Абайдың әдеби ортасы және ақындық мектебі
КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Әр қаламгерді оның әдеби ортасынан жеке.дара алып қарау, тану біржақты болмақ. Ақын, немесе жазушы өз ортасында өсіп, содан сусындап, шыңдалып қана қоймай, біте қайнасып, сол қауымның өкілі ретінде ғұмыр кешеді. Рухани дүниесі толысқан шақтан бастап айналасына ықпалды болған тұлғалар өз әдеби ортасын қалыптастырады. Демек, белгілі бір әдебиет өкілінің шығармашылық өсуіне ықпал ететін үрдістер және сол тұлғаның кемеліне келгеннен кейін өз айналасына, кейінгі буынға әсері деген мәселелер әдеби орта ұғымын тудырады.
Абайдың әдеби ортасы дегенде белгілі бір тұлғаның ақындық жолына өз әсерін тигізген, рухани жетілуіне темірқазық бағдар бола білген ақын.жырауларды, би.шешендерді, кейіннен нағыз ақындық кемеліне жеткен сөз зергерінің әдебиеттегі дәстүрін жалғастырған ақын шәкірттерін, оның мұрасын халыққа насихаттаған өнерпаз буынды айтамыз.
Әдеби орта ұғымын мейілінше кең тұрғыда алу да бар. Ол өлшемге салсақ, ақынға әсер еткен рухани қайнар көздерге ұласатын алғышарттарды яғни, абайтанушы ғалымдар атап көрсететін ақынға әсер еткен шығыс, батыс және қазақтың төл әдебиеті сияқты рухани қайнар көздерді есепке аламыз. Осылайша әдеби ортаның құлашын кеңейтіп, ақын сусындаған әдеби дереккөздерге қатыстылығын ескерсек, Абайдың кітапханасы деген тақырыптың да әдеби ортамен бөлінбес бірлікте екенін аңғару қиын емес. Әдеби орта тек өзіне ықпал еткен ілгерідегі әдебиетпен ғана шектелмейді, енді ақынның өзгеге берген нәрі деген тұста қазақ әдебиетіндегі үлкен арна . Абайдың әдебиеттегі дәстүрі мәселесін қоса қамтиды. Шартты түрде осындай кең ауқымды қамтитын Абайдың әдеби ортасын біз ғылыми жұмыста нақтылап, ақынның айналасы, яғни Абаймен тікелей қарым.қатынаста, әдеби байланыста болған аға буын, замандас сөз зергерлері . ақын.жыраулар, би.шешендер және кейінгі ақынның тікелей тәрбиесін көрген ақын шәкірттерімен шектеп, шеңберлеп қарастыруды мақсат еттік. Әуезовтің сөзімен айтқанда «бергілер және дәл айналасы» зерттеу жұмысымыздың негізгі нысаны болып табылмақ.
Ақынға тікелей ықпал еткен, үлгі көрсеткен замандас аға буын ақындар, би.шешендер мен сол Абайдан үлгі алған ішінде ақыны бар, әншісі мен күйшісі бар өнерлі жастардан тұратын әдеби қауымды негізге ала отырып, М.Әуезов Абайдың айналасын, ақындық ортасын ақынның өзі алған нәрі және өзгеге берген нәрі деп екі салаға жіктейді [1, 19.б.]. Өзі алған нәрі дегенде, сөз иелерінің ішінде ақындардың орны айрықша. Атап айтқанда, Абай жасынан Бұхар жырау, Шортанбай жырларына қанып өссе, өзі жүзбе.жүз кездескен Дулат, Сабырбай, Жанақ, Шөже, Балта, Байкөкше, Қуандық қыз, Бодау жырау, Мұрынбай жырау, Біржан сал сынды әдебиет өкілдерінің қай.қайсысынан да оның ақындық өсу жолын бөліп қарауға болмайды. Осы орайда академик С.Қирабаевтың пікірі орынды айтылған: «Абайдың ақындық жолы, ортасы күрделі болғаны белгілі, оның ақындылығы да сол ортада, өз дәуірінің шындығына орай қалыптасты. Сондықтан, ақынның өзі туып өскен ортаның

ӘОЖ 821.512.122.092
Қолжазба құқығында
ЕРДЕМБЕКОВ БАУЫРЖАН АМАНКЕЛДІҰЛЫ
Абайдың әдеби ортасы және ақындық мектебі
10.01.02 – Қазақ әдебиеті
Филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін
алу үшін дайындалған диссертацияның
АВТОРЕФЕРАТЫ
Қазақстан Республикасы
Алматы, 2008
Диссертация Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым
комитеті М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының абайтану және
жаңа дәуір бөлімінде орындалды.
Ғылыми кеңесші: филология ғылымдарының
докторы,
профессор
Еспенбетов А.С.
Ресми оппоненттер: ҚР ҰҒА академигі, филология
ғылымдарының докторы, профессор
С.С.Қирабаев.
филология ғылымдарының докторы,
профессор
М.Мырзахметұлы
филология ғылымдарының докторы,
профессор
Д.Ысқақұлы
Жетекші ұйым: Абай атындағы Қазақ ұлттық
педагогикалық университеті
Диссертация 2008 жылғы 12 қыркүйекте сағат 15.00-де Қазақстан
Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым Комитеті М.О.Әуезов
атындағы Әдебиет және өнер институты жанындағы филология ғылымдарының
докторы дәрежесін беру жөніндегі Д 53.34.01 Диссертациялық кеңестің
мәжілісінде қорғалады (050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29).
Диссертациямен Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының
Орталық ғылыми кітапханасында танысуға болады (050010, Алматы қаласы,
Шевченко көшесі, 28).
Автореферат 2008 жылы ___ ________________ таратылды.
Диссертациялық кеңестің ғалым хатшысы,
филология ғылымдарының докторы
А.С.Ісімақова
КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Әр қаламгерді оның әдеби ортасынан жеке-
дара алып қарау, тану біржақты болмақ. Ақын, немесе жазушы өз ортасында
өсіп, содан сусындап, шыңдалып қана қоймай, біте қайнасып, сол қауымның
өкілі ретінде ғұмыр кешеді. Рухани дүниесі толысқан шақтан бастап
айналасына ықпалды болған тұлғалар өз әдеби ортасын қалыптастырады. Демек,
белгілі бір әдебиет өкілінің шығармашылық өсуіне ықпал ететін үрдістер және
сол тұлғаның кемеліне келгеннен кейін өз айналасына, кейінгі буынға әсері
деген мәселелер әдеби орта ұғымын тудырады.
Абайдың әдеби ортасы дегенде белгілі бір тұлғаның ақындық жолына өз
әсерін тигізген, рухани жетілуіне темірқазық бағдар бола білген ақын-
жырауларды, би-шешендерді, кейіннен нағыз ақындық кемеліне жеткен сөз
зергерінің әдебиеттегі дәстүрін жалғастырған ақын шәкірттерін, оның мұрасын
халыққа насихаттаған өнерпаз буынды айтамыз.
Әдеби орта ұғымын мейілінше кең тұрғыда алу да бар. Ол өлшемге салсақ,
ақынға әсер еткен рухани қайнар көздерге ұласатын алғышарттарды яғни,
абайтанушы ғалымдар атап көрсететін ақынға әсер еткен шығыс, батыс және
қазақтың төл әдебиеті сияқты рухани қайнар көздерді есепке аламыз. Осылайша
әдеби ортаның құлашын кеңейтіп, ақын сусындаған әдеби дереккөздерге
қатыстылығын ескерсек, Абайдың кітапханасы деген тақырыптың да әдеби
ортамен бөлінбес бірлікте екенін аңғару қиын емес. Әдеби орта тек өзіне
ықпал еткен ілгерідегі әдебиетпен ғана шектелмейді, енді ақынның өзгеге
берген нәрі деген тұста қазақ әдебиетіндегі үлкен арна – Абайдың
әдебиеттегі дәстүрі мәселесін қоса қамтиды. Шартты түрде осындай кең
ауқымды қамтитын Абайдың әдеби ортасын біз ғылыми жұмыста нақтылап, ақынның
айналасы, яғни Абаймен тікелей қарым-қатынаста, әдеби байланыста болған аға
буын, замандас сөз зергерлері – ақын-жыраулар, би-шешендер және кейінгі
ақынның тікелей тәрбиесін көрген ақын шәкірттерімен шектеп, шеңберлеп
қарастыруды мақсат еттік. Әуезовтің сөзімен айтқанда бергілер және дәл
айналасы зерттеу жұмысымыздың негізгі нысаны болып табылмақ.
Ақынға тікелей ықпал еткен, үлгі көрсеткен замандас аға буын ақындар,
би-шешендер мен сол Абайдан үлгі алған ішінде ақыны бар, әншісі мен күйшісі
бар өнерлі жастардан тұратын әдеби қауымды негізге ала отырып, М.Әуезов
Абайдың айналасын, ақындық ортасын ақынның өзі алған нәрі және өзгеге
берген нәрі деп екі салаға жіктейді [1, 19-б.]. Өзі алған нәрі дегенде, сөз
иелерінің ішінде ақындардың орны айрықша. Атап айтқанда, Абай жасынан Бұхар
жырау, Шортанбай жырларына қанып өссе, өзі жүзбе-жүз кездескен Дулат,
Сабырбай, Жанақ, Шөже, Балта, Байкөкше, Қуандық қыз, Бодау жырау, Мұрынбай
жырау, Біржан сал сынды әдебиет өкілдерінің қай-қайсысынан да оның ақындық
өсу жолын бөліп қарауға болмайды. Осы орайда академик С.Қирабаевтың пікірі
орынды айтылған: Абайдың ақындық жолы, ортасы күрделі болғаны белгілі,
оның ақындылығы да сол ортада, өз дәуірінің шындығына орай қалыптасты.
Сондықтан, ақынның өзі туып өскен ортаның әдебиеттік үлгілерінен, қазақтың
шешендік өнерінен (атақты би болғанын еске алыңыз!), аты белгілі (өзі
атайтын Бұқар, Дулат, Шортанбай) ақындар өнегесінен тыс тууы мүмкін емес.
Қайта Абай осылардың бәрін жақсы білді, жанына азық етті. Ұлттық рухани
байлығын бойына сіңіре отырып, кейін шығыс, батыс үлгілерін еркін меңгеру
арқылы бүкіл халықтық, жалпы адамзаттық ой-пікір деңгейіне көтерілді.
Халықтық әдебиет сарындарын үлкен европалық үлгідегі ақындық
жинақтаушылыққа (обобщение) ұластырды. Мұның өзі қазақ әдебиетінің Абай
арқылы адамзат мәдениетінің көркемдік биігіне шығуын дәлелдейді [2, 14-
б.].
Екінші мәселе - ақынның өзгеге берген нәрі турасында. Бұл – Абайдың
ақындық мектебі деген тақырыпқа жетелейді. Абайдың ақындық мектебі – оның
кейінгі әдебиетке әкелген жаңашыл дәстүрлері мен сол әдеби үлгі-өрнектерді
жалғастырып, дамытушы ізбасар ақындардың әдебиеттегі орнын айқындайтын, сол
арқылы кемеңгердің тағлым беруші ұстаздық қырын танытатын қазақ
әдебиетіндегі ерекше құбылыс. Бұл мәселені ақынның күнделікті қасында
жүріп, тікелей тәрбиесін алушы, оның тапсырмасымен алуан тақырыпта
шығармалар жазған айналасындағы шәкірттерді ғана бөліп алып, Абай
мектебінің өкілдері деп қарастыру бар. М.Әуезов: Тегінде әдебиеттік мектеп
мағынасы тарихтық басы ашық, даусыз, деректі көлемде алу да бар. Онда
шәкірт деп белгілі ақынның қасында, қатарында жүріп күнделік байланыс
арқылы тақырып, үлгі, ұстаздық, сын-өнеге алып жүрген ақындар тобын даусыз
мектеп деп айтуға болады [3, 118-б.] ,- деген анықтама берген болатын.
М.Әуезовтің жетекшілігімен өткен ғасырдың елуінші жылдары Қ.Мұхамедханұлы
Абайдың ақын шәкірттері шығармашылығы бойынша кандидаттық диссертация
қорғап, бұл тақырыпты ғылыми айналымға енгізді [4].
Ал, Абай дәстүрі – біз сөз етіп отырған ақындық мектепті де ішіне
сыйғызып жіберетін кең ұғым. Абай дәстүрі оның қасында жүрген шәкірттерімен
шектелмейді. Қазақ әдебиетіндегі Абайдан кейінгі көрнекті тұлғалардың
барлығы дәстүр жалғастырушылар десек, С.Торайғыров, М.Жұмабаев,
А.Байтұрсынов, М.Дулатов, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин сынды әдебиет
қайраткерлері осы лектің алдыңғы толқыны ғана. Демек, кең мағынада алғанда
дәстүр жалғастырушылардың бәрі дерлік Абайдың ақындық мектебінің өкілдері
болып табылады. Алайда, Абайдың ақындық мектебі деген ұғымды нақтылап, оның
маңайындағы ақын шәкірттерімен байланысын алып қарастырғанда, ақындық
дәстүрден де басқа, ұстаз бен шәкірт арасындағы күнделікті қарым-
қатынастардың нақтылы көріністері бой көрсетеді. Яғни, Абай поэзиясының
кейінгіге әсер-ықпалы деген мәселеден бөлек, Абайдың тікелей тәрбиесі,
ұстаздық ұлағаты, тіпті оның маңайындағы ізбасар ақындарды өлең жазуға
баулу, үйрету қарекеттері айқындалады.
Тақырыптың өзектілігі. Жеке ақынның әдеби ортасын, тікелей әсер еткен
рухани айналасын танып, біліп болмай, сол тұлға туралы толымды пікір айту
мүмкін емес деген пікірді басшылыққа алсақ, Абайдың әдеби ортасы тақырыбы –
абайтану ғылымында зерттелу жағынан кенжелеп жатқан сала. Көп жылғы
бодандық құрсауындағы Абай тұлғасы енді ғана өз биігінен көрініп, жаңа
зерттеулерге бой ұсынып абайтануға тың міндеттер артқанына да аз уақыт
болған жоқ. Десек те, Абайды ұлттық таным тұрғысынан бағалап, оның
кемеңгерлігіне толымды баға беру ондаған жылдардың еншісіне сыя қоймайды.
Әсіресе, кеңестік кезеңде өз заманынан, ортасынан, тіпті ұлтынан бөлініп,
жеке-дара қарастырылған Абай есімі қайта, қайыра қарастырар жаңа
пайымдауларға зәру. Академик З.Ахметов айтқандай: Абай творчествосының өз
заманымен, сол кездегі қоғамдық өмірімен байланысын, сол кезде қандай зор
танымдық, тәрбиелік міндет атқарғанын, сөз өнеріне не жаңалық әкелгенін
толық түсінсек, сонда ғана біз оның кейінгі кезеңдерде, қазіргі заманда
қоғамдық ой-сананың, әдебиеттің өркендеуіне қандай ықпал жасап келе
жатқанын толық аңғара аламыз [5, 38-б.].
Кеңестік идеологияның салдарынан абайтану ғылымында еріксіз назардан
тыс қалып, тіпті күшпен басылып, еркін зерттелу мүмкіндігінен айырылған
сала Абайдың ортасы десек, социалистік қоғамда ақынды өз ортасынан, әдеби
айналасынан ажыратып алу мақсатты түрде іске асырылды. Алдымен Абайдың өзі
шынжыр балақ, шұбар төс Құнанбай баласы болғаны үшін ғана кеңестік жүйге
құрылған әдебиетке жақпады. Абай поэзиясының қуатына солақай сынның
қауқары келмегендіктен, ендігі кезекте ақынның өз басы емес, оның айналасы,
әдеби ортасы сын тезіне алынды. Ақынның өмір сүрген ортасы – ескішіл,
әкесі – бай-шонжар, маңайындағы ақын-жыраулар мұрасы социалистік
талаптардан ада болған себепті, Абай мақсатты түрде әдеби ортасынан
жырақталып, оқшаулана берді. Ақынның әдеби мұрасы әдебиеттің таптығы
деген қалыпқа ыңғайланып, кедейшіл, керек десеңіз большевик Абай өз
ортасына қарсы қойыла зерттелді. Абайға ерекше ықпал еткен шығыс әдебиеті
туралы аса аз айтылып, ақынның шығысым батыс боп кетті деген сөзі желеу
етіліп, Абайды поэзия шыңына көтерген орыстың зиялылары деген түсінік
санамызға сіңірілді. Орыс зиялылары, оның ішінде Е.Михаэлис, Н.Долгополов
сияқты замандастарының Абайға, оның орыс әдебиетін меңгеруге тигізген
қолғабысын жоққа шығаруға болмайды. Сол сияқты орыс әдебиетінің, оның
көрнекті өкілдерінің де Абайға бергені өте мол. Әйтсе де, Абайға әсер еткен
қорды санамалағанда төл әдебиет, оның ішінде ақынмен тікелей қарым-
қатынаста болып, жанаса әсер еткен ортаның рөлін екінші қатарға ысыра
беруге келмес. Абайдың заманынан асып туған кемелдігі ең алдымен, әкенің
қаны, ананың сүтімен бойға дарыған құт, туған топырақтың қасиетінен.
Екінші, тал бесіктен әженің әлдиімен, атаның әлқиссасымен жадыға жатталған
қазақтың асыл сөзі, домбыраның күйі, қобыздың үнімен жүрекке тұнған төл
өнер қазақта қара сөзге дес бермеген Абайды ақын етіп қалыптастырды.
Кезінде М.Әуезов атап көрсететін Абайдың алған қорының ішіндегі ең молы –
қазақтың халық әдебиеті екендігін ескерсек, осы бір сала заманның
қақпақылына түсіп, абайтанудың ең бір осал тартып жатқан тұсы боп қалды.
Абайдың алдындағы әдебиет өкілдерімен қатар ақынның маңайына үйірілген
әдеби қауымға да кеңестік жылы қарамады. Әлем әдебиетінде жалпы ағым-
бағыттың аясында қолданылатын мектеп ұғымының бір ғана адамға қатысты
айтылуы кеңестік қазақ әдебиеттануында үлкен дау туғызды. Нәтижесінде,
маңайына ақын, әнші, музыкант, ертегіші сияқты алуан өнерді үйренуге
құлшыныс білдірген жастарды жиып, баулыған ұстаз Абайдың тағлымдық,
тәрбиелік қарекеті тұмшаланып, ақын шәкірттері шетінен кертартпа,
ескішіл деп танылып әдебиеттен аластатылды, көзі тірілері халық жауы
болып қуғындалды.
Көп уақыт қапаста жатқан шәкірттер тәуелсіздіктің алдында ғана
ақталып, шаңырағы шайқалған Абай мектебі енді ғана еңсесін түзей бастады.
Абайдың айналасын құраған әдебиет өкілдері туралы біраз зерттеулер жазылды,
ақын шәкірттердің шығармалары жинақ болып шықты десек, ендігі міндет – сол
мұралардан әдеби орта тақырыбының өзегін іздеу. Мәселен, Құнанбайды ақтап
алу аз, енді оның Абайға ықпалын, әке мен бала арасындағы рухани
байланыстардың көзін аршу міндеті тұр. Сол сияқты Абайдың алдындағы аға
буын ақындардың байланысы, қарым-қатынасы, жас Абайға көрсеткен өнегесі
турасында толайым пікір айту да – бүгінгі зерттеулердің міндеті. Бұл арада
Абай тәрбиесі өз ауылынан, өңірінен аспаған ба?- деген сауалдың
көлденеңдейтіні заңды.
Абайдан кейін қазақ әдебиетінде оның дәстүрі қалыптасты десек, сол
дәстүр ұғымының аясында ұлан-ғайыр дүние қылаң береді. Абайтанушы ғалым
Ж.Ысмағұловтың сөзімен айтсақ: Абай дәстүрі деген ұғымның сан салалы, өте
күрделі екені мәлім... Өзгені былай қоя тұрып, Абайдың реалистік дәстүрін
ғана ауызға алсақ та, оның әр жағында том-том зерттеу еңбектерінің сұлбасы
көзге елестеп тұрар еді [6, 32-б.]. Абай дәстүрі деген зор арнаның мәнді
саласы – Абай мектебін сөз еткенде, ұстаз бен оның шәкірттері арасындағы
байланысты тек олардың поэзиядағы сабақтастығымен шектеп қою аз. Бұл
мәселеде тұрмыстық қатынастардан бастап, өлең үйрену қағидалары, тақырып
таңдау, өмірге келген шығармаларды әдеби ортада сыннан өткізу сияқты
қарекеттермен жалғасып, одан туындайтын ұжымдық әдеби процесс сияқты
құбылыстардың сырына үңілгенде ғана әдеби мектептің мәні айқындала түспек.
Ақындық мектеп дегенде, ең алдымен, сол мектепті қалыптастырушы Абайдың
рөлін, ұстаздық қарекетін айқындап көрсету шарт. Оның әдебиеттегі жолын
жалғастырушы ақын шәкірттердің әдеби мұрасына үңіле отырып, әр қырынан
танып, олардың Абай дәстүрін жалғастырушы ғана емес, сол дәстүрді өздерінше
дамыта білген даралық сипаттарын саралағанда барып Абай мектебінің қазақ
әдебиетіндегі орны айқындала түспек.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Абайдың әдеби ортасы туралы алғаш рет
Абай шәкірттері Кәкітай, Көкбай, Тұрағұл, Әрхам естеліктерінде сөз болса,
ғылыми тұрғыда М.Әуезовтің еңбектерін бұл тақырыпқа салынған алғашқы соқпақ
деп білуіміз керек. М.Әуезовтің жетекшілігімен Қ.Мұхамедханұлы Абайдың ақын
шәкірттерінің мұраларын зерттеу ісін қолға алса, Ә.Жиреншин өз еңбектерінде
жалпы Абайдың әдеби ортасы жайында сөз қозғады. Қ.Жұбанов Абайдың алдындағы
әдебиет және ақынның қазақ әдебиетіндегі жаңашылдық деңгейін ашып берсе,
Қ.Жұмалиев қазақ поэзиясы мен Абай шығармаларының тілін салыстыра зерттеді.
1960 жылдары А.Нұрқатов, М.Бөжеевтер тарапынан Абайдың дәстүрі, Қ.Жұмалиев
пен Ш.Сәтбаева Абай балалары – Ақылбай мен Мағауия мұраларын, Б.Кенжебаев
Ә.Тәңірбергенұлы мұрасын зерттесе, сексенінші жылдары М.Мырзахметұлы Әуезов
зерттеуіндегі Абайдың әдеби ортасы тақырыбының сипатына ашуға ден қойды.
Абайдың әдеби ортасы тақырыбы Абайға қатысты, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ
ғасырдың басындағы әдеби үрдіске қатысты жазылған еңбектердің
бірсыпырасында тікелей, кейде жанама түрде сөз болып отырғандығы белгілі.
Атап айтатын болсақ, А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Әуезов, С.Мұқанов,
Ғ.Мүсірепов, М.Сильченко, Қ.Жұбанов, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайлов, Б.Кенжебаев,
Қ.Өміралиев, З.Ахметов, М.Мырзахметұлы, Ғ.Есім, Ж.Ысмағұлов, Ш.Сәтбаева,
Ә.Жиреншин, А.Нұрқатов, М.Бөжеев, Қ.Мұхамедханұлы, Т.Жұртбай, М.Мағауин,
Б.Әбдіғазиұлы, Б.Байғалиев, Б.Сапаралы тағы басқа ғалымдар мен зерттеушілер
Абайдың әдеби ортасының зерттелуіне өзіндік үлестерін қосты.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Жұмыстың негізгі мақсаты –
ақын айналасының абайтану ғылымындағы орнын белгілеу. Аға буын әдебиет
өкілдерінің Абайға әсері және ізбасар шәкірттерді тәрбиелеудегі ақынның
рөлі, Абай дәстүрін дамытудағы ақын шәкірттер шығармаларының қазақ
әдебиетіндегі жаңашылдық сипатын көрсету.
Осы мақсатты жүзеге асыру үшін диссертациялық жұмыста төмендегідей
міндеттер алға қойылды:
- Абайдың әдеби ортасы тақырыбының зерттелу жолын ғылыми тұрғыдан
саралап, осы тақырып аясында қарастырылған Абайдың ақындық айналасы,
ақын шәкірттері, Абай дәстүрін жалғастырушылар, ақынның маңына
топтасқан өнер иелері деген сияқты өзара бауырлас ұғымдардарға түсінік
беру;
- Алдыңғы буын әдебиет өкілдері – Дулат, Шортанбай, Жанақ, Шөже сынды
ақындардың Абайға, оның ақындық жолының қалыптасуына тигізген әсерін
дәлелдеу;
- Абай мен шәкірттер арасындағы байланыс көздерін саралағанда ақындық
өнерге, ақындарға қатысты айтылған ұстаз сыны, сондай-ақ, Абай тұлғасының
шәкірт ақындар поэзиясындағы орны деген мәселелерді айқындау;
- Ақын шәкірттердің көлемді туындыларына тақырыптық-көркемдік тұрғыдан
талдау жасап, Абайдың ұстаздық қарекетінің нәтижесінде дамыған айтыс жанры,
атап айтатын болсақ, Шәкәрімнің мен Тұрағұлдың, Әріп пен Әубәкірдің мысал
айтысын арқау еткен өлеңдеріндегі, сондай-ақ, Ә.Тәңірбергенұлының Тәуке
мен Ұрқия, У.Шондыбайұлының Тәуке мен Жікібай сияқты айтыс негізінде
жазылған көлемді поэмаларындағы Абайдың әсер-ықпалын көрсету;
- Тарихи тақырып пен нәзиралық дәстүр, аударма өнері сияқты сан-салалы
үлгілердің қазақ әдебиетіндегі орны айқындау. Осы орайда жазылуына Абайдың
тікелей тапсырмасымен жазылған Шәкәрімнің Жолсыз жаза, Қалқаман –
Мамыр, Мағауияның Еңлік – Кебек, Көкбай ақынның Абылай туралы тарихи
жырларын, Уәйістің Жошы – Алаша хан сияқты шығармаларын зерттеу нысанына
алу. Сонымен қатар Абайдың отаршылдыққа қарсы идеяларымен астасып жатқан
шет жұрттықтардың өмірінен алынған Мағауияның Медғат – Қасым, Ақылбайдың
Зұлыс, Дағыстан поэмаларындағы тақырып ортақтығы, отаршылдыққа,
үстемдікке қарсы күресті жырлаған идеялық бірлікті дәлелдеу;
- Абайдың әдеби ортасын құрайтын әнші, композитор, музыкант сияқты
өнер иелерінің шығармашылық жолын зерттеу нысанына алып, ақын айналасындағы
әншілік өнердің өзіндік сыр-сипатын ашу;
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Абайдың әдеби айналасы, ақынмен
тікелей қарым-қатынаста болған әдеби орта өкілдері, олармен арадағы рухани
байланыс көздері алғаш рет жаңаша пайымдаулар тұрғысынан зерттеу нысанына
алынды.
- Абайдың әдеби ортасы және ақындық мектебі мәселесіне қатысты ғылыми
зерттеулердің нәтижелері мен жаңалықтары айқындалды. Абайтану, соның ішінде
ақынның әдеби ортасына қатысты ғылыми тұжырымдар айтқан М.Әуезов,
Қ.Мұхамедханұлы, М.Мырзахметұлы тағы басқа ғалымдардың пікірлеріне ғылыми
тұрғыда баға беріліп, Абайдың әдеби ортасы, ақындық мектебі мәселесіне
қатысты келешекте назарға алынатын ізденістер бағыты белгіленді;
- Абайға әсер еткен әдеби ортаның ықпалы айқындалды. Бұл тұрғыда Абай
әулетінің, атап айтатын болсақ, Зере әже, Шаншар атадан Ұлжан анаға дейін
үзілмей жеткен шешендік, Құнанбай тәрбиесінің ақынға әсері, сол заманындағы
би-шешендер ортасындағы жас ақынның орны, Абай мен аға буын ақындар
арасындағы рухани жақындық көздері айқындалды;
- Ақындық мектеп аясындағы поэзия көздерінің сабақтастығына мән
беріле отырып, Абай арнауларындағы Шәкәрім, Көкбай, Әріп, Әсет, Ақылбай
сынды шәкірттеріне қаратыла айтылған сын табиғатына талдау жүргізілді. Ақын
шәкірттер поэзиясындағы ұстаз Абайдың тұлғасы жан-жақты ашылды;
- Ақын шәкірттердің әдеби дәстүрді ұстану жолындағы шығармашылық-
көркемдік ізденістері Абай мектебінің біртұтас тақырыптық бірлігі аясында
қарастырылып, ақындардың айтыс жанрын игерудегі жетістіктері, тарихи
тақырып пен нәзирагөйлік дәстүрді қолданудағы ерекшеліктері, аударма өнерін
дамытудағы шеберліктері талданып, мектеп шеңберіндегі Абай дәстүрінің даму
жолдары анықталды. Бұл тұрғыда, айтыс жанрын көркем шығармаларына арқау
еткен Шәкәрім, Әріп, Тұрағұл, Әубәкір сынды ақындардың жанрлық жағынан
мысал айтысқа жататын өлеңдермен қоса, Ә.Тәңірбергенұлының Тәуке мен
Ұрқия, У.Шондыбайұлының Тәуке мен Жікібай сияқты айтыс негізінде
жазылған көлемді поэмаларына әдеби талдау жасалды. Абай шәкірттерінің
шығармашылығына арқау болған Еңлік пен Кебек тақырыбының интерпретациялық
сипатына әдеби сараптаулар жүргізілді. Абай тапсырмасымен жазылған
Ш.Құдайбердіұлының Қалқаман-Мамыр, К.Жанатайұлының Сабалақ, Қандыжап,
У.Шондыбайұлының Жошы –Алаша хан дастандары әдеби мектеп аясында
сабақтастырыла қарастырылып, Абай ұсынған тақырыптардың табиғаты анықталды.
Шәкәрімнің Ләйлі –Мәжнүн, Уәйіс ақынның Бір қыздың оқиғасы
шығармаларын талдау барысында Абай нәзирасының жаңашылдық сипаты
айқындалды. Шет жұрттықтардың өміріне арнап жазған Ақылбай мен Мағауия
поэмаларындағы құлдар тақырыбы, отаршылдық идеялары Абай көзқарастарымен
байланыстырыла байыпталды. Абай айналасындағы аударма үлгісінің қарапайым,
еркін, нәзиралық түрінен бастап, классикалық деңгейге дейін өскен
эволюциялық даму жолдары айқындалды;
- Абайдың әдеби ортасын құрайтын өнерлі адамдардың шығармашылық
мұрасы зерттеу нысанына алынып, ақын маңына шоғырланған ән айтушы мен
шығарушы, түрлі музыкалық аспаптарда шебер ойнаушы өнер иелерінің Абай
айналасындағы рөлі бағамдалды.
Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар. Зерттеу нәтижесі бойынша
мынандай тұжырымдар ұсынылды:
- Абайдың әдеби ортасын ақынға әсер еткен рухани көздердің аясында кең
мағынада және ақынның тікелей қарым-қатынаста болған айналасымен шектеп
нақты мағынада алуға болады;
- Жалпы ақын ортасы туралы ғылыми ой-пікірлер төңкеріске дейін көрініс
берсе, бұл тақырыпты Абайдың тікелей айналасымен байланыстырып, ақынның
өзгеден алған нәрі мен өзгеге берген нәрі деп екі салаға бөліп қарастырған
М.Әуезов болды. Ғалым әдеби ортаның екінші саласы бойынша Абайдың маңайына
топтасқан ақын шәкірттеріне қатысты қазақ әдебиетінде Абайдың ақындық
мектебі деген концепцияны ұсынды;
- Кеңестік кезеңде Абай мектебі концепциясы ақындық дәстүр аясында
кеңінен қарастырылса, керісінше бұл ұғымды ақынның айналасындағы
шәкірттерімен шектеп, яғни тікелей ұстаз бен шәкірт арасындағы қарым-
қатынастардың негізінде тану кеңес заманында біржақты бағаланды;
- Ақынға ықпал еткен рухани көздерді санамалағанда, ең алдымен Абай өз
айналасынан нәр алды. Ақынды бесіктен тәрбиелеген өз әулетінен бастап,
маңайындағы үлкенді-кішілі ақындар мен би-шешендер оның ақындық өнер жолына
белгілі бір дәрежеде бағыт-бағдар, үлгі-өнеге болды;
- Ұстаз мен ақын шәкірттер арасындағы рухани шығармашылық байланыстар
ақындық ортаның шығармашылық өрістеу жолын дамытты. Абайдың шәкірттерге
қарата айтқан сындары ақындық болмыс пен өлең өнеріне қойылған қатаң талап,
ақындықтың биік межесі болса, хәкім Абайдың бейнесін парасаттылық пен
даналықтың символы ретінде қазақ әдебиетінде алғаш жырлаушылар – ақынның
шәкірттері;
- Ізбасар ақындар Абайдың әдебиеттегі дәстүрін жалғастырушы ғана емес,
дамытушы деңгейіне көтеріле алды. Абай шәкірттерінің шығармашылығында айтыс
жанры өзіндік оқшау сипат алса, тарихи тақырыптар мен нәзирагөйлік үлгілер
Абай дәстүрінің ізімен дамып, тың әдеби-көркемдік ізденістерімен құнды
болды;
- Абай айналасы тек ақындармен шектелмей, халық арасынан шыққан түрлі
өнердің иелері – күйші, ертегіші мен дойбышы, балуан мен құсбегі сияқты
ынталы жастар бас қосқан өнер ортасына айналды.
Зерттеу жұмысының ғылыми, теориялық, әдістемелік негіздері.
Диссертацияда көтерілген мәселелердің ғылыми негізделуі мен шешімін
табуында осы тақырыпқа қатысты тікелей еңбек жазған зерттеушілермен қоса
М.Қаратаев, Ы.Дүйсенбаев, М.Базарбаев, Т.Нұртазин, З.Қабдолов, С.Қирабаев,
С.Қасқабасов, Р.Нұрғали, Ш.Елеукенов, Т.Кәкішұлы, Ғ.Есім, Т.Әлімқұлов,
Р.Сыздықова, Ж.Дәдебаев, Ш.Ыбыраев, А.Еспенбетов, Б.Мамраев,
М.Жармұхамедұлы, Б.Абылқасымұлы, Д.Ысқақұлы, С.Дәуітұлы, Б.Ыбырайым,
Т.Қожакеев, Б.Майтанов, А.Ісімақова, Б.Омарұлы, Д.Қамзабекұлы, Қ.Мәдібай,
Т.Шапай тағы басқа отандық ғалымдардың еңбектері зерттеу жұмысына
әдістемелік бағыт-бағдар ретінде пайдаланылды.
Зерттеу нысаны. Абайдың әдеби ортасын айқындауда ақынның өзі алған
нәрі, яғни аға буын әдебиет өкілдерімен рухани қарым-қатынасы, сондай-ақ,
Абайдың өзгеге берген нәрі – ақын шәкірттерімен әдеби байланысы деген
мәселелердің біртұтас жүйеде зерттелуі жұмыстың негізгі нысанын анықтап,
әдеби ортаның шығармашылық құндылықтары сабақтастырыла қарастырылды.
Зерттеудің теориялық және практикалық маңызы. Диссертацияда
абайтанудың аса көңіл бөлінбей келген бір саласы – Абайдың әдеби айналасына
бүгінгі күн талабына сай, жаңаша көзқарастар тұрғысынан баға берілді.
Абайдың шын мәнінде классик ақын болып қалыптасуына тікелей ықпал еткен
алдыңғы буынның әдебиет өкілдерімен арақатынасы әдеби-теориялық тұрғыда
зерделеніп, ақындық ортаның құрамдас бір бөлігі ретінде қарастырылған әдеби
мектеп ұғымы Абай таным-қарекетінің биік бір өлшемі ретінде ұсынылды.
Зерттеудің нәтижелері абайтану, мұхтартану, шәкәрімтану сияқты іргелі
ғылымдарға қатысты енді жазылар еңбектерге, ХІХ ғасыр, ХХ ғасырдың
басындағы қазақ әдебиетіне қатысты зерттеулерге, оқулықтар мен оқу
құралдарына ой қоспақ. Сол сияқты Ш.Құдайбердіұлы, К.Жанатайұлы,
Ә.Тәңірбергенұлы, Ә.Найманбайұлы, У.Шондыбайұлы, Абайдың ақын балалары және
тағы басқа ақындар шығармашылығына қатысты ізденістерде, арнаулы кустар мен
семинарларда пайдалануға болады.
Зерттеудің әдісі. Зерттеуде жүйелі-кешенді, тарихи-салыстырмалы,
тарихи-функционалдық әдіс түрлері қолданылды.
Зерттеу жұмысының сарапталуы. Зерттеу жұмысының негізгі мазмұнын
құрайтын мәселелер, ой-пікірлер ХХІ ғасырдың әлеуметтік-экономикалық және
мәдениет кеңістігіндегі қазіргі ғылым халықаралық ғылыми-практикалық
конференцияда (Семей, 2002), Шәкәрім дәрістері. ІІІ–Республикалық ғылыми-
тәжірибелік конференцияда (Семей, 2002), Әуезов оқулары: Әуезовтің рухани
және ғылыми мұрасы әлемдік мәдениет кеңістігінде халықаралық ғылыми-
практикалық конференцияда (Семей, 2004), Мәдени мұра қазіргі ғылым
контексінде атты республикалық ғылыми-теориялық конференцияда (Семей,
2005), Қазақ әдебиетінің тарихы: методология және теория атты Халықаралық
ғылыми-теориялық конференцияда (Астана, 2005), Шәкәрім Құдайбердіұлының
шығармашылығын зерттеудің өзекті мәселелері атты республикалық ғылыми-
теориялық конференцияда (Семей, 2006), Әлемдік білім кеңістігіне ену
жағдайында қазақ тілі мен әдебиетін оқытудың көкескесті мәселелері атты
халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда (Семей, 2006), Қазіргі
әдебиеттану мен фольклористиканың теориялық және методологиялық мәселелері
атты екінші халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда (Алматы, 2007), Жас
ғалым – 2007 атты ІІ Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда (Тараз,
2007), Воспитание читателя: теоретический и методический аспекты деп
аталатын Ресейдің Барнаул қаласында өткен халықаралық ғылыми-практикалық
конференцияда (Барнаул, 2007), Мүсілім Базарбаев және қазіргі әдебиеттану
мен өнертану мәселелері атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда
(Алматы, 2007) және тағы басқа мәжіліс, семинарларда баяндама түрінде
ұсынылды.
Сондай-ақ, зерттеудің негізгі нәтижелері шет елдердің ғылыми
жинақтары мен журналдарында және отандық мерзімді басылымдарда, арнайы
ғылыми еңбектерде жарияланды. Диссертация мазмұнын баяндайтын бірнеше
зерттеу еңбектері, оқу құралы жарық көрді.
Жұмыс М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Абайтану және
жаңа дәуір мен Ежелгі әдебиет бөлімдерінің біріккен мәжілісінде, аталған
институттың Ғылыми кеңесінде талқыланып, қорғауға ұсынылды.
Диссертацияның құрылымы. Жұмыс кіріспеден, іштей тарауларға жіктелген
төрт бөлімнен, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
ЖҰМЫСТЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ
Кіріспеде тақырыптың көкейкестілігі, зерттелу деңгейі, мақсаты мен
міндеттері, ғылыми жаңалығы, қорғауға ұсынылатын тұжырымдар, зерттеу
жұмысының нысаны мен дерек көздері, теориялық-тәжірибелік маңызы, жұмыстың
сарапталуы мен құрылымы жөнінде негізгі мәліметтер берілген.
Абайтану ғылымы және әдеби орта мәселесі деген бірінші бөлім екі
тараудан тұрады. Тақырыптың зерттелу аясы деген бірінші тарауда абайтану
ғылымында кеңестік идеологияның қысымынан өз дәрежесінде зерттелмей келген
Абайдың әдеби ортасы жайында айтылған ой, жазылған ғылыми пікірлер мен
зерттеулерге шолу жасалып, бүгінгі көзқарастар тұрғысынан пайымдалды.
Абайтану мен Абайдың ортасы деген мәселелер тек бір-бірімен біте
қайнасып жатқан дүниелер ғана емес, Абайды тану ең алдымен осы әдеби
ортаның, нақтырақ айтсақ сол ортаны құрайтын әдеби топ – Абайдың ақын
шәкірттерінің еншісінде. Ең алғаш Абай шығармаларын елге таратушы, жинап,
кітап етіп бастырушы, ақын туралы құнды деректер беруші Абайдың
айналасындағы көзі ашық ақындар мен өнерлі жастардың абайтану ғылымының
іргетасын қалауға қосқан үлесі орасан.
Абай ортасы туралы ой түйіндерін ақын жайында айтылған алғашқы
пікірлердің астарынан іздеген жөн. Абай айналасы туралы ой-пікір ұшқындарын
Ә.Бөкейханов [7], М.Дулатұлы [8], А.Байтұрсынұлы [9], С.Ғаббасовтың [10]
тағы басқа әдебиет пен мәдениет қайраткерлерінің мақалаларында көрініс
тауып, бұл тақырып төңкерістен кейін кеңірек сөз бола бастады. 1918 жылы
Абайдың өмірі һәм қызметі деген мақалада (мақала авторлары Жүсіпбек
Аймауытов пен Мұхтар Әуезов) Абай дәстүрі, оның тікелей мұрагерлері
турасында сөз болса, Екеудің Абайдан соңғы ақындар деген екінші
мақаласы – шын мәнінде Абайдың дәстүрі, Абай мектебі тақырыбына арналған
тырнақалды ғылыми дүние болуымен құнды [11]. Сыншы ғалым Д.Ысқақұлының
сөзімен айтсақ: Абайда жарияланған материалдардың ішінде Абайдан соңғы
ақындар атты мақала ұстанған бағытының дұрыстығымен, көтерген мәселенің
маңыздылығымен, айтқан пікірлерінің өміршеңдігімен ерекшеленеді [12, 57-
б.].
Ақын өлеңдерінің ішкі идеялық мәнін ден қоя зерттеп, оның заманымен
қабыстыра талдау жүргізген татар зерттеушісі А.Сағди Абайдың өскен ортасы,
оның ақынға әсері туралы 1923 жылы Ақжолда төмендегідей құнды ой айтады:
Абайдың һәм барлық қазақ халқының отырған орны, қонып жүрген шеті көрінбес
кең шөлдер, меңіреу үнсіз далалар болғандығы белгілі. Абай, міне, сол
заманда, сол елдің ішінде сондай тіршілік орындары, сондай табиғат орындары
ортасында туған, сонда өскен, бар өмірін сонда жасап, сонда өлген бір кісі.
Кісіге сол ел, сол тұрмыс қандай әсер, қандай ғибрат бере алса, Абай да сол
бізге өзі арқылы өлеңдерімен соны береді. Сол тұрмыстан алған жүрек
толқындарын шығарады [13, 6-б.] ,- деген пікірінде ақынға өз ортасының,
айналасының әсер-ықпалын баса көрсету бар.
Төңкерістен кейін Абай ортасы тақырыбының бір саласын құрайтын ақынның
өзгеге берген нәрі, яғни, ұстаз – Абайдың қарекетін айқындайтын Абай
мектебі деген тақырыпқа баса назар аударылып, бұл мәселе ақынның өмірі мен
шығармашылығына байланысты еңбектерде бөлініп атала бастады. Дегенмен,
өткен ғасырдың отызыншы жылдарында Абайдың әдеби айналасы деген мәселеге
социалистік идеология сынды күшейтті. Осы жылдары сол кездегі жаттанды ой,
социалистік қалыпқа түскен көзқарастардан ада, Абай мен оның дәуірін
қосақабат қарастырып, көкейкесті пікір түзген М.Әуезов пен Қ.Жұбановтың
мақалалары болды. М.Әуезовтің 1933 жылы жазған Абайдың тұңғыш өмірбаянында
ақынның әдеби ортасы алғаш рет кең көлемде сөз болса, Қ.Жұбановтың Абай –
қазақ әдебиетінің классигі атты мақаласында автор Абайды оқшау күйде
алмай, Шағатай әдебиетімен, қазақтың төл ауыз әдебиетімен байланыстыра
қарастырылды [14].
Қырқыншы жылдардың басында Абай мектебі тақырыбын зерттеуді Әуезовтің
кеңесімен Қ.Мұхамедханұлы қолға алды. Әуезов жетекшілік жасаған тақырыптың
іргетасы қаланып, алғашқы қадамдар жасалды. Қ.Мұхамедханұлының Абайдың
ақындық мектебі жайлы ізденістері жинақталып, жүйеленіп 1951 жылы
кандидаттық диссертация ретінде қорғалды. Бірақ бұл тақырып тек абайтануда
ғана емес, жалпы қазақ әдебиетінде үлкен дау туғызып, Абай тақырыбына
айтарлықтай зор кесірін әкелді. Қанша қиын-қыстауды басынан өткергенімен
ғалым Абай шәкірттерінен бас тартпады. Абай мектебі деген атау кеңестік
әдебиеттің қалыбына сыймағандықтан, 1959 жылы алғашқы тақырыбын ауыстырып
Абай төңірегіндегі ақындар (Поэты Абаевской поры) деген атпен
диссертациясын қайта қорғауға мәжбүр болды. Тек тәуелсіздік алғаннан кейін
ғана Қ.Мұхамедханұлының Абай шәкірттері жайындағы Абайдың ақын
шәкірттері [15] деген төрт кітаптан тұратын, сондай-ақ, Абай мұрагерлері
[16] атты ғылыми еңбектері жарыққа шықты. Негізінен, осы тақырыпты қазақ
әдебиетінің тарихында мәселе етіп көтерген М.Әуезов болып, әсіресе, Абайдың
өзгеден алған нәрі жайын тек ғылымда емес Абай жолы эпопеясында да
мейілінше қамтуға тырысты. Өткен ғасырдың 40-80 жылдар аралығында Абай
ортасы, айналасына қатысты мәселелер негізінен ақынның дәстүрін
жалғастырушы шәкірттері жайына болып, бұл тақырып төңірегінде Ә.Жиреншин
[17], Б.Кенжебаев [18], Қ.Жұмалиев [19], А.Нұрқатов [20], М.Бөжеев [21],
Ш.Сәтбаева [22] сынды ғалымдар пікір білдіріп, ғылыми еңбектерінде сөз
етті. Бұл ғалымдар өз еңбектерінде негізінен сол кездегі сыннан аман қалған
Абайдың балалары Ақылбай, Мағауия, сондай-ақ, Ә.Тәңірбергенұлы,
Т.Жомартбайұлы, Б.Айтқожаұлы сынды ақындардың кеңестік көзқарастар қалыбына
сыятын шығармаларын ғана зерттеуге мүмкіндік алды. Осы арада ескеретін бір
мәселе, саяси қысымға қарамастан, тиым салынған тақырыптарға қалам сілтеп,
өткір ой айтқан, ғылыми пікір түзген зерттеушілерге бүгінгі таңда ерекше
құрметпен қараған абзал. Абайдың ақын шәкірттеріне араша түсіп, жанкешті
қадамдарға барған М.Әуезов пен Қ.Мұхамедханұлы ғана емес-тін. Абай
шәкірттерінің ішінде социалистік қоғамға ерекше үрей әкелген Шәкәрім
есіміне қатысты бірер деректі алға тартсақ, С.Сейфуллин, Б.Кенжебаев,
М.Базарбаев, Ы.Дүйсенбаев, С.Қирабаев сынды әр кезеңдегі ұлтжанды
ғалымдардың батыл қадамдарына назар аударған жөн. Мәселен, кезінде Абай
шәкірттерін айтқанда мүлде есімі атаусыз қалған есім Шәкәрім десек,
С.Сейфуллин 1935 жылы Шәкәрімнің Ләйлі-Мәжнүн дастанын жарыққа шығарса,
дәл осы жылы Б.Кенжебаевтың алғы сөз жазып, құрастыруымен шыққан
А.Пушкиннің қазақ тіліндегі Таңдамалысында Шәкәрім аударған
Дубровскидің енуі – батыл қадам болатын. Арада отыз жыл өткенімен әлі де
аты аталуы әдеби қауымға үлкен қорқыныш туғызып тұрған шақта, яғни 1961
жылы С.Қирабаев Қ.Бейсембиевтің еңбегіне тоқтала келіп, Шәкәрімнің қоғамдық
көзқарастарына сол кездің ықпалымен біржақты баға берген автор пікіріне
орай: Мүмкін Шәкәрімнің діни мистикасы өзімен бірге кеткен шығар да, оның
әдеби мұрасы тарихта қалған болар. Ақын-жазушылардың әдеби мұрасын жалаң
тұрпайылықпен емес, сүйе құрметтей отырып зерттеу орынды емес пе? Шын
Шәкәрім сіз айтқандай болса, оны оқудың, зерттеудің керегі не? Жоқ,
Шәкәрімді біз олай деп ұқпаймыз: оның қоғамдық көзқарасындағы қайшылығымен
бірге өмірді көркемдікпен танудағы табыстары да сөз болуы керек дейміз
[23] ,- деген пікірінің қажының құр құдықтағы сүйегін ұлы Ахат жападан-
жалғыз жасырынып барып, қазып алатын ызғарлы уақыттың кезінде айтылғанын
естен шығармаған жөн.
Абайдың әдеби ортасы тақырыбын арнайы зерттеу нысанына алған ғалым
М.Мырзахметұлы М.Әуезов және абайтану проблемалары деген зерттеу
еңбегінің төртінші тарауын М.Әуезов және Абайдың әдеби ортасы деп атап,
Әуезов зерттеулеріндегі Абай ортасы тақырыбын зерттеу нысанына алған [24].
Осы тақырыпқа қатысты Әуезовтің тезистік тұрғыда бізге жеткен ой-
тұжырымдары басшылыққа алына отырып, Абай ортасы тақырыбы Абай ақындығының
айналасы немесе өзі алған нәрлері және Абайдың ақындық дәстүрі немесе
өзгеге берген нәрі деген екі үлкен салаға бөлініп, жан-жақты зерттелді.
Абайға әсер еткен Дулат, Сабырбай, Жанақ, Біржан сал т.б. ақындар, би-
шешендермен кемеңгер ақынның байланысы жайында кешенді зерттеу болмағанмен,
жекелеген зерттеушілердің ғылыми мақалалары, көзі қарақты қарттардың,
журналистердің естелік-әңгіме, ел аузынан жиған мұралары бұл тақырыптың
мүлде тоқырап қалуына жол бермеді. Бұл орайда Абайды тәрбиелеп өсірген
әкесі Құнанбай Өскенбайұлы туралы Б.Сапаралының [25], Т.Жұртбайдың [26]
еңбектерін атап өткен жөн.
Ә.Тәңірбергенұлы, Ә.Найманбайұлы сынды ақындар мұрасының тек кеңестік
саясатқа жаққан беті ғана сөз болса, Шәкәрім, Көкбай, Тұрағұл есімдері тек
сексенінші жылдардың соңына қарай ақталып, шығармалары елдің тәуелсіздігі
орнаған күннен бастап қана шын мәнінде зерттеле бастады. Жоғарыдағы зерттеу
еңбектердің, мақалалардың ғылыми мәнділігінде, абайтануға қосылған қомақты
үлес екендігінде дау жоқ. Әйтсе де, бұл еңбектер көп уақыт зерттеу
нысанынан тысқары қалған тың жатқан тақырыпқа енді салынған сүрлеу-жол
іспетті. Қаншама жыл Абай ортасы туралы сөз ауыздықталып келгендіктен,
зерттеу ісі көсіліп кете алмай, тек кейінгі жылдары ғана қолға алына
бастауымен түсіндіруге болады бұл олқылықты.
Абай мектебі концепциясына қатысты ғылыми тұжырымдар мен түйінді
мәселелер деген екінші тарауда Абай мектебі ұғымының теориялық
негіздемелері анықталып, түйінді деген мәселелерге назар аударылды.
Әдебиеттану ғылымында әдеби мектеп ұғымы жалпы мағынада алынып, оның
аясында ағым, бағыт, ұйым, топ, бірлестік категориялары да қарастырылады.
Абайдың айналасына шәкірт жинауы табиғаты жағынан әдеби топ, үйірмелерге
жақын. Әдебиеті ауызша үлгіде дамыған Абай заманындағы ақын маңына
шоғырланған әдебиет өкілдері белгілі бір ағымның тууына себепкер болды деп
нақты айту қиын. Бұл тұрғыда М.Әуезов былай деген: Әрине, қазақ әдебиеті
сол күнде баспа жүзіне шығып, сол күнде оқушы тауып отырарлық жайға жетсе,
Абай айналасынан, Абай мектебінен шыққан ақындар түгелімен Абайдың ізін
баса шыққан үлкен әдебиет ағымын көрсеткен болар еді [27, Б.155-156].
Кеңестік заманда қалыптасқан евроцентристік көзқарастардың салдарынан
кезінде қазақ-кеңес әдебиеттану ғылымы Абайдың ақындық мектебі деген
концепцияны қабылдай алмады. Өйткені, әлем әдебиетінде шәкірт
тәрбиелегендер некен-саяқ кездескенмен, дәл Абай сияқты бірнеше ақынның
басын құрап, тақырып беріп, өлең жазғызып, жазғанын ортаға салып талдап,
түзеп дегендей шын мәнінде осындай әдеби іс жосығын (процедураларды)
жүзеге асырған ақындар кемде-кем. Осы арада ғалым Т.Кәкішевтің төмендегі
ойы өте орынды айтылған: Еуропа мен орыс әдебиеттеріндегі құбылыстардың
бәрін қазақ әдебиеті қайталауы, солардың ізімен жүруі шарт емес, тіпті
қажет те емес. Бірақ көркемдіктің жалпыға ортақ заңдылықтарын игеріп, шын
кәсіби жолға түсуге міндетті. Өрелі әдебиеттерден бой тасаламай,
пайдалысынан үйрену барысында еш уақытта өз ерекшелігімізден көз жазбауымыз
керек [28, 55-б.].
Қасына шәкірт ертіп, көркем дүниені қалай жазу керектігін ежіктеп
отырмағанмен, шын таланттың әдебиетке өзінің дәстүрін әкелетіні ақиқат.
Орыс әдебиетіндегі Пушкин де, қара сөзінен қаймақ ағызатын Николай Гоголь
де, біздің Абай да сондай ақындардың қатарында. Орыс әдебиеттану ғылымында
Гогольдік бағыт (Гогольевское направление) деген термин қалыптасқан
десек, бұл кейінгі Гоголь дәстүрлерін ұстанушылардан бөлек, сонау ХІХ
ғасырдың 50-жылдарында дүниеге келген. Орыс жазушысы өзінің журналистік
ағымдағы шығармалармен ұлттық әдебиетте белгілі бір мектеп қалыптастырды
дегенімізбен, Абай сияқты нақты қаламгер тәрбиелеп, тақырып беріп, жазғанын
сынап отырмағаны белгілі. Гогольдікі дәстүр, бағыт болады да, Абайдікі
ұстаз бен шәкірт арасындағы тікелей қарым-қатынастың көрінісін байқататын
тура мағынасындағы мектеп болады. 1951 жылы Әуезовтің: ...Можно ли
сомневаться в том, что у Абая была сформированная им среда за 60 лет его
жизни? По-моему, нельзя сомневаться. И вопрос о школе его сейчас ставиться
лишь, как о школе в узком смысле, а не ставиться вопрос о влиянии его на
всех последующих поэтов и на всю последующую казахскую литературу. Это
последнее обьемлет очень широкое понятие ясное и простое. Речь идет о
людях, которые окружали его, были около него непосредственно и в той или
иной мере были творческими личностями. Но, одно дело учитель, другое –
ученик. Пусть они не стали талантливы, как Абай (так было на самом деле).
Пусть ими созданы произведения гороздо менее значительные, чем Абаем...
Однако, учениками они были [3, 119-б.] ,- деген пікірін ескеріп, Абайдың
ақындық мектебі деген ұғымды осы тура мағынада алып қарасақ, оның ұстаздық
қарекеті айқындала түспек.
Елуінші жылдары Абайдың әдеби мектебі концепциясының зиянды деп
танылып, әдебиет тарихынан аластатылуының бір себебі мектеп деген ұғымның
өзі әр-түрлі мағынада, өлшемде қарастырылғандығында да жатыр. 1950
жылдардың аяғында Абай мектебі деген атаудың орнына Абай заманындағы
ақындар деген ұғым ұсынылды. Дәл осы 1950-60 жылдары Абай айналасындағы
шәкірттерге қатысты мектеп ұғымы қолданылмай, Абайдың өз айналасы туралы
сөз жабық тақырыптардың қатарында қала берді. Абай мектебімен қоса
М.Әуезовтің Абайдың ұстаздық құдіретін паш етіп, ақын шәкірттерінің
бейнесін шындыққа жанасымды бейнелеген Ақын аға романы да аяусыз сынға
ұшырады.
Өткен ғасырдың 40-50 жылдары Абай мектебі деген ұғым әдебиетке
келгенде оны кең мағынада, әдеби дәстүр аясында қабылдау және тар
мағынасында ақынның айналасындағы күнделікті тәрбиесін көрген шәкірттеріне
қатысты зерттеу ғылыми ортаны екіге жарды. Екі түрлі айтылған пікірлерді
сол кездегі кеңестік идеология сәтті пайдаланып, өршітіп, үлкен дауға
айалдырды. Методологиялық жағынан дұрыс бекімеген ақындық мектеп
концепциясының төңірегіндегі дау-дамай Абай айналасындағы шәкірттердің өз
дәрежесінде зерттелуіне үлкен кедергі болды. Жалпы қазақ әдебиетіндегі Абай
дәстүрін жалғастырушылар мен Абайдың маңайындағы шәкірттерін нақты бөліп
көрсетпеген соң, мектеп өкілдерінің саны әр зерттеушінің өз пайымы бойынша
белгіленіп, бірде артып, бірде кеміп отырды. Абай мектебін сынға алушы
С.Мұқановтың: Сонымен, 1934 жылы Әуезовтің мақаласында төрт адамнан ғана
құралатын Абай шәкірттерінің тізіміндегі адам саны 1951 жылы жиырма бес-
отызға жетеді [29, 59-б.] ,- деген пікірімен келіспеу қиын. Олай
дейтініміз, Абай мектебі мәселесін маңайындағы шәкірттерімен байланыста
қарайтын зерттеушілер пікірінің өзі бір тоқтамға келе алмады. М.Әуезов
Абайдың ақын шәкірттері ретінде Ақылбай, Мағауия, Көкбай, Шәкәрім, Әріп,
Әсеттерді атайды. Қ.Мұхамедханұлы кейінгі еңбектерінде Шәкәрім, Ақылбай,
Мағауия, Тұрағұл, Кәкітай, Көкбай, Уәйіс, Әсет, Әріп, Мұқа, Әубәкір, Тайыр
Жомартбаев, Баймағамбет, Иманбазар, Әрхам сынды ақындарды кіргізеді. Абай
шәкірттеріне Е.Ысмайлов Ақылбай, Мағауия, Кәкітай, Әубәкір, Нарманбет,
Әбсалық, Көкбай, Әріптерді Абайдың тура шәкірттері деп, ал Абайдан үйренген
деп Сұлтанмахмұт, М.Ж.Көпеев, С.Дөнентаев бастатқан он бір ақынды атайды
[30, 8-б.]. Абай мұрасын зерттеуші ғалым Ә.Жиреншиннің өзі Абай шәкірттерін
көрсетуде бір тоқтамға келе алмайды. Зерттеуші Абай и его русские друзья
деген орыс тіліндегі еңбегінде он сегіз өнерпазды атап, соның алтауына
тоқталса [31, Б.100-123], бір жылдан кейін жарық көрген Абай Құнанбаев
деген монографиясында Абай шәкірттерінің саны 21-ге жетіп, оның жетеуін
кеңірек сөз қылған. 1951 жылғы Абай шәкірттеріне жасалған соққыдан кейін
Ә.Жиреншин Абай шәкірттерінің санын күрт азайтып, Абай және орыстың
революционер-демократтары кітабында: Абай тұсында ақыл-ойы, көркемдігі
Абайдан аспағанмен де соның ұлы дариясынан нәр алған өз балалары – Мағауия,
Ақылбай, Әубәкір, замандастары – Көкбай, Баймағамбет, Әріп тағы сол сияқты
бір Абай елінің өзінде ғана он-он бес ақын болған [32, 240-б.] ,- деген
долбар айтады. Ғалымның Абайдың ақын шәкіртіне үш қайнаса сорпасы
қосылмайтын Нұрлыбек, Байкөкше, Төлеу, Ағашаяқ, Қиясбай, Көрпебай, Ырсалды
сияқтыларды атауы Абай шәкірттеріне нақты меже қоймаудан барып туған пікір.
Көріп отырғандай ақын ғана емес әнші, күйші, тоғызқұмалақшы сияқты өнер
иелерінің барлығын бірдей Абайдың ақын шәкіртіне тели салуға жол берілген.
Абай маңындағы өнерлі топты кей зерттеушілер ақындар және ақын еместер
деп бөлді. Кейінгілерді Абайға шәкірт болған, бірақ артына ақындық мұра
қалдырмағандар деп қарастырды. Абайдың қасына ақындармен бірге әнші - Мұқа,
Әмір, Мұхамеджан, күйші – Біткенбай, ертегіші – Баймағамбет Мырзаханұлы,
Көрпебай сияқты тоғызқұмалақшы-дойбышылар, Ағашаяқтай циркші, Қиясбайдай
күлдіргі, балуан тағы басқа өнерпаз топ жиналғаны аян. Оларды Абайдың
шәкірттері деп атағаннан гөрі Абай айналасындағы өнерпаздар деген сыйымды.
Өйткені, Абай жанындағы жастарға тек өлең жазуды үйретіп қана қойды деу
аздық. Кемеңгер ақын өнердің қай түрін де жүрегімен құлай сүйіп, соған ебі
бар жастарды жебеп, үйретуге қолқабыс еткен.
Абай шәкірттерін мынау ақыны, мынау ақын емес басқа өнердің иесі деп
екі топқа жіктеу айтқанға оңай көрінгенмен, әр шәкіртіне жекелей үңілсеңіз
кез-келгенінің бойынан бірнеше өнер табылады. Ал, Абайдың шәкірттері, оның
ақыны қайсы, өнерпазы қайсы соны анықтау керек десек, ол өте күрделі
мәселе. Тек бірді-екілі өлеңі жеткен Кәкітайды ақын шәкіртке қоса аламыз
ба? Сондай-ақ, шайқы Қиясбай да өзінше ақын немесе Мұқа әнші де тәп-тәуір
өлең жазған. Ақылбайдың ақындығымен қоса әншілік өнері тағы бар, оған шебер
музыканттығын қосыңыз. Көкбай мен Шәкәрім туралы да осыны айтуға болады.
Бұларды шәкірттің ақынына жатқызасыз ба, әлде әнші шәкірттерге ме? Міне,
осындай нақты анықтамалық қалыпқа сыя бермейтін мәселелерді ескере отырып
Абайдың айналасын шартты түрде екі топқа бөлеміз. Біріншісі – Абайдың ақын
шәкірттері, екіншісі – Абай айналасындағы өнерпаздар. Ақын шәкірттері
дегенде Абайдың қасында жүріп, ақындық талабын ұштап, қазақ әдебиетінің
тарихында өзіндік орны бар әдебиет өкілдерін айтамыз. Олар Абайдың өз
балалары – Ақылбай, Мағауия, Тұрағұл, немере інісі – Шәкәрім, ақынның
қасында жиырма бес жыл жолдас болып жүрген Көкбай, жас та болса Абайдың
шаңырағында болып, тәрбиесін көріп рухани ықпалында болған Әубәкір
Ақылбайұлы мен Әрхам Ысқақов. Кейбір зерттеушілер екінші топтағы деп атап
жүрген Уәйіс, Әріп, Әсет, Мұқа, Иманбазар, Баймағамбет Айтқожаұлы сынды
ақындар да – Абайдан тікелей тәлім алған шәкірттер. Бәлкім бұл тізімге
біреу қосар, я кемітер, мәселе онда емес, біз тек Абайдың тікелей рухани
тәрбиесінде болып, көбі ұстазының тапсырмасымен өлең-жыр жазған үлкенді-
кішілі ақындарды атадық. Екінші топтағы ақындар деген пікірлер әрине
олардың ақындық деңгейіне қарай емес, ұстаз Абаймен арасындағы байланысқа
қатысты айтылған-тын. Бұл арада руға байланысты бөлу деп те түсінбеу керек.
Бүгінгідей техника мен компьютердің дамыған заманы емес, Абай заманында
ұстазбен күнделікті қарым-қатынаста болатын ақындар, сөз жоқ, өз ауылының
Тобықты елінің ақындары. Түптеп келгенде туған-туыс, жақын-жұрағаттары.
Өткен ғасырдың 50-жылдары өз ауылының ақындарын жинап, мектеп
қалыптастыруға бола ма? деген күдіктің, күмәннің мәні осында жатқан еді.
Қалай деген күнде де Абай өз ауылында ақындық мектеп қалыптастырды. Ал,
Әріп, Әсет, Уәйіс сияқты басқа елдің ақындары ... жалғасы

Ұқсас жұмыстар
Пәндер
- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.
Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz