Жер кіндігі – Байқоңыр!


Жер кіндігі - Байқоңыр!
Қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің өмір жолы ерлік пен өнегеге толы. 1988 жылы Кеңес Одағында тұңғыш рет жерге қонбай ұшаққа екі рет жанармай құйдыру арқылы Солтүстік полюске ұшу сапарын ерлікпен орындаған да, 1989 жылы бірінші болып авиатасушы крейсердің алақандай алаңына “МиГ-29к” реактивті ұшағын үлкен шеберлікпен дәл қондыра білген де, реактивті ұшақтың 50-ден астам жаңа түрін сынақтан өткізген де осы Тоқтар Оңғарбайұлы екенін зор мақтанышпен айта аламыз.
Ол 1988 жылы Кеңес Одағының Батыры, 1995 жылы Халық Қаһарманы атағына ие болды. КСРО-ның еңбек сіңірген ұшқыш-сынақшысы, авиация генерал-майоры.
Дүниежүзілік космонавтика және авиация күні қарсаңында Тоқтар Әубәкіровпен сұхбаттасудың сәті түскен еді. Батырдың риясыз, шын көңілімен айтқан ойларын сол қалпында оқырман назарына ұсынып отырмыз.
- Тоқтар Оңғарбайұлы, міне, бүгін адамзат баласының ғарышқа алғашқы сапар шеккеніне 45 жыл толып отыр. Араға жылдар салып, 1991 жылы сіз ғарыш кеңістігіне самғадыңыз. Өзіңізді қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, ұлттық батырымыз деп білеміз. Оқырмандарға тылсым құпияға толы аспан әлемі жайлы ойыңызды білдірсеңіз?
- Мен барлық Қазақстан халқын 12 сәуір - Дүниежүзілік космонавтика және авиация күнімен құттықтағым келеді. Бұл халықаралық деңгейдегі атаулы күн болуымен бірге, Қазақстан үшін ерекше күн. Өйткені бірінші Жер серігі де, бірінші адам да әлем бойынша біздің еліміздің жерінен, Байқоңырымыздан ұшты! Сондықтан Қазақстанды ғарыштың кіндігі деуге болады. Тарихқа көз салсақ, бүгін Юрий Гагариннің космосқа самғағанына 45 жыл толып отыр. Содан бері ғарышты дамыту саласында орасан зор жұмыстар жасалды. Мыңдаған ғылыми-зерттеу жобалары жүзеге асырылды. Ғарыштың пайдасын да, қиындығын да көрдік, азабын да шектік. Бірақ, жалпы алғанда, адамзат баласына аспан әлемінің керек екендігі ешқандай дәлелдеуді қажет етпейді. Дүние жүзінің көптеген көрнекті ғалымдары адамзаттың әрі қарай өмір сүруіне қажетті жетістіктерді ғарыштан табамыз деп отыр. Әрине, жеріміз кең байтақ болған соң, бүгінгі таңда мұнайдың да, газдың да және басқа да минералдық байлықтарымыздың таусылып келе жатқанын көрмей отырмыз. Қарапайым адамдар жер байлығының бәрі біткен кезде қалай өмір сүреміз деп ойлай қоймаған шығар. Ал ғалымдар соны зерттеп, ғарышты пайдалану жолын іздеп жатыр.
- Биыл сіздің ғарышқа ұшқаныңызға 15 жыл толады. Қазанның 2-сі күні аспан әлеміне самғап, 10-ы күні Жерге оралдыңыз. Осы бір елеулі оқиға елдің егемендігімен тұспа-тұс келді ғой.
- Иә, шынында да менің ғарышқа көтерілген кезімді еліміздің тәуелсіздік алуымен қатар алып қараған жөн. Неге десеңіздер, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен кездесіп, әңгімелесіп отырғанымда мүмкіндікті қазір пайдаланып қалмасақ болмайды деп айтқан еді. Біздің ғарышқа ұшуымызға Президент көп еңбек сіңірді. Және де тәубе дейтінім, мен сол кезде бәріне де дайын едім.
- Сізден кейін ғарышқа Талғат Мұсабаев көтерілді. Ал енді қазір тағы да қазақтың екі азаматы дайындалып жатыр деп естиміз.
- Талғаттың да сапары сәтті болды. Үш рет самғап барып келді. Қазір ғарыш саласындағы қызметін абыройлы атқарып жүр. Ал таяудағы болашаққа келсек, тағы да тәубе дейік, Мұхтар мен Айдын атты ізбасарларымыз бар. Екеуі де мықты азамат. Бір-екі жылдан кейін олар да ғарышқа самғайды деп ойлаймын.
- Байқоңыр ғарыш айлағын ресейліктер жалға алып пайдаланып отыр. Бұл кешеннің бүгіні мен ертеңі туралы не айтар едіңіз?
- 1991 жылы халықаралық деңгейдегі бірлескен мекеме құрмасақ, Байқоңыр құрып кетеді деп айтып едім. Ал тек қана бір ел пайдаланса, олар кешеннің мүмкіндігі таусылғанша пайдаланады да, кейін кетіп қалады. Қазір осы олқылықты жоюдың сәті түскен сияқты. Ресейліктермен бірігіп, “Бәйтерек” деген бірлескен үлкен ұжым құрып жатырмыз. Ол жобаға сәйкес әр түрлі зымырандар мен ғарыш кемелері ұшатын орталық болады.
- Қазіргі таңда ғарышқа шетелдіктер туристік сапармен барып қайтатын болды. Олар саяхатқа шыққаны үшін миллиондап қаржы төлейді. Бізге қандай пайдасы бар?
- Жаңа айтып өткен ресейліктермен бірлескен жобаларымыз жүзеге асқан кезде біздің елдің де одан алатын үлесі болады. Ол үшін келісім-шарттар жасалуы қажет. Ол күн де алыс емес шығар деп ойлаймын.
- Өзіңіз депутат ретінде ғарыш саласының көкейкесті мәселелерін жиі көтеріп жүрсіз. “КАZSАТ” қазақстандық байланыс және хабар тарату серігі былтыр ұшырылуы керек еді. Ол кейінге шегеріліп, биылғы 8 маусымға жоспарланып отыр. Осы төңіректегі ойыңызды білгіміз келеді?
- Иә, “КАZSАТ” 2005 жылғы желтоқсанда ұшуы керек еді. Біріншіден, ғарыш кеңістігіне шығатын қандай зымыран немесе спутник болса да, оны жан-жақты дайындау қажет. “КАZSАТ” жобасын әзірлеп жатқан ұжым бұрын мұндай жұмыспен шұғылданып көрмеген еді. Қиын тиюде. Сондықтан үлгере алмай жатыр. Ғарышқа шығаратын техниканың ешбір жерінде ақауы болмауы қажет қой. Жуырда біздің Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуге барған сапарында Ресей Президенті Владимир Путин екеуі “КАZSАТ” серігінің үстіміздегі жылы маусымда ұшырылатындығы туралы келісім-шартқа қол қойды. Демек, дайындық аяқталып келеді деген сөз. Сол сапарда “Бәйтерек” жобасының да іске асырылатындығы жайлы келісім жасалды. Бұл да қуанышты оқиға, жақсы хабар.
- Өзіңіз кезінде ғарыш саласындағы ғылымға басшылық жасадыңыз . . .
- Жаңа ғана егемендік алып, нарық жағдайына көшіп жатқан тұсымызда басшылардың бәрі коммунистік ойлау жүйесінен шыға алмай жүрді ғой. Заман алмасқанда арасында ойлануға уақыт болмай қалатыны бар. Сондықтан олар жағдайды бірден түсіне алмады. Сол кезде жас елдің келешегі туралы нақты бағыттарды, озық ойларды айтқан адамдарға олар басқаша көзқараспен қарады. Мен сол тұста “Байқоңыр” туралы да, авиация саласы жөнінде де, басқа да өзім жетік білетін салалар бойынша көп жаңа идеялар айтқан едім. Ол ұстанымдарым біраз адамға ұнамады. Мәселен, “Байқоңыр” ғарыш айлағын ғарышпен айналысатын елдермен біріге отырып үлкен ғарыш кешенінің орталығы ету қажет деген едім. Мен сол кезде осы ойымды жүзеге асырамын деп жұмыссыз да қалдым. Басшылардың ойлары басқаша болды, мені түсінбеді. Қазір менің ұстанымым жеңді деп ойлаймын.
- Ғарыш жетістігі арқылы ғылымға қандай жаңалықтар енгізуге болады?
- Аспан әлемін игерудің пайда болғаны ғылымның арқасында. Ғылым биік деңгейге көтерілмесе, ешкім де ғарышқа самғамас еді. Мынау зымыран да, жер серігі де, “Мир” стансасы да адам ақыл-ойының жетістігі. Ғылым сәт санап дамып бара жатыр. Бала кезімізде қиял-ғажайып кітаптарды көп оқушы едік қой. Сол кезде: “Айға баруға болар ма екен?” деп таң қалушы едік. Сол қиял-ғажайыптар әлемі біздің ойымызды дамытып, миымызды жұмыс істеткізіп, небір жетістіктерге жетеміз деп ғылыммен айналысатын адамдарға әрі қарай жол ашып отыр.
- Ұлы Отан соғысы жылдары қарағандылық ұшқыш Нүркен Әбдіровтің ерлігі бүкіл қазаққа емес, әлемге тарады. Ұшқыш болуыңызға Нүркен батырдың әсері болды ма?
- Әрине, Нүркен Әбдіров маған тікелей әсер етті. Неге десеңіз, мен батырмен көршілес ауылда тудым. Арасы 45 шақырымдай. Ол ағамызды бала күнімде бүкіл аудан тұрғындары әңгіме қылатын. Соғыстан кейін туған біздей балаларға ерлік көрсеткен аға ұрпақ өкілдері үлгі болды. Мен 10 жасымда Нүркен ауылына жаяу бардым. Неге дейсіз бе? Ойым батыр жүрген жерде жалаң аяқ жүріп, ол жұтқан ауамен тыныстайын, маған да бір қасиет жұғар деп ойладым! Қазақ болған соң ырымшылмыз ғой. Кішкентай күнімізде ақсақалдар да, ақ жаулықты әжелер де аузымызға түкіретін. Оған біз жиіркенбейтінбіз. Одан ауырмайтынбыз да. Қайырымдылығы мен жомарттығы мол ауылдың тәлім-тәрбиесін алдық. Мен кішкентай күнімнен Нүркен Әбдіров сияқты ұшқыш боламын деп армандап өстім. Он бес жасқа жеткен соң батыр атындағы аэроклубқа барып, парашютпен секіріп, алғашқы сынақтардан өтіп, әуе әлемінің қыр-сырын үйрене бастадым. Содан кейін аэроклубтың ұшақ жағына көштім. Оны бітіріп, ұшқыш болдым. Одан кейін ұшқыштардың әскери мектебіне бардым. Мен де Нүркен сияқты әскери адам болғым келді . . .
- Ал енді Юрий Гагариннің ғарышқа ұшқаны сізге қалай әсер етті?
- Алғашқы космонавт ұшқанда қуанбаған адамды көргенім жоқ. Тек Гагарин емес, адамзат баласы тұңғыш рет ғарышқа ұшты деп қабылдадық! Әрбір кішкентай баланың жүрегінде Юрий Алексеевич сияқты ғарышкер боламын деген арман үміті оянды. Бірақ менің арманым Нүркен Әбдіров, Талғат Бигелдинов сияқты ұшқыш болу еді. Соның біраз белестеріне жеттім деп есептеймін.
- 2004 жылы Сыр бойының тұрғындары сізге үлкен сенім артып, Парламент Мәжілісіне депутат етіп сайлады. Парламент мінберінен де елдің саяси-әлеуметтік, экономикалық салалары жайлы және ғарышқа қатысты мәселелерді жиі көтеріп жүрсіз. Алда қандай жоспарларыңыз бар?
- Біріншіден, маған құрмет көрсеткен Қазақстан халқына, депутат етіп сайлаған Қызылорда тұрғындарына рахметімді айтқым келеді. Бұл аймақ халқының азаматтығы жоғары. Сыр өңірінің өркен жайған өнері бар. Ұйымшылдығы үлгі боларлық. Сонымен қатар, біраз бейнет көрген ел. Сол елге көмек көрсетемін бе деген оймен Қызылорда өңірінен сайландым. Құдайға шүкір, халық алдында берген уәдемді орындап келе жатырмын деп ойлаймын. Оған өздері де атсалысып жатыр. “Қалауын тапса қар жанар”, деген. Алдымызға қойған мақсаттарымызға жетеміз деп ойлаймын. Қызылорда - Қазақстан бойынша пәтерлерінде ыстық суы жоқ жалғыз облыс орталығы. Бұрын біздің астанамыз болған шаһардың соншалықты артта қалып қойғанына қазір кім кінәлі екенін іздемей-ақ қояйық. Енді осы олқылықтың орнын біз толтыруымыз керек. Қаланы өркендетуіміз қажет. Қорқыт бабамыз айтқандай, Сырдың жері қасиетті. Шын ба, аңыз ба, елге тараған әңгіме ғой, Қорқыт бабамыз өлім мен көрден қашып жүргенде дария жиегіне жетіп, міне, бұл - жердің кіндігі, мен осы жерден о дүниеге кетемін деген екен. Байқоңырды салу үшін Королев те осы жерді тапқан. Ғарыштың жетістіктерін пайдаланып, Қызылорда өңірінің әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеруіміз қажет. Байқоңырға қатысты Үкіметтің бағдарламасы бар. Жаңа мектеп және аурухана ғимараттарын салу жоспарланған. Сол өңірде тұратын азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға көмек жасау мәселесі де үлкен бағдарламаға енгізілуде. Қазір біздің Аэроғарыш комитеті сол өңірдің тұрғындарына көмек көрсетеміз деп жатыр.
1994 жылы мен БҰҰ-да үлкен баяндама жасаған едім. Сол баяндама бойынша Қазақстан халықаралық ғарыш қоғамдастығына ресми түрде енген болатын. Сонда біраз істер атқарылды. Оның дұрыс екендігін уақыттың өзі көрсетті. Қазақстан әрі қарай ғарыш саласын игере берсе, мемлекетіміз оның үлкен жетістіктеріне қол жеткізіп, орасан зор пайдасын көреді деп ойлаймын.
- Ғарыштан Жерге қарағанда қандай сезімде болдыңыз?
- Бұл өте жақсы сұрақ. Сонау биіктен кіп-кішкентай Жерді көргенде біраз толқисың. Жаның қысылғандай әсерде боласың. “Қайда кетіп қалдым? Қайтадан оралып бара аламын ба?” деген ойлар мазалайды (Тоқтар аға өзінің ақжарқын күлкісімен күліп алды) . Сондай қорқынышты жәйтті де бастан кешеді екенсің.
- Ғарышкерлер Жер әдемі болады дейді ғой?
- Иә, Жер өте ғажап! Сондай әдемі! Меніңше, бірде-бір суретші Жерді ондай көркем қылып сала алмайды! Аспан әлемінен қарағанда, Жер көкпеңбек. Өйткені, су көп қой. Содан кейін тайганың орманын көрдім. Енді тіпті керемет! Әдетте, біз Сібірдің орманы бітіп қалатын секілді көреміз ғой . . . Ойбай, сұмдық көп!
- Қазақстан қалай көрінеді? Түгел байқап үлгердіңіз бе?
- Әрине, ғарышта мен Қазақстанды зерттедім ғой. Өйткені, тапсырма солай болды емес пе? Арал жағына көп назар аудардым. Содан кейін Теміртаудағы металлургия комбинатының табиғатқа тигізіп отырған зияны қандай екендігіне көп көңіл бөлдім. Келген соң: “Комбинаттың түтінін сонау Тынық мұхитынан табасыздар!” -деп айттым. Иә, иллюминатордан қарағанда мұхитқа дейін ұшқан түтіннің үзік-үзік жолы жатты. Мынау Аралдан көтерілетін тұз да солай екен.
Президенттің "Байқоңыр" ғарыш айлағындағы арнаулы Өкілі
Президенттің «Байқоңыр» ғарыш айлағындағы арнаулы Өкілінің институты Қазақстан Республикасы Президентінің №2045 өкімімен 1995 жылы 21 ақпанда құрылды. Президенттің «Байқоңыр» ғарыш айлағындағы арнаулы өкілі белгіленген қазақстандық-ресейлік келісім негізінде жалға беру жағдайында Қазақстан Республикасының заңдық және Қазақстан Республикасы азаматтарының конституциялық құқықтарын қамтамасыз етуге байланысты туындайтын мәселелермен айналасатын Қазақстан Республикасының «Байқоңыр» ғарыш айлағындағы уәкілетті тұлғасы болып табылады.
Өкіл өз қызметін жүзеге асыру барысында «Байқоңыр» ғарыш айлағы бойынша қазақстандық-ресейлік Үкіметаралық комиссиямен, «Байқоңыр» кешенінің үйлестіруші кеңесімен, Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарымен, ұйымдарымен және лауазымды тұлғаларымен, сондай-ақ Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысымен, Ресей Федерациясының және Байқоңыр қаласында қызмет ететін басқа да ТМД-ға қатысушы елдердің органдарымен, ұйымдарымен бірлесе әрекет етеді. Ол:
1) 1994 жылғы 28 наурыздағы «Байқоңыр» ғарыш айлағын пайдаланудың негізгі принциптері мен жағдайлары туралы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының арасындағы Келісімнің, 1994 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметінің арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағын жалға алу Келісім-шартын және оған қосымша Қазақстан Республикасының заңдық және Байқоңыр қаласында тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының конституциялық құқықтарын іске асыруға;
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz