Қазіргі қазақ әдеби тілінің функционалдық стильдерінің лексикалық жіктелісі


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық университеті
Теориялық және қолданбалы тіл білімі кафедрасы
ДИПЛОМ ЖҰМЫСЫ
Тақырыбы: Қазіргі қазақ әдеби тілінің функционалдық стильдерінің лексикалық жіктелісі
Мамандығы: қазақ тілі мен әдебиеті
Студент: Хамитова Ардақ
Ғылыми жетекші: Бердібай Шалабай
Қорғауға жіберілді
“ ” 2007ж.
Кафедра меңгерушісі: ф. ғ. д., профессор Б. Шалабай
Алматы 2007ж.
Диплом жұмысының жоспары:
Кіріспе . . . 3-5
І тарау
Қазақ тіліндегі функционалдық стильдер
1. 1 Функционалдық стиль туралы түсінік және оның зерттелуі . . . 6-9
1. 2 Қазақ әдеби тілінің функционалдық стильдерінің жіктелісі . . . 10-19
ІІ тарау
Функционалдық стильдердің лексикалық ерекшеліктері
2. 1 Ауызекі сөйлеу стилінің лексикалық ерекшелігі . . . 20-26
2. 2 Ресми іс қағаздары стилінің лексикалық ерекшелігі . . . 27-36
2. 3 Публицистикалық стильдің лексикалық ерекшелігі . . . 37-46
2. 4 Ғылыми стильдің лексикалық ерекшелігі . . . 47-50
2. 5 Көркем әдебиет стилінің лексикалық ерекшелігі . . . 51-60
Қорытынды . . . 61
Пайдаланылған әдебиеттер . . . 62-63
Кіріспе
Зерттеудің өзектілігі. Сан ғасырлық тарихы бар, миллиондаған адамдарға қызмет етіп отырған, мемлекеттік тіл статусына ие болған қазақ тілі сияқты ірі тілдің тарихын танытуда функционалдық стильдерінің пайда болуы, қалыптасуы, дамуы, бүгінгі хал-жайының маңызы зор. Осы орайда, функционалдық стильдердің лексикалық жіктелісінің орны бөлек деген тұжырымға келеміз.
Бұл мәселе Р. Сыздықованың, М. Балақаевтың, Е. Жанпейісовтің, М. Томановтың, Б. Манасбаевтың, М. Серғалиевтің, Х. Кәрімовтің зерттеу еңбектерінде біршама зерттелді.
Аталған еңбектерде функционалдық стильдердің лексикалық ерекшеліктері түбегейлі көрсетілген жоқ. Сол ерекшеліктерді нақтылы тілдік фактілер арқылы арнайы зерттеу диплом жұмысының өзектілігін танытады.
Зерттеу нысаны. Дипломның басты нысаны етіп қазақ тілінің түсіндірме сөздігіндегі тілдік материалдар алынды. Сонымен қатар, көркем әдебиеттерден де мысалдар алынды. Әр стильдің лексикалық ерекшелігін анықтай түсу үшін көркем әдебиетпен қатар түсіндірме сөздікті де пайдаландық.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Диплом жұмысының негізгі мақсаты - қазіргі қазақ әдеби тілінің функционалдық стильдерінің лексикалық жіктелісін, лексикалық ерекшелігін айқындап, олардың жасалу жолдарын стильдік тұрғыдан зерттеп, талдау.
Осы мақсатта мынандай міндеттерді шешу көзделеді:
- сөздердің мәтінге қарай өзгеруін, мағыналық ерекшелігін талдау.
- сөз қолданысының тілдік-стильдік қызметін таныту.
Зерттеудің теориялық және практикалық маңызы
Қазіргі қазақ әдеби тілінің функционалдық стильдері лингвистикалық стилистика тұрғысынан арнайы қарастырылып, тілдік қолданыстардың лексикалық ерекшелігі мен өзгешелігі ажыратылып ашылды. Әр стильге тән тілдік қолданыстар ғылыми негізде сипатталады.
Зерттеудің әдістері мен материалдары.
Функционалдық стильдердің лексикалық жіктелісін қарастыру кезінде әлеуметтік қызметіне қарай салыстыру әдісін, материалын түйіндеп, тұжырымдауда жүйелеу, талдау, сипаттау әдістері қолданылады.
Жалпы стильдер жайлы, олардың өзіне тән мәселелері қарастырылған В. В. Виноградов, М. Н. Кожина, Т. Г. Винокур, Р. А. Будагов, А. Н. Гвоздев, Р. Сыздықова, Е. Жанпейісов, М. Балақаев, М. Томанов, О. Бүркітов, Б. Әбілқасымов, Б. Әбілмәжінова, Б. Шалабай, Ә. Болғанбайұлы, Ғ. Қалиев т. б. тілші ғалымдардың теориялық тұжырымдары басшылыққа алынды.
Диплом жұмысына ғылыми тұжырымдар жасауға тілдік, стилистикалық талдауға негіз болған материалдар қазақ тілінің түсіндірме сөздігінен алынды.
Зерттеу жұмысының құрылымы.
Диплом жұмысы кіріспеден, екі тараудан және қорытындыдан тұрады. Соңында пайдаланылған әдебиеттер тізімі берілді.
Дипломның негізгі мазмұны .
Кіріспе бөлімде зерттеудің өзектілігі, нысаны, зерттеудің мақсаты мен міндеттері, теориялық және практикалық маңызы мен зерттеу әдістері және т. б. мәселелер сөз болады.
Бірінші тарауда функционалдық стильдер жайлы түсінік, олардың дамуы, қалыптасуы және зерттелуі, сонымен қатар лексикалық жіктелісі қарастырылады.
Екінші тарауда функционалдық стильдердің түрлеріне жеке-жеке тоқталып, олардың лексикалық ерекшеліктері сараланады.
Қорытындыда зерттеу жұмысының нәтижелері жинақталып, тұжырымдалып беріледі.
І тарау Қазақ тіліндегі функционалдық стильдер
1. 1 Функционалдық стиль туралы түсінік және оның зерттелуі
Зерттелетін тақырып қазіргі қазақ тіліндегі функционалдық стильдер, алдымен, осы категорияның мән-мазмұнына, яғни беретін ұғымы мен қазақша аталуына тоқталу қажет. Әңгімені терминнен басталық. Ғалым Р. Сыздықтың еңбегінде [1. 198б. ] атап көрсетіледі.
«Қызметтік стиль» дегеніміз «функциональный» сөзінің дәлме-дәл аудармасы болмақ, бұл жердегі «функция» сөзінің мағынасы «қызмет» дегеннен гөрі, «мақсат, арнау» ұғымдарына саятынын ескерсек, сірә, «мақсаттық стиль» деген вариант ұтымды болар деп ойлаймыз.
Қазақ әдеби тілінің мақсаттық стильдері жөнінде 1960-1970 жылдарда монографиялар (оқу құралдары) мен мақалалар жазған мамандар М. Балақаев, Е. Жанпейісов, М. Томанов, Б. Манасбаевтар [2. 4б. ] ең алдымен бұл категорияға орыс тіл білімінде бірқыдыру орныққан танымға сүйеніп анықтама береді: «Стиль - ол белгілі бір қатынастың түрінде тілдік единицаларды сұрыптап пайдалану арқылы ойды жеткізу мәнерінің көрінісі . . . Стиль дегеніміз - өмірдің белгілі бір саласында қолданылып, тарихи қалыптасқан тілдік құралдардың жүйесі». Бұл, әрине, тың немесе сәл өзгеше анықтама емес, функционалдық стиль жөніндегі орыс зерттеушілері ұсынған танымның сөзбе-сөз аудармасы.
Стиль түрлеріне ажыратуда да қазақ мамандары осы жолмен кеткен: функционалдық стильдердің қалыптасуы мен даму заңдылықтарын зерттеудің негізгі көзі тілдің қолданысы (речевые контексты) болып табылады, бұл қолданыстар белгілі бір жанрға тән болып келеді деген [3. 4б. ] сияқты, немесе «жанрға қатысты бөлінген стильдер айқынырақ танылады» [4. 20б. ] дегендей орыс тілі зерттеушілерінің тұжырымдарын басшылыққа алып, қазақ тілінің де мақсаттық стильдерін жанрлық негізде тармақтайды: публицистикалық әдебиет жанры публицистикалық стильді, көркем әдебиет үлгілері көркем әдебиет стилін, сол сияқты ресми іс-қағаздары мен кеңсе тілінің стилі, ғылыми-техникалық әдебиет стилі деп ажыратады [5. 33б. ] .
Қазақ стилистика мәселелерін зерттеушілер тіл білімінің бұл саласына қатысты өз ойларын айтып, тың теориялық ізденістерге бармайды. Тіпті «функциональный» деген сөзді не орысша қолдана салудан сақтанып, не қазақша баламасын іздестіру әрекетін жасамай, терминнің бұл компонентін мүлде атамауды жөн көргендік те бар. Мысалы, «Қазақ тілінің стилистикасы» атты еңбектерінде (1-басылымы 1966, 2-басылымы 1974 жылдары жарық көрді) авторлар «функциональный» деген анықтауышты кемде-кем жұмсап, жай ғана «әдеби тілдердің стильдері» дей салады. Ал шындығында «стиль» сөзінің алдында анықтауышы тұрмаса, оны бірнеше ұғымда түсінуге тура келеді. Өйткені орыс ғалымдары дұрыс көрсеткендей, «стиль» термині әдебиеттану ғылымында да қолданылады, тіпті жеке ақын-жазушылардың көркемдік шеберлігін, шығармашылық бейнесін («образ автора» дегенді) тануда да стиль сөзі қолданыла береді. Сондықтан тілге қатыстыра жұмсалатын «стиль» терминіне келгенде, алдына «функционалды» немесе «мақсатты», «қолданыстық», «әлеуметтік» деген тәрізді анықтама компонент қою керек. Осы себептен «функциональный» сөзін айтпай тастап кетіп, әрі аудармашылық, әрі теориялық тығырықтан оңай құтыла алмаймыз.
Тілдің қатынас құралы ретінде неге, кімге арналып жұмсалатындығы туралы әңгіме тілдің өзін зерттеуден әлдеқайда кейін басталғаны аян. Әсіресе қазақ тіл білімінде бұны тілтанымның (речеведение дегеннің) екінші кезектегі саласы десек те болар. Тіл білімінің стилистика саласы орыс ғылымында үстіміздегі ғасырдың 20-жылдарынан бастап жанданды, 50-жылдардың ішінде «Вопросы языкознания» журналының беттерінде (1954, №1-6, 1955, №1) стилистика, стиль мәселелеріне арналған пікірсайыс (дискуссия) жүргізілді. Мәселе түбегейлі шешілмегенімен, көптеген обьект қырларының табиғаты анықталып, сыры ашылды. Айтылған пікірлерді акад. В. В. Виноградов тұжырымдап, өз көзқарасын білдіреді.
Зерттеушілердің қай-қайсысы да тілдің әлеуметтік қызметіне мақсаттық стильдердің қатысты екендігін жоққа шығармайды. Сондықтан акад. В. В. Виноградов тілдің әлеуметтік қызметінің түрлерін қ а р ы м -
қ а т ы н а с (общение), х а б а р л а у (сообщение) және ә с е р е т у (воздействие) деп бөледі де, соларға сәйкес: біріншісінде тілдің күнделікті сөйлесу стилі (обиходно-бытовой стиль), екіншісінде (хабарлау қызметінде) іс қағаздары, ресми құжаттары және ғылыми стильдері, үшінші қазметінде көркем әдебиет пен публицистика стильдері қолданылады деп таниды [6. 6б. ] . Әрине, тілдің бұл қызмет түрлерінің бір-бірімен тығыз байланысып жататындығы, тіпті араласып та кететіндігі баса айтылады. Демек, оларды танытатын мақсаттық немесе әлеуметтік қызмет стильдері бір-бірінен соншама оқшауланып тұрмайтындығы, кейде әрқайсысына тән стильдік белгілерді ажыратудың қиынға соғатындығы қоса көрсетіледі.
Тілдің әлеуметтік қызметіне қарай стильдік бөлінісіне келгенде тіл элементтерінің: сөздердің, грамматикалық амалдардың, көріктеу құралдарының әр түрлі қарым-қатынас саласында, яғни коммуникативтік ортада жұмсалу тәсілдері, қолданылу жиілігі, тіркесу қабілеттері сияқты сыртқы факторлар ескеріледі. Сірә, бұл факторлар стильдік белгілерді анықтауда айтарлықтай рөл атқаратын болу керек. Оны біз мақсаттық стильдердің бір-бірінен айырым белгілерін атаған тұста көрсететін болармыз.
Ғылымның әр саласында «стиль» терминінің беретін мағынасы бірдей еместігін осы тақырыпты сөз еткендер әрдайым көрсетіп келеді. Сондықтан термин дегеніміз бір ғана мағынаны беретін, мейлінше ықшам, барынша дәл болуы керек деген анықтама тек талып қана, ал шындығында терминдер қолданыста «жұмсауға оңтайлы», «атқа жеңіл телпекбайлардың» қатарынан шығады, яғни көбінесе термин деп жүрген сөзіміз қолданыста, яғни әр салада әр түрлі ұғымда жұмсалатын көп мағыналы сөз болып шығатыны байқалады. Мысалы, О. А. Ахманованың «Словарь лингвистических терминов» (М., 1966) деген сөздігінде стиль деген терминнің 45 ұғымды, тіл деген терминнің 108 ұғымды білдіретіндігі көрсетілген. Әсіресе әдебиет пен өнер және тіл білімі саласына келгенде бұл сөздің семантикалық мәні өзгеше екендігі даусыз.
«Стиль» термині жалпы жазба дүниелердің жанрына байланысты да (мысалы, кеңсе қағаздары стилі, ресми іс-қағаздар стилі, телеграф стилі), белгілі бір қоғамдық іс-қарекеттер ситуациясына байланысты да (салтанатты стиль), тілдің жұмсалу түріне қарай да (ауызша немесе ауызекі сөйлеу стилі, жазба стиль) қолданылады. Көркем әдебиет жанрына қарай функционалдық стильді атағанда, «стиль» терминін жұмсап, жеке суреткердің шығармашылық, шеберлік стилін сөз еткенде басқа сөзді алу қажеттігі байқалады. В. Белинский соңғы жағдайда «слог писателя» дегенді ұсынады. Біз де бұдан көп бұрын жазылған бір еңбегімізде осы талапты мақұлдап, қазақ тілінде «жазушының (ақынның) мәнері» деген терминді алған жөн деген едік. Әлі де осы пікірді қалаймыз.
Тілге келгенде «стиль» терминінің мағынасын акад. В. В. Виноградов былайша анықтайды (дәл беру үшін тексті түпнұсқаша келтірелік) : «Стиль языка - это семантически замкнутая, экспрессивно ограниченная и целесобразно организованная система средства выражения, соответствующая тому или иному жанру литературы или письменности (напр. стиль официально-деловой, стиль концелярский, стиль телеграфный), той или иной социальной ситуаций (стиль торжественный, стиль подчеркнуто вежливый и т. п. ), тому или иному характеру языковых отношений между разными членами или слоями общества» [7. 225б. ] .
Бұл ауырлау тілмен ұсынылған, бірден түсінуге қиындау соғатын тұжырымды өз сөзімізбен тарқатсақ, тілдің функционалдық стилі дегеніміз әлеуметтік іс-әрекеттің белгілі бір саласына (мысалы, ресми стиль, кеңсе стилі), әдебиеттің белгілі бір жанрына (көркем әдебиет стилі, ғылыми стиль, публицистикалық стиль), қоғам тіршілігіндегі белгілі бір ситуацияға (салтанатты стиль, сыпайы стиль) сәйкестендіріліп қалыптасқан тұлға-тәсілдер жүйесі, семантикасы мен экспрессиясы жағынан біршама тұйықталған, яғни әр стильге қарай іріктелген тілдік құралдар тобы (жиыны) болып шығады.
Демек, тілдік стиль, дәлірек айтсақ, тілге қатысты қолданылатын «стиль» термині бір емес, бірнеше ұғымға қатысты болып келеді. Ең алдымен, мақсаттық стиль дегеніміз тек қана тілдік категория (құбылыс) болып танылады. Екіншіден, ол тілдің әлеуметтік өміріндегі қарым-қатынастың бар саласында қолданылатын коммуникативтік қазметіне байланысты болады (ал тілдің коммуникативтік салалары бірнешеу екендігін, мысалы, В. А. Аврорин 12 түрін атайды) . Сөйтіп, стиль дегеніміз тілдің өзіне емес, қолданысына (речьке) қатысты болғандықтан, ол әлеуметтік сұраныстың мақсатына, оның ішінде әдебиеттің жанрлық түрлеріне қарай ажыратылуы ғана емес, жұмсалу түріне (ауызша немесе жазбаша), жұмсалу сипатына (салтанатты, жай), айтылу бояуына (әзіл-сықақпен, қатаң сынмен деген сияқты) т. т. қарай бөлінуі де ескеріледі. Сондықтан әдеби тілдің функционалдық (мақсаттық) стильдері дегенді стильдің жоғарыда көрсетілген өзге түрлерінен бөлек қарастыру керек. Мысалы, публицистикалық стиль мен телеграф стилі немесе салтанатты стиль дегендер бір қатарда тұра алмайды: алдыңғысы функционалдық стиль ретінде зерттелсе, соңғылары тіл қолданысының өзге ситуацияларына байланысты құбылыс ретінде қаралуы керек. Публицистикалық стиль тіл білімінің объектісі болса, салтанатты стиль, мәдениетті стиль сияқтыларды ғылымның басқа салалары көбірек сөз етуі мүмкін.
1. 2 Қазақ әдеби тілінің функционалдық стильдерінің жіктелісі.
Функционалдық стильдердің жіктелуіне келгенде де әр зерттеуші жіктеу принциптеріне орай әр түрлі бөледі. Ал жіктеу принциптері белгілі біл өлшемдерге (критерийлерге) негізделуге тиіс болса, ол өлшемдердің өзі даулы, яғни мақсаттық стильдерді тарамдау үшін олардың қандай белгілерін өлшем ету керек деген мәселе түбегейлі, біржақты болып шешілген емес.
Өлшемнің ең бастысы тілдік элементтің, яғни жеке сөздердің, грамматикалық тұлғалардың, синтаксистік құрылымдардың мақсаттық бір стильге жататын туындының мазмұнына (тақырыбына) тән, мазмұнды баяндауға дәл келетін қасиеті, сипаты болуы керек. Айталық, «термин» деп аталатын сөздер ғылыми стильдегі үлгілердің мазмұнын ашуға қажет құралдар болып саналады немесе етістіктің ауыспалы шақ деп аталатын = а+ды қосымшалы тұлғасы мезгілге бейтарап, яғни әрдайым бола беретін іс-әрекетті, қимыл-қозғалысты білдіретіндіктен, бұл да ғылыми стиль мен кеңсе іс-қағаздары стильдеріне тән белгі болып келеді. Әр стильде осындай тіл элементтерінің «мазмұндық, мағыналық» икемділігінен басқа да функционалдық белгілері болуы мүмкін, ол белгілердің де өлшемі болуы заңды. Бірақ осы өлшемдерді нақпа-нақтап талдап көрсетуде де бірізділік жоқ. Оның үстіне әрбір ұлттың әдеби тілінің мақсаттық стиль өлшемдерінің өзге тілдердегімен әрдайым бірдей түсіп отыруы және шарт емес.
Сонымен қатар зерттеушілер қай тілде болмасын әр мақсаттық стильдің өзіне тән тілдік элементтердің (құралдардың) көрінісі бірінде көп, бірінде аз дегендей бірдей еместігін атайды. Мақсаттық стильдердің біреулері барлық құралдарды тегіс пайдаланса, енді біреулері таңдап, талғап, яғни көбінесе тек өзіне тән элементтерді жұмсайды, соның нәтижесінде ондай стильдік үлгілер тілі «тұйықтала» түседі. Мысалы, ресми іс-қағаздары стилі стандарт формулаларымен, штамптарымен ерекшеленсе, ғылыми стиль арнайы терминологиясымен ерекшеленеді. Ал публицистикалық стиль бұлардан гөрі еркіндеу келеді, оның «өз лексикасы мен фразеологиясы» тұрақсыздау болады. Көркем әдебиет стиліне келетін болсақ, мұның өлшемдерін ашып айту қиын. Оның ерекшелігі, кейбір зерттеушілер айтқандай, поэтикалық элементтердің бар болуында емес (көркем шығарманың барлығында бірдей поэтизмдердің қайткенде де орын алуы шарт та емес, мүмкін де емес), бірақ тілдік құралдардың әдеби-көркемдік жағынан көрінуі - көркем әдебиет стиліне әлдеқайда тән болып келеді.
Сөйтіп, біршама анықталған өлшемдерге қарап тілдік стильдерді әуелі жұмсалу түріне қарай а у ы з ш а және ж а з б а ш а стиль деп бөлушілік бар. Оның үстіне ауызша стиль мен ауызекі сөйлеу стилін шатастырмау керек екендігі де айтылады. Біздіңше де, бұл таным дұрыс болар, өйткені ауызша функционалдық стиль - әдеби тілдің құзырындағы құбылыс, яғни ол - әдеби тілдің ауызша жұмсалу түрі, айталық, көпшілік алдында ауызша ұсынылатын сөздер - орысша «публичная речь» дегенге жататындар: бұрынғы қазақ шешендерінің (билердің) сөздері, қазіргі лекторлардың, жиын-жиналыстарда сөйлеушілердің, ауызша баяндама, хабарлама жасаушылардың, мұғалімдер мен оқушы немесе студенттердің сабақ барысында айтылатын сөздері. Ал ауызекі сөйлеу тілі (орысша «разговорная речь») - күнделікті қарым-қатынас барысында ауызша қолданылатын тіл үлгісі, бұл - әдеби тілдің қарама-қарсысында танылатын құбылыс, оның өз заңдылықтары бар.
Дегенмен мақсаттық стильдер көбіне-көп әдеби тілдің жазба түріне қатыстырыла сөз болады. Чех ғалымы Б. Гавранектің айтуынша, стиль проблемасы әдеби тіл және оның нормалары туралы ұғымдармен байланысты болып келеді. Осының өзінде классификация біркелкі емес. Мысалы, Л. В. Щерба жазба тілдің әуелі екі түрге бөлініп жүргендігін айтады: көркем әдебиет тілі және іс-қағаздарының тілі. Іс қағаздарына ғалым кеңсе тілін, заң-закондар тілін, ғылым тілін, хат-хабарлар тілін (эпистолярлық үлгілер тілін) жатқызады. Бұлайша бөлу тіл мамандарының басқалардың танымы дейді. Гвоздев: функционалдық стильдерді әдебиеттің (жазба дүниенің) жанрына қарай бөлгенде, олар бір-бірінен айқынырақ ажыратылады дей келіп, ол да жалпы мақсаттық стильдерді кітаби немесе көпшілікке арналған (публичный) тіл стилі және тұрмыстық ауызекі сөйлеу стилі деп бөледі. Көпшілік қолды немесе кітаби («кітаби» бұл жерде «жазба» дегеннің синонимі деп танылатын сияқты) стильге 1) іс қағаздары, 2) көркем әдебиет, 3) публицистикалық шығармалар, 4) ғылыми еңбектер тілін жатқызады.
Орыс тіл білімінде, теориялық негіздер жағынан оның ізімен келе жатқан қазақ тіл білімінде мақсаттық стильдерді жіктеудің біршама орныққан, яғни оқулықтарда ұсынылған дәстүрлі үлгісі бар. Олар: публицистикалық, ресми іс-қағаздары, ғылыми және көркем әдебиет стильдері. Бұл - «Прага мектебі» ғалымдары мен Ш. Баллиден келе жатқан классификация, оны кезінде Л. В. Щерба мен акад. В. В. Виноградов бастаған бірқатар орыс тіл мамандарының қостағанын білеміз. Кейбір зерттеушілер бұл жіктеудің ішіне көркем әдбиет стилін қоспайды. Мысалы, «Развитие функциональных стилей современного русского языка» (М., 1968) деген жинақта көркем әдебиет тілі функционалдық стиль үлгісі қатарында сөз етілмейді. В. Д. Левин, В. П. Мурат сияқты зерттеушілер көркем әдебиетті мақсаттық стиль үлгісі деп санамайды. Ал көптеген зерттеушілер (В. В. Виноградов, Р. А. Будагов, Л. В. Щерба, А. И. Ефимов, Р. И. Гальперин, А. Н. Гвоздев, В. Г. Адмони, Е. М. Галкина-Федорук, М. Н. Кожина т. б. ) көркем әдебиет үлгілерін өз алдына функционалдық стильге жатқызады. Бұлардың ішінде акад. В. В. Виноградовтың классификациясы көңіл аударарлық. Ғалым тілдің қызмет ету сипатын қарым-қатынас қызметі, хабарлау қызметі, әсер ету қызметі деп үшке бөлетінін жоғарыда айттық. Осыған қарай зерттеуші тілдің енді қолданыстағы мақсатты бөлінісін күнделікті (тұрмыстағы) сөйлеу стилі (ол қарым-қатынас жасау қызметін өтейді), іс қағаздары, ресми құжаттар, және ғылыми стилі (ол хабарлау қызметін атқарады), публицистикалық және көркем-беллитристикалық стиль (ол әсер ету қызметін өтейді) деп қарастырады[6. 6б. ] . Сайып келгенде, мұнда да көркем әдебиет стилі, публицистикалық және ғылыми стильдер, ресми іс-қағаздары стильдері, ауызша сөйлеу стилі деген дәстүрлі классификация келіп шығады.
Зерттеушілер әдеби тілдің стильдік тарамдалуына жанр принципін негіз етеді. Соған орай көркем әдебиет жанрына көркем әдебиет стилі, қоғамдық-публицистика жанрына публицистика стилі, тағы сол сияқты әр жанрға әр стиль сай келмек. Тілдің функционалдық стилі дегеніміз, әдебиеттің белгілі бір жанрына, немесе әлеуметтік іс-әрекеттің белгілі бір саласына (мысалы, ресми стиль, кеңсе стилі, телеграф стилі деген деген сияқты), я болмаса қоғам тіршілігіндегі белгілі бір ситуацияға (мысалы, салтанатты стиль, сыпайы стиль т. т. ) сәйкестендіріліп қалыптасқан тұлға-тәсілдер жүйесі, семантикасы мен экспрессиясы жағынан біршама тұйықталған (әр стильге қарай іріктелген) тілдік құралдар тобы.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz