Қазақ тіліндегі ішкі терминжасам тәсілдері



Кіріспе
Негізгі бөлім

І тарау. Қазақ тіліндегі терминжасам жүйесі.
1.1. Қазақ тіліндегі терминжасам жүйесінің зерттелуі.
1.2. Терминжасам тәсілдерінің жүйеленуі.

ІІ тарау. Қазақ тіліндегі ішкі терминжасам тәсілдері.
2.1. Қосымша туралы түсінік және оның грамматикалық сипаты.
2.2. Қазақ тіліндегі терминжасаушы жұрнақтар.

Қорытынды.
Термин арқылы жасалған қосымшалар

Пән: Тілтану, Филология
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 39 бет
Таңдаулыға:   
Мазмұны

Кіріспе

Негізгі бөлім

І тарау. Қазақ тіліндегі терминжасам жүйесі.

1. Қазақ тіліндегі терминжасам жүйесінің зерттелуі.

2. Терминжасам тәсілдерінің жүйеленуі.

ІІ тарау. Қазақ тіліндегі ішкі терминжасам тәсілдері.

1. Қосымша туралы түсінік және оның грамматикалық
сипаты.

2. Қазақ тіліндегі терминжасаушы жұрнақтар.

Қорытынды.

Кіріспе

Терминдер жүйесі, жалпы терминология жағдайы тілдің лексикалық
құрамындағы бүтін бір мәселе ретінде көптен зерттеліп келеді. Оларды шешуде
тіл мамандары да, логиктер де, басқа да ғылым салаларының өкілдері де
қатысып, еңбектерін арнады.
Терминологиялық лексиканы зерттеуде және оның қоғам үшін мәнін, маңызын
анықтауда А.А.Реформатский, В.В.Виноградов, А.Н.Баскаков, Р.А.Будагов,
Р.Ф.Журавлев, М.Ш.Гасымов, Б.О.Орузбаева, Н.А.Щеглова, Д.Э.Розекталь,
М.А.Теленкова және В.П.Даниленко, Т.Бертогаевтың еңбектерін ерекше атауға
болады. Сондай-ақ қазақ түрколог тілшілері А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов,
Е.Аманжолов, С.Кеңесбаев, Ә.Қайдаров, Н.Сауранбаев,
Ш.Сарыбаев,С.Исаев,Ө.Айтбаев, Б.Қалиев, А.Аманжолов, Ш.Құрманбайұлының
еңбектерінің де үлесі зор.
Белгілі тіл маманы А.А.Реформатский термин мен терминология ұғымының
теориялық мәнін ашуға тырысады. Ол термин, ұғым, сөз түсініктерінің өзара
байланысы жөніндегі пікірлерді салыстыра келіп, екі түрлі бағытқа
тоқталады: яғни терминді белгілі бір затпен байланысты қарайтындар.
А.А.Реформатский терминнің басты белгілеріне тоқталады: термин емес
сөздердің мағынасы контексте ашылу керек те, ал термин сөздер контекске
тәуелді емес. Термин сөздерге көп мағыналылық, экспрессия жат – дейді. Ол
терминді 1) терминологиялық жүйенің элементі ретінде; 2) жалпы тіл
жүйесінің элементі есебінде қарастырады. [1, 46, 54]
Г.О.Винокур терминдер тек зат есім болуға тиісті деген пікір айтады.
Яғни термин болу үшін сол сөз заттануы тиіс. Ол, әсіресе , қимыл атауларына
назар аударады. Техникалық терминдердің көбі қимыл мен процесс атаулары
болып келеді деген қорытынды жасайды. [2,13]
Н.А.Щеглованың еңбектерінен де осындай пікірді кездестіруге болады.
[3,89]. В.Н.Прохорова Актуальные проблемы современной русской
лексикологии деген еңбегінде терминге мынандай анықтама берген: Термин-
бұл арнаулы қолданыс саласындағы ғылыми немесе өндірістік-технологиялық
ұғымның атауы болып табылатын және дифинициясы бар сөз немесе сөздер
тіркесі [4,10]
Термин жөнінде бұдан да басқа пікірлер бар. Атап айтқанда,
энциклопедиялық сөздіктердің өзінен мынадай анықтаманы кездестіруге болады.

Термин- рим мифологиясында шекара құдайы. Термин– терминалдар
құрметіне арналған мейрам дегенді аңғартады. Сонымен бірге термин-
шекара, шек деген ұғымды білдіретін латын сөзі. Бұл-1980 жылы Мәскеуде
жарық көрген бір томдық Советский энциклопедический словарьда берілген
анықтама.
О.С.Ахманова Словарь лингвистических терминов деген еңбегінде:
Термин (ағыл.) дегеніміз- арнайы ұғымдар мен арнайы заттарды белгілеу
үшін жасалған қабылданған, енген және т.б. тілдегі арнайы (ғылыми,
техникалық т.б.) сөздер мен сөз тіркестері деген пікірді айтады [5,15].
Термин жөніндегі осындай пікірлерді қуаттай отырып, Д.Э.Розенталь мен
М.А.Теленкова терминнің бір ғана мағына беретінін айтады. Тілдегі сөздердің
бірсыпырасы көп мағыналы болып келсе, термин жалқы мағына береді, -дейді.
[6,16]
Академик І.Кеңесбаев пен профессор Т.Жанұзақов терминнің о баста латын
тілінің шек, шекара деген сөздерінен пайда болғандығын айтады. Яғни:
Ғылым мен техниканың, көркемөнер мен қоғам өмірінің алуан түрлі саласына
байланысты қолданылатын тұжырымдарды білдіретін сөздер мен сөз тіркестері,
атау сөз- деген пікірге келеді. [7, 17]
В.П.Даниленко өзінің Русская терминология еңбегінде орыс тілі
терминдерін дұрыс түсіну үшін ең алдымен Орыс тілі деген күрделі, жиынтық
ұғымның құрамына кіретін элементтер арасындағы иерархиялық байланысты
айқындап алудың қажеттілігін айтады. Осындай иерархиялық тізбекте тектік
ұғымды, автордың айтуынша, жалпы ұлттық орыс тілі деген ұғымды білдіреді.
Бұл ұғымға осы тілдің функционалдық тармағы болып табылатын жалпы әдеби
тіл, диалектілер, қарапайым сөйлеу, жаргондар тобы кіруге тиісті. Ал
орыс тілінің терминдер жүйесін автор жалпы әдеби тілдің функционалдық
тармағы болып табылатын ғылыми тіліне жатқызады. Осы тілдің лексикалық
құрамына жататындығын айтады. [8] Шындығында терминдерді жалпы әдеби тілдің
тармақтарының бірі ретінде қарастыратын болсақ, онда өзіне тән табиғатын
ескермеген болар едік. Біріншіден, терминдердің пайда болуы әлеуметтік
қажеттіліктен туады, адам өміріне ғылым мен техника келді, оны жасаушы топ
пайда болды. Олардың жұмыс үстінде бір-бірімен қатынасатын, пікір алысатын
тілінде ғылымдық жаңа ұғымдарды білдіретін, сол кәсіппен айналысатындар
ғана қолданатын сөздер пайда болды. Осының нәтижесінде мұндай ғылыми
ортаның тілі жалпы әдеби тілдің басқа функционалдық тарамдарынан өзгешелене
бастады, сөйтіп әдеби тілдің бір тарамы ғылым тілі дүниеге келді.
Бұл тіл-терминдер жүйесінің жасалатын көрігі, өмір сүретін ортасы.
Өйткені, терминдер ғылым мен техниканың дамуынан, осы қажеттіліктен
туғандықтан оның табиғатын, ерекшеліктерін тілдің өзіне ғана тән
имманенттік себептермен түсіндіруге келе бермейді. Мысалы, жалпы әдеби тіл
лексикасының дамуында болып жататын семантикалық өзгерістер
терминологиядағы, ғылымдағы дамумен байланысты болса (экстралингвистикалық
себептердің нәтижесі болса), лексиканың басқа қатпарындағы семантикалық
өзгерістердің пайда болуына көпшілігінде лингвистикалық себептер әсер
етеді.
Терминдік лексикадағы сөз тудыру мәселесі де лексиканың басқа
топтарынан өзіне тән ерекшелігімен сараланады. Осы факторды,
терминологиялық лексиканы айқындауды ескерусіз қалдыруға болмайды.
Жоғарыда айтылғандардан терминология жүйесін түсіндіруде біріне-бірі
қарама-қарсы екі мәселенің бірлігін байқауға болады:
1) терминдік сөздерді жалпы әдеби тіл құрамына қосып, соған тән өлшемді
қолдансақ, терминологияға тән функционалдық, басқа да қасиеттеріне нұқсан
келетін сияқты; 2) керісінше терминологияны жалпы әдеби тіл жүйесінен
шығарып, оны белгілі бір тілдік жүйеден бөлек қарауға тағы да болмайды.
Өйткені терминология тілдің лексикалық құрамының бір тармағы, оның ішінде
әдеби лексиканың бөлшегі болып табылады.Терминдер әдеби тілдің ішіндегі
ғылыммен байланысты ұғымдарды білдіретіндіктен ғылыми тілге материал
болады. Соған қызмет етеді. Осы ортада дамиды.
Сондықтан терминологиялық лексиканың тек өзіне ғана тән лингвистикалық
ерекшелігіне байланысты мәселелерді тек лексика өмір сүретін табиғи орта-
ғылым тілінің құрамында қарастырғанда ғана дұрыс шешуге болады. Термин
сөздер тек осы ортада ғана терминдік қасиетке ие болады, өзінің негізгі
қызметінде наминативті-семасиологиялық функцияда жұмсалады, тек жеке
ұғымның атауы бола алады, яғни терминдік моносемантизмнің жасалуына жағдай
жасайтын бірден-бір орта ғылым тілі болуы керек.
Терминдер тілдік бірліктер, материалдар негізінде қолдан жасалады. Ол
қандай да бір механизмге сүйенген шығармашылық әрекетті талап етеді.
Сондықтан терминологиялық қорды құрайтын кез-келген терминдік бірліктің
жасалуы, қалыптасуы, орнығу сатылары бар. Оны жан-жақты қарастыру,
терминмен қоса терминшіге, яғни термин жасаушыға қойылатын талаптарды
ондағы шығармашылық әрекеттерді де айқындау терминжасам жүйесі үшін қажетті
шарттардың бірі болып табылады.
Қазақша терминдерді жасаумен тек тілшілер немесе журналистер
айналысады. Сондықтан осы уақытқа дейін көптеген салалардың терминологиясы
дайын терминдерді алумен ғана шектелді. Термин шығармашылығы, терминжасам
тебиғаты барлық сала мамандарына қатысты екендігі қазақ терминологиясына
енді-енді күн тәртібіне қойылып, қолға алына бастады.
Бұл салаға қатысты көршілес орыс терминологиясы бізге қарағанда
әлдеқайда ілгері дамыды деуге болады. Осы тұрғыдан келгенде орыс
терминологиясын қалыптастыруға тек тілшілер ғана емес, әр саланың мамандары
үлес қоса бастады. Олар тек терминологияны ғана емес, әр саланың
терминжасам ісін қолға алып, терминдердің бірізділігін, жүйелілігін
қамтамасыз етіп, терминологияны жаппай қалыпқа келтіруге ден қойды. Тіпті
алғашқы жиырмасыншы жылдары орыс терминологиясын зерттеуге мамандығы
инженер Чаплыгиннің араласуы да орыс терминологиясындағы бұл сұрақтың
өзекті мәселеге айналуына түрткі болды.
Батыс елдерінде терминологияның сала ретінде орны жеке ғылыми
жұмыстарда қарастырылады әрі терминология арнайы сала ретінде әбден
орныққан. Соның салдары болар, көптеген ғылыми терминологиясы дамыған
елдерде терминологияның әр түрлі мәселесіне қарасты ғылыми еңбектер көптеп
кездеседі. Тіпті, олар тіл білімі сияқты салалармен қатарлас, терезесі тең
ғылыми саласы ретінде қабылданып, дамып, қалыптасып келеді. Бұл батыс
елдеріндегі терминологияның жағдайы.
Қазіргі қазақ терминологиясының термин жасап, термин қалыптастыру ісі
өзіндік ерекшеліктерге толы болып отыр. Атап өтсек, қазақ терминологиясы
бірнеше жылдар бойы қалыптасқан кірме терминдерге толы. Қазіргі кезеңде сол
қалыптасқан терминдердің өзі қазақшаға аударылып, қазақ тіліндегі нұсқасын
қалыптастыру ісі қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Бұл әрекет бір жағынан,
пікірлер тұрғысынан қолдау тауып жатса, екінші жағынан, сынға ұшырап,
терминдердің қолданысындағы жарыспалылықты тудырып отырған фактор ретінде
әрі тілді бүлдіруші әрекет ретінде бағаланып жатыр. Екінші бағыттағы
пікірлердің туындауына дұрыс аударылмаған терминдердің себеп болып
отырғандығын айтып өту керек. Дегенмен, осындай қарама-қайшылықтарына
қарамастан, соңғы кезеңде қазақ тілінің термин жасау жүйесі қолға алынып,
қазақ терминологиясына бірқатар сөздер жаңа ұғымдарға ие болып, жаңа сөздер
мен терминдер жасалды. Бұл қазақ тілінің сөздік қорын, әрі терминологиялық
қорын байыта түсіп, терминологиялық қордағы кірме терминдердің санын
азайтуға қалыптасқан қазақ тіліндегі терминдер аз да болса үлес қосып отыр
деген сөз.
Қазақ терминжасам жүйесі мен терминжасам көздері термин
шығармашылығының жүру үрдісі, өзіндік тарихи даму сатылары бар қалыптасқан
жүйелердің қатарына жатады.
Көз жеткізгеніміз-терминжасам жүйесі біраз уақыт тоқырауларына
қарамастан, өзіндік тәжірибесі бар жүйе.
Терминдерді ұлт тілінде қалыптастыруға нақты, саналы, батыл әрекет
қажет. Әзірге бұл әрекетпен санаулы сала мамандары айналысып отырғандығын,
бұл тұрғыдан бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің қызметі ерекше
екендігін айтып кеткен дұрыс. Оның үстіне, бұл бағытты көпшілік түсіне
алмай отырғаны да жасырын емес.
Термин әлі де өзіндік табиғатын зерделей түсінуді қажет ететін күрделі
тілдік бірлік.
Ұлттық терминологияны қалыптастырудағы олардың басты бағыты-ішкі
термижасам көздері екендігі белгілі болып отыр. Сондықтан ішкі терминжасам
көздері мен оған әсер етуші факторлар да жан-жақты айқындауды, іс жүзінде
ескеруді қажет ететін мәселелердің қатарына жатады.
Жұмыстың өзектілігі. Терминологияның шешуді қажет ететін сұрақтары бар.
Олардың шешілуіне ықпал ететін өзекті тақырыптың бірі- қазақ тілінің
терминжасам көздерін айқындап, жан-жақты жүйелеп беру. Ал біздің бітіру
жұмыстарымыздың негізгі өзектілігі- терминжасам көздерін айқындау болып
табылады. Бұл терминжасам жүйесін толығырақ түсіну үшін де өзекті болмақ.

Жұмыстың нысаны. Қазақ терминологиясындағы терминжасам көздерінің
зерттелу тарихы. Қазақ тілнің термин жасау мүмкіндіктері, термин жасауға
қабілетті ішкі терминжасам көздері. Жалпы сипаттағы қосымша, жұрнақ туралы
түсінік және олардың топтастырылуы. Термин жасауда қолданылатын жұрнақтар.

Жұмыстың мақсаты мен міндеттері. Жұмыстың негізгі мақсаты – қазақ
тілінің терминжасамдағы морфорлогиялық тәсілдерін талдап көрсетіп, оның ана
тілінде терминжасау мүмкіндгнің барлығын нақтылай түсу, тілдің ішкі
тарминжасам жүйесінің терминдік қоры мен жалпы тілдік қолданыстағы сөздік
қорды байытудағы рөлін көрсету. Осы көрсетілген мақсаттарға жету үшін
мынадай міндеттер туындайды:
- қазақ тліндегі ішкі терминжасаушы жүйенің
қазақ терминологиясындағы зерттелу тарихын
сатылай көрсетіп, оларға жан-жақты шолу
жасау;
- қазақ тіліндегі ішкі терминжасам көздерін
талдай отырып, жалпы жүйесін көрсету;
- морфологиялық тәсілмен жасалған
терминдерді анықтау;
- қосымшалар және олардың қызметі туралы
түсінік;
- термин жасаудағы жұрнақтардың рөлін
анықтау.

Жұмыстың материалдары. Жұмыстың басты нысаны ретінде терминжасам
көздері, терминдердің морфологиялық тәсілмен жасалуы қарастырылды. Сол
мақсатта зерттеу жұмысының негізгі талдау материалдары ретінде қазақ
тілінде жасалып, қолданылып, қалыптасқан терминдер пайдаланылды.
Терминологиялық сөздіктер қолданылды. Терминологиялық хабаршыдағы
материалдармен қамтылды. Терминжасам үрдісінің теориялық негізіне сүйену
үшін терминология саласындағы А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, Ө.Айтбаев,
Б.Қалиев, Ш.Құрманбайұлы т.б. көптеген қазақ ғалымдарының және
А.А.Реформатский, А.В.Суперанская, Н.Володина сияқты орыс ғалымдарының
ғылыми еңбектері мен мақалалары негізге алынды.

Жұмыстың теориялық мәні. Терминжасам көздерінің анықталуы тек
терминология саласы үшін ғана емес, қазақ тілінің қолданыс аясын айқынырақ
көрсету тұрғысынан да маңызды. Сондай-ақ ұлттық терминологияны дамыту, төл
терминдерді қалыптастыру бағыты нақтыланып, оның тілді дамытудағы
тиімділігін ашып көрсете түсу үшін терминжасам тәсілдерінің зерттелуі
қажет. Терминжасам тәсілдерін бір ізге салып, жүйелеу үшін осы бағыттағы
жұмыстардың қызметі ерекше. Терминжасам тәсілдері, әсіресе, морфологиялық
тәсілі талданып, жүйеленуі сонымен бірге термин сөздер табиғатын айқындай
түсу үшін де пайдалы.

Жұмыстың практикалық маңыздылығы. Жұмысты мәтін талдау жұмыстарын
жүргізуде, терминология, арнаулы лексика, грамматика салаларына байланысты
арнайы курстарды оқытуда, морфологиялық талдау жұмыстарын жүргізуде
пайдалануға болады.

Жұмыстың әдістері. Жұмыста негізінен талдау және жүйелеу, салыстыру
әдістері қолданылды. Аталған әдістер негізінен жұмыстың мақсатына, зерттеу
нысанына сай келеді.

1 Қазақ тіліндегі терминжасам жүйесі.

1.1 Қазақ тіліндегі терминжасам жүйесінің зерттелуі.

Қазақ тіл білімінде осыған дейінгі еңбектерде айтылып зерттеліп
жүргендей, қазақ тілінің термин жасау тәсілдері бұған дейін де сөз етіліп
келеді. Олар әр салаға қатысты ғылыми еңбектердің зерттеу нысанына айналып
сол сала терминдерінің жасалу жолдарын сипаттауда жан-жақты қарастырылды.
Ал оның алғашқы зерттелу кезеңіне келсек, қазақ тілінің терминжасам
жүйесінің қай кезеңнен бастап қолданысқа еніп, пайдаланыла бастағанын нақты
мерзіммен көрсетіп беру қиынырақ. Бұл кез келген сала терминдерін зерттеуге
ден қойған еңбектердің қай-қайсысында да солай көрсетіліп жатады. Дегенмен,
терминдер қатары сонау ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарының ортасы мен
соңында-ақ практикалық тұрғыдан қолданыс тауып, ғылыми айналымға көрініс
бере бастады. Өйткені тілімізге ғылым мен техникалық атаулардың үлкен
қарқынмен еніп, жаңа терминдердің көптеп жасала бастаған кезеңі осы кезең.
Бұған дәлел сол кезеңдерде алғаш жарыққа шыққан термин сөздер мен олардың
арнайы тәсілдермен жасалуы. Нақтырақ айтсақ, тікелей терминжасам
шығармашылығымен айналысқан ғалымдардың қатарына А.Байтұрсынұлы,
М.Жұмабаев, М.Әуезов сынды белді зиялыларымыз еңбектерін брінші кезекте
атай аламыз. Себебі А.Байтұрсынұлының Тіл тағылымы мен Оқу
құралдарындағы, М.Жұмабаевтың Жалпы педагогика (1922) оқулықтары мен
ондағы сол кезеңде қолданыс тапқан терминдер аталған пкірімізді дәлелдей
түседі, әрі көптеген тілшілердің осындай пікірге келуіне де осы дәйектер
негіз болып отыр. М.Әуезовтің де терминология мәселелерін зерттеуге
атсалысқанын көрсететін тағы бір дәйек-жазушының 1917 жылғы Ғылым тілі
атты мақалалары [34].
Термин жасалуының өзіне келсек, кез келген термин белгілі бір дәрежеде
ғылыми негізге сүйеніліп жасалады. Айтылған пікірлер тізбегін сол
кезеңдерде жарық көрген нұсқалары дәлелдей алады.
Бірақ бұл айтылғандарға қарап, терминжасам көздері, жаңа терминдер тобы
тек кеңестік дәуірде ғана қазақ тілінде қолданыс тапты деген біржақты
көзқарастармен келісуге болмайды әрі кеңестік дәуірмен байланысты бағаланып
та жүрген болатын. Әрі мұндай пікір тек терминология саласына ғана емес ,
тіл білімінің басқа салаларында қолданылып келді. Бұған қатысты С.Ақаевтың
монографиясындағы терминологияның даму тарихын зерттеген тарауларында да
мынадай пікір келтіріледі: Тілде термин сипатты сөзжасау дәстүрі бұрыннан
болғанымен, оның арнайы сөз тобы ретінде қарастырылуы- ғылымның хатталу
тарихымен байланыстылығы негізінде, қазақ ғылыми терминологясының
алғышарттары октябрь революциясына дейін де болды деп оны негізінен және
сөзсіз түрде Қазақстанда кеңес үкіметінің орнауымен келген ғылымға теліп
қана қарау жөн болмаса керек. Өйткені әрбір сөз жаңа пайда болғанда
дерексіз, күрделі түсінікті деректендіруші, термин қызметін атқарып, уақыт
өте ұғымдық қырлары ашылып, жатталып, қатардағы жай сөзге айналары
белгілі [9, 11]
Демек, аталған пікірдің өзі де терминологияның, ғылымның бастау
кезеңдеріне қарасты айтып өткен тұжырымымызды нақтылай алады.
Көптеген басқа тілдер сияқты жаңа сөздердің жасалуының көзі болсын,
терминдердің жасалу көзі болсын ол халықтық лексика болып табылады.
Сондықтан ХХ ғасыр басында қолданылған терминдік атауларға осыған дейін
арнайы термин деп айдар тағылмаса да тілдің сөздік қорында қолданылып
қалыптасқан сөздер екіндігі белгілі. Бұл жөнінде әр сала терминдерін
зертеген ғалымдар өз еңбектерінде орынды пікірлер айтады. Айталық,
философия саласының терминдерін зерттеген еңбегінде С.Әлісжанов
философиялық терминдердің қайнар көздері жөнінде: Халықтық философияның
қай түрі болмасын ұрпақтан-ұрпаққа негізінен ауызша тарады. Солай бола
тұра олар философиялық мәні жоғалмаған, өзгертілмеген күйде бізге жетті.
Түйіп айтар болсақ, халықтық философия қазақ философиялық ұғымдарының
қайнар көзі іпеттес. Оның әрі ауызша дамуының негізгі арқауына айналды,-
деп көрсетеді. [10, 22]
Осыған ұқсас пікірді психология терминдерін зерттеген диссертациялық
жұмыстарында С.Исақова: Халықтың бай ауыз әдебиетінен халықтық
психологияның бастапқы көрінісін көре аламыз,- дей келе, өз пікірін одан
әрі: Психолог ғалымдарымыз айтып жүргендей, қазақ халқының ұлттық
психологиялық өресінің дамуына ел аузындағы мақал-мәтелдер, шешендік
сөздер, толғаулар, термелер сияқты халықтың ауыз әдебиеті зор үлес қосты.
Оның негізгі арқауы- қазақша ойлау жүйесі,- деп жалғастырады.
Аталған пікірлердің қай-қайсысы да қазақ терминологиясының
терминологиялық қорын құрайтын терминдердің қайнар бастауы халықтық тіл,
оның тарихы мен дәстүрі, ұлттық болмысы деген қорытынды жасауға жетелейді.
Демек, бұл жоғарыда аталып өткен терминологияның қалыптаса бастау кезеңін
тек кеңестік дәуірмен ғана байланысты қарамау керектігі жөнінде тұжырымды
нақтылай, дәлелдей алады.
Қазақ тіліндегі жаңа сөздердің өзі ХІХ ғасырдың аяғынан бастап қарқынды
түрде жүргізіле бастаған оқу-ағарту жұмыстарына байланысты әрі газет-
журналдардың шығарылуымен байланысты тілдік айналымға ене бастады. Еске
сала кетсек, бұл кезеңдерде Дала уәләяты, Түркістан уәләяты сияқты
газеттер шығып тұрған еді. ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетіне шолу
жасайтын оқулықтар мен оқу құралдарына сүйенсек, сол кездің өзінде, 1916
жылға дейін-ақ қазақ даласында баспа ісі дамып, 200-дей кітап басылып
шыққан екен. Сонымен бірге ХХ ғасырдың басында 1911 жылы шыға бастаған
Айқап журналы мен 1913-1918 жылдар аралығында шығарылып тұрған Қазақ
газетінің де ел ішіндегі жаңалықтарды барлық жағынан баяндап тұрудағы
маңызы айтылады [9,260].
Бұл тұрғыдан ғалымдар еңбегіне жүгінсек, терминолог-ғалым Ө.Айтбаев өз
монографиясында: ХХ ғасырдың бас кезіндегі мерзімді баспасөз тек қазақ
тілінің ішкі мүмкіндіктерін сарқа пайдаланумен ғана шектеліп қойған жоқ,
сонымен бірге жаңа ұғымды бейнелеуде бөтен тілден сөз алу процесін де
мықтап дамытты ... ,- деп көрсетеді [12, 48].
Осы мәселе жөнінде ғалым пікірін нақтылай түсіп, өз мақаласында қазақ
терминологиясының даму тарихын 5 кезеңге бөліп қарастыра келіп, оның ХІХ
ғасырдың соңынан 1910 жылға дейінгі алғашқы кезеңі жөнінде былай деп
көрсетеді: Қазақ тілінде термин жасаудың тарихын, қолда бар деректерге
сүйене отырып, ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап жүрміз. Мұның өзіндік
негізі бар шынында да сол кезеңде шыққан Дала уәләяты мен Түркістан
уәләятының газеті, Қазақ газеті және Айқап журналы тәрізді басылымдар
тілге тиек ететін біраз деректер береді. Мұнда терминдік пішінге ие болып,
тұрақты атаулық қызмет атқара бастаған жекелеген сөздерді кездестіреміз.
Бұл ретте Қазақ газетінің орны айрықша [13, 6].
Ал ғалым Б.Момынованың еңбегінде Қазақ газетінің қоғамдық лексиканы
қалыптастырудағы маңызды қызметі, ондағы жаңа қолданыстар жөнінде:
Сонымен, қазақ газеті бетіндегі оқу-білім, халық ағарту саласына қатысты
атаулар үш деңгейде көрінеді: ертеден келе жатқан араб-парсы сөздері және
авторлар қолтумасы – жаңа қолданыстар мен соны сөз тіркестері- деп
бағаласа [14, 75], монограиялық зерттеуіндегі: ... Қазақ газетінен
бастау алып, нормаланып, терминге айналған сөздерге мысал келтірейік: 1930
жылдардағы терминдер жүйесінде -ды-ді қосымшаларының активтенгенін
Социалды Қазақстан, Индустриалды ел, Аграрлы ел , т.б. осы есептес
атаулар мен тіркестерден байқауға болады, - деген пікірі Қазақ газеті
сияқты ХХ ғасыр басындағы баспасөз құралдарының термин қалыптастырудағы
маңызды қызметін дәлелдей түседі.
Дерек негізіне сүйенсек, Айқап журналының да, Қазақ газетінің де
қоғамға қызмет етіп, әсіресе термин қалыптастыруға үлес қосқандығын аңғара
аламыз. Демек, алғашқы терминжасамның даму кезеңі ХІХ ғасырдың соңындағы ХХ
ғасыр басындағы қазақ баспасөзімен, терминжасам тәсілдерінің сонда
қалыптасып, практикалық қолданыс табуымен тікелей байланысты екендігін
түсінеміз.
ХХ ғасырдың басында жаңа ұғымдардың көптеп пайда бола бастауына
байланысты терминжасам ісі практикалық, шығармашылық тұрғысынан қарқындап
дамыды. Оларды алдымен жаңа ұғымдар деп танығанымызбен, кейіннен ғылым
салаларына байланысты сөздер, арнайы атау сөздер ретінде танылып, термин
сөздердің терминдік табиғаты, тіл білімі, терминология тұрғысынан арнайы
түсінікке ие бола түсті. Терминжасам саласының даму тарихындағы бұл
ерекшелікті де айтып өту керек. Бұл ерекшеліктер мен даму сипатына тіпті
А.Байтұрсынұлы жасап кеткен терминдер тізбегінің өзі де дәлел бола алады.
Жаңадан жасалған термин сөздер қатарын А.Байтұрсынұлының,
Х.Досмұхамедұлының, М.Дулатұлының, Қ.Жұбановтың, Қ.Қаратышқановтың және
тағы басқа ғалымдардың еңбектері мен оқулықтары және оқу құралдары қамтып
береді.
Аталған ғалымдардың ішінде тікелей терминология саласының дамуына
басшылық жасаған тұлғалардың бірі- Құдайберген Қуанұлы Жұбанов болды.
Біріншіден, Қ.Жұбанов 1933 жылы Қазақстанда білім комиссариатының жанынан
құрылған терминологиялық комиссияның төрағасы болып сайланды. Екіншіден,
терминология саласында тілші бірқатар зерттеу мақалалар жариялап
терминологиялық сөздік құрастырды. Нәтижесінде, сол тұстағы терминжасамның
ілгерілеуіне өзіндік үлес қосты. А.Байтұрсынұлы бастаған термин
шығармашылығын ары қарай жалғастырғысы келді. Мұны ғалымның 1935 жылдан
бастап шығарыла бстаған Мемлекеттік термин комиссиясы бюллетенінде
жарияланған Термин сөздердің спецификасы жөнінде 1935, Физика
терминдері жайынан 1935, Математика терминдері жөнінде 1935 атты
мақалалары мен 1936 жылы Алматыдан басылып шыққан терминологиялық сөздіктің
кіріспесінде басылған Принципы терминологии казахского литературного
языка, применяемые государственной терминологической комиссией 1935 атты
ғылыми мақаласы дәлелдей алады.
Өзге қазақ тілшілері сияқты Қ.Жұбанов та қазақ тіліндегі терминдердің
жасалуын қолдаған ғалымдардың бірі. Бұған дәлел ретінде ғалымның Термин
сөздердің спецефикасы жөнінде атты мақаласынан пікірін келтіруге болады.
Мақаласында термин сөздер табиғатын түсіндіре келе, қазақ тіліндегі
терминдердің жасалу жөнінде: Терминдер бір жағынан халықаралық ортақ болып
кеткен сөздерден жасалса, екінші жағынан, ел-елдің терминдерін жасауда да
өзінің күшін сақтауы керек.
Сөйтіп қазақ тілінің терминдері бір жағынан бірыңғай интернационал
сөздермен алынса, екінші жағынан қазақ сөздерінен жасалатын болады,- деп
көрсетеді [16,353].
Терминдердің қазақ тіліндегі нұсқаларының бір жүйеге түспеуіне қатысты
терминологияда аударманың немесе өзге тәсілдердің пайдаланылмағандығы
жөнінде пікірлер айтылып жүр. Ондай пікірлерге қазақ тілінде немесе өзге де
басқа тілдерде сол тілдің негізіндегі терминдердің қалыптасуының себебін
сол тілдердегі ғылымның дамуымен, терминдердің жасалмауымен түсіндіреді.
Термин, ең алдымен, ғылыми атау. Ал ғылыми атаулардың арнайы бір жаңа ұғым
айқындалып, оны белгілеуші, оны ойлап табушы қай елде ғылыми жаңалық
ашылса, ұғым алдымен сол тілде терминделетіні, ал тілдік бірлік сол ұғымды
қабылдай отырып, сол ұғымды терминологиялық өрісте,ғылым саласында термин
ретінде қолданылатындығы белгілі.
Дегенмен, көптеген тілдер терминдерді жасалған тіл нұсқауында қабылдап
қоя салмайды. Аударады, болмаса ұғымға сәйкес қажетті атау табады. Ең
болмағанда, терминді өз тілдеріне дыбыстық жағынан икемдеп алып, өзгерген
тұлғасында қолданады. Мұндай тәжірибе әлем тілдерінің практикасында бар.
Тіпті, орыс тіл білімінің терминологиясындағы терминологиялық қорды
құрайтын терминдердің көпшілігі латын, грек, қала берді ағылшын тілдерінен
жасалған терминдер екендігі белгілі. Бірақ бұл терминдердің өзіне мұқият
мән беріп қарасақ, орыс тіліне икемделіп, өзгертіліп қолданылған.
Орыс тіліне икемделіп қолданылған терминдердің өзін бір кездері
халықаралық терминдер ретінде түсіндіргені белгілі, әлі де біздің
терминологияда сондай түсінік бар. Орыс терминологтарының өзі де ана
тілінің негізінде термин қалыптастыру қажеттігін, ғылыми ұғымға алдымен ана
тілдің негізінде терминдік тұлға іздеудің қажеттігін баса көрсетіп жүр.
Мұндай пікірлердің негізін А.В.Суперанская, В.Даниленко, М.Н.Володина
сияқты ғалымдардың еңбектерінен кездестіруге болады. Аталған орыс
терминологтарының ішінде А.В.Суперанская бастаған авторлардың еңбектерінде
де, басқа орыс ғалымдарының еңбектерінде де ең алдымен ана тілінде термин
жасауға ұмтылу қажеттігін, болмаған жағдайда ғана өзге тілден термин алу
керектігін, оның өзін тілдің ішкі заңдылықтары мен дыбыстау жүйесіне
икемдеп алу керектігін алға тартады [17, 49].
Ал ғалым М.Н.Володина болса өз монографиясында неміс тілінің
терминдерін талдай отырып, ұлттық терминдерді қалыптастырудың тиімділігін
әр түрлі аспектіден дәлелдеп көрсетеді. Ғалым атап айтқанда, термин
қалыптастыруды психолингвистикалық, когнетивтік-ақпараттық және тілдік
тұрғыдан талдап, неміс терминологиясындағы телевизия терминдерін нысан етіп
алады [18,49,98]. Белгілі терминолог-ғалым В.Даниленко да өз еңбектерінде
орыс сөздерінің термин қалыптастырудағы қызметін әр түрлі сөз таптарының
мүмкіндігі тұрғысынан талдап көрсетеді [19, 56].
Бұл бағыттың дұрыстығын өзге елдердегі термин қалыптастыру ісі де нақты
практикалық тұрғыдан дәлелдеп беріп отыр.
Қазақ тілінің терминжасам көздері термин шығармашылығында 1940-1950
жылдары да пайдаланылды. Өйткені терминологиялық сөздіктерді 1940, 1943,
1948 жылдары да және одан кейінгі жылдары да шығарып, жаңа терминдер
тізбегін сөздіктерде қамтып отыруға тура келді. Оған 1959 жылдан бастап
шығарыла бастаған Терминологиялық сөздіктер сериясының 1959 жылы жарық
көрген 1-томы дәлел бола алады. Бірақ ол кезеңде тілімізге жат сөздер легі
әбден сіңісіп, шет тілдік терминдер үйреншікті болып үлгерген еді. Яғни
басым терминдер дайын күйінде алынып жатты, қазақ тілінің терминжасау
мүмкіндігі барынша пайдаланылмады.
Демек,аталған сөздіктерде қамтылған терминдер жиынтығы терминжасам
шығармашылығының қолданыс тауып, дамыған кезеңінің айғағы деп білу қажет.
Терминжасам ісі кеңестік дәуірдің қай кезеңінде де қолға алынып, нақты
принциптер тұрғысынан жүзеге асты. Терминжасам жүйесі сол кездің өзінде-ақ
жүйеленді.
Жоғарыдағы терминжасам үрдісінің жалпы жүргізілуі сипатынан
байқайтынымыз-кірме терминдер тіліміздің терминология айналасында көптеп
қалыптасты. Бұл жөнінде терминжасам жолдарын зерттеуші ғалымдардың бірі
М.Н.Володинаның еңбегіндегі мына бір жайға тоқтала кетуге болады. Ол өз
еңбегінде терминдерді жасаудың екі тәсілін атап көрсетеді. Оның бірі-
стихиялық жолмен жасалған терминдер болса, екіншісі- жүйелі жолмен жасалған
терминдер [18, 42].
Демек, терминологиялық қорды құрайтын терминдер жиынтығы осы негізгі
екі тәсілмен жасалады деген сөз.
Терминжасам жүйесінің дамуындағы келесі кезең 1940 жылдан кейінгі
уақыттың еншісіне тән. Бұдан кейінгі дәуілерде де терминжасам саласына
байланысты С.Аманжолов, А.Әбдірахманов сияқты ғалымдардың Қазақ тіліндегі
ғылыми терминология мен аударма мәселесі туралы 1958 атты ғылыми
мақалалары жарық көрді. Олар өз еңбектерінің нәтижесін 1959 жылдан бастап
1962 жылға дейінгі аралықта шығарылған 12 томдық әр саланың
терминологиялық сөздіктерінде көрсетті.
1970 жылдардың аясында терминологияны зерттеп, осы салаға қатысты
бірқатар ғылыми еңбектер қорғалды. Олардың барлығында да терминжасам
жолдары қарастырылып, нақты мысалдар талданды. Нақты айтсақ, Т.Г.
Аппакованың Аффиксы терминообразования атты мақаласы, Ж.Молдажаровтың
Термины спорта в русском и казахском языках атты 1972 кандидаттық
диссертациясы, 80- жылдардың еншісіндегі белгілі ғалым Ө.Айтбайұлының
Қазақ терминологиясының дамуы мен қалыптасуы атты (1988) және 1997 жылы
жарық көрген Қазақ сөзі атты монографиялық еңбектері қазақ терминжасам
көздерінің зерттелуінде өзіндік орны бар ғылыми жұмыстар болып табылады.
Қазақ тіліндегі ұлттық терминология бағытында қарқынды зерттеудің қолға
алынған кезі тәуелсіздік алған жылдардан кейін болғандығы белгілі. Бұған
А.Исанованың Қазіргі қазақ әдеби тіліндегі заң терминдері атты (1977),
Г.Жұмалиеваның Жаңа мектеп журналының тіліндегі терминдер атты (1996),
С.С.Исаеваның Қазақ тіліндегі психология терминдері атты (2000),
А.Ж.Теренязовтың Қазақ әдеби тілі синонимдер жүйесінің терминжасамдағы
рөлі атты (1999), А.С.Нұржанованың Қазақ тіліндегі мұнай терминдерінің
лексика-грамматикалық ерекшеліктері атты (2000) жұмыстарын атап өтуге
болады.
Соңғы кезеңдердегі терминологияның жан-жақты зерттеліп, жаңа ұлттық
бағытта дамуына негіз болған басты еңбектердің бірі- Ш.Құрманбайұлының
Қазақ лексикасының терминдену үрдісі (1998) атты докторлық диссертациясы.
Бұл негізінен қазақ терминологиясының күн тәртібінде өзекті мәселелері мен
қалыптасуындағы теориялық заңдылықтарын, қазақ лексикасының
терминденуіндегі басты ғылыми тұжырымға негізделген ерекшеліктер мен
принциптерді, сондай-ақ, терминдену үрдісінің даму тарихын да жан-жақты
қарастырған еңбек болып есептеледі. Терминдену үрдісін сөз еткендіктен,
аталған жұмыста қазақ терминжасам жүйесіне қатысты көздер жан-жақты
талданып, қамтылады. Осы еңбектің ІҮ тарауында толығымен дерлік
терминденуші лексика көздеріне, яғни терминжасам үрдісіне негіз болатын
лексикалық қабаттарға тоқталады.
Тәуелсіздіктің соңғы он жылдығындағы қазақ тілінің даму тарихына мән
беріп қарасақ, қазақ тілі мемлекеттік мәртебе алғаннан бастап көптеген
сөздер мен ұғымдар қазақ тіліне аударыла бастады. Сондай аударманы қажет
ететін лексикалық қабаттардың бірі-терминология, термин сөздер.
Сонымен, термин мәселесі көпшіліктің көңілін аударып, тілші қауымының
көкейіне ой сала бастаған кезең қазақ тіліне мәртебе берумен байланысты
еді, өйткені қазақ тілінің мүмкіндігін пайдалану және қазақ тілінің
қоғамдық қызметін арттыру мақсатында осы кезеңнен бастап терминология
саласында да бірқатар ілгерілеудің болғандығы белгілі.
Сонда да болса, қазақ тіл білімінің терминологиясы саласында шешімін
таппаған өзекті мәселелердің ауқымы жетерлік. Тіпті басты тұжырымдары
нақтыланып, басым жағдайда оларды аударып, қалыптастырудың өзектілігі
дәлелденсе де, терминологияда бірізділік қалыптаспай отыр.
Қазақ тіліндегі жарыспалы терминдер өзекті мәселелердің біріне айналды.
Термин жасау, қалыптастыру, оларды бекіту механизмі де бірізге түспей отыр.
Сондықтан бір жағынан осы үрдісті, қазақ тілінде терминдер жасаудың
қжеттігін нақтылай түсу мақсатында, екінші жағынан тіліміздің айналымындағы
бірқатар терминология салаларына қатысты еңбектерде сөз болып жүрген
терминжасам көздерін жиақтап, қазақ тіліндегі терминдерді қалыптастырудағы
мүмкіндіктерін анықтай түсу мақсатында және оларды жүйелеп беру үшін
терминжасам көздерін зерттеу нысаны еттік.

1.1 Терминжасаушы тәсілдердің жүйеленуі.

Қазақ тіл білімінде термин сөз туралы түсінік өзгеше сипатта
қалыптасқан. Мұның өзі терминдердің қазақ тілі үшін жат болып көрінуіне,
қазақ тілі терминді тек сырттан ғана қабылдай алатын тіл болып есептелуіне
итермелеп отыр. Кез келген ғылым саласы үшін термин сөз тек сол сала
мамандарына ғана түсінікті, тұлғасы өзге тілден жасалған сөз болуы шарт
болып келді. Сондықтан қазіргі кезде де кірме термин сөз болсын, қоғамдық
өзгерістерге байланысты енген жаңа сөздер болсын , барлығы бірдей термин
ретінде қабылданады. Яғни термин мен жаңа сөздік арасын ажырата алмай,
ғылыми тұрғыдан өзіндік талаптары мен арасындағы шекті қоя алмай
жүргендігіміз- тіл біліміндегі терминологияға қатысты өз алдына тағы бір
өзекті мәселе.
Бұл шарт, термин жөніндегі қате түсінік осы уақытқа дейін осындай
бағытта қабылданып келді. Яғни түсініксіз, мағынасы басқа сөз- термин.
Қазақ тіл білімінде өзге ТМД елдерінің тіл білімінде осындай түсінік белең
алып келді. Соның салдарынан тек түсініксіз сөздер қатарын термин ретінде
тілімізге қабылдау, сөйтіп өзге тілдік термин сөздің арқасында ғылымды,
ғылыми түсінікті қалыптастыру бағыты қолданылып келді. Бірақ қазақ
тіліндегі терминжасам жөніндегі пікір айту, оның механизмдерін анықтау
қазақ тілінде термин жасауға ұмтылу- бәрі қазақ тілшілері үшін белгісіз
түсінік болып келді. Терминмен сөйлеудің, сол сөздерді қолдана отырып
ғылыми мақала жазудың өзі бір кездері дәстүрге айналғаны мәлім.
Екінші жағынан ғылым саласы болғандықтан термин сөздердің барлығының
көпшілікке мағынасы түсінікті бола беруі, барлық терминдердің ұлт тілінің
негізінде жасалуы шарт емес екендігі шындық.
Ғылымды қазақ ұлтының өкілдері жасамады, ғылымға бармады деген біржақты
пікір айтудың жөні жоқ екендігін де айту керек. Өйткені қабілеті
жеткенінше қазақ ұлтының өкілдері де кезінде осындай қиындықтарға
қарамастан ғылымға барып, оны дамытуға өзіндік үлестерін қосуға
ұмтылғандығы да белгілі. Бұл ой дәлелдеп жатудың өзін қажет етпейді.
Кеңестік дәуірдің өзінде де өзге тілдің терминдерін пайдалана отырып,
ғылыми еңбектер жасайды.
Ең бастысы, ғылыми атмосфера қазақ ғылымын, қазақ тіліндегі ғылым
салаларының, соған сәйкес терминдердің қазақ тілінде дамып, қалыптасуын
тежеді. Мұның зардап шеккен соңғы маңызды нүктесі қазақ тілінің тілдік
мүмкіндігі еді. Осынша жылдың ішінде ғылымға деген осындай көзқарастың
салдарынан терминжасам жүйесі жұмыс істемеді, ғылым тілі үлкен зардап
шекті.
Соның салдарынан терминжасам жүйесі толығымен қалыптаспады. Қазақ
тілінің терминология саласына қатысты мүмкіндігі толық пайдаланылмады.
Бірқатар соңғы кезде жарық көріп жатқан терминология саласының бағытындағы
ғылыми еңбектер мен мақалаларда бұл жөнінде айтылып, дәлелденіп, мәселе
ретінде көтеріліп те жүр.
Барлығы болмаса да өз тілінде жасалған біраз терминдері бар қазақ
тіліндегі терминдер жасалу жолдары мен құрылым-құрылысы жағынан әр түрлі
болып келеді. Сондықтан қазақ тіліндегі терминдердң жасалу жолдарын
терминжасам жүйесі аясында қарастыра отырып, іштей топтап, жүйелеп
қарастыруға болады. Осы орайда оларды ең алдымен топтастырып, оның
негіздерін көрсетіп, анықтап алуымыз керек сияқты. Бұл жөнінде терминжасам
жүйесін, өз монографиясында қазақ тілінің терминденуші көздерін қарастырған
тарауында ғалым Ш.Құрманбайұлы былай деп көрсетті: Ендігі жерде
мемлекеттік мәртебеге ие болған қазақ тілі өзінің ғылым саласындағы
қызметін толық атқаруға көшуге тиіс. Ол үшін терминжасам тәсілдері іске
қосылып, үздіксіз жетілдіріліп отырумен қатар, термин жасауда
пайдаланылатын лексика көздері анықталып, олар термин шығармашлығында
тиімді пайдаланылуы қажет [20, 95].
Қазақ тіліндегі терминдер тізбегі құрылымдық жағынан әр түрлі жолмен
жасалған. Терминдердің құрылымына мән беріп қарасақ, олар әрі лексика-
семантикалық, әрі грамматикалық, сондай-ақ синтаксистік жолдармен
жасалғанын аңғаруға болады.
Терминжасам жүйесінің жасалуына негіз болатын әр түрлі лексикалық
қорларды жинақтай отырып, терминжасам көздерін өзара іштей жинақтап,
жүйелеп көрсетуге болады.
Бұл жөнінде ғалым Ш.Құрманбайұлы : Жалпы кез келген тілдің
терминологиялық лексиканың түзілуіне негіз болатын екі көзі бар. Оның бірі-
ұлттық тіл де, екіншісі- өзге халықтардың тілдері. Алғашқысы терминжасамның
ішкі көзі, ал кейінгісі- сыртқы көзі деп аталады – деп көрсетеді [20,94].
Алдымен термин жасауға негіз болатын тілдік бірліктерді екі үлкен
топқа бөліп көрсету қажет. Оның бірі қазақ тілінің өз тілдік материалдары
негізінде жасалған терминдер десек, олар ішкі терминжасам көздерінің ретін
құрайды. Ішкі терминжасам көздері көнерген сөздер қоры, қазіргі тіліміздің
жалпыхалықтық қолданысындағы лексика немесе тіліміздің құрамына кіретін
басқа да лексикалық қабаттарды, термин жасауға негіз болатын әр түрлі
тәсілдерді қамтиды.
Ал екінші тобы сыртқы терминжасам көздері сыртқы терминжасам
көздерінің құрамына өзге тілдің сөздері енеді. Яғни терминдердің бірқатары
термин дефинициялық мағынасын беруге икемсіз болған жағдайда сырттан дайын
терминді алуға болады. Мұндай жағдайда терминдердің соңына қажет болған
жағдайда қосымшалар жалғап қабылдауға да болады. Ондай терминжасам тәсілі
қазақ тілінде кеңінен қолданыс тапқан. Әсіресе -лық, -лік, -дық, - дік,
-тық, -тік сияқты бірқатар қосымша түрлері терминдер жасауға ыңғайлы
қосымшалар ретінде қолданылады. Олар көбінесе түбірі етістік мәнді
терминдер жасау барысында жиі қолданылады.
Сонымен, тілімізде бар терминжасам көздерін негізгі екі арнаның аясында
қарастыруға болады. Олар: ішкі терминжасам көздері және сыртқы терминжасам
көздері.
Ішкі терминжасам көздерінің құрамына тілдің бұрынғы тарихы және қазіргі
лексика қабаттарының негізінде термин қалыптастыратын көздер жатады.
Мұндай терминдердің қалыптасуы терминологиялық қор мен жалпы лексикалық
қор арасындағы айналымды қалыптастырып, тілдің өз мүмкіндігін дамытуды
жүзеге асырады. Лексикалық қор терминологиялық қорды толықтырып отырса, өз
кезегінде терминологиялық қорда қолданушыға түсінікті терминологиялық
бірлік арқылы лексикалық қорды толықтырып, байытып отырады. Екі қордың
арасындағы тілдік айналым жөнінде орыс тілшілері А.В.Суперанская,
Н.В.Подольская, Н.В.Васильевалар жазған жалпы терминология атты оқулық-
монографияда да, ШҚұрманбайұлының Қазақ лексикасының терминденуі атты
ғылыми монографиясында да жан-жақты айтылып, түсіндіріледі.
Алайда, аталған еңбектердің соңғысында ішкі терминдену және сыртқы
терминдену сияқты терминдік қолданыстар мен оларға берілген түсініктемелер
кездеседі. Бұл екі терминдік қолданысты біздің жұмысымызда қолданып отырған
ішкі терминжасам көздері және сыртқы терминжасам көздері сияқты
терминдермен шатастыруға болмайды.
Сонымен ішкі терминдену дегеніміз- бір терминологиялық өрістен екінші
терминологиялық өріске өте отырып өріс ішінде бір мағыналық дефинициядан
екінші мағыналық дефиницияға ауысып қолданыла отырып қалыптасатын терминдік
бірлік. Яғни бұл терминжасам жүйесінен мүлдем басқа. Мысалы, бұрғылау
(оқпанды бұрғылау- бурение ствола) термині мұнай өңдеу саласында, көмір
өндіру саласында да жол салу өнеркәсібінде де пайдаланылатын терминге
жатады. Мұндағы ствол терминінің оқпан болып аударылуы да қалыптастыруға
болатын терминдердің бірі.
Ал сыртқы терминдену кезенде терминдер мейлі шет тілінің сөзі болсын,
мейлі сол тілдің төл сөзі болсын терминологиялық өріске басқа өрісінен
алынып, термин ретінде қалыптасады. Яғни термин емес сөз терминологиялық
өріске өтіп, термин ретінде қалыптасады. Мысалы: қуат деген жалпытілдік
қолданыстағы сөз физика саласына өте отырып электр күшінің мөлшерін
білдіретін термин ретінде қолданыс тапқан. Қуат сөзі сырттан
терминологиялық өріске өтіп терминденіп отыр.
Сыртқы терминжасам көздері шет тілі сөздерінен кірігіп, термин ретінде
қалыптасқан сөздер екіндігін білгілі немесе мұндай терминдер өзге тілдегі
терминдерді сол қалпында алу арқылы жасалады. Дегенмен сыртқы терминжасам
көздерінің өзіндік ерекшеліктері жоқ емес. Алдымен кірме терминдер расында
да айтылып жүргендей, сол қалпында алынып, еш өзгеріссіз тұлғасын сақтай
отырып қабылданады. Мұндай терминдер қатары терминологиялық қорымызда
жеткілікті. Мысалы, синоним, сема, инфляция, радиус т.б. терминдер орыс
тілі арқылы сол қалпында кірігіп, қалыптасқан терминдерге жатады [18].
Екіншіден, кейбір терминдер тұлғасын өзгертіп қолданыла алады. Бірақ
біздің тіліміздің терминологиялық қорынан мұндай терминдерді кездестіре қою
қиынырақ. Себебі бұл бағыт біздің терминологиялық қорымыздың тәжірибесінде
жоқ. Соның салдарынан қолданысымыздағы терминдер өзгерместен алынған. Бұл
қазіргі таңда тіліміздің дыбысталу нормасын бұзып, тілдегі жүйесіздікті
тудырып отыр. Ал орыс тілінен мысал келтірсек радиус, косинус, абсорция
т.б. сияқты терминдердің өзі латын, грек тілдерінде бұлай дыбысталмайды.
Олар орыс тіліне икемделіп қабылданған терминдер.
Үшіншіден, кейбір терминдер қазақ тілінде берілу үшін өзге тілдегі
негізгі тұлғасын сақтап, бірақ соңына қазақ тілінің қосымшалары жалғану
арқылы қалыптасады. Мұндай терминдер қазақ тілінде көбінесе орыс тілі
арқылы қалыптасқан терминдер болып келеді. Олар әрі көпшілік жағдайда
етістік мәнді терминдерді құрайды. Мысалы, электронный, стерилизованный,
вероятность, т.с.с терминдер қатарын электрондық, стерилденген, болжалдық
сияқты т.б. толып жатқан терминдік тұлғада қазақ тілінде береді. Яғни қазақ
тіліндегі –лану, -лену, -дану, -дену,- тану, -тену,
-дық, -дік, -тық, -тік, -лық, -лік, -дан+ған, -ден+ген, –лан+ған,- лен+ген,
-тан+ған, -тен+ген тұлғасындағы қосымшалардың көмегімен өзге тілдердегі
бірқатар терминдер түбір тұлғасын сақтай отырып қазақ тіліне кірігеді.
Демек, өзге тілдің сөзін сол қалпында, тұлғасын өзгерпестен ала отырып
термин қалыптастыру немесе өзге тілдің өзінің түбір тұлғасын сақтай отырып,
оған қазақ тіліндегі қосымша жұрнақ жалғау арқылы термин қалыптастыру-
қазақ тілінің терминологиясындағы кеңінен қолданылатын әдіс.
Бұл тәсіл- қазақ терминжасам жүйесіне енген бір термин жасаушы көз.
Қазақ тілінің ішкі терминжасам көздерінің өзін тілдік бірліктеріне және
жасалу жолдарына байланысты грамматикалық терминжасам көздері және
лексикалық терминжасам көздері деп жүйелеп көрсетуге болады.
Мұндай жүйелеу терминжасам жүйесін бірізге түсіріп, терминжасам
шығармашылығының тәсілдерін жүйелеу үшін қажет.
Біздің келесі тарауда грамматикалық терминжасамды, оның ішінде
морфологиялық тәсілмен жасалған терминдерді, оларды жасаушы қосымшалар
қарастырады.

2 Қазақ тіліндегі ішкі терминжасам тәсілдері.

Түркі біл білімінде сөзжасам жүйесі мен оның теориялық мәселелері
А.Н.Кононов, Э.В.Севортян, Р.М.Гарипов, А.А.Юлдашев, Ф.Ганиев т.б.
ғалымдардың еңбектерінде зерттелген.
Қазақ тіл білімінде сөзжасам мәселесі, соның ішінде морфологиялық
(синетикалық) сөзжасау 20-30 жылдардан бстау алады. Сөзжасамның бұл тәсілін
алғаш зертеген ғалымдар: Ғ.Мұсабаев, А.Ысқақов, Н.Оралбаева, Ғ.Қалиев,
Е.Жанпейісов, А.Қалыбаева, және т.б. Әсіресе соңғы жылдары сөзжасам
мәселесіне арналған Н.Оралбаеваның оқулығы мен А.Салқынбайдың еңбегін
арнайы атауға болады.
Морфологиялық тәсіл қазақ терминологиясы шеңберінде де қарастырылып
келеді. Бұл ретте профессорлар Ө.Айтбаев пен Б.Қалиев зерттеулерін, сондай-
ақ Ш.Құрманбайұлы мен Ш.Біләловтың, А.Алдашеваның монографиялық ізденістері
тілге тиек болады.
Сөзжасамға қарағанда терминологиялық сөзжасамның өзіндік өлшемі мен
жолдары ерекшеленетін туыстары бар. Жай сөзжасамда сөзжасаудың бір тәсілін
пайдаланумен шектелетін болса, термин үшін терминдік атаудың сөздік мәнін
(словесное раскрытие) ашу, ұғымға анықтама беру қажет. Жалпы әдеби тілмен
салыстырғанда, терминологиядағы сөзжасайтын жұрнақтардың қызмет аясы кең,
дәлірек айтсақ ұғымның белгілерін көрсетуі тиіс. Сөзжасамның морфологиялық
тәсілі дегеніміз – түбір сөзге әр түрлі жұрнақтар жалғау арқылы туынды сөз
жасау. Бұл тәсіл терминдер жасауда елеулі орын алады.
Морфологиялық жолмен жасалған терминдер қазіргі қазақ тіліндегі
терминдер жүйесінде ерекше. Бұл қосымша арқылы сөзжасамның термин
шығармашылығында да негізгі көз екендігімен түсіндіріледі, сол себепті
қазақ тіліндегі терминдердің жасалу жолдарының ішіндегі өнімді тәсілдердің
бірі болып саналады.
Тілімізде байырғы сөздеріміздің есебінен термин қорымызды толықтыру
кезінде немесе кез келген арнаулы саланың жаңа терминдерін жасау барысында
белгілі бір үлгіні сақтаудың терминология үшін маңызы зор. Бұл ең алдымен
терминологиядағы жүйелілікті бұзбау үшін қажет. Ал терминологиядағы
жүйелілікті кейбір терминолог-ғалымдар терминологияның басты принципі деп
санайды.
Жүйеленген салалық терминологияны қалыптастыруда сол саланың
терминдерін белгілі бір сөз тудырушы морфемаларды немесе терминдік
элементтерді пайдалана отырып жасау тәжірибесі бар. Бізде де кейбір арнаулы
сала терминдерін жасауда соңғы жылдары біршама өнімді жұмсалып жүрген
жұрнақтардың бар екенін аңғаруға болады.

2.1 Қосымша туралы түсінік және оның грамматикалық сипаты.

Грамматикалық категория құраушы сөз таптарының ішінде түрленуге ең
бейімі- етістік пен зат есім. Грамматикалық категориялар негізінен осы сөз
таптары арқылы жасалады. Грамматикалық категория құрауда қосымшалардың орны
айрықша.
Қосымша терминін қазақ даласына, қазақ тіл біліміне ендіріп, оның
негізін салған белгілі ғалым А.Байтұрсынұлы болды. Ғалым өзінің әйгілі Тіл
құралы еңбегінде қосымшаға жүйелі түрде анықтама беріп, жалғанған сөзінің
тұлғасын өзгертіп, мағынасын өзгертпейтіндерді жалғау деп, жалғанған
сөзінің тұлғасын ғана өзгертіп, мағынасын да өзгертетіндерді жұрнақ
терминімен атайды [21].
Қазақ тілі білімінің ғылыми негізін салушы ғалым Қ.Жұбановтың Қазақ
тілі жөніндегі зерттеулер еңбегінде де қосымшалар мәселесі әрі қарай
тиянақтала түседі. Ғалым бұрынғы қолданылып жүрген жұрнақ терминінің
орнына үстеу деп атауды жөн санаған.
Кейін Қ.Жұбановтың үстеу термині қосымшалар жігіне енбей, оның орына
А.Байтұрсынұлының ізімен жұрнақ термині қолданысқа енді.
Түркологияда қосымшалар аффикс терминімен аталып, сөз тудырушы
аффикстер және сөз түрлендіруші аффикстер болып екі топқа бөлінеді. Атап
айтсақ, Н.А.Баскаков, Н.К.Дмитриев, Л.Н.Харитонов, Н.П.Кононов т.б.
ғалымдар 1940 жылдары құмық, ноғай, ойрат, шор, хакас, өзбек тілдеріне
арналған бастапқы грамматикаларын жазды. Бұл ғалымдардың еңбектерінде
аффикс термині нақты қолданыс табады.
Қазақ ғалымдарынан осы үлгіде қосымшаларды топтастыру, яғни сөз
тудыруды және форма тудырушы қосымшаларға жіктеу Н.Машановтың еңбектерінен
басталады деуімізге болады. Ғалым: Сөйлемде грамматикалық формалармен
түрленетін толық мағыналы атауыш сөздер тек ғана екі түрде: не түбір сөз
түрінде, не грамматикалық формада ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Біріккен терминдер жасаудағы сөз таптарының орны
Мұнай-газ терминдерінің ағылшын тілінен қазақ тіліне аударылуындағы ерекшеліктерін анықтау
Мұнай-газ терминдерінің ағылшын тілінен қазақ тіліне аударылуындағы ерекшеліктері
Қазақ терминологиясының даму кезеңдері
Терминдік лексика
Қазақ тіліндегі терминдердің қалыптасуы
Қазақ терминологиясының қалыптасу тарихы
Қазақ тілінің фонетикасы дәрістер
Қазақша сөздіктің құрылымы мен терминжасам тәсілдері
Сұраулы сөйлемдердің стилистикалық ерекшеліктері
Пәндер