Бөкей ордасының қазақтары


Пән: Жалпы тарих
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 70 бет
Таңдаулыға:   

ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ

Тарих факультеті

Археология және этнология кафедрасы

ДИПЛОМ ЖҰМЫСЫ

БӨКЕЙ ОРДАСЫНЫҢ ҚАЗАҚТАРЫ

Орындаған:

5 курс студенті Ж. Абдрашева

Ғылыми жетекшісі

тғк., доцент А. Б. Қалыш

(қолы, датасы)

Каф. меңгерушісімен

қорғауға жіберілді Т. Ә. Төлебеав

(қолы, датасы)

Алматы 2006

Мазмұны

Кіріспе3

  1. Бөкей ордасының құрылу тарихыБөкей ордасының құрылуының алғышарттары мен

негізгі себептері . . . 9

  1. Бөкей ордасының құрылуы . . . 14
  2. Орданың дамуындағы Жәңгір ханның рөлі . . . 21
  1. Бөкей ордасы қазақтарының ру-тайпалық құрамыБайұлы ру-тайпалық бірлестігі . . . 27Жетіру тайпалық бiрлестiгi . . . 41Әлімұлының кете руы . . . 46
  2. Бөкей ордасы қазақтарының арасындағы этномәдени үрдістерНегізгі және қосалқы шаруашылықтары . . . 48Материалдық мәдениеті . . . 57Дәстүрлі рухани өмірі . . . 62

Қорытынды . . . 66

Пайдаланған әдебиеттер тізімі . . . 69

Кіріспе

Тақырыптың өзектілігі . Әлемдегі халықтардың белгілі бір себептерге (тарихи, әлеуметтік-экономикалық, физико-географиялық және т. б. ) байланысты қалыптасқан, өзіндік қасиеттерімен ерекшеленетін жекелеген топтары көптеп кездеседі. Соған байланысты аумақтық зерттеулер бүгінгі таңда маңызды рөлге ие болып отыр. Жеке алынған тарихи-географиялық облысты халқымен бірге қарастыру арқылы қазақ халқының табиғатын түсінуге көмектесетін қосымша аргументтер алуға болады.

Осы жағдайды ескере отырып, қарастырылып отырған тақырып негізделген деп санаймыз, себебі, отырықшылық пен көшпенділік ұштасқан Еділ-Жайық аумағындағы қазақтардың өзіндік сипаттары тән тарихи-этномәдени дамуы жан-жақты зерттеуді қажет етеді. Бөкей ордасы қазақтары мәселесінің тарихи-этнографиялық аспектілерін зерттеп-зерделеу олардың этносаяси бірлестікке айналуының, рулық-тайпалық құрамы мен этномәдени дамуының реконструкциясын жасауға мүмкіндік береді.

Бөкей хандығы қазақтары бірлестігі, білетініміздей, Кіші жүздің құрамындағы негізгі рулардан құралған. Ал жүздер, біріншіден, рулардың этнотерриториялық бірлестігі болғандықтан, олардың шығу тегімен қалыптасуының негізінде шаруашылық циклдің және табиғи-климаттық жағдайлардың ерекшеліктеріне қатысты туындаған этномәдени ареалдардағы тарихи үрдістер спецификасы жатады.

Бұл өз кезегінде Бөкей ордасы қазақтарының этникалық тарихи мен өзіндік мәдениетін бүкіл қазақ халқының тарихи және этнографиясымен байланысты қарауды талап етеді.

Тақырыптың өзектілігі сонымен қатар, осы уақытқа дейін мәселенің зерттелуінде негізінен, саяси, әлеуметтік-экономикалық аспектілер қамтылып, XIX ғасырдың 30-шы жылдарындағы шаруалар көтерілісінің басты зерттеу объектісі болып, ал Орданың этномәдени даму деңгейінің, рулық-тайпалық құрамының ғалымдар назарынан тыс қалып келгендігімен де түсіндіріледі. Осылайша, бүгінгі тарих ғылымының зерттелмеген, «тың» мәселелерінің бірі ретіндегі маңыздылығы арта түседі.

Бөкей ордасы қазақтарын этнотерриториялық топ ретінде зерттеу, олардың ру-тайпалық ұйымының, қоршаған ортаға бейімделуінің жарқын көрінісі бола отырып, дәстүрлі шаруашылық түрлерінің, тіршілікқамының, тұрмыстық-отбасылық әдет-ғұрыптар кешенінің ерекшеліктерін мәлімдейді.

Зерттеу жұмысының мақсаттары мен міндеттері. Диплом жұмысының негізгі мақсаты болып XIX ғасырдағы Еділ-Жайық қосөзені аралығын қамтыған қазақтардың кешенді түрде тарихи-этнографиялық зерттелуі болып табылады. Көрсетілген мақсатқа жету үшін төмендегідей міндеттер белгіленген: Еділ-Жайық аралығына Кіші жүз қазақтарының XIX ғасыр басында көшіп барып қоныстануын баяндай отырып, хандықтың құрылу тарихын реконструкциялау;

-аталған этнотерриториялық топ қазақтарының ру-тайпалық құрамын, сандық көрсеткіштерін, орналасу географиясын және оған әсер етуші факторларды айқындау;

-дәстүрлі шаруашылық түрлері мен оның ерекшеліктерін қарастыру;

-дәстүрлі материалдық мәдениеттің (тұрғын үй типтері, киім-кешек кешені мен тағам жүйесі) аймақтық ерекшеліктерін анықтау;

-көнеден сақталған әдет-ғұрыптардың рухани өмірдегі мәнін деректер негізінде суреттеу және анализдеу;

-Бөкей ордасы қазақтарының дәстүрлі-тұрмыстық мәдениетінің өзіндік типінің қалыптасу жағдайларын көрсету.

Хронологиялық шеңбері. Зерттеу XIX ғасырдың 1801-1897 жылдарын қамтиды. Бөкей ордасы үшін бұл кезең саяси оқиғалармен ғана емес, қазақ этносының шаруашылығындағы, әлеуметтік-мәдени дамуындағы ірі өзгерістермен де ерекше аталады. Ресей империясының отаршылдық мүддесіне сай Ішкі орданы құрып, өз саясатын жүргізуінің дәстүрлі шаруашылық құрылымына соққы әкелгені, қазақтардың тұрмыс-тіршілігінің өзгеріске ұшырап, өзіндік қасиеттерінен айырыла бастағаны белгілі. Зерттеу объектісі ретінде алынған бұл этноаймақтық топтың даму заңдылықтарын қарастырып отырған кезеңнің өзіндік ерекшеліктері анықтай алады.

Тақырыптың зерттелу деңгейі. Тарихи-этнографиялық әдебиеттерде Бөкей ордасының тарихына қатысты мәліметтер кеңінен жарияланған. Ресейлік XIX ғасырдың аяғындағы зерттеулерге негізінен суреттемелік сипат тән. Орданы тарихи-этнографиялық тұрғыдан зерттеуге негізінен патша әкімшілігінің шенеуніктері, саяхатшылар, зерттеуші-ғалымдары ұмтылыс жасады.

Бөкей ордасы тарихының зерттеуінің нәтижелі кезеңі деп Ресейде бірқатар ғылыми және публицистикалық еңбектер жарық көрген XIX ғасырдың 80-90 жылдарын айтамыз. Мұрағат құжаттарына негізделген бірқактар ірі ғылыми зерттеулер: А. Н. Харузиннің екі томдық «Бөкей Ордасының қырғыздары» атты антропологиялық-этнографиялық очеркі, А. Е. Алекторовтың мақалалары мен ғылыми-зерттеу очерктер сериясы, И. С. Ивановтың Бөкей Ордасының 100-жылдық мерейтойына арналған көлемді еңбегі, И. А. Бирюковтың тарихи очеркі және т. б. жазылды. Бұл тарихи еңбектердің маңыздылығы Орда туралы мәліметтердің (мақалалар, Астрахан, Орынбор губерниялық кеңселерінің мұрағат қорлары т. б. ) кеңінен қамтылып, компаративті әдісті қолдану арқылы мәтіндердің мағынасын сыннан өткізілуімен, тарихи фактілердің жаңадан ғылыми айналымға енгізілуімен анықталады.

Жоғарыда аталған зерттеушілер өздерінің ғылыми көзқарастарына жалпы ұлы державалық шовинисттік ұстанымға сүйенгендіктен Жәңгір ханның тұлғасы мен патша саясатын идеалдандырудан сырт қала алмады.

Бөкей ордасы тарихын зерттеу келесі кеңестік дәуірде де жалғасты. Тарих ғылымында маркстік-лениндік ілімінің таптар арасындағы қайшылыққа баса назар аударып зерттеу ұстанымының бекінгендігіне байланысты, Бөкей ордасындағы «антифеодалдық, отаршылдыққа қарсы » көтерілістерге қатысты, Орда қазақтарының саяси, әлеуметтік-экономикалық өмірі аспектілерін қамтыған зерттеулер жарық көрді. А. Ф. Рязановтың, В. Ф. Шахматовтың, Б. Аспандияровтың монографиялары негізгі зерттеу объектісі етіп 1836-1838 жж. Исатай Таймановтың көтерілісін алып, Орда қазақтарының этномәдени даму салаларына тек қысқаша шолу жүргізіп қана өтеді.

Бөкей хандығының тұрғындарының тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүріне XX ғасырдың алғашқы ширегінде ұлттық зиялыларымыз назар аудара бастаған. Осыған орай, Ә. Н. Бөкейхановтың адай руының дәстүрлі мал шаруашылығы жөнінде жазылған мақаласын құнды деп табамыз. Көрнекті қазақ құқықтанушы ғалымы С. З. Зимановтың нарративті және құжаттық материалдар негізінде жүйеленіп жазылған «Ресей және Бөкей хандығы» (1982) атты монографиясы аталған кезеңдегі Бөкей хандығының тарихына тікелей қатысты күрделі зерттеу болып табылады.

Ол өзінен бұрынғы зерттеушілерге қарағанда Бөкей ордасының құрылуы тарихын және оның Қазақстандағы Ресей патшалық самодержавиесінің саясатындағы орнын кеңірек, кешенді түрде зерттеп-зерделеп шықты. Жайықтың оң жағындағы қазақтардың шаруашылық, әлеуметтік-экономикалық қатынастарының эволюциясына байланысты тарих ғылымында тұрақтап қалған көзқарастарға сыни талдау жүргізді, сонымен қатар, заңгер ретінде хандықтың саяси-құқықтық жүйесі жөнінде өте маңызды тұжырымдар мен ой-пікірлерін білдірді.

Оның монографиясында кеңестік зерттеушілер айналып өткен Бөкей хандығының XIX ғасырдың екінші ширегінде рухани мәдениеті мен ағарту ісінің тарихына зор көңіл бөлінген. Еділ мен Жайықтың төменгі ағысында қазақтардың интеллектуалды - рухани өмірінің қалыптасу үрдісіне қойылған мұндай басты акцент осы аймақтағы қазақтардың әлеуметтік-мәдени дамуның зерттелмеген мәселелеріне танымдық қызығушылық тудырды.

1980-жылдары жарық көрген Н. Е. Бекмахановтың XVIII ғасырдың аяғынан 1917 жылға дейінгі бір жарым ғасыр аралығын қамтыған екі монографиясы: «Формирование многонационального населения Казахстана и Северной Кигизии. Последняя четверь XVII-60-е года XIX века» және «Многонациональное население Казахстана и Северной Киргизии: 60 года XIX века -1917г. ». Қазақстан тарихына қосылған елеулі үлес болды. Ол көптеген дереккөздеріне, атап айтсақ, 1897 жылғы халық санағының, патшалық Ресейдің шенеуніктерінің мәліметтеріне тағы басқа статистикалық материалдарға сүйене отырып, аталған кезеңдегі Қазақстандағы көпұлттылықтың қалыптасуының негізгі факторларын, кезеңдерін, сипаттарын жан-жақты зерттейді. Соның ішінде, оның Ішкі Бөкей ордасының халқының әр жылдардағы сандық көрсеткішін, ұлттық құрамын, өзіндік ерекшеліктерін және демографиялық даму құбылысын реконструкциялауы қазіргі тарихшы ғалымдарымызбен жоғары бағаланады.

Батыс Қазақстанның қазақтарын жергілікті этнотерриториялық топ ретінде қарастырудың алғашқы тәжіриебесін М. Н. Сдыков іс жүзінде асырды. Батыс Қазақстандағы Кіші жүздің XVIII ғасырдан бері қарайғы тарихы оның алғашындағы «XVIII-XIX ғасырлардағы Батыс Қазақстан халқының қалыптасуы» (1996) монографиясында, кейіннен осы материалдар негізінде толықтырылып шығарылған «Батыс Қазақстан халқының тарихы (XVIII-XXI ғғ. басы) » (2004) зерттеуінде жүйеленіп келтірген. Бұның ішінде қызығушылық тудыратын Бөкей ордасы халқының Еділ-Жайық аралығында этносаяси бірлестікке айналуы, Кіші жүздің Бөкей ордсының құрамына енген ру-тайпаларының құрамы мен орналасуы, XIX ғасырдың 20-60 жылдарындағы әкімшілік-территориялық реформаларына сәйкес дәстүрлі қоныстарының, мал шаруашылығы жүйесінің өзгеруі мәселелері жұмысты жазу барысында қолданылды.

Ресейдің XVIII ғасырдан басталған отаршылдық саясатының барысын сипаттауға арналған С. М. Мәшімбаевтың «Патшалық Ресейдің отарлық саясаты», «Патшалық Ресейдің Қазақстандағы мемлекеттік басқару мекемелерінің тарихы» негізінен Бөкей хандығының саяси тарихын қамтып, мәдени-рухани аспектілерге тек шолу жүргізіп өтеді. Дегенмен оның еңбектері Бөкей ордасының өзіндік мәдени ерекшеліктерінің қалыптасуына алғышарт болған жағдайларды түсіндірумен құнды.

Бөкей хандығына қатысты мәліметтер жинауда, оларды сараптап зерттеуде қазіргі күнгі беделді тарихшыларымыздың бірі И. В. Ерофееваның еңбегін атап өтуді қажет деп санаймыз. Ол Қазақстан Республикасының Орталық Мемлекеттік мұрағаты қорындағы Бөкей ордасының 1801-1852 жылдардағы тарихын қамтитын мыңдаған құжаттарын жүйелеп «Бөкей хандығының тарихы. 1801-1852 гг. » атты құжаттар мен материалдар жинаған жариялауда ғылыми кеңесшілік жасап, зор еңбек атқарды.

Сонымен, қарастырылып отырған мәселеге тікелей және жанама қатысы бар маңызды зерттеулердің қоры осындай.

Тақырыптың әдістемелік негізі мен әдістері. Мәселені зерттеуде тарихилық, ғылыми танымдық, объективтілік принциптері негіз етіп алынған. Әдістемелік негізі тарихи-этнографиялық аймақтардың, шаруашылық-мәдени типтердің, этнотерриториялық топтардың типологиясының концепциясына көп үлес қосқан ресейлік және қазақстандық этнологтардың теориялық және концептуалдық еңбектеріне сүйенеді.

Қойылған міндеттерді орындау барысында жалпы ғылыми әдістер де, арнаулы тарихи: тарихи-генетикалық, тарихи-салыстыру, тарихи-типологиялық әдістер де қолданылды.

Ғылыми әдістердің жалпыдан жалқыға көшу және жалқыдан жалпыға көшу әдістерін пайдалана отырып, Ресейдің Қазақстанға, оның ішінде Бөкей хандығына қатысты ұстанған саясатын, Бөкей халқының, оның ішінде қазақ руларының құрамын, оның ішінде ру бөлімдері жөніндегі фактілерді ретімен баяндауға ұмтылыс жасалды.

Статистикалық мәліметтерді реттестіріп, салыстыруға кестелер құру үшін математикалық әдіс орынды болып есептелді.

Тарихи-этнографиялық кешенді зерттеу мақсатына сәйкес, пәнаралық байланыс әдісі көмегімен Бөкей хандығы қазақтары мәселесіне қатысты тарихи-демография, тарихи-география, дипломатия, статистика, этнография ғылыми дисциплиналарының мәліметтері қамтылды. Сонымен қатар, бұл мәліметтерден ортақ қорытынды шығару үшін қолданылған тарихи-салыстыру, тарихи-генетикалық әдістер патшалық шенеуніктер мен Орда хандарының мәліметтерін кесте түрінде салыстырып, айырмашылықтарын ажыратуға, дәстүрлі мал шарушылығындағы, материалдық және рухани мәдениетіндегі өзгерістерді бақылауға мүмкіндік берді.

Зерттеудің деректік базасы. Қарастырып отырған мәселені кешенді түрде анализдеу мақсатында үлкен көлемді деректер қолданылды. XIX ғасырдағы Ордадағы тарихи-этникалық үрдістердің жазба тарихи-этникалық үрдістердің жазба деректерінде кеңінен суреттелгендігі басты дерек көзі ретінде жазбаша деректерді қамтуға негіз болды.

Деректанулық мәселеде ерекше орынды мұрағат құжаттары мен материалдарының жинақтары, статистикалық мәліметтер алады. Сонымен бірге, Бөкей хандығы қазақтарының мәдениетіндегі өзіндік ерекшеліктеріне сипаттама беретін патшалық Ресейдің зерттеушілерінің этнографиялық мәліметтері құнды болып саналады.

Зерттеу жұмысында 1964 жылы Алматыда жарық көрген «XVIII-XIX ғасырлардағы қазақ-орыс қатынастары» құжаттар мен материалдар жинағы және тікелей Ордаға қатысты «Бөкей хандығының тарихы. 1801-1852 жж. » (2002) атты жинақ мәліметтері қолданылды. Бөкей ордасына қатысты 33 құжат шоғырланған алғашқы жинақта негізінен таптар арасындағы қайшылықтарды суреттейтін мәліметтерді көп кездестіреміз. Орталық Мемлекеттік мұражай басшысы Б. Т. Жанаевтың, мұражай қызметкерлері В. А. Иночкин, С. Х. Сағнаеваның, ғылыми кеңесші И. В. Ерофееваның бастамасымен 2002 жылы құрастырылған екінші жинақ 1801-ші Бөкей ордасының құрылуынан 1852 жылдар аралығындғы патша нұсқауларын, Орда хандарының есептерін, хаттарын, патша шенеуніктерінің мақалаларын, мұрағатта сақталған фото, суреттерін топтастырады. Ондағы көптеген бұрын белгісіз күйінде сақталған мәліметтерді сараптау хандықтың және Ресейдің ара-қатынасынан бастап көшпенді қазақтардың өмір сүру салтына дейінгі өзіндік ерекшеліктерді айғақтап отыр.

Маңызды статистикалық мәліметтер болып 1897 жылғы алғашқы бүкілресейлік халық санағының қорытындылары есептеледі. Онда хандық статусынан айырылған Орда қазақтарының сандық көрсеткіштері ғана емес, шаруашылық түрлері мен дамуы негізгі шаруашылық түрімен айналысушылар көлемінің пайыздық есебі орын алған.

Ішкі Орданың этномәдени даму ерекшеліктері көбінесе патшалық Ресейдің шенеуніктерінің, зерттеуші-ғаламдарының, саяхатшыларының мақалаларында, баяндамаларында ауқымды түрде көрініс тапқан. Жеке бағалаулары негізінде суреттемелік сипатта жазылған бұл еңбектер арасынан Я. В. және Н. В. Ханыновтардың А. Евреинов, А. Терещенко, П. И. Небольсин, П. И. Медведский, М. И. Иванин, М. С. Бабажановтың және т. б. баяндамаларын ерекше атау орынды болар.

Енді осы аталған авторлардың еңбектерінің құндылығына тоқталсақ, оның ғылыми-танымдық құндылығы Ішкі Орданың құрылуының тарихына, халқының өсу динамикасына, ру-тайпалық құрамына, көшпенді мал шаруашылығының ұйымдастырылуына, сауда-саттықтың дамуы мен қазақ қоғамының ішкі саяси құрылысына, тұрғындардың мәдени өміріне қатысты бай фактілік материалдардың жинақталуымен анықталады. Бұл ғалымдар Жәңгір ханның тұлғасына және Ордада жүргізген жаңартушылық реформаларына да көп көңіл бөлген. Мәселен Ордада 1846-1847 жылдары іс-сапармен болған А. Евреинов қазақ руларының Кіші жүзден қоныс аударғанынан өзінің Ордаға көшіп барған уақытына дейінгі тарихын баяндай келе, көші-қон маршруттарын, материалдық - рухани мәдениетінің ерекшеліктерін, ру атауларын тізімдейді. Сондай-ақ хан ордасында 1841 жылы болған Я. В. Ханыков, 1862 жылдың маусым-қыркүйек айларында зерттеу жүргізген П. Медведский, Уақытша Кеңестің төрағасы болған М. Иванин (1864), 1862 жылы Орыс географиялық қоғамының күміс моделімен марапатталған тұңғыш қазақ зерттеушісі М. -С. Бабажанов, 1852 жылы Ішкі істер министірлігінің журналында очерктерін жариялаған П. Небольсин бұрын соңғы қамтылған фактілерді анализден өткізеді.

Бұл авторлардың еңбектері нақтылы-тарихи фактілерді ғылыми айналымға енгізіп қана қоймай жиналған мәліметтерді белгілі дәрежеде жүйелеуге үлес қосып, XIX ғасырдың алғашқы жартысындағы Ішкі орданың тарихи-мәдени даму ерекшеліктері жөнінде бағалы ой-тұжырымдарын, ескертулерін білдірулері бүгінгі таңда да өз құндылығын жойған жоқ.

Тақырыптың ғылыми жаңашылдығы. Зерттеу жұмысы XIX ғасырдағы Бөкей ордасындағы Кіші жүз қазақтарының этнографиясын жүйелі кешенді зерттеу тәжіриебесі болып табылады. Этноаумақтық қоғамдардың типологиясын келтіру принципін және ареалды әдісті қолдану жаңа көзқарастар мен зерттеу нәтижелерінің алғышарты болды. Жаңашылдығы, біздің ойымызша, біріншіден белгілі бір аумақты мекендеген жеке топтың әлеуметтік ерекшеліктерін ескере отырып кешенді түрде алғаш зерттелуінде

Жұмыстың құрылымы кіріспе, 3 тараудан, қорытынды, пайдаланған әдебиеттер тізімі мен қосымшалардан тұрады.

Бөкей ордасының құрылу тарихы

1. 1 Бөкей ордасының құрылуының алғышарттары мен негізгі себептері

Еділ-Жайық қосөзені аралығында Ішкі орданың (географиялық орналасуына орай) немесе Бөкей ордасының (алғашқы ханның есімімен) құрылуы ішкі және сыртқы саяси, экономикалық және әлеуметтік факторларға негізделеді:

-Ішкі экономикалық алғышарт: XVIII ғасырдың аяғынан етек алған Кіші жүз территориясында жайылымдық жерлердің жетіспеушілігі;

-Ішкі саяси фактор-жердің жетіспеушілігіне байланысты сұлтандар жетегіндегі әр түрлі топтар арасындағы қақтығыстардың шиеленісуі;

-Әлеуметтік фактор-Сырым Датұлының жетекшілігімен өткен халық қозғалысынан (1783-1797) кейінгі қазақ даласындағы күрт төмендеген әлеуметтік жағдайды қалпына келтіру қажеттілігі;

-Сыртқы экономикалық алғышарт-1771 жылы қалмақтар көшіп кеткеннен бері игерілмей бос жатқан, “тыныққан” Нарын құмы жерлерінің экстенсивті мал шаруашылығына кеңінен пайдалануға қолайлылығы;

-Хиуалықтардың оңтүстік сауда орталықтарын толығымен қадағалауы;

-Сыртқы саяси фактор-Ресейдің отарлау саясатын тереңдете түсуде қазақ шонжарларының ықпалды бөлігінің қызметіне құлшыныс;

-Қазақ далаларын тезірек Ресей империясының әкімшілік-территориялық, экономикалық жүйесіне енгізуге және шикізат көзіне айналдыруға ұмтылысы.

Алғышарт болып отырған бұл оқиғаларға кеңінен тоқталсақ, 1761 жылы Еділ бойындағы Қалмақ хандығына мың шаңырағымен торғауыттардың басшысы Церен келіп, тарихи отаны-Жоңғарияға қайтып оралуға үгіт жүргізе бастаған-ды [1, 157] . Церен бұрынғы Жоңғар хандығының орнында ойраттардың тәуелсіз мемлекетін қалпына келтіруді мақсат етті. Үміт қызықтырарлықтай еді, бірақ бастапқыда қолдау таппады.

Патша үкіметі қалмақ ханының билік құқығын ашықтан-ашық елемей, Убаши ханнан Түркиямен соғысқа қатысу үшін саны айтарлықтай әскер бөлуді талап етті. Ресей қысымының ықпалымен және діни факторға байланысты Убаши хан мен оның төңірегіндегілер қоныс аударуға біртіндеп ойыса берді. Жоспар мейілінше құпия ұсталды, оның үстіне бұл кезде қалмақтардың башқұрттармен, қазақтармен және Солтүстік Кавказ халықтарымен қатынасы өте шиеленіскен жағдайда еді. 1771 жылдың қаңтарында Убаши хан Іле өлкесін иелену мақсатымен Жоңғарияға көшу туралы бұйрық берді. Әр түрлі авторлардың мәліметтері бойынша, Еділдің оң жағасында қалған 11 мыңнан астам шаңырақты есептемегенде, қазақ даласы арқылы кеткен қалмақтар саны 30-33 мың шаңырақ болған [2, 249] .

Қалмақтар Жайықтан өтіп, Жемді бойлай жүре Жаманқара бастаған қазақтарға тап болды, шайқасуға мәжбүрленді. Патша үкіметі қалмақтарды қайтару үшін асығыс әскер отрядын жіберді. Алайда генерал Траубенбергтің отряды қалмақтардың қазақ даласына тереңдеп еніп кеткенін сылтау етіп, оларды қууға онша күш салмады. Сол арқылы да патша үкіметінің арандатушылық рөлі айқын көрінеді.

Солтүстік Балқаш өңірінде, Мойынты өзенінің бойында қалмақтарды Абылай бастаған жасақ, Нұралы ханның, Орыс, Әділ сұлтандардың жасақтары қоршап алып, зор шығынға ұшыратты. Соның салдарынан Қытай шекарасына Еділдің төменгі ағысынан шыққандардың оннан бір бөлігі ғана кірді. Сонда 170-180 мың қалмақтардың 17-18 мыңы ғана отанына оралды, бірақ, онда олар әр түрлі қауымдарға бытыратылып жіберілді[3, 100] .

Кіші жүз даласындағы өз дамуында дағдарысқа аяқ басқан көшпелі мал шаруашылығы үшін қатаң сын саналатын қысқы маусымнан өту жайылымдардың жетіспеушілігі әсерінен халыққа әбден күрделі мәселеге айналды. Сондықтан, 1771-1801 жылдар аралығында “тыныққан” қалмақтар территориясының табиғи жағдайы, жайылыстың молдығы, оны шаруашылықты экстенсивті дамытуда кеңінен пайдалануға қолайлылығы Нарын құмдарының қажеттілігін арттырды.

Көшпелі мал шаруашылығы үшін өте қажетті саналған ықтасыны мол Нарынқұмның мұндай артықшылығын “ата қонысқа” қайтадан тұрақтану арқылы қажетке жарату күн тәртібінде тұрды.

1797 жылы Сырым Датұлының көтерілісі басылып тасталды. Халық көтерілісінің найзасы қарсы бағытталған хан мен сұлтандар және олардың төңірегіндегілер есін жиып, кек алу актілерін жүргізе бастады. Көтеріліске қатысушыларды және оған тілеулес болған рулық қауымдарды қудалау кең ауқым алды. Қашандағысы сияқты, мұндай жағдайларда рулардың үстем тобы мен Ресей әкімшілігі қазақ руларын өзара соқтығыстыруға, олардың арасындағы алауыздықтарды тартыстар мен қақтығыстар ошағына айналдыруға тырысты. Көшпелі халықтың біршама тыныштығы мен дағдылы шаруашылық ырғағы бұзылды. Осылайша, халықтың әлеуметтік жағдайы да нашарлап кетті.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Жәңгір ханның саясатын ашып көрсету
Бақтыкерей Ахметұлы Құлманов
Бөкей ордасы және Жәңгір хан
Патша өкіметінің Қазақстандағы 1822-1824 жылдардағы териториялық әкімшілік реформа
Жәңгірханның ішкі және сыртқы саясаты
Бөкей ордасы тарихы
Бөкей ордасының тарихи сипаттамалары
Бабажанов еңбектеріндегі Бөкей Ордасы қазақтарының жәйі
Мұхамбет Салықтың Қазақтың көне мақалы
Қазақ халқының Ұлт-азаттық көтерілістері туралы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz