Қазіргі қазақ тіліндегі жанасу байланысу формасы



МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...4

1 ЖАНАСУДЫҢ ЗЕРТТЕЛУІ ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... .7

2 ЖАНАСУДЫҢ ЖАСАЛУ ЖОЛДАРЫ ... ... ... ... ... ... ... ... ..15
2.1 Жанасуға қатысты көмекші сөздер ... ... ... ... ... ... ... ... ... .20
2.2 Есімді жанасулар, олардың түрлері ... ... ... ... ... ... ... ... ... 23
2.3 Етістікті жанасулар, олардың жасалу жолдары ... ... ... ... ... ..26
2.4 Жанасудың морфологиялық өзгерісі ... ... ... ... ... ... ... ... ... 34

ҚОРЫТЫНДЫ ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...38
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... 40
ҚОСЫМША ӘДЕБИЕТТЕР ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...41

Пән: Тілтану, Филология
Жұмыс түрі:  Курстық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 37 бет
Таңдаулыға:   
Реферат

Жұмыстың тақырыбы: Қазіргі қазақ тіліндегі жанасу байланысу
формасы.

Жұмыстың көлемі:

Пайдаланылған әдебиеттер саны:

Жұмыстың құрылымы: Бітіру жұмысы кіріспеден, Жанасудың зерттелуі атты
бірінші тараудан, Жанасудың жасалу жолдары атты екінші тараудан; бұл
тарау Жанасуға қатысты көмекші сөздер, Есімді жанасулар, олардың
түрлері, Етістікті жанасулар, олардың жасалу жолдары, “Жанасудың
морфологиялық өзгерісі” деген бөлімдерден және қорытындыдан тұрады.
Жұмыстың соңында пайдаланылған әдебиеттер тізімі берілген.

Жұмыстың мазмұнын сипаттайтын тірек сөздер: Жанасу, бағыныңқы сөз, басыңқы
сөз, көмекші сөздер, байланысу формасы, сөз тіркесі (есімді, етістікті),
сөз таптары.

Жұмыстың негізгі мақсаты мен міндеттері: Қазақ тілінің сөз тіркесі
синтаксисіндегі байланысу формаларының бірі — жанасудың орнын, жасалу
жолдарын, түрлерін анықтау. Мектеп грамматикасында берілетінін және
қабысудан бөлек байланысу формасы екенін көрсету.

Жұмыстың жалпы сипаттамасы:
Кіріспе бөлімде жұмыстың мақсаты мен сөз тіркесі синтаксисі туралы
айтылады.
Негізгі бөлімнің бірінші тарауында ғалымдардың зерттеулері бойынша
жанасудың зерттелуіне қарау көзделінеді. Қазіргі кездегі сөз тіркесін
зерттеп жүрген ғалымдарымыздың еңбектері негізінде жанасу байланысу
формасын анықтау.
Екінші тарауда жанасуға қатысты көмекші сөздер және олардың жасалу жолдары,
морфологиялық өзгерісі туралы сөз болады.
Қорытындыда жұмыстың негізгі мақсатын айқындап, жанасудың бесінші байланысу
формасы екенін, өзіндік жасалу жолы бар екені айтылады

МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...4

1 ЖАНАСУДЫҢ ЗЕРТТЕЛУІ ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... .7

2 ЖАНАСУДЫҢ ЖАСАЛУ ЖОЛДАРЫ ... ... ... ... ... ... ... ... ..15

2.1 Жанасуға қатысты көмекші сөздер ... ... ... ... ... ... ... ... ... .20

2.2 Есімді жанасулар, олардың түрлері ... ... ... ... ... ... ... ... ... 23

2.3 Етістікті жанасулар, олардың жасалу жолдары ... ... ... ... ... ..26

2.4 Жанасудың морфологиялық өзгерісі ... ... ... ... ... ... ... ... ... 34

ҚОРЫТЫНДЫ ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...38

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... 40

ҚОСЫМША ӘДЕБИЕТТЕР ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...41

Кіріспе

Тіл білімінің күрделі де қызық саласының бірі – синтаксис. Грек
сөзінен шыққан sintaxis ойдың жемісін көрсететін сөйлемнің құрылысын
зерттейді.
Синтаксис грамматикалық ілім ретінде мынадай негізгі екі салаға
бөлінеді: 1) сөз тіркесінің синтаксисі. 2) сөйлемнің синтаксисі.
Қазақ тіл білімі тарихында Ахмет Байтұрсынов пен Құдайберген Жұбанов
ерекше орын алады. Тілдік тәсілдердің жұмсалу жүйелерін айқындап, оларға
өзінше ат қойып, айдар таққан кісі Ахмет Байтұрсынов болады да, олардың
жұмсалу, даму, қалыптасу заңдылықтарын айқындауға ерекше күш жұмсаған
профессор Құдайберген Жұбанов болды. Екеуі де кезінде әділетсіздіктің
құрбаны болды да, олардың ізін жас ғалымдар жалғастыруда. Олар мақала,
кітап, оқулықтар жазса да, докторлық, кандидаттық диссертация жазса да,
А.Байтұрсынов құрастырған тілдегі фонетикалық, грамматикалық жүйелік пен
ұғым, категория атауларын пайдаланады. Бір қатары Қ.Жұбановтың салған
жолымен шұғылданады. Солардың бәрі – қазақ тіл білімінің табысы.
Сөз тіркестерінің құрамы, олардың түрлері, тәсілдері, байланысу
формаларын қарастыратын сөз тіркесінің синтаксисі 1950 жылы бой көтеріп,
оның мәселері көптеген ғылыми зерттеудің обьектілері болып, синтаксис
ғылымының бір саласы ретінде қалыптасты.
Осы аталмыш ғылымның тарихына үңілетін болсақ, 1950 жылға дейін сөз
тіркесі термині қалыптасқан жоқ болатын, тек сөйлемдегі сөздердің
байланысы деп көрсетіліп жүрді. Дегенмен де бірен – саран еңбектерде оқта –
текте кездеседі. Мысалы, 1948 жылы Ғ.Бегалиев пен Н.Сауранбаевтың
авторлығымен шыққан Қазақ тілінің грамматикасында сөз тіркесі термині
айтылып, оған мынадай анықтама береді. “Сөздер жеке түрде де және бір –
бірімен байланысып та айтылады, бір – бірімен мағына жағынан байланысқан
бірнеше сөздердің тобын сөз тіркесі дейді”. [ 1. 149 ]
Қазақ тіл білімінің көшбасшылары А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов,
С.Аманжолов еңбектерінде сөйлем сөз болады да, сөз тіркесі синтаксисі
туралы жазбайды.
Жоғарыда айтқанымыздай өткен ғасырдың 50-жылдарынан кейін ғана бұл
термин қазақ тіл білімі саласында қолданысқа ие болып, 1954 жылы Қазіргі
қазақ тілі деген атпен көлемді кітап шығады. Қазақ тіл білімінің салалары
– фонетика, лексика, және грамматика жөнінде жазылған елеулі еңбек болды.
Ең басты жаңалығы – сөз тіркесі синтаксисінің бөлек қарастырылуы және сөз
тіркесіне мынадай анықтама берілуі. “Сөз тіркесі дегеніміз – сөйлемдегі
сөздердің синтаксистік байланыста айтылған мағыналық тобы”. [ 2. 337.]
Бұдан соң шыққан еңбектердегі сөз тіркесі туралы анықтамаларға
қысқаша тоқталатын болсақ. С.Аманжолов, А.Әбілқаев, И.Ұйықпаевтың
авторлығымен шыққан 1961 жылғы Қазақ тілі грамматикасы атты еңбекте:
Толық мағыналы екі я бірнеше сөздің бір – біріне тұлғалық әрі мағыналық
жағынан бағына байланысуын сөз тіркесі дейміз, - деген анықтама берілген.
[ 3. 27.] Ал 1971 жылы шыққан М.Балақаев пен Т.Қордабаев Қазіргі қазақ
тілі оқулығында сөз тіркесі жайлы мынадай пікір айтады: Синтаксистік
қарым – қатынасты білдіру үшін кемінде толық мағыналы екі сөздің сабақтаса
байланысқан тобын сөз тіркесі дейміз.[4.15] Қазіргі қазақ тілі атты
2004 жылы шыққан еңбекте де тап осылай берілген (авторлары М.Балақаев,
Т.Сайрамбаев).
Бұл жерден шығатын қорытынды, ғалымдардың пікірінше, кемінде екі
сөздің сабақтаса байланысқан тобын сөз тіркесі дейміз, яғни бағыныңқы мен
басыңқы сөздердің тіркесі.
Ал кейбір ғалымдар сабақтаса байланысқан сөз тіркесімен қатар салаласа
байланысқан сөз тіркесі бар екенін айтады.
Бұл салада елеулі еңбек етіп жүрген профессор Р.С.Әміров сөз тіркесі
туралы былай дейді: Синтаксистік қатынасты білдіру үшін толық мағыналы екі
сөздің сабақтаса, салаласа байланысқан тобын сөз тіркесі дейміз.[5.11.]
Сонда сөздер сөйлемде салаластық қатынасқа түсіп байланысуы мүмкін дегенді
айтады. Бұған мысал ретінде бірыңғай мүшелердің байланысуын келтіреді.Бұл
байланыс түрін М.Балақаев 1949 жылы шыққан еңбегінде де атап өтеді. Әрине,
бұл өз алдына сөз тіркесі синтаксисі зерттеу обьектісінің еншісінде.
Қай салада болмасын белгілі бір іспен шұғылданғанда сол іске керекті
құрал – жабдықтар, материалдар т.б керек болатыны сөзсіз. Мысалы, сурет
өнеріне түрлі бояулар , қағаз – қаламдар, материалдар т.б. қажет. Сол
сияқты адам ойын бейнелеудің, қағазға түсірілуінің формасын сөз, сөз
тіркесі, сөйлем бере алады. Ал сол құрылымдар өз ішінде белгілі ретпен,
тәртіппен орналасқан болса, ойға қонымды, тілге оралымды келеді. Сондықтан
осындай тәртіппен орныққан өзара тіркескен сөздердің синтаксистік тобын сөз
тіркесі деп тану үшін, оның мынадай белгілеріне қарау керек.;
1) Сөз тіркесінің құрамында кемінде толық мағыналы екі сөз болады;
2) Ол сөздердің бірі екіншісімен сабақтаса, мағыналық және
синтаксистік байланыста айтылады. Олар салаласа байланыспайды, тек
сабақтаса байланысады;
3) Тіркескен сөздер анықтауыштық, толықтауыштық, пысықтауыштық
қатынаста жұмсалады.
Сөзіміздің басынан бері сөз тіркесі туралы анықтамаларды бір шамасын
тізіп жазғанымыз, мәселенің мәніне бару және тақырыптың (бітіру жұмысының)
сөз тіркесіне тікелей қатысы барын айқындау.
Әр ғылым ғылым болып қалыптасқаннан кейін оның қарастыратын мәселесі,
зерттеу нысаны, мақсаты болады. Осының негізінде сол ғылымның айқын
көрінісі пайда болып, бір жүйеге түседі. Сонымен сөз тіркесінің зерттеу
нысанының мынадай типтері болады:
1) Байланысу формалары. Олар – қиысу, меңгеру, матасу, қабысу, жанасу.
2) Байланысу тәсілдері – аналитикалық, синтетикалық, аналитика –
синтетикалық.
3) Синтаксистік қатынас – анықтауыштық, толықтауыштық, пысықтауыштық.
4) Сөз тіркесінің түрлері – есімді, етістікті, ортақ басыңқы. Мысалы,
алтын сағат қабыса байланысқан, анықтауыштық қатынастағы, есімді
тіркес.
Сөз тіркесі кемінде толық мағыналы сөзден құрылғаннан кейін сөз
тіркесінің белгілеріне сай және зерттеу нысанындағы заңдылыққа бағыну
керек. Сөйлем болған соң, ол сөз тіркесінен, сөзден болады. Ал сөз
тіркестері белгілі бір дәрежеде бір сөз екінші бір сөзбен байланысады.
Соның нәтижесінде сөз тіркесінің синтаксистік байланысу формалары шығады.
Жоғарыда айтқанымыздай, қазіргі қазақ тілінде бес байланысу
формасы бар және бұл бізге мектеп бағдарламасынан таныс.
Бұл жұмысымызда байланысу формасының бесінші түрі – жанасудың
зерттелу тарихы, жасалу түрі және оның түрлері жайында зерттеу жасалмақ.
Бірінші тарауда жанасудың зерттелу тарихына кеңінен тоқталмақшымыз. Мұнда
өткен ғасырдың бірінші жартысынан бастап қазірге дейін синтаксис саласын
зерттеген ғалымдардың жанасуға берген анықтамалары және бұл байланысу
формасын көрсететін мысалдар келтіріледі. Сонымен бірге осы бөлімде жоғары
оқу орындарының оқулықтарында, мектеп грамматикаларында жанасудың
синтаксистік байланысу формасы ретінде аталу керек пе, керек емес пе деген
мәлімет жайында да сөз болады.
Екінші тарау жанасудың жасалу жолдарына арналады. Бұл тарау үш
бөлімнен тұрады. Профессор Т. Сайрамбаевтың ғылыми зерттеуін негізге ала
отырып, бұл жұмыстың тақырыбын кең түрде ашуға, қазіргі кездегі жанасудың
берілу күйін ескеріп, жасалу жолдары, түрлері беріледі.
Өмірдегі барлық құбылыс, тіршілік, заман шырғалаңдары, адамдар
арасындағы қарым – қатынас, табиғат суреттері көркем әдебиет арқылы
санамызда жаңғыртылады. Сонда көркем әдебиет - өмір айнасы деп айтуымызға
болады. Ал сол көркем шығарманың тілін, сөзін, сөз тіркесін, сөйлем
құрылысын зерттеп қарау біздің еншімізде. Сондықтан да жанасудың жасалу
жолдары, түрлеріне байланысты мысалдарды көрсету үшін осы көркем
әдебиеттегі сөйлемдерді, сөз тіркестерін теориялық жағына сай алынады.Бұл
тағы да халқымыздың сөздік қорының, сөз қолданысының кең көлемін, қыр –
сырының мол қазынасын көрсетеді. Яғни осы байлықтың ашылуы барысында
қазіргі қазақ тіліндегі сөз тіркесі синтаксисінің байланысу формаларын
көрсетуге мол мүмкіндік береді.

1 ЖАНАСУДЫҢ ЗЕРТТЕЛУІ

Қазіргі кезде синтаксистің ең бір үлкен саласы сөз тіркесі екені
даусыз. Бұл жайлы бірнеше мақалалар, монографиялар, жоғарғы оқу орындарына
арналған оқулықтар да шығып отыр. Сөйтіп сөз тіркесі ұғымы қалыптасып,
синтаксистің жан – жақты зерттеу обьектісіне айналды. Әйтсе де кейбір
мәселелер арнайы қарауды қажет етеді. Әсіресе, сөз тіркесінің байланысу
формалары туралы жайттарды айтса болады.
Сөз тіркесінің негізгі зерттеу обьектілерінің бірі болып табылатын
байланысу формалары басқаларына қарағанда ең алғаш зерттеле бастады.
Дегенмен әлі де болса олардың мектеп, жоғары оқу орындарына арналған
оқулықтардағы берілу дәрежесі, әрқайсысының жасалу жолдары сияқты
мәселелерін қарау керек.
Сөйлемде бірнеше сөз болса, олар бір – бірімен үйлесіп байланысуы
міндетті. Үйлесімсіз құрастырылған сөйлем белгілі бір тиянақты ойды
білдірмейді. Орын тәртібі арқылы түсінікті, тиянақты болып сөздер
орналасса, онда сөйлемде сөздердің байланысу формалары пайда болады.
Сөздердің өзара байланысу тәсілдері негізінде қалыптасқан
синтаксистік байланыс жүйесін сөздердің байланысу формалары дейміз.
Енді осы байланысу формалары біздің оқулықтарымызда қалай беріліп
жүргеніне тоқталсақ. Сосын жұмыстың тақырыбына байланысты бірнеше
анықтамаларды көрсетсек.
Қазіргі қазақ тілінде сөздердің байланысы бес түрге бөлінеді. Олар –
қиысу, матасу, меңгеру, қабысу, жанасу.
Синтаксистік байланыстың көп қолданылатын, сөздердің сабақтаса
байланысуының бір түрі – қиысу.Бастауыштың жақтық, жіктік, көптік
мағынасына сәйкестене баяндауыштың да сондай мағынада, сондай тұлғада
байланысуын қиысу дейміз, яғни бастауыш пен баяндауыштың арасындағы
байланыс. Сонда сөйлем болған жердің барлығында қиысу болады деп айта
аламыз. Мысалы, мен көрдім, біз бардық.
Матасу – сөз тіркесінің құрамындағы бағыныңқы сөздің басыңқыға және
басыңқының бағынынқыға қарай тұлғаланып байланысуы. Осылайша бірімен – бірі
қарама – қарсы, матаса байланысатын сөздердің бірі ілік жалғауда, екіншісі
тәуелдік жалғауда айтылады. Мысалы, ағаштың бұтағы, сенің дәптерің.
Бір қызығы матасу байланысу формасы 1939 жылы С.Аманжолов пен
Н.Сауранбаевтың авторлығымен шыққан мектеп грамматикасында кездеспейді.
Сөздердің синтаксистік байланысының үшінші түрі – меңгеру. Меңгеру –
сөз тіркесіндегі бағыныңқы сөздің басыңқымен мағыналық үйлесімі негізінде
септік жалғауларының (іліктен басқа) біріне тұрып байланысуы; меңгерілетін
сөз барыс, табыс, жатыс, шығыс, көмектес жалғауларының бірінде тұрады.
Меңгеретін сөз етістік, есім не сол екеуінің ортақтасқан тобы болады.
Мысалы, жолда жатты, қойдан жуас, айтуға тілім жетпейді.
Қазақ тілінде өте жиі қолданылатын байланыс формасы – қабысу. Сөз
тіркесінің бағыныңқы сыңарының басыңқымен жалғаусыз, қатар тұру арқылы
байланысы осылай аталады. Қабыса байланысатын сөздер тұрған орындарын
өзгертпейді. Мысалы, темір күрек, биік тау, айтылған сөз, ілгері жүріп
кетті деген сияқты тіркестер.
Жоғары оқу орындарына арналған оқулықта осылай байланысу формасының
төрт түрінің анықтамасын, мысалдарын, түрлерін айтып келеді де, бесінші
формаға келген кезде оқулықта жанасуға мынадай мәлімет береді: “Ал бірқатар
қабыса байланысатын сөздер сөйлемдегі орнын өзгертіп, өздері бағындыратын
сөздерінен қашықтап та тұрады. Ондай алшақ байланыс жанасуға жатады”. [ 6.
39]
Содан ойлаймыз, егер ол алшақ байланыс болса, неге біз оны
синтаксистік байланысу формасының бір түрі деп аламыз, қабысудың ішінде
қарастыра бермейміз бе? Осындай орынды сұрақ туады. Бірақ біз бұл сұраққа
профессор Қ.Жұбановтың Сөздер бір-бірімен жанасады деген ұстанымы
негізінде жауап береміз.
Ал ендi қазақ тiлiндегi байланысу формалары туралы мектеп
оқулықтарында мынадай деп берiлiп жүр.
Бастауыш пен баяндауыштың жақ-жағынан бiр келкi (үш жақтың
бiрiнде) болып, немесе көптiк мағынасы (көптiк тұлғалы,көптiк мәндi жалғау
арқылы) жағынан бiр келкi болып келуiн олардың қыйыса байланысуы деймiз.
Мысалы, мен келдiм.
Бағыныңқы мүшенiң белгiлi септiк жалғауда тұру арқылы басыңқы
мүшемен байланысын меңгеру деймiз. Сонда барыс, табыс, шығыс, жатыс және
көмектес септеудегi сөздердi, көбiнесе, етiстiк меңгерiп тұрады. Мысалы,
бiлiмдiден шыққан, талаптыға болсын.
Сөйлемде iлiк және тәуелдiк жалғаудағы сөздердiң өзара
байланысуын матасу деймiз. Ағаштың жапырағы, менiң жолдасым, сенiң талабың.
Бағыныңқы мүшелердiң бағынатын сөздермен ешбiр жалғаусыз қатар
айтылу арқылы байланысуын қабысу деймiз.
Қабыса байланысатын сөйлем мүшелерi мыналар: 1.Жалғаусыз
жұмсалатын анықтауыштар мен анықталатын сөздер: биiк тау, темiр пеш, қызық
заман, саналы жас т.б. 2.Пысықтауыштармен оларға қатысты етiстiктер: тез
кел, ақырын сөйле, жоғары көтерiлдi т.б. 3.Жалғаусыз айтылған пысықтауыштар
мен оларды жетектейтiн етiстiктер: баяндама жасадым, арқан байладық, ел
араладым, кiтап оқыдым т.б.
Бесiншi байланысу формасы туралы мектеп грамматикасын жазған
ғалымдардың еңбектерiне назар салсақ.
Бұл туралы ғалымдарымыз қандай пікірде екенін көру үшін олардың
еңбектеріне көз жібергенді жөн көрдік.
Осы кезеңге дейін сөз тіркестерінің байланысу формаларының берілуінде
әр түрлі алшақтықты көруге болады. С.Аманжолов, Н.Сауранбаевтар мектеп
грамматикасында сөйлем мүшелерінің бір – бірімен байланысу жолының төрт
түрін қиысу, меңгеру, қабысу, жанасу деп берсе, ал 1950 жылдардан кейін
оған матасуды енгізгені белгілі. Осыдан кейін ғалымдар сөз тіркесінің
байланысу формаларының бес түрі – қиысу, меңгеру, матасу, қабысу және
жанасу деп бөліп береді. Осы пікірді Н.Сауранбаев, Т.Қордабаев, Р.Әміров,
Ш.Әуелбаев, Ғ.Әбуханов т.б. қолдайды.
Профессор М.Балақаев сөз тіркесі туралы арнайы еңбек жазып, олардың
байланысу формаларына қарай 1949 жылғы мектеп грамматикасында беске бөліп
берсе, ал жоғары оқу орындарына арналған оқулығында байланысу түрлерінің
төрт түрін береді де, қабысудың бір түрі деп жанасуды атаумен шектеледі. Ал
қазақ энциклопедиясының авторлары Ә.Нұрмаханова, А.Әбілқаев төртке бөліп
жанасуды ескермейді.
“Сөз тіркесінің байланысу формалары сан жағынан да, атаулары жағынан
да әр түрлі беріліп жүр. Бұл байланысу формаларының ішінде аталуы да,
жасалуы да жағынан таласқа түсіп жүргені жанаса байланысу формасы”,-деп
қазіргі кезде нақты, келелі пікір айтып жүрген профессор Т.Сайрамбаев(7.
35( Жанасу байланысу формасының төңірегінде, осы жерден, екі мәселені атап
айтуға болады. Біріншіден, мектеп грамматикаларында арнайы түрде берілген
жанасу формасы, жоғары оқу орындарының оқулықтарында еленбейді. Екіншіден,
мектеп бағдарламасына сай жасалған оқулықтарда жанасудың жасалу жолдары
жайлы да бірізділік жоқ.
1939 жылы С.Аманжолов пен Н.Сауранбаевтың авторлығымен шыққан мектеп
грамматикасында жанасу былай көрсетілген: “Пысықтауыш пен баяндауыштың
байланысын жанасу дейміз”. Жанасудың жасалу жолдары:
а) үстеу мен етістік – былтыр келдім, кеше келді,
ә) көсемше етістік – оқып келді
б) септік жалғаулы мезгілді, мекенді білдіретін – түнде келді, кешке
келді т.б.
в) шылаулы сөз – етістік – адам баласы үшін күресті, оқу үшін келдім,
сабақтан кейін барды, саған бола аялдадық. [8. 31]
Ал 1940 жылғы Қазақ тілі ғылыми синтаксисінің қысқаша курсы деген
еңбегінде негізінде осы пікірді қайталай келе, оған адам сияқты сөйледі
деген модаль сөзді топты да жанасу деп біледі.
Ары қарай осы анықтамаларды жалғастыра берсек 1948 жылғы мектеп
грамматикасында Ғ.Бегалиев, Н.Сауранбаевтар жанасу деп пысықтауыштың
етістіктен болған баяндауышпен мағына жағынан жанамалап байланысуын атаймыз
дейді де, мынадай мысал келтіреді: Алты жүк машина ауылдан қатарласып өте
берді. Пысықтауыш болып тұрған қатарласып сөзі толықтауыш сияқты септеуде
тұрған жоқ, я анықтауыш сияқты қабысып айтылмаған, көсемшеде тұрып
баяндауышқа жанаса айтылған, дейді ғалымдар. [1. 149 – 151]
“Бағыныңқы мүшелердің өзі қатысты сөзімен жақын да, қашық та тұрып,
мағыналық байланыста айтылуын жанасу дейміз”, - делінген 1949 жылғы
М.Балақаевтың мектеп грамматикасында. Автор ойын былай жалғастырады:
“Жанасу – қабысудың бір түрі. Жанаса байланысатын сөйлем мүшесі - мезгіл,
көсемше тұлғалы қимыл пысықтауыштар”. [9.10] Кеше мен де жиналыста болдым,
асықпай сұраққа жауап бердім деген сөйлемдердегі үстеу мен көсемшенің
етістікпен тіркесін ғана жанасуға жатқызады. Жанасудың қабысудан негізгі
айырмашылығы ретінде автор орын тәртібін басшылыққа алады. Бірақ осы
принципті қолданғанымен, ғалымның қабысу мен жанасу байланысу формаларына
берілген мысалдары араласып кетеді. Мысалы: тез кел дегенді қабысуға
жатқызса, ал кеше мен де жиналыста болдым деген сөз тіркесін жанасуға
жатқызады. Бір ғана үстеудің іргелес тұрып байланысуын қабысуға, ал алшақ
тұрып байланысуын жанасуға жатқызады.
Бұл ғалымдардың пікірінше, алдыңғы авторлар жанасуды пысықтауыш пен
баяндауыштың мағына жағынан байланысуы деп таныса, соңғы автор ең алдымен
жанасуды қабысудың бір түрі деп алып сөз тіркесіндегі бағыныңқылардың
басыңқыларға жақын да, қашық та тұрып байланысуын айтады.
1950 жылғы С.Аманжолов пен Ғ.Бегалиев алғашқы жанасуға берген
анықтамаларын өзгертіп, жаңаша түрде ереже ұсынады: “Орын жағынан еркін,
пысықтауыш сұрағына (қалай, қайтіп, қашан, қашаннан бері, не арқылы,
қайткен сайын, кім арқылы, кейде кімнің арқасында?) жауап беретін сөйлем
мүшелерінің пысықталатын сөз бен қарым – қатынасын жанасу дейміз. Сын
пысықтауыштардан басқа пысықтауыштардың бәрі өзінің пысықтайтын сөзінен
бұрын, бірде оған жақын, бірде одан алыс тұра береді. Мысалы, Қапаш еліне
былтыр кетті.
Бұл келтірілген сөйлемнің пысықтауышын сол сөйлемдегі сөздердің ең
басына шығарып қоюға да,ортасына да апаруға да болады”. [10. 87]
Осы жерде тағы да мынадай қорытынды жасауға болады. Ғалымдар байланысу
формасының бес түрі болатынын және жанасуды сын пысықтауыштардан басқа
пысықтауыштың етістіктен болған баяндауышпен мағына жағынан бірде жақын,
бірде алшақ байланыс түрі деп атайды.
Әр жылдардағы осы байланысу формасына берілген анықтамаларға
тоқталуымыз, жанасудың мәнін, байланысу түріндегі орнын, жасалу жолдарын
анықтау және осы мақсатпен анықтамаларды салыстыру.
Кіріспеде көрсетіліп кеткендей 1954 жылы көлемді де елеулі еңбек
шығады. Бұл еңбектің редакциясын басқарған профессор М.Балақаев болды.
Сонда жанасу байланысу формасына біраз мәліметтер берілген. Біріншіден,
түркі тілдерінің грамматикасында жанасуды синтаксистік байланыстың бір түрі
деп қарамағанымен, мұндай фактының барлығы көзге көп түседі. Екіншіден,
жанасуды қабысудың бір түрі деп қарастырып, оған жанасу деген атаудан
гөрі алшақ қабысу деп атау әлдеқайда ұғымды болар еді дегенді айтады.
Мектеп грамматикаларының кейбір авторлары оны тек пысықтауыштың
пысықталатын сөзімен байланысуы деп қарайды. Біз жанасуды тек алшақ
байланыстағы пысықтауыш пен пысықталатын, анықтауыш пен анықталатын
сөздердің қабыса байланысуының ерекше бір түрі деп қараймыз. [2.409]
Сөйтіп қабысудың алшақ тұрып байланысу түрін жанасу деп көрсеткен
ғалымдар оның жасалу жолдарының мынадай болатынын айтады.

1. Мезгіл және мекен пысықтауыштар:
Бүгін жұмысқа ерте кірістік.

Жоғары, төмен үйрек, қаз
Ұшып тұрса, сымпылдап (А)

2. Көсемше тұлғалы қимыл пысықтауыштар:
Қасқырлар ажырайып бетімізге қарайды (Ғ.Мұстафин)
Ұлый – ұлый қасқыр сегіз болды.

3. Зат есімдегі – ша, - ше, - дай,- дей... қосымшалары жалғанып болған
сын пысықтауыштар:
Ол бізді танымаған кісіше алдымыздан өте шықты.
Ол мені танымағандай бетіме қайта – қайта қарады.
Сонда алшақ қабысу деп енгізіп отырған ұғымға қосымшалар жалғанып
анықтауыш, пысықтауыш болған сөздер, не өздері қатысты сөздермен ғана
мағыналық байланыста тұрып, одан қашықтап тұра алатын сөздер жатады.
Бір айтарлығы, М.Балақаев сөздердің синтаксистік байланысу түрлерінің
бесеуін де атағанымен жанасуға келгенде, ол қабасудың бір түрі деп қарайды.
Өткен ғасырдың 50 жылдарынан кейін С.Аманжолов басшылығымен әр жылда
мектеп грамматикасының оқулығы шығып тұрды. Осы оқулықтың 1961, 1976, 1987
жылдары басылған басылымдарында жанасу байланысу формасын қалай бергенін
салыстырып көрейік. Ғалымдар бастапқы жылдары айта алмаған ойларын кейінгі
жылдары толықтырып, оқушыларға түсінікті етіп беруге тырысады.
1961 жылғы мектеп грамматикасында: “Алдыңғы сөздің соңғы сөзбен
шылаулар арқылы немесе ешбір жалғаусыз түбір тұлғаларында тұрып, орын
жағынан бірде іргелес, бірде алшақ байланысуын жанасу дейміз. Мысалы: Бір
минуттан кейін Радионның аты өзенге қарай шауып бара жатты (Е.М.) Бұл
сөйлемдегі бір минуттан кейін, өзенге қарай дегендер шауып бара жатты
деген сөзбен кейін, қарай деген шылаулар арқылы жанаса байланысқан. Бұларды
байланысатын сөзінен алшақ қойсақ та, араларындағы қатынас үзілмейді:
Өзенге қарай Радионның аты шауып бара жатты.
Мен ертең Мойынтыға аттанатын болдым.
Біз оларды дереу қарсы алдық (Ғ. Мұстафин)
Жанасу тіркесінің бірінші сыңары (бірінші сөзі) шылау тіркескен сөз не
үстеу сөз болады да, екінші сыңары (соңғы сөзі) көбінесе етістік болады”.
[3.24]
1971 жылғы М. Балақаев, Т. Қордабаевтың Қазіргі қазақ тілінің
грамматикасы атты оқулығының Шылау сөзді тіркестер атты бөлімінде жанасу
жайлы мынадай пікірлер келтіріледі: Үйге барайық, үйге таман барайық деген
етістік сөз тіркестері мәндес болғандықтан, бірін екіншісінің орнына айтса
да болар еді, бірақ аздап та болса ол тіркестердің айырмашылығы бар: ең
алдымен, үйге барайық пен үйге таман барайық дегендердің мағынасы бірдей
емес: алдыңғыда қимылдың жалпы бағыты, бет алысы айтылса, соңғыда ол бет
алысты бұрынғысынан дәлдеп көрсеткен. Сол дәлділік үйге сөзінен кейін таман
шылауын қойып айтудан болып тұр. Егер бұлардың білдіретін көлемдік
мағынасын әлі де түрлендіргіміз келсе, оны үйге дейін, үйге қарай, үйге
жуық, үйдің қасына, үйдің маңына дегендей етіп, оларды тиісті етістіктермен
тіркестірер едік. Сонда сөз тіркестерінің құрамы бұрынғыдай есім және
етістіктен ғана құралған болмайды, есім мен етістің арасына дейін, таман,
қарай, қасына, жуық, маңына тәрізді шылау сөздер қойылады.
Ондайда шылаулар сөз тіркесінің грамматикалық мағыналарын толықтырып,
есім мен етістікті өзара байланыстырушы аралық дәнекер болады. Етістікті
сөз тіркестерін құрауға қатысқан шылаулар – демеуліктер мен көмекші
есімдер.
Демеуліктер сөз тіркестерінің құрамында өздерінен бұрын айтылатын
есімдердің белгілі септікте тұруын керек етеді де, сол жетегімен етістікке
бағынады. Оны схемамен көрсетсек былай болар еді:

Демеулер қатысты етістікті сөз тіркестері әр түрлі мағыналық қатынаста
жұмсалады. Олардың басты-бастылары мыналар:
Көлемдік. Әр түрлі көлемдік мағынада айтылатын ондай сөз тіркесінің
құрамында мына демеулер болады: таман, қарай, дейін, шейін, жуық, арқылы.
Жылқылар батысқа таман ығысты(Ғ. Мұстафин). Абай мен Оспан өзенге
қарай беттеді. Қарқаралыдан Шығысқа дейін жүретін жол ұзақ(М. Әуезов). Ағам
мені Қостанайға дейін шығарып салды(С. Көбеев)

Осы авторлардың 1976 жылы шыққан мектеп грамматикасында бұл байланысу
формасы жайлы қандай пікірде екенін айтып, жасалу жолдарының жаңа үлгілерін
ұсынады. “Бағыныңқы сөздің басыңқы сөзбен ешбір жалғаусыз, тек орналасуы
жағынан бірде іргеліс, бірде алшақ тұрып байланысуын жанасу дейміз”.
Мысалы: Кенет Мария Викторовна қарқылдап күліп жіберді (С.Сарғ.) деген
сөйлемдегі кенет, қарқылдап деген сөздер күліп жіберді деген сөзбен жанаса
байланысқан:
кенет
күліп жіберді
қарқылдап
Бұл сөйлемде кенет деген бағыныңқы сөз күліп жіберді деген басыңқы
сөзден алшақ тұрса, қарқылдап деген бағыныңқы сөз басыңқы сөзбен іргелес
тұр.
Жанасудың бағыныңқы сөзі негізінде үстеуден, етістіктің көсемше
түрінен болады, сонымен қатар сан есім мен мезгіл өлшемін білдіретін
секунд, минут, сағат, ай, жыл сияқты зат есім тіркесі (ол он минут
сөйледі), сілтеу есімдігі мен түні, күні, жылы деген зат есім тіркесінен
болады. [11.37]
Бұл мәселе 1980 жылғы мектеп грамматикасының басылымында біраз
өзгеріске түскенін көруге болады. Онда авторлар жанасудың жасалуына үстеу,
көсемше, сан есіммен мезгіл өлшемін білдіретін секунд, минут, сағат, ай,
жыл, сілтеу есімдігімен түні, күні, жылы деген зат есімдердің тіркесінен
болады деп көрсеткен.
Мұның алдындағы еңбектерде жанасудың бағынынқы сөзі шылау мен
үстеуден болады десе, енді бұл грамматикада сан есім мен зат есім
тіркесінен де бағыныңқы сыңар болатынын жазады
Осы еңбектен он жылдай уақыт кейін шыққан 1987 жылғы оқулықта
жанасуға байланысты ережені, негізінен, осылай қайталап айтып, солай
береді. “Жанасу сөйлемде пысықтауыш пен пысықталушы мүшенің арасындағы, сөз
тіркесінде бағыныңқы сөз бен басыңқы сөздің, арасындағы байланыс болады.
Сөйлемде жанаса байланысқан сөздер алшақ та, іргелес те тұра береді; сөз
тіркесінде іргелес тұрады”, - дей келіп мынадай мысалдар келтіреді:
“Бұл сөз Мақсаттың құлағынан өмір бойы кеткен жоқ. Қарт енді өз
өмірін ойлап отырған жоқ. Сейітхан жайма төсек үстінде шалқасынан түсіп
ұйықтап жатыр. Жер астындағы жұмыс – ауыр еңбек болудан әлдеқашан – ақ
қалыпты”. Міне, осындай тіркестерді жанасуға жатқызады.[12. 46 – 47]
Х. Арғынов жанасуға қимыл сын үстеулерінен басқа үстеулер негізгі
сөзбен шылау сөздердің тіркесіп пысықтауыштық қатынаста жұмсалуын
жатқызады. Биыл да совет елі зор табысқа жетті, коммунизмге қарай ілгері
жылжыды деген сөйлемдердегі асты сызылған сөздер мен сөздер тобын жанасу
деп біледі. [13. 132]
Қазақ тілінде бес байланысу формасы бар деген пікірді
қолдаушылардың бірі – ғалым К. Қабиева. Бұл зерттеуші де алдыңғы
ғалымдардың пікіріне қосылып, бірсыпыра пысықтауыштардың етістіктен болған
баяндауыштармен орын талғамай байланысуын жанасу дейміз, деп көрсетеді.
Сөйтеді де, жанасудың жалғаусыз жанасу, жалғаулы жанасу, шылаулы жанасу
деген түрлерін атайды. Жанасу да қабысу сияқты ешбір жалғаусыз байланысады,
бірақ жанасу арқылы байланысқан сөз орын талғамайды. Мысалы: Ұялмай,
қарғам, бір сайра, біз де алалық үлгіні (Крылов).
Жалғаулы жанасуға мынадай мысалдар келтіреді: Бүгін күн кешке
суытады. Сен жақсы бағаны ұқыпты әзірленгендіктен аласың. Ол кіре бергенде
етпетінен түсті. Қашан? Неліктен? деген сұрауларға жауап береді.
Жанасудың үшінші түрі шылаулы жанасуға: Бір тонна мұнай алу үшін
кейбір скважиналар жүз тоннаға дейін су тартады (З. Қабдолов). Айжан
жұмысын бітіргеннен кейін қалаға кетті. Күн кешеден бері бұлтты болып тұр.
Бұдан атау септігінде тұрған сөз және барыс, шығыс жалғаулы
сөздер шылаулар арқылы баяндауышпен жанасатынын көреміз. Баяндауышпен
жанасатын көбінесе үстеуден болған жалғаулы, жалғаусыз пысықтауыштар десек,
одан кейінгі жиі кездесетіні – көсемше арқылы байланысу.
Міне, ғалым жанасудың жасалу жолдарын жасауда біршама осындай
пікір айтады.
“Басыңқы мүше мен бағыныңқы мүшеледiң ешқандай жалғаусыз және
белгiлi орын таңдамай, өзiнiң байланысатын сөзiмен тетелес тұрып та,
алшақтап тұрып та байланысуын жанасу деймiз”, - дейдi ғалым Ғ.Әбуханов
“Қазақ тiлi”атты еңбегiнде, осылай дейдi де, олардың жасалу жолдарын
көрсетедi:
Жанаса байланысатын, көбiнесе, пысықтауыштар мен пысықталатын
сөздер болады. Олар мына төмендегi тұлғаларда қолданылады.
1.Мезгiл үстеулерiнен болған пысықтауыштар.
Кеше ғана бiздiң кеме өз жерiнен жүздеген километр қашық,
алыстағы теңiзде болатын (Л.Кассиль).
2.Септiк жалғаулы есiм сөзiне шылау тiркесiп айтылуымен де
жанаса байланысқан пысықтауыш болады.Мысалы:
Оқушылар өзенге қарай топ-тобымен кетiп барады.
3.Атау тұлғалы есiм сөздерiнен кейiн шылау сөздер тiркесiп
айтылуы арқылы да жанаса байланысқан пысықтауыш жасалады.Мысалы:
Бiз күн сайын ертемен суға шомыламыз.Ертеңгi күннiң ауа райын
радио арқылы колхоздарға хабарлап тұрады.
Енді қазіргі кезеңдегі, еліміз егемендік алғаннан кейінгі, қазақ тіл
білімі еңбектерінде жанасу деп қандай анықтаманың, формалардың айтылып
жүргенін білу үшін 1994 жылы шыққан С. Аманжоловтың Қазақ әдеби тілі
синтаксисінің қысқаша курсы деген еңбекте жанасу туралы былай делінеді:
Сөйлемдегі сөздер қиысу, қабысу, меңгеру, меңгерілуден басқа да қарым-
қатынасқа енеді. Бұл өзгеше қарым-қатынасты біз жанасу деп атадық. Жанасу –
жалғаусыз, шылаулы пысықтауыштардың пысықталушы сөздермен байланысы.
Жанасатын сөздер: үстеулер және жалғау арқылы емес, шылау арқылы
бірімен-бірі байланысатын сөздер. Бірақ сын есімдер жанаспайды(пысықтауыш
болғанмен олардың орны берік). Мысалы, Қапан жақсы оқыды.
Әрине, шылаулы сөздің жалғаулы сөзге кейде ұқсасы да бар(мысалы: үшін-
ға), бірақ бұлар, яғни шылаулы сөздер, жалғаулы сөзден гөрі тиянақты
келеді. Кейбір шылау жалғаулы сөзді меңгереді. Сондықтан екеуін бір нәрсе
деуге келмейді. Жанасушылардың орны басқадан гөрі еркін. Міне, сондықтан,
бұларды жанасушы сөздер дедік. Жанасушы сөздер өзінен соңғы сөзге жанасады.
Дәлін айтқанда, сөйлем мүшелерінің ішінен пысықтауыш қана басқа сөздерге
жанасады. Мысалы: Біз отан үшін істейміз(отан үшіністейміз). Жастар күн
сайын өсіп келеді (күн сайынөсіп келеді). Жастар өнегелі болу туралы
баяндама жасалды(болу туралыжасалды). Олар былтырдан бері социалистік
жарысқа тусіп, істеп келді(былтырдан беріістеп). Біз Одессаға Баку арқылы
бардық (Баку арқылыбардық). Аэроплан Балқашқа қарай ұшты (Балқашқа
қарайұшты). Адам оқу арқылы жетіледі. Біз жаңбырдан соң келдік. Ағасымен
бірге театрға барды. Адам сияқты сөйледі. Ойыннан кейін би болды.
1998 жылы шыққан Қазақ тілі энциклопедиясына назар аударсақ. Онда
жанасуға мынадай анықтама беріледі.
“Жанасу – бағыныңқы сөздің басыңқы сөзбен ешбір жалғаусыз,
талғаусыз орын тәртібі және шылаулар арқылы байланысуы . Жанасу байланысып
тұрған бағыныңқы сөз сөйлем құрамында орын талғамайды, басыңқы сыңар мен
іргелес те, алшақ та, араларына сөз салып та байланыса береді. Мысалы;
ертең барады; ертең үйге барады; ертең ұйықтағанға дейін барады”.
Бұл еңбекте де жанасу қабысудың бір түрі ретінде айтылып жүргені
туралы айтылады. Бірақ оның қабысудан айырмашылығы – тіркес аралығына сөз
сыналауға болатындығы және құрамындағы сөздердің бір – бірінен алшақ тұра
алатындығы деп көретіледі. Бұл – қазақ тіл білімінде орныққан пікір.
Алайда бағыныңқы сыңар құрамында көмекші сөздері бар түйдекті тіркестердің
басыңқы сыңар мен байланысын сөз тіркесінің қандай түріне жатқызу
төңірегінде нақты пікір жоқ. Мысалы, тауға қарай кетті – жанасу, көпірдің
үстімен өтті – меңгеру (Әуелбаев Ш); кешке дейін тыныстамады, миллионға
жуық оқушы, екі жүзге таяу адам – меңгеру, екі күн өткен соң көшті, мінейік
деп асыққан-ды – жанасу, отыз – қырықтардың шамасындағы адам – қабысу
(Сайрамбаев Т.)
Осындай тіркестерге мысалдар келтіріп, оларды ғалымдардың пікірімен
байланыстырады. Сөйтіп жанасуға байланысты айтылған ойды түйіндей келе, бұл
сөз тіркестерін былай топтастырады. “Күрделі сөз тіркестері сөз тіркесінің
мынадай түріне жатады: тауға қарай кетті, кешке дейін тыныстамады, екі күн
өткен соң көшті, мінейік деп асыққан-ды – жанасу, себебі бағыныңқы сыңар
мен басыңқы сыңар арасына басқа сөз сыналауға болады. Көпірдің үстінен өтті
– меңгеру; миллионға жуық оқушы, екі жүзге таяу адам, отыз-қырықтардың
шамасындағы адам – қабысу”.[14.137]
Міне, жанасу байланысу формасының зерттелу тарихынан аңғарғанымыздай,
мектеп грамматикасында жанасу 1939 жылдан бастап байланысу формаларының бір
түрі ретінде беріліп жүр. Қазіргі кездегі мектеп оқулықтарында да жанасу
туралы осындай анықтама береді. Бірақ жанасудың жасалу жолдарына келгенде
бірізділік әлі күнге дейін шешімін таппай отыр. Мұны жоғарыда көрсетілген
анықтамалар бойынша жанасуға берілген мысалдардан көруге болады. Сөз
тіркестерінде септік жалғауымен де келетін байланысу түрлері кездеседі. Ал
қазақ тіліндегі сөз тіркесінің синтаксисіндегі байланысу формасының
меңгеру деп аталатын түріне осы мысалдардың кейбірі сәйкес келеді.
Сөз тіркесінің байланысу формалары туралы зерттеу жүргізіп жүрген
профессор Т.Сайрамбаев бұл байланысу түрі жайлы былай дейді: “Меңгеруге
барыс, табыс, жатыс, шығûс және көмектес жалғаулы сөздер және ол сөздермен
түйдектеліп келетін көмекші сөздердің тіркесі жатса, ал қабысуға іргелес те
және алшақ тұрып та жұмсалатын етістікті сөз тіркестері ғана қатысты деп
білеміз. Жанаса байланысу формалары үшін ең негізгі критерий – негізгі
сөздерге көмекші сөздердің тіркесі құрамының аясында (меңгерудегіні
есептемегенде) ғана сөз болуы тиіс. Сонымен негізгі сөз бен септік
жалғаусыз көмекші сөздердің түйдекті түрлері және көнеленген септік
жалғаулы сөздердің етістікпен де тіркесін жанасу дейміз”. [7.39] Яғни
бағыныңқы сөз нөлдік тұлғада тұрып, басыңқы сөзбен көмекші сөздер арқылы
байланысуы.
Жалпы, жанасу сөзiнiң қарапайым тiлiмiздегi мағынасын алып
қаратайтын болсақ, ортақ етiстiң жұрнағы арқылы жасалып тұрған етiстiк, -у
жұрнағы осы жанас етiстiгiнiң қимыл атауы.Сонда “жанасу” сөзiнiң мәнi
бiреуге не болмаса бiр нәрсеге, я құбылысқа екiншi бiр нәрсені, я құбылысты
жанастыратын сөздер (адам) болып табылады. Мiне, жанасу сөзiн бiздiң
сөздiк қорымыздан көруiмiзге болады екен.
Бұл жұмыстың айтар ойы осы ғалымның пікірімен сабақтасып, жанаса
байланысу формасының жасалу жолдары, түрлері келесі тарауда көрсетіледi.

2 ЖАНАСУДЫҢ ЖАСАЛУ ЖОЛДАРЫ

Cөздің, сөз тіркесінің де табиғи жұмсалу айналасы, өмір сүру
жағдайы болатындай, сөз тіркесінің жанасу байланысу формасының да жасалу
жолдары, құрамы, түрлері бар. Қай ғылым саласын алсаңыз да онда белгілі бір
сараланған, сұрыпталған, дағдыланған жол болатыны ақиқат. Сол жолдармен ол
ғылым дамып, өмір сүру жағдайын кеңейтіп, өзінің ғылым тарихында орын алып
қалуына, мүмкіндігінше, теорияға сай ат салысады. Сондықтан да жанасу
байланысу формасының жасалу жолдарына ғалымдардың ой тұжырымдарын,
зеттеулерін қарастыра отырып жаңа бағыт жасасақ.
Жалпы жанасудың осы күнге дейінгі жасалу жолдары меңгеру, қабысу
тәсілдерінің жасалу жолдарымен араласып жататынын анық көруге болады.
Профессор М. Балақаевтың 1949 жылғы мектеп грамматикасы мен онан кейінгі
ғылыми еңбектерінде, жоғары оқу орындарына арналған оқулықтарда жанасу
қабысудың бір түрі деп келгені айқын. Сондықтан біз де жанасу туралы әңгіме
болғанда тілдегі қабыса алатын сөздер тобының төңірегінде сөз болуы тиіс
деп білеміз.
“Жалпы жанасуды меңгерумен араластыра қарастыру ғылыми да практикалық
жағынан да дұрыс емес”, - деп көрсетеді ғалым Т.Сайрамбаев. Ал ғылыми
еңбектерде меңгеруге барыс, табыс, жатыс, шығыс және көмектес жалғаулы
сөздердің таза және ол сөздерге шылаулардың тіркесіп келуін жатқызып
келеді. Ол тұлғалы сөздер әрі толықтауыштық, әрі пысықтауыштық қатынаста
жұмсалады деп анық берілген. Бұл мектеп грамматикаларында жанасуға осы
септік жалғаулы сөздердің таза түрін де (мейлі ол толықтауыш, мейлі
пысықтауыштық қатынаста болсын) меңгеруге, ал шылау арқылы тіркестерін
жанасуға жатқыза салады. Сонда теориялық білім мен мектеп грамматикалары
арасында сәйкестік бола бермейді. Мектепте бір түрлі, ғылымда бір түрлі
оқыту мәселенің шешіміне әсері тимесе керек.
Негізгі сөз бен шылаулы сөздердің тіркесін жанасуға жатқызуда
ғалымдар олардың алшақ тұрып та тіркесетінін негізге алады. Мысалы, Мұқаш
сабақтан кейін театрға барды. Шындап келгенде меңгеріле байланысқан
сөздердің барлығы да өзі қатысты сөздермен орын таңдамайды емес пе? Бұлай
болса бірін онда, бірін мұнда қалдырып ереже көбейтуден ұтатын не бар.
Септік жалғаулы сөздерге шылаулардың тіркесіп, тек меңгеру деп беруден
ұтылатынымыз жоқ. Бұған қоса меңгерудің аясында кеңею процесі басым болады.
Негізгі сөздерге тек шылаулар ғана тіркесіп қоймайды, қазіргі кезде негізгі
сөздермен бірлікте көмекші есім, көмекші етістік және модаль сөздер де
жұмсала береді. Бұған қарағанда, жалпы барыс, табыс, жатыс, шығыс және
көмектес жалғаулы сөздер мен шылау, көмекші есім, көмекші етістік және
модаль сөздердің де тіркесіп келуін(септеліп келгенде) тек меңгеру аясында
қалдыру жанасудың жасалуындағы бір мәселені оңайлатады. Жанасудың жасалу
жолдарын меңгерудің жасалу жолдарымен шатастырмау керек екенін ескеру
қажет.
Жоғарыда ескерткеніміздей, жанасуды жоғары оқу орындарының
оқулықтарында қабысудың ішінде қарастыратынын айтқан болатынбыз. Бірақ
синтаксистік байланысу формаларының қатарында жанасудың аталатынын және
оның мектеп грамматикасында арнайы берілетіні жөнінде алдыңғы тарауда
жазылған болатын.
Негізгі мәселе қабысу мен жанасудың өзіндік жасалу жолдарын, олардың
әрқайсысына тән көрсеткіштерін айқындау. Осы күнге дейінгі әдебиеттерде
қабыса байланысатын сөздердің орны тұрақты, яғни анықтауышпен анықталатын,
пысықтауышпен пысықталатын сөздер арасына сөз салмай ғана тіркесуі керек
деген пікір басым. Сонда қабысу формасына берілген анықтама тұрақты деп
айтуға болады. Ал жанасу тек пысықтауышпен пысықталатын мүшелердің алшақ,
іргелес тұрып та немесе кейбір пысықтауыштардың орын тәртібі арқылы да
байланысады деген тұжырымдар, анықтамалар беріліп келеді.
Сөйлемде бір – бірімен қабыса байланысатын сөздер мол кездеседі.
Олардың құрылымы жан – жақты. Қабысу есімді, етістікті деп бөлінеді де,
есімді қабысудың бірінші сыңарлары, яғни бағыныңқы сыңары зат есім, сын
есім, сан есім, сілтеу есімдігі, есімше, үстеу, ал етістікті қабыса
байланысқан сөз тіркестерінің бағыныңқы сыңарлары үстеу, еліктеуіш сөз,
көсемше, сын есім, сан есім, есімдік және зат есім деп беріледі. Бұлардың
ішінде жанасу мен қабысудың арасындағы араласып жүрген сөз таптары
біріншіден, үстеу мен көсемше, екіншеден, негізгі сөздерге түрлі көмекші
сөздердің түйдектеліп жұмсалуы.
Үстеу мен көсемше өзі қатысты сөздермен алшақ және іргелес тұрып та
байланыса береді. Бірақ ол сөз таптарының етістіктермен іргелес байланысуын
қабысуға жатқызады да, ал олардың алшақ түрін жанасуға жатқызады. Мысалы,
жақсы оқушы жақсы оқиды дегендегі жақсыны сын есім, өйткені етістікке
қатысты жұмсалған деген пікірден ешбір айырмашылығы жоқ. Сондықтан алшақ
немесе іргелес тұрғанымен, ол сөз таптарының да етістікпен тіркесін
қабысуға жатқызу қолайлы деп білеміз. Бірақ үстеулердің септік жалғауларда
келуін меңгеруге жатқызу керек. Мысалы:
Абай осы кеште болған өз халін бұл түнде де, ертеңінде де түсіне алмай
кетті (М. Әуезов). Құлаш мойын қызыл нар таңертеңнен кешке дейін
тыныстамады (Ғ.Мұстафин).
Екіншіден, етістікті қабыса байланысқан сөз тіркестеріне түрлі көмекші
сөздердің түйдектелуі арқылы жасалған бағыныңқы сыңарларды жанасуға
жатқызады да, жанасудың басыңқы сыңары тек етістік болады деп түсіндіреді.
Шынында ғылыми еңбектегі қабысуға жатқызылатын тілдік категориялар
меңгеру, матасуға қарағанда көп. Қабысудың бағыныңқы сыңары ретінде
қатыспайтын сөз табы жоқ деуге болады. Үшіншіден, қабыса байланысатын
сөздерге көмекші сөздер, нумеративті сөздер, дербес мағынасы бірде бар,
бірде жоқ сөздер, мезгіл зат есімдері, қосарлы сан есім көптеген сөздер де
мол қатысады. Оның үстіне меңгеруге қатысты кейбір фактілер осы мәселемен
де арақатынасы аралысып беріліп жүргені де мәлім. Осы сияқты аумағы мол
фактілерді бір ғана қабыса байланысқан сөз тіркестерінің көлемінде ғана
қарастыру практикалық та, теориялық та жағынан келмейді. Сондықтан да бұл
жұмыстың алға қойған мақсаты да осы қабысу мен жанасу формаларының ара-
жігін ажыратып, жанасудың жасалу жолдарын көрсету.
Басқа түркі тілдерінде болмағанымен, қазақ тіл білімі үшін мектеп,
жоғары оқу орындарының студенттеріне, тіпті оқытушылар үшін де түсінікті
болу үшін мектепте де, жоғары оқу орындарына арналған оқулықтарда да
қабысудан жанасуды арнайы түрде бөліп, оның өзіндік жасалу жолдарын
айқындап беруге тиістіміз, - дейді профессор Т.Сайрамбаев. Ғалым мектеп
оқушылары, студенттер тағы басқалар үшін түсінікті, теориялық және
практикалық жағынан шатаспау мақсатында зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Ол
үшін қабысу мен жанасудың жасалу жолдарындағы айырмашылықтарды негізгі сөз
таптары және негізгі сөз таптары мен көмекші сөздер тобы төңірегінен
айқындау керек.
Бір айта кететін жайт, қазақ тіл білімінде 1939 жылға дейін
пысықтауышты арнайы сөйлем мүшесі ретінде қарастыру мәселесі төңірегінде
түрлі талас пікір болғандығына қарамастан пысықтауыш дербес сөйлем мүшесі
ретінде алынып, оның жасалу жолдарының аясы жан-жақты қарастырылып келеді.
Сонымен осы күнгі мектеп грамматикаларындағы үйге дейін сияқты
негізгі сөз бен көмекші сөздердің түйдекті түрін меңгеруде қалдырып, ал
қабысудағы бірде алшақ, бірде іргелес тұратын сөз таптарының (үстеу мен
көсемше) тұлғалық ерекшеліктерін негізге ала келіп қабысуға жатқызу орынды.
Негізгі сөз бен септік жалғаусыз көмекші сөздердің түйдекті түрлері
және көнеленген септік жалғаулы сөздердің етістікпен тіркесін жанасу
дейміз. Бұл анықтама жоғарыда жазылған болатын, түсінікті болу үшін тағы
келтіріліп отыр. Артықшылығы болмайды деп еске түсірудеміз.
Сонда мектеп грамматикаларындағы жанасудың жасалу жолындағы
мысалдардың қайсысы осы критерийге сәйкес келетінін саралап көрсек.
1939 жылғы грамматикада – адам баласы үшін күресті, оқу үшін келдім;
1940 жылғы еңбекте — адам сияқты сөйледі.
1987 жылғы грамматика — өмір бойы кеткен жоқ.
Міне, ғалымдарымыздың айтар ойы, білдіретін пікірі о баста белгілі
болғанымен, бір арнаға түсіп топтаспаған. Дегенмен жанасу байланысу
формасының бір сөзбен жанасып айтылатынын ескеріп отырған. Сонымен сөз
тіркесі туралы жазып, зерттеп жүрген ғалымдарымыздың еңбектерін қарап,
жанасудың жасалу жолдарын мына төмендегіше топтастырамыз:
1. Негізгі сөз бен көсемше тұлғалы көмекші етістіктердің етістікпен
тіркесі арқылы. Мысалы: Қатені келешекте қайталамайтын боп түсіндіру керек
(З.Шашкин). Орман кіндігінен тараған кейінгі жастар пысық боп өсіп
келеді(З. Ақышев). Бас бәйгені алған Арғын жағы шат – шадыман боп тасыды
(І.Есенберлин). Толып жатқан әмірлер, бектер , хәкімдер бір тайпа
мемлекетті быт-шыт қып бөліп алды (І.Есенберлин). Оспан қалт етіп аңырып
тұра қалды (М. Әуезов). Ала сиырды сүйкімді етіп көрсетіп тұрған соңына
ерген кішкене өзінен айнымайтын ала бұзауы (Қаз. әд.). Жаңағы сапарынан
кейін әлде ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
СӨЗ ТІРКЕСІНІҢ ҒЫЛЫМИ-ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ, ҚАЛЫПТАСУЫ
С. аманжоловтың синтаксис саласына қатысты зерттеулері
Сөздердің байланысу формалары
Қазақ тіліндегі сөз тіркесінің теориялық мәселесі
ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕРДІҢ ЗЕРТТЕЛУ КЕЗЕҢДЕРІ, БАҒЫТТАРЫ
Ә. КЕКІЛБАЕВТІҢ АҢЫЗДЫҢ АҚЫРЫ РОМАНЫНДАҒЫ ЕСІМДІ СӨЗ ТІРКЕСТЕРІНІҢ ЖАСАЛУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Сөз тіркесінің зерттелуі. «Суггестия» термині
Ағылшын және қазақ тілдерінің байланысуы
Бағыныңқы сыңары Басыңқы сыңары
Сөз тіркесі синтаксисі
Пәндер