Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін тарихы мәселелерін зерттеу


Пән: Қазақстан тарихы
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 51 бет
Таңдаулыға:   

Қазақстандағы қуғын-сүргін жылдарының зерттелуі

Мазмұны

Кіріспе

  1. Тоталитарлық жүйенің қалыптасуы және саяси қуғын-сүргіннің орын алуы

I. 1. Әкімшіл-әміршіл басқарудың республиканың қоғамдық-саяси өміріне ықпалы

I. 2. Ұлт зиялыларын айыптаудың және жазалаудың басталуы

  1. Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін тарихы мәселелерін зерттеу

II. 1. Кеңестік тарихнамада қуғын-сүргіннің зерттелу мәселелері

II. 2. Тәуелсіз Қазақстанда қуғын-сүргіннің тарихи зерттеулерден көрініс табуы

Қорытынды

Пайдаланылған әдебиеттер мен сілтемелер тізімі

Кіріспе

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. XX ғасырдың 20-50 жылдары қазақ халқының тарихындағы аса бір азалы жылдар болғаны белгілі. Сонау зобалаң жылдары елдің ертеңін ойлаған ұлттық зиялылар “ұлтшылдар” ретінде негізсіз айыпталды. Және осы жазықсыз жазаланған жандар ұлт зиялыларының алдыңғы қатарлы өкілдері еді. Ұлттық зиялылар деп кімді айтамыз. Бұл сауал жөнінде қазақ халқының ардақты азаматтарының бірі М. Шоқай: “Оқыған, тәрбие көрген адамдардың бәрін зиялы деп атап, оны сол адам өзі тән болған ұлттың “ұлттық зиялысына” қоса беруге болады деп ойласақ, сөзсіз қателесеміз. Біздіңше, белгілі бір мұрат-мақсаттардың соңында жүрген және сол белгілі мұрат-мақсаттары төңірегіне жиналған оқымыстыларды зиялы деп айтуға болады. Ұлттық зиялылар қатарына тек өз халқының саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуына қалтқысыз қызмет ете алатын адамдар ғана кіре алады”[1] - деген болатын. Сондықтан да, ұлттық зиялылардың міндеті ұлы да қасиетті болды. Олар мақсатқа жету жолының ауырлығына мойымай, туған халқының жарқын болашағы үшін еңбек етті.

Алайда, өңін айналдырған большевиктік отаршылдардың саясатына ұлт зиялыларының ұстанған бағыты кереғар келді де, қазақ халқының қоғамдық санасының қалыптасуына, ұлттың сана-сезімінің оянуына қазақ зиялыларының қосқан үлесі еленбей, саяси қуғын-сүргін құрбандарына айналды.

Қазақстан тарихынының “ақтаңдақ” мәселелерінің бірі жаппай саяси қуғын-сүргін тарихы болып табылады. Өйткені, әміршіл-әкімшіл мемлекет пен оның таптық идеологиясының жетегінде кеткен елімізде болған оқиғаларға тарихилық принципі негізінде әділ баға беріп, объективтік зерттеулер жүргізу мүмкін емес еді.

Ұлттық тарихтың ақиқаты айтылмады, тарих коммунистік идеологияға сай жазылып келді. Тарихты ойдан шығарып, бұрмалай жазу ешкімге де, ешбір халыққа опа бермейтінін өмір өзі айқын көрсетті.

Қазіргі тәуелсіз Қазақстан Республикасы тарих ғылымының негізгі міндеті - Отан тарихын объективтік тұрғыдан қайта қарап, отарлық кезең мен коммунистік жүйе дәуіріндегі қатаң саясаттың нәтижесінде оның елеусіз қалған, бұрмаланған және зерттеуге тыйым салынған мәселелерін зерделеп, халқымыздың шынайы тарихын қалпына келтіру болып табылады. Бұл тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің дамуындағы тарихи сабақтастықты жалғастыруға, еліміздің әргі-бергі тарихын түгендеуге, халықтың тарихи санасын қалыптастыруға бағытталған шаралар қатарында қарастырылуы тиіс.

Тәуелсіз Қазақстан тарихнамасында саяси қуғын-сүргін тарихы маңызды орын алады. Осы орайда мәселеге тарихнамалық зерттеу жүргізіп, оның зерттелуінің бағыттары мен қалыптасқан көзқарастарын көрсете отырып, бұдан кейінгі зерттеулерде қандай мәселелерге назар аударылуы керектігі жөнінде қорытындылар жасау өте өзекті мәселе болып табылады.

Зерттеу жұмысының алға қойған мақсаттары мен міндеттері. Жұмыстың негізгі мақсаты - ұлттық тарихымыздың “ақтаңдақ” беттерінің бірі болып табылатын Қазақстандағы қуғын-сүргін жылдарының Кеңестік және Тәуелсіз Қазақстан тарихнамасында зерттелуін талдау. Анықталған мақсатқа байланысты алдымызға мынадай міндеттерді шешуді қойдық:

  • Әкімшіл-әміршіл басқарудың республиканың қоғамдық-саяси өміріне ықпалын анықтау;
  • Ұлт зиялыларын айыптаудың және жазалаудың басталуын көрсету;
  • Кеңестік жүйе кезеңіндегі саяси қуғын-сүргіннің зерттелу дәрежесін анықтау;
  • Тәуелсіз Қазақстанда саяси қуғын-сүргін жылдарының зерттелу барысын ашып көрсету.

Зерттеу жұмысының теориялық-методологиялық негіздері. Ғылыми жұмысты жазуға тарих ғылымында бұрыннан белгілі тарихилық, жүйелік және Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің тарихын жаңаша көзқараспен жазу, қалыптасқан объективтік және сыншыл талдау мен сараптау принципі алынды.

Жұмысты жазу барысында нақты-тарихи, талдау, жинақтау және қорыту әдістері, сонымен қатар логикалық әдістер қолданылды.

Зерттеу жұмысының деректік негізі. Жұмыстың деректік негізі Кеңестік және Тәуелсіз Қазақстан кезеңінде жарық көрген барлық зерттеу жұмыстары, баспасөз және құжаттық жинақтардағы материалдар болып табылады. Қазақстан Республикасының Президенттік мұрағатының 141 және 3 қорлары дерек көздері ретінде алынды. Қуғын-сүргінге ұшырағандар туралы “Книга скорби - Азалы кітап: Расстрельные списки” атты еңбек дерек ретінде пайдаланылды.

Тақырыптың зерттелу деңгейі. Еңбекте қарастырылып отырған мәселе кеңестік тарихнамада жете зерттелінбеген. Тек тәуелсіздік тізгіні қолымызға тиген шақта саяси қуғын-сүргін тарихын зерттеу қолға алына бастады.

1991 жылы қараша айында Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі арнайы комиссия құрып, оған күшпен ұжымдастыру жылдарындағы зорлық-зомбылық пен ашаршылық нәубәтінің зардаптарын тексеруді тапсырды. Бір топ ғалымдардың күшімен арнайы зерттеу жүргізіліп, бұрынна жабық жатқан, оның ішінде Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің архивінде сақталған құжаттар көтерілді. Осының нәтижесінде 30 жылдардағы ашаршылық пен 1937-1938 жылдардағы саяси репрессияның кесепаты мен себептері айқындалып, зерттеулерге жол ашылды.

Сөйтіп 90-жылдардан бері жаңа негізде жазылған бірқатар зерттеулер жарық көріп, қоғамдық ғылымдар саласында тарихымыздың “ақтаңдақ” беттерін ашуға негіз салды.

Осы кезеңде ғалымдардың басты назарын аударған мәселелердің бірі - саяси қуғын-сүргін тарихы.

Осы тұрғыдағы зерттеулер әлі де жалғасуда.

Сонымен қатар, осы кезеңде бұл тақырыпқа байланысты кандидаттық және докторлық диссертациялар жазылды.

Олардың авторлары бұрын зерттеуге тыйым салған мәселелерді көтеру барысында осы уақытқа дейін құпия жатқан құжаттарды ғылыми айналымға енгізді.

Қарастырылып отырған кезеңде, кеңес өкіметі жылдары саяси қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ зиялыларының өмір жолы мен қызметін, олардың әдеби және ғылыми мұрасын халыққа жеткізуге көп жұмыс атқарылды. Ш. Құдайбердиев, Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, М. Шоқай, Қ. Кемеңгеров, Т. Шонанов және басқалардың шығармалары жарық көріп, олардың өмірі мен қызметі жөнінде көптеген материалдар жарияланды. Олардың қайта басылып шығуына, зерттелуіне еңбек сіңірген белгілі тарихшылар К. Нұрпейісов, М. Қозыбаев, М. Қойгелдиев, Т. Омарбеков, т. б. болды [2-5] .

Сонымен, зерттеліп отырған тақырып бойынша бұрынғы Кеңестер Одағының ыдырауы қарсаңынан бастап тәуелсіздік жылдары ішінде жарияланған еңбектер тарихнамалық тұрғыдан жеке зерттеуді қажет ететін өз алдына бір үлкен проблема болып табылады.

Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы Отан тарихын зерттеуде Қазақстандағы қуғын-сүргін жылдарының зерттелуі мәселесін жеке тақырып ретінде қарастырылуынан туындайды.

  • Кеңестік жүйе кезеңіндегі саяси қуғын-сүргіннің зерттелу деңгейі анықталады;
  • Тәуелсіз Қазақстанда қуғын-сүргіннің тарихи зерттеулерден көрініс табуына баға беріледі.

Зерттеу жұмысының ғылыми-қолданбалық құндылығы. Қуғын-сүргін жылдарының зерттелуі халқының қамын ойлаған қазақ зиялылары елінің еркіндікке жету жолында қандай кезеңдерден және қиыншылықтардан өткендігін түсінуге мүмкіндік береді. Сондықтан да ізденіс нәтижелерін XX ғасыр басындағы Қазақстан тарихы баяндалған оқулықтарда, арнаулы курстарда, семинар сабақтарында қолдануға болады.

Зерттеу жұмысының құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспе, қорытынды бөлімдермен қатар екі тараудан (бірінші және екінші тараулар екі тараушалардан) және пайдаланылған әдебиеттер мен сілтемелер тізімінен тұрады.


I. Тоталитарлық жүйенің қалыптасуы және саяси қуғын-сүргіннің орын алуы

I. 1. Әкімшіл-әміршіл басқарудың республиканың қоғамдық-саяси өміріне ықпалы

XX ғасырдың 20-30 жылдары Қазақстанның саяси-экономикалық және әлеуметтік өмірі қарама-қайшылықтарға толы кезең болды. Қазақстандағы саяси идеологиялық күреске байланысты мәселелердің ішінде ең бірінші кезекте “ұлтшылдық” деген кең тарап, сол кездегі ұлттық интеллигенция өкілдеріне негізсіз айыптар тағылды.

“Ұлтшылдыққа айыптау науқанының жүргізілуі В. Лениннің тірі кезінен-ақ басталды. Большевиктер 1917 жылдары отар болып келген елдерге азаттық күні жақындағанын уағыздаумен болды. 1917 жылғы сәуір айында Петерборда өткен большевиктер конференциясында: “Ресейдің құрамына кіретін езілген халықтарға Ресей мемлекетінің құрамында қалу немесе дербес мемлекет болып бөлініп шығу мәселесін өздігінен шешуге хұқық берілуге тиіс…”[6; 184] - деп мәлімдесе, көп ұзамай большевиктер Ресей мен Шығыстың мұсылман еңбекшілеріне үндеу жолдады. Онда мынадай жолдар бар еді:

“Уақытты өткізіп алмаңдар, ғасырлар бойы жерлеріңді жаулап алып келгендерді серпіп тастаңыздар! Ендігі жерде күлге айналған жерлеріңізді олардың тонауына жол бермеңіздер, өз елдеріңіздің қожайыны өздеріңіз болуға тиіссіздер! Тұрмыс-тіршіліктеріңізді Сіздер өздеріңіздің салт-дәстүрлеріңізге сай, өз қалау-ықтиярларыңызға орай құруға тиіссіздер!…”[2; 256 б. ] .

Еркіндікті аңсаған түркістандықтар үшін бұл үндеу бостандық алғандай әсер етті. Елдің түрлі аудандарындағы осы сипаттағы жағдайлармен таныстырған материалдар “Қазақ”, “Сарыарқа”, “Бірлік туы” және басқа басылымдарда жарияланып, автономия құруға әзірлік жасала бастады.

Қазан социалистік төңкерісін Түркістан жұрты теңдікке қолымыз жетті депр үлкен үмітпен қарсы алды. Өкінішке орай, большевиктердің халықты өз еріктілігін алуға шақырған үндеулері бос сөз болып, уақыт озған сайын жалған саясаттың бет пердесі ашыла берді. 1917 жылғы 16-қарашада құрылған Түркістан халық комиссарлары кеңесінің 17 мүшесінің ішінде бірде-бір түркістандық болмай шықты.

Б. Р. Тагеев өзінің “Қан төгіліп, гүл өскен алқапта” деген еңбегінде Халкомкеңестің төрағасы большевик Колесовтың: “ … Жоғарғы органға мұсылмандарды енгізу олардың бірде-бір пролетарлық ұйымы болмағандықтан ғана емес, сонымен қатар жергілікті халқытың оларға деген көзқарасы әрқилы болып отырғандықтан да мүмкін емес”[7; 97б. ] - деп мәлімдегенін айтады.

Ал, 1917 жылы 19 қарашада Түркістан Кеңестерінің III съезі: “Қазіргі кезде мұсылмандардан жоғары өлкелік төңкерісшіл өкімет органдарына енгізуге болмайды”[8; 181б. ] - деген ұлт намысына тиетін қарар шығарды. Большевиктердің ұстанған бұл саясаты - ұлттық теңдік пен автономия алу жолында тәуелсіздік үшін белсене күрескендерді анықтап, артынан айдар тағып, айыптап қуғындау үшін жасалған арандатушылық саясат болды. Алайда, 1917 жылғы 22 желтоқсанда барлық саяси қозғалыстар мен партиялардың бүкілтүркістандық конгресі өткізіліп, онда Түркістан автономиясының құрылғаны жайлы жарияланды. Оның тұңғыш төрағасы Мұхамеджан Тынышбаев болғаны, онан кейін Мұстафа Шоқай сайланғаны тарихтан белгілі. 1917 жылғы желтоқсанда Алаш автономиясы құрылды. Алаш автономиясының үкіметі Алашорданың төрағасы болып Әлихан Бөкейханов сайланды.

Тәуелсіздік пен еркіндікке ұмтылған Түркістан автономиясы мен Алаш автономиясы большевиктер қарулы күш қолданып жойды. Түркістан автономиясының басшысы болған М. Шоқай шетелге кетіп бассауғалады. 1919 жылы қарашаның 4-де Түркістан майданының революциялық соғыс кеңесі Совет өкіметіне тікелей және жанама түрде қарсы күресіп келген барлық қазақтарға тиісті шарттар орындалған жағдайда толық кешірім жасау туралы қаулы қабылдады. Қазақ автономиясы мәселесін тұңғыш көтеріп, оны өзі іске асырған Әлихан Бөкейханов “найзаның ұшымен, айбалтаның жүзімен болған үкіметке” қызмет етуден бас тартты. Осы “оппозициялық” қылығы үшін 1920-22 жылдары оған “буржуазиялық ұлтшыл” деген жала жабылып қуғындалды. 1922 жылдың күзінде Ә. Бөкейханов Мәскеуге жер аударылды. Қазақ зиялыларының ел үшін егіліп, халқы үшін қаймықпай қарсы тұруының себептеін Түркістан халық комиссарлар кеңесі К. Сорокиннің коммунистік партияның сұрқия саясаты туралы айтқан мына сөздері аша түседі:

“ … Мұсылмандардың барын тартып алуда, алып қана қоймай өздерін өлтіруде. Біздің әскерлер қорғаудың орнына тонап, қанға бөктіруде… Мұны істеп отырған партия емес, зәбір-жапаны жасап жатқан Қызыл Армия дейтіндер де шығуы мүмкін. Бірақ, осының басында партия тұр ғой. Партиядағы жолдастар жағдайы түзеу үшін ешқандай шара қолданар емес… Маскүнемдік пен бейбастақтық белең алған, әлбетте осының бәрі үшін партия кінәлі. Мұсылман пролетариаты орыстан көмек сұрайды, орыс оған сенбейтінін айтады. Мұсылмандарды түртпектеп, қудалап түбіне жетуде. Ақ-қарасын ажыратып жатпай, дүние-мүлкін, қатын-баласын құртып жіберіп жатқан біздің отрядтардан мұсылман кедейлерінің соры қайнауда… Осыншама қорлық-зорлық көре тұра олардың бізге қандайлық достық сезімде болары айтпаса да түсінікті емес пе? Олардың біздің өзіміз ұлтшыл етудеміз…”[9; 352 б. ] .

М. Шоқай большевиктердің бұл саясатына:

“Орыстар Түркістанды Мәскеуге тек экономикалық жағынан ғана байлауымен қоймай, мәдени рухани өмірінің көрінісі болған бүкіл тарихи шығармаларын да өз қалауынша бұрмалап, Мәскеудің еркіне тәуелді етуде. Олар тіпті сүйікті атамекеніміздің “Түркістан” екенін де теріске шығарып, “Орысстан” ету үшін адамгершілік өлшемдеріне симайтын ең бір шектен шыққан шараларға дейін барып отыр.

… Дүние жүзінде Түркістаннан басқа да көптеген отар елдер бар. Ол жерледе де үстем ұлттың озбырлығынан жәбір шегіп жатқандар аз емес. Алайда, дәл орыстың отаршылдық саясатындай сұмдықтарды тарих әлі көрген жоқ”[10; 306 б. ] - деп, кезінде әділ бағасын берген.

Ал, Түркістан Компартиясы басшыларының бірі болған большевик Иван Тоболин өзінің шовинистік көзқарасын былайша жеткізген: “Маркстік тұрғыдан алғанда экономикалық жағынан әлсіз қазақтар бәрібір құрып бітіп жоғалуға тиіс, сондықтан да төңкеріс үшін басты мақсат-мүмкіндіктің бәрін аштыққа қарсы қолдану емес (бәрібір мақсатқа жеткізбейді), одан да майданға жұмсау қажет”[11; 75 б. ] .

Міне, осындай бір халықты тұтас құртып жіберу үшін жасалған саясатқа қазақ зиялылары қарсы тұрды. 1920-жылдары көп ұлтты Түркістандағы күрделі ұлттық қарым-қатынастарды шешуге үлкен үлес қосқан көрнекті қоғам қайраткерлерінің бірі Тұрар Рысқұлов болды. 1920 жылы мамыр айында Т. Рысқұлов РК(б) П Орталық Комитеті мен В. Ленинге “Түрік республикасын құру” туралы баяндамасын тапсырды. Т. Рысқұловтың тікелей басшылығымен әзірленген баяндамада Түркістанның саяси әлеуметтік жағдайы мен экономикалық, ұлтаралық қатынастардағы дағдарыстан шығудың жолдары ашып көрсетілді. 15 маусымда Орталық Комитет В. Лениннің тапсыруымен Т. Рысқұловтың “Түрік республикасын құру туралы” тезистерін қабылдамады. 29 маусымда В. Лениннің басшылығымен қабылданған “Түркістан туралы РК(б) П-ның негізгі міндеттері” деп аталған қаулыда Т. Рысқұлов және оның пікірлестері Н. Ходжаев пен Г. Бех-Ивановтың талаптары толық қамтылмады. 16-18 шілдеде делегация мүшелері РК(б) П Орталық Комитеті позициясымен келіспейтіндігін мәлімдеп, олар бұл мәселені Түрік комиссиясының қатысуымен Түркістан компартиясының Аймақтық комитетінде кеңейтілген мәжілісте талқылауын ұсынды. Бұл ұсыныс та қабылданбай, оларға “ұлтшылдар”, “басмашылар идеологы” деген жала жабылды.

Т. Рысқұловты Түркістан Атқару комитеті төрағасы қызметінен босатты, ал Низаметдин Ходжаев Түркістан Атқару комитеті президиумынна мүшеліктен және Түркістан коммунистік партиясы Орталық комитетіне мүшеліктен шығарылды. ВЦИК және СНК РСФСР Түрік комиссиясының мүшелері “рысқұловшылдық” деген терминді енгізді. Аталған комиссия 1919 жылы 29 қыркүйекте құрылды. Оның жұмыс жүргізу тәртібі РК(б) П ОК-де бекітілді. Комиссияның бастапқы құрамында Ш. З. Элиава (төраға), Г. И. Бокский, Ф. И. Голощекин, В. В. Куйбышев (төраға орынбасары), Я. Э. Рудзутак, М. В. Фрунзе болды. 1919 жылдың соңында Түркістанның басшы қызметкерлері арасында өріс алған ұлттардың өзінің мемлекеттік құрылысын өзі шешу құқы жайлы ұрандарды тәжірибе жүзінде іске асыру туралы айтысмқа қатысып, комиссия мүшелері Т. Рысқұлов пен оның пікірлестерінің Түрік компартиясын құру идеясына қарсы шықты. 1920 жылы 19-шілдеде Рысқұлов, Ходжаев, Бисерев, Әбусаттаров және Железнев РК(б) П ОК мен Түріккомиссия саясатымен келіспегендіктері үшін қызметтерінен босатылды. Түріккомиссия Өлкелік комитеті таратылып, Уақытша Орталық Комитет құрылды, жауапты хатшы болып Н. Төреқұлов сайланды. Сондай-ақ Түрік Орталық Атқару комитетін де жаңартып, төрағасы А. Рахымбаев болды. 29-шілдеде РК(б) П Орталық комитеті Түріккомиссия құрамын толық жаңартып, төрағасы етіп Я. Г. Сокольниковты тағайындады. 27-тамызда партиялық жұмыстардың бәрі жаңадан құрылған РК(б) П ОК Түркістан бюросына берілді. Түріккомиссияда шаруашылық және мәдени құрылыс мәселелері қалдырылды. Комиссия 1922 жылы 16 тамызда РК(б) П ОК-нің шешімімен өз жұмысын тоқтатты.

Ресейдің В. Ленин басқарған КСРО деп аталатын жаңа коммунистік партиясының езгісінде қалған түрік халықтарын орыстандыру саясаты мен халық ретінде жойылып кету қаупінен қорғау ісін ұлт коммунистері татар Мірсаид Сұлтанғалиев, өзбектер Файзулла Ходжаев, Акмал Икрамов, қазақтар Тұрар Рысқұлов, Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Смағұл Сәдуақасов тәрізді қайраткерлер өз қолдарына алуға күш салды.

1923 жылы 17-25 сәуір арлығында Москва қаласында өткен РК(б) П XII съезі ұлт саясаты туралы мәселеге баса назар аударды. “Партияның және мемлекеттік құрылыстың ұлттық мәселелері туралы” баяндаманы Сталин жасап, “жергілікті ұлтшылдық” деген аса қауіпті ағым (уклон) бар деген пікірін айтты. И. Сталиннің бұл пікірін Т. Рысқұлов пен М. Сұлтан-Ғалиев сынға алды. Т. Рысқұлов жергілікті ұлтшылдықты тудыратын экономикалық қайшылықтар екенін айтса, М. Х. Сұлтан-Ғалиев: “жергілікті ұлтшылдық дегеніміз не нәрсе өзі, егер жергілікті ұлтшылдық ұлы державалық шовинизмге қарсы ккүрестің көрінісі болса, онда ол ұлтшылдық емес, ол дегеніміз жай ұлыдержавалық шовинизмнің көріністерімен күрес қана”[12; 29-п. ] - деп жергілікті ұлт республикаларындағы ұлт саясаты ерекшеліктеріне мән бере сөйледі.

РК(б) П XII съезінің делегаттары ұлт мәселесі бойынша: “…партияның орталық мекемелерінде де, ұлттық республикалардың компартияларының ұйымдарында да сол республикалардың еңбекші бұқарасының салтымен, әдет-ғұрпымен, тілімен таныстығы жоқ, ал сондықтан да, олардың мұң-мұқтажын ылғи елеп отырмайтын, орыстан шыққан партия қызметкерлерінің ескі кадрларының көп болуы…великорустық шовинизм ауытқуын тудырды”[13; 86 б. ] - деген қарар қабылдады.

Ұлт мәселесі жөнінде қабылданған мұндай қаралар сырттай қарағанда орыс емес ұлттар үшін тиімді көрінгенімен, оларды жүзеге асыру барысында қарама-қарсы мәнге ие болып отырды. Бұған дәлел - большевиктер партиясы мен кеңес өкіметі жүргізген ұлт саясатын жүзеге асырудың жолдары мен әдісетрі сөз болып, қызу пікір-талас орын алып отырған Ресей мен КСРО-дағы ұлт мәселесіне арналған кеңестердің хаттамалары мен стенограммалары.

РК(б) П XII съезінен кейін, 1923 жылы 9-12 маусым аралығында Москва қаласында РК(б) П Орталық комитетінің ұлт республикалары мен облыстарының жауапты қызметкерлерімен IV кеңесі болып өтті. Кеңестің күн тәртібіне екі мәселе қойылды: біріншісі “М. Х. Сұлтан-Ғалиев ісі”, екіншісі партияның XII съезінің ұлт мәселесі жөніндегі қарарын жүзеге асыру шараларын анықтау. “М. Х. Сұлтан-Ғалиев ісі” жөнінде Орталық тексеру комиссиясының баяндамасын В. В. Куйбышев жасап, М. Х. Сұлтан-Ғалиевтің атына “қара күйе” жаға сөйледі. И. Сталинге “Сұлтан-Ғалиевтің ісі ұлт кадрларын қуғындау үшін қажет болды.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
1937-1938 жж. Қазақстандағы жаппай террор мен саяси репрессия зардаптары
Саяси қуғын-сүргін құрбандары болған қазақ зиялыларының педагогикалық көзқарастары
Зайсан ауданында қуғын - сүргін әрекеттерінің көрініс ала бастауы
Қозыбаев қызмет жылдарында
Қазақстанда жер аударылған халықтар
Қазақстандағы 1937-1938 жж. жаппай саяси репрессия шаралары мен салдарлары
Отан тарихы
Оңтүстік Қазақстанда 1920-30-шы жылдары жүргізілген саяси қуғын-сүргін
Қазақстанды 60-80 жылдардағы ғылымның дамуы мен жаңғыртудың кеңестік үлгісі
Сыр өңіріндегі ашаршылық және оның салдары
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz