Жиенбай жырау шығармашылығы


ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ
ФИЛОЛОГИЯ ФАКУЛЬТЕТІ
Қазақ әдебиеті кафедрасы
ДИПЛОМ ЖҰМЫСЫ
Тақырыбы:
ЖИЕНБАЙ ЖЫРАУ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ
Орындаған:
5 курс студенті Даркембаева А.
Ғылыми жетекші:
ф. ғ. к., Карбозов Е. К.
Норма бақылаушы: Бейсенбаев П.
Қорғауға жіберілді:
« » маусым 2007 ж.
Қазақ әдебиеті
кафедрасының меңгерушісі: З. Бисенғали
АЛМАТЫ, 2007
Р Е Ф Е Р А Т
Жұмыстың тақырыбы: Жиенбай жырау шығармашылығы.
Жұмыс көлемі: 52 бет
Жұмыстың құрылымы: Мазмұны, кіріспе, І тарау, ІІ тарау, қорытынды, әдебиеттер тізімі.
Жұмыстың мақсаты: Осы кезеңге дейін жеке зерттеу еңбегінің нысаны болмай келген Жиенбай Дүзбенбетұлының әдеби мұрасын ғылыми айналымға енгізу.
Жұмыс мазмұны: Кіріспе бөлімінде Жиенбай Дүзбенбетұлының ғұмырлық баянына қысқаша тоқталып өттік. Ол өскен орта мен оның ақын ретінде қалыптасуына негіз болған факторлар, Жиенбай ақын қалыптастырған мектеп пен оның түлектері жайында сөз қозғадық.
І тарауда Сыр бойындағы ақындар қалыптастырған дәстүр мен сол дәстүрді дамыта отырып, жаңаша жырлаған, сөз өнеріне өзіндік қолтаңбасымен келген Жиенбай ақын өлеңдері сараланды. Арқалы ақынның адамгершілік мұраттарды мазмұнына тірек еткен өлеңдері мен сөз өнерінің өміршеңдігін жырлаған толғауларына талдаулар жасалды.
ІІ тарауда Жиенбай ақынның Тұрымбет пен Жүсіп ақындармен жасаған жазбаша айтысына тоқталдық, жалпы жазба айтыстың Сыр бойы ақындарына тән екендігін дәйектеп, оның тарихына көз жүгірттік.
Зерттеу әдістері: талдау, жүйелеу, салыстыру, т. б. әдіс-тәсілдерді басшылыққа алдық.
МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ . . . 4
І ТАРАУ. СЫР БОЙЫНДАҒЫ АҚЫНДЫҚ ОРТА ДӘСТҮРІ МЕН ЖИЕНБАЙ ЖЫРАУ ӨЛЕҢДЕРІ . . . 7
ІІ ТАРАУ. ЖИЕНБАЙДЫҢ ЖАЗБАША АЙТЫСЫ МЕН АҚЫН ЖӨНІНДЕГІ АҢЫЗ ӘҢГІМЕЛЕР . . . 34
ҚОРЫТЫНДЫ . . . 49
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ . . . 51
К І Р І С П Е
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Зерттеу жұмысымызда осы кезеңге дейін жеке зерттеу еңбегінің нысаны бола қоймаған Жиенбай Дүзбенбетұлының шығармашылық келбетін ашып көрсетуге ұмтылыс жасадық. Зерттеушілердің назарына іліге қоймаған, әлі де болса тың тақырып саналатын Жиенбай ақынның сөз зергері ретіндегі шеберлік деңгейі мен оның өскен ортасы, ақын ретінде қалыптасуына негіз болған факторлар, Жиенбай ақын қалыптастырған мектеп пен өнерпаздан үлгі алған шәкірттері жайында сөз қозғадық.
Сыр бойындағы ақындық дәстүр мен сол дәстүрді дамыта отырып, жаңаша жырлаған, сөз өнеріне өзіндік қолтаңбасымен келген Жиенбай ақын өлеңдері сараланып, арқалы ақынның адамгершілік мұраттарды мазмұнына тірек еткен өлеңдері мен сөз өнерінің өміршеңдігін жырлаған толғауларына талдаулар жасалды.
Жиенбай ақынның Тұрымбет пен Жүсіп ақындармен жасаған жазбаша айтысына, жалпы жазба айтыстың тарихына тоқталдық.
Тақырыптың өзектілігі. Тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері халқымыздың әдебиеті мен мәдениеті, ғылымы мен өнері жаңа қырынан зерделеніп жатқан уақытта ауыл арасының ғана ақыны болып қалмай, қазақ халқының қамын жеген, қазақтың ел болуында жауһар жырларымен бірлікке үндеген, халқының зор мақтанышына айналған Жиенбай жырау шығармаларын қарастырудың қажеттілігі туындайды. Сөз өнері ғасырлар бойына адамгершілік ұлағатын келешек ұрпаққа өсиет етуде белсенді қызмет атқарып келеді. Адамгершілік мәселесін жырлаудың қазақ әдебиетіндегі көрінісін, әдеби байланыстармен ықпалдасуын Жиенбай жырау шығармашылығы арқылы пайымдаудың маңызы зор.
Сөз өнерінің бүгінгі күнге дейін түрлене жеткен сан алуан үлгілерін қарастыру, ұқсас белгілерін анықтау мен айырмасын ажырату, оларды ғылыми негізде сараптаудың қажеттігін байқатады. Жиенбай жырау мен онымен тұстас өмір сүрген ақын-жыраулар өлеңдеріндегі білім-ғылым насихатын, адамгершілік идеялар мен діни-философиялық ой-толғамдарды ұлт әдебиетінің даму үрдісі негізінде қарастырудың өзектілігі айқындала түседі.
Ежелден жалғасқан сөз өнері мен жыраулар поэзиясының арақатынасын сан ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан дәстүр жалғастығы тұрғысынан зерттеу келелі мәселелердің бірінен саналады. Оның ішінде ХІХ ғасырда дүниеге келіп, ғасырлар тоғысында өмір сүрген, аз да болса аса құнды жәдігерлерімен ел есінде сақталған Жиенбай жырау мұрасының қалың қазақ алдында айқара ашылып, ғылыми зердеге түсуі уақыттың талабына сай жасалуы тиіс дүние десе де болғандай.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Жиенбай ақын жөніндегі зерттеу еңбегіміздің тың тақырыпты қозғағандығын жоғарыда айтып өттік. Сондықтан да оның зерттелу деңгейін сөз еткенде Сыр өңіріндегі өлкетанушылар мен өлкелік газет-журнал беттерінде жарияланған бірді-екілі өлеңдерін ғана айтуға болады.
Адамдықты, ізгілікті өлең өзегіне арқау ету әлемдік әдебиетке тән құбылыс, себебі сөз өнерінің негізгі нысаны адами болмыс, көркемдік қуатымен адамзатты әсемдікке тәрбиелер құрал рөлін атқаратын да әдебиет болып саналады. Кез-келген халықтың сөз өнері адамзаттың рухани қажетіне сай қалыптасып, рухани өмірді мазмұнына сыйдырады десек қателесе қоймаймыз. 19 ғасырдағы жыраулар поэзиясы да мазмұндық тұрғыдан адамдық болмыс пен адамгершілік қасиеттерді сөз етуімен құнды.
Адамгершілік мәселесі - адамзат баласы өмірге келген күннен бастап бүкіл жұртшылықты толғандырып келе жатқан күрделі мәселе. Рухани толығып, кісілік кемелдікке жету адамзат үшін басты мақсат саналатыны белгілі. Ал сөз өнерінде адамгершілік мұраттардың көрініс табуы көне заманнан желі тартатын көкейкесті жайт.
Тарихтың тереңінен тамыр алатын Жиенбай жыраудың жыр үлгілеріне жіті көз салар болсақ, рухани-адамгершілік тақырыбы халық тағдырымен қатар өрілетіндігін байқаймыз. Ізгілікті таным тұрғысынан жыр толғаған әрбір дәуірдің дарын иелері мен дуалы ауыздары, баға жетпес құнды дүниелері бар екендігі айқын. Осындай рухани асыл мұралар сөз өнерінің даму заңдылығына сай келетін тарихи жалғастық негізінде жырланады.
Адамгершілік мәселесін толғау ежелгі мифтен, аңыз-әңгімелерден бастау ала отырып, түркі дәуіріндегі жазба ескерткіштер мен жыраулар поэзиясында жаңғырып, жалғасын тапты. Жырларында адамгершілік идеясын ту етіп көтерген Жиенбайдың қай туындысының болмасын тәрбиелік мәні зор. Осы тұрғыдан алғанда адамгершілік тақырыбын мазмұнына өзек еткен жырау өлеңдерін зерттеу зәру мәселелердің бірінен саналады.
Бүгінде тарихи-мәдени мұрамызды ел игілігіне айналдыру ісінде үлкен бастамалар көтеріліп, көптеген игілікті шаралар атқарылып та үлгірді. Біздің жұмысымызда аса құнды рухани мұраларының барлық қырлары әлі де болса зерттеліп бітпеген ірі тұлғалардың бірі - Жиенбай жыраудың шығармашылығы сөз болады.
Жиенбай Дүзбенбетұлының өмірбаянына қысқаша тоқталып өтер болсақ, белгілі жырау 1864 жылы бұрынғы Қазалы уезі Қармақшы ауданы Қуаңдария болысындағы N2 ауылда дүниеге келген. Бұл қазіргі уақытта Қызылорда облысы Қармақшы ауданына қарасты (Тұрмағамбет ақын атындағы) ауылдардың бірі болып саналады. Жиенбайдың ата-тегі төмендегіше өрбиді: Кіші жүзден Алшын, онан Қара кесек - Байсары (Кете) - Бозаншар - Түмен қожа - Сары-Құлыс - Әлмамбет (Дуан) - Әліқұл - Базар - Тайқоңыр - Түкібай - Ментай - Дүзбенбет, одан Жиенбай тарайды. Атақты жырау есімінің Жиенбай аталуы жөнінде халық арасында “белгілі ақын Шораяқтың Омарының туған жиені еді, бұл - Омардың қойған есімі” деген әңгіме сақталған. Жиенбай жырау 1929 жылы өзі туған өлкеде өмірден өтеді. Оның ұрпақтары қазір Ақжар ауылында тұрады.
Ақынның Кете Жүсіппен, Тұрымбет Салқымбаевпен жасаған жазбаша айтысы 1965 жылы жарық көрген “Айтыс” жинағының 2-томында жарияланған. Айтыс 1910 жылдар шамасында болған. Бұл айтысқа қатысты материалдарды осы өлкеден шыққан әйгілі зерттеуші Мардан Бәйділдаев жинап, 1964 жылы «Қызылорда экспедициясы жинаған материалдар» деген атаумен бір папка етіп Әдебиет және өнер институтының қолжазбалар қорына табыс еткен. Жазба материалдар Қызылорда облысында тұрушы Әлқуат Қайнарбаевтан жазылып алынған екен. Жырлары 2003 жылы “Қасиетті Қармақшы”, 2004 жылы жарық көрген “Ғасырлар толқыны” жинақтарына енген.
І ТАРАУ.
СЫР БОЙЫНДАҒЫ АҚЫНДЫҚ ОРТА ДӘСТҮРІ МЕН ЖИЕНБАЙ АҚЫН ӨЛЕҢДЕРІ
Жыраулар поэзиясы бірнеше ғасырларға созылған, тұтастай алғанда жыр шоғырын құрайтын, сөз мәйегін сақтаған, әдебиет алқабындағы құнарлы кезең саналады. Ежелгі дәуір әдебиетінен үлгі ала отырып дамыған жалынды жырлар мен даңқты жыраулар өсиеті күні бүгінге дейін өнеге тұтылып, өзінен кейінгі сөз өнеріне де игі әсерін тигізіп келеді.
“Қазақ әдебиеті тарихының ең бір құнарлы, дәстүрі берік, мазмұны бай кезеңі - 19 ғасыр. Бұл ғасыр үлкен-үлкен құбылысты оқиғаларға да, күрделі де шиеленісті әлеуметтік тартыстарға да толы болғандығы дүние тарихының парақтарынан да белгілі. Әлем тарихында 19 ғасыр “Ұлттық сананың оянуы” дәуірі ретінде бағаланатындығы аян” [ 1, 8-б. ] . Осындай дәуірде өмірге келіп, өлең туындатқан Жиенбай жырау шығармашылығын кезең құбылыстары мен өмір шындығынан бөліп қарау мүмкін емес. Жиенбай жырау шығармашылығындағы түрлі тақырыптағы өлеңдердің жырлану жүйесіне зер салсақ, халқымыздың ғасырлар бойы қордаланған ұлттық құндылығымен тамырлас екеніне көз жеткіземіз. Сөз өнері мен сол өнерді туындатушы өнерпаздар біте қайнасып, кірігіп жатқан кезеңде жыраулық әдебиет мектептері мен әдеби дәстүр уақыт талабына сай соны көркемдік соқпақтарға ойысты. Қоғамдық-әлеуметтік мәселелер, саяси тақырыптар, күнделікті қауым тірлігіндегі жақсылы-жаманды көріністер жыраулар шығармаларының өзекжарды саздарына, көкейкесті сөзіне ұласып отырды.
«Сыр сүлейлері» деген атаумен қазақ мәдениетіндегі әдеби шығармашылық өнер мектебінің көркемдік жалғастығы дәстүрін қалыптастырған ақын-жыраулар шоғыры өзге өлкедегі өнер иелерінен оқ бойы озық тұрған ерекше талант иелері еді. Ешнияз сал Жөнелдікұлы, Балқы Базар Оңдасұлы, Қарасақал Ерімбет Көлдейбекұлы, Әзілкеш Шымырұлы, Бұдабай Қабылұлы, Дүр Оңғар Дырқайұлы, Құлан Алдабергенұлы, Кете Жүсіп Ешниязұлы, Омар Шораяқұлы, Керейт Даңмұрын Кенжебекұлы, Қаңлы Жүсіп Қадырбергенұлы, Нұртуған Кенжеғұлұлы, Тұрымбет Салқынбайұлы, Шәді Сеңгірбайұлы, Тұрмағамбет Ізтілеуұлы, Ыспан Сүлейменұлы, Кете Аманжол, т. б. Сыр бойы ақындық мектебінің негізін қалаушылар еді.
Жоғарыда аттары аталған ақын-жыраулар шығармашылығының сөз бен саз тұтасқан табиғаты қай қоғам, қандай дәуірде болмасын маңыздылығын жоймақ емес. Поэзиялық туындыларының композициялық құрылысындағы ырғағы мен дыбыстардың әуезділік үндестіктері, сондай-ақ мағыналық-мазмұндық құрылымның жалпы мақам, сарын тұтастығын құрайтын сипаты айрықша назар аударарлықтай.
Мәдениет тарихында қазақ өнерінің ежелгі замандық дәстүрлерін жинақтаған Сырдария өзені бойындағы ақын-жыраулар шығармашылығы сөз өнерін туындатумен ғана шектелмей, орындаушылық өнердің жаңа бір үлгілерін қалыптастырды.
Олардың орындаушылық өнеріне негіз болған Сыр бойы ақын-жырауларының әрқайсысының шығармашылық стильдік даралығын айқындайтын мақамдық-саздық мектептер де танылды. Бұл арада біз Сыр бойы ақындары туындыларын белгілі бір сазбен сүйемелдей көпшілік ортада орындап, тыңдаушыларын қалыптастыру арқылы, сол қалыптасқан қауымның құлағына сіңісті болған саз-әуендерді атадан балаға мирас ету негізінде жеткізгенін баса айтқымыз келеді. Құлақтан кіріп, бойды алған осындай әсем әуездерді тыңдарманы арқылы сақтап қалған Сыр өлкесінде мақамдық-саздық мектептер дәстүрінің мол болғандығын байқаймыз.
«Сөз арқауына негіз болған мұндай мектептер қатарына жататын «Жиенбай жырау мақамы», «Ешнияз сал сазы», «Молдахметтің боздамасы», «Жүсіптің саздары», «Көшенейдің әуендері», «Тасбергеннің маңырамасы», «Сәрсенбайдың аңырамасы», «Нұртуған мектебінің мақамдары», «Нартай әні», т. б. мақамдық-әуездік үлгілердің қалыптасуының өнерге тән заңдылықтары бар» [2, 15-б. ] .
Сыр бойы ақын-жырауларының атадан балаға мирас болып келе жатқан дәстүрлі өнері мен олардың лирико-эпикалық және дидактикалық шығармаларының барлығы да ұрпақтар жалғастығы аясында адамгершілік, имандылық ұлағатын насихаттай келе, тәлім-тәрбиелік қызмет атқарады.
Бірнеше ғасыр бойына жыр күмбезін жоғары көтеріп келе жатқан Сыр елінің көркем тілмен өрнектелген шежіресі, жан дүниесінің жарқырап тұрған айнасы, кейінгі ұрпаққа айтылған ұлағаты мен ғибраты осы Сыр сүлейлерінің сыр тұнған туындылары арқылы болашаққа жол тауып келеді.
Сыр сүлейлері өнерінің тамыры тереңде, тарихы есте жоқ ескі заманда. Ол біртұтас әлемдік әдебиет пен мәдениеттің өзегін жарып шыққан ажырамас бір бөлшегі, дүние қанша тұрса сонша қастерлеп ұстайтын қымбат қазынаның бірі. Сыр саңлақтары осы кезеңге дейін ел үшін тер төгіп, халық құрметіне бөлене қызмет етсе, бүгінгі ұрпақ та аталар сөзі - ақылдың көзі деп біледі. Келер ұрпақ та кемел сөздерді көңіл көкжиегінде шамшырақ етіп ұстайтындығы белгілі.
Сыр бойында Қорқыт атадан жалғасқан жыраулық дәстүр мен Шығыс шайырларының жазба әдебиет үлгісі үндестігінің сан ғасырлық үрдісі бар, ол әсіресе сүлейлер шығармашылығынан анық көрінеді. Орта ғасырлардағы түркі шайырлары көп қолданған көркемдік құралдар, өлең түрлері, оның ішінде ғазал стилі, кітаби сөздер - бәрі-бәрі көне мәдениет кіндігі болған Сейхун (Сыр) бойындағы ақын-жыраулардан жалғастық тапқан.
Сыр өңірі ақындық мектебіне тән бірінші ерекшелік - оның өкілдерінің ауыз әдебиеті мен жазба әдебиеттің тізгінін қатар ұстауы еді. Олардың негізгі үлгі алып, үйренер бастау бұлағы ауыз әдебиеті болды. Ауыз әдебиеті үлгілерін терең меңгеріп, одан үлгі ала отырып, тәжірибе жинақтаудың нәтижесінде Сыр сүлейлері жырларының басым бөлігі жеті-сегіз буынды жыр үлгісінде келіп, төкпелік сипатқа ие болды.
Сыр бойы ақындары үшін нәр алар негізгі тамырдың бірі, халықтық сөз өнері - мақал-мәтелдер болғандықтан, олардың шығармаларында мұндай сөз мәйегінің көптеп қолданылуы да назар аударарлықтай.
Сыр бойы ақындарының шығармашылығы туралы Р. Бердібай: «Бір тақырыпқа бірнеше ақынның қатарласа, жарыса жазып, өнер бәйгесіне түсуі, шығыс аңыздарын заманға, халық өміріне лайықтап жаңартып жырлауы, хат арқылы айтысулар, жұмбақ шешісулер, өмірдің философиясын жан-жақты толғайтын ғибрат өлеңдер жаратулар тағы басқа ерекшеліктер бұл атырап ақындарының творчествосына хас белгілер болатын» дейді [3, 43-б. ] .
Сонымен Сыр бойы ақындық мектепке әсер етіп, оның қалыптасып, дамуына ықпалын тигізген негізгі үш көзді қысқаша санамалап шығар болсақ, олар - жоғарыда атап өткен ауыз әдебиеті үлгілері, шығыс әдебиеті дәстүрі және де осы өңірдегі ақындық орта өкілдерінің бірінен-бірінің үлгі алып үйренуін, тәжірибе жинақтауын баса айтар едік.
Шығысқа ортақ рухани-әдеби дәстүрлер үлгісі Сыр бойы шайырларында мол сақталған. Қорқыт бабамызбен тарихи таным тамыры бір осындай ғажайып бай үрдістің көптеген мысалдарын Жиенбай жырау шығармаларынан да көруге болады.
Расында көрнекті жырау шығармаларында өзі өмір сүрген кезең үлесіндегі уақыт пен қоғам, заман зердесі көрініс тапқан. Белгілі бір дәуірдің болмысын байыптап, шынайы бейнесін тануда сөз өнерінің орны ерекше дейтін болсақ, Жиенбай жырау өлеңдерінен де қоғам тынысы кеңінен танылады.
Ақындық өнермен қатар әнші, жырау ретінде танылған Жиенбай Сыр бойы халқының асқақ әндерін, Омар, Жүсіп, Ерімбет, Базар, Оңғар, Шегебай сынды Сыр сүлейлерінің айшықты жырларын нәшіне келтіре орындап, ел арасына таратушы қызметін де атқарған. Оның асқақ әндерін Сыр бойының халқы құмарта тыңдаған. Арабша сауатты Жиенбай Сыр ақындарының өлеңдерімен қатар шығыстық дастан-жырларды жаттап, домбыраға қосып мәнеріне келтіре жырлайтын жарақты жырау атанған. Сондай-ақ өзі де өлең шығарып, ақындық талантымен талайды тәнті еткен. Атадан балаға мирас болып келе жатқан жыраулық өнер дәстүрін Жиенбайдың жалғағаны жайында Сыр елінде мынадай сөз қалған:
“Жиенбай - жыр бұлағы Кетедегі,
Шәкірт қып көп шайырды жетеледі.
Баласы Рүстембек ол да жырау
Демейді Жиенбайдан бөтен еді”.
Қуаныш Баймағанбетов жазып қалдырған осы өлең жолдары ақын-жыраулар арасында әрдайым айтылып отырады. Сыр сүлейлерін өзіне ұстаз тұтқан ақын өзі де ұстаз бола білген. Рүстембек пен Нартай, Әлібек, Молдахмет, Орынбай, Тасберген, Мұзарап, Ибаш, Әбділда сияқты Сыр бойының әнші, ақын, жыраулары Жиенбайдан өнеге алып, оны өздеріне ұстаз тұтқан. Олардың Жиенбай жырларынан сусындағаны, жыраулық өнерінен үлгі алғандығы айқын. Жиенбай жыраудың жыр маржанын кестелеген озық ойлы ақын екендігін атақты Сыр сүлейі Шораяқтың Омары да атап көрсетеді:
Келіспесе кестесі -
Ретсіз сөзді кім тыңдар?
Дүзбенбетұлы Жиенбай
Ақ домбыра қолға алып,
Ұшатын құстай қомданар!
Жиенбай Дүзбенбетұлын атақты жырау Жиембет Бортоғашұлымен (кей әдебиеттерде Біртоғаш, Мүфтоңаш деп те жазылып жүр) шатастыруға болмайды. Екеуінің арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Біз сөз етіп отырған Жиенбай жырау Сыр өңірінде 19 ғасырдың екінші жартысында дүниеге келсе, қазақ арасына есімі ертеден мәлім Жиембет жырау 16 ғасырдың соңы мен 17 ғасырдың алғашқы жартысында Есім ханның тұсында Жайық жағасында Байбарақ, Байшерек деген жерлерде ғұмыр кешкен. Бұл өңірлер қазір Орал облысы Тайпақ ауданына қарайды. Жырау әрі әскербасы атанған Жиембет жырау қазақ тарихында ел бастаған көсем деңгейіне көтерілген елеулі тұлғалардың бірі, Кіші жүз құрамындағы Байұлының Тана руынан шыққан. «Жиембет - кезінде Есім ханмен жағаласып өткен батыр жырау. Алғашында Есім ханның қасында болып, ел тұтастығын сақтау жолында қажырлы қайрат көрсеткенімен, бүкіл Кіші жүзге сөзі жүріп тұрған Жиенбеттің билігінен сескенген хан оны інісі Жолымбетпен бірге алысқа жер аударады» [ 4, 236-б. ] . Ойындағысын тайсалмай айтып («Есім сені есірткен, Есіл де менің кеңесім»), халық сөзін билік басындағыларға шынайы жеткізе білуі жөнінен екі дәуірде өмір сүрген есімдері бір-біріне жуық келетін жыраулардың ұқсастығы байқалады.
Қоғам дамуымен қабат дамып, қоса өзгеріске ұшырап отыратын әдебиетте әрбір кезеңнің ізі қалады. «Әдебиет - ақиқат өмірдің сырлы суреті, халықтың көркем тарихы» дейді зерттеуші З. Қабдолов [5, 20-б. ] . Шынайы өмірде тарихи тізбектелген түрлі оқиғаларға әсемдікпен әр беріп, көркем реңк үстейтін де, сол көркемдік қуатымен адамзатты әсемдікке тәрбиелер құрал рөлін атқаратын да әдебиет болып саналады.
Халықтық сөз өнері адамзаттың рухани қажетіне сай қалыптасып, рухани өмірді мазмұнына сыйдырады. Руханият мәселесі - адам өмірге келгеннен бері бірге жасасып келе жатқан, сөз өнерімен қабат дамыған тақырып.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz