«Түркістан» газетіндегі мәдени мәселелердің көрінісі



КІРІСПЕ
1. «Түркістан» газетіндегі ұлттық тақырыптар мәселесінің, насихатталу деңгейі
1.1.Газет бетінде жарық көрген ұлттық мәселелердің тақырыптық ерекшеліктері
1.2. Ұлт тақырыбындағы мақалалардың берілу әдіс.тәсілі, жанрлық ерекшеліктері

2. «Түркістан» газетіндегі мәдени мәселелердің көрінісі
2.1.Мәдениет тақырыбына арналған мақалалардың тақырыптық болмысы
2.2. Мәдени жаңалықтар мен сараптамалық материалдардың газет бетіндегі орны

ҚОРЫТЫНДЫ
СІЛТЕМЕЛЕР ЖҮЙЕСІ
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

Пән: Журналистика
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 55 бет
Таңдаулыға:   
КІРІСПЕ

ХХІ ғасыр – ақпарат ғасыры. Әсіресе, технологиялық үрдістердің қарыштап
дамуы ақпарат алуды мейлінше жылдамдатып жіберді. Бұл тұрғыдан интернет
парақшаларының маңызы өте зор. Ал, бұған дейін қасаң, ресми ақпараттарға
мейлінше орын беріп, цензураның қармағына іліккен қазақ журналистикасы үшін
ХХІ ғасырдың басында үлкен таңдау тұрды. Бұл – ақпараттық кеңістікті
иелену, Қазақстан журналистикасында жетекші рөлге ие болу мәселесі еді.
Қазақ ақпараты ХХ ғасырдың басынан бастап дамыды десек, кеңестік кезеңді
артқа тастап, тәуелсіздік баспалдағына шыққан қазақ ақпаратының мәні мен
маңызы, атқаратын рөлі, қамтитын тақырыбы мүлдем басқаша сипатқа ие болды.
Қазақ журналистерінің алдында ауыр жүк тұрды. Ақпараттық экспансиядан
қорғану, өзге ұлттың өзге идеологияны көздейтін ақпараттық тасқынынан
құтылу мәселесі алға қойылды. Дәл осы мақсаттың үдесінен қазақ баспасөзі
қалай шыға білді?
1990 жылы республикада 552 бұқаралық ақпарат құралы тіркелген болса,
1991 жылы оның саны 744-ке жетті, 1992 жылы бұл көрсеткіш 1052-ге жетті
[1.18]. Қазіргі таңда екі мыңнан астам бұқаралық ақпарат құралы тіркелген.
Сөйтіп, 90-жылдардан бастап қазақ журналистикасының дамуына зерттеушілік,
тарихи-танымдық бағыт анық орнықты. Бұл басқа журналистерге де үлгі болып,
тұтас ізденіс негізінде, журналистік зерттеулер нәтижесінде тарих
қойнауында жасырын жатқан деректердің беті ашылды. Бір айта кетерлігі бұл
басылымдардың басым көпшілігі орыстілді. Қазақтілді басылым Кеңестік
заманмен салыстырғанда, 2 есеге көбейгенімен, оның үлес салмағы мүлдем
төмен еді. Күні кешеге дейін Қазақстандағы қазақтілді басылымдардың үлес
салмағы 20%-дың о жақ, бұ жағында ғана болса, 2006 жылғы ақпаратқа
сүйенсек, қазақтілді ақпарат 40%-дық үлес салмаққа ие бола бастапты.
Біздің бітіру жұмысына арнайы тақырып ретінде алынып отырған
Түркістан газеті де осындай мақсатта дүниеге келген басылым болатын.
Халықаралық саяси апталық Түркістан газетінің тарихы тәуелсіз Қазақстан
тарихымен орайлас. Ел тәуелсіздігін жариялағаннан кейін екі жылдан соң,
яғни 1994 жылдың 28-қаңтарында дүниеге келген. Алғашқы беттерін парақтап
отырсақ, Түркістан газетінің ту баста алға қойған мақсаты – бүкіл түркі
дүниесіне қатысты тақырыпты қамтуға арналған сияқты. Бірақ, бертін келе,
анығырақ айтқанда 2000 жылдан бастап газеттің түр-сипаты, мазмұн-мәні
іргелі өзгеріске ұшыраған. Әуелі газет саяси бағыт-бағдарды ту етіп алады.
Яғни, саяси мәселелерді бірінші нысанаға алған. Газеттің алғашқы бас
редакторы әрі ұйымдастырушысы, белгілі жазушы, драматург, марқұм Қалтай
Мұхамеджанов ағамыз болған. Қалтай ағаның басшылығы кезінде газет
беттерінде рухани-мәдени мәселелер басты назарда ұсталынған. Бұны
Түркістан газетіндегі рухани-мәдени мақалалардың алғашқы беттен орын
алғанынан аңғарамыз. Ал, 2000 жылдан 4 беттен 8 бетке көбейген ірі форматты
газет бірінші планға саяси мәселелерді шығара бастаған. Қалтай
Мұхамеджановтан кейінгі газеттің бас редакторы Шамшиддин Паттеев осы
заманғы ақпараттық сұранысты дөп түсінген тәрізді. Сөйтіп газеттің бағыт-
бағдарын басқаша сипатта өзгерткен.
Алдымен газеттегі ұлттық-мәдени тақырыптардың аясын қамтымас бұрын,
еліміздегі мемлекеттік деңгейде қабылданған ұлт мәселесі туралы құжат, заң
тұжырымдамаларында не айтылған, соған назар аударып көрелік. Ең алдымен,
Қазақстан Республикасының бүкілхалықтық референдум бойынша қабылданған 1995
жылғы Конституциясында Қазақстан Республикасының унитарлы мемлекет екендігі
айтылады. Осы Конституцияның 7-бабында Қазақстан Республикасының
мемлекеттік тілі – қазақ тілі деп жазылған. Сондай-ақ, 1997 жылы
қабылданған Тілдер туралы заңның 18-бабындағы Қажетті тілдік ортаны жасау
және мемлекеттік тілдің толыққанды қолданылу мақсатында, олардың меншік
нысандарына қарамастан, олар арқылы мемлекеттік тілдегі берілімдердің
көлемі уақыт жағынан басқа тілдердегі берілімдердің жиынтық көлемінен кем
болмауға тиіс [2.8] деген баппен, БАҚ туралы заңның 3-бабының 2
тармағындағы Телерадио хабарларын тарату арналарының меншік нысандарына
қарамастан, олар арқылы мемлекеттік тілдегі берілімдердің көлемі уақыт
жағынан басқа тілдердегі берілімдердің жиынтық көлемінен кем болмауға тиіс
[3.5] деген сөйлем көп жағдайда басшылыққа алынды.
Ал, Мәдениетке қатысты ресми құжаттардың бірі Мәдениет туралы Заң
1996 жылы қабылданды. Онда Осы заң мәдениет саласындағы мемлекеттік
саясаттың құқықтық-экономикалық, әлеуметтік және ұйымдық негіздерін
белгілейді, қазақтың ұлттық өнерінің мәдениетін жасау, жаңғырту, сақтау,
дамыту, пайдалану және тарату саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді
делінген. Ал, 2004 жылдан қабылданған Мәдени мұра мемлекеттік
бағдарламасы мәдени-рухани мұрамызды сауықтыру, осы бағыттағы мұраларымызды
жинауға арналды. Бұл бағдарлама тікелей Елбасының бастамасымен өмірге
келген болатын. Қазіргі таңда осы бағдарлама бойынша, ұлт тарихына қатысты
құнды жәдігерлік мұраларымыз әлем елдерінің мұражай, мұрағаттарынан
алдырып, тасқа басылып, ел игілігіне жарап жатыр.
Ұлт және ұлттық мәдениет деген қасиетті ұғымнан кейбіреулер бойын аулақ
салып, үркіп жүретіні болады. Бүгінгі таңда шыны керек, өз ұлтыңды, өз
халқыңды, анықтап өзіңді сүюдің, өзіңді құрметтеудің несі айып, несі ұят,
несі мін? Ал айып болмаса өзің қалаған, жүрегі сүйген, өзің туған ұлтыңның
мәдениетін бар жан-жүрегіңмен, барша әлемге еркін дауыспен емірене тұрып,
- Мен ұлтымды сүйемін – деп, осы уақытқа дейін неге айта алмай келеміз?
Айта алмауымызға не себеп? Тіліміз келмей ме? Үніміз шықпай ма? Әлде
біреуден секем аламыз ба? Байқасақ маңайдағы құбылыстың бәрі көретін
көзіміз бар, көргеніміз ойлайтын сана-сезіміміз, түйсігіміз бар. Ешкімнен
де, ешбір ұлттан да кем емес, кең әлемге кереметтей аты шыққан қазақ деген
атымыз бар. Мақтанғымыз келсе ашық айтатын жақсы әдет-ғұрып та, салтымыз
да бар. Тек шындығы сол, айтатынымызды айта алмай келе жатқанымыз.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Намазалы Омашевтің
Қазақстанда қандай идеология қажет? деп осыдан бірнеше жыл бұрын
басталған аяқсыз әңгімені әрі қарай жалғастырса, мүмкін талай құнды
пікірлер айтылар ма еді, кім білсін? Сөз жоқ, біреулер идеология қажет
десе, оппоненттер қажет емес дегенді айтар. Оған дау жоқ. бірақ бір
нәрсенің басы ашық. Бір ғасырға жуық коммунизм елесімен өмір сүрген халықты
ешқандай идеалсыз қалдыру – теріс пиғылдарға бос кеңістік сыйламаумен
бірдей екенін өмір көрсетіп отыр. Сонда бізде идеал деген болмай ма?
[4.67] деген ойын осы жерде тағы бір еске алып өткен жөн болар.
Қазақстанның негізгі идеологиясы не, ұлттық идеологиясы не болуы керек?
деген сұрақтар төңірегінде Түркістан газеті көп ізденген, ұлттық
құндылықтардың жанашыры болған бірден-бір газет.
Газет бетіндегі саяси мәселелердің көбі ұлттық рух тұрғысынан
жазылғандығының куәсі боламыз. Газет журналистері кез-келген саяси
мәселелер туралы сөз қозғағанда, оның ұлттық мүддемен қабысып жатқандығына
баса назар аударып келген. Егер, елдегі саяси реформалар болсын, қабылданып
жатқан конституциялық маңызы бар заңдар т.б. да мәселелер жайында мақала
жазылса, оның ұлтқа берер пайдасы не, зияны не, газет осы мәселені бірден
екшеуге кіріседі. Егер, ұлттың ұлы мүддесімен қабыспай жатса, шенеуніктің
де, депутаттың да бетін шиедей қылады. Сөйтіп, ұлттық тақырып мәселесі
Түркістан газеті өмірге келген күннен бастап, негізгі мәселеге айналған.
Бұл тенденция тек Түркістан газеті ғана емес, басқа да қазақтілді
ақпаратта да орын алды. Бұлай болуы заңды да, өйткені, жаңа ғана
тәуелсіздік алып, дамудың бағыт-бағдарын енді ғана айқындап жатқан жас
мемлекеттің ұлттық даму жолын саралауы, оның баспасөзде көрініс табуы
жазылмаған қағида. Ел болашағына алаңдаған зиялы азаматтардың басым
көпшілігі баспасөздің төңірегіне топтасты. Олардың қарапайым халық санасына
сәуле түсірер салихалы ойлары ең алдымен газет-журналдар бетінен көрініс
тапты дейді тәуелсіздік жылдарындағы публицистиканы зерттеген филология
ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Жақып [1.9]
Ал, газет бетіндегі мәдениет тақырыбына келер болсақ, жоғарыда айтып
өткеніміздей газет өмірге келген алғашқы жылдары рухани-мәдени мәселелер
алғашқы планда болған. Бірақ, күн өте келе мәдениет мәселесі соңғы
беттерден орын алатын дәрежеге жеткен. Түркістан газетінің мәдени
тақырыптарды кеңінен қамтыған кезі – Мәдениетті қолдауға арналған 2000
жылдан басталады. Соңғы беттерге ысырылса да, газет театр, кино, өнер
саласын үнемі назарда ұстап келген. Сондай-ақ, тек мәдени жаңалықтар мен
ақпараттармен ғана шектеліп отырмаған, сонымен қоса, мәдениеттің дамуына не
кедергі, не жетекші рөл атқарады, оған кімнің қандай ықпалы бар,
мәдениеттің мұқтаждығы неде секілді сұрақтарға жауап беретін сараптама
материалдар да жиі кездесіп отырады.

І тарау
1. Түркістан газетіндегі ұлттық тақырыптар мәселесінің,
насихатталу деңгейі
1.1.Газет бетінде жарық көрген ұлттық мәселелердің тақырыптық
ерекшеліктері

Біздің бітіру жұмысымыздың нысаны болып отырған Түркістан газетіндегі
ұлт тақырыбындағы мақалалардың 2005 жылдан бері қарайғысын сарапқа салдық.
Бұл тұрғыдан алғанда мемлекеттік ұлттық саясат газетте жақсы көрініс
тапқан. Атап айтар болсақ, мемлекеттік тілдің мәселесі, ұлт болып ұюдың
алғышарттары, рухани-мәдени мұрамыздың зерттелуі мен қамқорлыққа алыну
дәрежесі, ақпараттың қауіпсіздігі, отансүйгіштік, патриотизм мәселелері,
ұлттық рух, жер мен дін, оралмандар мәселелері үнемі назарға алынып келген.
Халықаралық саяси апталық Түркістан газеті беттеріндегі ұлттық
мәселелерді тақырыптық тұрғыдан топтамас бұрын ең алдымен кейбір
мәселелерді анықтап алуды жөн көрдік.
Біріншіден, ұлттық мәселе дегеніміз не? Ол – ұлттар, ұлыстар және басқа
да этникалық топтардың мемлекетаралық және этносаралық қарым-қатынасынан
көрініс табатын саяси, экономикалық, құқықтық және басқа да мәселелерінің
жиынтығы.
Біз ұлттық идеяны тауып, ұлттық идеологиямызды жүргізе алуымыз үшін,
ең әуелі, ұлтшылдық сөзіне позитивтік мағына беруіміз қажет.
Бүгінде қазақтың ұлтшыл сөзі – негативтік мәнге ие жағымсыз құбылыс,
өйткені бізде нацистік ұлттық көңіл күйді беретін сөз жоқ. Бәрімізге
белгілі, итальян тіліндегі – fascio – күрмелген түйін, байлам, ұжым
сөзі кейін – fascismo – фашизм түсінігін қалыптастырды. Әуелі ұлтшыл және
ұлтшылдық сөздеріне дұрыс анықтама беріп, мағынасын дәл белгілеп алу да –
сол ұлттық идеяны қалыптастырудағы алғашқы қадамдардың бірі болар еді.
Ұлттық идея – ұлтты кемелдендіретін, озық шығаратын жетекші идея және соны
жүзеге асыруға қабілет-қарымы мен мүмкіндігі бар сара жол болуы тиіс.
Латынша nation – тайпа, халық деген ұғымды береді. Маркстік
философияда ұлт – жері ортақ, экономикалық байланысы тығыз, әдеби тілі бір,
мәдениеті мен ұлттық мінез-құлқының ортақ ерекшелігі бар халықтың бірлігі.
Сонда біз бүгін – Қазақстанда тұратын ұлыстар кімбіз?
Белгілі көсемсөзші Нұртөре Жүсіп бірде Қазақстанда тұратын барлық ұлт
қазақ деп жазылуы тиіс деген идеяны айтқан еді. Сонда біз тұтастыққа,
бірлікке, тұрақтылыққа жетеміз деген ойды көлденең тартқан.
Ал, саясаттанушы Әзімбай Ғали лингвоцентризмді насихаттап жүр.
Десек те, бүгінде қазақ мемлекет құраушы ұлт ретінде өзіне және Қазақстанда
тұратын өзге халыққа қандай ұлттық идеяны ұсына алады? [4].
Екіншіден, ұлттық идея дегеніміз не? Ол – ұлттық мүдденің туындысы.
Идеология сол ұлттық мүддені мейлінше анық белгілеген идеяға қол жеткізудің
нақты әрекет-қимылына сілтеу жасап, бағыт-бағдар беретін үгіт-насихат
мазмұны. Ұлттық идеяны насихаттау мәселесіне газет бетінде үнемі назар
аударылып келді. Түркістан газетіндегі негізгі ұлт тақырыбындағы
мақалалар ұлттық рухқа үндеу, ұлттық идеяны іздеу, ұлттың менін анықтау
ұлтжандылыққа шақыру тақылеттес болып келді. Мысалы айталық, Ұлттың
мені немесе қазақ ұлтының болашағы күмәнді ме? (№23, 9-маусым, 2005 жыл,
авторы – Есенгүл Кәпқызы) деген мақалаға назар аударып көрелік. Мақаланың
тақырыбы айтып тұрғандай ең алдымен ұлттың менін іздеуді мұрат тұтқан,
екіншіден қазақ ұлтының болашағы бар ма, жоқ па деген сұраққа жауап қоюды
көздейді. Яғни, бір тақырыптың өзіне екі мәселені сыйғызған. Ендігі жайт,
журналист осы тақырыпты аша білген бе, жоқ па, дегенге саяды. Меніңше, бұл
жерде журналистің нысанаға алған тақырыбын жеріне жете жеткізгендігі анық.
Онда фактілер, деректер сөйлейді. Яғни, журналист жайдан-жай бұл пікірге
жол беріп отырған жоқ. Елдегі саясаттанушылар мен қоғам қайраткерлерінің өз
ұлтына өзі қарсы шыққан пікірлерін көлденең тарта отырып, сілтеме бере
отырып, сілкілейді. Қараңыз: Өзге пост кеңестiк мемлекеттер сияқты,
Қазақстан тәуелсiздiгiн жариялаған күннен бастап, отарсыздандыру саясатын
түбегейлi жүргiзуге кiрiспедi. Керiсiнше, бұл недеген батпан құйрық?
дегендей қалып танытты. Қара да, хан да тәуелсiздiкке дайын еместiгiн
көрсеттi. Тiптi, Ресейдiң өзi тәуелсiздiгiн жариялап, жұртта қалып қойғанда
да, тәуелсiздiк туралы қуана жар салған жоқпыз, оны жариялауға мәжбүр
болған елмiз. Отарсыздандыру саясатын жүргiзгеннен гөрi, бiз 250 жылдан
астам отарында болған Ресейдiң ыңғайына жығылуға бейiм тұрдық. Жетпiс жыл
бойы жетiмдiк көрген тiлiмiздi, көрден суырып алғанның орнына, асықпайық,
аптықпайық, бәрi орнына келедi деген жайбырақаттық таныттық. Қит етсе,
Қазақстандағы орыстардың 30%-тiк салмағын көлденең тарттық. Бүгiнде
Қазақстандағы қазақтардың үлес салмағы 59-60%-ке жеттi. Алайда, осы байырғы
ұлттың құқығы аяққа тапталып жатқанын ешкiм ескермейдi. Бүгiнгi тыныштық
қазақтың есебiнен жасалып отыр [6] деп ашына жазады және қазақты ұлттың
менінен айрылмауға шақырады. Қазақты қос өкпеден қысып жатыр. Бірі – Қытай,
бірі – орыс. Оның ішінде іштегі жау бар. Қазақтың ұлттық менін жоғалтуға
тырысып, болашағын күмәндандырып жүрген. Сондықтан, қазақтың алға қойған
мақсат-мұраты зор болуы қажет. Бұл мақсат-мұрат бізді озық халықтардың
қатарына қоятындай көп сатылы, әрі ұзақ мерзімді қамтуы тиіс. Үлкен мұратқа
қарай жүрген жолдың әр кезеңде нақты шешіп отыратын мәселесі, қол
жеткізетін қомақты ұлттық табысы, есеп беретіндей даму биігі анық
көрсетілуі тиіс.
Ұлттық мүддені сақтап қалудың негізгі жолы – жаһандану процесіне қарсы
тұратын ақпараттық кеңістіктің қауіпсіздігі мен тәуелсіздігі. Филология
ғылымдарының докторы, профессор Намазалы Омашев Жаһандану кезіндегі
ақпарат кеңістігінің қауіпсіздігі атты мақаласында Қазақстан – болашағы
бекем, елдік үміттері ақталмай қалмас жас мемлекет. Қазіргі жаңару-жаңғыру
дәуірінің жарқын мұраттарының бірі – азат реңді, өршіл рухты қазақ халқының
әлемдік дидарын қалыптастыру, жаһандану заманынан алар өз орнын, енші-
үлесін айқындау болып отырғаны шындық. Әрине, бұл елдік мәселенің оң шешім
таппағы, дұрысы бағыттан ауытқымауы ақпарат кеңістігіміздің қауіпсіздігіне
де тікелей байланысты. Бүгінгі күннің талассыз ақиқаты осы [4.8] дейді.
Яғни, ақпарат кеңістігіміздің қауіпсіздігі қазақтың ел болып ұюына, ұлт
болып тұтасуына игі ықпалын тигізбек. Осы тұрғыдан келгенде, Түркістан
газеті ақпараттың мейлінше қауіпсіздік шараларын қалай жүзеге асыру
мәселелерін үнемі назарда ұстап келген. Бұған Мемлекеттік тіл және БАҚ
атты айдармен 2001 жылдан 2003 жылға дейін жазылып келген мақалалар сериясы
куә. Мәселен, осы айдармен жарық көрген Ақпарат кімге қызмет етеді?,
Ақпарат кеңістігінің қожасы кім?, Саясат өміршең бағдарлама ма? атты
мақалалар осы серия аясында жазылған. Бұл мақалаларда мемлекеттің ақпарат
саласында жүргізіп отырған саясаты, оның жүзеге асырылу барысы, ұлттың
ұлылығын ұлықтайтын телебағдарламалардың өмірге келмей отырғандығы, қаржы
алпауыттарының оған жағдай жасамай жатқандығы сөз болады. Тіпті, тек қана
қаржы алпауыттары ғана емес, жалпы мемлекеттің бұл саладағы самарқаулығы
журналистерді ашындыруға мәжбүрлеген. Ақпарат – еліміздің ұлттық санасының
бекуіне аса зор қызмет ететін сала. Бірақ, өкінішке орай, осы ақпарат
саласы мәлтілдек. Журналистердің негізгі нысанаға алғаны да осы. Және
нысана дөп тиеді. Ақпарат саласындағы шенеуніктердің бетің-жүзің бар
демейді, осып-осып алады. Ойға алғаны жүзеге асқан. Қазір Қазақстанның
отандық телеарналарында қазақ тіліндегі бағдарламалар көбейе бастаса, бұл –
осы газет журналистерінің қажырлы еңбегінің арқасы.
Ұлттық мүдде – ұлттық құндылықтар. Құндылықтар ұлтқа берілетін
анықтаманың әр параграфынан құралады: Атамекені, ана тілі, қалыптасқан
ділі, бір діні, ортақ салт-дәстүрі, төл әдет-ғұрпы, жалғыз тарихы. Ұлттық
идея – ұлттық құндылықтардың жаһандастыру дәуірінде қауіпсіз өмір сүре
алатын жағдайын көксеген мұраттың көрінісі. Сондықтан, ұлттық идея - әрі
мәңгілік, әрі кезеңдік ой-тұжырым. Ұлт өзін-өзі сақтау үшін үнемі сергек
өмір сүруі қажет. Бірақ сергектік тек қана ұлттық дәстүрді сол қалпында
сақтау ғана емес, сонымен қатар оны кемелдендіріп отыру пейілі, замана
жетістігіне қарсы қою емес, керісінше, дәуірдің қол жеткізген игілік
табысын өз пайдасына шешіп отыру пәлсапасы. Ұлттық құндылықтардың жазылу
және насихатталу деңгейі газетте әрқилы. Бірақ, бір нәрсе айқын, кез-келген
тақырыпқа қалам тербеген журналистер құндылықтардың жоғын жоқтап, мұңын
мұңдайды. Мемлекеттік мәртебесі айқындалмаған тіл, кеудесі шұрқ-шұрқ тесік
атамекен, жан-жаққа тартқан діни алауыздықтар, міне Түркістан газетінің
негізгі шамшырағы, алған бағыт-бағдары. Мәселен, газетте ең көп
насихатталған, көп зерттелген мәселе – тіл мәселесі. Экология мәселесіне
онша назар аударылмаған, ауылшаруашылығы мардымсыз сөз болады. Ал,
әлеуметтік және діни тақырыптар, білім-ғылым саласына арналған мақалалар
жиі жарияланған.
Ұлттық идеяны қалыптастырушы негізгі күш тіл десек, Түркістан
газетіндегі ұлттық идея өзегі – тіл тақырыбындағы мақалалар жиі көрініс
табатындығы қуантады. Бұл тақырыпта редакцияда қызмет ететін
журналистердің барлығы дерлік қалам тартты десек қателеспейміз. Мысалы,
Камшат Тасболатова тіл тақырыбында Байқоңырдағы қазақ мектептерi:
Отанымыз – Ресей, президентiмiз – Владимир Путин (1-наурыз, 2007 жыл),

ТМД аумағы мен Балтық елдерiн шарпыған орыс мәселесi (12-сәуір,
2007 жыл) т.б. мақалалар жарияласа, экономикалық тақырыпта басым қалам
тартатын Гүлнар Мұқанова тіл тақырыбында Мемлекеттік тілді
жарылқамаған Премьер Ахметов орнында қалды (1-маусым, 2006 жыл),
Мемлекеттік тілдің мәселесі Әбдікәрімов пен Ертісбаевқа қарап қалды (19-
қаңтар, 2006 жыл) секілді тақырыптарда материалдар жарық көрді. Ұлттың
күретамыры тіл десек, міне, газет тілшілері өздерінің ішкі жанайқайын осы
тақырыптағы материалдар арқылы білдірген. Жанайқай орынды, ұраны дәл, әрі
арынды қолданылған. Мысалы, Кәмшат өз мақаласында Байқоңырдағы тіл
мәселесін, мектеп оқушыларын өзге рух пен өзге ділде тәрбиеленіп жатқанын
тәптіштеп баяндайды. Алдымен баяндайды, сосын сараптайды. Соңында түйін.
Егер, естір құлақ, көрер көз болса, бұл мақалаларға назар аудармау мүмкін
емес. Немесе Ермұхамет Ертісбаев мемлекеттік тілді көгерту үшін қандай
қадамдар жасап жатқанын әңгімелеген Гүлнәрдың мақаласында ирония, сарказм
басым. Ол орыстілді министрдің тілдің көсегесін көгертетініне сенбейді. Ал,
мемлекеттік тілді менсінбеген бұрынғы премьер Ахметовті де орынды шенейді.
Ұлттық мәселеге келгенде газет журналистері аса батыл. Сындарлы тұжырымдар
мен орамды ойлары арқылы ешқандай шенеуніктердің шеңгеліне түспейді. Сөйте
тұра, оларды түйреп-түйреп алады. Ұлт тілі, мемлекеттік тіл – ұлттың
рухани байлығын сақтайтын, байытатын, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін қазына.
Болашағы бар ұлт бүгінгі және ертеңгі ұрпағының сана-сезімін осы қазына
байлық негізінде оятып, тәрбиелесе ғана әлеуметтік прогресс баспалдағынан
өз орынын алады. Өйткені, ұлттық даму рухани сабақтастық негізінде ғана
жүреді [4.109].
Ұлттық құндылықтар ұлттың тек қана ежелден келе жатқан, ертеден
меншіктенген қазынасы, игілігі, алтын қоры, асыл мұрасы емес, сонымен қатар
ұлттың бүгінгі күнде басқа халықтардан бұрын ойлап тапқан, бұрын қол
жеткізген, бұрын игерген ғылымдағы, өндірістегі, мәдениет-өнердегі бірінші
табысы. Кезінде пәлсападан алдыңғы орынға шыққан немістер сол пәлсапаны
өздерінің ұлттық құндылығына айналдырып жіберген болатын. Сол тұста пәлсапа
ғылымын немістің ұлттық табысы ретінде таныған ойлар да айтыла бастаған
еді, оған куә Гегельдің сөзі – ол пәлсапамен тек немістер ғана айналысуы
қажет деген пікір білдірген еді. Енді бүгін тағы сол неміс халқы машина
жасау өндірісінде қайыра озық шығып, іскер топқа, мемлекет қайраткерлеріне
арналған уәкілді автомобильдерді тек солар ғана жасай алатындай ой
қалыптастыратын жағдай туғызып отыр. Мерседес - ең озық уәкілді
автомобиль. Ол – неміс жұртының ұлттық табысы, атадан балаға мирас ұлттық
қазынасы, немістің қабілет-қарымын көрсететін ұлттық құндылығы. Бірақ сол
ұлттық игілікті сақтау үшін олар не істеп отыр деген сауалға келсек, бір
қызық жағдайға тап боламыз: олар уәкілді автомобиль рыногын қолдарынан
шығарып алмас үшін үнемі ізденіс үстінде жүреді, сергектік танытады,
ауыртпашылық кешеді, қиындық көреді. Жеңіс, табыс оңайлықпен келмейді,
басқа қонатын бақтың да арғы атасы – еңбек.
Ұлттық идея бүгінгі күнде кез келген халық үшін әлемдік
бәсекелестікте озық шығудың жолын нұсқай алатын үде болып отыр. Әр халық өз
қабілет-қарымын қай салада, қай бағытта, қай өнер түрінде мейлінше озық
көрсете алады, тура сол жолды таңдай білуі қажет.
Мысалы, Қазақстан әлемдік рынокта кез келген экономика саласында
басқа елдермен еркін бәсекеге түсе алмайды, себебі аталмыш сала бойынша
біздің елдің бүгінгі мүмкіндігі аз, әрі елде жағдай жасалмаған болуы
мүмкін. Ал бұрыннан қалыптасқан мектебі, дәстүрі бар, ешқандай елде жоқ
білім-тәжірибе жинаған белгілі өнер түрінен, экономика-өндіріс саласынан
біз озық шығуымыз мүмкін. Тек, сол бағытты ертерек қателеспей дұрыс таңдай
білсек, әрі қазіргі заман талабына сай ізденіс-жұмыс жасай алсақ, онда біз
ескі дәстүрді жаңғырта отырып, жаңа табыстарға жетуіміз мүмкін.
Ұлттың бәсекелестігі – жалпылама ой, ал қандай қабілетімізбен қай
салада табысқа жетеміз, ол бізге нақты ұлттық идеяны береді. Ұлттық идеяны
тапқан соң, оны жүзеге асыру міндеті туады. Меніңше, хатқа түскен ұлттық
идеяның ішінде оның шешімі де жазылып тұрады.
Ұлттық идея, әрине, халықтың мүддесінен тууы тиіс. Ол көпшіліктің
арман-тілегі болуы қажет. Сондықтан, қалың бұқара төменнен қандай ұран
көтереді, қандай пайда көргісі келеді, соны биікке шығару керек.
Тағы бір айта кететін жайт: ұлттық бизнестің ұлттық мүддеге қызмет
ететін, қолдау көрсететін дәстүрін қалыптастыру мәселесінің өзектігі, яғни,
ұлттық бизнес ұлттық құндылықтарды төл игілігі ретінде тануы шарт. Елімізде
тек ұлттық мүддеден шығатын бизнес қана табысқа жете алуы тиіс. Әрбірден
соң ұлттық идеяның жүзеге асырылуына, тағдырына, келешегіне ұлттық ірі
бизнес жауап беретіні анық. Себебі, тап сол кезде ғана бай ауқатты тұратын
қоғамның белгілі бір бөлігі қазақ ортасында бедел жинап, ел ұмтылатын өнеге
бола алады, қалың жұрттың әлеуметтік наразылығын түбегейлі жоя алатын
жасампаз дәрежеге жетеді.
Ал, тәуелсіздік алғалы бері қоғамымызда ұлттық идея туралы ой-
пікірлер аз айтылып жүрген жоқ. Ұлттық идея деген халықтың, елдің, ұлттың,
белгілі бір кезеңдегі, тарихи бетбұрысындағы қоғамдық шындықтың, дамудың
қажеттіліктерін дөп басып, тың ой-пікірдің жиынтығы ретінде қоғамдық санада
нақты бейнеленуі, соны саяси айналымға түсіру болып табылады. Ұлттық идея
ұлттың объективтік дамуын бейнелейтін ой-пікірлердің жиынтығы, шоғыры деген
сөз. Зиялы қауым, саясаткер, қоғамдық дамуды зерттеушілер сол қажеттілікті,
тарихи сұранысты дәл көре біліп, оны тұжырымдап қоғамға ұсынады. Идеяны
ешкім қиялдан туғызбайды, өмірдің нақты даму қажеттіліктерінен іздеп
табады. Біраз зиялы қауым біздің ұлттық идеямыз тәуелсіздік болуға тиіс деп
жүр. Мұнда тұрған оғаштық жоқ. Тәуелсіздікті сақтау, оның тұғырын бекіту
еліміздің стратегиялық басты бағыты екендігі сөзсіз. Ұлттық мәселелерге
келгенде Түркістан газеті бетінде көбірек талқыланған мәселе – ұлт
идеясы, қазақстандық ұлт мәселесі және ұлттық рух, Қазақстандағы
ұлтаралық татулық және орыс пен қазақ мәселесі. Бұл салада аса көп қалам
тартқан журналист ретінде Есенгүл Кәпқызын атауға болады. Оның осы
тақырыпта жазған Ұлттық идеология мектепте қалыптасады. Бұл тұрғыдан бiзге
Балтық жағалауы елдерiнiң тәжiрибесi үлгi бола алады (№32, 7 тамыз, 2003
жыл), Қазақстандағы орыс мәселесі (№8, 20 ақпан, 2004 жыл), Ресейдегі
орыс мәселесі (№14, 1 сәуір, 2004 жыл), Жалпы қазақстандық ұлт - Қазақтың
шапанына сай келе ме? (9 қыркүйек, 2004 жыл), Мемлекет және ұлт (16
желтоқсан, 2004 жыл), Қазақстандық патриотизмнің қазіргі көрінісі немесе
бердiоңғаровтарды кiм тәрбиелейдi? (№9, 3 наурыз, 2005 жыл), Қай елдің
азаматысыз? (№10, 10 наурыз, 2005 жыл), Ресей және орыс тілі (№21, 26
мамыр, 2005 жыл), Ұлттың мені немесе қазақ ұлтының болашағы күмәнді ме?
(№23, 9 маусым, 2005 жыл), Қазақстан қоғамын екіге жару кімге тиімді?
(№36, 8 қыркүйек, 2005 жыл), Үкіметтің қырсыздығы немесе тәуелсіздік
жылдарындағы ұлттық саясат туралы (№39, 28 қыркүйек, 2006 жыл),
Тәуелсіздік ұғымы ұлт ұғымынан ажыратылмауы тиіс (№50-51, 15 желтоқсан,
2006 жыл), Айталының жанайқайы қайда қалды? (№13, 29 наурыз, 2007 жыл)
сияқты мақалаларында көрініс тапқан.
Осы мақалалардың барлығында тақырып біреу, идея жалғыз. Тек айтылатын
ой, болған оқиға және сол кезеңдегі ұлттық саясаттың негізі сөз болады.
Бірақ, түйін де біреу, әртүрлі мазмұнды, әртүрлі ойлы, әртүрлі оқиғалы
мақалаларды қорытындылай келе журналист ұлттық идеологияны үндейтін,
тілімізді тұғырына қондыруға үгіттейтін, ұлттың мені мен болашағын
өлтірмеуге шақыратын түйін жасайды. Мысалы, Айталының жанайқайы қайда
қалды? атты мақалаға үңіліп көрсек, Түркістан газетінің ұстанып отырған
бүкіл-бүтін ұлттық саясатын аңғарамыз. Ал, Қазақстан тым жалпақшешей
саясат ұстанғанының салдарынан өзге емес, мемлекет жасаушы халықтың ашу-
ызасын қоздыруда. 1945 жылы сталиндік зұлматтан бас сауғалап Қазақстанды
паналағанда, соғыстан кейін тұралап отырса да, кең пейілділікпен
босқындарды бауырына басып, адам етті. Содан бері жарты ғасырдан астам
уақыт өтсе де, Махмаханов секілділердің 14 баласы да Қазақстанда өмірге
келсе де, Маловодныйдағы шешендердің бәрі Қазақстанды екінші отанымыз деп
есептейді екен. Жалпы, дүниежүзілік тәжірибеге қарап отырсаңыз, адамзат
баласында бірінші, екінші деген отан болмауы керек. Отан қашан да
жалғыз. Ол – басыңа пана болған, бауырыңа қазан салған, сен оның
азаматтығын қабылдаған елің. Өркениетті елдердің жүргізіп отырған ұлттық
саясаты осыған саяды. Францияны дүрліктіріп, ереуілдетіп жатқан арабтар да,
Германиядағы 3 миллионнан астам түріктер де ешуақытта ол ел үшін өзге
ұлттың өкілі болып саналмаған. Бұның барлығы сол елдің азаматы, яғни, сол
халықтың өкілі. Ол елдерде ұлтқа бөлу, ұлт өкілдерін квотамен билікке әкелу
саясаты мүлдем жоқ. Қай елде де бәсекелестікке қабілеттілік басты қасиет
болып есептелінеді. Ұлттар өкілдерінен квота арқылы Сенат жасақтау
дегенді біз тек тәуелсіз Қазақстан тәжірибесінен естіп-біліп отырмыз. Егер,
Қазақстанда тұратын ұлттар қазақ тілін білгісі келмесе, оның құндылықтары
мен мәдениетін ескермесе, тарихын қажет етпесе, неге жоғары биліктен
дәметуі керек [9] деп ашына жазады автор. Яғни, ұлттық идеяны
насихаттаудағы мақалалардың тақырыбы әрқилы, проблемалары түрлі-түрлі болуы
ықтимал. Бірақ, түйіні жалғыз. Бұндай үрдісті бүкіл қазақ газеттері, барлық
қазақ журналистері ұстанады.
Дамыған елдерде Президент, министр, сот, судья да қоғамдық пікірден
аяғын тартады. Ешуақытта журналистика мен атқарушы органдар арасында
ымыраға келушілік деген болмайды. Егер, бірауызды болып қалған жағдайда ол
ел тоқырайды. Журналистика жаза басып бара жатса сынайды. Өйткені, ол
халықтың атынан сөйлейді. Сонысымен күшті [2.155]. Түркістан газетінің
мақалалары да атқарушы биліктің ұлттық идеяда, ұлттың ұлы мұратында жаңылыс
басатын немесе қарсы шығатын кездерде (бұл әсіресе мемлекеттік тілге
байланысты) атқарушы билікпен де, заң шығарушы билікпен де ымыраласпайды.
Үнемі жағадан алып отырады. Мәселен, Қазақстанда ұлтаралық проблема бар,
ол – қазақ проблемасы немесе бұл Парламент кімнің Парламенті? атты Есенгүл
Кәпқызының 2005 жылдың 14-көкегінде жарық көрген мақаласында Қалай
дегенмен де, үшiншi шақырылым депутаттары да, екiншi шақырылым депутаттары
сияқты ұлттық мәселеге келгенде бастарын ауыртпайтындықтарын танытты. Бұл
бiздiң елiмiзде патриоттық тәрбиенiң, ұлттық идеологияның дұрыс жүрiлмей
жатқандығының көрiнiсi. Кейде Лад, Жетiсу казактары сияқты қоғамдық
ұйым өкiлдерi жиi болмаса да, Қазақстанда ұлтаралық проблема бар, ол –
орыстың проблемасы дегендi айтып қап жатады. Мәселенiң мәнiне үңiлетiн
болсақ, бiздегi ұлтаралық проблема - өзге емес, байырғы ұлт, республиканың
иесi қазақтардың проблемасы болайын деп тұр. Өйткенi, Қазақстаннан басқа
бiрде-бiр мемлекетте мемлекеттiк тiлдi бiлмейтiн мемлекет қызметкерiн
кездестiре алмайсыз. Ал, бiзде Тiл туралы заң қабылданғаннан кейiн 15 жыл
өтсе де, мемлекеттiк тiлдi ең төменгi дәрежеде үйренсiн деген баптың
өтпей отырғаны ненi бiлдiредi? Мемлекетiмiздiң ұлт мәселесiне келгенде
солқылдақтығын, азаматтарымызда мемлекетшiлдiк сананың жоқтығын танытады.
Алайда, ұлттың рухани қажеттiлiктерiн ескермей, оның әлеуметтiк
мұқтаждықтарына көбiрек иек арту мәселенiң бiр жақты шешiлiп жатқандығын
көрсетедi. Бiреу – қарны тойғанша күреседi, ал екiншiсi, қарны тойған соң,
қашқан қадiрi, ұлты үшiн күреседi. Сол кезде бұл қалай болып кеттi деп
бармақ тiстемеген абзал [3] делінген жолдардан-ақ ұлт саясатының жетпей
жатқан тұстарын аса ділгірлікпен шенеу әрі сақтандыру бар. Қазақстан
Парламентінің қазақ мәселесіне келгенде, кежегесі кейін тартып қалатындығын
журналистер әр тарапта әртүрлі көтеріп жүр. Біздің электронды БАҚ-та бұл
мәселе ақпарат ретінде айтылады. Ал, Түркістан газеті сол аптадағы
жаңалықтарды сарапқа сала отырып, көпшілікке ой тастайтын сараптама
ұсынады. Әсіресе, журналистің Бiреу – қарны тойғанша күреседi, ал
екiншiсi, қарны тойған соң, қашқан қадiрi, ұлты үшiн күреседi. Сол кезде
бұл қалай болып кеттi деп бармақ тiстемеген абзал деген сөйлемі тым батыл
айтылған секілді. Бұл сөйлемнің астарына үңілсеңіз, ұлтаралық татулықтан
гөрі, араздыққа үндейтін сарын байқалады. Бірақ, бұл сарын жайдан-жай
айтыла салып отырған жоқ, елдегі ұлттық саясаттың көңіл көншітпей
отырғандығы салдарынан сөз болып отыр. Демек, журналист бұл жерде жұртты
ұлтараздыққа әдейі шақырғалы отырған жоқ. Тек шарасыздықтан осындай
күйінуге мәжбүр. Журналистің көтерген тақырыбы қаншалықты маңызды болса,
айтылған ойлар да соншалықты нанымды. Берілген фактілер мен деректер өзі
айтып отырған ойды одан әрі тереңдете түседі.
Жоғарыда мысал келтірілген мақалалардың тақырыбынан-ақ көрініп
тұрғандай, көбі сұраулы сөйлем түрінде кездеседі. Яғни, алдымен сұрақ
қойып, сол сауалға жауап іздеу – журналистің алға қойған басты мақсаты.
Есенгүл Кәпқызының ұлт тақырыбындағы мақалаларының дені осылай. Мәселен,
Ұлттың мені немесе қазақ ұлтының болашағы күмәнді ме?, Жалпы
қазақстандық ұлт – Қазақтың шапанына сай келе ме?, Қазақстандық
патриотизмнің қазіргі көрінісі немесе бердiоңғаровтарды кiм тәрбиелейдi?,
Қай елдің азаматысыз?, Қазақстан қоғамын екіге жару кімге тиімді?,
Айталының жанайқайы қайда қалды?. Демек, тақырыптарының өзі айғайлап,
сенсациялық бағытта қойылған. Газетке үңілген кез-келген адам бас мақаланың
(аталған мақалалардың барлығы дерлік бас мақалалар) тақырыбына қарап-ақ,
онда қандай саясат айтылған, қандай проблема сөз болғанын сезеді. Сезеді
де, оған деген құмарлығы оянады. Газетті еріксіз сатып аласың.
Ұлттық идеяны тұжырымдау үшін сол ұлттың ғана өкілі болу міндетті
емес. Қазақ мүддесін, ұлт мұратын терең сезінген тұлға ұлтына қарамастан,
ұлттық идеяға мұрындық әрі насихатшы бола алады. Сондай-ақ, ұлттық идея мен
мемлекеттік идея бір ұғым емес. Экономикада мемлекеттің рөлін шектеу,
азайту керек дейміз, ал экономикада ұлттың рөлін шектеп, оны азайту керек
деп ешкім де айтпайды. Ұлттық мемлекетте ұлттың экономикадағы үлесін ешкім
де екінші кезекке шығара алмайды. Экономикада ұлттық буржуазия өз
мәртебесін алуы керек [5]. Бұл тұрғыдан алғанда, газет бетіндегі өзге ұлт
өкілдерімен жасалған сұхбаттардың орны ерекше. Есенгүл Кәпқызының Герольд
Бельгермен жасаған Қазақстандағы ұлттық идея - қазақ тiлi болуы керек,
қазақстандық оппозиция өкілі Владимир Козловпен жасаған Есенгүл Кәпқызының
Қазақ тiлi - Қазақстан халықтарын бiрiктiрушi фактор, Нәзия
Жоямергенқызының Асылы Османмен жасаған Қазақстанның иесi де, киесi де –
қазақ, Кәмшат Тасболатованың Юрий Бунаковпен жасаған Иә, мен орыспын,
орыстың ұлтшылымын, Геннадий Беляковпен жасаған Қай мәселені көтерсеңдер
де қолдаймын атты сұхбаттардың қай-қайсысында да Қазақстанда өмір сүретін
өзге ұлт өкілдерінің қазақ тіліне деген көзқарасы, көңіл күйі, қазіргі
жүргізіліп отырған ұлтаралық саясатқа деген пікір-байламдары айтылады.
Демек, бұл сұхбаттарда мәселе журналистер тарапынан емес, сұхбатқа
қатысушылар тарапынан өрбиді. Журналистер оларды тек әңгімеге тартушы және
сұрақ қою арқылы әңгімені өрбітуші. Өзге ұлт өкілдері болса да, қазақтілді
Герольд Бельгер мен Асылы Осман қазақтың жанын жақсы түсініп отыр.
Сондықтан да олар қазақтық идеяның бәріне көндігеді, мойынсұнады. Сөйте
отырып, қазақтардың өзін кінәлайды. Ал, ұлт мәселесіне келгенде
конструктивтік бағыт ұстанатын Геннадий Беляков пен Владимир Козлов өзге
ұлт өкілдерін қоғамда сыртқа тебушілік саясаты жүріп жатқандығын сөз етеді.
Сол себепті де, Қазақстандағы барлық ұлт өкілдері жұмылған жұдырықтай бір
арнаға тоғыса алмай отыр деген пікірді көлденең тартады. Бұл тұрғыдан олар
билікті кінәлайды. Бұл сұхбатқа қатысушылардың ішінде тек Бунаков ғана
қисая отырып, қыңыр пікір айтқан. Ол Қазақстанда орыстардың құқығы тапталып
жатыр деп күңіренуден таймайды. Қазақ тілімен қоса, орыс тіліне де
мемлекеттік статус беруін талап етеді. Міне, газет бетінде ұлттық мәселе
тек журналистер қауымы ғана немесе қазақ ұлтының өкілдері ғана емес, өзге
ұлт өкілдері де көтеріп отыр. бұл жерде газет журналистерінің шеберлігі
ойлантпай қоймайды. Олар сұхбаттасушының қай ойын да біліп қалуға тырысқан
және оқырманды бұл мәселемен жақсы хабардар еткен.
Ендігі өзекті тақырыптардың бірі – дін мәселесі. Түркістан газеті
бетінде дін тақырыбын әу баста сөз еткен Қалдархан Қамбар. Көбіне-көп
Мұсылмандар діни басқармасының бұрынғы басшысы, бас мүфти болған Ратбек
қажының іс-қимылын шенеп-сынауға арналған. Сондай-ақ, діни тақырыптағы
мақалалардың біразы уағыз, үгіт-насихат түрінде көрініс тапқан. Бұл әсіресе
Күлпара Жұмағалидың мақалаларынан байқалады. Ал, дін тақырыбында соңғы
жылдары қалам тарта бастаған Кәмшат Тасболатова негізінен бүкіл әлемде тиым
салынған, бірақ, Қазақстанда сайран салып жүрген секталардың,
миссионерлердің ісін әшкерелеуге көбірек ат салысқан. Мәселен, Миссия
орындалады: Евангелизация-Қазақстан. Алматыда 200-ден астам дiни бiрлестiк
бар, оның 144-i протестанттық бағытта... (19-сәуір, 2007 жыл) деген
мақаласында адам төзгісіз мысалдарды көлденең тартады. Евангелистердiң
Қазақстан арқылы бұкiл Орталық Азия мемлекеттерiн протестантизмге
иландырып, христиан елiне айналдыру жоспарының әшкереленгенi оқырман
есiнде. Тiптен, осыдан бiраз жыл бұрын Қазақстан мен Орталық Азия аумағында
1000-нан аса протестанттық шiркеулер салынатыны да мәлiм болды.
Евангелистердiң 1000 шiркеуi басқа-басқа емес, Қазақстанда көптеп бой
көтерiп жатыр. 2004 жылғы көрсеткiшке сенсек, елiмiзде сол уақыт аралығында
1017 протестанттық бiрлестiктер тiркелiптi. Ал, бүгiнгi таңда Алматының бiр
өзiнде жалпы саны 200-ден астам дiни бiрлестiк тiркелсе, оның 41-i ғана
мешiт, қалған 144-i – протестанттық шiркеулер екен. Алматы облысында 23
мешiт тiркелсе, 70 пайыз мұсылманнан қалысқысы жоқ протестанттық
бiрлестiктер саны да – 23. Ал, Қазақстан бойынша қаншама облыс пен ауыл-
аумақтар бар?! Сонымен, евангелистердiң 1000 шiркеуiнiң 177-сi – бiр ғана
Алматы мен Алматы облысында тiркелген! Қалған 800 шiркеудiң өзге де
облыстарымыздан бiртiндеп бой көтерiп жатқаны айдан анық. Жалпы, Қазақстан
бойынша протестанттық шiркеулер елiмiзде 21 пайызды құрайтын Орыс
православие шiркеуiнiң өкiлдiктерiнен де көп. Қазiргi жағдай мынандай:
Қазақстанда православие дiнiн 21 пайыз орыс халқы ұстанады да, елдiң 1
пайызы ғана протестант дiнiне иланады, бiрақ нелiктен 1 пайызға жетер-
жетпес сенiм өкiлдерi православие дiнiнен де басым болуы керек?! [7] дейді
Кәмшат Тасболатова өз мақаласында. Яғни, мұсылман мемлекетіміз дейтін
Қазақстандағы діни ахуал қауіпті жағдайда тұрғандығын ескертеді.
Дүниежүзінде тыйым салынған секталар Қазақстанда сайран салып жүр. Камшат
бұл мақаланы жазу барысында, сан-цифрларға жүгінеді, әрі оларды орынды
пайдалана білген. Тіпті, бұл мақаладағы тақырыпты осы сан-цифрлар ашып тұр
десек қателеспеспіз. Жалпы, Түркістан газетіндегі кез-келген мақалалардың
жұлыны – дерек-факт. Қай мақаланы алмасаңыз да, көзделген ой, ойға алған
мақсат дерек-дәйектермен жақсы өріледі. Бір кішкентай ғана деталь мақаланың
бүкіл-бүтін болмысын аша біледі.
Айталық, оның Чарльз Уеллердің христиан дінін насихаттаушы миссионер
екенін анықтап, оның қазақша білетіндігі үшін арқаға қағып жүрген
саясаткерлеріміздің көзін ашады. Мысалы: Қазақстанда христиан дiнiнiң
таралуына қарсы бола алмаймын деген Чарльз Уеллермен сұхбатында:
- Бiрақ, сiз түсiнiңiз, елiмiзде Благодать шiркеуiнiң Қазақстанды
2010 жылға дейiн евангелилендiру жоспары жарияланғанда, халқымыз дүр
сiлкiндi. Сiз Батыс адамы ретiнде миссионерлiк ұйымдардың Қазақстанға деген
дiни экспансиясына қалай қарайсыз?
- Бұл өте күрделi сұрақ. Мұсылмандар Исламның бүкiл әлемге таралуына
қарсы болмайды. Себебi, Ислам дiнi - әлемдiк дiн. Мысалы, Мұртаза Бұлұтай
өз кiтабында Ислам дiнiң Оңтүстiк Кореяға таралуы жайлы айтады. Бұны
мақтап, жақтап айтады. Миссонерлiк жайлы айтсақ, Бұлұтай - нағыз
мұсылманның миссионерi. Негiзiнде мұсылман дiнi менiң елiм үшiн де,
Оңтүстiк корея үшiн де ата-баба дiнi емес, жат дiн. Мен христиан дiнiнiң
бүкiл әлемге таралуына қарсы бола алмаймын. Қазақстанда да дiнiмiз таралса,
мен жоқ болмайды дей алмаймын [7] дейді Чарльз Уеллер мырза.
Осы мақалаға өз көзқарастарын білдірген қазақстандық дінтанушылар мен
саясаттанушылар Кәмшаттың шырылына үн қосып, Чарльз Уеллердің қой терісін
жамылған қасқыр екендігін дәлелдейді. Мысалы, белгілі ғалым, абайтанушы
Жабал Шойынбет:
- Алматыда алғаш рет қырғызстандық Анар Танышалиеваның Вера в
Туркестане деген кiтабын 1993 жылы Абай көшесiнiң бойында орналасқан
Iнжiлдiк-мәсiхшiлiк миссонерлiк орталығы Благодать аталатын үйдiң
алдында кiтап сатып отырған орыс кемпiрiнен 30 теңгеге сатып алғанбыз.
Кейiн кiтап-дүкенiнен осы кiтаптың Түркiстандағы сенiм деген атпен
қазақша аудармасы түскенiн бiлдiк.
Кiтап Бiшкек қаласындағы Орталық Азияны тарихи-мәдени жағынан зерттеу
орталығында дайындалса, жақында Орталықта Қазақ халқының ұлттық мәдениетi
деген екiншi кiтапты шығарыпты. Авторлары – Чарльз Шоқан Уеллер, Дина
Бабасова, Ғалымжан Сайлауов. Бiздiң пайымдауымызша, кiтаптың басты мақсаты
- Несториандық мәсiхшiлiк деген тақырыпшаны түсiндiрунде тұрған сияқты:
Бертiн келе қазақ руларының, түркi тектес халықтардың кейбiреуi
Несториандық мәсiхшiлер болды. Олар Орталық Азия мен Қазақстанға Несторий
таратқан Iзгi хабарды қабылдаған. Иса мәсiхтiң жолымен жүргендер едi - дей
келе, Қазақстанда Ислам дiнiн ұстанушылар мен Иса Мәсiхке сенетiн қазақтар
саны да көбейiп келедi деп жазылған [7] деген пікір айтады. Демек, көзі
ашық, көкірегі ояу кісі Чарльз Уеллер тек тіл үйренуші ғана емес, сондай-
ақ, миссионер екендігін осы мақаладан-ақ аңғарғандай.
Ал, соңғы нөмірлердің бірінде жарық көрген Кәмшат Тасболатованың
Арашашы болыңдар, Иеговадан сақтаңдар! атты мақаласы шектен шыққан Иегова
куәгерлерінің қоғамымызға тигізіп отырған аса қауіпті зардабын әшкерелейді.

- Интернет деректеріне сенсек, әлемнің 40 елінде Иегова куәгерлеріне
тыйым салынған сияқты. Ресейде бұл шіркеу тоталитарлық секталар
санатында. Тек Қазақстанда бұл ағым дәстүрлі емес шіркеулердің бірі ретінде
қабылданады...

- Олар Ресейден ағылып, мұнда неге келді дегенге келсек, олардың басты
мақсаты – он жыл ішінде Қазақстандағы Ислам дінінің өркендеуіне нұқсан
келтіріп, дамуын тежеп, тіпті жойылуына алғышарт жасау. Сыздауық піскенде
жарылады демей ме? Олар да пісіп-жетілген соң бүкіл Қазақстанға қауіп
төндіруді мақсат етеді. Балық басынан шіриді демекші Шымкентте бәрі
бастан шіріп жатыр [8]. Бұл мақаладағы осы жолдар арқылы-ақ, қоғамымыздағы
діни шектен шығушылықты аңғаруға болады. Дін саясаттан тыс. Бірақ, қалай
дегенмен де, оның ісіне мемлекет араласпаса, қоғамда діни алауыздықтың
өршуі ықтимал. Діни алауыздықтың соңы неге апарып соқтырарын Ирак мысалынан-
ақ білуге болады. Сол себепті қоғамдағы діни бей-берекетсіздіктің алдын
алып, әлемде тиым салынған секталардың Қазақстанға да аяқ басуына тиым
салынуы керек. Газет бетінде дәл осы мәселелер өткір талқыланып келеді.
Яғни, діни саясаттың ұлт саясатының бөлінбес бір бөлшегі екенін мойындайтын
болсақ, оның да аяқ алысын байқап отырған оң болар еді.

Дін тақырыбынан кейінгі орында жер мәселесі тұр. Соңғы кезде ушығып
кеткен әлеуметтік мәселелердің көбі жер мәселесіне байланысты туындап
отырғаны шындық. Бірақ, шындығын айту керек көптеген газеттер жер
мәселесіне байланысты ақиқатты ашып жазуға келгенде сараңдық танытып
келеді. Біреудің шамына тиіп алмаймын ба деген жалтақтық баяғы. Ал,
Түркістан газеті бұл мәселеде де үнсіз қала алмайды. Тіпті, төрелік айтып
көсемсімесе де, болған оқиғаны хабарлап отыруды мақсат етіп алған. Мәселен,
Алматының іргесіндегі Шаңырақ оқиғасында көптеген газеттер үнсіз қалды.
Түркістан газетінің бетінде осы оқиғаға орай үш мақала жарияланды.
Алдымен бұл оқиғаның алдын-алу мақсатында Динара Мыңжасарқызы болуы мүмкін
инцидентті баяндап, Шаңырақ тұрғындарымен бетпе-бет кездесіп, алдағы
жоспарларымен танысып қайтады.
Әлеуметтiк түйткiлдер айдарымен Жер астынан жiк шықты, шаңырақтықтар
баспанасыз қалса, оған кiм кiнәлi? [10] деген мақалада көптеген қазақ
газеттерi батылы жетiп жаза алмаған, оппозициялық басылымдар тек дабыраға
айналдырып жiберген жер мәселесi, соның iшiнде әлi шешiмiн таппай отырған
Шаңырақ мәселесi егжей-тегжейлi сөз болған. Автор алдымен үй бұзуға қарсы
қарапайым жұрт өкiлдерiмен кездесiп олардың пiкiрiн бiледi. Сосын үйдi
бұзуға мүдделi әкiмшiлiк қызметкерлерiмен жолығады. Ең соңында оппозицияның
пiкiрiн бiлген. Демек, кәдiмгi шетелдiң қоғамдық баспасөзi секiлдi. Ешкiмге
бүйрегi бұрылып, ешкiмге жалтақтамайды. Әдiл және тура, болған оқиғаны қаз-
қалпында суреттейдi. Бейтарап адамдардың пiкiрiн бiлдiредi. Сөйте тұра
өзiнiң субьективтiк көзқарасын да таңбайды. Бұл мiне газеттiң ұстанып
отырған басым бағыты.
Дәл осы Шаңырақ мәселесiн газеттiң тағы бiр журналисi Нәзия
Жоямергенқызы қозғайды. Бұл Шаңырақтағы дүрбелеңнен кейiн жазылған. Бас
жарылды (бөрiк iшiнде), қол сынды (жең iшiнде) (№29, 20 шiлде, 2006 жыл).
Шаңырақтағы дүрбелеңдi қаз-қалпында суреттеп берген автор бұл оқиғаға
кiнәлiлердi iздей отырып, баспанасыз қалған қара қазақтың қамын күйттейдi.
Қауқарсыз, қарусыз жұртқа сес көрсетiп, мұздай қаруланған милиционерлердi
кiнәлайды: Мұздай қаруланып алып, елдiң берекесiн қашырған полицейлерге
бензинге толы бөтелкелерiмен қарсы тұрған қазақтар Желтоқсан оқиғасы
кезiндегiдей ұрыс салды [11] деп бұл ұрысты Желтоқсан оқиғасына теңейдi.
Журналист қарапайым халықтан гөрі, құқыққорғау органдарына кінә қоя
сөйлегенді жөн санаған. Алдыңғы мақаламен салыстырғанда, бұл мақалада
сараптама басым. Болған оқиғаны зерттеп зерделей отырып, өзгелердің де
пікіріне жүгінеді. Сөйтіп, жалаңдықтан ада. Байламдары сенімді, әрі тілге
жеңіл. Ойы оралымды. Сол себептен де өз ісін оң деп тапқан құқыққорғау
органдарының өкілдеріне іштарту сезілетін секілді автор пікірінен бұндай
ұлттық мәселені келісіп барып шешкен жөн. Екі жақта жыламауы тиіс деп
ойлаймын.
Түркістан халықаралық саяси апталық газеті ұлттық мәселеге қатысты
барлық тақырыпта қалам тербегеніне көз жеткіздік. Газеттің назарынан ұлттың
мүддесіне қайшы келер тақырыптардың қай-қайсысы тыс қалмайды. ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақстан мен Ұлыбритания бұқаралық ақпарат құралдарындағы ұлттық мүдде мәселелерінің берілу ерекшеліктері
Қазақ баспасөзін дамытудағы қазақ зиялыларының рөлі
Сырдария облысы қазақтарының этнографиясы (Түркістан хабаршысы газетіндегі мәліметтер бойынша)
Қазақ публицистикасының өткені мен бүгіні
Газет тiлi - қазақ тiл бiлiмiнде зерттеушiлер назарында жүрген сала
«Қазақтағы» әдебиетті зерттеу мен әдеби сын мәселелері
«Ана тілі» газетіндегі қазақ әліпбиінің жазылуы бітіру жұмысы
Қазақ газетінің зерттелуі
«Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламасының орындалуы
Газет тақырыптарының және айдарларының зерттелуі
Пәндер