Тәрбиенің құндылық тұжырымдамасы



Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 250 бет
Таңдаулыға:   
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНСТРЛІГІ
АБАЙ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ

ИМАНБАЕВА С.Т., МАЙҒАРАНОВА Ш.М.

ТӘРБИЕ ЖҰМЫСЫНЫҢ ТЕОРИЯСЫ МЕН ӘДІСТЕМЕСІ

Алматы
2018

Пікір жазғандар:
Таубаева Ш.Т.,- пед.ғыл. докторы, профессор;
Менлібекова Г.Ж., - пед. ғыл. докторы, профессор;
Әмірова Ә.С., -пед. ғыл. докторы, профессор

И 48 Иманбаева С.Т., Майғаранова Ш.М.Тәрбие жұмысының теориясы мен әдістемесі. Оқулық.- Алматы. - 2018 , 253 бет.

ISBN 978-601-06-4666-7

Оқулықта тәрбие теориясы мен әдістемесінің мәселелері қарастырылады.Қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайға лайықты оқушының ғылыми дүниетанымын, айналамен қарым-қатынасын, іс-әрекетін, шығармашылық қабілетін қалыптастыру арқылы мәдени деңгейін арттырудың теориясы мен әдістемесі беріледі.
Оқулық жоғары оқу орнының студенттеріне, магистранттар, докторанттарға және білім беру мекемелерінің қызметкерлеріне арналады.

Кіріспе

Қазақстан Республикасы бүкіләлемдік білім кеңістігіне енуді мақсат етуіне орай, мектептегі білім беру саласының түбегейлі өзгеріске түсуі оқушылардың тәрбиелік, мәдени деңгейін әлемдік жетістіктер деңгейіне көтеруді қажетсінеді. Осыған орай қазіргі заман оқушыларын тәрбиелеу мақсаты ізгілікті, білікті, мәдениетті, өзіндік өмірлік ұстанымы бар, қарым-қатынас мәдениеті жетілген, өз өмірін құруға, кез келген жағдайда дұрыс шешім қабылдауға бейім жас ұрпақты тәрбиелеу болып табылады.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік "Білім" бағдарламасы, Тәрбие тұжырымдамасында мектепке дейінгі, мектеп, арнаулы кәсіптік оқу орындары, жоғары білім, жоғары білімнен кейінгі білім беру жүйесі, қосымша білім беру т.б. білім беру мекемелерінің мақсат, міндеттерін айқындай отырып, білім беру жүйесін дамытудың негізгі бағыттарын және қоғам талаптарына сай жан-жақты дамыған тұлғаны, нәтижеге бағдарланған сапалы, бәсекеге қабілетті білім алу үшін білім берудің барлық деңгейінің сабақтастығы қамтамасыз етіледі.
Жалпы орта білім беретін мектептердің әлемдік білім стандартына сай 12 жылдық білім беру жүйесіне эксперименттік тұрғыда көшуі, жоғары оқу орындарының Болон декларациясының негізгі ұстанымдарына сәйкес Еуропалық білім кеңістігіне кірігуі тұлғаның сапалық қасиеттерін қалыптастыру кешенді түрде іске асырылатынына аса мән беріледі. Тәрбиені қоғамдық құбылыс, біртұтас, ұзақ, әрі күрделі, көпжақты процесс тұрғысынан тұлғаның біртұтастығын қамтамасыз ету тәрбие үрдісінің мақсатын, міндеттерін, мазмұнын, әдістері мен формаларын бірімен-бірін тығыз байланыста жүргізудің керектігін көрсетеді. Тұлғаның құндылықтарын дамытуда және қалыптастыруда әлеуметтік ортаның ықпалы, субъектінің-субъектіге қатынасы әлеуметтік көзқарас тұрғысынан қарағанда қоғам бақылайтын және түзету енгізетін, жастарды мемлекеттік және қоғамдық құрылымдар арқылы басқарып бағыттайтын, қоғамның қазіргі және болашақ өміріне қатысуға мақсаттылықпен даярлау ісі. Тәрбие туралы түсінікке баланың жеке басының қалыптасуы мен дербес ерекшеліктерін ескерумен іске асырылатын толыққанды және толық құқылы тұлға тәрбиелеуге болады деп тануды талап ететін және педагогикалық процестің субьектісі ретінде тұлғаның қоғамдағы жаңа ұстанымы орнығады. Жан-жақты дамыған тұлғаға, оның қабілеттіліктері мен дарындылығына, тұлғалық қасиеттерін тәрбиелеу мен жетілдіруге қамқорлық мемлекет дамуының міндетті шарты болып табылады.
Тәрбие жұмысының теориясы мен әдістемесі оқулығы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі ұсынған Білім тобындағы мамандықтардың мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандартарына және 2016 жылғы шыққан Тәрбие жұмысының теориясы мен әдістемесі типтік оқу бағдарламасына сәйкес дайындалған. Ресми құжаттарда өсіп келе жатқан ұрпақты тәрбиелеудің міндеттері білім беру мекемелерінде тәрбиелік жүйенің жаңа моделін дайындаудан және стратегиялық басымдылықтарын анықтаудан, жеке тұлғаның ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар негізінде қалыптасуы мен дамуы және оның кәсіби жетілуі үшін қажетті жағдайлар жасаудан көрінеді.
Осыған байланысты болашақ мұғалімнің маңызды міндеті - рухани және дені сау, әлеуметтік белсенді тұлғаны қалыптастыру үшін кепілдік жағдай құру, тәрбие технологиясын, тәрбие жұмысының әр түрлі бағыттарын ұйымдастырудың әдістері мен формаларын меңгеру, тәрбие үдерісінде жалпыадамзаттық ізгілік құндылықтар басымдылығында, тұлғалық-бағдарлық, тұлғалық-іс-әрекеттік, аксиологиялық тұғырлар жүйесінде жүзеге асырылғаны және мұғалімнің тәрбиелік іс-әрекеттегі құзыреттілігіне байланысты болады.
Тәрбие жұмысының теориясы мен әдістемесі оқулығының мақсаты - тәрбиелік іс-әрекетті ұйымдастыру мен жүзеге асыру технологиясын, тәрбие үдерісінің негіздерін танып білуде болашақ мұғалімдердің кәсіби-педагогикалық құзыреттіліктігін қалыптастыру болып табылады.
Негізгі міндеттері:
студенттерде оқушылармен жүргізілетін тәрбие жұмыстарының әдістемесі мен технологиясы саласында кәсіби-педагогикалық құзыреттілікті меңгеруді мақсат етіп ұстануды дамыту;
тәрбие теориясы бойынша білімдерін кеңейту және тереңдету;
студенттерде жалпыпедагогикалық және арнайы құзыреттіліктерді: мақсаттылық, жобалаушылық, ұйымдастырушылық, коммуникативтілік, диагностикалық, аналитикалық және т.б қалыптастыру;
студенттерді оқушылармен жүргізілетін тәрбие жұмыстарында үздіксіз креативтілігін дамытуға ынталандыру;
- мектепте, сыныпта тәрбие жұмыстарын жопарлау, сынып жетекшісі іс-әрекетінің жүйесі мен бағыттарын айқындай білуі;
- тәрбие жұмысының формалары, әдістері, құралдары тәрбие технологияларын, балалар ұжымы тәрбие жұмысының және ұжымдық шығармашылық іс (ҰШ) технологияларын менгерту;
- педагогикалық қолдауды ұйымдастыру, балалар ұжымын қалыптастыру және оның жағдайын диагностикалау, тәрбие үдерісінде инновациялық технологияларын пайдалану, дарынды балалармен жұмысты менгеру;
- оқушылардың бос уақытын ұйымдастыру, қиын балалармен жұмыс және оның диагностикасын менгеру;
- ата-аналармен және қосымша білім беру ұйымдарымен өзара әрекеттестікті, мектептегі кәсіптік бағдар беру жұмыстарын менгеру.
Тәрбие жұмысының теориясы мен әдістемесі пәнін оқыту үдерісінде студент педагогикалық іс-әрекетті жүзеге асыруға теориялық әрі практикалық дайындығын және оның кәсібилігін сипаттайтын көрсеткіштерінің бірлігі ретінде құзыреттіліктерді меңгереді.
Оқулықтың мазмұны Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің „Білім" тобындағы мамандықтары үшін 2016 жылы дайындалған Тәрбие жұмысының теориясы мен әдістемесі пәнінің типтік оқу бағдарламасына сәйкес дайындалды.

I тарау. ТӘРБИЕНІҢ ӘЛЕУМЕТТІК ФИЛОСОФИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ

1.1.Тәрбие парадигмасының әлеуметтік-философиялық негіздері.
1.2. Тәрбиенің тарихи алғы шарттары.
1.3.Тәрбиенің ізгілік және гуманитарлық қағидалары.
1.4.Тәрбиенің негізгі тұғырлары.

Негізгі ұғымдар:тәрбиенің гуманистік парадигмасы, тәрбие қағидасы, тәрбиенің әдіснамасы,әдіснамалық негіздер, мәдениеттану, аксиологиялық, өркениеттік, жүйелілік, тұлғалық, тұлғаға ықпал ету,тұтастық, әлеуметтік, іс - әрекеттік, этнопедагогикалық тұғырлар.

3.1. Тәрбие парадигмасының әлеуметтік философиялық негіздері

Шығыстың ғұлама ойшылы әл Фараби Адамға ең бірінші тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне және қоғамға үлкен апат әкеледі, - деген тұжырымы қоғам алдына үлкен жауапкершілікті мақсат етіп қояды. ХХІ ғасырдың сұранысы әлемдік білім көшіне ілесе алатын, құзыретті тұлғаның қалыптастыруға бағытталған. Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздерінде тәрбиенің мақсаты: ата-анасын қадірлеп, қастерлейтін, туған жерін, Отаны Қазақстанды сүйетін, қазақ тілін, мәдениетін, тарихын меңгерген және ардақтайтын, толерантты, халықтар достығын, ел бірлігін сақтайтын, дені сау, жан дүниесі бай, еңбекке бейім, ана тілін және шетел тілдерін еркін менгерген, сапалы білім алған, құзыретті, дарынды, өзінің болашақ кәсібін таңдай алатын азамат тәрбиелеу мәселесі қоғам алдына қойылып отыр.
Қазақстан Республикасы бүкіләлемдік білім кеңістігіне енуді мақсат етуіне орай, үздіксіз білім беру жүйесінде түбегейлі өзгеріске түсуі тұлғаның тәрбиелік, мәдени деңгейін әлемдік жетістіктер деңгейіне көтеруді, жаңаша пардигманы қажет етеді. Тәрбие парадигмасы қоғамның дамуына байланысты, мақсат, міндеттеріне сәйкес өзгеріп отыратын жаңашыл әдіс тәсілдерді, ұстанымдарды, тұғырларды қажет ететін зерттеу әрекеттерін қалыптастырады. Білім беру жүйесінің әлемдік білім кеңістігіне кіріктірілуі де тәрбиеге жаңаша көзқарасты - жалпыадамзаттық құндылықтар тұрғысынан қарастыруды көздеп отыр.
Демократия құрып жатқан Қазақстан Республикасы үшін, оның ішінде құқықтық реформаның басты субьектісі болып отырған қазақ халқының
ғасырлар бойы жинақталған, дәстүрлі құқықтық құндылықтардың ұлт менталитетінде алатын орны ерекше.
Қазіргі кезде философиялық әдебиеттерде құқықтың мазмұны мен табиғатын ашуға тұрақты екі көзқарас қалыптасқан. Бірінші, тиым салу, немесе дәстүрлі құқық. Екіншісі, либералдық, яғни адамның табиғи құқы мен бостандығын паш ететін көзқарас. Дәстүрлі көзқараста құқық пен заң бір деп қарастырылады және олардың арасында айырмашылық жоқ. Құқық адамдардың мінез-құлқын реттейтін, мемлекет тарапынан үнемі қолдау тауып отыратын жүйе. Бұл жүйені бұзғандар жауапқа тартылып жазасын алады. Бір ауыз сөзбен айтсақ "рұқсат етілмегендердің бәріне тиым салынады". Екінші көзқарас ХVІІІ ғасырда ағартушылық философия шеңберінде пайда болды. Бұл бағыттың өкілдері И.Кант, Ш.Монтескье, Ж.Ж.Руссо, Ч.Беккариа т.б.
Олардың ойынша, құқықта бірінші тиым салу немесе жазалау, адамның іс-әрекетін шектеу емес, керісінше адамның еркіндікке, бостандыққа деген құқығы. Құқық ұғымының алғашқы мәні: адамның өмір сүруге, меншікке, қауіпсіздікке, ар бостандығына, сөзге, көшіп-қонуға құқылы деді. Табиғи қарапайым құқыққа мемлекет ешқандай шек қоймауы керек.
Сонымен құқық мәселесіне екі методологиялық көзқарас пайда болды, біріншісі, адамдардың іс-әрекетіне, мінез-құлқына тиым салу арқылы қоғамда тыныштық пен тәртіп сақтау, екіншісі, жеке бастың еркіндікке құқы. Әрине бұл екі көзқарастар бірімен-бірі тығыз байланысты, дегенмен де, бүгінде құқықтық мемлекет құру либералдық құндылықтар негізінде жүргізілуде. Қазақ менталитетіне либералдық құқық жақын екенін айтуға болады, оның тамыры тереңде жатыр. Олардың мазмұны мен ауқымы мемлекеттік құқыққа қарағанда әлде қайда кең. Егер мемлекеттік құқық мемлекетпен бірге бір мезгілде пайда болса, жеке бастың құқығы мемлекет пайда болғанға дейін өмір сүрген. Ол мәдениеттің ажырамас бір бөлігін құрай отырып, халық даналығы негізінде, моральдық-этикалық қағида, салт-дәстүр, әдет арқылы реттеліп отырған. Сондықтан да құқықтық құндылықтардың жеке тұлғалық мағынасы адам мен дүние қатынасын қамтыса, мемлекеттік құқық, адам мен мемлекет институттарының ара - қатынасынан туындайды. Бірінші қатынас бейресми, қалыпсыз, қалыпқа келе бермейтін немесе өте қиын келетін болса, екіншісі қалыпты сақтауға үнемі ынта танытып отыратын құбылыс. Әрине, жеке бастың құқықтық құндылықтары мен мемлекеттік құқық ұғымы арасында үнемі қайшылықтар болып тұрады. Бұл заңды құбылыс.
Құқықтық мәдениетті ұлт менталитетінің темірқазығына айналдыру дегеніміз - ұлттық сана-сезімнің құқықтық беріктігін күшейту, агрессиялық пиғылдағы ойлар мен іс-әрекеттерге заң жүзінде тойтарыс берудің рухани қамалын жасау. Халық болып Ата заңды қорғау, оны бұлжытпай орындау құқықтық мәдениеттің көзі болады.
Дін адамзат қоғамында адамзат санасынан тысқары өмір сүрген жоқ. Ол қоғамдық өмірдегі сананың бір бөлігі болып саналады. Сондықтан оны қоғамнан тысқары қарауға болмайды. Ол әлеуметтік өмірдің мәніне кірігіп кеткен құбылыс.
Қазақстан Республикасының Білім туралы заңында мемлекеттік саясаттың басты бағыты ретінде "мемлекеттік оқу орындарында жастарға діни ұғымнан тысқары ғылыми көзқараста білім беріледі және ол діни бірлестіктерден бөлектенген", - деп білім беру саласындағы саясаты ашық көрсетілген.
Ата-аналар өз баласын отбасында өз көзқарастарынша тәрбиелеуге құқылы, бірақ бұл істе баланы күштеп дінді мойындатуға жол берілмейді.
Дінді оқытуда оны адамзат мәдениетінің бір бөлігі ретінде қарастыру керек. Барлық дінде сүйіспеншілік, үміт, бейбітшілік, әділдік, ізгілік, қайырымдылық деген ұғымдарға бірыңғай көзқарас бар. Жастарды адамгершілік қасиеттерге, құндылықтарға тәрбиелеуде діннің таза ізгілікке, адамгершілікке тәрбиелейтін ұстанымдарына ден қоюға болады.
Кез келген халықтың рухани-адамгершілік өмірінде халықтық педагогика бай және сан-алуан, өйткені ол түрлі этникалық ұлыстардың мыңдаған жылғы тәжірибесімен жасалған педагогикалық мәдениеттің ажырамас бөлігі болып табылады. Халықтық дәстүрлер әрқашан адамзаттық дамудың барысында, өзін этикалық халықтық сананың табиғи құрамдас бөлігі екенін көрсетті. Соған қарамастан дәстүрдің ескісі мен жаңасы да өзгеріске ұшырауда. Бірақ олардағы басты нәрсе - өтіп бара жатқан ұрпақ пен келер ұрпақтың арасындағы жанды байланыс болып сақталып келеді. Сондықтанда осы заманғы тәрбиенің мәні - халықтардың озық ізгілік дәстүрлерін қайта жандандыру арқылы ұрпақтардың адамгершілігін нығайту болып табылады.
Ұлттық мәдени құндылықтарды тәрбиелеу жүйесінде қолдану.Еліміздегі бейбітшілік пен ұлтаралық бірлік, ішкі және сыртқы саясат мәселелері, соның ішінде ұлтаралық мәдениетті қалыптастыру мәселесі негізгі орын алады. Сондықтанда, біздің алдымызда тұрған негізгі міндет ұлттық мәдениет пен әлемдік өркениетті өзара сабақтастыра отырып бүгінгі ХХІ ғасыр ағымына лайықты тұлға қалыптастыру. ХХІ ғасырағы мына лайықты тұлға - өз ана тілін білетін, басқа тілді құрметтейтін, тарихи зердесі жоғары, ұлттық салт-дәстүрден нәр алған, әлемдік ғылыми-техникалық прогресс көшіне ілесе алатын адам.
Бүгінгі ХХІ ғасыр жастарына тәрбие беруде халықтық тәлімдік мұраларға тоқталмай кетуіміз мүмкін емес. Ұлттық тәрбие көне түркі тектес халықтар дәуірінен бастау алады дейтін болсақ, тәрбиенің негізгі көзіне - көне тастағы жазбалар, халық ауыз әдебиеті мұралары, этнографиялық материалдар, халықтық салт-дәстүрлер, отбасы тәрбиесі жатады.
Ұлттық тәрбиенің мақсатына тұлғаны ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарға бағдарлау, ана тілін және мемлекеттік тілді, қазақ халқының, Қазақстан Республикасындағы этностар мен этникалық топтардың мәдениетін құрметтеуге тәрбиелеу.
Құндылық деген ұғым философиядағы, қоғамтанудағы және педагогикадағы негізгі құбылыстардың бірі болып табылады. Мәселен, философияда құндылық қоршаған дүниедегі объектілердің әлеуметтік ерекшеліктерін, олардың адаммен қоғам үшін, қоғамдық өмірмен табиғаттағы құбылыстардың дұрыс немесе бұрыс мәнін (игілік, жақсылық пен жаманшылық, әсем және көріксіздік) түсіндіру үшін қолданылады.
Мәдени-тарихи тәжірибе дәлелдегендей жалпы әлемдік құндылық болып саналатын: қайырымдылық, сүйіспеншілік, еркінділік дегендерді педагогикада адамгершілік өлшемдердің көрсеткіші деп санайды.
Тәрбиенің негізі болып саналатын жалпы әлемдік құндылықтардың бірі - тәрбиенің басқа адамға деген қажеттілігі, басқа адамдарды сүйе білу қажеттілігі болып табылады. Әр адамның тағдыры әрқашан әлемдік дүниемен, адамдармен, ұжыммен байланысты. Сондықтан демократияландыру, адамның құқығы мен бостандығын сақтау жағдайларында ұжымдағы қарым-қатынас мәселелері бұл күнде ерекше маңызға ие болуда.
Құндылық философия, психология, педагогика ғылымдарындағы негізгі ұғымдардың бірі болып табылады. Мысалы, философияда құндылық дүниедегі объектілердің ерекшеліктерін адам мен қоғамға, қоғамдық өмір мен табиғаттағы құбылыстардың дұрыс немесе бұрыс мәнін көрсетету (игілік, жақсылық пен жаманшылық, әсемдік пен көріксіздік) үшін қолданылады.
Сондай-ақ, құндылықты құбылысты қоғамдық сана түрінде (әділеттілік немесе әділетсіздік) сипаттап қана қоймайды, сонымен бірге оларға баға береді, оларды мақұлдайды немесе айыптайды және олардың жүзеге асуын талап етеді немесе кемшілікті жоюдың өлшемі болып табылады. Жалпыадамзаттық құндылықтардың арасында философтар мен прогресшіл ойшылдар мен педагогтар әрқашан бірінші орынға адамның құқығын, оның бостандығын және соған сәйкес келетін тәрбие мен білімді бөліп қарастырған.
Кез келген халықтың өмірінде жалпыадамзаттық құндылықтардың орнығуы қоғамның тарихи дамуының заңды нәтижелері болып табылады. Адам құқығының адамгершілік мүмкіндігі басқа жалпыадамзаттық құндылықтар сияқты ғасырлар бойы жинақталып, жаңа үлгінің негізінде адамның мінез-құлқын реттеуші ретінде қызмет етеді.
Оқушылардың тұлғалық қасиеттерін қалыптастыруда, оларға адамзат баласының қол жеткен қоғамдық-тарихи тәжірибесімен қатар, қоғамдық-этикалық қалыптар мен ізгілікті-адамгершілікті игеруге болатынын тәжірибеден көруге болады. Жалпыадамзаттық құндылықтар халықтық дәстүрлерде, адамгершілік принциптерде, діни мәдениетте нақты жазылып қойылған және әлеуметтік ойдың озық белгілері, жеке тұлғаның қасиеттері, адамгершілік үлгілері жинақталған күйде, әдептіліктің қоғамда қабылданған үлгісі ретінде көрінеді.
Ғалым-педагогтар осы заманғы педагогиканың алдында басты екі міндет тұр деп көрсетеді. Біріншіден, педагогиканы жалпыәлемдік құндылық (педагогикада адамды жақсы көру және адам бостандығын қамтамасыз ету) деңгейіне көтеруге әрекет жасаған жөн. Екіншіден, барынша жетілген адамзаттық идеалды құру. Осы екі міндетті кіріктіріп адами мұрат жасауда бостандық пен сүйіспеншілік сияқты құндылықтарды да ескеру қажет.
Жалпы әлемдік құндылықтар - түрлі халықтың, түрлі діннің, түрлі дәуірдің рухани мақсаттарын жақындастыратын құбылыс. Сол себепті де ол жалпыадамзаттық деп аталады. ХХ ғасырдың соңында Халықаралық топ алғаш рет дүниежүзілік тарихта адамның құқықтары туралы халықаралық негізге алынатын құжаттар жасады. "Адам құқықтарының жалпыға бірдей Декларациясы", "Баланың құқықтары туралы конвенция" және т.б., оларда тәрбиенің әдіснамасы мен теориясы, жаңартылған мақсат пен мүдделер қарастырылған. Онда халықтардың рухани құндылықтарын дамытуда жаңа көзқарастарға негізделген халықаралық стандарт болып табылатын жалпыадамзаттық құндылықтар-адамның құқықтары мен бостандығы көрсетілген.
Қазақстан Республикасы аталған құжаттардың басты идеяларын білім саласында негізге алды. Мектептегі тәрбие жұмысын жалпы әлемдік құндылықтарға негіздей отырып, жаңа құндылықтар жасауға талпыныс жасау көзделуде. Оның мәні жас ұрпақты басқаларда бар нәрсені бағалай білуге үйрету, жалпыадамзаттық дамуға үлес қосуға, халықтардың күш-жігерімен жасалған құндылықтарды құрметтеуге және қорғай білуге тәрбиелеу.
Педагогикалық үдерісте оқушылардың рухани байлығын арттыру үшін әр халықтың жетістігімен бірге алуан түрлі мәдениетін пайдалану да қарастырылады.
Жалпыадамзаттық құндылықтарды игерудегі - маңызды құрал ана тілі. Тіл арқылы кез келген халықтың даму дәрежесін, оның тарихын, мәдениетін түсінуге болады. Өз ұлтының тілін, музыкасын, әдет-ғұрпын, ауыз-әдебиетін, мақал-мәтелдерін білмеу, ол өз халқынан, өскен ортасынан, ұлттық менталитетінен жұрдай болып, қол үзу болып табылады. Өз халқымен рухани байланысы жоқ адам, тамырсыз өскен өсімдік, қуыс кеуде болып қалады. Ондай адамды космополит деп атайды. Өз халқының тілін, мәдениетін білмейтін адам өз халқының тарихын, әдет-ғұрпын мақтан ете алмайды. Тіл - ол тек ұлттардың қарым-қатынас құралы ғана емес, ол сонымен қатар оның бейнесі, мәні, дүниетанымының шегі. Адамның сөйлеу мәнерінде ұлттық ерекшелік көрініп тұрады. Әр жеке тұлға өз ұлтының рухымен сомдалуы тиіс.

1.2.Тәрбиенің тарихи алғы шарттары

Қазақстан Тәуелсіздікке қол жеткізген аз уақыт ішінде әлемдік қоғамдастыққа толық құқылы және беделді мүше болды, әлемдік экономикалық және мәдени кеңістікке белсенді түрде кіріге бастады, жастардың жаһандану процесіне кірігуі аясында қарқынды білім беру, ақпараттық және мәдени өзара алмасуға белсенді қатыса алатынын көрсетуі де ХХІ ғасыр жастарының табыстылығы мен құзыреттілігінің нәтижесі деп бағалауға болады.
Тәрбие үдерісін ұйымдастырудың әдіснамалық негіздерін айқындауда қай ғасыр, қай дәуір болсын тұжырымдамада қамтылған ұстанымдарды басшылыққа алғанын байқаймыз: тұлғалық-бағдарлы көзқарас, құндылықты (аксиологиялық) көзқарас, құзыреттілік көзқарас, әлеуметтік көзқарас, антропологиялық көзқарас, гуманистік бағыт мәдени сәйкестілік, табиғи сәйкестілік, этникалық т.б..
Тұлғаның рухани құндылықтарын қалыптастырудың тарихи алғы шарттарын айқындағанда қазақ елі тәрбие мәселесіне аса мән бергенін көреміз. Сақ, ғұн дәуірінен, Түркі қағанаты, Алтын орда тұсынан бастау алған тәрбие өз өзектілігін жойған жоқ.
VІІІ-ІХ ғ.ғ. Орта Азия, Қазақстан елдерінде ұлттық мәдениет, тәрбиенің бастаулары Әбу Насыр әл-Фараби "Бақытқа жетудің жолы", "Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы", "Азаматтық саясат" т.б.,Жүсіп Баласағұнидің "Құдатғу білік" ("Құтты білік"), Махмұт Қашқари (ХІ ғ.) "Диуани лұғат ат-түрк" ("Түркі сөздерінің жинағы"), Ахмет Йугінеки (ХІІ ғ.). "Ақиқат сыйы" атты дастаны, Ибн Синаның "Медицина ғылымының заң-дары" ("Каноны"), "Саулық сақтау кітабы", Мұхаммед Хайдар Дулатидің "Тарих-и Рашиди", Қадырғали Жалаиридің "Жари-мат-ат тауарығы" т.б. ғұламалардың еңбектерінде негізгі орын алады.
Ойшыл-философ, социолог, математик, физик, астроном, лингвист, психолог, педагог, музыка зерттеушісі Әбу Насыр әл-Фарабиді (870 - 950) Отырарда туып, білім алып, кейін Бұқара, Мерве, Хоране, Александрия, Бағдат, Каир, Дамаск, Шам, Халеб сияқты мұсылмандық шығыстың көптеген қалаларында өмір сүріп, түркі, араб, парсы, грек, латын, санскрит және т.б. тілдерін жетік меңгереді. әл-Фараби "Бақытқа жетудің жолы", "Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы", "Азаматтық саясат" трактаттарында "Жан қуаты" "бақыт" дегеннің не екендігін, оған жетудің жолдарын, өмірде ізгілік пен зұлымдықты ажырата білу, игілікті орнықтыру, зұлымдықтан арылу қарастырады. Бақыт - қайырымды адамдардың мәртебесі, кемелденушінің жаны мен тән қуатының жетістігі, тұтас дүниемен үйлесімділікте өмір сүру қабілеті,- дегенді айтады.
Түркістан өлкесінде дүниеге келген түрік әлемінің ойшылы Қожа Ахмет Иасауи (1094 - 1167) болды. Оның "Дүнияуи Хикмет" атты дастанында дүниені танып білу - өзіңді-өзіңнің тану, бағалау, жетілдіру дегенді білдіреді.Ақиқатқа жету, шынайы өмір. Адам өзін-өзі тану бұл өзіндік жетілу. Осы тарихат жолында адам өзін ұстамдылыққа, жетілдіруге шақырады. Сол шынайы қасиеттері арқылы сүйіспеншілік пен махаббат идеясын ұсынады. "Өзін білгені - хақты (жаратушыны) білгені, құдайдан қорқып ынсапқа келгені".
Қазақ хандығы жаңа мемлекет болып қалыптасу барысында (1470 - 1731 жж.) тәуелсіз ел болып, дербес өмір сүрді. Бірнеше ауыр қасіреттерді, жойқын соғыстарды бастан кешіріп, тіпті жер бетінен жойылып кете де жаздады. Жәнібек, Керей, Қасым хан мен Есім, Хақназар, Тәуке, Абылай хандардың дипломатиялық ел билеу саясаттары мен жарғылары ерекшеленіп көзге түсті. Хандар халықтың бірлігі үшін ел ішіндегі сөзі куәлі, аузы дуалы билермен ақын-жырауларды хан сарайы маңынан топтастырды. Олар хандардың ел билеу саясатын қара халыққа түсіндіріп бақты.
Ақын-жыраулар мен билер хан қасында отырып, оларға ақылшы бола білді. Өздерінің өлең-жыр, толғауларымен халықты хан айналасына топтастырып, ел мүддесін қорғауға, береке-бірлікке ұйытқы болды. Яғни олар ханға да, қара халыққа да тәлімгер тәрбиеші, ақылгөй ұстаздық рөлді атқарып келді. Солардың ішінде әр ғасырдың көрнекті өкілдері: Майқы, Асан қайғы, Қазтуған, Мұхаммед Хайдар Дулати, Қадырғали Жалаири, Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы, Әнет баба, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Жиембет, Ақтамберді, Доспамбет, Үмбетей, Бұқар т.б. жыраулар мұралары негізгі орын алады. Хандық дәуірдегі мәдени мұраның аса мол және бай түрі билердің шешендік сөздері мен ақын-жыраулардың терме, толғаулары өзі сүрген ғасырда да, қазіргі таңда да тәриелік маңызы өте жоғары.
XVІІ ғасырдағы тәлімдік мәні зор жазба мәдени мұраның бірі - "Жеті жарғы" атты заңдар жинағы. "Жеті жарғы" - Тәуке ханның (1678 - 1718) тұсында қабылданған қазақ халқының дәстүрлі әдет-ғұрып заңдарының жинағы қазақ халқының өмірлік мәселелерін барлық жағынан қамтыды. "Қасым ханның қасқа жолы" мен "Есім ханның ескі жолымен" байланысты туындаған билік заңдарын түздіріп, оларды одан әрі жетілдіруге арналған жаңа заңдар жүйесін болып табылады.
Ал қазақ халқының тарихы, рухани - мәдени құндылықтарының даму тарихы Бартольд В.В., Потанин Г.Н., Радлов В.В., Ә.Диваев, Абай, Ы.Алтынсарин, Ш.Уәлиханов, М.Жұмабаев, А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, Н.Құлжанова, Ш.Алжанов, С.Қожахметов, Х.Досмухамедов, С.Торайғыров, Н.Төреқұлов т.б. еңбектерінде ақиқат тұрғысынан ғылыми негізделеді.
Ы.Алтынсариннің қазақ мектебінің негізін салуда орны ерекше. Мектептерге оқу құралдарын жазумен қатар, тұлғаның рухани құндылықтарын қалыптастыруда "Мұсылмандық тұтқасы" ("Шараит-ул-ислам") кітабын жазды.Бұл кітаптың жазылуының негізгі себебі, ислам дінінің аяттарындағы адамгершілік, иманжүзділік, қайырымдылық қағидаларын өзінің педагогикалық көзқарастарына негіздей отырып түсіндіруді көздеді.
Тұлғаның рухани құндылықтарын қалыптастырудың тарихи алғы шарттары Абай Құнанбаевтың еңбектерінде жатыр. Ұлы ақынның негізгі миссиясы Толық адамды қалыптастыру. Отыз төртінші қара сөзінде "адамның туысы, дене бітімі, шыққан жері, бармақ жері бәрі бірдей... Адам баласы анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Бірі - ішсем, жесем, ұйықтасам деп туады. Бұлар тәннің құмарлығы. Екіншісі - білсем екен деу - жан құмарлығы"... (жетінші, қырық үшінші сөз) деп ой түйіндей келе, "адам бойына жан құмарлығы арқылы жиналатын нәрсенің аты ақыл, ғылым... ол талаптылықпен ерінбей еңбек еткен адамның қолына түседі...", - тәрбиенің негізгі қағидаттарын береді.
"Ақыл - ардың сақтаушысы"- дей отырып, адамгершілік тәрбиенің негізгі бағыттарын көрсету үшін күресуді дәріптеген ұлы ағартушы -
Ыңсап, ұят ар-намыс, сабыр, талап,
Бұларды керек қылмас ешкім қалап...
Терең ой, терең ғылым іздемейді
Өтірік пен өсекті жүндей сабап, - деп кейбір жастардың іс-әрекетіне кейістік білдіреді, ар тазалығын дәріптейді.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым ойлап қой.
Бес асыл іс көнсеңіз, - деп, ел қамын ойлаған жастардың бойында қандай қасиеттердің болуы керектігін тізбектейді.
ХХ ғасырдың басында ұлт зиялылары А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, М.Шоқай, т.б. ұлттық білім мен тәрбие жүйесінің, зиялы қауымның негізін қалады. Зиялы қауым өкілдірінің негізгі миссиясы - бақытты зиялы ұлтты қалыптастыру еді.
М.Жұмабаев ұлттың бақытты болу үшін неге көңіл аудару керек екенін нақты көрсете білген ғалым. Ғалымның айтуынша Ұлт бақыты - тәрбиеден мақсұт адамды һәм сол адамның, ұлтын асса, барлық адамзат дүниесін бақытты қылу. Ұлт мүшесі - әрбір адам бақытты болса, ұлт-бақытты, адамзат дүниесінің мүшесі-әрбір ұлт бақытты болса, адамзат дүниесі бақытты",-қоғам мүшелерінің бақытты болуы ұлт бақытының негізі екеніне тоқталады.
М.Шоқай өзінің Ұлттық зиялы аталатын мақаласында зиялы деген ұғымға Ұлттық зиялы деп кімдерді атаймыз, - деп сұрақ қоя отырып, ұлттық зиялылыр қатарына тек өз халқының саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуына қалтықсыз қызмет ете алатын адамдар ғана кіре алады,-деп ұлт зиялысының өмірі ел мүддесімен өзара үйлесімді болғанын көрсетеді.
Ахмет Байтұрсынов жалпы ұлттық негіздегі оқыту жүйесінің негізін салумен қатар, ұлттық тәрбие мәселесіне аса мән берді. Оның қаламынан туындаған "Әліпби", "Тіл құралы", "Әдебиет танытқыш" т.б. ғылыми жұмыстары қазақ тілі мен әдебиетін оқытудың теориялық және әдістемелік жүйесін негіздеп берді.
А.Байтұрсынов әлемдік классикалық еңбектерді қазақ тіліне тәржімелеу арқылы олардық біздің қоғамды дамытуға мысал ретінде ұсынды. Орыс әдебиетінің классигі И.А.Крыловтың туындыларын аударып, "Қырық мысал" атпен баспадан шығарды. Қазақ халқының бойында бар сыңаржақты жалқаулық, алауыздық т.б. нашар қасиеттерден құтылу жолдарын тәрбиелік қағида ретінде ұсына білді.
"Қазақтың өкпесі" атты мақаласында "Өзге жұрттар өнер-білім қуғанда, қазақтың хандары да, халқы да ғылым, өнерді керек қылмаған. "Шаруаңды түзет. Жалқаулықтан арыл, адал еңбек ет, кәсіп үйрен, тер төк... Дүниеде елге теңдік, кемге кеңдік беретін, азды көпке теңгеретін ғылым мен өнерді үйренейік ағайын!" - деген ұлы сөзі бүгінгі таңда қазақ елінің тарихында өз деңгейіне жеткен табысты іс - әрекеттерден көрініс беріп жатқаны байқаймыз.
1913 жылы "Қазақ" газетінде басылған "Оқу жайы" атты мақаласында "Оқусыз халық қанша бай болса да, біраз жылдардан кейін оның бар байлығы өнерлі халықтардың қолына көшпекші. Мұның себебі бұл заманда не нәрсе болмасын машинаға айналды. Адам баласын көкке құстай ұшырған, суда балықтай жүздірген-ғылым. Дүниенің бір шетінен бір шетіне шапшаң хабар алғызып тұрған да ғылым. Отарба, откемелерді жүргізген-ғылым" деп әлемдік білім кеңістігін кіріктіру үшін мәдениет, білім, ғылым керек екенін айтқан ұсыныстар ХХІ ғасырдың басында өз мәресіне жетті деп айта аламыз. "Қазақша оқу жайынан" атты мақаласында да "Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек. Неге десек, болыстық та, билік те, халықтық та оқумен түзеледі... қазақ ішіндегі неше түрлі кемшіліктердің көбі түзелгенде оқу-біліммен түзеледі" - деген қағидаты да сол кезде өте көкейкесті мәселе бүгінгі жаһандану ғасырында өз мәресеніе жетіп, шешімін тапты.
Ғұламаның "Қазақтың өмірі орыс халқымен тығыз байланысты",-деген ұсынысы Елбасының бүгінгі таңда әлемдік тіл ағылшын тілін менгеруге деген ұсынысымен сабақтасып жатыр.
А.Байтұрсынов оқыту үрдісінің тәрбиелік мәніне аса мән берген оның еңбектерінен, әсіресе "Әдебиет танытқыш" атты оқулығында"Өнер дүниесі ғылым арқылы да жасалады. Ол адам еңбегін жетілдіруге, жаңалық табуға, табиғатты меңгеруге, адамдардың әлеуметтік-өмірлік қажетін өтеуге қызмет етеді... Мұнан басқа адамның рухани қажетін өтеу үшін қызмет ететін түрлері бар. Ол көрнек өнері (искусство), ол беске бөлінеді: біріншісі - сәулет өнері, екіншісі - сымбат өнері, үшіншісі - кескін өнері, төртіншісі - әуез (музыка) өнері, бесінші және ең бастысы сөз өнері ("өнер алды қызыл тіл")" - деп педагогикалық шеберліктің маңызы, қоршаған орта, табиғат тұлғаның қалыпта-суына ықпал ететін негізгі күш, әсемдік пен сұлулық өнері, сөз мәдениеті,- деп атап көрсетуі де жан - жақты тұлғаның дамуының негізгі критериийлері екенін көреміз.
Ж.Аймауытов жазушылығымен қоса қазақ топырағында тұңғыш педагогика, психология, көркемөнер ғылымдары саласында қалам тартып, құнды-құнды ғылыми-зерттеу еңбектерін жазуымен, бірнеше оқулықтар мен оқу құралдарының авторы болуымен дараланған ірі тұлға.
Ж.Аймауытов өзінің тәлім-тәрбие саласындағы бағыт-бағдарын 1918 жылы ақпан айында Семей қаласында шыққан әдеби және ғылыми-қоғамдық "Абай" атты журналдың бас мақаласынан аңғартады. Онда Аймауытов: "...қазақ сахарасында мыңмен жалғыз алысып, жапа шеккен ұлы ағартушы Абайдың көздеген мақсаты халқын өнер-білімге, оқуға, отырықшылыққа, мәдениетті ел дәрежесіне жеткізу еді", - деп жазады. Ол Абай ұстанған ағартушылық жолды тыныс-тіршілігінің негізгі арқауы етіп алды.
Абай журналының 1918 жылғы 1-2 сандарындаАймауытовтың "Тәрбие" атты көлемді мақаласында тәлім-тәрбиелік ой-пікірлер ғылыми тұрғыдан терең баяндалған.
Ж.Аймауытов "адам мінезінің, ақыл-қайратының әртүрлі болуы тәрбиенің түрлі-түрлі болуынан... Адам баласының ұрлық істеуі, өтірік айтуы, кісі тонауы, өлтіруі сықылды бұзақылықтарды жасауы, тәрбиенің жетіспегендігінен" ,- дейді. Ол тәр-биенің екі түрлі болатынын: дене тәрбиесі және жан (рух) тәрбиесі болып бөлінетіндігін атап көрсетеді.
Аймауытов балаға әсер ететін нәрсе медресе (мектеп) және тәрбиеші (мұғалім) деп санайды.
Автор ең алдымен бала тәрбиесіндегі отбасының рөліне ерекше тоқталады. "Баланы бұзуға, яки түзеуге себеп болатын бір шарт жас күнде көрген өнеге. Ол өнеге әке-шешенің тәрбиесі арқылы қалыптасады. Ата-ананың берген тәрбиесі баланың мі-незіне салған ізге байланысты. "Ұяда нені көрсе, ұшқанда соны іледі" деп атамыз қазақ тауып айтқан. Балаға қайырымдылықты, қаталдықты, кішіпейілділікті, күйгелектікті, шыншылдықты, өтірікшілікті беретін кім? Ол, әрине, ата-ананың тәрбиесі. Баланың бойына басынан сіңірген мінезді қайта түзету қиындық келтіреді. "Сүтпен сіңген мінез сүйекпен кетеді" деген сөз ата-ана тәрбиесінің күштілігін көрсетеді..." - деп автор бала мінезін қалыптастырудағы жанұя мүшелерінің, әсіресе әке-шешенің ықпалын айқын ашып берді. Ол отбасында теріс тәрбиеленген баланы қайта тәрбиелеудің үлкен қиындық келтіретінін айтады.
Ж.Аймауытов өнегелі үйелменнен бұзық мінезді баланың шығуы немесе тәрбиесі нашар отбасынан да тәрбиелі, өнегелі баланың өсуі мүмкін дей келеді де, бұл айтылғандар өскен ортаның, замандас, жолдас-жора, құрбы-құрдастың ықпалынан, соларға еліктеуден болатынын дәлелдейді.
Тәлімгер-ғалым бала тәрбиесіне туған елдің әдет-ғұрпы мен салт-санасының да белгілі мөлшерде әсер ететінін ғылыми тұрғыдан дәлелдей түскен. Ойын-сауық, өлең-жырды естіп өскен елдің баласы өнерге бейім болады, діндар елдің баласы діншіл келеді. Жастайынан кемдік, жоқшылық, қағажу көріп өскен ауылдың баласы жасқаншақ, бұйығы болады деп қоғамдық салт-сана, әдет-ғұрыптың тәрбиеге тигізетін ықпалына тоқталады.
Ж.Аймауытов "Тәрбиенің негізгі мақсаты - мінезді түзеу, адамшылыққа қызмет ету, адал еңбек ете білуге тәрбиелеу" деген қағиданы қуаттай келіп, "Баланы тәрбиелеу үшін әрбір тәрбиешінің өзі тәрбиелі болуы керек. Себебі, айтып ұқтырғаннан гөрі, бала көргеніне көп еліктегіш болып келеді. Солай болған соң балаға не жақсы мінез болсын, іспен көрсету керек" - дейді.
Ж.Аймауытовтың педагогика ғылымы саласындағы жүйелі ой-пікірлері оның 1924 жылы Орынборда басылған "Тәрбиеші жетекші" атты еңбегінен жақсы байқалады. Бұл еңбекте Аймауытов "Баланы оқытудың белгілі ереже заңдарын баяндайтын, оқытудың дұрыс жүйесін тауып, білімге тез жету шарттарын көрсететін педагогиканың негізгі бөлімі - дидактикаға ғылыми анықтама берген. Оның пікірінше, мұғалімнің айналысатыны - үнемі қозғалып, өзгеріп, өсетін, өркендейтін тірі адам болғандықтан, біркелкі әдістен табан аумай шектеліп қалуға болмайды... Сабақ беру үйреншікті жай шеберлік емес, ол үнемі жаңадан жаңаны табатын өнер... Дидактика мұғалімге жалпы жол-жоба көрсетіп, жетекшілік етеді... сыннан өткен тиімді деген жолдарды ғана нұсқайды" - деп оқыту, білім беру әдісінің қатып-семіп қалған догма емес, үнемі ізденуден туатын іс-әрекет екенін дұрыс атап өтеді.
Автор білім алуды күнделікті өмір тәжірибесімен ұштастыра білудің қажеттігін, мектепте алған білімнің келешек өмірдегі мамандыққа қазық болатынын жақсы айтқан.
Ж.Аймауытов білім негіздерінің ана тілі арқылы меңгерілетінін айта келе: "Ана тілін жақсы меңгеріп алмай тұрып өзге пәндерге түсіну мүмкін емес. Ана тілі халық болып жасағаннан бергі жан дүниесінің айнасы болып, өсіп-өніп, түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерек. Жүректің терең сырларын, басынан кешкен дәуірлерін, қысқасы, жанның барлық толқындарын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, сақтап отыратын қазынасы мол халықтың тілі" - деп оның қоғамдық рөлін, адамзат баласы жасаған бар рухани-мәдени байлықты меңгерудің басты құралы екендігін, оны жан-жақты және терең меңгерудің қажеттігін баса көрсетеді.
Автор адамның жан қуаттарының өсіп-жетілуінде тарих пәнінің алатын орнын былайша сипаттайды: "Осы заманғы ғылымның көбі тарихпен тікелей байланыста жатыр. Тұрмыс жүйесі, әлеумет заңы, заң, пәлсапа, әдебиет, мәдениет, өнер - бәрі тарихтан қозғайды. Әр ғылымның тарихы бар. Осы тарихтың бәрі - жалпы азамат тарихымен байланысты". "Тарихты оқып білу арқылы шәкірттерге қазіргі өмір мен өткен заманның байланыс заңдылықтарын ажырата білерлік сана туғызамыз", - дейді.
Ж.Аймауытов адам баласының мәдениет тарихынан өнердің көрнекті орын алып келгенін, өрнексіз қоғамның дамуы, рухани байлықтың молаюы мүмкін емес екендігіне тоқталып, ұлт мектептерінде әуелі кескін өнері мен әуез өнерін, яғни сурет салу, ән-күй өнерін үйретуге негіз салу керектігін, әрбір баланың өнерге деген ынтасын қозғап, өнерпаздық қабілетін тәрбиелеудің қажеттігін баса айтады.
Психология саласында да өндіре еңбек етіп, артына көп мұра қалдырып кетті. Оның екі кітабы: "Психология" (376-бет, 1926 ж.), "Жан жүйесі және өнер таңдау" (80-бет, 1926 ж.) осы ғылым саласынан жазылған тұңғыш төл туындылар.Ж.Аймауытов "Тәрбиеге жетекші" (1924), "Комплексті оқыту жолдары" (1929), "Жаңа ауыл" (1930) дейтін еңбектерінде де психологиялық мәселелерге ерекше мән берген.
Ж.Аймауытовтың психологиялық мұрасы туралы айтқанда, оның "Психология" атты төл оқу құралы толығырақ сөз етуді қажет етеді.
"Психология нені сөйлейді?" дейтін бірінші тарауда осы ғылымның екі жарым мың жылдық тарихынан біраз мағлұмат береді. Бұл жерде рационалистік (ақыл-ой), эксперименттік (тәжірибе) психологияның жай-жапсарын баяндайтын беттері өте тартымды. Кітаптың екінші тарауында адамның жан-дүниесін, мінез-құлқын зерттеуді қайтып ұйымдастыруға болатындығын айта келіп, (бақылау, анкета, әңгімелесу, тәжірибе әдістерінің мән-жайын) тәптіштеп түсіндіреді. Ол - жан дүниесінің заңдылықтарын зерттеуде математиканы, оның вариациялық статистика дейтін саласын қалайша пайдалануға болатындығын қазақ топырағында алғаш рет сөз етеді. Кітаптың үшінші тарауы "Тірі заттардың қылығын жалпы мінездеу" (қазіргі терминде "Психика және сана") деп аталады. Мұнда психофизикалық және психофизиологиялық құбылыстар, атап айтқанда, организмнің, тітіркенушілік пен сезгіштік қасиеттерінің ерекшеліктері, жануар мен адамның дағды, инстинктері (соқыр сезімдері), бұлардың бір-бірінен айырмашылықтары, өсімдіктер дүниесіндегі тіршілік белгісі (тропизмдер) ғылыми талдауға алынады.
Ал Ж.Аймауытов "Жан жүйесі мен өнер таңдау" (Мәскеу, 1926) атты еңбегінде ғылыми психологияда кең тараған анкета, байқау әдістері арқылы мамандық таңдау жолындағы талпыныстарын тәжірибе арқылы анықтағысы келген. Зерттеудің басты мақсаты: Қазан төңкерісінен кейінгі жаңа заманның кезінде жастарға мамандықты дұрыс таңдай білуге жәрдемдесу...
Аймауытов еңбектерінің ерекше назар аударатын басты ерекшелігі - бұлар төл тілімізде туындаған тұңғыш психологиялық дүние болуымен қатар еліміздегі отызға жуық түркі тектес халықтар тілдерінде алғаш жарық көрген, ғылыми туындылар екендігінде.
Тұлғаның рухани құндылықтарын қалыптастырудың тарихи алғы шарттарын айқындауда ғұлама ғалымдардың артына қалдырған тәлімдік мұралары бүгінгі жастардың бойындағы рухани-адамгершілік құндылықтарды, білімді, білікті, тұлғаның бойындағы құнды қасиеттерді қалыптастыруға мүмкіндігі мол.
Қазақстанда педагогика ғылымының дамуына Ә.Сыдықов, Т.Тәжібаев, И.Сембаев, Қ.Бержанов, С.Мусин, И.Б., Мадин, Қ.Б.Сейталиев т.б. еңбектерін ерекше атауымыз керек.
Еліміз егемендік алғаннан кейін Қазақстанда білім берудің ұлттық моделі қалыптасуда. Онда білім мен тәрбие берудің ұлттық дәстүрін әлемдік білім кеңістігінде орын алып отырған өзгерістермен өзара байланыстыруға айрықша көңіл бөлінуде.
ХХІ ғасыр ғасырлар тоғысында тұлғаның рухани құндылықтарын қалыптастырудың тарихи алғы шарттарын дамытуда қазақ ғалымдары игілікті шаралар атқарды. Белгілі ғалымдар С.Қалиев пен Қ.Жарықбаев түркі әлемінің ХІҮ ғасырлық тәлім-тәрбие мұрасын жинақтаған Қазақ тәлім-тәрбие антологиясы" жарыққа шығуы ұлттық мұрамызды жинақтап, бүгінгі ұрпақ тәрбиесіне құнды мұра етіп қалдырып отырғаны белгілі.
С.ҚалиевтіңХV - ХІХ ғ.ғ. ақын-жыраулар поэзиясындағы педагогикалық ойлар, Қазақтың салт-дәстүрлері және демократ ағартушылар, Қазақ этнопедагогикасының теориялық негіздері мен тарихы, Қазақ тәлім-тәрбиесі", Этнопедагогика т.б. еңбектері бүгінгі егемен еліміздің өркендеуіне қосқан іргелі үлес. Өзіне дейінгі тарихи мұраларды қайта жаңғырта отырып, ұлттық, әлемдік білім мен тәрбие үдерісіне қосқан педагогикалық тарихи, ғылыми еңбек деп бағалауға болады.
Халықтық педагогиканың ғылыми-теориялық негізін салушы ТМД кеңістігінің ғалымдары Т.С.Виноградов, А.Ш.Гашимов, А.Э.Измаилов, Г.Н.Волков, К.Пірлиев, И.С.Кон т.б. халық педагогикасы - халықтың бала тәрбиелеу тәжірибесіне байланысты жинақтаған әдіс-тәсілдері, білім мен дағдылардың салт-дәстүрлердің жиынтығы деп қарастырады.
Халықтық педагогикасы бойынша зерттеу жұмысын жүргізген Қазақстандық ғалымдар Қ.Б.Жарықбаев, С.Қ.Қалиев, Ж.Наурызбай, С.А.Ұзақбаева, Қ.Бөлеев, К.Қожахметова, Ш.Майғаранова, Р.Қ.Дүйсенбінова, Ш.Джанзақова т.б. қазақ халқының тәлім-тәрбиелік мұрасына ғылыми талдау жасап және оларды тарих, этнография, фольклористика зерттеулерімен салыстыра келе ұлттық мұра, халықтық педагогика мен этнопедагогика ұғымдарына түсінік береді.
Халықтық педагогика негізінде білім мен тәрбие беруді академик А.Э.Измаилов былай дейді: ... барлық анықтамаларда авторлар, халықтық педагогиканың обьектісі мен нысанасы тәрбие процесі деп есептейді. Дегенмен, халықтық педагогикада оқыту процесінің де алатын орнының маңызы кем емес. ...Демек, халықтық педагогиканың анықтамасын екі жақты бір тұтас процесс ретінде бір мезгілде тәрбиелейді және оқытуда өз көрінісін табуға тиіс.
Этнопедагогиканы ғылым ретінде зерттеген алғашқылардың бірі - Г.Волков. Өзінің Этнопедагогика атты еңбегінде халықтық педагогикаға ғылыми талдаулар жасай келе, чуваш халықтарының этномәдени мұраларына жан-жақты сипаттама береді.
Кеңестік дәуірде, ұлттық дәстүрлерді зерттеуге жол бермеген кездерде, қазақ халқының ұлттық дәстүрлерін ғылыми негіздеген А.Мұхамбаева болып табылады.
Жоғарыдағы ғалымдардың зерттеулерін зерделей келе, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан айтыс өнері, суырып салмалық шешендік өнер, мақалдар мен мәтелдерде халықтық тәрбиенің қайнар көздері, рухани мұрасы болып табылады.
Жеткіншек ұрпақты халықтық педагогика негізінде тәрбиелеу мәселері С.Ұзақбаеваның еңбегінде де көрсетілген. Ғалым халықтық педагогика идеяларын, ұғымдарын, әдіс-тәсілдерін, тәрбие құралдарын жан-жақты зерттеп, он эстетикалық тәрбие беру бағытында пайдалану жолдарын ашып ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
ТӘРБИЕ ҮДЕРІСІН ҰЙЫМДАСТЫРУДЫҢ ҚАҒИДАЛАРЫ
Қазақстан Республикасы үздіксіз білім беру жүйесіндегі тәрбие тұжырымдамасы
Көпэтносты Қазақстан жағдайындағы полимәдени тәрбие
Қоғамның әлеуметтiк даму жағдайында мектеп оқушыларына патриоттық тәрбие берудi теориялық-әдiснамалық тұрғыда негiздеп, ғылыми-әдiстемемен қамтамасыз ету
Тәрбие құралдарына түсінік беру
Патриоттық тәрбиенің маңызы
Бастауыш мектеп оқушыларының экономикалық тәрбиесі
Тәрбиенің қазіргі жағдайы
Тәрбиенің қазіргі жағдайы, аналитикалық тәрбие.
Оқушыларға ұлттық тәрбие берудегі халықтық педагогиканың рөлі
Пәндер