КСРО дәуіріндегі түріктану ғылыми саласы



Кіріспе

1 Патшалық Ресей тұсындағы зерттеулер
1.1 Түркі руналық жазба ескерткіштерінің зерттелуі
1.2 Ежелгі түріктер тарихының жазба деректер негізінде зерттелуі

2 КСРО дәуіріндегі түріктану ғылыми саласы
2.1 Ежелгі түріктердің саяси және әлеуметтік.экономикалық тарихы мәселелерінің зерттелуі
2.2 Ежелгі түріктердің мәдени дамуына тарихшылар көзқарасы

3 Тәуелсіз Қазақстандағы түріктану мәселелері
3.1 Қазақстандағы түріктану ғылым саласының бағыттары мен сипаты

Қорытынды
Пайдаланған әдебиеттер тізімі

Пән: Жалпы тарих
Жұмыс түрі:  Курстық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 37 бет
Таңдаулыға:   
Тарих факультеті
Археология және этнология кафедрасы

КУРС ЖҰМЫСЫ

Ежелгі түріктердің тарихының тарихнамасы

Мазмұны

Кіріспе

Патшалық Ресей тұсындағы зерттеулер

1. Түркі руналық жазба ескерткіштерінің зерттелуі

2. Ежелгі түріктер тарихының жазба деректер негізінде зерттелуі

КСРО дәуіріндегі түріктану ғылыми саласы

2.1 Ежелгі түріктердің саяси және әлеуметтік-экономикалық тарихы
мәселелерінің зерттелуі

1. Ежелгі түріктердің мәдени дамуына тарихшылар көзқарасы

Тәуелсіз Қазақстандағы түріктану мәселелері

3. Қазақстандағы түріктану ғылым саласының бағыттары мен сипаты

Қорытынды

Пайдаланған әдебиеттер тізімі

Кіріспе

Тақырыптың өзектілігі. Ежелгі түріктер дәуірі немесе ежелгі түріктер
заманы деген ұғым тарихи әдебиеттерде екі түрлі мағынада қолданылады. Саяси
даму үрдісін білдіргенде VI-VIII ғасырларды қамтиды, яғни ежелгі түрік
мемлекеттері заманын көрсетеді (тар мағынасында). Ал енді тарихи –
этномәдени даму үрдісін білдіру үшін кең мағынада қолданылғанда V-X
ғасырлар арасындағы мезгілді көрсетеді. Тарихи – хронологиялық жағынан
алғанда бұл кезең ұлан байтақ территорияны мекендеген әр түрлі тайпалардың
бәріне түсінікті ортақ тілдің, өзара жақын әдет-ғұрыптың, қоғамдық қарым-
қатынастың қалыптасуымен сипатталады. Біздің зерттеу нысанымыз VI-VIII
ғасырларда өмір сүрген ежелгі түріктердің тарихының зерттелу деңгейі болып
табылады.
Батыс пен Шығыс арасын жалғастырушы дәнекер рөлін атқара жүріп ежелгі
түріктер тамыры терең, айшықты дәстүр салты бар өзгеше дала мәдениетінің
негізін салып, қоғамдық - әлеуметтік институттардың күрделі түрлерін,
еншілік жүйесін, соғыс өнерін, елшілік үрдісін игере білді. Сол сияқты
олардың көрші елдердің идеологиясына қарсы қоятын мұқият әзірленген
дүниетанымы да болды. Бұл жөнінде зерттеушілер арасында бір-біріне қарама-
қарсы пікірлер, түрлі көзқарастар, болжамдар аз емес. Еуроцентристік
көзқарасты жақтаған еуропалық, патшалық Ресей тұсындағы ғалымдар ежелгі
түріктер ерекше діндар болмады, саудаға да бейім емес еді, сондықтан төл
жазуының әліпбиін шығаруға құлықсыз болды. Қатаң даланың жыл мезгілдерінің
ығына жығылып, көшіп-қонып жүріп табиғатқа тәуелділікке түскен
көшпелілердің қоғамы – тарихы жоқ қоғам дейді.
Қазақстан тарихы Қазан революциясынан кейін де ұлы державалық
шовинизмнің кеңестік үлгісі шеңберінде қалды. Оны моноцентризм теориясы,
яғни өркениетті бір орталықтан, бұл жағдайда Ресейден бастау алуы
тұтандырып отырды. Бұл идеологияның жетекшілері әуел бастан өркениетті –
озық Русьті, Ресейді бетке ұстады. Алайда Оңтүстік Сібір мен Орталық Азияда
ұзақ жылдар бойы жүргізілген археологиялық және палеографиялық зерттеу
жұмыстарының нәтижелері көшпелілер адамзаттың арамтамағы деген үстірт
түсініктің дәйексіздігін ашып, түріктер өркениетін мойындатты. Осыған
байланысты екі ғасырдан астам уақыт бойы жүргізілген зерттеулердің қандай
тапсырысқа немесе тенденцияларға негізделгендігін анықтап түсіндіру,
бүгінгі түріктану ғылымының бағыттарын айшықтау өзекті мәселенің бірі болып
отыр.
Сонымен қатар, төрткүл дүниенің түпкір-түпкіріне тарап кеткен бүгінгі
160 млн. түрік түлдес халықтардың түп атасы – ежелгі түріктердің өмірі
қанша күрделі болғанымен ол бабаларымыздың табиғат пен туған жерге деген
сүйіспеншілігін, сауаттылық пен білікке ұмтылған құлшынысын, ел тұтастығын
сақтауға деген талпынысын паш ететін тарихымыздың жарқын беттері болып
табылады. Сондықтан да оны тұтас, әрі жан-жақты зерделеу заман талабынан
туындаған мәселе.
Курс жұмысының хронологиялық шеңбері. Жұмыс VI-VIII ғасырлар
аралығында тарих төсіне шығып еуразияның алып мемлекетін құрған түркілердің
осы уақыт аралығындғы тарихы туралы жазылған отандық және шетелдік
зерттеулерді тарихнамалық тұрғыдан талдауға арналған.
Белгілі бір мәселелердің зерттелуіндегі тарихнамалық ой мен
концепциялардың қалыптасуы ұзақ жолдан өтетіндігі белгілі. Ежелгі түріктер
тарихының мәселелері шын мәнінде XIX ғасырдың аяғынан бастап зерттеле
бастады. Сондықтан зерттелу нысаны ретінде XIX ғасырдың аяғынан бастап
жарық көре бастаған еңбектерден бүгінгі күнге дейінгі зерттеулер қамтылды.
Мақсаты мен міндеттері. Жұмыстың негізгі мақсаты Ежелгі түріктер
тарихы мәселесінің шетелдік және отандық тарихнамада зерттелуінің негізгі
бағыттарын, сипаты мен мазмұнын, тарихи көзқарастар эволюциясының
жетістіктері мен кемшіліктерін анықтау болып табылады. Мақсатқа байланысты
алдымызға мынадай міндеттерді шешуді қойдық:
- ежелгі түріктер тарихының патшалық Ресей тұсындағы зерттелуін қарастыру;
- Кеңес Одағы дәуіріндегі түріктану ғылымының жетістіктері мен
кемшіліктерін талдау;
- ежелгі түріктер тарихының тәуелсіз Қазақстандағы тарих ғылымында
зерттелуінің бағыттары мен сипатын көрсету.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Ежелгі түріктердің тарихының тарихнамасы
әлі де толық зерттелмеген тың мәселе болып отыр. Бұған арналған тікелей
зерттеулер жоқтың қасы деуге де болады. Ежелгі түріктер тарихының
тарихнамасын, ежелгі түріктердің тарихын жазған ғалымдар көбінесе
кіріспесінде тек тарихнамалық шолу түрінде қамтып өтеді.
Жалпы түркілер тарихын зерттеу В.В.Бартольдтың зерттеулері мен
А.Н.Бернштамның археологиялық зерттеу жұмыстарының нәтижелеріне байланысты
қойылып, тарихнамалық ой-пікірлерді қалыптасуының көш басында тұрды.
Белгілі шығыстанушы ғалым В.Бартольд Түрік және моңғол халықтарының
тарихына байланысты 12 лекциясының алғашқысында, кейіннен Шығармаларының
9-томында жинақталған Шығыстың Еуропа мен Ресейде зерттелу тарихы атты
шығармасында шығыс тарихының батыс ғылымында (Е.Шаванн, В.Томсен) және
ресейлік ғылымында (В.Радлов) зерттелуінің бірқатар қорытындылары туралы
тарихнамалық шолулар жасады [1;2].
Ал, В.Бартольдтың зерттеулеріне баға берген ғалымдар арасынан
С.Г.Кляшторныйды атаймыз. В.Бартольдтың ежелгі түріктерге қатысты
мақалаларын 1968 жылы Шығармалардың 5-томына топтастыруға қатысқан, оға
алғысөз жазған С.Кляшторный ғалым еңбектерінің жоғары құндылығын атап өтіп,
кейінгі зерттеушілердің де соған сүйенетіндігін көрсетеді [1,5-16].
Кеңес дәуірінде түріктер тарихына қатысты зерттеулерге баға беру
партия ұйымдарының нұсқауларына сай берілді.
1960-1970 жылдардан бастап жазба деректер негізінде ерте ортағасырлық
түріктер тарихының зерттелуі мәселенің тек тарихы ғана емес, тарихнамалық
пікірлердің дамуының да кейбір қорытындылары туралы ой түюге мүмкіндік
берді. Мәселенің зерттелуі, барысы туралы XX ғасырдың 20-30 жылдары орыс
эмигранттарының арасында пайда болған, көшпелі халықтардың мәдениеті мен
олардың әлемдік өркениетте алтын орны туралы қалыптасқан пікірлерге жаңа
леп берген еуразиялықтар мектебінің кейінгі өкілі Л.Н.Гумилев Көне
түріктер еңбегінде былайша ой түйеді: Орыс зерттеушілері, әсіресе
кеңестік кезеңде түркілер тарихының түп-тамыры туралы мәселені бірінші
болып көтерді. Оның әлеуметтік институттарының ерекшелігі, көркем өнер
туындыларының стилі мен әскери ісінің айрықша белгілері – бәрі-бәрі
жеткілікті мөлшерде терең зерттелді [3].
Л.Гумилев орыс шығыстанушы ғалымдарының ішінен алғашқылардың бірі
болып көшпелілер тарихын жан-жақты зерттеудің тамаша үлгісін жасаған
белгілі ғалым Г.Е.Грум-Грижмайлоның есімін атап өтеді. Л.Гумилев ғалымның
көлемді зерттеуінің (Батыс Моңғолия және Урянхай өлкесі), В.Бартольд
тарапынан сынға ұшырағандықтан, тарихнамада ұзақ уақыт бойы өзіне лайықты
бағасын ала алмағандығын түсіндіреді.
Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін, қоғамдық ой-санада қалыптасқан
өзгерістер нәтижесінде өткенге назар аударып, тарихи тамырымызды іздей
бастаған тәуелсіз Қазақстан тарихнамасы қалыптасып келе жатыр. Қазақстандық
зерттеушілер Отандық тарихымыздың өркениеттік негіздері туралы зерттеу
жұмыстарын жүргізуде. Түркілер тарихының зерттелуін тарихнамалық тұрғыдан
тұжырымдау заман талабынан туды.
Осы орайда VI-XII ғасырлардағы түркілердің тарихы мен мәдениеті туралы
шетелдік зерттеушілердің пікірлері К.Л.Есмағамбетовтың еңбегінде талданды
[4].
Ал, Л.Гумилевтің Көне түріктер атты іргелі еңбегінің құндылығын,
оның ежелгі түріктерді еуразиялық тайпаларға жатқызатын концепциясын
белгілі қазақ тарихшысы М.Қозыбаев айқындайды [5]. Тәуелсіз Қазақстандағы
тарихшылар бағыттарын ажыратқан Т.Омарбековты да ерекше атап өту қажет [6].
Патшалық Ресей, одан кейін Кеңес Одағы тарихшыларының шовинистік
көзқарастары туралы, оған қарсы Л.Гумилевтің, М.Қозыбаевтің және т.б.
ежелгі түріктердің де өркениеті болған деген идеяларын саралауға
С.С.Қалдыбаева өз мақаласында ұмтылыс жасайды [7].
Ресей түріктанушылары: Н.Ядринцев, С.Малов, Л.Гумилев, С.Кляшторныйдың
көне түрік ескерткіштерін зерттеуге қосқан үлестері туралы Н.Е.Тажмұханова
мақаласында сөз қозғалады [8].
К.Аманжоловтың Түркі халықтарының тарихы еңбегінің екінші рет
толықтырылып шығарылған нұсқасының 1-томындағы үшінші тарауы Түркілер
империясының мемлекеттерінің қысқаша тарихнамасына арналған [9,57-74]. Онда
ол түрік руна жазуының ашылуынан басталған зерттеушілерге қысқаша тоқталып,
қазіргі түріктану ғылыми саласының дамуында тарихшылар мен қоса
филологтардың да рөлі зор деп атайды. Тарихи сабақтастық желісін келтірген
ғалым Күлтегін т.б. ескерткіштердегі мәтіндерді бүгінгі ұтпаққа өсиет деп
қабылдайды.
Мәселенің зерттелу деңгейін қарастыра келе, ежелгі түріктер
тарихнамасының тың тақырып екендігі толыққанды зерттелінбегендігі туралы
қорытындыға келеміз.
Зерттеу жұмысының методологиялық негізі мен әдістері. Методологиялық
негізі етіп тарихилық, ғылыми танымдық, объективтілік принциптері алынды.
Тарихнамалық талдау жүргізу барысында жалпы ғылыми индукциялық,
дедукциялық, синхронды анализдеу, жүйелеу, тарихи салыстыру, синтездеу
әдістері қолданылды.
Курс жұмысының деректік негізі. Қарастырылып отырған мәселеге қатысты
деректерді екіге бөлеміз: тарихи деректер және тарихнамалық деректер.
Тарихи деректерге, зерттеушілердің заттай деректері болып табылатын,
археологиялық қазба нәтижесінде табылған нумизматикалық қор, қалашықтар,
жерлеу орындары жатқызылып отыр. Тарихнамалық деректер ретінде
эпитафиялардағы (Күлтегін, Тоныкөк, Білге қаған т.б.), қағаздағы руналар;
қытай жылнамалары (Бейши, Чжоу шу, Бэй Ци шу, Суй шу, Сюань Цзанның Да Тан
Сиюйцзи еңбегі); суреттемелік сипаттағы еңбектер (Н.Я.Ядринцев,
В.В.Радлов, С.Е.Малов, П.Н.Мелиоранский,В.Томсен, Д.Клеменц, Е.Шаванн,
Н.Я.Бичурин т.б.); ғылыми негізделген зерттеу жұмыстары (В.В.Бартольд,
А.Н.Бернштам, Л.Н.Гумилев, С.Г.Кляшторный, Т.И.Султанов, Я.А.Шер,
М.Қозыбаев, К.Аманжолов, Х.Әбжанов т.б.) қарастырылды.
Бұлардың ішінде Н.Ядринцев, В.Радлов [10], С. Малов [11],
П.Мелиоранский [12], дат ғалымы, руна кілтін ашқан В.Томсен, Е.Шаванн сынды
ғалымдар негізінен руналық жазбаларды ауларып жариялаумен айналысты. Ал,
Н.Бичурин қытай хроникаларының материалдарына ауқымды тарихи – филологиялық
түсініктемелер берді [13].
Бұл деректер фактілерінің барлығын салыстыра отырып жүйелеумен, ғылыми
енгіздеумен келесі топтың өкілдері шұғылданды. Олардың да еңбектері әрине,
әрқайсысы өз заманындағы мемлекет тарапынан қойылған талаптарды, әлеуметтік
тапсырысты қанағаттандырып отырды. Мәселен В.Бартольд деректерді салыстырып
объективті факті алу үшін жаңа әдістер керектігін айтса, А.Бернштам
формациялық ілімді негізге ала отырып, археологиялық қазба материалдарын да
кеңінен қолданды [14]. А.Бернштамның көзқарастары мен Я.А.Шердің ойлары
сәйкес келеді [15]. Ежелгі түріктер еуразиялық халықтар деген идеяны
Л.Гумилев [3], С.Кляшторный [16], Т.И.Султанов [17] сияқты ғалымдар
ұсынады.
М.Қозыбаев, Т.Омарбеков, К.Аманжолов [9], Т.Ә.Төлебаев және де басқа
жас ғалымдар тарихнама мәселелерінің жаңа теориялық – методологиялық
негіздерін қалыптастыруда.
Курс жұмысының құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспе, үш тараудан,
қорытынды және пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады.

1 Патшалық Ресей тұсындағы зерттеулер

1.1 Түркі руникалық жазба ескерткіштерінің зерттелуі
Түркітану ғылымы Сібір мен Моңғолиядағы көне түркі руникалық мұраларын
тауып зерттеуден басталды. Зерттеу объектісі – руникалық жазбалар.
Руна жазуы ескерткіштерін алғаш рет 1721-1722 жылдары Сібірден
Д.Г.Мессершмидт және Ф.И.Страленберг экспедициясы тапты. Орыс ғалымы
Н.Я.Ядринцев 1889 жылы Солтүстік Моңғолия жерінен, Орхон өзені бойынан
Білге қаған мен Күлтегінге арналған ескерткіштерді ағайынды Д.А. және
Е.А.Клеменцтер 1897 жылы Селенга өзені бойынан Шығыс Түрік қағанатының
қағандары Елтеріске, Білгеге кеңесші болған далагөй қария Тоныкөктің
құрметіне қойылған ескерткішті табады.
Руна жазуы әліпбиінің сырын 1893 жылы дат ғалымы Копенгаген
университетінің салыстырмалы тіл білімі кафедрасының профессоры Вильгельм
Томсен (1842-1927) ашқан еді. Осы В.Томсен құпиясын ашқан әліпбиді
пайдалана отырып, В.В.Радлов (1837-1918) Орхон ескерткіштерінің мазмұнын
1894 жылы орыс тілінде жариялады [10]. Ал Томсеннің өзі жасаған аударма
неміс тілінде 1895 жылы жарыққа шыққан.
Содан бері көне руна жазуларын әр қырынан зерттеу жұмысы үздіксіз
жүргізіліп келеді.
Руна жазуының VIII-IX ғасырларда қағазға жазылған нұсқаларын Шығыс
Түркістанның XV ғасырдың бас кезінде ұйымдастырылған археографиялық
экспедициялар тапты. Көне түріктер тіліндегі қолжазбалар мен жеке
басылымдардың неміс зерттеушілері А.Грюнведель мен А.Лекок тапқан үлкен
жинағы Берлинде, неміс Ғылым Академиясында В.В.Радлов, С.Е.Малов,
А.А.Дьяков, Д.А.Клеменц т.б. жинаған олжалар Петербургтағы азиаттық
мұражайда, сэр А.Стейн тапқан қолжазбалар Париж ұлттық кітапханасында,
біршама жақсы сақталған парақтар Стокгольм этнографиялық мұражайында және
Анкарадағы этнографиялық мұражайда, жапон ғалымы С.Отали бастаған
экспедиция тапқан олжалар Киотада сақтаулы тұр.
Әрине қандай да болмасын бір халықтың тарихы мен оның мәдениетін
зерттеп білу үшін алдымен сол халықтың тілін білу шарт. Бірақ өкінішке
орай, сол кездегі зерттеулер түркі халықтарының тілінде жазылмаған. 1893
жылы П.М.Мелиоранский Орхон жазбалары жайында жеке зерттеулерге бірінші
болып түркі ханы Елтеріс немесе Құтлұғ династиясы кезіндегі тарихи,
географиялық, этнографиялық жағдайларға және VII-VIII ғасырлардағы
түркілердің ішкі тарихи ахуалына терең шолу жасайды [11].
Көшпенділердің жазу мәдениетінің тарихы сонау VII ғасырдың сына (руна)
жазуынан бастау алатынын әлем тарихшылары бүгінде амалсыз мойындап отыр.
Орхон-Енисей жазбаларының мазмұны мен мағынасына қарап көшпенді
халықтың өмірі үнемі дүрбелең жағдайда өткеніне көз жеткізсек те мәдениеті
төмен болмаған. Бұл жазбалар өздерін түркіміз деп есептеген, VI ғасырда
Қытай шекарасынан сонау Иран мен Византияға дейін созылып жатқан кең далаға
өз билігін жүргізген жауынгер халықтың елшісі.
Орхон жазбалары түркілердің 630 жылдан бастап 680 жылға дейін жарты
ғасыр бойы Қытай билеушісінің қол астында болғанын және жаңа хандардың
билігінен құтылып аз уақыт болса да өздерінің батыстағы тегі бір туыстарын
өзіне бағындырғанын баян етеді.
Жазбалардың Қытай қожалығының тұсында мәдениетті елдердегі сияқты
аристократия өздерінің ежелгі артықшылықтарын сақтап қалу үшін қарапайым
халыққа қарағанда жат жұрттың езгісіне көніп, өз халқының салт-дәстүріне
опасыздық еткендері аңғарылады.
XIX ғасырдың аяғы XX ғасыр басында орхондық түркі жазба деректері
тұтас бір тарихи-лингвистикалық зерттеулерді дүниеге әкелді. Солардың
ішінде Күлтегін және Тоныкөк жазбасын зерттеген Ф.Хрит, Г.Е.Грумм-Гржимайло
Түркі қағандарынан Ильтеріс – Құтлық қаған, Мочжо – Қапаған қаған, ал
Могильян – Білге қаған екенін дәлелдеді.
И.Маркварт орхондық түркілерде қолданылған жыл санау жүйесінің дұрыс
пайдаланылу жолын ұсынды. Ол түркілердің жыл санауында ондықтар
бірліктердің алдында тұратынын (мысалы, бір отыз, дәлірек айтсақ,
жиырмадан артық бір (немесе бірліктер ондықтардың алдында келетінін))
дәлелдейді. Бір қырық деген басқалар ойлағандай 41 емес, 31. Сөйтіп
И.Маркварт бұрынғы дұрыс зерттелмеген хронологиялық қарама-қайшылық пен
тиянақсыздықтың бәрін ығыстырып, бүкіл түркі тарихына қатысты оқиғалар
қатаң хронологиялық тәртіппен белгіленді. И.Маркварт Иенчу өзенін –
Сырдария, ал, Темір қақпа Байсит тауларындағы өткел-асу екенін деректермен
дәлелдеп берді. Ал ғалым В.Мелиоранский түркі қағандығының көрші
мемлекеттермен қарым-қатынасын зерттеп, көптеген мақалалар жазды. Ол
бұрынғы Орхон жазулары туралы шыққан ғылыми еңбектерге өзгертулер енгізуді
және бұл өзгертулерді қытай, араб деректерінде берілген фактілерге сүйене
отырып дәлелдеді.
Әрине, қандай да бір халықтың тарихы мен оның мәдени өмірін зерттеп
білу үшін алдымен сол халықтың тілін білу шарт. Бірақ, өкінішке орай, сол
кездегі зерттеулер түркі халқының тілінде жазылмаған болатын. Түріктің көне
заманнан қалған бірден-бір даңқты жазба туындысы – Күлтегін, Білге қаған,
Тоныкөк ескерткіші.

1.2 Ежелгі түріктер тарихының жазба деректер негізінде зерттелуі
Көне түріктер тарихы мен мәдениет мәселелерін зерттеудің патшалық
Ресей тұсындағы келесі бір кезеңі жазба деректердің ғылыми айналымға енуі
болды. XIX ғасырдың орта шенінде Н.Я. Бичуриннің қытай жазба
ескерткіштерінің ертедегі Орта Азия халықтары туралы мәліметтері жинағын
бастырып шығуы синологиядағы аса көрнекті құбылыс болды [13]. Үш томдық
еңбекте қытай деректерінің Қазақстанды ертеде және орта ғасырларда
мекендеушілердің хуннулардың (сюннулардың) , усундердің, кангюйлердің,
яньцайлар мен түрік тайпаларының тарихы жөніндегі негізгі ақпарат
жинақталған. Орталық және Ішкі Азияның ортағасырлық тарихын жасауға жол
ашылған қытай деректерін басып шығару өз кезінде одан әрі жалғастырылды
(Э.Бретшнейдер). Қытай және Византия деректерін салыстыру негізінде
Э.Шаванн (1903) VI-VIII ғасырлардағы Жетісудың батыс түріктерінің тарихын
зерттеді. Қытай, Үндістан, Алдыңғы Азия және Византия арасындағы өзара
қатынастар мен мәдени алмасуды жеңілдету ісінде Батыс түріктерінің атқарған
рөлін анықтады; Сюань Цзанның маршрутын тарихи-географиялық тұрғыдан
түсіндріп берді. Сыма Цзянның Тарихи жазбаларын аударуды жүзеге асырып,
оған ауқымды тарихи түсініктемелер жазды.
XIX ғасырдың екінші жартысы-XX ғасырдың басында грек және рим
авторларының (Геродот, Ксенофонт, Полибий, Полиен, Прокопий Кесарийский)
ертедегі Қазақстан мен Орта Азияның саяси және экономикалық, сондай-ақ
экономикалық және мәдени тарихы мен тарихи географиясы жөнінде көптеген
құнды материалдар бар бірқатар шығармалары орыс тіліне аударылды.
Тарих ғылымының Орталық Азия халықтарының өткенін қатаң ғылыми
тұрғыда зерттеуді көбінесе Ресейдегі ылым өкілдерінен күтуге құқығы бар
еді. Өйткені олар үшін Қазақстан мен Орта Азия тарихының барысын анықтаудың
таза теориялық мәні болып қана қойған жоқ. Петербургте аймақтың тарихы
жөніндегі қолжазба деректердің аса бай жинағының шоғырландырылуы кездейсоқ
емес еді.
Ежелгі түріктер түрлі мәдениеттер тоғысындағы алар орны туралы мәселе
Г.Е.Грумм-Гржимайлоның Батыс Моңғолия және Урянхай өлкесі (1926) атты
еңбегінің екінші томында баяндалады [18]. Зерттеуші алғашқылырдың бірі
болып ежелгі түріктер тарихындағы Қытай мәдениеті мен оның әсері және
салдары туралы мәселе көтерді. Оның еңбегі жарыққа шыққан күннен бастап
В.В.Бартольд бастаған ғалымдар тарапынан сынға ұшырағандықтан, кейінгі сын
– мақалаларында В.Бартольд бастапқы пікірлерінен бас тартқанымен, бұл
еңбекке деген салқындық ұзақ уақыт бойы сақталып қалды. Сондықтан,
В.В.Бартольдтың бағалауы бойынша, Қазақстан мен Орта Азияның ертедегі
тарихы мен алдыңғы орта ғасырлары жөнінен ғылыми талаптарды
қанағаттандыратын монографиялар XIX ғасырдың аяғына дейін болған жоқ
делініп келді. Бұл кемшілікті өз заманында-ақ еңбектері теңдесі жоқ
маңызға ие болған Ресейдің көрнекті академигі, шығыстанушы
В.В.Бартольд(1860-1930) жоюға тырысты. Оның еңбектері отандық және
дүниежүзілік шығыстануда тарихи түпнұсқа деректер бойынша тарихи сынның
қатаң талаптарына сәйкес зерттелген алғашқы еңбектер болды.
Оның 1898 жылы Верныйда (қазіргі Алматы) бірінші рет жарияланған
Жетісу тарихының очерктері деген кітабы Қазақстан тарихын зерттеуге
қосылған бағалы ғылыми үлес болды [19]. Бұл кітап б.з.б. II ғасырдан б.з.
XVIII ғасырға дейінгі Жетісудың саяси тарихын көрсетуде ғылыми маңызын
берік сақтап қалып отыр. Оның екі бөлімнен тұратын, авторға лайықты
дүниежүзілік даңқ әперген Түркістан моңғол шапқыншылығы дәуірінде деген
іргелі еңбегімен Очерктер тығыз байланысты.
Біздің зерттеу объектіміз болып отырған VI-VIII ғасырлардағы
түріктерге Очерктердің екінші бөлімі арналған [19,16-20]. Мұнда автор
Таң әулетінің тарихына Қытай саяхатшысы Сюань-Цзанның бақылаулары және
Н.Я.Бичуриннің үш томдық еңбегіне сүйене отырып, негізінен ежелгі
түріктердің тарихының барлық аспектілерін қамтиды. Қосалқы деректер туралы
В.В.Бартольд византиялық елшілердің хабарламаларының бар екендігін, бірақ,
олардың маңызды мәлімет қалдырмағандығын ескертеді. Дегенмен, түріктердің
тұрмысы туралы византиялықтардың әңгімелерінің орыс тіліндегі нұсқасының
Д.И.Иловайскийдің Разыскание о начале Руси (Москва,1876) кітабынан
қарастыруға болатындығын айтады.
Жоғарыда аталғандай, XIX ғасырдағы орыс зерттеушілері түрктерді
скандинавиялықтармен жазуы жағынан байланыстырды. Сондықтан да түріктердің
төл жазуын руникалық деп атады. Бірақ, олар түріктерді қазақтармен емес
славяндардың бастауымен байланыстырды. Қоғамда славяндардың түп-тамырын
іздестіру, оны өркениеті жоғары деңгейге көтерілген ғұн, сақ, ежелгі түрік
көшпелі халықтарымен сабақтастыру тенденциясы орын алды. Осылайша тарих
ғылымында да шовинистік көқарасты берік ұстанып, ұлы державалық идеология
тұрғысы қалыптасты. Оған аталған Д.Иловайскийдің зерттеуі мысал.
В.В.Бартольд ежелгі түріктердің тарихын зерттеу барысында VII
ғасырдағы буддизм уағыздаушысы Сюань-Цзан мен VII-VIII ғасырлардағы
оқиғаларын қамтитын, бірақ, XI ғасырда жазылған Таң әулетінің тарихында
түріктердің сауда жолдарының Жетісудағы бөлігінің толыққанды
суреттелінбеген кемшілігін ескертеді. Бірақ, бұдан басқа деректерде ұл
маршрут жайында мәлімет таппағандықтан соған сүйенеді. Деректен ол Орта
Азияда VII ғасырда пайда болған көшпелі түріктер империясының Шу өлкесінде
отырықшылық мәдениетінің болғанын көреді. Отырықшылықты қалыптастыруға,
бірақ, жергілікті түріктер емес Мауеренахрдан шыққан халықтарға қатысты
деп тұжырымдайды. Әліпбиі бастауын сириялық жазудан алады, 32 белгіден
тұрып, жоғарыдан төмен қарай жазылады дейді. Тарихи шығармалары да болған,
манихейлік дінді ұстанған деп В.В.Бартольд Шу өлкесіндегі соғдылықтарды
айтып отыр. Себебі, әліпбиі соғдылықтармен ұқсас болғанымен түріктердің
өзіндік оңнан солға қарай оқылатын белгілік жазуы, тәңіршілдік діни
ұстанымы болғаны белгілі.
Сюань-Цзанның сауда орталығы болып түріктердің бақылауында болған деп
отырған Суй-е (Шу) өзені бойындағы қаланы В.В.Бартольд салыстыру әдісін
пайдаланып, мұсылман деректеріндегі (ат-Табари) Суяб қаласы деп анықтап,
Қастек өткелінен оңтүстікке қарай орналастырады. Бұл нақтылаулары тарихи-
география аспектісін толықтыратын құнды мәлімет, болып кейінгі тарихшыларға
негіз болды.
Түркі дәуіріндегі Жетісудың қалалық мәдениетін аталған жазба
ескерткіштердің мәліметтеріне сүйене отырып, соғдылықтардың тікелей
әсерімен қалыптасты деп санайтын авторлар тобы еңбектерінің алғашқысы
ғылыми негіздегенде осы В.В. Бартольд болды. В.В.Бартольд өзінің қлацы
қарсаңында мәдени гүлденуінің шыңына жеткен Сасанидтік Иран өз көршілерін
қарудың көмегінсіз-ақ әсер еткенін атап өтіп, бұл мәдени жетістіктердің
түркілер соғдылар арқылы қабылдады деп санайды. Соғдылардың Жетісуды
отарлауының мәселелерін 1927 жылы бірінші болып көтерген В.В.Бартольд бұл
мәселе бойынша археологиялық мәліметтердің жеткіліксіздігінен мәселені тек
жазба деректер негізінде қарастырған. Зерттеуші аталған мәселені М.Қашқари
мен авторы белгісіз Худуд-ал Алам (Әлем шекаралары) шығармасының
мәліметтері негізінде қарастырған. Ал бұл жазба деректер VII ғасырдан
кейінгі кезеңдер туралы мәліметтерді сақтамаған. Сондықтан түркі-соғды
проблемасы, әсіресе, мәселенің мәдени аспектілері кейінгі зерттеушілердің
үлкен ықыласын аударды.
В.В.Бартольд түріктердің мемлекетінің қалыптасуын, дамуы мен күшейюін
қытай деректерінің негізінде сараптаса, құлдырау кезеңіндегі жағдайын араб-
парсы саяхатшыларының мәліметтерімен дәйектейді. Себебі, Батыс Түрік
империясының әлсіреуі Мауеренахрдағы арабтардың алғашқы табыстарына жол
ашты. Сонымен араб жылнамашыларының Түрік қағанатына назар аударуы
түсіндіріледі.
Түрік халықтарының, оның ішінде ежелгі түріктердің тарихына
В.В.Бартольдтың қызығушылығы Орхон өзені бассейні мен Солтүстік Моңғолияда
ежелгі түрік руналық жазбаларының құпиясы 1889-1894 жылдары ашылып
оқылғаннан кейін арта түсті. Оның алғашқы еңбегімен (1897) VII ғасырдың
аяғы –VIII ғасырдың басындағы тарихи оқиғаларды қамтыған Орхон
ескерткіштерінін тарихнамалық талдауы басталған болатын. Бірақ, В.Банг пен
И.Маркварт жазбалардың алғашқы аудармашылары ұсынған оқиғалар
хронологиясының қателігін анықтағаннан кейін, В.В.Бартольд бұл мақаладағы
фактілердің нақтылануы мен баяндалуын қайта қарады. Ал, Орхон жазбалары
туралы жаңа зерттеулерінде (1899) деректерді салыстырып зерттеуге қайтып
оралды [1,312-328].
В.В.Бартольдтың бұл жұмыстарының бас нәтижесі болып Орталық Азия
тарихына қатысты деректер арасындағы көне түрік ескерткіштерінің орнын
анықтау, әр деректердегі суреттелген оқиғаларды синхрондау, жазбалардың
зерттелу аспектілерін анықтау болып табылды. Сонымен қатар, ол жазбаларды
талдауға өзі ғылыми айналымға енгізіп отырған араб-парсы деректерінің
мәліметтерін қолданды. Бұл оған бұған дейін араб жаулап алушылығының
қарсаңындағы Орта Азияның тарихының жеке эпизодтары ретінде қарастырылған
оқиғаларды толықтыруға мүмкіндік берді.
Қазіргі диалектідегі Орхон жазбаларындағы санау жүйесі (1906)
мақаласы В.В.Бартольдтың алғашқы еңбектеріне этнографиялық толықтыру
болды. Онда ғалым көне түрік ескерткіштерінде берілген санау жүйесінің
Шығыс Түркістандағы қазіргі ұйғыр диалектілерінің біреуінде сақталғанын
ескереді [1,363-364].
Қазан төңкерісінен кейін В.В.Бартольдтың түрік халықтарының тарихы
жөніндегі жұмыстары кең көлемді проблемалық және хронологиялық
диапазонымен ерекшеленеді. Бұған ұлттық тарих пен ұлттық мәдени дәстүрлерге
деген зор ықыластың Қазақстан мен Орта Азияда осы оқиғалар кезеңінде оянып,
1924 жылы ұлттық межелену кезінде ерекше күшейе түсуі себепші болды.
1926 жылы В.В.Бартольд түркі тілдес халықтардың тарихын күрделі
процесс ретінде қорытуға, тілі бойынша туыс, бірақ экономикалық тұрмысы
жөнінен әр түрлі халықтардың кем дегенде екі мыңжылдық бойында жүріп өткен
дербес әлеуметтік, саяси және мәдени дамуы жолын көрсетуге тұңғыш рет
ғылыми негізделген әрекет жасайды. Зерттеулерінің бұл бағыты ең алдымен
оның Орта Азияның түрік халықтарының тарихы жөніндегі 12 лекция деген
еңбегінде көрініс тапты.
VI-VIII ғасырлардағы түріктерге алғашқы екі лекциясы арналған. Ғалым
ежелгі түріктердің тарихының көпшілігінің түріктердің өздерімен емес,
көршілес халықтармен жазылуына байланысты түркі тарихының зерттелу деңгейін
толық көрсету үшін түріктанушы болу аз. Қай кезеңмен айналысатындығына
қарай қытайтанушы, арабтанушы, ирантанушы болу қажеттігіне келіп
тоқталады.
Алғашқы лекцияда В.В.Бартольд тарихнамалық шолу жүргізеді. Ол француз
қытайтанушысы Е.Шаванның 1903 жылы Ғылым Академиясының баспаларында жарық
көрген Батыс түріктерге байланысты еңбегіне сын-пікірін береді.Е.Шаванның
еңбегіне қатысты жеке рецензиясында оның көптеген қытай деректерін
византиялық, армян, мұсылман деректерімен салыстыра отырып, кең ауқымды
қамтығанын жоғары бағалайды. Сөйте тұра, Е.Шаванның түпдеректерді аудар
барысында мәтіннің мағынасының үйлесімділігіне мән бермегендіктен тарихшы
емес қытайтанушы тіл маманы есебінде көрінетіндігін баса айтады. Сонымен
қатар, Ресей империясының құрамындағы аймақта мекендеген түріктер тарихын
жазуда Е.Шаванның орыс тіліндегі деректер мен зерттеулерді қамтымағанын
ерсі, орынсыз көреді. Батыс Еуропа түріктерге қатысты қытай деректерін
Ресейге қарағанда жақсы зерттеген деген ұстанымын қатты сынға алады.
Тарихнамалық шолуында В.В.Бартольд тағы В.В.Радловтың және В.Томсеннің
аударылған жазбаларды түсіндірудегі рөліне баға береді. Аудармалардың
түсіндірілуіндегі әркелкіліктің орын алғанын кемшілік санап, дерек
көздеріне ас мұқияттылықпен қарау қажеттігін ескергені орынды-ақ. 12
лекциясында ол өзінің Шығыс тарихын Еуропаның тарихы сияқты ғылыми
әдістерді қолдану жолымен ғана түсіндіруге болады деген тезисін мейлінше
дәл әрі айқын ұстанады [2,34].
Ол үшінші лекциясында Орхон жазбаларын моңғол кезеңіне дейінгі
Қытаймен шектескен көшпелі мемлекеттердің тарихындағы ерекше құбылыс деп
бағалай отырып, аудармаларды тарихнамалық талдауға жеңіл қарауға
болмайтындығын ескертеді [1,32].
Түрік халықтарының тарихын зерттеудің қазіргі жағдайы мен таяудағы
міндеттері атты мақаласында жоғарыдағы ойларын толықтырып, лингвистикалық
маңызына қоса тарихи құндылығы бар жазбалар қытай деректерін толықтырады
дей келе, оның ашылғанына 30 жыл өткенімен оның мәтінінің даулы тұстары
көп, талдау жұмысы аяқталған жоқ, сондықтан оны талдаусыз түпдерек ретінде
қолдану қате қорытындыларға алып келеді,- дейді [1,454-466].
В.В.Бартольдтың түпдерекке аса ұқыптылықпен қарау қажеттігінің талабы
қазіргі кезге дейін прогрессивті ұсыныс ретінде құнын жоймай, XX ғасырдың
басындағы түріктану ғылыми саласының жаңа сапалы деңгейге көтерілуіне
бастама болды.
Ежелгі түрік ескерткіштерін зерттей келе, В.В.Бартольд оның Қытай
мәдениетінің ғана ықпалына емес, Алдыңғы Азияның да мәдени әсеріне
тартылғандығы туралы қорытындыға келеді.
В.В.Бартольд түріктердің жеке әліпбиінің болу мүмкіндігін де жоққа
шығарады. Ол : түріктер Алдыңғы Азиялық әліпбиді дайын күйінде қабылдап,
оған оқ бейнесіндегі таңба сияқты кейбір өзіндік ерекшеліктерін енгізген,-
дейді. Түріктердің хан әулетінің мүшелерінің шад титулын да парсылық
шах терминінен туындатады. Бұл тұжырымдар Ұлы орыс халқының барлық қол
астындағы халықтар мәдениетін өздерінен төмен санайтын шовинистік
көзқарастың XX ғасырдың басында тарих ғылымында да берік орнағанын,
В.В.Бартольдтың да ойларына негіз болғанын көреміз. Ал қазіргі таңда бұл
тұжырымның ескіргендігі анық көрінуде. Түріктердің төл жазуының болғандығын
А.Махаева, Ғ.Айдаров т.б. ғалымдарымыз дәлелдеді. Солардың пікірлеріне
сүйеніп, В.В.Бартольд тұжырымының қазіргі заман талаптарын
қанағаттандырмайтындығын баса айта аламыз.
Дегенмен, В.В.Бартольдтың түріктерге қатысты үзік-үзік тарихи
оқиғаларды әр түрлі деректерге сүйеніп синхрондап, толықтыруы, кезеңдерді
бір жүйеге келтіріп белгілеуі түріктану ғылымына қосқан сөзсіз үлесі болып
табылады. Оның ғылыми танымы Қазақстан тарихын, оның ішінде ежелгі
түріктердің де тарихын зерттеуде көп жағынан негізге алынады.

2 КСРО дәуіріндегі түріктану ғылыми саласы

2.1 Ежелгі түріктердің саяси және әлеуметтік-экономикалық тарихы
мәселелерінің зерттелуі
Тарихи процестердің барлығын таптық, формациялық шеңберде ұсынуға
тырысқан маркстік-лениндік ұғым ежелгі түріктердің қазақ халқының
тарихындағы рөліне шынайы баға берудегі негізгі кедергі болды. Кеңес
үкіметі орнап бекінген соң, 1920-1930 жылдары тарих ғылымының бірізділік
дамуы орнығады. В.И.Ленин мен И.Сталиннің ұстанымдары догмаға айналды.
Коммунисттік партия ұйымдарының шешімдері тарихи құбылыстарды, оның ішінде
ежелгі түріктердің даму үрдісін де бағалаудың негізі болып есептелді. Қазақ
интеллигенциясының маркстік ілімге қайшы келетін өзіндік ойларына
шыдамсыздық атмосферасы қалыптасты. К.Маркстің формациялық ілімінің
Кеңестік дәуірде тарихтың ғылыми салаларында қандай рөл атқарғанына келмес
бұрын, формациялық тұрғы ұғымына тоқталайық.
Маркстік ілім тарихи материализмге – қоғамның дамуының жалпылама
теориясына негізделеді. Тарихи материализмнің негізгі постулаттары:
1. қоғамдық-экономикалық формациялар теориясы;
2. қоғамға прогресс әкелуші таптар арасындағы қайшылықтар идеясы;
3. өндіруші күштер деңгейі мен өндіруші қатынастардың сәйкестік
заңдылығы;
4. прогрестің бірізділік теориясы;
5. базистің – біріншілік, қондырманың – екіншілік рөлі.
Формациялық тұрғының қатаң конструкциясы (құрылымы) бар:
1.қоғамның материалдық базисі - өндіруші күштер мен өндіріс
қатынастарынан өндіріс әдістері қалыптасады;
2. қондырма қалыптасады. Оған саяси, құқықтық, мәдени факторлар
жатады.
Қарапайым тілмен айтсақ, маркстік ілім тарихи үрдісті формацияларға
(алғашқы қауымдық құрылыс, құл иеленушілік, феодалдық, капиталистік,
коммунистік) немесе кезеңдерге бөліп қарады. Мұнда экономикалық фактор
басты рөл атқарады. Яғни, әр формация қоғамы шаруашылық түрімен ажыратылды.
Даму қанаушы және қаналушы таптардың күресінің нәтижесінде ғана келеді.
Дағдарысты реформалар емес, революциялармен жеңу керек деген идея догмаға
айналды. Кеңестік тарих ғылымының позициялары экономикалық детерминизм
шеңберінде анықталды. 1930 жылдың екінші жартысынан бастап, тарих ғылымын
саясиландыру орын алды. Ол әкімшіл-әміршіл жүйенің жоспарына сәйкес
зерттелуі керек мәселелерді ғана қарастырды. Сонда қазақ халқы мен ежелгі
түріктер арсында тарихи сабақтастық жүргізу мәселесі партия ұйымдарының
нұсқауларынан тыс қалып отырды. Сондықтан да ежелгі түріктердің қазақ ұлтын
қалыптастырудағы рөліне шолу жүргізген қазақ зиялыларына (М.Тынышбаев,
Ш.Құдайбердіұлы т.б.) қазақтың ерте орта ғасырлардағы тарихына тереңдеп
баруларына мүмкіндік бермеді.
Кеңестік кезеңде орнаған тоталитарлық жүйе гуманитарлық ғылымдарды
өзіне идеологиялық құрал есебінде пайдаланды. Ғылымға араласу, онв көпе -
көрнеу бұрмалау бел алды. Кеңестік кезеңдегі зерттеулердің теориялық –
методологиялық негізін құраған маркстік – лениндік ілім өзінің негізінен
айырылып, догмаға айналдырылды. В.А.Шнирельман кеңестік ғылымда догмалық
марксизациялану үрдісі өткен ғасырдың 30-80 жылдары қарқынды
жүргендігін атап өтеді. Ал марксизация өз кезегінде славянофилизммен
үндесіп жатты. Сондықтан да ғылымның қай саласында болмасын славян – орыс
халқы ерекше дәріптеліп, түркі тектес халықтар екінші кезекке ығыстырылды.
Бұл жағдай түркі халықтарының тарихын зерттеуде ауыр зардаптарға әкеліп
соқтырды. 1930 жылдардың басында біршама көрнекті түрколог ғалымдар
Е.Э.Бертельс, В.А.Забиров, М.Қосаев, А.Н.Самойлович, Н.Хаким, Б.М.Чобан-
Заде т.б. репрессия құрбанына ұшырады. Соғыстан кейінгі жылдарда түркі
дүниесіне назар аударып, ресми тарихнама тарих бетінде айшықталған
түркілердің славян халқына тигізген саяси, мәдени ықпалын мүлде
мойындамайтын үрдіске қарсы пікір айтушыларды бірден жазаға тартып отырды.
Сондықтан да жоғарыда аталған таза ғылыми зерттеулердің өзінде де
түркілердің сан-салалы мәдениеті мен олардың көрші халықтармен өзара мәдени
байланыстар мәселесі ашық айтыла бермеді. Ғылыми ортада ашылған жаңалықтар
акдемиялық ортадан әрі аспады.
Қазақстанның ортағасырлық тарихы саласында кеңестік кезеңде
В.В.Бартольдтың ісін тікелей жалғастырушылардың бірі, кең ауқымдағы
зерттеуші, күрделі теориялық проблемалардың шешімін қарастырған
А.Н.Бернштам болды. Оның археолог, этнограф және тарихшы ретінде жан-жақты
қызметінің қазақ халқы тарихының алдыңғы кезеңін, оның ішінде көне түріктер
тарихының көптеген бөлімдерін зерттеудегі маңызы зор. Жазбаша (көне түрік
және қытай) деректеріне жүгіне отырып А.Н.Бернштам ежелгі түрік
мемлекетінің әлеуметтік құрылымын зерттеп, әскери – демократиялық қоғамның
ерте феодалдық қатынастар жүйесіне ұласуын айқындады [14]. Оның VI-VIII
ғасырлардағы Орхон – Енисейлік түріктердің әлеуметтік – экономикалық
құрылымы атты еңбегі жоғарыда аталған маркстік – лениндік философия
сарынында жазылған зерттеулердің айқын көрінісі.
А.Н.Бернштам соғысқа дейінгі кезеңде Жетісу мен Тянь – Шанның ертедегі
және орта ғасырлардағы тарихы дамуының негізгі нобайларын белгіледі. Сондай
– ақ V-VII ғасырлардағы соғды қоныстанушылығының рөлі мен маңызы және оның
Түрік қағанатымен өзара қатынасын анықтады. Жетісудағы ғылымның
археологиялық зерттеулерінің нәтижесі болған еңбектері келесі бөлімде
толығырақ қарастырылады.
50-ші жылдар мен 60-шы жылдардың басында ертедегі және ортағасырлық
Қазастанның этно – саяси тарихының проблемалары бойынша зерттеулер неғұрлым
кең өрістетілді. Олар негізгі екі бағытта, Шығыс деректерінің аудармаларын
жариялау және маңызды тарихнамалық проблемаларды зерттеу бағыттарында
жүргізілді.
Н.Бичуриннің жақсы дәстүрін жалғастыра отырып, Н.В.Кюнер Орталық Азия
халықтары туралы қытайдың құнды хабарларының үлкен топтамасын жариялады.
Түріктер туралы тарихи мәліметтердің қытай тілінде екі томдық жинағы (Чэнь
Чжун – мянь) шығарылып, әулеттік тарихи деректердің (Бэй шу (304-436), Чжоу
шу (556 – 581), Бэй Ци Шу (550 – 577), Суй шу (589 – 619)) ежелгі түріктер
жөніндегі маңызды үзінділері, Сюань Цзанның (596 – 664) Ұлы Таң әулеті
кезіндегі Батыс өлкелер туралы жазбалары (Да Тан Сиюйцзи) орыс тіліне
аударылып, ғылыми айналымға енгізілді.
Қытай деректеріне Түрік қғанаты кезіндегі түріктер, түргештер,
қарлұқтар жөнінде Ю.А.Зуев жасаған талдау жемісті болды. Оның Суяб туралы
қытай деректері және Көне түрік шежірелік аңыздары түріктердің ежелгі
тарихының дерек көзі ретінде атты еңбектерінде аудармалардың келтіріліп,
әлеуметтік хроникалардың мәліметтерін ежелгі түрік ескерткіштері мен
генеалогиялық аңыздардың материалдарымен, сол сияқты антик дәстүрімен
салыстыру ертедегі Қазақстанның этникалық үрдістерінің, саяси оқиғалары мен
тарихи географиясының кейбір жақтарын жаңаша түсінуге мүмкіндік берді
[20].
Көне түрік жазуын зерттеу ісінде С.Е.Маловтың еңбектерінің маңызы
ерекше [11]. Ғалымның ежелгі түрік ескерткіштерінің материалдарына
негізделген зерттеулерінің нәтижелері түрік қағанаттары шеңберінде болған
этногенетикалық үрдістердің Орталық Азия мен Сібірдің түркі тілдес
халықтарының қалыптасу тарихына өте елеулі ықпал жасағанын көрсетті.
К.Цегледи мен О.Прицак Қазақстанның ертедегі және орта ғасырлардағы
тарихы зерттелген егжей – тегжейлі ғылыми жариялымдардың авторлары болды.
Сенімді деректерге (мұсылман деректері тобына, қытай шежірелерін, ежелгі
түріктердің руналық ескерткіштері мен византиялық шығармаларға) сүйене
отырып, К.Цегледи деректану, текстологиялық және тарихнамалық сипаттағы
мәселелерді кең ауқымды қарастырды. Оның зерттеулері ғұндардың, ертедегі
түріктердің, печенегтердің, қарлұқтардың, кумандардың тарихымен байланысты.
Оның ішінде Орталық Азияның тарихи географиясы, ежелгі түрік қоғамының
әлеуметтік құрылымы саласында ғылыми – тарихи шолу жүргізеді.
1957 жылы Қазақ ССР тарихының жаңа басылымы шықты. Мұнда тарихты
жазу тоталитарлық жүйенің идеологиялық құралына айналып бара жатқандығы
бұрынғы шығарылымдардың қателіктері мен олқылықтарының жөнделуінен
байқалды. Формациялық тұрғыға сәйкес кезеңдерге бөлудің көптеген мәселелері
жаңаша зерттелді.
Бұл уақыттың бұрынғы жылдардан айырмашылығы – Қазақстан тарихшы
ғалымдары халықаралық форумдарының жұмыстарына қатыса бастады. Атап
айтқанда, шығыстанушылардың XXV халықаралық конгресіне (Мәскеу,1960),
этнографтар мен антропологтардың VII және VIII-ші халықаралық конгрестеріне
(Мәскеу,1964; Токио,1968) қатысты.
XX ғасырдың 20-30 жылдары орыс эммигранттарының арасында қалыптасқан
еуразиялықтар мектебі көшпелі халықтардың мәдениеті мен олардың әлемдік
өркениетте алатын орны туралы қалыптасқан пікірлерге жаңа леп берді. Жалпы
көшпелі халықтардың әлемдік тарихтағы рөлі прогрессивті жағынан бағалана
бастады. Алайда еуразиялық бағыттағы зерттеушілердің еңектеріне кеңестік
кезеңде тыйым салынып, біраз уақытқа дейін тоқырауға ұшырағаны белгілі
болды. 1960 жылдардан бастап бұл бағыт белгілі зерттеуші, ғалым
Л.Н.Гумилевтің еңбектерінің жарыққа шыға бастауымен қайта жанданды.
Л.Н.Гумилев шын мәнінде Шығыс пен Батысты қосатын, мемлекеттілік пен
мәдениеттің ерекше үлгісін жасаған тұтас Түркі қағанаты деп аталған Ұлы
империяны өзінің пассионарлық теориясына негіздеп алды [5,103].
Оның еңбектері хунну державасы мен ежелгі түріктердің мемлекетіне
арналған [21;3]. Сол әлеуметтік – саяси көшпелі қауымдастықтардың пайда
болу, даму және жойылу заңдылықтары зерттеледі. Автор кең көлемді тарихи
проблемаларға (хуннулар мен түріктердің саяси өміріне, олардың тұрмысына,
дініне, мәдениетіне), сондай - ақ екі дәуір – ертедегі дәуір мен орта
ғасырлар шебіндегі Ішкі және Орталық Азия көшпелілерінің географиялық
орналасуына зор көңіл бөлген.
Оның Көне түріктер атты монографиясында түрік руналық ескерткіштері
тарихи көзқараспен қарастырылған.
Көне түріктер өздері туралы тарауында ескерткіштерге талдау
жүргізіліп, мемлекеттік құрылымның ерекшеліктері, қаған мен қолбасшылардың
рөлі, қоғамның өмір сүру салты, тіпті ежелгі қоғамның көп бөлігінің
сауатты болуы мүмкін деген ойы түсіндіріледі. Л.Н.Гумилевтің бұл ойы
бірнеше мәрте археологиялық қазбалар нәтижесінде дәлелденген. Оның өз
еңбегінде Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөк ескерткіштерінің
ақпараттарын пайдалануы және талдауы тек тарих ғылымы үшін ғана емес,
қоғамның мәдени сана – сезімі үшін де елеулі оқиға болды. Бұл бұрын
еліміздегі идеологияға сай тыйым салынған және Батыста кемсітушілікпен
түсіндірілген түрік тарихының көптеген фактілерін ашты.
Көне түріктердің екінші бөлімі көне автор – Йоллығ тегін суреттеген
Күлтегіннің қызметін тарихи анализден өткізді. Ғалым түрік басшыларының
тарихының маңыздылығын ғана анықтап қоймай, әлемдік – тарихи
міндеткерліктерді орындауға әсер еткен психологиялық – саяси портретін де
көрсетеді. Екінші түрік қағанатының құрылуы, Л.Гумилевтің пікірі бойынша,
түрік қоғамында пассионарлық тұлғалар болып саналатын нақ осы
қолбасшылармен және даналармен байланысты. Көне түріктер өздері туралы
бөлімі бізге әдеби шығарманың тарихи шындықты қалай жеткізгендігін көруге
мүмкіндік береді. Білге қаған, Күлтегін, Тоныкөк аз уақыт ішінде өз
міндеттерін атқара білген пассионарлық тұлғалар ретінде қарастырылған.
Л.Гумилевтің бұл еңбегі Орталық Азия аумағындағы ежелгі кезеңдердегі
мемлекеттердің дамуын қарастыратан көптеген ғылыми танымал басылымдарға
негіз болады.
Н.Тажмұханованың пікірі бойынша, Л.Гумилевтің Орхон-Енисей
ескерткіштерді тарихи анализдеуінде жаңа ой бар, ол жазбалардың тек
эпитафия ғана болып қоймай, жанры бойынша публицистикаға жақындығы туралы
ойы [8,15]. Үш жазба да түрік қоғамына арнау болып табылады. Оның
мақсаттары бүркелмеген, халықты көндіруге бағытталған. Ендеше жазбалар –
агитация, ал тарихи мәліметтер мұнда таңдаулы түрде беріледі. Осындай
жанрдың болуының өзі түріктерде арнау сөздің шынайы күш болғанын көрсетеді.
Бұл өз кезегінде қоғамның дамығандығын және қоғамдық ойдың қалыптасқандығын
нақтылайды,- деген Л.Гумилевтің ойын оң бағалау қажет. Себебі, жазбаларды
мұқият оқудың өзі осы ойға алып келеді. Мысалы, өзі жайында Тоныкөктің
баяндауы мақтану болып емес, шежіресінің сауатты саяси түрде берілуі болып
қабылдануы тиіс. Халыққа арнау сол замандағы идеологиялық құжат санатында
қабылдануы керек. Осы тұста Л. Гумилев екі маңызды түйін айтады, ол :
түріктердің қытай мәдениетін мойындамауы және көршілерінен өздерінің
жоғары екендігін сезінулері [3,336].
Л.Н.Гумилев VI ғасырдың аяғында батыста Византиямен, оңтүстікте
Персиямен, ал шығыста Қытаймен тұйықталған Түрік қағанатының Жерортатеңізді
мәдениеті мен Қиыр Шығыс мәдениетін ұштастырушы дәнекер рөлін жоғары
бағалап, түріктердің өзіндік мәдениетін қалыптастырғанын жазады. Оның:
ежелгі түріктердің өндірістік тәсілі – көшпелі шаруашылықты шынында да
жетілдіруге келмейтін ең бір тұрақты түрі болғанымен, солардың бәрі бір-
бірін тек қайталай береді деп есептеу қателік болар еді. Хундар мен
түріктердің тағдыр-талайы қандай әрқилы болса, олардың тұрмыс түрі де,
мекемелері де саясаты мен әлем тарихынан алатын орны да әрқилы болған,-
деген тұжырымнан екі қорытынды шығады [3,4]. Біріншісі – Л.Гумилев көшпелі
шаруашылықты өндірісрік тәсіл деп қарастыра отырып, еңбегін таза
формациялық тұрғыға сәйкес жазғандығы. Екіншісі – зерттеушінің ежелгі
түріктердің әлем өркениетіндегі зор үлесін паш етіп, мойындатуға ұмтылысы
болған. Автор ежелгі түріктер қандай биік шыңдарға көтерілсе де, олардың
қоғамы түскен жол – құрып бітудің жолы болатын пікіріне тоқталады. Оның:
сын-сынақ сағаттарында түз халқының көпшілігі хандарын қолдап-қостамай
қойған, міне бұл 604 жылы қағанаттың Батыс және Шығыс қағанаттары болып
бөлінуіне, 630 және 659 жылдары оның дербестігін жоюға (бірақ ол 679 жылы
қайта орнатылды), ал 745 жылы халықтың құрып кетуіне әкеліп соқты,- деген
тұжырымы бар.
Мұнда Л.Гумилевтің өзі де халықты құраған адамардың түгелдей қырылып
қалмағандығын мойындайды. Бірақ, оларды ұйғырларға, қытайларға бағынып,
сіңіп кеткенін ғана айтып, ежелгі түріктердің түргеш, қарлұқ, қыпшақ т.б.
тайпалардың құрамында сақталып, кейіннен қазақ халқының қалыптасуына
қатысқандығын атамайды. Түріктердің тек тілі сақталып, тіл ұясының атауына
айналғанын ескеріп, VI-VII ғғ. Ұлы қағанаттың құрамына ешқашанда кірмеген
көптеген халықтар түрік болып кетті,- деп олардың түрік тілін
сіңіргендігі туралы пікірін ұсынады.
Бұл қазақтардың терең тамырлы тарихын жоққа шығаруға бағытталған
шовинистік көзқарастағы ұстаным. Түріктер мен қазақтар арасындағы тарихи
сабақтастықтың үзілмегендігін қазіргі беделді ғалымдарымыз Х.М.Әбжанов,
Т.Омарбеков, А.Махаева, К.Аманжолов т.б. дәлелдеп отыр. Алайда оның еңбегі
негізгі зерттеу объектісі – саяси тарихты синхронды баяндай отырып,
түріктердің өз заманында прогреске жетелеген қоғам құра алғанын дәйектеуі
жағынан позитивті болып табылады. А.Тойнбидің өркениетті таза мәдениет деп
ғана танып, көшпенділерді тарихы жоқ халықтар қатарына жатқызған
пайымдауларына қарсы Л.Н.Гумилев өз еңбектерінде көшпелі қоғамда техникалық
прогресс болуы мүмкін емес деп ойлаудың өзінің қате екендігін, жалпы
көшпелілер, оның ішінде әсіресе ғұндар мен түріктер, адам тіршілігінің
ажырағысы бөлігі ретінде, қазір барша адамзаттың күнделікті тұрмысында
қолданылатын көп бұйымдарын ойлап тапқанын баса айтады.
Шындығында да еуропалықтар үстінен тастамайтын шалбарды көшпелілер
сонау ежелгі заманның өзінде-ақ ойлап тапқан. Үзеңгі 200-400 жылдар
аралығында алғаш рет Орта Азияда пайда болған. Алғашқы ағаш дөңгелекті
арбаны, үлкен дөңгелекті әсем күймелерді, қайқы қылыштарды да ойлап тапқан
осы көшпелілер. Олай болса көшпелілер мәдениеті өз арнасынан асып-тасып
басқаларға да әсерін тигізген сан-салалы мәдениет болған. Осы бағыттағы
ойын жалғастыра отырып, Л.Н.Гумилев былай деп пайымдайды: Көшпелілер тек
материалдық мәдениетте ғана емес, сол сияқты рухани мәдениетте де өздерінің
отырықшы көршілерінен артта қалып көрген емес [3,5]. Л.Гумилевтің
еңбектері алғаш жарыққа шыға бастағанда-ақ ғылыми ортада бірден лайықты
бағасын ала қойған жоқ. Бірнеше зерттеу жұмыстары арқылы тарихнамада
қайталанбас қарама-қайшы пікірлер де қалыптасты. Бірақ, оның ғылыми
көзқарасы мен мұрасы туралы пікір қарама-қайшылығы біздің уақытымызда да
бір ізге түсе қойған жоқ. Мәселен оның Этногенез және жер биосферасы атты
кітабының кіріспесіне алғысөз жазған белгілі ғалым, орыс мәдениетінің
білгір зерттеушісі Д.Лихачев Мен талантты тарихшы – фантаст еуразияшы
Л.Гумилевтің қолжазбаларына жағымды пікірлер, кітаптарына алғысөздер
жаздым, диссертациясын қорғауға көмектестім. Алайда бұл менің оның
пікірлерімен келісетіндігімді білдірмейді. Керісінше мен оны елдер оқу
үшін, оған өз пікірін айтуға мүмкіндік беру үшін ғана оған көмектестім,-
деп жазды.
Л.Гумилев мәдени байланыстар тарихында қалыптасқан көшпелілердің дамуы
жағынан төмен тұрған халықтар ретінде өздерінен біршама өркениетті
халықтардың мәдени жетістіктерін жай ғана қабылдаушылар, сондай-ақ әлемдік
өркениетке ешбір елеулі үлес қоспаған халықтар ретіндегі пікірге түбегейлі
қарсы шықты. Ол көшпелілер мәдениеті туралы тарихнамада қалыптасқан кереғар
пікірлердің мәнін былайша түсіндіреді: Осынау дала мәдениетінің сүйексіңді
дәстүрлері мен терең тамырлары бартұғын, бірақ біз онымен, отырықшы
халықтар мәдениетіне қарағанда, болмашы дәрежеде ған таныспыз. Мұның
себебі, әлбетте, түріктердің, басқа да көшпелі халықтардың, көршілерімен
салыстырғанда дарын-қабілетіне кемдігінде емес, олардың материалдық
мәдениеті жәдігерлерінің – киіз, тері, ағаш пен ұлпан-тастан гөрі нашар
сақталатыны да, міне сондықтан да батыс еуропалық ғалымдар арсында
көшпелілер адамзаттың арамтамағы деген пікір пайда болған,- деп атап
өтті [3,5]. ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Құрбанғали Халидтың «Тауарих хамса» еңбегі қазақ тарихының дерегі ретінде
Академик Әлкей Марғұлан
Талас жазу ескерткіштері
Қазақстан жерін мекен еткен көне түркі тайпаларының мәдени дамуы
Тауарих хамсада тарихи - этнографиялық деректердің орын алғанын, қазақ халқының күнтізбесіне байланысты мәліметтердің кездесетінін
Түркі халықтарының жазба ескерткіші және оның көздері туралы ақпарат
Сәрсен аманжолов өмірі
Көне жазулар
Енисей жазба мұралары
Қала құрлысы мен сәулет өнері
Пәндер