Бөгенбай батыр


Бөгенбай батыр (1690 - I778)
Батырлығы мен қолбасшылық дарыны арқасында Бөгенбай үлкен құрметке бөленіп, ерлігі ел аузында аңызға айналып кетті. XVIII ғасырдың бірінші жартысында қазақ даласын қорғауда Бөгенбай батыр қамал бұзар қайратымен көзге түсті. Олжабай, Қабанбай, Малайсары секілді дарабоздармен қоян-қолтық Көксерке атын борбайлап, қазақ халқының тәуелсіздігі жолындағы талай қанды айқастарға қатысты. Бөгенбайдың қалмақтармен және қытай әскерлерімен болған қиян-кескі шайқастарда көрсеткен қайраты сол кезеңдегі жорық жырауларының толғауларында мәңгі өшпес өлең тілімен өрнектеліп қалды. 1725-1727 жылдары Бөгенбай батыр Абылай ханмен бірге қазақ қолын басқарып, осы ұрыс нәтижесінде ойсырай жеңілген онсон қалмақ әскері Түркістан мен Саураннан Жоңғар Алатауының арғы жағына қуылған болатын. 1756-1758 жылдары Бөгенбай батыр Талқы түбінде Шығыс Түркістанға алғаш рет аяқ басқан қытай әскерімен қиян-кескі шайқасқа қатысты. Бұл ұрыста ол қытайларды қыра талқандап, Үрімшіге дейін қуып барды.
XVIII ғасырдың отызыншы-қырқыншы жылдары Бөгенбай батыр, көрші елдермен келіссөздер жүргізу мәселесіне етене араласқан. Оның Кіші жүз елімен жиірек қатысуында да бір мән бар. Біріншіден, орыс әкімшілігі арқылы қалмақ-башқұрт елдерінде тұтқында жүрген сарбаздарын қайтарып алу мәселесі болса, екіншіден, Ресей патшасымен одақ құрудың келешегі қалай болар екенін бағдарлау. Бұл тұста қазақ елінде іргелі хан ретінде Әбілқайыр ғана белгілі еді. Оның орыс әкімшілігімен жүргізіп жүрген келіссөздері бірде нәтижелі, бірде аяқсыз қалып келе жатқанын Бөгенбай батыр секілді қолбасшылар бақылап отырды. Бұл кездің тағы бір ерекшелігі - ел ішінен жиналған саңлақ сарбаздарды халық арасында абырой-беделі бар батырлар басқарды. Қолбасы батырлар халықтың ұлы жиын, үлкен кеңесінде жалпы бұқараның ұсынысымен тағайындалды, осындай кеңесте 1710 жылғы Қарақұмда Бөгенбай батырды бүкіл халықтың қалауымен қазақ жасақтарының қолбасы етіп сайлайды. Осы жасақтар әзірлігінің арқасында, қару-жарағы мол жоңғар әскерлеріне тез арада ойсырата соққы беріп жүрді.
Бөгенбайдың нағыз толысқан шағы - батырлығына қоса от ауыз, орақ тілді шешен кезі еді. Осы уақыттарда сыртқы жаумен жекелеген ұрыс-шайқастарда бірқатар жеңістерге жетіп, бүкіл алашқа аты шығып, даңқы артқан болатын. Бөгенбай батыр ұрыстарда ұдайы жүрмеген адам, елінің алды-артын болжаған, халқының келешегін көп ойлаған абзал жан. Жас кезінде шайқастарда батырлығымен көзге түссе, өз елінде қолбасшылығымен, ұйымдастырушылық қабілетімен сыйлы болған.
Бөгенбай жорықтарын, қоғамдық істерін, негізінен, бес кезеңге бөлуге болады:
1. 1696-1697 жылдары жоңғар қалмақтарымен шайқастары,
2. 1710 жылғы Қарақұмда бүкіл қазақ елі жасағының қолбасы болуы,
3. 1723-29 жылдардағы қазақ елінің жоңғарлардан жаппай жеңілісі мен онан кейінгі халқымыздың сыртқы жауға берген тойтарыстарын ұйымдастыру,
4. 1731-1735 жылдардағы орта жүз бен Ресей қарым-қатынасын ыңғайластыру шараларын жүзеге асыру,
5. 1750-1760 жылдардағы Алтай-Тарбағатай, Жетісу жорықтарын ұйымдастыру. Бөгенбайдың батырлығынан басқа ақылгөй-көрегендігін, мейірбан-адамгершілігі жоғары, бейбіт жан болғандығын байқауға болады. Бұл жағынан ол Төле бимен дәмдес қана болмаған, пікірлес дос болған. «Жігіттік, ерлікті айтсаң Бөгенбайды айт!» деп Тәттіқара жырау жырлағандай, қазақ халқы өзінің даңқты ұлының тұлғасын мәңгі жүрегінде сақтап, ауыздан-ауызға таратуда.
Бөгенбай батыр 1761 жылы Абылай ханның ұлы Әділ жүргізген Қытай империясы мен Қазақ хандығы арасындағы келісімге де барған. Қазақ халқының бостандығы мен тәуелсіздігі үшін жоңғар шапқыншыларына қарсы шайқастардағы Бөгенбай батырдың жетістіктері Ресеймен достығымызды нығайтып, біріккен одақ құруға септігін тигізді. Бұл қазақ пен орыс халықтарының арасындағы достық пен бірліктің бастамасы болып табылады.
Оның ерліктеріне деген құрмет ретінде батырдың денесі Түркістан қаласындағы дүние жүзіне әйгілі Қожа Ахмет Иассауи Кесенесінде жерленген, басына граниттен құлпытас қойылған.
Қабанбай батыр
Мәмбет - Қожақұл, одан Қабанбай батыр туылған. 1691 жылы етегі Алакөлге малынып жатқан Тоқта-Барлық тауының маңында, Барқытбелдің күнгей жағына орналасқан Мәмбет ауылында Ерасыл (Қабанбай) дүниеге келген. XVIII ғасырдың бас кезінде, яғни 1702 жылы Барлықтағы алғашқы айқаста әкесі Қожақұл батыр аз адаммен қоршауда қалып, ақыры ауыр жарақаттан мерт болады. Ерасылдың он бірге жаңа толған кезі еді. Қожақұл батырдың көзі жұмылған соң бас иесінен айрылған Мәмбет ауылдарына жыл сайын ойраттар шабуыл жасап, тал түсте жылқыларын айдап әкете беретін әдет тапты. Сондай бір кезекті шапқыншылық кезінде қалмақтар жылқы күзетіп жүрген Қабанбайдың ағасы Есенбайды қолға түсіріп, қорлап өлтіреді. Аямас жауыздар қанжармен жас жігіттің қарнын жарып, шалажансар күйінде далаға тастап кетіпті. Есенбай жалғыз інісі Ерасылды маңдайынан шертпей, қатты еркелететін. Соның арқасында әкесінің де жоқтығы білінбей, жетімдік көрмей, бұла боп өскен еді. Аға өлімінен кейін, он алтыға жаңа толып, әлі оң-солын танып үлгермеген Ерасыл көзге қамшы тигендей мәңгіріп қалды. Әсіресе, қорлағаны, азаптап өлтіргені жанына қатты батты. Есенбайдай азаматтың қаны текке кетпес, қалмаққа қолма-қол аттанармыз, қарымта қайтарармыз деп ойланған. Жоқ, олай болмады. Бәрінен де елдің етекбастылығы, асықпайтын ағайынның керенаулығы көңілін қалдырды. Не керек, әйтеуір, іргедегі қалмаққа аттанып кек қайтаратын, тым құрыса жауға қыр көрсетіп, азаматтың құнын сұрайтын бір пенде табылмады.
Ерасылдың күте-күте төзімі таусылып бітті. Ақыры тәуекелге бел байлаған Ерасыл не де болса қалмаққа жалғыз аттанбақ болды. Қанға - қан, жанға - жан! Ағасынан жаны артық па? Осы жолы не Есенбайды өлтірген қалмақты тауып, қанын ішеді. Не ағасының артынан бұл да мерт болады - екінің бірі! Ақыры кек алмай жаны жай таппасына көзі жетті де, жылқыдан төл аты - Ардакүреңді ұстап мініп, ешкімге жөнін айтпастан, шығысты бетке алып тартып отырды. Мөлшерлегеніндей-ақ, Сарыбелдің шығыс қапталына қалмақ ауылдары сұғына кіріп отыр екен. Ерасыл мал көздеп жүрген адам болып, алға қарай ішкеріледі. Қолында қаруы - әкесінен қалған төрт қырлы қаратамақ найза, қайқы қара қылыш пен екі жүзді алмас қанжары бар. «Жалғыздық жары - құдай деуші еді. Уа, пәруардігер, өзің жолымды оңғара көр!» деп тіледі ішінен.
Қалмақтарда жалшы болып жүрген қырғыз жігіті Ердененің көмегі арқасында Өлжежырғалмен жекпе-жектің сәті түсті. «Я, аруақ, өзің қолдай көр!» деді қанжарының сабын сығымдай түскен Ерасыл.
- Сен Өлжесің ғой, ә?
- Иә, - деді анау жұп-жуас жауап беріп.
- Осыдан бір ай шамасы бұрын қазақ ауылын шауып, Есенбайдай ердің ішін жарып кеткен де сен емессің бе? Ендеше мен - сол Есенбайдың інісі Ерасылмын. Қанға - қан! Кек қайтты деген осы болады!- деді де, сол қолын жағадан босатпаған күйі, оң қолындағы алмас қанжарды қақ жүректің басына ұрып жіберді.
Өлже айқайлап дыбыс бергісі келді ме, әлде тынысы тарылып ауа қармағаны ма, сәл теңселіп тұрды да, қанжарды қайта суырып алған кезде, етбетінен күрс етіп құлап түсті. Ерасыл өзінің Ардакүреңіне мініп ауылдан ұзап кеткен соң, айырылысатын кезде Ердене жолдасының амандығын айту үшін Мәмбет ауылдарына қарай, ал Ерасыл із жасыру үшін Ертіс бойына ұзатылған әпкесіне қарай тартып, Керей еліне бет түзеді. Мұндағы апа-жездесінің қолында бірнеше жыл тұрып қалады. Бір күні Зайсан көлі жағасында жылқы қайырып жүріп, ойда жоқта бір тобыр жабайы шошқаға тап болғаны бар. Қамыс арасынан шыға келген құнан өгіздей қара қабан Ерасылға қарай оқтай атылды. Ерасыл да найзаны бар күшімен сермегенді, сірә, найзаның ұшы жүректі жарып өткен болар, қара қабан серең етіп құлап түсті. Ерасылдың аман екенін көріп, қуанған Бердәулет жездесі: батыр деп мына сені айт! Өзің нағыз қабан екенсің ғой! Уа, жарандар, бүгіннен бастап атын «Қабан батыр» деп атайық! - демесі бар ма. Жездесінің аузы мұндай дуалы болар ма, қуаныш үстінде айтылған бір ауыз сөз кешікпей бүкіл елге тарап, аяқ астынан «Қабанбай батыр» атанды. Сол жылы күзде Сауырдағы шайқаста Ерасыл ойрат батыры Долан Дошыға қарсы жекпе-жекке ел қойып алған осы жаңа атымен шықты.
Содан Керей арасында бес жылдай тұрып, Ханбибіге үйленіп, кейін Байжігіт ішіне қайта оралған соң да бұл ат қалған жоқ. 1718 жылдың күзі, арада жеті жыл өткенде, Аягөз өзенінің бойында Арсалаңмен кездесті.
- Қапы қалма, Арсалаң! Мен - қазақтың Қабанбай деген батырымын. Осыдан жеті жыл бұрын, он алты жасымда, ағаң Өлжежырғалды о дүниеге аттандырып едім. Міне, құдайдың құдіретін көрдің бе, сенің де ажалың менен болайын деп тұр . . . Ал енді шамаң болса, қорғанып бақ!
Найзаны қолына мығым ұстаған Қабанбай кіндік тұстан, не қазан толмастан қадайтын кісіше, еңкейе шауып келді де, дәл қасына таяған кезде көз ілеспес жылдамдықпен өндіршекке ұрып кеп жіберді. Найзамен бауыздалған Арсалаң кескен теректей болып, ат үстінен сұлап түсті де, қорқырап қала берді. Кейін, ойрат қолын ойсырата жеңіп, Шаған шатқалынан айдап шыққанда, ақбоз атқа мініп дара шауып, қол бастаған батырдың Қабанбай екенін біліп, Абылай хан қатты разы болған екен.
- Қайраусыз өтер қара қылышым-ай! Даңққа жеткізген дара бозым сен екенсің ғой! Егер биікке бекініп алған жау қамалына қалың қолды көтеріп сен шаппағанда, бүгінгі шайқастың немен бітері неғайбыл еді. Бүгіннен бастап Қабанбай атың хан ұранына айналып, жорықтағы есімің Дарабоз болсын! - деп құшағына алып, үстіне алтын зерлі тонын жапқан екен.
1769 жылы жетпістен асқан Қабанбай батыр төрт көздері түгел отырған жиында былай деп өз байламын естіртті.
- Мен енді көп ұзамаймын. Әрі кетсе бір ай, әйтпесе шөп буыны қата жолға түсетін шығармын . . . Тоқтының сыртында Сарыбел деген асу бар. Сүйегімді сонда апарып қойыңдар! - деп сөзін қысқа қайырды.
Батырдың сырқат екенін естіген Өтеке баласы Қарабек қырғыздың қалың қолын басқарып, Қабанбайды іздеп келе жатқанын жасырмай:
- Маған неғұрлым Қабанбайдың амандығы керек. Оның ауылын көзі тірісінде шаппасам, кегім қайтпайды!- деп масайрады ол.
«Ел шетіне жау тиді! Қырғыздар батырдың ауылын шапқалы келеді» дегенді құлақтары шалысымен, байырғы сарбаздардың бәрі атқа қонып қолдың саны мыңға жетті. Ал бұл кезде Қабанбайдың тұла бойын ыза мен намыс билеп алған еді. Қарабектің қаһарлы қаруы қылыш болса керек, ақ алмас «жан алғыш әзірейілің менмін» дегендей, көк жүзінде қалықтап келеді. «Я, алла, өзің медет бере гөр» деп қарт батыр терең тыныс тартып, бойындағы бар қуатын жинап алды да, ауыр сүңгіні құлаштай сақтырды. Көп көздеп жатпаса да, дағдылы қол мүлт кетпепті. Жебедей зулаған көк сүңгі ажал Қарабектің тура жүрек тұсына барып қадалды да, ат үстінен жұлып түсірді. Сол сәт Қабанбайдың ішкі құрылысынан әлдене үзілгендей болған, батырдың басы айналып, төңірегін түгел түнек жапқандай, әлдебір тұңғиыққа батып бара жатты. Алпыс жыл бойы аттан түспей, бар өмірін жауға қарсы қылыш сермеп өткерген ұлы қолбасы ажал жастығына алаңсыз бас қойған еді. Марқұмды, өз өсиеті бойынша, Жоңғар қақпасының сол жақ қапталындағы Сарыбелге жерледі. Белгі ретінде батырдың басына тас үйілді. Ұрпақ ауысып, ел жаңарды. Зират басына үйілген обалар мүжіліп, бірте-бірте жұрт жадынан өше бастады. Бабалардың салақтығынан кейінгі ұрпақ ұлы қолбасының нақты қай тұсқа жерленгенін таппай, сарсаңға түсіп сандаларыын ол кездегі адамдар
қайдан білсін?!
Наурызбай батыр
Наурызбай батыр 1822 жылы (жылқы) Бурабай баурайында дүниеге келген. Мүсіні қолмен құйғандай. Жауырыны қақпақтай, күпшек кеуде, биік бойлы, денесі тіп-тік, белі жіңішке. Сол сұлулықтың үстіне Абылай атасына тартқызып, өнерді де шексіз жомарттықпен үйіп-төгіп мол беруі тіпті қайран қалдырарлық. Өзі ақын, өзі әнші, өзі композитор-күйші. «Төрелер күйі» деп аталатын көп күйлер бар, осы төрелер күйлерінің бір өкілі - Наурызбай еді. Тума талант өнер шеберлігімен қоса, тапқыр сері мінезді болған. Соның бәрінен де Наурызбайдың батырлығы басым еді.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz