Абай Құнанбаев - "Қазақтың бас ақыны"


Қазақтың бас ақыны
Ұлы Абайды "Қазақтың бас ақыны" деп бағалап, алғашқылардың бірі болып оның ақындық зор тұлғасын дәл сипаттап, әдебиет, мәдениет пен қоғамдық ой-санамыздың дамуындағы орасан зор маңызын тұжырымды түрде айқындап берген Ахмет Байтұрсыновтың осы бір нұсқалы сөзін есте тұта отырып айту парыз деп ойлаймыз. Бұл бүгінгіге дейінгі өрістетіліп, кеңейтіліп, әртүрлі бағытта нақтылай айтылып келе жаткан сан алуан пікірлердің тірегі, алғашқы түйіні, асыл ұрық-дәні, ақиқат түйірі деуге лайық, өйткені ол - жай әншейін әлдеқалай айтыла салмай, әбден барлап, ойлап, тереңіне бойлап, байыбына барып, мәнісін жете аңғарып айтылған түйінді ой-тұжырым.
Абайдың атын әлемге әйгілеп, өзінің ғылыми зерттеулерімен де, атақты "Абай жолы" дәуірнамасымен де абайтануды үлкен сара жолға салған Мұхтар Әуезов те жаңаша ой толғап, соны шешімдер іздегенде Ахмет Байтұрсынов пен Әлихан Бөкейхановтың пікірлерін үнемі тірек еткені ешбір дау туғызбайды. Ахмет Байтұрсынов Абайды бас ақын деп жоғары бағалап, қастерлегенде оның басқадай қасиеттерін, ұлы тұлғасының өзге жақтарын көре білмеді, дарыны, даналығы көп қырлы екенін тани алмады десек, ағаттық болмай ма? Мұны айтып отырғанымыз, бүгін Абайды мақтамақ болғанда кейбір авторлардың ол ақын ғана емес, ойшыл ғұлама деп көтеріп тастағандай болатыны байқалады. Әрине, Абай - ұлы ойшыл, ғұлама, өзгеден мойыны озық философ. Абайды хакім деу де орынды. Ол сөзді Абай өзі де қолданған. Абайды хакім деп Мағжан да бір өлеңінде атайтыны бар. Хакім деген сөз тілімізде жылдар бойы аз қолданылып, мағынасы көнергендей болып келді де, қазір жаңғырып қайта жанданды. Алайда Мағжан Абайды "шын хакім, сөзің асыл, баға жетпес" деп сипаттағанда, оның ойшылдығын, даналығын ақындығынан бөліп айтпаған.
Абайдың ойшылдығы, кемеңгер философ екені терең ашылмай, жете айтылмай келгені рас. Тіпті таптық идеологияның қисынына сәйкес бір жақты айтылған кездері де аз болған жоқ. Абайдың дүниеге, қоғамға көзқарасы, әсіресе алла, имандылық туралы пікірлері бұрмаланып баяндалды. Бұл тұрғыдан қарағанда Абайдың ойшылдығын баса айтудың әбден жөні бар. Абайдың дүниетанымы, философиялық көзқарастары туралы еңбекте солай етудің өзі бірден-бір қажет және мұның өзі - ғылыми зерттеудің тәсілі. Бірақ бірде болмаса бірде кездесіп қалатын қара сөздерінде ойшылдық, даналық басым екен, өлеңдері таза поэзия ғой деген секілді жаңсақ пікірлердің айтылуы еш дәлелсіз. Әрине, дүниенің өзгеріп дамуы, алла мен адамның болмысы туралы арнайы пікір толғаған сөздері өз алдына. Тіпті ондай пікірлердің өзі де өлеңдерінде айтылып отырады ғой. Қалай десек те, қай жағынан келсек те, Абай - алдымен ақын, қазақтың бас ақыны.
Абайдың туған облысы Семей, оған көршілес облыс Ақмола, содан ары Торғай, Орал облысы болады. Кейінірек Түркістан өлкесі түгел алынған соң, Жетісу, Сырдария облыстары жасалды. Сөйтіп, Ұлы Октябрь Социалистік революциясына шейін қазақ жайлаған Сарыарқа, Жайық, Сыр, Алатау өлкелерінің барлығы патшалық құрған алты облысқа бөлінген . . .
Семей облысының өзін алсақ, ол бес уезге бөлінген: Семей, Қарқаралы, Павлодар, Өскемен, Зайсан уездері. Облыс басында әскери губернатор (жандарал) болады, оның кеңсесін "Областное правление" дейді. Уездің басында уездный начальник - мұны қазақ "ояз" дейтін. Ақмола, Семей облысы бірігіп, бір генерал-губернаторлыққа бағынатын. Оның әкімін степной генерал-губернатор дейді. Қазақ бұл үлкен әкімді - кеңсесімен қоса "корпыс" деп атайтын . . .
Жоғарыда аталған уездерді алсақ, бұлар 20-21-22 болыстан құралатын. Абайдың елі қараған Семей уезі жиырма болыс болатын да, көршілес Қарқаралы уезі жиырма екі болыстан құралатын. Қазақтың "болыс" деген сөзі - орыстың "волость", "волостной управитель" - деген сөзінен алынған. Қазақша қолдануда және Абай шығармаларында "болыс" деп, әрі әкімдік бөлікті де, әрі соның басында тұратын әкімді де атаған. Ояз бен болыстың арасында тағы бір ұлық бар, ол - крестьянский начальник. Бір уезде 20-22 болыс болса, солар бірнеше учаскеге бөлінеді. Төрт-бес болыстан құралатын учаскенің бастығы жаңағы крестьянский начальник.
Осымен қатар, әкімшілік орындарынан басқа сот орындары болған. Олар қазақ болысында үш жылда, болыспен бірге сайланатын билер, сонан соң мировой судьялар және әр болыстың басында облыстық - окружной суд болатын.
Міне, Абай шығармалырында әралуан кескінде сипатталынып, әшкереленетін, сыналып отыратын ұлық, әкім, ел билеушілер дегендердің саты-саты орындары осылай еді . . .
Абай осы күнгі Семей облысындағы Шыңғыс тауын жайлаған Тобықты руының ішінде 1845 жылы туған. Абайдың өз әкесі - Құнанбай, атасы - Өскембай, арғы атасы - Ырғызбай. Аталарының барлығы да ру ішінде үлкен үстемдік жүргізген адамдар. Ақынның бұлардан арғы аталары Айдос, Олжай үш ұлы: Айдос, Қайдос, Жігітек. Тобықтының атақты жуан биі Кеңгірбай - осы Жігітектің баласы. Қайдостан Бөкенші, Борсақ тарайды.
Айдос өз басы би де, бағлан да болған емес. Қайта момын, жасық адам болғандықтан, оны: "Шөккен түйеге міне алмайтын жаман Айдос" дейтін мәтел бар. Осы Айдостың Айпара деген әйелінен төрт ұл туады. Бұлар: Ырғызбай, Көтібақ, Топай, Торғай.
Айпара ер қайраты бар, есті, адуын әйел болған. Өзінде бір жағынан тапқыр шешендік, бір жағынан бақсы құшнаштық сияқты сәуегейлік те болған. Айпараның өзінен қалған бір ауыз сөз - төрт баласына берген аналық сын сөзі. Сонда:
Шынжыр балақ, шұбар төс Ырғызбайым,
Тоқпақ жалды, торайғыр Көтібағым,
Әрі де кетпес, бері де кетпес Топайым,
Сірә да оңбас Торғайым, -
дейді. Сол шешесі дәме қылған Ырғызбай өзге туысынан анық, артық болып озып шығып, ортасы дәме қылған жігіт болады. Тобықтының сол күндегі биі Кеңгірбай өзге барлық жас-желеңнің ішінен Ырғызбайды сынайды. Ел сөзіне араластырып, баулып жүреді. Ол кез - көп бидің парашыл кезі. "Сыбаға" деп, "жол" деп мол параны бадырайтып алып жатады.
Кеңгірбайға да осы жөнде көп жаманат еретін. Соның мысалы байы өлген қаралы бір әйелдің даусынан байқалады. Ері жанжал-төбелесте өліп, есе ала алмай отырған әйел:
Мойны, басы былқылдап,
Ырғызбай жүрді араға,
Кеңгірбай толды параға,
Параға алған қара атан,
Тігілгей еді қараңа, . . .
- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz