Жұмағали Тілеулин – ХХ ғ. көрнекті қайраткері


МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ
1. АЛАШ ӨТКЕН ЖОЛ
1. 1 ХХ ғасыр басындағы елдегі саяси хал-ахуал
1. 2 Ұлттық еркіндікті ту еткен Алаш қозғалысы
1. 3 Алаш баспасөзі
1. 4 Зиялылар қатарында - Жұмағали Тілеулин
2. ЖҰМАҒАЛИ ТІЛЕУЛИН - ХХ ғ. КӨРНЕКТІ ҚАЙРАТКЕРІ
2. 1 Жұмағали Тілеулин өмірінен
- Үш арыстың берік достығы (Мағжан, Міржақып, Жұмағали)
2. 3 Ұстаздық еткен жалықпас . . . (Жұмағали - Қазпедтехникумның директоры)
2. 4 Денсаулық сақшысы (Жұмағали - фельдшер)
3. ЖҰМАҒАЛИ ТІЛЕУЛИН - АЛАШ АРДАҒЫ, ПУБЛИЦИСТ
3. 1 Адам жанын емдеген . . .
3. 2 Денсаулық жайында бірер сөз . . . (Ж. Тілеулиннің денсаулық тақырыбындағы мақалалары)
- Қаламы төселген публицист (Оқу-ағарту, саяси-әлеуметтік тақырыптағы мақалалары)
- Алаш ардағы
ҚОРЫТЫНДЫ
СІЛТЕМЕЛЕР
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
КІРІСПЕ
ХХ ғасырдың басында қазақ халқы саяси аренаға, азаттық пен тәуелсіздіктің жолына, ағартушылыққа шақырған ірі қоғам қайраткерлерін шығарды. Ел арасынан өздерінің табиғи дарынымен, асқан білімділік деңгейімен, рухани парасатымен суырылып шыққан алаш азаматтары ұлт болашағы үшін жан аямай тер төгіп, бостандық пен бақытты өмірді көкседі. Шын мәнінде, олар ғұмыр кешкен ХХ ғасырдың басы алып адамдарды қажет еткен, әрі осыған орай өздерінің ойлау, болжау қасиеттері айрықша, талғам-танымдары жан-жақты алыптарды дүниеге келтірген дүбірлі заман еді.
Бірақ көп жылдар бойы Кеңес өкіметі жүргізген озбырлық пен қырып-жоюға, тарихты өрескел бұрмалауға негізделген саясаттың тікелей салдарынан халқымыздың сана-сезімі өлшеусіз де орны толмас жұтаңдыққа ұшырап, оның интеллектуалды ауқымының қарыштап дамуына үлкен нұқсан келді. Соның тікелей кесірінен Қазан төңкерісіне дейінгі жалпы адамзат өркениетінің төрінен орын алған ірі тұлғаларымызға “байшыл”, “кертартпа”, “діншілдер” деп ойдан шығарылған, жалған айдарлар тағылды. Олардың бай мұраларын зерттеуге цензура арқылы тыйым салынды. Партиялық талап, сол кездегі идеология қазақ халқының дарынды, дара перзенттерінің бостандық пен ұлт тәуелсіздігі үшін аянбай тер төккен, қабырғалары қайысқан ерекше еңбектерін большевиктік көзқараспен біржақты бағалап, оларды мемлекетке “қажетсіз” санап, жетпіс жылдан астам мерзімге жоққа шығарды.
Тәуелсіздікке қолы жеткен қазақ жұртына есімдері тарихта беймәлім болып келген алаш азаматтарының қайта оралуы халқымыздың сана-сезімін бір сілкіндіріп, рухани өмірімізге өлшеусіз серпін бергені тарихи ақиқат. Дегенмен, ұлттық еркіндік пен бостандықты аңсаған, сол жолда тынымсыз еңбек еткен, патша үкіметімен қудаланған Алаш азаматтарының қанша аттары бізге әлі белгісіз болып отыр. Белгілі тарихшы, академик Манаш Қозыбаевтың айтуынша, 1937-1938 жылдары Қазақстанда 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшырап, соның 23 мыңы атылыпты1. Республика Президенті Н. Назарбаевтың жарлығымен 1997 жыл жалпы ұлттық татулық және саяси қуғын-сүргінге түскен аяулы азаматтарымызды еске алу жылы деп белгіленгенде, солардың бірталайының аты аталып, еске алынды. Дегенмен әлде де көптеген боздақтарымыздың есімі жұртшылыққа толық мәлім емес.
Ендеше, осы біртуар ұлдарымыздың өмірі мен халық үшін атқарған қызметін жан-жақты, терең зерттеу, олардың әрқайсысын халық арасында насихаттау - бүгінгі күн тәртібінде тұрған көкейтесті, өзекті мәселе. Осы мақсатпен ХХ ғасырдың басында қазақ қоғамында ғұмыр кешкен, бүгінгі күнге дейін халыққа толық танылмай келген қоғам қайраткері, Алашорданың мүшесі, “Айқап” журналы мен “Қазақ” газетінде жарияланған көптеген мақалалардың авторы, ұлттық публицистиканың дамуына салмақты үлес қосқан дәрігер Жұмағали Тілеулин жайында сөз қозғағалы отырмын.
Зерттеудің өзектілігі. Сол кезде ат төбеліндей аз ғана ұлттық интеллигенция өкілдері патшалық Ресейдің отаршылдық саясатынан құтылудың, ұлт бостандығы үшін күресудің бірден-бір жолы - баспасөз бетінде халыққа сөз айтып, елдің санасында сілкініс туғызу деп білді. Сондықтан да халықты мәдени-рухани ағарту мақсатымен ХХ ғасыр басындағы қазақтың оқыған азаматтары газет-журнал шығаруға басты назар аударды.
Бұл деген сөз, баспасөз бен оның басы-қасында жүретін шығарушылардың қай заманда болсын халық өмірінде алар орны жоғары болатынын дәлелдейді. Өйткені, мерзімді баспасөз - өмір айнасы. Ал осы өмір шындығын, заманның қоғамдық-саяси ахуалын аңғартатын - публицистер екені даусыз.
Жұмағали Тілеулин де өз заманының білгір публицисі бола білген. Сондықтан өз дәуірінің суреткері Ж. Тілеулиннің журналистік, публицистік мұраларын саралап-салмақтау кейінгі толқын буынға үлгі-өнеге, берері мол дәріс болып табылады.
ХХ ғасырдың басындағы қазақ қайраткері, публицист Ж. Тілеулиннің жан даусымен көтерген өзекті мәселелері тәуелсіз мемлекетімізде дәл қазіргі күні де ешқандай мәнін жоймағанын аңғарту, тарихи сабақтастықтың нағыз айғағын көрсету керек. Себебі, тарихтан сабақ алмай, оның бай тәжірибесінен үйренбей, өткен дәуірдегі таңдаулы публицистердің тәжірибесін зерттеп, зерделемей, көкейге түймей нағыз патриоттарды тәрбиелеу мүмкін емес. Тәрбиенің басы - тарих, сол арқылы патриотизмді күшейту қажет. Бұл жұмыстың өзектілігі де осында.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Жұмағали Тілеулин - ХХ ғасырдың басында өмір сүрген қоғам қайраткері, мамандығы фельдшер болғанменен “сегіз қырлы, бір сырлы” азамат еді. Ол өз дәуірінің білгір дәрігері болып қана қоймай, ұстаздыққа, ғылымға, оқу-ағарту ісіне бой түзеп, патша үкіметінің қазақ халқына жасаған озбырлығына қарсы шығып, онысын баспасөзде азаттық мазмұндағы мақалалар жариялау арқылы көрсеткен ірі қайраткер еді. Бірақ та осыған дейін Жұмағали Тілеулиннің баспасөз тарихындағы атқарған елеулі қызметін талдап жазған еңбек жоқ. Оның журналист ретіндегі тұлғасын ашып көрсетерлік дүние еш жерде кездеспеген болып отыр. Тек қана 2005 жылы “Жібек жолы” баспасынан шыққан жазушы Қайролла Мұқановтың орыс тілінде “Жумагали Тлеулин - деятель “Алашорды” деген еңбегі жарық көрді. Автор бұл еңбегінде Ж. Тілеулиннің өмірі мен қызметін ғана зерттеп, талдайды да, публицистикалық шығармаларына көп тоқталмайды.
Сәбит Мұқанов, Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұмабаев, Бақытжан Қанапиянов, Төлеген Қажыбаев, Гүлнәр Дулатова сынды жазушылардың кей еңбектерінде Жұмағалидың атын кездестіруге болады. Дегенмен оның публицистика саласындағы ұланғайыр қызметіне талдау жасайтын еңбектерді кездестіре алмадым. Ал осы ғылыми жұмыс Жұмағали Тілеулиннің өмірі мен қызметі, публицистикалық шығармаларын талдап, зерттеуге, сөйтіп оның онша мәлім емес қырларын ашуға арналған.
Ғылыми жаңалығы. ХХ ғасырдың басында қазақ жерінде түрлі эпидемиялардың кең өріс алуы бізге мәлім. Сол кезде көптеген ауруларға шалдыққан қазақ халқы ұлтжанды кәсіби дәрігерлерге мұқтаж, зәру болғаны анық. Ал кеңестік заманда қазаққа - “оқымысты жұрт емес, ғылым, білім, өнерден бос, құралақан” деп қара жабылып, теріс пиғылдағы ой пәрменді түрде насихатталған болатын. Осының бір айғағы ретінде “. . У узбеков раньше была арабская писменность, а у казахов ее вообще не было, да и откуда у кочевых народов она могла быть”2 деген тұжырымды келтіруге болады. Осы кезде қазақ халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, қазақ арасынан ұстаз, заңгер, дәрігер мамандығын игеруге бел буған қайраткерлердің шығуы заңды еді. Олар шықты да. Соның ішінде - Жұмағали Тілеулиннің фельдшерлік қызметін айрықша атап өтуге тұрарлық. Ол губерниялық денсаулық сақтау бөлімінде қызмет жасаумен қатар, адамның денін баспасөз арқылы да сақтап қалуға тырысты. Оның бір дәлелі ретінде - Жұмағалидың денсаулық сақтау мәселесіне қатысты баспасөзде жарық көрген мақалалары мен пайдалы кеңестерін атауға болады. Міне, бұл ғылыми жұмыста, өз халқының жанашыры болған Жұмағалидың денсаулық жайынан сөз қозғаған мақалалары алғаш рет талданады. Бұл - біріншіден.
Екіншіден, осы уақытқа дейін Жұмағали Тілеулиннің аты аталып, кейбір әдебиеттерде кездесіп жүргенменен, оның публицистика жолындағы ізденістері еш жерде зерттеліп қарастырылмаған. Осында Жұмағали Тілеулиннің публицистикалық шығармашылық жолы тұңғыш рет қарастырылады.
Үшіншіден, Жұмағалидың әртүрлі мерзімді басылымдарда жарық көрген публицистикалық шығармаларының тізімі жасалды.
Ғылыми жұмыстың теориялық және әдістемелік негіздері. Жұмыстың теориялық негізін белгілі зерттеушілер: М. Қойгелдиев, К. Нұрпейісов, Ғ. Ахмедов және басқа да ғалымдардың еңбектері құрады. Жұмағали Тілеулин өмірі мен қызметіне қатысты жазушы, зерттеуші С. Сейфуллин, Қ. Мұқанов, Б. Қанапиянов, Г. Дулатова, Т. Қажыбаев және басқа да жазушылардың еңбектері мен жарияланымдары пайдаланылды. Ж. Тілеулиннің публицистік қырын ашуға Ү. Субханбердинаның “Айқап” пен “Қазақ” кітаптары, сондай-ақ, Жұмағалидың 1911-17 ж. ж. аралығында “Айқап” журналы мен “Қазақ” газетінде жарияланған мақалалары жәрдемдесті.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. ХХ ғасыр басындағы ғұмыр кешіп, қоғамдық-саяси, құқықтық ой-пікірді дамытуға үлес қосқан қазақ қайраткері Жұмағали Тілеулин хақында кейінгі ұрпаққа мұра болып қалатындай із қалдыру қажет. Өйткені, өткен ғасырдың ойшылдары жайында жүргізілген әрбір зерттеу - тарихтың әлі ашылмай жатқан беттеріне біршама сәуле түсірері айқын. Яғни, қазақ зиялыларының өмірі мен қызметін зерделеу - кейінгі жас буынның рухани санасына нұр құйылып, көкірегі мақтаныш сезіміне, патриотизм идеясына толып жетілуіне себеп болады.
Сонымен бірге, Жұмағали Тілеулин публицистикасының қазақ баспасөзі тарихынан алатын орны мен ролін көрсету - негізгі мақсат ретінде алынды.
Ғылыми жұмыстың негізгі зерттеу объектісі - Жұмағали Тілеулиннің публицистік шығармашылығы болып табылады. Оның публицистік қызметін сөз еткенде, 1911-1927 жылдар аралығындағы жазған сын-мақалалары, фельетон, хабарлары тілге тиек етіледі, мысалға етіп алынады.
Негізгі қайнар көзі ретінде Ж. Тілеулиннің әр алуан тақырыптағы, атап айтатын болсақ, “Мұсылмандар тіршілігіне тиісті мәселелер”, “Баспасөз” бас мақаласы, “Ат үстінде көрген түс”, “Мейірімді төре” фельетондары, “Ұлтшыл жігіт”, “Жалпы мұсылман съезі”, “Айқапты” үлкейту туралы”, “Оян, қазақ!” туралы”, “Қара жүз қажы яки “Қорғанский”, “Қызылжар уезінде”, “Денсаулық”, “Науқас һәм оның емделуі”, “Әуелгі байлық - денсаулық”, “Денсаулық жайында”, “Жұқпалы аурулар” сынды денсаулық тақырыбына арналған бірқатар мақалаларын республикалық ұлттық кітапханадан тауып алып, мұрағаттарын ақтарып, қолжазбаларын жинастырдым.
Зерттеудің құрылымы. Жұмағали Тілеулин - сан салалы, жан-жақты тұлға. Ғылыми жұмыс Ж. Тілеулиннің бар қырын айқындайтын кіріспе, негізгі бөлім, қорытындыдан құралған. Кіріспеде зерттеудің өзектілігі, зерттелу деңгейі, ғылыми жаңалығы, теориялық және әдістемелік негіздері, мақсаты мен міндеттері, негізгі зерттеу объектісі, құрылымы баяндалады.
Ғылыми жұмыстың негізгі бөлімі 3 тарауға бөлінген. Бірінші тарау “ХХ ғасыр басындағы елдегі саяси хал-ахуал”, “Ұлттық еркіндікті ту еткен Алаш қозғалысы”, “Алаш баспасөзі” және “Зиялылар қатарында - Жұмағали Тілеулин” атты бөлімдерден тұрады. Яғни, бұл тарауда сол кездегі патшалық Ресейдің отарлау саясатының қазақ жерінде кең өріс алып, қазақтың ауыр халы суреттеледі. Орыстың бұл озбырлық саясатына қарсы азаттық пен тәуелсіздіктің күрес жолына, ағартушылыққа шақырған ат төбеліндей аз ғана ұлттық интеллигенцияның саяси аренаға сап түзеп шығуы да сөз етіледі. Сонымен бірге, ұлт бостандығы үшін күресудің бірден-бір жолы - баспасөз бетінде халыққа сөз айту деп білген алаш азаматтарының газет-журнал шығаруға ат салысқаны баяндалады. Алаш арыстарының қатарында Жұмағали Тілеулиннің де алар орны орасан зор екені көрсетіледі.
Негізгі бөлімнің екінші тарауы “Жұмағали Тілеулин өмірінен”, “Үш арыстың берік достығы (Мағжан, Міржақып, Жұмағали) ”, “Ұстаздық еткен жалықпас . . . (Жұмағали - Қазпедтехникумның директоры) ”, “Денсаулық сақшысы (Жұмағали - фельдшер) ” деген төрт бөлімнен құралады. Бұл деген сөз, екінші тарау Жұмағали Тілеулиннің өмірі мен қызметіне арналғандығын көрсетеді. Оның алаштың екі арысы Мағжан Жұмабаев пен Міржақып Дулатовпен жан аяспас дос, пікірлес болғандығы жайында көптеген деректер беріледі. Жұмағалидың Қызылжар қаласында Қазақ педагогикалық техникумның директоры болып, ұстаздық етіп жүрген жылдары суреттеледі, өз мамандығы бойынша губерниялық денсаулық сақтау бөлімінде фельдшерлік қызметін абыроймен атқарғаны да баяндалады.
Үшінші тарау «Адам жанын емдеген», «Денсаулық жайында бірер сөз . . . (Ж. Тілеулиннің денсаулық тақырыбындағы мақалалары) », «Қаламы төселген публицист» (Оқу-ағарту, саяси-әлеуметтік тақырыптағы мақалалары), «Алаш ардағы» атты бөлімдерден құралады. Бұл тарау Жұмағали Тілеулиннің баспасөздегі алып қызметін талдауға арналған, оның публицист ретіндегі тұлғасын ашып көрсетуге бағытталған. Жұмағалидың өз мамандығы бойынша қалам тербеп, денсаулық кепілі деп тазалықты насихаттап, елдің тұрмыс мәдениетін көтеруді күн тәртібіне қойғаны, енді бірде өнер-білімсіз өр асуға болмайтынын айтып, жеткіншектердің оқып білім алуына жол ашып, жағдай туғызуды талап еткені көрсетіледі. Сонымен қатар, Жұмағалидың халқының қамын жеген біртуар азаматы, “Алаш” партиясының мүшесі, ұлтжанды Алаш ардақтыларының бірегейі болғандығы бағамдалады.
1. АЛАШ ӨТКЕН ЖОЛ
1. 1 ХХ ғасыр басындағы елдегі саяси хал-ахуал. Қазір - өзгерістер заманы. Қоғамның даму бағыты, идеологиялық бағдарлар ғана емес, кешегі өткен тарихқа деген көзқарастың өзі мүлдем жаңа сипат алды. Қазан төңкерісінен соң қазақтың күні шығып, айы туды деп шаттанып келсек, сол төңкерістен соң көп ұзамай қазақ халқының тең жартысы аштықтан опат болғанын енді біліп отырмыз. Қазақтың бұрынғы көптеген би, батырларын, хандарын үстем тап өкілдері деп қаралап келсек, олар қазақтың ұлт ретінде жойылып кетпеуі үшін жан салып күрескен қаһармандар екен. Басқа да ақты қара, қараны ақ деген кездеріміз шаш етектен.
Енді соның бәрін өз атымен атап, әрқайсысын өз орнына қою қажеттігі туды.
ХХ ғасырдың басында Қазақстанның тарихи өмірінде елеулі өзгерістерге толы, аса бір алмағайып оқиғалар болған еді. Атап айтқанда, бұл кезеңде Қазақстанның барлық территориясы Ресей империясының ішкі отарына айналып, өзінің саяси-экономикалық дербестігінен айрылған, орыс мемлекетінің құрамдас бөлігі ретінде танылды.
Ресей империясының қазақ жерін отарлау саясаты, негізінде, үш бағытпен жүзеге асырылды:
1. Қазақ жерінің шекараларына әскери-стратегиялық маңызы бар бекіністер салу және оларға Орталық Ресей мен Сібір аймағын мекен еткен казактарды шоғырландыру;
2. Саяси-құқықтық реформа жасау арқылы қазақ халқын өзін-өзі басқару, билік жүргізу процесінен айырып, патша өкіметінің отарлық саясатын тиімді түрде іс жүзіне асыратын басқаруды енгізу;
3. Экономикалық саясатпен, яғни салық салу жүйесі арқылы жергілікті халықты қанау;
Патша үкіметі қазақ халқы мекендеген жерді мемлекеттің меншігі деп жариялап, шұрайлы шабындықтар мен құнарлы егіндіктерді қоныс аудару қорына, патша әулетінің меншігіне, казак-орыс әскерлерін орналастыру қажеттігіне және басқа мақсаттарға пайдалану үшін күштеп тартып алып отырды. Отарлаушылар осындай жолдармен бұрын қазақ қауымы пайдаланып келген 45 миллионнан астам десятина жерге қожалық етті. Революцияға дейін Россия империясының әртүрлі аймақтарында патша үкіметінің қарулы тірегі ретінде орналастырылған 11 казак-орыс әскерлерінің төртеуі (Орынбор, Сібір, Орал және Жетісу казак-орыс әскерлері) Қазақстанда мекен тепкен еді.
“Орыс империясы саясатының қазақ жерінде кең қанат жаюы, негізінде, Орталық Ресей мен Сібір аймағындағы казактар мен орыс шаруаларын қазақ жеріне көшіріп, қоныстандырумен күшейтілді. Мұндай тәсіл басқа халыққа қарсы отарлау саясатын жүргізетін мемлекеттердің басты, заңды функцияларының бірі болып табылатыны ақиқат. Себебі, империя орталығынан шалғай, қашық жатқан кең даланы отарлық саясаттың шеңберінде ұстап тұру оңай шаруа емес. Осы мәселеге терең, көрегенділікпен үңіле білген патша өкіметі қазақ жеріне орыстарды қоныстандыруды мемлекеттік маңызы бар іс ретінде таныды.
Қазақ еңбекшілері, бір жағынан, патша үкіметінің отарлау саясатының қасіретін, екінші жағынан, ауыл мен қаладағы үстем таптар езгісінің ауыртпалығын көтерді.
Қазақстанға капиталистік қатынастардың ене бастауы өлкеде өнеркәсіп орындарының, темір жолдардың пайда болуына және бүкіл елдің көп ұлтты жұмысшы табының құрамдас бөлігі ретіндегі қазақ жұмысшы табының қалыптаса бастауына негіз болды. Алайда өлке жұмысшыларының саны өте аз әрі олардың ұйымдасу дәрежесі нашар еді.
Қазақ өлкесіндегі әлеуметтік-экономикалық және саяси хал-ахуал таптық, аграрлық және ұлттық мәселелердің шиеленісуімен ерекшеленеді. Қазақстанда осы шиеленістен орын алған аграрлық және ұлт-азаттық қозғалыс отаршылдық пен феодалдық езгіге қарсы бағытталды, сонымен бірге россиялық азаттық қозғалыстың құрамдас бөлігіне айналды.
1. 2 Ұлттық еркіндікті ту еткен Алаш қозғалысы. ХХ ғасырдың бас кезінен өрістей бастаған қазақ қауымына тән қоғамдық қозғалыс өз алдына буржуазиялық-демократиялық мақсат-міндеттерді: ұлттың тең хұқықтық, халықтың мәдениетін көтеру, оқу-ағарту ісін жетілдіру, әйел теңдігін қамтамасыз ету, көшпелілерді отырықшыландыру сияқты міндеттерді қойды. Бұл істің басы-қасында қазақтың ат төбеліндей аз ғана тұңғыш интеллигенттері болды.
“1897 және 1917 жылдар аралығында Қазақстанның орыс тұрғындарының саны екі есе өсіп, олар өлке халқының бестен бір бөлігін құрды. Кең қоныстандыру саясатымен бір мезгілде қазақтарды христиан дініне шоқындыру, орыс оқу орындары, әкімшілік жүйесі арқылы пәрменді түрде орыстандыру саясаты жүргізілді.
Міне, осы айтылған жағдайлар ұлттық тәуелсіздік үшін күрес жүгін ауырлата түсіп, оның алдына жаңа талаптар қойды. Ендігі уақытта батырлар бастаған қол түзіп, көтеріліске шығу өз мәнін жоғалтты. Қалыптасқан, жаңа саяси жағдайға лайық жаңа күрес құралдары, жаңа әдіс-айла, ең негізгісі осылармен халықты қаруландырып, қоғамдық қозғалысты бастап кете алатын саяси әлеуметтік күш керек болды. Қазақ қоғамында ондай күштің қалыптасып келе жатқанын ХХ ғасыр басындағы саяси оқиғалар көрсетіп берді. Ол күш - патшалық отарлау аппараты өзіне қызметке даярлаған, сан жағынан аз болғанымен, саяси күрес қазанында қайнап, тез ысыла бастаған ұлттық интеллигенция еді”3.
Олардың бір бөлігі бірінші орыс революциясының әсерімен және елдің орталық аудандарында, сондай-ақ кейбір ұлт аймақтарында көптеп құрыла бастаған әртүрлі бағыттағы саяси партиялардың ықпалымен қазақ қауымының әлеуметтік топтарының мүддесін білдіретін саяси ұйымдар құруға және өлкедегі буржуазиялық-демократиялық сипаттағы қоғамдық қозғалысты басқаруға талпынды. Соның алғашқы көрінісінің бірі 1905 жылдың соңында Орал қаласында өткен қазақ интеллигенциясы өкілдерінің бес облыстық делегаттық съезінде “Қазақ конституциялық демократиялық” партиясын құру жөніндегі әрекет еді. Мұндай әрекет 1906 жылдың басында Семей қаласында да орын алды. Қазақ топырағында кадет партиясының бөлімшесін құру жөніндегі осы іс-қимылдың басында кейін 1917 жылы Алаш партиясын ұйымдастырушылардың бірі Әлихан Бөкейханов болды. Демек, бірінші орыс революциясы жылдарында Ә. Бөкейхановтың төңірегіне топтасқан қазақ зиялылары өздерінің саяси аренаға шыққан алғашқы қадамдарында сол кезде патша үкіметіне оппозицияда болған және оны сынға алып жүрген кадеттер партиясын өздеріне үлгі тұтты. Басқаша айтқанда, буржуазияның және буржуазияланған помещиктердің өкілі болған кадет партиясына іш тартқан Ә. Бөкейханов бастаған қазақ интеллигенциясының алғашқы легінің бір тобы ХХ ғасырдың басындағы Қазақстанды буржуазиялық қатынастарға бейімдегісі келіп, феодалдық қатынастар үстем болған қазақ қауымын дамудың байшылдық жолына түсіруге жол көрсетпек ниетте болды.
Мәмбет Қойгелдиев Алашорданың өмірге келуін былайша сипаттайды: “Тар таптық, партиялық принцип абсолютке көтерілген кеңестік тарихтану Алашорда үкіметінің пайда болуын ең алдымен қазақ буржуазиялық-ұлтшыл интеллигенциясының кеңес өкіметі мен большевиктер партиясы қызметіне қарсы бағытталған әрекетімен байланыстырды. Ал, мемлекеттік бірліктің белгілі бір таптың белсенді саяси қызметі нәтижесінде ғана емес, сонымен бірге отарлық езгіге қарсы күрес жағдайында жалпы ұлттық сұраныс нәтижесінде өмірге келіп, белгілі бір кезеңге дейін ұлттық бірлік, тұтастыққа, жалпы ұлттық мүддеге қызмет етуі табиғи құбылыс екендігі есепке алынбады. Бұл - біріншіден.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz