О.Бөкеев шығармаларындағы бейвербалды амалдар



Кіріспе бөлім

Негізгі бөлім
1. Бейвербалды амалдардың теориялық сипаттамасы
1.1 Бейвербалды амалдардың зерттелу жайы
1.2. Бейвербалды амалдың сипаттамасы және көркем шығарма тілі
1.3. О.Бөкеев шығармаларындағы кинесикалық амалдардың классификациясы
1.4. Бейвербалды амалдардың ұлттық.мәдени негізі және оның О.Бөкеев шығармаларындағы көрінісі
1.5. О.Бөкеев шығармаларындағы бейвербалды амалдардың қолданылу аясы
1.6. О.Бөкеев прозасындағы бейвербалды амалдардың мағыналық өрісі. Бейвербалды синонимдер
1.7. Бейвербалды омонимдер
1.8. Бейвербалды антонимдер
1.9. Сәлемдесу және қоштасу рәсімінде қолданылатын бейвербалды амалдар
1.10. Тыйым ретінде кездесетін бейвербалды амалдар

Қорытынды бөлім
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
О.Бөкеев шығармаларының тізімі
Қосымша

Пән: Әдебиет
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 63 бет
Таңдаулыға:   
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ
ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗДАР ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ИНСТИТУТЫ

Диплом жұмысы

Тақырыбы:

О.Бөкеев шығармаларындағы бейвербалды амалдар

Орындаған: Жағыпарова Майра Мұсақызы
Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы
бойынша (0307), 4 жылдық, 403 топ

Ғылыми жетекші: Исаева Жанар Тұрсынбайқызы,
ф.ғ.к.; доцент,

Сарапшы:
А.Әбдірайымұлы Әл-Фараби атындағы Қазақ
Ұлттық Университеті,
мерзімді баспасөз кафедрасының
аға оқытушысы;
Қазақстан Журналистер
Академиясының академигі;
публицист, “Санат”
баспасының директоры.

Қазақ тіл білімі кафедрасының мәжілісінде талқыланып, қорғауға жіберілді

Хаттама №____

Кафедра меңгерушісі ф.ғ.к.; доцент Т.Н.Ермекова

Алматы, 2007
Мазмұны

Кіріспе 3
бөлім ... ... ... ... ... ... ... . ... ... ... ... ... ... ... ...
... ... ... ... ... ... ... ... . -
-
Негізгі 4
бөлім ... ... ... ... ... ... ... . ... ... ... ... ... ... ... ...
... ... ... ... ... ... ... ... .. 7
1. Бейвербалды амалдардың теориялық сипаттамасы
1.1 Бейвербалды амалдардың зерттелу 14
жайы ... ... ... ... ... ... ... .. ... ...
1.2. Бейвербалды амалдың сипаттамасы және 27
көркем шығарма
тілі ... ... ... ... ... ... ... .. ... ... ... ... ... ... ... ... -
... ... ..
1.3. О.Бөкеев шығармаларындағы кинесикалық амалдардың 34
классификациясы ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... 41
... ... ... ... ... ... ... 46
1.4. Бейвербалды амалдардың ұлттық-мәдени негізі және оның
О.Бөкеев шығармаларындағы 47
көрінісі ... ... ... ... ... ... .. ... ... ... ... .. 53
1.5. О.Бөкеев шығармаларындағы бейвербалды амалдардың қолданылу
аясы ... ... ... ... ... ... ... .. ... ... ... ... ... ... ... ... 59
... ... ... ... ... 62
1.6. О.Бөкеев прозасындағы бейвербалды амалдардың мағыналық өрісі.64
Бейвербалды 65
синонимдер ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... .
1.7. Бейвербалды
омонимдер ... ... ... ... ... ... . ... ... ... ... ... ... ... ...
... ... .
1.8. Бейвербалды
антонимдер ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...
... ... .
1.9. Сәлемдесу және қоштасу рәсімінде қолданылатын бейвербалды
амалдар ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...
... ... ...
1.10. Тыйым ретінде кездесетін бейвербалды
амалдар ... ... ... ... ... ... ..

Қорытынды
бөлім ... ... ... ... ... ... ... . ... ... ... ... ... ... ... ...
... ... ... ... ... ...
Пайдаланылған әдебиеттер
тізімі ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...
О.Бөкеев шығармаларының
тізімі ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...
Қосымша ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...
... ... ... ... ... ... ... ... .


К І Р І С П Е
Қазақ тіл білімінде көркем шығарма тілін стилистикалық тұрғыдан
қарастырумен бірге коммуникативтік, танымдық жағынан зерттеу ерекше орын
алады. Ол тілсіз қарым-қатынастың әр түрлі қырларын сипаттайды. Бейвербал-
ды амалдардың қолданылу ерекшеліктері, білдіретін мағыналары, олардың
ұлтымыздың мәдениетімен, салт-дәстүрімен, әдет-ғұрпымен, ұлттық-мәдени
ерекшеліктермен байланысы қазақ тіл білімінде жан-жақты талданып, жүйе-
ленген деп айту қиын. Қарым-қатынастың бейвербалды түрін, жасалу жолдары
мен қарым-қатынастағы табиғатын ашып көрсету, оның көркем әдебиеттегі
көрінісі мен алатын орнын талдап-жүйелеу көркем шығарманы автор ойын терең
түсінуге ықпал етеді. Мұндай мақсатқа жетуге арқау болар тілдік
материалдардың бірден-бір қайнар көзі – жазушылар шығармашылығы.
1960–1970 жылдардағы қазақ прозасында көрнекті жазушылардың бірі (
Оралхан Бөкеев. Жазушы О.Бөкеев сан қырлы тақырыптарда үзбей қалам
тербеген. Жазушының прозалық, драмалық туындылары, көркем публицисти-касы
әдебиетіміздің асыл қорына рухани қазына болып құйылды. “Оның шығармалары
дүние жүзі әдебиетінің тұнығынан жүзіп ішкен орыс, ағылшын, француз, неміс,
жапон, араб, қытай т.б. ұлы халықтар тілдеріне аударылып басылып, биік
өркениетті бүкіл дүние оқырмандарының талғам таразысынан өтті, шынайы
рухани сұранысына айналды”.
Жазушы шығармашылығын таза лингвистикалық тұрғыдан зерттеу қолға
алына бастады. Бұл ретте А.Сембаеваның “Көркем шығармадағы эмоционалды-
экспрессивті лексика” (О.Бөкеев шығармалары бойынша) атты еңбегін атауға
болады. Ауызекі сөйлеу тіліндегі бейвербалды амалдар жазушы шығармалары-нан
кең көрініс тапқан. Әсерлілік пен бейнелілік түрлі амал-тәсілдер арқылы
жүзеге асады. Сондай амалдардың бірі – көркем бейне жасаудағы бейвербалды
амалдардың қызметі. О.Бөкеев шығармалары осындай бейвербалды амалдарға бай.
Жазушы бейвербалды амалдарды пайдалана отырып, өзінің стильдік шеберлігін
шыңдайды. О.Бөкеев кейіпкерлерінің ішкі жан дүниесі, психоло-гиясы
бейвербалды амалдар арқылы ашыла түседі. Мысалы, “Қайдасың, қасқа
құлынымдағы” – Ораш, “Өліарадағы” – Қойшы, “Елең-алаңдағы” – Зарлық, “Құм
мінезіндегі” – Бархан, “Өз отыңды өшірмедегі” – Дархан, “Сайтан көпір-дегі”
– Аспан сынды кейіпкерлердің жан дүниесін, характерін, ішкі күйзелісін
бейвербалды амалдармен, яғни, ым-ишаралармен аша білуінен автордың шеберлік
мектебінің ауқымдылығын байқауға болады. Қаламгер сомдаған кейіпкерлердің
ішкі жылылықпен қол алысып амандасуы, қауыша құшақтасуы, қуанышпен
күлімсірей қарап, маңдайынан сүюі – ұлтымыздың мейірбандығы-ның, асыл
тәрбиесінің, сыпайыгершілігінің, ұлттық-мәдени ерекшеліктерінің көрінісі.
Бейвербалды амалдарды өз орнымен қолдану, шығарманың танымдық-тағылымдық
мәнін күшейтіп, әсерлілігін арттыра түсетіндіктен, бұл мәселені зерттеу
тілдік және тілсіз қатынасты жете меңгеруге жол ашады.
Бейвербалды амалдар мәселесі М.Мұқанов, С.Татубаев, Қ.Қажығалиева,
С.Бейсембаева, М.Ешимов сынды зерттеушілердің еңбектерінде сөз болып
талданды. Ғалымдар қазақ тіліндегі бейвербалды амалдарды мәндік-мазмұндық
тұрғыдан әр түрлі қырынан қарастырады.
1. Бейвербалды амалдардың теориялық сипаттамасы
1.1 Бейвербалды амалдардың зерттелу жайы
Қарым-қатынас тілдік қатынасқа қоса хабарға немесе сөйлесімге көмекші
қызмет атқаратын бейвербалды амалдарды қажет етеді. Себебі қатынас немесе
көркем мәтін тілдік қарым-қатынастың сыртында дауыстың құбылмалы
реңктерінен, тембрінен, қарқындылығынан, қимыл-әрекеттерінен, дене
қимылдарынан, бет-әлпеттегі өзгерістерден де құралады. Олардың әрқайсысы
баяншы мен қабылдаушы арасындағы қатынастың мақсатын ашады, түсінуге
мүмкіндік береді.
Тілсіз қарым-қатынасқа деген қызығушылық ежелгі дәуірлерден бастау
алды. Ұлы грек философы Платон дене қимылдарын қолдануды жоғары бағалаған.
Тіпті екі мың жыл бұрын өмір сүрген Цицерон шешендерге барлық жан қимылы
ишаралармен үстемеленуі тиіс екендігі жайлы кеңес берген.
Бейвербалды амалдарды алғаш зерттеу Г.Спенсер, В.Вундт, Ч.Дарвин
еңбектеріннен бастау алған. Ч.Дарвиннің 1872 жылы жарық көрген “Эмоцияның
адам және жануарларда бейнеленуі” атты еңбегінде тілдің шығу тарихы мен ым-
ишараның дамуындағы байланыстарды ұштастырады. Зерттеуші осы күнгі адамда
байқалатын айтайын деген бір ұғымды жеткізуге арналған қозғалыстардың
біразы біздің ерте кездегі ата-бабаларымыздың тіршілігінде елеулі орын
алған әрекеттердің қалдығы екендігін айтады. Ч.Дарвиннің қазіргі
“бейвербалды амалдарға” қатысты айтқан тұжырымдары мен бақылауларын бүгінгі
күні әлемнің барлық ғалымдары мойындайды. Көптеген ғалымдар бейвербалды
амалдардың сөйлеудегі ерекшеліктерін анықтай келе, адам өмірінде қайсысы
қандай қызмет атқаратынына айрықша назар аударған. Мәселен, француз
психологы Альберт Мейербиан қарым-қатынас кезінде вербалды амалдар (тек
сөз) – жеті пайыз, дыбыс, интонация – отыз сегіз пайыз, бейвербалды
амалдар – елу бес пайыз қолданылады деген пікір айтқан. Ал профессор
Бердвислл адамдар қарым-қатынасында отыз сегіз пайыз – сөз, алпыс бес пайыз
– хабар бейвербалды амалдардың көмегімен беріледі деп тұжырымдайды.
Бейвербалды амалдардың қарым-қатынас құралына айналуында адамның дене
мүшелерінің бәрі де қатысады. Осыған байланысты шетел және орыс тіл
білімінде “Язык жестов”, “Языка тела”, “Язык лица” т.б. еңбектер,
зерттеулер жарық көрген.
Тіл білімінде бейвербалды амалдарды паралингвистика (грек тілінде apa
– қасында, жанында және латынның lingua – тіл деген сөздерінен құралған)
қарастырады. Паралингвистика терминін қырқыншы жылдары американдық
зерттеуші, ғалым А.Хилл енгізген. Лингвистикалық түсіндірме сөздікте бұл
терминге мынандай анықтама берілген:
1) сөйлеуде қолданылатын мағыналы хабар жеткізуші, бірақ тілге
жатпайтын құралдар;
2) тілдік байланысқа қатысатын тілдік емес (вербальды емес) құралдардың
жиынтығы.
Бейвербалды амалдар – өз мәні мен өзектілігін қазіргі таңда да
жоғалтпаған мәселелердің бірі. ХХ ғасырдың елуінші жылдарынан бастап бұл
сала аса үлкен қарқынмен зерттелді. Шетел тіл білімінде бейвербалды
амалдар елуінші жылдардың басында қолға алынды.
Терминді алғаш ұсынған ғалым А.Хилл болса, жаңа ғылым саласының зерттеу
нысанын белгілеген, бейвербалды амалдар мәселесін алғаш ғылыми тұрғыдан
зерттеушілердің бірі – Дж. Трейгер. Зерттеуші бейвербалды амалдар-ды
кинесика және паралингвистика деп екіге бөліп қарастырады. Паралин-
гвистикалық амалдарға просодикалық яғни, дыбыстық ерекшеліктерді
жатқызады.
Қарым-қатынастың бұл түрі қазақ тіл білімінде тек соңғы жылдар жемісі
болса да, бейвербалды амалдардың қызметі туралы ойларды, терең тұжырым-
дарды ертеден кездестіруге болады. Атап айтсақ, бейвербалды амалдар туралы
көзқарастар, алғашқы ойлар қазақ филологиясының тұңғыш профессоры Қ.Жұбанов
еңбегінде кездеседі. Ғалым ымның ерекшелігі туралы былай дейді: “Ауызекі
сөйленетін сөздердің андай-мұндай қисығын елетпейтін басқа жағдайлар бар.
Дыбыстап сөйлеген сөздің олқысы, көбінесе, ыммен толығады. Тіпті бірінің
тілін бірі білмеген я болмаса, бірінің тілі мүлде жоқ болған уақытта да,
ыммен ылаждап түсінуге болады”. Қ.Жұбановтың ойынан бейвер-балды амалдар
ауызекі тілдің ажырамас бөлігі екенін, сонымен қатар қарым-қатынасқа
көмекші компонент ретінде рөл атқаратынын аңғаруға болады.
Сондай-ақ тілші М.Балақаевтың зерттеу еңбектерінде де бейвербалды
амалдарға қатысты мәселелер сөз етіледі. Ғалым бейвербалды амалдарды
сөйлеудің қосымша амал-әрекеті ретінде қарастырады. “...Сөйлеу әр уақытта
сөйлеу жағдайында өтеді: дауыс ырғағы, екпін, қимыл, ым, нұсқау, қол
көтеру, көз қысу, бас изеу, күле, ызалана... сөйлеу, бәрі – ойды дәл
жеткізе айтудың қағазға түсе бермейтін қосымша амал-әрекеттері”, – деп
қорытындылайды.
Психолог-ғалым М.Мұқановтың қазақ халқының салт-дәстүрі мен тұрмысында
кездесетін ұлттық-мәдени сипатқа ие бейвербалды амалдарды алғаш психология
ғылымымен байланыстыра талдайды. М.Мұқанов қазақ халқының тұрмысында
кездесетін бейвербалды амалдардың 28 түрін жинақтай келе, бірнеше топқа
жіктейді: сәлемдесу амалдары (көрісу, сәлем ету); алғыс айту амалдары (ас
қайыру, сарқыт беру, бата беру); үлкендерді немесе сыйлы адамдарды
қошеметтеу амалдары (бас беру, жездеге төс беру, ауыз тию, жолаушының
түсуі, ақ байлау); тілек амалдары (бата беру); кемсіту немесе қорлау
амалдары (теріс бата беру, келген кісіні табалдырықта қабылдау, келген
адамға ішек-қарын беру); қайғы амалдары (жылау, көрісіп жылау); ант, серт
амалдары; тұрмыс амалдары (шашу, кесені төңкеріп қою, дастархан қайыру);
салт-дәстүр амалдары (ерулік, із келсе шығарып салу); таңғалу амалдары
(бетім-ай); өтініш амалдары (кіндік шешенің құттықтауы); өзгешелік
амалдары.
Академик Ә.Қайдар қазақ қауымында өзіндік мағына-мәні бар тізе бүгу,
қол шапалақтау, жұдырық түю, сақал сипау т.б. амалдарды бейвербалдық
әрекеттер деп қарастырады.
С.Татубаев “Жесты как компонент искусства” еңбегінде қазақ халқының
тұрмысында қолданылатын ишаралар мен опера, драма өнерінде кездесетін
ишараларды салыстыра зерттейді. Автор: “Күнделікті қарым-қатынаста
қолданылатын ишаралар мен драма және операда кездесетін ишаралардың бір-
бірінен айырмашылығы жоқ. Өйткені қарым-қатынаста және сахна өнерінде
қолданылатын ишаралардың беретін мағынасы мен атқаратын қызметі бірдей”, –
деп өз ойын қорытындылайды.
С.Бейсембаеваның “Невербальные компоненты коммуникации в казахском
языке” атты ғылыми еңбегінде коммуникацияның бейвербалды компонент-терінің
ұлттық-мәдени ерекшеліктері сараланды және олардың аудармасы,
фразеологизмдермен сәйкестік дәрежесі анықталды. Ғалым еңбегінде қазақ
тіліндегі қарым-қатынастың бейвербалды компоненттерінің классификациясы
алғаш рет ұсынылды.
М.Ешимовтың “Ым семантикасы: универсалды және ұлттық табиғаты”
диссертациясы әр түрлі халықтар қарым-қатынасындағы бейвербалды амалдар-дың
ұқсастықтары мен айырмашылығын, әлеуметтілігін анықтауға арналған.
Бейвербалды амалдарға қатысты пікірлерді Г.Сәрсекенің зерттеу жұмысы-
нан кездестіруге болады. Ғылыми еңбекте Р.Сейсенбаев шығармаларындағы
кейіпкерлердің бет өзгерісін, ым, дене қимылы және дене тұрысын сипаттайтын
сөздер мен сөз тіркестері қарастырылған. “Көркем шығармада кейіпкердің бет,
дене қимылы және дене тұрысы тілдегі етістікті және есімді сөз тіркестері
арқылы суреттеледі. Әсіресе, грамматикалық сипатына орай етістікті сөз
тіркестері – қолданылу жиілігі жоғары”, – дей келе, бармағын тістеді, басын
шайқады, қасын керді, ерні дірілдеді, аузын ашты т.б. сияқты мысалдар
келтіреді.
Бейвербалды амалдарға байланысты зерттеулерді герман тілдерінен кездес-
тіреміз. Мәселен, Н.Л.Грейдинаның “Взаимодействие вербальных и невер-
бальных средств в коммуникативном акте”, В.Б.Беглованың “Лексика поля”
(кинесика), А.В.Дементьевтің “Семантико-функциональные аспекты кинемати-
ческих речении в современном английском языке”, И.В.Серяковтың “Лексико-
семантические и коммуникативно-функциональные особенности языковых единиц,
описывающих невербальное средство коммуникации “голос” в совре-менном
английском языке”, О.А.Яноваяның “Номинативно-коммуникативный аспект
обозначения улыбки как компонента невербального поведения” атты ғылыми
еңбектері ағылшын тілі материалы бойынша жазылған болса, Р.Ф.Шлапаковтың
“Номинации кинесических средств речевого общения как лексико-графическая
проблема” (қазіргі неміс тілі сөздіктері бойынша) тәрізді еңбектері неміс
тілінің материалдары негізінде жазылған.
Бейвербалды амалдар – ауызекі сөйлеу тілінің ажырамас бөлігі. Қарым-
қатынас кезінде бейвербалды амалдар тілдік амалдармен қатар қолданылып,
сөйлесім әрекетін жеңілдетеді. С.Аленикова: “Біз ишарасыз, ымсыз сөйлей
аламыз ба? Күмәнданамыз. Өйткені, ымсыз, ишарасыз біздің қарым-қатынасымыз
қиындай түседі. Ым-ишара сөйлесім әрекетіне қосымша мағына беріп,
толықтырып отырады”, – деп тұжырымдайды.
Т.М.Николаеваның: “Любая речь не сводится только к вербальному языку;
без специфических невербальных средств (мимики, жеста) речь неестественна,
мертвенна”, – деген ойынан бейвербалды амалдардың сөйлеудегі атқаратын
қызметін аңғаруға болады.
В.М.Верещагин, В.Г.Костомаров бейвербалды амалдарды іштей екіге бөліп
қарастыруды ұсынады:
1. Соматизм тілі. Бұл топқа ишара, дене қалыбы, мимика, бет-әлпет
кескіні және әр түрлі адам жүзінде байқалатын психосоматикалық симптомдарды
енгізеді.
2. Ғұрыптық тіл. Бұл топқа бір әлеуметтік топтың әдет-ғұрпымен,
этикетімен, салт-дәстүрімен байланысты дене қимылдарын жатқызады.
Г.В.Колшанскийдің кез келген еңбегін алып қарасақ та, бейвербалды
амалдарға қатысты айтылған көптеген құнды ойлар мен тұжырымдарды
кездестіруге болады. Ғалым бейвербалды амалдардың зерттелуіне шолу жасай
келіп, өзінің “Паралингвистика” деген еңбегінде былай дейді: “Пара-
лингвистикалық амалдар тілдік қатынаспен қатар қолданылып, қосымша хабар
береді. Бұл амалдарға әр түрлі дыбыс ерекшеліктері, сонымен қатар мимика,
ишара, дене қимылдары жатады”.
Бейвербалды амалдардың зерттелуі жайына шолу жасай келе, бейвербалды
амалдар тек қазақ халқына ғана тән емес, ол барлық халықтың қарым-
қатынасында бар құбылыс.

2. Бейвербалды амалдың сипаттамасы және көркем шығарма тілі
Адамдар тек сөйлесу арқылы ғана қарым-қатынас жасамайды. Кейде олар
белгілі бір шартты келісімдер немесе белгілер арқылы тілсіз-ақ ұғынысады.
Бұл да – адамдар арасындағы қарым-қатынастың бір түрі. Семиотикалық таңба-
белгілерден өзгеше адамдардың ыммен түсінісуі және көздің, ауыздың,
қабақтың қимыл-қозғалыстары арқылы ұғынысуы сияқты көп белгілер бар. Тіптен
дене мүшелерінің (қолдың, аяқтың, иықтың т.б.) әр түрлі қимыл-әрекеттерінің
өзін неше саққа жүгіртуге болады. Баяншы айналасындағылармен алуан түрлі ым-
ишара, белгі, бас шайқау, қол сілтеу, иек қағу, бас изеу, әр түрлі эмоция
таныту арқылы өз ойынан хабар бере алады. Бейвербалды амалдар арқылы сан
қилы ақпарат алуға болады. Мысалы, телефон арқылы сөйлеп тұрған дауысқа мән
бере отырып, сөйлеушінің жас мөлшерін, көңіл-күйін, байқауға болады. Немесе
алдыңызда отырған сөйлеушінің бет-жүзіндегі өзгерістеріне, қимыл-
әрекеттеріне қарап отырып, оның мінезі, көзқарасы, көңіл-күйі, жеке
тұлғалық қасиеті жайлы хабар ала аласыз.
Тілдік қатынас кем дегенде екі адамның қатысы арқылы жүзеге асады.
Бірі хабарды жіберсе, екіншісі оны қабылдап алады. Тіл білімінде ғалымдар:
алу, беру, қабылдау, жеткізу, жіберу т.б. сөздерін ғылыми айналымда көп
қолданылатындықтан белгілі бір терминдермен алмастырып айтуды ұсынады.
Хабар беруді – трансмиссия, қабылдауды – рецепция, осыған байланысты хабар
берушіні – трансмиссор, хабар қабылдаушыны – реципиент деп көрсетеді. Бұл
мәселе туралы қазақ тіл білімінде тілдік қатынастың теориясы мен
әдістемелік негізін зерттеген ғалым Ф.Ш.Оразбаева былай дейді: “...ерекше
орын алатын тілдік қатынастың негізгі мазмұны, мәні, мағынасы болып
табылатын – хабарды іс жүзіне асырушылар, хабарға тікелей қатысушылар.
Олар мынадай құрамнан тұрады:
1. Белгілі бір ақпаратты, деректі хабарлайтын – Баяншы.
2. Ақпаратты жеткізетін – Тұлғалар.
3. Ақпаратты не деректі жеткізетін – Қабылдаушы.
Баяншы – сыртқы объективтік әсерді, өмірді сезінуден, пайымдаудан туған
санадағы ойды түрлі тілдік амал-құралдардың, тұлғалардың көмегімен екінші
біреуге баяндауды, хабарлауды жүзеге асыру үшін тілдік байланысқа қатысушы,
тілдік қарым-қатынасқа түсуші.
Тұлғалар – хабарлаушыдан шыққан дерек туралы басқа адамның санасында
ұғым тудыратын, оған ақпараттың түсінікті болуын қамтамасыз ететін, адамдар
арасындағы қарым-қатынасқа байланысшы ретінде қызмет атқаратын қатысымдық
бірліктер.
Қабылдаушы – белгілі бір хабарды қабылдап алып, оның мәнін тілдік
тұлғалар арқылы түсініп, ой мен пайымдау арқылы өз санасына өткізіп
ұғынудың нәтижесінде тілдік қатынасты ары қарай іске асырушы.
Кез келген түсіністік қарым-қатынас әр түрлі бейвербалды амалдармен
бірге жүруі мүмкін. Яғни коммуниканттар әрі вербалды, демек тіл арқылы, әрі
бейвербалды, яғни тілдік емес факторлар арқылы қарым-қатынас жасай алады.
Жалпы адамдардың қарым-қатынасына қатысты әрекеттер екі үлкен тармақтан
тұрады. Оның бірі – тілдік қатынас, екіншісі – тілсіз қатынас. Ғалым
Ф.Ш.Оразбаеваның еңбегінде тілдік қатынас пен тілсіз қатынастың
айырмашылықтары мен ұқсастықтары көрсетілген:
1) адамдардың бір-бірімен байланысын қамтамасыз етеді, яғни адамдар
арасындағы қатынасқа қызмет етеді;
2) тілдік қатынаста да, тілсіз қатынаста да белгілі бір нәрсе
хабарланады, бірақ тілсіз қатынаста хабар шартты түрде болуы мүмкін;
3) тілдік, тілсіз қатынас та адамдардың өзара түсінісуіне жол ашады.
Ғалымдар тілдік қатынасты – вербалды, тілсіз қатынасты – бейвербалды
амалдар деп атайды.
Ғалымдар мен зерттеушілердің пікірлерін жинақтап, сұрыпталған
материал-дар мен бейвербалды амалдарға берілген тұжырымдарын қорытындылап
жинақтай келе, бейвербалды амалдар – вербалды амалдарды толықтырып, оларға
қосымша мағына үстейтін, коммуникативтік актіні жалғастыруға қызмет ететін,
адамдардың өзара түсінісуін қамтамасыз етуге көмектесетін қарым-қатынастың
түрін айтамыз.
Көркем шығармада бейвербалды амалдар мынандай негізгі қызмет
атқарады:
1. Қарым-қатынас кезінде бейвербалды амалдар вербалды компоненттерді
қайталай қолданылады. Мысалы, – Анау алдыңда жатқан жылқының бәрі сенікі, –
деді Омар үркердей үйіріліп, азайып қалған жылқыны қамшысымен сілтей
көрсетіп (“Өз отыңды өшірме”). (Анау есімдігі + нұсқау немесе меңзеу
кинемасы).
Осекең тырқылдап күліп, басын қақшаңдата көтерді де:
– Бикеш, отырыңыз, ұялмаңыз, – деп қызға орын нұсқады (“Өз отыңды
өшірме”).
– Отыр, – деп, аяқ жағын нұсқады Аспан шал (“Сайтан көпір”). (Вербалды
амал + нұсқау немесе меңзеу кинемасы).
2. Бейвербалды амалдар кейбір вербалды компоненттерді жартылай
алмастырады. Мәселен, Матвей маған шапшыған қанды көрсетіп: – Ұртта, балам,
Сарқынды атаң секілді жүз жасайсың, – деді. Мен басымды шайқадым, сонсоң,
өзі сорғалаған қаннан ұрттап-ұрттап алды да тісін ақшита күліп бізге қарады
(“Қайдасың, қасқа құлыным”).
Тастың алғашқы қызуы басылып қалған ба: – Осы жекпе-жекті кейінге
қалдырсақ қайтеді, – деп еді, анау басын шайқап, келіспейтін сыңай танытты
(“Жетім бота”).
Келтірілген мысалдардан бас шайқау кинемасының “жоқ” репликасының
орнына қолданылғанын көруге болады.
3. Бейвербалды амалдар вербалды амалдарды толығымен ауыстыра алады.
Мысалы, Мұса есік жақтағы бадырақ көз жыпылық қара бұжыр жігітке иек қақты.
Бұл үйдің әр ым-жымын, қас қақтырмай сезу қадетіне қалыптасып кеткен жігіт
сыртқа тұра атылды (“Сарыарқаның жаңбыры”).
Бәтима ымдап шамды өшір дегендей ишара жасады. Келіні: “О, несі,
қараңғы үйде отырамыз ба?” дегендей, дел-сал қалып аңғартқан (“Алтыбақан”).

Бұл мысалдардан коммуниканттардың бейвербалды амалдар арқылы ғана қарым-
қатынас жасағанын аңғаруға болады.
Бейвербалды амалдардың қолданылу мақсаты төмендегідей жағдайлармен
тығыз байланысты:
1) қарсыластар бір-бірінің тілін білмеген жағдайда:
– Я тебя испугала? – деді орысшалап. Нұрлан бұл сөзді ұққанына есі
қалмай басын изеді (“Мынау аппақ дүние”).
2) айқай-шу, дабыр кезінде:
Қатынның құлаққашты қылар шуы қаншалықты айғайласаң да анық естіртпей,
тек шың-шыңдыған үзік-үзік үн ғана жетер еді. Бірақ Ерік “Атың кім?!” деп
және озаңдады. Қыз басын шайқады. Ести алмадым деген сыңай танытты (“Атау
кере”).
3) қатты қорыққан жағдайда:
Қыр желкесінде тышқан аңдыған мысықтай төбеге мініп отырған жігіттің
алдындағы айнаға түскен сұлбасын жаңа ғана байқап: “ой, апа” деп шошып
ыршып түскен.
– Не болды саған? – деді Дүрия түкке түсінбей.
Жылан шағып алды ма? – Гүлия үндеген жоқ. Сұрлана дірілдеп төбені
нұсқай берді (“Өз отыңды өшірме”).
4) адамдар арасында белгілі қашықтық болған жағдайда:
Осы сәтте бозаң дала енді шоқаттанып, бөртек төбешіктерге ұласа
бастаған; осы сәтте, сол жыбырлаған төбешіктің бірінен қалбаңдаған кісінің
сұлбасы көрінді де қол бұлғап айғайлағандай болды.
– Қайт! Кейін қайт! Өлесің!
Сонау төбенің басында бас киімін алып айғайлап тұрған адамның даусын
жел қағып, бұларға естітпеді (“Өз отыңды өшірме”).
5) коммуниканттардың бірінің тілінің кемістігі немесе құлағының
ақаулығы болған жағдайда;
6) бір адам екінші адамның сөзін бөлмеу мақсатында (жиналысқа кешігіп
келген адамның әріптестерімен қол көтеру, жымию немесе бас изеу арқылы
амандасуы);
7) толық тыныштық талап етілген жағдайда;
8) адамның уақытша сөйлеу мүмкіндігі болмаған жағдайда (мысалы, тамақ
ішіп отырғанда т.б.).
Көркем шығарма құрылымында вербалды амалдар арқылы берілетін сөйлесім
әрекеттері немесе кинесикалық, просодикалық, проксемикалық ерекшеліктер
“сөз өнерінің” көмегі арқылы жүзеге асады. Кейіпкерлердің көзқарасы, бір-
біріне қарым-қатынасы оның мимикасынан, дене қимылынан, дене қалыбынан,
күлкісінен, ишарасынан байқалады.
Бейвербалды амалдардың көркем шығармада берілуінің бірнеше жолдары бар:
1) бейвербалды амалдар бір сөзбен беріледі. Мысалы, ыржию, тыржию,
ажыраю, қыржию т.б.
– Сау болыңыз, – деді Бақытжан ыржиып (“Қар қызы”).
– Бұл тауып айтқаның емес, – деді орнынан көтерем сиырдай созалаңдап
тұрған Таған кіржиіп (“Атау-кере”).
Есікте жүрген құлдың да бір аяқ астық құны бар емес пе, – деп шаптыға
ежірейді (“Атау-кере”).
2) бейвербалды амалдар фразеологизмдермен беріледі.
Қазақ тілі сөз байлығының құнарлы да қуатты саласына фразеологизмдер
жатады. Фразеологизмдердің жасалуында: көз, мұрын, бет, ауыз, тіл, тіс,
қол, аяқ т.б. дене мүшелерінің қызметі айрықша. Орыс тіл білімінде фразеоло-
гизмдер мен бейвербалды амалдардың байланысын зерттеген Е.В.Красиль-
никованың “Жесты и языковые фразеологизмы”, А.В.Филиппов, В.Д.Кут-
ловскаяның “Фразеологизмы и жесты” атты еңбектерін атап кеткен жөн.
Е.В.Красильникова: “Условный жест – фразеологизованное явление в жестовом
языке и языковой фразеологизм имеют семиотическое родство. Поэтому не
случайно, что проекция условного жеста в язык – словесное описание жеста –
нередко представляет собой фразеологический оборот. То, что фразеологизм в
языке может возникать на базе жеста, легко объяснимо”, – дей келе бірқатар
фразеологимдер бейвербалды амалдар негізінде пайда болғандығын айтады.
Қазақ тіл білімінде тілші Г.Смағұлова жалпы дене қимылына негізделіп
жасалған тұрақты тіркестер түрін “кинетикалық” фразеологизмдер деп атап,
оған: табанынан тік тұру, қол қусыру, зыр жүгіру, елбек қағу, құрақ ұшу,
қолдан қолға түсірмеу, өкшесін жерге тигізбеу, жаны қалмау, бәйек болу,
қошемет көрсету, жатып жастық, иіліп төсек болу, шапан жабу, т.б. сияқты
мысалдар келтіреді.
Бұндай тұрақты тіркестер қатарына бейвербалды амалдар негізінде
жасалған адамның іс-әрекетін, қимылын бейнелейтін фразеологизмдерді
жатқызуға болады. Мысалы: теріс қарау (жақтырмау), бармағын тістеу (өкіну,
қапалану), құшағын жаю (қуанышпен қарсы алу), қабағынан қар жауу (қатты
ашулану), екі көзі шарасынан шығу (қатты қорқу), мұрнын көкке көтеру
(менсінбеу, өзін жоғары ұстау), мұрнын тыржиту (менсінбеу), санын сабалау
(қатты қуану), желкесін қасу (мәселенің шешімін таба алмай дағдарып қалу),
білегін сыбану (жұмысқа белсене кірісу), ернін шүйіру (біреуді жақтырмау,
менсінбеу), тісін қайрау (ыза болу, кектену), таңдайын қағу (қатты таңдану,
қайран қалу).
Бейвербалды амалдар көркем шығармада образ сомдауға қажет маңызды
элемент.
Қоғамның өзгеруіне қарай тұрмыста сирек қолданылып, бірте-бірте
қолданыстан шығып қалған бейвербалды амалдар бар. Бұндай амалдар архаизм-
бейвербалды амалдар болып саналады.
Мысалы, ат құйрығын кесу – ежелгі кезде араздасқан, бірін-бір
көрместей болған адамдар кетіскенде өз аттарының қыл құйрығын кесіп, артына
қарамай аттанып кететін болған.
Туырлығын тілу – өштескен адамдардың бір-біріне көрсететін зәбірі.
Мұның арты ертеректе дау-жанжалға, ұрыс-керіске, тіпті жауласуға дейін
апарған.
Отының басын сабау – ел ішінде әлі келгендер әлсіздерге немесе жетім-
жесірлерге шектен тыс тізесін батырған кездер болған. Осындай жағдайда
кеткен есесін шамасы келмейтін әлсіздер зорлық қылғанның ауылына барып,
оның үйін, от басын сабап, күлін шашқан. Есесі кеткендер бұған қанағат
тұтып, өшін алғандай сезімде болған.
Артынан топырақ шашу – қатты жек көріп, көңілі әбден қалған адамға
қарсы әрекет. Ол – “енді көрмегенім сен бол”, “қараң батсын” деген қарғыс
қимылы. Бұл бейвербалды амалды Б.Әбілқасымов халықтың ежелгі әдет-ғұрпымен
байланыстыра қарастырады.
Мысалы, мал иесіне қасқыр жоламас үшін бір уыс топырақты алып, үш
қайтара арбау оқып, қораны айналдыра шашатын ырым халық санасынан орын
алған. Бұдан соң қасқыр қораға кіре алмайды, кірсе де жағын аша алмайды деп
сенген. Яғни, халық сенімінде топырақ шашу ырымы арқылы қауіпті санаған
тіршілік иесінен өзін сақтандыруға болады деген наным қалыптасқан.
Бетіне күйе жағу, сиырға, есекке теріс мінгізу – масқаралау, жазалау
кинемалары. Жеті жарғының жазалау дәстүрінің бірі – ар жазасы. Бұл жаза
негізінен туған-туысқан арасында болған теріс қылықтар барысында
қолданылатын болған. Ол екі түрде жүзеге асты. Бірі – масқаралау, екіншісі
– елден қуу. Бұл жазаның басты мақсаты – құқық бұзған адамды ел арасында
ұялту. Масқаралау жазасы қолданылған кезде жазаға кесілген адамның бетіне
күйе жағылады да, оны сиырға немесе есекке теріс отырғызып, бүкіл ауылды
айналдырады. Оны бүкіл ел, бала-шаға мазақ етеді. Ұялған адам екінші рет
теріс қылық жасамайтынын айтып, уәде береді. Бұл жаза көбіне ата-анасына,
жасы үлкен қарияларға тіл тигізгені немесе қол жұмсағаны үшін қолданылған.
Жазалаудың ең ауыр түрі – ат құйрығына байлау. Кінәлі адамның мойнына
қыл арқан салып, аттың құйрығына байлап жіберу – өте ертеден келе жатқан
жазалаудың бір түрі болып есептелінген.
Ертеде сүйек қойылғаннан кейін “Тұлдау” салты жүргізіледі. Тұлдау
дегеніміз – қайтыс болған адамның сырт киімдерінің (ішік, тон, шапан)
бірнешесін бөліп, олардың астарын сыртына, сыртын ішіне қарай аударып,
адалбақанға іледі. Бас киімін тұлданған киімдер үстіне қояды. Ер-тоқымының
үзеңгісін, өмілдірігін, ішпегін үстіне салып, тебінгісін қайырып, қамшысын
ерге қыстырып, үй ішіндегі ұйғарған орынға қояды. Жылқы құйрығы мен жалынан
жасалған, сабы 2–3 құлаштай “қаралы ту” киіз үйдің оң жақ босаға сыртынан
белдеуге бекітіледі. Қайтыс болған азаматтың тақымына басып мінген атының
жалы күзеледі. Құйыршығының ұшына тақап қылқұйрықты шорт кеседі. Енді сол
ат “тұлданған ат” болып саналады. Тұлданған атты мінбейді. Жылқы ішіне бос
жіберіліп семіртіледі. Көші-қон кезінде сол атты бос жетектейді. Осы ат
азаматтың жылдық асына шалынады. Демек, тұлданған киімдер, қаралы ту,
тұлданған ат қазаның хабаршысы ретінде қызмет атқарған.
Бұл кинемалардан басқа қолданылу дәрежесі күңгірттеніп бара жатқан
бетін тырнау, шашын жұлу, шашын жаю сияқты амалдардың қатарын анықтасақ,
қолданыстан мүлдем шығып қалған біз шаншу, қамшы тастау, қол ұстатар, шаш
сипар, әйелдердің бұрымын кесу т.б. кинемаларын атауға болады.
Белгілі бір мамандық, кәсіп аумағында қолданылатын бейвербалды амалдар
да кездесіп отырады. Мысалы, әскери адамдардың алақанын қырынан қойып
шекесіне тигізіп сәлемдесуі, дирижер ишаралары, спорт ойындарының ишаралары
(күрестерде, бокста т.б. спорт ойындарында төреші жеңген адамның оң немесе
сол қолын көтереді. Сонымен қатар бокста төреші екі ойыншының арасынан оң
қолымен жоғарыдан төмен түсіріп, тігінен сызық сызған сияқты көрсетсе – ол
раундтың басталғанын білдіреді т.б.). Мұндай амалдар белгілі бір мамандық,
кәсіп аумағында қолданылатындықтан кәсіби-бейвербалды амалдар деп
аталынады.
Сол сияқты вариантты-бейвербалды амалдарды кездестіруге болады. Мысалы:
қол бұлғау, орамалмен бұлғау, бас киімін қолына алып бұлғау.
“Қамбар-ау, жаным, тез орал”, – деп жаулығын бұлғап дауыстап тұр екен
(“Өз отыңды өшірме”).
Сонымен қатар диалект-бейвербалды амалдарды да кездестіруге болады.
Мысалы, қазақ халқында шайға тойғандықты аңғартатын – кесені төңкеру,
кесенің үстіне қасықты төңкеріп қою, дастарханның шетін қайырып қою сияқты
кинемалар жергілікті ерекшеліктерге байланысты қолданылып отырады.
– Әй, кемпір! – деді кәрлен кесені төңкере беріп (“Ардақ”).
– Ол жағын өздері шешсін. Менің иманым – қысылғанда ақыл беру ғана,-
деп, Бархан кесесін төңкеріп, дастархан басынан кері ысырыла берді (“Құм
мінезі”).
О.Бөкеев шығармаларындағы бейвербалды амалдардың өзіндік ерекшелік-
теріне сәйкес, төмендегідей топтарға жіктеуге болады:
1. Кинесика
2. Просодика
3. Проксемика
Кинесикалық амалдар қарым-қатынас барысында қолданылатын мимика, ишара,
дене қалыбы, адамның аяқ алысы (жүріс) сияқты ұғымдардың жиынтығы ретінде
танылып тілдік қарым-қатынасқа көмекші құрал ретінде қызмет атқарады.
Просодика – тембр, интонация, дауыс қаттылығы, екпін, ырғақ т.б. баяншы
мен қабылдаушының көңіл-күйін, сезімін сипаттаушы амалдар болып табылады.
Дауыс ырғағы, интонация, дауыс қаттылығы арқылы комму-никанттардың ішкі
сезімдері, көңіл-күйі, психологиялық сипаты беріледі.
Проксемика – коммуникативтік актіде адамдардың кеңістікте орналасуы. Ол
коммуникативтік актіге қатысушы адамдардың арасындағы ара қашықтықты
көрсетеді. Проксемика (proximiti – жақындық) – бұл терминді американдық
антрополог Э.Холл енгізген.
Проксема – проксемиканың құрылымдық бірлігі болып саналады.

Бейвербалды амалдар

кинесика просодика проксемика

мимика, ишара, интонация, дауыс адамдардың
дене қалыбы. қаттылығы, тембр, кеңістікте
дем алу, орналасуы және
сыбырлау, күлу, олардың
жылау т.б. арасындағы ара
қашықтық.

Бейвербалды амалдардың түрлері

Бейвербалды амалдар тілдік амалдар сияқты халқымыздың тілінде қызмет
атқарады. Мысалы: мақұлдау, құптау шарасында – бас изеу кинемасы
қолданылса, қарсы болу, “жоқ” сөзінің орнына – бас шайқау кинемасын
пайдаланады. Ашу, ыза эмоциясы кезінде қолданылатын бейвербалды амалдар өте
көп. Мысалы: жұдырық түю, тісін қайрау, ернін жымқыра тістеу, жер сабау, өз
шашын өзі жұлу (әйелдерге ғана тән), көзін адырайту, өз маңдайын өзі ұру,
отының басын сабау, сияқты кинемаларды атауға болады. Қайғы кезінде әйелдер
– екі бүйірін таянып, шашын жұлып, бетін тырнауы сияқты бейвербалды
амалдарды қолданса; ер адамдар – жер тебу, өз басын өзі ұру сияқты
кинемаларды пайдаланады. Қуаныш сәтінде – қолын шапалақтау, санын
шапалақтау, бөркін аспанға ату сияқты кинемаларды қолданса; келемеж, мазақ
ететін болса – ернін шығару, бет шымшу, бет сызу, тілін шығару арқылы
ұғындырады. Алақанын жаю, иығын көтеру, басын қасу, желкесін қасу, бармағын
тістеу – амалсыздықтың, шарасыздықтың белгісі болып табылады. Санын соғу,
отыра қалу немесе тұрып кету, жерге түкіру, ернін тістеу – өкініштің
белгісі. Жеңілудің белгісін – бас ию, қол қусыру, аяғына жығылу, қос қолын
көтеру арқылы білдіреді. Қабылдаушының арқасынан қағу арқылы – құптаудың,
қолпаштаудың, қоштаудың, ризалықтың нышанын байқауға болады. Қарсылықтың
нышанын – орнынан үнсіз тұрып кету, бас шайқау, қол сермеу сияқты кинемалар
атқарады. Қорлау, масқаралау кинемалары да кездесіп отырады. Мұндай
жағдайды есекке, сиырға теріс мінгізу, бетке түкіру, бетке күйе жағу,
әйелдердің шашын кесу сияқты масқаралау жазаларын қолдану арқылы елге жария
еткен. Араздасу белгісі ретінде – ат құйрығын кесу, әбден көңілі қалған
адамға бір уыс топырақ шашу сияқты бейвербалды амалдар бар. Қазақ халқында
қолын теріс жайып бата беру, бетке түкіру, топырақ шашу, омырауын көкке
сауу сияқты кинемалар жазаның ауыр түрі болып саналады.
Айтып кетер бір жайт: топырақ шашу, ат құйрығын кесу, үйін, отының
басын сабалау, туырлығын тілу, есекке, сиырға теріс мінгізу, бетіне күйе
жағу, шашын жұлу, бетін тырнау сияқты бейвербалды амалдар қазіргі кезде
қолданыстан шығып қалған архаизм-бейвербалды амалдар болып есептеледі.
Мұндай амалдар қазақ халқына ғана тән ұлттық-мәдени негіздегі кинемалар. Әр
кинеманы өз ыңғайына қарай әр жағдайда қолдана білу – тапқырлықтың,
сезімталдықтың, ұғымдылықтың белгісі.

1.3. О.Бөкеев шығармаларындағы кинесикалық амалдардың классификациясы
Бейвербалды амалдардың ішінде ең көп тарағаны – кинесикалық
амалдар. Кинесика – kinesis – грек тілінен аударғанда “қозғалыс” деген
ұғымды білдіреді. Кинесикалық амалдарды қарым-қатынас барысында
қолданылатын мимика немесе беттің ымы, ишара (жест), дене қалыбы (поза)
сияқты ұғымдардың жиынтығы ретінде қарастыруға болады. Ж.Аймауытов алғаш
рет мимикаға “Психология” атты еңбегінде “келбет білімі”, “беттің ымы”
деген атау беріп, былай түсіндіреді: “Кісінің қылығын қимылына қарап
сынаймыз; көзге өте көп көрінетін қимыл беттікі...”. Ж.Аймауытов адамның
ішкі құпия-сырын абайсызда алдырып қоятын сыртқы іс-әрекет, дене мен
беттегі қимыл-қозғалыс екендігін және адамның ерекше бір тебіреніс, толқу,
қуану мен қорқу, ашу мен шаттану т.б. секілді толып жатқан психологиялық
сезімдік, эмоционалды құбылыстар барысында, не дауыс ырғағы, не бет пен
денедегі тілсіз қимылды сырттан қатаң бақылау арқылы танып, білуге
болатынын алғашқылардың бірі болып пікір білдірген. Ж.Аймауытов мимикаға
мына сияқты бет қимылдарын жатқызады: бет құбылысы, маңдайдың қатпары,
сызығы, қастың қимылы, көздің қарасы, танаудың желбіреуі, еріннің, төменгі
жақ сүйегінің қозғалыстары т.б. Ал ишараны “ымдасу” деп алып, оған мынандай
дене қозғалыстарын мысал ретінде алады: көкірегін керу, иығын төмен түсіру
т.б. М.Жұмабаев “Педагогика” атты зерттеу еңбегінің “Психология” тарауында:
“Адамның жан сыры дене арқылы, мимика арқылы сыртқа білінеді”, “... дене де
жанға байлаулы, жан көріністері денеге қатты әсер береді. Адамның
көзқарасы, дауысы, аяқ басуынан жанның қандай күйде екені көрініп-ақ
тұрады”, – деген ойы Ж.Аймауытов тұжырымымен ұштасып жатыр.
Мимикаға әдетте, адамның бет-әлпеті қатысады. “Бет-әлпет” ұғымының
ауқымына маңдай, көз, қас, қабақ, кірпік, мұрын, ауыз, ерін, құлақ, тіл,
тіс, таңдай тәрізді мүшелері енеді.
О.Бөкеев шығармаларында кездесетін мимика түрлері бірнеше топқа
бөлінеді.
1. Қабақ соматизміне байланысты кинемалар.
Жазушы шығармаларында қабақ соматизміне байланысты мынандай кинемаларды
кездестіруге болады: қабақ шыту, қабағын кіржиту, қабағын түю, ашулану,
ренжу, көңілі толмау.
Рахия қабағын ашпаған қалпы ертеңгі жол қамына дайындалғаны ма, теріс
қарап түйіншектерін түйе берген (“Өз отыңды өшірме”).
“Ауыл-аймақтан ұялмай дәті барып істеген ерліктері ғой”, – деп, қабақ
шытып, күйінген де, іштей тынған (“Жасын”).
Осы сендерге не жетпейді? – деді жылқышы қабағын түйе қыржиып,
–Алтайға сыймай жүрсіңдер ме? (“Атау-кере”).
Қабағы дірілдеу: а) өкпелеу, шошыну, қорқу.
Өзінің тілін алмағанына қабағы дірілдеп, бұрынғыдан әрі иіле түсті
(“Өз отыңды өшірме”).
ә) ашулану, ренжу.
– Сен мені білмейді екенсің, Көкен, – деді Нюра қабағы дірілдей ренжіп
(“Атау-кере”).
– Неменеге ара түсе қалдың, ойнасың ба еді, – деп тебітті. Бойжеткен
қызының да, әйелінің де қабағы дір ете қалды (“Өз отыңды өшірме”).
2. Қас соматизміне байланысты кинемалар.
Қасы дірілдеу: шошыну, қорқу.
Өзі-өзі болғалы Гүлияның күйеуінен естіген ауыр сөзі осы еді. Қасы
дірілдеп тіксініп қалды да жасын тия қойды (“Өз отыңды өшірме”).
– Ес білгеннен бері тірі жанға қарыз емес екенімді, бір адамнан бір
сом қарыз алмағанымды, өзімді өзім асырап жеткізгенімді ғана білемін. Ал
одан бұрынғысының өтеуін өзіңізге тапсырдым, – деген Еріктің тік сөзі
Айнаның қасын дір еткізді (“Атау-кере”).
Қасын көтеру (керу): менсінбеу, жақтырмау.
– Е...е, ақын жігіт, сен екенсің ғой. Төрлет шырақ. Атың Сұлтанмахмұт
па еді. Алтай Баянауыл емес, Махмұт болсаң да жарар, Сұлтан бола алмассың,
– деп, қақтаған күмістей аппақ маңдайына аса жарасымдылықпен қиыла
орналасқан қара қасын кере кеңк-кеңк күліп алған (“Сарыарқаның жаңбыры”).
3. Көз соматизміне байланысты кинемалар.
Адамдар әсіресе, бетпе-бет сөйлескенде, бір-бірінің көзіне қарайды.
Өйткені, “Көз – ішкі сезім айнасы” дегендей, бейвербалды амалдың ең жиі
қол-данылатыны көзбен байланысты. Адамның сезім мүшелерінің ішінде көздің
қызметі ерекше маңызды. Ғалымдардың зерттеуі бойынша, хабардың 87( миға
көру рецепторлары арқылы түссе, 9( есту және 4( басқа да сезім органдары
арқылы беріледі. Ж.Аймауытов өзінің “Психология” атты еңбегінде “...адам
қылығы мен қимылын анықтауда бет, көздің қызметі зор. Халықта: “Бет –
жанның айнасы”, “Келбет көрсең, ісін сұрама” деген мақалдар бар”, – дей
келе, адамның көзқарасын бірнеше түрге топтайды: көз де, бас та алдына
қарай төнсе – бірдемеге ынталану; көз ғана алдына қадалып, бас қимылдамаса
– ұстамдылық; көз де, бас та жанына бұрылса – қараған жақтан бірдеңені
күткендік; бас қозғалмай, көздің қиығымен қараса – бұл сұм кісінің қарасы
(өз ойын, мүддесін білдіргісі келмеген арам ойлы қарас); көзі де, басы да
жоғары болса – күш, тәкаппарлық; бас та, көз де төмен қараса – әлсіздіктің
белгісі; бас қимылсыз, көз төмен болса – төменшікке, кішкенеге қарас,
жеккөрудің ісі.
Көзі бақыраю: а) таңдану.
“Ай әлі бар екен-ау”. Он жылдан бері айдың жоғалып кетпей әлі күнге
аспанда жүзіп жүргеніне таңырқағандай бақырая қараған (“Атау-кере”).
ә) Қатты қорқу, шошыну, үрейі ұшу, зәресі кету.
Бала көзі бақырайып шешесіне жабыса түсті. Шалқасынан жатқан адам
әкесі емес, әлдебір құбыжық секілді болып елестесе керек, шошына шыңғырып,
бақырып қоя берді (“Сайтан көпір”).
Көзі алаю: ашулану, ызалану.
– Кет былай! – деді Қожақ көзі алайып (“Мынау аппақ дүние”).
Есіктен кірген ұлына алая қараған шешесі: – Айна неге мені шақырды,
қол жұмсағаннан саумысың? – деп, қадала сұрап еді... (“Атау-кере”).
Көзін төмен түсіру: ұялу.
Саусақтары жанаса бере, тітір жүгіріп, жасын ұрғандай екеуінің де өне
бойынан естанды күй кешті. Бірақ, қыз ұяла төмен қарағаны болмаса қарсылық
білдірген жоқ (“Өз отыңды өшірме”).
ә) қайғыру, қиналу.
Алты арыс дүйім ел “Сұлтанды жұтқан сұр жылан” деп, ауыздарына ақ ит
кіріп, көк ит шыға қарғап-сіледі емес пе. (Қарлығаш жер шұқығандай боп,
көзін кірпігімен қамастыра төмен қарады, күрсінді) (“Елең-алаң”).
Көзін қысу: а) алдау.
Ораш та Өскемен арқылы келген жоқ па. Кіргені осы.
– Басқа рейспен ұшқан шығар, – деген Биғаң маған қарап көзін қысты
(“Биғаң”).
б) көзімен ымдау.
Мен соншалықты бір мұңды да мүсәпір жанармен қауға сақал шалға қарадым.
Ол “саспа” дегендей көзін қысып, басын изегендей болды (“Бәрі де майдан”).
Көзінің астымен қарау: сенімсіздік таныту.
Көрден жаңа шыққандай, мыж-мыж боп тұрған бөтен жігітке көзінің астымен
қарап қояды (“Атау-кере”).
О.Бөкеев шығармаларындағы синонимдік қатар құрайтын адыраю, одыраю,
бажыраю, едірею, ажыраю сияқты сөздер де адамның әр түрлі эмоциясынан хабар
береді.
– Бұл қай қырың. Мойындағаның ба? – Дархан да ажырая бастаған соң екі
жігіт шекісіп қалар деген Гүлия әңгімеге араласты (“Өз отыңды өшірме”).
“Осы біз кержақ байдың ескі моншасын қарадық па?”– дегені көзі
ежірейіп (“Атау-кере”).
Сонымен қатар жазушы шығармаларында кездесетін “көзін аларта қарау”,
“көзі алаю”, “ала көзімен қарау”, “көзін алақ-жұлақ ету”, “ала көзімен ату”
сияқты сөз тіркестері де кейіпкердің ашу, ыза сияқты эмоциясын дәл
суреттеуде ұтымды пайдаланылған.
Әй, бөрінің бөлтірігі. Бері кел! – деді маған көзін ақшита қарап
(“Үркер”).
...Жүріс-тұрысы еркін, күйеуінен көп имене қоймайтын Рахия, ләм демей
бүк түсіп жатқан Омарды ала көзімен ата:
– Толғағың қысқандай неғып иленіп жатырсың, алыстан келгенде баламен
әңгімелесіп, қал-ақуалын сұрайды екен десе... бейшара (“Өз отыңды өшірме”).
4. Ерін немесе ауыз соматизміне байланысты кинемалар.
Ернін тістелеу: ашулану.
– Ой, бітім шайыңның ішін ұрайын, – деп, әкем ашуланғандағы әдеті
бойынша астыңғы ернін жымқыра тістеп сарт-сұрт шыға жөнелді (“Маңдайдан
бағың шайқалса”).
Жүрегім зу ете қалды. Ернімді тістеген бойы тұрып кеттім (“Жесірлер”).
Ернін шығару: а) жақтырмау.
Әсіресе күйеуінен қара қағаз алған қаралы әйелдердің бетіне қарай
алмаймыз, байларын біз өлтіргендей-ақ, амандасайын десең теріс айналып,
ернін шығарар еді (“Бәрі де майдан”).
ә) мазақтау, келемеждеп күлу.
Ей, ащы су, (араққа қарап ернін шығарды) сен итті мына Шөкең менсінбей
қойды, қылатыныңды қылып ал (“Биғаң”)!
Ернін тістеу: қиналу.
Көкем ауыл жаққа қинала қарайды. Терең күрсінеді. Қолы қалтырап,
кемсеңдеп ернін тістелеп тұр (“Үркер”).
Ернін бұртиту: өкпелеу.
“Келмесең ғой, – деді ернін қыз кезіндегідей бұртитып, – келмесең ғой”
(“Жесірлер”).
Ерні дірілдеу: көңілі босау.
Күн шалмай қағаздай ағарған, әбден әжім айғыздаған жүзі сазара қатып,
ерні дірілдеді (“Атау-кере”).
Аузын ашу: таңғалу.
Оның сүмбілдей сұңғақ денесі, тайқылау біткен ақ маңдай, аққудікіндей
ұзын мойын, жұмыр иегі – бар барлығы жарасымын тауып, тал бойына тарыдай
мін түсірмей тұр. Оны жаңа көргендей аузымды ашып, аңырайып қалыппын
(“Бәрі де майдан”).
5. Тіс соматизміне байланысты кинемалар.
Тісін шықырлату: ашулану, ызалану.
Аяқ жағын: “Ақшасы көп адамның маскүнем болғанын көргенім жоқ, әкең...”
– деп аяқтайтын да, өз шықшытын өзі балғадай жұдырығымен қойып қалып, тісін
шақұр-шұқыр қайрайтын (“Маңдайдан бағың шайқалса”).
– Өй, өңшең ғана қоян жүрек қорқақтар! – деп, тісін шақұр-шұқыр от
шығара қайрады да, білегіндегі сағатын шалға шырқатты (“Қар қызы”).
6. Тіл соматизміне байланысты кинемалар.
Тілін шығару: мазақтау, келемеж қылу.
Қарашы, мұны мазақтап тілін шығарып ыржақтауын, ырғала сыңсып ән
салуын, қарашы... (“Сайтан көпір”).
7. Таңдай соматизміне байланысты кинемалар.
Таңдай қағу: таңғалу, тамсану, қайран қалу.
– Апыр-ай, мұндай мықты денсаулықты мен бұрын-соңды көргем жоқ, – деп
Андрей таңдайын қағып, басын шайқады (“Сайтан көпір”).
– Апыр-ай, ә, – деп тамсана таңдайын қақты Оспан (“Өз отыңды
өшірме”).
8. Бет (иек) соматизміне байланысты кинемалар.
Бетін тыржиту: жақтырмау.
Мұхтар аға жақтырмай бетін тыржита қарады да, оң қолын көтеріп: “Хала-
лау”! – деп ақырды (“Іздегенін тапты ма?”).
Адам жүзінде байқалатын психосоматикалық процестер де мимикаға жатады.
Өйткені, беттің қызаруы арқылы адамның ұялғанын, өңінің бозарып
кеткендігінен қорыққанын байқауға болады.
Бір күні жұмыстан әдеттегіден тым ерте оралған ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
О.Бөкеев шығармаларындағы бейварбалды амалдар
Көркем шығармадағы бейвербалды амалдар
М.Мағауиннің «Аласапыран» тарихи романындағы ұлттық мәдениеттің тілдік көрініс
Лингвомәдениеттану ғылымының зерттелу жайы
Қарым-қатынас үдерісіндегі кинесикалық амалдар
Студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстары бойынша конкурсқа баяндамалар
ПСИХИКАЛЫҚ ЖАЙ-КҮЙЛЕР АТАУЛАРЫНЫҢ ЛИНГВОСТИЛИСТИКАЛЫҚ СИПАТЫ
М. Мaғaуин шығaрмaлaрындaғы гeндeрлiк cипaттың көрiнici
Тілдегі гендерлік ерекшеліктер мәселесі соңғы жылдары ғана
Ым-ишараттардың мағыналық топтары
Пәндер