Халықаралық құқық және мемлекеттердің заңдарын унификациялау мен гармонизациялау проблемалары


Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

Халықаралық қатынастар факультетінің

магистратурасы

Халықаралық құқық кафедрасы

Магистрлік диссертация

Халықаралық құқық

және мемлекеттердің заңдарын

унификациялау мен гармонизациялау

проблемалары

Орындаған: А. Адырбаева

Ғылыми жетекшісі,

профессор: С. Н. Сабикенов

доцент: С. Ж. Айдарбаев

Қорғауға жіберілді:

Халықаралық құқық кафедрасының

меңгерушісі,

заң ғылымдарының кандидаты,

доцент М. С. Досымбекова

Алматы

2005

РЕФЕРАТ

Магистрлік диссертация 51 беттен тұрады. Оны дайындау барысында 28 ғылыми әдебиет, нормативтік құқықтық және халықаралық-құқықтық актілер, сондай-ақ басқа да деректер пайдаланылды.

Магистрлік диссертацияда қолданылған негізгі сөздер:

унификация, гармонизация, унификациялау, халықаралық құқық, халықаралық жеке құқық, халықаралық шарт, халықаралық ұйым, құқықтық норма, материалдық норма, процесуалдық норма, унификацияланған норма.

Зерттеу объектісі: унификация мен гармонизация процесі кезінде қалыптасатын қоғамдық қарым-қатынастар.

Жұмыстың мақсаты: мемлекеттердің заңдарын унификациялау және гармонизациялау проблемасын түсіндіріп, оны талдау.

Зерттеудің әдістері: логикалық әдіс, құрылымдық, жүйелік және салыстырмалы талдау, байқау.

Алынған нәтижелер: 1) құқық ғылымындағы әртүрлі көзқарастарды талдау арқылы автордың ойы бойынша ең тиімдісі таңдалып көрсетілді; 2) унификация мен гармонизацияның арақатынасы мәселесінің негізгі белгілері талдауға алынды және олардың ішінен ең тиімділері көрсетілді; 3) унификация мен гармонизация процесіндегі халықаралық құқықтың ролі көрсетілді; 4) мемлекетаралық интеграция үшін унификация мен гармонизацияның тиімді және тиімсіз жерлері талдауға алынды.

Алынған нәтижелердің жаңалығы: Қазақстанның құқық ғылымында кейбір нәтижелер алғашқы рет түйінделіп отыр деп ойлаймыз.

МАЗМҰНЫ

Кіріспе . . . 5

1. Ішкі және халықаралық құқықтағы унификациялау . . . 11

1. 1 Құқықты унификациялаудың түсінігі . . . 11

1. 1. 1 Құқықты унификциялаудың қажеттілігі, унификацияланған

нормалардың түрлері және маңызы . . . 11

1. 1. 2 Материалды және процессуалды нормалардың унификациясы 14

1. 2 Унификацияланған нормалардың құқықтық табиғаты және

ұсынбалы сипаттағы унификацияланған нормалар . . . 19

1. 2. 1 Унификацияланған нормалардың құқықтық табиғаты . . . 19

1. 2. 2 Ұсынбалы сипаттағы унификацияланған нормалар . . . … . . . 21

1. 3 Халықаралық жеке құқықты унификациялау: Халықаралық шарт

және халықаралық ұйымдар . . . . . 23

1. 3. 1 Халықаралық шарт ТМД елдерінің халықаралық жеке

құқығын унификациялаудың құралы . 23

1. 3. 2 Халықаралық ұйымдар және халықаралық жеке құқықты

унификациялау . . . 25

2. Ішкі және халықаралық құқықтағы гармонизациялау

2. 1 Құқықтық гармонизация түсінігі . . . 30

2. 1. 1 Құқықтық гармонизацияның ұқсас ұғымдар

арасындағы орны . . . 30

2. 1. 2 Құқықтық гармонизация мен унификацияның

арақатынасы . . . 34

2. 2 Құқықтық гармонизацияны жүзеге асыру . . . 40

2. 2. 1 Құқықтық гармонизацияны жүзеге асыратын

құралдар . . . 40

2. 2. 2 Еуропалық құқықтағы гармонизация түсінігі . . . 42

Қорытынды . . . 45

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі . . . 49


Кіріспе

Тақырыптың өзектілігі.

Құқықтық әдебиеттерде ішкі құқықтың дамуы әрқашанда көпті болсын, азды болсын халықаралық сипаттағы, яғни интернационалды процес екені көрсетіледі, өйткені өзінің құқықтық жүйесін қалыптастыра отырып мемлекеттер бірбірімен тәжірибе алмасады. Осындай тәжірибе алмасу кезінде құқықтық жүйелердің өзара ықпалдастығы жүйенің барлық элементтеріне таратылады - құқықтық санадан бастап құқықты қолдануға дейін және бұл процес жаһандану жағдайында айрықша көлемді сипатқа ие болады /1, 35 бет/.

Белгілі кеңестік заңгер-ғалым А. А. Рубанов айтқандай «ұлттық құқықтық жүйелердің халықаралық өзара әрекеттесуі - жаһандық құқықтық құбылыс» /2, 11 бет/.

Құқықтың халықаралық сипатқа ие болуы (интернациялануы) - тарихи жағдай. Өзбекістанның ғалымы А. Х. Саидовтың айтуынша «қазіргі унификациялық қозғалыстың түп-тамырын шетелдіктермен және провинциялардың тұрғындарымен римдік азаматтардың қарымқатынастарына қолдануға келетін римдік jus gentium бірыңғай құқықты жасау талпынысынан байқауға болады. XVI-XVIII ғасырлардағы табиғи құқық үшін қозғалыстың да универсалистік бағыты болды . . . XIX ғасырдың екінші жартысында алғашқы унификаторлық бастамалар жүзеге асты. Олардың негізінде практикалық қажеттіліктер, сауда мен халықаралық қарым-қатынастарды дамыту қажеттіліктері жатқан еді» /3, 107 бет/.

Ресейлік ғалым, профессор И. И. Лукашук құқықтың халықаралық сипатқа ие болуының басты ерекшеліктерін былайшы көрсетеді: «Бірде бір құқықтық жүйе таза ұлттық құбылыс емес деп тура айтуға болады. Бірде бір мемлекет басқа елдердің тәжірибесін ескерместен өзінің құқықтық жүйесін құрған емес», өйткені «қоғамдық қатынастар, демек олардың құқықтық реттелуі де неғұрлым күрделенген сайын, ұлттық құқықтық жүйенің міндеттері неғұрлып кеңейген сайын, шетелдің тәжірибені ескеру маңыздылығы соғұрлым жоғарлай береді» /1, 36 бет/.

Сонымен қатар, бір-бірінен құқықтық нормаларды, құқықтың институттарын, салаларын қолданысқа ала отырып, мемлекеттер бөтен құқықтық жүйені қолданысқа алмайды, өйткені мұндай жүйеге нормалармен қатар олардың әрекет ету механизмі де кіреді, ал нормалар болса басқа құқықтық жүйеге енгізілгеннен кейін ұлттық сипатқа ие болады, - дейді И. И. Лукашук /1, с. 38/.

Демек, өз еркімен болса да, мәжбүрлеу түрінде болса да (басып алу не отарландыру арқылы) шетелдік тәжірибені қолданысқа алу құқықтық жүйелердің жақындасуының алғашқа нысаны болғаны анық.

Унификация және гармонизация проблемасы халықаралық жеке құқықта ерекше орын алады. Ол түсінікті де, өйткені халықаралық сауда қарым-қатынастарына түсетін субъектілер үшін әртүрлі елдердің осы қатынастарды реттейтін заңнамаларының бірдей не ұқсас, тіпті болмаса бірі біріне қайшы келмеуі аса маңызды.

Халықаралық және құқықтағы реттеу пәнінің ерекшеліктері (азаматтық-құқықтық қатынаста шетелдік элементтің болуы) азаматтық заңнаманың коллизияларын тойтару проблемасын тудырады. Коллизия дегеніміз - екі немесе одан да көп мемлекеттердің азаматтық құқықтарында бір мән-жайға берілген алуан түрлі құқықтық бағам.

Аталған мәселе халықаралық жеке құқықтың құқықтық жүйе ретіндегі айрықша, еркшелік белгісі болып табылады. Басқа құқық салалары жағдайларының басым көпшілігінде құрылымдық элементтері ұлттық заңнама шегінде орын алған, демек, қандайда бір сыртқы реттелуге тиісті емес қоғамдық қатынастарды реттейді.

Халықаралық жеке құқық - басқа мәселе. Мұнда әдеттегідей, екі немесе одан да көп мемлекеттердің субъектілерінің мүдделері қақтығысады және осыған ұқсас құқықтық фактілер бірдей емес құқықтық салдарға әкеліп соқтырады. Сондықтан, коллизияларды тойтару мәселесін халықаралық жеке құқықтық теориясы мен тәжірибесіндегі басты мәселе деп есептеу қажет.

Халықаралық экономикалық байланыстардың кеңеюі, әлемдік нарықтың қалыптасуы, шаруашылық субъектілерінің экономикалық интеграциясы үрдісі - түрлі елдердің азаматтық заңнамаларында коллизиялардың болуы әлемдік дамудың айтарлықтай тежегіші болатындай жағдайға тірейді. Біртұтас құқықтық кеңістіктің болмауы - түрлі салалардағы өзара пайдалы халықаралық әріптестікке теріс ықпалын тигізеді, мемлекеттердің құқық қолдану тәжірибесінде қиындықтар туғызады, құқықтық шиеленістерге әкеліп соқтырады. Сондықтан, халықаралық жеке құқықтың қазіргі дамуының объективті бағыты болып, қайсыбір ұлттық құқықты таңдау қиындықтарын жоятын унификацияланған нормалардың пайда болуы болып табылады.

Қазақстан Республикасы құқықтық саясатының тұжырымдамасында алдымыздағы онжылдықта Қазақстанның халықаралық шарттық құқықтық саясаты елімізді интеграциялық процестерге тарту, халықаралық ұйымдармен ынтымақтастығының тиімділігін арттыру қажеттілігіне сүйену керек делінген. Сол сияқты Қазақстанның заңнамасын халықаралық міндеттемелер мен стандарттарға сәйкес келтіру жұмысын жалғастыру қажет, интеграциялық процестердің құқықтық қамтамасыз етілуін жетілдіру керек, - деген міндеттер де қойылған /4/.

Магистрлік диссертацияның мақсаты мемлекеттердің заңдарын унификациялау және гармонизациялау проблемасын түсіндіріп, оны талдау болып табылады.

Осы мақсатқа қол жеткізу үшін келесі міндеттер белгіленді:

  • унификациялаудың түсінігін, мәні мен мазмұнын ашып көрсету;
  • материалды және процессуалды нормалардың унификациясының ерекшеліктер белгілеу;
  • унификацияланған нормалардың құқықтық табиғаты мен ұсынбалы сипаттағы унификацияланған нормалардың ерекшеліктерін айқындау;
  • халықаралық құқықтағы унификациялауды талдап, оны жүзеге асыратын механизмдеріне көңіл бөлу;
  • құқықтық гармонизация түсінігін беру;
  • құқықтық гармонизацияның ұқсас ұғымдар арасындағы орнын анықтау;
  • құқықтық гармонизация мен унификацияның арақатынасын белгілеу;
  • құқықтық гармонизацияны жүзеге асыру механизмдерін айқындау және ашып көрсету;
  • құқықтық гармонизацияны жүзеге асыратын құралдарға, оның ішінде Еуропалық құқықтағы гармонизация түсінігіне ерекше мән бөлу;
  • ішкі және халықаралық құқықтағы унификациялау және гармонизациялау институтының артықшылықтары мен кемшіліктерін айқындау және оларды жою жолдарын іздестіру.

Тақырыптың зерттелу деңгейі.

Зерттеу барысында көптеген шетелдік және қазақстандық ғалымдардың еңбектері мен жарияланымдары басшылыққа алынды. Осы ғалымдар арасынан ерекше атайтындар: Г. К. Дмитриева, А. С. Довгерт, О. Н. Садиков, В. П. Звеков, Г. К. Матвеев, А. С. Скаридов, Ю. Базедов, Ю. А. Тихомиров, М. А. Сәрсембаев, С. Ж. Айдарбаев.

Магистрлік диссертацияның зерттеу объектісі мен пәні .

Магистрлік диссертацияның объектісі болып унификация мен гармонизация процесі кезінде қалыптасатын қоғамдық қарым-қатынастар табылады.

Магистрлік диссертацияның зерттеу пәні болып мемлекеттердің заңдарын (заңнамасын) унификациялау және гармонизациялау проблемалары, сондай-ақ осы проблемаларды шешу барысындағы халықаралық құқықтың ролі табылады.

Зерттеу барысында қолданылған әдістер.

Аталмыш авторлардың еңбектеріне негізделіп, жұмыстың жазылуы барысында логикалық құрылымдық, салыстырмалы талдау, байқау сияқты әдістер қолданылды.

Магистрлік диссертацияның теориялық және практикалық маңыздылығы оның нәтижелерін кейінгі ғылыми зерттеулер жүргізген кезде, сондай-ақ оқу процесінде пайдалану мүмкіндігінен көрініс табады.

Қорғауға шығарылатын ережелер.

Қорғауға келесі ережелер шығарылады:

1. Құқық ғылымында унификация мен гармонизацияға қатысты ортақ тәсілдер қабылданбаған және бұл мәселе бойынша ғалымдардың көзқарастары өте шашыранды. Солардың барлығын түйіндей келе, гармонизация мен унификацияны құқықтық жүйелерді жақындастырады және олар, өз кезегінде, құқықты құралдары болып табылады, - деген қорытынды жасадық.

2. Қейбір құқық әдебиеттерінде қалыптасқан унификация кезінде тұтас құқықтық жүйелер өзара әрекетке түссе, гармонизация кезінде - жекелеген құқықтық ережелер ғана қарым-қатынасқа түседі, - деген ойды дұрыс деп есептейміз.

3. Сол сияқты құқықты унификациялау (гармонизациялау) кезінде ұлттық құқықтық жүйелер арақатынасқа түсетін болса, заңнаманы унификациялау (гармонизациялау) кезінде - жекелеген құқықтық нормалар, институттар және салалар қарым-қатынасқа түседі, - деген ойға да ортақ екенімізді білдіргіміз келеді. Біздің ойымызша гармонизация мен унификацияның арақатынасын осылайша түсінген дұрыс болып көрінеді.

4. Унификация мен гармонизацияны жүзеге асыратын механизм ретінде халықаралық құқық қолданылады. Дәлірек айтсақ, унификация мен гармонизация халықаралық шарт пен халықаралық ұйымдардың және органдардың шешімдері арқылы іске асырылады. Демек, халықаралық актілердің осы түрлері унификация мен гармонизацияның құқықтық құралдары болып табылады.

5. Еуропалық интеграция тәжірибесін зерттеу барысында түсінгеніміз - ол жерде басында унификация механизмі көбірек қолданылса, 80-ші жылдардан кейін гармонизация механизмі басымдыққа ие болды және соңғысы өзінің тиімділігін дәлелдеді. Демек, ТМД аймағында да унификациядан көрі гармонизация механизміне көбірек көңіл бөлінгені дұрыс деп есептейміз.

Қорғалатын ережелердің ғылыми маңыздылығына келсек олар Қазақстанның құқық ғылымын одан ары дамытуға өзінің сәл болса да үлесін қосады деп сенеміз, өйткені ғылымның осы бағытында жүргізілетін келесі зерттеушілер осы магистрлік диссертацияның кемшіліктері мен жетістіктерін ескереді деп ойлаймыз.

Автордың түйіндеген нәтижелері ғылыми әдебиеттерге сүйенгендіктен шынайы және дәлелденген болып көрінеді.


1. Ішкі және халықаралық құқықтағы

унификациялау

1. 1 Құқықты унификациялаудың түсінігі

1. 1. 1 Құқықты унификациялаудың қажеттілігі,

унификацияланған нормалардың түрлері және маңызы

Коллизиялық норма сілтеме жасайтын құқықтық мемлекет иесінің құқықтық жазбалары қолданылатын шетелдік элементі бар қатынастарды реттеу - халықаралық жеке құқық үшін бастапқы және дәстүрлі болып табылады. Алайда, бұл құқықтық әдісті пайдалану бірқатар қиыншылықтар және жағымсыз салдармен байланысты.

Біріншіден, жекелеген құқықтық жүйелердің коллизиялық нормаларында ерекшеліктер бар және бір ғана мәселелер бойынша олар әр түрлі мемлекеттердің құқықтарына сілтеме жасауы мүмкін. Мысалы, сыртқы саудалық сатып алу-сату шарттарының жағдайлары - бір елдерде шартты бекіту жері заңдарына, ал басқаларында - шарттың орындалуы жері заңына бағынады.

Екіншіден, қолданылуға жататын жекелеген мемлекеттердің құқығы бір ғана құқықтық институт үшін мазмұны бойынша әр түрлі нормаларды қамтуы мүмкін және оның өзіндік ерекшеліктері болады немесе егер, әңгіме сыртқы экономикалық байланыстың тәжірибесінен туындаған және ішкі құқық нормаларында көрініс таппаған институттар турасында болса, мүлдем қамтымауы мүмкін.

Осының нәтижесінде, шетелдік элементі бар азаматтық - құқықтық қатынастардың қатысушыларының құқықтары мен міндеттерінде құқықтық анықсыздық туындайды және түпкілікті шешім тараптардың бірі үшін жағымсыз болуы мүмкін. Мысалы, сатып алушы өзінің елінде қолданылатын талаптың ескіру мерзімдерін басшылыққа алады, ал ол бекіткен сыртқы саудалық сатып алу-сату шарты бойынша, ескіру мерзімдері неғұрлым қысқа - сатушы елінің немесе үшінші бір елдің құқығы қолданылуға тиіс болады; сондықтан, сатып алушының құқықтары қорғалмай қалады.

Тізбектелген және бірқатар басқа да проблемалар шетелдік элементі бар азаматтық-құқықтық қатынастарды құқықтық реттеуде айтарлықтай, тіпті тойтарылмайтын қиындықтарды тудырады /5, 16 бет/.

Осыған орай, XIX ғасырдың аяғынан бастап, унификация үрдісі, яғни біркелкі (унификацияланған) коллизиялық нормалар қалыптастыру үрдісі басталды. Унификациялау мемлекеттер арасында бекітілетін халықаралық шарттар нысанында жүзеге асырылады. Осындай шарттардың қатысушылары болып табылатын мемлекеттер, осы шартта бекітілген біркелкі коллизиялық нормаларды қолдану міндетін мойындарына алады. Унификацияланған нормаларды пайдалану жоғарыда келтірілген кемшіліктерді ішінара жояды: «коллизиялардың коллизиясы» аяқты жағымсыз құбылыстарды жоюға, «ақсақ қатынастардың» пайда болу мүмкіндігін төмендетуге, ұлттық коллизиялық құқықтағы бос орындарды толтыруға септігін тигізеді.

Дегенмен, унификацияны реттеудің неғұрлым жетілген нысаны болуына қарамастан, ол кең тарала қоймады. XIX ғасырдың аяғында басталған унификациялау үрдісі 1902 және 1905 ж. ж., отбасы - некелік қатынастар аясындағы бірқатар мәселелер бойынша коллизияларды шешу ережелерін бекітетін бес конвенцияның қабылдануымен аяқталды. Бірақ, бұлар да кеңінен таралмады: оларға Еуропалық елдердің кейбіреулері ғана қатысты (Ресей оларды жасауға белсенді араласса да, қосылмады) және біртіндеп, қатысушы мемлекеттер саны азая түсті. Коллизиялық құқықты унификациялауға бағытталған басқа келісімдердің ішінен халықаралық сатып алу - сатуға қолданылатын құқық туралы Конвенциясы (1986ж) атап өтуге болады (Бұл конвенция 1955ж. осы тектес конвенцияны ауыстырды) .

Коллизиялық құқықты унификациялаудың сәтті үлгісі ретінде Латын Америкасы елдерінің жасаған аймақтық унификациясы болып табылады. 1928 жылы VI панамерикандық конференцияда құраушысы белгілі Кубалық заңгердің атымен аталған Бустаманте Кодексі қабылданды. Мәні бойынша бұл - коллизиялық құқықтың бірден-бір толық унификациясы болып табылады (437 баптан тұрады) . Алайда, тіпті өзінің аймағында бұл шарт жалпыға бірдей қолданылмады: оны Орталық және Оңтүстік Американың 15 мемлекеті ғана ратификациялады (АҚШ - ры оған қосылмады) /6, 59 бет/. Бустаманте Кодексі барлық континенттердегі коллизиялық құқықтың дамуына айтарлықтай ықпалын тигізді. Коллизиялық нормалардың унификациясы екі жақты негізде, әдетте, құқықтық көмек беру туралы шарттар бекіту нысанында анағұрлым кеңірек жүзеге асады.

Сонымен, унификациялау деп, - қолданылуы, унификацияланған нормаларды унификацияланған деп мойындайтын барлық субъектілер үшін міндетті болып табылатын құқықтық біртұтас (ортақ) нормаларын қалыптастыру үрдісін атауымыз қажет.

Халықаралық жеке құқықта унификацияланған нормалар пәніне байланысты екі үлкен топқа: унификацияланған материалды нормаларға және унификацияланған процессуалды нормаларға бөлінуі тиіс.

Біріншілері шетелдік элементі бар азаматтық, отбасылық және еңбектік қатынастардың қатысушыларының құқықтары мен міндеттерін біркелкі қылып анықтайды.

Екіншілері шетелдік элементі бар азаматтық - құқықтық дауларды сот органдарында және сыртқысаудалық аралық сот органдарында талқылау үшін ортақ ережелерді бекітеді /7, 39 бет/.

Өзінің міндеттері бойынша унификациялау - әмбебеп, яғни әлемнің барлық елдеріне арналған болуы мүмкін немесе анағұрлым тар, аймақтық сипатқа ие болады, яғни елдердің белгілі бір тобының, мысалы Еуропа, Латын Америкасы және т. б. азаматтарының және заңды тұлғаларының арақатынастарын меңзейді.

Халықаралық жеке құқық саласындағы унификацияға қол жеткізудің негізгі құқықтық нысаны болып - халықаралық экономикалық және мәдени байланыстарды орнату кезінде пайдаланылатын институттар туралы унификацияланған нормаларды қамтитын, халықаралық шарттарды бекіту болып табылады. Бірақ, олардың қатысушыларының саны біртіндеп өсіп келеді.

Унификациялаудың басқа да құқықтық нысаны болуы мүмкін: ол, бірқатар мемлекеттердің «үлгілі» заңдарды немесе халықаралық шарттар бекіту тәртібімен жасалған басқа да ұсыныстарды қабылдауы.

Халықаралық жеке құқықтың нормаларын унификациялау халықаралық қатынастың жекелеген аяларында кеңінен мойындалған және таралған халықаралық ғұрыптарды қолдану арқылы да жүзеге асырылуы мүмкін. Ақырында біртұтас құқықтық режимді қалыптастыруға халықаралық ұйымдармен, ұлттық сауда палаталарымен, өнеркәсіптік және саудалық ассоциациялармен ұсынылатын, өзін-өзі ақтаған сыртқысаудалық тәжірибені айқындайтын үлгілі шарттар және жалпы жағдайлар септігін тигізеді.

1. 1. 2 Материалды және процессуалды нормалардың

унификациясы

Материалды нормалардың унификациясы. Бүгінгі күнде сатып алу - сату шарттары, тасымалдау, авторлық құқық сияқты сыртқы экономикалық байланыс саласындағы негізгі институттар жөніндегі унификацияланған материалды нормаларды қамтитын халықаралық шарттар баршылық. Мұндай халықаралық шарттардың басым көпшілігі кеңінен танылды, ал кейбіреулері әмбебап болды.

Халықаралық жеке құқықтың нормаларын унификациялау саласындағы белсенді жұмысты БҰҰ - ның халықаралық сауда құқығы жөніндегі Комиссиясы (ЮНСИТРАЛ) жүргізуде. БҰҰ қарамағында материалды-құқықтық унификациялау мәселелерімен ЮНКТАД, сонымен қатар, аймақтық органдар, атап айтқанда көлік мәселесіне ерекше көңіл бөлетін Еуропалық экономикалық комиссия айналысады.

Халықаралық жеке құқықтың нормаларын унификациялау көптеген мамандандырылған халықаралық ұйымдардың міндетіне кіреді: көлік саласында - азаматтық авиацияның Халықаралық ұйымы (ИКАО), Берндегі орталық бюро (теміржолмен тасымалдау), Халықаралық теңіз ұйымы және Халықаралық теңіз комитеті; ойлап табу және авторлық құқық саласында - интеллектуалды меншіктің Бүкіләлемдік ұйымы /8, 42 бет/.

Унификациялау мәселелері бойынша бірқатар халықаралық шарттардың жобалары Римде - 50-ге жуық елді біріктірген халықаралық мемлекетаралық ұйым - жеке құқықты унификациялау жөніндегі Халықаралық институтпен (УНИДРУА) дайындалған.

Унификацияланған нормаларды қамтитын Халықаралық шарттар - халықаралық қабылданатын Дипломатиялық конференцияларда аяқталатын көпжылдық дайындық жұмыстарының нәтижесі болып табылады. Мұндай халықаралық шарттарды дайындау әдетте, негізгі құқықтық жүйелердің ұлттық құқықтарының нормаларын салыстырмалы шолу және қажетті негіздемелерді жасаудан басталады.

Халықаралық шарттардың көптеген унификацияланған нормалары - елдердің жекелеген топтарының мүдделерінің ымырасы және тепе-теңдікті сақтаудың нәтижесі. Халықаралық жеке құқықтың кейбір салаларындағы, мәселен, отбасылық және мұрагерлік құқықтардағы ұлттық құқықтың жүйелердегі өзгешеліктердің айтарлықтай болуы осы мәселелер бойынша унификацияланған материалды нормалардың шеңберін кеңейтуге әзірше, мүмкіндік бермей отыр.

Реттеудің материалды - құқықтық тәсілі жүзеге асырылатын негізгі әдісі - унификацияланған материалды азаматтық - құқықтық нормалар. Бұлар коллизиялық проблеманы, құқық коллизиясының туындау себептерін жоятын, әр түрлі мемлекеттердің азаматтық құқықтарының нормаларын сәйкестендіру немесе сол мемлекеттерге ортақ, бірдей азаматтық - құқықтық нормалар жасау жолымен айналып өтеді, - дейді Г. К. Дмитриева /8, 25 бет/. Коллизиялық нормаларға қарағанда материалды - құқықтық нормалар шетелдік элементпен күрделендірілген азаматтық - құқықтық қатынастардың қатысушыларының жүріс - тұрыс ережелерін тікелей бекітеді. Сондықтан мұндай нормалар көп жағдайларда тікелей деп аталады - олар қарастырылып отырған қатынастарды коллизиялық сатыны айналып отырып, тікелей реттейді.

Материалдық азаматтық құқықты унификациялау халықаралық - құқықтық нысандарда жүзеге асырылатындықтан (көбінесе халықаралық шарттар нысанында), унификацияланған материалды азаматтық - құқықтық нормалар мәні бойынша шарттық болады.

Унификацияланған материалды азаматтық -құқықтық нормалардың халықаралық жеке құқыққа жату - жатпауы даулы мәселе болып табылады. Бір авторлар мұндай нормалар халықаралық жеке құқықтық нормативтік құрамына кірмейді деп есептесе (мысалы, Г. К. Матвеев), енді біреулері (олар басымырақ - М. М. Богуславский, В. П. Звеков, М. Н. Кузнецов, С. Н. Лебедев, А. Л. Маковский және т. б. ) керісінше, олар халықаралық жеке құқықтың бір бөлігін, тіпті үстем бөлігін құрайды деп есептейді /9, 45 бет/.

Процессуалды нормалардың унификациясы. Қарастырылған ұстанымдардың тұрғысынан «халықаралық азаматтық процесс (іс жүргізу) » деп аталатын процестің нормаларының орны жөніндегі мәселені шешу қажет. Азаматтық процесс - бұл, соттардың және құқыққолданушы басқа да органдардың азаматтық істерді шешу жөніндегі заңмен реттелген қызметі екені бәрімізге мәлім. Халықаралық азаматтық процесс болса, бұл - сот және басқа да құқыққолданушы органдардың шетелдік элементпен күрделендірілген азаматтық істерді шешу жөніндегі заңмен реттелген қызметі. «Халықаралық азаматтық процесс» термині халықаралық сот және аралық органдардың қызметін білдірмейді. Мұнда әңгіме ұлттық құқыққолданушы органдардың, бірақ халықаралық сипаттағы қызметі турасында болып отыр.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Халықаралық құқықтық норма ұғымы мен белгілері
Халықаралық құқықтық көптеген жаңа нормалары
Техникалық реттеудің мемлекеттік жүйесін құруға қатысу. Өнеркәсіптік қауіпсіздікті техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік саясат
Кедендік-тарифтік саясат
Сыртқы экономикалық қатынасты кедендік реттеудің халықаралық қызметі
Экологиялық туризм географиясы
Ресей Федерациясы мен Орталық Азия мемлекеттерінің өзара қарым - қатынастарындағы аймақтық қауіпсіздік мәселесі
Агроөнеркәсіптік кешенін дағдарыс кезеңінен дамыту арқылы алып шығу мәселелері
Дипломатиялық өкілдіктің иммунитеттері мен артықшылықтары
Халықаралық жеке құқық
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz