Қоғам қайраткері Міржақып Дулатовтың өмірі мен қызметі



МАЗМҰНЫ
Кіріспе

І ТАРАУ: М. Дулатовтың өскен ортасы, саяси көзқарасының қалыптасуы, ағартушылық қызметінің басталуы
1.1. М.Дулатовтың өскен және білім алған ортасы
1.2. М.Дулатовтың ағартушылық қызметінің алғашқы кезеңдері (1902 .1912 жылдар)

ІІ ТАРАУ: М. Дулатовтың тарихи көзқарастарының қалыптасуы
2.1. М. Дулатовтың 1916 жылғы ұлт.азаттық көтеріліске байланысты көзқарасы:
2.2. М. Дулатовтың Алаш партиясы мен кеңес өкіметі кезеңдеріндегі көзқарастары

Қорытынды.
Пайдаланған әдебиеттер

Пән: Жалпы тарих
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 60 бет
Таңдаулыға:   
МАЗМҰНЫ

Кіріспе: ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..
... ... ... ... ... ... ... ... 3-11

І ТАРАУ: М. Дулатовтың өскен ортасы, саяси көзқарасының
қалыптасуы, ағартушылық қызметінің басталуы

1.1. М.Дулатовтың өскен және білім алған
ортасы ... ... ... ... ... ... .. 12-22
1.2. М.Дулатовтың ағартушылық қызметінің алғашқы кезеңдері
(1902 -1912 жылдар)
... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... 23
-26

ІІ ТАРАУ: М. Дулатовтың тарихи көзқарастарының
қалыптасуы
2.1. М. Дулатовтың 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске байланысты
көзқарасы:
... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..27-
53

2.2. М. Дулатовтың Алаш партиясы мен кеңес өкіметі кезеңдеріндегі
көзқарастары
... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..
... ... ... .54-60

Қорытынды ... ... ... ... ... ... .. ... ... ... ... ... ... ... ... ... .
... ... ... ... ... ... ... . 61-62

Пайдаланған
әдебиеттер ... ... ... ... ... ... . ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..
... 63-64

КІРІСПЕ

Тақырыптың өзектілігі. Тәуелсіздік жолына түсіп, өркениетгі елдердің
қатарына қосылу әрекетіне кіріскен Қазақстан Республикасы үшін алдына
қойған мақсаттарға жетудің кепілдіктерінің бірі - халықтың өз тарихын терең
игеруі, тарих тағылымын жадында ұстауы. Еліміздің басшысының арнайы
қаулысымен 1997 жылдың "Жалпы ұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін
құрбандарын еске алу", 1998 жылды "Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы", ал
1999 жылдың "Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылы" деп жариялануы, 1999
жылдан бастап мемлекеттік деңгейде мәдени мұра бағдарламасының жүзеге
асырылуы тарихи танымның қоғамдық дамудағы алатын орнын терең ұғынудан
туған шара екендігі даусыз. Өйткені бүгінгі алдымыздағы тұрған көптеген
қоғамдық мәселелердің түп-тамыры тарих қойнауында жатыр.
XX ғасыр басындағы ұлт зиялыларын ойландырған мәселелер, яғни елдің
елдігін, ұлттың бірлігін, жердің тұтастығын сақтау, қазақ халқын өркениетті
елдердің қатарына қосу, ол үшін қазақ елін ұйқыдан оятып оқу, өнер-білім,
іскерлік жолына салу, ең бастысы дербес мемлекеттігін құру, бүгін де, яғни
ғасыр соңында күн тәртібінен түсе қойған жоқ, тіптен ең зәру мәселеге
айналып отыр. Олай болса ғасыр басындағы дағдарыстан шығудың жолын
қарастырған алаш көсемдерінің теориялық ізденістері практикалық қызметі
бүгін де өз мәнін жойған жоқ.
Тоталитарлық жүйе өзінің "қанды шеңгеліне" түсіріп, есімдерін халық
жадынан шығарып, тарих көшінен біржола аластатуға тырысқанына қарамастан
алаш көсемдерінің қазақ елінің түпкілікгі қоғамдық мәселелері жөнінде
айтқан негізгі ой-пікірлерінің бүгінгі таңда қайта жаңғыруының куәсі болып
отырмыз.
Алаш зиялыларының қатарында Міржақып Дулатовтың (1885-1935 жж.) алатын
орны ерекше. Ұлы патриот, аса көрнекті қоғам қайраткері, ағартушы-ғалым,
жазушы және публицист.
М.Дулатов өте күрделі ғұмыр кешкен тұлға. М.Дулатов сынды патриот
ұлтжанды қайраткердің қызметін шынайы, объективті бағалау бүгінгі тәуелсіз
Қазақстанның жеткіншектерін патриотизмге, ұлттық рухта тәрбиелеу үшін аса
қажет.
Қазіргі танда еліміздің "Алаш" қозғалысы тарихын, оның белсенді
қайраткерлерінің өмір жолын білуге деген жаппай құлшынысы, бұл қозғалыстың
идеяларының өмірлік негізінің өміршеңдігінен, сондай-ақ халықтың сана-
сезімінің жаңа сапаға көтерілуінен, оның өзінің жүріп өткен тарихи жолына
деген қазіргі уақытта тарих ғылымында жалпы бұқара халықтың ғана емес, жеке
тұлғалардың да ғұмырнамасына сұраныс өсіп отыр.
Алаш зияларының қоғамдық-саяси қызметінің Кеңес дәуірінде тар таптық
партиялық тұрғыдан зерттелгендігі баршамызға мәлім. Кеңестік тарихнамада
ұлт-азаттық қозғалыс көсемдерінің өмір жолын зерттеу, қолдау тапқан емес,
ал зерттеле қалған күнде тарихи шындықтан алшақ бұрмаланып жазылды. Оның
есесіне социализмнің салтанат құруына үлкен үлес қосып, коммунимстік
партияның ісіне шын берілген "тұлғалардың" қоғамдық-саяси қызметін
зерттеуге жол ашылды. Сондықтан да алаш қайраткері М.Дулатовтың қоғамдық
қызметін талдауда біржақты теріс пікір қалыптасты. Зерттеушілер оның
қызметіне "буржуазияшыл-ұлтшыл", "контрреволюцияшыл", "халық жауы" - деген
баға берді. Мұндай тұжырым М.Дулатовқа қатысты Кеңестік зерттеулердің
барлығына ортақ болды.
М.Дулатов сынды ірі қайраткер қызметінің кеңестік тарихнамада теріс,
біржақты баяндалып келуі де бұл тақырыптың заман талабына лайық қайта
талдау қажеттілігін айқындай түседі.
Ғасырымыздың басында қазақ қоғамының жетекшісі, қолбасшысы болған
зиялылар шоғырының қатарында М.Дулатов та халқына бостандық әперуге, тұрмыс
жағдайын өзгертуге, өркениет биігіне көтеруге бар ғұмырын арнаған.
М.Дулатов сияқты ірі тұлғаның өмір жолына, қызметі мен қоғамдық саяси
козқарасын талдауға арналған зерттеу жұмысының ол өмір сүрген тарихи
кезеңдегі халқымыздың ғылыми тарихына қатысы бар көптеген мөселелерді
анықтауға көмегін тигізеді деп ойлаймыз.
Мәселенің зерттелу деңгейі. М.Дулатовқа арналған зерттеулер біршама
болғанымен оның өмірбаянын ғылыми тұрғыдан неғұрлым толық әрі жүйелі
тұрғыдан талдауға алған зерттеу еңбектер әлі жазыла қойған жоқ. Қазақ
халқының патриот перзенті М.Дулатовтың жарты ғасырлық ғұмырының барлық қыры
арнайы зерттеуге лайық. Ал бүгінгі тарихи әдебиетті саралау МДулатовтың
өмірі мен қызметінің толық ашылып зерттелмеген тұстары көбірек екендігін
көрсетіп отыр. Ғалымдар М.Дулатовтың әдеби-шығармашылық қызметінің қыр-
сырын ашу бағытында көп еңбектенді. М.Дулатов туралы зерттеулердің басым
көпшілігі оның ақын-жазушы, қаламгер ретіндегі шығармашылығын ашуға
арналған. Ал М.Дулатовтың қоғамдық-саяси қызметі толымды түрде жазылмай
келеді. Бұл жағдайдың қалыптасуы тиісті деректердің ғылыми айналымға
енбеуіне байланысты.
М.Дулатовтың кызметін зерттеуге арналған 20-30-шы жылдары кеңестік
идеология арнасында жарық көрген тарихи-саяси әдебиеттерде, баспасөзде
М.Дулатовтың қызметіне "буржуазияшыл-ұлтшыл", - деп біржақты теріс баға
берілді.
Келесі кезеңде, яғни ХХ ғасырдың 30-шы жылдардың ортасынан бастап, 80-
ші жылдардың аяғына дейін бұл тақырыпты нақты тарихи тұрғыдан зерттеуге
ресми идеология қарсы болды Ал М.Дулатовтың аты аталса тек сол идеологиялық
жау тұрғысынан ғана аталуға тиіс болды.
Соңғы, яғни 80-ші жылдардың соңынан басталатын кезең тарихи шындықты
қалпына келтіруге бағытталған зерттеулердің өмірге келе бастауымен
сипатталады.
М.Дулатовтың өмірі мен қызметі, шығармашылығы әділ бағаланып, оның ірі
құбылыс екендігін мойындаған замандас зиялылардың пікірлері, арнау өлеңдері
Қазан төңкерісіне дейін-ақ мерзімді баспасөзде, жинақтарда жарияланған. Бұл
ретте алдымен Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, С.Торайғыров және
басқа авторлардың айтқан пікірлерін, өлеңдерін айтуымызға болады. Мысалы,
Ә.Н.Бөкейханов өз замандастары А.Байтұрсынов пен М.Дулатовтың саяси және
ағартушылық қызметіне былай баға береді: "Бауырым Ахмет, Мирякуб сен
екеуіңнің абақтың Радищев пен Новиков абақтысы ... Шырақтарым, сендерді
кейін мінегенде осылармен бір салып мінесе, не армандарың бар!" [1].
Қазақ әдебетиетінің теоретигі А.Байтұрсынов болса, МДулатовқа "Ақын
ініме" атты өлеңін арнаған[2]. 1911 жылы түңғыш рет Орынбор қаласында жарық
көрген. "Маса" атты жинағына енген. Бұл шығармада ұлы қайраткердің
М.Дулатовты өзіне идеялас серік, жолдас тұтумен қатар, інісі ретінде жақын
тартқанын айқын көреміз. Ол:
"Азырақ құлагың сал, ақын інім,
Ойымыз, рухымыз жақын, інім.
"Ағалық правосын қолыма алып,
Келемін айтайын ", - деп ақыл інім!" - деп жазды.
Ұлы ақынды М.Жұмабаев та М.Дулатов та өзіне рухани ұстаз тұтып, оған
өлендер арнаған. Сол сияқты С.Торайғыров та М.Дулатовқа деген терең
сүйіспеншілігін мына өлең жолдары арқылы білдірген:
"Басында ол қарағым тұр ғой дайын,
Тек ұзақ өмір берсін бір құдайым.
Дулатов, Байтұрсынов, Бөкейханов,
Білемін бұл үш ердің айтпай жайын", - деп баға береді[3, 168].
Орыс халқының демократ ғалым-жазушылары да 1914 жылы Лазарев атындағы
шығыс тілдері институты даярлаған ғылыми жинақ зерттеуде М.Дулатовтың
өмірбаяны мен ағартушылық бағыттағы шығармалары туралы хабарламалық мәлімет
жариялаған. Жинақты топтастырып жарыққа шығуына басшылық жасаған академик
В.Гордлевский: "Дала перзенті М.Дулатов туған халқының еркіндігін,
азаттығын армандап халқына "Оян, қазақ!", - деп ұран тастаған күрескер
азамат ақын", - деп ой тұжырымдайды [4].
Алаш зиялыларының қоғамдық-саяси қызметінің Кеңес дәуірінде тар таптық
тұрғыдан баяндалғаны белгілі. Дегенмен Кеңес үкіметі, Азамат соғысынан
кейінгі орныққан уақытта, яғни 20-шы жылдары жарық көрген (мақалалар,
естеліктер, арнайы зерттеулер, еңбектер) арасында ұлт зиялыларының
қызметіне объективті баға берілген бірлі-жарым жарияланымдар бар. Мәселен,
С.Сейфуллин сол кездегі қоғамдық өмірге баға бере келіп, "Қазақ зиялылары
хақында" - деген мақаласында "Қазақ оқығандарының арасында 1905 жылдан
бастап-ақ революциялық идея, ұлттық тендік пен азаматтыққа үндеу етек алды.
Жаңа оянып келе жатқан қазақ интеллигенциясының сол кездегі дем берушілері
Бөкейханов, Дулатов, Байтұрсыновтар болды", - деп жазды[5, 45-46].
Қазақстан тарихнамасыңда алаш қозғалысына байланысты 20-80-шы
жылдардың екінші жартысына дейін жарық көрген еңбектерге біршама жақсы
талдау жасалынған. Бұған қосымша Р.Нұрмағамбетованың "Движение Алаш и Алаш-
Орда историография проблемы 1920-1990-годы ХХ века" атты монографиялық
зерттеуі өмірге келді [6]. Міне, осы жағдайды ескере отырып, аталған
кезеңдегі әдебиетке біз арнайы тоқталмадық.
80-жылдардың екінші жартысынан басталған қоғамдағы демократиялық
жаңарулар және 1991 жылы Қазақстанның өз тәуелсіздігін жариялауы
нәтижесінде ұлттық тарихымызға терең көңіл бөлініп, оның "ақтандақ"
беттерін жаңа көзқарас тұрғысынан зерттеген еңбектер жарық көре бастады
[7].
1988 жылы 4-ші қарашада Қазақ ССР-нің Жоғарғы сотының шешімімен
М.Дулатов толық ақталғаннан соң, оның өмірі, шығармашылығы, қызметі өз
мәнінде зерттеле бастады. Баспасөзде тарихшылар, журналистер, әдебиетшілер
оның қоғамдық болмысының әр қырын танытатын мақалалар жариялады [8].
Мақалалардың көпшілігі қайраткердің әдеби-шығармашылық мұрасы, ағартушылық
қызметіне арналды.
1991 жылы МДулатовтың поэзиялық, прозалық және публицистикалық
шығармаларының басын қосқан бір томдығы, кейін 1997 жылы осы еңбек
толықтырылып екі томдық болып жарық көрсе, соңғы жылдары бес томдығы
толықтырылып шығарылды.
Тарих ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым
Академиясының мүше-корреспонденті К.Н.Нұрпейісов XX ғасыр басындағы қазақ
ұлт зиялыларының қызметі туралы іргелі еңбегінде, М.Дулатовтың ұлт-азаттық
қозғалыс кезіндегі ағартушылық әсіресе Азамат соғысы тұсындағы саяси
қызметіне тың деректер негізінде объективті талдау жасап, М.Дулатовқа:
"Халықты оятудың және оның ұлттық санасын жебеп, жігерлендірудің аса
көрнекті шебері", - деп әділ бағасын береді [9]. М.Қойгелдиев пен
Д.А.Аманжолованың зерттеулерінде "Алаш" қозғалысының қалыптасуы мен
қызметінің әртүрлі аспектілерін жаңа тың мұрағаттық деректер негізінде
қарастырылған[10].
Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі
М.Қ.Қозыбаев 1998 жылы жарық көрген "Тарих зердесі" атты еңбегінің екінші
кітабында: "Алаш реформаторлары империяны білекпен жеңу мүмкін емес
екендігін пайымдады, халық болашағын білім, өнер, өркениеті дамыған
халықтар болмысынан іздеді. Ұлттың ашытқысы - зиялы қауым. Ол барша халықты
қоса да, ыдырата да алады. Сондықтан қазақ зиялылары тарихы шын мәнінде ұлт
тарихы екендігін айтқан орынды"-деп есептейді.
Көне дәуірдегі түркі халықтарының тарихын зерттеуде айрықша еңбек
сіңірген ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Аманжолов К.Р. қазақ
халқының шығу тегін зерттеуге үлес қосқан зиялылардың қатарына М.Дулатовты
да енгізеді.
Сондай-ақ, ұлт зиялыларының жекелеген өкілдеріне арналған зерттеулерде
де және олардың жарыққа шыққан шығармалар жинағында да М.Дулатовқа қатысты
мәліметтер кездеседі[11]. Жазушы Д. Досжановтың "Абақты" аталатын әдеби
көркем туындысында М.Дулатовтың істі болу тарихын бейнелейтін материалдар
жинақталған[12]. Міржақыптанушы ғалым М.Әбсеметов оның өмірі мен әдеби
шығармашылығы туралы кандидаттық диссертациясын қорғап, ғылыми еңбектер
және мақалалар жазды. Бұрынғы Ақтеңіз - Балтық концлагеріндегі М.Дулатовтың
қабірін тапты.
М.Дулатовтың өмір жолын және көзқарасын тура түсінуде оның қызы
Г.Дулатованың жариялаған естелік кітабының орны ерекше. Сондай-ақ бұл кітап
Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, М.Тынышпаев, М.Жұмабаев,
С.Қадірбаев, А.Бірімжанов, М.Шоқаев, М.Мурзин, Х.Досмұхамеов және басқа ұлт
зиялылары жөнінде тың, қызықты мәліметтермен құнды . Ия, М.Дулатов Кеңес
дәуірінде "халық жауы" деп қараланғанымен, оның шәкірттері әрқашан оның
адамгершілігін, қазақ жастарына көрсеткен қамқорлығын бағалап, бас иген.
М.Дулатовтың шәкірттерінің бірі, тоқсан үш жасқа келген өнер қайраткері
Қапан Бадыров мынадай өлең шумақтарын шығарған.
Тыңдаушы-ек Дулатовтың өз аузынан Тарихын халқымыздың көне заман.
Есімде Қасымханның "Қасқа жолы " Баяндап талдаушы еді Абылай ханнан.
М.Дулатов баяндайтын тарих жайын Тереңнен талдаушы еді дәріс сайын,
Қазақтың хандар өткен замандарын Саралап беретұгын бізге дайын.
М.Дулатовтың ағартушылық және қоғамдық-саяси қызметі шетелдерге кетуге
мәжбүр болған түркістандық эмигранттардың, сондай-ақ Д.Бенниксен,
М.Лемерсье-Келькежей, Томахико Уямо сияқты шетелдік ғалымдардың
зерттеулерінде де ғылыми талдау тақырыбы болды.
Бұл ретте әсіресе жапон ғалымы Уямо Томахиконың еңбегін бөліп атаған
жен. Ол жапон тілінде "Оян, қазақ!" кітабына арналған зерттеу еңбегін
жариялады. Оның пікірінше "Оян, қазақ!" көркем шығарма емес, ол автордың
туған халқының түрлі жағымсыз мінез-қылықтарын өткір сынға алған әлеуметтік-
саяси шығарма [13].
Қорыта келгенде айтарымыз:
1. М.Дулатов туралы пікір Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезенде
ғана объективті түрде жазылып, ғылыми жүйеге түсе бастады;
2. М.Дулатов туралы жазғанда ғылыми еңбектерге және деректерге ғана
сүйенбей, сонымен бірге ол туралы жазылған естеліктерді де есепке
алған жөн;
3. М.Дулатов пен кеңестік қызметте болған зиялыларды қарсы қойып
қарастыру әдісінен біржола бас тарту қажет. Өйткені М.Дулатов
қайшылықты ортада өмір сүрген, аумалы-төкпелі заманның тұлғасы.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Диплом жұмысының басты мақсаты -
М.Дулатовтың өмірбаянын толық қамтып баяндап, қайраткердің қоғамдық-саяси
қызметін, ғылыми айналымға жаңадан енген, тың деректер негізінде тарихи
шындық тұрғысынан талдауға алу. Осы мақсатқа жету үшін, дипломдық жұмыс
төмендегідей нақты міндеттерді шешуді көздеді:
- М.Дулатовтың өскен және білім алган ортасы, оның қоғамдық көзқарасының
қалыптасуына әсер еткен жағдайларды;
- оның 1902-1912 жылдар аралығында мұғалімдік және отаршылық билікке қарсы
күреске шақырған ағартушылық қызметі;
- М.Дулатовтың 1913-1918 жылдары "Қазақ" газетінің редакторының орынбасары
қызметінде жүріп атқарған қоғамдық-саяси және ағартушылық жұмысын;
- М.Дулатовтың 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс тұсында басқа қазақ
зиялыларымен бірге ұстанған саяси позициясын оның себеп-салдарын,
майданға байланысты қара жұмысқа еріксіз алынған қазақ жастарына
көрсеткен қызметін;
- МДулатовтың ақпан революциясынан кейінгі саяси өзгерістерді, шараларды
халыққа насихаттап, түсіндірген белсенді публицистік қызметін;
- М.Дулатовтың "Алаш" партиясы мен "Алашорда" үкіметін құрудағы
қайраткерлігін;
- азамат соғысы жылдарындағы М.Дулатовтың қызметін жаңа көзқарас тұрғысынан
зерттеп,, осы мәселеге қатысты бұрын, тарихи шыңдық тұрғысынан
қорытылмаған пікірлерді объективті талдауға алу;
- М.Дулатовтың кеңестік билік тұсындағы, ағартушылық және Қазақ Халық
Ағарту Институтындағы оқытушылық жұмысы;
- М.Дулатовтың белсенді публицист-журналистік қызметі арқылы қазақ
баспасөзін дамытуға қосқан үлесін;
- Қайраткердің тоталитарлық жүйенің қуғын-сүргініне ұшырауын және мерт
болуын бұрын ғылыми айналымға тартылмаған тың деректерді, сондай-ақ осы
уақытқа шейін жарияланған деректік материалдар негізінде талдауға алу
көзделінді.
Зерттеудің мерзімдік ауқымы. М.Дулатовтың өмір жолы, ғылыми тұрғыдан
арнайы талдауға жеткілікті алынбаған. Зерттеу жұмысының хронологиялық
шеңбері осы жағдайға байланысты анықталды, яғни ол қайраткердің туып-өскен
ортасын талдаудан басталып, оның қуғын-сүргін Құрбаны ретінде қаза болған
уақытына (1935 ж.) шейінгі аралықты қамтиды.
Зерттеудің деректік негізі.
М.Дулатовтың қайраткерлігін, қоғамдық-саяси қызметін ашып көрсетуде,
ол өзі өмір сүрген кезеңдегі баспасөз мәліметтердің маңызы зор. Бұл ретте
әсіресе Қазақ", "Сарыарқа", "Абай", "Қызыл Қазақстан", "Ауыл тілі", "Кедей
сөзі", "Қазақ тілі", "Еңбекші қазақ", "Ақ жол" сияқты басылымдардың орны
бөлек.Әрине,олардың барлығын диплом жұмысын жазу барысында толық пайдалану
мүмкіндігіміз болған жоқ. М.Дулатов ақталғаннан кейінгі уақытта жарық
көрген оның төл шығармаларын (саяси өлендері, мақалалары, ағартушьшық
еңбектері) зерттеу жұмысымызға кеңінен пайдаланылып, сол арқылы
қайраткердің дүниетанымын, қоғамдық-саяси қызметін мейлінше толық талдауға
тырыстық.
Диплом жұмысында М.Дулатовтың қызы Гүлнәр Дулатованың әкесі туралы
жазған естеліктері, шәкірті Қапан Бадыровтың, ағасы Асқар Дулатовтың қызы
Ботагөз Дулатованың естеліктері айналымға түсті. Г.Дулатованың естелігі
әкесінің бойындағы адамдық қасиетін, мінез-құлқын, азаматтық ажарын, ұлт
зиялыларының арасындағы сыйластықты баяндау арқылы, қайраткердің көпшілікке
беймәлім өмір қырларын жеткізуімен құнды.

І тарау: М.ДУЛАТОВТЫҢ ӨСКЕН ОРТАСЫ, САЯСИ КӨЗҚАРАСЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ,
АҒАРТУШЫЛЫҚ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСТАЛУЫ
1.1. М.Дулатовтың өскен және білім алған ортасы
М.Дулатовтың жан-жақты әрі терең білімді ағартушы, қоғамдық қайраткер
дәрежесіне көтерілуіне, оның шыққан тегінің, өскен ортасының әсері
болғандығы даусыз. Негізі М.Дулатовтың өмірбаяны, білім алуы, мұғалімдік
қызметі туралы құжаттық мәліметтер өте аз. Қайраткердің өмірбаянын жазуда,
екі құжаттық дерек негіз бола алады. Оның бірі М.Дулатовтың 1929 жылы 1-
қаңтарда ОГПУ - тергеушілеріне жазып берген ғұмырнамалық жазбасы, екіншісі
1914 жылы 6-көкекте Лазарев атындағы Шығыс тілдер институтының профессоры
В.А. Гордлевскийге жазған өмірбаяндық хаты [14].
М.Дулатовтың өз қолымен жазылған қысқа мазмұнды бұл құжаттар оның
өмірінің басты белестерін ашып, нақты даталарды келтіруімен құнды. Бірінші
архивтік мәліметте ол өзінің туған жылын, өскен ортасын, білім алуын, 1902
жылдан бастап, 1928 жылға дейінгі аралықтағы ұстанған саяси позициясын
толық баяндайды.
Сондай-ақ Гүлнәр Дулатованың естелігінде оның шыққан тегі, өскен
ортасы туралы қиын да қызықты, мәнді өмір белестері жөнінде көпшілікке
беймәлім құнды мәліметтер айтылады. Әкесі туралы барлық мәліметтерді берген
- М.Дулатовтың ағасы Асқардың қызы Ботагөз Дулатова. Ботагөз Дулатова ес
білгелі М.Дулатовтың қолында тұрып, тәрбиесінде болған және сауатын ашып
одан әрі оқытқан М.Дулатов болғандықтан оның ағасын жетік білетіндігі
көрінеді.
Гүлнәр Дулатова естелігінде әкесінің өмір өткелдерін осы Ботагөз
Асқарқызының атынан баяндап жазған. Ботагөз Дулатованың айтуынша,
М.Дулатовтың бала кезін, есею, өсу жылдарын өз әкесінен талай рет естіген.
Сондай-ақ әкесі Асқардың інісі үшін тартқан азабын да өз көзімен көрген.
М.Дулатовтың тегі Байжұмар тұқымынан тарайды. Байжұмардан Сансызбай, одан
туғандар Ниязбек, Дулат (1849-1897). Дулат пен Дәмештен туған балалар:
Асқар (1865-1938). Қонысбай, Зылиха, Қанипа, М.Дулатов (1885-1935), екінші
анасынан туған Ақыжан 1973 жылы қайтыс болған.
М.Дулатов 1885 жылы 25-ші қарашада Торғай уезі Сарықопа болысының
үшінші ауылында өмірге келген. Қазіргі әкімшілік аймақтық бөлініс бойынша
бұл елді мекен, Қостанай облысы Жангелдин ауданы, "Қызбел" совхозына
қарайды. М.Дулатовтың әкесі Дулат ескіше оқыған, көкірек көзі ояу, оқығаны
аз болғанымен, зерделі, дау-жанжалдан аулақ жүретін қарапайым кісі болыпты.
Өз дәулеті өзіне жетерліктей, орта шаруалы, әр кәсіпке икемі бар, етік
тігіп, ат әбзелдері, ер-тұрман, неше түрлі әшекей бұйымдар жасап, ісмерлік
өнерімен бүкіл Сарыарқаға аты шыққан жұрт сыйлайтын еңбекқор ұста екен.
Анасы Дәмеш Қараман еліндегі атақты байдың қызы. Дәмеш ақ жарқын, салмақты,
отбасына тыныш, берекелі, ел-жұртқа сыйлы ана болған. Жиын-тойларда домбыра
тартып ән салып, айтыстарға қатысып жүретіндіктен өнерпаз ретінде ел
жадында сақталған.
Демек, М.Дулатовтың ағартушы жазушы, ақын, публицист, ірі қайраткер
болып қалыптасуына оның отбасының оң ықпалы болғандығы сөзсіз. Алайда
М.Дулатовтың шешесі, Дәмештің өмірі ұзақ болмады. Ұлы М.Дулатов бар болғаны
екі жасқа толғанда, ауырып қайтыс болады. Ағасы Асқардың айтуынша, қаңтар
айының қақаған аязы, күн-түні дамылсыз соққан үскірік ақ бораны, таудай
үйілген қалың қары жұртты үйлерінен шығармай, марқұмды жерлеуге мүмкіндік
бермепті. Қазаға көңіл айтуға келген кісілердің аяғы басылып, марқұмның
қасында тұрған күзетшілердің көздері ілініп кеткенде, шешесінің қойнына
жатып үйренген бала Міржақып шешесінің қасына қисайып, ұйықтап қалыпты.
Осындай аянышты да қайғылы оқиға көргендерге ұмытылмастай әсер қалдырыпты.
Тағдырдың салған ісіне қарай, бір жылдан соң әкесі Дулаттың екінші рет
үйленуіне тура келеді. Жамантік деген кедейдің он төрт жасар қызы Манапияға
үйленеді. Бұдан Ақыжан туған. Әкесі Дулат заманның өзгерісін байқап,
балаларының көзін ашып, оқытуға тырысқан. Үлкен ұлы Асқарды әуелі
мұсылманша, сонсоң орысша оқытып, заң қызметіне бейімдейді.
М.Дулатов сегіз жасқа келгенде 1893 жылы әкесі Дулат оны Асқардың
ізімен оқытуды көздеп ауыл молдасына береді. Бұл татар молданы Дулат
Торғайдан жалдап әкеп, оған ағайындарының балаларын қосып оқытады. Бірақ
молданың сауатсыз балаларға еш нөрсе үйретпегенін байқаған соң, ақысын
төлеп босатап жіберіпті. Сөйтіп М.Дулатовтың оқуға деген алғашқы талпынысы
сәтсіз болады. Осы туралы, қайраткер өзінің 1914 жылы 6 сәуірде орыс
тілінде жазған және сол жылы кітапта жарияланған қысқаша өмірбаянында:
"Происхожу из Средней Орды, рода Аргын, 2-х лет от роду лишился матери, а
12-ти отца. Когда мне исполнилось 8 лет, отец отдал на обучение аульному
мулле - татарину, человеку крайне невежественному, Не помню сколько времени
учился у него, знаю только, что кроме заучивания арабских молитв по
афтияку, - ничему не научился",- деп жазғандай ауыл молдасынан араб
дұғаларын жаттағаннан басқа ештеңе үйренбейді. 1895 жылы әкесі М.Дулатовты
жаңадан ашылған ауылдық мектепке түсіреді [12, 92-93]. М.Дулатовтың бағына
қарай, жаңадан ашылған мектептің мұғалімі, қазақша-орысша бірдей жетік
білетін, өте сауатты кісі - Мұқан Тоқтабаев еді. "Менің алғаш білімге
көзімді ашқан сол кісі еді" деп кейінірек айтқан М.Дулатов сөзінің
астарында терең мағына жатыр. Өйткені М.Дулатовтың өнер-білім жолындағы
ізденістерінің алғашқы баспалдағын ашқан осы ұстазы болатын.
Еңді біз, он жасар бала М.Дулатовтың (білімге, өнерге, ғылымға деген
құмарлығын оятқан ұстазы Мұқан Тоқтабайұлы кім, қандай оқу орнын бітірген
осы мәселелерге тоқталып өтеміз. Мұқан Тоқтабаев қай жылы туылғаны
белгісіз, бірақ бұл кісі де М.Дулатовтың жерлесі Торғайлық. Ол кісі 1887-
1892 жылдары Орынбордағы ерлер гимназиясының бес класын үздік бітірген.
Торғай өңірінің азаматы екеңдігін, гимназиясының кластан класқа көшіру
туралы оқушылардың тізімінде бұл кісі Торғай облысынан келген шәкірттердің
тізімінің қатарында жазылған [4, 12-13]. Мұқан Тоқтабайұлы орысша-қазақшаны
жетік білетін, орыстың классикалық шығармаларымен таныс, білімді азамат
еді. Сол кезендегі ірі оқу орындарының бірі Орынбордағы ерлер гимназиясы
өзіндік дәстүрі қалыптасқан, маман-ұстаздар қауымы сабақ беретін, жақсы
жабдықталған жатын бөлмелер бар, әр түрлі саладағы үйірмелер жұмыс істейтін
білім ошағы болған.
Орынбор ерлер гимназиясында Мұқан Тоқтабаевпен бірге араға жылдар сала
М.Дулатовтың идеялас серігі жолдасы, әрі жерлес ағасы Ахмет Бірімжанов,
Едігин Асадұлла екеуі де заңгер, Арынғазықов Қасым, Бірімжанов Мұха,
Ибрагимов Сүлеймен, Сұлтан Салимов, Айшуақов Мұқан т.б. оқыған. Жоғарыда
аталған азаматтардың барлығы гимназияның үлгілі түлектері болған.
Гимназияны үздік бітіргендерге арнайы стипендия төленіп, императорлық Санкт-
Петербург және Қазан университеттеріне оқуға қабылдануға жеңілдіктер
берілген. Ахмет Бірімжанов мен Едігин Асадұлла - гимназияның 8 класын үздік
бітіріп, екеуі де Қазан университетіне қабылданған. Дегенмен, қазақ
жастарына патша өкіметінің отаршылдық саясаты, қаражат тапшылығы,
қазақтарға бұратана деп қарауы, қиыншылықтарға шыдап білім алу айға
түспегені белгілі. Денсаулығының нашар болуына байланысты Мұқан Тоқтабаев
та гимназияның толық курсын бітіре алмайды. Мұны біз мына төмендегі
мәліметке байланысты айтып отырмыз. Орынбор ерлер гимназиясының директоры
А.Сатурнов 1892 жылы 20 қазанда N10008 хаты арқылы Торғай облысының әскери
губернаторына былай мәлімдеме жасаған: "Жоғары мөртебелі мырза, гимназияның
қырғыз (қазақ) өлкесінен келген, арнайы стипендия арқылы оқитын Ү-кластың
оқушысы Мұқан Тоқтабаев денсаулығы нашарлап ауырып, гимназиядан шығуына
орай оның орнына бір жақсы оқушыны тағайындап, маған хабарлауыңызды
өтінемін".
21-ші қазанда: "Әскери губернатор, генерал-майор Барабатов Илецкінің
уездік әскери губернаторына осы жағдайды мәлімдеп, 1892 жылы 8 қазанда
жасалған қосымша тізімнен бір лайықты оқушыны Мұқан Тоқтабаевтың орнына
жіберетініңізді Орынбор ерлер гимназиясының директорына хабарлаңыз", - деп
мәлімдеме жібереді.
Орынбор, ерлер гимназиясының 5 класын үздік бітірген, Мұқан Тоқтабаев
денсаулығына байланысты, ел іші, туған жері Торғай өңіріне келеді. Елге
келіп, денсаулығын түзегеннен кейін, Мұқан Тоқтабайұлы мұғалімдік қызмет
атқарады. Бұл мезгіл шамамен 1892 жылдың аяғына тұс келеді. Ал әкесі Дулат
Міржақыпты Мұқан Тоқтабайұлына оқытуға 1895 жылы берген болатын.
Табиғатынан дарынды, зерек бала М.Дулатовтың оқуға деген ынтасы зор екенін
байқаған, Мұқан мұғалім оған ерекше көзқараспен қарайды. Ол қазақ тілі мен
қатар орыс тілін де оқытты. М.Дулатов ұстазының Абай Құнанбаев, Шоқан
Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин туралы, олардың ағартушылық шығармалары
жөнінде айтқан пікірлерін ыждағаттылықпен тыңдап, өлеңдерін, шығармаларын
оқуды дағдысына айналдырады. Сондай-ақ орыс тілі мен әдебиетін оқып-үйрену
негізінде, орыстың классик ақын-жазушылары Пушкин, Лермонтовтың өлеңдеріне,
Тургенев пен Толстойдың да шығармаларына көңіл аударып ден қояды.
М.Дулатовтың көкірек көзін оятқан, сауатын ашқан алғашқы ұстазы осы
Мұқан Тоқтабаевқа арнайы тоқтап ой түйіндеуімізге қайраткердің төмендегі
жазғандары да себеп болды: "1895 жылы мені ауылдық мектепке оқуға берді.
Мұғаліміміз Мұқан Тоқтабаев өзінің міндетіне кірмесе де және сол үшін ешкім
ақы төлемесе де бізге орыс тілінің грамматикасымен қатар қырғыз тілін де
үйретті. Бірақ біздің бағымыздың сорына орай, бұл қайырымды мұғалім тез
арада бізден кетіп қалды". М.Дулатов ұстазын өмір бойы ардақтап өтті.
Кейінірек 1915 жылы "Қазақ" газетінде "Торғайда орысша оқу" атты
мақаласында М.Дулатов мұғалімдерге сын айта отырып, оларға Мұқан
Тоқтабайұлының ісін үлгі-өнеге етіп көрсетеді: "Баяғыда бір ауылнай школда
оқығанда да арнаулы дін мұғалімі жоқ болатын һәм ол кезде заман да
қараңғылау еді. Сонда ешкім айтпай, бала иелері сұрамай, хақысыз-пұлсыз
учителіміз Мұқан мырза Тоқтабай оғылы бізді бір мезгіл қазақша оқытып, жазу-
сызу үйретіп жіберген еді. Ұстазымыз Мұқан ағайға ғұмырымызша борыштымыз.
Ал осы күні учительдер мұны істей ме, жоқ па? Істемесе, не үшін істемейді?
Мұның жауабын өздері беруі тиіс", - деп ой айтады.
Оқуға зерек М.Дулатов, Мұқан мұғалімнің берген тапсырмасын уақытысында
орындап, бар ынта-жігерін білсем деген бір мақсатқа бағыштады. Ол халықтық
батырлық жырларды, аңыз-ертегілерді жақсылап, мәнеріне келтіріп жеткізе
білді. Ел ішіндегі халықтың жағдайы нашар болғандықтан, мұғалімдерге ақшаны
мезгілінде төлей алмайтын. Тұрмыс жағдайлары ауыр, үй-күйсіз жүрген
мұғалімдер тұрақтай алмай, өзіне қолайлы жерге, басқа мектепке ауысып
кететін. Мұқан Тоқтабаев та осы себептермен басқа ауылға ауысып кетеді.
Бірнеше мұғалім сабақ беріп, солардың арасынан бала М.Дулатовқа үлкен
әсер еткен Мұқан ұстазымен осылай қоштасады. Бұдан кейін сабақ берушілер
жиі ауысып, ұзақ тұрақтамады. Ендігі жерде оның мұғалімі бір шоқынған шала
сауатты башқұрт мұғалім болды. Өзі қазақша таза сөйлей алмайтын бұл
мұғалім, шәкірттеріне жаңа бір нәрсе үйретпек түгіл, білгендерін ұмыттырды.
Сорымызға орай Мұқан мұғалім кетіп, бізге бір шоқынған башқұрт мұғалім
келді. Бұл адам өзі қызықтау болды. Оны оқушылардың тағдыры ойландырған
жоқ. Оқушыларды жеке қалдырып, өзі әрдайым бөлмесіңде оңаша отыратын. Сосын
бұл "педагог" сыры ашылды. Бөлмеге тығылуының себебі, мұғалім жалған ақша
жасаумен айналысады екен. Кейін осы ісі үшін абақтыға айдалып кетті" деп
жазды кейін М.Дулатов.
М.Дулатов үшін бұл жылдар жеміссіз болған жоқ. Алғыр сезімтал ол
қатарының алды болып, ой-санасы толысып, халық ауыз әдебиетін, орыстың
классик жазушыларының шығармаларын өздігінен оқитын дәрежеге жетті.
М.Дулатов он екі жасқа толғанда, жұмыс үстінде әкесі Дулаттың қолына біз
кіріп кетіп, ақыры жарақаты ұшығып қазынды (сепсис) ауруынан 49 жасында
қайтыс болады. Әкесі М.Дулатовтың оқуын ірі қалада әрі жалғастырып, бір
мамандыққа бейімдесем деген ойын жүзеге асыра алмады. М.Дулатов он екі
жасында тұл жетім қалды. Бұл 1897 жылдың тұсы еді. Бұдан кейінгі оның
тәрбиесі, өзінен 20 жас үлкен, әрі әкесінің орнына әке, әрі ағасы болған
Асқардың мойнына жүктеледі. М.Дулатовтың ағасы Асқар Дулатов (1865-1938) ел
ішінде беделі зор, жұрт сыйлайтын оқыған кісі, ел басшысы болған. Асқар
Торғай дуанының судъясы, яғни биі болып жұмыс істеді. Қызметіне орай
жұртшылық оны "Би-аға" деп атаған.
М.Дулатовтың есейіп, оқып, саяси қайраткер дәрежесіне көтерілуіне
ағасы Асқар көп еңбек іңірген. Екі жасында шешесінен, он екі жасында
әкесінен тұл жетім қалған М.Дулатовтың ендігі жерде тәрбиесі ағасы Асқар
мен жеңгесі Қадишаның мойнында болады. М.Дулатов жөнінде Асқар Дулатов
былай айтады: "Міржақып менен көп кіші, әрі інім, әрі баламдай қолымызда
тәрбиеленді. Өзі қатарлас балалардан бойы аласалау боп өсті, бірақ денесі
тығыршықтай, жұмыр, шапшаң қимылды болды. Үстін таза ұстап жинақы жүретін.
Мінезінен бір беткей де қайсарлық, өжеттік сезілетін, не бүлдірсе де
жасырмай турасын айтатын. Кемтар - кісілерді, жарымжан мүгедектерді аяйтын,
көңілшектігі, жұмсақтығы да байқалатын. Сөзінде тұратын, өтірік пен
жағымпаздықты білмейтін. Ауызекі жұрттан естіген ертегілерді, қисса-
дастандарды тез жаттап алып, айтып жүретін. Жастайынан әңгімешіл, қуақы
орайын келтіре сөйлеп, құрбы-құрдастары мен ересек кісілерді күлдіріп
отыратын. Өзі құралпы балалардан ойлылығымен, зерделігімен ерекшеленіп,
маңына топтастырып жүретін. Осы жоғарыда айтылған М.Дулатов бойындағы
қасиеттерді араға жылдар сала қоғамдық қызметі өскен кезде өз көрінісін
берді.
Қайраткердің қызы Гүлнар Дулатованың сипаттауы бойынша М.Дулатов
мінезі бір беткей, турашыл, қатал, ашуы тез қайтқыш, адамгершілігі мол,
кешірімді, қарапайым әңгімешіл. Бұл мінездеме М.Дулатовтың замандастарының
жазбаларында, түрлі естеліктерде расталады[15].
Асқар Дулатұлы ол кезде Торғай өңіріне танымал сот қызметкері еді. Ол
қазақ даласына кен өндіруге келген француз, ағылшын капиталистерімен
тығыз байланыс жасаған адам.
Бұрынғы Францияның президенті. Сади Карноның ұлы Жан Эрнст Карно
жергілікті тұрғындардың назарын аударту мақсатымен аурухана дүкендер
француз-қазақ мектептерін ашты. Асқар сот қызметін атқара жүріп, ел
ішіндегі әділетсіздіктерге, орыстарға қарсы тұрды қандастарына қорған
болды. Көзі ашық Асқар Дулатов Орта Азия халықтарына ортақ "Түркістан
уалаятының газеті" және "Дала уалаятының газетін" жаздырып алып оқитын. Екі
басылым да халқымыздың әдебиеті мен мәдениетін, тұрмыс-тіршілігін, ғылыми
жаңалықтар мен орыс жұртының өнерімен таныстыратын алғашқы басылымдар еді.
М.Дулатов та осы басылымдарды үзбей оқуды өзінің әдетіне айналдырды. Оның
бетіндегі оқу-ағарту ісінің жай-күйі, өнер-білімнің пайдасы, қазақтың зиялы
адамдары туралы, патшаның отаршылдық саясаты жөніндегі мақалаларды оқып
азаттықты мұрат еткен дүниетанымын қалыптастырды. Інісінің оқуын одан әрі
жалғастыруды жөн көрген, Асқар М. Дулатовты 1897 жылы Торғайдағы екі
жылдық орыс-қырғыз(қазақ) училищесіне түсіреді. Жалпы Торғай өңірі
М.Дулатов үшін - киелі мекен болды. Өйткені, өнер-білім жолындағы
ізденісінің қайнар бастауы да, осы Торғай топырағында жатқан еді. Сондай-
ақ, саяси күресте сенімді серіктестері болған, Әлихан Бөкейханов Торғай
өңірінде қызмет етіп, ал Ахмет Байтұрсынов осы Торғай өңірінің азаматы
болған еді.
Негізін қазақтың тұңғыш ағартушысы, Ыбырай Алтынсарин қалаған Торғай
орыс-қазақ училищесі- Казақстаңдағы басқа оқу орындарынан бағдарламалық
жағынан және мазмұнды оқытуымен өзгеше еді. Өз халқының шын жанашыр қамқоры
болып, жеткіншектердің болашағын алыстан ойлап жанкештілікпен атқарған
қызметінің арқасында, мөңгілік маңызы бар іс тындырған, ұлы ағартушы Ыбырай
Алтынсариннің мектебінің іргесі, бұл кезде әжептеуір бекіп, еңсесін
көтеріп, айнала игі ықпалын тигізіп тұрған кез болатын. Демек, 1880 жылы
шаңырақ көтерген осы мектепте 1886 жылы, Ахмет Байтұрсынов та, М.Дулатовтың
ағасы Асқар да оқыған. Тек бұл азаматтар ғана емес, қазақ зиялыларының бір
бөлігі сол Ыбырай мектебінің - Торғай қаласындағы уездік орыс-қазақ
мектебінің тулектері еді. "Кел, балалар оқылық!" - деп ұран тастаған
ЬІбырай мектебінің табалдырығын шәкірт М.Дулатов та аттаған болатын. 1897-
1901 жылдар аралығында М.Дулатов осы екі кластың орыс-қазақ училищесінде
дәріс алады [15, 5-7]. Төрт жыл ішінде қазақ тілінің грамматикасы, орыс
тілі мен әдебиеті, араб каллиграфиясы, тарих, география, жаратылыстану,
мұсылмандардың дін ілімін, физиканы, арифметиканы оқып, дене шынықтырумен
айналысады. Ы. Алтынсарин ұйымдастырған орыс-қазақ мектептерінің типі,
қазақ халқының әлеуметтік-тұрмыс жағдайына теңестірілген еді. Сондықтан да
ондай мектептер XX ғасырдың бас кезінде революцияға дейінгі Қазақстанның
көпшілік жанынан, шеттен келген балалар үшін интернаттар ұйымдастырылды.
Бірақ патша өкіметі Қазақстанда халық-ағарту ісінің дамуына, халықтың
талабына сай дамуына жол бермеді.
Ана тілі, орыс тілі, арифметика, ән-күй, дін сабағы төменгі кластарда
жүрді. Тарих, география, жартылыстану пәндері екі класты училищенің жоғары
кластарында оқытылды. Екі кластық уездік училище қабырғасында М.Дулатов өз
бетінше ізденіп, ерінбей оқып, орыс тілін меңгерді. Бірнеше пәндерден түрлі
дәрежедегі ұстаздарынан дәріс тыңдайды. Сондай-ақ шығыс және батыс
жазушыларының шығармаларымен тереңірек танысады. Оның сүйіп оқыған ақын-
жазушылары Желал-аддин Руми, Низами, Жами, Фирдоуси, Қожа Ахмет Иассауи,
Абу Фирас, Шиллер, Гете, Ломоносов, Пушкин, Лермонтов, Поль Верлен, Маржани
болды. Әйтсе де М.Дулатовтың зейін қойып оқығаны, туған қазақ халқының
эпостық, лиро-эпостық жырлары, аңыз-әңгімелері еді. Оның нақты көрінісі,
училищені бітірер кезде тапсырған емтиханында, қазақ ханы Кенесарының ажал
аузындағы соңғы сөзін аса тебіреніспен, көркемдікпен оқып беріп
оқытушыларын таң қалдырады.
1901 жылы МДулатов аталған училищені бітіріп шығады. Оның осы училище
қабырғасында оқығаны, оқу-үлгерімі туралы, білім ордасын үздік
аяқтағандығын куәландыратын құжаттық деректерді біз кездестіре алмадық. Бұл
оқу орнынан кейін, М.Дулатов 1902 жылы бір жылдық Қостанайдағы
педагогикалық курсты бітіреді. М.Дулатовқа "ауылдық мектеп мұғалімі" деген
куәлік беріледі. Мұрағаттық мәліметтердің көрсетуіне қарағанда, екі кластық
орыс-қазақ училищесін бітіргендерге толық дәрежелі мұғалімдік атақ куәлік
берілмеген. Өйткені, тек қосымша бір жылдық педагогикалық курсты
бітіргендер ғана толық дәрежедегі мұғалім болған.
1896 жылы 4-ші қыркүйекте Торғай облысының оқу инспекторы А.Е.
Алекторов, Торғай облысының әскери губернаторына былай мәлімдеме жазады:
"Қостанайдағы екі кластық орыс-қазақ училищесінің ішінен ашылған бір жылдық
педагогикалық курстың алғашқы түлектері 1898 жылы бітіреді. Сондықтан ауыл
мектептерінің 13 бөлігінде өз ісіне лайықсыз мұғалімдер сабақ береді.
Жаңадан ашылған он мектепте екі кластық орыс-қазақ училищесін бітіргендер
жұмыс істейді. Дәл осы ортадан шыққан мұғалімдер, тіпті оқытудың қарапайым
методикалық тәсілдерінен хабарсыз. Сондықтан оларды әрдайым үйретіп
басшылық жасау қажет. Міне, педагогикалық курстардың Жоғары мәртебелі, Сіз
Ішкі Істер министрлігіне кіріп, облыстың земствоға бөлінген 3000 мың
сомның, 1500 сомын, 1896 жылдың аяғына дейін Педагогикалық курстың жұмыс
істеуі үшін және 1897 жазында Торғай облысының мұғалімдері үшін ашылатын
қысқа мерзімдік педагогикалық курстардың құрылысына ақша-қаражат бөлуін
сұрауыңызды өтінеміз".
Торғай облысының оқу инспекторы А.Е. Алекторовтың өтініші орындалып
тиісті қаражат бөлінеді. Кейін 1896 жылы 9 қазанда Алекторов Торғай
облысының әскери,. губернаторына: "Жоғары мәртебелі мырза бөлінген ақша
қаражатының 550 сомын Қостанайдағы екі кластық орыс-қазақ училищесінің
ішінен ашылған Педагогикалық курстың жұмысына, ол 950 сомын Торғай
облысының ауылдық мектептеріне мұғалімдер даярлайтын қысқа мерзімді
курстардың алғашқы құрылыс жұмыстарына пайдаланылады" – деп хабарлап,
жазған.
Бұл бір жылдық педагогикалық курста барлығы 30 пән оқытылды. Оқытудың
методикалық тәсілдеріне қатты көңіл бөлінді. Оқытылған пәндер: орыс тілі,
арифметика, геометрия, педагогика, методика, орыс тілінің методикасы,
арифметиканың методикасы, тарих, география, құдай заңы, жаратылыстану
практикалық сабақ аптасына төрт мәрте жүрді. Педагогикалық курстардың
ерекшелігі сол, мұнда мұғалімдерге балалармен қалай жұмыс істеу қажет,
оқытудың жеңіл және тиімді төсілдерін меңгертетін. Кейін, 1907 жылы бір
жылдық педагогикалық курстар 2 жыл етіліп мерзімі ұзартылды.
1902 жылы осы Қостанайдағы бір жылдық мұғалімдер даярлайтын курсты
толық аяқтаған М.Дулатовқа, "ауылдық мектеп мұғалімі" деген мамандық алып
шығады. Қасиетті өнерлі шаңырақта өсіп-тәрбие алған М.Дулатов сауатын
ашқаннан кейін үнемі өздігінен оқып білімін жетілдірді. Алғашында әкесі
Дулатгың бастауымен, кейінірек ағасы Асқардың көмегімен алғыр, зерек,
сезімтал, пайымшыл М.Дулатов ізденіп, өз білімін өзі толықтырып, дүниеге
көзқарасын саяси дүниетанымын қалыптастырды
Тумысынан оқу-білімге құштар Дулатов оған қоса бойындағы табиғат
берген ақындық, жазушылық дарын қабілеті оны үлкен белестерге көтерді.
Болашақ " Оян, қазақтың" авторы өзін, халқын ағарту жұмысына даярлады.
Қараңғыда оқу-білімсіз жатқан халқының аянышты хал-жағдайын өзгертуге
ұмтылды.

1.2. М.Д улатовтың ағартушылық қызметінің алғашқы кезеңдері
(1902 -1912 жж.)

1902 жылдан бастап М.Дулатов өмірінің жаңа белесі басталады. 1902-
1904 жылдары М.Дулатов Торғай уезінде мұғалімдік жұмыс атқарды. Алғаш
М.Дулатов мұғалім болып, Торғай уезінің Қошымбек ауылының Терісбұтақ
жеріне орналасады [15, 6]. Айналасы 5-6 жылдың ішінде уездік мектептен
дүниелік пәндердің негізі жөнінде жалпылама ғана мағлұмат алып шыққан,
М.Дулатов өздігінен көп ізденіп, шәкірттердің ой-өрісіне сай сабақ
жүргізіп, білгенін үйретуге тырысты. Өз ісіне ұқыпты, сезімтал М.Дулатов
оқушыларымен тез тіл табысып, жергілікті халықтың ықыласына бөленді. Сөйтіп
Торғай өңіріне танымал мұғалім болды. М.Дулатовқа ата-аналар алыс
ауылдардан балаларын әкеліп оқытты. Балалардың ой-өрісіне лайық М.Дулатов
сабағында халық ауыз әдебиетінің үлгілерін, аңыз-ертегілерді, жыр-
дастандарды үйретті. Өйткені бұл балалардың түсінуіне жеңіл болды.
Шәкірттерінің қазақ ауыз әдебиетіне қызығушылығын ескеріп, М.Дулатов
қазақша хрестоматиялық оқу кітабын құрастыруға кіріседі. Халықтық мейрам
мен шерулер кезінде ол ел ауызында сақталған мақал-мәтел, шешендік
сөздерді, ұлттық ойындар - дүмпілдек, марламқаш, айқұлақ т. б. мұраларды
жазып алып жүреді.
Осы тұста ол "балалар әдебиетінің атасы" Ыбырай Алтынсаринның
үлгісімен балаларға арнап, бірнеше шағын мақалалар жазды. Бұл оның
ағартушылық бағыттағы алғашқы қалам тартуы еді. Жазған шағын әңгімелері
шәкірттерге тәлім-тәрбие беруге арналып, үлкенді сыйлауға, өтірікші, жалқау
болмауға, есесіне өнер -білімге, адалдыққа жақын болуларына үгіттеген
әңгімелер еді. 1902 жылдары "Оқымысты бала","Шалдың үш баласы", "Жастық",
"Ешкімге жауыздық қылма","Байлық", "Оқу", "Ай-құлақ", "Дүмпілдек",
"Марламқаш" т.б. әңгімелері осы ізгі нысананы көздеп жазылған шығармалар
болатын [15].
Мәселен "Оқу" атты өңгімесінде: Жүніс сегіз жаста еді. Ол оқи да жаза
да білмеуші еді. "Мені мектепке жібер" деп мазасын ала берген соң, әкесі
бір күні мектепке алып барады. Сол күннен былай Жүніс қолтығына кітаптарын
қысып, бір күн де сабақтан қалмай, мектепке барып жүрді. Ақырында біздің
Жүніс оқу, жазу, есеп үйреніп, оқымысты болды. Мақал - Бір оқығанға екі
оқымағанды береді. Сонда да айырбастамайды". "Жастық" атты өңгімесінде
"Адам да жасында өнер-білім, жақсы мінездерді бойына жинау тиіс. Мұнсыз ол
қартайған шағында рақат тіршілік ете алмайды", - деген тағылымды ой айтады.
М.Дулатов басқа да шығармаларында әңгімесінде де шәкірттерге қарапайым
тілмен оқудың мәнін ашып, олардың өнерге білімге жақын болуларын үгіттеді.
Ел ішінде бала оқытып жүрген он тоғыз жастағы М.Дулатовты туған
халқының бір жағынан патша өкіметінің отарлау саясатының қыспағын, екінші
жағынан, жергілікті би-болыстардың жәбірі мен ауыртпалығын көрген халқының
ауыр тағдыры ойға қалдырды. Патшалық империяның отаршылдық саясаты дала
өлкесінің бар саласында үстемдік алып "басынан ерік", "қолынан билік" кетіп
жерінен күштеп айырылған туған халқының тұрмысына байланысты, саяси-
әлеуметтік мөселелерден оқшауланып қала алмауы, әрине заңды құбылыс.
Сондықтан оның кейінгі өмірінде кеңінен өріс алған белсенді әлеуметтік,
саяси ағартушылық қызметі осы кезде-ақ басталады.
Қазақ халқы үшін, әлеуметтік-саяси жағынан алғанда патшалықтың қазақ
даласында отаршылдықты күрт күшейтіп, панасыз елге тізесін батыра түскен
жылдары еді. Әйгілі Столыпин реформасынан кейін, ішкі Ресейлік орыс
шаруалары кең көлемде қазақ өлкесіне көшіріліп, патша әкімшілігінің
зорлығымен жергілікті халықтың отын-суы мол, шұрайлы жерлерін
қоныстанушыларға тартып әперу үрдісі өрістеді.
Соның нәтижесінде дәстүрлі қазақ мал шаруашылығы терең дағдарысқа
ұшырады. 1897 жәңе 1917 жылдар аралығында Қазақстанның орыс тұрғындарының
саны екі есе өсіп, олар өлке халқының бестен бір бөлігін құрады. Кең
қоныстандыру саясатымен бір мезгілде қазақтарды христиан дініне шоқындыру,
орыс оқу орындары, әкімшілік жүйесі арқылы пәрменді түрде орыстандыру
саясаты жүргізілді.
Бұл әділетсіз жағдай ұлттық сана-сезімдері оянып, халықтың қамын ойлай
бастаған қазақтың азаматтарына қозғау салды. Олардың алдыңғы шебіне
М.Дулатов та кіреді. Ұлт зиялылары қатарында М.Дулатов халықтың тығырықтан
шығар жолын іздестіріп шарқ ұрды. Сол қапастан құтылудың ең бірінші қамы -
ілгері елдердің қатарына қосылып; өнер-білімге ұмтылу деп білген олар,
өздерінен бұрын өткен ағартушы ағаларының дәстүрін жалғастырып, бұқара
арасында насихат жұмысын өрістетті.
Халық арасында жүріп, өз көзімен көрген әділетсіздіктерді, ойына
түйгенін, айтқысы келген ойларын М.Дулатов осы кезден бастап қағаз бетіне
түсіреді. Өз білімін толықтыру үшін, көп қазақ болмысы туралы ой қозғады.
Омбыдан, Қазаннан, Уфадан, Троицкіден жаздырып алатын түрлі газет-
журналдарда көтерілген мәселелермен қарапайым халықты таныстырды.
Басылымдарда жарық көрген ішкі хабарларды, ұлт аймақтарда патша өкіметінің
жүргізген саясатын, ел өмірімен салыстырып жұртьша қозғау салды. Газет
беттерінде жарияланып жүрген екі кісінің мақалалары көңілінен шығатын. Бұл
кісілер кейін жұптасып қызмет істеген, саяси серіктері - Әлихан Бөкейханов
пен Ахмет Байтұрсынов еді. Екеуінің жазған ойлары өз ойымен үндес екенін
байқаған, М.Дулатов қайраткер ағаларына жолығып ашық пікір алысуды
көздейді.
Торғай өңірінің азаматы Ахмет Байтұрсыновтың атағы бұл кезде бүкіл қыр
еліне ұлттық әлеуметтік қозғалыстың беделді басшысы ретінде танылып қалған
болатын. Осы мақсатпен М.Дулатов 1904 жылы қазақ оқығандары бас қосатын
ірі орталықтарының бірі - Омбы қаласына келеді. Бұл уақыт Ресейдегі
буржуазиялық-демократиялық революцияның қарсаңы, ел іші дүрлігіп, қоғамдық
қозғалыс қызып тұрған шақ болатын. Негізі, М.Дулатовты өзінен "ит көйлекті"
бұрын тоздырған, Ахмет Байтұрсыновтың ізін басқан шәкірті деп айтсақ
қателеспейміз. Біріншіден, екеуі де Торғай өңірінің азаматтары, тағдырлары
өте ұқсас. Екіншіден, алған білімдері деңгейлес, М.Дулатов бітірген екі
кластьгң орыс-қазақ училищесін 1891 жылы Ахмет Байтұрсынов та бітірген.
Үшіншіден, екеуі де ел ішінде мұғалімдік қызмет атқарып, еліне танылған
азаматтар. Біздің пікірімізше бұл кездейсоқтық емес.
Бірі аға, бірі іні болып, халқының азаттығы жолында бүкіл өмірлерін
бір мақсаттың тәуекеліне бағыштап, ақтық демдері біткенше жұп жазбай өткен
екі есіл ердің алғаш рет жүздесіп кездескен жері - осы Омбы қаласы болып
еді. Олардың өздерін ойлантатын қандай мәселе төңірегінде ашық пікір
алмасу болғанын дәлелдейтін дерек - М.Дулатовтың 1929 жылы 1 қаңтарда ОГПУ
- тергеушілеріне өз қолымен жазып берген жауап хаты: "Төменгі дәрежедегі
білімім Торғай және Қостанай сияқты шалғай жерде өткен оқу жылдары, бес
жылдай ауылда болуым, маған жалпы саяси мәселелермен айналысуыма
мүмкіндік бермеді, сондықтан сол кезге дейін мен саяси сауатсыз болдым,тек
қана Байтұрсыновтан алғаш рет саяси партиялардың патша өкіметімен күресін
естіп хабардар болдым".
Кейінірек ол Ә.Бөкейханов Ж.Ақбаев сынды қайраткерлермен танысып,
солармен бірге ұлт азаттығы үшін күрес жолына түсті[16].

ІІ ТАРАУ: М. Дулатовтың тарихи көзқарастарының қалыптасуы.
2.1. М. Дулатовтың 1916 жылғы ұлт — азаттық көтеріліске көзқарасы

Ел басына зор апат, қайғы әкелген "Елім-айдың" егізі-ғасырымыздың
алғашқы ширегіндегі "Июнь жарлығы" деген атпен тарихымызда ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
М.Дулатұлының алаш партиясы мен кеңес өкіметі кезеңдеріндегі көзқарастары
Патша цензурасы Оян, қазақ
Зерттеудің жетекші идеясы
М.Дулатовтың өмірі мен шығармашылығын оқыту
Міржақып Дулатовтың қазақ журналистикасындағы орны мен публицистикалық еңбектері
Міржақып Дулатұлының өмірлік ұстанымдары
Ғұламаның Оян, казақ
М. ДУЛАТОВ МҰРАЛАРЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ФИЛОСОФИЯСЫ
Міржақып Дулатұлы
М. Дулатов шығармашылығындағы азаттық рухы
Пәндер