Сырдария өзенінің гидроэкологиялық жағдайы


1 АУДАННЫҢ ҚАЗІРГІ КЕЗДЕГІ
ФИЗИКАЛЫҚ-ГЕОГРАФИЯЛЫҚ ЖАҒДАЙЫ
1. 1 Сырдария аймағының географиялық орны
Сырдария ойысының аккумулятивті жазықтары солтүстік-шығысында Қаратау жотасымен, оңтүстік-батысында Орталық Қызылқұм көтерілімдерімен шектеседі. Ал, оңтсүтік-шығысында Қазақстан территориясынан тыс Тянь-Шанға дейін созылып, солтүстігінде және солтүстік-батысында солтүстік Арал маңы қабатты жазықтарымен және Арал теңізінің шығыс жағалауымен көмкеріледі.
Қазақстанның оңтүстігінде 1938 жылы құрылған Қызылорда облысы Сырдария өзенінің төменгі ағысында оның екі жағасын ала орналасқан. Жер көлемі жағынан республикадағы ірі облыстардың бірі болып саналады. Қызылорда облысының аумағы 228, 1 мың шаршы шақырым. Мұнда республикадағы халықтың 3, 9 %-і тұрады. Бір шаршы шақырым жерге 2, 7 адамнан келеді.
Тұран ойпатының жазықтау келген кең алқабын алып жатқан зерттеліп отырған территорияның басым көпшілігі Сырдария, Сарысу және Шу өзендерінің ертедегі атырау жазығы болып табылады. Тарихтан мәлім, бұрын арғы дәуірде қазіргі Сырдарияның атырауы мен Арал теңізінің жерінде біріне-бірі тіркес жатқан екі үлкен қазан шұңқыр болған. Сонау Тянь-Шань тауынан басталып, Ферғана даласында түйісетін кішігірім өзендерден басын алып, батысқа Қызылорда шұңқырына құйған. Ол кезде Сырдария суы мол, ірі өзен болса керек. Өйткені, Шу мен Сарысу өзендері Сырдарияның арнасына құйылған екен. Ұзақ шөлде талай жердің қыртысын қақ жарып, екі жиегін опыра құлатып, жұлқына ағатын асау өзен орасан көп құм-лайды ала келген.
Ғылыми деректерге жүгінсек, бұл шұңқыр 56 мың жылда сумен келген шөгіндімен толып, осы заманға геоморфологиялық аймақ қалыптасқан делінеді. Сол геоморфологиялық аймақ солтүстік-шығысында Қаратау, батысында Қызылқұм биігінің жақын жатқан тар аралығынан басталып, батысқа қарай кең жайылып жатыр. Оны Сырдария ойысы деп атайды. Ойпаттың ең терең жері Тартоғай стансасы тұсынан басталады да, Қызылорда арқылы Тереңөзекке дейін созылып, онан оңтүстік-батысқа қарай бұрылып, Жаңадарияның арнасын бойлап жатыр. Шұңқырлардың табанынан санағанда жиналған шөгінді үш қабаттан тұрады. Төменгі бірінші қабаттың қалыңдығы 7 метрден аспайтын майда тас аралас құм мен саздан тұрады. Қызылорда қаласы мен Тереңөзектің тұрған жеріндегі екінші қабаттың қалыңдығы 60-80 метр болатын үрінді құмның қалыңдығы шетке қарай жұқара береді де, Шірік Рабаттың тұсында 30-45 метр болса, шығыс Арал өңірінде 6-20 метрден аспайды. Бұл екінші қабат осы өлкені ең алғаш мекендеген Келтеминар тайпасының атымен аталады. Ең үстіңгі, яғни, төменнен санағанда үшінші қабаттың қалыңдығы 1-5 метр, кей жерлерде 9 метрге дейін болатын саз, құмшық және құм аралас шөгіндіден тұрады. Бұл қабатқа біздің дәуірге дейін осы өңірді мекендеген Яқсарт (немесе Масығұрт) тайпасының аты берілген.
Жазықтың ең биік нүктелері Тартоғай тұсында 140-151 метр, Жосалы тұсында 100 метр, ал Аралдың шығыс жағасында 55 метрден аспайды. Сонда Сырдың атырауы теңіз бағытымен баяу ылдилап, көлбеу жатқан жазық дала. Жазық бетінде әр жерде жатаған жусан өскен шағыл құм төбелер мен жал-жал бұйрат құмдар. Кейде жазық бетінде жалғыз-жарым төбелер кездеседі, мысалы, Аққыр, Қарақ, Жосалы, Көксеңгір. Олардың биіктігі 60-80 метрге дейін барады. Бітім-бейнесі ешнәрсеге ұқсамайтын сол шоқылардың баурайы Тікжар болып келеді.
Арналар арасындағы кеңістіктің бет бедерінің өзіне тән ерекшелігі бар. Мұнда теңіздің толқыны тәрізді бұйраттанып жатқан ауқымы әртүрлі су айрықтары, айнала атшаптырым жиегі түйе-тайлы ойпаттар. Дария тасығанда бұл ой-шұңқырлардың бәрі сумен толып, бүкіл атырауда жүздеген көлдер пайда болатын. Олар - Қаракөл, Көксу, Ақсай, т. б. Айнала егістік, шабындық жерлерді су басып, ыза көтеріліп кетпес үшін жегін тоғандап қойған Далакөл, Жандыкөл, құм төбелерінің ара-арасындағы ой жерлерді ащы көлдер Сыр аңғарының келбетіне осы өлкеге тән ерекшелік берді. Кезінде бұл өлкеде көлдердің көп болған себебі Сырдария 2002 мың шақырымнан ұзақ жолында өзінің арнасында ағып келіп, осы даланың шетіне жеткенде арнасында симай жазық даланы жаппай қамтып, бірнеше тарауға бөліп ағатын болған. Баяғы заманда Қызылқұмды кемерлеп, Ескідариялық, оның солтүстік-шығыс жағынан Іңкәрдария, даланың орта тұсында Қуаңдария, одан оңға таман Жаңадария, сосын негізгі арна Сырдария болып теңізге құйған. Қазір олардың көпшілігі кеуіп, құрғақ арналары ғана қалған.
1. 2 Ауданның зерттелу тарихы
Оңтүстік Қазақстан жазықтарын жүйелі түрде көптеген ғалымдар зерттеді. Н. А. Северцов, И. В. Мушкетов және Л. С. Берг еңбектерінде жазықтардың шығу тегі геологиялық құрылымы туралы ғана емес, осы ауданның рельеф динамикасы туралы да жазылды. Аралдың шығыс жағалауы мен Жаңадария құрғақ арнасында болған Н. А. Северцов теңіз деңгейінің төмен түсуі жөнінде ой қозғаған. И. В. Мушкетов “Түркістан” монографиясында Қызылқұмды толық сипаттады. Аталған ауданға алғаш рет құрылған Түркістан картасында үштік кезеңнен кейінгі шөгінділер көрсетілген.
19-ғасырдың соңында жел құмды ой жерден құмды қырқаларға үю арқылы шөл бедерін тегістемейді, керісінше тілімдейді деген пікір айтқан. Бұл аймақтың бедер тарихы туралы маңызды мағлұматтар Л. С. Бергтің “Арал теңізі” атты үлкен монографиясында келтіріледі. Көбіне ол бірнеше зерттеушілердің кең Арал-Каспий алабы бар деген идеясын жоққа шығара отырып, ежелгі Арал шөгінділерінің шектеулі тарағанын айтады. 1910-12 жылдары С. С. Неуструев Сырдарияның төменгі ағысымен Солтүстік Қызылқұм топырағын және оның астындағы жыныстарды зерттеп, оның жағалауындағы аллювийлік жазықтардың жастығын бірнеше мақалаларында жариялады. Оның ойы бойынша ескі өзендердің ұшырылған, өзгеріске ұшыраған шөгінділері болып табылатын Қызылқұм құмдарының шығу тегі болып табылатын гипотеза жасады. Сонымен бірге ол ауданда кең тараған сортаңдар мен тақырлардың түзілгені туралы айтты. Оңтүстік Қазақстан жазықтарын жоспарлы түрде геологиялық зерттеу өлкенің шаруашылыққа негізделуімен байланысты, Қазан төңкерісінен кейін басталды. 1927-28 жылдары И. П. Герасимов пен П. К. Чехаев Солтүстік Қызылқұмдағы Сырдарияның сол жағалауын өзеннің әртүрлі террасаларына сәйкес 3 геоморфологиялық бөлікке бөлді. 1930 жылдың басында Б. А. Петрушевский алғаш рет Сырдарияның төменгі ағысындағы шөгінді жыныстардың құрылымын анықтады. Сырдария аңғарымен жазық рельефін және соған қатыстыларды сипаттады. И. П. Герасимовтың “Тұранның беткі жазығының қазіргі дамуының негізгі белгілері” монографиясында ТҰран рельефінің даму тарихын және шөлдің қазіргі геологиялық динамикасын қарастырды. Автордың айтуынша Тұранның плиоценнен кейінгі климаты жалпы түрде аридті және экстра аридті сипатқа ие болды және климаттың ылғалдануына қарай ауытқуы аридті режим аясынан шықпады.
1951 жылы Н. Ф. Фединнің “Сырдария өзенінің төменгі ағысы террасаларының абсолютті жасы туралы” (“Об абсолютном возрасте террас низовии р. Сырдарьи”) мақаласы жарық көрді. Абсолютті жасы бойынша мәліметтер терраса үстінде таралған археологиялық ескерткіштер арқылы алынған.
1954 жылы Н. Н. Костенко “Сырдария өзені террасаларының жасы туралы” (К вопросу о возрасте террас р. Сырдарьи) мақаласында өзеннің төменгі террасаларын өзбек геологтарының мәліметтері бойынша голоцен, төменгі төрттік, орта төрттік кезеңге сәйкес Сырдариялық, шөлейттік және қызылқұмдық кешендердің аллювийлік шөгінділерінен құралған Ташкент ауданымен салыстырады.
1. 3 Гидрографиясы
Сырдария өзені Қазақстаннан тыс Ферғана аңғарынан Нарын және Қарадария өзендерінің қосылуынан бастау алады. Басталған жерден сағаға дейін жалпы ұзындығы 2212 км. Қазақстан Республикасы аумағында өзен жоғарғы бөлігінде үш сағаны (Келес, Күрік-Келес және Арыс өзендері) қабылдайды. Әрі қарай өзеннің су келмейтін бөлігі аймақпен ағып отырып, сағалық облыспен үлкен атырау қалыптастырып, Арал теңізіне құяды.
Сырдария алабының жоғарғы бөлігінде бірнеше үлкен су қоймалары салынған, олардың ішіндегі ең бастысы Тоқтағұл су қоймасы, Нарын (Қырғызстан) өзені ағындысының көпжылдық реттеушісі болып табылады. Қазақстан Республикасының энергетикасы мен ирригациясы үшін пайдалы көлемі 4. 2км³ Шардара су қоймасы пайдаланылады.
Сырдария алабында ауылшаруашылық мәдениетін суару үшін ирригациялық каналдар қамтылған үлкен жүйе бар. Сырдарияға және оның сағаларына, ескі арналары, ағынсыз көлдер және рельефтің төмендеу жерлеріне коллекторлы-кәрізді ағындыны жіберетін коллектор жүйесі де дамыған. Арал теңізі бұрын ішкі материктік ең ірі су қоймасы болған, ал қазіргі кезде прогрессивті кебу мен тұзданудың салдарынан ең қолайсыз жағдайда. Арал теңізінің 1961 жылы орташа деңгейі 53 метр болған. Соңғы 35 жылда оның тереңдігі 16 метрге азайды. Қазіргі кезде Арал теңізі екі бөлікке бөлінеді: оңтүстікте Үлкен теңіз және солтүстікте Кіші теңіз. Квазистационды режиммен салыстырғанда теңіздің тұздылығы үш есе өсті.
Сырдария өзенінің Тартоғай стансасынан Қазалыға дейінгі бөлігінде салалар жоқ. Қозғалу барысында сағаға қарай жайылымның тереңдеуі азаяды және ол қоршаған жазықтыққа кірігіп кетеді. Жергілікті жердің көрсеткіштері өзеннен оңға және солға қарай алыстап азаяды. Берік жағалаудың болмауы салдарынан және кіші биіктіктен өзен өзінің арнасын ауыстырып, жағаларды бұзып төмен жерлерді су басады, ескі арна өзеннен өз тасындылары арқасында бөлініп, таяз сулы көл түріне ауысады.
Сырдария өзенінің су алуы он төрт ірі каналдармен, сонымен қатар орташа жылдық су өтімі 1990 жылы шамамен 100 м³/с болатын тасынды құрылғылармен жүреді.
Қызылорда қаласынан 12 км жоғары Қызылорда су көтеру бөгені жұмыс істейді. Ол суды каналдарға жүйелі түрде бөлуді қамтамасыз етеді. Су өткізу қабілеті 220 м³/с солжағалық канал Сырдарияның сол жағалауын, бөгеннен Жусалы бекетіне дейінгі аумақты суару үшін арналған. Сол жақтан шығатын су өткізу қабілеті 50 м³/с Жаңадария каналы Қызылқұмның құмдарында жайылымдарды суару үшін пайдаланылады.
Сырдариядан Түмен-Арық бекетінен Жусалы бекетіне дейінгі бөлікте көп тармақтар бөлініп шығады, өз кезегінде олар тармақтарға бөлінеді, кей жерлерде судың жайылуынан көлдер мен батпақ қалыптасады. Тармақтың бір бөлігі ұзындығы мен кескіні жөнінен жоғарғы көрсеткіштерге ие. Олардың көп бөлігі құмдарда жоғалып кетеді, бұрынғы уақытта Арал теңізіне жететіндері де болған. Ұзындығы 170 км болып табылатын Қараөзек тармағы ең ұзын болып саналады. Бұл тармақ көптеген кіші тармақшаларға бөлініп, Жусалы бекетінің жанында қайтадан Сырдарияға құяды. Кейінгі жылдары Қараөзектің сағасы ауданында су көп тұрып қалады да, Сырдарияға жетпейді.
Жаңа-Дария - Сырдария арнасының сол жағалық ең ірісі, оның ұзындығы 600 км астам. Жаңа-Дария арнасы гидроторабымен жоғарыдан басталады және оңтүстік пен оңтүстік-батысқа қарай Өзбекстан шекарасына дейін өтеді. Жаңа-Дариядан 210 км батысқа қарай Қуаңдария тармағы кетеді (ұзындығы 480 км) . Жаңа-Дария және Қуаңдария өзендері тікелей байланысты жоғалтқан соң ұзақ уақыт бойы ірі су тасу кезеңдерінде ғана суланған. Қызылорда бөгеті мен Жаңа-Дария каналы салынғаннан кейін өзеннен 50м/с суды суару мақсатында алу мүмкіндігі туды. Қуаңдарияға су жеткізу және оның жағалауында орналасқан жайылымдарды суландыру үшін негізінен Қызылорданың солжағалық қашыртқы сулар алқабы пайдаланылады.
Сырдарияның төменгі ағысында бұл тармақтардың маңызы зор, себебі олар суландыру көзі болып табылады және ұсақ ирригациялық жүйелердің көп мөлшерін қоректендіреді. Жусалы селосынан төмен Қазалы қаласына дейін Сырдария құмды-шөлді кеңістіктен тармақтарсыз өтеді.
1970 жылы Қазалы қ. жоғары Қазалы гидроторабы пайдалануға беріледі. Оның жоғарғы бьефінен алынған сумен оңжағалық және солжағалық алқабтарды суару жүзеге асырылады.
1. 4 Сырдария аңғары
Сырдария Қазақстан жеріне Шардара суқоймасының оңтүстігінен кіреді және солтүстік және солтүстік-батыс бағытта Арал теңізіне қарай 1000 шақырымнан артық созылады. Ол кең Сырдария аккумулятивті жазықтары және Шығыс Арал ойысын кесіп өтеді. Сырдарияның қазіргі арнасы Сырдария синеклизасы бойымен емес, оның Қаратау көтерілімін жанай, синеклизаның солтүстік-шығыс бортымен өтеді. Өзеннің оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа қарай ауыспалылығы төрттік кезеңде ойыстың оңтүстік-батыс бөлігінің біртіндеп көтерілуімен түсіндіріледі. Бұл орын ауыстыру оң жағасына қарағандасол жағалауы енді болып келетін Сырдария террасасының орналасуынан айқын көрінеді.
Өзен аңғары өзінің жолында өзінің морфологиялық пішініне көп әсер ететін ірі жеке құрылымдарды басып өтеді. Аңғардың енді бөліктері синклинальды құрылымдарға, ал жіңішке, тар бөліктері антиклинальды құрылымдарға тура келеді. Бұлардың кезектесіп келуі анық көрінетін құрылымға жағдай жасаса, жаңа және қазіргі тектоникалық қарқындылық жеке учаскелер морфологиясының қарама-қарсылығын күшейтті.
Сипатталып отырған территорияда Сырдария аңғары төмен және анық көрінбейтін жағалаулы және гидрографиялық тордың көп өзгергендігіне куә болатын көп тармақты болып келеді. Геоморфологиялық белгілері бойынша оны негізгі 3 учаскеге бөлуге болады: 1) Шардара суқоймасынан Жаңақорған кентіне дейін; 2) Жаңақорған кентінен Жосалы кентіне дейін; 3) Жосалы кентінен Арал теңізіне дейін.
Бірінші бөлігінде Сырдария Жуғаш ойысының біршама терең бөлігін және Арыс ойысының оңтүстік-батыс шетін, Қаратау жотасының пролювийлік шөгінділерін кесіп өтеді. Өзен суында жинақталған материалдар мен аллювийдің тұрақты жиналы аңғар түбінің көлденең қимасының дөңес болуына әкелді. Аран айналасындағы жазықтарға қарағанда біршама гипсометриялық биіктікте. Өзеннің екі жағасында да арна бойы жалдар кездеседі. Олар басым ірі құмды материалдардан түзілген.
Жаңақорғаннан Жосалыға дейінгі бөлігінде Сырдария төменгі төрттік кезеңінің кең аллювийлік-атыраулық жазығын кесіп өтеді. Арна біршама иреңі бар көп меандрлы бола түседі. Жағалаулық территория жыл сайын су астында қалады. Қайрақты және Шардара суқоймаларын салғанға дейін аумақты су басу 60 км-ге дейін созылған (Федорович 1969) . Тасқын нәтижесінде кішігірім көлшіктері мен батпақтанған жерлері бар жайылма құрылады.
Жосалы кентінен төмен өзен аңғары сипаты шұғыл өзгереді. Бұл жерде өзен палеоген және бор жыныстарынан құрылған төменгі Сырдария күмбезін кесіп өтеді. Осы арқылы Сырдария өзінің бағытын солтүстік-батыстан батысқа қарай өзгертеді. Оның аңғары жіңішке, арнасы салыстырмалы тура. Аңғар ені үш шақырымға дейін созылады. Түпкі жағалау мұнда биіктігі 15-20 метрлік кемерді құрайды. Қазалыдан батысқа қарай Сырдария аңғары қазіргі атырау аймағына кіреді. Бұл жерлерде терраса жоқ, өзен жағалаумен бірдей ағады. Палеогеннің түпкі жыныстары онша терең емес, кейде жер бетіне шығып қалады. Аллювийлік шөгінділер аз кездеседі, арагідік байқалмайды да. Бұл учаскенің жастығын білдіреді. Мұнда сәл ертерек көп тармақтар мен батпақты ойыстар болған. Қазіргі уақытта Арал теңізі деңгейінің төмендеуіне байланысты Сырдария атырауы құрғап қалды десе де болады. Тармақтарының көбі сусыз қалды.
1. 5 Сырдария өзенінің арнасы
Өзен арнасы жер бетіндегі аса енді емес, ұзына бойы ирелеңдеп созылып жатқан жалпы еңістігі өзеннің бастауынан сағасына қарай бағытталған ойыс түрінде көрініс беретін бедер пішіні. Аңғар су ағындарының эрозиялық әрекеті нәтижесінде қалыптасқан.
Арна - өзен суы үнемі үздіксіз ағатын аңғар табанының ең тереңделген бөлігі. Сырдария өзенінің негізгі арнасы Қызылорда қаласынан Қараөзек стансасына дейін орташа ені 300 метр (тасқын кезінде 735 метрге жетеді), орташа тереңдігі 3, 85 метр, ал осы учаскедегі ең терең жері 12, 5 метр. Арнаның кеңейген тұстары орташа және максимальды тереңдігі аз өзен қайраңдарына, ал тар тұсы керісінше біршама терең жерлерге сәйкес келеді.
Сырдария арнасының гидравликалық есептеулері өзеннің тереңдеп аға алмайтынын және егер оның шығыны жыл бойы өзгермесе, ол тұрақты меандрлы болатынын көрсетеді. Бірақ, шығынның тез өзгеру әсерінен жеке меандрлар бір-бірімен жақындайды және тасқын кезінде су мойнақтардан құйылады да, меандрларды шайып кетеді; өзен оларды жаңа бағытта дамытады және салыстырмалы тұрақты арнада өзгермелі меандрлы сипатта болады. Сырдария осы қасиетімен Амудариядан ажыратылады.
Арнаның меандрды бұзып өту нәтижесінде жылжуы өте баяу жүретін процесс. Мұны 1907 жылғы, 1948 жылғы топографиялық карталарды қазіргі карталармен салыстыра отырып байқауға болады. Бұл кезеңде өзен арнасы сызығы өте елеусіз шамада өзгереді.
Сырдария өзенінің оң жағалаулық тармақтарына көлдер жүйесін түзетін Көксу, сондай-ақ Қараөзек стансасы тұсынан бөлініп, қайтадан Жосалы стансасы тұсында құятын Қараөзек өзендері жатады. Өзеннің оң жағалауында суы кеуіп қалатын тармақтар қатары орналасқан; олардың ішіндегі біршама ірілері Қараөзек стансасы мен Қызылорда қаласы аралығында бастау алатын Сауранбай және Тереңөзек кенті маңынан ағып өтетін кентпен аттас тармақ. Бұл кеуіп қалатын арналар ұзындығының қысқалығымен, және кішігірім көлденең қимасымен ерекшеленеді.
Қараөзек тармағы ойыста оның түзілуіне дейін бар болған (одан ерте пайда болған) құмдар арасымен өтеді. Ұзындығы 189 шақырым, ал ол басталып және құяр тұсы аралығында Жамандария ұзындығы 218, 5 шақырым.
Сырдарияның сол жағалауында Қызылорда қаласынан 12 шақырым төмен өзеннің Шіркейлі тармағы бөлініп шығады, және ол батыс бағытта ағады. Тереңөзек кенті меридианы тұсында тармақ Көксу (оң) және Майлыөзек (сол) тармақтарына бөлінеді. Шіркейлі арнасы Мәдениет каналымен аяқталады. Қазір ол арналар құрғақ, бірақ ол жерлер өткен ғасырдың басындағы карталарда адам аяғы жетпейтін көлшіктер мен батпақтар ретінде көрсетілген. 1941 жылы Шіркейлі құрғақ арнасы қайта қазылып, Жаңашіркейлі каналы ретінде ауылшаруашылығында пайдаланыла бастады.
Сырдарияның сол жағалауы мен Қызылқұм құмдарының арасында даланы батыс, оңтүстік-батыс бағытта “әжімдейтін” құрғақ арналар өте көп. Олардың көбі ұзын болуымен ерекшеленеді, кейбіреулері (Жаңадария, Қуаңдария) Арал теңізі жағалауына дейін жетсе, басқалары құмда ізін ғана қалдырады (Іңкәрдария, Қашқансу) .
Солжағалаулық көптеген арналар құрғақ немесе олардан жыл мезгілдерінің аз ғана уақытында су ағады, ал кейбіреулері (Шіркейлі, Тораңғылсай) суландыру үшін пайдаланылады.
Жайылма - өзен аңғарының сол өзен тасыған кезінде су басып кететін бөлігі. Террасалар - тегіс немесе аздаған еңістігі бар аңғардың беткейлер шегінде сатыланып орналасқан алаңдар, соның ішінде жайылма ең төменгі терраса болып есептелінеді.
Өзеннің ырғақты түрде ирелеңдеуі меандрлар деп аталады. Ағынның алға жылжу бағытына байланысты, меандр жүйесі жыл сайын аңғар бойымен төмен қарай 0, 5-20 метр жылдамдықпен ығысады.
Н. И. Маккавеевтің (1955) айтуынша, неғұрлым өзен шығыны көп болып, өзен еңістігі аз болса, соғұрлым иіндердің дөңгелену радиусы жоғары.
Жалпы айтқанда, аңғар бойында екі түрлі меандр кездеседі. Су тасуына байланысты үлкен радиусы және өзеннің төмен сағасына сәйкес кіші радиусты меандр. Алайда, арнаның морфологиялық элементтері негізінен су тасуы кезінде қалыптасатын болғандықтан, судың қайтқан кезіндегі әсері де аз болады, ал аңғардың морфологиясына аз ғана өзгерістер жасайды.
Меандрлану процесі өзен ағысының минималды күш жұмсау нәтижесінде кедергісі ең аз жолмен ағуы салдарынан пайда болған құбылыс. Меандрлану нәтижесінде өзеннің ұзындығы ұлғайып, шұңғымалар мен қайраңдардың арна бойымен ауысуы, жайылмалар мен террасалардың қалыптасуы, аңғардың меандрлануы арна ағыны дамуының негізгі заңдылықтарының бірі болып табылады және өзен аңғарларының барлық морфологиялық элементтерінің қалыптасуы бұл заңдылықтарына тікелей байланысты.
Сырдария өзені аса қатты меандрланған өзендер қатарына жатады. Жайылма өзен меандрларының жеке аласа бөліктерінде кездеседі. Оның меженді су деңгейі үстіндегі биіктігі 1, 5 - 2 метр болады. Жайылымы ұзындығы әдетте бірнеше жүз метрден аспайды, ал ені он метрден бірнеше жүз метр аралығында, тек аз жерлерінде километрден асады, көбіне жайылымы өзен арнасындағы кішігірім аралдармен сипатталады. Оның беті өте тегіс, өзен арнасына қарай аздап еңістелген, кейде арнаға қарай құлау бағыты бойынша 0, 2-0, 5 метр биіктікте бірнеше сатылар кездеседі.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz