Қаһарман Қалибек


Пән: Тарихи тұлғалар
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 13 бет
Таңдаулыға:   

ҚАҺАРМАН ҚАЛИБЕК

Қашан, қайда болмасын бодан елдің тарихын отаршылдар жазып, ұлттық құндылықтарын да отаршылдар безбендеп отырды. Патшалы Ресей мен кеңестік кезең тұсында қазақ халқының тарихы мен рухани құндылықтары да солай болды. Соның кесірінен ата тарихымыз бен ана мәдениетіміз теріс түсініктердің, ақтаңдақ тақырыптардың қоймасына айналғаны жасырын емес. Тек азаттықтың ақыр айдынына шығып, екі тізгін, бір шылбыр өз қолымызға тиген күннен бастап, тоталитарлық жүйе санамызға сіңіріп кеткен теріс түсініктерді жөнге келтіріп, тарихымызды түгендеудің қамына кірісе бастадық.

Иә, азат елің, өз отаның болғанға не жетсін?! Бүгінде жер бетінде өмір сүріп жатқан күллі қазақтың болашағына, тағдыр-талайына қатысты бір-ақ жер бар. Ол - өлі аруақ, тірі ағайынның қара шаңырағы, ортақ Отаны - Қазақстан! Сөздің осы тұсында академик С. Сартаевтың: “Қазақ мемлекеті тек Қа­зақстанда тұратын қазақтардың ғана мемлекеті емес, ол сонымен қатар дүниежүзіндегі қазақтардың ұлттық мемлекеті. Сондықтан да ол бүкіл дүниежүзін­дегі қазақтардың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуі және қорғауы қажет”, - деген парасатты пайымы ойға оралады. Демек, исі қазақтың жоғы осында түгенделіп, бары осында базарланбақ. Солай болып та жатыр.

Ертең республика көлемінде аталып өткелі отырған Қалибек хакім Райымбекұлының 100 жылдық мерейтойы осы сөзіміздің жарқын дәлелі.

Мейлі қандай ұлы тұлға, ірі ойшыл, ел бастаған көсем, сөз бастаған шешен болмасын, ол - қалай дегенде де белгілі бір дәуірдің перзенті, белгілі бір әлеу­меттік ортаның өкілі. Сондықтан кейіпкеріміз туралы әңгімеге көшпес бұрын, ол өмір сүрген елдің арғы-бергісіне, ол басынан өткерген дауылды кезеңдердің сыр-сипатына қысқаша болса да шолу жасап алуға тура келеді. Әсіресе, біз сөз еткелі отырған Қалибек сынды саналы ғұмырын өзге елде өткізген, ұлтының азаттығы мен бостандығы үшін қол бастап ата жауымен майдандасқан алаштың ардагер перзентінің өмір жолы мен ерлігі туралы бүгінгі ұрпаққа сыр шерту үшін әңгімені әріден қозғау парыз. Онсыз Қалибек хакімнің азаматтық болмысын ашу, ерлігі мен парасатын безбендеу мүмкін емес.

Өзгені айтпағанның өзінде, Қытайдағы қазақтар деген кімдер? Олардың ұлт-азаттығына ұмтылуының себебі не? Азат ел құруға хақысы бар ма? Олар кіммен соғысты? Шығыс Түркістан Республикасы деген не? Гоминдаң, Қытай компартиясы деген кімдер? Оспан батыр мен Қалибек хакімдер басында Шығыс Түркістан үкіме­тін неге қолдады? Кейін неге Гоминдаңмен ымыраласып, Шығыс Түркістанға қарсы шықты? Соңында неге елін, жерін тастап шетел асуға мәжбүр болды? деген сияқты толып жатқан сұрақтардың басын ашып алмайынша Қалибек хакімнің ерлік істері мен азаматтық болмысы туралы сөзді бірден бастап кету мүмкін емес.

XІX ғасырдың соңғы жартысында патшалы Ресей мен Қытайдың Цинь патшалығы қазақ даласын пышақ үстінен бөліске салып, қызыл сызықпен қақ бөліп алды да, “жері кімге тән болса, ондағы адамдар да (халық емес! - Д. М. ) сол елге тән бо­лады” деп кесіп-пішіп тастады. “Қазақ деген халық бар еді-ау, бұл солардың жері еді-ау”, деп онымен есептескен кісі болған жоқ. Баяғы “айттым бітті, кестім үзілді” дейтін империялық пиғыл, қожайындық көзқарас . . . Сөйтіп, қазақ жерінің үлкен бір бөлігінің Қытайға қосылуы, сол өлке мен тарихи отанның екі арасында шекара сызығының түсуі көшпенді елді көгертпегені өз алдына, көп өтпей әке баладан, шеше қыздан, аға ініден, бас денеден, әруақ тіріден, жүрек қолқадан айырылып, бүтін бір халық екі империяның қанжығасында жылай-жылай бөлініп кете барды. Сонымен сан ғасыр бойы жауға бірге шапқан, “бірге өліп, бірге тірілген” қазақ деген халық “Ресей қазағы, Қытай қазағы” деп жатжұрттарға телінді де кетті.

Сол заманнан бастап Шығыс Түркістан даласына (Жоңғар, Шағатай жұртына) иелік етіп, ел мен жерге қожа бола бастаған Цинь патшалығы үкіметі “жаңа шекараның” (Шиньжияң, Xіn - жаңа, jіang - шекара, өлке, өңір) қорғанысын күшейту мақсатымен, Тәңіртауының оңтүстігі мен солтүстігін алып жатқан бай да байтақ мекенге ішкі Қытайдан мыңдаған-миллиондаған әскер кіргізді. Тарихи деректердің айтуынша, Цинь патшалығы жалпы армиясының бестен төрт бөлігін Шығыс Түркістанға кіргізген болса, бір қызығы, осы әскердің денін қазақтар қоныстанған Іле, Тарбағатай, Алтай өңірлеріне шоғырландырды.

Бұдан тыс, Цинь үкіметі бұл аймақтың әкімшілік-басқару жүйесін де жаңғыртып, күшейте түсті. Бұл ретте Цинь билеушілері жергілікті халықтың бек-төрелерінің аузын майлап, құлқынын жемдеумен бірге, “тың игеру” деген желеумен ішкі Қытайдан Шығыс Түркістанға мыңдаған-миллиондаған қытайларды көшіріп алып келді. Бұл үдерістің өзін Цинь билеушілері үш салаға бөліп жүргізді. Яғни, “әскери­лердің тың игеруі”, “қарапайым шаруалардың тың игеруі”, “қылмыскерлердің тың игеруі” деген айдарлармен Шығыс Түркістанға қыруар әскер, есепсіз қарапайым шаруа, сансыз бұзақы кіргізді. Сонымен бірге, 1760 жылдары Іле өңіріне (Құлжа атырабы) оңтүстіктегі Қашқар, Хотан, Құмыл, Тұрпан аймақтарынан неше мыңдаған ұйғыр егіншілерін (тараншы) әкеліп қоныстандырды.

Осындай айла-шарғылар арқылы жаңа өлкеге қожа бола бастаған Цинь патшалығы, ендігі жерде жергілікті халықты дінінен, салт-дәстүрінен айырудың қамына кірісті. Атап айтқанда, Цинь билеушілері XІX ғасырдын басына келгенде, отаршылардың дінсіздендіру саясатына наразылық білдірген молдаларды, діндарларды жаппай қуғындай бастады. Сондай-ақ “ислам дінінің саясатқа арала­суына тиым салу”, “дінбасыларды үкімет ісіне араластырмау”, “егер діндарлар мемлекеттік қызметке барамыз десе, онда олар діни нанымнан бас тартуы керек” деген сияқты қитұрқы заңдар шығарды. Міне, осылай Шығыс Түркістан халқының мойнына мықтап мініп алған Цинь үкіметі, енді оларды аяусыз езіп-қанаудың да қамына көшті.

XІX ғасырдың орта шенінен кейін, Цинь үкіметі Шыңжаңдағы алым-салықты шексіз өсірді. Бұрындары ептеп қана алынатын астық, кездеме салықтарынан тыс, 1850 жылдары мақта, тұз, шай, жан, мал, жол салықтары алына бастады. Қазақ шаруаларынан тұяқ, жайылым, су, ет, сүт, салықтары алынудың сыртында, жергілікті қытай билеушілері әр түрлі сылтаумен мыңдаған малды өз қорасына жинатып алып отырды. Сөйтіп, халық еркіндігінен, дін, тілінен айырылып қана қалмастан, ішер ас, киер киімнен де жұтай бастады. Қысқасын айтқанда, қиын тағдырдың қылбұрауы жанын буған халық төтенше мүшкіл жағдайда өмір кешіп жатты . . .

1881 жылы Қытай мен Ресей Іле келісіміне қол қойып, Ресейден Іле өңірін қайтарып алып, Шынжаңды өлке етіп құрғаннан (1884 ж. ) кейін Цинь патшалығы жергілікті халықты қанау мен қырғындауын одан сайын өршіте түсті. Осындай жантүршігерлік езгі мен қанауға төзбеген халық өлкенің әр тұсынан көтеріліске шығып жатты. Бұлардың ішіндегі аса ықпалдысы 1912 жылғы Іле көтерілісі еді. Көтерілісті о баста Іледегі қазақ, дүнген қатарлы мұсылман халықтар бастап, жеңіске жете бергенде билікті тағы да қытайлар қолына беріп қойды. Олар Іледе жарты жылдай тәуелсіз үкімет бола тұрып, қайта құлады. Бұдан кейін Шынжаң өлкесінің билік басына Яң-Зыңшин келді. Ол билік құрған 17 жылда (1912-1928) жергілікті халықты езіп қанауды, мәңгүрттендіруді еселеп жүзеге асыруға тырысты. Одан кейін тақта бес жыл (1928-1933) отырған Жин-Шурын да, он бір жыл (1933-1944) отырған Шың-Шицай да жауыздық жағынан бірінен бірі асып түсіп жатты. Әсіресе, Мәскеумен астаса отырып, 1937 жылдан бастап “Шынжаңдағы жапон тыңшыларын”, “троцкийшілдерді” (анығында түрікшіл, исламшыл, ұлтшыл зиялы қауымды) қырып-жоюға келгенде Шың-Шицай Кремльдегі “мұртты көкесінен” еш кем соққан жоқ. Сталин “халық жауы” деп айдар тағып, “мойындатып”, атып өлтірген болса, Шың-Шицай қазақ-ұйғырдың сорпа бетіне шығар ел ағаларын “жиналысқа” шақырып алып, бас салып тұтқындап, қырып салып отырды. 1937-1942 жылдар аралығында қандықол Шың-Шицайдың бейкүнә өлтірген адамы 4000-нан асып жығылған.

Осы көрсетілген санның дені ел ағалары, халық көсемдері, ұлтжанды ақын-жазушылар мен молда-қожалар екенін ескерсек, КСРО-дағы сталиндік зұлматтың Шынжаңда айна-қатесіз қайталанғанын аңғару қиын емес. Мәселен, Шығыс Түркістан қазақтарының әйгілі ағартушылары Шәріпхан Көгедайұлы, ақын Ақыт қажы Үлімжіұлы, Таңжарық Жолдыұлы, Әбеу Құдышұлы, Дубек Шалғынбайұлы қа­тарлы жүздеген-мыңдаған ел серкелері Шың-Шицай үкіметі тарапынан тұтқындалып, олардың дені Үрімжі түрмесінде айуандықпен өлтірілді . . .

Міне, осылайша өз елінде, өз жерінде отырып, адам төзгісіз қорлық пен зорлықтың астында қалғанына, “елім” деп еңіреген игі жақсыларынан қарап отырып айырылғанына, алаңсыз өмір сүре алмағанына ашынған, қаны қарайған халық тағы да азаттық үшін атқа қонуға мәжбүр болды. Мәселен, 1940 жылы Көктоғай, Шіңгіл ауданының қазақтары көтерілген болса, 1941 жылы оларға Қаба-Сауыр қазақтары үн қосты. Одан кейін Шәуешек, Толы, Дөрбілжін, Шағантоғай, Сауан қазақтары да атқа қонды. Бұл көтерілістер дүмпуінің алды-артында жеткілікті дайындықтан өтіп жүрген Іле қазақтары 1944 жылы аса зор көлемдегі, кешенді көтерілістерін бастап жіберді. Осы ұлт-азаттық көтерілістердің алдыңғы шебінде, қанды майданның өтінде Оспан батыр, Шәріпхан Көгедайұлы, Қалибек хакім Райымбекұлы, Әкбар мен Сейіт, Дубек Шалғынбайұлы, Балқаш Әлімғазыұлы (Бапин) бастаған қазақ халқының қаһарман ұлдары, Алаштың ардагер перзенттері жүрді. Аталған азамат­тардың тікелей қолбасшылығымен оншақты жылдарға созылып, ақыр аяғында Іле, Алтай, Тарбағатай аймақтарын қытай үстемдігінен азат еткен қанды шайқас - 1944-1949 жылдары аралығында өмір сүрген “Шығыс Түркістан Республикасының” құрылуына негіз болды.

Біздің кейіпкеріміз тарих сахнасына осындай тарихи жағдайда келген. Олай болса, ендігі сөз Қалибек хакімнің қысқаша өмір жолы туралы.

Қалибек Райымбекұлы 1908 жылы Тарбағатай тауының бір сілемі болып есептелетін Жайыр тауының бөктеріндегі Алтын-Еміл деген жерде қарапайым малшы отбасында өмірге келген. Шыққан ата-тегі қазақтың Орта жүзіндегі Абақ керейден тарайтын Жәнтекей. Оның ішінде Барқы.

1933 жылы ата-анасымен бірге жергілікті қытай билеушілерінің қысымынан бой тасалап, Тарбағатайдан Еренқабырға-Сауан өңіріне қоныс аударған. Мұнда келгеннен кейін жігерлі, ұлтжанды, жас Қалибек ұлт азаттығы жолындағы күресін бастайды. Бастапқыда осы өңірдегі көрнекті алашшыл азаматтар, белгілі ел ағалары Жүніс қажы мен Ожаубай болыстарға көмекші қызметін атқара жүріп, олармен бірге “Ұлтты қорғау ұйымын” құрады. Аталған ұйымның нығаюы мен өңірдегі ықпалының тез күшеюіне жас Қалибек үлкен үлес қосады. Оның “ұлтшыл ұйым” құрып, осы бағытта белсенді қимылдап жүргенін байқап қалған жергілікті қытай үкіметі оған үлкен мөлшерде айыппұл төлетеді. Онымен де тынбай қытайлар 1940 жылы Қалибекті Шығыс Түркістандағы қазақ, ұйғырдың молда-қожа, ел ағаларымен бірге Үрімжіге жиналысқа шақырып апарып тұтқындайды. Онда бір жарым жыл бойы түрмедегі “саяси үйренуден” өтіп, қорлық пен қинаудың сан түрін көріп ауылына аман-есен оралады. Түрмеден “ойы тазарып, идеясы дұрысталып шықты” деп есептеген қытай үкіметі Қалибекке үкірдайлық (ауылдық жердегі екі мың түтіннің бастығы) мансап береді. Бұл қызмет Қалибек үшін өзінің түпкілікті мақсатын жүзеге асыруға - ұлт-азаттық ісін тереңдетуге, халықты осы бағытқа жұ­мылдыруға тамаша орай болады. Алайда, оның бұл әрекеті де ұзаққа бармайды. Оны Үрімжідегі қытай үкіметі шақырып алып, тағы бір жыл тұтқындайды. Одан 1944 жылы босатылады. Сол жылдың күзінен бастап Қалибек өз қосынын жасақтап, қытай отаршылдарына қарсы жаппай қарулы көтеріліске дайындалады. Еренқабыр­ғаның Сауан, Манас өңіріндегі Қалибек бастаған қарулы көтеріліс Құлжада құрылған Шығыс Түркістан ұлттық армиясымен селбесе отырып, Гоминдаң қосындарына сілейте соққы береді. Сөйтіп, көп ұзамай Қалибек қосыны Сауан ауданы өңірін толығымен азат етеді. Шығыс Түркістан үкіметі Қалибектің бұл ерлігі мен ұлт-азаттығы жолында сіңірген еңбегін өте жоғары бағалайды. Яғни, 1946 жылы маусымның 8 жұлдызында орта-шығыс майданының бас штабы орналасқан Еренқабырғада Сауан халқының азат болғандығының бір жылдығына арналған дүбірлі той өтеді . . .

Салтанатты жиналыста Шығыс Түркістан үкіметінің ресми өкілі, генерал-майор Палинов сөз сөйлеп, Қалибек қосынының Манас-Сауан өңірін азат етудегі ерен еңбегін ерекше жоғары бағалайды. Әрі Шығыс Түркістан үкіметінің атынан Қалибек сарбаздарының сапында болған Қазыхан мен Қашқынбайға І дәрежелі азаттық орденін, Қанапияға ІІ дәрежелі азаттық орденін, Қалибек пен Тәкіманға “Халық Қаһарманы” орденін тапсырады. Сондай-ақ осы жолғы жиналыста Қалибек Сауан ауданының әкімі, Тәкіман Сауан аудандық сақшы мекемесінің бастығы қызметтеріне тағайындалады. Міне, осы күннен бастап Қалибектің есіміне “әкім” (хакім) сөзін қосып айтуды халық дәстүрге енгізіп жіберді де, бірте-бірте бұл сөз Қалибектің фамилиясына айналып кетті. Біз бұл мақаламызда қазақы дәстүрмен “Қалибек Райымбекұлы” деп таныстырып отырғанымызбен, ол Түркияда және өзге де Батыс елдерінде “Alіbeg hakіm” немесе “Qalіbek hakіm” деген атпен танымал. Демек, әкім Қалибектің “Қалибек хакімге” айналуына халқының оған деген шексіз сүйіспеншілігі әсер еткен.

ХХ ғасырдың сөз болып отырған жылдарында ішкі Қытайда Гоминдаң (Сунь-Ятсен негізін қалаған Қытайдағы демократиялық бағыт ұстанатын саяси партия, ол кездегі басшысы - Жияң-Жиеши, мұндағы оқырманға Чан-Кайши деген атпен белгілі) мен Компартия (басшысы - Мао-Дзыдуң) арасында қиян-кескі қанды майдан - азаматтық соғыс жүріп жатыр еді. Қайсы тарапының жеңіс тұғырына көтеріліп, қытай елінің билік басына келетіндігін алдын ала болжау қиын болатын. Себебі, екі жағының әскер саны да, қару-жарақ деңгейі де шамалас еді. Тіпті арқа сүйер тірегі мен тілектестері де осал елдер емес-тұғын. Яғни, Гоминдаңның тірегі - АҚШ болса, Қытай компартиясының қолдаушысы - КСРО еді. 1945 жылы неміс фашистерін жеңіп, көңілі орнына түсіп, жан-жағына байыптай қараған Кремль Шынжаңда Гоминдаңның ырықты орынға шыға бастағанын байқап, қатты сасады. Сондықтан Сталин Маоға жедел түрде “коммунистік” көмек көрсетіп, жанұшыра жәрдем жасаумен бірге, Шынжаң жөнінде жымысқы есепке де көше бастады. Ол есебі былай: сол кезде қауырт өрлеуге бет алып, күшейіп тұрған Іле, Алтай, Тарбағатай өңіріндегі қазақтардың көтерілісін пайдаланып, Шынжаңдағы Гоминдаң билігін аластау. Ондағы мақсаты - егер ертең ішкі Қытайдағы азаматтық соғыста Гоминдаң жеңсе, Шынжаңды одан арашалап алып, Моңғолия секілді бір қуыршақ мемлекет құрып, оны гоминдаңдық қытайға қалқан ғып ұстау. Ал компартия жеңсе, гоминдаңнан тазарып дайын тұрған Шынжаңды марксшіл Маоға сыйлай салу болатын. Себебі, Қытайда коммунистер жеңіске жеткеннен кейінгі жерде, Мәскеу үшін КСРО-ның іргесінде түркі тілдес халықтардың тәуелсіз мемлекетін ұстап тұрудың еш қажеті жоқ-тұғын. Міне, осындай жымысқы пиғылдағы Сталин, Шығыс Түркістанның Іле, Алтай, Тарбағатай аймақтарындағы көтерілісіне басшылық етуге өз “кадрларын” жіберумен бірге, жеткілікті деңгейде әскери қолбасшы және қару-жарақ та жөнелтіп отырды. Осылайша аталған үш аймақта жиналған неше жүз мың­даған қазақ, ұйғыр сарбаздарын Мәскеу мұздай ғып қаруландырудың сыртында, оларды ішер ас, киер киіммен де қамтамасыз етуді өз мойнына алды. Әрине, мұның бәрі бір күнде бола қалған жоқ. Алғашында Мәскеудің жіберген “кадрлары” Құлжа, Шәуешек, Сарсүмбе, Үрімжі қатарлы жерлерден “марксизмді үйрену тобы”, “марксизмшілдер одағы”, “жас ұшқын ұйымы”, “ұлт-азаттық ұйымы” деген секілді ұйымдар құрып, оған сол жердегі көзі ашық, санасы ояу, ұлтшыл жастарды, сонымен бірге көтеріліс жетекшілерін қатыстырып отырды. Әрине, жіберілген “кадрлар” коммунистер болғанымен, олардың дені Сталиннің ішкі есебінен бейхабар еді. Сондықтан да олар Гоминдаңмен екіленбестен, жан аямай күрес жасады. Керісінше, коммунистік Қытаймен одақтасуға әрқашан дайын тұрды.

Ал 1944 жылы Іленің Нылқы ауданында Әкбар мен Сейіт қолбасшылық еткен қазақ шаруаларының қарулы көтерілісі күн санап, тіпті сағат санап ұлғайып, бір айға жетер-жетпес уақытта Нылқы ауданын азат етеді. Аталған ауданнан атқа қонған қалың қолға Іленің өзге аудандарының көтерілісшілері келіп қосылады. Бұл жағдай тұтас Іледегі қытай билеушілерінің құтын қашыра бастайды. Қытайлардың құты қашқан сайын, қазақтардың мерейі өсіп, қатары да көбейе береді. Тура осы кезде, Құлжадағы “марксизмшілдер одағы” мен “азаттық ұйымның” басшылары (Сталиннің жіберген кадрлары) көтерілісшілерге “дем беріп”, “қолдау көрсетіп”, “одақтасып” “го­миндаңшыл қытайларды тып-типыл етуге” үндейді. Сөйтіп, көтерілісші қазақ шаруалары Іленің аудан, ауылдарындағы қытай әскерлерін жойып болғаннан кейін, 1944 жылы қарашаның басында Құлжа қаласын азат етеді. Қарашаның 12 жұлдызы күні Құлжадағы “азаттық ұйымы” мен көтерілісшілер бірігіп, қаладағы “Қазақ-қырғыз-ұйғыр мәдениет-ағарту клубында” салтанатты жиналыс ашып, “Шығыс Түркістан уақытша үкіметінің” құрылғандығын жариялайды. Сол жиналыста Әлихан төре уақытша үкіметтің төрағасы, Әкімбек қожа төрағаның орынбасары болып сайланады.

Көп өтпей уақытша үкімет әлем халқына және мемлекет тұрғындарына: “1. Шығыс Түркістан территориясындағы қытайлардың отаршыл-әміршіл билігін толығымен жою; 2. Шығыс Түркістанда жасайтын әр ұлт халқының теңдігі негізінде, шынайы азат, тәуелсіз республика құру; 3. Шығыс Түркістанның экономикасын өркендетіп, халықтың әл-ауқатын жақсарту; 4. Шығыс Түркістандағы халықтардың дені мұсылман болғандықтан, ислам дініне қолдау көрсету, сондай-ақ өзге діндерге де еркіндік беру; 5. Мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау салаларын дамыту; 6. Әлемдегі демократиялық елдермен, сондай-ақ КСРО, Қытай секілді көрші елдермен саяси-экономикалық, достық қарым-қатынас орнату; 7. Шығыс Түркістан­ды қорғау, бейбітшілікті сақтау үшін республикадағы әр ұлт халқынан қуатты армия ұйымдастыру; 8. Банк, байланыс жүйесі, жер және оның асты-үстіндегі байлықтарды мемлекет меншігіне алу; 9. Жеке басқа табынушылық, бюрократизмді, жікшілдікті және парақорлықты болғызбау” деген тоғыз баптан тұратын үндеуін жариялайды. Сондай-ақ өзінің органы “Азат Шығыс Түркістан” газетін шығарады. Осылайша Шығыс Түркістанды толығымен азат етудің жоспары жасалып, мемлекеттің қарулы күші “ұлттық армия” ресми құрылады.

Алайда Әлихан төре мен Әкімбек қожаның ұлттық бағыттағы жоспармен жұмысқа жанталаса кіріскенін ұнатпаған Мәскеу 1946 жылдың мамырында оларды төра­ғалықтан бір-ақ түнде алып тастайды да, орнына ешкіммен ақылдасып жатпай-ақ, Ахметжан Қасыми, Абдукерим Апбасов секілді “кеңестік қызыл коммунистерді” та­ғайындай салады. Олар таққа отырысымен, яғни 1946 жылдың маусым айында Құлжадағы “Шығыс Түркістан уақытша үкіметі” дегенді “Іле уәли мекемесі” деп өзгертеді. Ал шілде айында “Шығыс Түркістан ұлттық армиясының” аты “үш аймақ әскері” деп өзгертіледі. Сонымен А. Қасыми мен А. Апбасовтың қатары Дәлелхан Сүгірбаев (қазақ), Ысқақбек Мононов (қырғыз), Ложы (қытай) секілді “төңкерісшіл” коммунистермен толыға түседі. Әлихан төре секілді ұлтжанды азаматты тақтан тай­дырып, оның орнына өз кадрларын қонжитып алған Кеңес одағы мен Қытай үкіметі өзара келісе отырып Шынжаңда жаңа өлкелік өкімет құрады. Өлкелік өкіметтің төрағасы Джаң-Джыджуң (қытай), оның орынбасары Ахметжан Қасыми болып тағайындалады. Азаттық үшін ағызған қан, қиылған жан әдірем қалып, жұрт қайтадан гоминдаң билеушілерінің езгісіне ұшырап, тағдырлары тәлкекке түсе бастайды.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Түркістанның құрылуы
Қалибек Деріпсалдиннің өмірбаяны
Рамазан Елебаевтың Жас қазақ әнін зерттеу
ДҮЛДҮЛІ ДАРХАН ДАЛАНЫҢ (Ғ. Мұстафиннің Дауылдан кейін романы Б. Шалабаев талдауында)
Сәкен Сейфуллин және қазақ мәдениеті
Шетелдегі қазақ әдебиеті және әдеби байланыс
Әдеби байланыс: Х.Оралтай және Қ.Шабданұлы шығармалары
Кеңес дәуірі әдебиетіндегі Шыңғыс хан бейнесі
Алаш тұлғаларының көзқарасындағы үндестік
Мемлекеттік тапсырыспен және тапсырыстан тыс шыққан кітаптар
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz