Қазақ тіліндегі жылқы малына қатысты фразеологиялық тіркестердің этномәдени уәждемесі



Диссертацияның кіріспе бөлімінде тақырыптың өзектілігі, зерттеу нысаны, пәні, мақсаты мен міндеттері айқындалып, жұмыстың ғылыми жаңалығы, теориялық және практикалық маңызы, қорғауға ұсынылатын тұжырымдар зерттеу барысында қолданылған әдістер, пайдаланылған тілдік дереккөздер, жұмыстың жариялануы туралы мәлімет беріледі.
Жұмыстың бірінші тарауы «Қазақ тіліндегі жылқыға қатысты тақырыптық.мағыналық топтардың этномәдени мәні» деп аталады. 1.1. «Жылқы ұғымының мәдени, тарихи, этнографиялық, тілдік т.б. тұрғыдан зерттелу жайы» атты бірінші тараушада төрт түлік малға, оның ішінде жылқыға байланысты тілдік бірліктердің көне жазба ескерткіштерден бастап бүгінге дейінгі жарық көрген еңбектерде керегінше сөз болғандығы айтылады. Жалпы түркітануда жылқы малы атауларын сөз еткен авторлардың ішінде Н.Махмудов (өзбек тілі), Р.Г.Ахметьянов (татар тілі), А.Шынардың (түрік тілі) еңбектерінің орны айрықша. Сондай.ақ, Т.Дүшеналиева (қырғыз тілі), Т.Урунов (өзбек тілі), М.Н.Губогло (гагауыз тілі), Э.Ф.Ишбердин (башқұрт тілі), К.А.Новиков (тұңғыс.манжұр тілі), Ц.Д.Номинханов (түркі.монғол тілдері) т.б. сияқты ғалымдар өз зерттеулерінде жан.жануарлар лексикасын әр қырынан қарастырып, оның ішінде жылқы малына қатысты пікірлерін де берген.
Қазақ тіл білімінде төрт түлік малға қатысты атаулар мәселесі ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап Ш.Жанәбілов (1953), Ә.Жақыпов (1983), Т.В.Линко (1989), С.К.Сәтенова (1990), М.С.Бейсенова (1997), Б.Тлепин (1997), Р.З.Панзарбекова (1998), Б.С.Тоқтағұл (2005), Н.Айтбаева (2007) т.б. сияқты тілші.ғалымдардың диссертацияларында жүйелі сөз болады. Сондай.ақ, Е.Жанпейсов, О.Нақысбеков, Ж.Бабалықұлы, Х.Арғынбаев, Ә.Ермеков, А.Тоқтабаев, С.Қасиманов, Қ.С.Ахметжанов, Ж.Сейітқұлова т.б. ғалымдардың зерттеу мақалалары мен еңбектерінде жылқы малына қатысты мәселелер әр қырынан қарастырылды.
Келесі 1.2 «Жылқыға қатысты ФТ.терді тақырыптық.мағыналық топтарға бөлудің теориялық негіздері» деп аталатын тараушада қазақ тіл біліміндегі тілші.ғалымдардың тақырыптық топтарға бөлуде ұсынған теориялық тұжырымдамалары мен номинация теориясы сөз болады.
Қазақ этнолингвистикасы . зерттеу объектілерін өзара әрі іштей топтастыра зерттеу принципін қатал сақтауды талап етеді. Бұл жүйелілік принципі талабынан туындайтын әдіс.тәсілдердің бірі. Акдемик Ә.Т.Қайдар этнолингвистикалық деректерді «Адам», «Қоғам», «Табиғат» деп аталатын үш үлкен салаға жіктеуді ұсынған [1, 19]. Ғалым ана тіліміздің сөздік қорының мәйегі саналатын ФТ.тердің басым көпшілігінің қай кәсіпке байланысты туындағанына және қазіргі уақыттағы білдіретін ұғымына қарай топтастырудың қажеттілігіне ерекше мән береді.
Дегенмен, бұл «Адам», «Қоғам», «Табиғат» макротоптық жүйесінің этнолингвистикалық зерттеулердегі мәнін, тақырыптық.мағыналық, лексико.семантикалық топтастырудың құрылымдық лингвистикадағы тиімділігін

Пән: Тілтану, Филология
Жұмыс түрі:  Курстық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 25 бет
Таңдаулыға:   
ӘОЖ : : 811.512.122'355:636 Қолжазба
құқығында

БАЙТЕЛИЕВА ЖАНАР ДӘРІБЕКҚЫЗЫ

Қазақ тіліндегі жылқы малына қатысты фразеологиялық тіркестердің этномәдени
уәждемесі

10.02.06 – түркі тілдері

Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін
дайындалған диссертацияның

а в т о р е ф е р а т ы

Қазақстан Республикасы
Алматы, 2007

Жұмыс Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде орындалды.

Ғылыми жетекшісі: филология ғылымдарының

докторы,
академик Ә.Қайдар

Ресми оппоненттер: филология ғылымдарының
докторы,
профессор Е.Керімбаев

филология
ғылымдарының

кандидаты, доцент Ж.Отарбекова

Жетекші ұйым: Абылай хан атындағы

халықаралық қатынастар және
әлем
тілдері университеті

Диссертация 2007 жылы 30 қарашада сағат –де ҚР БжҒМ А.Байтұрсынұлы
атындағы Тіл білімі институты жанындағы 10.02.02 – қазақ тілі және 10.02.06
– түркі тілдері мамандықтары бойынша филология ғылымдарының докторы ғылыми
дәрежесін алу үшін диссертация қорғайтын Д.53.38.01. диссертациялық
кеңестің мәжілісінде қорғалады (050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі,
29).

Диссертациясымен ҚР Білім және ғылым министрлігінің Орталық ғылыми
кітапханасында танысуға болады (050010, Алматы қаласы, Шевченко көшесі,
28).

Автореферат 2007 жылы 30 қазанда таратылды.

Диссертациялық кеңестің
ғалым хатшысы, филология
ғылымдарының докторы, профессор
Ж.А.Манкеева

ЖҰМЫСТЫҢ ЖАЛПЫ СИПАТТАМАСЫ

Зерттеу жұмысының өзектілігі. Егеменді ел болып, тәуелсіздік туын биік
көтерген қазақ елінің бүгінгі таңдағы алдына қойған мақсаты – дамыған елу
ел қатарына қосылу. Бұл мақсатқа жетудің бір жолы – қай сала болса да
барынша еңбек етіп, қазақтың материалдық, рухани байлықтарын әлемге
танытуға әрекет жасау. Осыған байланысты қазақ тіл біліміндегі
этнолингвистикалық зерттеулерде қазақ ұлтының болмысы, дүниетанымы тілінде
сақталған құнды дүниелерімен танылуда. Академик Ә.Т.Қайдардың осы бағыттағы
Қазақтар ана тілі әлемінде және Қазақ қандай халық атты көлемді
еңбектерін жазу үстінде екендігі ғылыми көпшілікке белгілі. Сонымен қатар
ғалымның жетекшілігімен қазақ этносының тілін дүниетанымы, салт-дәстүрі,
наным-сенімі арқылы зерттеу ісі кеңінен қолға алынып отыр. Себебі қай
халықтың болса да қоршаған ортаға, күнделікті тұрмыс-тіршіліктегі
қажеттіліктерге байланысты санасындағы ойы, ұғымы тілі арқылы жарыққа
шығатыны қазіргі тіл білімінде антропоцентристік бағыт арқылы дәлелденуде.
Осыған байланысты этномәдени мұра, ұлттық таным негізінде жасалған айшықты
тұжырым ретінде фразеологиялық тіркестерді (ФТ) зерттеудің мәні зор.
Осындай халықтың жадында сақталып бүгінгі күнге жеткен сөз байлығымызды
жинап, толық меңгеріп, өзіндік нақыш-бояуымен келесі ұрпаққа табыс ету –
бүгінгі таңдағы қазақ тіл білімінде қалыптасқан этнолингвистика саласының
негізгі міндеттерінің бірі.
Қазақ халқының ұлттық болмысы мен танымын көрсететін қазақ тілінің
сүбелі қабаттарының бірі – төрт түлікке байланысты, оның ішінде жылқы
малына қатысты тұрақты тіркестер деуге болады. Т.Қоңыровтың Қазақ тілінің
тұрақты теңеулері сөздігінде берілген 5000 фразеологизмнің 1300-і (25 %)
жануарлар атауларымен байланысты болса, оның 449-ы үй жануарлары болып
келеді. Әрине, бұның ішінде ең көбі жылқы малына қатысты фразеологизмдер
(103, 22,9 %).
Заман ағымына қарай ғылым да, зерттеу әдістері де, түрлі бағыттарда
даму үстінде. Төрт түлік атауларын зерттеу сонау ХІ ғасырда тек сипаттау,
салыстыру әдістерімен шектелсе, соңғы уақыттарда салғастырыла (Номинханов),
тақырыптық топ аясында қарастыру (Тоқтағұл), ономасиологиялық негізін
анықтау (Жанәбілов) сияқты әр алуан объектілік тұрғыдан зерттеліп отыр. Ал
соңғы 10-15 жыл ішінде дамып келе жатқан этнолингвистика ғылымының аясында
төрт түлік ішіндегі жылқы малына қатысты ФТ мәселесі арнайы зерттеу нысаны
болған жоқ. Сондықтан да біздің жұмысымыз, жылқы малына қатысты ФР-терді
осы аспектіде қарастыруға арналды.
Төрт түлікке қатысты ФТ-терді зерттеуге қатысты теориялық мәселелердің
ғылыми негізі С.Кеңесбаев, Ә.Қайдар, М.М.Копыленко, С.Сәтенова,
Г.Смағұловалардың зерттеу еңбектерінде кеңінен қарастырылады. ФТ-тер
қалыптасуының нақты уәжділік және этнолингвистикалық сипаты А.Жылқыбаева,
Қ.Ғабитхан, Ш.Сейтова, Б.Дина, Ш.Қарсыбековалардың зерттеулерінің арнайы
зерттеу нысаны болған.
Қазақ этномәдениетін сипаттайтын өзекті арқаудың бірі – қазақ тілінде
жылқы малына қатысты қалыптасқан ФТ-тер. Осыған орай аталмыш зерттеудің
мақсаты – сөздік қорымыздағы жылқы малына қатысты ФТ-терді барынша
жинастырып, тілдік деректерді молынан беру, олардың мағынасын
экстралингвистикалық факторлар арқылы ашуға талпыныс жасау.
Осымен байланысты ұлттық болмыс пен төл мәдениетті тану мен танытуға
байланысты тілде қалыптасқан жылқы малына байланысты ФТ-тердің, тарихи-
этнографиялық деректердің, этнолингвистикалық сипатын зерттеу, талдаудың
өзектілігі дау туғызбайды. Сондықтан да бұл тақырыптың этнолингвистикалық
тұрғыдан алынып, арнайы қарастырылуы және жылқы малына қатысты ФТ-тердің
халқымыздың ертедегі дүниетанымы мен наным-сенімдерін, салт-дәстүрлерін,
әлеуметтік-қоғамдық факторларға қатысты ұғымдарына негіз болып,
абстракцияланып, уақыт өте келе адамды бейнелеуге, танытуға дәйек болуын
тілдегі нақты да, бай тіл деректері негізінде анықтау, дәлелдеу – зерттеу
жұмысының өзектілігі болып табылады.
Зерттеу жұмысының нысаны. Қазақ тілі тілдік деректеріндегі жылқы малына
қатысты ФТ-тердің танымдық мәні, жасалу жолдары мен этнолингвистикалық
табиғатын ашу – зерттеудің нысанына жатады.
Зерттеу жұмысының пәні. Қазақ тіліндегі жылқы малына қатысты ФТ-тердің
этнолингвистикалық сипаты.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Зерттеу жұмысының мақсаты –
қазақ тіліндегі жылқы малына қатысты ФТ-тердің этномәдени уәждемелерін
анықтау. Осы мақсатқа сай алдымызға төмендегідей міндеттерді қойдық:
- жылқы малына байланысты қазақ тіліндегі және басқа түркі
тілдеріндегі зерттеулерге, мәліметтерге тақырыптық-мағыналық
тұрғыдан ғылыми шолу жұмысын жүргізу;
- қазақ тіліндегі жылқы малына қатысты ФТ-терді жинастырып,
тақырыптық топтарға жіктеу;
- қазақ тіліндегі жылқы малына қатысты ФТ-тердің уәжділік сипатын
анықтау;
- қазақ тіліндегі жылқы малына қатысты ФТ-тердің
этнолингвистикалық табиғатын экстралингвистикалық факторлар
арқылы айқындай отырып, мағынасын ашу;
- түркі тілдеріндегі жылқы малына қатысты ФТ-тердегі ұқсастықтар
мен айырмашылықтарды анықтау;
Зерттеу жұмысының әдіс-тәсілдері. Диссертациялық жұмыстың мақсат-
міндеттеріне сәйкес тарихи-салыстырмалы, сипаттамалық зерттеу, жүйелеу,
тақырыптық-мағыналық топтастыру, этнолингвистикалық талдау әдістері
қолданылды.
Зерттеу жұмысының дереккөздері. Зерттеу жұмысының дереккөздеріне: Қазақ
тілінің фразеологиялық сөздігі (І.Кеңесбаев, 1977), Ә.Қайдардың Халық
даналығы және Тысяча метких и образных выражений сөздіктері, Р.Сыздықтың
Сөздер сөйлейді еңбегі, Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі (он томдық: 1974-
1986), Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі (1966), Қазақ тілінің
аймақтық сөздігі (2005), Кыргыз тилинин фразеологиялык сөздүгү (Ж.Осмонова,
К.Конкобаев, Ш.Жапаров, 2001), Türk atasözleri (1993), Древнетюркский
словарь (1969) және С.Сәтенованың, Ж.Бабалықұлының, Х.Арғынбаевтың,
А.Тоқтабайдың, С.Қасимановтың Ә.Ермековтың еңбектері, халық ауыз әдебиеті
үлгілері алынды.
Зерттеу жұмысының әдістанымдық негіздері. Зерттеу жұмысына қазақ тіл
біліміндегі Ә.Қайдар, Р.Сыздық, М.М.Копыленко, Е.Жанпейсов, Н.Уәлиев,
Ж.Манкеева т.б. ғалымдардың зерттеу қағидалары теориялық-әдістанымдық
тұрғыдан басшылыққа алынып, жұмыстың орындалып шығуына ғылыми негіз болды.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы мен нәтижелері. Бұл жұмыста қазақ
тіліндегі жылқыға қатысты ФТ-тердің этномәдениетпен сабақтастығы
этнолингвистикалық аспектіде арнайы зерттелініп, төмендегідей нақты
нәтижелер қорытындыланды:
- жылқы малына қатысты ФТ-тер жинақталып, тақырыптық-мағыналық
топтарға жіктелді;
- жылқы малына қатысты біршама ФТ-терге этнолингвистикалық
түсінік берілді;
- жылқы малына қатысты ФТ-тердің этнолингвистикалық сипатын
дәйектейтін уәждік белгілері анықталды;
- жылқы малына қатысты ФТ-терге ұйытқы болған біршама сөздерге
этимологиялық талдау жасауға талпыныс жасалды.
Зерттеу жұмысының теориялық маңыздылығы. Қазіргі уақыт талабында
белгілі бір ұлт этносының дүниетанымын, ой-санасын, өркениеті мен
мәдениетін тіл арқылы, оның ақпараты арқылы білу – ең маңызды да өзекті
мәселелердің бірі. Бұл – қазіргі қазақ тіл біліміндегі антропоцентристік
бағытқа толығымен сәйкес келеді. Осы тұрғыдан алғанда қазақ тіліндегі жылқы
малына қатысты ФТ-тердің табиғатын этнолингвистикалық тұрғыдан талдап ашып
беру, олардың этномәдени мағыналарын анықтау, тіл мен ұлт, тіл мен
мәдениет қағидасына сәйкес интерпретация жасаудың мәні ерекше. Осымен
байланысты зерттеу барысында жасалған тұжырымдар мен нақты нәтижелер қазақ
тіл білімінің этнолингвистика, лингвомәдениеттану салаларының қалыптасуына
өз деңгейінде теориялық үлес қоса алады.
Зерттеу жұмысының практикалық маңыздылығы. Зерттеу жұмысы нәтижелерін
жоғары оқу орындарында оқытылатын – тіл тарихы, лексикология, фразеология,
этнолингвистика, лингвомәдениеттану салаларының теориялық курстарын
оқытуда, түрлі арнаулы семинарлар мен курстарды жүргізуде пайдалануға,
қолдануға болады деп санаймыз.
Сондай-ақ, зерттеу жұмысы нәтижелерін, лексикографиялық тәжірибелерде –
сөздіктер құрастыруда, шешендік өнерде т.б. мәдени коммуникация
қызметтерінде де практикалық тұрғыдан тиімді пайдалану тұрғысынан құндылығы
бар деуге болады.
Зерттеу жұмысы бойынша қорғауға ұсынылатын тұжырымдар.
- Қазақ тілінің сөздік қорында жылқыға қатысты қалыптасқан ФТ-тер
– ұлт болмысы мен мәдениетін сипаттайтын негізгі этномазмұнды
ақпарат көздерінің бірі;
- жылқы малына қатысты ФТ-тердің жасалуына жылқының жасы мен
жынысына, тегі мен табиғи ерекшеліктеріне, дене мүшелеріне, түр-
түсіне, жылқы ауруына, сыны мен бабына, мінезіне, түрлі жай-
күйі мен қимыл-қозғалысына, жылқы шаруашылығына, ат-әбзелдеріне
қатысты этномәдени атаулар уәж болған;
- жылқы малына қатысты ФТ-терді толық жинақтап, олардың жасалу
уәждерін ашып көрсету – этнолингвистика мәселелерінің бірі;
- жылқы малына қатысты қалыптасқан ФТ-тер халқымыздың дүниетанымы
мен наным-сеніміне, салт-дәстүріне, әлеуметтік-қоғамдық
факторларға байланысты бейнесін жасауға қатысты коннотациялық
сипаттағы тілдік бірліктер;
- жылқы малына қатысты ФТ-дерге көбінде жылқының тек жақсы
қасиеттері негіз болған;
- зерттеу материалы тақырыптық-мағыналық топтарға сараланды.
Зерттеу жұмысының талқылануы мен жариялануы. Зерттеу жұмысының негізгі
мазмұны мен нәтижелері М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік
университетінің ұйымдастыруымен өткен М.Мырзахметұлының 75 жасқа толу
мерейтойына арналған “Түрік халықтары әдебиеті тарихының өзекті мәселелері:
өткені, бүгіні және ертеңі” атты Халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда
(Тараз, 2005), Тараз мемлекеттік педагогикалық институты ұйымдастырған “Жас
ғалым – 2005” атты Республикалық ғылыми-практикалық конференцияда (Тараз,
2005), академик Ө.Айтбаевтың 70 жылдық мерейтойына байланысты өткен
Академик Ө.Айтбайұлы және тіл білімінің мәселелері атты халықаралық
ғылыми-теориялық конференцияда (Алматы, 2007), А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл
білімі институты жанындағы Лингвистикалық жұма атты ғылыми-әдістемелік
лингвистикалық семинарда (2007, маусым) баяндалып, тақырыпқа қатысты ғылыми
басылымдарда 4 мақала жарияланды.
Зерттеу жұмысының құрылымы. Зерттеу – кіріспеден, екі тараудан,
қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және қосымшадан тұрады.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ

Диссертацияның кіріспе бөлімінде тақырыптың өзектілігі, зерттеу нысаны,
пәні, мақсаты мен міндеттері айқындалып, жұмыстың ғылыми жаңалығы,
теориялық және практикалық маңызы, қорғауға ұсынылатын тұжырымдар зерттеу
барысында қолданылған әдістер, пайдаланылған тілдік дереккөздер, жұмыстың
жариялануы туралы мәлімет беріледі.
Жұмыстың бірінші тарауы Қазақ тіліндегі жылқыға қатысты тақырыптық-
мағыналық топтардың этномәдени мәні деп аталады. 1.1. Жылқы ұғымының
мәдени, тарихи, этнографиялық, тілдік т.б. тұрғыдан зерттелу жайы атты
бірінші тараушада төрт түлік малға, оның ішінде жылқыға байланысты тілдік
бірліктердің көне жазба ескерткіштерден бастап бүгінге дейінгі жарық көрген
еңбектерде керегінше сөз болғандығы айтылады. Жалпы түркітануда жылқы малы
атауларын сөз еткен авторлардың ішінде Н.Махмудов (өзбек тілі),
Р.Г.Ахметьянов (татар тілі), А.Шынардың (түрік тілі) еңбектерінің орны
айрықша. Сондай-ақ, Т.Дүшеналиева (қырғыз тілі), Т.Урунов (өзбек тілі),
М.Н.Губогло (гагауыз тілі), Э.Ф.Ишбердин (башқұрт тілі), К.А.Новиков
(тұңғыс-манжұр тілі), Ц.Д.Номинханов (түркі-монғол тілдері) т.б. сияқты
ғалымдар өз зерттеулерінде жан-жануарлар лексикасын әр қырынан қарастырып,
оның ішінде жылқы малына қатысты пікірлерін де берген.
Қазақ тіл білімінде төрт түлік малға қатысты атаулар мәселесі ХХ
ғасырдың екінші жартысынан бастап Ш.Жанәбілов (1953), Ә.Жақыпов (1983),
Т.В.Линко (1989), С.К.Сәтенова (1990), М.С.Бейсенова (1997), Б.Тлепин
(1997), Р.З.Панзарбекова (1998), Б.С.Тоқтағұл (2005), Н.Айтбаева (2007)
т.б. сияқты тілші-ғалымдардың диссертацияларында жүйелі сөз болады. Сондай-
ақ, Е.Жанпейсов, О.Нақысбеков, Ж.Бабалықұлы, Х.Арғынбаев, Ә.Ермеков,
А.Тоқтабаев, С.Қасиманов, Қ.С.Ахметжанов, Ж.Сейітқұлова т.б. ғалымдардың
зерттеу мақалалары мен еңбектерінде жылқы малына қатысты мәселелер әр
қырынан қарастырылды.
Келесі 1.2 Жылқыға қатысты ФТ-терді тақырыптық-мағыналық топтарға
бөлудің теориялық негіздері деп аталатын тараушада қазақ тіл біліміндегі
тілші-ғалымдардың тақырыптық топтарға бөлуде ұсынған теориялық
тұжырымдамалары мен номинация теориясы сөз болады.
Қазақ этнолингвистикасы – зерттеу объектілерін өзара әрі іштей
топтастыра зерттеу принципін қатал сақтауды талап етеді. Бұл жүйелілік
принципі талабынан туындайтын әдіс-тәсілдердің бірі. Акдемик Ә.Т.Қайдар
этнолингвистикалық деректерді Адам, Қоғам, Табиғат деп аталатын үш
үлкен салаға жіктеуді ұсынған [1, 19]. Ғалым ана тіліміздің сөздік қорының
мәйегі саналатын ФТ-тердің басым көпшілігінің қай кәсіпке байланысты
туындағанына және қазіргі уақыттағы білдіретін ұғымына қарай топтастырудың
қажеттілігіне ерекше мән береді.
Дегенмен, бұл Адам, Қоғам, Табиғат макротоптық жүйесінің
этнолингвистикалық зерттеулердегі мәнін, тақырыптық-мағыналық, лексико-
семантикалық топтастырудың құрылымдық лингвистикадағы тиімділігін жоғары
бағалай отырып, тілді ұлт танымымен тығыз байланыста қараған зерттеулерде
сол ұғымның атауына не уәж болып тұр деген өзекті мәселе номинация
теориясына сүйенуді қажет етеді. Оны пайдаланудың тиімді үлгісі қазақ тіл
білімінде баршылық. Мысалы, Б.Қалиевтің, К.Хұсайыновтың Ж.Манкееваның,
Е.Керімбаевтың, Р.Шойбековтің т.б. зерттеулері бұған дәлел.
Нақты айтқанда номинация теориясы нысанды, оның қызметін сипаттайтын,
атау үшін негіз бола алатын ерекшеліктерін, айрықша белгілерін, сапаларын,
яғни тілдік емес те уәждерін анықтауға назар аударады. Сонымен, қазіргі
номинация теориясында зат атауының негізіне уәж болған сол заттың ерекше
белгілері, қасиеттері мен сапалары алынады.
Өсімдік әлемінің ұлттық атауларын зерттеген профессор Б.Қалиев бүгінде
ғалымдардың атауға негіз болатын уәждеменің ортақ жүйесін төрт тақырыптық
топқа (табиғат, адам, қоғам, таным) бөліп қарастыруды ұсынып отырғанын айта
келе, номинацияның бұл принципін барлық тілдерге ортақ әмбебап деп тануға
болатынын айтады [2, 53].
Профессор Ж.Манкеева атау мен зат арасындағы тілдік емес факторларды
жан-жақты зерттемей тұрып, оның шығу себебін анықтау оңай бола бермейтінін
айта келе тіл біліміндегі атаудың (номинацияның) екі дәрежесін атап
көрсетеді:
1) бірінші дәрежелі немесе алғашқы атау (первичная номинация). Ол –
атаудың аталушы заттың қасиеттерімен уәжделеді.
2) екінші дәрежелі немесе кейінгі атау (вторичная номинация). Онда
сөздің семантикалық дамуы нәтижесінде өзін тудырған түбірмен мағыналық
байланысы үзіледі [3, 249].
Екінші дәрежелі атаудың барлық түрінің негізінде адам ойлаудың
ассоциативті сипаты жатады. Ол көбінесе бұрыннан бар, етене таныс
нәрселермен ұқсатумен байланысты болады. Яғни біз қарастырып отырған ФТ-тер
– екінші дәрежелі атау.
Сондай-ақ, осы тараушада тақырыптық топтарға бөлуге байланысты
С.Сәтенова, Р.Шойбеков, Ш.Қарсыбекова, Ш.Сейітова сияқты ғалымдардың
зерттеулеріндегі тұжырымдары да пайдаланылды.
1.3 Жылқыға қатысты қалыптасқан ФТ-дегі уәжділік сипаты деген тарауша
іштей 7-ге бөлінеді.
Уәжділік – синхронды түсінік, оны этимологиямен шатастыруға болмайды.
Бұл мәселені профессор М.М.Копыленко: ... труд этимолога в известном
смысле заканчивается там, где начинаются усилия мотиволога. Этимолог
вскрывает побудительный фактор, признак, который лег в основу наименования,
т.е. его мотив. Но закономерности мотивации, наличие или отсутствие
мотивированности, группировка мотивов по мотивемам – эти и другие проблемы
мотивологии в орбиту внимания этимолога не входят, – деп түсіндіреді [4].
Одан әрі осы пікірін нақтылай келіп, ғалым түркі тілдеріндегі жануарлар
атауларының уәждемелеріне әсер ететін негізгі факторларды төмендегіше атап
көрсетеді: 1) түркі халықтарының өздерін қоршаған ортаға деген байқағыштық
қасиетінің жоғары болуы; 2) тілдераралық жануарлар атауларына байланысты
дамыған ононимияның болуы; 3) жануар атауларының екінші бір жануар атауы
арқылы белгілі мөлшерде дамуы.
Осы қағидаға сүйене отырып, зерттеу нысанына сәйкес талдау жасау қазақ
халқының қаншама ғасырлар бойы мал шаруашылығымен айналысып, оның бүкіл қыр-
сырын дұрыс тани білгендігіне көзімізді жеткізеді.
1.3.1 Жасы мен жынысына қатысты уәжділік деген тараушада аты айтып
тұрғандай жылқының жас ерекшелігіне және жынысына қатысты ФТ-тердің
уәжділік сипаты сөз болады. Мысалы, жылқының алты айға дейінгі төлі –
құлынды желіге байлағанға дейінгі кезеңде құлыншақ деп атайды (1-1,5 айлық
кезең). Құлыншақты желіге байлаудың екі шарты бар. Оның біріншісін қазақ
қарақұлақ болу десе, екіншісін өркен тастау деген тіркеспен айтқан.
Қарақұлақ болудың мәнісі мынада: құлыншақ құлағының ішкі жүні сары мамық
сияқты болады да, тарала келе сол жүнді қара қылшық басады. Бұл – марқаю
нышаны, құлындық кезеңге жеткендігі, байларманға көнбістігі. Ал өркен –
құлыншақтың ішінен түсетін бірінші тоңғақ. Желіні сабасына келген саумалды
мама биенің құлыншағы уызға бөгіп өркенін ерте тастайды. Өркені түскен
құлынды жылқы малына кәнігі шаруа тапжылтпай таниды. Жүні жылтыр, көз
жанары нұрлы, қабағы ашық, қимылы ойнаңқы болса, өркені өсіп (пісіп)
түскендік нышаны. Сондай-ақ, тілімізде қубас айғыр құнанын қажылайды
деген ФТ-ті кездестіруге болады. “Қубас” деген ұғым жылқы малына қатысты
болғанда бауырынан еркек құлын ермеген айғырға қарата айтылады. Ал өзінен
еркек құлын болмаған айғыр үйіріндегі өз кіндігінен емес, басқа айғырдан
туған тай-құнандарды жайпап қуып, өз үйірін қызғанады. Бұл өз үйіріне
шаппайтын, оны басқадан қызғанатын жылқы малының өзіндік бір әдеті.
Келесі тарауша 1.3.2 Түр-түсіне байланысты уәжділік деп аталады.
Қазақ халқының көшпелі тұрмыс-тіршілігінде төрт түлік малдың орны ерекше
болғандықтан олардың түр-түсін де дәл анықтап, өзіне сәйкес ат қойып, оны
қолдана білуге ерекше мән беріп келген. Сондықтан да болар халықтың
дүниетанымынан, салт-санасы мен әдет-ғұрпынан, наным-сенімінен жылқы
малының түр-түсіне байланысты тілдік бірліктер айрықша орын алады.
Белгілі этнолог Ж. Бабалықұлы жылқы түстерінің бір мыңға жақын
болатынын анықтаған. Қазақ халқы бүкіл өң-түсті қылаң, баран деп екі текті
топқа жіктейді. Қылаң дегені – ақ, боз, ақ боз, шаңқан, шаңқан боз, тарлан,
ақ тарлан, т. б. Баран дегені – қара, қоңыр, көк, жасыл, қызыл, күрең,
жирен, торы, сұр, күлгін, құла, шабдар, сары, т.т. Халқымыздың баранға
жіктеген өң-түстері табиғаттағы кемпірқосақ түсі негізінде аталған деуге
болады, – деп жылқы малына тән түстерді атап көрсетеді [5].
Ата-бабаларымыз малдағы ала түсті сауысқан ала, ит ала деп екі топқа
жіктейді. Өзгермейтін, құбылмайтын, бір тал түк немесе қылын қисайтпайтын,
табиғи түсін, үлгі, көлем қалпын бұзбайтын ала жылқыны – сауысқан ала деп
атайды. Табиғи үлгі, пішін, қалып сақтамайтын, денеде белгілі бір тұрақты
орны жоқ, бірде үлкен, бірде кіші, қыңыр-қисық, тұрақсыз өң-түсті атты ит
ала деп атайды.
Тәжірибелі жылқышылар мен бапкерлер боз түстінің баран түстіге
қарағанда әлсіз болатынын айтады. Қаракөк не жүйрікті алам, не берікті
алам деген мәтелден берік аттардың қаракөк түстен шығатынын байқаймыз [6,
41]. Сонымен қатар, халқымыздың тілінде жылқы малының түр-түсіне байланысты
алалы жылқы, ақтылы қой, ала тайдай бүлдіру, ала айғырдан ала аяқ тумаса
да, ала тұяқ туады, бір биеден ала да туады, құла да туады т.б. деген
сияқты ФТ-терді кездестіруге болады.
Жұмыстың келесі тараушасы 1.3.3 Сыны мен бабына қатысты уәжділік деп
аталады. Сақ заманынан бері қарай қазақ даласы жылқының неше алуан әдемі,
сұлу мүсінділерін баптаған. Әдебиетші-ғалым Ж.Дәдебаев қазақ халқының
тұлпар баптаудағы көп ғасырлық бай тәжірибесі біздің қолымызға түгел
жетпегенін, оның көпшілігі ерте дәуірдегі білгірлермен бірге ұмыт болғанын
айтады [7, 5]. Әр түрлі деректер арқылы бүгінгі ұрпаққа жеткен ат сыны, ат
баптау үлгілері сол байырғы тұлпар сыны мен тұлпар баптаудың үзік-үзік
жұрнақтары дерліктей ғана. Қазақ тілінде жылқының жасына, жынысына, түр-
түсіне, мінезіне т.б. байланысты ФТ-термен қатар оның сыны мен бабына
қатысты ФТ-тердің де кездесуі осы себепті болса керек.
ХІХ ғасырда белгілі Күреңбай, Шоқай, Киікбай деген ат сыншылары болған.
Сондай-ақ, қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың да ақындықпен қоса сыншылық
қасиетін қазақ қауымы Аттың сыны өлеңімен танып білді. Осылардың ішінде
Күреңбай сыншының жүйрік аттың әрбір мүшесіне айтқан мына сыны айрықша:
тәует бас, қамыс құлақ, қой жұтқыншақ, сағағы кең, оны үңгір сағақ
деген, салпы ерін, бұлан мойын, құлан жал, қоян жон, қуыс қолтық, быртық
бақай, жер соғарлы, тазы тізе, ит жіліншік, құс топшы, серке сан, шоқтығы
өргек, қақпан бел.
Тәует бас – қазақ жүйріктерінің басы шағын, етсіз болып келеді, қамыс
құлақ – құлағы қамыс сияқты тік, қой жұтқыншақ – жұтқыншағы қойдың
жұтқыншағына ұқсайды, кең сағақ – үңірейген, кең сағақ, салпы ерін – ерні
салбыраңқы келеді, бұлан мойын – қаз мойын сұлу көрінгенімен, шабуға
жаралған жүйрік үшін жайсыз. Нағыз жүйріктің мойны ұзын емес, бұланның
мойнындай жұмырланып келеді, құлан жал – жалы қалың да емес, сұйық та емес,
құланның жалындай майда келеді, қоян жон – жоны жұмырланып, қоян жонданып
тұрады, қуыс қолтық – шынтағы қалқанқырақ бітіп, қолтығы ашық тұрады, бота
тірсек – жүйріктің тірсегі ботаның тірсегіндей маймиып келеді. Маймиған
тірсекті артқы аяқтарының серпіні ғаламат күшті болады.
Жүйрік атқа баптау кезінде кең ішек болсын деп бие сүтін беретін
болған. Жүйрік аттың тері әр түрлі болады. Оны бордақ тер, ащы тер, тұнық
тер деп бөлген. Ауыл арасында шапқылай жүріп бусындырып терлетуді – бордақ
тер дейді. Мұндайда шайырланған қара бордақ шығады. Жүйріктерді қара
жарысқа қосып ащы тер шығарады. Тердің дәмі қышқыл келеді. Үнемі қара
жарысқа қосылған жүйріктен тұнық, су тер шығады. Мұны мөлдір тер деп
атайды. Бәйгеге қосар атыңның, ерін алма, терін ал. Күреске түсер
батырдың, көңілін жайла, шерін ал деген мақал осындай ат баптау
шараларынан туындаса керек.
1.3.4 Тегі мен табиғи ерекшеліктеріне қатысты уәжділік деген
тараушада жылқының тегі мен табиғи ерекшеліктеріне байланысты ФТ-тер
уәжділігі қарастырылады. Қазақ тілінде жылқының тегі мен табиғи
ерекшеліктеріне қатысты мынадай атаулар кездеседі: сәйгүлік, пырақ, дүлдүл,
қазанат, екітүгей, арғымақ, дөрбіт, тұғыр, қашыр, тарпаң, керқұлан, тұлпар,
талау, мәстек, ақалтеке, тобышақ, текежаумыт, жабы, қарабайыр, жорға,
жүйрік, асау, шабан, суын, жайлауыш, алатаң, бөдес, шобыр. Осылардың ішінде
көбінде ФТ-тердің қалыптасуына негіз болғандары тұлпар, арғымақ, пырақ,
дүлдүл, жорға, жүйрік, тарпаң деген атаулар.
Қазақ жылқысынан сан алуан жорға түрлері де шыққан. Мәселен, жол жорға,
су жорға, шайқалған жорға, тайпалған жорға, тұсау жорға, шалыс жорға т.б.
Осы аталған жорға түрлерінің бәрі бірдей бағаланбайды. Жорға жарыстарына су
жорға, тайпалған жорға, шайқалған жорға түрлерін қосады және бұлар ерекше
бағаланады [6, 25].
ФТ-тер жасауда көбінде жылқының жақсы тұқымдары алынған. Десек те
тарпаң, жабы сияқты жылқының жоғары бағаланбайтын тұқымдары да адамның
өрескел, дөрекі іс-әрекеттерін сипаттауда ФТ-тер жасауға уәж болған.
Мәселен, тарпаң жігіт, тарпаң тайдай қылтылдау, жабы болу, жабыдай
жалтаңдау т.б.
1.3.5 Жылқы шаруашылығына қатысты уәжділік деп аталатын тараушада
жылқы шаруашылығына қатысты ФТ-тер уәжділігі сөз болады. Басты шаруашылығы
– мал шаруашылығы болып табылатын қазақ халқы үнемі өздерінің малға
тәуелділігін сезініп отырған. Соның ішінде жылқы малының көшпелілер
тұрмысында алар орны ерекше болғандықтан сөздік қорымызда төрт түліктің
ішіндегі жылқы шаруашылығына қатысты ФТ-тер де мол кездеседі. Мысалы, жылқы
күзеуге байланысты тұқыл күзеу, жылқы күзеу, құнажын байтал күзеу, құнан
күзеу, қысыр күзеу, тай күзеу т.б. тіркестер кездеседі. Жылқы малының жас
мөлшеріне қарай дәстүрлі тәртіппен олардың құйрық жалын қырқу, қысқартуды
жылқы күзеу деп айтады. Ал, тайды кекіл, шоқтық қалдырмай күзесе, оны тұқыл
күзеу деп атаған. Өйткені бала-шаға болмаса, онда да ауыл арасында, мал
өрісіндік жерге болмаса, қазақта тайды ұзақ сапарға, жиынға міну салты
болған емес. Демек, кекіл, шоқтық іспетті көріктеуіш нышан қажетсіз. Бұл
тұста да шаруаның малсақтық психологиясы көзге түседі.
Шу асауларды үйреткенде қолданылатын шұрайлауға байланысты
қолданылатын әдісті шұра салу деп атайды. Асау аттың үстіңгі ерніне
қамшының бүлдіргесін кигізіп, сабымен бұрау салады. Шұраны әдетте шу асауға
салады. М.Әуезовтің Абай жолы романында Оспанның асау тайды үйрететін
тұсында шұрайлап деген сөз кездеседі. Шұра салуды жазушы шұрайлау деген
нұсқада қолданған: Бірақ өзге асаудан көрмеген ызаны көріп, екі жығылып
алған Масақбай ақ тайға қатты ызаланып алған. Құлақтан басып, бұғалықпен
буындырып, екі езуін шұрайлап, тайды өлердей жазалаған (М.Ә. Шығ. жинағы,
А., 1980, 3 т.). Шаруашылықты жүргізудегі, төл күтіп-баптап үйретудегі осы
әрекеттің көрінісі құлындағы даусы құраққа жетті – қатты қиналып,
шыңғырған дауыс шығады деген мағынадағы фразеологизмнің жасалуына себеп
болған.
Алтыншы тарауша 1.3.6 Дене мүшелері мен ауруларына қатысты уәжділік
деп аталады. Жылқы малының дене мүшелерін түгелдей танып айтып беретін
жақсы ат сыншылары не бапкерлер бүгінде некен-саяқ. Десек те біз
қарастырған материалдардың ішінде жылқы малының мүшелерін атап көрсеткен
Ж.Бабалықұлы, С.Қасиманов, А.Тоқтабай сияқты этнограф-ғалымдарымыздың
еңбектерін кездестірдік. Жылқы малының дене мүшелеріне байланысты
С.Қасиманов 44 атау, А.Тоқтабай 46 атау, ал Ж.Бабалықұлы 84 атауды берген.
Осы атаулар тілімізде көптеген ФТ-тердің пайда болуына уәж болды. Мысалы:
ат жалын құшты, ат кекілін кесісті, ат құлағы көрінбейді, ат құлағында
ойнау т.б.
Ал енді жылқының ауруларына байланысты ФТ-терді сөз ететін болсақ,
қазақ халқы ұлан байтақ елінің барлық жерінде төрт түлікке бірдей келетін
індеттерді әр түлікке қарай өзінше жеке атау беріп, әр қилы шаралар
қолданған. Мысалы, жұқпалы топалаң ауруын жылқыда жамандат, түйеде
қарабез, ірі қарада қараталақ, ылаң, қойда топалаң, ешкіде шекшек
деп атаған.
Құлынның тамағынан шыққан ісіктердің бір түрін қазақ сақау, яки
саржақ, шығу деп атайды. Құлындағы сақау – құнандағы ақау деген
тіркестің шығу тарихы осы ауру атымен байланысты.
Халықтың әр түлікте кездесетін бір ауруды басқаша атауы ұлтымыздың төрт
түлікті жақсы тани білгендігінен екені анық. Қотыр, көнтек, көңқотыр,
қыршаңқы деген ауру аттарының бәрін қотыр деуге болады. Осылардың ішінде
жылқыға қолданылатыны – қыршаңқы. Қыршаңқы көбіне алдымен жылқының
қапталынан және жаяның үстінен басталады да, малдың жүні сиреп,
реңсізденеді, қайызғағы бұрқырап тұрады. Тілі қыршаңқы, қыршаңқы сөз
секілді тіркестер осы ауру атымен байланысты. Десек те қотыр сөзі жылқыда
кездесетін бұл ауру түрінде қолданыла береді. Мысалы, Қотыр ат соқыр атқа
жақын жүреді деген мақалда көп міністен, ауыр жұмыстан, күтімсіздіктен
арқасы жауыр, үсті-басы сауыс қотыр болған жылқының қорада тұрса дуалға,
қашаға, т.б. сүйеніп, қасынып мазасы кеткенде, жайылымға шыққанда көзі сау
аттарға жақындай алмай, бір жерде ғана оттап, қозғалмай тұратын көзінің
зағибы бар соқыр атты тауып алып, соған сүйкеніп, соны айналшықтап,
төңіректеп жүріп алатын әдетін айтып тұр.
Ал келесі тарауша 1.3.7 Ат әбзелдеріне қатысты уәжділік деп аталады.
Қазақ халқы ат әбзелдеріне ерекше көңіл бөлген. Ер-тоқым жабдықтарын қыздар
тағатын сәнді әшекей бұйымдарға ұқсата жасайды. Ер мен басқа да жабдықтар
әркімнің жағдайына қарай сәнделеді. Ердің сәнді болуымен қатар оның адамға
жайлы болуына да көңіл бөлінген. Ұзақ жолға немесе сапарға шыққан адамның
ыңғайлы отыруы, жаумен шайқасуында жеңіске жетуіне де әсер етеді. Ер аттың
шайқас немесе жарыс кезінде тік тұрғанда, айналған кездерде адамның ыңғайлы
отыруын, жерге құлап түспеуін қамтамасыз етеді. Екінші жақтан, ер тек қана
адамның отыруына, ыңғайлы құрал емес, атқа да зиян келтірмейтін құрал болуы
тиіс. Мұның бәрін жетік меңгерген халқымыздың тілінде осыған қатысты түрлі
ФТ-тер пайда болған. Мысалы: ерттеп міну, ерттеулі аттай, ері мойнынан
кетті, ер әбзелін түзеді деген сияқты ерге байланысты тіркестер бүгінде
ауыс мағынада адамға қатысты қолданылады. Сондай-ақ, ат әбзелінің бірі
тізгін сөзіне байланысты қалыптасқан тізгінін жиды, тізгінінен айырылды,
тізгінін берді, тізгін ұшымен келді, тізгінін тарту тежеу, тізгінін
тартпау, тізгін тартар бер, тізгінін өз қолына алды, тізгіндеп ұстады,
тізгінге жабысу, тізгінді босатты (жіберді) т.б. ФТ-тер кездеседі.
Қазақ тіліндегі жылқы малына қатысты ФТ-терді зерттеудің
антропоцентристік аспектісі деп аталатын екінші тарауда жылқы малына
қатысты ФТ-тер лингвистикадағы тілді адам болмысымен бірлікте қарастыруды
көздейдейтін антропоцентристік әдіс тұрғысынан талданады. Бұл топтағы ФТ-
тердің қазақ халқының болмысын, дүниетанымын, психологиясын, тұрмыс-
тіршілігін, салт-дәстүрін, наным-сенімін танытудағы маңыздылығы сөз
етіледі.
2.1 Қазақ тіліндегі жылқыға қатысты фразеологизмдердің
этнолингвистикалық сипаты атты бірінші тараушада тіл біліміндегі
фразеологизмдердің этнолингвистикалық сипатын зерттеуге қатысты мәселелер
айтылады.
Фразеологизмдер – тілдің мағыналық жағының көпғасырлық дамуының
нәтижесі. Олар бізді қоршаған орта туралы күрделі ұғымдар мен түсініктерді
қысқа әрі ықшамды, бейнелі және эмоционалды түрде беруге өте қабілетті. Мал
шаруашылығына қатысты фразеологизмдер туралы сөз болғанда, жануарлар әлемі
жөніндегі түсініктерді адамзат қоғамына ауыстырудың өзіндік тәсілі алдыңғы
қатарға шығады. Фразеологизмдердің көпшілігі адамға сәйкес ерекшеліктері
бар жақсы үйретілген үй жануарларының сыртқы кескінін, мінез-құлқын,
қылықтарын сырт көзбен қарап, бейнелі түрде салыстыру негізінде жасалған.
Бір жағынан, жануарлар әлеміне, екінші жағынан, адамдардың қоғамдағы өзара
қарым-қатынасына және олардың әр түрлі тіршілік жағдайларындағы мінез-
құлықтарына бақылау жасау негізінде алынған бұл ассоциативтік
параллельдерден фразеологизмдер қалыптастырудың бейнелі-аялық негізі және
олардың мағынасын өзгерту және ауыстыру уәждері ретінде қызмет атқаратын
біраз ортақтықты және ұқсастықты таба алады. Мәселен, қазақ тілінде ғана
кездесетін адам жылқы мінезді тіркесі адамды жағымды жағынан сипаттайды.
Мұнда көнбістігімен, өзінің күшін тез қалпына келтіріп алуға деген
қабілеттілігімен ерекшеленетін адам сөз болып тұр. Жылқыға тән бұл қасиетті
көшпелілер жақсы зерделеп, ұғына отырып, оны ең абзал қасиет ретінде
адамның бойына ауыстырады [1].
Қазақ тіліндегі біз қарастырып отырған жылқы малына қатысты
фразеологизмдер халықтың тарихи-этнографиялық процестері, рухани-мәдениеті,
әдет-ғұрыптары, салт-дәстүрлері, дүниені қабылдауы, мифологиясы жөніндегі
нақты ұғым-түсініктерді береді. Оларда тіл мен этностың, тіл мен рухани
мәдениеттің өзара тығыз байланысы жарқын көрініс тапқан.
Тіл дамуының алуан түрлі кезеңдерінде қалыптасқан фразеологизмдердің
осы зерттеліп отырған тобының сақталып қалуы олардың дамуының белгілі бір
қарқынын, олардың пайда болуының тарихи сабақтастығын айқындауға мүмкіндік
береді.
2.1.1 Салт-дәстүр, наным-сенімге байланысты фразеологизмдердің
этнолингвистикалық сипаты.
Қазақ жылқыны мал патшасы деп қадір тұтқандықтан тіршілігінің қай
кезеңін де онымен байланыстырған. Сондықтан да бұл тараушада қазақ халқының
әдет-ғұрып, салт-дәстүрі, наным-сенімі негізінде қалыптасқан жылқыға
байланысты фразеологизмдерге этнолингвистикалық тұрғыдан түсінік беруді
мақсат еттік.
Малға тәуелділігін қазақтар әр қас қағым сәтте сезініп отырады.
Сондықтан өздерінің барлық әдет-ғұрып, салт-санасын малмен байланыстырып
отырады - дейді белгілі түрколог В.В.Радлов [8].
Жылқыға қатысты әдет-ғұрыптардың бір тобы адам өмірінің кезеңдерімен
(туу, балалық шақ, өсіп-ержету, үйлену, жерлеу) астасып жатса, енді бір
тобы шаруашылығына байланысты туындаған. Мәселен, бұрынғы уақытта аяғы ауыр
әйелдің толғағы қатты болып қиналғанда, үйдің сыртына әкеліп ат байлаған
немесе атпен тасырлатып шауып өткен, үйдің маңынан дүркіретіп жылқы
айдаған. Дүниеге перзент келгенде Ат қосшылы болдың ба? Қырық жылқылы
болдың ба? деп сұраған. Ат қосшы – ұл бала, яғни қасыңа ат қосшы болып
жүретін ұл туылды деген сөз, ал қырық жылқы – қыз бала. Қыз баланың қалың
малы салт бойынша жылқы малымен (47, 37, 27, 17, 9 жылқы) берілген. Сонда
қыз туылса, әке-шешесіне қырық жылқы әкелетіндігі бұл фразеологизмге арқау
болып тұр.
Ат мінгізіп, тон кигізді (шапан жапты) фразеологизмі қазақ халқының
қадірлі, сыйлы қонақтарға, құда-жекжаттарға жасайтын кәделерінің бірінің
негізінде жасалған. Мәселен, құда түсу рәсімін құдалардың бір-біріне деген
құрметі ретінде киіт кигізу, ат мінгізу дәстүрінсіз елестету қиын.
Сондықтан да киім-кешек түрінде сый-кәделер тарту құдалықтың басты
жоралғыларының біріне саналады. Ауқатты құдалар бір-біріне ат мінгізіп, өте
қымбат ішіктер мен тондар да сыйлай алады. Бұл дәстүр бүгінгі күнге дейін
сақталған.
2.1.2 Халықтық өлшемдерге байланысты фразеологизмдердің
этнолингвистикалық табиғаты.
Әр елдің өз мұқтажына, талап-тілегіне орай пайда болған халықтық
өлшемдер қаншама. Мысалы, ауа райы аса суық қиыр солтүстікті мекендейтін
ұлттар арасында 12-15 км қашықтыққа сай келетін передышка собачей езды
деген ұғым бар екен. Сол сияқты қазақ халқында жылқы өлшеуіш рөлін де
атқарған. Мәселен, 20-25 шақырым жерді – ат шаптырым жер, 8-10 шақырым
жерді – құнан шаптырым жер, 5 шақырым жерді – тай шаптырым жер деп шамалап
айту кеңінен таралған.
Жылқы малына қатысты қалыптасқан өлшем бірліктерін білдіретін
фразеологизмдерді өзара былайша топтастырып беруге болады:
1) Уақыт, мезгілдік мөлшерін білдіретін фразеологизмдер: жылқы тұсар
кез; бие сауымдай уақыт; ат қара тіл болғанда; бие байланған кез; бие
ағытар кез т.б.
2) Сан мөлшерін білдіретін фразеологизмдер: бір үйір жылқы; бір қос
жылқы; бір желі құлын; бір тай, бір тайпа ел; үйір-үйір жылқы; тайлы
тұяғымен; алалы жылқы, ақтылы қой; салт атты сабау қамшылы; қоралаған қой,
қостаған жылқы т.б.
3) Қашықтық, көлем, аумаққа байланысты фразеологизмдер: ат шаптырымдай
жер; ат жетпес, атан жетпес жер; ат басындай; ат тұяғы жетер жер; ат бойы;
бес биенің сабасындай; бие бауындай жер; ат адым; тай шаптырым; құнан
шаптырым; ат жетер жер; ат жетпес жер; желі бойы; тай тұяқ алтын; тай тұяқ
күміс; ат басындай алтын; тай ізіндей т.б.
Бие сауымдай уақыт деп биенің екі сауымының арасын айтады. Бұл
фразеологизм халықтық уақыт өлшемін білдіретін фразеологизмге жатады.
Халықтық пайымдау бойынша, бие сауымдай уақыт екі сағатқа тең, яғни биені
әрбір екі сағат сайын сауып отыратын болған. Бұл фразеологизм өзінің
мағынасын сақтай отырып, структуралық жақтан өзгеріп отырады: бие сауым
мезгіл бие сауым мезет бие сауымдай шақ және т. б. Сондай-ақ,
тілімізде ат басындай деген тіркес қолданылады. Мысалы: Сен ертең де кел.
Мен әкемнің қазынасынан ат басындай алтын, қой басындай ділда алайын, сонан
соң екеуміз қашайық (ҚЕ). Бұл көрсетілген мысалда ат басындай тіркесі алтын
құйманың көлемін көрсету үшін қолданылып тұр. Бұл жағдайда фразеологизм
тікелей салыстыру арқылы жасалған. Бұл тіркес сонымен қатар бейнелі-
ассоциативтік салыстыру ретінде қолданылады. Мысалы, Қайғымен басылар, Ат
басындай жүрегім (Батырлар жыры. ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Нар түйеге байланысты тілімізде мадақтау сипатындағы фразеологизмдер баршылық
Фразеологизмдердің уәжділік тұрғысынан зерттелуі
Тұрақты тіркестерді оқыту
І.есенберлиннің “көшпенділер” романындағы жылқы атауларының этнолингвистикалық мәні
Қазақ қолөнеріне байланысты фразеологизмдердің этномәдени аспектісі
ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕРДІҢ ЭТНОМӘДЕНИ СИПАТЫ
ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕРДІҢ СТИЛИСТИКАЛЫҚ ҚОЛДАНЫСТАРЫ
Фразеологиялық тіркестерді оқыту арқылы оқушылардың сөздік қорын байытудың жолдары
Жылқы тұқымдары. Дон жылқысы
Қазақ тілінің сөздігі
Пәндер