Әкім Тарази повестеріндегі кейіпкерлердің адамгершілік әлемі


Пән: Әдебиет
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 47 бет
Таңдаулыға:   

КІРІСПЕ

Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Әдебиет ғылымының бүгінгі әдеби процесті зерттеп, тексеруі - үлкен міндет. Өйткені уақыт өткен сайын әдеби құбылыстың жаңа нышандары пайда болып, оның даму заңдылығын саралап, салмақтап отыру парызы туындайды. Бұл орайда адамның қоғамдық санасының жемісі - көркемөнер шығармалары жаңа көзқарасты, тың бағалауарды қажет етеді. Ал ол үшін әдебиеттің ішкі диалектикалық өсу жолдарын қарастырып, көркемдік - эстетикалық табыстарының мән - маңызын ашу керек.

Сондықтан қазақ прозасын зертеуші ғалымдарымыздың, сонымен қатар, Әкім Таразидің повестерінің белгілі бір проблемасын объектіге алып, зерттеуді мақсат еттік. Бұл - ең алдымен кейіпкер бейнесі және адамгершілік мәселесі. Аталған тақырып бойынша өз алдына дербес қарастырылған ешқандай зерттеу жұмысы кездеспейді. Тек аз ғана зертеушілеріміздің кейіпкерлердің адамгершілік әлемі жөнінде диссертациялар мен монографиялары бар. Кейіпкер және адамгершілік мәселесі - әдебиеттегі мәңгілік мәселелердің бірі. Кейіпкер әдеби-эстетикалық категория болса, адамгершілік - моральдық - этикалық категория. Бұл ұғымдарды бір-бірінен бөліп қараудың жөні жоқ. Өйткені кейіпкерсіз әдеби шығарма болмайтыны сияқты, кейіпкердің де адамгершілік қасиетінсіз мәні болмас еді.

Тақырыптың өзектілігі. Әдебиетте қазіргі кейіпкер және оның адамгершілік бейнесі өте актуальды проблемаға айналып отыр. Кейіпкердің адамгершілік сипаты, моральдық болмысы қашанда әдебиет өнерінің нақты объектісі болып келеді. Адам образы үнемі өзінің көп сырлы мәнімен суреттеліп, оның жеке тұлғасы жан -жақты ашыла түсуде. Оның іс-әрекеті, қоғамдық және жеке өмірі шындыққа сай алынып, нағыз азаматтық келбетімен көрінуде. Мұның өзі кейіпкер образының әдебиеттегі көркемдік рөлін, этикалық - эстетикалық болмысын, адамның жаратылысын анықтайтын құбылыс. Бұл - сондай-ақ суреткерлер талантымен бейнеленетін дара характерлердің, нанымды да, жанды образдың дүниеге келуі болып табылатынына сөз жоқ.

Мұндайда нақты адамгершілік критерилерге назар аударсақ :

  • жақсылық ;
  • әділдік ;
  • шындық ;
  • адалдық ;
  • мейірімділік ;
  • қарапайымдылық ;
  • азаматтық ;
  • ізгілік ;
  • ізеттілік ;
  • парыз

сияқты қасиеттер шығармаларда тиісінше сөз болып келеді.

Кейіпкердің рухани жан - дүниесі гармониялық тұтастыққа алынып, терең психологиялық тұрғыда берілуі өте маңызды. Бұл сайып келгенде халықтың адамгершілік санасының өсуіне, этикалық нормалардың қалыптасуына байланысты алынса, көкейдегі мақсаттың да жүзеге асқаны. Адамгершілік қасиет - кейіпкердің биік рухани табиғатын танытпақ. Қайсібір тарих - әлеуметтік кезеңдерде халық өмірінің қажетіне, талап- тілегінің өсуіне орай этикалық нормалар да жетіліп, дамып, байып отыратыны заңды. Бұл орайда қоғамдық - әлеуметтік өзгерістерге байланысты жаңаша моральдық - этикалық нормалар пайда болып, ескі мен жаңаның ара жігі айқындала түседі. Ал мұның өзі ұзақ уақытты қамтитын тарихи даму мен рухани ізденістердің нәтижесі болып саналады. Заман өзгерісі адамдардың көзқарасына, дүниетанымына айналасындағылармен қарым - қатынасына ерекше әсер етпек. Осыдан келіп, әдебиеттегі кейіпкердің де жаңаша бейнеде, рухани түрлену үстінде көрінуі диалектикаға сай келмек.

Бұл орайда мына жайларды атап айту керек :

  • адам мен адамның ;
  • адам мен қоғамның ;
  • адам мен ортаның ;
  • адам мен табиғаттың ;
  • адам мен заманның ;

ара қатынасы, байланысы және қайшылығы көркемдікпен көрініс табуы қажет.

Қазіргі әдебиет, соның ішінде Әкім Тарази адамның жеке тұлғасына айырықша мән беріп, оның жанды да, көркем бейнеленуіне күш салып келеді. Жаңа адамның жан - дүниесі мен характерінің қалыптасуын шебер де, көркем түрде суреттеу әдебиеттің маңызды міндетіне айналған. Әрбір жеке тұлғаның өзін-өзі көрсетуі мен жалпы халықтың парызына, бүкіл адамзаттың гуманистік қасиетіне баса назар аударылып отыр. Жеке тұлғаның көркем концепциясына, тәрбиелік-өнегелік жақтарына терең үңіліп, тың шығармалар беруде. Мұндайда адамгершілік идеалды ашу негізгі борыш. Қаһарман - шығармадағы автор идеясын жүзеге асырушы тұлға болумен бірге, көркемдік - эстетикалық көзқарас негізінде туған әдебиет образы екені белгілі. Алайда ол өзінің дербес әрекетімен көрінетін, өмір сүру ерекшелігін танытатын, өз сөзі мен ойын, көзқарас болмысын толық паш ететін толыққанды бейне екенін атап айту керек. Салыстырмалы түрде алғанда басқаға бағынышты емес, өзіндік сана-сезіммен, өз алдына әрекет етуші бостандық иесі болып саналады. Бүгінгі өмір шындығын көркем шындыққа айналдыруда суреткерлер жан - жақты ізденістер танытуда. Уақыттың өзі алға тартқан әдебиет пен өмірдің байланысын тереңдете түсу кезек күттірмейтін мақсат.

Әкім Таразидің көптеген повестерінде қаһарман, кейіпкер проблемасы үлкен мәнге ие болып отыр. Бүгінгі оқырманды бар адамгершілік болмысымен, жан - жақты характер қырларымен тұшынтатын кейіпкер керек. Өйткені, жер жүзі әдебиетімен сусындауға оқырман үшін мүмкіндік туып отырған уақытта кейіпкер образына қазақ жазушыларының да селқос қарауына хақысы жоқ. Әрбір жаңа шығармадан халық замандас тұлғасын күтеді. Өмір, қоғам қайшылықтары шығармада қаншалықты дәрежеде көрінгені ешбір елеусіз нәрсе емес. Сол арқылы шындық пен ақиқаттың қалай айтылғаны, көркемдік ой мен танымның қаншалықты шебер берілгені барынша назар аудармақ. Шығармаларда адамгершілік - философиялық ойларға терең бойлап, жаңа қаһарманның бойындағы бұған дейін білінбеген, осы заманға сәйкес өзгеріс сипаттарын көре білу және көркем суреттеу парыз. Сөйтіп, бүкіл адамзатқа ортақ, құнды мәселелер идеялық арқау етіп көтерілуі тиіс. Бұл кейінгі он-он бес жылда тек қазақ әдебиеті ғана емес, басқа да көптеген халықтар әдебиетінде онан сайын күшейе түскен тенденция. Осыған орай зерттеуші Г. Фридлендердің: «Сонымен көркем шығарма өзінің табиғатында жазушының уақыт пен диалогын паш етеді. Халықпен, елмен, ғасырлармен және ұрпақтармен болған әрекетті көрсетеді»- деп түйіндеуі көкейге қонады [1, 91] .

Әдебиеттегі жағымды кейіпкер типі-өзінің бұрынғы тарихи бастауларына сүйеніп, бүгінгі өмірдің реалистік қалпын таныту үшін алатыны белгілі. Мұның өзі толымды характерлердің туып, қалыптасуына әжептәуір ықпал ететін, қазіргі жаңа адамның жан-жақты әрі прогресті дамуын көрсететін тұлға. Оның азаматтық белсенді позициясы ел, халық алдындағы парыз бен борыш жүгін көтеруі-эстетикалық идеалға негіз болмақ. Жағымды кейіпкер өмірдің құнды жақтарын танытып қана қоймай, нақты шындықтың болмысын көз алдымызға әкеліп, өмірдің және қоғамның алға басуын көркемдік оймен айқындай түсетінін де айтуымыз керек. Мұндай кейіпкерлер образы арқылы халықтың ең жақсы қасиеттері бейнеленеді, өз кезіндегі реальды тарихи процестің алға тартып отырған қажетті міндеттері арқау етіледі. Сонымен кейіпкер өз заманына байланысты алынады. Қоғамның тарихи дамуы, өмір өзгерістері, жаңа мақсат-мұраттар әдебиеттегі идеалдың да өзгешелігіне әсер етеді.

Алайда жағымды кейіпкерді эстетикалық идеалды бейнелейтін жалғыз ғана құрал деп қарауға болмайды. Егер олай ойласақ, «идеалды кейіпкер» пайда болады да, көркемдік құны қалмайтыны түсінікті. Бұрын әдебиетте мұндай кейіпкерлер де кездескен. Ондайда әдеби бейнені немесе кейіпкерді жасанды түрде екі полюсте көрсету әдетке айналды. Соның салдарынан «тәуір» кейіпкерлер арқылы адам өмірі тым керемет етіп суреттеліп, өмір өз қалпынан боямаланып көрсетіп, қайшылық-тартыстардың жігі жатқызылып, жылтыр күйінде беріледі. Мұндай жағдай әсіресе, қоғамдық тоқырау жылдарында өріс алды.

Сайып келгенде, кейіпкерлердің жағымды немесе жағымсыз деп бөлінуі шартты нәрсе. Адам образының диалектикасы-оның жан-жақты бейнеленуін қажет етеді. Өмірде адамдар тағдыры қашанда күрделі. Кез-келген суреткер соны аша білуі қажет. Жалпы жеке адам тұлғасының қалыптасу процесі көп қырлы әрі қарама-қайшылықты болуы табиғи жәйт. Әрбір тұлға дара да, қайталанбас индивидуалды болып келеді. Қаһарманның, кейіпкердің жеке тұлғасы сомдалып, жинақталған образ ретінде беріледі. Оның жалқыдан жалпыны танытатын қасиеті аңғарылады. Өмір күрделі болумен қатар, онда сондай-ақ тынымсыз күрестер де жүріп жататыны да ақиқат. Онда қуаныш та, реніш те кездесуі мүмкін. Кейіпкерлер сол ортада, сол орайда алынып көрсетіледі.

Адамгершілік! Бұл сөздік қорымыздағы сөлі ерекше, мәні мәңгілі айқын, салмағы пара-парсыз парасатты сөз. Сөз ғана емес, адамның ең асыл қасиетін анықтайтын бірден-бір аяулы ұғым. Ұғым ғана емес, тіршіліктің мәнін, дүниенің санын төрт тоғандап, ұстап тұрған ең ұлы принцип. Шынын айтқанда, жеке дара принцип қана емес, заңның да, заманның да, адамның да құдіреттілігін танытатын ең ұлы күш! Өйткені адамгершілікке негізделген жерде не нәрсеге де құдірет даритындығы мәлім.

Осы ұлы күш - адамгершілік қасиет жеке адамның ғана басындағы емес, жалпы қоғамның да қордалы байлығы. Ал, оның белгілі бір адамдар бойындағы аздығынан айналасындағы адамдарға ғана емес, қоғамға да тиетін кесірі көл - көсір. Олай дейтін себебіміз, бір кесірлі адамнан көп адамға тиетін зиянның шексіз болатындығын еске алсақ, адамдық қасиеті тапшы бір адамнан көп адам зор зардап шегуі мүмкін. Сондықтан да ең қауіпті адам ар - ұяттан ада, адамгершіліктен жұрдай адам.

Біз бұл зерттеуде кейіпкердің адамгершілік бейнесін шығармадағы сюжеттік - мазмұндық жүйеге орай алып қарастырдық. Өйткені, сол арқылы кейіпкердің нақты келбеті көрініп отырады да, поэтикалық - көркемдік бейнелеу құралдары образ ашуға зор септігін тигізеді. Кейіпкердің белсенді іс-әрекет үстінде көрініп, терең көңіл - күй сынақтарын бастан кешіруі - олардың нағыз адамгершілік парасатын тануға мүмкіндік береді. Неге десеңіз, әңгіме тек жақсылық пен жамандық туралы ғана емес, сонымен бірге осынау кереғар, қарама - қайшы мәселенің пайда болу себебі неде екенін де суреткерлер ашып көрсетуі бұлжымас талап. Ал оның терең жан - дүние психологиясы мен характер қақтығысынсыз анықталмайтын құбылыс. Сол үшін де жағымды - жағымсыздық қасиеттің өзі шығармада кейде ашық күреске ұласып, оқиғалар мен сюжеттік желілер арқылы күшейтіліп көрсетіледі. Бұл сондықтан бізге де әдебиеттегі адамгершілік проблемасын айқындауға негіз болған себепткер екеніне сөз жоқ.

Адамгершілік, мораль мәселесі өмірде де, өнерде де үлкен жүк көтеретін, адамзат үшін қай уақытта да ең маңызды мәселе екені белгілі. әдебиет пен моральды бір- бірінен бөліп қарауға келмейді, олар өзара тығыз байланыста. Кез-келген көркем туындының мақсаты - адам игілігі болса, ар-ождан, адамгершіліксіз шығарма жалпы өнер туындысы болмайды. Бұл жөнінде әдебиет зерттеушісі Сағат Әшімбаев: «Ең бастысы екеуін өзара қарсы қоюға немесе оларды бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Шартты түрде алып қарар болсақ, бұлар мазмұн мен түрдің диалектикалық тұтастығындай өзара байланысты әрі сабақтас ұғымдар. Бұл жерде әдебиет түрдің орнында болса, ал мораль мазмұнның міндетін атқарады», -дейді [2, 46] .

Бұл күрделі де маңызды мәселені жазушы Әкім Тарази шығармалары негізінде зерттеуді мақсат тұттық. Көркем туындылардың басты арқауы адамгершілік, көркем тартыс болған көрнекті қаламгер шығармашылығының бірнеше уақыттан аса тарихы бар.

Қаламгер тынымсыз ізденістер жасап, қаһарманның, кейіпкердің азаматтық позициясында көрінетін іс-әрекетімен бірге, олардың рухани әлеміне бойлауды алдарына мақсат етіп қойды. Мұның өзі адам өмірін шығармада құрғақ сипаттамай, ішкі дүние сырларын психологиялық тұрғыда көркем түрде суреттеуге ықпал етті.

Әдебиеттің ішкі даму заңдылығын пайдалана отырып, қаламгер халық күткен, олардың көкейінде жүрген кейбір мәселелерді алға тартты. Ондайда түрлі әдеби-тәсілдерді қолдана отырып жалпы адамзаттық мақсат-мұраттарды шығармаларына арқау етті. Уақыт пен кеңістікке орай, өткен мен бүгінді, бүгін мен болашақты байланыстыра қарап, жаңа көзқараста көркем туындыларды дүниеге әкелді. Халықтық тұрмыс-тіршілік қаламгер шығармаларының көркемдік болуын әрлендіре түсті.

Адамгершілік мәселесі жазушы творчествосында қазіргі уақытта онан сайын күшейеді деп сенеміз. Жазушы үшін кейіпкер болмысын жан-жақты суреттеу арқылы, типтік характерлерді дүниеге әкелуі-күрделі творчестволық процесс екені белгілі. Сондықтан типтік бейнелер бір күнде туа қалмайды. Ол үшін уақыт керек және кейіпкерлер типтік жағдайларда көрінгенде ғана толымды шықпақ. Типтік бейне көркемдік идеяға қатысты түрде алынады. Бұдан әдебиеттің танымдық мәні де көзге түседі. Адам образын күшейтетін оның характер қырлары. Бұл характер орайда берілуінің ерекше мәні бар. Ол жинақталып берілу мен бірге қайталанбас дербес тұлға ретінде суреттелуде принциптік шарт болып саналады. Шығармада қаһарманның ішкі және сыртқы күйлерін көрсете отырып түрлі ситуацияларда, әсіресе сюжеттік даму барысында характер қырлары да ашылып отырады. Қоғам мен адам, адам мен табиғат арасындағы және адамның ішкі психологиялық, драмалық қайшылықтары шығармада әртүрлі тартыстар туғызуға себепкер болады. Сөйтіп оқиғалар шиеленісе түседі. Мұның барлығы кейіпкердің мінезі арқылы, оның іс әрекетінде танытатын құбылыстар. Өмірде адамдық парыздың өтелуін сезіну-үлкен салмақ жүктейтіні белгілі. Кейіпкерлер болса үнемі осындай үдеден шығуға тырысып, қиындық үстінде көрінуі шындыққа жақын. Бүгінде кейіпкердің адамгершілік белсендіілі айрықша танылуымен қатар, оның өзгелер тағдырына да ортақтас болып келуі-маңызды мәселеге айналып отыр.

Замандас қаһарманның арман-мұраты, мінез-құлқы, қоғамдық және моральдық сана-сезімі логикалық тұтастықта алғанда ғана құндылығы артпақ. Ізгілікке құштарлық, жамандыққа төзбеу, адамгершілік жауапкершілікті сезіну-ерекше қасиеттер болып табылады. Сөйтіп кейіпкердің ішкі тартысы шығармада көп роль атқарады. Әкім Тразидің қаламгерлік шығармашылығы туралы арнайы зерттеу жұмысы жоқ. Тек қана бір-екі романы көлемінде аз ғана пайымдаулар бар.

Жұмыстың мақсаты мен міндеттері. Жұмыстың мақсаты қазақ әдебиетіндегі повесть жанры, соның ішінде Әкім Тарази повестері бойынша бүгінгі қаһарман тұлғасын берумен оның адамгершілік болмысының суреттелуін арнайы зерттеп байқау. Осындай мақсаттардан шыға отырып алдымызға мынандай міндеттерді қоямыз:

-жұмыста қойлып отырған бүкіл адамзатқа тән, ортақ рухани парасат мәселелерінің, биік адамгершілік идеалдың жазушы шығармаларында қалай көрініп жүргенін шама шарқымызша пайымдау. Бүгінгі күні онан сайын өсе түскен ұлттық сана-сезім проблемасына көз жіберу;

-қаламгер творчествосындағы оған дейін айтылмаған жаңаша ойларға, кейбір әдеби әдіс-тәсілдерге, тың қолтаңбалық стильге назар аудару да парыз;

-жазушы повестеріндегі адамгершілік мәселесінің мәнін ашуға негізделген көркем тартыстың құрылымдық ерекшеліктерін, табиғатын көрсету, кейіпкер тұлғасын даралаудағы маңызын айқындау;

-повесттерде кейіпкерлердің адамгершілік әлемін танутудағы автор шеберлігін пайымдау;

-көркемдік әдіс-тәсілдерге анализ жасау;

-жазушы шығармаларында кейіпкерлердің адамгершілік қасиеттерін саралайтын монолог, диалог, ішкі монолог, ишара-белгі, ой ағымы, психологиялық параллелизим тағы да басқа көркемдік тәсілдердің қолданылу ерекшеліктерін айқындау;

Осыған орай зерттеу обьектісіне өзіміз қарастырып отырған мәселерге байланысты повесттерді іріктеп алдық. Олардың жетістігі мен көркемдік табыстарына, ізденістеріне ой жіберіп, сонымен бірге, қайсыбір кемшілік тұстарына да тоқталу міндет.

Тақырыптың зерттеу нысанасы ретінде қазақ прозасындағы адамгершілік, мораль мәселелерінің зерттелуі жайында бірнеше зерттеуші ғалымдарымыздың диссертациялық еңбектерін пайдаландық. Олар: С. Әшімбаевтың «Шындыққа сүйіспеншілік», Т. Бегниязовтың «Кейіпкердің адамгершілік әлемі», Г. Оразованың «Нығмет Ғабдуллин прозасындағы кейіпкерлердің адамгершілік әлемі», С. Қалқабаеваның «Әзілхан Нұршайықовтың прозасындағы адамгершілік ізденістер» және Әкім Таразидің белгілі «Дауа. Жеті. Қырық жеті», «Әулет», «Аяз бен Бибі», «Ләйлі», «Өрт», «Жадыра» повестерін алдық.

Зерттеу әдісі. Әкім Тарази шығармашылығының қазақ прозасындағы алатын орны, қаламгер шеберлігін зерттеуде, хронологиялық, салыстырмалы зерттеу әдістерін басшылыққа алдық.

Бітіру жұмысының құрылымы. Зерттеу жұмысының міндеттеріне сай жұмыс кіріспеден, негізгі бөлім екі тараудан, қорытынды бөлімінен және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

I. ҚАЗАҚ ПРОЗАСЫНДАҒЫ АДАМГЕРШІЛІК, МОРАЛЬ МӘСЕЛЕСІНІҢ ЗЕРТТЕЛУІ

Сағат Әшімбаев өмір мен өнердің негізгі өзегі-шындықты айтуды өзінің басты парызы етіп санаған. Оның бұл мақаласында адмгершілік, әдебиет және мораль мәселелерін қарастырған.

«Әдебиет пен мораль арасындағы табиғи байланыс және олардың бір-біріне қарама-қарсы туралы әркездерде әртүрлі пікірлер айтылып келген. Ең бастысы екеуін өзара қарсы қоюға немесе оларды бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Шартты түрде алып қарар болсақ, бұлар мазмұн мен түрдің диалектикалық тұтастығындай өзара байланысты әрі сабақтас ұғымдар. Бұл жерде әдебиет түрдің орнында болса, ал мораль мазмұнның міндетін атқарады. Сондықтан да, әдебиетті қоғам өміріндегі кездейсоқ шындықтардың таза көркемдік айнасы деп қана қарауға болмайды. Жазушы өз шығармасында өзі өмір сүріп отырған қоғамдағы моральдық атмосфераны реалиастікпен суреттеу арқылы әлеуметтік өмірдің тынысын танытады. Соған орай типтік характерлер жасайды» -дейді[2, 46 ] . Сыншы бұған мысал ретінде Ф. М. Достоевскийдің романдарын алып қарастырады. Оның кез-келген романында буржуазиялық қоғамдағы тозығы жеткен моральдық қайшылықтар, сол қайшылықтан туған характерлердің психологиялық қақтығыстары суреттелінетін және Достоевскийдің шеберлігі сол-негізгі кейіпкерлер іс-әрекеттерінің логикалық мотивировкасы, сол дәуірдің антигуманистік моралінен туындап, өрбіп жатқанын көрсете білгенін айтады.

Сағат Әшімбаев әдебиетті белгілі бір қоғамның материалдық дамуның немесе экономикалық өсуінің шежіресі емес, керісінше өз заманының саяси-әлеуметтік жағдайына сәйкес моральдық және рухани жағынан өсуі мен өзгеруінің, кері кетуі мен кемелденуінің таразысы әрі айнасы соған сәйкес нағыз жазушы жан сүйсінтер жақсылықпен қатар кейбір адамдар бойына сүліктей жабысып келе жатқан жаманшылықты, зұлымдықты өнердің эстетикалық заңдарына сүйене отырып көркемдік тұрғыдан бейнеленуі деп біледі. Мысалыға, Шекспир мен Гете, Шолохов пен Әуезов творчествосымен дәлелдейді. Яго, Фруст пен Мефистофель тек моральдық жағанан ғана бір-біріне қарама-қарсы антиподтар емес. Хауа Ана мен Адам атадан бергі барша адамның бойында кездесетін жақсылық пен жаманшылықтың, парасат пен кесапаттың типтік символы санамызға сіңісіп кетті. Сондықтан да әдебиет қоғамдық құрылысты өзгертуші адамдар бойына күрескерлік пен саяси саналылықтың ұрығын себуші, сондай-ақ жалпы моральдық атмосфераны қалыптастыратын эстетикалық құбылыс. Материалдық жағдайдың жақсаруы, ғылым мен техниканың айрықша дамуы адамдар санасын өзгертудің субьективтік факторлары ғана. Адамның моральдық тазалығын, рухани байлығын, жан-дүниесінің сұлулығын, сезімінің мөлдірлігін қалыптастырудағы әдебиеттің рөлін ешқандайда сыртқы күштер ауыстыра алмайды. Әдебиеттің аса жауапты да абыройлы миссиясы да осында жатыр. Олай болса совет адамдарын патриотизм мен интернационализм рухында баулудағы өзімшілдік пен қара бастың қамын ойлауға (эгоизм), тоғышарлыққа, аярлыққа, жексұрындық пен сұрқиялыққа қарсы тәрбиелеудегі совет жазушысының азаматтық міндеті де айрықша. Осы ретте «өз заманындағы рухани кесепат атаулыға ең алдымен жазушыларды жауапқа тарту керек»- Т. Манның деген сөзін айта кеткеннің жөні келіп отыр.

Сыншы бұл мақаласының екінші тарауында ең алдымен адамгершілік және мораль мәселесін орыс жазушыларының еңбектерінен іздейді: Моральдық проблемалар . . . Немесе адамгершілік және ар-ұждан мәселелері . . .

Ол ең алдымен, етек-жеңін жинап есейген, кемеліне келген елдердің әдебиеттерінің өткені мен бүгінгісін шет пұшпақтай қарай бастайды. Орыс әдебиетінің асыл дәуірі саналатын XIX ғасырдың өкілі Н. В. Гогольден бастайды оның «Өлі жандар» атты еңбегінде-Чичиковтың сайқымазақ сапары туралы ода емес, өліп бара жатқан, күні өтіп бара жатқан патшалық Россияның сол заманғы азғындауын, тоғышарлықтың иеленуіне түсіп кеткендігін көз алдымызға елестететіні трагоколикалық жыр емес пе?!

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Төрт деп қой
Төлен Әбдіковтің прозалық шығармаларының жанрлық, тақырыптық және көркемдік ерекшеліктері
Әкім Тарази прозасының поэтикасы
Т. Әбдіковтің прозасын жанрлық, тақырыптық тұрғыдан кең көлемде қарастыру, қазақ прозасының түрлі жанрында жазылған шығармаларындағы көркемдік-идеялық ерекшеліктерді, қоғамдық-әлеуметтік көзқарастарды адам мәселесі тұрғысынан саралау, қаламгердің дара стильдік белгілерін көрсету
Қазақ прозасындағы жатсыну мәселесі экзистенциализм
Сафуан Шаймерденов-әдеби тұлға
ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ БЕЙНЕЛЕУДІҢ КӨП ТҮРЛІ ФОРМАЛАРЫ МЕН ТӘСІЛДЕРІ
Қазақ прозасындағы Мархабат Байғұттың қазақ әдебиетіндегі шығармашылық орнын анықтау
1950-1960 жылдардағы қазақ прозасындағы кейіпкер сомдау дәстүрі
1960-1980 жылдардағы қазақ прозасындағы адам концепсиясы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz