Фразеологизм мен сөз және фразеологизмнің мақал-мәтелдерден айырмашылығы


Пән: Тілтану, Филология
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 53 бет
Таңдаулыға:   

Кіріспе

Қазақ тіл білімінің қалыптасып, даму жолында, оны бір жүйеге түсіруде еңбек еткен санаулы ғана ғалымдардың бірі - Ісмет Кеңесбайұлы Кеңесбаев.

1940 жылы ғылым кандидаты, 1944 жылы ғылым докторлығына дисертациясын қорғап, ал, 1945 жылы профессор атағын алған ғалым 1946 жылы жаңа ұйымдасқан Қазақ ССР Ғылым академиясының алғашқы академиктерінің бірі болды.

І. Кеңесбаев қоғамдық ғылымдардың, әсіресе, филология ғылымының дамуына көп еңбек сіңіріп, сан-салалы ғылыми проблемаларға басшылық жасады. Ол екі жүз отызға тарта ғылыми еңбек жариялады. Ол еңбектерінде ғалым фонетика, лексика, грамматика, тіл тарихы, қолданбалы лингвистика мәселелерімен ғана айналысып қойған жоқ, сондай-ақ туыстас тілдердің өзара қарым-қатынасы мен аударма проблемасын да назардан тыс қалдырмады.

І. Кеңесбаевтың жұмыстарының недәуір бөлігі қазақ әдеби тілінің даму проблемасына арналған. Оларда қазақ әдеби тілінің дамуына, жетіліп шыңдала түсуіне ұйытқы болған негізгі құбылыстар барынша кең көлемде сөз болады. Автор әсіресе, кеңес дәуіріндегі әдеби тілге көбірек көңіл бөледі

Ғалымның қазақ тілінің лексикасын, семасиологиясын зерттеуге арналған еңбектері де қыруар. Ол өзінің бар шығармашылық өмірінің өн бойында әсіресе ана тілінің фонетикалық жүйесін байсалды да белсенді түрде зерттеп, барынша жемісті еңбек етті. І. Кеңесбаев қазақ тілі фонетикалық құбылыстарының заңдылығы жайында бірінші рет дәлелді қағидалар ұсынған еңбектер берді.

Ғалым қазақ жазуын, орфографиясын әрдайым жетілдіріп отыру ісінде де көп еңбек сіңірді.

Орыстың П. М. Мелиоранский, И. И. Мещанинов, С. Е. Малов, А. Н. Самаойлович сынды тіл зерттеуші ғалымдарының қазақтың Қ. И. Сәтбаев, М. О. Әуезов, Қ. Қ. Жұбанов, Н. Т. Сауранбаев сияқты ғұламаларының өмірі мен қызметі туралы жазғандары қоғамтану, жалпы түркологиялық, сондай-ақ жалпы қазақтану аспектінде тағылымды, айырықша құбылыс болып табылады. Мақалаларында ғалым осы оқымыстылар туралы маңызды мәліметтер келтірген. Оның «Қазақ халқы тілін зерттеудің бел-белестері» дейтін мақаласы мен кейбір еңбектері лингвистика тарихына байланысты жазылған.

Түркітануда фразеологизм туралы алғашқы еңбектер 40-жылдардан кейін жарық көрді. 50-жылдан кейін түркітануда фразеологияның тіл білімінде жеке пән ретінде қалыптасу жолында көптеген мәселелерді

ғылыми тұрғыда шешуде үлкен ізденістер басталды. Түркі фразеологиясын (әзербайжан, башқұрт, қазақ, қырғыз, татар, өзбек, т. б. ) зерттеуде алғаш ат салысқан қазақ ғалымы І. Кеңесбаев болатын.

І. К. Кеңесбаевтың қазақ тіл фразеологиясының мәселелері жөнінде зерттеулері айырықша көңіл аударарлық. Фразеологияны қазақ тіл білімінің өз алдына дербес саласы ретінде қалыптастырып оның негізін салды. Ол көп жылдан бері қазақ тілінің лексика, фразеологиялық байлығын жинаумен, жүйелеумен, ғылыми тұрғыда жан-жақты алып зерттеумен шұғылданған. І. Кеңесбаевтың «Қазақ тіліндегі фразеологиялық түйдектердің кейбір ерекшеліктері туралы» деп аталатын көлемді мақаласы фразеология мәселесіне арналған.

Ғалымның барлық мақалалары, зерттеулері кезінде тиісті ғылыми талқылаудан өткен, стильдік жағынан да әбден шыңдалған, жоғары ғылыми-теориялық дәрежеде жазылған. Олардың оқушы қауымға (мұғалімдерге, студенттерге, аспирант-филологтарға, журналистерге, т. б. ) тигізер пайдасы мол деп ойлаймын. Әлі маңызын жоғалтпаған көптеген мәселелерге І. Кеңесбаев зерттеулерінің пайдасы тиюі сөзсіз.

I-Тарау

I. 1 Ұлы ғалым Ісмет Кеңесбаевтың өмірбаяны

І. Кеңесбаев - қазақ кеңес тіл білімінің негізін қалағандардың бірі. Ол 1907 жылдың 15 ақпанында дүниеге келген. Туған жері Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданы Жаныс ата ауылы. Бала кезінде мұсылман мектебінде, ал кейін 1921 жылдан бастап Түркістан қаласындағы В. И. Ленин атындағы мектепте оқиды. Кейінірек Ташкентте Қазақтың оқу-ағарту институында, одан соң Қазақтың жоғары педагогикалық институында оқыған. Пединституттың екі курсын бітіргеннен кейін жақсы оқитын оқушылар қатарында 1928 жылы Ленинградқа, Шығыс институтының түркология бөліміне жіберілген. Оны 1931 жылы бітіріп шығады. Осы институтта оқып, алған білімі оның бұдан былайғы өмір, еңбек жолын айқындап берді. Мұнда атақты кеңес ғалымдары И. И. Мещанинов, И. Ю. Крачковский, А. Н. Самойлович, В. В. Бартольд, С. Е. Малов, Л. В. Щерба, Н. Я. Марр тәрізді профессорлардың алдын көріп, лингвистикалық терең білім алды. І. Кеңесбаев 1931 жылдан бастап оқу орындарында, ғылыми-зерттеу мекемелерінде еңбек етті. Ол алғашқы кезде Халық ағарту комисариатында методист бола жүріп, қазақ пединститутында қазақ тілінен сабақ берді. Содан соң Қазақтың мемелекеттік медицина институтында тіл кафедрасының меңгерушісі, СССР Ғылым академиясының Қазақ филиалында (1936-1940) аға ғылыми қызметкер болып істейді. Бұл жылдары ол Абай атындағы Қазақ пединститутында, Қазақтың С. М. Киров атындағы ( қазіргі Әл Фараби атындағы) Мемелекеттік университетінде әуелі доцент, кейін профессор қызметін атқарады. 1938 жылы 8-10 кластарға арнап, құрылымы және мазмұны жағынан да тың қазақ тілі оқулығын жазды. 1939 жылы І. К. Кеңесбаевқа филология ғылымының кандидаты деген ғылыми атақ беріледі. Ал, 1944 жылы «Қазақ тілінің тиянақты сөз тіркесі» (фразеологиясы) деген тақырыпта докторлық диссертация қорғайды. 1945 жылы оған профессор атағы беріледі.

І. К. Кеңесбаев 1946 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының толық мүшесі болып сайланады. Осы жылдан бастап 1951 жылға дейін Қазақ ССР Ғылым академиясының вице-президенті болып істейді. Б. Әбілқасымов өз естелігінде былай дейді: «Ісекең тым саясатшыл адам еді. Бір кездері сол саясаттан таяқ жегендіктен болу керек, саясатқа келгенде тым сақ болатын. Жас кезінде «молданың баласы» деп қудаланса, 1950 жылдары «Кенесары қозғалысымен» болған дүрбелеңде «ұлтшыл» деп вице-президенттік қызметінен алынып Қызылордаға жер аударылды».

1956-1978 жылдары алдымен Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл-әдебиет институтында 8 жыл, кейін Тіл білімі институтында 17 жыл директорлық қызмет атқарады. Бірнеше жыл бойы Қазақ ССР Ғылым академиясының Қоғамдық ғылымдар бөлімін басқарды.

І. К. Кеңесбаевтың еңбектерін партия мен үкімет жоғары бағалады. 1944 жылы жоғары оқу орындарындағы мінсіз атқарған педагогтық қызметі үшін «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, 1945 жылы Қызыл Жұлдыз орденімен, 1967 жылы Еңбек Қызыл Ту орденімен, 1970 жылы «Владимир Ильич Лениннің туғанына 100 жыл толу құрметіне» арналған медалімен, 1977 жылы Ленин орденімен, сондай-ақ Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының бірнеше грамоталарымен наградталады. 1945 жылы «Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері» деген құрметті атақ беріледі.

І. К. Кеңесбаев бастауыш, орта және жоғарғы мектептерге үздіксіз үлкен көмек көрсетіп келген. Ғалым өзінің ғылыми қызметін 1930 жылдары бастауыш және орта мектептер үшін оқулықтар, программалар жасаудан бастайды. Ол - мектеп пен жоғары оқу орындарына арналған бірқатар оқулықтың авторы. Оның бұл саладағы жазған тұңғыш мектеп оқулығы 1934 жылы басылып шықты. Оқулықтарының көпшілігі әлденеше рет қайта басылып шықты. Ол бірсыпыра ірі проблемалар бойынша көлемді де, күрделі де зерттеу еңбектер берді. Соның бірі - «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі». Бұл қомақты, кесек жұмыс - түркі тілдерінің лексикографиялық ғылымына қосылған аса ірі үлес болып табылады. Осы еңбегі үшін ғалым 1978 жылы Қазақ ССР-інің Мемелекеттік сыйлығына ие болды. Бұл еңбек - автордың талай жылдар бойы ерінбей істеген еңбегінің жемісі.

Ғалым - республикамыздағы, сондай-ақ басқа түрколог ғалымдардың жаңа легінің өркен жайып өсуіне қалтқысыз көмек етіп келген тәлімгер ұстаз. Оның шәкірттері арасында бірнеше ғылым докторы мен кандидаттары тіл білімі саласында табысты еңбек етуде. Оған берілген «Қарақалпақ АССР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері» атағы туысқан республикадағы ғалымға деген ілтипатының айғағы.

І. К. Кеңесбаев - ғалымдардың халықаралық ұйымы «Орал - Алтай қоғамының» құрметті мүшесі, Түркиядағы «Түрік тілі қоғамының корреспондент мүшесі, «Советская тюркология» журналының редакция алқасының мүшесі. Шетелдердегі отандастармен мәдени байланыс жасайтын қазақ «Отан» қоғамына басшылық та еткен.

І. Кеңесбаев 1995 жылы қаңтардың 16-сында 88 жасқа қараған шағында дүниеден қайтты. Ғалымның туған жерінде, өзі оқыған ауданындағы орта мектепті академик І. Кеңесбаев атымен атау, Астанадағы ол тұрған үйдің қабырғасына ескерткіш тақта орнату, Алматы қаласындағы бір көше атын беру ғалымға үлкен құрмет, аруағына ізет болып табылады.

I. 2 І. Кеңесбаев қазақ фразеологиясының теориялық негізін салушы

І. Кеңесбаев көп жыл бойы қазақ тілінің лексика, фразеологиялық байлығын жинаумен, жүйелеумен, ғылыми тұрғыда жан-жақты зерттеумен шұғылданған. Ғалым өзінің «Қазақ тіл білімі туралы зерттеулері» еңбегінде қазақ тілінің фразеологиясына жеке тоқталып, нақты мәләметтер береді. «Қазақ тілінің фразеологиясы туралы» деген бөлімде былай дейді: «Фразеологизмдер―тіліміздің бөлінбес бір бөлшегі. Өзінің көнеленуі жағынан да, тұлға, мағына тұрақтылығы жағынан да, стиль жағынан да оларға тән ерекшеліктері бар.

Тілімізде көкейге қонымды, көркем орамды алуан түрлі тұрақты сөз тіркестері кездеседі. Тіл қазынасына жататын қат-қабат тіркес, тізбектерді халық орынды пайдаланды. мақал-мәтелдермен барабар жоғары бағалап, оларды қастерлей сақтап келеді. Сол сан-салалы, тізбек, қалыптасқан сөз топтарын жинау, бір ізге түсірудің мәні өзінен-өзі түсінікті.

Тіл-тілдің өзіне лайық ұлттық қасиеті оның барлық тарауларынан (ярустарынан) байқалатыны мәлім. Сол қасиет әрине тиянақты сөз тіркестерінен де анық көрінеді. Тіл байлығын сөз еткенде сөз байлығы (лексикалық қор) деген топқа осы сөздікте қамтылған алуан түрлі фразеологизмдерді жай, жалпылай жатқыза салуға болмайды. Басқаша айтқанда, сөз байлығын тексеретін тіл білімі саласын лексикология дейтін болсақ, фразеологизм байлығын тексеретін саланы фразеология деп атау әбден орынды. Бұл саладағы ғылыми топшылауларды 1944 жылы айтқан болатынбыз». (1, 202)

Атақты ориенталист ғалымдар ― М. О. Әуезов, С. В. Юшманов кезінде осы мәселе жөнінде өте құнды пікірлер білдірген екен.

Әр тілдің заңдары, өзіне лайық ерекшеліктері бар; оларды зерттейтін фонетика, морфология, синтаксис, лексика, симасилогия тәрізді ярустары, яғни тараулары бар. Фразологизмдер бұрынды-соңды еңбектерде, көбіне, осы лексика тұрғысынан зерттеліп келгенін, соның өзінде екі тілді сөздіктерде иллюстрация ретінде сөз болғанын, басқаша айтқанда, өзінің ұсынып отырған «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі» атты еңбектегі қыруар фактілердің кейбірі оқулықтарда т. б. мысал ретінде ғана жол-жөнекей айтылып келе жатқанын айтады. Революциядан бұрынғы, революциядан кейінгі қырқыншы жылдарға дейін тиянақты сөз топтары тіпті түркология көлемінде де зерттеушілердің арнаулы теориялық обьектісі болмағанын да ескертеді. . І. Кеңесбаев фразеологизмдердің зерттелуі туралы қысқаша айтып өтеді. Онда: «Кейінгі 10-15 жыл ішінде түркі тілдерінде фразеология проблемалары жан-жақты тексеріліп, тың ойлар ғылыми жұртшылық талқысына түсуде. Бұдан тысқары құрлымы бөлек өзге тілдер жайында келелі концепциялар кездеседі. Әсіресе славян (ең алдымен орыс), герман, роман тілдері бойынша бұл саладан Отан ғалымдарының бағалы теориялық пайымдаулары, айтыс пікірлері көптеп кездеседі. Шетел зерттеушілерінің де бірқыдыру мақалалары бар. Бұл тарапта негізгі приоритет совет ғалымдарына тән екенін арнайы атағанымыз жөн. Дегенмен, барлық мәселе әбден үзілді-кесілді шешілді деу қиын. Әр автордың пікір сайысына бөлек тоқталудың нақ қазір қажеті жоқ. Бұл жолы талай жылдарды артқа салып, қазақ тілінің бай фактілерін негізге алып, өзге де ғұламалардың шалымды топшылауларын ескере отырып, фразеологизмдер (ықшамдап айтқанда ФЕ категориясы) өз алдына терезесі тең лингвистика саласы екенін баса атағанымыз мақұл»-дейді. (1, 203)

Ғалым қазақ фразеологиясының дербес пән екендігін дәлелдейді. Фразеологияның сыр-сипатын айтқанда, оның тіл ярустарына, тілдің құранды бөлшектеріне мүлде қатысы жоқ деп айтпайды. Тілдің сол бөлшектерінен түбірлі айырмасын, бас белгілерін (релеванттық қасиетін) бір-ақ ауыз сөзбен түйгеді: 1) мағына тұтастығы мұнда ― белгілі бір ФЕ-нің ішіндегі сөздер бастапқы мағынасынан түгел немесе ішінара жартылай айрылып қалады да, шоғыр тіркес бір тұтас мағына береді; 2) тіркес тиянақтылығы мұнда ― белгілі бір ФЕ-нің ішіндегі сөздер бір-бірімен жымдаса байланысады, олардың орын тәртібі нық келеді, барлық жағдайда дерлік бір шоқ тіркесу өз қалпын сақтайды; 3) қолдану тиянақтылығы мұнда ― белгілі бір ФЕ айна-қатесіз, өлеңдегі қайырма тәрізді бұлжымай қайталана қолданылады. Сонымен өзіне дейінгі барлық зерттеулерді және өзінің бұрын- соңды ізденістерін шола, қорыта, әрі тұжырымдай келіп, фразеологизмдерді танып-білудің жоғарыдағыдай негізгі үш принципін (үш критерийін) қолдайды.

Әдетте зерттеушілер тарапынан бұл аталған критерийлердің бірін―басты, шешуші, екіншісін―көмекші не қосымша, үшінші біреуін―қосалқы, не шешуші емес деген тәрізді саралау, салмақтау талабы кездеседі. Алайда бұл тәрізді, пайымдауларымыздың дұрыс-бұрысын атап жатпай-ақ өзіміз басшылыққа алатын, негізгі, басты принцип аталған үш критерийдің тұтастығын атаймыз. Осы үш критерийді бір-бірінен жырып алмай, тұтасымен басты арқау еткенде ғана ФЕ-нің ерекше белгілерін тани аламыз. Яғни үш тұрғыны жүйелі түрге салып, фразеологияның басы ашық, дербес обьектісін анықтаймыз. Сонда ғана ФЕ-нің ерекше белгілерін тани аламыз. Демек, фразеологияны тіл білімі саласындағы дербес пән деп тани білудің өзі осы аталған заңдылықты қаншалықты мойындауға байланысты болмақ.

Тұтастық, тұрақтылық пен тиянақтылық ФЕ-нің басты, негізгі белгісі дегенде, бұл қасиеттерді өз дәрежесінде, өзге күйде тілдің басқа элементтерінен де табуға болады. Мәселен, тілдегі ең кішкене бөлшек фонема, буын болсын, немесе морфема мен түбір, оның негізгі, туынды түрлері болсын өзінің тұлғалық тұтастығын, тұрақтылығын сақтайды. Сөйлемнің әр алуан типтерін алсақ, олар да өз құрлымының ерекшелігіне, шегі мен мөлшеріне, солардың тұрақтылығы мен тұтастығына қарай бір-бірінен дараланып тұрады. Бұл тұрғыдан қарағанда тұтастық, тұрақтылық қасиеттер тек ФЕ емес, көптеген тілдік категорияларға ортақ тәрізді, яки тұтастық, тұрақтылық, тиянақтылық сипат алған нәрселердің бәрі бірдей ФЕ бола алмағанымен, ФЕ үшін сол қасиеттердің болуы міндетті. Әйтсе де бұл жерде сөз етіп отырған заңдылықтың өз ерекшелігі бар. Жоғарыда аталған үш критерийді түгел қамтитын тұтастық пен тұрақтылық кез-келген сөз элементінен немесе сөйлемнен табыла бермейді. Ал, ондай белгілердің екеуі болып бірі болмаса, немесе біреуі ғана болып екеуі болмаса, ешбір лексикалық-грамматикалық тұлға ФЕ дәрежесіне көтеріле алмайды. Ал, ФЕ категориясын алатын болсақ, ол аталмыш үш белгінің, яғни жоғарыдағы үш критерийдің үшеуіне бірдей ие, үш қасиеттің үшеуі бір-бірінен ажырамай, іштей өзектесіп жатады. Міне, осыған орай ФЕ де тілдің өзге категорияларынан оқшауланып, өзіндік бітім-бейнесімен тіл ішінде өмір сүреді, өз заңдылықтарын берік тұтынады.

Осы аталған үш белгіге, яки үш критерийге сүйене отырып, бүкіл қазақ тілінің құрамындағы ФЕ құбылыстарын ең негізгі екі арнаға бөледі. Оның біріншісі фразеологиялық түйдектер (шартты түрде ф. түйдек), екіншісі фразеологиялық тіркестер ( ф. тіркес) деп аталады. Бұл топтарды дәстүрлі термин атауларына сай түсіндіретін болсақ, түйдекке идиом сипатындағы фразеологизмдерді жатқызады.

Сонымен, ф. түйдекке (идиом) мына тәрізді фразеологизмдер жатады: Жаны күйді, ит арқасы қиянда, талағының биті бар, жүрегінің түгі бар, жүрек жұтқан т. б. бұл типтегі ФЕ компоненттері әуел бастағы негізгі лексикалық мағынасынан айрылып, бәрі жиылып бір ұғымды түйдегімен бір-ақ білдіреді. Осы тұста І. Кеңесбаевтың идиом мен фразаның айырмашылығы мен ерекшеліктеріне тоқталып өткенді жөн көрдім. Онда: « Идиом да, фраза да ― белгілі бір сөз тізбектері: идиом тобындағы сөздер өзінің жеке тұрғандағы негізгі мағынасынан айырылып қалады да, өзара жымдасып, бір ғана лексикалық формасы мен мағынасын жоғалтады да, грамматикалық формасын сақтайды; бұлар - негізгі бір кесек күрделі лексикалық единицаның грамматикалық элементтері болып есептеледі. Идиомның беретін мағынасы оның жеке сыңарларынан шығатын мағынамен байланысты: Мәселен, «қабырғаңмен кеңес», «қас пен көздің арасында», «жүрек жалғау», «қырғи қабақ болу», «тонның ішкі бауындай» дегендердің әр қайсысы бір-бір идиом; «қабырғаңмен кеңес» дегеннің мағынасы «қабырға, кеңес» деген сөздердің тікелей мағынасынан туып отырған жоқ, мұның беретін ұғымы «ойлан, асықпай, саспай ойлан» . . . әрбір идиомның сыңарлары бір тегіс, басы бірігіп тұрып қана жаңа мағына туғызып тұр . . . жеке элементтердің негізгі мағынасынан барып жасалған тізбек идиом болмайды, ол фраза болады. Мәселен, «белін қынай буынды», «ата жолын қуу», «егіліп жылау», «асқар тау», «шалқар көл», жосадай қан», «мидай дала» . Бұл тізбектердің әрқайсысындағы компоненттер өзінің негізгі мағынасынан айырылып қалып тұрған жоқ, бастапқы тікелей мағынасын сақтап тұр. Идиом мен фраза тілдегі қолданылу ыңғайына қарай, бірінің орнына бірі жүріп, ауысып отырады: бұл екеуінің кей уақыт шегін белгілеп, ажырата білу қиын болады. Мәселен, «күлін көкке ұшыру», «жермен жексен болды», «жерден жеті қоян тауып алғандай», «салы суға кетіп отыр», «санын соғып қалды», «төбе шашы тік тұрды» деген тізбектердің бәрі де бейнелі мағынаға ие болып тұр. Бұлар да - идиомдық сөздер, бірақ әр тізбектің ішіндегі сөздер мүлдем өзінің негізгі мағынасынан айырылып қалды деуге болмайды. Мұндағы «жермен жексен қылды» дегендегі жексен сөзі парсы тілінде бірдей, тегіс деген мағынаны білдіреді екен; «жер бетімен бірдей ету -көзін жоғалту , құрту» деген метафоралық ұғымды беріп тұр . . . солай бола тұрып, бұл сөздер екінші жанама, метафоралық ұғымды бергендіктен, олар өзінің лексикалық мағынасынан айырылып қалып тұр. Сол сықылды «салы суға кетіп отыр» дегенді де басқа мағынада қолданып отырмыз. Егер де бұл сөздерді салының суға кетуі мағынасында тікелей түсінсек, идиом бола алмайды». - делінген (2, 205, 206, )

Ф. тіркестер өз ішінен екіге бөледі:

а) түйін тіркес (түйін. т) . Бұл―әуел бастағы еркін тіркесті ауыс мағынада қолданудан туған фразеологизм. Басқаша айтқанда ФЕ сыңарларының о бастағы мағынасы мүлде жойылмағанмен, көмескіленген. Бұған мынадай фразеологизмдер жатады: ернінен ене сүті кетпеген, пышақ кескендей тыйылды, өкшесін (табанын) жалтыратты т. б.

ә) түйіс тіркес (түйіс. т. ) . Бұл да әуел бастағы еркін тіркесті ауыс мағынада қолданудан туған. Бірақ ФЕ сыңарларының бастапқы мағынасы мұнда көмескіленбей, әнтек солғындап айтылады. Түйіс т. Мысалдары мыналар: құмырысқадай құжынаған, ортан қолдай, көзді ашып-жұмғанша, асқар тау, қыпша бел т. б.

Қорыта айтқанда, қазақ тіліндегі тиянақты тіркестер (фразеологизмдер) ―тіл ішінде өз заңдылықтарына сәйкес өмір сүретін айрықша категория. Олардың әр алуан ірілі-ұсақты ерекшеліктері мен айрым белгілерін саралай зерттейтін дербес пән―фразеология.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Мақал-мәтелдердегі аналитикалық байланысудың көріністері
Қазақ фразеологиясының стильдік ерекшеліктері.қазақ фразеологизмдерінің қалыптасуындағы ұлттық мәдени маңызы бар түпдеректер.фразеологизмдердің көркем әдебиетте қолданылуы туралы ақпарат
Мақал –мәтелдердің аударылуы
Фразеологизмдерді аудару тәсілдері
Қазақ тіліндегі мақал-мәтелдердің өзіндік грамматикалық ерекшеліктерін олардың семантикалық құрылымы арқылы зерттеу, мәнмәтіндік өзіндік грамматикалық ерекшеліктерін сипаттау
Ағылшын, орыс, қазақ тілдеріндегі идиомаларды аударудың ерекшеліктері
Фразеологиялық бірліктердің көлемі
Ұлттық фразеологиялық қор
Тұрақты архетиптер фразеологиялық фразеологизмдер формалар
Қазақ фразеологиясын аудару қиындықтары
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz