Қазақ терминологиясы қалыптасуының кезеңдік сипаты



1 ҚАЗАҚ ТЕРМИНОЛОГИЯСЫНЫҢ ЗЕРТТЕЛУІ

2 ҚАЗАҚ ТЕРМИНОЛОГИЯСЫ ҚАЛЫПТАСУЫНЫҢ КЕЗЕҢДІК СИПАТЫ
2.1 XIX ғасырдың екінші жартысынан 1910 жылдар аралығына дейінгі қалыптасқан терминдер
2.2. 1910 . 1930 жылдар аралығындағы терминдер туралы
2.3 Кеңестік дәуірде (1930.90) терминдердің қалыптасуы
2.4 Қазіргі кездегі қазақ терминологиясы

Пән: Тілтану, Филология
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 38 бет
Таңдаулыға:   
ҚАЗАҚ ТЕРМИНОЛОГИЯСЫНЫҢ ЗЕРТТЕЛУІ

Қоғам өміріндегі өзара қарым-қатынастың ең басты құралы болып саналатын
тілді әлеумет әрдайым өте жоғары бағалап, оның өзгеріс, өрістерін жіті
қадағалап отырады. Тіл қоғамдық құбылыстың бірі ретінде сол қоғам
тіршілігін айнаға түсіргендей өрнектейді.
Қоғам қашан да қозғалысқа , өзгеріске , дамуға бейім тұрады.Осыған орай
тіл де дамиды.Бірақ тілдің даму деңгейі оның барлық қабатына бірдей тән
емес. Оның белгілі бір қатпары өзгеріс , өріске онша көне бермейді,
(мәселен, тілдің грамматикалық категориялары , дыбысталу жүйесі т.т.). Ал
оның қайсібір қатпарлары жаңалыққа , соны мағыналық ұғым , түсініктер
әкелуге бейім тұрады. Осы тұрғыдан алып қарағанда, дамыған, жетілген тілдің
басты көрсеткішінің бірі оның терминдік жүйесінің саралануы болып табылады.
Тілдің қоғамдық қызметі ара түсті , дамыды деп ауыз толтырып айтарлықтай
дәрежеге жетсек, осыны айтықызатын, алдымен, терминологиялық лексика.
Ірі оқиғалар тұсынан бергі жердегі қазақ тілінің болмысына көз салсақ,
оның ұлттық сипаты ғана өзгеріп қоймай, сонымен бірге халықаралық қуаты
арта түскенін де байқауға болады.
Осының нәтижесінде сөздік қорымызға революция , коммунизм, социализм ,
интернационал совет, министр, комитет, парламент, партбилет,
радио,комсомол, коммунист т.б. тәрізді толып жатқан кірме сөздер енді. Ал
еңбек, екпінді күрес, жарыс, іс, тап, жиналыс , жоспар, күн, белсенд сияқты
сан алуан сөздер жаңаша қолданысқа түсіп, терминдеу өрісі кеңіді. Бұл
есепсіз мол қазына қатары күні бүгінге дейін толысып , молайып келеді. Яғни
тіліміздің терминдеу сапасы әлі жүріп жатыр. Тілдің осылайша толығуы , оның
қоғамдық қызметін күшейтіп, бұрынғыдан әлдеқайда қуатты құралға
айналдырды. Тілдің байлығын молайтып, қызметін күшейткен, оның икемділігі
мен дәлдігін дамытқан бұл лексикалық қабатты ғылым тілінде термин сөздер
деп атау лингвистер түсінігінде дағдыға айнала бастады.
Адам қызметінің арнаулы салаларының қайсысын алсақ та сол салалардың
әрқайсысының өзіне тән ұғымдар жүйесі болады. Ондай арнаулы ұғымдардың
атаулары да ұғымдар жүйесінің ерекшеліктерін көрсетіп тұруы қажет. Ғылым
мен техника дамыған сайын мыңдаған жаңа ұғымдар пайда болып жатады. Олардың
әрбірі өзінің таңбалаушысын тауып, тілдік тұрғыдан да жүйелеуді қажет
етеді.
Мүндай қажеттіліктерді өтеп, термин жасау , қалыптастыру,
терминологияны жүйелеу , реттеу жұмыстарын дұрыс жолға қою, жалпы ғылыми
– техникалық терминологияның даму бағытын белгілеу- бүгінгі күннің кезек
күттірмейтін өзекті мәселелері болып отыр.
Соңғы оншақты жыл көлемінде ғылыми жұртшылық термин мәселесіне айрықша
назар аударып, баспасөз беттерінде көпшіліктің жаппай пікір білдіріп,
жатқандығына қарамастан қазақ терминологиясы өзінің даму бағытын айқындай
алмай отыруы – соның көрінісі болып табылады.
Атау сөздердің күнделікті өмірде араласпайтын жері жоқ. Тіпті қазіргі
кезеңде термин сөздердің ауыз екі сөйлеу тілімзге де еніп, күнделікті өзара
бірге қарым-қатынас құралына да айнала бастағанын байқау қиын емес. Мұның
өзі – тілдің, атап айтқанда, әдеби тілдің қарқынды дамуын байқататын бір
белгі. Сан салалы ғылыми қажетімізді өтеуге қызмет етіп отырған әдеби тіл,
ең алдымен, осы терминологиялық лексиканың өрістеуіне тәуелді.
Терминологиялық жүйесі жасалмаған, терминдік ұғымдары қалыптаспаған тіл-
ол әлі әдеби тіл дәрежесіне көтеріле алмаған тіл.
Яғни терминсіз қолданыс болмайды, терминсіз ғылыми ой-пікірді өрбітуге
болмайды. Оның қанат жайғаны соншалық, қоғам өмірінің қандай саласында да
қазір терминсіз күн кешу мүмкін емес.
Ғылыми-техникалық революция белең алып отырған қазіргі жағдайда
мәселенің бұлайша қарастырылмауы мүмкін де емес. Өйткені терминологиялық
лексика , әсіресе қоғамдық , табиғат және техника ғылымдары тілі бұл
кезеңде өзгеше даму жолына түсіп, соған байланысты неше алуан күрделі
проблемаларды алға тартады. Міне сондықтан ұғымдар жүйесін тіл материалы
арқылы жабдықтайтын терминология кез келген ғылым саласының логикалық
мазмұнын жасайтын негіз деп аталуға хақысы бар. Ендеше , терминология
дегеніміз ғылым тілі болып шығады.
Терминологиялық лексиканы зерттеуде және оның қоғам үшін мәнін ,
маңызын анықтауда А.А.Реформатскийдің, В.В.Виноградовтың, О.С.Ахманованың,
И.Ф.Протченконың,В.И.Сифоровтың, Ю.А.Дешериевтің, К.М.Мусаевтың,
Р.А.Будаговтың, Л.И.Скворцовтың, В.П.Даниленконың, Т.С.Коготкованың ,
Т.С.Кандилакидің, А.В.Сперанскаяның, Б.З.Букчинаның, В.Ф.Журавлевтің,
И.Н.Волковтың, Т.Бердагаевтың т.б. зерттеуші ғалымдардың ролі ерекше болды.
Бұл жайында түркология ілімінде де біраз әңгіме қозғалды .Оның ішінде
өзіндік пікір өрбіткендері де бар. Атап айтқанда, А.Байтұрсынұлы , қазақ
түрколог тілшілері: Қ.Жұбанов, Н.Т.Сауранбаев, С.Аманжолов, Ә.Т.Қайдаров,
Р.Өркенова, С.Исаев, М.Балақаев, Ш.Ш.Сарыаев, А.Әбдірахманов т.т.
Термин жайында бүкіл түркология , оның ішінде қазақ тіл білімінде,
сондай-ақ орыс лингвистикасының өзінде де осыған тоқтайық дейтін бәтуәлі
пікір, тұжырым тізгінін ұстау қиын. Оның не екенін, лексиканың қай тобына
жататынын елдің бәрі білгенмен, негізгі , басты белгілерін ажыратып, тануда
әр қилы түсінік бар.Осыған берілетін анықтаманы өзі де ала-құла.
Ал термин деген ұғымның өз басына келер болсақ, әлі күнге бұл жайында
бірыңғай пікір қалыптаса алмай келеді. Мына еңбекте қабылданған көзқарас
бойынша, Термин – бұл арнаулы қолданыс саласындағы ғылыми немес өндірістік-
технологиялық ұғымның атауы болып табылатын және дефинициясы (тиісті
ұғымның анықтамасы) бар сөз немесе сөздер тіркесі [1,40]. Ұсынылып жүрген
анықтамалар бірыңғай емес. Принципінде кез келген сөз термин бола алады,
бірақ ол оның ерекше қызметіне байланысты. Өндіріс жағдайында терминдер
белгілі бір адамдар тобының өзара қарым-қатынас құралы есебінде
пайдаланылады. Яғни олар маман ортада, арнаулы әдебиетте қолданылады.
Кәсіби терминология әдетте белгілі практикалық мұқтаждыққа , күнделікті
қажеттілікке орай пайда болады. Әдеби тілмен оның функционалдық стильдері
пайда болмастан бұрын кәсіби лексика өзінше табиғи түрде жасалып отырады,
кейде тіпті оның әр қилы жергілікті (терминологиялық) нұсқалары да
қабаттаса жүреді . Арнаулы әдебиеттердің пайда болуы сөздік құрамның бұл
саласының дамуына жаңа бір леп қосады, яғни дамудың басқаша арнасына
түседі.
Термин жөнінде ғылыми және анықтағыш еңбектерде түрлі мәліметтер
беріледі. Тиянақты түйін мен дәл анықтамалар беруге тырысатын
энциклопедиялық сөздіктерге үңілгенде, мынаны байқаймыз.
Термин - рим мифологиясында шекара құдайы. Термин – терминалдар
құрметіне арналған мейрам дегенді меңзейді екен. Сонымен бірге термин –
шекара, шек деген ұғымды білдіретін латын сөзі. Бұл – 1980 жылы Мәскеуде
жарық көрген бір томдық Советский энциклопедический словарь деген еңбекте
берілген анықтама.
Терминология мәселесімен айналысқан ғалымдардың қай-қайсысы да, ең
алдымен, оның мазмұны мен мәнін ашып, анықтамасын айқындап беруге тырысып
отырған. Әсіресе бұл проблеманы лингвистер тереңірек қарастырып келді.
Мысалы, бұл жайында О.С.Ахманова еңбегінен [2,16] мынадай жолдарды оқуға
болады. Термин (ағыл.) дегеніміз – арнайы ұғымдар мен арнайы заттарды дәл
белгілеу үшін жасалған (қабылданған, енген және т.б), тілдегі арнайы
(ғылыми, техникалық, т.т.)сөздер мен сөз тіркестері.
Сонда бұл келтіріліп отырған екі анықтаманың өзара аздаған ғана
айырмасы болғанмен, негізінен, бір тектес екенін көреміз. Термин болатын
сөздің шегі, шеті, шекарасын анықтау керек дегенді меңзейді. Яғни оның өзге
сөздерден айырмасы оның мағынасының шектеулі болатындығында дегенді
білдіретін тәрізді.
Бұл екі сөздікте терминология ұғымына да анықтама [3,46] берілген.
Энциклопедияда берілген анықтамада терминологияның белгілі бір ғылым,
техника салалары мен өнер түрлері терминдерінің жиынтығы екеніне мән
беріледі. Ал О.С.Ахманованың сөздігінде осы айтылғандарға қоса мұның
реттеуге, жөндеуге мейлінше көнбіс лексиканың ерекше қабаты екені баса
айтылады.
Ал Д.Э.Розенталь мен М.А.Теленкова терминнің жоғарыда айтылған
белгілерін қоса, бір мағыналылығына мән береді. Яғни тілдегі сөздердің
біразы көп мағыналы болып келсе, термин болатын сөздердің олардан негізгі
айрмашылығы – жалқы мағыналылығында деп түйеді.
Тіл білімінің белгілі мамандарының бірі А.Реформатский де термин мен
терминология ұғымының теориялық мәнін ашып беруге тырысады. Ол термин,
ұғым, сөз түсініктерінің өзара байланысы жөніндегі түрлі пікірлерді сүзіп
шығып, екі түрлі бағытқа ден қояды: бірі - терминді белгілі бір затпен
байланысты қарайтындар да, екіншісі - ұғымммен байланысты қарайтындар.
А.А.Реформатский терминді ұғыммен байланыстыра қарайтын бағыттың белең алып
келе жатқанына назар аударады.
Сөйтіп, осы уақытқа дейін термин мен терминологияға беріліп келген
анықтамалардың көп кемшілігі барын сынайды. Ол терминнің басты белгілерін
анықтап беруге тырысады. Оның дәлелдеуінше, терминнің жоғарыда сөз болған
ерекшеліктеріне қоса мынадай белгілері бар: термин емес сөздердің мағынасы
көбінесе контекс арқылы ашылып отырса, термин сөздер контекске тәуелді
емес. Сондай-ақ термин сөздерге көп мағыналық, экспрессия жат екенін баса
айтады.
Термин мәселесімен тікелей айналысқан қазақ ғалымы , белгілі лингвист
Қ.Жұбанов мемтерминком бюллетенінің 2-санында бұған былай анықтама береді:
Белгілі бір ұғымдарды білдіретін қарақшылы сөздер болады, сөздерді
әлгіндей ұғымдарға-ғылым мен революция жағы қандай саты да тұрса, міне, осы
екеуі теліп отырады; сонымен қатар термин сөзінің терминдік ұғымы мен
күнделік тіршілік те қолданылатын жай сөздік мағынасы басқа болуы да
мүмкін.
Профессор Қ.Жұбанов терминнің өзіндік өзгешелік сипатын дұрыс
түсінбеушіліктен кеткен қателерге назар аударады.Мысалы, ол аударуға
болмайтын терминдердің (психология, коммунист, геометрия) аударылуын (жан
жүйесі, ортақшыл, пішімдеме) қате санайды. Мұның негізгі себебі
терминдердің терминдік мағынасы емес, лексикалық мағынасына мән беруден
дейді. Яғни әңгіме бұл жерде бір тілден екінші тілге аударуда немесе
қабылдауда, ең алдымен, көңіл қойылуға тиісті шарт- оның терминдік мәні
болу керек екендігінде.
Академик І.Кеңесбаев пен профессор Т.Жанұзақов та терминнің о баста
латын тілінің шек, шекара деген сөздерінен пайда болғанын айта келіп:
Ғылым мен техниканың , көркемөнер мен қоғам өмірінің алуан түрлі саласына
байланысты қолданылатын, тұжырымды білдіретін, сөздер мен сөз тіркестері,
атау сөз [4,21], -деп түйін жасайды. Қазақ Кеңес энциклопедиясында да
негізінен осы типтес анықтама берілген: Термин, атау- ғылым, техника, сол
сияқты тұрмыстың белгілі саласындағы ұғымдарды дәл атау үшін жұмсалатын
сөздер мен сөз тіркестері.[5,52]
Ғылыми әдебиеттерде кездесетін пікірлердің бәрі де, сайып келгенде,
негізінен осы тұжырымдарға тоқтайды. Сонда термин дегеніміз, ең алдымен,
негізінен, белгілі бір ғылым мен иехника саласында қолданылатын арнайы
лексика болып шығады. Оның басты белгілері: дәлдік, қысқалық, жүйелілік.
Термин арқылы ғылыми ұғым білдіріледі. Ондай жағдайда термин ғылыми-
зерттеу жұмыстарының, ізденістердің негізгі құралына айналады.
Терминология терминінің өзін жете түсінбей, оның нендей мағынаны
білдіретінін дәл танымай тұрып, бұл туралы ғылымда жүйелі ой- пікір өрбіту
қиын. Бұл ұғым, жалпы, ғылымда екі түрлі ыңғайда түсіндіріледі. Қалыптасқан
пікір бойынша, жоғарыда әңгіме болғандай, терминология, нң алдымен,
тілдің арнайы лексикасының даму заңдылықтарын тексеретін ғылым саласы,
сонымен бірге ол ғылым мен техниканың жеке салалары терминдерінің жиынтығы.

Ғылыми терминдерді тексергенде олардың қай сөз таптарынан жасалатынын
қатты қадағалау қажет. Термин жасауға тек зат есімді қатыстыру қажет пе,
жоқ, әлде өзге де, сөз таптарынан термин жасауға бола ма деген мәселеге
назар аударған жөн. Бұл жайында неше алуан пікір бар. Г.О. Винокур [6,13]
терминдер тек зат есім болуға тиіс деп түйеді. Яғни термин болу үшін сол
сөз заттануы тиіс. Ол әсіресе қимыл атауларына назар аударады. Сөйтіп,
техникалық терминдердің көбі осы қимыл мен процесс атаулары болып келеді
деген қорытынды жасайды.
Ал, А.А. Оруджев (әзірбайжан тілшісі) дербес мағынасы бар кез келген
сөз, мейлі зат есім болсын, мейлі ол сын есім болсын, тіпті етістік пен
үстеу де термин бола алады [7,12],- дейді.
Терминді екі түрлі құрылымдық болмысын екі ыңғайда бөліп қарауға
болады: тілдік және тілдік емес деп. Бұлар белгілі бір терминологиялық
жүйенің құрамына ене отырып, бір-бірінен ерекшеленетін де жері бар (әсіресе
сапалық ерекшелігі жағынан).
Тілдік терминдер былайша жіктеледі.
I Термин сөздар (терминдік мәндегі сөздер).
Бұлардың өзін бірнеше топқа бөліп қарау керек:
а ) түбір тұлғалы терминдер: бал, бас, газ, йод, бор, лак, өт,
алтын т.б.;
ә) туынды түбір терминдер: жазушы, бастауыш, баяндауыш, тракторшы,
көрермен, қондырғы, есірткі, көрме т.б.;
б) күрделі терминдер: үшбұрыш, екітілділік, темір-бетон,
радиоактивтілік т.б.;
в) қысқарған күрделі терминдер:
Мұның өзін бірнеше топқа бөлуге болады:
1. буын қысқарту арқылы біріктіріп жасалған терминдер. Мұнда
көбінесе екі сөздің басқы буындары біріктіріледі: колхоз, совхоз, обком
т.б.;
2. аралас типті күрделі терминдер. Бұлар, әдетте, бір сөздің басқы
буынын не сол сөзді тұтас басқа бір сөздердің басқы дыбыстарымен біріктіру
арқылы жасалады: райпо- районное потребительской общество т.б.;
3. қысқартылған сөздерден жасалған аббревиатуралар: ГЭС, ВЦСПС, МТС
т.б.
II Сөз тіркесі түріндегі терминдер.
а) еркін тіркесті терминдер. Мұның құрамындағы әрбір компонент жеке
тұрып термин бола алады. Ол басқа терминологиялық сөз тіркесінің қатарына
енуі де ықтимал. Мысалы, күкіртті азот, азотты алюминий, кеңес Одағы т.б.;
ә) еркін емес тіркесті терминдер, яғни бұлайша тіркескен
терминдер құрамындағы сөздердің бәрі бірдей жеке тұрып термин бола
бермейді. Олар дәл осы тіркесім түрінде ғана терминдік қызмет атқарады.
Мысалы, қызыл бұрыш, ақ отау, азат ел, сұрапыл соғыс т.б.;
б) фразеологиялық терминдер: ежелгі заман, абсолют шама,
табиғат заңы, ақыр заман, саяси қайраткер, жұмыс столы, бақыт құсы, айқын
мысал, ортақ іс.
III Тілдік емес термндерге неше түрлі таңба белгілер, графикалық
символдар, математикалық, физикалық, химиялық формулалар мен цифрлар
жатады.
60-жылдарға дейін терминологияның әдеби тілге жататындығы жөнінде
дау болмайтын. 1959 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық терминологиялық
мәжілісте және 1967 жылы Лненинградта өткізілген ғылыми-технткалық
терминологияның лингвистикалық проблемалары жөніндегі кеңесте
терминологияны әдеби тіл лексикасының дербес саласы деген пікір басым
болды.
Терминология әдеби тілдің бір тармағы ретінде сол әдеби тіл нормасы
мен ережесіне бағына отырып, сөзжасам және сол норманы кодтау жағынан өзіне
ғана тән өзіндік ерекшеліктерін де байқатады.
Терминология кең мағынасында адамның кәсіптік қызмет саласындағы
қолданылатын арнаулы лексиканы қамтитын, тілдің сөздік құрамының бөлігі.
Терминология - арнаулы сала ұғымдарының жүйелік ерекшеклігін көрсете
отырып, оның коммуникативтік қажеттілігін өтеуге қызмет ететін атаулар
жиынтығы.
Терминология терминінің өзі көп мағыналы термин.
Ғалымдар оның 5 түрлі мағынаны білдіретінін көрсетеді.
1. термин - сөздердің жиынтығы немесе жалпы көптеген саны белгісіз
терминдер;
2. қандай да бір сала трминдерінің (ұғымдары мен атауларының)
жиынтығы (медицина терминологиясы, география терминологиясы);
3. терминдердің жасалуы, құрамы мен қызметі туралы ілім;
4. белгілі бір тілде қолданылатын белгілі бір білім саласы
терминдердің жасалуы, құрамы мен қызметі және олардың басқа тілдердегі
баламалары (эквиваленттері) туралы ілім.
Соңғы жылдардағы өрістеген халықаралық байланыс, екітілділік,
көптілділік ұлт тілдерінде ғылыми-техникалық терминологияны молайтып
келеді. Қазақ тілі терминологиясы 20-30-жылдары негізінен ана тілдің
лексикограмматикалық құралдары арқылы жасалса, 50-80-жылдары бұл арнаулы
лексика қоры, негізіне, орыс және халықаралық терминологиялық үлгілермен
толыға тиісті. Ал қазақ тілі терминологиялық жүйесін бір ізге салып,
қалыптастыруда, оны заман талабына сай етіп қайта жасауда 80-жылдардың
екінші жартысынан былайғы кезеңнің алатын орны айырықша. Айырықша болатыны,
өмірдің басқа салалары сияқты, қазақ тілінің де ғылыми ой-пікір өрбітер
өрісінде өзгеше сапалық құбылыстар бой көрсете бастады. Бақсақ, қатып-
семген қағидалық категорияға айналған терминдердің көбін қайта қарап,
олардың нақты қазақы атауларын жасауға әбден болады екен. Тіпті соңғы екі-
үш жыл ішіндегі қазақ баспасөзінің беттерінен көруге болады.
Кезінде әдеби тілімізге қаптап енген кірме сөздерге де көзқарас
басқаша болу керек сияқты. Сөйтіп, көптеген пікірлер желісі мынадай түйін
жасауға итермелейді.
Термин сөздер тілдің ғылыми-техникалық прогреске иек артып, қол
созған тұсына тән лексиканың арнайы саласы, яғни бұл, бір жағынан, тілдің
әдебилігін тәптіштей түсетін бір белгі. Басқаша айтқанда, терминологиялық
лексика әдеби тілмен тікелей байланысты дамып, оның әдебилігінің негізгі
көрсеткіштерінің біріне айналады. Ол ең алдымен ғылыми ой-пікірді,
техникалық ұғымды білдіру үшін пайда болады да, олардың дамуымен бірге
қанаттанады. Термин сөз нақты, қысқа, тұжырымды, дәлме-дәл және бір
мағыналы болуы керек.
А.Байтұрсынұлы – қазақ терминологиясын жасаушы
Қазақ әдебиеті тарихында ұлы Абайдың орны қандай болса, қазақ тіл
білімі мен мәдениеті тарихында Ахмет Байтұрсынұлының орны да сондай.
А.Байтұрсынұлының артына қалдырған мазмұнды да бай мұрасы өте көп.
Байқап отырсақ, бұл тұңғыш қазақ лингвисі өзінің алдына жүйелі
мақсат, айқын бағдарлама түзіп, сол бойынша өз бетімен жұмыс істеген
тәрізді. Мәселен, оның бірінші мақсаты - қазақ баласының сауатын ашу болса,
осыдан барып Оқу құралы (1912) пайда болады., содан кейін қазақ тілінің
грамматикалық құрамын ана тілінде талдап беруді мақсат етеді де, Тіл-
құралды (1914-15) жазады. Тілді дұрыс жұмсай білу тәртібіне байланысты
ойға қалады да, Тіл жұмсарды (1928) ұсынады, сауат аштыру, тіл оқыту
әдістемесін жасау мақсатында Баяншыны береді. Кезінде әлденеше қайталанып
басылуының өзі бұл еңбектердің зәрулігі мен бағасының қаншалықты дәрежеде
болғанын аңғартса керек.
А.Байтұрсынұлы Айқап журналы мен Қазақ газеттерінің беттерінде
араб жазуының қазақ тіліне лайықтап икемделген жаңа нұсқасы туралы
жұртшылыққа түсіндіріп, мақалалар жазады. Ол жасаған жаңа жазу үлгісі ел
көңіліне бірден ұялайды да, қабылданады.
Міне, осы тұста ғалым әрбір пәннің, әрбір ғылым саласының өз жүйесі,
сол жүйесіне лайықты ұғым, түсініктері болуы тиіс екніне көзі жетеді де,
қазақ тілінің терминдік атауларын тыңнан жасауға кіріседі.
Жоғарыда айтылған Айқап журналы мен Қазақ газетіндегі қазақ
жазуы жайындағы мақалаларында А.Байтұрсынұлы қазақ ұғымына әлі жат, бірақ
тіліміздің ішкі жүйесін түсіндіруге қажет кейбір сөздерді жаңаша қолдана
бастайды. Олар - дыбыс, әріп, емле, ноқат (нүкте), үтір, буын, әліппе, сөз
аяғы белгі, сөз басы, дауысты дыбыстар, сүйеніш, дәйекші деген т.б. сөздер.
Бұлар қазақ тілінде бұрыннан бар болғанмен, белгілі бір ғылыми ұғым
есебінде нақты атауға иелік жасап отыруы тұңғыш рет.
Қазақ тілі терминдерін жасауды осындай алғашқы мақала
пікірлерінде бастаған А.Байтұрсынұлы өзінің үш бөліктен тұратын айтулы
еңбегі Тіл-құралда мейлінше дамытып, ұластырып алып кетеді.
Оның бұл еңбектерде пайдаланған терминдері жайында әңгіме
қозғамас бұрын, мына бір тұсқа назар аударайық. Тіл-құралдың дыбыс
жүйесін талдайтын бірінші бөліміне ол алдымен алғы сөз жазып, кітаптың
мәнін, мақсатын түсіндіреді. Тұңғыш рет ауызша сөйлеу мен жазып сөйлеудің
маңызын ғылыми тілмен баяндай келе: әр жұрт баласын әуелі өз тілінің
жүйесін білдіріп, жолын танытып, балалар әбден дағдыланғаннан кейін басқаша
оқыта бастайды. Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі
өз тілімізбен өтініп, сонан соң басқаша оқытуға тиіспіз,- деген болжауы
қазіргі кезеңде де мәнін жоғалтқан жоқ.
Не бары 38 беттен тұратын шағын еңбектің мағыналық салмағында
шек жоқ. Айқын ой, нақты сөз арқылы соншама қарапайым жазылған бұл еңбек
оқушының ұғымына соншалықты жеңіл. Оның себебі қазақ тілін көзбен көріп,
қолмен ұстап анық байқайтындай етіп, белгілі бір жүйеге салып саралап,
әрқайсысына нақты ат беріп, түсіндіруінде. Мәселен, түсіндірілетін
құбылысқа дөп түсіп жататын, оның ішінде пән ретінде оқылатын тілдің түрлі
категорияларына лайықты жаңа сөз тауып, жасап, оларды қалыптастыру тіпті
де оңай болмаған.
Ол қазақ тілінің бұдан былайғы жерде негізгі жұмыс құралына
айналуға тиісті сөз, сөйлеу, сөйлем, буын, дыбыс, таңба, әріп, тұлға,
түбір, жалғау, жұрнақ, қосымша тәрізді толып жатқан сөздерді тауып, орын-
орнына қойып қалыптастырады, әрқайсысына нақты қызмет береді.
Дыбыстардың не екенін, оның құрамын, түрлерін анықтай отырып,
олардың , ең алдымен дауысты, дауыссыз делініп, одан әрі қарай жарты
дауысты дыбыстар, қатаң дыбыстар, ұяң дыбыстар, ымыралы дыбыстар, ымырасыз
дыбыстаар деп түр-түрге бөлінетінін айтып, әрі қысқа, әрі нұсқа
түсіндіреді. Қазақ тілінің дыбыстық жүйесін саралауға байланысты туған бұл
терминдік ұғымның бәрі дерлік тұрақты қалыптасты, тек ымыралы , ымырасыз
деген тәрізді сөздердің қолданысы ғана онша өрістей алмады. Оның есебіне
жеті септік- атау, ілік, барыс, табыс, жатыс, шығыс, көмектес деген
терминдердің өзінің дәлдігімен, өміршеңдігімен мәңгі тұрақтанып қалды.
Жалпы, термин жасау дағдысында А.Байтұрсынұлы ұстанған ең басты
екі принципті анық аңғарамыз. Оның бірі және ең негізгісі – термин жасауда
қазақ тілінің өз мүмкіндігін барынша сарқа пайдалану. Термин жасау
принципінде ана тілдің ішкі сырын жете пайдаланды дегенде де, біз
А.Байтұрсынұлының өзге озық ел тілдерінің грамматикалық категориялар
түзудегі тәжірибесін терең меңгергенін байқаймыз. Әсіресе, тілді фонетика,
морфология, синтаксис деген дәстүрлі жүйеге бөліп қарауынан бастап, соның
әрқайсысының өзіндік құрылымын саралауда да, әрине, ең алдымен, орыс тілі
грамматикасының әсері жоқ емес.
Мәселен, сөздерді түбір сөз, туынды сөз, қос сөз, қосалқы сөз,
қосымшалар деп тұлғасына қарай беске бөліп қарауы, зат есім, сын есім, сан
есім, есімдік, етістік, үстеу, демеу, жалғау, одағай деп мағынасына қарай
тоғызға бөліп саралауы бәрі сол қалпында тілімізге сіңіп, қалыптасып кетті.
Жоғарыда әңгіме болғандай, оның термин жасау ісінде, ең алдымен,
қазақ тілінің өз мүмкіндігіне көбірек сүйнегенін байқаймыз. Ол жасаған
терминдердің бәрі дерлік ана тілдің өз байлығы, өз сөздері. Ал оны іске
жарату барысында әр түрлі амалдар қолданған. Ол әуелі заттық, атаулық
ұғымын берерлік сөздерді іріктейді (әріп, сөз, сөйлем), немесе оларға
терминдік қызиет жүктейді, екіншіден, сөздерді тіркестіре қолдану арқылы
терминдер жасайды (түбір сөз, туынды сөз, сұраулы сөйлем, тұрлаулы
мүше),сондай-ақ түрлі қосымшалар көмегін пайдалана отырып, сан алуан
терминдер жасайды (бастауыш, баяндауыш, анықтауыш, болымды, болымсыз,
жалаң, жайылма, үстеу, одағай, есімдік, етістік т.т.).
Сонымен бірге өзінің ертелі- кеш жазған мақалалары мен Тіл-құрал,
Тіл- жұмсар тәрізді еңбектерінде кездесетін программа, фонетика,
морфология, синтаксис, синод, дума, школа, председатель, министерство,
петиция сияқты сөздерге қарағанда, ол реті келген жерде өзге тілдің
(әсіресе орыс тілінің) сөздік қорындағы керекті сөздерді пайдаланудан
қашпаған тәрізді. Сондай-ақ ана тіліміздің сөздік құрамына баяғыда еніп,
байырғылардың қатарына қосылған оқу, білім, мектеп, кітап, өнер т.б.
тәрізді толып жатқан араб сөздерінен де терминдік материал есебінде жиі
пайдаланып отырады.
Сайып келгенде, оның термин жасаудағы өнегелік үлгісі күні бүгінге
дейін маңызын жоғалтқан жоқ. Әсіресе, тілдің бар қатпар-қыртысын, бар амал-
тәсілін сарқа пайдалана білуде А.Байтұрсынұлы үлгісі - таптырмайтын үлгі.
Осы қысқаша үзіктің өзінен де қазақ тіл білімінің, соның ішінде қазақ
терминологиясының негізін салған А.Байтұрсынұлы деп түйін жасауға әбден
болады.
Қазіргі кезеңдегі қазақ терминологиясының мәселелері
Қазіргі қазақ терминологиясының міндеттері
Бүгінгі қазақ терминологиясының көптеген мәселелерін ғылыми
тұрғыдан шешудің қажеттілігін уақыттың өзі алға тартып отыр. Кеңестік
дәуірде қалыптасқан терминолгияға да сол терминологиялық жүйені
қалыптастыруда басшылыққа алынған теориялар мен прициптерге де жаңаша
қарауға тура келді. Бұл орайда соңғы жылдары қызу қарқын ала бастаған тың
үрдістің табиғатын тануға бағышталған және мәселені дер кезінде көтерген
зерттеулердің бастамасы ретінде 90-ыншы жылдардың басында жарық көрген
академик Ә.Т.Қайдаровтың Қазақ терминологиясына жаңаша көзқарас атты
шағын еңбегін атауға болады. Одан бергі уақытта да терминологияда жаңа
үрдіс жалғасын таба берді. Бұған дейін орыс тілінің жазу ережесіне
сәйкестендірілген қалпында шет тілдерінен (негізінен батыс европа
тілдерінен) қабылдаған терминдерді көбейту арқылы терминологиямыздың
халықаралық сипатын арттыру бағытын ұстанып келсек, ендігі жерде ғылыми-
техникалық терминологияны ұлт тілі негізінде қалыптастыру қажет, ал өзге
тілдерден енген терминдер кірген тілінің заңдылықтарына бағынуға тиіс деген
пікірді қолдайтын тілші ғалымдар қатары көбейе түсті. Соған сәйкес қазақ
тіліндегі термин шығармашылығы біршама жанданды. Термин жасауда
жетістіктермен бірге жауапсыздық пен кәсіби шеберліктің жетіспеуінен
кемшіліктерге де жол берілді. Бұл құбылыс тілші ғалымдар тарапынан да
салалық мамандар тұрғысынан да әр түрлі бағалана бастады. Нәтижесінде қазақ
терминологиясының тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңдегі даму үрдісі туралы
тіл мамандарының пікірі екі арнаға жарылды. Тілші ғалымдардың бір тобы
бұрынғыша терминологияны халықаралықтандыру бағытын ұстанса, екінші тобы
терминолгияның ұлттық сипатын арттыру бағытын алға тартты. Ғалымдар бұл
мәселеде ортақ пікірге келе алмауына байланысты қоғамдық пікір де соған
сәйкес қалыптасып отыр. Біз осы сооңғы бес жыл көлемінде баспасөз
беттерінде жарияланған термин, терминология жайлы жазылған үлкенді-кішілі
мақалалардың негізінен терминдердің өзге тілдерден қабылдануы, аударылуы,
жазылуы, ұсынылған баламалардың сапасы, терминкомның жұмысын ұйымдастыру,
терминдердің қолданысы, терминологиялық сөздіктер түзудегі кемшіліктер
сияқты мәселелерді қамтиды екен. Терминтанудың күрделі ғылыми мәселелерінің
шешімін табу терминологияны арнайы зертеп жүрген тіл мамандарының еншісінде
қала бермек. Мәселен, жазушы Кеңес Юсуп Егемен Қазақстан газетінің
2001жылдың мамаыр айындағы бірнеше санында жарияланған Толғауы тоқсан
қызыл тіл атты терминология туралы көлемді мақаласында жарыса қолданылып
жүрген кейбір терминдердің мағыналарының ара-жігін ажыратып, олардың
әрқайсысына жеке-жеке терминдік мағына жүктеу керектігін өте орынды атап
көрсеткен. Айталық, автордың долг-борыш, расход- шығыс, убыток- шығын,
задолженность-берешек, выручка-кіріс, поступление-түсім, потерия-ысырап,
ущерб-залал, вред-зиян түрінде мағына ажырату туралы ұсынысы қолдауға лайық
деп білеміз.
Терминологияның жекелеген мәселелері мен кейбір терминдердің
қолданысы төңірегінде ғана сөз қозғауды місе тұтпай барлық терминологиялық
жұмыстарды үйлестіре отырып жүргізу қажет. Ондай кешенді жұмыс бір-бірімен
өзара тығыз байланысты болатын үш негізді тірек етуі керек. Біріншісі -
термин танудың ғылыми-теориялық негізі, екіншісі - терминологиялық
жұмыстарды жүргізудің ғылыми-әдістемелік негізі, ал үшіншісі - практикасы,
яғни, барлық терминологиялық жұмыстар жиынтығы. Терминологиялық жұмыстарды
жоғары кәсіби деңгейде жүргізу үшін ең алдымен, терминтанудың ғылыми-
теориялық негізін берік орнықтыруға тура келеді. Бұл ең басты мәселе.
Сонымен барлық терминологиялық жұмыстарды жүргізуге негіз болатын
терминтанудың ғылыми-теориялық негізін қалыптастыру – бірінші міндет.
Екіншіден, терминологиялық жұмыстарды жүргізудің ғылыми-
әдістемелік негізі жасалмайынша, терминологиядағы ретсіздіктен арылып,
жетілдірілген терминологиялық жүйені қалыптастыру өте қиын. Әр салалық
терминологияның ұңымдар жүйесінің ерекшелігін көрсететін терминдік
элементтер мен модельдерді айқындап, терминдердің түрлері мен типтеріне
қарай бөле отырып, оларды тілдік тұрғыдан жүйелеудің қажеттілігі дәл
қазіргі кезеңде айқын аңғарылып отыр. Терминологиялық лексиканы ұлт тілі
негізінде қалыптастыруды пайдалануға болатын ішкі көздер де айқындалған. Ал
терминолгогиялық жұмыстарды жүргізу кезінде тікелей басшылыққа алуға
жарайтын ғылыми-әдістемелік зерттеулерді, әдістемелік құралдарды мүлде
кездестіре алмайсыз. Ең болмағанда Д.С. Лоттенің Как работать над
терминологией Основы и методы деп аталатын осыдан жарты ғасырдай бұрын
жазылған еңбектері сияқты бірде-бір әдістемелік құралдың жарық көрмеуі
терминологиялық жұмыстарды жүргізудің ғылыми-әдістемелік негізінің осал
болуымен бірге термин жасау, терминологияны қалыптастыру ісінің стихиялық
сипатының басым болғандығын да аңғартады. Ұлт тілінде термин жасау мен
терминологияны қалыптастырудың әдістемесін орнықтыруда өз тіліміздің
сөзжасамдық ерекшелігі , ішкі заңдылықтары сақталумен қатар терминологиялық
жүйеге қойылатын жалпы талаптар мен өзге тілдердің терминологиясын
қалыптастырудың бізге жарайтын ұғымды жақтары да назардан тыс қалмауы
керек. Сондай-ақ әрбір арнаулы саланың терминдер жүйесін қалыптастыруда сол
саланың ұғымдар жүйесінің өзіндік ерекшкліктері ескерілуге тиіс. Мәселен,
медицина мен география терминдер жүйесінің әрқайсысының өзіндік табиғатын
танытатан және тектік, түрлік байланыстарын білдіретін тілдік бірліктер мен
модельдер көрсетілсе, бұл салалардағы термин түзу жұмыстары жолға қойылар
еді. Мұндай әдістемелік әдебиеттерсіз жетілдірілеген трминологиялық жүйе
құру мақсатына қол жеткізу мүмкін болмайды. Дәл қазіргі кезеңдегідей әркім
өз білгенінше термин жасаумен айналыса берсе, терминологиядағы жүйелілік
мәселесі жайына қалары анық.
Үшіншіден, алда тұрған міндеттердің бірі - термин жасау,
терминологияны жетілдіру мен қалыптастырудың практикасын дұрыс жолға қою.
Біздің ұлт тілінде термин жасау практикамыз А.Байтұрсынұлы кезеңінен
кейінгі 30-ыншы жылдар мен 90-ыншы жылдар аралығын қамтитын алпыс жылдай
уақыт ішінде тоқырауға ұшырады. КСРО-ның тіл саясатына сәйкес кеңес халқына
ортақ терминологиялық қор құру мақсатын көздедік те ұлт тілін термин
шығармашылығына араластырмай термин қабылдаушы тілге айналдырдық. Соның
салдарынан ғылым тілінің ұлттық сипаты әлсіреп, терминологиямыздың басым
бөлігін шет тілдерінен өзгеріссіз қабылдаған терминдер құрайтын болды.
Қазақ тілі шет тілдері сияқты ғылыми ұғымдарды беруге икемсіз,
термин жасау мүмкіндігі төмен, қазақ тілінде термин жасап бос әуре
долудың қажеті жоқ дейтінешбір ғылыми негізсіз сыңаржақ пікірді дәлелдеуге
тырысушылар пайда болды. Бұл - тілдің атқаратын қызметін білмеуден,
міндетін түсінбеуден туындаған біржақты пікір еді. Тілдің байлығына үңіліп,
оның сөзжасам мүмкіндігін шебер де ұтымды пайдалана білмегендіктен тілге
орынсыз мін тағу, оны икемсіз деп тану – үлкен қателік, тіпті, қиянат деп
түсіну керек.
Тәуелсіздікке қол жеткеннен бергі он шақты жыл ішінде термин
жасам тәжірибесі біршама жанданғанымен терминологиялық жұмыстарды жоғары
кәсіби деңгейде жүргізу мен бүкіл республикалық ауқымда үйлестіру ісінде
олқылықтардың орын алуы салдарынан терминологиядағы ретсіздікке,
жарыспалылыққа жол берілді. Ұлт тілінде термин жасаудың маңыздылығын
мойындағысы келмейтіндер мұндай кемшіліктер мен сәтсіз жасалған кейбір
терминдерді мысалға клтіре отырып, қазақ тілінің термин жасауға
икемсіздігін дәлелдеуге күш салып жүр. Сондықтан да термин жасау ісін дұрыс
ұйымдастырып, оны біліктк мамандар кәсіптік деңгейде жүргізбесе болмайды.
Жалпы терминтанудың теориясы, әдістемесі мен практикасын бір-бірінен
бөліп, жеке дара дамыту қажет деген түсінік туындамауға тиіс. Мәселен,
әдістемеге негізделген практикалық жұмыстар жүргізіліп жатса, керісінше,
практикалық жұмыстарды жүргізу кезінде әдістеме жетілдіріліп, жақсарып,
толығып отыруы табиғи құбылыс. Теория мен практиканың да өзара тығыз
байланыста дамитыны да белгілі.
Сонымен, қазақ терминологиясының осы үш негізіне табан
тіремейінше , терминологиялық жұмыстар жоғары кәсіптік деңгейде жүргізіліп,
жетілдірілген терминологиялық жүйе қалыптастыруға қол жеткізу қиын. Қазіргі
терминологияда орын алып отырған кемшіліктер де осындай ғылыми-әдістемелік
негізге сүйеніп, практикалық жұмыстарды жүргізудің дұрыс
ұйымдастырылмауынан туындап жатқанын айтпасқа болмайды. Қазақ
терминографиясының да арнайы зерттеле алмай келе жатқандығы мен салалық
сөздіктер шығару ісінің дұрыс жолға қойылмауынан терминологиялық сөздіктер
түзуде үлкен кемшіліктерге жол беріліп отыр. Бұл жөнінде Егемен Қазақстан
газетінің 1999 жылғы 2 маусымдағы санында жарияланған Мемлекеттік тілде іс
жүргізу атты мақаласында Қ.Әлімқұловтың Соңғы жылдары неше түрлі
сөздіктер шығып жатыр. Шыққаны жақсы-ау , тек көбінің сапасы сын көтере
бермейді. Өйткені оларды ортақ сараптан шығарып отыратын да орын жоқ деген
пікірі орынды айтылған.
Дәл қазіргі уақытта терминология мәселесімен тікелей айналысып
отырған үш орган бар. Онң біріншісі - құрылғанына 70 жыл толғалы отырған
Мемлекеттік терминология комиссиясы, екіншісі - А.Байтұрсынұлы атындағы тіл
білімі институтының терминология бөлімі, үшіншісі - Мәдениет, ақпарат және
қоғамдық келісім министрлігінің құрамындағы терминология және ономастика
бөлімі.
Мемлекеттік терминология комиссиясы осы уақытқа дейін өз жұмысын
қоғамдық негізде атқарып елген кеңесші орган. Терминология бөлімі ғылыми
мекеменің, ал министрліктің бөлімі мемлекеттік органның құрылымдық
бөлімшелері болып табылады. Терминологияның теориялық және ғылыми-
әдістеиелік негізін қалап, даму принциптерін анықтау арқылы терминологиялық
жұмыстарды ғылыми қамтамасыз етуге ғылыми-зерттеу мекемесі ретінде
А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының терминология бөлімі жауап
беруге тиіс. Терминологиялық жұмыстарды республикалық ауқымда үйлестіру,
практикалық жұмыстардың ғылыми негізде жүзеге асуын қадағалап, оларды
ұйымдастрып отыру атқарушы биліктің құрамында болғандықтан Мәдениет,
ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің бөліміне жүктелетін міндет.
Дегенмен соңғы он жыл көлемінде терминология саласы бойынша
маманданғысы келетіндер қатары көбейе бастады. 1992 жылдан бергі мерзім
ішінде терминология саласы бойынша екі тіл маманы, бір математик докторлық
сондай-ақ оннан астам тіл мамандары кондидаттық диссертациялар қорғады.
Туыстас тілдерге ортақ терминологиялық қор құру туралы
Ғылым тілін халықаралықтандыру мәселесіне әлем ғалымдары ертеден-
ақ назар аударып келеді. Жасанды тілдердің дүниеге келуі де барша ғалымдар
қауымына ортақ тіл түзу мақсатында туындаған болатын. Бұл мәселе ғасырлар
бойы сөз болып келе жатқанымен, бүкіл дүне жүзінің ғалымдарын ұғыныстыра
алатын әмбебап ғылым тілі әлі де жасала қойған жоқ. Ұлт тілдері қоғам
өмірінің алуан түрлі салаларындағы қызметтерін атқарып отырғанда, олардың
орнын жасанды тілдердің алмастыра алмайтынын уақыттың өзі дәлелдеп отыр.
Қазіргі кезеңде ұлт тілдерінің ғылым саласындағы қызметін қалыптастырып,
олардың қолданыс аясын кеңейту үрдісі басымдық танытуда. Әлем ғалымдарына
ортақ ғылым тілін жасау идеясы жүзеге аспағанымен, халықтар арасындағы
тарихи-мәдени, ғылыми және өзге қарым-қатынастар бірнеше тілге ортақ
терминдердің орнығып, оларды халықаралық терминдер деп атап жүргеніміз
белгілі. Ондай терминдердің қалыптасуына үстем тілдердің әсері,
мемлекеттердің тіл саясаты, ұлттық ғылым тілдерінің даму деңгейі мен
ғалымдардың ортақ терминологиялық қор құруға деген ұмтылысы сияқты
факторлар әртүрлі дәрежеде ықпал етті. Мәселен, кешегі Кеңес Одағы тұсында
орыс тілінің үстемдігін орнту мақсатымен одақтас республикалардың ұлттық
ғылыми-техникалық терминологиясын қалыптастыруда орыс тілі үлгі ретінде
ұсынылды. Осы елдің тіл саясатына сәйкес Кеңестік ғалымдар да
терминологияны халықаралықтандыру бағытында көп еңбек етті. Соның
нәтижесінде бірқатар ұлт тілдерінің терминологиялық қорының басым бөлігін
орыс тілі арқылы енген кірме терминдер құрайтын болды. Қазақ тілі де сондай
тілдердің алдңғы қатарынан орын алды. Терминдерді орыс тілінен немесе орыс
тілі арқылы қабылдау заңдастырылғандықтан туыстас түркі халықтары арасында
термин алмасу жүзеге асырылмады. Түркі халықтары терминологияны
қалыптастыру тәжірибелерін бөлісіп, өзара термин алмасу процесін дұрыс
жолға қою мүмкіндігіне ие болып отырған қазіргі кезеңнің өзінде бұл жұмыста
жанданғандық байқалмайды. Кеңестік кезеңде әбден қалыптасып қалған термин
алмасудағы біржақтылық дәстүрге айналып, сол кезеңнің саясатына сәйкес
жасалған терминологияны қалыптастыру принциптері әлі де басшылыққа алынып
келеді. Тәуелсіздік жарияланғаннан кейінгі кезеңде қазақ және түркі
тілдеріне бір-бірінен алмасқан ұшақ, егемен сияқты бірен-саран сөздер
болмаса, көршілес туысқан халықтар тілдері арасында өзара сөз, термин
алмасу қарқыны арта қойған жоқ. Ал туыстық тұрғыдан бір-бірінен алшақ
жатқан славян, роман-герман, үнді-еуропа тілдерінен еніп жатқан терминдер
легі толастар емес. Бұл мәселенің кейбір объективтік себептерінің де бар
екендігіне қарамастан, көршілес түркі халықтары арасындағы ғылыми
ынтымақтастықтың әлсіз екендігін айтпасқа болмайды. Осы бағыттағы
жұмыстарды жүргізуде аймақтық геосаяси жағдайды, көршілестік пен тілдердің
арасындағы туыстық байланысты негізге алудың маңызы зор.
Өз тіліміздің негізінде термин түзу мүмкіндігі болмай жатса,
туыстас тілдерден сөз алу қажеттігін кезінде 1924 жылы А.Байтұрсынұлы
айтқан болатын. Ахаң оны терминологияны қалыптастырудың басты бір принципі
ретінде ұсынды. 1924 жылдың маусым айында Орынборда өткен қазақ ғылыми
қызметкерлерінің бірінші съезінде бұл принцип мақұлданып, бекітілді.
Өкінішке қарай, Ахаңның өте орынды айтылған бұл пікірі Кеңес
дәуірінде ескерусіз қалды. Туыстас тілдер арасындағы табиғи байланысқа
жасанды тосқауыл қойылды.
Ортақ терминологиялық қор құрып, туыстас тілдер арасындағы
байланысты күшейту үшін соңғы 30-40 жыл ішінде европаның герман тілді
елдері мақсатты түрде жұмыс жүргізуде. Австрия, Бельгия, ГДР, ФРГ (қазіргі
біртұтас Германия), Швейцария елдерінің аумағында туыстас тілдер негізінде
арнаулы мақсаттар тілін (LSP) қалыптастыру идеясын осы елдердің ғалымдары
қолдап отыр. Араб елдері мен Шығыс Азия елдерінде де туыстас тілдер
арасындағы байланыс, өзара сөз алмасу үрдісі бар. Тәуелсіздігін алған түркі
тілдес халықтардың да кезінде саяси себептермен шек қойылған табиғи тілдік
байланысын қайта жандандырудың маңызы айрықша. Әрине, дәл қазіргідей
терминологиялық жұмыстардың республика көлеміндегі жүргізілуін өз
деңгейінде қамтамасыз ете алмай жатқан жағдайда еларалық байланысты дұрыс
жолға қою бірқатар үйлестіру, ұйымдастыру жұмыстарын табанды түрде жүзеге
асыру арқылы ғана іске асуы мүмкін екендігін айту керек. Бұл сөзсіз қолға
алуды қажет ететін іс. Мұнда түркі халықтары тілдерінің өз мүдделері
сақталуға тиіс. Егер ортақ терминдер қорын құру ісіне қол жеткізіп жатсақ,
оның мынадай тиімді тұстары болады деп санаймыз. Біріншіден, туыстас
тілдерден алынған терминдер тіліміздің морфологиялық, дыбыстық
ерекшеліктеріне сай келеді немесе соған бейім тұрады. Екіншіден,
А.Байтұрсынұлы атап көрсеткендей, ондай терминдер атауға, естуге және
түсінуге қиындық туғызбайды. Үшіншіден, түркі халықтары арасындағы тілдік,
ғылыми-мәдени байланысты, ынтымақтастықты нығайтуға негіз болады.
Төртіншіден, ұлт тілінде жасалған терминдердің кең тарауына, қолданыс
аясының кеңеюіне мүмкіндік молаяды. Мәселен, бір түркі елінде жасалған
термин алдымен туыстас тілдердің ортақ терминологиялық қорына еніп, сонда
қолданыс тауып жатса, одан кейін оның өзге тілдерге де еніп, халықаралық
сипат алуына кеңірек жол ашылады. Түркі тілдес халықтар дербес мемлекеттер
болып отырған қазіргі кезеңде де туыстас тілдер арасындағы байланысты
нығайту бағытында нақты іс-қмылдар атқарылып жатыр деп айту қиын. Бұл
тұрғыдан келгенде түркі тілдес халықтардың терминологиялық қорын құру
бағытында мемлекетаралық үйлестіру жұмыстарын қолға алудың маңызы зор деп
санаймыз.
Терминологиялық жұмыстарды үйлестірудегі Мемтерминкомның
рөлі
ХХ ғасырдың басынан бастап 30-ыншы жылдарға дейінгі қазақ
терминологиясының дамуы қазақтың рухани көсемі атанған А.Байтұрсынұлының
есімімен тығыз байланысты. Ахаң ұлттық лингвистика ғылымының көшбасшысы
ретінде қазақ терминологиясының даму бағытын да белгіледі. Ғылымды ұлт
тілінде дамытудың маңызы мен қажеттілігін терең түсінген ғалым
терминологияның алғашқы ғылыми принциптерін ұсынумен бірге ұлт тілінде
термин жасаудың жарқын үлгісін де көрсете білді. Оның ұлттық ғылыми
терминологияны қалыптастыруда ұстанған бағыты қазақ зиялылары тарапынан кең
қолдау тапты. Соның нәтижесінде ғылым тілінің, терминологияның негізгі ұлт
тілінде қалана бастады. Ж.Аймауытұлы, С.Қожанұлы, Ә.Бөкейханұлы,
Х.Досмұхамедұлы, Е.Омарұлы, Ж.Күдерин, М.Жұмабайұлы, сынды қазақ
зиялыларының еңбектері арқылы жүздеген жаңа терминдер қолданысқа енді.
Ең алдымен, мемтерминком қандай мақсатпен құрылды және қазақ
терминологиясының дамуына қандай үлес қосты деген мәселеге келсек,
негізінен бұл комиссия қазақ терминологиясының ғылыми-практикалық жұмысына
басшылық жасауды мақсат етіп қойды. Қазақ терминологиясына кеңестік
дәіуірдегі одан кейінгі даму, қалыптасу кезеңінде мемлекеттік терминология
комиссиясының өзіндік орны болды. Бұл комиссияның құрамында әр жылдары
көптеген қоғам қайраткерлері мен белгілі ғалымдар еңбек етті. Олар
терминком жұмысына басшылық жасап , термин қалыптастыруға өз үлестерін
қосты . Мемтерминкомның бекітумен талай терминдер қолданысқа еніп,
терминологиялық сөздіктер жарық көрді . Мысалы, 1959-1963 жылдары жарық
көрген орысша- қазақша 12 томдық терминологиялық сөздікті солардың қатарына
жатқызуға болады. Жалпы бүгінгі қолданыстағы ғылыми-техникалық
терминологияның қалыптасуына Мемтерминкомның тікелей қатысы болғанын айтқан
жөн. Терминком заман ағымына лайық жұмыс жүргізді. Нәтижесінде халықаралық
сипаты басым орыс терминологиясы мен ортақ терминдер қоры мол
терминологиялық жүйе қалыптасты. Орыс терминологиялық мектебінің басында
тұрған оның негізін қалаушылардың бірі Д.С. Лотте терминологияны
қалыптастырудағы үлкен кемшіліктердің бірі шет тілі элементтерін шектен тыс
көп қабылдау деп көрсеткен еді. Бізде де сондай кемшілікке орын берілді.
Қазіргі бүкіл терминлогиялық жүйені жарамсыз деп танып, оның
орнына тап-таза қазақ сөздерінен тұратын терминология қалыптастыру керек
деген мәселені ешкім қойып отырған жоқ.
Терминком өз қызметінің бастапқы Қ. Жұбанов басшылық еткен 4-5
жылында ғана терминология мәселелерімен тікелей айналысып, нақты істер
атқарыла бастаған. Одан кейінгі кезеңде бұл комиссияның сыннан көз
ашпауының бірнеше себептері бар. Оның ең бастысы – Қазақстанда терминология
мәселелерімен тікелей айналысып, терминологиялық жұмыстарды кәсіби деңгейде
жүргізетін , бүкіл республика бойынша үйлестіру жұмыстарын жүзеге асыратын
тұрақты мемлекеттік ресми органның болмауы. Бұл жөнінде 1992 жылы жарық
көрген Қазақ терминологиясына жаңаша көзқарас деген шағын еңбегінде
академик Ә. Қайдаров өте орынды айтқан деп білеміз. Онда былай делінген:
Терминология тағдыры 50 жылдан астам уақыт өз міндетін тек қоғамдық
негізде атқарып келген Қазмемтерминкомның қолына беріліп, оған мемлекет
тарапынан нақтылы қамқорлық жасалған емес. Сол бір үйреншікті дәстүрмен,
таптаурын жолмен тарта беру ендігі жерде тіл үшін қауіпті... Мемтерминком
бүгінгідей жартылай ресми ұйым емес, бүкіл термин шаруашылығына толық
жауап беретін, термин жасау, терминдерді ауыстыру, реттеу, қалыптастыру,
жариялау, қолдану сияқты т.б. ұшан-теңіз жұмысты ұйымдастырушы,
үйлестіруші, бағдарлаушы, бақылаушы, үкімет тарапынан қаржыландырылатын,
тұрақты мемлекеттік ресми орган ретінде статусы белгіленіп, қайта құрылуы
қажет.
Бұл комиссияның күні бүгінге дейін терминология мәселесін
түбегейлі шешуге дәрменсіздік көрсетіп келгенін жасыруға болмайды. Мәселен,
ол 10 жыл (1971-82) ішінде 3 мыңдай термин – атауды бекітіп, басып шығарған
екен. Бұл, әрине, белгілі бір істің көрсеткіші. Бірақ мұның терминкм 10жыл
ішінде өткізген 65 мәжілістің нәтижесі екенін ескерсек, әрбір осындай
мәжілісте орта есеппен 45 қана термин қаралып, бекітіліп отырған болады. Ал
қазақ тіліндегі терминологиялық лексиканың жалпы саны бүгінде 100 мыңнан
асады және оның шамамен 90 проценті әлі күнге дейін ресми бекітілмеген
терминдер мен атаулар. Сонда ісінің пайдалы коэффициенті 3-ақ процент
болғаны да. Ал шын мәнінде жаңадан жасалған, балама ретінде алынған және
сырттан қабылданған ғылыми-техникалық, өндірістік термин-атаулардың бәрі
Мемтерминком тарапынан сұрыпталып, мақұлданып, ресми бекітілуге тиіс қой.
Ондай тегеурінді әрекет бұл комиссия тарапынан бола қойған жоқ және болуы
да мүмкін емес еді.[8,83-85]
Республикадағы барлық терминологиялық жұмыстардың жүргізілуін
дұрыс жолға қою үшін алдағы уақытта терминология саласына тікелей жауап
беретін, терминологияны қалыптастыру мен дамытудың бағыт-бағдарын айқындап,
талдау, үйлестіру, қадағалау жұмыстарының жоғары кәсіби деңгейде
жүргізілуін қамтамасыз ететін құзыретті мемлекеттік орган құрылуы керек.
Біріншіден, терминология саласына тікелей жауап беретін орган
тұрақты жұмыс істеуге тиіс. Себебі терминологиялық жұмыстар ғылым мен
техниканың, мәденметтің басқа да арнаулы салалардың дамуымен бірге ұдайы
жүргізіліп отырылатын ауқымды жұмыстар кешенін құрайды. Екіншіден,
терминологиялық жұмыстарды жүргізумен мемлекет тарапынан қаржыландырылатын
ресми орган айналысуы керек. Үшіншіден, терминологиялық жұмыстарды
жүргізетін мекеме өкілеттілігі бар мемлекеттік орган болуы керек.
Төртіншіден, ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Термин сөздер және олардың қалыптасу жолдары
Ахмет Байтұрсыновтың тіл біліміне қажет терминдерінің жалпы сипаты
ХІХ ғ.екінші жартысынан 1930 жылға дейінгі аралықта орын алған өзгерістер және терминология мәселесі
Терминологияның зерттелуінің бастауы
Термин сөздер мен кәсіби сөздердің қолданылу ерекшеліктерін оқыту
Ғалым аты біліммен, тіл біліміне сіңірген еңбегімен өлшенбек
Әдеби тіл лексикасының салалары
Дипломатиялық құжат тілінің терминдері
Қазақтың ғылыми терминологиясын қалыптастырудағы Ахмет Байтұрсынұлының рөлі
КІРМЕ СӨЗДЕРДІ СЫНЫПТАН ТЫС ОҚЫТУ
Пәндер