Қоғам дамуындағы экономикалық теорияның орны мен рөлі. Нарық. Нарықтың құрылымы мен инфрақұрылымы



1 . тақырып. Қоғам дамуындағы экономикалық теорияның орны мен рөлі
2.Тақырып. Қоғамдық өндіріс. Меншік экономикалық категория.
3.Тақырып. Қоғамдық шаруашылықтың формалары. Тауар және ақша.
Шаруашылықтың натуралды және тауарлы нысандары
4.Тақырып. Нарық. Нарықтың құрылымы мен инфрақұрылымы.
Нарықтың мәні және қызметтері.
5.Тақырып. Нарықтық механизм және оның элементтері
6.Тақырып. Нарық экономикасындағы фирма . ұйымдастырудың негізі ретінде.
7.Тақырып. Фирманың шығындары мен табыстары.

Пән: Экономика
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 98 бет
Таңдаулыға:   
1 – тақырып. Қоғам дамуындағы экономикалық теорияның орны мен рөлі

Экономикалық теорияның қалыптасу мен даму кезеңдері

Экономикалық теорияның мәселелері сонау көне замандағы ойшылдардың
назарларында да болған. Мәселен, ертедегі грек философы Аристотель өз
заманының экономикалық мәселелерімен айналысып, бірсыпыра елеулі пікірлер
қалдырған. Мысалы, құл иеленуші қоғамдағы шаруашылықты ұйымдастыру
мәселелерін зерттей келіп осы ғылымның атын экономия деп атаған. Экономия
грек тілінде ойкос - үй, шаруашылық, номос - ілім, заң деген мағынада
қолданған. Басқа сөзбен айтқанда экономика бұл үй шаруашылығын басқару
өнері дегенді білдіретін көне грек сөзі. Осыдан келіп экономика жөнінде сөз
болғанда, алдымен шаруашылықты - үй шаруашылығын, кәсіпорын, сала, аймақ,
ел және дүние жүзі шаруашылықтарын көзге елестетеміз. Осы шаруашылықты
зерттейтін ғылымдар жүйесі экономика деп аталады. Сондай-ақ, Аристотель өз
заманындағы орын алған тауар-ақша қатынастарын зерттеп, шаруашылықпен тауар
өндірісі арасындағы айырмашылықты байқай білген, қоғам байлығын: тұтыну
құндарының жиынтығы деп түсінген. Байлықтың бірінші түрінің негізі, көзі -
өндіріс – егіншілік пен кәсіпшілік, ал байлықтың екінші түрі – ақша қоры –
табиғаттан тыс құбылыс деп есептеген. Өйткені, бұл айналыс процесінен туып
отырады, онда тікелей тұтынатын еш нәрсе жоқ, оның мөлшерін ештеңемен өлшеп
отыруға болмайды дейді. Мұның өзі ол заман үшін озық пікір еді. Сондықтан
да ол өз заманында бірінші болып тауардың тұтыну құны мен құны арасындағы
айырмашылықты айыра білген. Әрине, Аристотель заманындағы өндіргіш күштер
дәрежесінің төмендігі, ғылым дамуының тапшылығы, жалпы алғанда қоғам
дамуының төменгі сатыда болуы экономикалық құбылыстар мен заңдарды жете
түсінуге ғылыми тұрғыдан шешуге мүкіндік бермеді.

Экономикалық ой пікірлердің ғылыми тұжырымдалып қалыптасуы сауда,
өнеркәсіп капиталының дами бастауына байланысты болды. Бұл кезең негізінен
Еуропада ХУІ-ХУІІ ғасырларды қамтыды. Ал Ресейде тауар-ақша қатынастары
1861 жылғы реформадан соң дамыды. Қазақ елінде ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ
ғасырдың басындағы сауда капиталы, тауар-ақша айналымы, халықаралық нарық
бірте-бірте жанданған кезеңді қамтыды.

Экономиканың теориялық мәселелерін ең бірінші болып меркантилистер
(итальян тілінде – мерканте-саудагер) зерттеп бастаған. Меркантилистер
қоғамдық байлықтың негізі ақша- алтын деп білді. Яғни, пайда атауының бәрі
айналыстан, сату-сатып алудан өнеді деп есептеген, сондай-ақ, олар заң
арқылы ел ішінде ақша байлығын молайту, ақшаны шетелге шығаруға тыйым салу,
шетелдерден келген саудагерлерді сатудан өндірген ақшаны ел ішіндегі
жергілікті бұйымдарды сатып алуға міндеттеу керектігін айтқан. Бұлармен
қатар меркантилистер бір елден тауарды арзан сатып алып, екінші елге барып
қымбатқа сату принципін қолданған, сауда капиталын шетелдерге шығарып
отыруды, сауда-теңіз флотын дамытуды, отар елдермен жаңа жерлерді басып
алуын жақтаған.

Қорыта айтқанда, сауда капиталы тұрғысынан меркантилистердің көзқарасы
дұрыс деп айтуға болады. Себебі, сауда капиталы айырбас, айналыс процесін
үздіксіз жүргізу арқылы экономиканы жандандыруға көмектеседі. Бірақта сауда
капиталы өз алдына қоғам дамуын, адамдардың әл-ауқатын көтеретін күш емес.
Оның себебі айналыс, айырбас саласында тек қана құн формасы ауысып тұрады,
екінші сөзбен айтқанда тауар, оның құны бір қолдан екінші қолға өткенде
ешбір жаңа тауар, жаңа құн жасалмайды. Демек, меркантилистер теориясы
ғылыми дәлелденбеген, ол халық шаруашылығын толық қамтитын ілім болған жоқ.

Меркантилистердің осы осалдығын физиократтар байқаған. Олардың (Тюрго,
Кенэ ) пікірінше, қоғам байлығының бірден бір көзі сауда емес өндіріс
екенін дәлелдеді. Бірақ олар өндірісті тек ауыл шаруашылығымен шектеді.
Олардың пікірінше, қоғам байлығының бірден бір көзі ауыл шаруашылығы
өнімдері деп есептеді. Бірақ та олардың өндірісті тек қана ауыл
шаруашылығымен шектеуі халық шаруашылығының басқа салаларын өнімсіз деп
есептеуі дұрыс болмады.

Осы олқылықты тарихта классикалық буржуазиялық саяси экономияның
көрнекті өкілдері У.Петти, А.Смит, Д.Рикардо өз еңбектерінде айқын
көрсетті. Қоғам байлығы жалпы өндіріс салаларында қалыптасатындығын
дәлелдеді. Ауыл шаруашылығымен қатар өнеркәсіптің түрлі салаларында
материалдық игіліктерді өндіру, өңдеу процестерін жалғастыратын көлік,
байланыс, халыққа қызмет көрсету салаларында да жаңа құн өндіріліп,
қоғамдық байлық молаяды деген қағида берік қалыптасты.

Классикалық саяси экономия жаңа дамып келе жатқан капиталистік
өндірістік қатынастарды дәріптеуші, өндіріс капиталының мүддесін қорғайтын
экономикалық ой-пікірдің жаңа прогрессивті сатысы болды.

Классикалық саяси экономияның басты табысы еңбек құн теориясының
негізін қалады. Сол кезеңдегі экономикалық теорияны дамытуға елеулі үлес
қосқан А.Смит болды. Еңбек құн теориясына негізделе отырып, А.Смит тауардың
екі жақты сипатын (құнын және тұтыну құнын) ашты, жұмыс күші құнының құрылу
механизмін анықтай отырып, жұмысшы өзінің құнынан артық құн өндіретіндігін,
күрделі және жәй еңбектің арасындағы айырмашылықтарды көрсетті. Бірақ та
А.Смиттің экономикалық теорияны дамытудағы елеулі қосқан үлесі нарықтың
әрекет ету механизмін, мемлекеттің экономикадағы рөлін, бәсекенің әсерімен
сұраныс пен ұсынысқа байланысты қалыптасқан еркін бағалар негізіндегі
нарықтың өздігінен реттелу механизмін жете зерттеуі болды. Бұл экономикалық
реттігіштерді (бағалар, сұраныс, ұсыныс, бастысы- бәсеке) ол көрінбейтін
қол деп атады.

Экономикалық ғылымның әрі қарай дамуы күрделі жолдардан өтті. ХІХ
ғасырдың екінші жартысының басында саяси экономия терең дағдарысты басынан
өткерді. Ол екі тармаққа марксизм және маржинализмге бөлініп кетті.

Марксизмнің негізін қалаушы К.Маркс (1818-1883) болды. К.Маркстің басты
еңбегі Капитал. Марксистер Рикардо және Петтидің еңбек құн теориясына
негізделе отырып, құн теориясын, еңбектің екі жақтылығын, тауардың
қайшылықтары туралы концепция жасады. Сондай-ақ, еңбек құн теориясын
маркстік саяси экономия ілгері дамытып қосымша құн туралы ілімді жан-жақтаы
талдады. К.Маркс еңбек құн теориясына сәйкес қосымша құн өндіру –
капиталистердің пролетариатты қанауы арқылы өз байлығын арттырудың тұрақты
көзі екендігін көрсетті. Әйтсе де марксизм ілімнің кейбір теориялық
қорытындылары практика жүзінде, өмірде дәлелін таппады.

Маржинализм (француз тілі – шекті) марксизмнен айырмашылығы қанауға
негізделген өндіріс әдісі ретінде капитализмнің мәнін зерттеуден бас
тартып, шаруашылық қатынастарын зерттеуге бет бұрды.

Бұл бағыт ХІХ ғасырдың 70-жылдарында дүниеге келді. Оның өкілдері:
Австрияда К.Менгер, Англияда У.Джевонс, Швейцарияда Л.Вальрас.
Маржиналистер экономика ғылымының мақсаты шектеулі ресурстарды бөлудің
тиімді әдістері мен шаруашылықты ұтымды жүргізудің жолдарын іздестіруде деп
таныды.

Экономикалық теорияда неоклассикалық бағыттың пайда болуын Альфред
Маршаллдың атымен байланыстыруға болады. Оның Саяси экономиканың
принциптері деген еңбегінде құн теориясы емес, баға теориясы қарастырылды.
Бағаның құрылу механизмін Маршалл сұраныс және ұсыныс ара қатынасы нәтижесі
ретінде қарастырды. Оның сұраныс теориясының негізін Австрия мектебінің
өкілдері жасаған шекті пайдалылық теориясы болса, ал ұсыныс теориясының
негізін өндіріс факторлары туралы ілім және американ экономисі Кларктың
шекті еңбек өнімділігі туралы теориясы құрды. Экономикалық теорияда ХХ
ғасырдың бірінші жартысындағы пайда болған Кейнсиан теориясын атауға
болады. Бұл теорияның пайда болуына негізгі себеп болған ұлы дағдарысты
(1929-1933 ж.ж.) еске түсіруге болады. Кейнс макроэкономиканы талдаумен
экономикалық теорияның пәнін толықтырды. Кейнстің негізгі идеясы бойынша
еркін бәсекеге негізделген нарық экономикасының барлық мүмкіндіктері
сарқылды, ол енді өзін-өзі реттей алмайды, сол себептен экономика мемлекет
тарапынан реттелуі тиіс. Сондай-ақ, ол экономиканы мемлекеттік реттеудің
нақты механизмін жетілдіру жолдарын ұсынды. Кейнстің ойынша, мемлекет
жұмысбастылықты реттеу арқылы капиталистік экономикада әлеуметтік
тұрақтылықты қамтамасыз етеді, несиеге көпшіліктің қолы жеткізілген болса,
онда іскер адамдар нарықтың кейбір қиын жағдайларынан шығуларына
көмектеседі, ақшаның тұрақтылығын қамтамасыз ету негізінде инфляцияның
барлық қиыншылықтарын жеңуге жағдай жасайды, жалпы мемлекет экономиканы
реттеп отырады.

Экономикалық теория пәні мен қызметтері.

Экономикалық заңдар мен категориялар.

Экономистердің барлығынан ерте заманғы ойшылдардан қазіргі заманғы
ғалымдарға дейін бір жалпы сипат байқалады. Олардың көздеген мақсаттары-
қоғам байлығын өсу жолдарын зерттеу. Мәселен меркантилистер экономика
ғылымының зерттеу объектісі ретінде елдегі ақша капиталының (алтын, күміс)
қорлануы және сыртқы саудамен байланысты тауар мен ақша айналыс процестерін
қарастыру. Классикалық мектептің өкілдері экономикалық теорияны байлық
туралы ғылым ретінде және сол байлықты көбейту жолдарын қарастырды, ал
марксизмнің классиктері әр түрлі әлеуметтік топтардың арасындағы
материалдық игіліктерді иемдену, айырбастау және бөлу туралы экономикалық
қатынастарды зерттеу объектісі ретінде қарастырған. Қазіргі кейбір
теориялар нарықтық экономика жағдайында шектеулі ресурстарды тиімді
пайдалану әдістерін (жолдарын) зерттеуді басшылыққа алған. Мысалы,
экономикалық теорияның пәні ретінде адамдардың шексіз қажеттіліктерін
барынша қанағаттандыру мақсатындағы игіліктерді өндіру процесіндегі
адамдардың іс-әрекеттерін қарастырады. Көріп отырғанымыздай қазіргі
кезеңде экономикалық теорияның пәні бойынша әр түрлі пікірлер қалыптасқан.
Сонымен, жоғарыда аталған көзқарастарды ескере отырып, экономикалық
теорияның пәніне мынадай анықтама беруге болады. Экономикалық теория
ресурстардың шектеулі жағдайында адамдардың қажеттіліктерін толық
қамтамасыз ету үшін, олардың арасындағы өндіріс, бөлу, айырбас және тұтыну
процестерінде пайда болатын экономикалық қатынастарды зерттейді.

Экономикалық теория бірқатар ғылымдардың салалық (сауда, өнеркәсіп, ауыл
шаруашылық) экономикасы, салааралық (экономикалық география, статистика),
функционалды (қаржы, несие, маркетинг) ғылымдардың методологиялық негізі
болып табылады. Экономикалық теорияның зерттеу объектісі жағынан микро-,
макроэкономика болып бөлінеді.

Экономикалық теория үш негізгі қызмет: танымдық, методологиялық және
практикалық қызметтерді атқарады.

Экономикалық теорияның танымдық қызметі экономикалық процестер мен
құбылыстарды түсіндіру және зерттеу негізінде көрінеді. Экономикалық
теорияның методологиялық қызметі оның басқа экономикалық ғылымдар
жүйесіндегі орнымен анықталады, яғни барлық экономикалық ғылымдардың
зерттеу әдістерінің негіздерін құрайды. Экономикалық теорияның практикалық
қызметі шаруашылықты тиімді жүргізу әдістері мен принциптерін дайындаумен
байланысты.

Қоғам да табиғат сияқты белгілі заңдар негізінде дамиды. Бұл заңдар
объективтік сипатта болады. Мұның мәнісі – олар адамның еркі мен санасына
байланысты емес деген сөз. Қоғам дамуының заңдарын әрбір елде мемлекеттің
шығаратын заңдармен шатастырмау керек, мемлекеттің заңдары - бұл өкімет
ұйымдары белгілейтін заңдар. Қоғам дамуының заңдарын алатын болсақ, ондағы
ұғым басқа. Бұл заңдар қоғамдық қатынастардың бүкіл құрлысымен, ең алдымен,
қоғамның экономикалық құрылысымен байланысты.

Экономикалық теорияның алдына қоятын мақсаты – экономикалық заңдарды ашу,
олардың әрекет ету механизмін зерттеу және практикалық қызметте пайдалану
жолдарын анықтау. Сонымен, экономикалық заңдар дегеніміз не?

Экономикалық құбылыстардың арасындағы тұрақты және үнемі қайталанып
отырылатын сөйтіп, сол құбылыстардың ішкі мәнін сипаттайтын қатынас
экономикалық заңдар деп аталады.

Экономикалық теория абстрактылы ойлаудың көмегімен экономикалық
құбылыстардың мәнін біртіндеп ашады. Осы құбылыстарға талдау және синтез
жасау процесінде логикалық ұғымдар қалыптасады. Қоғамның экономикалық
өмірін тошыланған түрде көрсетілген логикалық ұғымдар экономикалық
категориялар деп аталады.

Экономикалық теорияның зерттеу әдістері.

Экономикалық теория басқа кез келген ғылым сияқты танымның әр түрлі
формалары мен әдістерін қолданады, олардың барлығы шаруашылық өмірді
зерттеу әдістерінен тұратын ғылыми методологияны құрайды.

Методология дегеніміз – ғылыми танудың нысаны, әдісі, ұйымдастыру
принциптері туралы ілім.

Экономикалық процестерді зерттеуде ең бірінші диалектикалық әдіс
қолданылады. Бұл әдістің негізін ежелгі көне грек философтары қалаған және
кейінгі буын ғалымдары дамытқан. Бұл әдіске сәйкес барлық экономикалық
процестер бір-біріне тәуелді қайшылықты түрде дамиды және ұдайы қозғалыста
болады. Ғылыми танудың нысаналары мен әдістері көп. Солардың ішінде
экономикалық зерттеулердің маңызды әдісі - ғылыми абстракция. Ғылыми
абстракция әдісі деп – зерттеліп отырған процестердің жеке, кездейсоқ,
қысқа мерзімді, дара құбылыстарынан тазартып, оның тұрақты, әрдайым
қайталанатын мәнін, маңызды жақтарын ашуды айтамыз.

Талдау және синтез (талдауға қарама-қарсы логикалық процесті білдіретін
ұғым), мұнда зерттелетін құбылыс өзінің құрамды бөліктерімен жеке жақтарына
ажыратылады, содан кейін тектес бөліктерді зерттеп болған соң, оларды
біртұтас құбылыс ретінде қарастырады.

Индукция және дедукция. Индукция жеке оқиғалардан, құбылыстардан логика
арқылы жалпы қағидалар, принциптер шығарылады. Дедукцияда керісінше, жалпы
қағидалар негізінде экономикалық процестердің, объектілердің кейбір жеке
алынған ерекшеліктері сипатталады.

Тарихи және логикалық тану әдісі. Тарихи әдіс – экономикалық қатынастар
құрылымының тарихи даму процесіндегі ерекшеліктерін анықтауға мүмкіндік
береді. Логикалық тану әдісі экономикалық процестер мен құбылыстарды
зерттеу барысында тарихи дамудың кездейсоқ факторларының ықпалы ескеріледі
және экономикалық жүйенің жеке элементтерінің дәйекті пайда болуы мен
дамуын және ішкі құрылымын анықтауға көмектеседі.

Экономикалық зерттеулердің тпғы басқа әдістері бар. Олар мыналар:
экономикалық-математикалық моделі, сан және сапа анализі және т.б.

2-Тақырып. Қоғамдық өндіріс. Меншік экономикалық категория.
1. Өндіріс және оның ролі
2. Экономикалық жүйе және оның типтері.
3. Меншік. Меншіктің субъетілері мен объектілері. Меншіктің формалары.

Өндіріс – адамдардың бірлесе отырып материалдық құндылықтар жасауға,
өздерінің саналы мақсаттарын іске асыруға бағытталған қоғамдық процессі.
Өндіріске тауарлар шығару мен қызмет көрсетуге қатысатын келесі ресурстар
жатады:
• Табиғи ресурстар
• Адам ресурстары
• Капитал
• Кәсіпкерлік
Бөліс. оған жұмыс күшін, өндірістік құрал-жабдықтарды, тұтыну заттарын,
қажетті және қосымша өнімдерді бөлу жатады.Бөлу әр адамның өндірілген
өнімдегі үлесін анықтайды.
Айырбас – бұл адамдардың бір-бірімен іс-әрекеттерін айырбастауы, еңбек
өнімінің баламалы негізде шеттетілуі.
Тұтыныс- бұл өндіріс процессі барысында жасалған материалдық игіліктерді
пайдалану. Тұтынудың екі түрі бар: өндірістік және өндірістік емес
Экономикалық жүйе – бұл экономикалық процесстердің жиынтығы. Ол
қалыптасқан мүліктік қатынастар мен ұйымдық түрлер негізінде қоғамда жүзеге
асады.Экономикалық жүйе төмендегідей жіктеледі:
1. Дәстүрлі эконмика – бұл көп укладты экономика. Артта қалған
технологиялар.
2. Әкімшіл-әміршіл экономика. Бұл жүйеде барлық сауалдар көп сатылы
бюрократиялық инстанциялар арқылы шешіледі.Кәсіпорындар жоспардың
орындалуы туралы есепті жоғарыда тұрған ұйымдар алдында береді.
3. Нарықтық экономика – ресурстар жеке меншікте формалы тауар
өндірушілердің, нарықта еркін бәсекелестікпен сипатталады. Нарықтық
экономиканың негізін қалаушы А. Смит.
4. Аралас экономика – бұл нарықтық, әкімшіл-әміршіл және дәстүрлі
экономиканыңда элементтері жүретін экономика.
Меншік – бұл мүліктің кімнің иелігінде жататындығын анықтайтын, адамдар
арасындағы қатынас. Меншік бір жағынан экономикалық категория, екінші
жағынан құқықтық категория болып табылады.Оның мәнін ашу адамдар арасындағы
өндірістік қатынастар.
Меншіктің элементтері:
1.Иемдену – мүлікті іс жүзінде иелену.
2.Пайдалану – мүліктен оның пайдалы қасиеттерін алу.
3.Бұйыру – мүліктің тағдырын анықтауға оның иесінің іс әрекеті.
Экономикалық мүдделер – бұл адамдар арасындағы шаруашылық күштердің
қабілетінің байқалуы. Экономикалық мүдденің негізгі топтары:
1.Қоғамдық
2.Ұжымдық
3.Жеке
Меншік мемлекеттік және жеке болып екіге бөлінеді. Меншік түрлерінен
меншік формалары туындайды:
1. Жеке
2. Өзіндік
3. Мемлекеттік
4. Серіктестік
5. Акционерлік
6. Кооперативтік
Меншік экономикалық категория ретінде.

Қоғам өмірінде меншікке байланысты қатынастар әрқашан маңызды рөл
атқарған. Осы тұрғыдан меншік қатынастарының мәні неде деген сұрақ туады.
Экономикалық әдебиетте меншік қатынастары туралы әр түрлі анықтамалар
келтіріліп, пікірлер айтылады. Мысалы, П.Хейне меншік қатынастарын
адамдардың затқа жай қатынасы ғана емес, адамдардың өзара қатынасы деп
сипаттайды. Марксизм-ленинизм ілімі меншікті материалдық игіліктерді,
табиғат заттарын иемдену процесінде өндірушілер арасында қалыптасатын
қоғамдық–экономикалық қатынастың белгілі бір тарихи түрі деп түсінеді.

Меншіктің мәнін түсіну үшін экономикалық теорияда кеңінен орын алған
робинзонада әдісіне жүгінейік. Робинзон адам аяғы баспаған аралда
табиғаттың жемісін пайдаланып тіршілік етеді. Бір мезгілде Робинзон өзі-
өзіне айнала қоршаған барлық игіліктерді менің меншігім деп айта ала ма? Ол
үшін, ең болмағанда тағы бір адам болуы шарт. Олай болса, мынадай қорытынды
шығаруға болады. Меншік зат емес және зат пен жеке адам арасындағы қатынас
та емес, ол сол заттарды иемдену процесінде адамдар арасында туындайтын
қатынас болып табылады. Яғни, меншік экономикалық категория ретінде –
материалдық игіліктерді өндіріс құрал-жабдықтарын және өндіріс нәтижесін
иемденуге байланысты адамдар арасындағы өндірістік қатынастарды білдіреді.

Иемдену - әрбір қоғамдық өндіріс әдісінің негізі болып табылады. Меншік
пен иемдену түсініктерін теңестіруге болмайды. Меншік анағұрлым
абстрактілі, ал иемдену нақты ұғым. Иемдену – бұл нақты қоғамдық затты
иелену әдісі.

Қоғам дамуының әр түрлі кезеңдерінде затты иелену, яғни иемдену әдістері
өзгеріп отырған. Өзінің ең қарапайым формасында иемдену адамдар материалдық
игіліктерді өндіруді үйренбестен бұрын пайда болған. Осылайша, адамзат
қоғамының әу басында, адамдар табиғат өнімдерін оларды өндірместен иеленді
(аңшылық, балық аулау және т.б.). Әрі қарай өндірістің пайда болуы мен
дамуына орай иемдену объектісіне тек табиғат өнімдері емес, сондай-ақ
адамдар өндірген өнімдері де жататын болды.

Иемдену әрдайым белгілі бір тұлғаның мүддесіне қарай жүзеге асады. Яғни,
өндіріс құрал-жабдықтарына меншіктің түрі қандай болса, өндіріс нәтижесін,
өндірілген материалдық игіліктер мен рухани байлықтарды иемденудің де түрі
сондай болып табылады. Демек, меншік иемденудің белгілі бір әлеуметтік
түрі. Ол өндіріс құрал-жабдықтары кімнің билігінде екендігін, қалай
бөлінетіндігін, қандай мақсатқа пайдаланылатындығын көрсетеді.

Өндіргіш күштердің даму дәрежесіне байланысты өндірістік қатынастардың
өзгеруі және жетілуі меншік түрінің өзгеріп, жетілуіне, бір түрінің екінші
бір түрімен ауысуына әкеліп соқтырады.

Меншіктің объектісін (не иемделеді) және субъектісін (кім иемденеді)
айыра білу керек. Меншіктің объектісіне қоғам байлығының материалдық-заттық
элементтері жатады немесе өндіріс құрал-жабдықтары мен өндіріс нәтижесі. Ал
субъектісіне мемлекет, коллектив (ұжым) және жеке адамдар жатады.

Меншік субъектілерінің көпшілігі өндіріс құрал-жаблықтарын иелену, билік
ету, пайдалану туралы құқық қатынастарының пайда болуын және әрекет етуінің
алғы шарты болып табылады. Өндіріс құрал-жабдықтарын иелену, билік ету және
пайдалану арқылы меншіктің экономикалық мазмұны жүзеге асырылады және
заңдарда құқықтық көрініс алады. Енді осы қатынастар жүйесін (иелену, билік
ету, пайдалану) қарастырайық. Иелену- меншік иесінің мүліктік құқығы. Ол
арқылы меншіктің басқа құқықтары (иемдену, билік ету, пайдалану) жүзеге
асырылады.

Билік ету - мүлікті меншік иесінен алу.

Пайдалану - меншік объектісінің пайдалылығын алуға бағытталған
қатынастар.

Иелену, билік ету, пайдалану қатынастарының пайда болуы, меншік иесі
кейбір жағдайда өндіріс құрал-жабдықтарын тиімді пайдалана алмайды. Мұндай
жағдайда меншік иесі иемдену құқығын, өзі сақтай отырып, өндіріс құрал-
жабдықтарын басқа субъектіге иеленуге, билік етуге, пайдалануға бере алады.
Сонымен иелену, билік ету, пайдалану құқықтары объектінің өзін емес, оның
кейбір қасиеттерін иемденуді қамтамасыз етеді. Мысалы, осындай құқықтық
қатынастар мүлікті жалға бергенде немесе траст формасын қолданғанда пайда
болады.

Шаруашылықтың әр алуан деңгейіндегі жеке адамдардан бастап ірі фирмаларға
дейін өндіріс құрал-жабдықтарын иемдену, иелену, билік ету, пайдалану нарық
экономикасында өндірушілер мен тұтынушылардың шаруашылық субъектілері
ретінде салыстырмалы оқшауланғанын көрсетеді. Демек, құрал-жабдықтарын
иемдену, иелену, билік ету және пайдалану туралы субъектілердің күрделі
жүйесі құрылады.

Тарихта меншіктің әр түрлі формалары белгілі, олардың ішінде мемлекеттік,
ұжымдық және жеке меншік басты түрлері болып табылады. Ең алдымен
меншіктің екі типін мемлекеттік және жеке меншік ажырата білу қажет.
Жеке меншік жағдайында экономикалық, заңдық құқықтарға жеке адам ие болады.
Иемденудің бұл типі екі түрге бөлінеді: жеке еңбекке негізделген жеке
меншік және бөтен біреудің еңбегіне негізделген жеке меншік.

Меншіктің бірінші түрі шағын кәсіпкерлікке тән, себебі онда жеке басты
шаруалар, қол өнершілер мен басқа да адамдар меншік иесі ретінде өз
еңбектерімен өмір сүреді, яғни олар иемдену, иелену және пайдалану
құқықтарына ие болады. Бұл жағдайда меншік иесі өндіріс нәтижесін өзі
иемденеді.

Меншіктің екінші түрі жалдамалы еңбекке негізделген. Меншіктің бұл
формасында меншік құқықтары меншік иесімен жалдамалы жұмысшылар арасында
бөлінеді. Меншік иесі иемдену, иелену, билік ету құқықтарын өзіне қалдырады
да, өндіріс құрал-жабдықтарын пайдалану құқығын жалдамалы жұмысшыларға
береді. Бұл меншік иесіне өндіріс нәтижесін иемденуге жағдай туғызады.
Нарықтық демократия жетілмеген жағдайында бұл мүліктік теңсіздікке әкеліп
соғуы мүмкін.

Мемлекеттік меншік сферасына елдің әлеуметтік тұрақтылығын және ұлттық
қауіпсіздігін қамтамасыз ететін халық шаруашылығының кейбір объектілері
(салалары) жатады. Мемлекет өз меншігіндегі объектілердің кәсіпорындарға
пайдалануға, билік етуге, иеленуіне бекітіп береді де, оны бүкіл қоғам мен
өндірістік ұжымдардың мүддесі үшін пайдалануына жағдай жасайды.
Кәсіпорындар шаруашылықты дербес, өзін-өзі басқару негізінде жүргізеді. Бұл
жерде мына жағдайларды ескеру керек. Бір жағынан, мемлекеттік кәсіпорындар
мемлекеттің реттеу объектісі ретінде болса, екінші жағынан, олар нарық
қатынастарының дербес субъектісі ретінде әрекет етеді. Сондықтан
мемлекеттік кәсіпорындардың экономикалық дербестілігі шектеулі болады.

Ұжымдық меншік – ұжымның өндіріс құрал-жабдықтары мен өндіріс нәтижесін
ортақ иемдену, билік ету және пайдалану процестерінде пайда болатын
экономикалық қатынастар жүйесін сипаттайды. Ұжымдық меншік өндіріс құрал-
жабдықтарына деген теңдікті тек еңбек ұжымы шеңберінде ғана қамтамасыз
етеді. Еңбек ұжымы шеңберінде өндіріс құрал-жабдықтарын бірігіп иемдену мен
пайдалану, өзін-өзі басқару, жеке және ұжымдық экономикалық мүдделердің
бірлігі жүзеге асады. Қазақстанда қазіргі кезде ұжымдық меншік түріне
акционерлік, кооперативтік және т.б. меншік формалары жатады.

Қазақстан Республикасында меншік қатынастарын қайта құрудың негізгі
бағыттары.

Өткен тарихымыз көрсетіп отырғандай, өндіріс құрал-жабдықтарын жеке
меншіктен мемлекет иелігінен алу (национализациялау) процестері айтарлықтай
оң нәтиже бермеді. Өндірушілер өндіріс құрал-жабдықтарына иелік етудің
орнына олар алшақтанып қалды. Соның салдарынан өндіріс ресурстарын тиімсіз
пайдалануы, тауар өндірісі монополиялануы, өндірушілердің тұтынушыларға
үстемдігінің өсуі, алыпсатарлық, арқа сүйеушілік, арамтамақтық орын алады.

Осындай жағдайда адамдар өздерінің мүдделеріне, қабілеттіліктеріне қарай
жұмыс күшіне билік ете алмады. Ұйымдық шаралар мен заңдар жүйесі негізінде
мемлекет жұмысшыларды жұмыс күшінен алшақтатты және оларды өз меншігі
ретінде пайдаланды.

Дүние жүзілік тәжірибеге сүйенсек, экономиканы қарқынды өсуінің еркін
өндірушілердің өндіріс құрал-жабдықтарының нақты бірігуі себеп болғанын
көрсетіп отыр. Сондықтан, біздің елімізде экономикалық реформа, яғни бір
экономикалық жүйеден екінші экономикалық жүйеге көшу мемлекеттік меншікті
қайта құру процестерінен басталды. Себебі, сол кезде республиканың
экономикасының құрылымында мемлекеттің үлесі өте жоғары (90 %) болды.
Экономика осы прогрессивті қозғаушы күштен әкімшілік- әміршілік жүйенің
даму барысында толық айрылды. Сонымен қатар нарықтық қатынастар дамыған
елдерде мемлекеттік меншіктің үлесі 30-40 %-дан аспады. Демек, республикада
мемлекеттік меншікті, меншіктің басқа түрлеріне өзгертуге нақты алғы
шарттар болғанын айтуға болады. Сондықтан, 1991 жылы маусым айында
Мемлекеттік меншікті мемлекет иелігінен алу және жекешелендіру туралы заң
қабылданды. Бұл заң мемлекеттік меншікті қайта құру ережелерін, тәртібін
және құқықтық негізін анықтады.

Мемлекеттік меншікті мемлекет иелігінен алу деп мемлекттік
кәсіпорындардың шаруашылығын басқару қызметін тікелей шаруашылық
субъектілеріне беру негізінде қайта құруды айтамыз.

Жекешелендіру – бұл мемлекеттен жеке және заңды тұлғаларға мемлекеттік
меншіктің объектілерін немесе акционерлік қоғамдардың акцияларын ақыға
немесе тегін жеке меншікке беру. Жекежелендіру мемлекеттің экономикада
билігін шектеу болып табылады.

Мемлекет иелігінен алу мен жекешелендірудің түбегейлі айырмашылығы
мынада: егер жекешелендіру процесінде мемлекеттік меншіктің субъектісі
міндетті түрде өзгерсе, мемлекет иелігінен алу процесі олай болмайды.

Жекешелендіру, дүние жүзі экономикасына тән процесс. Оның негізгі мақсаты
екі мәселені шешуге бағытталған:

1) бюджет тапшылығын кеміту;

2) ұлттық экономиканың тиімділігін арттыру.

Қазақстан Республикасы дүние жүзілік тәжірибені ескере отырып, 1991 жылы
жекешелендіру және мемлекет иелігінен алу процестерін бастады. Бұл
процестер төрт кезеңді қамтыды.

Жекешелендіру мен мемлекет иелігінен алу процестерінің І кезеңі 1991-1992
жылдар аралығын қамтыды. Бұл кезеңде республикада жекешелендіру
процестерінің алғы шарттары және бағдарламасы жасалды. Бұл бағдарлама
бойынша мемлекеттік кәсіпорындар жеңілдетілген талаптармен еңбек ұжымдарына
берілді, ал сауда және қызмет көрсету объектілері сату негізінде
жекешелендірілді.

Жекешелендірудің ІІ кезеңі (1993-1995 ж.ж.) Қазақстан Республикасы
Президентінің 1993 жылы 5 наурыз айындағы жарлығымен бекітілген Қазақстан
Республикасындағы 1993-1995 жылдардағы мемлекет иелігінен алу мен
жекешелендірудің ұлттық бағдарламасы негізінде жүзеге асырылды.

Бағдарламаның негізгі мақсаты - орталықтанған–жоспарлы экономикадан
нарықты экономикаға қажетті жағдайлар жасаудың және мемлекеттің иелігіндегі
өндірістік объектілерді, басқа да материалдық және материалдық емес
активтерді ақылы немесе ақысыз негізінде республика халқына қайтаруды
көздеген.

Осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін келесі негізгі міндеттерді орындау
көзделген:

- мемлекеттік кәсіпорындарды акционерлеу арқылы нарыққа бағытталған
шаруашылық құрылымдарын қалыптастыру, мемлекет меншігінің шағын
объектілерін жекешелендіруді , қалың бұқара топтарының жекешелендіру
процестеріне қатысуларына жағдай жасайды;

- тиімді шаруашылық субъектілері ретінде жеке меншік иелері
қалыптастыруды;
- шағын және орта бизнесті дамытуды және т.б.
Бағдарламада мемлекет иелігінен алу және жекешелендірудің келесі
негізгі бағыттары анықталған:
- ірі және бірегей мүлік кешендірін (жұмысшылар саны 5000-нан асатын
кәсіпорындар ) жеке жобалар бойынша жекешелендіру;
- жұмысшылар саны 200-ден 5000-ға дейін жететін орташа кәсіпорындардың
көпшілігін инвестициялық жекешелендіру купондары арқылы жаппай
жекешелендіру;
- 200-ге жуық жұмысшылар бар кәсіпорындарды, тұрмыстық қызмет көрсету ,
қоғамдық тамақтандыру, коммуналдық шаруашылық, бөлшек сауда шағын
кәсіпорындарын жекешелендіру;
- ауыл шаруашылығындағы кәсіпорындарды жекешелендіру.
1996 жылы ақпан айында Қазақстан Республикасындағы 1996- 1998 жылдарға
арналған жекешелендіру туралы үшінші бағдарлама қабылданды. Жаңа
бағдарламаны жүзеге асыру мына шараларды өткізуді көздеді:

- жартылай жекешелендірілген кәсіпорындардың мемлекеттік акциялар пакетін
(кәсіпорындағы мемлекеттің үлесін), сондай–ақ, шағын жекешелендіру
шеңберінде ІІ кезеңде сатылмай қалған объектілерді жекешелендіруді
(ақшаға сату арқылы ) аяқтау;
- жеке жобалар бойынша мемлекеттік меншік объектілерін жекешелендіруді
жүзеге асыру;
- бұрын жекешелендірілмеген кәсіпорындарды жекешелендіру процесіне
енгізу;
- экономиканың кейбір секторларын (бөлімдерін, секторлық бағдарлама)
жекешелендіру жоспарларын жасау және жүзеге асыру жолдарын қарастыру;
- шетел капиталының қатысуын ұлғайтуды.
Жаңа бағдарламаның негізгі бағыты жеке жоба арқылы жекшелендіру:

- жеке инвесторларға келісілген шарттар негізінде сатуды;
- аукцион және конкурс негізінде сатуды;
- басқару туралы келісім – шарт жасауды;
- акцияларды ашық түрде сатуды көздеді.
ІУ кезең 1999-2000 жылдар аралығын қамтыды және Қазақстан
Республикасы үкіметінің 1999 жылғы 1-маусымдағы 683-қаулысымен бекітілген
“1999-2000 жылдарға арналған жекешелендіру және мемлекеттік мүлікті
басқарудың тиімділігін арттыру туралы” бағдарламасына сәйкес жүзеге
асырылды. Бағдарламаның басты мақсаты – жекешелендіру мен мемлекеттік
мүлікті басқарудың құқықтық негіздерін жетілдіру, есепке алуды жақсарту,
басқарудың тиімділігін арттыру және мемлекеттік мүлікті конкурстық негізде
жекешелендіруді қамтамасыз ету болды.

1991-2000 жылдары республикада 34,5 мыңнан астам мемлекеттік меншік
объектілері, соның ішінде 1991-1992 ж.ж. 6,2 мың объектілері ресей рубіліне
жекешелендірілсе, 28 мыңы 1993–2000 ж.ж аралығында ұлттық валютаға сатылды.
Осы кезеңде жекешелендіруден 215,4 млрд. теңге алынды.

3.Тақырып. Қоғамдық шаруашылықтың формалары. Тауар және ақша.
Шаруашылықтың натуралды және тауарлы нысандары.

Қоғамдық өндірістің алғашқы нысаны натуралды шаруашылық, осыған қысқаша
тоқталып өтейік. Онсыз шаруашылықтың басқа нысандарының мәнін түсіну де
қиынға соғады. Натуралды шаруашылықта еңбек өнімдері өндірушілердің өз
қажеттіліктерін қанағаттандыруға және тұтынуға тікелей бөлу арқылы түсіп
отырады. Яғни, өндірілген өнімдер өндіріс – бөлу – тұтыну сатыларынан
өтеді. ( ол алғашқы қауымдық, құл иеленушілік және феодалдық өндіріс
әдістері тұсында кеңінен орын алған).

Өндірістің натуралды формасы бүкіл экономикалық процестерді қатты
тежейді, сыртқы байланыстарға жол бермейді, сондай-ақ натуралды шаруашылық
тұйық, тұрақты, әрі өсуі өте баяу процесс. Бұл қазіргі дүниеде де сақталып
отыр, әсіресе, дамушы елдерде орын алуда.Тіпті, дамыған елдердің өзінде де
бұл шаруашылықтың кейбір формалары сақталуда.

Жалпы алғанда, натуралды шаруашылық тауарлы шаруашылықпен қатар дамыды.
Бірақта жоғарыда көрсетілген өндіріс әдістерінде натуралды шаруашылық үстем
болды.

Натуралды шаруашылыққа қарағанда тауарлы шаруашылық анағұрлым күрделі
және натуралды шаруашылыққа тұп-тура қарама-қарсы. Тауар өндірісі деп
отырғанымыз, қоғамдық өндірісті ұйымдастырудың белгілі бір формасы ретінде,
адамдардың экономикалық қатынастары нарық арқылы, еңбек өнімдерін сатып алу-
сату арқылы көрінетін процесс. Басқаша айтатын болсақ, тауарлы өндіріс
дегеніміз өнімді өндірушінің тікелей өзі тұтыну үшін емес, нарыққа шығарып
сату үшін өндіретін өндірісті айтамыз. Мұнда өндірілген өнім тұтынушының
қолына айырбас арқылы түседі. Яғни, өнім өндіріс-айырбас-тұтыну сатыларынан
өтеді.

Енді тауарлы шаруашылықтың пайда болуының қажетті шарттарына тоқталайық.
Тауарлы шаруашылықтың болуы үшін, біріншіден, қоғамдық еңбек бөлінісінің
болуы, яғни қоғамдағы адамдардың бірқатары бір түрлі өнім, екінші біреулері
екінші түрлі өнім өндіруі керек, өйткені әр түрлі өнімдер ғана біріне-бірі
айырбасталады. Бірақ тауар шаруашылығы болуы үшін еңбек бөлінісінің болуы
жеткіліксіз. Ол үшін, екіншіден, өндіріс құрал-жабдықтарына жеке меншік
болуы керек. Мұнда өндірілген өнімдер, сол өндіріс құрал-жабдықтардың
иелерінің иелігінде болады, сондықтан олардың өздері өндірген өнімдер
басқалардың өндірген өнімдеріне айырбастауға мүмкіндік алады.

Тауарлы шаруашылықтың пайда болуы қоғамдық еңбек бөлінісімен де
байланысты. Осы кезеңнен бастап өндірілген өнімдер тікелей айырбасқа түсе
бастайды.

Сонымен, тауарлы шаруашылық алғашқы қауымдық қоғам ыдырай бастағанда
пайда болды, құл иелену қоғамында да, феодалдық қоғамда да орын алды,
капиталистік қоғамда ло өзінің дамуының шыңына жетті, мұнда ол жалпылама
сипат алды.

Құл иелену қоғамы мен феодалдық қоғамда тауар шаруашылығы орын ала тұрса
да, бұл қоғамдардағы негізгі өндіріс – натуралдық өндіріс болды.

Өндіріс құрал-жабдықтарына жеке меншікке негізделген тауарлы
шаруашылықтың даму сипаты – нарықтың дамуына байланысты.

Нарықтың мынадай үлгілерін атап өтуге болады, олар: дамымаған, дамыған,
реттелетін, деформацияланған. Әр нарық үлгісіне тауарлы шаруашылықтың
ерекше үлгісі (моделі) сәйкес келеді: дамымаған тауарлы шаруашылы, дамыған
нарықтың тауарлы шаруашылығы, реттелетін нарықтың тауарлы шаруашылығы,
деформацияланған нарықтың тауарлы шаруашылығы.

I. Дамымаған нарықтың тауарлы шаруашылығында (жәй тауарлы шаруашылық)
тауар өндірушілер өз меншігіндегі өндіріс құрал-жабдығымен өзі еңбек етеді,
өндірілген өнімдер өндірушілердің иелігінде болады, таур өндірушілер
өндірген тауардың бәрін сатпайды, тек бір бөлігін ғана сатады, яғни тауар
шаруашылығы жалпылама сипат алмайды.

II. Дамыған нарықтың тауарлы шаруашылығы (еркін нарық экономикасы)
жалпылама сипат алды, оған келесі құбылыстар тән:

- адамның жұмыс күшінің тауарға айналуы;

- өндірісте жалдамалы жұмысшылардың еңбек етуі;

- өндірілген өнімнің басым бөлігінің нарық арқылы сатуға арналуы.

Бұл кезеңдегі тауарлы шаруашылықтың еркін бәсекенің дамуымен
сипатталатындықтан, оны еркін бәсеке дәуірінің капитализмі немесе еркін
экономика деп атайды.

III. Реттелетін нарықтың тауарлы шаруашылығы экономикада мемлекеттік және
жеке сектордың болуымен сипатталады. Мемлекеттік реттеудің басты
формаларына заң шығару, салықтық және қаржылық формалары жатады.

Реттелетін нарықтың тауарлы шаруашылығының бірнеше модельдері бар:

- әлеуметтік нарықтық шаруашылық;
- аралас экономика;
- корпоративтік экономика.
Олар, ең алдымен, мемлекеттік бағдарламалардың мақсатты бағытталуымен
ерекшеленеді. Әлеуметтік шаруашылықтың басты мақсаты – азаматтар мүдделерін
қорғау; аралас экономикада кәсіпкерліктің дамуына жағдай жасау;
корпоративтік экономикада – ірі бизнес мүдделерін қорғау. Біріншісі,
көбінесе Алманияға, екіншісі АҚШ–қа, үшінші моделі Жапония мен Швецияға
тән.

IY. Деформацияланған нарықтың тауарлы шаруашылығы әкімшіл-әміршіл
экономикаға тән. Тауарлы шаруашылықтың бұл моделі қоғамдық еңбек бөлінісін,
машиналы өндірісті, ұлттық экономиканы ұдайы реттеуді, еркін нарықтық
қатынастарды басып тастау құбылыстарымен сипатталады.

Тауарлы шаруашылықтың даму кезеңдеріне жасалған қысқаша шолу тауарлы
шаруашылық пен нарықтық экономика арасында абсолюттік теңдіктің жоқ
екендігі жөнінде қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Нарықтық экономиканың
негізгі тауарлы шаруашылық екені даусыз.

Тауар және оның қасиеттері. Тауар құнының балама теориялары.

Тауарды өндіру алғашқы қауымдық құрылыс кезеңінен бастап бүгінге дейін
әрекет етіп келеді. Шаруашылықты ұйымдастырудың қарапайым формасы
жағдайында байлықтың табиғи формасы ретінде натуралды өнім болды. Ол,
біріншіден, тұтыну құндылығымен, екіншіден, еңбектің нәтижесі ретінде
сипатталды.

Өнімнің тұтыну құндылығы – бұл заттың пайдалылығы, яғни адамның
әртүрлі қажеттіліктерін қанағаттандыру қасиеті.

Тауар өндірісі жағдайында еңбек өнімі жаңа ерекше қасиетке ие болады,
ол тауарға айналады. Бұл өнім ендіөндірушілер үшін емес, басқа адамдар үшін
құнды болады, яғни, қоғамдық қасиетке ие болады.

Тұтыну құндылықтың қоғамдық өлшемі сұраныс мөлшері болып табылады.
Өнімді өндіру ұсыныс көлемін анықтайды. Егер ұсыныс сұранысты
қанағаттандырса, онда заттар қоғамдық тұтыну құндылығына ие болады деп
есептеуге болады.

Бұл жерде мынадай сұрақ туады. Қандай да болса заттар тауар бола ала
ма? Әрине жоқ, себебі өндірілген заттар тауар болуы үшін, біріншіден, ол
адамның еңбегінің нәтижесі ретінде болуы керек, екіншіден, басқа адамдардың
қажеттерін қанағаттандыру үшін өндірілуі керек, үшіншіден, айырбасқа түсуі
және эквивалент негізінде айырбасталуы керек.

Енді тауарға мынадай анықтама беруге болады. Тауар дегеніміз –
қоғамдық құндылығы және басқа тауарға айырбастау үшін өндірілген еңбек
өнімі. Заттар немесе өнімдер өзімен-өзі тауар бола алмайды, тауар болуы
үшін олар адамдар арасындағы айырбас объектісіне айналуы тиіс. Сол себептен
тауарда еңбек өнімдерін айырбастауға байланысты адамдар арасындағы
қатынастар көрініс алады. Тауар айырбасы әртүрлі формаларға ие болуы
мүмкін, бірақ барлық жағдайда айырбас - бұл заттың басқа заттарға
айырбасталу процесі болып табылады. Осы себептен нарықта ғана тауар басқа
тауарға айырбасталу процесі болып табылады. Осы себептен нарықта ғана тауар
басқа тауарға айырбасталғанда айырбас құнына ие болады. Яғни, айырбас құны
бір заттың басқа пайдалы заттарға белгілі бір пропорцияда (санда)
айырбасталу қасиеті. Белгілі бір мөлшердегі бір тауарды екінші тауарға
теңестіріп тұрған нәрсе, ол екеуіне де еңбек жұмсалған.

Тауарға жұмсалған еңбек ол тауардың құны болып табылады. Құн дегеніміз
– сол тауарды өндіруге кеткен еңбек, ал тауардың айырбас құны, яғни бір
тауардың екінші тауарға айырбасталатын белгілі бір пропорциясы. Құн және
айырбас құны бірдей емес ұғымдар. Біріншісі тауардың ішкі қасиеттерін
білдірсе, ал екіншісі, құнның сыртқы көрінісін сипаттайды. Тауардың екі
нақты қасиеті тұтыну құндылығы (құны) және құны бір-біріне ауысып
отырады.тауардың тұтыну құнының өзгеруі ертеме, кешпе тауардың құнын
өзгертеді немесе керісінше тауардың құнының өзгеруі оның тұтыну құнының
өзгеруіне әкеліп соғады.

Тауардың тұтыну құны нақты еңбекпен жасалады. Нақты еңбек – бұл
адамның жұмыс күшінің ерекше пайдалы формада жұмсалуы. Нақты еңбек жаңа құн
жасамайды, бірақ тауар өндіруге жұмсалған өндіріс құрал–жабдықтардың
құндарын жаңа өндірілген өнімнің құнына ауысуына көмектеседі .

Тауар өндіру процесінде адамның еңбегінің нақты түрімен қатар, оның
күш-қуаты (дене және ой күші) жұмсалады. Адамның жалпы күш-қуатының
жұмсалуы абстракты еңбек деп аталады. Абстракты еңбек тауардың құнын
жасайды.

Әрбір тауардың құны (абстракты еңбек жұмсалған) белгілі бір мөлшерде,
не аз, не көп болады, ал тауар құнының мөлшері оны өндіруге жұмсалған
еңбектің мөлшеріне және оны өңдеуге кеткен тауар өндірушінің уақытына
сәйкес анықталады. Бірақта бір түрлі тауарды өндіру үшін әр тауар өндіруші
әр түрлі мөлшерде уақыт жұмсайды. Тауардың құны еңбектің жеке жұмсалу
уақытымен белгіленеді. Қоғамдық қажетті жұмыс уақыты дегеніміз сол кезде
көп тараған техникамен, еңбек интенсивтілігінің орташа деңгейі негізінде
сол тауарлардың басым көпшілігін өндіруге кеткен уақыт.

Құнның мөлшеріне: еңбек өнімділігі, еңбек интенсивтілігі, еңбектің
күрделілігі ықпал етеді.

Сонымен, тауардың құны оның (тауар) затталған абстракті еңбек болса,
ал айырбас құны құнның қоғамдық қатынастар ретінде тек айырбас сферасында
нақты формада көрінуі.

Құн туралы ең бірінші ғылыми теория ретінде еңбек құн теориясы негіз
болды. Оның негізін А. Смит және Д. Рикардо қалағанымен, К. Маркс бұ
теорияны жете зерттеп марксистік экономикалық ілімнің қағидаларын жасады.
Бірақ, экономикалық теория және өмір дәлелдегендейеңбек құн теориясының
кейбір қағидалары практика жүзінде дәлел таппады. Біздің елімізде оны
практикада пайдалану әрекеті дәлел болғандай, құнды және бағаны тек шығын
арқылы анықтау халық шаруашылығында шығындану механизмінің құрылуына әкеліп
соқты, яғни өндіріс өндіріс үшін дамыды, тауарды өндіруге кеткен шығын
неғұрлым көп болса, соғұрлым тиімді болды. Бұл теорияны практикада
пайдалануға байланысты тағы бір проблема тауардың құнын нақты өлшеуге
мүмкін еместігі, ал мұндай жағдайда өндіріс нәтижесін бұрмалауға мүмкіндік
туады.

Құн туралы марксистік теорияның ең бір маңызды қателігі,
К. Маркстің ең басында тауардың тұтыну құнын әрі қарай талдамауы , ол
тауардың тұтыну құны саяси экономиканың пәніне жатпайды деп, тек тауардың
құнының қозғалысын ғана зерттеді. Ғалымдардың К.Маркстан кейінгі буыны
тауардың екінші жағынан тұтыну құнына баса назар аударды. Нәтижесінде,
басқа құн теориясы шекті пайдалылық теориясы пайда болады.

Шекті пайдалылықты дұрыс түсіну үшін пайдалылықтың нақты және
абстракты түрлерін ажырата білу керек. Бұны келесі мысал арқылы көрсетуге
болады. Су адам үшін аса қажетті өнім екендігін біз бәріміз білеміз және
оның қандай қажеттіліктерді қанағаттандыратындығын, қандай пайдалылығы бар
екендігін тағы да білеміз. Бұл оның абстракты пайдалылығы. Бірақ оның нақты
пайдалылығы да бар. Егер судың бірінші шелегі адамның шөлін қандыру үшін
керек болса, екінші – тамақ жасау үшін пайдаланса, үшіншісі – жуынуға,
төртіншісі – малға берілсе, бесіншісі – бау-бақшаны суғаруға жұмсалады.
Осылардың қайсысы адамға аса құнды болады? Бәлкәм, бірінші шелектегі су
болар, ал келесілердің құндылығы біртіндеп кеміп отырады. Бұл жерде бірінші
шелектегі су адамға аса құнды да, пайдалы да болады, қалғандарының
пайдалылығы біртіндеп азйып отырады. Заттың аса пайдалылығы оның құндылығын
анықтайды.

Өнімнің бар көлемімен және оның пайдалылы арасында өзара байланыс
болады, оны мынадан көруге болады, тұтынушының қарамағындағы игіліктердің
саны өскен сайын әр кейінгі игіліктің пайдалылығы бұрынғы игіліктердің
пайдалылығына қарағанда азайып отырады. Бұл жалпыға бірдей даму заңы –
шекті пайдалылықтың төмендеу заңы.

Шекті пайдалылық теориясы мен еңбек құн теориясы шын мәнінде бір-
біріне қарсы заңдар болғанымен, олар бір-біріне қарама-қайшылықта болмайды,
яғни тауардың құндылығын субъективті және объективті жағынан бағалау болып
табылады. Тауарды субъективті бағалау тауар шаруашылығының тұтынушылардың
талаптарын көбірек ескеруге бағытталады, ал өндірістің мақсаты адамның
қажеттіліктерін қанағаттандыру болып табылады.

Ақша жалпылама айырбас эквивалент ретінде. Ақшаның қызметтері.

Адамның қоғамдағы орны, оның тұрмыс жағдайы, мемлекет аралық
қатынастарда және мемлекет ішіндегі басқа адамдармен арасындағы
қатынастарда тікелей немесе жанама түрде ақшамен байланысты болады.
Сондықтан, ақша мәселесі, оның қоғамдағы ролі әрқашанда ғалымдардың
назарында болған. Қазіргі кезеңде ақшаның пайда болуы туралы екі көзқарас
қалыптасқан. Біріншісі рационалистік, бұл бағыттың өкілдері ақшаның пайда
болуын адамдар арасындағы келісімнің нәтижесінің жемісі деп көрсетсе, ал
екіншілері ақшаның пайда болуын эволюциялық тұрғыдан қарастырады, яғни
олардың пікірінше, ақша тауар айырбасы мен тауар өндірісінің бірте-бірте
дамуының нәтижесі деп көрсетеді.

Экономикалық теория ақшаның пайда болуын зерттеуде осы эволюциялық
концепцияны басшылыққа алады. Бұл концепция бойынша, ақшаның пайда болуы
тауар айырбасының дамуына байланысты. Қоғам құрылымының бастапқы сатысында
айырбас кездейсоқ сипатта болды және ақшаның көмегінсіз жүзеге асырылады.
Бұндай айырбас (қазір оны бартер деп атайды) біраз қиыншылықтарды туғызды.
Осы кезеңге айырбастың жәй немесе кездейсоқ формасы сай келеді, мұнда бір
тауар өзінің құнын екінші тауар арқылы бейнелейді. Ал осы екінші тауар
бірінші тауардың құнын анықтай отырып, оған бірдей құн ретінде қарсы тұрады
немесе мұны эквивалентті құн формасы деп атайды. Эквивалент деп басқа
тауарлардың құнын бейнелей алатын тауарды айтамыз.

Өндіргіш күштердің дамуымен, жаңа қоғамдық еңбек бөлінісінің пайда
болуымен байланысты тауар айырбасы енді тұрақты құбылысқа айналды, кеңінен
жайыла бастады. Нарықта тауарлар көбейе түсті. Сол себепті, бір тауардың
құнын көптеген тауардың құнымен салыстыруға мүмкіндік туды, яғни жалпы
эквивалент ролін бірнеше тауарлар атқара бастады. Бұл айырбас процесін
қиындатты.

Қоғамдық өндірістің даму барысында көптеген тауарлардың ішінен (жалпы
эквивалент ролін атқаратын тауар) біреу бөлініп шықты, мысалы аңның
терісі. Оған барлық тауарлар айырбасталатын болды. Сөйтіп, жалпы эквивалент
ролін бір тауар атқарды. Олар әр елде әр түрлі болды. Егер егіншілікпен
шұғылданатын тайпаларда ол бидай болса, малшыларда – мал болды, ал теңіз
және өзендердің жағаларын мекендейтін елдерде ұлудың қабыршағы болды. Бұл
жағдай ұзаққа бармады. Себебі, әр елде жалпы эквивалент ролін әр түрлі
тауарлар атқаруы халықаралық байланысты, халықаралық сауданың дамуын
тежеді, қиындатты. Осыған байланысты, өндіріс пен қоғамдық еңбек
бөлінісінің дамуының нәтижесінде жалпы эквивалент ролін әр елде әр түрлі
тауарлардың орнына бір ғана тауар , яғни ақшалық (ақша) тауар атқаратын
болды. Сөйтіп, айырбас процесі тауарлар дүниесінен ерекше тауар -
ақшаныңбөлініп шығуына жеткізді. Сонымен, ақшаға мынадай анықтама беруге
болады. Ақша дегеніміз жалпы эквивалент ролін атқаратын ерекше тауар.

Тауар қатынастарының дамуының нәтижесінде айырбас сферасында ақшаның
ролін асыл металдар - алтын мен күміс атқаратын болды. Себебі, жалпы
эквивалент ролі осы асыл металдарға көшуі, олардың табиғи қасиеттерімен,
яғни сандық бөлінуінің, сапалық жағынан біртектілігімен, қолайлылығымен,
ұзақ уақыт сақталатындығымен байланысты болды. Есептеу единицасы ретінде
олардың салмағы негізге алынды. Бұл, әрине, басқа тауар – эквиваленттеріне
есептеу, санауға қарағанда, әрі қолайлы, әрі тиімді болды. Сондай-ақ, алтын
табиғатта сирек кездесетін металл және оны өндіру өте көп еңбекті қажет
етеді. Сондықтан, оның құны жоғары болады және осыған байланысты басқа
тауарлардың құнын бейнелей алатын тауар айналысының маңызды элементіне
айналды. Алтынның ақша ретіндегі ерекшелігі тікелей жалпы айырбасталу
формасына ие болуынан көрінеді.

Ақшаның мәні оның атқаратын қызметтерінен айқын және толық көрінеді.
Ақшаның металдық теориясының өкілдері ақшаның үш қызметін көрсетті: құн
өлшеуші, қазына жинауқұралы және дүниежүзілік ақша. К. Маркс ақша
теориясын дамыту негізінде, оның бес қызметін қарастырды: құн өлшеуші,
тауар айналысының құралы, қазына жинау құралы, төлем құралы және дүние
жүзілік ақша.

Қазіргі экономикалық әдебиеттерде ақшаның үш қызметіне ғана көңіл
бөлінеді. Олар мыналар : айналыс құралы, құн өлшеуші және қор ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Нарықтық экономикадығы әрекеттер мен табыстар және әлеуметтік негізгі саясат
Экономикалық теорияның негізгі ұғымдары
Қазақстан Республикасының нарықтық экономиканы жетілдіру үрдістері
Нарық механизмінің мәні және ерекшеліктері
Нарық әлеуметтануы пәні мен әдістері
Нарықтың экономикада қажеттігі, мәні, өту жолдары
Нарықтың пайда болуы мәні және принциптері
ҚР - да нарықтық экономиканың қалыптасуы
Нарықтық шаруашылықтың артықшылықтары мен кемшіліктері жайлы ақпарат
Нарықтық шаруашылықтың артықшылықтары және кемшіліктері жайлы
Пәндер