Р.Л. Стивенсонның «Қазына аралы» романының қазақша аудармалары


РЕФЕРАТ
Жұмыстың тақырыбы: Р. Стивенсонның «Қазына аралы» аудармасының көркемдігі
Жұмыстың көлемі: 53 бет
Жұмыстың құрылымы: Диплом жұмысы кіріспе, екі тарау, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
Жұмыстың мақсаты мен міндеті: Жұмыстың мақсаты ағылшын тіліндегі шығарманың қазақ тіліне аударылу сапасын зерттеу. Осыған байланысты жұмыстың міндеті ағылшын тіліндегі түпнұсқаның аудармаларын ағылшын, орыс, қазақ тілдерінде салыстыра отырып, қазақ тіліндегі екі нұсқаның сапасын айқындаудағы алғашқы қадам жасау, көркем аударманың өзіндік ерекшелігін айқындау болып табылады.
Жұмыстың мазмұны. Кіріспеде жұмыс тақырыбының өзектілігі, мақсаты мен міндеттері айқындалып, қолданылған әдістер, дереккөздер, ағылшын әдебиетіне жалпы шолу және оның көрнекті өкілдері ретінде Уильям Шекпир, Джонатан Свифт, Даниель Дефо, Артур Конан Дойл, Агата Кристи, Уильям Соммерсет Моэм сияқты қаламгерлердің ағылшын әдебиетінде алатын ерекше орны, олардың шығармаларының қазақ тіліне аударылғандығы жайында қысқаша айтылды. Негізгі бөлімнің бірінші тарауында ағылшын әдебиетінің даму дәуірлері, оның ішінде ең күрделі бөлігін - XIX ғасырдағы әдебиеттің даму бағыттары мен көрнекті өкілдері туралы айтылады. Солардың бірі - Р. Л. Стивенсон өмірі мен шығармашылығына шолу жасалды. Екінші тарауда «Қазына аралы» романының қазақша аудармаларына тоқталып, екі нұсқаның ерекшеліктері ағылшын, орыс нұсқаларымен салыстырылды. Қорытынды бөлімде Стивенсонның ағылшын әдебиетінде алатын орны, қазақ тіліндегі аудармалардың сапасы мен нәтижесі тұжырымдалып, көркем аударманың маңызы мен пайдасы айтылды.
Зерттеу жұмысының әдістері: Бітіру жұмысында сипаттама, салыстыру және талдау, жүйелеу әдістері қолданылды.
Жұмыстың мазмұнын сипаттайтын тірек сөздер: аударма теориясы, түпнұсқа, әдеби байланыс, аударма тәжірибесі, аудару стилі.
Тақырыптың зерттелу деңгейі: Түпнұсқа мәтін Стивенсонның ағылшын, орыс тілінде шыққан шығармалар жинағынан, интернеттен, аударма мәтіндер А. Құлыбеков пен Қ. Дәуітов аударған «Қазына аралы» кітаптарынан алынды, сондай-ақ ағылшынша-орысша сөздік, орысша-қазақша, қазақша-орысша сөздіктер, «История зарубежной литературы конца ХІХ-начала ХХ века» оқулығы, Т. А. Казакованың «Практические основы перевода» оқулығы, В. Н. Комиссаровтың «Теория перевода» деген лингвистикалық аспектілері, М. Әуезовтің «Уақыт және әдебиет», Ә. С. Тарақовтың «Аударма психологиясы және мәдениеті» кітаптары, т. б. оқу құралдары пайдаланылды.
Алынған нәтижелер: Бұл тақырып бұған дейін зерттелмегендіктен, жұмыс барысында:
- ағылшын тіліндегі шығарманың қазақ тіліндегі таңдаулы аудармалары айқындалды;
- түпнұсқа, екінші түпнұсқа, аудармаларды салыстыра отырып зерттелдінәтижесінде олардың аударылу сапасына баға берілуде алғашқы қадамдар жасалды.
ЖҰМЫСТЫҢ МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ . . . 4
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
1-ТАРАУ Ағылшын әдебиетінің даму тарихы мен ХІХ ғасырдағы
негізгі әдеби бағыттар . . . 9
- Ағылшын әдебиетінің даму тарихы
- ХІХ ғасырдағы ағылшын әдебиетінің көрнекті өкілі - Р. Л. Стивенсон шығармаларының рухани маңызы
2-ТАРАУ Р. Л. Стивенсонның «Қазына аралы» романының қазақша аудармалары . . . 18
2. 1. Аудармалардағы автор стилін жеткізу жолдары
2. 2. Аударма мен түпнұсқаның көркемдік, стилистикалық
сәйкестігі
Қорытынды . . . 48
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі . . . 52
КІРІСПЕ
Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алуымен байланысты қоғамдық өмірдің көптеген саласында аударманың да өрісінің кеңейіп, жан-жақты атқарар қызметінің өсе түскені белгілі. Осы ретте даму тарихының тамыры тереңге кететін аударма саласы да күрделі зерттеуді қажет етеді.
Аударма - әдебиеттің өскелең саласы десек, өзге тілге аударылған және өзге тілден аударылған ерекше үздік үлгілерді, таңдаулы аудармаларды жобалы түрде зерттеп, парықтап отырудың маңызы зор, әдебиетімізге де, тілімізге де берері мол. Аударма мәселелерінің теориялық ой-пікірі жылдан-жылға мәнді, мағыналы жаңалықтармен өрістеп келе жатқандығы белгілі. Әйтсе де аударма саласындағы мол еңбектерге қарамастан, олар белгілі бір жүйеде зерттелініп, бағаланып, нақты ғылыми айналымға енген жоқ. Бүгінде аударма теориясының негізін қалайтын әдебиеттер Кеңес Одағы кезіндегі ақын-жазушылардың жазған құнды сын-пікірлері құрап отыр. Дегенмен 1920 жылдардағы аударманың қанат жайып өркендеуі, Алаш азаматтарының тарапынан аудармаға байланысты білдірген сын-пікірлері өз бағасын толық алған жоқ. Сонымен қатар алғаш рет Алаш азаматтарының аудармасымен енген Абайдан бастау алатын Америка, Еуропа әдебиеті аудармаларының антологиясы, аударылу бағыты бүгінгі қазақ аударма ғылымының зерттелмеген тың саласы. Кеңестік уақытта көркем аударма шығармалары - идеологиялық жұмыстың басты бағыттарының бірі болды. 1970-85 жылдары қазақ әдебиетінде аудармалар молынан жасалды. Солардың көпшілігі - ағылшын тілінен ағылшын, американ әдебиеттерінен атақты классиктердің туындылары. Тақырыптың өзектілігі де, бір жағынан, осымен байланысты. Қазақ әдебиетінде орыс тілі арқылы аударылған ағылшын тіліндегі әдебиеттің де мол қазынасы қалыптасып үлгерді. Бірақ бұл аудармалар жайында үш тілді қатар салыстыра отырып, аударманың сапасын айқындайтын зерттеулер мен пікірлер некен-саяқ. Міне, зерттелу материалының молдығы, аударма теориясындағы жаңа көзқарас зерттеудің тың жұмыс болуына негіз болды.
Зерттеудің нысаны ағылшын тіліндегі әдебиеттің аударылуы, оның ішінде XIX ғасырдағы ағылшын әдебиетінің талантты Роберт Льюис Стивенсонның әлем оқырмандарына кеңінен танымал «Қазына аралы» романының қазақ тіліне аударылу сапасы.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Осыған байланысты төмендегідей
міндеттерді шешу көзделді:
- ағылшын тіліндегі шығарманың қазақ тіліндегі таңдаулы аудармаларын
айқындау;
- аударманың жасалу мақсатына тоқталу;
- түпнұсқа, екінші түпнұсқа, аударма, екінші аударманы салыстыра отырып,
аударманың сапасына баға берудің алғашқы қадамдарын жасау болып
табылады.
Зерттеу жұмысының әдістері мен дерек көздері. Бітіру жұмысында сипаттама, салыстыру және талдау, жүйелеу әдістері қолданылды. Түпнұсқа мәтін Р. Л. Стивенсонның ағылшын, орыс тілінде шыққан шығармалар жинағынан, интернеттен алынды. Аударма мәтіндер А. Құлыбеков пен Қ. Дәуітов аударған «Қазына аралы» кітаптарынан алынды, сондай-ақ ағылшынша-орысша сөздік, орысша-қазақша, қазақша-орысша сөздіктер, «История зарубежной литературы конца ХІХ-начала ХХ века» оқулығы, А. Т. Казакованың «Практические основы перевода» оқулығы, Мұхтар Әуезовтің «Уақыт және әдебиет» оқулығы, Ә. С. Тарақовтың «Аударма психологиясы және мәдениеті» кітаптары, т. б. оқу құралдары пайдаланылды.
Зерттеу барысында ағылшын әдебиетінің даму дәуірлеріне шолу жасалынды. Оның ішінде ХІХ ғасырда өзінің шығармашылық қолтаңбасын қалдырған реалистік әдебиеттің танымал өкілдерінің бірі Р. Л. Стивенсонның өміріне, шығармашылығына тоқталып, сатылы аударма арқылы қазақ тіліне екі рет аударылып шыққан нұсқалар қарастырылды. Алғаш А. Құлыбеков аудармасы арқылы танысқан қазақ оқырмандары бұл шығармаға ерекше қызығушылық білдіргендіктен, роман екі рет басылып шықты. Уақыт талабы өзгерген соң әдебиеттің жаңа өсу деңгейінде Қ. Дәуітов «Қазына аралын» қайта аударып, өзіне дейінгі нұсқаның қателіктерін түзеп шықты. Осы жұмыста айтылған екі аудармашы нұсқалары орыс тіліндегі және ағылшын тіліндегі нұсқалармен салыстырылып, аудармадағы қателіктер анықталып, автор стилінің жеткізілу тәсілдерін, аудармадағы сәйкестік, дәлдіктің берілгені мысалдар арқылы қарастырылды. Салыстыру, сараптаулар аудармадағы теория, пікірлермен түйінделді.
Шетел әдебиетінің тарихы Батыс Еуропа әдебиетінің көркемдік-эстетикалық ізденістері мен жетістіктерін ғасыр-ғасырға бөліп, терең пайымдауды талап етеді. Ғылыми ортада бұл бөліністі Ежелгі дәуір, Орта ғасыр мен Өрлеу әдебиеті, ХVII-XVIII ғасырлардағы Батыс Еуропа әдебиеті, ХІХ ғасыр әдебиеті, ХХ ғасыр әдебиеті деп кезеңдеу қалыптасқан. Біздің зерттеу тақырыбымыз ХІХ ғасыр әдебиетінің өкілі Р. Л. Стивенсон болғандықтан, бұл әдебиетке кейінірек тоқталамыз.
Ағылшын әдебиеті әлемге көптеген ұлы классик жазушыларды сыйлады. Атақты У. Шекспир, Агата Кристи, Дж. Свифт, Д. Дефо, Р. Л. Стивенсон, А. Конан Дойл, Р. Киплинг, У. С. Моэм сияқты талантты жазушылардың әлем әдебиетінде алатын орны ерекше. Дүниежүзілік әдеби байланыстың арқасында көркем аударма дами түсіп, әдебиетіміз әлемдік классиктерді ана тілінде оқып, тани бастады. Мұның өзі табыс, әдеби жеміс болып табылады.
Ағылшын әдебиетін басқа классиктерден бұрын Шекспир шығармаларынсыз елестету мүмкін емес. Оның шығармаларының желісі - феодалдық қоғамдағы адамдардың қарым-қатынасы мен әділетсіздік, достық пен махаббат, озбырлық, зұлымдық, діни сенімдермен күрес, биік адамгершілікке, шындыққа қалтқысыз сену, өмірді сүюді уағыздау, адамды аздырар әрекеттер мен қылық-мінездерді әжуалау, сынау бәрі - уақыт талабына үндес, сәйкес келеді. Шекспир туындыларға бай драматург: «Венера және Адонис», «Лукреций», «Ромео мен Джульетта», «Асауға тұсау», «Жазғы түнгі түс», «Гамлет», «Отелло», «Король Лир», «Макбет», «Ричард ІІІ», т. б. шығармалары соның дәлелі. Шекспирдің арқасында XVI ғасырдың соңынан сонет ағылшын поэзиясының жетекші жанрына айналды. Оның қаламынан туындаған 154 сонет философиялық тереңдігімен, лирикалық қуаттылығымен, сезімдік драматизмімен, әуезділігімен сол кездегі сонет өнерін дамытты. Қазақ тіліне аударылған шығармалары: «Гамлет», «Отелло», «Асауға тұсау», «Ромео мен Джульетта», «Король Лир», «Макбет», т. б. Осы шығармаларды қазақ тіліне аударған Х. Ерғалиев, Ә. Кекілбаев, М. Әуезов, Е. Букетов, М. Дәулетбаев сияқты сөз зергерлері болды.
Ағылшын әдебиетіндегі сатиралық дәстүр Джонатан Свифт шығармашылығымен тығыз байланысты. Ол тек жазушы ғана емес, публицист әрі ақын. Ағарту дәуірінің алғашқы кезеңінде жазушы қоғамдағы феодализмге қарсы күресті. Өз дәуірінің сатиригі Свифт әлеуметтік-саяси сарындағы шығармалармен ерекшеленеді. Ол Англияның ішкі саясатын, парламенттік жүйесін, отарлық және басқыншылық соғыстарын, қоғамдағы мәдениетсіздікті аяусыз сынады. Свифт сатирасы философиялық-саяси сипатымен өткір. Оның шығармашылығындағы белсенді жанр - памфлет. Алғашқы памфлеттері «Кітаптар күресі» мен «Бөшке ертегілерінде» дінді өткір сынға алды. Жазушының «Гулливердің саяхаты» романы ағарту әдебиеті дәуірінде маңызды рөл атқарды. Жанрлық жағынан ол әрі роман, әрі памфлет. Шығарма шытырман оқиғалы фантастикалық сипатта болғанымен, адам түйсігін байытатын, сол кезеңдегі елдегі заң жүйесін, қоғамдық тәртіпті, монархиялық құрылысты, парламент пен шіркеу арасындағы тартысты батыл сынаған. Свифттің қазақ тіліне аударылғандары: «Гулливер лилипуттар арасында» (Ғ. Оспанов), «Гулливердің саяхаты» (С. Ишанов) .
Жаңа дәуірдегі еуропалық реалистік романтизмнің негізін қалаушы Даниель Дефо болды. Ағылшын прозасының дамуындағы тұтастай бір дәуір Дефо шағармашылығымен байланысты. Ол үш жүз елуден астам шығарма жазып қалдырған. Дефо ағылшын журналистикасының дамытушысы. Ол қоғам өмірін қалай жақсарту жолдарын іздестірді. Отандастарының ағарту ісі, әйелдердің білім алуына көңіл бөлді. Барлық мұраларынан айырықша аталатыны - әлемге әйгілі «Робинзон Крузо» романы. Романның жазылуына негіз болған 1713 жылы ағылшын журналында жарық көрген жазушы Ричард Стилдің «Александр Селькирктің тарихы» деген очеркі. Табиғатпен бетпе-бет жалғыз қалған Робинзон ұзақ жылдар бойы аралда өмір сүріп, еңбек арқылы өзінің болашаққа деген сенімін орнықтырады. Роман тұспалдау жасаумен ұтымды. Бұл роман ағылшын әдебиетінің алғашқы классикалық романы. Қазақ тіліне А. Құлыбеков аударған. Бұл аударма әлемдік классикаға деген алғашқы бет бұрыстың бірі болды. Д. Дефоның басқа да шығармалары: «Моль Флейдерс», «Полковник Джектің тарихы», «Капитан Сингльтон», «Дүрбелең жолдың күнделігі», «Кавалер мемуарлары», т. б.
Артур Конан Дойл - фантастикалық және тарихи романдарымен танымал жазушы әрі ақын. Оның шытырман оқиғалы детективті повесі мен әңгімелерінің кейіпкері, қылмысты ашушы - Шерлок Холмс. Эдгар Поның дәстүрін дамытқан Конан Дойл детективті жанрдың жаңа үлгілерін жасады. Суреткер шеберлігі - шығарманың сюжеттік шешімділігінде, тапқырлығында. Холмс әр оқиғаны көзге елестетіп, қиялмен шолу жасайды. Ол батыл қимыл-әрекеттің ғана емес, өткір ой-шешімнің, ізденістің адамы. Қылмыс іздестірудегі ақылшы досы - доктор Ватсон. Холмс қиялдан туған кейіпкер емес. Өмірде болған Жозеф Веллдің шынайы прототипі. 1889 жылы жазушының «Төртеудің белгісі» атты повесі Холмсты әлем оқырмандарына әйгілі етті. 1890 жылы «Ш. Холмстың бастан кешкен оқиғалары» жеке кітап болып шықты. Жазушы Шерлокпен шектеліп қалмады. «Майкл Кларк» тарихи романын, «Бригадир Жерардың ерліктері», «Стонның туысқандары» повесін жариялады. Дойлдың қылмыстық оқиғаларға арналған шығармалары: «Баскервилей ит аты», «Холмстың оралуы», «Холмстың сот тәжірибесіндегі бір жағдайы», «Холмстың архиві». 1891 жылдың соңынан бастап, Холмстың небір қауіпті де, қатерлі оқиғаларға толы іс-әрекеттерін баяндайтын шығармалар арқылы Дойл атағы әлемге жайылған. А. Конан Дойл поэзиямен де айналысқан. Оның үш томдық өлеңдер жинағы бар. Алайда жазушы әлем әдебиетінде Ш. Холмс хикаяларымен әйгілі болды. Ол детективті жанрды ағылшын әдебиетінде қалыптастырған У. Коллинздің жолын жалғады. Холмс хикаялары қазақ тілінде 1968 жылы басылып шықты, қазақ тіліне аударғандар Т. Кәкішев пен Қ. Орманбаева болды.
Англия - классикалық детективтің отаны. Мысалы, Уилки Коллинз «Ақ көйлекті әйел», Чарльз Диккенстің «Эдвин Друдтың құпиясы», Конан Дойлдың «Шерлок Холмс» туралы шығармаларын білсек керек. Сондай-ақ Дефо, Стивенсон, Диккенс, О. Уайльд Г. Грин сияқты әдебиет алыптарының қалам қарымы Агата Кристидің шығармашылығына зор әсер етеді. ХХ ғасырда ағылшын жазушыларының арасынан тек Англияда ғана емес, шетелде ең көп оқылатын қаламгер - А. Кристи. Ол - романист, қысқа әңгімелердің авторы, драматург әрі ақын. Агата Кристи шығармашылығы туралы көптеген пікірлер айтылған, талдаулар жасалған. Көзінің тірісінде «детектив патшайымы» деген мәртебелі атаққа ие болды. Жазушының алғашқы туындысы - «Үш соқыр тышқан» деген радиопьеса. Кейіннен бұл пьесаны дамытқан жазушы «Тышқан аулау» деген атпен қайта басып шықты. Алғашқы детективті шығармасы - «Құпия тарих». Оның «Шығыс экспрессі» повесі, «Қыздың қызы», «Уақыт» романдары бар. А. Кристидің шығармалары әлемнің 120 тіліне аударылған. ЮНЕСКО мәліметіне қарағанда, жазушының «Стайлстегі жұмбақ оқиға» дейтін тұңғыш кітабынан бастап, 1980 жылға шейін бүкіл әлемде 50 тілде 400 миллион дана кітабы сатылған. Сыншылардың жазуынша, «Роджер Экройдтың өлімі» атты романы бес құрлық оқырмандарының қолынан түспеген. Сәл кейінірек жарыққа шыққан «Айыптау куәгері» және «Тәпі» («Мышеловка») пьесалары Англия, АҚШ, Франция, тіпті Жапония театрларының, т. б. елдердің сахналарында он бес мың рет қойылған. Жазушы өзінің романдарында капиталистік қоғамның қайшылықтарын, қателіктерін ашты. Оның шығармалары оқырмандардың қызығушылығын ғана тудырған жоқ, Англиядағы қоғамдық өмірдің айнасы болды. А. Кристидің әңгімелерін ағылшын тілінен тікелей қазақ тіліне Ә. Ахметов аударды. Жазушының «Қолды болған премьер» повесін ағылшын тілінен А. Тәжімов аударған. «Шығыс экспрессін» орысшадан қазақ тіліне көрнекті қаламгер-аудармашы Базарбай Исаев аударған.
Әлемге кеңінен танымал жазушы - С. Моэм көп сан қырлы талант. Ол драматург, прозаик, сыншы, қысқа әңгімелер мен новеллалар жазуының шебері. Жазушы өмірді жақсы білу үшін қоғамдық істерге белсене араласу керек деп ұйғарды, саясатты өтпелі деп санады. Жазушының ойынша, ең ұзақ өмір сүретін - сұлулық әлемі. Соғыс пен бейбітшілік тақырыбы жазушының «Жауынгерлік қызмет үшін», «Өткір пышақтар» шығармаларында, отарлық мәселе «Макинтош», «Жауын» әңгімелерінде көтерілген. Сондай-ақ жазушы «Корнби», «Шеппи» пьесаларында әлеуметтік мәселелерді қозғайды. Моэмның ең үздік романы - «Адамзаттық құштарлықтың азары» өмір-баяндық деректер негізінде шынайы тәрбиелік дәстүрде жазылған роман. Драйзер бұл романды айырықша бағалады. Моэмның романдары «Ай мен тиын», «Сырланған бет перде», «Қасиетті жалын» драмасы бар. Ағылшын әдебиетінде шағын әңгімелер жазудың шеберлері Диккенс, Стивенсон, Конрад болса, Моэм әдебиет әлеміне қысқа әңгімелерді сюжеттік жағынан жетілдірген жазушы ретінде танылды. Моэмның әңгімелерін қазақ тіліне белгілі жазушы М. Мағауин аударған. Кітаптың аты - «Ел шетінде».
Ең алғашқы қадамдарынан-ақ қазақ аудармашылары орыс аудармасын ғана пайдаланған. Ағылшын әдебиетінің байланыстары туралы Мұхтар Әуезовтің сіңірген еңбегі өте зор. Ағылшын жазушыларын орыс тіліне аудару арқылы қазақ оқырмандарына жеткен. Ал орыс тіліндегі қателіктер қазақ тіліне дәл солай етіп аударылған. Ағылшын тілінен тікелей қазақшаға аудару 1960 жылдары басталады және де жалпы қазақ тілінде жарық көрген шығармалардың саны біршама өсті. Мысалы: Гарто Бредтің «Гүрілдеген қостың бақыты», Куин Майктың «Ырыққа көнбеген адам» әңгімесін Жандос Қалиев аударған. Шекспирдің сонеттері аударылды. Ал 1970 жылдары Фенимор Купердің «Магиканның соңғы тұяғы», Конан Дойлдың «Тор айының жеті күні», Майн Ридтің «Жұмбақ салт атты» шығармасы, Агата Кристидің «Брэдбэрри», Эдгар Поның әңгімелері қазақ тіліне аударылды. 1970-жылдары көптеген туындылардың тәржімалану дәрежесі көркем шығармалардың аудармаға қойылатын талаптарға жауап береді. Ал соңғы он жылда ағылшын тіліндегі әдеби шығармаларды аудару өріс алмай келеді. Тікелей аударма жасауға талпыныс соңғы жылдары тіптен байқалмайды.
Сонымен, кіріспе бөлімде біз ағылшын әдебиетінің дамуына үлес қосқан ірі өкілдерді атап өттік. Олардың шығармаларына шолу жасап шықтық. Осы ұлы қаламгерлердің әрқайсысы ағылшын әдеби жанрына жаңалық қосып, туған әдебиетін байыта түсті десек, қателеспейміз.
1-ТАРАУ
Ағылшын әдебиетінің даму дәуірлері мен әдеби бағыттар
1. 1. Ағылшын әдебиеті классиктермен ғана бай емес, жанрдың түрлері жағынан бай, озық әдебиет. Ол дамудың үлкен, әрі күрделі жолынан өтті. Ағылшын әдебиетінің мынадай кезеңдері бар:
- Орта ғасыр әдебиеті (V-XI ғғ. Саксон әдебиеті), XI-XIII ғасырдағы ағылшын әдебиеті, XIVғ. әдебиеті;
- Қайта өрлеу дәуірі (XV-XVIғғ. ) ;
- XVII ғ. әдебиеті. Ағылшын буржуазиялық -революциялық әдебиеті және қайта қалпына келтіру кезеңдердің әдебиеті;
- XVIIІ ғ. әдебиеті. Ағарту дәуірі;
- XIX ғ. әдебиеті;
- XIX ғғ. соңы мен XXғ. басындағы әдебиет (1871-1917жж. )
- XXғғ. әдебиет.
Ағылшын орта ғасыр әдебиеті. Ағылшын әдебиетінің ежелгі кезеңі біздің дәуірімізге дейін V-XI ғ. қамтиды. Осынау алты ғасыр аралығында көптеген әдеби ескерткіштер дүниеге келді. Олар негізінен ағылшын-саксон тілдерінде жазылды. Осыдан ағылшын тілі дамыды. Шамамен VIIIғ. жасалған ағылшын - саксон поэзиясының биігі - Беовульф. Нормандияның Англияны жаулап алуы VI-XIIIғғ. ағылшын әдебиеті жаңа ағымда дамыды. Елдің саяси және мәдени өмірінде француз ұлтының ықпалы кеңінен тарады. Ресми тіл ретінде француз тілі ел билігінде үстемдігін жүргізді. Әдебиет үш тілде - ағылшын, француз, латын тілдерінде дамыды. Латын тілдерінде ғылыми еңбектер, тарихи хроникалар, шіркеуге қарсы сатиралар жазылды. Француз тілдерінде серілік поэзиясы дамыды, ал ағылшын-саксон тілдерінде халықтық-поэтикалық шығармалар, өлеңдер, серілік романдар жазылды. XIVғ. ағылшын ұлтының қалыптасуына байланысты ағылшын тілі негізгі әдеби тілге айналды. XIVғ. әдебиетінде Уильям Ленгленд, Д. Чосер ағылшын әдебиетіндегі айырықша тұлғалар. Чосердің Кентрберри әңгімелері ағылшын әдебиетінің тарихын жан-жақты қамтыған туынды. XIV-XVғғ. халықаралық поэзия үлгісі - баллада жанры қалыптасып, дами бастады. Әсіресе, аты аңызға айналған халықтық қаһарман Робин Гуд туралы балладалар тұтастай топтаманы құрады. Орта ғасырлық балладаларды Шекспир, В. Скотт өз шығармаларында пайдаланды.
XV-XVI ғ. қайта өрлеу дәуірі. Ағылшын әдебиетінің жоғары деңгейде өрлеумен ерекшеленеді. Қайта өрлеу Англияға Италия, Франция, Испания елдеріне қарағанда кештеу жетті. Қайта өрлеу дәуірдің көрнекті өкілі Томас Мордың «Утопиясы» кейінгі дәуірдегі жаңа ғылыми-фантастикалық шығармалардың тууына негізін қалады. Сонет жанрының дамуына Генри Сарри, Филипп Сидни ерекше үлес қосты. XVIIғ. драматургия өркендеді. Кристофер Марлоның «Ұлы Темірлан» трагедиясы атақты қолбасшы Ақсақ Темірге арналған. Марлоның «Доктор Фаусттың қайғылы оқиғасы» драмасы Гётенің атақты Фауст шығармаларына өзек болды.
XVIIғ. ағылшын әдебиеті 1640-60ж. буржуазиялық революция оқиғасының ықпалында дамыды. Бұл ғасырдағы әдебиеттің ірі таланттары Джон Мильтон, Джерард Уинстэнли, Джон Беньян. Бұл кезеңдерде пуритан діні, кальвинизм ағылшын мәдениеті мен әдебиетіне түбірімен өзгеріс енгізді. Бұл кезеңдегі шығармалар сюжеттерінде діни ықпал басым болды.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz