етеді. Міне, ақынның осы өзі жазған мəліметтерге қарағанда, Жүсіп Баласағұн орта ғасырда Қарахан əулеті билік жүргізген мемлекеттің бір кездегі астанасы Баласағұн шаһарында дүниеге келген.
Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы Түп-тұқианнан өзіме шейін атты кітабында Жүсіп Баласағұнидың ескіше жазғанын айта келе, ойшыл ғалымның қазақтың Ұлы жүзі, соның ішінде Елсау бидің немересі Албанның Қас-Қажыл тұқымымнан шыққандығын еске алады [3].
Жүсіп білімді Фараб (Отырар), Қашғар, Бұхара қалаларынан алады. Араб, парсы тілдерінде еркін сөйлейді. Өзінің атақты философиялық-диалектологиялық Құтты білік дастанын Баласағұнда бастап, Қашқарда аяқтауы кездейсоқ жaйт емес еді. Өйткені сол кездегі түркі тілдес тайпалардың мəдени өмірінде Қашқар қаласы зор рөл атқарғаны мəлім.
Х - ХІІ ғғ. Қараханидтер əулеті билік құрды. Соғыссыз, мамыражай, бейбіт өмір сүргісі келетін ру-тайпалар Орта Азия төңірегінде өркендеп өсіп келе жатқан Қарахан мемлекетіне бірігіп, мемлекеттің ел басқару жүйесі нығая бастады. Қарахан мемлекетінің көшпелі билік ордасы Қашқар қаласында болды. Қашқар сол кездегі Ұлы Жібек жолының бойындағы мəдениеті, əдебиеті, экономикасы дамыған ірі қалалардың бірі болған. Қарахан мемлекетін елдің ұлы көсемі, атақты Табғаш Қара-Боғрахан билеген. Осындағы Табғаш деген сөз күшті, пəрменді деген мағынаны білдіреді. Ал Боғра деген сөз Бура, қашаннан да өте алып-жойқын күштіліктің белгісі. Осыдан Табғаш Қара-Боғрахан дегеніміз Батыл Қара-Бурахан (Қара-Бура) болып шығады. Қара-Бураханды Орта Азия халықтары əрқайсысы өздеріне жақын тартып, біздің үлкен бабамыз деп құрметтейді, ұлы тұлға санайды. Қазақтар, ұйғырлар, қырғыздар, тəжіктер, өзбектер, түріктер, тағы басқа ұлт өкілдері əрқайсысы өздеріне иемденеді. Өйткені Қара-Бурахан өзінің əділдігімен де, тазалығымен де, батырлығымен де, адамгершілік-білімділік қасиеттерімен де бүкіл Орта Азия халықтарының, батыр, билері мен ғылым-білім жаршыларының жəне қарапайым халықтың жоғары қолдауына ие болған. Ұлы Жібек жолымен келетін жаңалықтарды, ғұлама ғалымдар мен дін таратушыларды, Ислам дінінің қасиетті таза дін екенін айрықша қолдап отырады. Қара-Бурахан ел басқаруда өзіне де, өңірлерді басқарушы хандар мен барлық билік өкілдеріне де төрт түрлі ұстанымды, негізгі, өзекті мəселе ретінде қояды [4]:
Əділдік -- Əділеттік -- Ақ жолды жаза баспас əділ үкім басшының ысымы, осыған қарап бұқара халық та əділ болады, қоғамда əділеттілік қалыптасады.
Адалдық -- Тазалық -- Жүрегі адал, ділі таза, ақпейілді, кешірімшіл, кең пейілді, саналы халқы мен би-сұлтандары көп мемлекет əрдайым бақытты-бақуатты.
Білімділік -- Батылдық -- Ақ-қараны айыра білу, білгір -- айлакер, ер жүрек -- алғыр, ақылды батыр болу, дүниенің барлық құбылыстарына зер сала білу, қайсарлық.
Адамгершілік -- Имандылық -- Адам адамдық қасиетін сақтап, уақытша болатын аштық- тоқтыққа шыдап, байлық-мансапқа қызықпай, бос құмарлыққа алданбай, Алланың бірлігіне шүбə келтірмей, мұсылмандықты бұлжытпай орындау.
Қара-Бурахан осы кезде барлық мұсылман дінін таратушыларды өте жауапкершілікпен қолдап, мыңдаған сауатты жастарды үлкен қалаларға жіберіп, мұсылман дініне үйретеді. Қара-Бурахан Орта Азияда мұсылман дінін, Имандылықты толығымен өрбітуді, уағыздауды мүдделес досы Қожа Ахмет Иассауиге тапсырады. Қожа Ахмет Иассауидің басшылығымен Түркілер тек Ислам дінін тұтынушы емес, сонымен бірге Ислам мəдениетін жасаушы күшке айналады. Осындай түрік халықтарының рухани, мəдени дербестігі кезінде Жүсіп Баласағұн тарих сахнасына шығады. Ол Қарахан мемлекетінің хан сарайында қызмет етіп, білім алады. Жүсіп Қарахан мемлекетінің көсемі Қара - Бураханның хандық дəуірін, ел басқарудағы ұстанымдарын, елдің ынтымағын, мұсылман дінінің жақсы қасиеттерін -- адалдылық пен əділдікті, білімділік пен адамгершілікті, Ислам діннің тазалығын пайымдап зерттеп, Қара - Бураханның төрт ұстанымын негізге ала отырып, өзінің аса жоғары көркемді деңгейдегі басты шығармасын дүниеге əкеледі.
Жүсіп Баласағұн Құтты білік еңбегін хижра есебі бойынша 462 ж., яғни жаңаша жыл санау есебі бойынша 1070 ж., жазып бітірген. Бұл жөнінде автордың өзі дастанда ескерткен [5; 589]:
Төрт жүз алпы екінші жыл ішінде,
Бұл сөзімді тіздім бəйіт пішінде.
Он сегіз ай құрастырдым, талғадым,
Теріп түгел сөз сарасын таңдадым.
Осы шығарманы ұзақ жылдар бойы зерттеген ғалымдардың есебі бойынша, Жүсіп Баласағүн өз дастанын шамамен елу төрт жасында жазып бітірген. Демек, ақын 1015 - 1016 жж. қазіргі Шу өзенінің бойындағы Құзорда (Баласағұн) деп аталатын қалада атақты түрік əкімінің отбасында туылған.
Ойшыл өз дастанын жарыққа шыққан жылы Табғаш Қара - Боғраханға (Қара - Бураханға) -- хандардың ханына тарту етеді. Құтты білікпен танысқан соң Қара - Бурахан Жүсіп Баласағұнға өте ырзалығын білдіріп, бұдан былай Хас Хажыб Жүсіп Баласағұн деген атақ берілетінін, ол хан сарайының бас ақылшысы, ақыны, бас уəзірі деген мағынада екенін айтып, өзін қызметке алады. Бұл туралы ақын [5; 44]:
Кетті шығып туған елден алысқа,
Жырмен кітап берді түгел халыққа.
Хаттап-қаттап барын жазды көңілде,
Тамəмдады жырмен Қашқар елінде.
Хандар ханы Тавғаш Қара Буғра --
Падишахтың құзырында оқыды.
Мархабатпен даңқ қосты атына --
Ақылы мен қаламының хақына.
Хас Хажыбтық атақ берді тағы да,
Мұны сеніп жақын тұтты жанына.
Сол мəні үшін жұрт құрметтеп қарады,
Аты: Жүсіп Хас Хажыб деп тарады, -- деп жазады.
Кемеңгер философ Құтты білікте қандай адам Ұлы Хас Хажыб болып істеуі мүмкін деген сауал қойып, оған өзі егжей-тегжейлі жауап айтады.
Ұлы Хас Хажыб -- əмірші-патшаның көрер көзі, естір құлағы. Ол мемлекет заңдары мен сол елдің əдет-ғұрпының дұрыс орындалуын қадағалап отырады. Сондай-ақ ұлы уəзір -- қазына ісін басқарушы адамға, сарайда қызмет ететін хат көшірушілер мен қолөнершілерге патша атынан əмір береді. Елшілерді қабылдап, шығарып салып отырады, ресми түрдегі салтанатты жиындардың заңға сəйкес өтуін қадағалайды. Əрі кедейлер мен жетім-жесірлердің арызын тыңдап, оны Тағбаш Қара- Бураханға жеткізіп отыруы тиіс. Бұған қарап, Жүсіп Баласағұнның патша сарайында қандай қызмет атқарғанын ғана емес, сонымен бірге ақын Құтты білікте өзіне өте жақсы таныс мəселелерді мейлінше терең біліп барып жазғанын да аңғарамыз.
Құтты білік дастаны -- мемлекетті басқару қағидалары мен ұстанымдарын сөз ететін ел басқарудың ережелері мен заңдарын, мінез-құлық пен əдет-ғұрып нормаларын қамтыған көркем туынды. Этикалық-дидактикалық сарында жазылып, ғибрат-уағыздарды бейнелі көркем тілмен жырлайтын бұл шығармада бекке, уəзірге, əскербасына, хаджибке, елшіге, хатқа түсірушіге, қазынашыға, аспазға, емшіге, түс жорушыға, жұлдыз санаушыға, өлең шығарушыға, диқанға, малшыға, кəсіпкерге, саудагерге жəне басқаларына қажетті қасиеттер əңгіме болады. Данагөй Жүсіп Баласағұнның қырағы көзі бүкіл қоғамды төменнен жоғарыға дейін қамтиды.
Құтты біліктің зерттелуі
Академик Ə.Нысанбаевтың ғылыми зерттеулеріне [6] сүйеніп айтсақ, Құтты біліктің үш нұсқасы бар: Веналық нұсқа (1439 ж.), Каирлық нұсқа (1895 ж.) жəне Наманган нұсқасы (1913 ж.). Ғалымдар осы үш нұсқаның əрқайсысына тəн өзіндік ерекшеліктерді жинақтай келе, Құтты білік дастанының ғылыми негізделген толық мəтінін жасап шықты. Дастанның көне қолжазбасы табылғанын алғаш əлемге хабарлап, 1823 ж. Парижде шығатын Азия журналында Вена нұсқасынан үзінді жариялаған француз ғалымы Жауберт Амадес. Венгер ғалымы Германи Вамбери (1832 - 1913) дастанның бірнеше тарауын неміс тіліне аударып, 1870 ж. Инсбрук қаласында кітап етіп шығарды.
Құтты білікті Қ.Кəрімов өзбек тіліне, Н.Гребнев (1971) пен С.Иванов (1983) орыс тіліне, А.Егеубаев (1986) қазақ тіліне, бір топ аудармашылар ұйғыр тіліне (1984, Пекин) аударды. Дастанды аударумен В.В.Радлов (1837 - 1918) 20 жыл бойы үзбей айналысты. Түркия ғалымдары 1942 - 1943 жылдары аударып, үш нұсқасы 3 том болып Стамбулда жарық көрді. Шығарманы зерттеуге түрік ғалымдары Р.Арат (1900 - 1964), М.Кепрюлд (1880 - 1960), А.Ділашар (1897 - 1979) көп еңбек сіңірді.
Жоғарыда көрсетілген дастанның үш нұсқасын салыстыра келе орыс ғалымы С.Е.Малов Каир, Наманған нұсқаларының өзара жақындығын айтып, ал ұйғыр редакциясы (Вена-Ғират) көп жағдайда бұлардан алшақтап кетеді дей келе, бұл нұсқа ислам мəдениетінің ұйғыр жазбаларындағы сирек кездесетін ірі ескерткіш деп бағалаған. В.В.Радловтың да: Баласағұн қаласының (Жетісудағы) тұрғыны ретінде автор дастанын əуелінде ұйғыр жазба тілінің əсерінсіз араб əрпімен жазған, бірақ поэма бұл ықпалға Қашқарда аяқтап, ханға апарған тұста, ел ішінде тарату үшін ұйғыр əрпімен қайта жаздырғанда ұшыраған, -- дейді [7].
Көптеген ғалымдар Құтты білікті Араб халифатының əлсіреген тұсында жазылғандықтан, оны өтпелі кезең шығармасы деп санайды. Себебі араб мəдениеті мен əдебиетінің түркі халықтары əдебиетіндегі үстемдігі өте күшті болатын. Түркі халықтарынан шыққан ғұламалардың көбі өз шығармаларын араб тілінде жазуға мəжбүр болды. Оның үстіне, араб тілі -- ислам діні мен мəдениетінің тілі болғандықтан, одан бас тарту еш мүмкін емес-ті. Сондықтан араб жəне түркі ақындары арасындағы тіл мəселесі өте өткір болды. Ал Жүсіп Баласағұнның Құтты білігі түркі тілінің өте бай тіл екендігін дəлелдеуге тырысқан тұңғыш шығарма. Ол туралы данагөй ақын [5; 45]:
Кітаптар көп арабша да, тəжікше,
Біздің тілде бұл жалғыз-ақ əзірше, --
деп өз қоғамында жазылған алғашқы туынды екенін ескерте отырып, сол қоғамның түркі тілдес екенін [5; 45]:
Біл, түркіше жырмен жазып арнадым,
Дұға қылсаң, мені ұмытып қалмағын, --
деген жыр жолдарымен аңғартады.
Дастанның құрылысы мен сюжеті
Ежелгі Шығыс ілімі бойынша, əлемді төрт нəрсе ұстайды: жер, су, ауа, от. Осы төрт нəрседен əлемнің үйлесімі жасалады. Құтты білікте қоғамдағы, өмірдегі үйлесім осы төрт нəрседен тұрады. Дастанның басты идеясы мынадай төрт принципке негізделіп жазылған [8; 161]:
Біріншісі, мемлекетті дұрыс басқару үшін қара қылды нақ жаратындай əділ заңның болуы. Автор əділдіктің бейнесі ретінде Күнтуды патшаны көрсетеді.
Екіншісі, бақ-дəулет, яғни елге құт қонсын, деген тілек. Бақ-дəулет мəселесі дастанда патшаның уəзірі Айтолды бейнесі арқылы жырға қосылған.
Үшіншісі, ақыл-парасат. Ақыл-парасаттың қоғамдық ролі уəзірдің баласы Ұғдүлміш (Өгдүлміш) бейнесінде жырланады.
Төртіншісі, қанағат-ынсап мəселесі. Бұл мəселе дастанда уəзірдің туысы, дəруіш Одгүрміш (Одғұрмыш) бейнесі арқылы əңгіме болады.
Композициялық құрылысы жағынан дастан 6520 бəйіттен (екі жолдық өлең) тұрады. Бұл -- 13000 өлең жолы деген сөз.
Дастан қара сөз бен өлең түріндегі кіріспеден, сексен бес бөлімнен жəне қорытындыдан тұрады. Алғашқы төрт бөлімі діни мақтауларға, бесіншісі -- жеті ғаламшар мен шоқжұлдыздардың белгілерін суреттеуге арналған, ал алтыншы -- он бірінші бөлімдер негізгі бөліміне кіріспе болып табылады. Шығарманың сюжетті бөлігі он екінші бөлімнен басталады. Ол бас кейіпкерлердің əңгімелері мен хат жазысуларынан тұрады. Туындының негізгі бөлімдері екі жолдық месневи түрінде жазылған.
Құтты білік дастанының сюжеті автор алға қойған дидактикалық міндеттерге, яғни шығарманың əділдікті, бақ-дəулетті, парасатты, қанағатты бейнелейтін төрт қаһарманның іс- əрекетіне тікелей байланысты етіп құрылған. Дастанның сюжеттік желісі қарапайым болып келеді.
Кітаптың сұрақ-жауап, диалог түрінде жазылуы Авестадан бері келе жатқан дəстүр болатын. Ж.Баласағұни сол дəстүрді жалғастыра келіп, ақыл-білімге, кемелдікке деген ізденісін кейіпкерлердің өзіне жинақтайды. Адам мүмкіндігі шексіз екендігін, адамның əділетке жете алатындығын, мұсылмандардың қырқыншы парызы -- ғылымның таным процесіндегі рөлі туралы айтады. Бала тəрбиесі, адамгершілік, т.б. көптеген мəселелер қамтылған [2; 90].
Туындыда кейіпкерлер дүниелік қызықтардың жалғандығы, маза бермейтін игіліктердің тұрақты еместігі, ізгілікті, əділеттілікті, ақыл мен білімді, ұстамдылықты, мырзалықты бағалау керектігі туралы сыр бөліседі.
Кітапта еңбектің жəне кəсіптің қай түрі болмасын маңызды деген ой білдіреді. Тек соны адал істей білген адам ғана өз еңбегінің жемісін көреді.
Құтты білік дастанындағы дүниетаным
Құтты білік 1069 - 1070 жж. жазылған адамгершілік пен имандылыққа, білімділік пен біліктілікке, əділдік пен еңбекке үндеген түркі тіліндегі философиялық, дидактикалық шығармалардың көшбасшысы. Баласағұнидің бұл еңбегі кезіндегі ел билеуші хан-қаһандарға əділдік пен парасатты биліктің шешен шежіресі ретінде, ақылымен іс қыла білудің заң ережесі ретінде ұсынылған:
1. Дастанның белгілі бір мағынада елдегі Ата Заң (Конституция) қызметін атқаруы.
Жүсіп Баласағұн шығармасы Қарахан мемлекетінің Ата Заңы қызметін атқарған. Ол үшін автор өз еңбегінде патшалар мен уəзірлердің, хан сарайы қызметкерлері мен елшілердің, əскербасылар мен нөкерлердің, тəуіптер мен аспаздардың, диқандар мен малшылардың, т.б. қоғам мүшелерінің мінез- құлқы, білім дəрежесі, ақыл-парасаты, құқықтары мен міндеттері қандай болу керектігін жеке-жеке баяндап шығады. Ақын мəселені əмірші-патшаның өзінен бастайды. Ел-жұртты басқаратын адам -- ақыл-парасаты ұшан-теңіз, ниеті түзу, сөзі шырын, білім мен өнерге жетік, қолы ашық, пейілі кең, жүзі жарқын, ешкімге кек сақтамайтын жан болуы шарт екенін айтады. Ел басқарған əкімдерді күншілдік, ашкөздік, сауық-сайранға құштарлық, қатыгездік, кекшілдік сияқты жаман қылықтардан сақтандырады. Бұдан кейін ақын патшаның көрер көзі, естір құлағы Хас Хажыб, яғни бас уəзір, міндеттерін тізбектеп, зор білгірлікпен айтып шығады. Бас уəзір халықтың талап-тілектерін патшаға, ал патшаның айтар ой-пікірін, жарлықтарын халыққа жеткізіп отыруы тиіс. Құтты білікте елшіге қойылатын талаптар егжей-тегжейлі сипатталып жазылған. Елші ерекше зерек, өзі көрікті, көп тіл білетін, шешен, жақсы аңшы, құсбегі, жұлдызшы (астролог), түс жори білетін, музыкант сияқты көптеген қасиеттерге ие жан болуы қажет дейді ғұлама [9].
Баласағұни ел басқаратын əміршіге, бекке мейлінше жоғары талаптар қояды. Ел басқарған адам өте зерек, іскер болса ғана мемлекет гүлденіп, қазынасы алтын-күміске толады, халқы бақытты болады деген пікір айтады [5; 213 - 215]:
Ақылды бар, ақымақ бар, бар ғалым,
Бай-кедей бар, надан, аңқау, бар залым.
Бəрін соның алаламай бөлектеп,
Басқаратын қандай болу керек Бек?
Елі гүлдеп, байып бектің бағына,
Даңқы тарап, өссе халық саны да!
Қазна толып, күміс судай ағылса,
Шоқтығы өсіп, күшіне əлем табынса.
Əскер толып, тұрса күші дігірлеп,
Тұрмыс, заңды тураласа іліммен,
Бектің аты бар жаһанға тараса,
Күн-күн сайын құты артса тамаша.
Бектік үшін туған олар анадан,
Бектік сүтпен, іспен бойға тараған
Бектің ісі, тек бектердің еншісі -
Бектер ісін, ұғар бекке тең кісі.
Бек халықты тек білікпен сендірер,
Барлығын да ақылына жеңдірер.
Бек дегенің білікпенен берік тұр,
Білік кетсе, бек қалады -- желік құр...
Дастанда Қара-Бураханға (Бограханға) елді басқару əдісі мен жаулап алған жерлерге тəртіп орнату тəсілдері жөнінде ақыл айтылады. Елді өз қолыңда ұстау үшін бірыңғай күш қолдану, қылыш жұмсау жеткіліксіз, қол астыңдағы халыққа ақыл-айламен айтқаныңды істете білу керек деген пікір білдіреді.
Жалпы, басқару мəселесінде Баласағұн ұстанған рухани құндылықтар -- қайырымдылық, парасаттылық, ізгілік, тəрбиелі адамға тəн іс-əрекет.
2. Дастандағы құт, бақ-дəулет, бақыт ұғымдарының мəні.
Халқымыз бұл ұғымдарға өте үлкен мəн берген. Жүсіп осы ұғымдар туралы былайша толғанады [5; 194 - 195]:
Құт-дəулетке жарық көңіл жарасар,
Дана жүрек шыққан күнмен таласар!
Бақыт қонса, шаңырағыңа күтпеген,
Кішіктікпен, байқап, соңын күт деген.
Бақ та білсең, білікті ерге лайықты,
Өзіңе де, ісіне де байыпты.
Дəулет қона, ақымақ та зиялы,
Кісіліктен бөлек, əттең сияғы...
Дəулет қонса ақылдыға, ағайын,
Шуағымен нұрландырар маңайын.
Біліксіздің дəулет артын жабады,
Біліктіге құрметтеп тон жабады.
Ақымаққа қонған бақыт тоналар,
Қалай қонса, солай ұшып жоғалар!
Бұл сөздер мен төркіндес сөз бар тағы,
Асыл сөздер бірін-бірі тартады:
Ақылдыны бақ құрметке бөлейді,
Күн мен түнін кереметке теңейді.
Баласағұнның ойынша, бақ дəулет, құт оларды қадірлемеген адамның басынан тез ұшып кетеді.
Өмірде тұрақты ештеме жоқ, бəрі өткінші. Ғұлама [5; 111 - 112]:
Дəулет үркек, ор киікке ұсаған,
Қонса келіп, жөні тас қып тұсап ал!
Тұта білсең, дəулет тозып, безбейді
Қолдан шықса, қайта айналып келмейді!
Сенбе құтқа: келсе, кетіп қалады,
Сенбе баққа: береді һəм алады, -- сияқты жолдармен өмірде болдым, толдым, бақытқа кенелдім деген тоғышарлық психологиядан əрқашан бойды аулақ салуға шақырады.
Сөйтсе де, ақын құт пен бақыттың адамзат басынан ұшып кетпей, баянды да мəңгі қонуын аңсайды [5; 111]:
Баянды боп жаралса ғой құт деген,
Асыл бақыт сол болар-ау күтпеген.
Ұшпай бақыт, қонса алаңсыз түгелдей,
Мəңгі жайнар, күн көзі де түнермей!
Құт дарыған елдің адамы қандай? деген сұраққа Баласағұн былай деп жауап береді: Құт- бақытқа кенелсем деп тор құрушылар көп. Бірақ ол қасиетті адамға ғана қонады. Құтты іздеген адам жібек мінезді, көңілі таза, тілі майда, жігерлі болып, үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге мейірін төксе, араз көңілді тыйып ұстаса, осы қасиеттер -- құтты ұстаудың құлып-кісені [10].
Ғұлама ақын баюдың жолдарын ашып айтпаса да, байлыққа деген өзінің көзқарасын білдірген.
Оның пайымдауынша, байлық, алтын-күміс дүниедегі ең қымбат нəрсе емес.
Керісінше, ең қымбат нəрсе -- ол оқу-білім, ақыл-қанағат, адамгершілік. Сондықтан да Баласағұн алтын, күміске көзі тұнбаған адамды нағыз періштеге балайды [5; 278]:
Күміс көрген адам көңіл бұрмаса,
Көзі тұнып, дымы құрып тұрмаса.
(Алтын көріп, адам жолдан таймаса,
Адамдықты, адалдықты ойласа).
Ондай жанды періште деп қараңыз,
Шынында да періштеге балаңыз.
Жалпы, дастанда дəулетқұмарлық, дүниеқорлық, байлық, мансапқа құмарлық жан-жақты сыналады. Ғұламаның пайымдауынша, нағыз байлық -- жан тазалығы. Өйткені рухың таза болса, сен аспандай бересің. Байлыққа құмарлық тұлғаның мінез-құлығының азып-тозуына жол ашады.
Ойшыл ақын опасыз өткінші ғұмырда байлық қумай, білімге ұмтылыңдар деп үндейді [5; 68]:
Кісіден кісі айырмасы -- парқы көп,
Айтсам, ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Жүсіп Баласағұнидің Құтты білік дастанындағы көнерген сөздердің мағынасын айқындау
Құтты білік дастанының нұсқалары
Жүсіп Баласағұнның Құтты білік дастанының көркемдік ерекшеліктері
Түркі ойшылдары еңбектерінің Қазақстанда зерттелуі
Ұйғыр жазуы
Орта ғасырлық ғылымның дамуы
Көпмағыналы сөздер
Байырғы түркі жазба ескерткіштеріндегі әлеуметтік- саяси рәміздер және оның Қазақстанның өркениеттік дамуымен сабақтастығы
Ж.Баласағұн. "Құдағу біліг" шығармасына тақырыптық-идеялық, мазмұндық талдау
Құтты білік дастаныны
Пәндер