Қазақстандағы 1937-1938 жж. жаппай саяси репрессия шаралары мен салдарлары
Жоспар
Кіріспе ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...3.11
1. Репрессияның саяси идеологиялық қайнар көздері мен жүргізілу cебептері ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...11.31
1.1. Репрессияның идеологиялық негіздері мен жүргізілу себептері ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... 11.21
1.2. Қазақстандағы репрессияның негізгі толқындары ... ... ... ... ... ... ...22.34
2. Қазақстандағы 1937.1938 жылдардағы репрессия және оның тарихи салдары ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...35.66
2.1. Қазақстандағы 1937.1938 жылдардағы репрессия шараларының жүргізілуі, барысы және ерекшеліктері ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... .35.52
2.2. Репрессияның саяси, әлеуметтік және мәдени зардаптары ... ... ... ...53.61
Қорытынды ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...62.63
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...64.66

Кіріспе ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... .. ... .3-11
1. Репрессияның саяси идеологиялық қайнар көздері мен жүргізілу
cебептері ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...11-31
1.1. Репрессияның идеологиялық негіздері мен жүргізілу
себептері ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... .. ... ... ..11-21
1.2. Қазақстандағы репрессияның негізгі толқындары ... ... ... ... ... ... ...22-34
2. Қазақстандағы 1937-1938 жылдардағы репрессия және оның тарихи
салдары ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...35-66
2.1. Қазақстандағы 1937-1938 жылдардағы репрессия шараларының жүргізілуі,
барысы және ерекшеліктері ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... .35-52
2.2. Репрессияның саяси, әлеуметтік және мәдени зардаптары ... ... ... ...53-61
Қорытынды ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...62-63
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...64-66
Кіріспе
Тақырыптың өзектілігі. Кез-келген өркениетті кемелденген мемлекет өз
тарихын қастерлейді, оны ұрпақтардың санасына енгізуге жағдай жасайды.
Өйткені тарих халықтың мыңжылдап жинаған тәжірибесі, асыл қазынасы.
Сондықтан Қазақстанның ұлттық бірегейлі және біртұтас болуы үшін оның жаңа
талапқа сай тарихы да болуы шарт.
Кеңестік тоталитарлық қоғам тұсындағы ұлт мүддесінің аяқ асты болған
тұстарын ақиқатты тұрғыда зерттеп, парасатпен зерделеу тарихшылардың басты
парызы. Себебі, тарих тағылымы жарқын болашақтың негізі. Ұрпақ арасындағы
білім мен біліктілікке негізделген тарихи сабақтастықты жалғастыру, дамыту
арқылы ұлттың рухы биіктей түседі. Тарих дегеніміздің өзі бір ұрпақтың
жасаған құндылығының екінші ұрпаққа ауысуы.
Кеңестік қоғам тұсындағы қазақ тарихының қайғысы мол, қасіреті ауыр
парақтары жеткілікті. Қазақ елінің заңғар ойшылы Әбіш Кекілбаев айтқандай
“Адам да қоғам да ешқашан өз тағдырын өзі енжар қарап көрген емес”, сондай-
ақ халық та өз тағдырына өзі ешуақытта немқұрайлы қарай алмаған. Небір
ғасырлар өтсе де соның тұла бойында болған тұлғалар мен тарихи
құбылыстардың ел санасында мәңгілік сақталуының сыры да осында жатса керек.
Солардың бірі бұрынғы Кеңес елінде болған қуғын-сүргін қасіреті. Бұл жайлы
Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә.Назарбаев: “...20-шы жылдары
басталған “Қызыл қудалау науқаны”, 30-шы, 40-шы жылдары, содан кейін 50-ші
жылдардың басында күллі елімізге сел болып жайылып, қанды көбік шашты.
Марқабаттылықты желеу етіп, ұлы мұраттарды уағыздаған болып көлсіреген қара
ниет жүгенсіздік миллиондаған адамдардың жанын қиды, көз жасын төккізіп,
қасірет шеккізді” – деп көрсетті [1,2]. Басы 1920-шы жылдарда қалыптасқан
елдегі репрессиялық саясаттың күшті жазалаушы механизмі қалыптасып, 1930
жылдар бойына “халық жауларымен” үзіліссіз күресте жетілдіріліп отырды.
Әсіресе бұл механизм 1937-1938 жылдары үлкен террор кезінде қарқынды жұмыс
атқарды. Олардың басынушылық әрекеттері, сот істерін жаппай өңдеп, оларды
“жоспарлы” түрде соттауға дейін жеткізуі репрессияның жаппай етек алуына
түрткі болды. Егер де 1930 жылдың ортасында саяси репрессия орталықтағы
және жергілікті жердегі сталиндік жетекшілікке қарсы белгілі және айқын
әлеуетті тобына жүргізілсе, 1937 жылдары террор тоталдық сипат алды.
Бастауын 1920 жылдардың аяғы мен 1930 жылдардың басында алып қарқынды
қалыптаса бастаған Кеңес елінің өз халқына қарсы жүргізген бұл саясаты 1937
жылы берік әрі күшті заңдық күшке ие болды. Үкімет қаулылары мен партия
директивалары КСРО-ның ОГПУ (Біріккен Мемлекеттік Саяси Басқарма)ІІХК
(Ішкі Істер Халық Комиссариаты) тікелей бұйрықтарымен бекітіліп отырды. Бұл
құжаттар өзінің өте қатаң жазалау шараларымен, шексіз жасандылығымен,
кінәләу, кінәсіздерді негізсіз айыптауларымен, контрреволюциялық
қылмыстарға қатысты баптардың нақты еместігімен ерекшеленді [1,199].
Қазақстандықтардың саяси қуғын-сүргінге ұшырау себептерін зерттеудің
ғылыми және практикалық маңызы зор. Себебі аталмыш тақырыпты жан-жақты
зерделеу арқылы кеңес мемлекетінің зорлық-зомбылық шараларының мәні ашылып,
өткен тарихымызды жаңаша талдауға көмегін тигізетіні анық. Кеңес үкіметі өз
халқын қуғын-сүргінге ұшырату саясатын мақсатты түрде жүргізді.
Кеңестік тоталитарлық қоғам билік тармақтарын бір-бірімен
сабақтастыра байланыстырып, сот билігін саясаттың құралына, партияның
қолшоқпарына айналдырды. Сол арқылы репрессиялық шаралар жүргізілді.
Қазақтың ойшыл зиялылары қазақ қоғамындағы дәстүрлі сот билігінің
отаршылдық саясат салдарынан, түбегейлі өзгеруіне қарсылық білдіргенімен,
мемлекеттік деңгейде жүргізілген саяси қуғын-сүргін шараларына қарсы тұра
алмады. Сот билігі өзіндік мәртебесінен айрылған тұста өрескел заңсыздықтар
етек алып, адам құқықтары аяққа басылды. Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің
мұрағаттарындағы құжаттарға қол жеткізу қиындығы, жасалынған қылмыстың
ауқымды, әрі қатерлігінде болса керек... Сондықтан да тарихты бұрмалаудың
Кеңестік үлгісінің ақиқаты толық ашылмауда. Нағыз шындықты айтқан адамды
жау санау Кеңес өкіметінде дәстүрге айналған құбылыс болды. Мысалы, 1920-
1930 жылдардағы қазақ қоғамының дәстүрлі әрі табиғи дамуына жат саяси-
экономикалық науқандардың қазақ қоғамына үйлесімсіздігін айтқан қазақ
зиялылары жаппай қудаланды.
1954 жылы ел басшылығы үшін жасалған айрықша баяндамаға сүйенсек,
революцияға қарсы қызмет дегенді білдіретін РСФСР қылмысты істер кодексінің
58-ші бабы бойынша Кеңес одағында сотталғандардың жалпы саны 3 миллион 770
мыңнан астам екен. Содан 642980 адам атылған. Тарихшылардың есебі бойынша
1927 жыл мен 1953 жылдар арасында 40 миллион адам қуғын-сүргінге ұшыраған.
Ал Қазақ елі бойынша бұл сан 103 мыңды құрайды. Соның 25 мыңы атылған
[34,19].
Адамды шыққан әлеуметтік тегіне қарап соттау үрдіске айналып,
нәтижесінде тегі үшін ұялатын ұрпақ тәрбиеленді. Осылайша теңсіздікке жол
ашылды. Адам құқығын таптаудың классикалық үлгілерімен әлемге танымал
болған кеңес қоғамының жаңаша зерттелетін тұстары жеткілікті.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, тарих ғылымында Қазақстан дамуының әр
түрлі кезеңдерін, соның ішінде 1937-1938 жылдардағы репрессиялау шараларын
қайта қарау маңызды болып табылады. Кең ауқымды репрессиялау шаралары
тоталитарлық жүйенің билігін күшейтуге арналған өз халқына қарсы жүргізген
саясаты болды. Сондықтан да репрессия ауқымы мен жүргізілу шараларын
зерттеу тарихты жаңаша зерттеудің өзекті мәселелерінің бірі болып табылады.
Мұндай мәселені зерттеу қазіргі жаңаша тарих ғылымын қалыптастыруда
Қазақстандағы репрессия шаралары тарихына сын көзбен қарауға және мәселеге
сәйкес тарих сабақтарын алуға көмектеседі. Осындай саяси репрессия
көрінісіндегі асыра сілтеушіліктер мен тоталитаризм салдарларын,
репрессияның жүргізілу себептері, механизмі, ауқымы, жүргізілу әдіс-
тәсілдері мен формаларын білмей жатып толық қарастыру мүмкін емес. Әсіресе
оның Қазақстандағы жүргізілу тәсілдерін оқып-білу тарихымыздың жаңа
беттерін ашып, көптеген бұған дейін беймәлім болып келген көптеген
сұрақтарға жауап береді. Әсіресе осы кезеңде қазақтың “қаймақтары”
қырылғанын, барлық экономикалық, әлеуметтік сәтсіздіктердің ауыртпалығын
қарапайым халық өз мойнымен көтергендігін білеміз. Сондықтан да бұл тақырып
тарихымыздың ең өзекті мәселелерінің бірі болып табылады.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін 1937-1938 жылғы репрессиялау
шаралары тақырыбы жаңа көзқараспен зерттелді дегенмен сталиндік қуғын-
сүргін саясатының арнайы зерттейтін қыр-сыры көп.
Тақырыптың тарихнамасы. Тоталитарлық жүйенің қалыптасуы мен дамуы
туралы зерттеулер КСРО-дағы тоталитарлық тәртіптің орнау процесімен қатар
жүрді. Коммунистік идеология үстемдік құрған кезінде 1937-1938 жылдардағы
репрессиялау шаралары зерттелінбеді. Яғни, саяси қуғын-сүргінді тарихи
тұрғыда зерттеу және оған объективті ғылыми баға беру қолға алынбады.
Осыған байланысты ең әуелі батыс зерттеушілерінің еңбектерінде қаралды. Осы
тұста шетелдік зерттеушілердің тоталитарлық тәртіптің біздің елге тигізген
зардаптарын терең қарастырмайтынын ескеру шарт. 1917-21 жылдардағы
большевиктік репрессия, “қызыл террор” тарихы публицистер мен эмигрант
тарихшылар еңбектерінде көлемді қозғалды. Сондай-ақ ВЧК-ның жариялаған
ақпараттары тоталитаризмнің қалыптасу деңгейін ашуға жәрдемдесетін еді.
Алайда, азамат соғысы аяқталған соң ВЧК-ның есептері жарияланбады [4,120].
Философиялық сөздікте “тоталитаризм” термині зорлық пен зомбылық,
қоқан-лоққыға негізделетін саяси үстемдік жүйесі ретінде анықталады
[5,428]. КСРО-да тоталитарлық тәртіп 1920 жылдардың басында қалыптаса
бастады. 1920-1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргін тоталитаризмнің
орнағандығын дәлелдеді. Халыққа қарсы бағытталған саяси қуғын-сүргін арқылы
мемлекет қоғам өмірінің барлық саласын толықтай бақылады. Р.Конквест өзінің
“Большой террор” деген еңбегінде КСРО-дағы тоталитарлық тәртіпті зерттеп,
репрессияның көлемі туралы пікір таластардың бастамасын жасады.
Р.Конквестің пікірінше, Кеңестік тарихшылар дәлелдерге, фактілерге қолы
жетпегендіктен ақиқатты жаза алмады. Сондықтан да шетелдік зерттеуші ғана
КСРО-дағы репрессия жөніндегі шындықты көрсете алатын еді.
КСРО-да КОКП-ның ХХ съезіне дейін репрессия тарихы зерттелінбегені
мәлім. Ал ХХ съезден кейін түрме мен еңбекпен түзету лагерьлерінде
болғандар естеліктер, әңгімелер шығара бастады. Алайда сталиндік саясат
біржақты сынға ие болды. Сталиндік саяси қуғын-сүргін туралы еңбектер
Л.И.Брежневтің басқару тұсында кенеттен азайған. КСРО-ның қуғын-сүргін
тақырыбы туралы диссиденттер ғана жазған. Олар өз шығармаларын шет елдерде
бастырған [6,127]. 1980 жылдардың ортасындағы қайта құру бағытына
байланысты бұқаралық ақпарат құралдарында сталинизмнің мәні туралы көптеген
мақалалар жарық көрді. Осыған орай 1988-1991 жылдары Кеңестік тарихшылардың
сталиндік қуғын-сүргін мен Кеңестік үлгідегі тоталитарлық тәртіпті терең
зерттелуіне жол ашылды. Осы кезеңде жаппай қуғын-сүргін көлемі,
заңсыздықтар туралы құнды фактілерге толы монографиялар және мақалалар
жинағы көп жарияланды [7,512].
1990 жылы 29 мамырда КОКП ОК саяси бюросы комиссиясының отырысында
1920-1930 жж. “Ұлтшыл-уклоншылдықпен” күрес деген сылтаумен партия, кеңес
қызметкерлері мен ұлттық зиялылардың репрессияға жазықсыз ұшырап, “жасанды”
істердің әдейі ұйымдастырылғандығы айтылды [8,7-12]. КСРО-ның ыдырауы
тоталитаризмнің әртүрлі деңгейде зерттеуге жол ашты. Қоғамдағы
демократиялық дамуға байланысты зерттеушілердің “құпия” қорларына қолы
жетіп, көптеген жаңа еңбектер жарық көрді.
Горбачев тұсында Сталиннің қылмысын әшкерелеген еңбектер көп
жарияланса, ал одан кейінгі жылдарда Сталинге дейінгі кезеңдегі репрессия
тарихы да жазылды [9,87-88].Осы тарихқа үңілсек, 1920-1950 жылдардағы саяси
қуғын-сүргін ауқымы өте кең екендігін мәселен, Гитлердің қуғын-сүргін
саясаты тұсында 2000 немістер тұтқындалып, ал КСРО-да 1935 жылдың қаңтары
мен 1941 жылдың шілдесі аралығында 19 млн. 840 мың адам репрессияға ұшырап,
оның 7 млн-ы ату жазасына кесілгенін көруге болады. Сталиндік басқару
кезінде КСРО көлемінде авторитаризм, догматизм, бюрократизм, конформизм
қалыптасты. “Советская деревня глазами ВЧК-ОГПУ-НКВД” деп аталатын құжаттар
мен материалдар жиынтығында аталған органдардың экономикалық науқандар
тұсында шаруалардың саяси көңіл-күйін бақылап отырғандығы айтылады [10,14].
1990 жылдары сталиндік лагерьлердің тарихына арналған еңбектер саны өсті.
Осы мәселе бойынша О.В.Хлевнюк және де өзге авторлар көптеген еңбектер
жазды [13]. ГПУ-ОГПУ-НКВД жазалаушы органдар зерттелгенде ғана, сол
кезеңдегі репрессиялық аппарат жүйесін анықтауға болады. Сондай-ақ,
мәскеулік Наумов та зерттеген.
Қазақстан тарихнамасында 1980 жылдардың аяғы мен 1990 жылдардың
басында 1917 ж. мен 1950 ж. басына дейінгі кезеңдегі республикадағы саяси
қуғын-сүргін тарихы ақырындап жазыла бастады [3,106-109]. Диссертациялық
тақырыптарды талдау барысында Қазақстанда 1935-1985 жылдар аралығында бірде-
бір тақырып бұл кезеңге арналмаған. Мұрағаттағы дерек көздеріне
зерттеушілердің қол жеткізуі сталиндік кезеңнің ақиқатын танып-білуге, яғни
сапалы зерттеулердің жариялануына әкелді. Қуғын-сүргінге ұшыраған
адамдардың басынан кешірген оқиғаларын жазған естеліктері мерзімді
басылымдарда шыға бастады. Мәселенің Қазақстан тарихнамасында зерттелу
деңгейіне келсек, әдебиеттерде тек тәуелсіздік алғаннан кейін жазыла
бастады. Соңғы жылдары тарихнамадағы “ақтаңдақтарды” зерттеу өмірге келген
көптеген еңбектер және құжаттар жинақтарының негіздерінде кеңінен
дәлелденді деп ойлаймыз. Кезінде тоталитарлық жүйе құпияда ұстап келген
мұрағат құжаттарының жарыққа шыға бастауы, тарихтың бұрмаланған тарихи
шындықты қалпына келтіруге көптеп көмектесіп, зерттеудің шынайы тарих
жасауларына мүмкіндік туғызып отыр. Оның үстіне осы кезеңдегі құжаттарды
ғылыми айналымға шығарудың жас ұрпақты отаншылдықтың рухта тәрбиелеудің
маңызын атап көрсетпеске болмайды.
1998 жылы кәсіби журнал “Отан тарихы – Отечественная история” жарық
көрді. Соның ең елеулі оқиғаларының бірі – Азалы кітап – Книга скорби
екінші басылыммен Жамбыл, Талдықорған, Алматы облыстары бойынша шықты.
Кейіннен Қазақстанның қалған облыстары бойынша да шықты. Кітапқа
атылғандардың тізімі әліпби ретімен енгізілді. “Азалы кітабына” енгізілген
әрбір адамның қысқаша өмірбаяндық дерегі: туған жері мен ұлты, кәсібі,
жұмыс орны мен сол кездегі қызметі, тұтқындалған күні, ең жоғарғы жазаға
үкім шығарған органның аты, үкім шығарылған және атылған күндері, ақтау
жөнінде шешім қабылдаған органның аты мен құжаттың датасы көрсетілген
[43,6].
1998 жылы Қазақстан парламенті Жоғарғы палатасының бірінші отырысы
болып, онда саяси репрессияның ары қарайғы зерттелу болашағы туралы мәселе
қаралды. М.Қ.Қозыбаев соңғы жылдары репрессияның проблемасы, болмысы мен
Қазақстандағы тоталитаризмнің орнығуы туралы зерттеді. “Сталиндік
тәжіибелер” атты тақырыпта Қазақстандағы КСРО халықтарының депортациялануы
туралы мәселермен Ж.Б.Абылхожин, С.Алдажұманов, М.Ж.Хасанаев айналысты.
Алаш партиясының көшбасшылары мен қатардағы мүшелері қызметіне қарсы
жүргізілген репрессия туралы ғылыми талдауды К.Н.Нүрпейісов,
М.Қ.Қойгелдиев, Т.О.Омарбеков жасады. Т.О.Омарбеков өз монографиясында
ұжымдастыру кезеңіндегі жүргізілген 1929-31 жылдары репрессия саясатының
әлі ашылмаған құнды материалдарынан келтірген. Сондай-ақ, “Қазақстан
тарихының өзекті мәселелері” атты көмекші құралында 1937-1938 жылдардаығ
оқиғаға арнайы тоқталған [29,304].
Репрессияның құқықтық мәселерімен Әділет қоғамының жетекшісінің
орынбасары Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясының академигі
М.Т.Баймаханов айналысып жүр. Онда саяси репрессия кезеңіндегі адам
құқықтарының бұзылуы туралы нормативтік база – жазалау органдарының
ОГПУІІХК бұйрықтары мен биліктегілерді адам өміріне сәйкес келмейтін,
заңға қайшы соттық және соттан тыс әрекеттерін әшкерелеп айтқан.
Ю.И.Романовтың “1920-1953 жылға дейін репрессияға ұшырағандардың әлеуметтік
демографиялық құрамы” атты мақаласы бар.
1993 жылы 14 сәуірде қабылданған Қазақтан Республикасы заңында
“жаппай репрессияға ұшырағандарды ақтау және тарихи есімдерін қайта
қалыптастыру” заңы қабылданған. Ең алғашқы есептеу бойынша репрессияға
ұшыраған адамдардың саны 103 мың болса, соның 92 мыңы ақталды. 25 мыңы
үштіктің бұйрығымен атылды. Қазіргі кезеңде олардың саны 118 мыңға жетіп
отыр. Әділет қоғамы мен Азалы кітаптың көрсетуі бойынша олардың 45 мыңы
жоғарғы қатал жазамен жазаланған. Соның тек 2200 ғана Алматы облысы бойынша
жоғарғы дәрежедегі жазаға ұшыраған [48,4].
Әкімшіл-әміршіл саясат қазақты алға жетелеген зиялылар көзін жоюды
көздеді. Бұрын айтылуға, жариялануға тыйым салынған Біріккен Мемлекеттік
Саяси Басқарма, Ішкі Істер Халық Комиссариаты мұрағат құжаттарын тергеу
орындарының материалдарының деректік маңызы зор. Қазақстан егемендік
алуының 10 жылдығы кеңестік отарлау саясатынан құтылып, көк байрағын
желбіретіп, қазақ халқының басынан өткен тарихи даму кезеңіндегі елеулі
оқиғалары мен фактілерге тарихымызды соңғы деректерді жіктеп, жаңаша бағыт
беру қажеттіліктерін туғызды.
30-ыншы жылдардағы Біріккен Мемлекеттік Саяси Басқарма құжаттарынан
осы жылдардағы орын алған жаппай жазалау науқандарында көзі ашық ел
ортасына беделді ұлт-азаттық қозғалысында немесе кеңестік жүйеде жетекші
болған көптеген қайраткерлердің “ұлтшылдар”, “исламшылдар”, “түрікшілдер”
ретінде айыпталғанын көреміз. Осы жөнінде Т.О.Омарбеков, Махат Данагүл
[35], Алтынбекова Панза сияқты бірқатар тарихшылардың еңбектері бар [46].
1993 жылы Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінің “Жаппай саяси
қуғын-сүргінге ұшырағандарды ақтау туралы” заң қабылдауы, аталмыш тақырып
төңірегіндегі зерттеулердің көбеюіне жол ашты. Қазақстан Республикасының
Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жарлығымен 1997 жыл “жалпыұлттық келісім мен
саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды еске алу жылы” болып аталынды [18,5].
Саяси қуғын-сүргінге жазықсыз ұшыраған тұлғалардың жас ұрпақтың мәңгілік
есте сақтау үшін 31 мамыр саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды еске алу күні
деп белгіленді [48,5]. Елбасы Н.Ә.Назарбаев сөзімен айтсақ: “Сталиндік
жүйеде сөйлеуге қорыққан сияқты, өткен тарихтың өзекті мәселерін аттап өтіп
тарихты гүлдендіремін деушілер төл тарихымызды ұмыттыруға апарады, бірақ
ұмыту – ол қанды режимнің миллиондаған құрбандарын естен шығару деген сөз”
[49,45].
Сонымен қатар жаңа заман талабына сай Қазақстандағы саяси қуғын-
сүргінді зерттеу тақырыбына байланысты көптеген диссертациялар жазылды.
Г.А.Жұмасұлтановтың “Политические репрессии в Казахстане в условиях
тоталитарного режима(20-е-начало 50-х годов)” деген еңбегінде КСРО да
тоталитарлық тәртіптің орнауы, ұжымдастыру, астық дайындау науқандары
барысындағы саяси қуғын-сүргін қозғалған. Т.Рысқұлов, Ә.Ермеков және өзге
де зиялылардың қуғындалу тарихына тоқталған. Сондай-ақ, ГУЛАГ-ты
репрессияны ұйымдастырушы әдіс ретінде көрсетіп, Ақмола еңбекпен түзеу
лагеріне жеке бір тарау арнаған [19,30].
Д.Ш.Орынбаева өзінің “Политические репрессий в Казахстане в 1937-1938
годы: сравнительно-исторический анализ проблемы” деген диссертациялық
еңбегінде “үлкен террор” жылдарындағы саяси қуғын-сүргінді толықтай
зерттеген [20].
Сонымен қатар Г.И.Молдаханованың “Деятельность ОГПУ в Казахстане” ,
Саржанованың “Сот-тергеу, әкімшілік органдары кеңестік зорлық-зомбылық
шараларын жүзеге асырушы: тарихы және сабақтары(1925-1932 жылдар)” [37],
С.Д.Ділмановтың “Исправительно-трудовые лагеря на территории Казахстана(30-
е-50-е годы ХХ века)” [52] атты диссертациялық ізденістерінен бағыт алдым.
Соңғы кездерде осы тақырып төңірегінде республикалық және облыстық
деңгейдегі мерзімдік басылым беттерінде көптеген мақалалар жарияланды.
Ж.Богданова, В.Осипова, Н.Грибанова, Елғондиева, Боқтазаровтың мақалалары
жарық көрді. Сонымен мәселенің тарихнамасына жасалған қорытындыда жаппай
қазақ халқының 1937-1938 жылдары жазықсыз жазалау шаралары жалпы
зерттелген, ал жекеленген мәселелер бойынша жеткілікті зерттеулерді әлі де
қажет етеді.
Тақырыптың деректік негізі. Саяси қуғын-сүргін туралы деректерге
Лениндік декреттер, соттың бұйрық, нұсқаулары, ал сонымен қатар жазалаушы
органдар өкілдерінің баяндамалары мен мақалалары тоталитарлық жүйе
тұсындағы жеке адамдар жазған естеліктер негізгі деректерге жатады.
В.И.Лениннің өзі революциялық заңдылықты қамтамасыз етудің әдістерін
белгілеп берген еді. Ал репрессиялық шаралардың қолданылуын пролетариат
диктатурасын, еңбекшілерді қорғау мақсатында жасалған,” -деп дәлелдеген-ді.
Яғни ол “Мы ничего “частного” не признаем, для нас все в области хозяйства
есть публично - правовое, а не частное” - деп тоталитарлық қоғамның
орнауына жол ашты. Сонымен қатар ол “жаңа сот қанаушыларға, ескі билікті
қалпына келтіруге ұмтылушыларға қарсы күресу үшін керек”, деп кеңестік
қоғамдағы сот жүйесінің міндеттерін белгілеп берді [16,15].
Саяси қуғын-сүргін шаралары партия нұсқаулары арқылы бір ізбен
жүргізілгендіктен, Қазақстан Республикасының Президенттік мұрағатының (141-
қор, 708-қор, 719-қор, 718-қор) құжаттары да қарастырылды.
Бізге Кеңес еліндегі “билеуші және бағыттаушы” күш партия болғандығы
белгілі. Алайда, 1930 жылдардың ортасында жазалаушы орган дар негізінен
орталықта ғана болды. Сондықтан Қазақстан сол кезеңде БК(б)П ОК және КСРО
Ішкі Істер Халық Комиссариаты директиваларын атқарушы ғана болды. Осыған
сәйкес республика мұрағаттарында репрессия ауқымын толықтай көрсететін
партия органдарының аналитикалық немесе жалпылама статистикалық қорлары
жоқ. Бірақ негізгі тақырыпқа қатысты құжаттар Қазақстан Республикасының
Президенттік мұрағаты қызметкерлері құрастырған “Политические репрессии в
Казахстане 1937-1938гг. Сборник документов” атты 1998 жылғы шыққан кітапта
жинақталған. Мұнда 119 құжат берілген. Соның 6-уы қазақ тілінде берілген.
Бұл кітапты құрастырушылар көпшіліктің қолы жете бермейтін құжаттарды
жинақтаған [10,9].
Әдістемелік негізі. Жаңа методологиялық өзгерістерді негізге ала
отырып, жүйелілік, объективтілік, тарихи-салыстырмалылық секілді ғылыми
таным принциптерін негізге алдық. Сондай-ақ, осы тақырып төңірегіндегі
соңғы уақытта қалыптасқан жаңа ғылыми бағыттарды, тұжырымдар мен ой-
пікірлерді мүмкіндігінше нақты басшылыққа алынып, зерттеу барысында талдау,
жинақтау, қорыту әдістерін қолданылды.
Диплом жұмысын жазудағы мақсатым ғылыми айналымда жүрген деректік
материалдар мен зерттеулерді пайдалана отырып, көрсетілген кезеңдегі, яғни
1937-1938 жылдардағы орталықта жүргізілген саяси репрессия тарихын зерделей
отырып, оның Қазақстандағы жүргізілу ерекшеліктері мен көрінісін,
зардаптарының мән-мағынасын тереңірек ашып көрсету болып табылады.
Бұл мақсаттарымды іске асыру үшін алдыма мынадай міндеттер қойдым:
- Саяси қуғын-сүргіннің Қазақстанның қоғамдық саяси өміріне
тигізген зардаптарын, құқық қорғау органдарының жазықсыз
жазалау саясатын жүзеге асару барысындағы қызметін көрсету;
- атақты отандық тарихшылардың ғылыми еңбектері мен зерттеулері
қарастыру және меңгеру;
- Орталық пен Қазақстандағы жаппай репрессиялау шараларын
салыстыра, ерекшеліктерін көрсету;
- репрессия ауқымы мен саясаттың Қазақстанда жүргізілу әдіс-
тәсілдерін талдау;
- жаппай репрессиялау зардаптарын әр түрлі салада қарастыру.
Хронологиялық шеңбері. Диплом жұмысы 1937-1938 жылдарды қамтиды. Дәл
осы жылдары кеңестік тарихтың кезеңінде 1920 жылы бастау алған қуғын-сүргін
науқаны өз шыңына жетіп, ауқымы бұрын-соңды болмаған дәрежеге жетті.
Құрылымы. Жұмыс кіріспеден, екі тараудан, қорытынды бөлімнен және
пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
1. Репрессияның саяси идеологиялық қайнар көздері мен жүргізілу себептері
1.1.Репрессияның идеологиялық негіздері мен жүргізілу механизмдерінің
қалыптасуы
1937-1938 жылғы жаппай саяси репрессия өзінің жүргізілу кезеңінде
мемлекеттегі тоталитарлық-авторитарлық билік жүйесіне сәйкес келді.
Тоталитарлық жүйе ол тек идеология мен этакратиядан ғана емес, жаңа қоғамды
құру процесстері мен алғышарттар нәтижесінен пайда болды. Оның КСРО сияқты
алып мемлекеттегі үлгісі биліктегілердің саяси репрессия шараларын өз
халқына қарсы қаруы ретінде ұстап, қоғамдық өмірдің барлық саласына:
экономика саласына, қоғамның әлеуметтік құрылымына, саяси институттарына
толық бақылау жүргізіп отыру түрінде болды және ол заңды қарама-қайшылыққа
әкелді. Осы қарама-қайшылықтарды басып-жаншу мен тұншықтыру саяси қуғындау
шараларымен жүзеге асты. Сондықтан пролетариат диктатурасы атанған
сталиндік режимнің өз халқына қарсы жүргізген “үлкен терроры” әрине
кездейсоқ жаңылыс құбылыс емес-тін. Ол бүкіл империя көлемінде орнаған
саяси билік жүйесінің табиғи болмысынан туындап жатты. Репрессиялау
саясатының негізі сонау 1920 жылдары қаланса, ол мемлекеттегі
биліктегілердің жеке саясаттарының негізінде өзгере келіп, 1937-1938
жылдары өз шыңына жетті. Репрессия шараларының жүргізілу әдіс-тәсілдерінің
сипатына байланысты КСРО-да, оның жекеленген аймақтарында жүргізілуінің өз
ішкі логикасы мен реті болды деп айта аламыз [12,160].
30-жылдардың екінші жартысында, дүние жүзілік соғыстың қара бұлты
қаптап келе жатқан тұста әміршіл-әкімшіл басқару жүйесі өзінің бойындағы ең
бір жексұрындық қасиеттерін көрсете бастады. Соның салдарынан Кеңес қоғамы
аса ауыр да, зардапты қиындықтарға кездесті. Одан Қазақстан да тыс қалған
жоқ. Жергілікті партия, кеңес, комсомол, кәсіподақ ұйымдары, шаруашылық
орындары үлкен соққыға душар болды. Жеке адамды дәріптеу жағдайында
жергілікті кадрларды қудалау етек алды. Қаралап, жала жауып арыз
бергендерді қолпаштау, жаппай сезіктену, шет ел пайдасына шпиондық жасап
жүр деп орынсыз айып тағу, басқа жүгенсіздіктер мен жөнсіздіктер тыюсыз
етек алды. Партия, кеңес қызметкерлері, оқыған зиялылар орынсыз қудалуға,
құрбандыққа ұшырады. Сөйтіп, қасіретті қуғындаудың екінші кезеңі 1937 жылы
басталды [53,334].
Қазіргі таңда бүкіл Кеңес елін, соның ішінде Қазақстанды да қамтыған
жаппай репрессиялау шаралары бірқатар факторлардың салдарынан туған деп
нақты айта аламыз. Соның ішіндегі ең жетекші фактор - ол белгілі әлеуметтік-
саяси күштердің, оның қатарында БК(б)П бар, билік үшін күрес екенін ескеру
керек. Бұл күресте Сталиннің жеке билікке жетудегі өз бағыты басым түсті.
Сондықтан да саяси репрессияның басты себептерінің бірі осы екенін баса
айту өте маңызды. Елде тоталитарлық мемлекетке тән қалыптасқан құрылым
пайда болды. Тоталитарлық жүйеге сәйкес ең алдымен мемлекет қоғам мен жеке
тұлғаларға үстемдік жүргізіп, қоғамның барлық саласына араласты.
Тоталитарлық жүйеге сәйкес мемлекет бір партиялық режимде болды және өзінше
механизм қалыптасты: партия – мемлекет. Ал бұл партиялық біртектілік
идеологияның да біртектілігіне әкеліп соқтырды, ал оның іске асуына билік
ету иерархиясы жоғарыдан төмен жүргізіліп, ең төменгі жікті де қамтыды.
Азаматтық қоғамның бұл жүйеде орны жоқ болды. Халықтың көпшілігі о бастан-
ақ, партияның мақсатына, бағдарына, жарлығына сенді. Ал қалған бөлігін,
яғни көкірегі ояу, сол мақсаттарға қарсы келген азаматтарды әр түрлі
тәсілмен сол мақсаттарға сенуге мәжбүр етті. Осы ретте авторитарлық-
тоталитарлық қоғамдық құрылысқа саяси репрессия шаралары бірден-бір нығайту
құралы ретінде қызмет етті [19,4].
ХХ ғасырдың 20-30-жылдары үзіліссіз жүргізілген репрессиялық
саясаттың тағы бір себебі орталық басшылық, оның Қазақстандағы өкілі
есебінде болған большевиктер партиясының Өлкелік Комитеті осы аталған
тарихи мезгілде тікелей өздерінің нұсқалары бойынша жүргізілген
экономикалық, саяси және басқа реформалық шаралардың сәтсіздікке ұшырау
себептерін саяси оппозицияға, тіптен жоғарғы республикалық басшылықта жүріп-
ақ қате бағытқа жігерлі де табанды қарсылық көрсеткен қызметкерлерге
аударуы. Елдегі дағдарысқа кінәлілерді табуға байланысты халық арасынан
“халық жауларын”, “зиянкестерді”, “ұйымдар” мен “антикеңестік элементтерді”
іздей бастады. Орталықтың көшірмесі ретінде Қазақстан да ұлттық сипатта
осындай қылмыстыларды іздей бастады. Шахталар мен кәсіпорындардағы
кездейсоқ апаттарды, колхоздар мен совхоздардағы мал жұты, өрт пен басқа да
табиғи апаттар сол “жаулардың” әрекетімен түсіндірілді және соған сәйкес
қылмыстық істер қарастырылды [28,154].
Сталин және оның саясатын іске асыруға тырысушылар өз биліктерін
берік әрі мызғымас етіп ұстау үшін сталиндік рухта тәрбиеленген, негізінен
жас кадрлардан тұратын азаматтық және әскери бюрократияны өзіне бағындыру
керек болды. Каганович ХVIIІ съезде сөйлеген сөзінде: “Мұндай жас кадрларға
Сталин жолдас қандай тапсырма берсе де орындай алады” деген болатын. Бұл
аталмыш топ, яғни әр түрлі ұлттың “буржуазиялық мамандары” өз мүдделерін
азамат соғысы кезінен бастап, ұжымдық тәрбиемен қалыптасқан әкімшілік
жұмысшылар кәсіпшілігін сақтау үшін, қарапайым тілмен айтсақ, өз әкімшілік
логикасы, яғни автономиясын сақтау үшін идеологиялық волюнтаризм мен
орталықтан келетін бұйрықтарға бағынбау негізінде қорғаған болатын. Осыдан
барып сталиндік жетекшілердің алдында сол кезде қол астындағы әкімшілік
кадрларының сапасын анықтау тапсырмасы қойылды. Сондықтан Сталин үшін
негізгі атқарар іс – сол адамдарды “әрекетті”, яғни екі етпей
тыңдайтындармен ауыстыру болды. Сондықтан да бір уақытта партия ұжымдарында
“тазалаулар” жүрді. Партияға сенім артпағандар мен жұмыста қандай да бір
қателік жібергендер БК(б)П қатарынан еш аяусыз шығарылды [26,202].
Репрессия саясатының кең ауқымдылығын түсіну үшін “Үлкен террор”
кезіндегі 1937 жылғы ақпан-наурыз пленумында келтірілген баяндамаға назар
аудару керек. Онда “басқа державалардың ішінде КСРО жалғыз социализм
құрылысындағы мемлекет, шетелдік мемлекеттер, оның ішінде Финляндия, Балтық
елдері, Польша, Румыния, Түркия, Жапония елдері Франция және Ұлыбритания
елдерінің көмегімен КСРО-дағы социализм құрылысына тосқауыл болуы үшін
шпиондар мен диверсант әскерлерін КСРО-ға енгізеді” деген оймен контексте
“басқа әлеммен қарым-қатынас жасағандарға, қуғындау ісі жүргізілді”
делінген. Сондықтан “басқа әлеммен” байланыста болған шпиондарды қудалау
науқанының басталуы ғажап емес [26,203].
30-жылдардың басында елде жүзеге асырылып жатқан реформалар
барысындағы құқықтық нормалардың бұрмалануы айыптала бастады. Мысалы, 1932
жылы 25 маусымда Бүкілодақтық Орталық Атқару комитеті (ОАК) мен Халық
Комиссарлар Кеңесі (ХХК) “Революциялық заңдылық туралы” қаулы қабылдап,
құқықтық нормалардың бұрмалануын айыптады. Партияның ХVII съезінде көптеген
делегаттар индустрияландырудың өте жоғары қарқынын бәсеңдету, астықта
экспорттауды азайтуды, карточканы жою, қоғамдық-саяси өмірді
демократияландыру мәселелерін қойды. Күш алған большевиктік әкімшілік-
әміршіл жүйе бұл талаптардың өзіне өте қауіпті екенін сезді. Сондықтан да
елдің санасында қорқыныш сезімін ұялату, сөйтіп қарсылық көрсету
мүмкіндігінен толық айыру жолы ретінде осы қуғын-сүргін – репрессия
саясатын жүргізді [21,183]. Талаптарды қойған күш - қоғамның көкірегі ояу
зиялы қауым өкілдері екені анық. Олар патшалық, одан қалса Кеңес үкіметінің
отаршыл саясатының салдарынан туындаған аласапыран заманда өмір сүрсе де,
біртұтас қазақ идеясын ту етіп, егемендікті көздеп өткен ғасыр басындағы
қазақ зиялылары демократиялық үрдістің бастауы болды және сол үшін де қуғын-
сүргінге ұшырады. Қай уақытта, заманда болсын бір халықты бағындыру,
мойынсұндыру үшін қолданылған ең тиімді тәсіл – оны “бассыз” қалдыру.
Тирандар бірінші сол елдің көсемдерін, оқымысты-білгірлерін құртуға
тырысады. Қаймағын сыпырып алған сүттің тез ашып, іритіні секілді “бассыз”
қалған халық та жылдам көндігеді [43,11]. Кеңес мемлекеті де осындай
тәсілді пайдаланды. Ең бірінші соққы алдыңғы қатарлы адамдардың басына
тиді. Қазақ зиялыларына қарсы бағытталған айыптаулардың ішінде
большевиктердің Алаш зиялыларына қарсы күресте әр түрлі айыптаулармен ғана
шектелсе, одан кейінгі ол өте-мөте қатал жаппай саяси қуғынға ұласты
[21,111].
Осыған байланысты саяси репрессияның іске асуы үшін жаппай қуғын-
сүргінді жүргізуші ерекше механизм қажет болды. Осы орайда ең алдымен
кеңестік тоталитарлық тәртіптің халықты идеологиялық өңдеуде өзіне ыңғайлы
жүйе құрып, өзіне жат келетін күштерді жою жолдары қарастырылды.
Жазалаушы органдар кең ауқымды репрессиялық іс-шараларды жүргізуге
әлеуметтік-психологиялық дайындықты алдын-ала және мұқият ойластырған
болатын. Қоғамды жаппай идеологиялық насихаттау әрекеті екі мақсатты
көздеді: 1.Елдің әрбір қарапайым азаматының санасына экономикадағы
сәтсіздіктерге “халық жауы” кінәлі екенін жеткізу; 2.Террордың күнделікті
өмірде көңілге қонымдылығы мен қажеттілігі туралы ой туғызу. Мәскеуде
бірқатар саяси процесстер жүргізілгенде, 1936 жылдың жазында Ішкі Істер
Халық Комиссариаты органдардары “троцистік-зиновьевтік антикеңестік ұйымға”
қарсы сот процесстерін бастаған болатын. 29 шілдеде БК(б)П ОК Ішкі Істер
Халық Комиссариатының жаңа материалдары негізінде “1936 жылы Зиновьев пен
Каменев тек үкімет басшыларына қарсы террористік қылмыстарды ұйымдастырушы
ғана емес, сонымен қатар С.М.Кировты өлтіруге ұйымдастырылған топтың
жетекшісі және бірінші кезекте, Сталин жолдастың өміріне қатер
төндірушілер” деген дәлелді келтіре отырып, құпия циркуляр жібереді. Осы іс
бойынша 16 адам ату жазасына кесілді [20,71]. Бұл халық ішінен
“контрреволюциялық зиновьевтік-троцкистік ұйымдарды” қырағылықпен іздестіру
науқанын бастап берді. Бірінші Мәскеу процесі халық санасына әртүрлі
“зиянкес ұйымдардың” бар екенін көрсетіп, халықтың идеологиялық насихатқа
сенгені соншалық, “сатқындар” және “көрегенді Сталинге қастандық
жасаушылар” деген ұрандармен балағаттап митингтер мен жиналыстар өткізген
[15,102].
ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы қуғын-сүргін құқық қорғау органдарының
қолымен жасалды. Кеңес мемлекетінің заңдары 1920 жылдан бастап-ақ
тоталитарлық жүйенің орнауына жол көрсетті. Кеңестік құқық “биліктен
айрылған қанаушы таптарға” қарсы бағытымен ерекшеленді. Ал заңдар Кеңес
мемлекетін нығайтуға, социалистік экономиканы құруға, еңбекшілер бостандығы
мен демократиялық құқықтарын қамтамасыз етуге, бұқараны коммунистік санамен
тәрбиелеуге қызмет етуі тиіс болды.
1920-1930 жылдардағы сот жүйесін қайта құру қуғын-сүргінге әзірлік
болатын. Кеңес үкіметі тұсында сот жүйесі өзінің тәуелсіздігінен айрылды.
Сөйтіп, партия саяси қуғын-сүргінге жол ашты. Өрескел заңсыздықтар сот-
тергеу органдарының қолымен жасалды. Заң орындары әкімшіл-әміршіл жүйе
құрамына еніп, асыра сілтеушіліктерге жол берген, яғни Қылмыстық Кодекс
баптарын өкімет пен партия нұсқауларына сай бұрмалаған. Кеңестік құқық
“биліктен айырылған қанаушы таптарға” қарсы бағытымен ерекшеленді. Заңдар
бұқараны отаншылдық рухта емес, коммунистік санамен тәрбиелеуге қызмет
етті. Билік тармақтарының сабақтаса байланысуының салдарынан, сот билігі
саясаттың құралын партияның қолшоқпарына айналдырды .
1937-1938 жылдардағы репрессивті заң “халық жауларын” іздестіру
жағдайында қалыптасып, “заң жасаушылардың” қолымен жасалған әрбір жаңа
құжат тек жекеленген тұлғаларға емес, жалпы бірнеше тұлғаларды қаралайтын
әмбебап құжат ретінде жасалды. Мұнда бір нәрсені ескеру керек, жазалаушы
органдардың осы тарихи кезеңде арнайы термин “бояғыш” пайда болды, ол
контрреволюциялық қылмыстарды жіктеуді ұлттық, диверсия-зиянкестік, казак-
ақвардияшылдық, шпиондық, террористік бандиттік, антикеңестік,
панисламистік, шіркеу-сектанттық тағы басқа жүйеге қарсы қолданылды.
Антикеңестік саяси партия ретінде айыпталғандар мен сотталғандарды
алашордашылар, эсерлер, меньшевиктер, сионистер, дашнак тар, анархистер
тағы басқа боямалармен сипаттады [20,76].
Ең негізгі репрессивті орган - Кеңес үкіметі, оның диктатурасының
басты құралы болған ХХ ғасырдың 20-жылдарының екінші жартысында құрылған
Біріккен Мемлекеттік Саяси Басқарма (ОГПУ) қаныпезерлері болды. Бұл орган
халықтың санасына қорқыныш сезімін ұялатқан. Ол Ішкі Істер Халық
Комиссариаты жанында құрылды. 30-жылдардың ортасынан бастап, кеңестер
одағындағы негізгі билік Ішкі Істер Халық Комиссариаты органдарының қолына
көше бастады. Бұған дейін партия мүшелері мен қатардағы азаматтардың
тағдырын тек партия ғана шешіп, партия органдарының келісімінсіз партия
мүшесін сот жауапкершілігіне тартуға тыйым салынатын еді. Енді бүкіл елдегі
сияқты, Қазақстанда Ішкі Істер Халық Комиссариаты органы партия ұйымдарына
тәуелсіз өз алдына дербес әрекет жасай бастады. Ол әсіресе ХХ-ғасырдың 20-
шы жылдарының екінші жартысында, контрреформаларға өту барысында күшейген
[42,52]. Осылайша Ішкі Істер Халық Комиссариаты жанында 1929 жылдың 29
қазанынан 1931 жылдың 8 сәуіріне дейін құрылған “Үштік”, 1924 жылдан бастап
өмір сүрді. Ішкі Істер Халық Комиссариатының қызметі жылдан-жылға кеңейе
берді. Ішкі Істер Халық Комиссариаты “Ерекше мәжіліс,” “Әскери
трибуналдар,” СССР Жоғарғы Сотының Әскери Алқалары” жазалау органдары
айыптылардың ісін қарап, шығарған шешімдеріне үкім шығарып отырған [34,21].
Тағы бір жазалаушы орган - Бүкілресейлік Төтенше Комиссия (ВЧК) 1922 жылы
мемлекеттік саяси басқарма болып құрылды. Оның қызметі - белгілі бір
аймақтың саяси, әлеуметтік жағдайы туралы Мәскеуге хабарлау болатын. 1923
жылдан бастап ол Біріккен Мемлекеттік Саяси Басқарма (ОГПУ) болып
өзгертілді [42,54].
Ал Қазақстан жағдайында, ҚазССР-да Қазақстан территориясындағы барлық
ұйымдардың қызметінен мәлімет беріп отыратын ерекше бюро құрылды. Оның
негізгі қызметіне Алашорда қайраткерлері, қазақ ұлттық “ұйымдарын” бақылау
кірді. Большевиктер осы органдар арқылы партиялық зиялы қауымның қызметін
бақылап, кеңес органдарының сайлау науқандарына қатысу деңгейі туралы
мәлімет жинап отырды. Бұларды кейін заңсыз құрылған орындар деп тапқан
[42,56]. Облыстық, аудандық үштіктер, облыстық аудындық партия, Кеңес
Атқару Комитеттерінің хатшылары мен төрағалары, сол деңгейдегі Ішкі Істер
Халық Комиссариаты бастықтарынан тұратын болған. Үштіктер төрағасы болып
жоғарғы органдардың белгілеуі бойынша облыстық және аудандық Ішкі Істер
Халық Комиссариаты бастықтары тағайындалған. Дәл осы құрылымдар “халық
жаулары” деп жалған айдар тағылған “қылмыстыларды” тергеусіз, сот
қарауынсыз-ақ атып-асып, айдап отырған. Бұл бүкіл дүниежүзілік тәжірибеде
болмаған заңсыздық болатын. Осы жазалау орындары “қылмысты істерді” тізім
бойынша, 15 минут ішінде бір айыптының ісін қарап, алдын-ала дайындалған
үкімді оқып берумен ғана тынған. Мәселен, 1938 жылы 14 ақпанда Жүргенов
Темірбектің ісін бұрынғы КСРО Жоғарғы Соты Әскери Алқасының көшпелі
Мәслихаты 15 сағат 15 минутта бастап, 15 сағат 30 минутта аяқтаған. Аталған
орынның бір мәжілісінде 30-дан 50-ге дейінгі аралықтағы адамдардың
“қылмысты істері” бір отырыста қаралып атылу жазасына кесіліп отырған
[34,20].
Заң орындарының осындай ең сорақы контрреволюциялық қылмыстарының
бірі – яғни Кеңес үкіметінің репрессивті-жазалау саясатының қылмыстық
жазалау шараларының ең қатаң түрінен байқауға болады. Ол 1926 жылы РСФСР
Қылмыстық Кодексінің Ерекше бөлімінің І тарауымен қаралған 17 нақты
контрреволюциялық қылмыстың 12-сіне жазалаудың ең жоғарғы түрі - ату
жазасының берілуі еді. Жазалау шараларының мынадай түрлері де қолданылды;
азаматтығынан айыру және мемлекеттен қуылу, қатаң бақылаумен бас
бостандығынан айыру, мүлкін тәркілеу т.б. [28,158]. Облыстық соттың
шешімдерінің мазмұны да осыған ұқсас болып, РКФСР Қылмыстық Кодекс 58 бап
негізінде әр түрлі мерзімге бас бастандығынан айырудан ату жазасына дейінгі
жазалар қолданылды. Контрреволюциялық қылмыстық істерге қатысты заңның
қатыгездік деңгейін ортағасырлық инквизация кезіндегі шіркеулік-қылмыстық
заңдылықпен, сондай-ақ фашистік заңдылықпен салыстыруға болатын еді
[28,159]. Қолданылған шаралардың құбыжықтық мөлшерсіздігі сотталған және
айыпталған адамдарды сол сәтте-ақ шарасыздық күйге апарды. Олардың
құқықтары мүлдем қаралмады десек те қателеспейміз
Осындай жазалау шараларының басталу шарттары, түптамыры неде дегенге
келер болсақ, Кеңес үкіметі құрылған күннен бастап өз саясатын қуғын-сүргін
шараларымен бастады. 1918 жылы 21 ақпанда РСФСР Халық Комиссарлар кеңесі
“Социалистік Отанға қауіп төнуде” деген лениндік декретті қабылдады. Оның 8-
бөлімінде “Неприятельские агенты, спекулянты, громилы, хулиганы,
конрреволюционные агитаторы, германские шпионы расстреливаются на месте
приступления” – деген жолдар жазылды. Ал 1918 жылы 14-қарашада Халық
Комиссарлар кеңесі “О рабочих дисциплинарных товарищеских судах” - деген
декретінде еңбек тәртібін бұзушы мен себепсіз норма орындамағандарды 6 айға
дейінгі мерзімде еңбекпен түзеу лагерінде қамауға ұсынады.
1920 жылдан бастап ВЧК-ГПУ-НКВД халық арасынан “кеңестерге қарсы
мәліметтерде” жүйелі түрде жинаған. Жак Россидің айтуынша, 1920 жылдың
басынан бастап-ақ, “контрреволюциялық” немесе “кеңестерге қарсы” іс-әрекеті
үшін айыпталғандарға 6 айдан жоғары мерзіммен бас бостандығынан айыру
жазасы берілсе, ал 1930 жылы РСФСР Қылмыстық Кодексінің 58-10 бабымен 10
жылға сотталғандар саны миллионға жетіп, ГУЛАГ халқының 25 % құраған. Бірақ
Кеңес үкіметіне аталған қатаң контрреволюциялық қылмыстарды жазалау
санкциясы аз болғандай, 1937 жылы 2 қазанда КСРО ОАК адамдарды 10 жылдан 25
жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасын енгізді [14,56].
Аталған бап бойынша сотталғандар түрмелер мен еңбекпен түзету
лагерьлерінде “Агитатор” деген атты иеленген. Кеңес өкіметі жазалау саясаты
патшалық Ресей жазалау шараларынан да анағұрлым асып түскен. Мәселен, патша
уақытында 1905 жылғы революция басылған соң, жылына орта есеппен 90 адам
өлім жазасына кесілсе 1918-1919 жылдары Мәскеу ревлюциялық Трибуналы жылына
орта есеппен 575 адамды ату жазасына бұйырған. Төтенше комиссияның
“контрреволюция мен спикуляцияға қарсы күрес апталығы” журналында
атылғандар тізімі жарияланып, қуғын-сүргін саясатына бұқаралық ақпарат
құралдары да тартыла бастады. Ал 1930 жылдан бастап өлім жазасына
кесілгендер туралы ақпарат мемлекеттік құпияға айналды.
Қазақстанда репрессиялау шараларының алғышарттары болды ма? Иә,
болды. Қазақстанда ол басқашалау болды, дамуы, динамикасы мен әдіс-
тәсілдері басқа болды. Себебі, Қазақстан КСРО тарапынан экспансиялық
қысымда болды. Бір партияның мүддесін қорғау жүрді, яғни ол қоғамды қайта
құру мен билік үшін күреске қызмет етті.
Патшалық отарлау саясатының тонын айналдырып киген кеңестік әміршіл-
әкімшіл жүйе қазақ қайраткерлерінің ұлт қамын ойлаған қайбір ниетін де
өздеріне аса қауіпті деп санап, олардың арман-мақсаттарын тас-талқан етіп
үзді. Осы тарихи кезеңде ұлттық зиялылардың алдында жаңа қатынастарға
негізделген қоғам құру міндеті тұрды. Жаңа қоғам құру жолында диллемаға
айналған мәселе – ұлттық мүдде мен таптық мүддені ара жігін айыра білу еді.
Қазақ зиялыларының “ұлтшылдар”, “оңшылдар” немесе тағы басқа айыптар
тағылып, қуғын-сүргінге ұшырау салдарынан, екі мүдденінің алғашқысының үлес
салмағы барған сайын кеми түсті. ХХ ғасырдың басындағы қоғамдық сананың
қалыптасу ерекшеліктерін бүгінгі күн тұрғысынан қарасақ, ұлтшылдық өз
тіліңді, салт-дәстүріңді құрметтеу, туған жеріңді, табиғат байлығын қорғау
болып табылады. Екінші сөзбен айтса, әрбір ұлттың басқа ұлттан қысым
көргенде оған жауап ретінде пайда болатын ұлттың қорғаныс келбеті. Ол бүкіл
билікті уысында ұстап тұрған ұлттың ұлтшылдығы асқынып шовинизмге айналған
тұста кіші ұлттардың онымен келіскісі келмеуінің белгісі ретінде
көрсетіледі [46,189].
1928-1931 жылдар аралығында жалған айып пен жала жабу әдісі күшейді
және айыпкерді мойындатудың “әдіс-тәсілдері” жетілдіріліп Біріккен
Мемлекеттік Саяси Басқарманың қолында репрессияны жүргізудің даяр механизмі
болды. Осы механизм 1930-шы жылдардың ортасында толықтай күшіне енді.
Нәтижесінде саяси қуғын-сүргін жалпылама бағыт алады. Сот-тергеу
органдарының жазалаушы қызметі саяси шаруашылық науқандар барысында
қарқынды деңгейде болған. Астық, ет дайындау, бай-кулакты тап ретінде жою
социалистік меншікті қорғау науқандары кезінде жоспарды орындай алмаған
халыққа қарсы қолданылған күштеу, зорлық-зомбылық шаралары өте көлемді
[16,36].
Репрессиялық іс-шараларды тікелей қолдану құқы бірқатар сот және
соттан тыс органдарға берілді. Осылай КСРО Жоғарғы Сотының Жылжымалы
коллегиясы Қазақстанның ірі-ірі партия және кеңес қызметкерлерінің ісін
қарады. Жылжымалы коллегия шешімдеріндегі үкімдердің басым көпшілігінің ең
жоғарғы жаза болғандығы, бір жағынан аймақтағы партиялық-кеңестік элитаның
бір бөлігін жоюды көздегендігі болса, екінші жағынан қалғандарын қорқытып,
Орталыққа қандай бір түрде болмасын оппозицияда болу мүмкіндігін
болдырмауға ескерту ретінде болды, яғни биліктің барлық тетіктерін өз
қолдарында ұстап отырған БК(б)П ОК-нің сталиндік тобына қарсы шығу
әрекеттеріне үзілді-кесілді тыйым салынды [15,68].
Облыстық соттың шешімімен сотталғандардың құрамы әлеуметтік мәртебесі
бойынша өр тақылеттес болып, түрлі деңгейдегі партиялық-шаруашылық
қызметкерлерін, қатардағы партия мүшелерін және жай азаматтарды да қамтыды.
Соттан тыс орган ретіндегі “үштіктер” құрамына партияның облыстық
комитетінің бірінші хатшысы, облыс прокуроры және Ішкі Істер Халық
Комиссариаты облыстық басқармасының бастығы кірді. “Үштіктердің” соттан тыс
үкім шығарудағы және халықтың әр түрлі әлеуметтік топтарының істерін
қараудағы шексіз өкілеттіліктері, өз кезегінде олардың мүшелерінің жеке
қауіпсіздігіне кепіл бола алған жоқ. Себебі мұндай жазалаулар сот
органдарының өздерінің мүшелерін де қамтыды [15,69]. Зерттеліп отырған
кезеңдегі Ішкі Істер Халық Комиссариатының облыстық басқармасының бастығы
С.Д.Пинталь бәлкім “үштіктің” төрағасы да шығар, репрессияға ұшырап басқа
бір соттан тыс орган КСРО Ішкі Істер Халық Комиссариаты Ерекше кеңесінің
1937 жылғы желтоқсандағы үкімімен ату жазасына кесілді [30,18]. Жалпы
алғанда республика бойынша “үштіктің” 24 мүшесінің 15-сі репрессияға
ұшырады. Аз уақыт қана жұмыс істей отырып, “Үштіктер” репрессиялық
үкімдердің басым көпшілігін шығарып үлгерген еді [15,68].
1936 жылдың 26 қыркүйекте Г.Г.Ягода Ішкі Істер халком қызметінен
алынып, КСРО-ға қарасты халком болып тағайындалды. 1937 жылдың 3 сәуірінде
ол сотталып, 1938 жылдың 15 наурызында атылды. Ягода өзінің КСРО Жоғарғы
Кеңес президиумына кешірім сұрағанда “менің отаным алдындағы кінәм көп. Мен
оны ешқандай да өтей алмаймын. Өмірмен қоштасу қиын. Бүкіл халқым мен
партия алдында тізерлеп кешірім сұрай отырып, мені өлімге қимауларыңызды
сұраймын” деген [20,73].
Н.И.Ежов Ішкі Істер Халық Комиссариатына келісімен қоғамда күрделі
кезең басталды. Сондықтан да 1937-1938 жылдар “ежовтық” кезең деп аталады.
1937 жылы 20 желтоқсанда ВЧКОГПУНКВД 20-жылдығына байланысты баяндамада
А.И.Микоян Ежов туралы: “...жолдас Ежов Николай Иванович Ішкі Істер Халық
Комиссариатына келіп, Ішкі Істер Халық Комиссариатындағы жағдайды тез арада
жақсартты. Ежов Ішкі Істер Халық Комиссариаты жұмысын тежеген бөтендерді
қуып, орнына кеңес барлаушылары мен чекистердің тобын құрып, құрамын
өзгертті”, - деп жазды. Шындығында, 1936 жылдың 1 қазанынан 1938 жылдың 1
қаңтарына дейін ГУГБУГБ органдар қатарынан 5229 қызметкер шығарылып, 1220-
сы сотталған. Осыған байланысты БК(б)П ОК-нің КСРО Жоғарғы Кеңесі
сайлаушыларына 1937 жылдың 6 желтоқсанында: “Енді біздің отанымызда кеңес
елінің шпиондарынан, зиянкестерінен, диверсанттары мен басқа да жауларынан
залалсыздандыруға қабілетті нақты органдары бар” деп мәлімдеген болатын.
Бірақ Н.И.Ежовтың атап айтарлық “қызметі” – екі қарама-қайшы күресуші
жақтар: “өздері”, яғни партия қатары мен кемеңгер “көсемді жақтаушылар мен
“бөтендер – басқаша ойлайтындар репрессияның қоғамда етек алуына қарсылық
білдіргендер елін әскери лагерьге айналдыру қабілеті еді. 1938 жылдың Ішкі
Істер Халық Комиссариаты жетекшісі Л.Берия болды.
Осылайша 1933-1936 жылдары кеңес қоғамының даму заңдылықтары мен
ортақ тенденциялары анықталды. 1937-1938 жылдардағы репрессияны жүргізуші
арналған ерекше механизм 1920 жылдан қалыптаса келе, аталған кезеңге қарай
ең алдымен бұқаралық үгіт-насихат арқылы, кейіннен заңды және заңсыз
құрылған жазалушы органдар арқылы, ақырында арнайы заңдар мен циркулярлар
шығару арқылы 1937-1938 жылдары өз миссиясын орындап шықты. Репрессивті
саясаттың толқынды сипаты осы кезеңде елдегі жалпы жағдайдың ығымен
жүргізіліп, белгілі жүйеден өтті. Ең алдымен экономика жағдайы
“төтеншеліктен” дағдарыстық жағдайға жетіп, халық наразылықтары көрінген
болатын, кейін халық біршама әлсізденіп басылды. Бірақ 1937 жылы мұндай
салыстырмалы түрдегі теңдік тоталитарлық режимнің қатаң тенденцияларымен
алмастырылып, оның бәрі қалың елге қарсы кең ауқымды репрессияның
жүргізілуіне әкеліп соқтырды. Демократиялық қоғамдағы барлық мәселелер
саяси, экономикалық, ал қажет болған жағдайда әкімшілік репрессивтік
шаралармен, басты әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы жүргізілді.
1.2. Қазақстандағы репрессияның негізгі толқындары
Қазақстандағы репрессиялау шаралары 1920 жылдардан басталды және ол
толқынды сипатта болды. Орталықта жүргізілген репрессиялау саясаттары өз
кезеңдерінде Қазақстанды тыс қалдырмады.
Осыған дейін көптеген уақыт бойы қоғамдық пікірде репрессия науқаны
тек 1937-1938 жылдары ғана жерді деген ой басым болып келді. Ал шындығында,
көптеген мәліметтердің шығуына байланысты кеңестік жазалау науқаны сонау
төңкерістің алғашқы жылдарында ғана басталып, ұзақ ... жалғасы

Ұқсас жұмыстар
Пәндер
- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.
Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz