Әріп Тәңірбергенұлы


Пән: Әдебиет
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 54 бет
Таңдаулыға:   

КІРІСПЕ

Бүгінгі биіктен төл әдебиетіміздің тарихына көз тоқтатар болсақ, уақыт сілемі алыстаған сайын асқақтай түсер ұлы тұлғалар бейнесі төбе-төбе болып көзге шалынады.

Өз заманының саңлағы атанып, туған халқының атын әлемге әйгілеген ұлылар болашақ буынның ұранына айналып, күннен күнге даңқы артып, үркердей жарқырай түспегі хақ. Ұлылық пен ізгілік қатар дарыған қасиетті қазақ топырағы да осындай тұғырлы тұлғалардан кем де емес. Мәселен, Орта ғасыр, қазақ халқына Ахмет Иассауи әлемімен танымал болса, ХV ғасыр әдебиетін Асан қайғы атымен айтамыз. XVIII ғасырыңыз буырқанған Бұхар жырымен өрілсе, өткен ғасырдың аяғы - қазақ поэзиясының шыңы - ұлы Абай дәуірі екеніне еш таласыңыз жоқ . . . Абай - өзінен кейінгі қазақ поэзиясының бағытын айқындар темірқазығына айналған ұлы құбылыс . . .

Тарихымызды тыңнан толғап, туған әдебиетінін төріне бүгінгі биіктен қарасақ, ұлттық болмысы мен мәдени дамуы түбірлі өзгерістерге толы екі ғасыр тоғысында өмір сүрген, ұлы Абайдың поэзия Алатауының асқаралы шәкірттерінің бірі, қазақ әдебиеті тарихының өзіндік бір биігі

Әріп Тәңірбергенұлының әдеби мұрасы жаңаша пайымдаулар тұрғысынан жан-жақты, терең зерттеуді қажетсінеді.

Жұмыстың жалпы сипаттамасы: Қоғамдағы түбегейлі бетбұрыстар ұғым-түсінігімізге құрсау болып келген кешегі кеңестік идеологияның торын үзіп, рухани өрісімізге тың серпіліс әкелгеніне де біраз уақыт болды. Сондықтан да, кешегі тарихымызға, әдебиет пен мәдениетімізге дәл қазіргі күн көмбесінен үңілгенде байқайтынымыз, қазақ әдебиетінің тарихын жаңаша тұжырымдау-өскелең уақыт талабы. Кеңестік идеология келмеске кетіп, елдік тізгін өз қолымызға тиген тап қазіргі шақ қазақ әдебиеттану ғылымына қыруар міндеттер артып отырғаны сөзсіз.

Қоғамдық бетбұрыстар әдебиеттану ғылымының даму процесін жаңа бір бағытқа бұрды. Әдебиет әлемінде аз уақытта атқарылған істер қазақ әдебиеттану ғылымын ақтаңдақ беттерден арылтуға бет алды. Әдебиетімізге қайта оралған ұлы тұлғалармен қатар, кешегі тәжіке-таластардан тұралапқалған Абайдың ақындық мектебі еңсесін түзеп, керегесін бүтіндеуде. Абай балалары - Ақылбай, Мағауия, Тұрағұлдардың мұралары өз бағасын алып, Көкбай, Шәкәрім сынды шәкірттерінің шығармалары енді-енді көпшілік кәдесіне жаратылуда. Алайда, батпандап кірген індетті әдебиет бетінен бір күнде сылып тастау мүмкін емес. Сондықтан да, ғалым Т. Кәкішұлының сөзімен айтсақ: « . . . адамзат тарихында айрықша кезең есептелетін ХХ ғасыр қазақтың рухани мәдениетіне әкелген олжаларды жаңаша пайымдайтын уақыт келді, туды. Оны жасамасақ, ескі сараппен тарта берсек ел-жұрт алдында күнәкәр боламыз» (1) .

Қазақ әдебиеті тарихында ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы өкілдерінің қатарынан орын алып келгенімен, Абайдың талантты шәкірті ретінде танылуы бертінге дейін көлегейленіп келген Әріп Тәңірбергенұлы тұлғасын жаңа тұғырдан танып, ақын мұрасының зерттелу ауқымын кемелдендіре түсудің кезі келгендей.

Зерттеу мақсаты: Ұлы Абай мұрасына ғұмырын арнаған Мұхтар Әуезов кезінде «қоғамға жат» саналып, жарыққа шықпай қалған «Көкбайдың ақындығы» деген мақаласында Тәңірбергенұлы турасында алғаш боп мынандай пікір білдіреді: «Абай мектебінің ақындарын айтқанда сол «Абай шәкірті деген атаққа лайығы бар тағы бір топ ақындар жайын әзірше жазғамыз жоқ. Бұл қатарда алдымен аталатын Әріп ақын мен Әсет сияқты әдебиет, көркемөнер қайраткерлері бар екені даусыз . . . Бұл жерде мысалы - Әріптің Көкбайға ұқсаған және одан гөрі де молырақ, таланттырақ шығармалар тудырған бағалы еңбектері бар екенін білеміз» /2. 117/, - дейді. Әріптің ақындық қуатын алғаш танытып, ақын мұрасының кейінгі зерттелуіне тікелей қозғау салған қысқа ғана ой ұшығының келешекте кеңейіп, ғылыми түрде өрістеуіне уақыт қыспағы ырық бермеді . . .

Осы арада біз Ә. Тәңірбергенұлы өмірі мен шығармашылығының әлі де жете зерттелмей, ғылыми тұрғыда өз орнын таппай келуінің бірнеше себептерін айта кетейік.

Біріншіден, абайтану мен Абайдың ақындық мектебін құртуға тырысқан сол уақыттың әдеби көзқарасы.

Екіншіден, ақынның социалистік қоғамға жат шығармалар жазуы (әсіресе, дүниетанымдық мәндегі поэзия) .

Үшіншіден, Әріптің төңкеріске дейінгі патша шенеуніктерімен бірге бірнеше жерде тілмаштық қызметте және болыстың хатшысы сияқты қоғамдық жұмыстар атқаруы, ол аз десеңіз төңкерістен кейін кеңес өкіметі тұсында «істі болған күдікті» өмірі.

Ең соңында, тіпті «Әріп Абайды ұстаз көрмеген, Абайға қарсы болған» (3), - деп Абай мен Әріп арасындағы өнерге тән өлең қақтығыстарын өршіткен кереғар пікірлер еді. Біздің мақсат осылардың шындығын ашу.

Жұмыстың өзектілігі: Ғасыр аралығындағы әдебиет өкілдерінің бір тобы «діншіл, ескішіл» деген айдарға иеленіп келсе, ағартушы-демократтық бағыттағы екінші бір топ ақындарының өзі саяси идеология талғамына қарай тұрпайы сүзгіден өтіп, әдеби мұралары біржақты танылып келді. Кеңестік идеология стандартына сай өлең-жырлары аса дәріптеліп, ол талғамға келмейтін мұралары бүркемеленіп, реті келсе, сын тезіне алынып келген ақын - Ә. Тәңірбергенұлы болатын.

Абай мектебіне көзқарас өзгерген шақта, Әріптің атын әдебиет тарихында төмендетпей ұстап қалған оның төңкеріс ұранын қолдаған және Ленин туралы өлеңдері екенін жасырмауымыз керек. Қайта ғалым С. Қирабаев айтқандай: «Қазақ халқының төңкеріс кезіндегі ізденістері де, осыны жырлаған ақындар да өз болмысының бар шындығымен, қайшылығымен тиісті бағасын алғаны жөн (4) . Сол кезде алладан алыстап тұрған заман талабы ақынның жалпы болмыс, алла мәселесі жайындағы дүниетанымдық мәні бар терең философиялық туындыларына қырбайлық танытты. Әлеуметтік тақырыптағы өлеңдерінің өзі тарихы жете танылып, тамыры қазылмай, сол уақыттың ығына жығыла талданып, қоғам заңына икемделе берді. Біздің жұмысымызда Әріп ақын шығармашылығы, діни көзқарасты аластаған, кітаптық тұрғыдан емес, көркемдік тұрғыдан, тақырыптық ұстанымнан қарастырылды.

Зертеудің дерек көздері: «Шығыстық сарын дегеннен бойымызды аулақ ұстаған тәлім-түсінігіміз ақынның шығыстық үлгідегі қисса-дастандарынан бейхабар етіп келді.

Әріптің артында қалған мол мұрасының 1969 жылы ғана шағын жинақ (Ұмытпаңыздар мені) болып бізге жетуінен-ақ, ақын шығармашылығы зерттелу, жариялану аясының тым жұтаңдық тартып жатқанын байқау қиын емес. Бірақ біз осы мұраларды дерек көзі ретінде пайдаландық.

Өз жұмысымызда біз әлі де толыққанды зерттелмей келе жатқан Әріп Тәңірбергенұлы мұрасын дәл бүгінгі күн талап тұрғысынан тану мақсатын ұстанып, осы мақсатқа жету үшін жұмысты үш тарауға бөліп қарастырдық. Бірінші тарауды “Ақын мұрасының зерттелуі”деп алып, Әріп шығармашылығының зерттелу тарихын, бүгінгі жай-күйін толыққанды анықтауға тырыстық.

Екінші тарау «Дәуір жыршысы»деп аталады. Бұл тарауда бізӘріп ақын өз шығармашылығына арқау еткен түрлі тақырыптар мен ол көтерген мәселелерге, мән-мағынасын ашуға талпындық. Үшінші тарауымыз «Ақын шығармашылығындағы ағартушылық идея»деп аталды. Бұл тарауда Әріптің ХХ ғасыр басындағы ағартушылық идеяға қосқан үлесін, оның ағартушы ретіндегі қызметін біршама атап көрсетуге тырыстық.


АҚЫН МҰРАСЫНЫҢ ЗЕРТТЕЛУІ

Ә. Тәңірбергенұлы туындылары сонау ХІХ ғасырдың екінші жартысында Қазан қаласында жарық көре бастағаны белгілі. Дәлірек айтсақ, ақынның шығыстық сюжетке құрылған қисса-дастандары «Қожа Ғафан», «Қисса Таһир», «Қисса Зияда-Шаһмұрат», «Қисса Баһрам» Қазан қаласының әр-түрлі басылымдарында жаңғыра басылып отырды. Негізінен, ақынның көзі тірісінде баспа бетін көрген туындылары осылар ғана.

Тек, сол кездегі «Дала уалаятының газетінен» мынандай хабарлама кездестірдік: «Киргизам Семипалатинского уезда Арипу Танирбергенову и Иманбазару Казангапову. Ваши стихотворения не могут быть напечатаны»/5/, - деп шолақ қайырылған жауаптан Әріптің аталмыш газетке 1890 жылы өз өлеңдерін жіберіп, оны патша үкіметінің қарауындағы ресми газет баспағаны айқындалып отыр. Әріппен бірге аты аталып отырған И. Қазанғапов - зерттеуші Қ. Мұхамедханов Абайдың ақын шәкірттері қатарына қосқан, Әріптің жерлес, сыйлас адамы. Өзінің інісі іспетті Иманбазарға Әріп бір өлеңінде:

Әркім мақтап айтпайды Қазанқапты,

Қазанқап хақ жолында иман тапты.

Аман Қынаш - бір түйте кездік еді.

Кездіктен қанжар таудың алтын сапты / 6. 149/, - деп ерекше бағаланған. Иманбазар бұған дейін де осы газетке өлеңдерін жіберіп, оған газет тарапынан қырғи-қабақтық танытылған болатын /7/. Бұдан кейінгі Әріп екеуі жіберген өлеңдерге ашық түрде қарсылық танытудың мәні, бұл өлеңдердің үкімет газетінің көңілінен шықпағанын сездіреді. Алғашқы әрекетінен-ақ осындай тосқауылға ұшырап, баспасөз беттерінен қағажу көрген Әріп өз өлеңдерін баспа бетіне жариялауға қайта әрекет етпегенге ұқсайды.

Ал, ақынның қолжазбалары бізге жеткен жоқ. Әріп өлеңдерінің жариялануы тек төңкерістен кейін, кеңес дәуірінің тұсында ғана қарқын ала бастады. Қоғамымыздың әдеби-мәдени дамуы кеңестік идеология ықпалына жығылды. «Кедейге қамқоршы» атанған кеңестік үкіметке көп кешікпей таптық мүддені жарнама етер жаңаша жырлар қажет болды. Міне, осы кезде көптеген «социалистік» туындылармен қоса 1927 жылдары Ә. Тәңірбергенұлының «Париж коммунасы» /8/, «Ленин жолдас» /9/ деген өлеңдері кеңес дәуіріне ақын атын танытқан алғашқы туындылары болып басылған-ды. Сол кездегі қоғам талабын тұшындырарлық деген ақын өлеңдері республикалық, облыстық баспасөз беттерінде дүркін-дүркін басылып тұрды. 1936 жылы «Ленин өлгенде», «Балаларыма» деген өлеңдері жарияланса /10/, осы Ленинге арналған бір өлеңі «Ленин, как снежные горы высок» деген атпен орысшаға аударылып, 1937 жылы «Творчество народов СССР» жинағына енді. Осы жылдан бастап бұл өлең орыс орта мектептерінің 10-сынып әдебиет хрестоматиясына енгізілді /11/. Сондай-ақ «Ленин өлгенде», «Ғылым туралы» өлеңдері 1940 жылы Семей облыстық газетінде жарық көрді /12/.

Әріп ақын мұрасының зерттелуін сөз еткенде, Абайдың ақындық мектебін айналып өте алмасымыз ақиқат. 1951 жылы М. Әуезовтың жетекшілігімен Қ. Мұхамедханұлы «Абайдың ақындық мектебі» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады.

Осы еңбегінде зерттеуші Абайдың талантты шәкірттерінің бірі де, бірегейі ретінде Әріп Тәңірбергенұлы мұрасын алғаш рет ғылыми тұрғыда зерттеуге бастама жасайды. Дегенмен, сол кездегі саяси идеология жалауын жамылған нендей әдебиетшілер Абай мектебін «қоғамға жат, ұлтшыл топ» деп қаралап, оны жасаушы Әуезов пен Мұхамедханұлының өшіге іздеріне түседі. Сөйтіп, Мұхтар мен Қайым жаққан Абай мектебінің шырағы жанбай жатып тұмшаланды, ал Әріп сынды Абай шәкіртінің туындылары тәлекке түсті.

Бүгінгі зерттеушілеріміздің: «Следует отметить, что поэтическая школа Абая (Акылбай, Магауия, Арип Танирбергенов, Асет Найманбаев, Кокбай Жанатаев, Уаис Шондыбаев, Найманбет Орманбетов) мало известна широкому кругу читателей, литератураведы Казахстана только теперь получили возможность всесторонне исследовать творчество ее представителей»/13. 201/, - деген қынжылысы Абай мектебіне келген кесапаттың оның өкілдеріне қаншалықты кесірін тигізгенін айқын аңғартып-ақ тұр.

Алайда, уақыт - емші. Елу бірдің бұлты Әріп есімін қанша бүркегенімен, ақынның өлмес мұрасы ел есінен өшкен жоқ. 1959 жылы «ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті» /14/ хрестоматиясына Әріптің «Қалың мал туралы», «Тәңірбек болысқа», «Кәрілікке», «Өлерінде айтқаны» деген өлеңдері енсе, 1963 жылғы «ХХ ғасыр басындағы қазақ ақындарының шығармалары» /15/ кітабына ақынның жиырма шақты өлеңі басылған. Кітаптың соңында басқа ақындармен қатар Ә. Тәңірбергенұлының басылып шыққан шығармаларының тізімі, ол туралы жазылған зерттеу еңбектері мен мақалалардың көрсеткіші және ақынның кейбір өлеңдерінде, ондағы түсініксіз сөздерге түсініктеме берілген. Бұл ақын шығармаларының жарияланудағы ғылымилықтың артқандығын айқындайды.

1962 жылы Ө. Есназаровтың «ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті тарихын зерттеудің кейбір мәселелері» /16/ деген атпен кандидаттық диссертациясы қорғалды. Осы еңбектің көлемді бөлігі Әріп Тәңірбергенұлы мұрасын қамтып, ақынның поэзиясына, сондай-ақ, «Зияда-Шаһмұрат», «Қожа Ғафан» дастандарына кеңірек тоқталып, ғылыми талдау жасалған.

1965 жылы «Үш ғасыр жырлайды» /17/ жинағына ақынның бірсыпыра өлеңдері енсе, 1969 жылы Ө. Есназаровтың құрастыруымен Ә. Тәңірбергенұлының «Ұмытпаңыздар мені» /18/ деген атпен тұңғыш шығармалар жинағы жарық көрді. Бұл жинақ Әріп мұрасын танудағы алғашқы маңызды қадам еді. Жинаққа ақынның сол уақытқа дейін жинап-терілген өлеңдері, айтыс-қағыстары енген. Ал, жоғарыда сөз болған қисса-дастандардың енбеуі үлкен олқылық. Осындай жайттарды байқаған сол кездегі баспасөз беттері: «Ұмытпаңыздар мені» деген атпен тұңғыш шығармалар жинағы басылды . . . Бұл кітап ақынның барлық әдеби мұрасын тегіс қамтып тұр деп айта аламыз» /19/, - деген болатын.

Араға жылдар салып шығып тұрған «ХХ ғасыр басындағы ақын-жазушылар шығармаларының» жинақтарына және 1989 жылғы «Бес ғасыр жырлайды» /20/ кітабына Тәңірбергенұлы туындыларының үзілмен енгізіліп келуі - ақын мұрасының өміршендігін танытар ұлы көрсеткіш.

Десек те, ақын қаламынан туған дүние-болмыс, жаратушы-алла жайында толғаған терең философиялық толғамдары, өмір мен өлім туралы астарлы жырлары сол кездегі қоғам қатпарында қалып, көлегейлене берді.

Кешелі-берлі ақиқат алауы тұтанып, тоталитаризм тоңының іргесін сөкті. Еліміз еңсесін түзеп, егемендіктің ескегі соққан шақта, жөргегінде тұншыққан Абай мектебі қайта іңгәләді, Қ. Мұхамедхановтың араға 42 жыл салып 1993 жылы «Абайдың ақын шәкірттері атты еңбегі көп өзгеріссіз оқырманымен қайта қауышты. Автор еңбегінің үшінші кітабында Ә. Тәңірбергенұлының өмірі мен шығармашылығын ғылыми түрде кеңінен қарастырып, ақынның шығармашылық өмірбаянын жасауға орасан үлес қосады. »

Әріп мұрасын толықтыра түсерлік бір еңбек - ақынның 140 жылдығына орай шыққан «Ұрпақпен үндесу» жинағы /21/. Шағын жинақта ақынның бұрын баспа бетін көрмеген «Дәл ертең өзгереді бүгінгі күй», «Мырзаларға», «Тәуба», «Ғапылдық қараңғы жол адаспаңдар» өлеңдері және «Ағыбай туралы аңыз», «Біржан-Сара» дастандары, сондай-ақ, бүгінгі күні Көкбай Жанатайұлына таңылып жүрген «Абылай-Қандыжап бітімі» поэмасы басылған. Әрине, орталықтан ешқандай ғылыми тұжырым жасалмай ауыл ақсақалдарының басшылығымен кітап етіліп басылған бұл туындылар, сөзсіз, тианақты зерттеуді қажетсінеді . . .

Ақын мұрасын зерттеуде қатпарлы істердің түбі көріне тындырылып тасталмағанымен, игі істің төбесі көрінерлік біршама жетістіктерге қол жетті.

Қоғамға келген өзгеріс өткен тарихымыз бен мәдениетімізге, әдебиетімізге қайырыла қарауға мүмкіндік әперді. Ақиқатымыз айқындалып, өлмес мұраларымыздың мұратын айрықша тану сәті енді туғанда, Тәңірбергенұлы сынды майталман ақын мұрасын жаңғырта қарап, түлете түгендеу - ақын аруағы алдындағы борыш, өскелең ұрпақ алдындағы кезек күттірмес парызымыз.

Ә. Тәңірбергенұлы және оның шығармалары жайында алғашқы көзқарастар сонау ХІХ ғасырдың ағында-ақ көрініс берді. Олай дейтініміз, ол кезде авторы Әріп екендігі әлі бекімегенмен, «Қожа Ғафан» қиссасы жайында пікірлер баспасөзде орын алды. 1876 жылы «Түркістан уалаяты газетінің» 29 санында «Қисса-и Қожа Ғаффан Уә һәм Сағидуақас» деген кітап қазақ тілінде басылып шыққан екен» деген мақала басылды. Осы мақалада қисса тіліне назар аударған автор: « . . . Тегі қазақ тілінде жазылғаны рас, көшіргенде бір ноғайдың қолына түсіп, со ноғай бұзып, ноғайша қылып жазып шығарған деп ойлаймыз. Ноғай болғанда да Қазан ноғайының тіліне ұқсамайды, Тобыл ноғайының тіліне келіңкірейді» /22/, - деп қисса тілінің шұбарлығын автордан алшақ әкетеді. Мақаланың құндылығы сол - аталмыш мақала кітап жайында қағылған қазақ сынының алғашқы сынасы еді.

Ресми-баспасөздік сипатта болмағанымен, осындай сын ұшығын біз Абайдың өз шәкірттеріне арнаған «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» өлеңінен де кездестіреміз . . .

Әріптің «Зияда-Шаһмұрат» дастанына қатысты айтылған сол кездегі пікірлерге тоқталған шығыстанушы-ғалым Ү. Субханбердина: «Жырдың 1896 жылғы басылымы туралы белгілі шығыстанушы ғалым Н. Ф. Катанов «Деатель» журналында жарияланған мақаласында жақсы ой-пікірлер білдірген. Ол жырдың қысқаша мазмұнын бере отырып, онда араб-парсы, татар сөздерімен қатар «фонарь», «пуд» сияқты орыс сөздері де кездесетінін атап айтқан. Кітаптың бұл басылымы он мың тиражбен тарағанын хабарлаған» /23. 7/, - деген пікірінен-ақ сол кезде баспа бетін көрген Әріптің қисса-дастандары көзі ашық қауымды, әсіресе орыстың шығыстанушыларын елеңдеткен елеулі дүниелер екенін байқауға болады.

Ақын мұрасы жайында негізгі пікірлер төңкерістен кейін көрініс бере бастады. Ә. Тәңірбергенұлы есімін кезінде «сыбырлай айтқан» Абайдың ақындық мектебі атауынан бөле қарау мүмкін емес. Жалпы Абай мектебінің уығын қадап, шаңырағын көтерген - Мұхтар Әуезов. Бұл жайында Қ. Мұхамедханұлы: «Мұхтар Абай жөніндегі ең қызықты, ең соңы және әдебиеттік-прогрестік ретіндегі ірі мәселе Абайдың ақын шәкірттері», -деп 1918 жылдан бастап айтып та, жазып та келді» /24/, - дейді.

1936 жылдың 11 қыркүйегіндегі «Социалистік Қазақстан» газетінде ақынның екі өлеңімен бірге 37-нің құрбаны болған Тұрлыхан Қасенұлының «Әріп ақын» атты мақаласы басылды. Бұл Тәңірбергенұлы мұрасына арналған алғашқы біртұтас еңбек еді. Ақын шығармашылығы зерттелуінің сүрлеуі боп табылатын мақалада зерттеуші өлең тақырыбына тоқтала келе: «Әріп өлеңін - жек көргенін жамандап, жақсы көргенін мақтау жолына көбірек жұмсаған . . . Әріп өз заманында ру бастығы адам болғандықтан, руының жоғары болуын өзіне міндет санайды, - деп, оның рубасы Құнанбайды жақтай сөйлеген сөз қағыстарынан мысал да келтіреді. «Әріп, Көкбай бәрі де Абай тұстас, Абайдың тұсында болған ақындар. Бұл екуі де Абайды өздерінің мұғалімі есебінде есептеп, Абайдан тәлім-тәрбие алуға ыждаһат еткен» /25/, - дей келіп ұлы ұстаз Абай мен шәкірт Әріп арасындағы өлең сынына түсінік береді.

Әрине, аталмыш мақала төңкерістен кейін әлі етек-жеңін жиып үлгермеген тоталитарлық жүйенінң балаң шағында жарияланып қалды. Араға аз уақыт салып бұл сарындас мақалалар кеңестік танымның таразысына тартылып, ызғарына шалынды. Әріп мұрасы хақында жазылған еңбектердің бірінде: «Әріп Тәңірбергенов жайында жоғарыда аталған сын мақалалар мен очерктерден басқа, творчествосын ғылыми шындық тұрғысынан емес, қалай болса, солай, жөнді-жоқсыз мақалалар да жазылды. (Автор Т. Н. «Әріп ақын», Соц. Қаз. 1936, ІІ қыркүйек., «Семей әдебиетшілері», Соц. Қаз. 1947, 2 тамыз мақалаларын көрсеткен. Б. Е. ) Осындай мақалалардың авторлары ақын өмірінің шындығына, шығарманың мазмұнына үңілмеді. Оны әдеби еңбегіне қарай емес, бір кездегі атқарған қызмет орнына қарай бағаламақ болды» /16. 88/, - деп баға берді. Ақын мұрасының нағыз шынайы бейнесін берер осындай мақалалар таптық таным тұрғысынан өрескел сындарға ұшырап жатты. Ақиқатына келсек, жоғарыдағы мақала авторы - Т. Қасенұлының ақын мұрасын зерттеп жинау барысында Тәңірбергенұлының он жеті өлең-айтыстарын жинап, жиналған туындыларға түсініктер жазып, «Әріп Тәңірбергенұлының өмірі мен өлеңдері» атты /26/ қалың қолжазбаны Ғылым академиясының қолжазбалар қорына тапсырған ерен еңбегін ескерсек, бұл мақаланың қаншалықты іздену мен зерттеу нәтижесінің тезистік тұрғыдағы ғана көрініс екенін байқау қиынға соқпайды. Демек, М. Әуезов көтерген Абай мектебінің көрнекті шәкірті Әріп мұрасын тұңғыш жинап, бастама жазған Т. Қасенұлы деп танығанымыз жөн. Абайдың ақындық мектебімен тағдыры тамырлас ғалым Қ. Мұхамедханұлы - Тұрлыханның алдынан сабақ алған шәкірті. Олай болса, Мұхамедханұлының Әріп ақын мұрасын зерттеуге ұстазының мұрындық болғанын жоққа шығара алмаймыз.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Абайдың әдеби ортасы және ақындық мектебі
Абайдың ақындық мектебі
Ш. Бөкеев пен Ә. Тәңірбергенұлының шығармашылық өмірбаяны. Ш. Құдайбердіұлы шығармашылығының философиялық сипаты. М. Сералиннің өмірбаяны. Жаңа әдеби жанрлардың тууы мен қалыптасуы
Қазақ әдебиеті тарихындағы діни ағартушы ақындар шығармашылығының орны
Бекет Өтетілеуұлы, Әріп Тәңірбергенұлы, Бернияз Күлейұлы шығармашылығы
XX ғасыр басындағы тарихи қоғамдық өзгерістердың қазақ әдебиетінің дамуына әсері
ХХ ғасырдың басындағы ірі саяси- қоғамдық өзгерістердің ұлттық әдебиетке тигізген ықпал
Абай тұлғасы
Абайдың ақын шәкірттеріндегі дәстүр жалғастығы
Біржан мен Сара айтысының шындығы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz