ХҮ -ХҮ ғ.ғ. Дешті Қыпшақтағы хандық биліктің өзгеріске ұшырауы


Кіріспе
1. ХІІІ - ХІY ғ. ғ. арасындағы хандық билік жүйесіне сипаттама
1. 1. Қыпшақтық билік жүйесінің ғұн және түріктік билік жүйесімен сабақтастығы
1. 2 Монғолдық билік жүйесіне сипаттама
2. ХҮ-ХҮ ғ. ғ. аймақтардағы хандық биліктің өгеріске ұшырауы
2. 1. ХҮ -ХҮ ғ. ғ. Дешті Қыпшақтағы хандық биліктің өзгеріске ұшырауы
2. 2. ХІҮ -ХҮ ғ. ғ. Моғолстан мен Мәуереннахрдағы жергілікті және моңғолдық билік жүйелері арасындағы күрес
Қорытынды
Пайдаланылған деректер тізімі
Қысқартулар
Кіріспе
Тәуелсіз Қазақастанның алдында ұлы мақсаттар тұр. Олардың гуманитарлық саладағы бірі - халықтың өзін-өзі рухани жаңартуы. Халықтың өзінің жаңа рухани жолын, рухани қуаты мен мүмкіндіктерін сезінуі, түпкі мақсат-мүддесінің бір екенін түсінудің мәні өте зор. Ұлттың өзін-өзі тануын өз халқы туралы, оның сол қоғамдағы ұлттық қатынастар жүйесіндегі орнын, әлемдік өркениетке қосқан тарихи үлесін тану деп түсінеміз.
Өз тарихын тану - ұлттың өзін-өзі тануының шыңы. Сондықтан оны қалыптастыру - жалпыға бірдей парыз.
Ежелден келе жатқан халық мәдениетін, рухани мұрасын, тарихын зерттеу өркениеттік сананы, тарихи жадты қалыптастырады.
Осы тұрғыдан келгенде, Қазақстан ежелгі қағанаттар мен ұлыс-мемлекеттердің тікелей мұрагері. Ғұн, түрік мемлекеттерінің, монғол ұлыстарының, Алтын Орда, Ақ Орда мен Қазақ хандығының тарихы Қазақстан Республикасы тарихының негізі болды. Алғашқы Еуразиялық империяны ұлы далада құрған ғұн, түрік дәуірінен келе жатқан көшпелілердің саяси құрылымы жергілікті, тар аймақтық фактор болып қалмады. Көшпелі халықтар құрған Түрік мемлекеті сол дәуірдің ірі державаларымен халықаралық қатынасқа түсе отырып, Қытай мен Византия арасындағы территорияның геосаяси бейнесін өзгертіп қана қоймады, сонымен бірге өздері де жаңа рөлге бейімделіп, алға қарай дамып отырды. Бір ғана тайпамен шектелмейтін жаңа билеуші элиталар пайда болды. Олардың саяси танымы бастапқы түрік елінің жерінен асып, империялық амбицияларға ұласты.
ХІІІ ғасырда Шыңғыс хан мен оның ұрпақтары құрған Ұлы Моңғол мемлекеті Түрік қағанатынан да кең аумақты қамтыды, сөйтіп жаңа билеуші элитаның тууын қайталап қана қоймай, Ұлы Далада Моңғол империясының мұрагерлерінің мемлекеттері ішіндегі билік қатынастары жүйесін анықтайтын тұрақты, көп ғасырлық саяси дәстүр қалыптастырды.
Ұлы Даладағы империялық кезең көшпелі әлемнің жаңа басқарушы топтарымен, жаңа құрылымдық билігімен және саяси құрылымның жаңа түрімен жаңа этносаяси қоғамның туу кезеңі болды. Бұл жаңа этносаяси қоғамдардың бірі - қазақтар болды. Бұлай деуіміздің себебі қазақтың халық ретінде тарих сахнасына шығуы дала имперясының құрылу және ыдырау дәуірімен тығыз байланыста болды.
Бұл шешуші кезеңнің тарихы, ежелгі қыпшақ тайпаларының ыдыраған мемлекетінен қазақ этносы мен алғашқы қазақ мемлекеті құрылған кезеңнің тарихын сол кездегі бірігу процесі жүрген билік ядросының құрамы мен құрылымын білмей түсіну, тану мүмкін емес. Билік ядросы - ХІІІ-ХҮ ғасырларда Ұлы Далада қалыптасқан, генеологиялық жағынан чингизидтермен, ал саяси жағынан - жаңа этнотерриториялық топтармен байланысты посимпериялық билеуші элита болды.
Өздерінің көкейкесті мақсаты мен мүддесін жүзеге асыруға ұмтылған сол кездегі далалық элита тарихи қажеттіліктен ыдырап бара жатқан көшпелілердің бірігуінің қуатты факторы болды. Ойшыл ретінде қазақ мемлекеттілігінің бастаулары мәселесін қойған Ш. Уәлиханов бұл жөнінде “Ядро казахского и кайсацкого народа состояло из целых родов” деп тұжырым жасады /1/.
Өзектілігі. Әрбір халықтың тарихында бұрындары болып өткен және қазіргі кезеңде болып жатқан көптеген тарихи оқиғалар өздерінің ауқымына, қарай, әсер етуші факторлардың маңызына қарай, сондай-ақ өзінен кейінгі тарихи дамуға тигізген әсеріне, ықпалына қарай сол халықтың тарихында белгілі бір маңызға ие болды. Тарихи оқиғалар маңыздылығына қарай бөлініп, жіктеліп те жатады. Кейбір тарихи оқиғалардың маңыздылығы белгілі бір кезеңнің ішіндегі даму процесіне әсер етуімен шектеліп қана қойса, кейбіреулері бүкіл бір тарихи дәуірдің барысына ықпал жасайды, сол дәуірдің негізгі мәндерін қалыптастыруда роль атқарады. Мұндай тарихи оқиғалар тарихи дамудың барлық жақтарына да өзінің ықпалдарын тигізеді. Қазақстан тарихында, оның ішінде ортағасырлық дәуірде зор маңызға ие болған тарихи оқиғалар жеткілікті. Солардың қатарында ерекше орын аталатын, ірі оқиғаға - Қазақ хандығының құрылуы жатады.
Қазақ хандығының құрылуы мәселесі ХІХ ғасырдың ортасынан бері зерттеушілердің назарына ілініп, қарастырылып келе жатқан тақырыптардың бірі. Әсіресе, өткен ғасырдың соңғы 10 жылында қоғамдық өзгерістерге байланысты, аталмыш тақырыпқа да қызығушылықтар арта түсті. Оның себебі түсінікті де. Тарихи сананың орнығуы мен дамуы, нығаюы мен тереңдеуі ұлт тарихының терең қойнаулардағы асыл-маржандары мен байлықтарын игерумен, зерделенумен, қатар жүретіндіктен, тарихшылар да бұл іске белсене атсалысады. Өз ізденістерін олар ұлт тарихының белгісіз беттерін ашуға, оны ел игілігіне жаратуға жұмсауда. Ғылыми зерттеу болғандықтан әр түрлі көзқарастар мен пікірлер де пайда болуда.
Қазақ хандығының құрылу тақырыбы да, көптеген басқа тақырыптар секілді ХХ ғасырдың 90-шы жылдарының басынан бастап жан-жақты зеттеле бастады. Зерттеу барысында әр түрлі ой-пікірлер айтылып, тұжырымдар жасалды. Негізінен алғанда, зерттеушілердің көпшілігі хандық қашан, қалай құрылған деген сұраққа көбірек көңіл бөліп, басқа мәселелер шеттеп қалған еді. 90-шы жылдардың екінші жартысынан бастап тақырыптың ауқымы, көлемі ұлғайып, қарастырылатын мәселелер қатары көбейе түседі. Дегенмен де, осы тақырыптың жекелеген кейбір мәселелері зерттеушілер арасында талас-пікірлер тудырса, кейбіреулері зерттеу барысында алғаш рет күн тәртібіне қойылады. Ал тіпті енді бір мәселелер әлі де болса қарастырылмай отыр. Біздің ойымызша, осы біз сөз етіп отырған тақырыптың ішіндегі Қазақ хандығы құрылғанға дейінгі қыпшақтардың мемлекеттігі, оның басқару жүйесі қандай, монғолдыұқ басқару жүйе қандай болды, олардың ерекшелігі қандай, Қазақ хандығының құрылу негізі неде деген мәселе әлі күнге арнайы түрде зерттелмей келеді. Cондықтан да зерттеу жұмысында осы мәселеге ден қойылып отыр.
Мәселенің зерттелу деңгейі. ХІІІ-ХҮ ғасырлардағы моңғолдар жаулап алған жерлердегі мемлекеттік басқару жүйесі арнайы зерттелмеген тақырыптардың бірі. Бірақ саяси тақырыптарға қатысты еңбектерде біз қарастырып отырған мәселені арнайы болмаса да жанама түрде қарастырып кетеді. Сондай саяси тарихқа қатысты еңбектерге-ХІІІ-ХҮ ғасырлардағы мемлекеттер, соның ішінде Ақ Орда, Алтын Орда, Моғолстан, Мәуереннахр тағы басқа мемлекеттердің тарихын зарттеуге арналған еңбектер жатады. Бұл мемлекеттердің қоғамдық құрылысы, басқару жүйесі саяси тарихпен тығыз байланыста болғандықтан аз да болса билік жүйесіндегі өзгерістер қарастырылған. Соларға тоқталып көрелік.
Моңғол жаулаушылығына дейінгі қыпшақтардың мемлекеттілігі мәселесі С. М. Ақынжановтың «Кипчаки в истории средневекового Казахстана» атты монографиясында жан-жақты ашып көрсетіледі /2 /. Онда біз үшін маңызды Қыпшақ хандығының қоғамдық-саяси жағдайы, басқару жүйесіне қатысты мәселелер зерттелген. Қыпшақтық дәстүрді зертегенде бұл еңбек бірден-бір зертеу қызметін атқарады.
Ал қыпшақтық басқарудағы билікті мұралану дәстүрінің одан бұрынғы тарихпен сабақтастығы Л. Н. Гумилевтің «Хұндар» /3/, «Көне түріктер» /4/ деген еңбектерінде қарастырылады. Л. Н. Гумилев түрік дәуірін зерттеуге қомақты үлес қосқан ірі ғалым. Ол ғұн, түрік мемлекеттеріндегі билікті мұралану дәстүрінің бастауын, тарихи жалғастығын зерттей отырып, Қыпшақ хандығының билікті мұраға беру дәстүріне тарихи алғышарт болғанын негіздеп береді.
Ерте орта ғасырлардағы түріктік басқару жүйесін заңдық тұрғыдан зерттеген Т. С. Жұмағамбетов «Проблемы формирования и развития древнетюркской системы государственности и права» деген еңбегінде қыпшақтық билеу дәстүрінің түрік даласындағы көрінісін тарихи оқиғалар негізінде айшықтап береді /5/.
Г. Е. Марков пен Н. Е. Масанов Қыпшақ мемлекетінің басқару құрылымы туралы зерттей отырып, өзіндік баға береді /6/. Осы мәселені К. В. Кудряшев /7/, С. А. Плетневалар /8/ да зерттеді.
Моңғолдардың жаулап алуына байланысты Моңғол империясының, оның ізбасарларының тарихын зерттеу үлкен үрдіске айналды. Осы орайда Б. Я. Владимирцевтің «Общественный строй монголов. Монгольский кочевой феодализм» еңбегін айтпасқа болмайды /9/. Ол моңғол тайпаларының қоғамдық құрылысын жан-жақты зерттеп береді. Алтын Орда мемлекетінің қоғамдық құрылысын Г. А. Федоров-Давыдов зерттесе /10/, саяси тарихымен Б. Д. Греков пен А. Ю. Якубовский /11/ айналысты.
Қоғамдық құрылыс мәселесін, оның ішінде Алтын Орда тарихына қатысты, оның басқару жүйесін тарихи тұлғалардың қызметімен байланысты сияқты зерттеушілер Алтын Орда тарихын зерттеуге үлкен үлес қосты. Сонымен қатар М. Г. Сафаргалиев /12/, Н. Ц. Мункуев /13/, И. П. Петрушевскийлер /14/ моңғол хандары, олардың жүргізген саясаты туралы іргелі еңбектер жазды . Ал Алтын Орданың орыс жерлеріндегі салық жүйесі туралы С. А. Аннинский /15/, А. Н. Насонов /16/, В. В. Каргалов /17/, И. Н. Березин /18/, В. В. Вельяминов- Зернов /19/ өз еңбектерінде тоқталып, біршама талдау жасайды.
Ал Моғолстан мен Мәуереннахрда ХІІІ-ХҮ ғасырларда болған саяси оқиғалар туралы, сонымен бірге басқару жүйеде болған өзгерістер жайлы негізгі іргелі еңбектер қатарына К. А. Пищулинаның/20/, В. В. Бартольдтың/21/ зерттеулері мен монографиялары жатады. Бұл тарихшылар аталған аймақтардағы моңғолдық және қыпшақтық дәстүрлер арасындағы қайшылықтар, жергілікті әмірлердің билікке араласуы туралы тарихи оқиғалармен байланыстыра жазады.
Т. И. Сұлтановтың моңғолдық басқару жүйесін сипаттап жазған еңбегі біз қарастырып отырған тақырыпқа жақындау болғандықтан өте құнды зерттеу болып саналады/22/. Б. А. Ахмедов та жергілікті әмірлер билігінің күшеюі туралы ірі еңбек жазған ғалым ретінде белгілі/23/. Сонымен бірге тақырыбымызға байланысы бар А. Ш. Қадырбаевтың/24/, Ш. Сандагтың/25/, В. П. Юдиннің/26/, К. Э. Босворттың/27/, З. Қинаятұлының/28/ еңбектерін атап өтуіміз керек.
Соңғы жылдары осы мәселемен зерттеуші Б. Б. Кәрібаев айналысып, алғаш рет күн тәртібіне қойды. Көптеген мақалалар жазды, сөйтіп өзінің жаңаша тұжырымдарын мерзімді басылымдар арқылы жеткізді/29/.
ХІІІ-ХҮ ғасырлар арасындағы билік жүйесінің жалпы зерттелу деңгейі осындай.
Деректік қоры. Тақырыпқа қатысты дерек көзіне моңғол жаулап алушылығы, одан кейінгі моңғол дәуірінен кейінгі кезең, Қазақ хандығы дәуірінің деректерін жатқызамыз.
Моңғолдарға қатысты дерек-«Моңғолдың құпия шежіресі»/30/. Бұл деректен біз өз мәселемізге қатысты Шыңғыс хан әулетіндегі билік бөлінісі туралы деректерді қолданып, оны Қазақ хандығының құрылуындағы моңғолдық дәстүрдің бастауымен байланыстырамыз.
Моңғол хандарының шежіресі туралы келесі дерек-Рашид ад Диннің «Жылнамалар жинағы»/31/. Аталған еңбекте негізінен этникалық, діни-рухани дамуға қатысты, сонымен қатар моңғолдардағы билікті мұралану тәртібі туралы мәліметтер кездеседі.
В. Г. Тизенгаузен жинақтап, кейінірек А. А. Ромаскевич пен С. Л. Волиннің өңдеуінен өткен Алтын Орда тарихына қатысты «Сборник материалов, относящихся к истории Золотой Орды» атты деректер жинағы да біз қарастырып отырған мәселеге қатысты негізгі дерек көзіне жатады/32/. Оның ішінде әл-Омаридың, Жувейнидің, Жузжанидің мәліметтері бар.
Өтеміс Қажының «Шыңғыснама» еңбегінен біз жергілікті қият тайпасының әмірлері туралы мәліметтер аламыз/33/.
Сонымен бірге біз «Материалы по истории туркмен и Туркмении»/34/, «Материалы по истории Казахских ханств»/35/, Плано Карпини мен Рубруктың/36/ деректерін пайдаланамыз, онда негізінен жекелеген тұлғаларға, олардың жүргізген саясатына қатысты мәліметтер бар. Камаладдин Бинаидың «Шайбани нама» еңбегінен біз жергілікті тайпалардың үстемдікке жетіп, Шыңғыс тұқымдарын қуыршақ хан ретінде пайдалануы жайлы деректер кездестіреміз/37/.
Келесі дерек ретінде осы Шайбани әулетінің дерегі-Фазлаллах ибн Рузбехан Исфаханидың «Михман наме-ий Бұхара» /38/. Шығарма біздің мәселемізге қатысты өте құнды дерек береді. Бұнда Шайбани ханның Мәуереннахрда және Дешті Қыпшақта моңғолдық мұралану дәстүрін орнату жолындағы әрекеті баяндалады. Жергілікті дәстүрдің толық жеңіске жетуін осы еңбекпен байланыстыра қарастырамыз.
Шайбанилық әулет тұсында жазылған Масуд бен Кухистанидың «Тарих-Абулхаир хани» еңбегінде ХҮ ғасырдың ортасындағы этникалық мәселелерді анықтайтын мәліметтер кездеседі/39/.
Әбілғазының «Түрік шежіресі» де маңызы зор дерекке жатады/40/. Ал Ш. Құдайбердіұлының «Түрік, қырғыз-қазақ хәм хандар шежіресі» еңбегінен діни-рухани даму бағытты аңғаруға болады/41/.
Хронологиялық шеңбері. Магистрлік диссертацияның негізгі қамтитын кезеңі-ХІҮ-ХҮ ғасырлар. Бірақ жергілікті және қыпшақтық билік жүйелері арасындағы күресті ашу үшін оларға сипаттама беру қажет болғандықтан ХІІІ ғасырлардан бастағанды жөн көрдік. Қыпшақтардың билікті мұралану дәстүрінің бастауын дәлелдеу үшін ғұн, түрік дәуірлеріне шегініс жасалды.
Мақсаты. жұмыстың алға қойған мақсаты-жергілікті және моңғолдық билікті мұралану дәстүрлеріне сипаттама бере отырып, олардың арасындағы ерекшеліктің кейінгі салдарларын ашып көрсету, яғни екі дәстүр арасындағы күрестің Дешті Қыпшақ, Моғолстан және Мәуереннахр жерлеріндегі көрінісін жан-жақты зерттеуге тырысып, өзіндік тұжырым жасау.
Міндеті. Алға қойған мақсатымызға жету үшін төмендегі міндеттерді айқындадық:
- Қыпшақтық билік жүйесіне сипаттама беру, оның орнына келген моңғолдық дәстүр екеуін салыстыру;
- ХІҮ-ХҮ ғасырлардағы Дешті Қыпшақ, Моғолстан және Мәуереннахрда хандық билікте болған өзгерістерді қарастыру;
- Жергілікті және моңғолдық дәстүрлер арасындағы күрестің барысына талдау жасау;
- Аймақтардың басқару жүйесінде болған өзгерістердің нәтижесін ашып көрсету, өзіндік ой түю.
Жаңалығы. Магистрлік жұмыста алғаш рет қыпшақтық билік жүйесі ғұн, түрік мемлекетінің билік жүйелерімен салыстырылып, оның моңғолдық басқару жүйесімен күресі нәтижесінде Қазақ хандығы тарих сахнасына шыққаны арнайы түрде зерттелді.
Құрылымы. Магистрлік жұмыс кіріспеден, екі тарау, төрт тармақтан, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
1. ХІІІ - ХІY ғ. ғ. арасындағы хандық билік жүйесіне сипаттама
- Қыпшақтық билік жүйесінің ғұн және түріктік билік жүйесімен
сабақтастығы
Ежелгі заманнан бастап ғұн, түрік және моңғол дәуірлерінде Қазақстан территориясында өмір сүрген мемлекеттік құрылымдардың этносаяси тарихын анықтайтын басты факторлардың біріне хандық билікті мұралану мәселесі жатады. Бұл мәселеге бұрын-соңды зерттеушілер тарапынан жүйелі түрде назар аударылмай келді. Мәселені шешу бізге ежелгі және орта ғасырлардағы Қазақстан аумағындағы саяси және этникалық процестердің даму ағымын түсінуге мүмкіндіктер бере алады. Көтерілген мәселеге дұрыс жауап беру үшін біз, моңғол дәуіріне дейінгі Қазақстан территориясындағы мемлекеттердегі билікті мұралану дәстүрін анықтап алуымыз қажет.
Монғол жаулауына дейінгі Дешті Қыпшақтағы билікті мұралану жолына сипаттама беру үшін ғұн дәуірінен бастап ХІІІ ғ. дейінгі көтеріп отырған мәселені қысқаша түрде қарастыру қажеттілігі туындайды. Себебі билікті мұраланудағы жергілікті немесе қыпшақтық дәстүр дегеніміз - биліктің әкеден бауырға, немере бауырға өтуі болса /42/, бұл дәстүрдің түп-тамыры тереңде жатыр.
Ғұн қоғамындағы жоғарғы билік мәселесіне тоқталып көрейік.
Ғұн мемлекетінің басында шаньюй тұрған, оның аудармасы "ұлылардың ұлығы". Ол басқа да терең тең құқылы 24 рубасы арасындағы біріншісі. Шаньюйдің билігі күшті болған, бірақ шексіз емес-ті. Оның билігін ру ақсүйектері - рубасылары шектеп отырған, өйткені олардың көмегінсіз шаньюй ештеңе де істей алмайды. Бекзаттар мен рубасылары тек дәстүрге ғана емес, өздерінің жауынгер жасақтарына да арқа сүйеген, сол себепті де шаньюйлер өзіне риза емес кінәздар алдында дәрменсіз көрінетін. Бұл, әрине, үкімет қолына тұсау болған, өйткені шаньюйдің билігін шектеп, олардың тежеусіз деспотқа айналып кетуіне бөгет жасап отырған /43/. Л. Н. Гумилевтың ғұн қоғамын сипаттаған бұл жолдарынан біз шаньюй билігінің шектеулі болғандығын, оған ру ақсақалдарының әсер етіп отырғандығын айқын елестетеміз. Одан әрі шаньюй билігінің мұраға қалай берілетіндігіне тоқтала кетелік.
Әуелде шаньюйлар сайланып отырылған. Кейінірек, уақыт өте сайлау іздері таққа отырғызу дәстүрлеріне ұласады.
Ойымызды нақтылау үшін ғұн тарихынан бірнеше дәлелдер келтіре кетейік.
Ғұн патшасы Ушилу Қытайға қарсы шабуыл кезінде, 102 жылы Шеусячен бекінісін қоршап, құртып жіберу үшін әзірлене бастайды, бірақ аяқ астынан ауырады да, артына нәресте ұлын қалдырып қайтыс болады. Сосын ғұндар Гюйлихуды шаньюй етіп қояды. Ол Ушилудың ағасы болатын, немере інісі сияқты ол да Қытайды жек көретін /44/.
Дәл осы секілді оқиға 85 жылы да қайталанады.
Бұл жолы Хулугу шаньюй ауырып қалады. Ол өлер алдында өз ұлын ел басқаруға жарамайды деп есептеп, билікті батыстың кінәзіне беруге жарлық етеді. Бірақ сарай маңындағы топ өсиетті жасырып, шығыс кінәзі Хулугудың кәмелетке жетпеген ұлы Хуаньдиды таққа отырғызып, оның атынан билік жүргізбекші болады. Сөйтіп, 85 жылы Хуаньди ресми түрде шаньюй болады. Бұл оқиға ғұн әулетінің атақ абыройының кемуіне алып келеді. Ал Хуаньдиден соң оның інісі шаньюй болады /45/.
Л. Н. Гумилев ғұндардың билікті мұраға қалдыру дәстүрін жоғарыдағыша сипаттайды. Оның қазіргі қазақ ғалымдарының бірі Т. С. Жұмағанбетов те «Еншілік-таспиқтық жүйе ғұн мемлекеттік бірлестігінде, үйсіндерде және басқа көшпелі мемлекеттерде де болған, ” - деп мақұлдайды /46/.
Ғұн қоғамындағы шаньюй билігін мұралану дәстүрін баяндай келіп, Л. Н. Гумилев былайша тұжырым жасайды: «Лауазымды тікелей әкесінен баласына беру фактісінің өзі қызмет орны кезекпен берілетін ескі тәртіпті бұзу болар еді. Ретті кезекті бұзу - бір рудың ішінде әртүрлі топтарды құру, яғни оны азып-тоздыру болып табылады. Ал Хунну мемлекетінің өзі рулық негізде құрылғандықтан да, руды аздыру оны ыдыратумен бірдей еді” /47/.
ҮІ ғ. тарих сахнасына шыққан Түрік қағанатының мемлекеттік басқару құрылымы ғұн қоғамының жалғасы іспетті еді. Найзаның ұшыменен, қылыштың күшімен құрылған ұшы-қиыры жоқ ұлан-ғайыр мемлекетті бірлікте ұстап тұру үшін қолдың күші емес, ақылмен ойлап жасалған мықты мемлекеттік басқару жүйесі керек-ақ болатын.
Бұл жүйені баяндау барсында тағы да Л. Н. Гумилевтың «Көне түріктер” еңбегіне сүйенеміз.
«Мұқан қаған (553 - 572 жж. ) тұсында қағанаттың сыртқы саясатындағы құдірет-күшінің алғашқы қадамдары ғана жасалып қойған жоқ, сонымен бірге еншілік-таспиқтық жүйе де құрылады. Осының арқасында түркі мемлекеті100 жылдан аса уақыт бойы Азияда ең жоғарғы орынға ие болады. Еншілік- таспиқтық жүйе тәж-тақты мұра ретінде алу кезегін реттеп, жөнге қояды. Заңға сәйкес, Мұқан қағанның мұрагері болып баласы емес, інісі саналады, сонан соң немере інілерінің үлкені ағасының мұрагері аталады. Тақты тосатын ханзадалар басқаруға енші етіп аймақтар алатын болған, бұл оларды орталық өкіметке тәуелді етіп қоятын ынталандыру тәсілі, ” - деп жазады ол /48/.
Тақты мұраланудағы еншілік-таспиқтық жүйені қолданудың тиімді екендігін дәлелдеп көрейік.
Аймақты билеп отырған билеушілерге сепаратистік идеялардан гөрі мемлекеттік құрылыс пен орталық билікті қолдан қорғау мүддсі басымырақ болады.
Тарихи фактілерге назар аударсақ, 572 жылы Мұқан қаған қайтыс болған соң заңға сәйкес таққа оның інісі Тоба хан отырады. Мұқан қағанның өзі Бумыннан соң таққа келеді, ол Бумынның інісі еді /49/. «Күлтегін” ескерткіштерінде: «Одан соң інісі қаған болады. Сосын ұлы қаған болады . . . ” /50/ деген жолдар кездеседі және Т. С. Жұмағанбетов өз еңбегінде түріктердегі әкеден балаға билік мұрасының үш жағдайын, ал ағадан ініге берілудің 8 рет болғаны туралы айтады /51/.
Бұлардың бәрін әрі қарай жіпке тізгендей айта берсе болады, біздің мақсатымыз ол емес. Мақсатымыз - хандық биліктің атадан ініге қалдырылып отыратындығын ғұндардан соң түрік дәуірінде де жалғасын тапқандығына көз жеткізу.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz