Қазіргі уақыттағы қылмыстық құқықтағы заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптылығы мәселелері


Жұмыс түрі: Дипломдық жұмыс
Тегін: Антиплагиат
Көлемі: 45 бет
Таңдаулыға:
Заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптылық мәселелері.
Мазмұны:
Кіріспе.
1-тарау. ҚЫЛМЫС СУБЪЕКТІСІ-ҚЫЛМЫС ҚҰРАМЫНЫҢ БІР ЭЛЕМЕНТІ
§ 1. Қылмыс субектісінің түсінігі және қылмыс субъектісінің бүгінгі күнгі кейбір өзекті мәселелері . . . 6 бет
§ 2. Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексіне сәйкес қылмыстық жауаптылыққа тартылуға тиіс тұлғалар . . . 8 бет
ІІ-ТАРАУ. ҚАЗІРГІ УАҚЫТТАҒЫ ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚҰҚЫҚТАҒЫ ЗАҢДЫ ТҰЛҒАЛАРДЫҢ ҚЫЛМЫСТЫҚ ЖАУАПТЫЛЫҒЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ
§ 1. Шет мемлекеттердің қылмыстық құқығындағы заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптылығы институтының қалыптасуы мен бүгінгі күнгі өзекті мәселелері . . . 12 бет
§ 2. Отандық қылмыстық құқықтың теориясындағы заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптылығы мәселелеріне қатысты пікірталастар
Қорытынды
Қолданылған нормативтік-құқықтық актілер мен әдебиеттер
Кіріспе
Бітіру жұмысын зерттеудің өзектілігі . Қазір біздің қоғамымызда көптеген өзгерістер болып жатыр, көптеген өзгерістермен қоса түрлі меншік нысандары пайда болуда және бұл мән-жайлар Қазақстан Республикасының қылмыстық заңның өзгеруі мен толығуына жан-жақты деңгейде әсер етіп жатыр. 1997 жылғы қадылданған Қазақстан республикасының жаңа Қылмыстық кодексі қазіргі біздің қоғамға өте қажет және бұрын бізге таныс емес жаңа қылмыс құрамдарын ұсынды. Бірақ қабылданған заңның жаңалығы, оған түрлі өзгерістер енгізілуі оның толық жетілгендігін білдірмейді.
Кейбір авторлар пікірінше жаңадан қабылданған қылмыстық заң күшіне енген соң көптеген қоғамдық қажеттіліктерге жауап бере алмады. Қылмыстық-құқықтық новеллаларды жасау және өзгерту негізінде олардың мазмұнын анықтайтын теориялық қылмыстық-құқықтық концепциялар жатыр. Сол себепті зерттеушілер зерттеу деңгейі толық деңгейде емес делінген құқықтық идеяларға көп көңіл бөледі.
Еліміздегі қылмыстық-құқықтық реформалар тұсында көптеген заңгер-ғалымдардың көңілін өзіне аударған осындай мәселелердің бірі-заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптылығы мәселесі. Бұл мәселе соңғы он бес жыл ішінде отандық қылмыстық құқық теориясындағы ең күрделі мәселелердің біріне айналды. Және күні бүгінге дейін өзінің нақты шешімін таппай келе жатқан мәселе.
Қазақстан Республикасының қылмыстық құқығында және заңнамаларда бетпердесі ғана ашылып отыр, оның, яғни заңды тұлғаларды қылмыстық құқықтың субъектісі ретінде толықтай танылуына әлі де болса қылмыстық заңнамаға бірқатар өзгерістер мен толық тырулар енгізілу керектігі айдан анық көрініс тауып отыр. Осы себептен бұл мәселенің шешілу деңгейін қанағаттанарлық деп бағалауға болмайды.
Шетелдердің қылмыстық құқығына көз жүгіртетін болсақ, көптеген экономикасы дамыған елдерде (АҚШ, Франция, Англия, Қытай, Голландия және т. б. ) кейбір қылмыстар үшін жауаптылыққа жеке тұлғалармен қатар заңды тұлғалар да тартылады.
Уақыттың бір орнында тұрмай жылжып бара жатқанын ескерсек және уақытпен қоса қазіргі күні еліміздегі экономикалық жағдай, сәйкесінше осы саладағы заңнама да күннен-күнге өзгеруде. Бүгінгі күні заңды тұлғалар кейбір экономикалық және экологиялық құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылады. Бірақ қылмыстық құқықта сөз болып отырған зардаптың орнын әкімшілік немесе азаматтық санкциялармен толтыру мүмкін емес.
Осылайша бүгінгі күні Қазақстан Республикасының қылмыстық құқығындағы заңды тұлғалардың жауаптылығы жөніндегі пікір-талас әлі тоқтаған жоқ. Мұның өзі өз кезегінде зерттелінетін тақырыптың өзектілігін көрсетеді.
Зерттеу объектісі мен пәні. Осы бітіру жұмысының зерттеу объектісі болып заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптылығы институты табылады.
Заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптылығын көздейтін шетелдердің қылмыстық құқық нормалары, отандық азаматтық және қылмыстық құқық, отандық және шетелдік заңгер-ғалымдардың жауаптылық және оның субъектілері мәселесіне, жауаптылықтың негіздеріне, заңды тұлғаның түсінігіне және зерттеу тақырыбына қатысты өзге де сұрақтарға байланысты теориялық ой пікірлері осы жұмыстың зерттеу пәні болып табылады.
Зерттеудің мақсаттары мен міндеттері. Зерттеудің негізгі мақсаты заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптылығымен байланысты мәселелерге кешенді талдау жасау. Осы мақсатқа жету үшін, шешімі осы бітіру жұмысының мазмұнын құрайтын келесідей міндеттер алға қойылды:
-АҚШ, Франция, Қытай заңнамаларының негізінде заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптылығын көздейтін қылмыстық-құқықтық нормаларға салыстырмалы зерттеу жүргізу және осы жасалған талдау нәтижесінде Қазақстандағы заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптылығы институтының болашағы;
- құқық субъектісі ретінде заңды тұлғаның мәнін ашатын азаматтық құқық нормаларына және ғылыми теориялардың ережелеріне кешенді талдау жүргізу;
- заңды тұлғаларды қылмыс субъектісі ретінде тану мүмкіндігін немесе мүмкін еместігін анықтау;
- заңды тұлғаларды қылмыс және жазаның субъектісі ретінде танудың қажеттілігін және негізділігін анықтау.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы ең алдымен зерттеу тақырыбын таңдаумен және шешу үшін алға қойылған мақсаттармен түсіндіріледі. Бұл жұмыста отандық қылмыстық заңнамаға заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптылығын енгізудің негізгі қайшылықтарын анықтау мақсатында шетелдік қылмыстық заңнамадағы заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптылығы институтының тарихи қалыптасуына кешенді талдау жасалынған.
Зерттеудің практикалық маңызы осы жұмыста жасалған қорытындылар мен ұсыныстарды қылмыстық құқықтың Жалпы бөлімінің ережелерін одан ары қарай теориялық зерттеу мен жетілдіруде қолдану мүмкіндігінен көрінеді.
Жұмыстың құрылымы . Зерттеудің алдына қойылған мақсаты мен міндеттері бұл жұмыстың құрылымын анықтап берді. Бітіру жұмысы кіріспеден, екі тараудан, төрт параграфтан, қорытындыдан және осы жұмысқа пайдаланылған әдебиеттердің библиографиялақ тізімінен тұрады.
Бұл бітіру жұмысының бірінші бөлімінде мен қылмыс субъектісі мен осы қылмыс субъектілеріне қатысты бүгінгі таңдағы орын алып отырған өзекті мәселелері жөнінде тоқталып кеттім. Біздің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қылмыс субъектісі болып табылатын тұлғалар жөнінде бірнеше мәліметтер мен түсініктемелер және ережелерге орын бердім. Заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптылық мәселесі атты бітіру жұмысымның екінші бөліміндешетелдік мемлекеттердегі заңды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігі жөнінде мәліметтер жазып, олардың ерекшеліктері мен орын алған өзекті мәселелер жайында тоқталып өттім. Және осы еңбегімнің ішінде заңды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігі жөніндегі өзекті мәселелермен қатар, олардың төңірегінде орын алып жатқан түрлі пікірталастар жөнінде және заңды тұлғалар қылмыстық құқықтарында қылмыс субъектісі болып табылатын әртүрлі шетел мемлекеттерінің заңнамаларын салыстыра отырып талдау жасалынған. Егерде заңды тұлғалар қылмыс субъектісі болып танылса одан туындайтын міндеттемелер мен мән-жайлар жөнінде де біршама тоқталып өткен ғылыми деректер жазылды.
І-Тарау. Қылмыс субъектісі-қылмыс құрамының бір элементі
§ 1. Қылмыс субектісінің түсінігі және қылмыс субъектісінің бүгінгі күнгі кейбір өзекті мәселелері
Қылмыс субъектісі - қылмыс құрамының бір элементі болып табылады. Онсыз қылмыстық жауаптылық мүмкін емес. Қылмыс субъектісі термин ретінде біздің қылмыстық заңда қолданылмайды. Мұның себебі Қылмыстық кодекстің Жалпы және Ерекше бөлімдерінде, біріншіден, белгілі бір қылмыстық әрекет үшін жауаптылықтың негіздерінің көрсетілуі, екіншіден, қылмыс субъектісінің белгілерін көрсету барысында әртүрлі нақты терминологиялардың қолданылуымен түсіндіріледі.
Мысалы, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің Жалпы бөлімінде қылмыс жасаған тұлғалар туралы (6, 7, 8 және т. б. баптарда), қылмыстық жауаптылыққа тартылуға тиісті тұлғалар туралы (14, 15 және т. б. баптарда), қылмысы үшін сотталған адамдар туралы (70, 71, 72, 73 баптар) және т. б. туралы айтылған. Сонымен қатар Қылмыстық кодекстің Жалпы бөлімінде есі дұрыс емес адам қылмыс субъектісі бола алмайтындығы көрсетілген (16-бап) . Ал Қылмыстық кодекстің Ерекше бөлімінде қызметтік өкілеттігін пайдаланып қылмыс жасаған тұлғалар, коммерциялық немесе өзге де ұйымдарда басқарушылық әрекеттерін жүзеге асыратын тұлғалардың қылмысы, мемлекеттік қызметкерлер жасайтын қылмыс және т. б. туралы айтылған. Кейбір жекелеген қылмыстар үшін жауаптылыққа тартылуға тиіс нақты тұлғалар да келтірілген: кәмелетке толмағанның ата-аналары (131-баптың 2-тармағы), нотариустар (229-бап), судьялар (350-бап), кеме капитандары (305-бап), куәгер немесе жәбірленуші (353-бап) . Осы көрсетілген нормалар арқылы біз қылмыс субъектісінің түсінігін көруімізге болады.
Қылмыс субъектісі белгілі бір белгілерге ие болғанда ғана қылмыстық жауаптылықты арқалана алады. Біздің қылмыстық заң ондай белгілерді міндетті және факультативті (қосымша) деп қарастырады.
Міндетті белгілер қылмыс субъектісі болып табылатын кез келген тұлғаны сипаттайды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 14-бабына сәйкес қылмыс субъектісі болып белгілі бір жасқа толған, есі дұрыс жеке тұлға танылады. Кейде бұл белгілерді жалпы деп те атайды. Бірақ оларды жалпы деп атау қисынсыз. Өйткені бұл белгілер кез келген тұлғаға міндетті болып табылады. Бұл белгілердің тым болмағанда біреуінің болмауы қылмыс субъектісінің жоқ екендігін білдіреді. Сәйкесінше қылмыс құрамы да жоқ болады.
Факультативтік белгілер тек қылмыстық заңда тікелей көрсетілген жағдайда ғана орын алады. Факультативтік белгі қылмыстың арнайы субъектсінің анықтау кезде қолданылады. Мұндай белгілер қылмыс субъектісінің азаматтығына, жынысына, қызметіне байланысты субъектіге қосымша талаптар қажет болғанда қолданылады. Факультативтік белгілердің жоқ болуы, тек қана арнайы субъект жасай алатын қылмыстар үшін жауаптылықты жоққа шығарады.
Қылмыс субъектілерінің ауқымының бұлай шектелуі - заңды тұлғалар, яғни кәсіпорындар, мекемелер, партиялар қылмыс субъектісі бола алмайды дегенді білдіреді. Бұл мәселе заңдылық деңгейінде отандық қылмыстық құқық үшін дәстүрлі жағдайда шешілген. Бірақ теориялық тұрғыда заңды тұлғалардың жауаптылығы жөніндегі мәселе төңірегіндегі айтыс тоқтамай келеді.
Қылмыс субъектісі түсінігінен қылмыскер тұлғасы түсінігін ажырата білу керек. Жалпы қылмыс субъектісі қылмыс жасаған тұлға болып табылатындықтан, оларды теңдестіруге қылмыстық құқықта жол беріледі. Бірақ қылмыс субъектісі қылмыс жасаған тұлғаны сипаттаса, қылмыскер тұлғасы әрбір қылмыс субъектісінің жеке ерекшеліктерін сипаттайды. Мысалы, біз мұны сот айыпкерді жеке басын ескере отырып, оны құрметті, әскери, арнаулы немесе өзге де атағынан, сыныптық шенінен, дипломатиялық дәрежесінен, біліктілік сыныбынан айыруын көздейтін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 50-бабынан көре аламыз.
Криминологияда қылмыскер тұлғасы негізінен қылмыстылықтың немесе нақты қылмыстың себебін анықтау және қылмыстан сақтандыру мақсатында қарастырылады. Осы айтылғандардан біз қылмыс субъектісі мен қылмыскер тұлғасының қатынасы маңызды екенін көруімізге болады. Қылмыс субъектісінің белгілері қылмыс жасалды ма деген сұраққа әсер ететін болса, қылмыскердің жеке басын сипаттайтын белгілер оны жауаптылыққа тартып, жаза тағайындауға әсер етеді.
Қылмыс субъектісінің түсінігін қарастыру барысында бұл түсінікті қылмыстық құқық доктринасында толық сипатталмағанын көруге болады. Қазақстан Республикасының қылмыстық құқығында “қылмыс субъектісі - қылмыс жасаған және онысы үшін қылмыстық жауаптылықты арқалана алатын адам” - деген түсінік қолданылады1. Бір жағынан бұл дұрыс түсінік. Бірақ кейбір авторлардың пікірінше, бұл түсінікте қылмыс субъектісінің жасаған қылмысы үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылу міндеті көрсетілмеген. Бұл міндет заңды тікелей көрсетілмесе де, қылмыс субъектісінің жауаптылыққа тартылуын көздейтін қылмыстық құқық нормаларына сәйкес (3, 14 баптар) қылмыс субъектісінің таңдау құқығы болмайды. Сәйкесінше, оны қылмыстық жауаптылыққа тартуға міндеттейді2.
Жоғарыда айтылғандардың бәрін қорытындылай келгенде қылмыс субъектісі - ол қылмыс жасаған, қылмыстық жауаптылыққа тартылуға міндетті және тартыла алатын тұлға.
§ 2. Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексіне сәйкес қыпмыстық жауаптылыққа тартылуға тиіс тұлғалар
Қазақстан Республикасы қылмыстық құқығы бойынша кімдер қылмыстық жауаптылыққа тартылады?
Біздің Қылмыстық кодексте қылмыстық жауаптылыққа тартылуға тиісті адамдар нақты көрсетілген. Қылмыстық жауаптылыққа тартылуға тиісті адамдар қатарына қылмыстық заң мыналарды жатқызған: қылмыстық жауаптылық басталатын жасқа толған, есі дұрыс, есі дұрыстығы жоққа шығарылмайтын психикасы бұзылған, мас күйінде қылмыс жасаған тұлғалар. Көрсетілген қылмыстық жауаптылыққа тартылуға тиісті тұлғалар қылмыстық жауаптылықтың туындауының жалпы шарттарын көрсетеді.
Кейбір ғалымдардың пікірінше, белгілі бір жасқа толу мен есі дұрыстық қылмыс субъектісінің негізгі белгілері емес тек қылмыстық жауаптылықтың шарттары болып табылады3. Мысалы, егер есі дұрыс емес адам біреуді өлтіресе, онда бұндай әрекеттер қауіпті емес деп түсінуге болмайды. Аталған жағдай тек қылмыстық жауаптылықты болдырмайды. Ал қылмыстық жауаптылық басталатын жасқа толмаған тұлғалар жасаған қылмыстық әрекеттер өндірісте қылмыс құрамының жоқ екендігінен емес, оның қылмыстық жауаптылық басталатын жасқа толмағандығына байланысты қылмыстық іс қозғалмайды.
Қылмыстық жауаптылыққа тартылуға тиісті тұлғалар Қылмыстық кодекс нормаларын қарастыру барысында біз мұндай жауаптылыққа Қазақстан Республикасының азаматтары, шетел азаматтары және азаматтығы жоқ адамдардың тартылатындығын көреміз.
1. Қылмыс субъектісінің жасына байланысты белгілері .
Қылмыстық құқықта жасқа байланысты белгілердің болуы қылмыс субъектілерінің өздерінің жас мөлшеріне қарай әрекетінің (әрекетсіздігінің) қауіптілігін толық түсінбейтіндігінен немесе басқара алмайтындығымен түсіндіріледі.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 15-бабының 1-бөлігіне сәйкес қылмыс жасаған сәтте 16 жасқа толған адам қылмыстық жауаптылыққа тартылады. Ал қылмыс жасаған сәтте 14 жасқа толған адам осы баптың 2-бөлігіне сәйкес қылмыстар үшін (мысалы, кісі өлтіргені (96-бап), зорлаған (120-бап), ұрлық жасағаны (175-бап), тонағаны (178-бап), ұрып-соққаны (179-шы бап), қорқытып алғаны (181-бап), ауырлататын мән-жайлар кезінде автомобильді немесе өзге де көлік құралдарын ұрлау мақсатын көздемей заңсыз иеленгені (185-ші баптың екінші, үшінші, төртінші бөліктері), ауырлататын мән-жайлар кезінде мүлікті қасақана жойғаны немесе бүлдіргені (187-ші баптың екінші, үшінші бөліктері), терроризм (233-ші бап), адамды кепілге алуы (234-ші бап), террористік акті жөнінде біле тұра өтірік хабарлағаны (242-ші бап), қару-жарақты, оқ-дәріні, жарылғыш заттармен жарылғыш құрылғыларды ұрлағаны не қорқытып алғаны (255-ші бап), ауырлататын мән-жайлардағы бұзақылығы (257-ші баптың екінші, үшінші бөлігі), тағылық (258-ші бап), есірткі заттардынемесе жүйеге әсер ететін заттарды ұрлағаны немесе қорқытып алғаны (260-шы бап), ауырлататын мән-жайлар кезінде қайтыс болған адамдардың мүрдесін және олардың жерленген жерлерін қорлағаны (275-ші бап, екінші бөлігі), көлік құралдарын немесе қатынас жолдарын қасақана жарамсыз еткені (299-шы бап) үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылады.
Егер кәмелетке толмаған адам 15-ші баптың бірінші немесе екінші бөлігінде көзделген жасқа толса, бірақ психикасының бұзылуына байланысты немесе психикалық дамуы жағынан артта қалуы салдарынан кішігірім немесе орташа ауырлықтағы қылмысты жасау кезіндегі өзінің іс-әрекетінің (әрекетсіздігінің) іс жүзіндегі сипаты мен қоғамдық қауіптілігін толық көлемінде түсіне алмаса не оған ие бола алмаса, қылмыстық жауапқа тартылуы тиісті емес. Кәмелетке толмаған субъектілерге мынадай жаза түрлері қолданылады:
- Айыппұл;
- Белгілі бір қызметпен айналысуын шектеу;
- Қоғамдық жұмыстарға тарту;
- Түзеу жұмыстары;
- Бас бостандығын шектеу;
- Қамау;
- Бас бостандығынан айыру болып табылады.
Ал кейбір қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылық 18 жастан басталады. Өйткені бұл қылмыстарды жасау үшін белгілі бір жасқа толу қажет. Мысалы, әскери қылмыстарды жасау үшін міндетті түрде әскери қызметші болу керек. Ал әскер қатарына адамдар 18 жасқа толғаннан кейін ғана қабылданады. Яғни айтылғандарды қорытындылайтын болсақ, белгілі бір қылмысы үшін жауапқа тартылатын жасқа жетпеуі-оны қылмыс субъектісі деп тануға жол бермейді.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 15-бабының 3-бөлігіне сәйкес егер кәмелетке толмаған адам қылмыстық жауаптылық басталатын жасқа толса, бірақ психикасының бұзылуына байланысты емес психикалық жағынан артта қалуы салдарынан кіші-гірім немесе орташа ауырлықтағы қылмысты жасау кезіндегі өзінің іс-әрекетінің (әрекетсіздігінің) іс жүзіндегі сипаты мен қоғамдық қауіптілігін толық түсіне алмаса не оған ие бола алмаса, қылмыстық жауаптылыққа тартылуға тиіс емес.
2. Есі дұрыстық
Жоғарыда қарастырғанымыздай, есі дұрыстық қылмыстық жауаптылықтың қажетті шарты болып табылады. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде есі дұрыстықты сипаттайтын арнаулы норма жоқ. Есі дұрыс еместікке қарағанда есі дұрыстық заңда қылмыс жасаған адамды жауаптылыққа тарту кезінде сақталуы тиіс талап ретінде қарастырған (14-бап) . Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 17-бабында есінің дұрыстығын жоққа шығармайтын психикасы бұзылған адамның қылмыстық жауаптылығы туралы айтылған. Сәйкесінше, біздің қылмыстық құқықта есі дұрыстық белгісіне сай келетін адамдардың екі санаты бар: толық есі дұрыс адамдар және шектеулі есі дұрыс адамдар. Біздің қылмыстық заң олардың екеуін де есі дұрыс адамдар ретінде қарастырады.
Бұрындары есі дұрыстық тек есі дұрыс еместіктің қарама-қарсы мағынасы ретінде ғана қарастырылған болатын. Бірақ бұл қате пікір, өйткені есі дұрыстық есі дұрыс еместіктің антонимі ғана емес оның өзіне тән белгілері бар және ол қылмыстық жауаптылықтың негізгі шарттарының бірі болып табылады. Осыған сәйкес есі дұрыстықтың түсінігі заңда көрініс табуы керек. Қылмыстық заңда есі дұрыстықтың түсінігі және белгілерінің болмауы оның толық емес екендігін көрсетеді.
Есі дұрыстық - ол қылмыс жасаған адамның жасына және психикалық денсаулығына қатысты өз іс-әрекеттерінің (әрекетсіздіктерінің) іс жүзіндегі сипаты мен қоғамдық қауіптілігін түсіне алатын және басқара алатын және осы әрекеті үшін қылмыстық жауаптылық арқалана алатын психикалық жағдайы.
3. Шектеулі есі дұрыстық.
Біздің Қылмыстық құқықта есі дұрыстықпен қатар шектеулі есі дұрыстық деген ұғым бар (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 17-бабы) . Қылмыстық кодексте шектеулі есі дұрыстық ұғымы есінің дұрыстығын жоққа шығармайтын психикалық бұзылу деген түсінікпен берілген. Шектеулі есі дұрыстық дегенде біз қылмыс жасаған сәтінде өзінің іс-әрекетінің (әрекетсіздігінің) іс жүзіндегі сипаты мен қоғамдық қауіптілігін толық көлемінде ұғына алмаған адамның қылмыстық жауаптылықтан және жазадан босатылмайтын есі дұрыстығын жоққа шығармайтын психикалық жағдайын түсінуіміз керек. Бұл психикалық жағдайды сот жаза тағайындағанда жеңілдетуші мән-жай ретінде ескереді.
4. Есі дұрыс еместік.
Есі дұрыс еместікке қылмыстық заңда анықтама берілген (Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 16-бабы) . Яғни, қылмыс жасаған кезінде созылмалы психикалық ауруы, психикасының уақытша бұзылуы, кемақылдығы немесе өзге де дертке ұшырауы салдарынан өзінің іс-әрекетінің (әрекетсіздігінің) іс жүзіндегі сипаты мен қоғамға қауіптілігін ұғына алмаған немесе оған ие бола алмаған адам есі дұрыс емес болып танылады.
Есі дұрыс еместіктің ұғымын ашып көрсеткенде қылмыстық құқық екі белгіні: медициналық (биологиялық) және заңдылық (психологиялық) белгіні қолданады.
Бұл екі белгінің өзіндік ерекшеліктері мен айырмашылықтары бар. Егерде екі белгінің арасынан медициналық белгіні алып қарайтын болсақ, онда медициналық белгі бойынша қылмыс жасаған адамның аурулық жағдайына байланысты болған қабілетсіздіктің себебі анықталады. Ал заңдылық белгі адамның өзінің істеген әрекетіне есеп бере алмауынан немесе өзінің әрекетін басқара алмауынан тұрады.
5. Қылмыстың арнайы субъектісі .
Біздің Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінде қылмыс субъектілеріне арнайы анықтамалар берілген. Олардың турлері, арасындағы айырмашылықтар мен ерекшеліктер туралы да сөздер айтылған. Дегенмен кейбір субъектілер жөнінде арнайы анықтамалар жоқ. Оларға тек қана кейбір сипаттама белгілер ғана берілген.
Соның бір мысалы ретінде қазақстан республикасының қылмыстық заңнамасы бойынша қылмыс субъектісінің міндетті қатарына жататын, қылмыстың арнайы субъектісін алып қарауға болады. Кейбір қылмыстар құрамы үшін қылмыс субъектісі болуға есі дұрыстық, белгілі бір жасқа толу жеткіліксіз. Ондай құрамдарға субъект болу үшін осы көрсетілген белгілердің үстіне басқа да қосымша белгілер болуы қажет. Яғни арнайы қылмыс субъектісіне жатқызылу үшін жалпы қылмыс субъектілірінің белгілерінің болуы жеткіліксіз болып табылады. Оларға сонымен қоса тағы да бірнеше критерийлер, белгілер тән. Осы белгілердің барлығы орын алып көрсетілген жағдайда ғана қылмыс субъектісі жай қылмыс субъектісінің қатарынан шығарылып, арнайы қылмыс субъектісінің қатарына жатқызылады.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz