Мұзафар Әлімбаевтің халық ауыз әдебиетін аудару тәжірибесі мен сапасы


Кіріспе
Зерттеу жұмысының өзектілігі.
Өнер жолы күрделі, әдебиет әлемі сұлулық әлемі. Осынау күрделі өнер дүниесінде өрнекті ой-толғаныстарымен, ақындық даусымен, шебер аудармаларымен айқындалған көрнекті ақын, білікті зерттеуші, жүйрік тәржімеші, айтулы көсемсөзші, халық фольклорының жинаушысы, балдырған әдебиетінің ұясын ұйымдастырушы Мұзафар Әлімбаев. [1]
Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, сонымен қатар Абай атындағы және халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтардың да лауреаты, мәдениетке еңбегі сіңген қызметкері, Ы. Алтынсарин медалінің иегері, Қазақстан Республикасы мемлекеттік гимні авторларының бірі, көп қырлы талант иесі Мұзафар Әлімбаевтің атамекен қонысы Павлодар облысының Баянауыл ауданына қарасты Қызылтау, қазіргі Ж. Аймауытов (Жосалы) елді мекенінің Қаратөбе ауылы. Ал өзінің туған жері Шарбақты ауданының Қызыл таң ауылы.
Мұзағаң 5 жасында әріпті әліп деп біліп, кітап оқи бастайды. 6-сыныпта ауыл кітапханасының бір қыста 150-ден аса кітабын тауысып, “Бауырсақтан” бастап, “Батырлар жырын” ортаға ала, А. Пушкиннің 4 томдығын тауысады. Өлең жазуды мектеп қабырғасынан бастап, 16 жасында алғашқы туындысы мерзімді баспасөзде жарияланады. Бұл үлкен өнер жолына деген алғашқы баспалдағы еді. Яғни тұңғыш нақылы дүниеге келген жасы. “Ебі жоқ дәрігердің емі де жоқ!”
Ақынның өзі мақал-мәтел де, қанатты сөз де демейді, қысқа қайырып “нақыл, нақыл сөз” дейді. Оған да түсіндірмесі дайын: “Мақал халықтың даналығы, халықтың жадына түйгені. Автордікі нақыл . . . Егер, түбінде мақал-мәтелге айналып кетіп жатса, дауым жоқ . . . ” [2] Шынында, Мұзағаңның мақалға, халық даналығына айналып, ауыздан-ауызға көшіп кеткен сөздері де баршылық. Ақынның өзінің айтатыны: “Ау, мынаны мен шығарып едімді” кімге түсіндіріп отырасың. Сенсе жақсы . . . Сенбесе, не істейсің. Әйтеуір өзің қалай, қашан жазғаныңды білесің. Қолжазбалары бар. ” [2] Ақынның талантты, мінсіз нақылдары көп. “Үйлену оңай, үй болу қиын”, “Жүрек өз иесін алдамайды” секілді нақылдардың халық мақалы ретінде жиі қолданылғанына қарағанда, олардың да авторы Мұзафар Әлімбаев екендігін екінің бірі біле бермейді. Ақын шығарған “Өнериет”, “Тәлімгер” деген сөздер ана тіліміздің төл туындысындай тарап кеткен. Нақыл жанрында ақын үш мыңнан аса шығармалар жариялаған. Бұл танымдылығына әлі арнайы тоқталамыз.
Мұзафар Әлімбаев жеті жарым жылдық әскери қызметтен оралысымен “Пионер” журналына орналасып (1948-1956), поэзия бөлімін басқарады. Одан соң 1956-1958 жылдары “Қазақ әдебиеті” газетінің көркем әдебиет меңгерушісі, іле бас редакторының орынбасары болады. Енді Әлімбаевтың ақындық бақыты туралы айтқанда, оның қазақ балалар әдебиетіне сіңірген еңбегіне тоқталған шарт. Сол 1958 жылдан 1986 жылға дейін табаны күректей 28 жыл 3 ай 15 күн “Балдырған” журналының бас редакторы болып қызмет атқарады. “Балдырған” журналы арқылы дүниежүзі балалар әдебиетіндегі бар дәстүрлер мен эксперименттер қазақ топырағына ағытылды. Қазақ балалар әдебиетінің балқаймағы, бар қазынасы әлем тілдеріне “Балдырған” арқылы жол тартты. Оның балаларға арнап шығарған елеулі жинақтарының қатарына: “Менің ойыншығым” (1953), “Биікке, биікке” (1955), “Ақ серекте көк серек” (1977), “Аспандағы әпке” (1982), “Екі тақтай бір көпір” (1992) сияқтылар жатады.
Профессор Құлбек Ергөбектің айтуынша: “Мұзафар Әлімбайұлы өте көп оқыған, көп оқитын және қазақ әдебиетінің бар жанрындағы еңбектерді қалдырмай қадағалауға тырысатын. Сондықтан да әр жанрдың да жай-жағдайын бір кісідей біліп отыратын, өз білгенін қалам ұшымен жазып, өзгеге білгізіп отыратын білімпаз жан. Ақын досы кітап, ” [3] демекші, М. Әлімбаев ғылыми атағы болмауына қарамастан, академик дәрежесінде білім жинаған қаламгер. Оның әрбір мақаласы теориялық жүк көтеріп тұрады. Қаламгердің ертеректе жазған “Өрнекті сөз ортақ қазына” деп аталатын зерттемесін ғылыми монография десек жарасады. Ал “Қалам қайратынан” бастап жарық көріп келе жатқан сын мақалалар жинағы кәдімгі әдебиет сыншысының еңбектерінен жоғары тұрмаса, төмен емес. Бұл еңбектерде әдебиеттің әр кезеңінде жасаған қаламгерлігі мен әр белдеуінде туған шығармалар жайында білімпаздықпен айтылған ой-пікірлер жинақталған.
Шежіреші Мұзафар Әлімбаевтің қаламынан туған дүниелердің ішінде ерекше бағалайтын бір сала “Көңіл күнделігі” атты үш кітаптық дүниесі. Қаламгер жанрлық түрлер мен формалық ізденістерді көркем әдебиетке көптеп әкелгені секілді, мемуарлық әдебиетке де жаңалық әкелген. Сондай-ақ, ол очерк жанрының да шебері. Оның “Көргендерім көңілде”, “Өмір. Өнер. Өнерпаз. ”, “Толқыннан толқын туады”, “Қалам қайраты” деп аталатын очерктер жинағы да қазақ қара сөзінің бір табысы дерлік тұғырлы туындылар жинағы. Рақымжан Қошқарбаев, Құмаш Нұрғалиев, Қасым Қайсенов, Рафиха Нұртазина, Серік Нұрқазов, Қанапия Телжанов, Мұқан Төлебаев сынды тұлғалар жайында жазғандары бірі рейхстагқа ту тіккен қаһарман жауынгер, келесісі аяулы ұстаз немесе айтулы өнерпаздарымыздың қайталанбас тағдырын баяндап берумен бағалы.
Сонымен қатар ол 300-ге тарта ән-өлеңдердің авторы. Ақынның ән-өлеңдері, лирикалық өлеңдері қазақ поэзиясының қымбат қазынысына қосылған. “Маралдым”, “Ақмаңдайлым”, “Ақсұңқарым”, “Өзің де жігіт қызықсың” әндері ондаған жылдар бойы елдің ауызында жүрген, әлі де айтыла беретін асқақ та әсерлі тебіреністер. Бұған дәлел ретінде профессор Құлбек Ергөбектің тағы бір пікіріне көңіл бөлсек: “Ән-өлең жанрында әріптестерге қарағанда Мұзафар Әлімбайұлының жұлдызы жоғары. Оның ән-өлеңдері ән-өлең жанрының классикасы дер едім. ” [3]
“Ұлы ақын Мұқағали Мақатаев өзінің “Қош бол, махаббат” кітабын Мұзағаңа тарту еткенде, мынандай қолтаңба қалдырған екен: “Поэзияны, жалпы әдебиетті Мұзафардай бағалап, оны құдіреттің құдыреті деп ұғынатын адамды, ақынды қаламдас ағалардың арасынан мен әлі кездестіре қойғаным жоқ. Өз әріптестерінің творчествосын Мұзафардай қадағалап қоймай, қомағайлана зерттеп отыратын ағайынды да әлі кездестірген емен. ” [4]
Яғни Мұзафар Әлімбаевтің көп қырлы әдеби қайраткерлік қызметінің шоқтығы поэзиялық туындылары. Поэзияның кесек, тынысты жанрындағы асқақ туындысы “Естай-Қорлан” дастаны эпикалық кең тынысымен, әлеуметтік тақырыбымен ерекшеленеді. Ауыз әдебиеті негіздерін, мифологиялық сарындарды қазіргі поэзияда өрбітіп қолдану қиын әрі тәжірибеде сирек кездесетін жай. “Аяз би” дастаны елдік даналық тақырыбын жаңа сөзбен түзген туынды. Зейнолла Шүкіров туралы “Құрыш қазақ” дастаны, Рақымжан Қошқарбаев ерлігі жайлы “Ту тіккен”, сонымен қатар, “Құрбымның күнделігі”, “Қарағанды жырлары”, “Менің Қазақстаным” дастандары көп көкейіндегі ойды жыр шежіресіне кестелеген шығармалар.
Сан қырлы талант иесі Мұзафар Әлімбаевтің таңдаулы өлең-жырлары әлем халықтарының 39 тіліне, “Естай-Қорлан” дастаны 140 тілге аударылды. Бұл ақынның өзі айтқандай: “Шығарманды өзге тілге аударту да шығармашылық процесс . . . ” [5]
Белгілі сыншы Б. Сахариев пікіріне қосылсақ: “Ақын адам көңіл-күйін, мақсат-мүдделерін бейнелейтін өлеңдерінде де, әр кезде әр алуан жол-сапарларынан жазған “Түркмен топырағында”, “Кавказ қойнауында”, “Литва жырлары”, “Кереку гүлдерінен”, “Қырғыз жырларынан” атты циклдерінде де оның гүл шоқтарынан бал жиған арадай, ел ішінен тәжірибе жинап, ой түйетіндігі байқалады. Яғни ой арқауы бауырластық, туыстық, достық пен ынтымақ. ” [6, 280] Расында да солай.
Иә, әдебиетте М. Әлімбаевтің ақындығы жайында әрдайым айтылып, жазылып жатады. Арнайы кандидаттық диссертация да қорғалды. Осының баршасы орынды. Тіпті балалар әдебиетіне сіңірген еңбегі де тым назардан тысқары қала қойған жоқ. Осы орайда, Мұзафар Әлімбаев қаламынан туған дүниелердің арасынан ол жасаған аудармалардың сөз бола бермейтіні бар.
“Мен осы ғұмырымда 50 шақты орыс ақындарының өлеңдерін аудардым. Атақты классиктер Сағди Гүлстан (тәжік), Иранның Бостаны (Жәннәт), Шандор Петефиден (венгер), Тоқтағұл (қырғыз), Маяковский, Пушкин, Лермонтовтарды қазақша сөйлеттім. Көркем аударма керемет ақындық мектеп болды. Фольклор жинауды ерте бастадым. Солардың пайдасын көрдім”, [5] − деп қаламгердің өзі айтқандай, оның тірнектеп еңбектенген тағы бір бағыты көркем аударма саласы. Ол Павлодар қаласындағы педагогикалық училищеде дәріс алып жүрген жасөспірім кезінен-ақ Гейне, Лермонтов, Акопян туындыларын ана тілімізге аудара бастаған. Поэзиялық шығармаларды аударуын әлі де алда зерттемекпіз.
Ал тәржімашының прозалық шығармаларды аударуына және қазақтың сөздік қорына қосқан үлестеріне жеке тоқталмасақ та, оларды атап өтпекпіз. Еңбекқор аудармашы чех жазушысы Юлиус Фучиктің “Дар алдындағы сөз” естелік кітабын, грузин көркем әдебиетінен Орбелиаки Сулхан-Сабаның “Ғибратнама” әңгімелер жинағын қазақ тіліне тәржімалады.
Сонымен қатар, “наставник” (тәлімгер), “риторический вопрос” (ділмар сауал), “табу” (тиым сөздер) сияқты талай терминдерге балама тауып, өзінің жеке “Қазақша − орысша өлең − сөздік” “Русско − казахский словарь в стихах” кітабын шығарды. Бұл сөздіктің қазіргі қазақ халқына тигізер үлесі жоғары. Өйткені ондағы аудармалар қазақ тілін үйреніп, жаттауға жеңіл ұйқастырылған сөздер. Мысалы, культура − мәдениет,
литература − әдебиет [7, 10]
немесе, екеулеп − вдвоем,
барайық − пойдем.
Заң − закон,
таныс − знаком. [7, 59]
Иә, уақыт ілгері жылжып, ел өмірі өзгеріске толы. Соған орай аударма өнерін зерттеудің де сан қыры ашылуда. Алайда, қазақ көркем аудармасына байланысты осы кезге дейінгі еңбектердің көпшілігі не белгілі бір көркем шығарманың аудармасын, не болмаса жалпы теориялық, тарихи мәселелерді, не белгілі бір кезеңдегі көркем аудармаларды зерттеу обьектісі етіп алған. Осы орайдағы олқылық - ел әдебиеті мен мәдениетінің дамуына үлес қосқан қаламгерлердің бір тобы - аудармашылар туралы, олардың шығармашылық даралығы, аударма өнеріндегі жетістіктері мен кемшіліктері, өсу жолының зерттеуден тыс қалуы. Жалпы оқырман қауым үшін аудармашының көркем шығарма авторының көлеңкесінде қалып қоятыны тәрізді, зерттеулерде тәржіманың өзіндік ерекшелігі, стиль, ізденісі, табысқа жету құпиясы назардан қағыс қалып келеді. Ал, аударма өнерінің қыр-сырын ашу үшін шебер тәржімашылардың күллі шығармашылығына талдаулар жасалынып, шығармашылық ізденісі ашылуы қажет. Біздің зерттеу жұмысымыздың көкейтестілігі де міне осында.
Туған әдебиет теңізіне құяр кең арналардың бірі - көркем аударма өнері тарихында өзіндік қолтаңбасы бар М. Әлімбаевтің тәржімашылық еңбегі арқылы қазақ топырағына жетіп, мерзімді басылымдарда жарияланған шағын мақала, зерттеулерді айтпағанның өзінде кітап болып басылып шыққан аудармаларының өзі біраз дүние. Біз осы шығармалардың қазақшаға аударылу жайын екі нұсқаны салыстыра отырып, көркем аударма шеберлігі мәселесінің аясында зерттеуді жұмысымызға нысана еттік.
Жұмыстың зерттелу деңгейі .
Жалпы қазақ өнерінің, әдебиетінің қажымас, талмас сарбазы Мұзафар Әлімбаевтің ақындығына зерттеушілігі, бұған аудармашылығы, эссе, очерк жазушылығы, балдырғандар жанын зерек түсінушілігі, парасаттылығы ұштасып тоғысқан тарлан талантты ақын Мұхтар Шаханов: “Көзі тірі классик. (юмормен КТК) ”, [8] − деген екен. Қаламгердің рухани мұрасының көркемдік деңгейі, тіл айшығы туралы баспасөз бетінде бірқатар әдеби-сын мақалалар жарық көрді.
Дегенмен, М. Әлімбаевтің аудармашылық шеберлігі жүйелі түрде жан-жақты қарастырылып, арнайы зерттеу обьектісіне айналған жоқ.
Жұмыстың мақсаты мен міндеті.
Көркем аударма теориясының өзегі - шеберлік сыры деген мәселенің өзі аудармашы талантымен және ізденісімен, тәжірибесімен және өзіндік стилімен тығыз байланысты. Сондықтан да біз көркем аударма шеберлігін зерттеу мақсатында аудармашылар арасынан белгілі тәржімашы М. Әлімбаевтың шығармашылығын таңдап алдық. Себебі: біріншіден, ол орыс тілінен қазақшаға тек орыс әдебиеті үлгілерін ғана емес, орыс тілі арқылы Еуропа әдебиетінің үздік шығармаларын да, араб, парсы елдерінің нақыл сөздерін, мақал-мәтелдерін аударды. Екіншіден, оның қаламы арқылы әлемге танымал ақындардың шығармалары қазақ елінің рухани байлығына айналды. Сондықтан да оның аудармашылық шеберлігін зерттеу, ізденістерін айқындау қажет. Осы мақсатқа орай алдымызға төмендегідей міндеттер қойылды:
- М. Әлімбаевтың аудармаларына бүгінгі күн тұрғысынан талдау жасау; Қазақ көркем аударма өнерінің дамуындағы аудармашының шығармашылық даралығы ролін анықтау; Түпнұсқаны қазақшалаудағы аудармашы пайдаланған әдіс-тәсілдер қызметін анықтау; Мақал-мәтелдердің, қанатты сөздердің аударылуындағы шеберлік жолдарын анықтау.
Зертеу нысаны ретінде М. Әлімбаевтың әр жылдары жарық көрген көркем шығармалары мен қазақшаға аударылған орыс және шетел ақындарының шығармалары алынды.
Зертеу жұмысының әдіснамалық және теориялық негіздері.
Көтерілген мәселелердің шешімін іздеуде көрнекті ғалымдардың ғылыми еңбектері басшылыққа алынды. Атап айтсақ: М. Әуезов, А. Федоров, Г. Гачечиладзе, М. Қаратаев, Н. Сағындықова, Ә. Сатыбалдиев, З. Тұрабеков т. б.
Зерттеу әдістері. Жұмыстың негізгі зертеу әдістері: сипаттау, салыстыру, контекстуалдық талдау.
Жұмыстың құрылымы . Магистрлік жұмыс кіріспе, екі тарау, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
І тарау
М. Әлімбаевтің поэзия саласындағы аудармашылық мұрасы.
Аударма көне де жаңа өнер. Өнер болғанда, ол сөз, әдебиет, публицистика ғылымдарының ажырамас бір саласы. Аударма адамдардың көп уақытқа созылған ұзақ тарихында тілі өзге адамдар қауымын түсінудің құралы, олармен қарым-қатынас жасаудың дәнекері болған.
Аударма әрқашанда адамдар, тайпалар, халықтар, ұлттар арасындағы әлеуметтік, экономикалық, рухани, ғылыми қарым-қатынастың айырбастау құралы, ел танудың, достықтың, ынтымақтастық тәжірибенің, тағылым алмасудың құралы. Ал аудармашылық нағыз творчестволық өнер. Аудармашы өз халқының, өз ортасының, өзі өмір кешкен заманының перзенті. Яғни ол екі тілді де жетік білумен қатар, әрі жазушы, әрі ақын, әрі ғалым болуға тиіс. Аударма сапасы оның талантына, біліміне, жалпы мәдени дәрежесіне және тәжірибесіне байланысты.
Жалпы поэзиялық аударма жайлы айтпастан бұрын, академик Зәки Ахметовтың поэзия жайлы айтқанын көрсек болады: “Поэзия сөз өнері, көркемдік шеберліктің теңдесі жоқ озық үлгісі. Оның үстіне поэзияның аса маңызды әлеуметтік, қоғамдық құбылыстарды бейнелеп көрсете алатын зор мүмкіншілігі бар. Ол айналамыздағы дүниені, өмірді танып-білудің күшті құралы, біздің қоғамдық ой-санамыздың, көркемдік, эстетикалық сезіміміздің үлкен, өнімді саласы. Сондықтан поэзиядағы сөз суреттілігі, бейнелілігі өмір шындығынан нәр алып, соған тікелей жалғас туады. Сөз қолдану шеберлігі, көркемдік шеберлік дегеніміз өмір құбылыстарын танып-білу, ұғып-түсіну қабілетімен, көркем ой-сезім қуаттылығымен терең тамырласып, қабысып жатады. ” [9, 7]
Ал енді поэзиялық шығармаларды тәржімалау мәселесіне тоқталсақ, әлем тіліндегі поэзиялық шығармаларды ана тілімізге аудару қашан да өз маңызын жойған емес. Қай халықтың болмасын шоқтығы биік, терең мазмұнды шығармаларын аудару қазіргі таңдағы игілікті істердің бірі екендігі даусыз мәселе. Түпнұсқа белгілі бір халықтың ұлттық ақынының шығармасы болса, ұлттық сипаты барынша анық, түсінікті болса, ондай жағдайда оны өзге тілге аудару аудармашыдан үлкен жауапкершілікті ғана емес, сонымен қатар үлкен талантты да талап етеді. Яғни тәржімашінің таланты ерекше талант болуы керек. Және оны дұрыс бағалай білу қажет. Прозалық шығармалар аудармасымен поэзиялық шығармалар аудармаларының арасында біраз айырмашылықтар бар. Көркем шығармаларды аударушы түпнұсқаның жолынан шықпай, оның жүйесінен ауытқымай еңбектенеді. Ал өлең сөзді аударғанда аудармашы өз ойын автордың ойымен астастыра, жарыстыра отырып, өзінің лирикалық сезіміне жол береді. Дегенмен, аудармашы түпнұсқадан алшақтап, мазмұн мен пішіні жағынан ауытқымайды. “Ақынға, ақынның белгілі өлеңінің тууына негіз болған өмір құбылыстарының тобын танып, таразылай отырып, ақынның ойлау, сезіну даралығын, оның шығармашылық тұрғысы мен нысанасын түсінген кезде ғана аудармашының еңбегі шығармашылық дәрежеге көтеріліп, поэтикалық қасиетке ие болады. ” [10]
Асылы, көркем аудармаға қойылатын ең басты талап немесе шарт көркемдік-идеялық күй мен эстетикалық ләззатын жеткізу. Әрбір сөзге жармаса бермей, автордың ойын жеткізуге шұғылданған жөн. Поэзиялық шығармаларда аудармашы қолданатын тәсілдер: интонация, ырғақ, ұйқас, образдылық элементтер қандай дәрежеде берілгеніне де байланысты. Поэзиялық шығармалардың аудармасы, туған әдебиетіміздің эстетикалық мүмкіндіктерінің молайуына, әдеби тіліміздің байи түсуіне айрықша әсер етеді.
Әлемдік әдебиетті ана тілімізге көркем аударма ретінде көрнекті аудармашылар жеткізуі тиісті. Қазақ ұғымына қонымды шығарма тыңдаушысын елең еткізіп, ұлттық әдебиетіміздің өз топырағында туған төл шығармасындай қазақ оқырмандарының жүрегіне жол табуы керек. “Переводчик может позволить необходимые вольности лишь в том случае, если он глубоко проник в материал переводимого произведения, если он знает жизнь того народа, которому принадлежит переводимая проза или поэзия, знает ее до конца, как быт и культуру своей страны. Вот почему переводчик-поэт должен быть не только художником слова, но и энциклопедически образованным ученным-историком, искусствоведом, критиком, этнографом, филологом-лингвистом. ” [11, 162] Демек, тұп-тура аудармашы Мұзафар Әлімбаевқа тәнті біліктіліктер екен. Кемеңгер орыс ақындарынан А. С. Пушкин, М. Ю. Лермонтов, В. Маяковский, Н. Некрасов, С. Есенин, М. Исаковский, К. Чуковский, М. И. Михайлов, С. Щипачев, Л. Скалковский, А. Плещеев, С. Маршак, Л. Кривощеков, тәжік ақыны Сағди, Иранның Бостаны, венгер ақыны Шандор Петефи, қырғыз ақыны Тоқтағұл Сатылғанов, Абдылда Белеков, Сооронбай Жусуев, А. Қыдыров, Алықұл Османов, украин ақыны П. Воронька, татардың Мұса Жәлелі, грузиннің Иосиф Нонешвили, поляк ақыны Адам Мицкевич, азербайджан ақыны Ілияс Табдығ, болгардың Георгий Веселинов, француздың Гийом Аполлинер, өзбек ақыны Құддыс Мұхамади, түркменнің Ата Атажанов, Мамед Сеидов, Қаюм Тәңріқұлов, чечен ақыны М. Мамақаев. Сондай-ақ, классиктер Шиллер, Г. Гейне, А. Барто, Ю. Кушак, Дж. Родари, Р. Фархади, Жәми, Фирдауси, Ш. Руставели, Райнис, Зелили, Расул Гамзатов секілді ақындардың туындыларын қазақшалаған.
Аударма еңбек деген ұғымның ауқымы кең. Ол адамның рухани өмірінің, мәдениетінің, ғылым-білімнің, әдебиеттің, адамдардың ауызекі сөйлеуінің бөлінбес бір құралы, оның дәнекері іспеттес.
Мұзафар Әлімбаевтің осы аударма шығармашылығындағы еңбектерінің зор екендігін байқап отырғандай, ол тәржімалаған өлеңдердің көбі дерлік түпнұсқада да, аудармада да қысқа-қысқа жолдармен берілген. Көп болса төрт шумақтан тұрады. Сондықтан болар ол қазақшалаған аудармалар да тілге тартымды әрі оңлы. Көптеген өлеңдерді тікелей нұсқадан емес, орыс тілі арқылы аударған. Атап айтсақ, Шиллерден “Өзіңді білгін келсе егер”, Генрих Гейнеден “Жарасты жарым болсаң бүгін менің”, П. Воронькадан “Құр бекерге мақтанба”, Шандор Петефиден “Су үстінде”, “Қара бұлт”, Иосиф Нонешвилиден “Қыз қуу”, Адам Мицкевичтен “Адамдар мен үкілер” тағы басқалар. Сонымен қатар, қаламгер М. Исаковскийдің “Емен” атты өлеңін І. Мәмбетовпен, Мұса Жәлелдің “Көк жорға” өлеңін Жақан Смақовпен бірігіп аударған. Аударма сәтті шыққан.
Қазақшалаған дастандары туралы айтсақ, қырғыз тілінен аударған Тоқтағұл Сатылғановтың “Қазақ жеріндегі жыр” поэмасы мен Сооронбай Жусуевтің “Тірілерге” лирикалық дастаны. Бұл дастандар туысқан қырғыз тілінен аударылғандықтан, өзіміздің төлтума шығармамыз секілді жеткен.
Бұл дастандарда тәржімеші қырғыз халқының рухани қазынасын, тарихын, азаттықты аңсаған қырғыз халқын қазақтың шұрайлы да бай тілі арқылы аударады. Сонымен қатар, авторлардың берген мазмұны мен стилін дәл сақтаған.
Балаларға арналған шығармаларды аударудағы іздемпаздығы.
Бір қызығы аудармашы Мұзафар Әлімбаев жасаған аудармалардың көбі дерлік қазақ халқының ұлттық танымына, дәстүріне, мәдениетіне етене жақын әрі тәнті келеді. Яғни қазақ ақыны жазған төлтума шығармасы сияқты. Мәселен, грузин ақыны Иосиф Нонешвилидің “Қыз қуу” өлеңі, А. Плещеевтің “Ананың әлдиі”, француз ақыны Гийом Аполлинердің “Неке қию”, болгар ақыны Георгий Веселиновтың “Бесік жыры” секілді өлеңдеріндегі мына жолдарда қазақ аналарының қара домалақтарымызға тербеген, жырлаған әлдиіндей беріліп, аударылған.
“Төсегің жылы, жата ғой,
Тәтті ұйқыға бата ғой . . . ”
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz