Қазақ жыраулары мен билері


Қазақ жыраулары мен билері
ТӨЛЕ БИ
Төле Әлібекұлы (1663-1756) қазіргі Жамбыл облысы Шу ауданының Жайсаң жайлауында дүниеге келген. Төле би ұлы жүздің биі. Төле жастайынан ескіше оқып сауатын ашады. Арабша, парсыша тарихи кітаптарды көп оқыған. Төленің әкесі Әлібекте сөзге ділмәр шешен би болған кісі. Төле он бес жасынан ел билігіне араласып, өзінің ақыл, парасаттылығын, әділ шешімі, шешендік өнерімен көзге түседі.
Жаңбыр жаумаса жер жетім,
Басшысы болмаса ел жетім.
Ұқпасқа айтқан сөз жетім,
Көре алмаған көз жетім.
Атың жақсы болса,
Жан мен тәннің шырағы.
Қызың жақсы болса,
Жайқалып өскен құрағың.
Әйелің жақсы болса,
Бірінші - иманың,
Екінші - жиғаның,
Үшінші - ырысынның тұрағы.
ҚАЗЫБЕК БИ
Қазыбек Келдібекұлы (1667-1764) Сырдария жағалауындағы ауылда туып, жастық шағын Қаратау, Ұлытау атырабында өткізсе керек. Қазыбек бала жасынан шешендік өнерге бейім өседі. Ол ел арасындағы айтылып жүрген дана сөздерді, мақал-мәтел, ақын-жыраулардың тақпақ, терме, толғауларын, шешен, билердің ұтымды сөздерін есіне сақтап жүреді. Әсіресе, әке тәрбиесі оған мол әсер етеді. Жасынан ел билігіне араласады, Қарағанды қаласының Оңтүстік-Шығысында орналасқан Совет ауданына орта жүздің атақты биі, Қазыбек бидің аты берілді.
Алтын ұяң - Отан қымбат,
Құт берекең - атаң қымбат.
Аймалайтын анаң қымбат,
Мейірімді апаң қымбат.
Асқар тауың - әкең қымбат,
Туып өскен елің қымбат.
Ұят пенен ар қымбат,
Өзің сүйген жар қымбат.
ӘЙТЕКЕ БИ
Әйтеке шын аты Айтық Бәйбекұлы (1683-1722) - Кіші жүзден шыққан қазақтың атақты шешен биі. Әйтеке ержете келе билікті мақал-нақылмен мәнерлеп айтатын, дауды әділ шешіп, “тілдің майын тамызып, сөздің балын ағызып” өте әдемі сөйлейтін әділетті, білгір шешен би болған. Әйтекенің артында қалған мол мұрасы, оның халқына арнаған өлеңдері, толғамдары.
Ашу деген ағын су,
Алдын ашсаң арқырар.
Ақыл деген дария,
Алдын тоссаң тоқырар.
***
Кісі бірге туыспау керек,
Туысқан соң қуыспау керек.
Сөз қуған бәлеге жолығады,
Жол қуған олжаға жолығады.
***
Бүркіт бол, заманыңыз түлкі болса,
Бай болар ер жігіттер мүлкі болса.
Жақсылардың белгісі сол емеспе
Қара қылды қақ жарған әділ болса.
Көрнекті ақын-жыраулар
Қазақ халқының ғасырлар бойы жасаған рухани мәдениетінің маңызды бір саласы ақын - жыраулардың жарыққа шығарған өлең-жырлары болып саналады. Бұлар қазақ мәдениеті мен әдебиетінің аса маңызды мұралары.
15-18 ғасырлардағы қазақ әдебиетінде он екі-он үш ақын-жырау аса көрнекті орын ұстады. Олардың өлең-жырларынан халықтың өмір-тіршілігі, көңіл-күйі, салт-санасы, өндірісі мен тұрмысы, мінез-құлық өлшемі мен дүниеге көзқарасы, сол дәуірдің рухы бейнеленді.
Бұл ақын-жырауларды қазақ халқы ақылгөй атадай ардақтап, олардың ақыл-нақыл тұжырымдарын ынталы ықыласпен тыңдап қадір тұтады, бұл өлең-жырларда Отанды, халықты сүю, елдің береке-бірлігін сақтау, әділетті жақтау, жамандық-пасықтыққа қарсы тұру сияқты адамгершілік дәріптеліп отырды. Бұл ақын-жыраулар халықтың мұңын мұңдап, жырын жырлады.
Ақын-жыраулар халық басына келген қайғыға да, ел басына ауыр күн туғанда шапқыншы жауларға қарсы жан аямай күресіп, елін қорғаған ерлерді дастан етіп жырлап отырды.
15-18 ғасырда өмір сүрген қазақтың әйгілі ақын-жыраулары: Асанқайғы (15ғасыр), Қазтуған жырау (15ғасыр), Доспамбет жырау (1490-1523), Шалкиіз жырау (1465-1560), Тәтіқара ақын (18 - ғасыр), Үмбетей жырау (1706-1778), Бұқар жырау (1693-1778), Көтеш ақын (1745-1818), Шал ақын (1748-1819) .
Бұлар өз өмірінде ұшан-теңіз өлең-жыр шығарады. Бірақ олардың бәрі біздің заманымызға жеткен жоқ, бұлардың “Балдан қалған сарқыттай” біздің заманымызға жеткен ұзынды-қысқалы өлең-жырлары үш жүзге тартады.
19 ғасырда қазақ әдебиеті белсене көтерілді. Бұл дәуірдегі Махамбет Өтемісұлы (1804-1846), Шернияз Жарылғапұлы (1817-1881) Кіші жүз қазақтарының отаршылдыққа қарсы ұлт-азаттық күресінің жаршысы және ту көтерушісі болды, жалынды жырларымен халықты күреске үндеді. Сүйінбай Аронұлы (1827-1896), Шортанбай Қанайұлы (1818-1881), Мұрат Мөңкеұлы(1843-1906) қазақ халқының өмірін ақиқатпен жырлаған ақындар болды.
Асанқайғы Сәбитұлы (XIV-XV) Еділ бойында дүниеге келген. Халидұлы Құрбанғали өзінің “Тауарих хамел” атты еңбегінде әйгілі Майқы биді Асанқайғының арғы атасы еді дейді. Берке хан дүниеден қайтқан соң (1359) Алтын Орданың тағына жанасқан хандар баянды билік құра алмаған. Сондай баянсыз хандардың бірі Ұлығ-Мұхамед болса, Асанқайғы сол Ұлығ-Мұхамед ханға сөзін өткізетін билердің бірі болған. XV ғасырдың 20-жылдарында Ұлығ-Мұхамед сарайдан қуылып Қазанды паналағанда, Асанқайғы жасының егде тартқанына қарамастан өз әміршісінің жанында болған. Алайда, бос сауғалау болмысына жат Асанқайғы кешікпей қайтып оралып, Әбілқайыр ұлысындағы шиеленіскен тартыстың ортасына түседі. Керей, Жәнібек сұлтандар бастаған рулардың Әбілқайыр ұлысынан бөлініп шығуын қолдаушылардың бірі Асанқайғы болады.
Асанқайғының жыр-толғаулары мен нақыл сөздеріне қарағанда, Дешті Қыпшақтың кіндік мекені Еділ, Жайық бойынан қазақ руларының ірге көтеруін қолдамай, Керей мен Жәнібекке көп қарсылық білдірген айқын аңғарылады. Асанқайғының “Жерұйық” іздеуіне қатысты айтылатын аңыздардан да халықтың бас құрап, ірге орнықтырып, ел болу қамын ойлауда оған шешуші міндеттің жүктелгені байқалады.
Ақыры, елдің ертеңін ойлап, еңсесін көтеруді өмірлік мұрат еткен Асанқайғы Ордадан бөлінген қазақ руларын Шу, Сарысу бойына, Ұлытау төңірегіне қоныстандыруға атсалысып, халықтың темірқазығындай бағдарша болып өткені мәлім.
Ел ауызындағы қария сөздің айтуында, Асанқайғы Сарыарқада дүние салып, Ұлытаудың топырағы бұйырған. Ал, Уәлиханов Шоқанның жазуында Асан-ата өмірінің соңғы жылдарында Жетісуда өткізіп, Ыстық көлдің жағасында дүние салған. Ел ішіндегі шежіре сөздер мен күй аңыздарына қарағанда, Асанқайғы халық қамын ойлаған ақылгөй, көреген ғана емес, сонымен бірге дәулескер күйші де болған. Көптеген күйдің аты мен аңыз әңгімесі де әлі күнге дейін айтылады. Өкініштісі, бүгінгі күнге “Ел айырылған”, “Асанқайғы”, “Желмаяның жүрісі”, “Зар” сияқты санаулы күйлер ғана жеткен.
“Ел айырылған” күйінің құрылысы қарапайым болғанымен, лекіте қағып отыратын сарынында терең күйзеліс сезіледі. Тіптен, не боларын күні бұрын болжай алатын дананың шарасыздығы сияқты торығу да жоқ емес.
Мұны бастан-аяқ жалықпай сұңқылдап, талмай қайталайтын сырлы саздан аңғарасыз.
“Ел айырылған” күйін Мұхитов Ғұбайдолланың (Орал) тартуында алғаш рет А. В. Затаевич нотаға түсірген. Сондай-ақ, толық, көркем нұсқасын 1964 жылы Құсайынов Мұқастың (Орал) тартуында Т. Мерғалиев нотаға түсірді.
Асан айтқан нақыл сөз, Асан айтқан толғау жырлар, әрине, өте көп болған.
Бізге соның кейбір нұсқалары ғана жетіп отыр. Асан сөздерінің дені:
“Құйрығы жоқ, жолы жоқ құлан қайтіп күн көрер,
Аяғы жоқ, қолы жоқ жылан қайтіп күн көрер.
Жалаң аяқ байпаңдап қаздар қайтіп күн көрер,
Шыбын шықса, жаз болып таздар қайтіп күн көрер”, -
іспеттес нақыл, толғау түрінде келсе керек. Бұл жолдардан адам тағдыры ғана емес, жан иесі мақұлықтардың бәрінің тіршілігі толғанатқан, көне заманда өмір сүрген көне философ-гуманисттердің типіндегі ойшыл Асан танылады. Кейін аңызға айналып, аты ұрпақ аузында құрметпен аталған адам теңіздей терең ақылдың иесі болғандығы күмәнсіз.
Асанды көбіне хан қасынан көреміз. Оның бізге жеткен толғаулары түгел дерлік Әз-Жәнібек ханға арнайы айтылған. Алайда Асанды сарай ақыны деуге болмайды.
Халық аңыздарында Асанқайғы жайында “бұл қария қашан да ханға жағынбай, жарсақтанбай тура сөйлеуші еді” делінеді.
Бұл сөздің ақиқаттығы Асан толғауларынан-ақ байқалады.
“Ай хан, мен айтпасам білмейсің,
Айтқаныма көнбейсің.
Шабылып жатқан халқың бар,
Аймағын көздеп көрмейсің,
Қымыз ішіп қызарып,
Мастанып қызық терлейсің,
Өзіңнен басқа хан жоқтай
Елеуреп неге сөйлейсің”, -
дейді ол Жәнібек ханға. Асан өмір сүрген заманда ханға жаңағыдай сөйлеу кез-келген шонжардың қолынан келген іс емес. Бұл - Асанның Асандығы ғана айтқызған сөз.
Бұл жерде Асан халық тілегінің жоқшысы. Асан мұңы - халық мұңы. Оның атына жалғанған Қайғы деген анықтама халық сүйіспеншілігінің белгісі іспеттес. “Тауарих хамсаның” авторы, өзі діндәр Құрманғали Асанның “Қайғы”аталу себебін дінге тіремек болады. Бұл - халық санасындағы Асан бейнесімен қабыспайды. Асан қайғысы бақиды, ахирет жайын ойлағаннан туған қайғы емес. Асан мұңының тамыры тереңде. Оның негізінде халықтың сол кездегі тұрмыс-халіне жаны ашығандық, өмірге көңілі толмау бар. Асан қайғысы - бүгінгі тіршіліктің, ертеңгі болашақтың қамын ойлағандықтан туған қайғы. Сондықтан да өз толғауларында ол үнемі халық атынан сөйлейді.
Бажайлап оқысақ, Асан толғауларынан тек сол заманға ғана тән кейбір суреттерді, қазақ халқының құралу дәуіріндегі белгілі тарихи оқиғалардың елесін көреміз.
“Асанқайғының шығармалары өз тұсының айнасы, ол өз дәуіріндегі қазақ халқының мұңын, тілегін көрсетеді”, - деп жазған еді Б. Кенжебаев.
Әбілхайыр ханнан бөлінуге қарсы болмағанмен, Асанқайғы ата - мекеннен ат құйрығын үзіп, ұзап кетуді онша қош көрмегені байқалады.
“Қырында киік жайлаған,
Суында балық ойнаған,
Ойтауыттай туған егіннің
Ойына келген асын жейтұғын
Жемде кеңес қылмадың,
Жемнен де елді көшірдің.
Ойыл деген ойынды,
Отын тапсаң тойынды,
Ойыл көздің жасы еді.
Ойында кеңес қылмадың,
Ойылдан елді көшірдің.
Елбең - елбең жүгірген,
Ебелек отқа семірген,
Екі семіз қолға алып,
Ерлер жортып күн көрген
Еділ деген қиянға
Еңкейіп келген тар жерге,
Мұнда кеңес қылмадың…
Асан атына байланысты кең тараған сөздің бірі - кейін Бұқар шешті дейтін қысқа толғау. Мұнда Асанның өз тобының мүддесін көздегенін көреміз.
Қазтуған жырау (XV ғасыр)
Қазақ әдебиеті төлбасыларының бірі - Қазтуған жырау Сүйінұлы шамамен 15 ғасырдың 20-30 жылдарында Еділ бойында, қазіргі Астрахань облысының Красный Яр қаласының маңында туады. Көшпенді шонжарлар әулетінен шыққан Қазтуған Еділдің салалары Ақтұба, Бозан бойын жайлаған түркі тайпаларының рубасы көсемі, әскербасы батыры болады. Дешті- Қыпшақта 15 ғасырдың ұзына бойына созылған бұлғақ кезінде оның кімдерді жақтағаны, не істегені белгісіз.
Қазтуған - ірі эпик, ерлік жырларын шығарушы жорық жырауы, әрі нәзік лирик ақын болған. Қазтуған өз артына өмір туралы, ата мекен, туған ел жайлы және әскери тақырыптағы сан алуан мазмұнды туындылардан құралған мол мұра қалдырды. Бұлардың дені сақталған. Қазтуғанның біздің дәурімізге жеткен жырлары табиғат арасындағы көшпендінің болмыс, тіршілік, өзін қоршаған орта туралы түсінігін бейнелейді. Жырау қиялының байлығы, суреттеу тәсілдерінің кемелдігі мен әсемдігі көне дәуірдегі қазақ поэзиясының биік өресін, өзіндік сыпатын танытады. Қазтуғанның ұлттық баяуы қанық, афоризмдерге, көркем тіркестерге бай, өр рухты толғаулары туған әдебиетіміздің таңдаулы үлгілері қатарына жатады. Қазтуған Сүйінішұлының тек қана ақындығын ғана біз айтпай-ақ, ол өз заманының әрі батыры, әрі күйші, әрі биі, әрі шешені болған. Сегіз қырлы, бір сырлы. Мұның бәрі өзі туралы бір толғам жырдан айқын көрініп тұр:
“ Бұдырайған екі шекелі,
Мұздай үлкен көбелі,
Қары ұнымы сұлтандай жүрісті,
Адырнасы шайы оққа кірісті,
Айдаса қойдың көсемі,
Сөйлесе қызыл тілдің шешені,
Ұстаса қашағанның ұзын құйрығы,
Қалайылаған қасты орданың сырығы,
Билер отты би соңы,
Би ұлының кенжесі,
Буыршынның бұта шайнар азуы,
Бидайықтың көл жайқаған жалғызы,
Бұлт болған айды ашқан,
Мұнар болған күнді ашқан,
Мұсылман мен кәуірдің
Арасын бұзып өтіп дінді ашқан -
Сүйінішұлы Қазтуған !!!”.
Бұл нағыз керемет терең ойлы да, “таза далалық поэзия!” - дейді жазушы, әрі зерттеуші Мұхтар Мағауин. Иә, бұл жолдар тек қазақ тілінде ғана сұлу, қазақ оқушысына ғана түсінікті. Мұздай ызғарлы ауыр сауыт киген батыр көтермелеу үшін өзін номадтың түсінігіндегі ең әлуетті, ең құрметті деген заттарға балайды.
Тарпаң тағыны ұстар ұзын құрық, ақ орданы сүйеп тұрған әшекейлі сырық, жас бураның тал қайзар өткір азуы, қыранның жембасар тырнағы, -алтын да, күміс те, алмас та емес, бірақ алтыннан да, алмастан да салмақты, іріктеліп, екшеліп алынған образдар. Осы жылдардан Қазтуғанның жорықшы, жауынгер жырау болғандығы көрінеді. Сонымен бірге жыраудың эпосшы болғандығы да аңғарылады. Қазтуған - Қазақ эпосын жасаушылардың бірі.
“Бұлт болған айды ашқан,
Мұнар болған күнді ашқан”, -
деп шалқыған Қазтуғанның білегінің күші қаншалық болғанын біз білеміз, ал ақындығына келсек, оның мұндай сөздерді айтуға толық хақысы болғандығы көрінеді. Шығармалары сақталмай, біздің заманымызға аттары ғана жеткен, өздері аңыз кейіпкеріне айналған ұлы жырау Кекі-Бұға, Жұма- Құл, Сыпыралардың поэзиясы жайында ештеңе айта алмаймыз. Бізге шығармаларымен жеткен бірінші ақын - осы Қазтуған. Қазтуғанға дейінгі жыраулық поэзия қандай дәрежеде еді, оның туу, қалыптасу, даму кезеңдері қандай болды - бұл жөнінде, өкінішке қарай, белгілі бір пікір айту мүмкін емес. Алайда тақырға шөп шықпайтыны сияқты суреткер де өз бетімен, өзінен өзі туа салмайды.
Қазтуған нәр алған әдебиет - әрине, көшпенділердің көне поэзиясы, Кекі-Бұға, Сыпыра жыраулардың жалғаулары.
Қазтуғанның нақыл тақпақ, жыраулық ой тұрғысынан келетін:
“Балдағы алтын құрысы болат
Ашылып шапсам дем тартар,
Сусыным қанға қанар деп.
Арғымақтың баласы,
Арыған сайын тың жортар,
Арқа мен қосым қалар деп.
Арқа дария толқын күшейтер,
Құйрығын күншалмаған балығым
Ортамнан ойран салар деп.
Азамат ердің баласы
Жабыққанын білдірмес,
Жамандар мазақ қылар деп”, -
іспеттес жолдары жыраулық поэзияның бізге жеткен ең ескі үлгісі. Бұл жерде үлкен ақыл иесі, кең тынысты жырау бой көрсетеді.
Алайда Қазтуғанның ақындық қуатын танытатын шығарма - оның туған жермен қоштасу жыры. Бұл толғаудан кейін бүкіл қазақ поэзиясына азық болған образдарды ұшыратамыз.
“Алаң да алаң, алаң жұрт,
Ағала ордам қонған жұрт,
Атамыз біздің бұ Сүйініш
Күйеу болып барған жұрт,
Анамыз біздің Бозтуған
Келіншек болып түскен жұрт,
Қарғадай мынау Қазтуған батыр туған жұрт,
Кіндігімді кескен жұрт,
Кір - қонымды жуған жұрт,
Қарағайдан садақ будырып
Қылшанымды сары жүн аққа толтырып,
Жанға сақтау болған жұрт!”
Бұл жолдарда оқушысын баурап алатын ерекше бір күш бар сияқты. Аңдап қарасақ өзгеше ештеңе де жоқ, қарапайым сөз тіркестері. Алайда, осы қарапайым сөздердің өзінде адамды елітер, ерітер қаншама сезім жатыр десеңізші!
Адамға ең ыстық - Отаны, ата-бабасының ғұмыр кешкен, өзінің туып, өскен елі, жері. Сондықтан да Еділ қымбаты, сондықтан Еділ қиып тастап кету мүмкін емес. Жыраудың туған жерге махаббатында шек жоқ, бұл сезімде тіпті фәнилік емес бірдеңе бар.
Қазтуған поэзиясы - табиғат аясындағы көңілі таза сәби көшпендінің поэзиясы. Бұл поэзия номадтың санасының қаншалық дәрежеде болғандығын көрсетеді, оның өзін қоршаған, әлі адам қолы бүлдірлеген табиғат туралы түсінігінен елес береді, өмірге көзқарасын білдіреді.
Табиғат аясындағы ақкөңіл номадтың қиялы өзінің ұшқырлығымен, кеңдігімен, сонымен қатар балаңдығымен бізді таң қалдырады. Жырау туғызған кейбір суреттер мен образдарға біз кішкене баланың құмнан соққан құрылыстарына қараған үлкен кісінің сезімімен қызықтай қараймыз, бірақ күлмейміз, - сүйсінеміз.
Еділ жөнінде айтылған өлең жолдарына назар аударайық:
“Шырмауығы шөккен түйе таптырмас,
Балығы көлге жылқы жаптырмас,
Бақасы мен шаяны
Кежідегі адамға
Түн ұйқысын таптырмас”, -
деген жолдар қас суреткердің қолынан ғана шығуы мүмкін еді. Сүйкімсіз шөп шырмауықтың қалыңдығы, адамға тыныш ұйқы ұйықтатпайтын бақа-шаянның көптігі де жырауға соншалық ыстық. Туған жердің қасиеттілігінің бір белгісі іспеттес.
Ақынның мына тамаша толғауы:
“ Сөйткен менің Еділім,
Мен салмадым, сен салдың,
Хайырлы болсын Сіздерге
Менен қалған мынау Еділ жұрт”, -
деп, Еділ бойында қалған түрік тектес руларға бақыт, береке, тыныштық тілеумен аяқталады.
Шалкиіз жырау. Қазақ жыраулық поэзиясының атасы - Шалкиіз Тіленұлы 1465 жыл шамасында Жайықтың шығыс бетінде дүниеге келеді. Болашақ жырау үш айлығында анасынан айрылады да, нағашы әжесінің қолына беріледі. Сөйтіп, Шалкиіздің Дешті-Қыпшақ жерін жайлаған түркі руларының бірінен екіншісіне көшкен бір ғасырға жуық сапары жөргектен басталады.
Мұсылманша жақсы білім, сахара салтымен тамаша тәрбие алған Шалкиіз қай атырапта өсіп, ер жетті - бұл жағы белгісіз.
Тек айдынды аламан ғана емес, арқалы жырау ретінде де даңқы шыққан Шалкиізді 1490-жылдарда Ноғайлы әміршісі Темір бидің төңірегінен көреміз. Шығармаларына қарағанда, осы кезде жырау бірде әскери жорықтар санында, бірде әміршісінің нөкері қатарында Қырым, Терістік Кавказ, Дон бойын тегіс аралап шығады. Алайда, тәкаппар жырау Темірмен үнемі жарастық таба бермеген. Темір өлгеннен соңғы жерде жырау Мұса ұрпақтарымен қайта табысады. Өз заманындағы саяси күрестердің ешқайсысынан сыртқары қалмаған Шалкиіз Ноғайлыда XVI ғасырдың 40-жылдары басталған Жүсіп пен Исмаилдің әйгілі тартысы кезінде Жүсіп жағын жақтайды.
Алайда, дұшпандары тарапынан қуғынға, достары тарапынан күндеуге ұшыраған жырау көп ұзамай нағашыларымен біржола араздасып, Қазақ Ордасына қайта өтеді. Шалкиіз бір ғасырға жуық жасап, 1560 жылдарда қайтыс болды деп шамаланады.
Шалкиіз жыраудың туындылары көңіл пернесін дөп басар әсерлігімен, кезегенін орып түсер өткірлігімен, аз сөзге көп мағына сыйғызған нақтылығымен, сұлу сазды көркемдігі, асау серпімді қуатымен ерекшеленеді. Жыраудың ғасырлар көгінен өтіп, біздің дәуірге жеткен шағын көлемді, шымыр толғауларынан көне заман таңбасы-түз тұрғынының дүние танымы, адамдық табиғаты, мінез ерекшеліктері, моральдық, этикалық қағидаларды айқын аңғырылады.
Шалкиіз өмірінің біраз уағы ноғай ордасының әміршісі Темір бидің төңірегінде өткендігі байқалады.
“Тіленшіұғлы Шалкиіз,
Иесі би Темірдің тұсында
Бұлтқа жете жазды бұ мүйіз,
Иесі би Темірден соңыратын
Тұқылдықтан тарсылдап,
Үзілер болғай сол мүйіз”, -
дейді жырау өзінің Темірге арнай айтқан толғауларының бірінде.
Едігенің немересі Тенсібайдан туған Темір би - батыс тарихшыларына да белгілі адам. Анонимді “Шейбани-намадан” оның Астраханьды билеген Қасым сұлтанның іргелі бектерінің бірі эмир - эль - умера, яғни әскербасы болғанын көреміз.
Қасым сұлтан маңызды мәселелердің бәрін Темірмен кеңесін қана шешеді екен. Темір 1480 жылы Уграда болған, 1485 жылы Қырымды шауып, мол олжамен оралады. Өмірінің соңғы кезеңінде Темір - Москваның одақтасы. Оның өз дәуіріндегі тарихи оқиғаларда қандай роль атқарғандығы сол кездегі орыс жылнамаларынан айқын аңғарылады.
Шалкиіз мұрасынан біздің заманымызға жеткені - 600 жол шамасында. Бұл басыр шайыр Рудаки шығарған әлденеше жүз мың шумақ өлеңнің бір мың жолдайы ғана сақталғаны сияқты құбылыс.
Алайда Шалкиіздің әдебиетіміздің тарихынан құрметті орын алуы үшін ғасырлар бәйгесінен келген осы санаулы шумақтардың өзі-ақ жеткілікті.
Қолда бар жырлар бұдан төрт ғасырдан астам бұрын жасаған жырау поэзиясының бағыты, тақырыбы, сыр-сипаты жайында толық түсінік бере алады.
Шалкиіз - жырау, жырау болғанда өлеңмен не қарасөзбен сөйлеу бір қисап, аузын ашса болды көмекейінен күмбірлеген жыр төгіле берген жыраудың классикалық үлгісі.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz