Шоқан Уәлихановтың қазақ этникалық тарихына байланысты еңбектері


Кіріспе
Тақырыптың өзектілігі. Еліміздің ұлттық тәуелсіздік алуы, қазақ халқының тарихи даму жолына тек жаңа көзқарастар туғызып қана қойған жоқ, сонымен қатар ұзақ жылдар бойы тоталитарлық режимге бет ұстап, тек саяси және таптық тұрғыда талдау жасап, теріс бағытталынып келген тарихымыздың көптеген мәселелерін, соның ішінде халық мұрасының жан-жақты және терең зерттеуіне, сондай-ақ әділ бағалауға өте қолайлы жағдайлар туғызды. Кезінде Ш. Ш. Уәлиханов бастаған халық мұрасының, туған елінің тарихын зерттеудің көкейкесті мәселелерін М. Тынышпаев, С. Асфендияров, Ш. Құдайбердиев, А. Байтұрсынов, Ә. Бөкейханов сынды қазақ зиялылары одан әрі дамытқан еді. Алайда, сол 30-шы жылдары қазақ зиялыларының өздері қуғын-сүргінге ұшырады. Көп ұзамай халық мұрасынан қомақты орын алған Едіге, Абылай, Кенесары т. б. аттары баспадан түгелдей алынып тасталды.
Сондай-ақ олар туралы халықтың ғасырлар бойы шығарған жырлары мен аңыздары, яғни мұраларына тиым салынды. Қанша тоталитарлық режим болса да, Ш. Ш. Уәлихановтың еңбектерін басып шығаруға қиянат жасалмаған сияқты еді. Ал, шындығында олай болмады. Оның барлық ғылыми еңбектері жарық көрген жоқ, себебі, кейбір ғылыми еңбектеріне тыйым салынды.
Міне, қазір егемендіктің арқасында Ш. Ш. Уәлихановтың шығармаларына да жаңа көзқарас қалыптасты. Еліміздің тарихындағы ірі тұлғалар: Едіге, Абылай, Кенесары және т. б. жан-жақты зерттеулер басылып қана қойған жоқ, сондай-ақ олар туралы халқымыздың ғасырлар бойы сақтап келген асыл мұралары жарық көріп жатыр.
Осы тұрғыдан қарағанда, Ш. Ш. Уәлихановтың ғылыми мұрасын кеңінен қарау бұл күндегі егеменді Қазақстанның тарих, жалпы қоғамдық ғылымдағы көкейкесті мәселе.
Ш. Ш. Уәлиханов қазақ халық мұрасын алғаш рет жинап, зерттеп және қазақ халық поэзиясына түңғыш рет анықтама берген ғалым. Осындай ұлы ғалымның халық мұрасын зерттеуге арналған еңбектердің терең түрде саралап, жүйеге келтіруі бұл күндегі қазақ тарихы ғылымының өзекті мәселесі болмақ.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Тақырыптың зерттелу деңгейіне келетін болсақ, оның тарихнамасын қолға тиген қүжаттар мен зерттеулердің негізіне сүйене отырып үш кезеңге бөлуге болады. Біріншісі, мәселенің Қазан революциясына дейін қарастырылуы; екіншісі, Кеңес заманындағы, атап айтатын болсақ, XX ғасырдың 40-70 жылдары мен 80 жылдар тарихнамасы, үшінші, еліміздің тәуелсіздікке қол жеткізген кезеңінен басталады.
Шоқанның көзі тірісінде еңбектерін бастырып, жарыққа шығарумен айналысқандар К. К. Гутковский, П. П. Семенов-Тянь-Шанский, А. Н. Бекетов, Ф. Р. Остен-Сакен, Е. П. Ковалевский, неміс ғалымдары А. Эрман, А. Петерман, ағылшын ғалымдары ағайынды Мичельдер және т. б. еді. Қазақ ғалымы қайтыс болғанан кейін (1865ж. ) оның мұрасын игерудің жаңа кезеңі басталды. Алғашқы жылдары қазақ ғалымы еңбектерінің толық жинағын шығару үшін генерал К. К. Гутковский, А. К. Гейнс, Н. М. Ядринцев, П. П. Семенов-Тянь-Шанский, Ф. Р. Остен-Сакен, тіпті орыс географиялық қоғамы түгелдей жұмыла кірісті. /1. 5/
XIX ғасырдың 80-жылдарында шоқантанушы ғалымдардың жаңа бір легі бұл игілікті істі одан әрі жалғастырды. Солардың қатарында Г. Н. Потанин, Е. К. Гутковская, Г. А. Колпаковский, М. Шорманов, Н. И. Веселовский, П. М. Мелиоранский, француз ғалымдары Эмиль Жонво мен Элизе Раклю т. б. айтуға болады.
Алайда, қазақ ғалымының ғылыми мұраларын түгелдей жарыққа шығару Қазан революциясынан кейін жүзеге асады. XX ғасырдың 40-жылдары Шоқан мұрасын игеруге Қазақстан ғалымдары айрықша ден қойған еді. Осы аталған қыруар жұмыстың жалпы басшылығын Қ. И. Сәтпаев басқарды. Бір емес, алты рет шоқантанушылар тобы құрылғанымен, көп жылға дейін жұмыс сәтті жүрген жоқ.
1957 жылы Қ. Сәтбаев шоқантанушылар тобын басқаруды Әлкей Марғұланға тапсырды. Сол күннен бастап шоқантанушылар ісі алға басты. Ә. Марғұланның басшылығымен КСРО-ның негізгі деген мұрағаттарын терең зерттеу басталды. Шоқанның қолжазбалары негізінен Ленинград, Москва мұрағатарында сақталған және профессор Веселовскийдің академиялық қорынан басқа қазақ халқының қолжазбалары көптеген шығыстанушылардың қорында сақтаулы екені анықталды /2. 97/. Көп жылғы зерттеу нәтижесінде Ә. Марғүлан (1958 жылы) Шоқанның шығармаларын жарыққа шығарды. Бұл басылымды шығаруда Ә. Марғұланның басшылығымен қыруар жұмыс атқарғандар профессор С. Я. Болатов, М. С. Тұрсынова, П. Г. Голубев, Л. М. Әуезова есімі ауызға оралады дайындағанын көрсетеді.
Бірнеше жылдардан соң Ә. Марғұланның басшылығымен және редакциялауымен Ш. Уәлихановтың 5 томдық жинағы (1961-1972 жж. ) жарық көріп, еліміздің ғылыми жұртшылығы арасында жоғары бағаға ие болды. Әлкей Хақанұлы Ленинград университеті қабырғасында оқып жүріп (1925-1929жж. ) Шоқан туралы материалдар жинай бастаған. Содан берідегі зерттеу еңбектері жүз баспа табақтан асып жығылды. Дегенмен, шоқантанушы ғалым Шоқан мұраларын зерттеу жұмысы жеріне жеткізілді деген сөзді ешқашан айтқан емес. Қайта өмірінің соңғы күндеріне дейін Шоқан туралы жазылған дүниелерден өзіне беймәлім деректерді іздеп тапса, шын пейілімен қуануда болды. Ә. Марғұланның мына бір айтқан ойлары да шоқантанушы жас буынға өсиетттей: «Шоқан еңбектері қазақ тіліне түгел аударылған жоқ. Оны кез-келген адамға тапсыра салуға болмайды. Шоқанның стилі қандай! Жазу ерекшелігі, ойлау өрісі ше?! Келешекте Шоқан шығармалары ана тіліне толық аударылар болса аса жауапкершілік керек екенін айтқым келеді»/3. 65/.
Ә. Х. Марғұланнан кейін де Шоқан Уәлихановтың өмір жолы мен шығармашылығын зерттеу XX ғасырдың 50-70 жылдары өз жалғасын тапты. Ш. Ш. Уәлихановтың фольклор, әдебиет тарихы, қазақ өлеңінің құрылысы, шежіре жайлы пікірлерін ерекше бағалап, талдаған зерттеушілерінің бірі Қ. Жұмалиев болатын. Ал М. Ғабдуллин өз зерттеуінде Шоқанның қазақ ауыз әдебиетінің ескерткіштерін жинаудағы қызметін және Жанақ ақынның айтуынан жазып алған «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» жыры туралы айтады /4. 45/.
Қазақ фольклорын зерттеуге ерекше еңбек сіңірген ғалым-академик М. Әуезов Ш. Ш. Уәлихановтың ағартушылық, зерттеушілік қызметі, қазатың ауыз әдебиеттін зерттеудегі орны, ислам дініне көзқарасы, қырғыздың атақты эпосы «Манасты» алғаш жазып алуы туралы пікірін айтады /5. 28/. Қазан революциясына дейін Ш. Уәлихановтың философиялық және саяси көзқарастары зерттелмеді. Ғалымның саяси-қүқықтық, жалпы мемлекетке байланысты көзқарастарын С. Я. Булатов өзінің мақаласында қарастырған. Ш. Уәлихановтың Орта Азия елдерінің артта қалуын монархиялық деспотизмен, ал Шығыс Түркістандағы жалпы ұлттық көтерілістің болмауының себебін ішкі жергілікті халықтың діни алауыздығына байланысты және Абылай ханның көп векторлы саясат жүргізуінің себебін көрсеткенін, мақала авторы Шоқанның шаруалар революциясын қолдамағандығын, реформаны жақтағандығы, яғни демократ-либерал болғандығын көрсеткен /6. 91/.
Қазақтың тұңғыш тарихшы-этнографы әрі әдебиетші ғалымы туралы А. Нұрқатов «Шоқан Уәлиханов» зерттеу мақаласын жазды. О. А. Сегізбаев зерттеу мақаласында Ш. Уәлихановтың саяси көзқарастары мен ағартушылық қызметін терең талдайды, сонымен бірге жалпы философиялық, дінге деген көзқарастарына және қазақтар арасында орыстың алдыңғы қатарлы мәдениетін насихаттағандығына тоқтайды /7. 6/. Жалпы осы кезеңге Шоқан Уәлихановтың философиялық және діни көзқарасттарын діннің пайда болу және ислам дінінің реакциялық, сипатын А. Искаков зерттеу мақаласында көрсетуге тырысты /8. 19/.
Қазақ ауыз әдебиетінің жанрларының бірі - тарихи жырлар. Ғалымдар бұл салаға назарын өткен ғасырдан бастап аударған. Халқымыздың ұлы перзенті Шоқан Уәлиханов халық ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, маңызды-маңызды пікір айтқан. Ғалымның алғашқы рет «тарихи жыр» терминін қолданғандығы туралы айтып, Шоқан Уәлихановтың қазақ поэзиясының тудыратын адамдары туралы бастамасын жалғастырып зерттегендердің бірі Е. Ысмайлов.
Белгілі ғалым Н. С. Смирнова Ш. Ш. Уәлиханов қазақ ауыз әдебиетін жинаушы әрі зерттеуші ретінде қарап, оның қазақ халқының мұраларының барлық түрінен мол материал жинағанын айтады. Қазақ поэзиясының барлық түріне анықтама беріп, сол сияқты қазақ ауыз әдебиетін, әсіресе аңыз бен эпосты тарихпен тығыз байланыста қарағанын және ауыз әдебиетінің шығармаларынан ол халықтың рухын, әдет-ғұрпын, өмірін көрсететінін көрсетеді. Зерттеулердің орыс тілінде жазылып, Ресейдің алдыңғы қатарлы интеллигенциясын қазақтың таза табиғатымен таныстыруды мақсат еткендігін айтады /9. 10/.
Е. Б. Бекмахановтың жетекшігімен Д. И. Дулатова Шоқан Уәлихановтың тарихи көзқарастарына байланысты кандидаттық диссертациясын жазды /1. 120/.
Ш. Ш. Уәлиханов шығармашылығын зерттеу XX ғасырдың 80-жылдарында жалғасты. Мәселенің жан-жақты зерттелуі 1985 жылғы ұлы ғалымның туғанына 150 жылдық мерейтойымен байланысты еді. Ш. Уәлихановтың этнограф және қоғам үшін атқарған қызметі С. Л. Тихвинский, Н. Е. Бекмаханова, Х. А. Арғынбаев, Б. А. Литвинскиий, Э. М. Мурзаев, В. П. Курылев, И. И. Стрелкованың мақалаларында қарастырылды/10. 31/. Сондай-ақ О. А. Сегізбаев ғалымның ұлттық және әлеуметтік қанаушылығы жоқ жаңа саяси жүйені іздегендігін көрсетеді, мұндай қоғам тек жоғары мәдени жүйесі дамыған, ағартушылық-гуманизм белгілері бар өркениетті-тапсыз қоғамда мүмкін екендігін көрсетеді/11. 17/. Осы мерейтойға байланысты ұлы ғалымның өскен ортасына жалпы Уәлихановтар әулетіне арналған Ә. Х. Марғұлан мен С. Өтениязовтың зерттеулері қарастырылады.
Ш. Ш. Уәлихановтың Жетісу жеріне сапары кезінде қазақтардың егішілікпен айналысқандығы жайлы мәліметтер қалдырғаны белгілі, яғни орта ғасыр кезінде Іле аңғарында егіншіліктің кең етек жайғандығын айтқан. Осы мәліметтерді С. Жолдасбеков палеэтнографиялық зерттеулермен салыстырып, орыс шарулары келмей тұрып-ақ Жетісу жеріндегі қазақтардың егін салып, қысқа шөп дайындағанын көрсетеді /12. 19/.
Шоқан Уалихановты деректанушы ретінде М. А. Бекмағанбетова /13. 351/, тарихшы ретінде тарих ғылымына қосқан үлесін И. В. Ерофеева, О. И. Исмагулов, Н. С. Мұканов, Н. А. Алимбаев қарастырса, этнограф ретінде қазақ халқының этногенезіне байланысты тұжырымдарын Н. Э. Масанов зерттеулерінде талдаған /14. 69/.
КСРО империясы құлап, Қазақстанның тәуелсіздік алуына байланысты қазақ тарихын өркениеттік-ұлттық негізде жазуға жағдай туды. Көптеген тарихи тұлғалардың қоғамдық қызметіне, олардың қалдырған шығармаларына объективті баға берілді. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан, яғни 90-жылдардан бастап бұрынғы тоталитарлық жүйе кезінде Ш. Ш. Уәлихановтың шығармаларын зерттеу кезінде қарастырылмаған қазақ тарихына қатысты тың мәселелер көтеріле бастады.
Шоқан Уәлихановты фольклортанушы ретінде бағалап, еңбектерін арнаған зерттеушілерге М. Асфандиярова, Е. Мағауин, Қ. Алпысбаева, А. Турышевты айтамыз.
Шоқан Уәлихановтың отбасы-некеге, әйелдердің теңсіздігіне байланысты, көп әйел алушылыққа, қыздарды сатушылыққа, әмеңгерлікке және басқа да дәстүрлерге қарсы шыққандығын Г. Үсейінова мақаласында қарастырылады /15. 31/. Россия ғылымында Мұхамед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» еңбегін Шоқан Уәлихановтың алғаш зерттегендігін С. Өтениязов /16. 54/. ал Шоқан Уәлихановтың қазақтың тұңғыш деректанушысы ретінде Қ. Атабаев /17. 65/, сондай-ақ қазақ топырағында Қадырғали би Қосымұлының шығармасын тұңғыш зерттеушісі екендігін Р. Сыздықова мен М. Қойгелдиев /18. 12/ сөз етеді.
Шоқан Уәлихановтың туғанына 170 жыл толуына орай бүгінгі таңда шоқантану саласындағы өзекті мәселелерді, яғни қайтадан Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты жанынан кезінде жұмыс істеген шоқантану бөлімін қайта ашу мәселесін Ә. Жұмабекұлы көтереді.
Мәселенің зерттелу деңгейіне тоқталсақ Кеңес заманында Ш. Ш. Уәлихановтың еңбектері жан-жақты талданып, зерттелгенімен, өкінішке орай, кеңестік идеология насихаты мен қатаң марксттік догма Ш. Ш. Уәлихановтың еңбегін зерттеуге арналған ғылыми жұмыстардың ғылыми сапасына, деңгейіне кері әсерін тигізіп отырды. Сондықтан да бүгінгі таңда Ш. Ш. Уәлихановтың еңбектері жан-жақты объективті тұрғыда қайта зерттелуі қажет. Кеңес заманы кезінде ғылыми айналымға ендірілмеген ғалымның мүраларын тауып, бастырып шығару қажет.
Тақырыптың деректік негізі. Диплом жүмысын жазуға арқау болған деректерді үш топқа бөлеміз. Біріншісі, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Мұрағатындағы Ш. Ш. Уәлихановқа қатысты құжатттар және ғалымның қолжазбалары. Екінші кезекте Ғылым Академиясының «Сирек кездесетін кітаптар мен қолжазба» бөліміндегі Ш. Ш. Уәлихановтың еңбектерінің фотокопиясы. Ал үшінші кезекте маңыздылығы жағынан ерекше орында түрған Ә. Марғұланның жетекшілігімен шыққан Ш. Ш. Уәлихановтың бес томдық жинағы (1961-1972жж. ) болып табылады. Сондай-ақ зерттеу барысында Шоқан Уәлихановтың саяхат сызбаларын, түрлі карталарын қарастырдым.
Диплом жұмысының методологиялық негізі.
Диплом жұмысын
жазу барысында салыстырмалық, тарихилық әдістер қолданылды.
Зертеу жұмыстың мақсаты - Шоқан Уалиханов еңбектерінің ортағасырлық Қазақстан тарихын қарастырудағы маңыздылығын көрсету.
Осыған орай өзіме төмендегідей міндеттер ді қойып отырмын:
- Шоқан Уалихановтың тарихи көзқарастарының қалыптасуын анықтау;
- Ғалым еңбектерін қарастыру;
- Шоқан Уалихановтың ортағасырлық Қазақстан тарихы жайлы жазған мәліметтерін қарастыру.
- Ғалымның қазақ халқының шығу тегіне, дініне, қазақ қоғамындағы тарихи тұлғаларға қатысты мәліметтерін қарастыру;
- Ш. Уәлиханов саяхатының сызбаларын т. б. карталарын іздеп табуға тырысу;
Құрылымы: Зерттеу жұмысы кіріспе, негізгі бөлім үш тараудан, қорытынды мен әдебиеттер тізімінен және қосымшалардан тұрады.
1 Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың өмір жолы мен шығармаларына жалпы сипаттама
1. 1 Ш. Ш. Уәлихановтың өмір жолы және тарихи көзқарастарының қалыптасуы
Қазақ елін Ресейдің отарлауы ХҮІІІ ғасырдың 30-жылдарына басталып, жүз жылдан астам уақытқа созылды. Қазақстанның едәуір бөлігі отарланғаннан кейін, қазақ халқының мемлекеттілігінің белгісі болған хандық билігі жойылды, оның орнына ел басқаруда ресейлік тәртіп ендіріле бастады. Батыс Сібірдің генерал-губернаторы М. Сперансий жасаған «Сібір қырғыздары туралы жарғыға» сәйкес 1822 жылы Орта жүзде хандық билік жойылып, жаңа әкімшілік бөлінісі енгзілді.
Қазақ елін дербестігінен айырып, Ресей империясының өзінің ауқымы жағынан дүние жүзі тарихында болмаған көлемде казактар мен шаруаларды қазақ жеріне жаппай қоныстандыру, қазақ халқының ежелден қалыптасқан салт-дәстүрі, шаруашылық жүйесін үлкен өзгеріске ұшыратқан кезеңде қоғамдық тарихи майданда Шоқан Уәлиханов көріне бастады.
Шоқан балалық шағын әуелі Құсмұрында, содан кейін өзінің атамекені - Сырымбетте көптеген аңыздарды есіне сақтап отырған халықтың арасында өткізді. Тарихи аңыздарға құлақ қойып, халықтың өлең-жыры мен әңгімелерін тыңдауға құштар болып өседі /329/.
Бала Шоқанның сана-сезімі ерте оянып, рухани өсіп, жетіле беруіне әжесі Айғаным көп ықпал еткен. Тумысынан сезімтал, дарынды балаға әжесі халық даналығының сарқылмас білім бұлағы болған. Әжесі Шоқанға қазақтың ескі аңыздары мен хикаяларын қызықты етіп әңгімелеп, күні кеше өзі басы-қасында болған оқиғаларды еске алып отырған.
Айғаным ханша Ресеймен жақындаса отырып, оған өз ұпайын жібермеудің жолы - орыс тілі мен білімін игеру, екіншісі - бірте-берте отырықшылыққа көшу деп білді.
Уәлидің Сырымбеттегі ордасында арнаулы мектеп әрқашан Айғанымның басшылығымен жұмыс істеді. Оның жеті ұлы - Мамеке, Әбен, Шепе, Шыңғыс, Ханқожа, Салтақ, Әлжан осы мектептен тамаша білім алып шықты. Ол сондай-ақ өз мектебінде ауылының басқа балаларын да қосып оқытқан. Айғаным мекетебінің бағдарламасында жалпы білім беретін сабақтар оқытылған. Математика, география, тарих, шығыс әдебиеті және шағатай тілі, қазақтың жырлары мен қиссалары оқытылған. Ал Қазақстанның басқа мектептерінде тек діни сабақтар ғана жүретін.
Сондықтан 1827 жылы 16 жастағы Шыңғыс Омбыдағы әскери училищеге түскенде, орысша таза сөйлейтін. Мұнда жеті жыл оқыған Шыңғыс терең білім алып, әдебиет, өнер және мәдениет, тарих, география, статистика т. б. ғылымдарды оқып өз заманының алдыңғы қатарлы азаматы болып шығады.
Айғаным ханша қазақ даласын қызғыштай қорғаған елдің анасы болған. Болашақ білімде екендігінне сеніп, ағартушылыққа көп көңіл бөлді.
Шыңғыс Уәлиханов анасы Айғанымның игілікті істерін одан әрі жалғастырады. Сондай-ақ халықтың мәдени, әдеби және археологиялық ескерткіштерінің қамқоршысы болды.
Академик Ә. Марғұлан ол туралы “Шыңғыс ғылымды, әдебиет пен өнерді бағалайтын өз заманының білімді адамы болды. Сол кездегі қазақ халқының тұрмысының, экономикалық және саяси өмірінің қыр-сырын жақсы білген . . . ”- деп жазған болатын /3. 30-31/.
Сол кездегі Шыңғыс пен оның баласы Шоқан жинап, қағазға түсірген халқымыздың асыл дүниелері кейінірек ғалымдар арасында “Кушмуринский список” деп аталып кетті. Бұл әйгілі жинаққа “Едіге”, “Қарақыпшақ қобыланды”, “Қозы көрпеш - Баян сүлу” жырларының бірнеше нұсқалары және “Еркөкше - Ерқосай”, “Орақ батыр” жырлары т. б. көптеген ауыз әдебиетіндегі асыл мұралар кірген болатын . . .
Сондықтан көптеген Ресейдің ғалымдары Шыңғыстан ақыл-кеңес сұрайтын. Оған көптеген ғылыми мекемелерден өтініш келіп жататын. Ол өмір бойы ауыз әдебиетін, зергерлік асыл бұйымдарды, әдет-ғұрыпқа байланысты заңдар мен статистикалық мәліметтерді жинаумен қатар А. Сотников, А. К. Крохалев, М. В. Ладаженский, Н. Ф. Костылетский, И. Ибрагимов, А. К. Гейнс, Г. Н. Потанин, П. П. Семенов-Тянь-Шаньский, М. С. Знаменский т. б. ғалымдармен, сондай-ақ орыс географиялық қоғамымен тікелей байланысты болды /19. 97/.
Шекаралық комиссияның бастығы полковник М. В. Ладаженскийдің өтінішімен Шыңғыс қазақтың халық поэзиясы мен ертегілерінің, аңыз-әңгімелердің нұсқаларын жинайды. Ладаженскийдің өтінішін орындау үшін Шыңғыс әйгілі ақындар мен жыршыларды талай рет өз үйіне шақыртып, қазақтың өлең-жырлары мен аңыздарын Шоқанға жаздырып алып, Омбыға жіберіп отырған /19. 98/.
Болашақ ғалымның жан-жақты білім алып, халық ауыз әдебиетінің ескерткіштерімен танысып, тарихи-ғылыми көзқарасының қалыптасуында әжесі Айғаным ханым мен әкесі Шыңғыс сұлтанның атқарған қызметі зор.
Шоқанның ғылыммен айналысуына әкесінің алдыңғы қатарлы орыс интелигенциясының өкілдерімен тығыз байланысты болуы көп ықпал етті. Академик А. И. Шренк, Сібір қазақтарының облыстық басқармасына қызмет істеген декабристер С. М. Семенов, В. И. Штейнгель, Н. В. Басаргин және Қазан университетінің студенттері С. Сотников, Н. Ф. Костылетский, Т. Сейфуллин сияқты көптеген жоғары білімді адамдар Шыңғыстың ауылында талай рет болған. 1841 жылы Құсмұрынның төңірегінде Обаған даласында топографиялық суреттер түсіріп жүрген орыстың инженер-топогрофтарына алты жасар Шоқан сурет салуды үйренеді.
Шоқан Омбы кадет корпусында 1847-1853 жылдары аралығында оқыды. Омбы кадет корпусы сол кездегі Сібірдің ең жақсы оқу орны деп саналды. Кадет корпусы жан-жақты білім беретін. Онда екі даярлау класы, бес негізгі және алтыншы - арнаулы класс болды.
Негізгі кластарда шет тілдері, оның ішінде шығыс тілдері - қазақ, татар, шағатай тілдерін де оқып үйретілді. Бұл тілдерді үйрету сабақтарында әрқилы шығырмалардан үзінді оқыту, өлеңдер мен мысалдарды жаттатып және оларды дауыстап, мәнерлеп оқуға жаттықтыру тәсілі кеңінен қолданылатын.
Онда тарих, география және әдебиет пәндеріне көп көңіл бөлінді. Алғашқы кластардан бастап ежелгі Греция мен Рим тарихын, ортағасырлар тарихын Еуропа географиясын өтті. Төртінші және бесінші кластарда тіл-әдебиет теориясы, орыс және Батые Еуропа әдебиеттерінің тарихы оқытылды. Этнография мен антропология пән ретінде енгізілді. Қытай, Үндістан, Ауғанстан, Персия сияқты Азия елдерінің халықтары олардың шыққан тегі, діні, тұрмыс-салты, саяси-әкімшілік құрылымы, басқару жүйесі жайлы терең мағлүматтар берілді. Сонымен қатар Қытайга бағынышты елдер, Түркістанның тарихи-саяси аймақтары, Шығыс Үндістан мен Арабия мемлекеттерін жан-жақты қарастырды.
Алаш жұртын толықтай Ресей империясының отарына айналдыру мақсатында, болашақ офицерлерге әскери-статегиялық мақсатпен Қазақстанның географиясын оқытуда ерекше көңіл бөлінді.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz